UF

ҒАЖАЙЫП ТЕҢІЗ «ТҰРҒЫНДАРЫ»

Категориясы: Жануарлар


Жағалауда тұрып, шалқар айдынға көз жіберген кезде, теңіз дегенің судан басқа ештеңесі жоқ тұлдыр, тіршіліксіз дүниедей болып көрінеді. Бірақ, шын мәнінде, оның тұңғыйығы қайнаған тіршілікке толы.

Орман-тоғайда мекендейтін жан-жануарларды хайуанаттар паркінен кездестіруге болады. Ал теңіз «тұрғындарын» қайдан көреміз? Бұларға арналған хауанаттар парктері де бар. Олар тек басқашалау – мұхитбақ (океанариум) деп аталады.

КИТ, дүние жүзіндегі ең үлкен хайуан. Оның аузы көптеген жиек-жиегі шашақты мүйіз қабықшалармен, яғни киттің мұртымен көмкерілген. Кит әуелі суды аузына толтырып алады да, содан кейін оны мұрты арқылы сүзгіден өткізіп, қайта-қайта төгеді, сөйтіп, ұсақ шаян, балықтар сүзіліп аузында қалады. Кит - суда тіршілік еткенімен ешқандай да балық емес, ол - аң, яғни сүтқоректі хайуан. Енесі балаларын сүтпен қоректендіреді. Сондай-ақ, олар басқа барлық аңдар сияқты ауамен дем алады.

КАШАЛОТ деп аталатын тісті кит. Кашалоттың мұрты жоқ, оның есесіне аса ірі өткір тістері бар, онымен кальмарларды, сегізаяқтарды ұстап жейді. Кашалот өте сүңгігіш: теңіз түбіне қарай бір километр тереңге кетеді де, бір сағаттан кейін ғана ауамен дем алу үшін қайта шығады.

Ашық түсті гүлге ұқсайтын. Теңіз жұлдыздарының қорегі - МОЛЛЮСКІЛЕР. Олар тармақтарын қыбырлата баяу жылжып, теңіз түбінен жем іздейді. Жолыққан моллюскіні қармап, орап алады да, тармақтарымен оның қабыршағын сәл ашыңқырап, ішіндегі жұмсағын сорып жейді.

ДЕЛЬФИНДЕР де тісті киттер, бірақ өздері онша ірі емес. Олар - теңіз «тұрғындарының» - ішіндегі ең ақылдысы. Колға үйретілген делъфиндер судағы цирктерде өнер көрсетеді: шеңбер арқылы секіреді, допты торға дәл түсіріп, «баскетбол» ойнайды, билейді, машықтандырушыны өзінің арқасына мінгізіп серуендетеді.

Бұл теңіз мақұлықтары өз тектестерін қиын жағдайда ешқашан қалдырып кетпейді: ауру немесе жарадар боп қалған серігінің жүзуіне көмектесіп, оның ауа жұтуы үшін су бетіне демеп шығарады. Делъфиннің адамды да дәл осылай құтқарған жағдайлары болған.

Теңіздің терең қойнауында, тіпті, күндіздің өзінде жөнді ештеңе көрінбейді, ал делъфин болса түн ішінде, тастай қараңғыда балық та ұстайды, су түбіндегі тасқа да соғылмайды. Өйткені ол жүзіп жүріп, суға әрдайым дыбыс сигналын жіберіп отырады. Жолында не кезіксе де дыбыс соған жаңғырығып, кері қайтады. Дельфин осы бір су асты жаңғырығын естиді де алдында балық, балдыр немесе жартас бар екенін дереу «түсіне» қояды.

Сорайған сүйек «тұмсығы», араның жүзіндей өткір тістері бар балықты «АРАБАЛЫҚ» деп атайды. Мұндай тұмсық оған теңіз түбінен әр түрлі жәндіктерді қазып алу үшін қажет. Ал егер қауіп-қатер төне қалса, бұл оған сұсты қару да болады.

Акулалардың жанында үйіріліп ЖАБЫСҚАҚ БАЛЫҚТАР жүреді. Олардың суда жүзгіштігі онша мәз емес, сондықтан өздерін басқалардың тасығанын жақсы көреді. Бұлардың басында жабыстырғыш болады. Онысымен үп-үлкен акулаға жабысып алады да онымен бірге сапар шегеді. Акула бірдеңені кеген кезде жабысқақ балыққа да үлес тиіп қалады. Олардың кеме түбіне жабысып алып та жолаушылайтындары болады.

Ең үлкен балық - КИТ АКУЛАСЫ, оның ұзындығы 20 метрге жетеді. Мұндай алып акула, тіпті ең үлкен деген автобусқа да симайды. Бұл нән балықтың қорегі - кішкентай майшабақтар және адамға ешқандай зияны жоқ.

БАЛҒАБАЛЫҚта - акула. Оның бас пішіні, шынында да, балғаға ұқсайды. Мұның кейде бейғам шомылып жүрген адамға да ұмтылатыны бар.

Ал енді мына бір балық суда жүзіп қана қоймай, әуелеп ұша да алады. Сондықтан оны ҰШПАБАЛЫҚ деп атайды. Ол су түбінен зуылдап келіп, сол екпінімен сыртқа атылып шығады да, әуеде жүзу қанаттарын жайып жіберіп, тіпті жүздеген метр қашықтыққа дейін ұшады. Тек ол әуеде олай-былай бұрыла алмайды, соның кесірінен кейде байқамай кеменің палубасына келіп түседі.

ЭЛЕКТРЛІ СКАТТАР. Скаттың денесінде батарея тәріздес жасырын бірдеңелер болады. Олардың саны да көп. Мұның әрқайсысы жеке-жеке тұрғанда пәлендей күшті емес, ал бәрі біріккенде әжептәуір қуатты ток береді. Оның тогының күші соншалық - ұсақ балықтарды лезде сеспей қатырады. Ол ток, тіпті адамды да ұрып жығуы мүмкін. Бірақ бұл кішкентай тірі батареялар бар болғаны қас-қағым уақыт қана жұмыс істейді.

Күн сәулесінің қалың су қабатынан өтіп, еркін жететін теңіз түбінің кейбір түстары мөлдіреп, ап-анық көрініп жатады. Бұл бір ғажап әлем! Онда ұзын күлтелі ашық гүлдер өсіп тұрады. Бірақ, шын мәнінде, бұл өзі - гүл емес, актиниялар деп аталатын тірі мақұлық. Жаңағы «күлтелері» дегеніміз тиген жерін қалақай сияқты күйдіретін қармалағыштары болып табылады. Гүл «тостағаншасының» ортасында ауыз бар. Ұсақ балықтар байқамай «күлтеге» соқтығысып қалады да, сол сәтте-ақ актинияларға жем болады. Актиниялар су түбінде жылжымай тұрады, тек қармалағыштары ғана қыбырлайды. Дегенмен олар кейде ебін тауып, сапар шегіп те кетеді.

Теңіз түбінде өздерінің ғажайып қауашақ-үйшіктерін арқалап, моллюскілер жылжып жүреді. АКТИНИЯ осындай үйшікке жабысып алып, сонымен бірге кетіп бара жатады.

Осындай қауашақтардың бос қалғанын САЯҚШАЯН кәдеге асырады. Бұл - оған құйып қойғандай шап-шақ тамаша үй. Сөйтіп, саяқшаян оған жайғасып кіріп алады, тек мұрттары мен қысқыштары ғана сыртқа шығып тұрады. Осылайша, су түбінде үйін көтеріп, көшіп жүреді. Өсе келе бұл үйшік тар болып қалса, ол одан да үлкенірек қауашақ тауып алады.

СЕГІЗАЯҚТАР - таңғажайып мақұлық. Олардың «аяқтары» тұп-тура басынан өсіп шығады. Сондықтан ғалымдар оны басаяқтылар деп те атайды. Сегізяқтардың аяғының саны сегіз болады, бірақ олары тіпті аяқ та емес, қайта жемін ұстауға ыңғайлы, сорғышы бар қармалағыш-қолдарға ұқсайды. Сегізаяқ өзінің қармалағышын крабқа немесе басқа балыққа тигізсе болды, олар сол жерде-ақ сорғыштарға жабысып қалады. Қауіпті жағдайда сегізаяқтар аса жылдам жүзеді. Аяқтарын жинап алады да, зымырай жөнеледі. Бұл кезде ол суды есіп жатпайды, өйткені өзінің «реактивті двигателі» бар. Алдымен арнайы қалтасын суға толтырып алады да, оны сыртқа күшпен ытқытып шығарады, соның екпінімен өзі де қарама-қарсы жаққа қарай зымырай жөнеледі.

СЕКІРГІШ-БАЛЫҚТАР жиі-жиі судан шығып, жағалаудағы бұталарға, тіпті ағаштың діңі мен бұтақтарына да жайғасып алады. Сөйтіп, бірнеше сағат бойы құрлықта болады да, қайтадан суға түседі.

Теңіздің аса терең тұстары тас қараңғы болатыны белгілі, тылсым түнектен ештеңе де көрінбейді. Тек о жер - бұ жерде түрлі түсті оттар жарқ-жұрқ етеді. Бұл жарқылдап жүргендер - теңіздің тұңғиығын мекендейтін балықтар, теңіз құрттары, басқа да тіршілік иелері. Кейбір балықтардың бүйірлерінде тұтас бір шамдар тізбегі болады.

Шелпек нандай жап-жалпақ КАМБАЛА балығы үнемі теңіздің түбінде тіршілік етеді. Ол ауық-ауық жоғары қарап қойып, жемінің жүзіп келуін күтіп жатады. Көзге түсіп, байқалып қалмау үшін камбала өзінің өң-түсін де өзгертіп тұрады: сары құмның үстінде оның реңі сарғыш тартады, қара лайға тасаланса - өзі де қараяды, ал шұбар тастың үстінде - ол да шұбар бола кетеді. Бірде аквариумның түбіне шахмат тақтасын төсеп, суға қалқып кетпеуі үшін оны таспен бастырып қойыпты. Сөйтсе, оған жақындаған камбаланың үсті тақтаның бетіндей торлана бастапты.

СЕМСЕРБАЛЫҚ шоғыр-шоғыр балықтардың арасына дереу бұзып-жарып кіреді де, семсерін оңды-солды бірдей сілтеп, әлгі шоғырдың тас-талқанын шығарады. Кейде бұл жыртқыш балық қайтпас қайсарлықпен киттерге де тап береді. Одан балықшылардың қайықтары, тіпті кемелер де зардап шегеді. Семсербалық қатты екпінмен зулайды. Оның семсерінің соққысы сондай күшті - кейде кеме бортын да тесіп жібереді. Кей кезде семсері сынады да, тесікке шаншылған күйі теңізшілерге ескерткішке қалып жатады.

Теңіз қармақшысының жалғыз ғана кішкентай шамы бар, сол шам аузының дәл үстіндегі иілгіш «қармағында» ілулі. Оның жарығына қызығып келгендер қармақшының аузына түседі де, жем болады. Ал мына КРЕВЕТКА шаяны соңынан жыртқыш балық қуған кезде өзінен жап-жарық бұлт бөліп шығарады. Жарыққа көзі шағылысқан жауы кібіртіктеп қалған кезде, өзі зыта жөнеледі.

Бас бітімі ертегіде айтылатын жүйрік аттың басынан аумайтын бір ғажайып балық бар, ол балдырдың сабағын құйрығымен орап алып, мелшиіп тұрады. Оны ТЕҢІЗ АТБАС балығы деп атайды. Ол қоңыр балдырда тұрса - қоңырқайланады да, жасыл балдырда тұрса - жасыл түске енеді.

Балдырлардың арасында теңіз атбас балығымен қатар басқа бір жіп-жіңішке, ұзын балық тіршілік етеді. Оның тұмсығы үшкір, құйрығы тіпті жіп-жіңішке. Міне, сондықтан да ол ИНЕ-БАЛЫҚ деп аталады. Бірақ аты «ине» болғанымен, заты жұп- жұмсақ, сондықтан ештеңені де шанши алмайды.

ҚАЙЫСБАЛЫҚ әрі ұзын, әрі жалпақ. Ол қайыс болғанда қандай қайыс десеңші! Кей кезде ұзындығы 9 метрге дейін жетеді. Ал енді ауырлығы соншалық - оны бес бірдей адам көтере алмайды! Басында алқызыл тәжі бар бұл қызғылт балық майшабақ патшасы деп те аталады, өйткені ол майшабақ үйірін бастап, солардың алдында жүргенді ұнатады.

Балықтар су астында әр түрлі дыбыс шығарады. Міне, мынау - ТЕҢІЗ ӘТЕШІ. Шынына келгенде ол әтешше шақыра алмайды, бірақ оның есесіне шегірткеше қатты шырылдайды. Сондай-ақ, түсі де нағыз әтештің түсіндей қызыл ала. ТЕҢІЗ МЫСЫҒЫ мен электрлі скат бір-біріне туыс. Олардың бәрінің де қамшы тәріздес ұзын құйрығы бар, денелері жалпақ, көздеріне дейін құмға көміліп, Теңіз мысығы мияулай алмайды, бірақ ол өзінің өткір тікенегімен мысықтан да жаман тырнайды. Оның үстіне тікенегі улы болады.

  Жарияланған-2016-08-30 13:10:44     Қаралды-13773

Мәлімет сізге көмек берді ма

Өнертабыстың ең мұңды патенті

...

1985 жылы Ральф Пиро «өз-өзін ынталандыратын аппаратты» патенттеген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СЫРДАРИЯ

...

Сырдария өзені Орталық Тянь-Шань жоталарынан басталып, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан аймағы аркылы өтіп, Қазақстанда Арал теңізіне келіп құяды. Ұзындығы - 2219 км.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПАЗЛДАРДЫ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Алғашқы басқатырғышты 1763 жылы ағылшын картографы және гравюрашысы Джон Спилсбери ағаштан ойып жасаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МИНЕРАЛДАР

...

Минералдар Жер бетіндегі немесе жердің қойнауындағы әр түрлі геологиялық процестерге байланысты пайда болады және олар тау жыныстарын, кентастар мен метеориттерді, т.б. кұрайды. Минералдар, негізінен, қатты болып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЖЫ - ТІЛ ҮЙІРЕР ДӘМДІ АС

...

Жаңа сойылған малдың іш майы, өкпе–бауыр, ішек–қарны, етті мүшелегенде түскен кесінді еттер ұсақтап туралады (қазіргі кезде ет тарқыштан өткізіледі).

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АПТАДАҒЫ КҮНДЕРДІҢ ТАРИХИ ҚАЛЫПТАСҚАН АТАУЛАРЫ

...

Қазіргі күн аттары төмендегі ретімен қолданылады; дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »