UF

ТАРИХЫ

Палеолит және неолит дәуірі. Адамның ежелгі іздері. Қазақстан жерінен ежелгі адамның қазынды қалдығы әзірше табылған жоқ. Алайда кең-байтақ регионның оңтүстік аудандарында палеогеографиялық жағдайы ежелгі адамның тіршілігіне қолайлы болған. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африкадағы шелль-ашель заманындағы қарапайым құралдарға ұқсас ОңтүстікҚазақстаннан табылған ежелгі тас құралдар, Чжоукоудянь үңгірінен синантроппен бірге табылған ертедегі жануарлардың түр-түрінің құрамы осыны аңғартады. Қазақстан жерінде ежелгі адамның мекендеуіне қолайлы аудандардың бірі Оңтүстік өлке болды (неғұрлым назар аударарлық заттар Ақкол, Бөріқазған, Сусіңген, Қазаңқап, Тәңірқазған, Шабақты және Қызылкіндік алқаптарынан табылды). Осы жерлерден табылған тас құралдардың түрлері мен жасалу тәсілдері жағынан Африкадан, Үндістаннан, Пакистаннан, Қытайдан табылған ежелгі заманға жататын сондай құралдармен ұқсастығы - ОңтүстікҚазақстанның жерінде адам шелль-ашель дәуірінің өзінде-ақ мекендегенін дәлелдейді. Қазақстанның палеолит дәуіріндегі тұрғындары от тұтата білген және оны сөндірмей сақтаған, аң аулап, азықтық өсімдік терумен айналысқан. Ашель-мустьер заманында тастан құрал жасаудың тәсілінде және ежелгі адамның өмір салтында елеулі өзгерістер болды. Бұл өзгерістер палеоантроп деп аталатын адам эволюциясының жаңа, анағұрлым жоғары сатысының нәтижесі еді. Қазақстан жерінде төменгі палеолиттің 2-жартысына жататын көптеген ескерткіштердің сақталғандығы анықталды. Ашель-мустьер ескерткіштерінің тарағандығы сол кездегі алғашқы қауым адамы көптеген аудандарды игергендігін көрсетеді, атап айтқанда, ол аудандар мыналар: ОңтүстікҚазақстанда -Қызылрысбек, Ащысай, Алғабас, Бүркітті-ІІІ, Бестөбе, Бурылтай, Майбұлақ - Қаратас, Тоқалы-І, II, III, Ұзынбұлақ-ІІ, Үшбұлақ-VІ, Дегерес, Дәуренбек, Дарбаза, Шөлтоғай. Шабақты-ІІ, Шақпақ, Шалсай және Ш. Уәлиханов атындағы көп қабатты мустьер тұрағы; ОрталықҚазақстанда - Обалысай, Жаманайбат-І, IV, Мұзбел, Қызылжар, Қосмола және Солтүстік Балқаш маңындағы жер; ШығысҚазақстанда -Қайыңды, Байқала, Көкала, Қарашат, Қанай аулы. Алғашқы қауымдық бірлестіктің даму дәрежесін білдіретін аңшылық кәсібі - шаруашылықтың негізгі саласы болды. Олар жылқы, бұғы, арқар, шошқа, зубр, аю, жолбарыс, арыстан, тауешкі сияқты әр түрлі аңдарды аулаған.

Палеолиттің кейінгі кезеңіндегі заманда осы күнгі кейіпті адам (НоmоSаріеns) жаралды, тасты өңдеудің жаңа тәсілі табылды. Мұның өзі тастап қырғыш, кескіш, жиегі өткірленген жонғыш, пышақ, біз, сүңгі мен найзаның істік басы, кетпен, ысқыш секілді құралдар, әр түрлі малдың бейнелері мен әйелдердің мүсіндерін жасауға мүмкіндік береді. Әйел мүсінін жасау ежелгі адамдар арасында ұрпақ таратушы және ошақ басының иесі - әйелге табынушылық пайда бола бастағаның көрсетеді. Қазақстан жеріндегі бұл дәуір ескерткіштері өте аз зерттелген, дегенмен Ащысай, Соркөл, Ұшықтас, Бүркітті, Батпақ-VІІ, Қарабас-ІІІ, Әңгіренсор-ІІ, Екібастұз, Семізбұғы сияқты тұрақтар болғандығы белгілі.

Қазір Қазақстанда неолит дәуіріндегі тұрақтардың 500-ден астамы, кездейсоқ жағдайда ашылған 7 қабір және шеберханасы бар бір қоныс (Торғай облысындағы, Арқалыққа жақын жердегі Балатерісаққан) белгілі болып отыр. Егер мезолит ескерткіштері б. з. б. 10-5 мың жылдықты қамтыса, неолит 5-3 мың жылдықты қамтыды.

Мезолитте садақ пен жебе, сондай-ақ ромб, үшбұрыш, трапеция, сегмент тәрізді геометриялық формадағы құралдар пайда болды. Бұл кезеңдегі тұрақтар Бүркітті өзенінің оң жағасынан, Жаңа-шілік-І, II, III деген жерлерден, Үшбұлақ өзенінің жағасындағы Қараүңгір атты үңгірдің төменгі қабатынан және Ақтаудың етек жағынан табылды. Неолит адамдары ол кезде жылдың көпшілік бөлігін бір орында өткізген (Торғай облысындағы Балатерісаққан, Шығыс Қазақстандағы Мало-Красноярка, Усть-Нарым). Олар аңшылықпен, балық аулаумен, терімшілікпен күнелткен. Құралдардың бәрі яшмадан, шақпақ тастан, мүйіз тастан, кварциттен жасалған. Бұл кезде тастан түрлі құрал өңдеудің ескі тәсілдері жетілдірілді. Мұны қолданып, ежелгі адамдар сүңгінің, найзаның істік басын, біз, пышақ, балта т. б. құралдар жасады. Неолиттік ыдыстар кішкене шұқыршақ немесе сынық сызықтар түріндегі қарапайым өрнектермен безендірілген. Табылған керменің, ортасында тесігі бар балшық ұршықтың қалдықтары (Қараүңгір, Балатерісаққан) неолит дәуірінде жасалатын бұйымның сапалы бөла бастағанын көрсетеді. Қызылқұмнан, Мойынқұмнан және Балқаш маңынан, Ертіс бойынан, Арал маңынан және ірілі-ұсақты өзендер мен көлдердің жағасынан неолит адамдарының көптеген тұрақтары табылды.

Неолит дәуірінде шаруашылықтүрлі салаға бөлінді. Бір тайпа аңшылық пен балық аулауды кәсіп етсе, екіншісі аңшылықпен және мал өсірумен күнелтті, ал үшіншісі егіншілікпен, аңшылықпен шұғылданды. Осыдан барып еңбектің жаңа қауымдық бөлісіне қол жетті. Орта Азия мен Қазақстанның кейбір тайпалары сол кезеңде металлургияны пайдалана білген. Еңбек құралдарын жасау үшін жаңа материал - металл қолданылды, дегенмен де тастан істелген құралдар әлі де басымды.

Қола дәуірі. Неолит дәуірінің өзінде-ақ байқалған шаруашылықтағы өзгерістер б. з. б. 2-мың жылдықта малшылық-егіншілік экономикасының және жоғары дамыган металлургияның қалыптасуына жеткізді. Өндіруші экономикаға көшу Қазақстан жеріндегі жағдайды түбегейлі өзгертті. Мал өсіруші тайпалар көлемді және қуатты бірлестіктер құрды; бұл бірлестіктердің құрылуына соғыс қақтығыстары да елеулі ықпал жасады. Қару-жарақ жабайы аңдарды аулағанда ғана емес, сонымен бірге тайпа аралық қақтығыстарда да барған сайын жиі қолданылды. Қару-жарақ жасау біртіндеп металл өңдеудің дербес саласына айналды. Андронов мәдениетіндей ескерткіштерді қалдырған даланы жайлаған малшы-егінші тайпалардың мәдениетінің орасан зор ортақтығы, біртұтастығы археологиялық материалдардан мәлім болып отыр. Кеңбайтақ жерге тараған бұл тайпалар, кейбір жергілікті өзгешеліктеріне қарамастан, неолит дәуірі мәдениетінің ала-құлалығы орнына келген айқын мәдени біркелкілікті көрсетеді.

Қола дәуірі қоғамының прогресіне екі фактор: қола металлургиясы және мал шаруашылығы себепші болды. Б. з. б. 2-мың жылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола бұйымдар жасауды игерді. Қола, мыс пен қалайының  қорытпасы, кейде бұйымның не үшін пайдаланылатынына қарай мысқа түрлі мөлшерде сүрме, күшала, қорғасын қосып қорытылған. Қола еңбек құралдары мен қару жасалатын негізгі шикізатқа айналды.

Қазақстан жер қойнауының полиметалға, ең алдымен қалайы-мыс кендеріне байлығы - қола өндірісі ошағының пайда болуының негізгі себептерінің бірі болды.

Б. з б. 2-мың жылдықтың басында Еділ (Волга), Жайық маңының, Қазақстан мен Алтайдың далалық тайпаларында мал және егін шаруашылығы қатар дамыған. Б. з. б. 2-мың жылдықтың ортасында Қазақстанныңдалалық тайпаларында алғашқы қауымдық өндіріс жаңа қарқын алып, мал шаруашылығы жедел оркендеді. Осы кезден бастап, Евразия далаларын мекендеген елдердің шаруашылығында мал осіру барған сайын үлкен орын алды. Б. з. б. 2-мың жылдықтың аяғында, 1-мың жылдықтың басында далалық аймақтың тұрғындары көшпелі мал шаруашылығына ауысады.  

Тайпалардан мал өсірушілердің бөлініп шығуын Ф. Энгельс қоғамдық алғашқы ірі еңбек бөлінісі деп атады. Батыс Азия мен Шығыс Европаның далалық өңірінде малшы тайпалардың бөлініп шығуын б. з. б. 2-мың жылдықтың орта шеніне жатқызуға болады. Бірақ бұл тарапта олардың даму қарқыны табпғат жағдайына байланысты болғанын ескерген жөн.

Ерте замандарда климат өзгерістері алғашқы экономиканы қайта құруға мәжбүр етті. Мыс., қола дәуірінде қоңыр салқын ылғалды сатының орнына климаттың жылыну және анағұрлым құрғақшылық жағына қарай біртіндеп өзгеруінің мың жылдан асқан кезеңі келді, ксеротермиялық минимум кезеңі туды. Қуаңшылық кезеңде өзендердің суы азайды, су жайылатын алқаптар біртіндеп кебе бастады, көлдердің суы тартылды, сөйтіп Солтүстік жарты шар материгінің ылғалдылығы кеміді.

Шығыс Европа мен Батыс Азияның далалық тайпаларының шаруашылығы мен тұрмысында климаттың аридтігінін өсуімен байланысты болған өзгерістер археологиялық қазбалардан дәлелденді. Батыс және ОрталықҚазақстандағы ұзақ отыратын қоныстарды құдық қазып сумен қамтамасыз етті. Егер Қазақстанның солтүстік аудандарының тұрғындары мен Батыс Сібірдің орманды және тайгалы аймақтарындағы тайпаларда энеолит дәуірі мен қола дәуірінің алғашқы кезеңінде шаруашылық және мәдениет жағынан ортақ белгілер көп болса, енді климаттың өзгеруіне байланысты бұл ұқсастық жойыла бастады. Б. з. б. 2-мың жылдықтың ортасында, ОрталықҚазақстандағы сияқты бұл аймақтарда малшылық пен егіншілік шаруашылығы дамыды, мұның өзінде мал өсіру басымырақ болды. Қоғамдық құрылыста және халықтың семья, неке қатынастарына да елеулі өзгерістер ене бастады.

Қола дәуіріндегі экономиканың басты екі бағыты - мал өсіру мен металлургияның тез өркендеуі, ең алдымен ер адамның еңбегін қажет етті.

Бұл қоғамда еркектің ролінің күшеюіне, сөйтіп, сайып келгенде, семьялық-рулық қатынастардың матриархаттық (аналық ру) тәртіптің орнына патриархаттық (аталық рулық қатыстың) орнауын тездетті. Өндіргіш күштердің өсуі мен қоғамдық еңбектің мамандануының жеделдеуі, патриархаттық қатынастардың дамуы қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістерге де байланысты болды. Жеке семьялар оқшауланды, семья меншігі ұлғайды, рулық қауым ішінде мүлікті ауқаттылар жіктеле бастады.

Қола дәуірінде Сібірдің, Жайық бойының, Қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ далаларын шыққан тегі бір-біріне жақын, тарихи тағдырлары ортақ тайпалар мекендеп, артына өзіндік ерекшелігі бар ғажап мәдениет қалдырды. Ғылымда бұл мәдениет алғашқы ескерткіш табылған жер - Ачинск манындағы Андроново с-ның атымен «Андронов мәдениеті» аталған.

Бұл мәдениеттің неғұрлым күшті орталығы Қазақстан жерінде еді. Батыс аудандардың Андронов мәдениеті тұсындағы тайпалар Қима мәдениетіне жататын туыстас тайпалардың ықпалын ұдайы сезіп отырған, сонымен бірге, өз тарапынан оларға өзінің тікелей ықпалын тигізген. Археологиялық деректер Андронов мәдениеті тұсындағы халықтың басым көпшілігі отырықшы өмір сүргенін көрсетеді. Қоныстар алабына су жайылатын өзендердің жағасына орналасты. Патриархаттық қатынастың үлкен семьялары түрлі шаруашылық құрылыстар мен малға арналған қора-қопсымен қоса жер кепелер салды. Бұл қоныстарға тән бір нәрсе малшылық-егіншілік шаруашылықтың комплексті сипаты еді; онда бақташылық мал шаруашылығы едәуір басым болды.

Металдан жасалған еңбек құралдарының, қару-жарақтың және әшекейлердің, терең ұңғылы балталардың, ойықты пышақтардың, ұшты найзалар мен садақтардың, білезіктердін, айналардың, моншақтардың және әр түрлі алқалардың кең таралуы Андронов мәдениетінің кезеңімен байланысты. Андронов кезеңі тұрғындарын басқа тайпалардан айырудың басты белгісі - әдет-ғұрып жағдайы. Мыс., өлікті жерлеу ғұрпы, геометриялық ою-өрнек түсірілген қыш ыдыстардың жиынтығы мен металдан жасалған бұйымдардың формалары болып табылады. Андроновтық тайпалар бейіт үстіне әр түрлі үлгідегі төрт бұрышты, дөңгелек, сопақ тас қоршаулар түрінде ғимараттар салған. Кей жағдайда әсіресе Жайық бойында, ғимараттар обалармен ауыстырылып отырылды. Өлген тайпаластарын не өртеген, не тас плиталардан жасалған «жәшіктерге» салып немесе төрт бұрышты етіп қазылған көрге жүресінен аяқ-қолын бауырына бүгіп, ерекше жерлейтін болған.

Қыш ыдыстар мен әшекейлердің де өз ерекшелігі болатын. Ыдыстар қолдан істелді. Мұның алдындағы кезеңде ыдыстардың түбі дөңгелек болса, енді жалпақ етіп жасалды. Ыдыстың сыртқы беті ирек немесе біртегіс үлгімен түсірілген күрделі геометриялық ою-өрнектермен безендірілген.

Андронов мәдениетінің кезеңінде өзге де тайпаларға таралған әсемдік бұйымдарының өзіндік ерекше үлгісі: бір жарым айналым етіп алтыннан бүгіп істелген сырға, бас киім мен жалпы киімнің үстеме салынған әшекейлері, екі басты бұрама білезіктер т. б. болды.

Қола бұйымдар мен қыштан жасалған ыдыстардың жасалу тәсілінің, формаларының жетілгендігі мәдениеттің жоғары дәрежеде болғандығын көрсетеді.

Андронов мәдениеті тұсындағы тұрғындардың бет бейнесін зерттеу кезінде қола дәуірінде мұнда европоидтық сипаты айқын пішіндегі адамдардың мекен еткенін дәлелдейді. Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аудандарында протоевропалық нәсілдің андроновтық түріне жататын тайпалар орналасқаны анықталды. Қазақстанның батыс және оңтүстік-батыс аудандарының тайпалары европоидтық нәсілдің жерортатеңіздік түріне жатады. Жерортатеңіздік типтің таралу аймағы Европаның оңтүстік-шығыс далалары мен Орта Азияның оңтүстік бөлігін қамтыды. Шекаралық өңірлерде осы екі нәсілдік типтің тікелей бір-бірімен жанасып, өзара араласуы және таралуы Қазақстанның батыс және оңтүстік-батыс аудандарындағы ежелгі тайпалардың антропологиялық жағынан өзара араластығын аңғартады. Сонымен, ежелгі қазақстандық тайпалардың антропологиялық құрамы негізінен екі европоидтық нәсілден - протоевропалық және шығыс жерортатеңіздік типтерден тұрады. Протоевропалық нәсілдің негізгі өкілдері Андронов мәдениетінің кезіне жататын тайпалар еді, олар б. з. б. 2-мың жылдық бойына көршілес Азия, Оңтүстік Сібір, Алтай, Еділ бойы, Оңтүстік Арал маңы сияқты аудандардың тұрғындарының дене бітіміне әсерін тигізіп келді. Қазақстан жеріндегі екінші нәсілдік белгі - Европаның оңтүстік-шығыс бөлігі мен Орта Азияның оңтүстік аймақтарынан өткен шығыс жерортатеңіздік пішіндегі халықтар мен ежелгі қазақстандық тайпалардың араласуынан қалыптасты.

Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы. Сақтар. Ежелгі тұрғындардың кең-байтақ жерлерді игеруі, Европа мен Азия далаларын мекендеген тайпаларда шаруашылықтың жаңа түрінің экстенсивті мал шаруашылығының қалыптасу заманы б. з. б. 1-мың жылдықтың алғашқы кезеңіне жатады. Сол заманның басында-ақ Қазақстан далаларында, шөлейт және таулы аудандарында жартылай көшпелі және көшпелі мал шаруашылығы шаруашылықтың негізгі, ал кейіннен үстем формасына айналды. Бұл жағдай тайпаларды көшіп-қонып жүріп тұрмыс етуге бейімдеді; Тянь-Шаньның, Памирдің, Копет-Дагтың, Алтайдың баурайындағы тайпалар бұрын аз мекендеген аудандарды интенсивті түрде игеруге мүмкіндік алды. Көшпелі мал шаруашылығына ауысу далалар мен шөл далаларды мекендеген тайпалардың өміріндегі ірі экономикалық дамудын және қауымдық қоғамның өндіргіш күштерінің ілгері басқан қадамы болды. Шаруашылыққа мамандану бірте-бірте қалыптасып, мал басын көбейтіп, одан алынатын өнімді арттыруға кең мүмкіндік ашты. Артық өнімді қорландырып жинауға және оны иемденуге мүмкіндік туды. Мал және мал шаруашылығы өнімдері тез арада айырбас құнға ие болып, малшылар мен егіншілер арасында айырбастың дамуы үшін жағдайлар жасалды. Б. з. б. 1-мың жылдықтың басында, әсіресе жылқы шаруашылығы Жедел дамыды. Қырды мекендеген адамдардың атты салт мінуге пайдалануы, атты жауынгердің пайда болуы жеке аудандардың мәдени-шаруашылық томаға-тұйықтығы бұзылып, көрші және алыс тайпалармен, халықтармен экономикалық және мәдени байланыс жасалуын қамтамасыз етті. Орта Азия мен Қазақстанның осы салт атты малшылары ежелгі парсы сына жазуында сақтар деген жалпы атаумен аталған. Ғылымда сақтардың шыққан тегі мен мәдениеті туралы мәселе күні бүгінге дейін шешілмеген. Зерттеушілердің көпшілігі

Сақ тайпаларының шығу тегінің автохтонды екендігін дәлелдейді. Шаруашылықтың жаңа түріне (көшпелі тұрмысқа) көшу біршама қысқа мерзімнің ішінде, тегінде б. з. б. 9-8 ғасырларда іске асырылса керек.

Мал шаруашылығының негізгі үш түрі: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы мал шаруашылығы сақтар заманының ертедегі кезеңінде қалыптасты. Мал шаруашылығының сипатына сәйкес шаруашылықтың басқа салаларының үлес салмағы да өзгерді. Сақтарда мал шаруашылығының негізгі бағыты жылқы мен қой шаруашылығы болды. Қазақтың осы күнгі қылшық жүнді, құйрықты қойымен тұқымдас қой өсірілді, бірақ сонымен қатар биязы жүнді қойлар да болды. Жылқының екі тұқымы: жайылымда бағылатын жабы жылқы және салт мінетін еңселі жылқы өсірілді. Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген сақтар мүйізді ірі қара мал да өсірген; шөл және шөлейтжерлердің мал өсірушілері қос өркешті түйені де үй малына айналдырып алған.

Сақтардың шаруашылығында мал өсіру және егіншілікпен қатар темір қорыту үлкен роль атқарды. Олар темір қорыту әдісімен біршама ерте кезде танысқан. Б. з. б. 1-мың жылдықтың бас кезінде-ақ сақтар қызыл, қоңыр және магнитті темір рудасын пайдалана білді. Б. з. б. 7 ғасырда ОрталықҚазақстаннан, Жетісудан және Арал маңынан темірден істелген көптеген бұйымдар (қанжар, пышақ, жүгеннің темір бөлшектері) табылған, сондай-ақ ертедегі кен орындары, металлургиялық өндірістің қалдықтары (шлактар, қорытпа қалдықтары) белгілі. Қола құю ісі және түсті металдарды өңдеу жоғары дәрежеде болды. Сақтар металл құюдың «ұмытылған әдісін» (балауыздан немесе тоң майдан, зат үлгісін жасап, сыртын топырақпен сылаған. Топырақ кепкеннен кейін оны қыздырған, сөйтіп еріген май немесе балауыз орнына, яғни қалыпқа металл балқытып құйған) білген. Қола қазандар, күрделі үлгідегі алтарьлар және түтін салғыштар жасалған. Зергерлік бұйымдарын жасау жұмысы жақсы жолға қойылған. Мұнда дәнекерлеу, соғу және алтын жалату, алтыннан сым созу, ойып өрнектеу жұмыстары т. б. әдістер қолданылған. Шымкент ойпатындағы сақтардың «Алтын обасынан» табылған әшекейлердің кейбір бөлшектерінің өте кішкентайлығы, нәзіктігі сондай, оларды тек үлкейткіш шыны арқылы қарағанда ғана ажыратуға болады.

Атты салт мінудің кен таралуы жүгеннің жетілдірілуіне себепші болды. Байырғы сақтар істеген жүгеннің, көп жағдайда үш көз жасалған екі жақтауы болған. Ортаңғы екі көзіне ауыздық өткізілген, үстіңгі екі көзіп желкелік қайыс, төменгі екі көзін жүгеннің тамақ қайысын өткізу үшін жасаған. Мұндай жүген Арал маңындағы, Жетісудың және Тасмоланың оба-бейіттерінің ежелгі сақтардан қалған ескерткіштерінде кездеседі. Жүгеннің мұндай едәуір күрделі, ауыр түрі анағұрлым қарапайым түрімеп ауыстырылды. Қоладан және темірден қару-жарақ жасау кең көлемде өркендеді. Сақтар қоладан садақ және оның жебелері, қанжар, ұзын семсер, найза және әр түрлі айбалта жасады. Жауынгердің қару-жарағы, қола дулыға, кішкентай қалқан және жебе салатын қорамсақ, семсер т. б. қару-жарақ ілінген жауынгерлік белбеуі болды.

Б. з. б. 5 ғасырда Есік обасына жерленген Сақ көсемінің киіміне қарағанда, жауынгердің үстіне киетін сауытып өрнекті шеттік жұқа металдарды бір-біріне жалғастыру арқылы жасалған. Кейініректе бұл әдіс катафрактардың сауытты киімдерінде кеңінен қолданылған. Жебенің ұштығы қоладан әр түрлі үлгіде істелген. Б. з. б. 6-5 ғасырлардан бастап жебенің темірден істелген ұштықтары жиі кездеседі. Семсер, қанжар және айбалта қоладан, темірден немесе осы металдардың қорытпаларынан құйылды. Кейде семсер мен қанжардың сағасы қақтармен әшекейленіп, аңдар мен құстардың әдемі суреттері салынып безендірілген. Сақтар кейде семсер, қанжардың бүкіл сабын тамаша ою-өрнек салып әсемдейтін болған. Мыс., Есік обасында жерленген бір көсем бейітінен табылған темір семсердің сабы мен жүзі, темір қанжардың сабы әсем жұқа алтын қақтармен безендірілген.

Сақтар жалғыз ғана металлургиялық өңдіріс орнымен шұғылданып қойған жоқ, олар қыш пен ағаштан ыдыс жасай білген, тасты өңдеп іске жаратқан, сүйектен ойып түрлі бұйымдар істеген, тері илеумен және тоқымашылықпен де шұғылданған.

Сақтардың байырғы өнерінің ескерткіштері көп емес. Алайда, қолда барматериалға қарағанда оларда бейнелеу өнерінің екі түрі - қолданбалы (кіші үлгілі өнер) және монументалдық өнер болғаны даусыз. ШығысҚазақстанның (Шілікті), Жетісудың (Быжы) және Арал маңының (Түгіскен және Ұйғарақ) байырғы Сақ обаларынан табылған қолданбалы енер шығармалары сақтардың көркемдік талғамы, олардың творчествосы аң суретін салу стилімен сипатталатынын көрсетеді. Сақтардың зергерлік енерінде үй және жабайы жануарлардың - бұғының, жылқының, арқардың, барыстың, арыстанның, самұрық құстың (грифтің) бейнелерін салу әдісі көп тараған. Олардың суреті тұрмыстық заттарды, діни ұғымға арналған заттарды, қару-жарақты, жүгенді т. б. әсемдеу үшін салынған. Алдыңғы Азия халықтары (хеттер, Ассирия, Мидия) өнерінің көптеген стильдік сипаттары сақтардың аң суреттерін салу стиліне ұқсас. Сақтардың аң суретін салу стилінің өзіндік ерекшеліктері бар. Онда Алдыңғы, Орталық және Орта Азия мен Қазақстан өнерінің көркемдік сюжеттері мен бейнелері табиғи біріктіріліп, творчестволықпен қайта өңделген. Сақтарда монументалды өнер де болды. Соңғы уақытта Қаратауда (Таңбалы таста) және Қырғызстанда (Саймалыташ) жартасқа ойып салынған орасан үлкен суреттер табылды, олар өте тартымды бейнеленген. Бұл суреттердің едәуір бөлігі Сақ дәуіріне жатады. Олар қола дәуірінің соңғы кезіндегі (Қаратау), тіпті энеолит петроглифтеріне де (Саймалыташ) сай келеді. Аң суреттерімен құрбандық шалатынстолдар тринодтар және қарулар безендірілген. Сақтардың аң суретін салу стилінің басты ерекшелігі - оның мифологиялық мазмұны. Аң бейнелерінің сиқырлы мәні болған. Сонымен бірге өнер және сананың басқа формалары сақтардың идеологиясын, ал тұтас алғанда олардың әлеуметтік қатынастарын бейнеледі.

Б. з. б. 1-мың жылдықтың бас кезінде сақтар қоғамы алғашқы қауымдық құрылыстың интенсивті ыдырауымен және жаңа әлеуметтік қатынастардың қалыптасуымен сипатталады. Орта Азия мен Қазақстан территориясында алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауының ұзақ процесі қола дәуірінің сақтар заманына дейінгі кезеңінде басталды. Сол уақыттың өзінде, алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлініп, мыс және қола қорыту пайда болып, дамығаннан кейін семья, әуелі үлкен, патриархаттық семья, одан соң кіші, моногамиялық семья бөлініп шықты. Археологиялық деректер жеке адам меншігінің кейін семья меншігінің де пайда болғанын көрсетеді. Мұндай әлеуметтік құбылыс б. з. б. 2-мың жылдықтың аяғы мен 1-мың жылдықтың басында қыш ыдыстарға және кейбір қола заттарға салынған таңбаларда, жеке адам меншігінің белгілерінде бейнеленген. Сақтар заманында алғашқы қауымдық қатынастардың ыдырауы күшейе түсті.

Сақтар қоғамының әлеуметтік құрылымын анықтаған кезде, бұл мәселелер жөнінен жазбаша деректемелердің жоқтығы себепті, біз тек археологиялық ескерткіштердің, атап айтқанда өлікті жерлеу ғұрпының материалдарына сүйенеміз. Олардың ішіндегі ең маңыздылары бейітке өлікпен бірге салынған құралдардың көптігі және алдыңғы, бейіт үстіндегі ғимараттардың мөлшері мен күрделілігі, оларды тұрғызуға жұмсалған адам еңбегінің мөлшері, ас беру және құрбандық шалу жөніндегі мәлімет. Сақтардың қоғамдық құрылысын археологиялық материалдар арқылы зерттеген кезде оның мәдени аймағына баса назар аударылып отыр. Мәселен Оңтүстік Қазақстан өзге аймаққа қарағанда жоғары сатыда болды. Алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде және ертедегі таптық қоғамдарда өлікті жерлеу ғұрпы мен әлеуметтік мәдениеттің арасында байланыс болған, өлікті жерлеу ғұрпы өлген кісінің мүліктік жағдайын емес, нақ әлеуметтік жағдайын көрсетеді. Жетісудан табылған археологиялық ескерткіштерге ерекше маңыз берілді, өйткені сақтар дәуірінен қалған зираттар мен обалар Қазақстанның басқа жерлеріндегіден гөрі мұнда анағұрлым жақсы зерттелген. Патша қорғандарының (биіктігі 18-20 м) едәуір бөлігі осы маңда жинақталған. Мұндай ескерткіштер қоғамның әрбір мүшесінің бейіті үстіне тұрғызылмағаны анық. Сан мыңдаған ұсақ обалармен салыстырғанда мұндай обалардың біршама аздығы қоғамның екі топқа: азшылыққа және көпшілікке бөлінгендігін көрсетеді. Өлікті жерлеу ғұрпының сән-салтанатына қарап пайымдайтын болсақ, азшылық қоғамдық топтың, халық бұқарасымен салыстырғанда, қоғамда едәуір әлеуметтік және мүліктік артықшылықтары болғаны байқалады. Бұл артықшылықтар қоғамдағы азшылықтың үстемдігі мен байлығы ғана болуы мүмкін. Ал қоғамның байларға және кедейлерге бөлінуі - әлеуметтік теңсіздіктің пайда болғанының дәлелі.

Б. з. б. 9-7 ғасырларда мал өсірумен шұғылданған жетісулық сақтардың қоғамдық дамудың өскелең сатысында тұруы ықтимал. Мұнда бұл үшін барлық мүмкіншіліктер болды. Ежелгі Қазақстанның бүкіл территориясындағы сияқты, Жетісуда да шаруашылықтың жаңа даму үлгілеріне, металдың жаңа түрі - темірді игеру және көшпелі мал шаруашылығына көшу бұл кезде аяқталған болатын. Осы екі экономикалық фактор қоғамның және оның мәдениетінің жедел дамуына себеп болды. Жетісу сақтарының шаруашылығы мен тұрмысында қоладан жасалған бұйымдар бұрынғысынша кең көлемде қолданылды. Алайда, қола құралдармен және қару-жарақпен салыстырғанда, темірден жасалған еңбек құралдары анағұрлым жоғары өнімді, ал қару-жарақ анағұрлым қарымды әрі берік болды. Темір рудасын қорытып, оны қыздырып соғу және құю әдісімен темір бұйымдар жасау - қоғамдық өндірістің анағұрлым жоғары сатысы болды.

Шаруашылықтың жаңа формасы -көшпелі мал шаруашылығы да материалдық игіліктер өндіру үшін үлкен мүмкіндіктер берді. Жайылымдық жерлердің көптігі мал басын көбейтуге көмектесті. Қазақстан мен Орта Азияның табиғи климат жағдайында суармалы егіншіліктен гөрі, дамыған мал шаруашылығынан қосымша өнімді тезірек және оңайырақ алуға мүмкіншілік туды. Ирригациялық құрылыстар мен жер суару жүйелерін жасау үлкен материалдық шығындармен және адам еңбегімен тікелей байланысты болды. Сондықтан көшпелі мал шаруашылығы өз дамуының алғашқы дәуірінде прогрестік бет бұрыс болып, жоғары қарқынмен дамыды. Мал басын тез өсіруге бейімделу және кейбір семьяларды малдан айырудың оңайлығы жекелеген малшы семьялар мен адамдардың қолында байлықтың интенсивті жиналуына, халық көпшілігінің кедейленуіне, сақтар қоғамыныңәлеуметтік жіктелуіне соқтырды. Сақтар қоғамында болған әлеуметтік өзгерістер бейіт ғимараттарының көлемі мен жобасына бірден әсерін тигізді. Бесшатырдағы және Есіктегі обалар сияқты үлкен обалар пайда болды. Б. з. б. 5 ғасырдағы сақтардан қалған әйгілі Бесшатыр бейітінің ғылыми маңызы оның мәдениет пен ежелгі архитектураның ескерткіші екендігінде ғана емес. Бесшатыр обаларының топырақ үймелерінің көлемі және өлікті салатын бөренеден қиып істелген үлкен лақаттар сақтарда болған мүліктік және әлеуметтік теңсіздікті дәлелдейді. Сақтардың ақсүйектері үстем жағдайын бейіт үстінен топырақтан үйіп орасан үлкен оба жасау арқылы көрсеткісі келген, өзі және өзінің байлығы туралы ерекше бір ескерткіш қалдыруға тырысқан. Мұндай обалардың орасан үлкендігі дүние салған көсемдердің өткендегі ұлылығын көрсететін секілді болған. Мыс., үлкен обалар сақтардыц көсемдері мен қолбасшыларының бейіттері, орташа обалар - тайпалық ақсүйектердің, кішкене обалар жасақшылар мен қатардағы қауым мүшелерінің бейіттері деп есептелінді. Бесшатырдағы үлкен обаны жасауға 50 мың м3 топырақ, тас, қиыршық тас, ал қорымды қоршауды тұрғызуға мың шамалы дөңбекше жалпақ тастар мен қой тастар пайдаланылған. Бесшатыр обаларының үлкен-кішілігі қайтыс болған кісінің қоғамдағы орнына, оның ата-тегі мен байлығының дәрежесіне, тайпаның көптігіне және құдіреттілігіне байланысты болды. Есіктегі обадан табылған заттар комплексі Жетісу сақтарының әлеуметтік құрылыс дәрежесін анықтай түсуге жәрдемдесетін қосымша материалдар берді. Бесшатыр мен Есіктен табылған заттар жинақтай келгенде сақтар қоғамының жоғарғы дәрежеге жататын адамның сән-салтанатпен жерлену ғұрпын толық дәлелдеуге жәрдемдесті. Сақтар патшаларын сән-салтанатты киіндіріп, монументті қабірге салып жерлеген, сөйтіп бейіттің үстінен ескерткіштер - орасан улкен обалар тұрғызған. Қоғамның басқа мүшелерін жерлеу ғұрпы өліктің иерархиялық баспалдақта тұрған сатысы төмендеген сайын оңайлай берген. Өлген кісінің әлеуметтік жағдайына байланысты жерлеу ғұрпының да әркелкілі болуында аруаққа, құдіретті патшаға табынушылық аз роль атқармаған. Алайда өлген көсемнің жеке басын мадақтау дәстүрінің саяси астарын естен шығармаған жөн. Олар өлікті жерлеу ғұрпының рәсімін сақтардың көсемдері өкімет билігінің мызғымас беріктігін дәлелдеу мақсатымен, бұқараға діни-идеологиялық ықпал жасау үшін пайдаланды. Есіктен табылған алтын киімді сақтың үстіндегі киімінің сән-салтанаттылығы тек сырттай әсемділік үшін істелмеген, бүкіл осы байлықтың мән-мәнісі әлдеқайда тереңде жатыр, оны әлеуметтік-саяси тұрғыдан қарау керек. Сақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының жоғары дәрежеде болғандығын Есіктегі обадан бетінде жазуы бар күміс тостағанның табылуы оны толық дәлелдейді. Жұртқа мәлім, жазу әдетте мемлекеттік өкіметтің қалыптасу көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Жазу мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынастарын реттеп отыруға, мемлекеттің табыстары мен шығыстарын және т. б. есептеуге қызмет етеді.

Сонымен Қазақстанның оңтүстік және шығыс аймақтарын мекендеген, сақтар - деген атпен белгілі тайпалар мемлекеттік құрылыс сатысына таяп келген деп жорамалдауға болады. Орталық Қазақстанның ертерек темір дәуірінің кезеңіндегі тайпаларының, сондай-ақ Батыс және Солтүстік Қазақстанның Сармат тайпаларының әлеуметтік қатынастар мәселелері әлі аз зерттелген. Тегінде, олардағы әлеуметтік қатынастар дәрежесі сақтар тайпаларындағы әлеуметтік қатынастардан төмен болмауға тиіс.

Үйсіндер - Қазақстан жеріндегі ежелгі алғашқы тайпалық бірлестіктердің бірі. Ежелгі авторлар жазбаларына қарағанда онда бір кезде үйсіндердің шығыс жақ шекарасы Бесбалық өңірінде болғанын аңғарамыз. Батысында олардың шекарасы Шу мен Талас өзендерінің бойымен өтіп Қаратаудың шығыс беткейлерінедейін, шығысында Тянь-Шаньның шығыс атырауларында, солтүстігінде Балқаш көлінен Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейін алып жатқан. Үйсіндер жайлаған өңірдің орталығы - Іле алқабында болғанымен, ордасы «Қызыл алқап» қаласы (Чигу-Чэн, Шығу) Ыстықкөл алқабында орналасқан. Үйсін деген терминнің этимологиясы осы уақытқа дейін анықталған жоқ. Ол тек иероглиф жазуы түрінде белгілі, ол қазақ этнонимдерінің бірімен, тайпаның өз аты - үйсінмен үндес.

Үйсіндер туралы алғашқы деректер б. з. б. 2 ғасырдың аяғында ғана кездеседі. Хань императорының сарайы Хуннумен күресте өзіне одақ іздеу үшін Батыс өлкеге Чжан Цян бастаған елшілікті жібереді. Ол Жетісуда болып, үйсіндер туралы алғашқы хабар әкелді. Ол кезде үйсіндер арасында Сэ (сақтар) және Юсчжи тайпаларының рулары мекендеген. Олардың айтуынша, үйсіндердің саны 630 мың адам (120 мың түтін) болған. Олар 188 800 адамнан жасақ құрған. Жазба деректемелерде Үйсін билеушілерінің жасағы - 30 мың атты әскер және «шабуыл қимылына үйретілген» бірнеше мың садақшылар жайында айтылады.

Үйсіндер елінде жоғарғы өкімет гуньмоның (бектің) қолында болды. Оның ордасы Шығу (Чигу-Чэн, «Қызыл алқап» қаласы) бекінісі мен елді-мекенді қаладан тұрған. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Шығу қаласы «Ұлы жібек жолындағы» елеулі саяси орталыққа әрі сауда пунктіне айналған. Саяхатшы шежірешінің жазып қалдырған деректері назар аударарлықтай. Онда: «Терістік жолмен (Іледен), «Қызыл алқапқа» (Чигу-Чэн) келгенде Үйсіндер арқылы жүрдік; Канцзюй (князьдығының) шекарасынан өткенде, Толық көлдің (Ыстықколдің) батыс жағынан шықтық» деп жазылған.

Б. з. б. 73 жылға дейін Үйсін аймағы мұрагерлердің арасында: сол жақ (шығ.), оң жақ (бат.) және гуньмоның өз иелігіндегі орталық аймақ аталып үшке бөлінді.

Үйсіндер басқа мемлекеттермен қыз алысу жолымен одақтастық қарым-қатынас орнатып отырды. Мыс., б. з. б. 69 ж. Вань-Гуйми өзінің қызы Дишиді билеуші Кучи Гянбинге күйеуге берген. Ал кейбір жерлердің билеушілері елін жау шапқан кезде үйсіндерді паналаған. Мыс., хуннулардан жан сауғалаған солтүстік чештер билеушісі Угу 68 жылдан 62 жылға дейін үйсіндерде болды.

Хань дәуіріндегі әлеуметтік хроникаларда үйсіндердің саяси тарихының фактілерін баяндау б. з-дың 3 ғасырына дейін жеткізіледі. Орта империяның соңғы кезеңдерінің кейбір жазба деректемелерінде де кейбір қысқаша мәліметтер кездеседі. «Бәйшуде» (Юань Вэй әулетінің тарихы) б. з. 437 ж. үйсіндер Хань сарайына елшілер жібергендігі туралы хабар бар. Әсіресе соңғы жылдарда Шығыс Жетісу территориясынан (Ақтас-ІІ қонысы, обалар: Ақтасты-І, IV, VI, Сарытау) табылған археологиялық деректерде түріктерден бұрынғы заманда үйсіндер мекендеген бұрынғы кең-байтақ жерлерде Үйсін мәдениеті Түрік қағандықтарының бақылауында болғанына қарамастан күні бүгінге дейін сақталғанын көрсетеді. Тіпті б. з. 10 ғасырдағы деректемелерінде үйсіндер жөнінде айтылады. Мыс., император Тай цзунның хроникасы - «Ляошиде» тугу-хунь, Үйсін және мохэ тайпалары туралы 938 жылға жататын жазудың болғандығы айқындалды. Сондай-ақ Ляо империясы заманында «Үйсіннің тоғыз иелігі болған».

Сонымен қатар ежелгі үйсіндердің қазақ және қырғыз халықтарының құрамына енген үйсіндер мен үйшіндердің этникалық байланысы болғандығы туралы болжам бар.

Жазба деректемелерде үйсіндердің шаруашылығы жайлы айтылатын мағлұматтар толық емес деректемелер олардың шаруашылығыпың бағытын бір жақты көрсетеді. Ежелгі авторлардың шаруашылық пен тұрмысты суреттеуі өте-мөте қысқа: «малға жайылым мен суат іздеп бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүреді». Бұл формула көшпелі және мал бағушы халықтардың көшпелігі жайында дәстүрлі және ортақ формула ретінде айтыла береді. Алайда үйсіндер жөнінде ол оншама дәл емес, үйсіндердің мал шаруашылығы олар мекендеген түрлі региондарда әркелкі дамыған.

Ежелгі үйсіндердің қоныстарында және бейіттерінде кездесетін мал сүйегі қалдықтарының статистикасы олар қандай түліктерді өсіргенін анықтауға мүмкіндік береді. Жетісу үйсіндері үй малының барлық түліктерін: жылқы, сиыр, қос өркешті түие, қой, ешкі және есек өсірген. Жазба деректемелерде үйсіндерде жылқы өсірудің өркендегені айтылады. Бай ұлықтардың бес мыңға дейін жылқысы болған, ал ұлы және кіші гуньмолар 30 мыңнан атты әскер ұстаған. Үйсін билеушілері бөтен жұрттың ханшаларына үйленгенде келісім сыйлығы ретінде бір мыңнан жылқы мен қашыр айдатып апарған. Үйсіндердің бір бөлігі мекендеген таулы аудандарда қашыр жүк көлігі есебінде пайдаланылды. Жетісуда асыл тұқымды желісті жылқы өсірген. Көршілес елдердің ат танитын адамдары оларды ұшқырлығы мен төзімділігі үшін бағалаған.

Кеген өзенінің аңғарындағы Ақтас қыстау-қонысын қазған кезде табылған заттар үйсіндердің егіншілікпен шұғылданғанын дәлелдейді. Бұлар негізінен жер оңдейтін (тас кетпен) және егін оратын (қола орақ) құралдар. Дән ұнтағыш тастардың табылуы өсімдік тағамдарының қорекке ұдайы пайдаланылғанын айқын көрсетеді. Ақтас қыстау-қонысының үйлерінен 11 қол диірмен тұтас күйінде табылды. Олардың бәрі де өз кезінде ұзақ пайдаланылғандықтан әбден тозған. Үйсіндердің бейіттерінен де қол диірмендер жиі кездеседі. Өлген кісілердің қабіріне олардың көзі тірісінде пайдаланылған заттар қоса қойылған. Ақтас қыстау-қонысыныц төңірегін зерттеген кезде үйсіндерде қарапайым суармалы егіншіліктің болғандығы мәлім. Бұл жерлерден егін суаратын арықтардың қалдықтары табылған. Ауданы 60 м2-ден 150 м2-ге дейін болатын өңделгенучаскеге шамасы бау-бақша дақылдары егілсе керек. Ондаған алаң оны суаратын су еркін ағып келетін жерге орналасқан. Мұндай қарапайым суару жүйелерінің ізі Жоңғар Алатауының қойнаулары мен беткейлерінде, Іле, Шу және Талас алқаптарында да табылды. Үйсіндерде бақша дақылдарын егу егіншіліктің бірден-бір түрі болған жоқ. Тастан жасалған кетпендер бау-бақша дақылдарын баптау үшін пайдаланылса, қола орақтар дәнді дақылдарды оруға қолданылды. Ол кезде егілген дәнді дақылдардың бәрін анықтау үшін әзірге деректер аз. Тары мен арпа егілгені жөнінде айтуга болады, мұны Солтүстік Қырғызстандағы бір Үйсін бейітінен кездескен ыдыстың түбінен табылған осы дақылдардың қалдықтары дәлелдеді.

Ежелгі үйсіндердің егіншілікпен шұғылданғаны және отырықшы болғаны жазба деректемелерде де кездеседі. Мыс., тарихшы Бань Гу былай деп хабарлайды: гуньмоға күйеуге берілген қытай ханшасын күтуші сарай маңындағы әйел Фынь астана Чигу-Чэнде (Шыгу) немесе оның төңірегінде тұрған Үйсіннің «отырықшы әкімдеріне» сыйлықтар таратып берді. Ежелгі деректемелерге сүйене отырып, Хэ Цю-тао ежелгі үйсіндер егін екпесе де «ағаш егеді» деп хабарлайды. «Ханьшудың» түсіндірушісі Янь Ши-гу - б. з. 7 ғасырдағы тарихшы «ағаш егеді» деген «ағаш отырғызады» деген сөз деп нақтылай түседі. Тарихшы Суй Сун үйсіндер «суат пен жайылым іздегенмен» (көшкенмен), «әйтсе де қалалары және елді мекендері болды» дейді.

Ежелгі үйсіндерде отырықшылық пен егіншілік б. з. б. алғашқы ғасырлардың өзінде-ақ болған деп пайымдауға болады. Б. з. 3-5 ғасырларда жеміс бағын, бау-бақша шаруашылыгын, тәлімді егіншілікті кәсіп ету одан әрі дамыды.

Бейіттен табылған балшық мөр Үйсін қоғамында мөр тек ақсүйектерде ғана емес, қарапайым адамдарда да болғанын дәлелдейді. Ақсүйектердің мөрі гуньмо сарайы маңындағы лауазымды кісілердің қолындағы биліктің символы болды. Жазба деректерде ежелгі үйсіндердің жеке меншігі жөнінде де айтылған. Сыма Цянь озінің «Тарихи жазбаларында» («Ши цзи») үйсіндердің «бай адамдарында төрт мыңнан бес мыңға дейін» жылқысы болғаны жайлы мәліметті бірінші рет келтірді. Алайда ежелгі үйсіндердің жеке меншігіндегі үй малы жылқы ғана болмаған, ал жылқы байлықтың өлшемі саналған.

Жеке меншіктегі егіншіліктің қалыптасуы жазба деректердің мәліметтерімен де дәлелденеді. Бұл жөнінен Бань Гудың «Цянь Хань шуда» жазғаны едәуір назар аударарлық: «Ол уақытта ұлы гуньмо Цылими өкіметті қолында ұстады және барлық линхау (нәменгер бектер) қорыққанынан оған бағынды. Ол жұрт жылқысы мен малын баққанда жайылымды таптамасын деп жар салды».

Бань Гудың шығармасына түсініктеме беруші Янь Ши-гу (7 ғ.) «жайылымды таптамасын» дегенді гуньмоның жайылымына деп түсіну керек деген. Тегінде б. з. б. 1 ғасырдың өзінде-ақ ежелгі Үйсін қоғамында жақсы жайылымдарды басып алу ісі жүргізілген.

Негізгі байлық мал басын сақтап, көбейте беру үшін неғұрлым қажетті қысқы жайылымдар ғана жеке меншікте болғанға ұқсайды. Сол жердегі қыстаудағы қора-қопсы мен жер бөліктеріне шын мәнінде мирасқорлық иелік етті. Одан арғы жер е. б. з. алғашқы ғасырларында, үйсіндердің жоғарғы тобының қолында жылжымалы мүлік жиыла берді, мүліктік теңсіздік күшейе түсті. Сәйтіп, таптық қоғамға тән қатынастар қалыптасты.

Ежелгі Үйсін қоғамында құл еңбегі өндірістің негізіне айналмаса да құл иелену болды. Дүние жүзіндегі көптеген елдердегі сияқты, үйсіндерде де ол кезде құлдықтың бір көзі соғыста тұтқынға түскендер болды. Жазбаша деректерде, мыс., б. з. б. 1 ғасырда Үйсін гуньмосы Вань-Гуйми (Фэйван) кенеттен хуннуға шабуыл жасап, 40.000 адамды тұтқынға алып, өзімен бірге айдап әкеткендігі туралы жазады.

Жазба деректер мен археологиялық материалдар Үйсін қоғамындағы теңсіздік фактісін атап көрсетуге ғана емес, сонымен бірге халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарын анықтауға да мүмкіндік береді. Жетісу жеріндегі Үйсін заманынан қалған жүздеген, мыңдаған обалар айқын үш типке бөлінеді. Олардың біріншісі - диаметрі 50-80 м, биіктігі 8-10-12 м үлкен топырақ обалар. Үйменің астында әдетте еркектердің және әйелдердің екі-үш бейіті болады. Теңдік (Шығыс Жетісу) обасындағы бір бейітке ақсүйек әйел жерленген. Әйелдің киімі алтын жалатылған әшекейлермен безендірілген, құлақтарында алтын сырғасы болған. Шашына немесе бас киіміне алтынмен қапталған үлкен түйреуіш түйрелген. Қабірге сәндік заттары (қола айна, алтын қабыршығымен жолақтап өрнектелген ағаш қобдиша) бірге салынған. Жетісудағы үлкен обалардың (Қарақол және Боран) астындағы бейіттер де асыл заттарға бай болып шықты. Бұл бейіттерден алтыннан жасалған түрлі әшекейлер, грек-бактриялық кестелі әшекейлер, лак жағылған бұйымдардың қалдықтары, аң суреті бейнесіндегі әсемдік бұйымдары, қару-жарақ, кыш және ағаш ыдыстар табылды. Екінші типтегі обалардың (Шарын өзеніндегі Қаратұма бейіті) диаметрі 15-20 м, биіктігі 1 м аралығында. Үйменің астында екі-үш бейіт, ал бұлардың ішінен үш-төрт қыш және ағаш ыдыс, қоладан, кейде алтыннан істелген ұсақ әсемдік бұйымдар (сырға, сақина, түйреуіш, білезік), «скиф» онері стилінде жасалған белдікке ілетін қола әшекей, қару-жарақ - темір қанжар мен семсер, жебенің үш қырлы және жалпақ ұштары кездеседі. Мұндай обалар әдетте жүз шақты үймеден тұратын зираттар ретінде топтастырылған. Ақырында сан жағынан негұрлым көбірек обалардың үшінші типі, бұл шағын үймелердің диаметрі 5-10 м-ден, биіктігі 30-50 см-ден аспайды. Қабірге салынған заттар көп емес: бір-екі ыдыс, темір пышақ, түйреуіш, кейде қола сырға мен моншақ кездеседі, ал қару-жарақ болмайды. Демек былай деп пайымдауға барлық негіз бар: үлкен обаларда байлар мен ақсүйектер - ірі меншік иелері, олардың әйелдері немесе ашыналары жерленген. Орташа обаларда дербес шаруашылық ұстаған және халықтың көпшілігі болып табылатын ерікті қауымдастар, ал кіші-гірім обаларда кедей, тәуелді ұсақ өндірісшілер мен құлдар жерленген. Тұрғындардың басым көпшілігінде қару-жарақтың болмағандығы назар аударарлық нәрсе. Демек, қаруланған халықтың орнына ұлы және кіші гуньмоның 30 мыңға дейінгі атты әскері бар жасақтары пайда болды.

Ежелгі деректемелерден Үйсін қоғамындагы өршіп келе жатқан антагонистік қатынастар туралы мағлұматтарды да кездестіруге болады. Бұл мағлұматтарға қарағанда ежелгі Үйсін қоғамын халық толкулары, ұлы гуньмо мен кіші гуньмоның және вассал билеушілерінің арасындағы өзара қырқыс талай рет сілкіндірген. Бұл күрес әр түрлі формада болды:ашық бүлік, көшіп кету, гуньмоны өлтіру. Сарай төңкерістері деректемелерде былай делінген: б. з. б. 1 ғасырдың 50 жылдарында гуньмо Ними (Куан-Ван) халықты зар илетті («жауыз әрі зұлым болған соң»), сондықтан ол «халықтың сенімінен айрылды», мұның өзі «үйсіндердің абыржуы мен қайғы-қасіретінің» себебі болды. 40-30 жылдарында өздері жек көретін Юань-Гумидің ұлы гуньмо болғанына наразы халық «тағы да бүлік шығарып» қаша бастады. 30-20 жылдарда тағы да наразылық және толқу басталып, соның салдарынан кіші гуньмо Аньжиді «оған бағынышты адамдар», «тұрғындар (гоминь)» өлтірді, ал «барлық линхаулар үлкен бүлік шығарады». Мемлекеттің құрылғандығын мына жағдай да дәлелдейді: үйсіндер туралы сөз болатын деректемелерде «Усунь-го» (Үйсін мемлекеті) және «сен-го» (көшпелі мемлекет) деген терминдер қолданылады, ал «Бу-цзу» (тайпа - тайпалық одақ) термині сирек кездеседі. Ұлы және кіші гуньмолардың өкімет билігі атадан балаға мұра ретінде қалып отырған. Ұлы және кіші гуньмолардан басқа жоғарғы және төменгі чиновниктер, лауазымды адамдар және вассал князьдар болды. Сонымен, Үйсін қоғамында мемлекеттік құрылыстың белгілері осылайша дами берді.

Археологиялық материалдар мен жазбаша деректемелердегі мағлұматтар үйсіндердің үйін, киімін, материалдық мәдениетін және діни әдет-ғұрпын жалпы сипатта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Әр кезде Жетісудағы Ақтас, Қарабалта деген жерлердегі үйсіндердің қоныстары зерттелген болатын. Сондай-ақ солардың жанындағы семья-рулық зираттар да қазылды. Үйсін семьяларында үйдің екі түрі: қысқы үйлер және киіз үйлер болған. Қысқы баспана шикі кірпіштен және жақпар тастардан құм қосындысымен сыланған. Әрбір тұрғын үй екі-үш бөлмеден, қосалқы шағын құрылыстардан және мал қамайтын қоңадан тұрған. Бұлардың барлығы бір-біріне жапсарластырыла салынды. Үйдің жер едені балшықпен сыланған. Тұрғын бөлмелердің еденінде шикі кірпіштен немесе тастан қаланған ашық ошақтар жағылды. Үйді жылытатын, жарық беретін, тамақ пісіретін де осы ошақ болған. Қыстыгүні бүкіл семьяның тіршілігі осы оттың айналасында өтіп жатты, тамақ салынған қыш ыдыстар, қол диірмендер осы арада сақталды. Төртбес семья бірігіп бір ауылды құрады. Ауыл маңында сол рудың және ондағы семьялардың топырақ және тас үймелері таспен немесе шарбақпен қоршалған бейіттері болды.

Үйсіндер өлікті жерден қазған қабірге, кейде оның терістік жақ қабырғасынан үңгіп қазылған лақатқа жерлеген. Өлікті қабірге шалқасынан жатқызып, басын күн батысқа немесе терістікке қаратып қойған, бас жағына және жанына ыдысқа салып тамақ, киімін, қару-жарағын, сәндік заттары мен әшекей бұйымдарын бірге көмген. Бейіттің беті тақтаймен жабылып, үстінен топырақ үйіліп оба жасалған. Обаның жанында мезгіл-мезгіл құрбандық шалынып тұрған.

Ежелгі авторлардың айтуынша, жазда көшіп-қонып жүрген Үйсін семьялары «киіз жабылған дөңгелек шатырда», яғни киіз үйде тұрған. Олардың тамағы ет, сүт және өсімдік жемістері болды. Еркектер, әйелдер, балалар жүннен тоқылған, теріден және жібектен тігілгеп киімдерді киді. Жібек матаны және бөтен жердің бұйымдарын үйсіндер сатып алып тұрған немесе жаугершілік кезінде олжалаған. Үйсіндердің негізгі кәсібі мал өсіру мен егіншілік болды, сонымен қатар үй кәсіпшілігі мен қол-өнерімен де шұғылданды. Әсіресе қыш ыдыс жасау коң көлемде өркендеді. Ыдыс пайдаланылатын мақсатына қарай ас ішетін, тамақ пісіретін және шаруашылық (артық азықты сақтайтын) ыдыстар болып бөлінді. Сонымен бірге ағаштан (негізінен қайыңнан) ойып түрлі ыдыстар: шағын табақтар, ожаулар т. б. істелді. Темір, мыс және қымбат металдар өндіріп, оларды қорыту және оңдеу маңызды орын алды. Темір мен қоладан еңбек құралдары, қару-жарақ, әр түрлі үлгідегі қапсырма әшекейлер, бас киім және еркектер мен әйелдердің қол құралдары жасалды.

Үйсін дәуіріндегі шеберлер зергерлік ісін өте жоғары сатыға жеткізген. Шеберлер өнер түрлерін әр алуан сюжетте жасаған. Олардың өнерінде ежелгі заманғы наным, ертегі-мифтерге байланысты туған сан алуан өрнек үлгілері кездеседі. Алтын мен күмістен жасалған аңнын, құстың мүсіндері сол кездегі шеберлердің ғажайып өнер иелері болғандығын танытады. Мыс., Қарғалыдан (Алматының маңында) табылған алтыннан қақтап жасалған, асыл тастар орнатылған, неше алуан өрнектеп әсемделген бұйымдар. Үйсін өнерінің бірден-бір айғағы бола алады. Әсіресе, қақтап жасалған алтын тәті (ұз. 35 см, ені 4,7 см, салм. 90 г) ерекше көз тартады. Тәтінің орта бөлігіне аңның, құстың және адамның бейнесі өсімдік арасында өте күрделі шеберлікпен алтыннан құйылған. Тоқымашылық, жіп иіру, сүйектен түрлі бұйымдар істеу кәсібі дамыды.

Қаңлы. Тұңғыш рет қаңлылар туралы мәлімет б. з. б. 2-мың жылдықтың ортасындағы қытай деректемелерінде аталады. Б. з. б. 138 жылы император У-ди князь Цзан Цянь бастаған сауда елшілігін Батыс елдеріне аттандырды. Цзан Цянь 13 жылдан кейін оралды. Оның императорға жазған жолдамасында бұған дейін Қытайға беймәлім болып келген қалалық цивилизациялар мен көшпелі тайпалық одақтар сипатталды. Басқа елдердің ішінде Қаңлы да аталды.

Қытай елшісінің мәліметтері бойынша қаңлылар Дауанның (Ферғана) астанасы Эрши қаласынан солтүстік-батыста 2 мың ли жерде орналасқан. Осы деректерге сүйене отырып, зерттеушілердің көпшілігі Қаңлы тайпалық одағы Сырдарияның орта ағысында орналасқан деп есептейді. Өзге де көне жазбаларға қарағанда Қаңлы тайпалар одағы Талас пен Шудың төменгі ағысының оңтүстігінде, Ташкент ойпатының және солтүстік Сырдарияның төменгі ағысы арасында орналасса керек.

Қытай авторлары Қаңлы туралы жазғанда оны көшпелі тайпалар мекендеген, бірақ қалалары бар үлкен мемлекет ретінде сипаттайды. Қаңлы билеушісінің өкіметі Каспийдің солтүстік жағалауына дейін жеткен, мұнда оған Сармат, Алан тайпаларының одағы - Яньцай тәуелді болған. Орта Азияда Қаңлыға бес шағын иелік: Сусе, Фуму, Юени, Ги, Юегянь бағынышты болды. Көп әскер ұстаған (120 мыңға жуық). Қаңлы тайпалық одағының саяси тарихы мүлдем белгісіз. Қаңлы бірлестігінің Хань империясына қарсылық әрекеті әуелден мәлім. Мыс., б. з. б. 46-36 жылдарда ол империяга қарсы көтерілген солтүстік хунндарға көмек беріп, б. з. б. 85 ж. қытайларға қарсы көтеріліс жасаған Сули (Қашғар) иелігіне әскер жіберді. Қаңлы саясатының жалпы бағыты - Ферғана арқылы Шығыс Түркістанға өтетін сауда жолына ықпалын сақтап қалмақ болу керек.

Б. з. 5 ғасырдың ортасында Қаңлы эфталиттерге бағынышты кішігірім иелік болды. Бұрын қаңлыға бағынышты Сармат, Алан тайпалары біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Каспийдің солтүстік жағалауында үстемдік алып, «Яньцай иелігі Алан аталды». Деректемелерде көрсетілгеніндей, әдет-ғұрпы мен киімі жағынан қанлылардың сарматтар мен аландардан айырмасы болмаған. Тек шығыстан түркі тілдес топтардың барған сайын көбірек өтуінің әсерінен Қаңлы конфедераңиясына жататын тайпалар өзінің этникалық тұрпатын өзгертті.

Орталық Сырдария аймағында (Шаш, Отырар, Қаратау) тараған Қаңлының материалдық мәдениеті тарихи әдебиетте Қауыншы, Жетісай және Отырар - Қаратау мәдениеттері деп аталады. Қауыншы мәдениетінің неғұрлым жақсы зерттелген ескерткіштерінін бірі - Шардара маңындағы Ақтөбе қонысы. Ол Сырдарияның оң жағасында орналасқан. Қазір ол жерде ауд. 325X115 м төбе тұр. Ескі жұрт үш жағынан топырақ дуалмен, ал Сырдария жағынан биік жарлы қабақпен қоршалған. Осы төбеде және Ақтөбе-ІІ деп аталатын басқа да бөліктерінде қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл жерден сарай үйі толық аршылды. Төрт бұрышты құрылыстың ауд. 28X18,5 м. Сарай айқыш-ұшқыш салынған бес бөлмелі комплекстен және құрылыста батыстан шығысқа қарай орағытатын екі дәлізден тұрады. Сарайдың ортасында шаршы зал (3,6x3 м) бар, ол басқа бөлмелермен ішінара жолдар арқылы жалғасады. Залдың биік қабырғасы 6 м-ге жетеді. Шаршы залдың еденінің қақ ортасында құдық бар. Үй солтүстік-батыс бұрышындағы мұржасы жоқ қан тәріздес ошақтың отымен жылытылған.

Залдың айналасындағы бөлмелердің төбесі корап тәріздес етіліп жабылған, ал біреуінің төбесі күмбезделіп жасалған; бұл күмбез Қазақстан территориясындағы күмбез төбелердің ертеректегі типтерінің бірі болып табылады. Құрылыстың конструкциясында оның төбесі маңызды роль атқарған; баспалдақ арқылы оның үстіне шығып, төбедегі тесіктен ішке кіруге мүмкіндік болған.

Ақтөбе-ІІ сарайының қабырғалары, күмбез төбе арқылы өтетін жолдары төрт бұрышты және шаршы шикі кірпіштен қаланған. Біріншісінің мөлшері 47-52X23-32X10-12 см, екіншісінікі - 38-42X38-42 10-12 см аралығында, қабырғасы балшық ерітіндісімен ұстастырылған кірпіштерден қаланған, ал төбесі кірпіштерді көлденең қою арқылы күмбезделіп келтірілген.

Ақтөбе-ІІ қонысын қазған кезде одан көзенің бір коллекцпясы табылды: құмыра, саптаяқ, таба, хума, тұмсықты құмган. Көзе бұйымдарынан басқа керме, жебенің үш қырлы ұштықтары, алтын сырға, пышақ, сүйек айылбас, қола сақина, қызыл шыны орнатылған алтын әшекейлер табылды, бұлардың бәрі б. з. 1-4 ғасырларына жатады.

Сарай комплексінің уақытын анықтау үшін күмбезді бейіттен табылған заттардың маңызы зор. Өлік батыс жақ қабырғаны бойлата торкөз ағаш табытқа жерленген. Басы батысқа қаратылып, шалқасынан жатқызылған. Табылған заттар назар аударарлық: екі ағаш ыдыс, күміс пен алтын қорытпасынан соғылған сырға (асыл тас қойып әсемделген), қорамсақ пен садақтың қайыңның қабығынан істелген қабы, сүйек жапсырмалары бар ертедегі садақ, темір, қанжар. Бұл табылған заттарға қарағанда бейіт 4-5 ғасырлардың аралығына жатады, демек, қоныстың жоғарғы хронологиялық шегі б. з. 4 ғасырының басына сәйкес келеді. Қоныстың айналасында оба тәрізді бейіттер бар. Солардың ішінен қазылғандары:       Шаушықұм, Жамантоғай,Төребайтұмсық. Үңгірлердегі қуыстарға да өліктер жерленген. Бейіттерден екіден және одан да көп өліктердің қаңқасы, көптеген әшекей бұйымдар - моншақ, темір айылбас, сүрме тастар табылды.

Сырдарияның төменгі ағысында б. з. 1-мың жылдықтың басынан бастап Қауыншы және Отырар-Қаратау мәдениеті мен біртектес Жетіасар мәдениеті қалыптасты. Бұлай деп аталатын себебі - осы мәдениеттің ескерткіштері Жетіасар алқабынан алғаш рет табылып, зерттелген болатын; бұл мәдениетті б. з. 1-мың жылдығының басындағы басқа этникалық құрылыммен салыстыру әзірге қиын. Жетіасар ескерткіштері б. з. 3-7 ғасырларда хунн мәдениетінің әсері тиген Тохар тайпаларынан қалған деген болжам бар.

Жетіасар мәдениетінің ескі жұрттары көлемінің кеңдігімен, орналасуының айрықшалығымен және материалдық мәдениетінің ерекшелігімен сипатталады. Қазір бірнеше ондаған қалалардың ескі жұрттары мен қоныстар, сондай-ақ осылардың маңында орналасқан обалар белгілі. Ең ірі ескі жұрттардың бірі - Алтынасар. Ол трапеция пішінді келген төбе секілді. Ауданы 17 га шамасында. Ішінде төрт ғимарат ерекше, олардың біреуінің («үлкен үй» деп аталатынының) мөлшері 180X150 м, биіктігі 12-15 м. Бұл ғимаратты қазудың нәтижесінде екі құрылыс горизонтының бар екені анықталды. Кезінде С. П. Толстов оларды төменнен жоғары қарай «дән үгіткіш горизонты» және «қол диірмен горизонты» деп атаған болатын. Төменгі горизонтқа тән нәрсе - ұзын тар үйлердің параллель болып қатар түзілуі. Жоғарғы горизонтқа тән нәрсе - үйлердің ортасында ашық ошақтың, ал оның айналасында аласа сәкінің болуы. Үйлердің ұзын қабырғалары сыланған да, қысқа қабырғалардың кірпіші сыланбай сол күйінде қалдырылған. Үй іші қабырғаға жапсарластыра жасалғая ошақ отымен жылытылған. Үйлердің бірінен қыш пеш табылды. Төменгі горизонттағы залдардың бірінің қабырғалары ақ бояудың үстіне қызыл бояумен түсірілген дөңгелектер мен шоқ гүлдер түріндегі суретпен безендірілген, құрылыстар мөлшері 38X28X9 см-ден 50x30X10 см-ге дейінгі төрт бұрышты шикі кірпіштен, кейде пахса блоктарымен араластырыла отырып салынған.

Жетіасар мәдениетіне жататын басқа қоныстардың ішінен зерттелгендері: Бидайықасар, Томпақасар, Үңгірліасар, Жетіасар мәдениетіне жататын бейіттер көптеген обаларға топталады. Әсіресе монументті ғимараттар - мавзолейлер түріндегі бейіттер ерекше назар аударарлық. Солардың біреуі - «кіші үй» деп аталады. Оны қазудың нәтижесінде мавзолейдің дөңгелек үлгілі болғандығы анықталды. Қабырғасының биіктігі 10 м шамасында, ал диаметрі 30 м. Үй 6 м биіктікке келгенде дәлізбен қоршалған.

Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларындағы Қаңлы тайпаларының діни түсініктері жайындағы мағлұмат аз.      Тек археологиялық материалды талдау арқылы ғана кейбір пікір түюге болады. Ыдыстарға, қыш заттарға салынған күннің символы (крест, күннің таралған сәулелері) түріндегі таңбалар табиғат күштеріне, күнге, күн құдайына табынушылықты көрсетеді. Ал бойтұмарлардың табылуы анағұрлым ертеректегі діни сенімдерді аңғартады. Қазба жұмысы кезінде Ақтөбе бейітінен құстың тырнағы мен тұмсығын бейнелеген әдемі білезіктер табылған.

Оңтүстік Қазақстандағы қоныстардың орны мен обаларды қазған кезде әйелдің және еркектің алебастрдан істелген пұт мүсіндері, қоладан құйылған антропоморфтық бейнелер, ыдыстардағы антропоморфтық жапсырма суреттер табылды. Осылардың бәрін салыстыра келгенде Жетіасар бейнелерінің анағұрлым қарапайым екендігін аңғаруға болады. Бұл сияқты антропоморфтық бейне ескерткіштер Қазақстан жерінде ғана емес, сонымен бірге Орта Азияда да, Еділ бойында да, Солтүстік Кавказда да кездеседі. Бұл бейнелер көптеген тайпалар мен халықтарда тараған жоғары күшке табынумен байланыстырылады. Сиқыршы жайындағы дерек өте аз кездеседі. Жартастардың бетіне салынған жабайы аңдардың суреттері топтарының кейбіреулері, сірә, аңшылық және сиқырлық жағдаймен байланысты болуы тиіс.

Көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы тұрғындардың идеологиялық түсініктерінің көбі дерлік өлікті жерлеу рәсімінде бейнеленген. Бейіт үстіндегі ғимараттар, бейіттің формасы мен жасалуы, өліктің бейіт ішінде жатысы өзгеріп отырады; ал бұл өзгерістер халықтың этникалық құрамын ғана білдірмейді, сонымен бірге бір діннің орнына екінші діннің келгенін, қоғамның даму процесі барысында анағұрлым жетілдірілген діни системалардың пайда болғанын дәлелдейтін тайпалардың діни қөзқарастарындағы айырмашылықтар мен уақытша сипаттағы айырмашылықтарды да көрсетеді.

Хунндар (Ғұндар, һундар). Б. з. б. 1-мың жылдықтың 2-жартысында Евразия халықтарының қалыптасуында Орталық Азияның көшпелі тайпаларының ықпалы басым болды. Байқалдан Ордосқа дейінгі даланы этникалық жағынан әр түрлі тайпалар қоныстанды, бұл тайпалар алғашқы таптық қоғамға өту сатысында еді. Ал б. з. б. 4-3 ғасырларда Қытайдың солтүстігін мекендеген тайпалардың бірлестігі құрылды. Мұнда сюнну және дунху (солт., оңт.) тайпалық бірлестік қалыптасты. Мұның алғашқысы өз дәуіріндегі тарихи оқиғаларға, көрші елдердің тарихына едәуір ықпал етті.

Сюнну (хунну немесе ғундар) б. з. б. 3 ғ. күшті ел болды. Бұл тайпа атының шығу тегі жайында дерек жоқ. Кейінгі замандарда Сюнну (хунну) ғұндар аталып кеткен. Бәлкім «сюнну» тайпаның қытайша жазылуы болар. Қалайда бұл атаумен құрылған одақ Европа деректерінде кеңінен мәлім. Хунндардың этникалық шығу тегі де әлі анықталмаған мәселе. Көптеген зерттеушілер түркі халықтарының түп атасы деп тұжырымдайды. Хунндардың бірлестігі әр түрлі тайпалардан құралғандықтан саяси бірлестік атауы болуы да ықтимал.

Хунндардың күшті бірлестік болуы Қытай мемлекетіне ұнамады, сондықтан бұлардың арасындағы күрес 4 ғасырдан астам мерзімге созылды. Қытайдың әскери-саяси қуаты әлсіреген кезде хунндар орасан жеңіске жетіп отырды. Жылнамаларға қарағанда, хунндардың бірігуі б. з. б. 109 ж. «Хунн шаңырағының мәуелеуі» Мөде-шаньюйдің (Хунн билеушілерініц лауазымы) есіміне байланысты болған. Мөде (Бөде) хунндарды қуатты елге айналдырып, соңынан тоз тозын шығарды. Қалғандары Маньтжурияға, Монғолия мен оңтүстік Байқалға қашты. Сонымен қатар көршілес Саян-Алтай, Үйсін тайпаларына, одан әрі батысындағы Юечжи тайпаларына, оңтүстігінде Қытайға жорыққа аттанып, жеңіске қолы жетті. Б. з. б. 200 ж. Хань әулетінің негізін қалаушы Лю Банға соққы берді. Бірнеше әскери жорықта жеңіліс тапқаныан кейін, б. з. б. 188 ж. Хань императоры Мөдемен «бейбітшілік және туыстық» шарт жасасты. Шаньюйге Қытай патшасының қызы ұзатылып, ал Хань империясы хунндарға жыл сайын тарту беруге міндетті болды.

«Хунндардың шаньюйлеріне Байқал сыртынан Тибетке, Шығыс Түркістаннан Хуанхэның орта ағысына дейінгі кең аймақ қарады. Хунндардың аймағы кең-көсір болғанмен, іргесі әлсіз еді. Билік үшін қырқыс, ішкі-сыртқы тартыстардан б. з. б. 1 ғасырында бірлестік әлсірей бастады. Б. з. б. 59 жылы оларда өзара ұрыс басталды. Б. з. б. 47 жылы Хунндардың бірлестігі оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Оңтүстік Хунндар Хань империясына қосылды. Ал Чжи-Чжи (Шоже) бастаған хунндар 25 жыл тәуелсіздігін сақтап, Хань империясы мен оңтүстік туыстарының шабуылдарына тойтарыс беріп отырды. Ақыры солтүстік хунндар Солтүстік Монғолия мен Шығыс Түркістанның солтүстік бөлігіне қоныс аударды. Кейін олардың біраз белігі Тянь-Шаньға жылжып, Қаңлының тайпалық бірлестігімен жапсарлас қоныс тепті. Бұл хунндардың Қазақстан, Орта Азия жеріне жаппай келе бастаған кезі еді. 2-толқын б. з. 1 ғасырында болды. Хунндардың қысымымен жылжыған тайпалар ОрталықҚазақстанға да қоныс тепті.

Кейінгі дәуірлерде хунндардың атауы әр түрлі тайпаларға тән болып, олар аландар мен асстарды батысқа қарай ығыстырып, Арал меп Каспий теңізі маңына да орналасады. Сең сиякты аумалы-төкпелі көші-қон үш ғасырға созылды да, ақыры көшпелілер жер қайыстыра ауып, б. з. 4 ғасырында Шығыс және Орталық Европаның далаларына жетті. Европалықтар бұларды «гундар» деп атады. Халықтардың қоныс аударуы Қазақстанның Орта және Алдыңғы Азияның саяси, этникалық картасына едәуір өзгеріс енгізді.

Әлеуметтік тұрғыдан алғанда хунндарда алғашқы таптық бірлестіктер дамып, үлкен әскери-саяси күшіне айналды. Хунндар негізінен мал өсіруді кәсіп етті. Сыма Цянь жазбасына қарағанда, төрт түлік мал ұстап, көшіп-қонып тіршілік еткен. Көсемдерінен бастап барлық жүрты малдың етімен, сүтімен қоректеніп, оның терісінен киім тігіп киген. Сонымен қатар жазба деректерде хунндар отырықшы болып, жер өңдеуді кәсіп еткені айтылды. Байқал сыртындағы Нижне Иволгин қалашығын қазғанда лаймен сыланған еденнен сабанның қалдықтары, үй жылытатын кан жүйесі, тарының дәні, астық көметін ұра табылған. Бұдан хунндардың шаруашылығында жер кәсібі едәуір роль атқарғаны байқалады.

Хунндардың әскери жасақтарының негізі - атты әскер еді. Атты әскер садақпен, найзамен қаруланған. Садақтың ұшына үш қырлы темір жебе қадады. Сауыт бұзар жебе де болды.

Хунн қоғамында рулық-патриархаттық әдет-ғұрып қатал сақталған. Сыма Цяньның «Тарихи жазбасында» Хунндарда әмеңгерлік қатал сақталғаны айтылады. Дегенмен олардың рулық-патриархалдық құрылысында жаңа қоғамдық қатыстардың нышаны да байқалады. Бейітке пайдаланылған материалдардан Хунн қоғамындағы мүлік теңсіздігі аңғарылады. Төменгі қауым, әскери тұтқындар мен қол астындағы бағынышты аймақтардан алынған құлдар күң, малшы-жалшы, диханшы, қолөнерші қызметін атқарды.

Алғашқы таптық қоғамға тән қатынастар нығайды. Шаньюй жеке үстемдік жүргізіп, билік әкеден балаға мұрагерлік жосықпен қалып отырды. Шаньюйге едәуір күрделі мемлекеттік аппарат бағынды. Онда жоғары дәрежені патшалық құрушы шаңырақтың үрім-бұтағы бөлісті. Ақсүйектер дәрежеге қоса иеліктер де алды.

Хунн ақсүйектерінің ауқаттылығын әйдік обалардан табылған көптеген алтын, күміс заттар, кілемдер мен жібек маталар т. б. дүниелер дәлелдеп отыр. Бұл байлықтың негізгі көзі - құл саудасы мен халықтан жиналған салықтан түскен дүние еді.

Хунн мәдениеті жайындағы негізгі мәлімет ескерткіштерді қазған кезде алынды. Мәселен, Монғолия жеріндегі Ноин-Уладан табылған заттар жерлеу әдет-ғұрпын әрі ақсүйектердің байлығын дәлелдейді. Хунндар киіз үйде әрі қыстық үйде де тұрды. Иволгин қалашығын (Селенганың сол жақ жағасы, Улан-Удэнің 12 км оңтүстік-батыс жағы) қазған кезде олардың тұрғын үйлері жеркепе екені анықталды. Топырақтан соғылған керегелері іш жағынан сабан қосылған балшықпен сыланған.

Киімді теріден, жүн тоқымадан тіккен. Ауқаттылары қытай жібегінен немесе мақта-матадан көйлек киген. Күпі, шекпен, шалбарлар мал терісінен жасалды. Бай адамдар белдік, білезіктерді алтын, күмістен соқтырды. Асыл тастардан түрлі әшекей бұйымдар жасады. Олар тұрмысы мен шаруашылығында темірден жасалған заттарды да пайдаланды. Қыш ыдыстардың алуан түрін жасап, мыс қазан құйлы. Сонымен қатар тоқымашылық кәсібі бабына келтірілді. Түрлі сәндік бұйымдардың алуан түрлері жасалды.

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.165-170.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-03-24 16:46:52     Қаралды-367

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРША - ӨСІМДІКТІҢ ДӘРІЛІК ҚАСИЕТТЕРІ

...

Арша – биіктігі 4 метрге жуық, қысы-жазы көгеріп тұратын, бұталы өсімдік. Бұталары сұлап та жатады, кейде түзу өседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЙДЫ КЕМІРІП ҚОЙҒАН ҚАЙ МЫҚТЫ?

...

Баяғы замандардан бері адамдар көктегі Айдың неге кейде толып, дөп-дөңгелек боп тұратынын, ал кейде кеміп, жартысы ғана қалатынын, тіпті, жұқарып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НАУАТ (кинза шекері)

...

Жіпке ілінген ірі, жылтыр, мөлдір келетін қанттың бір түрі. Оны жасау үшін құмшекер және қосымша материал ретінде ақ жіп пайдаланылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАЛЫҚТАР НЕ ЖЕЙДІ?

...

Қоректену тәсілі бойынша балықтар шөпқоректілер (фитофагтар)...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АСЫЛ БҰЙЫМДАРДЫ ТАЗАРТУ

...

Кірлеген алтын бұйымдарды сабын суға малып, тіс жуатын щеткамен ептеп қана ысқылайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »