UF

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

Категориясы: Табиғат


САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ, Қазақтың қатпарлы өлкесі, Қазақстан қатпарлы жүйесі - Жер қыртысының қалыптасу тарихындағы тектоникалық ерекшеліктеріне сай, геологиялық құрылысы жағынан бір тұтас қарастырылатын Қазақстан жерінің ірі бөлігі. Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі. Соңғы деректер бойынша бұл аймаққа Сарыарқа түгелімен, Солтүстік Тянь-Шаньның біраз бөлігі, Жетісу, Жоңғар Алатауы, Шыңғыс, Тарбағатай таулары кіреді. Бірақ соңғы екеуін Зайсан геосинклиналь жүйесімен біртектес деген ұғым да басым болып жүр. Сарыарқа қатпарлы аймағының геолгогиялық шекарасы батыста Торғай ойысының ортасымен, оңтүстік-батыста Қаратау етегі, оңтүстікке Тянь-Шань сілемдері, солтүстік-шығыста Шыңғыс, Тарбағатай бөктерлері арқылы өтетін ірі жарылыстармен шектеледі. Солтүстік пен солтүстік-шығыста Батыс Сібір ойпатының астына қарай құлдилайды, ал оңтүстік-шығыста Қытайға өтеді. Жалпы ауданы 1,5 млн. км2. Сарыарқа қатпарлы аймағы - Қазақстанның ең көне және өте күрделі геологиялық құрылымы. Бір-бірімен күрделі ұштасқан, қатпарланған және қабаттаса келген, геологиялық жасы әр түрлі (протерозойдан төменгі триасқа дейін) геосинклинальдық зоналардан, ескі платформа жұрнақтарынан, ішкі массивтерден, ойыстардан тұрады. Қатпарлы құрылымдар байқал, каледон, герцин тектогенезі нәтижесінде қалыптасқан. Мезозойдан бері аймақ эпигерциндік платформа ретінде дамып келеді. Тұрақты бір бағытқа созылған Орал, Алтай, Тянь-Шань сияқты қатпарлы жүйелерден айырмашылығы Сарыарқа құрылымдары әр бағытқа шашырай, көбіне доға пішінді имек келеді.

Докембрийлік құрылымдар кең тараған, бірақ каледон, герцин тектогенездеріне геосинклинальдық процестерге қайтадан ұшырағандықтан, бұлар сақталмай, кейінгі жас құрылымдар (ойыстар) астында қалған. Ең көне саналатын төменгі протерозойдың тау жыныстары (абс. жасы 1700 млн. жыл) карел тектогенезі кезінде қалыптасқан платформаның қалдықтары (бөлшектері) рөтінде Ұлытауда (Арганаты, Ескөл, Қарсақбай), Көкшетауда (Бурабай, Зеренді, Есіл маңы), Солтүстік Тянь-Шаньда (Қырғыз Алатауы, Мақбел), ортаңғы және жоғары протерозой, рифей жыныстары каледондық геосинклинальдың төменгі ярусы ретінде Ерейментауда, Ешкіөлместе, Майқайың-Екібастұзда, Шу-Іле тауларында, Кіндіктаста, Қаратауда кездеседі. Бұлар амфиболит, гнейс, тақта тас, эклогит, кварц, мәрмәр сияқты метаморфогендік жыныстардан құралады.

Каледон құрылымдары (каледонидтер) докембрийлік жыныстармен бірге Сарыарқаның негізін, құрылымдық ірге тасын құрайды. Бір тұтас алғанда Сарыарқа қатпарлы аймағы сырт (шет) жағынан каледон құрылымдарымен қоршалған. Сарыарқаның батыс, оңтүстік-батыс жағында каледонидтер протерозойрифей құрылымдарымен бірге дөңесі батысқа бағытталған, доға тәрізді, миогеосинклинальдық белдеу құрайды. Ені 400 км-дей бұл белдеу Солтүстік Есіл бойынан басталып Сарыарқа сыртымен Ұлытау, Қаратау арқылы Солтүстік Тянь-Шаньмен жалғасады. Қатпарлы аймақтың шығысында эвгеосинклинальдық каледондық құрылым - Шыңғыс-Тарбағатай белдеуі қалыптасқан. Мұнымен қатар каледонидтер ірі геосинклинальдық зона, горст, антиклинорий, ішкі массив түрінде герцин құрылымдары арасында кеңінен тараған. Бұлар солтүстікте Көкшетау- Қарағанды-Павлодар қалалары аралығында, Бетпақдалада, Сарысу бойында, Шу-Іле тауларында, Жоңғар Алатауында, Балқаштың солтүстік жағалауында мол кездеседі. Шыңғыс пен Тарбағатай Сарыарқаның солтүстігі мен шығысында басымырақ тараған каледонидтер эвгеосинклинальдарға тән вулкантекті-шөгінді жыныстардан құралады. Каледонидтер негізінен салаир, такон тектогенез сатылары нәтижесінде қалыптасқан.

Герциндік құрылымдар (герцинидтер )тектогенез процестерінің соңғы туындылары ретінде аймақтың қатпарлық сипатын анықтады. Бұлар Сарыарқаның ішкі бөлігіндегі геосинклинальдық жолмен дамыған жүйелерде, протерозой, каледон құрылымдары бетіндегі ойпаңдарда үстеме (қондырма) мульдалар түрінде, миогеосинклиналь типтес аралық зоналарда кеңінен тараған. Аймақтың каледонидтері мен ішкі герциндік геосинклиналь жүйесі аралығында Сарыарқаның девондық-вулкандық белдеуі аталатын ірі геологиялық құрылым орналасқан. Бұл белдеу Семізбұғы маңынан бастап, Жақсықон, Сарысу алабы, Бетпақдала шеті, Желтау арқылы Ілеге өтеді де, Жоңғар-Балқаш геосинклиналь жүйесін сырт жағынан доғаша қоршайды. Аталған геосинклинальдың жүйесі ішінде жоғары палеозойдың орогендік жағдайында қалыптасқан Балқаш-Іле вулкандық белдеуі бар. Бұл негізінен андезит-дацит-липарит құрамды вулкандық жыныстардан құралады және карбон мен пермьнің вулкан текті шөгінділерімен толған Тоқырау, Солтүстік Балқаш, Іле мегасинклинорийлеріне, Саяқ, Арғанаты, Тастау, Бортанды синклинальдарына ажырайды. Тайыз теңіз тұнбаларымен үстеме (қондырма) ойпаңдар герцин геосинклиналь жүйесінен тысқары каледонидтер үстінде орнаған. Мұндай ойпаңдардың ірілері Аякөз, Мыржық, Қарағанды, Нұра, Теңіз, Есіл маңы, Сарысу-Теңіз аралығы, Жезқазған, Қаратау т. б. жерлерде белгілі.

Интрузиялық жыныстар геологиялық құрылымдарда, вулкандық белдеулерде, терең жарылыстар бойында белгілі заңдылықпен орналасқан. Гипербазиттер мен базиттер негізінен протерозой, каледон құрылымдарында терең жарылыстарды бойлай біткен белдеулер, ұсақ массивтер тобы, жеке интрузиялар түрінде кездеседі. Бұлардың ірілерінен Көкшетаудағы Златогор, Шортанды, Қызылмай интрузиялары тобын, Майқайың-Екібастұз, Жалайыр-Найман, Тектұрмас белдеулерін атауға болады. Интрузиялар Шыңғыста, Тарбағатайда, Солтүстік Жоңғарда, Іле Алатауында, Ұлытауда да кездеседі. Сарыарқа қатпарлы аймағында гранитоид интрузиялары мол. Кейбір құрылымдар, кең алаптар (Көкшетау, Іле сырты антиклинорийлері) түгел дерлік граниттен тұрады. Жоғары протерозойдың (рифейдің) кішігірім граниттері Ұлытауда, Шу-Іле тауларында, аймақтың солтүстігінде кездеседі. Гранодиорит-гранит формацияларына жататын каледон интрузиялары көне құрылымдардың бәрінде кең тараған. Солтүстікте Қырыққұдық, Бурабай, оңтүстікте Қордай, Талғар комплекстері сияқты ордовик пен силур интрузиялары мол. Бұлар шағын массивтерден бастап ауданы ондаған мың км2-ге жететін (Көкшетаудағы Зеренді батолиті 30 мың км2, Іле Алатауындағы Алматы интрузиясы 15 мың км2) орасан ірі батолиттер ретінде де қалыптасқан. Мұндағы каледон гранитоидтарының абс. жасы 540-420 млн. жыл. Герциндік гранитоидтар Сарыарқаның вулкандық белдеуінде, Жоңғар-Балқаш жүйесінде тараған. Жоғары палеозой интрузиялары габбро, диорит, гранодиорит, қалыпты гранит, аляскит, монцонит, граносиенит, сиенит құрамды келеді, көбірек тарағандары гранодиорит пен гранит. Бұлар Балқаш-Іле орогендік белдеуінде, аймақтың солтүстік-шығысында, Шыңғыс- Тарбағатайда т. б. орындарда кездеседі.

Жарылыстар (дизъюнктивтер) жүйесі. Сарыарқа қатпарлы аймағында бірнеше тектогенез процестерінің ұзақ уақытқа созылуынан қалыптасқан жасы әр түрлі ірі және шағын жарылыстар өте көп тараған. Бұлар Сарыарқаның үлкенді-кішілі геологиялық құрылымдарын әр бағытта тіліп тор тәрізді жүйе құрайды. Ірілері және тереңдері (жер қыртысының төменгі қабатына жетеді) - Шығыс Орал және Сарыарқа жер жарылыстары. Біріншісі аймақты Орал- Тянь-Шань жүйесінен, екіншісі аймақты бойлық бағытта қақ ортасынан тіліп өтеді. Солтүстік-батыс бойлық және солтүстік-шығыс бағыттардағы жарылыстардың қиылысуынан аймақта ромб тәрізді шағын құрылымдар қалыптасқан. Мұндай тікелей байқалатын жарылыстардан басқа геофизикалық тәсілдермен, космостан түсірілген фотосуреттер көмегімен айқындалатын жасырын жарылыстар да көп.

Әдеб.: Беспалов В. Ф. Геологическое строение Казахской ССР. А.-А., 1971.

  Жарияланған-2020-10-14 11:46:57     Қаралды-456

Мәлімет сізге көмек берді ма

ШӨЛ ДАЛА – ТҰЛДЫР ДАЛА МА?

...

Ең үлкен шөл далалар - Азиядағы Гоби мен Африкадағы Сахара. Ал бізде - Қарақұм.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНИМАЛИСТ ДЕГЕН КІМ?

...

ЖИДЕК іздеп орманды шарлап-шарлап әбден шаршаған кішкене қонжық кенет отыра кетті. Суретшінің шебер қолы қонжықтың ұйпа-тұйпа мамық жүнін, таңғала қараған аңғал көзін айнытпай жеткізген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАДАМ - ЖҮРЕККЕ ЖАҚСЫ

...

Бадам – онша биік емес, жоғарғы жағы жайыла өскен ағаш. Жапырақтары сопақша, шеттері ара тісті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПИНГ-ПОНГ СПОРТЫ

...

Алғашқы пинг-понг (стол теннисі) бәсекесі 1900 жылы Англиада өткізілген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Жалынды кемпірқосақ

...

Жалынды кемпірқосақ ең сирек кездесетін атмосфералық феномендердің бірі болып табылады – ол кемпірқосақтардан жасалынған бұлт сияқты көрінеді. Ол ешқандай да кемпірқосақ емес және отқа қатысы да жоқ, бірақ бұл табиғат құбылысы ешкімді де енжар қалдырмайды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТАҢҒЫ АСҚА АРНАЛҒАН 30 РЕЦЕПТ БУТЕРБРОДТАР

...

Таңғы асқа арналған 30 рецепт бутербродтарды ұсынамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »