UF

СУҒА ШЫҚҚАН МАҢЫЗЫ - 30 ТҮРЛІ ҚАРАПАЙЫМ ИНГРЕДИЕНТТІ СОРПАЛАР

Категориясы: Тағам


Сорпа - ас қорыту органдарының жұмысын жақсартатын, адамның тәбетін ашып, тіпті бойын сергітетін тағам. Қазақ халқы сорпа деп төрт түліктің, аңның, балықтың, құстың қайнатып пісірілген етінің суға шыққан сөлін, маңызын, майын айтады. Дәлірек айтқанда, асқан еттің бүкіл нәрі сорпа деп аталады. Сорпаны еті сылынып алынған сүйектен де дайындауға болады.

Осындай дәмді тағам дайындау үшін етпен бірге май, көкөніс, түрлі жармалар, ұн, бұршақ тұқымдастар, макарон, вермишель, балық, құс еттері, көктер, дәмдеуіштер, татымдылықтар пайдаланылады. Бұлардың құрамында адам организміне пайдалы белок, май, углевод, витаминдер, минералды заттар болады.
Сорпа дайындаудың негізгі-негізгі екі әдісі бар. Біріншісі - ет-сүйек сорпасын қайнату яғни етті асу. Етті ірі-ірі етіп турап та, ұсақтап турап та қайнатуға бола береді. Сорпа дайындау үстінде оған ұсақтап кесілген пияз, тағы басқа көкөністер салынады.
Бұл тағамды дайындаудағы ең жауапты проқесс - осы сорпа қайнату. Ол үшін дайындалған ет салқын суға салынып, бір қайнаған соң от басыңқырап қойылады. Ауық-ауық көбігі алынып отырады. Сорпаны қатты әрі көп қайнатуға болмайды. Ондай сорпа шулығып, дәмі мен татымынан айырылады.
Екінші әдіс - ұсақтап туралған етті пияз, тағы басқа көкөністер қосып қуыру. Мұндай сорпаның жағымды түсі мен дәмі болады. Оның үстіне сорпа дайындауға кететін уақыт та қысқарады.
Сорпаның құрамында адам ағзасына қажетті де пайдалы заттар мол. Бірақ сорпа сол пайдалы заттарын 2-3 сағат ғана сақтай алады. Сондықтан да сорпаны одан әрі сақтаудың қажеті жоқ.
Сонымен, ендігі әңгіме сорпа дайындау технологиясы жайлы болмақ.

Күлшелі сорпа

Құрамы: 
1 килограмм ет өнімдері (ет, бүйрек, жүрек, өкпе), 3 пияз, 2-3 помидор, салмағы 400 грамдық 2 күлше, бір ас қасық аскөк, тұз бен дәмдеуіштер татымына қарай.
Дайындау процесі:
Қойдың еті, бүйрегі, жүрегі, өкпесі салқын сумен жуылып, кастрюльге салынады да, отты басыңқырап қойып, қайнатылады. Бір қайнағаннан кейін көбігі алынады. Үстіне ұсақтап туралған пияз салынады. Ал пісуіне 15 минуттай қалғанда жуылып, туралған помидор, дәмдеуіштер салынып, тұздалады.
Ет өнімдері қайнап жатқан күлше дайындалады. Ол үшін қамыр иленіп, аздап демін алдырған соң пешке немесе духовкаға пісіріледі. Ауылдық жерлерде отқа көмуге болады.
Дастарқанға әкелерде ет өнімдері де, күлше де, пияз да, аскөк те ұсақтап туралып араластырылады да сапар кесеге немесе шұңғыл табаққа салынып, үстіне сорпа құйылады.

Қара сорпа 

Құрамы: 
500 грамм ет, 3 ас қасық қорытылған май, 3 пияз, 2 помидор, 1 ас қасық аскөк, дәмдеуіштер мен тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Қойдың сүйексіз жұмсақ етінен дайындалады. Ет әрбір кесеге 20-40 грамнан келетіндей етіліп кесіледі де әбден қызарғанша қуырылады. Содан соң ұсақтап туралған пияз қосылып, 5-7 минут тағы да қуырылады да, үстіне су құйылып, отты басыңқырап қойып пісіріледі. Пісуге 10-15 минут қалғанда туралған помидор, дәмдеуіштер салынып, тұздалады.
Бұл тағамның пісу проқесінде үстіне қабығы аршылған ұсақ картоп, болгар бұрышын, помидор мен сәбіз де салуға болады. Егер жас қияр табылмаса кепкен помидор немесе томат пюре де жарай береді.
Піскен сорпа дастарқанга әкелерде зерен кесеге құйылып, бетіне ұсақталған аскөк себіледі.

Сирақ сорпасы 

Құрамы: 
Қойдың 4 сирағы, тілі, жүрегі, қос бүйрегі, өкпесі, 5 пияз, 2 тал петрушка, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Қойдың үйтілген сирағы әбден тазартылып, кастрюльге салынады да, үстіне салқын су құйылып, отты басыңқырап қойып қайнатылады. Бір қайнаған соң көбігі алынып, қайта-қайта сапырылады да ұсақтап туралған пияз, көк қосылады. Тұздалып, бұрышталады. Сөйтіп одан әрі қайнатылады. Сирақ аздың етсе оған тіл, бүйрек, өкпе қосып пісіруге болады.
Сирақ піскен соң сорпа сүзіледі. Сирақтың құйқасы сүйегінен сылынады да дастарқанға жайпақ ыдыспен әкелінеді. Ал сорпа кесеге құйылып, бетіне көк себіледі.

Әсемдеп кесілген кеспе салынған ет сорпасы

Құрамы: 
1 килограмм ет, 2 пияз, 2 кесе ұн, 2 жұмыртқа, жарты кесе сүзбе (қатық, қаймақ, айран), 1 ас қасық петрушка, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Кастрюльге ет пен сүйек салынады, ұсақтап туралған пияз қосылады. Сөйтіп отқа қойылып, бабымен қайнатылады. Тұздалып, бұрышталады.
Бұдан бұрынғы кеспелі сорпаға дайындағандай қамыр иленеді. Оқтаумен жұқалап жайылады. Содан соң 4x4 сантиметр мөлшерінде төртбұрыштап немесе қиғаш төртбұрыштап кесіледі де, бөлек ыдыстағы тұзды суға салып пісіріледі. 10-12 минуттан кейін кепсермен сүзіп алынады.
Дастарқанға әкелерде кеспе сапар кесеге салынып, үстіне сорпа құйылады. Сүзбе салынып, бетіне көк себіледі.

Құйрық май сорпасы

Құрамы: 
қойдың 500 грамм жұмсақ еті, 100 грамм құйрық май, 1 кесе ұн, 4-5 түйір картоп, 2 пияз, 1 ас қасық ұсақтап кесілген петрушка, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Қой еті ұсақтап туралады. Бірақ оның әрбір кесегі 25-30 грамнан аз болмау керек. Кастрюльге салынып, үстіне салқын су құйылады да 25-30 минут бабымен қайнатылады. Тұздалып, бұрышталады. Содан соң сорпаға үздіксіз бұлғап тұрып, әбден еленген ұн себеленеді (табылса, жүгері ұнын пайдаланған жақсы, табылмаса ақ ұн да жарай береді). Ұсақтап туралған картоп, пияз қосып, сәл ғана қуырылған құйрық май салынады. Сөйтіп үздіксіз бұлғай отырып, әбден пісіріледі.
Дастарқанға қоярда сапар кеселерге құйылып, бетіне ұсақтап кесілген петрушка себіледі.

Кеспе салынған үйрек сорпасы 

Құрамы: 
500 грамм үйрек еті, 3 пияз, 1 сәбіз, 2 картоп, 300 грамм ұн, 2 жұмыртқа, бір шымшым тұз (қамыр илеу үшін), 1 шай қасық ұсақталған аскөк, сорпаға тұз бен бұрыш татымына қарай салынады.
Дайындау процесі:
Бір қасық суға тұз езіп, жұмыртқа жарылады да, ұнға қосып, қамыр иленеді. Содан кейін оқтаумен жақсылап жазылып, стол үстіне жайылып тасталады.
Үйректің сирақтары, басы кесіліп, ішек-қарны алынып тасталынады да, өзі мүшеленеді. Сөйтіп суық суы бар кастрюльге салынып, 1 сағат 20 минуттай қайнатылады. Қайнаған соң көбігі алынып, сақиналап туралған пияз салынады. Содан соң ұзыншалап кесілген сәбіз, кеспе, картоп қосылып тұздалады да әбден пісіріледі.
Піскен сорпа зерен кесеге құйылады да үстіне бір кесек үйрек еті салынып, бетіне көк себіледі.

Ащы сорпа 

Құрамы: 
200 грамм сиыр еті, 150 грамм қойдың сүр еті, сиырдың 180 грамм тілі, тұздалған 2 қияр,2 пияз, 1 ас қасық ерітілген май (пияз қуыру үшін), 2 ас қасық томат, 4 ас қасық қаймақ, 2 ас қасық ұсақтап туралған аскөк, жарты шай қасық тұз, бірнеше лавр жапырағы.
Дайындау процесі:
Іріктеліп алынған тұздалған қиярдың қабығы аршылады. Ішіндегі дәні алынып тасталынады. Жұқалап кесіліп, ет сорпасына пісіріледі.
Пияздың да қабығы аршылады. Ұсақтап туралады. Содан соң бөлек ыдысқа салынып, шала қуырылады.
Бөлек пісірілген ет тақтай үстіне қойылып, жұқалап кесіледі.
Қайнап жатқан сорпаға томат қосылып, әлгі шала пісірілген пияз, ет, лавр жапырағы салынады. Сәл қайнатылып тұздалады.
Әбден піскен соң тарелкаға құйылады. Дастарқанға әкелерде бетіне қаймақ құйылып, көк себіледі.

Жылқының сүр еті қосылған ащы сорпа

Құрамы: 
175 грамм қазы, 165 грамм жая, 185 грамм шұжық, 2 ас қасық сары май (томат және пияз қуыру үшін), 2 пияз, 2 ас қасық томат, тұздалған 2 қияр, 2 ас қасық аскөк, жарты шай қасық тұз, бірнеше лавр жапырағы.
Дайындау процесі:
Жылқының сүр еті, қазы, шұжық, жая ұсақтап туралады. Кастрюльге салынып, үстіне су құйылады да отқа қойылады. Оған сары майға қуырылған томат пен пияз, қабығы аршылып, дәні алынып тасталынған, сөйтіп ұсақтап туралған тұздалған қияр қосылады да үстіне сорпа құйылып, тағы да қайнатылады,
Піскен кезде зерен кесеге не болмаса шұңғыл тарелкаға құйылып, үстіне ұсақтап туралған көк себіледі.

Өзбек сорпасы

Құрамы: 
440 грамм қой еті, 2 ас қасық маргарин майы (пияз қуыру үшін), 4 ас қасық қаймақ, 8 түйір картоп, 6 түйір помидор, 1 пияз, 1 сәбіз, тұз бен дәмдеуіштер татымына қарай.
Дайындау процесі:
Ет бөлек асылады. Екінші кастрюльге қабығы аршылып жуылған, сөйтіп туралған картоп салынып, үстіне сорпа құйылады да отқа қойып қайнатылады. Содан соң помидор, шала қуырылған пияз, сәбіз, дәмдеуіштер қосылады. Ұн салынып, жақсылап бұлғанады да одан әрі пісіріледі.
Дастарқанға қояр алдында шұңғыл ыдысқа құйылып, бөлек пісірілген ет кесектері салынады да үстіне қаймақ құйылады.

Қырғыз сорпасы 

Құрамы: 
500 грамм қой еті, 4 түйір картоп, 2 помидор, 2 пияз, 20 грамм құйрық май, тұз бен бұрыш татымына қарай.
Дайындау процесі:
Қой еті сүйегімен бірге шабылады да тұздалып, бұрышталады. Сөйтіп қазандағы қыздырылған құйрық майға салынып қуырылады. Содан соң сақиналап кесілген пияз бен помидор қосылып, одан әрі қуырыла береді. Әбден қуырылды-ау деген кезде үстіне сорпа немесе су құйылып, 5-10 минут қайнатылады. Қайнағаннан кейін ұсақтап туралған картоп қосылып, қазанның қақпағы жабылады да одаң әрі пісіріледі.
Піскен сорпа дастарқанға әкелерде шұңғылдау тарелкаға құйылып, үстіне көк себіледі.

Борщ

Құрамы: 
2 түйір қызылша, 1 жас капуста немесе 480 грамм тұздалған капуста, 4 сәбіз, 4 пияз, 2 шай қасық қант, 3 ас қасық томат, 2 ас қасық 3 проценттік сірке суы, 4 ас қасық қаймақ, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Адам организміне өте сіңімді тағамдардың бірі - көкөністерден дайындалатын борщ. Борщ пісіру үшін қызылша, томат, сәбіз, пияз,тағы басқа көктер негізгі өнім болып табылады. Капуста, картоп, бұршақ, жас бұрыш, қара өрік және ет борщтың түрлеріне қарай қосымша пайдаланылады. Борщқа қой, сиыр, құс еттері қолайлы.
Борщтың негізгі өнімінің бірі - қызылша дедік. Ол екі әдіспен дайындалады.
Бірінші әдіс. Қызылша ұзыншалап кесіледі. Үстіне томат, май салынады, сірке суы және азғантай су құйылып бұқтырылады. Қызылшаны сірке суын құймай-ақ пісіруге болады. Бірақ онсыз қызылшаның түсі солғын тартып кетеді. Соған орай оның түсін сақтау және тез пісіру мақсатымен пісуіне 10 минуттай қалғанда сірке суын құйып, томат салынады. Қызылшаны бұқтыру кезінде бір қайнағаннан кейін отты басыңқырап қойған дұрыс. Өйткені қатты қайнаса сірке суы ұшып кетеді.
Екінші әдіс. Қызылша суға қабығынан аршылып та, аршылмай да пісіріледі. Қабығы аршылмай пісірілсе піскеннен кейін қабығы аршылады, ұзыншалап кесіледі. Сірке суы құйылып, томат салынады да қайнатылады.
Борщқа әуелі қызылша, одан кейін ұсақтап кесілген сәбіз, жас капуста, пияз салынады. Ал ашытқан капуста салынатын болса ол әуелі бөлек ыдысқа бұқтырылады, тіпті қызылшамен қосып бұқтырса да болады. Сөйтіп, қызылша мен капуста бірге салынып пісіріледі. Сірке суымен бірге қайнаған картоп ойдағыдай піспейді. Соған орай борщқа ең алдымен картоп салынуға тиіс.
Борщтың түсін қызыл күрең ету үшін қызылшаның шырыны, яғни сөлі құйылады. Оған қызылша, капуста консервілері де пайдаланылады.
Ал егер борщқа жас капуста салынатын болса, ол қайнаған сорпаға немесе суға салып шала пісіріледі. Содан соң үстіне қызылша мен пияз салынып, 10-15 минут тағы да қайнатылады. Қант салынып, тұздалады, сірке суы құйылады.
Піскен борщ дастарқанға шұңғыл тарелкаларға құйылып, қаймақ қатылып әкелінеді.

Украин борщы

Құрамы: 
500 грамм сиыр еті, 2 түйір қызылша, 400 грамм капуста, 4 түйір картоп, 3 сәбіз, петрушканың 3-4 жапырағы, 2 пияз, 1 түйір сарымсақ, 3 ас қасық томат пастасы, 1 ас қасық мал майы, 1 ас қасық тоң май, 1 шай қасық қант, шай қасық 3 проценттік сірке суы, 1 шай қасық қызыл бұрыш, 1 болгар бұрышы, 3-4 лавр жапырағы, 4 ас қасық қаймақ, 1 ас қасық аскөк, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Осы тағамға арналған семіз сиыр еті салқын сумен жуылады. Кастрюльге салынады да су құйып қайнатылады. Қайнағаннан кейін көбігі алынады. Бетіне шыққан майы қалқып алынады да оған қызылша бұқтырылады.
Ет піскен соң табаққа түсіріп алып, аздап тұз себіледі де үстіне шамалы сорпа құйылып, беті қақпақпен жабылып тұрады.
Кастрюльге ет пісіп жатқан кезде көкөністер дайындалуга тиіс. Ол үшін қызылша жуылады, қабығы аршылып, ұзыншалап кесіледі де ыдысқа салынады. Содан кейін сорпаның бетінен қалқып алынған май құйылып, сірке суы тамызылады да, қант салынып, тұздалады. Беті жабылады да, отты басыңқырап қойып, бұқтырылады.
Тазаланған сәбіз, пияз және петрушка ұсақтап туралып, мал майы салынған табаға қуырылады. Содан соң үстіне сорпа қосқан томат құйылып, 20-30 минут қайнатылады. Сорпаға ірілеу етіп туралған жас капуста, картоп, бұқтырылған қызылша, қаймақ қосып пісірілген жас болгар бұрышы, лавр жапырағы салынады. Сөйтіп тағы да 5-10 минут қайнатылады.
Борщ дайын болған соң оған құйрық майға жентектелген сарымсақ, аскөк, петрушка қосылып, аздап қайнатылады да 15-20 минут демін алдырады.
Дастарқанға әкелерде тарелкаға құйылып, үстіне піскен ыстық ет кесектері салынады. Қаймақ құйылып, ұсақталған аскөк себіледі.
Ескеретін бір жағдай - томат пастасының орнына әбден піскен жас помидор пайдалануға болады. Бірақ оған сірке суы құйылмайды. Сондай-ақ көкөністерді қыздыру немесе бұқтыру кезінде ыдыстың қақпағы ашық болса, олардың хош иісі кетіп қалады. Олар бірден қатты қайнап кетсе де иісі тым жағымсыз болады. Соған байланысты көкөністерді ыдыстың қақпағын жауып қойып қыздыру немесе бұқтыру керек.

Бүйректен дайындалған ащы сорпа

Құрамы: 
500 грамм бүйрек немесе ет, 3 түйір тұздалған қияр, петрушканың 5-6 жапырағы, сельдерейдің де 5-6 жапырағы, 2 пияз, 6 түйір картоп, 3 ас қасық май, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Бүйректің майы сылынып тасталынады, орташалау етіліп туралады. Жақсылап жуылып, кастрюльге салынады да үстіне су құйылып, отқа қойылады. Бір қайнаған соң суы төгіледі. Содан соң бүйрек тағы бір рет жуылып, үстіне жаңалап су құйылады. Тұздалады, сөйтіп 1-1,5 сағат қайнатылады.
Бұл кезде шұңғыл табаға май қыздырылады да ұсақтап туралған пияз бен сельдерей салынып қуырылады. Содан соң оттан алынып, ұсақтап туралған ащы қияр мен картоп салынады да, сорпа құйылып, 20 минуттан астам қайнатылады.
Ащы сорпа пісуге 5-10 минут қалғанда ащы қияр тұздығы құйылады. Дастарқанға қоярда шұңғыл ыдыстарға құйылып, үстіне піскен бүйрек салынады. Қаймақ құйылып, ұсақтап туралған аскөк немесе петрушка себіледі.
Бұл сорпа тек бүйректен ғана емес, сонымен бірге ірі қара, қой, құс етінің сорпасынан да дайындалады.

Харчо

Құрамы: 
500 грамм ет, 2 пияз, сарымсақтың 2-3 бөлігі, 2 ас қасық томат пюресі, 3 жас помидор, жарты кеседен күріш пен қара өрік, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Харчо - көбінесе сиырдың төс етінен дайындалады (қойдың төс еті де жарай береді).
Төс ет жуылады. Орташалау етіп туралады. Кастрюльге салынып, үстіне су құйылады да, отқа қойылады. Қайнаған кезде бетіне шыққан көбігі сүзіп алынады. 1,5-2 сағаттан соң ұсақтап туралған пияз, жентектелген сарымсақ, күріш, қышқылт дәмді қара өрік салынады. Тұздалып, бұрышталады. Сөйтіп, тағы да 30 минут қайнатылады. Томат пюресі немесе помидор майға шала қуырылып (сорпаның майына), харчо пісуге 5-10 минут қалғанда кастрюльге құйылады. Піскен тамақ ыдыстарға бөліп құйылып, бетіне ұсақталған петрушка немесе аскөк себіледі. Сонан соң дастарқанға әкелінеді.

Қымыздық сорпасы

Құрамы: 
1,5 литр су, 250 грамм қымыздық, 1 ас қасық ұн, жарты кесе қаймақ, 1 ас қасық сары май, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Әуелі қымыздық тазартылып жуыла ды. Содан соң суға салынып, 1-2 минуттай қайнатылады да үстіне аздап ұн себеленеді. Сары май салынып, тағы да қайнатылады.
Тарелкаларға құйылар алдында үстіне піскен жұмыртқа салынып, қаймақ құйылады.

Түрікмен сорпасы

Құрамы: 
1 кг қой еті, 2 пияз, 3-4 сәбіз және осынша картоп, 2 помидор, жарты кесе қатық, тұз бен дәмдеуіштер татымына қарай, жарты кесе аскөк.
Дайындау процесі:
Алдын-ала дайындалған қой еті сүйегінен сылынбай 0,5-1,0 килограмдық мөлшерде, ұсақтап туралған пияз және қабығы аршылған сәбіз қосылып пісіріледі. Пісуіне 30 минут қалғанда қабығы аршылған тұтас картоп, ал 15 минут қалғанда помидор, дәмдеуіштер салынып, тұздалады.
Дастарқанға әкелерде ол зерен кесеге құйылады. Үстіне туралған ет (мөлшері әркімнің қалауынша) салынып, қатық қатылады да ұсақтап туралған көк себіледі.

Макарон салған ет сорпасы

Құрамы: 
1 кг қой еті, 2 пияз, 2-3 сәбіз, 2 помидор, 3—4 түйір картоп, 1 кесе макарон, бір ас қасық аскөк, дәмдеуіштер мен тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Қой еті сүйегінен сылынбай, әрбір кесегі 0,5-1,0 килограмнан келетіндей етіліп кесіледі. Сүйегі шағын балтамен шабылады. Сөйтіп жақсылап суық сумен жуылып, қазанға салынады да үстіне ұсақтап туралған пияз, қабығы аршылған сәбіз қосылып, қайнатылады. Бір қайнаған соң көбігі алынады. Содан кейін қабығы аршылып, ұсақтап туралған картоп, бірнеше бөлікке бөлінген помидор салынып, одан әрі қайнатылады. Пісуіне 25 минут қалғанда макарон, ал 15 минут қалғанда дәмдеуіштер салынып, тұздалады.
Дастарқанға қоярда сапар кесеге не шұңғыл тарелкаға құйылып, бетіне көк себіледі.

Капуста салған ет сорпасы 

Құрамы: 
1 килограмм ет, 2 сәбіз, 1 кесе капуста, 2 пияз, 2-3 помидор, жарты кесе сүзбе (қатық, қаймақ, кілегей), бір ас қасық аскөк, дәмдеуіштер мен тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Бұл тағамды бұрын асқан еттің сорпасына дайындауға болады. Ол үшін осы мақсатқа арналған капуста мен сәбіз туралып, қайнап жатқан сорпаға салынады да 25-30 минут қайнатылады. Пісуіне 15 минут қалғанда сақиналап туралған помидор, дәмдеуіштер салынып, тұздалады.
Дастарқанға әкелерде шұңғыл ыдысқа құйылып, қаймақ немесе кілегей қатылады. Тіпті сүзбе немесе қатық қатуға да болады. Бетіне ұсақтап туралған аскөк себіледі.
Бұл тағамның құрамын картоппен, сарымсақпен байытуға да болады.

Асқабақ салған ет сорпасы

Құрамы: 
1 килограмм ет, 2-3 сәбіз, 600-800 грамм асқабақ, 2 пияз, 2-3 помидор, 2 кесе ұн, бір ас қасық аскөк, тұз бен дәмдеуіштер татымына қарай.
Дайындау процесі:
Қой еті әрбір кесегі 30-40 грамнан келетіндей етіліп туралады да, ұсақтап туралған пияз қосылып, қазанға салынады. Үстіне салқын су құйылады да, тұздалып қайнатылады. Бір қайнаған соң көбігі алынады.
Қабығы аршылған асқабақ, сәбіз және жуылған помидор төртбұрыштап кесіледі де, сорпаға салынып, бұқтырылады немесе етпен қосып асылады.
Осы өнімдер қайнап жатқанда қамыр иленеді. Ол күлшелерге бөлінеді де қалыңдығы 2-3 миллиметр етіліп оқтаумен жайылады. Содан соң 6X6 сантиметр мөлшерде кесіледі де тұзды суға салынып, пісіріледі.
Дастарқанға әкелерде сапар кесеге әуелі сол піскен наны, содан соң піскен еті, асқабақ, сәбіз салынып, үстіне сорпа құйылады да бетіне көк себіледі.

Бұршағы ет салынған сорпа

Құрамы: 
1 кг ет, 1 кесе күріш, 1 жұмыртқа, 1 кесе асбұршақ, 2 сәбіз, 3 пияз, 2 помидор, бір ас қасық аскөк, тұз, бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Бұл тағамды әзірлеу сорпа, содан соң бұршағы ет дайындау секілді екі процестен тұрады.
Сорпа еті сылынған сүйекке пияз, сәбіз, асбұршақ және помидор қоса отырып қайнатылады.
Бұршағы ет дайындау үшін әлгі сүйектен сылынған ет ұсақталады (еттартқышңа тартуға да болады). Осы фаршқа шала пісірілген күріш, тұз, дәмдеуіштер және жұмыртқа қосылады. Сөйтіп әбден араластырылады да жақсылап домалақталады. Олар сорпаға пісуіне 15-20 минут қалғанда салынады.
Дастарқанға әкелерде шұңғыл ыдысқа құйылып, бетіне ұсақтап туралған көк себіледі.
Бұршағы ет дайындалатын фаршқа күріш салмай, оған ұсақтап туралған пияз немесе картоп қосуға да болады.

«Қазір-әзір» сорпасы 

Құрамы: 
500 грамм жұмсақ ет, 2 ас қасық тоң май, 2-3 пияз, 2 помидор, 4-5 түйір картоп, 2-3 сәбіз, 1 ас қасық аскөк тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Атауынан-ақ көрініп тұрғандай бұл сорпа асығыста дайындалатын тағам. Бұл сорпаны тез арада пісіру үшін ет қысқа әрі жіңішке етіліп кесіледі. Бұрын асқан еттің сорпасына салынып, үстіне төртбұрыштап туралған ұсақ картоп, сәбіз, помидор және өте ұсақтап кесілген аскөк қосылып қайнатылады. Тұздалып, бұрышталады.
Дайын болған сорпаның үстіне бөлек ыдысқа шала қуырылған пияз сол қуырылған майымен қоса құйылады. Сөйтіп шұңғыл ыдыстарға құйылып, дастарқанға әкелінеді.

Тұшпара салынған ет сорпасы

Құрамы: 
1 килограмм ет, 2 кесе ұн, 1 жұмыртқа, 4 пияз, 2 сәбіз, 2 помидор, 1 ас қасық ұсақталған петрушка, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Еті сылынып алынған сүйекке сәбіз, пияз, помидор қосып қайнатылады да тұздалып, бұрышталады. Ал тұшпара жасау екі процестен тұрады. Ол қамыр және фарш дайындау. Қамыр илеу үшін еленген ұнға су қосылып, жұмыртқа жарылып құйылады да тұздалады. Сөйтіп жақсылап иленіп, 30-40 минут үстіне табақ төңкеріліп қойылады. Фарш дайындау үшін ет ұсақталады не болмаса ет тартқышқа тартылады. Тұздалып, бұрышталады, ұсақтап туралған пияз қосылады да әбден араластырылады. Содан соң қамыр күлше-күлшеге бөлініп, оқтаумен жұқалап жайылады да шағын бөліктерге (стаканның кенересімен де бөлуге болады) бөлініп, сол бөліктердің ортасына фарш салынады. Сөйтіп жан-жағы бүгіліп, түшпара жасалады. Дайындалған түшпара тұзды суға салынып, пісіріледі. Содан кейін сапар кеселерге бөліп салынып, үстіне сорпа құйылады да, бетіне ұсақталған көк себіледі. Үстіне сүзбе, қатық немесе қаймақ құюға да болады.

Макарон салынған тауық сорпасы 

Құрамы: 
шағындау 1 тауық, 2 сәбіз, 2 пияз, 1 кесе макарон, 1 ас қасық ұсақтап туралған петрушка, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Тауықтың ішек-қарны алынып тасталады, бас-аяғы кесіледі. Жақсылап жуылады. Кастрюльге салынып, үстіне салқын су құйылады да отқа қойылады. Қайнау барысында сәбіз, пияз, көк салынып, тұздалады. Тауықтың пісуіне 15 минут қалғанда қайнап жатқан сорпаға макарон салынады. Ол піскен соң тауық пен сәбіз сүзіліп алынады. Сөйтіп ол екеуі дастарқанға бөлек ыдысқа салынып әкеледі. Ал сорпа макаронымен қоса кеселерге құйылып, бетіне петрушка себіледі.

Көкөніс салынған тауық сорпасы 

Құрамы: 
1 тауық, 4 сәбіз, 2 пияз, 4-5 түйір картоп, 1-2 болгар бұрышы, 1 ас қасық аскөк (немесе петрушка), тұз бен бүрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Мұның дайындалу технологиясының кеспе салынған тауық сорпасының технологиясынан айырмашылығы жоқ жеуге болады. Мұнда тек кеспенің орнына көкөністер, яғни туралған сәбіз, картоп, болгар бұрышы салынады. Сорпа дайын болған соң бұрышталып, бетіне көк себіледі де дастарқанға әкелінеді.

Помидор сорпасы 

Құрамы:
1 килограмм помидор, 2-3 пияз, 2 картоп, 1 түйір қызыл бұрыш, 500 грамм сүйек, бір ас қасық әшкөк, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Негізгі еті сылынып алынған сүйектер кастрюльге салынып, үстіне салқын су құйылады да, отты басыңқырап қойып, 2 сағаттай қайнатылады. Содан кейін сүйегі алынып тасталынып, сорпасы сүзіледі де қайтадан отқа қойылады. Тұздалып, бұрышталады, ұсақтап туралған пияз қосылады.
Жуылып, тазартылған помидордың сабағынан үзілген тұсы дөңгелетіп кесіледі де қабығы аршылып, туралған картоппен бірге сорпаға салынады. Сөйтіп, отты басыңқырап қойып 25-30 минут пісіріледі. Содан кейін помидорды іріктеп сүзіп алып, қабығы сыдырылады да астына ыдыс ұстап тұрып, үгіледі. Алынған сөлі кастрюльдегі сорпаға құйылады.
Дастарқанға әкелерде кеселерге құйылып, бетіне көк себіледі.

Көкөніс салынған ет сорпасы 

Құрамы: 
500 грамм шалғам, 2 сәбіз, 2 картоп, 2 пияз, 2 помидор, 1 түйір қызыл бұрыш, 300 грамм сүйек, 300 грамм ет, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Салқын сумен жуылған сүйек суық суы бар кастрюльге салынады да, отты басыңқырап қойып, екі сағат қайнатылады. Содан кейін сорпа сүзіледі. Үстіне ұсақтап туралған ет, ірілеу етіп туралған сәбіз, картоп, шалғам, пияз және помидор, қызыл бұрыш секілді көкөністер салынып тұздалады да, одан әрі пісіріледі.
Дастарқанға әкелерде сорпа құйылып, ет пен көкөніс бөлек ыдысқа салынады.

Күріш және көкөніс салынған жеңіл сорпа 

Құрамы: 
2 шалғам, 2 сәбіз, 2 пияз, 1 кесе күріш, 3-4 тал аскөк, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Шалғам мен сәбіздің қабығы аршылып, жуылады. Үшбұрыштап туралады. Пияз сақиналап кесіледі. Бәрі кастрюльге салынып, үстіне суық су құйылады да, отты басыңқырап қойып, 35-40 минут қайнатылады Содан соң күрмегінен тазартылып жуылған күріш салып, әбден пісіріледі. Тұздалып, бұрышталады.
Дастарқанға қоярда сапар кесеге құйылады, бетіне көк себіледі. Ал кішкентай кесеге құйылған айран бөлек әкелінеді.
Бұл тағамның адамның тәбеті нашарлағанда - тәбет ашатын, суық тиіп ауырғанда терлететін, сондай-ақ майлы тағамды көп ішкен күннің ертеңіне тамақ басатын қасиеті бар.

Кеспе салынған ет сорпасы

Дайындау процесі:
Қой еті әрбір кесегі 40-50 грамнан келетіндей етіліп туралады. Жуылып, кастрюльге салынады. Сақиналап кесілген пияз қосылып, үстіне салқын су құйылады да отқа қойылады. Сақырлап қайнамас үшін отты басыңқырап қою керек. Бір қайнағаннан кейін алдын ала жібітілген үрме бұршақ, ал пісуіне 20 минут қалғанда кеспе, помидормен қосып шала қуырылған пияз салынады.
Ет қайнап жатқанда қамыр иленеді. Ол үшін еленген ұнға жұмыртқа жарылып, су құйылады. Сөйтіп иленеді де 30-40 минут шұңғыл табақ төңкеріліп қойылады. Осы мерзімнен кейін оқтаумен жұқалап жайылады да сәл дегдітіліп, жіңішкелеп кесіледі.
Дастарқанға әкелерде үстіне сүзбе құйылады, бетіне аскөк себіледі.

Күріш салынған ет сорпасы

Құрамы: 
1 килограмм ет, 1 кесе күріш, 2-3 пияз, 2 ас қасық тоң май, 4 сәбіз, 4-5 түйір картоп, 2 помидор, жарты кесе айран (немесе қатық), 1 ас қасық аскөк, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Кастрюльге сүйек және ет салынып, үстіне салқын су құйылады да отқа қойылады. Үстіне ұсақтап туралған пияз салынады, тұздалып, бұрышталады. Пісуіне 30 минут қалғанда алдын-ала іріктеліп, жуылған күріш, төртбұрыштап туралған картоп пен сәбіз қосылады да одан әрі пісіріледі. Оған дейін көбігі алынады.
Бөлек ыдысқа пияз, жас помидор, ол табылмаса томат пюресін қоса отырып, шала қуырылады да пісуіне бірнеше минут қалған сорпаның үстіне майымен бірге құйылады.
Дастарқанға жапырақтап туралған піскен ет салынып, устіне айран құйылып әкелінеді. Бетіне көк себуге болады.

Қайнатпа сорпа 

Құрамы: 
1 килограмм ет, 1 кесе асбұршақ, 3 пияз, 4-5 түйір картоп, 2-3 помидор, 1 ас қасық петрушка, тұз бен бұрыш татымына қарай.
Дайындау процесі:
Бұл сорпаның ең басты ерекшелігі тек қойдың етінен, әсіресе, төс етінен ғана пісіріледі. Ол үшін ет әрбір кесегі 30-50 грамнан келетіндей етіліп, сүйегімен қоса өткір асхана балтасымен шабылады. Жуылып, мүмкіндігінше сүйек сынықтарынан тазартылады да, кастрюльге салынып, үстіке су құйылады. Сөйтіп отқа қойылады. Бірақ сақырлатып қайнатуға болмайды. Сондықтан отты басыңқырап қойған дұрыс. Қайнамай тұрып сақиналап туралған пияз қосылады. Бір қайнаған соң көбігі алынып, алдын ала суға жібітілген асбұршақ, ал пісуіне жарты сағат қалғанда картон, 15 минут қалғанда сақиналап кесілген помидор салынады. Тұздалып, бұрышталады.
Дастарқанға шұңғыл ыдыстарға құйылып бетіне көк себіліп әкелінеді.

  Жарияланған-2016-06-19 13:51:53     Қаралды-8311

Мәлімет сізге көмек берді ма

ФАРФОР ӨНДІРІСІНІҢ СЫРЫ НЕДЕ?

...

Фарфор ең жоғары сападағы ең асыл керамика болып саналады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Тауықтар да жарыла алады

...

1950 жылы неміс газеттерінің бірінде жарылғыш тауықтар туралы оқиға болды. Оқиғаны одан әрі оқи отырыңыздар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЛМА АДАМНЫҢ ЖАСЫН ЖАСАРТАДЫ!

...

Соңғы жылдары Улыбританияның Норрич қаласындағы Тағам зерттеу институтының ғалымдары алманы тұрақты турде жеп жүру адам ағзасын жасартып өмірін ұзартатыны туралы өз жаңалықтарын жариялады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Кин-дза-дза!

...

«Кин-дза-дза!» фильмі түсіріліп жатқанда КСРО бассекретары Константин Устинович Черненко болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАБАТТАЛҒАН ПОМАДА-ЖЕМІС ТОРТЫ

...

Дайын қамырдан көлемі 25 х 25 сантиметр төрт бұрыш формалы тең үш шелпек жайылып, майланған жұқа табаға салынады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗАҚТАРДА ҚОЙ-ЕШКІГЕ ҚАТЫСТЫ ЫРЫМДАР МЕН ТЫЙЫМДАР

...

Қазақ сенімінде төрт түлік те аса киелі жануарлар санатында. Кез-келген малды сол түліктің қарасы ауылдан ұзаған соң ғана бауыздаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »