UF

14 ТҮРЛІ ПАЙДАЛЫ ТОСАПТАР (СИРОП)

Категориясы: Тағам



Помидор тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм помидор, 1 килограмм қант, 2,5 кесе су, жарты шай қасық ванилин.

Дайындау тәсілі:

Тосап қайнату үшін мөлшері бірдей, ұсақтау қызыл помидорлар іріктеледі. Ол үшін жарақатталған, езілгендері алынып тасталынады. Жарайды дегендері жақсылап жуылып, тосап қайнатылатын тегенеге салынады.

Қанттың үстіне су құйылып қайнатылады да сироп дайындалады. Ол тегенедегі помидордың үстіне құйылады. Сөйтіп бір тәулік беті жабылып қойылады. Осы мерзім өткеннен кейін сироп бөлек құйып алынады. Содан соң сәл қайнатылып, қайтадан помидор үстіне құйылады. Үшінші күні осы операция тағы бір қайталанылады. Төртінші күн дегенде тегенедегі помидор сиропымен қоса бәсеңдеу отқа қойылып, қайнатылады. Қайнап жатқан кезде ауық-ауық көбігі алынып тасталып отырады. Қайнағаннан кейін ванилин қосылып, араластырылады.


 

Сәбіз тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм сәбіз, 1 килограмм қант, 1 литр су, жарты шай қасық ванилин.

Дайындау тәсілі:

Өңкей сарғыш сәбіздер іріктеліп, қабығы аршылады. Ұзыншалап (дөңгелектеп, төрт бұрыштап, жұлдызшалап) кесіледі. Әсіресе жұлдызшалап кессе, тосап әсем көрінеді. Сәбіз кесінділері тосап қайнатылатын тегенеге салынын үстіне су құйылады. Отқа қойылады да, ауық-ауық көбігін ала отырып, қайнатылады. Сәбіз жұмсарған кезде үстіне қант салынады. Содан соң от басыңқырап қойылып, сәбіз жылтырағанша тағы да қайнатылады. Хош иіс шығару үшін, қайнап болды-ау деген кезде ванилин қосылады.


 

Құлпынай тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм құлпынай, 2 килограмм қант, жарты кесе су.

Дайындау тәсілі:

Жеміс-жидек ішінде ерте пісетіні құлпынай. Соған орай тосап та ерте қайнатылады.

Тосап қайнату үшін құлпынайдың тым уылжып піспегендері іріктеледі. Ол әуелі салқын сумен жуылады. Содан соң ұсақ көзді кепсермен сүзіп, таза дәкенің үстіне салынады да, суынан әбден сорғытылады. Сорғығаннан кейін сабақ, жапырақтарынан тазартылады да, әмальды ыдысқа салып, үстіне қант қосылады. Жақсылап араластырылып, 5-6 сағат салқын жерге қойылады.

Тосап қайнатуға арналған ыдысқа сәл-пәл су құйылып, қант салынады. Сөйтіп сироп дайындалады. Сол сироптың үстіне манағы дайындалған құлпынай салынады да, отқа қойылады. Бұл кезде сиропты әлсін-әлсін араластырылып тұрған жөн. Әйтпесе қант бір жерге жиналып, дұрыс ерімейді, тұтасып, кесектеліп қалуы да мүмкін.

Сонымен сироп қайнай бастаған кезде тосап оттан түсіріліп, суытылады. Бұл процесс осылайша 2-3 рет қайталанады. Өйтпеген күнде құлпынай езіліп кетеді де, тосаптың сапасы нашарлайды. Оның үстіне езілген құлпынай көз тартпайды.


 

Тәтті шие тосабы

 

Құрамы:

1 килогратм тәтті шие, 1 килограмм қант, 1 шай қасық лимон қышқылы.

Дайындау тәсілі:

Тәтті шие іріктеледі, жапырақ, сабақтары, езілген, піспегендері алынып тасталынады. Кеңірек ыдысқа салынып, салқын сумен жуылады. Содан соң ішіндегі сүйегі алынады да, үлкен тегенеге сүзіп салынып, үстіне қант қосылады да, 2-3 сағат салқын жерге қойылады. Олай етпеген күнде үстіне ыстық сироп құйылып, 3-4 сағат суытылады. Содан кейін тегене отқа қойылады. Бірақ от барынша басылады. Бір қайнаған соң от барынша жағылып, 2-3 рет қайнатып алынады.

Егер сүйегін алып қайнатуға мүмкіндік болмаса немесе оны аспаз қаламаса, онда тәтті шиені инемен піскектеп, үстіне ыстық сироп құйып, 3-4 сағат суытуға болады. Одан кейін, яғни суыған соң, отқа қойылып, қайнатылады. Дайын болды-ау деген кезде, яғни 3-4 минут қалғанда лимон қышқылы құйылады.


 

Таңқурай тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм таңқурай, 1 килограмм қант, 1 шай қасық шарап қышқылы.

Дайындау тәсілі:

Бұл тосапты жидек жиналған күні қайнатқан дұрыс. Әйтпесе ол жұмсарып кетеді де, сапасы нашарлайды.

Ең әуелі жидек іріктеледі, жұмсарып кеткендері, яғни қоңыр тартқандары, піспегендері алынып тасталынады. Содан соң таңқурай қоңызының личинкасынан тазартылады. Іріктелген таңқурай эмальды тегенеге немесе аласалау, бірақ кең кастрюльге салынып, үстіне қант қосылады да, 3-4 сағат салқын жерге қойылады. Осы мерзім ішінде жидекке қант әбден сіңіп болады. Содан кейін қалған қант таңқураймен араласу үшін ыдысты ақырын-ақырын шайқап (таңқурайды шөмішпен, кепсермен араластыруға болмайды, өйткені езіліп кетеді), отқа қойылады. Ол әбден қоюланғанша қайнатылады. Оттан түсірер алдында сәл шарап қышқылы қосылады. Сөйтіп тағы да 2-3 минут қайнатып барып, оттан алынады.


 

Қара өрік тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм қара өрік, 1,5 килограмм қант.

Дайындау тәсілі:

Әбден піскен өрік іріктеліп алынады. Тым пісіп кеткендері, піспегендері, жапырақ, сабақтары, өткір пышақпен тілініп, әрқайсысының сүйегі алынып тасталынады. Жақсылап жуылып, үстіне бөлек дайындалған сироп құйылып, 6-8 сағат беті жауып қойылады. Сироп дайындау үшін 1 килограмм қантқа, 1,5 кесе су құйып, қойылғанша қайнатылады. 6-8 сағаттан соң қара өрік салынған ыдыстың беті ашылып сиропы құйып алынады да, отқа қойылып, суалдырылады. Сөйтіп қайтадан қара өріктің үстіне құйылады. Осы процесс 2-3 рет қайталанған соң, тосап бәсең отқа қойылып, дайын болғанша қайнатылады. Өрік тосабының да дайындалу технологиясы мен құрамы осындай. Әркімнің қалауына қарай қант мөлшерін азайтуға не көбейтуге болады.


 

Алша тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм алша, 1,5 килограмм қант.

Дайындау тәсілі:

Әуелі алша іріктеліп, жапырақ, сабақтарынан тазартылады. Жақсылап жуылады. Содан соң қайнап жатқан сиропқа (қара өрік сиропы секілді дайындалады) салынады да, отты басыңқырап қойып қайнатылады. 10-20 минут қайнағаннан кейін оттан түсіріледі де, суытылып, сироп құйып алынады. Содан соң отқа қойылып, суалдырылады да, қайтадан алшаның үстіне құйылып, отқа қойылады. Сөйтіп тағы да 10-20 минут қайнатылады. Осы процесс 2-3 рет қайталанады. Тосап дайын болғанда жеміс жылтылдап, сироп әбден қоюланады.


 

Жүзім тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм жүзім, 1 килограмм қант.

Дайындау тәсілі:

Жүзімнің де піскендері мен бүтіндері іріктеледі, жапырақ, сабақтары алынып тасталынады. Салқын сумен жуылып, 1-2 минут ыстық су шашылады. Содан соң қайнап жатқан сиропқа (сироп дайындау үшін 1 килограмм қантқа 1,5 кесе су құйып, қайнатылады) салынып, бір қайнатып алынады да, оттан түсіріп, 6-8 сағат беті жабылып қойылады. 6-8 сағаттан кейін сиропы құйып алынады да, екінші рет қайнатылып, оған манағы бір қайнаған жүзім қайта салынады. Сөйтіп тағы бір қайнатылып, оттан алынады да, екінші рет 6-8 сағат беті жабылып қойылады. Осы мерзімнен кейін отты бәсеңдетіп қойып, әбден дайын болғанша қайнатады.


 

Айва тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм айва, 1,5 килограмм қант.

Дайындау тәсілі:

Алдын ала іріктелген айва жуылып, қабығы аршылады. Өзегі алынып тасталынады да, төртке бөлінеді. Содан кейін аздаған суға салынып, 15-20 минут бүлкілдетіп қана қайнатылады да, жеміс сүзіп алынады. Ал суына қант салып қайнатылады да, сироп (1,5 килограмм қантқа 1,5 кесе су есебімен) дайындалады. Сироп қайнатылып, оттан түсіріледі де, оған манағы бір қайнаған айва салынып 5 сағаттай беті жабылып қойылады. Содан соң 10 минуттай тағы да қайнатылады да, оттан түсіріліп, 3-4 сағат суытылады. Осы процесс 4 рет қайталанады. Дайын болған тосаптың айвасы шыныдай жылтырап тұрады, ал тосаптың өзі райхан гүлінің түсіндей түске енеді.


 

Қауын тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм қауын, тіліктері, 1 килограмм қант, жарты шай қасық лимон қышқылы.

Дайындау тәсілі:

Қауыннан да жақсы тосап шығады. Әуелі қауын жақсылап жуылады. Ортасынан қақ тілініп, дәні алынып тасталады. Қабығы аршылады да, кеңірек ыдысқа төрт бұрыштап туралады. Үстіне осы мақсатқа арналған қанттың жартысы салынып, 2-3 сағат беті жабылып қойылады. Қалған қанттан сироп (айва сиропындай) дайындалады. Оған қауын сөлі құйылып, бір қайнатып алынады. Сөйтіп осы ыстық сироп ыдыстағы қауын кесектерінің үстіне құйылады да, 6-8 сағат беті жабылып қойылады. Содан соң сиропы құйып алынып, тағы бір қайнатылады да қайтадан қауын кесектерінің үстіне құйылады. Осы процесті 2-3 рет қайталағанда тосап та дайын болады. Ең соңғы рет қайнатарда лимон қышқылы құйылады.


 

Алма тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм алма, 1 килограмм қант.

Дайындау тәсілі:

Алма салқын сумен жуылады. Қабығы аршылып, өзегі алынып тасталады. Жұқалап туралады. Ыдысқа салынып, үстіне ыстық су құйылады. Сонда, біріншіден, алма тілімдері қарайып кетпейді, екіншіден, жақсы жұмсарады. Сонымен 5-6 минуттан кейін алма тіліктері сүзіп алынып, суық суға салынады. Ал алма салынған әлгі ыстық судың 1,5 кесесін кеңірек әмальды ыдысқа құйып, үстіне 1 килограмм қант салынады да, қайнатылып, сироп дайындалады. Салқындаған алма тіліктері сүзіп алынып, осы сиропқа салынады да, сироп 3-4 сағат суытылады. Содан кейін бәсеңдеу отқа 5-6 минут бүлкілдетіп қайнатып, тағы да салқындатылады. Осы процесс 3-4 қайталанғанда алма тіліктері шыныдай жылтырап шыға келеді. Бұл - тосап дайын болды деген сөз.


 

Алмұрт тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм алмұрт, 1,5 килограмм қант, жарты шай қасық лимон қышқылы.

Дайындау тәсілі:

Толық пісе қоймаған алмұрттар іріктеліп, қабығы аршылады, өзегі алынып тасталып, жұқалап кесіледі. Сөйтіп әмальды ыдысқа салынып, үстіне алмұрт кесінділері толық батып жататындай етіп суық су құйылады да, жұмсарғанша қайнатылады. Тосап қайнатуға арналған эмальды кең ыдысқа қант салынады. Үстіне әлгі алмұрт қайнатқан судан 2,5 кесе құйып, отқа қойылады да, қайнатылып, сироп дайындалады. Осы сиропқа манағы жұмсартылған алмұрт тіліктері салынып немесе сироп (шағын ыдысқа дайындалса) алмұрт үстіне құйылып, 3-4 сағат суытылады. Суыған соң бәсең отқа 5-6 минут бүлкілдетіп қайнатылады да, 6-8 сағат тағы да суытылады. Осылай 3-4 рет қайталанғаннан кейін тосап дайын болады. Соңғы рет қайнатарда лимон қышқылы қосылады.


 

Қарақат тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм қарақат, 1,5 килограмм қант, 1 шай қасық шарап қышқылы.

Дайындау тәсілі:

Қарақаттың ең ірілері іріктелініп, шөпшаланынан тазартылады. Салқын сумен жуылып, таза дәке не қағаз үстіне жайылады. 1 килограмм қант ыдысқа салынып, үстіне 2,5 кесе су құйылады да, қайнатылып, сироп дайындалады. Оған дейін қарақат та әбден дегдиді. Дегдіген қарақат тосап қайнатылатын ыдысқа аударылып, үстіне ыстық сироп құйылады. 10-15 минуттан кейін отқа қойылып, 40-50 минут қайнатылады. Оттан түсірер алдында шарап қышқылы қосылады.


 

Тұшала тосабы

 

Құрамы:

1 килограмм тұшала, 1,5-2 килограмм қант.

Дайындау тәсілі:

Өте дәмді болады. Тосап қайнату үшін оның толық піспегендері, сондай-ақ барынша ірілері таңдалады. Тұшаланың қабығы қатты келеді. Соған байланысты қант оған өте алмайды. Сондықтан да тосап қайнатуға арналған әрбір тұшаланы ерінбей тебен инемен піскілеп, тесу керек. Сөйтіп салқын сумен жуылып, жарты сағат салқын суға салынып қойылады.

Осы екі аралықта 1 килограмм тұшалаға 1 килограмға жуық қант салынып 2,5 кесе су құйылады да қайнатылып, сироп дайындалады.

Содан кейін тұшала кепсермен салқын судан сүзіп алынып, тосап қайнатылатын ыдысқа салынады да, үстіне ыстық сироп құйылады. Сөйтіп 2 сағат беті жабылып қойылады. Осы мерзімнен кейін тұшала тағы да сүзіп алынып, сироп 5 минуттай қайнатылады. Қайнаған сиропқа әлгі сүзіп алынған тұшала қайта салынады. Осы процесс 3-4 рет қайталанғанда тосап та дайын болады. Дайын тосап тұшаласының түсі қоңыр тартып тұрады.

  Жарияланған-2016-09-18 21:54:13     Қаралды-3110

Мәлімет сізге көмек берді ма

Загрузка...

ҚЫЛҚАН ЖАПЫРАҚТАРДЫҢ БҰТАҚТА ҰЗАҚ САҚТАЛУЫНЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

...

Қарағай, шырша, самырсын, аршалардың жапырақтары бұтағында түспей 3 жылдан 10 жылға дөйін сақталады. Солай десек те, жапырақтары мүлдем түспейді - деу дурыс емес. Себебі жыл сайын бірді-екілі жапырақтары түсіп, оның орнын жас жапырақтары алмастырып тұрады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Арыстан прайдтың бастаушысы болған кезде ол барлық арыстанның күшіктерін өлтіреді

...

Африкандық арыстанның аталығы прайдтың бастаушысы болған кезде ол алдындағы еркек арыстандардың барлық күшіктерін өлтіреді. Бұл оның тұқымын көбейтуге мүмкіндік береді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУРЕТ ЖӘНЕ СУРЕТТЕМЕ

...

Суретшінің қыл қаламмен бояу жағып емес, қарындаш, көмір, сангина, қаламұш арқылы сызып салған шығармасын сурет деп атаймыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КӨРКЕМ ГИМНАСТИКА ТАРИХЫНАН

...

Көркем гимнастиканың өмірге жолдама алған жері Европа контингенті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Әдемі – ақымақ дегенді білдірмейді

...

Егер сіз тіпті ескі американдық киноларға қызықпайтын болсаңыз да, сізге керемет әдемі актриса Хеди Ламаррдың түрі таныс шығар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ХАЛВАЙТАР

...

Ұннан жасалған сүйық алуа осылай деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »