UF

44 ҚАРАПАЙЫМ РЕЦЕПТ САЛАТТАР

Категориясы: Тағам


ЕТ САЛАТЫ 

Құрамы: 
400 грамм ет, 10 түйір картоп, 2 жұмыртқа, 3-4 түйір тұздалған қияр, 1 кесе қаймақ немесе майонез, жарты кесе 2 проценттік сірке суы, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процессі:
Пісіріп, суытылған ет пен картоп жұқа етіліп, қиықшаланып кесіледі. Оған жұқалап туралған тұздалған қияр, ұсақтап туралған жұмыртқа қосылады. Сөйтіп кеңірек ыдысқа салынады да, тұздалып, бұрышталады. Сірке суы, содан соң қаймақ құйылады.
Дастарқанға әкелерде арнайы салат ыдысына салынады.

ҚАЗАҚША САЛАТ 

Құрамы: 
200 грамм ет (төрт түліктің кез-келгенінің еті), 1 шай қасық өсімдік майы (қуыруға), 2 түйір картоп, бір тұздалған қиярдың 74 бөлігі, бір сәбіздің 1/4 бөлігі, 3 ас қасық көк бұршақ, 3 ас қасық майонез тұздығы, бір шай қасық аскөк, 1 жұмыртқа.
Дайындау процессі:
Ірі-ірі етіп кесілген ет кесектері қуырылады. Салқындағаннан кейін жұқалап кесіледі. Алдын ала ұсақтап турап, араластырылған көкөніске (қияр, сәбіз, көк бұршақ т.б.) майонез тұздығы құйылады. Содан соң арнайы салат ыдысына салынып, жан-жағы әлгі жұқалап кесілген етпен көмкеріледі. Ортасына екіге бөлініп, жиектері гүл секілді иректеліп кесілген жұмыртқа қойылады. Бетіне аскөк себіледі.

ҚҰС ЕТІНЕН ДАЙЫНДАЛҒАН САЛАТ
 
Құрамы: 
500 грамдай құс еті, 4-5 түйір картоп, тұздалған 1-2 қияр (помидор), 1 түйір жұмыртқа, 5-6 салат жапырағы, 3 ас қасық көк жуа, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процессі:
Құс еті өз алдына бөлек асылады. Сырты тазартылған картоп қабығы аршылмай пісіріледі. Екеуі де салқындатылады. Содан соң картоптың қабығы сыдырылып аршылады. Сөйтіп картоптың бәрі, ал құс етінің тең жартысы текшелеп кесіледі. Тұздалып, бұрышталады. Араластырылып, арнайы салат ыдысына салынады да үстіне қаймақ құйылады. Салаттың дәл ортасына өрнектеп кесілген жұмыртқа қойылып, ұсақтап туралған көк жуа себеленеді. Бір бұрышына салат жапырағы салынады.
Құс етінің манағыдан қалған жартысы жапырақтап туралады да сонымен салаттың жан-жағы көмкеріледі.

КАРТОП САЛАТЫ (I түрі)

Құрамы: 
5 түйір картоп, көк салаттың 7-8 жапырағы, 10-12 тал көк жуа, 1 кесе қаймақ.
Дайындау процесі:
Мұны дайындау технологиясы өте қарапайым. Картоп қабығымен асылады. Піскеннен кейін салқындатылып, қабығы аршылады. Ұсақтап туралады. Оған сақталған көк салат пен көк жуа қосып, араластырылады. Үстіне қаймақ құйылады.

КАРТОП САЛАТЫ (II түрі)

Құрамы: 
3-4 картоп, 1 түйір пияз, 2 ас қасық сары май немесе жарты кесе қаймақ, 1 шай қасық тұз, 5-6 тал аскөк немесе 5-6 жапырақ петрушка.
Дайындау процесі:
Қабығы аршылған картоп тұтас асылады. Пияз дөңгелектеп туралады да, буға қойып, шала пісіріледі. Содан соң піскен картоп сол тұтас күйінде, шала пісірілген пияз тарелкаға салынып тұздалады, бетіне ұсақталған аскөк не петрушка себіледі де үстіне сары май немесе қаймақ құйылады. Дастарқанға таба нан қоса әкелінеді.

КАРТОП ЖӘНЕ ҚИЯР САЛАТЫ 

Құрамы: 
4 картоп, 10-12 тал көк жуа, 2 түйір тұздалған қияр, 1 кесе қаймақ, 1 шай қасық тұз.
Дайындау процесі: 
Картоптың қабығы аршылады. Кастрюльге салынып, үстіне су құйылады. Тұздалып, шала пісіріледі, яғни 15-20 минуттай қайнатылады. Кастрюль отқа қойылысымен қақпағы жабылады. Содан соң ыдыстағы су төгіліп, ыдыстың қақпағы тағы жабылады да әлгі шала піскен картоп 10 минуттай буға бұқтырылады. Піскен картоп ұсақтап туралып, жұқалап кесілген тұздалған қиярмен араластырылады. Бетіне ұсақталған көк жуа себіледі де үстіне қаймақ құйылады.

ҚЫЗЫЛША САЛАТЫ 

Құрамы: 
2-3 түйір қызылша, 1 кесе қаймақ немесе 2 кесе сүт, 5-6 жапырақ көк (петрушка).
Дайындау процесі:
Жуылып, тазартылған қызылша духовкаға қойылып пісіріледі. Піскеннен кейін қабығы аршылып, ұзыншалап немесе ұшбұрыштап кесіледі, осылай дайындалған қызылша шағын ыдыстарға салынып, үстіне қаймақ немесе ыстық сүт құйылады. Бетіне көк себіліп, дастарқанға әкелінеді.

КАПУСТА САЛАТЫ 

Құрамы: 
600 грамм капуста, 1-2 алма, 6 тал көк жуа, 2 түйір сәбіз, 1 ас қасық қант, жарты кесе 2 проценттік сірке суы, 2 ас қасық өсімдік майы, 1 шай қасық тұз.
Дайындау процесі:
Жас капуста ұсақтап туралады. Қант қосылып тұздалады. Үстіне сірке суы құйылады да ыдысқа салынып, ысытылады. Содан кейін жұмсарғанша араластырылады. Салқындағаннан кейін үстіне өсімдік майы құйылып, ұсақтап туралған алма, көк жуа, сәбіз салынады.

СӘБІЗ САЛАТЫ

Құрамы: 
6-7 сәбіз, 2-3 ас қасық аскөк, 3 шай қасық өсімдік майы, 1 шай қасық тұз.
Дайындау процесі:
Жуылып, тазаланған сәбіздің сырты пышақпен қырып аршылады. Қиялап, жіңішкелеп туралады. Тұздалып, үстіне аскөк себіледі де өсімдік майы құйылады. Жақсылап араластырылады. Осылайша дайындалғаннан кейін арнайы ыдысқа салынып, дастарқанға әкелінеді.

КӨК САЛАТ

Құрамы: 
5-6 жапырақ салат өсімдігі, 2-3 тал көк жуа, бір ас қасық қаймақ, 1 жұмыртқаның төрттен бір бөлігі.
Дайындау процесі:
Көк салат туралып, ұсақталған көк жуа араластырылады. Үстіне қаймақ құйылып, піскен жұмыртқа салынады.

ПОМИДОР САЛАТЫ 

Құрамы: 
2 помидор, 4-5 түйір пияз, 1 ас қасық қаймақ, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Әбден піскен помидор жұқалап, дөңгелектеп кесіледі де дәл солай туралған пияз қосылып, тұз себіледі, үстіне қаймақ құйылады.

ҚИЯР САЛАТЫ 

Құрамы: 
2-3 түйір жас қияр, бір ас қасық қаймақ, 1 шымшым тұз.
Дайындау процесі:
Қабығы аршылған жас қияр жұқалап туралады. Дастарқанға қойыларда аздап тұздалады да, үстіне қаймақ құйылады.

ҚИЯР МЕН КӨК ЖУА САЛАТЫ 

Құрамы: 
1 түйір жас қияр, 3-4 тал көк жуа, 1 ас қасық қаймақ, 1 жұмыртқаның 1/4 бөлігі, бір шымшым түз.
Дайындау процесі:
Жас қиярдың қабығы аршылады. Жұқалап туралып, тұздалады. Оған ұсақтап туралған көк жуа мен жұмыртқа араластырылады. Үстіне қаймақ құйылады.

ПИЯЗ САЛАТЫ

Құрамы: 
4 түйір пияз, 1 түйір алма, 2-3 тал көк жуа, 1 ас қасық қаймақ, қант пен тұз дәмі мен татымына қарай.
Дайындау процесі:
Пияздың қабығы аршылады. Жуылып, дөңгелектеп кесіледі. Егер тым ащы болса, ашуын басу үшін қайнаған суға батырып алу керек. Жұқалап туралған қышқылдау алма қосылады да қаймақ құйылады. Үстіне ұсақталған көк жуа себіледі. Татымы мен дәміне қарай қант қосылып, тұз салынады.

ҚЫШҚЫЛ САЛАТ 

Құрамы: 
600 грамм капуста, 3 ас қасық өсімдік майы, 1 түйір кепкен қызыл бұрыш немесе 1 шай қасық ұнтақ қызыл бұрыш, бір ас қасық лимон шырыны, қант дәміне, ал тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Тұздалған капуста тағы бір рет ұсақталып туралады. Ыстық суға салынып, қолмен сығылады. Өсімдік майы отқа қойылып, қайнатпай ғана қыздырылады. Ол қызыл бұрышпен бұрышталады. Үстіне әлгі дайындалған капуста салынады. Қант, лимон шырыны қосылып, араластырылады. Содан соң 3-4 сағат беті жабылып қойылады.
Мұндай салат жас капустадан да дайындалады.

ІРІМШІК, ЖҰМЫРТҚА, КӨК ЖУА САЛАТЫ 

Құрамы: 
1 жұмыртқа, 2 шай қасық ұсақталған көк жуа, 80 грамм ірімшік, сарымсақтық бір баданасы, 2 шай қасық майонез, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процесі:
Әуелі жұмыртқа әбден пісіріледі, суытылып, қабығы аршылады. Содан кейін ол да, осы салатқа арналған ірімшік те қиықшалап кесіліп, ұсақтап туралған көк жуамен араластырылады. Сөйтіп, тұз қосылып ұнтақталған сарымсағы бар ыдысқа аударылады да, бәрі жақсылап араластырылады. Үстіне майонез құйылып, 20-40 минут салқын жерге қойылады.

ШАЛҒАМ ЖӘНЕ СҮЗБЕ САЛАТЫ 

Құрамы: 
10-15 түйір шалғам, жарты кесе сүзбе, 1-2 тал көк жуа, 2 ас қасық қаймақ.
Дайындау процесі:
Жас шалғам жуылып, қабығы аршылады да аспаздың қалауынша не ұсақ, не ірілеу етіп туралады. Сөйтіп сүзбе қосылып, араластырылады. Үстіне қаймақ құйылып, бетіне ұсақ көк жуа себіледі.

СӘБІЗ БЕН ЖАС ҚИЯР САЛАТЫ 

Құрамы: 
4 түйір сәбіз, 3 түйір қияр, 1 ас қасық аскөк, 1 кесе қаймақ.
Дайындау процесі:
Алдын ала іріктелген сәбіз жуылып, қабығы аршылады. Ұсақтап кесіледі. Жас қияр да тазартылып, ұзыншалап туралады. Сонан соң ұсақтап кесілген сәбізі бар ыдысқа аударылып, үстіне қаймақ құйылады. Аспаз қажет деп тапса бір шымшым қант, бір шымшым тұз салынады. Сөйтіп жақсылап араластырылады. Бетіне аскөк себіледі.

КӨКӨНІС ЖӘНЕ ІРІМШІК САЛАТЫ 

Құрамы: 
1 алма, 1 тәтті бұрыш, 1 сәбіз, 1 шай қасық аскөк; тұздық үшін: 1 ас қасық майонез, 1,5 ас қасық айран, 1 шай қасық қыша, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Ірімшік пен сәбіз ірі көзді үккішпен үгіледі. Оның үстіне қабығы аршылып, өзегінен арылтып туралған алма бөліктері, тәтті бұрыштың ұзыншалап кесілген тіліктері қосылады. Содан соң бетіне тұздық құйылып, аскөк себіледі.
Тұздық былай дайындалады: майонезді үздіксіз бұлғай отырып, үстіне қыша қосылып, айран құйылады.

КӨК ЖУА ЖӘНЕ СҮЗБЕ САЛАТЫ 

Құрамы: 
10-12 тал көк жуа, 300 грамм сүзбе (немесе ірімшік), 1 кесе қаймақ.
Дайындау процесі:
Көк жуа ұсақталып туралады. Содан соң үстіне сүзбе қосылып, жақсылап араластырылады. Тұздалып, қаймақ құйылады.
Кейде сүзбенің орнына үккішпен үгілген ірімшік пайдалануға да болады.

ІРІМШІК ЖӘНЕ ЖҰМЫРТҚА САЛАТЫ 

Құрамы: 
1 жұмыртқа, 100 грамм ірімшік, сарымсақтың бір баданасы, 30 грамм көк жуа, 1 ас қасық майонез, 1 ас қасық көк бұршақ.
Дайындау процесі:
Піскен жұмыртқаның қабығы аршылып, ұсақталып туралады. Ал ірімшік ұзыншалап кесіледі. Содан кейін үстіне әлгі дайындалған жұмыртқа, көк жуа, ұнтақталған сарымсақ, көк бұршақ қосылып, тұздалады. Үстіне майонез құйылады. Сөйтіп арнайы ыдысқа салынып, оюлап кесілген жұмыртқамен әсемделеді.

БАЛҚЫТЫЛҒАН ІРІМШІК САЛАТЫ 

Құрамы: 
1 түйір балқытылған ірімшік, шағындау 2 алма, 1 помидор, бір пияздың 1/3 бөлігі, бір ас қасық майонез, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Балқытылған ірімшік ірі көзді үккішпен үгіледі. Ұзыншалап кесілген пияздың ащылығын басу үшін үстіне салқын су құйылады. Жуылған помидор бірнеше бөлікке бөлінеді. Алма да жуылып, қабығы аршылады да, өзегі алынып тасталып, бірнеше тілікке тілінеді. Осы өнімдер жақсылап араластырылады да, тұздалып, үстіне майонез құйылады.

КӨКӨНІС ЖӘНЕ СҮЗБЕ САЛАТЫ 

Құрамы: 
4 ас қасық майсыз сүзбе, піскен жұмыртқаның жарты сары уызы, 1 ас қасық қаймақ, жарты помидор, 1 түйір шалғам, бір шай қасық көк жуа, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Сүзбе жұмыртқаның сары уызымен бірге үгіледі, оған ұсақтап туралған көк жуа қосылып тұздалады. Үстіне қаймақ құйылып араластырылған салаттың беті дөңгелектеп туралған шалғам және помидор кесінділерімен әсемделеді.

СӘБІЗ ЖӘНЕ СҮЗБЕ САЛАТЫ 

Құрамы: 
100 грамм майсыз сүзбе, 1 жұмыртқа, 20 грамм көк жуа, 2 түйір сәбіз, 1,5 ас қасық майонез, зире мен тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процесі:
Сәбіз ұсақ көзді үккішпен үгіледі, сүзбе де үгіліп, әлгі үгілген сәбіздің үстіне салынады. Оған ұсақтап туралған көк жуа, зире, майонез, жұмыртқа қосылып, тұздалады. Осылайша дайын болған салат арнайы ыдысқа аударылып, беті жұмыртқа кесінділерімен, көк жуамен әсемделеді.

ШАЛҒАМ ЖӘНЕ ІРІМШІК ҚОСЫЛҒАН СҮЗБЕ САЛАТЫ 

Құрамы: 
150 грамм майсыз сүзбе, 25 грамм шалғам, 25 грамм балқытылган ірімшік, 1 ас қасық қаймақ, 15 грамм көк жуа, зире мен тұз аспаздың қалауынша.
Дайындау процесі:
Шалғам ұзыншалап, көк жуа майдалап кесіледі. Сүзбе мен балқытылған ірімшік үккішпен үгіледі де, үстіне әлгі дайындалған шалғам, көк жуа, зире қосылады. Тұздалып, қаймақ құйылады. Жақсылап араластырылады.

«САҢЫРАУҚҰЛЫҚ» САЛАТЫ

Құрамы: 
100 грамм майсыз сүзбе, үлкендеу бір помидордың жартысы, 2 ас қасық сары май, сарымсақтың 1-2 баданасы, көк пен тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процесі:
Сүзбе мен май қосылып, үккішпен угіледі. Оған ұнтақталған сарымсақ қосылады да араластырылып, тұздалынады. Сөйтіп, осы массадан келте конус жасалады. Ол үшін қолды сумен ылғалдап алу керек. Жайпақ ыдысқа ұсақтап кесілген аскөк және петрушка көгі себіледі де оның үстіне дайындап қойылған «саңырауқұлақ аяғы» келте конус қондырылады. Ол бір помидордың жартысымен жабылады. Бұл - «саңырауқұлақ қалпағы». Осы саңырауқұлақ қалпағына езілген сары майдан «ақ нүктелер» жасалады. Сонымен салат дайын болады. Дайын салат дастарқанға әкелінгенше салқын жерге қойылады.    

САРЫМСАҚ ЖӘНЕ СҮЗБЕ САЛАТЫ 

Құрамы: 
2 ас қасық майсыз сүзбе, сарымсақтың бір баданасы, 2 ас қасық өсімдік майы, лимон қышқылы, бұрыш, тұз аспаздың қалауынша.
Дайындау процесі:
Тұз себілген сарымсақ қол келіге салынып, бір-бір тамшыдан өсімдік майы тамызыла отырып ұнтақталады. Бұл қоспаға үгілген сүзбе, аздаған ұнтақ қызыл бұрыш, лимон қышқылы қосылып, мұқият араластырылады.

«АСТАНА» САЛАТЫ

Құрамы: 
500 грамм шомыр, сиырдың 150 грамм піскен еті, 2 түйір пияз, 100 грамм қаймақ немесе майонез, 2 жұмыртқа, 1 ас қасық аскөк, 30 грамм салат майы, тұз бен қара бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Салат майы қыздырылады. Оған туралып, дайындалған пияз шала қуырылып, бөлме температурасына дейін салқындатылады.
Шомырдың қабығы аршылып, жіңішкелеп кесіледі, сөйтіп жылы сумен жуылып, 1 сағаттан астам салқын суға салынып қойылады (сонда оның иісі мен ащы дәмі жойылады). Содан соң кепсермен сүзіп алынады.
Піскен ет те ұзыншалап кесіледі. Сөйтіп шомырдың үстіне салынады да бұрышталып, тұздалады. Шала қуырылған пияз қосылып, жақсылап араластырылады.
Дастарқанға әкелерде арнайы салат ыдысына салынып, үстіне қаймақ не майонез құйылады. Бетіне ұсақтап туралған аскөк себіліп, піскен жұмыртқа бөліктерімен әсемделеді.

«ҚИЯЛ» САЛАТЫ

Құрамы: 
капустаның 100 грамм жапырағы, капустаның 2-3 өзегі, 1 орташа шомыр, 1 сәбіз, 2 түйір пияз, сарымсақтың 4-5 баданасы, 3 ас қасық томат пастасы, 3 ас қасық салат майы, көк, тұз бен бұрыш әркімнің қалауы бойынша.
Дайындау процесі:
Жас капустаның өзегі мен жапырақтары бөлек-бөлек алынады. Жапырақтары ұсақтап туралады. Ал жақсылап тазартылған өзектері ұзыншалап кесіледі. Шомыр мен сәбіз де қабығы аршылып, үккішпен үгіледі. Пияз дөңгелектеп кесіліп, шала қуырылады. Сарымсақ ұнтақталады.
Ақырында барлық өнімдер қосылады. Бұрышталып, тұздалады. Томат пастасы салынады. Содан соң қыздырылып, салқындатылған өсімдік майы құйылады. Бәрі жақсылап араластырылады. Дастарқанға қоярда арнайы салат ыдысына салынып, беті түрлі көктермен, өрнектеп кесілген шомыр, сәбіз, және пияз бөліктерімен әсемделеді.

АНАР ДӘНДЕРІ МЕН ПИЯЗ САЛАТЫ 

Құрамы: 
2 түйір орташа пияз, 1 үлкен анар, бір шымшым тұз.
Дайындау процесі:
Ұсақтап туралған пияз кесінділері ыстық сумен екі-үш рет жуылып, елекке салынып қойылады. Анардың қабығы аршылып, дәнінің бір бөлігі сығылады да, сөл алынады. Қалған бөлігі електегі пиязға қосылады. Тұздалып, араластырылады да салат салатын ыдысқа аударылады. Үстіне манағы сығылып алынған сөл құйылады. Бетіне пияздың тұтас алынған бір қабаты, ромашка гүлі секілді иректеліп кесіліп, ортасы анар дәнімен толтырылады. Жиектеріне сақиналап кесілген пияз тасталады.
Бұл салатты майлы ет тағамдарына гарнир ретінде де беруге болады.

«АЛМАТЫ» САЛАТЫ 

Құрамы: 
сиырдың 400 грамм еті, ірілеу 1 түйір картоп, 1,5 түйір тұздалған немесе маринадталған қияр, 2,5 түйір жұмыртқа, ірілеу бір түйір сәбіз, 50 грамм маринадталған жеміс, 2 ас қасық көк бұршақ, 150 грамм ет сілікпесі, 2 түйір жас алма, 1 түйір жас қияр, бір кесе майонез, тұз бен дәмдеуіштер дәмі мен татымына қарай.
Дайындау процесі:
Піскен ет картоп, сәбіз тұздалған немесе маринадталған қияр, маринадталған болгар бұрышы, жас алма жіңішкелеп кесіледі. Бәрі араластырылады, тұздалып, үстіне майонез құйылады да арнайы салат ыдысына үйіп салып, бетіне суытылған сілікпемен араластырылған майонез бен тор секілді өрнек салынады. Сондай-ақ піскен ет, жұмыртқа, сәбіз бөліктерімен, маринадталған жемістермен, көк бұршақ, жас қиярмен, тағы басқа көкөністермен әсемделеді.

ҚАЗЫ САЛАТЫ  

Құрамы: 
450 грамм қазы, ірілеу 3 түйір картоп, ірілеу 1 түйір сәбіз, 2 ас қасық петрушка, екі ас қасық көк бұршақ, бір ас қасық жусай, бір кесе майонез, тұз бен дәмдеуіштер дәмі мен татымына қарай.
Дайындау процесі:
Піскен картоп пен сәбіз, петрушка және қабығы аршылып, өзегі алынған алма қиықшалап туралады. Оларға көк бұршақ, буланған жусай қосып, араластырылады. Тұздалып, бұрышталады да үстіне майонез құйылады. Сөйтіп салат ыдысына салынады.
Қазы алдын ала пісіріледі. Ол үшін шикі қазы жуылып, кастрюльге салынады да, үстіне ыстық су құйылып, қайнатылады. Бір қайнаған соң от бәсеңдетіледі. Піскеннен кейін олар сүзіп алынбайды, сөл сорпасымен суытылады. Суыған соң өткір пышақпен, сыртындағы ішегінен аршымай, дөңгелектеп кесіледі де әлгінде дайындалған салаттың үстіне әдемілеп салынады. Содан кейін қазы салатының беті петрушка жапырақтарымен әсемделеді.

АЛМА ЖӘНЕ КАПУСТА САЛАТЫ 

Құрамы: 
500 грамм ақ қауданды капуста, 2 шай қасық қант, бір шай қасық аскөк, бір шай қасық әшкөк, ірілеу 2 түйір алма, бір ас қасық өсімдік майы.
Дайындау процесі:
Ақ қауданды капуста жіңішкелеп кесіледі. Тұздалады. Ұсақтап кесілген аскөк және әшкөкпен араластырылады да эмальды ыдысқа салынып, алдын ала дайындалған маринад құйылады. Сөйтіп қақпағы жабылады да, үстінен ауыр затпен бастырылып қойылады. Осы күйінде суық жерде 1-2 сағат ұсталады.
Дастарқанға әкелерде бұл капуста алдын-ала қабығы аршылған, өзегі алынып тасталып, тіліктеп кесілген алмамен араластырылып, үстіне өсімдік майы құйылады. Қант салынып, беті қалған көкпен әсемделеді.
Бұл салатты өз алдына тағам ретінде де, ет тағамдарына гарнир ретінде де пайдалануға болады.
Маринадтың құрамы: 
бір шымшым даршын, 2 шай қасық қант, 10 түйір қалампыр, лаврдың 3-4 жапырағы, 8-10 түйір қара бұрыш, бір ас қасық 3 процентті сірке суы, жарты кесе су, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Маринад дайындау. 
Қайнаған суға тұз, даршын, қалампыр, сірке суы, бұрыш салып қайнатылады. Содан соң лавр жапырағы қосылып салқындатылады.

«ТУҒАН ЖЕР» САЛАТЫ

Құрамы: 
ірілеу 2 жас баклажан, 4 түйір помидор, 3 түйір тәтті бұрыш, сарымсақтың 3 баданасы, бір ас қасық өсімдік майы, 2 шай қасық 3 процентті сірке суы, бір шай қасық көк, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Жуып, тазартылған баклажан қуыру шкафында қуырылады. Содан соң қабығы аршылып, алдын ала дайындалған тәтті бұрыш, сарымсақ және көкпен бірге ұсақтап туралады. Бірақ көктің жартысын салатты әсемдеу үшін алып қалу керек. Помидор да жуылып, ұсақтап туралады. Сөйтіп, көкөністер араластырылып, үстіне өсімдік майы, сірке суы құйылады. Бұрышталып, тұздалады.
Осылай дайындалған салат арнайы ыдысқа салынады. Беті көктермен, жас помидор тілімдерімен әсемделеді, бұрыш себіледі.

ҚҰЙҚА САЛАТЫ

Құрамы: 
4 сирақ, бір ас қасық 3 процентті сірке суы, жарты пияз (маринад үшін), 2 сәбіз, сарымсақтың 2-3 баданасы, жарты кеседен астам майонез, 1-1,5 ас қасық желкек, 1 пияз, бір ас қасық аскөк, тұз бен бұрыш татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процесі:
Қойдың сирағы үйтіледі, сырты пышақпен қырылып, әбден тазарғанша жылы сумен бірнеше қайтара жуылады. Кастрюльге сәбіз, пияз, тәтті қызыл бұрышпен бірге салып, үстіне сірке суы, салқын су құйылады да отты басыңқырап қойып пісіріледі. Пісті-ау деген кезде лавр жапырағы салынады.
Піскен сирақтың құйқасы мен сіңірлері сүйегінен бөлініп алынады да суытылып, жіңішкелеп кесіледі. Үстіне ұсақтап туралған сарымсақ пен пияз, желкек қосылып, майонез құйылады. Тұздап, бұрышталады.
Осылайша дайындалған салат шұңғыл тарелкаға немесе салат ыдысына үйіп салынып, сирақпен бірге піскен сәбізбен, пиязбен, сондай-ақ аскөкпен әсемделеді.

«ӘСЕМ» САЛАТЫ

Құрамы: 
сиырдың немесе қойдың 800 грамм еті, 3 помидор, кішіректеу 2 қияр, петрушканың 1 сабағы, тұз бен бұрыш дәмі мен татымына қарай.
Дайындау процесі:
Сиыр не қой еті кәдімгідей асылады. Піскеннен кейін суытылып, жапырақтап туралады. Жайпақ ыдыстың бір жағына өрнектеліп, ет жапырақтары салынады да, екінші жағы сақиналап туралған жұқа помидор және қияр тілімдерімен, сондай-ақ петрушка сабағымен әсемделеді.

СӘБІЗ БЕН САРЫМСАҚ САЛАТЫ 

Құрамы: 
кішіректеу 3 сәбіз, сарымсақтың 4 баданасы, 2 шай қасық қант, жарты кесе майонез, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Сәбіз салқын сумен әбден тазарғанша жуылады да жиі көзді үккішпен үгіледі. Сарымсақтың қабығы аршылып, ұсақтап туралады. Ол қиындық келтірсе, жиі көзді үккішпен үгіледі. Тұз қосып езіледі. Содан соң үгілген сәбізбен араластырылады. Үстінен майонез құйылып, аздап қант және тұз себіледі.
Дастарқанға қояр алдында арнайы салат ыдысына немесе шұңғыл тарелкаға салынады. Оған салмас бұрын салатты тағы бір рет араластырғанның артықтығы жоқ.

«АРМАН» САЛАТЫ

Құрамы: 
1 кесе капуста; 2-3 қияр, 1-2 сәбіз, 5-6 түйір шалғам, 1 тал көк жуа; 1 алма, 1 шай қасық лимон шырыны, сарымсақтың 2 баданасы, 3 қасық қаймақ, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Қияр мен сәбіздің қабығы аршылмайды. Оның есесіне жақсылап жуылады. Капустаның сыртқы қабығы алынып тасталынады. Содан соң қияр да, сәбіз де, капуста да жіңішкелеп кесіледі. Сарымсақ, шалғам мен көк жуа ұсақталып туралады. Сөйтіп осының бәрі эмальды кастрюльге салынып, үстіне лимон шырыны құйылады. Жіңішкелеп тілінген алманың тең жартысы, қант салынып, араластырылады. Тұздалып, қаймақ құйылады. Сөйтіп тағы бір рет араластырылады.
Дайын салат арнайы ыдысқа салынып, беті манағы қалған алма тілімдерімен және қияр кесінділерімен әсемделеді.

МАЙОНЕЗ ҚҰЙЫЛҒАН МИ САЛАТЫ 

Құрамы: 
500 грамм ми, 1 пияздық 1/3 бөлігі, 1 кесе майонез, 1 ас қасыққа жуық 3 процентті сірке суы, 2 түйір тұздалған немесе маринадталған қияр, бір шай қасық аскөк немесе петрушка, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Дәке қалтаға салынған ми сірке суы құйылған тұзды суға пісіріледі. Піскеннен кейін салқындатылады. Содан соң ңалтаның аузы шешіліп, ыдысқа аударылады.
Бұл тағамға гарнир ретінде маринадталған немесе тұздалған қияр, пияз, буланған жусай пайдалануға болады. Үстіне майонез құйылып, бетіне аскөк немесе петрушка себіледі.

КОЛБАСА САЛАТЫ 

Құрамы: 
жарты кесе капуста, жарты, кесе қызылша, бір помидор, бір шымшым қара бұрыш, 2 ас қасық қаймақ, 100 грамм колбаса.
Дайындау процесі:
Жас капуста, піскен қызылша ұзыншалап кесіледі. Екеуі жайпақ ыдысқа бір-біріне араластырылмай салынады да, ыдыстың жиектері жұқалап кесілген жіңішке сүр колбаса кесінділерімен көмкеріледі. Капустаның үстіне қара бұрыш себіледі. Екі жерден ортасынан қақ бөлінген жас помидор қойылады. Қаймақ бөлек ыдысқа құйылып әкелінеді.

ҚЫЗЫЛ БАЛЫҚ САЛАТЫ 

Құрамы: 
2 ас қасық сары май, 100 грамм қызыл балық, 1 шай қасық петрушка көгі.
Дайындау процесі:
Сары май мен балық ет тартқышқа тартылып, жайпақ ыдысқа салынады да бетіне ұсақтап туралған көк себіледі.

МАЙШАБАҚ САЛАТЫ 

Құрамы: 
ірілеу бір майшабақ, 2 түйір картоп, 2 түйір сәбіз, орташалау жарты. қызылша, жарты пияз, бір шай қасық петрушка көгі, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Картоп, сәбіз және қызылша жақсылап жуылып, асылады. Піскеннен кейін әбден салқындатылып, қабығы аршылады да төрт бұрыштап туралады.
Майшабақтың ішек-қарны, басы алынып тасталып, терісі сыдырылады. Қабырғалары мен омыртқалары алынып тасталынады. Жақсылап жуылады. Аздап сүтке не салқын шайға салынып қойылады. Содан соң өткір пышаңпен бірнеше бөлікке бөлінеді.
Жайпақ ыдыстың ортасына картоп, оның үстіне туралған майшабақ, оны айналдыра манағы піскен сәбіз, қызылша салынады. Дастарқанға әкелерде өсімдік майы, сірке суы, қант және бұрыштан дайындалған майшабақ тұздығы құйылып, сақиналап туралған пияз және көк себіледі.

ЖҮРЕК ЖӘНЕ ТІЛ САЛАТЫ

Құрамы: 
200 грамм тіл, 200 грамм жүрек, 1 түйір ірілеу қияр (маринадталған), кішіректеу 2 сәбіз, үлкен 2 түйір картоп, 150 грамм майонез, бір шай қасық сарымсақ, бір шай қасық аскөк, тұз татымына қарай.
Дайындау процесі:
Піскен жүрек пен тіл жұқалап кесіледі. Майонез тұздығына үгілген сарымсақ қосылады. Піскен картоп пен сәбіз, маринадталған қияр төртбұрыштап туралады. Сөйтіп, манағы жүрек және тіл қосылып араластырылады. Тұздалып, үстіне сарымсақты майонез тұздығы құйылады.
Дайын салат арнайы ыдысқа үйіліп салынады да бетіне көк себіледі.

КӨКӨНІС ВИНЕГРЕТІ

Құрамы: 3 түйір картоп, 2 түйір қызылша, 1 түйір сәбіз, 1 пияз, жарты кесе капуста, кесенің 1/4 бөлігіндей өсімдік майы, бір шай қасық аскөк, тұз бен бұрыш татымына қарай.
Дайындау процесі:
Піскен картоп, қызылша мен сәбіз аршылып, үшбұрыштап туралады. Содан соң ыдысқа салынып, тұздалған капуста, пияз қосылады. Үстіне бұрыш, тұз салынып, өсімдік майынан әзірленген тұздық құйылады. Жақсылап араластырылады. Араға 5-10 минут салып, тағы бір рет араластырылады да салат ыдысына аударылып, беті қызылшамен, аскөкпен әсемделеді.
Майонез тұздығы құйылса да винегрет дәмді болады.

  Жарияланған-2016-06-17 20:56:35     Қаралды-144788

Мәлімет сізге көмек берді ма

ШЕКЕР-ЛУКУМ

...

Бұл - тоқаш жасалатын қамырдан қиғаштап туралып, бетіне қант ұлпасы себіліп дайындалатын тағам.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АДАМ ТЕРІСІ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Биологтар мен дәрігерлер адам терісін бұрыннан зерттеген және оның бізден ешқандай құпиясы қалмаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КӨКБҰТА

...

Бұл - биіктігі 60 сантиметрге жуық, бұтақтары көп, жапырағы мәңгі көгеріп тұратын, көп жылдық, бұталы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

13 ЕҢ АТАҚТЫ ФИЗИКТЕР

...

Физика заңдары табиғаттағы барлық құбылыстарға пайдаланылады. Бірақ тамаша физикалық құбылыстардың заңдарын ашқан физиктер болмағанда, физика ғылым ретінде қалыптаспас еді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕМПЕРА ДЕГЕН НЕ?

...

Бұл сөз бояудың атын да, сол бояумен салынған шығарманы да бірдей білдіреді. Темпера дайындалу әдісіне байланысты үш түрге бөлінеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ВЕНЕЦИЯ - КӨПІРЛЕР ҚАЛАСЫ

...

Италияның солтүстік-шығысындағы қала, Адриат теңізінің жағасында, Венеция облысы мен Венеция провинциясының әкімшілік орталығы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »