МОНҒОЛ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ - (Бугд Найрамдах Монгол Ард Улс), МХР (БНМАУ), Монголия - Орталық Азиядағы мемлекет. Ресеймен және Қытаймен шектеседі. Жері 1565 мың км2. Халқы 3,2 млн. (2018). Астанасы - Улан-Батор қаласы. Әкімшілік жағынан 18 аймаққа бөлінеді. Улан-Батор және Дархан қалалары және әкімшілік бөлік болып саналады.
Мемлекеттік құрылысы. Моңғол халық республикасы - социалистік мемлекет, халық республикасы. Қазіргі конституциясы 1960 жылы 6 шілдеде қабылданған. Ол МХР-де өкімет билігі еңбекші халыққа тиісті екенін жариялады. Өндіріс құралдарына социалистік меншік және шаруашылықтың социалистік жүйесі қоғамдық құрылысының экономикалық негізін құрайды. Жоғары мемлекеттік өкімет органы және бірден-бір заң шығарушы органы -Ұлы халық хуралы. Оны халық жалпыға бірдей тең, төте сайлау правосы бойынша жасырындауыс беру жолымен 4 жылға сайлайды. Ұлы халық туралы республика үкіметі - Министрлік Советін құрады. Жергілікті мемлекеттік өкімет органдары - аймақтар мен қалалар, қалалық аудандарда депутаттар хуралдарын халық 3 жылға сайлайды. Ал хуралдар өз депутаттары ішінен атқарушы басқарма сайлайды. 18 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы беріледі.
Сот жүйесі Жоғарғы сот, аймақтық және қалалық соттар, сол сияқты аймақтық және аудандық көмекші соттардан құралады.
Табиғаты. Монғолия - қоңыржай белдеудің далалық, шөлейттік және шөлдік бөліктерін ала, Орталық Азияның солтүстік-шығыс жағына орналасқан. Жері негізінен таулы және дөңес жазық келеді. Биік тау жоталары - Моңгол Алтайы, Гоби Алтайы, Хангай. Орталық өңіріне Хэнтэй таулы қыраты жайласқан.
Ең биік жері - Мунх-Хайрхан-Уда тауы, 4362 м. Тау бастары мен беткейлері көбіне мүжіле тегістелген, етектері борпылдақ шөгінділер жамылған. Елдің оңтүстігін және оңтүстік-шығысын - Гоби шөлі, солтүстігін және солтүстік-батысын Үлкен Көлдер қазан шұңқыры, Көлдер аңғары т. б. тау аралық қазан шұңқырлар алып жатыр. Территориясының 30 мың км2-ге жуығын құм басқан. Геологиялық құрылысы жөнінен Монғолия жері Орал-Монгол қатпарлы геосинклинальдық белдеудің бөлігі ретінде Орталық Азия жүйесінің құрамына кіреді. Мұнда екі геологиялық құрылым байқалады; бұлар -солтүстік немесе каледондық, оңтүстік не герциндік облыстар. Палеозойлық, мезозойлық, кайнозойлық жыныстардан және гранитоидтардан түзілген. Басты пайдалы қазба байлықтары - тас көмір (Табун-Тологой, Шарын-Гол, Налайха кендері), темір рудасы (Тамрын-Гол, Баянгол т. б.), вольфрам (Бурэн-Цогт, Их-Хайрхан), флюорит (Бэрх), фосфорит (Хубсугул көлі маңында). Алтын, қалайы, мырыш, пьезокварц, асбест, гипс, гранит т. б. кездеседі.
Климаты құрғақ, тым континенттік. Ауа температурасы жыл маусымы және тәулік ішінде қатты өзгеріп отырады. Қысы суық, қары жұқа; қаңтардың орташа температурасы - 10°С (оңтүстігінде), - 35°С (солтүстігінде). Жазы жылы, қысқа; шілденің орташа температурасы 18-26°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200-300 мм. Таулы өңірлерде 500 мм. Монгол Алтайы тауында мұздықтар, елдің солтүстік бөлігінде көп жылдық тоң тараған. Басты өзендері -Селенга (Монғолиядағы ұзындығы 600 км, Солтүстік Мұзды мұхит алабына жатады), Керулен, Онон (Тынық мұхит алабында), Дзабхан, Кобдо. Өзендері негізінен жаңбыр және қар суымен қоректенеді. Ірі көлдері - Убсу-Нур, Хиргис-Нур, Хубсу-гул, Хара-Ус-Нур. Хубсугул көлінде, Орхон, Селенга өзендерінің төменгі ағыстарында көме жүзеді. Территориясының 60%-тен астамы қызыл қоңыр топырақты. Қалған жерлерінде қоңыр (Гоби шөлі), қара (таулы өңірлері), шалғындық (өзен аңғарлары, көл атыраптары) топырақ тараған. Монғолияда 2 мыңнан астам өсімдік түрлері кездеседі. Жазық өңірлерде боз, қарабас шалғын, еркек шөп, жусан, ши т. б., тау беткейлерінде дала шөптерімен аралас балқарағай, самырсын, қарағай, шырша, қайың т. б. ағаштар өседі. Территориясының 10%-і орман. Монғолия даласында құлан, жайран, сайғақ, орман-тоғайында елік, марал, тауында суыр, құдыр т. б. мекендейді. Жабайы түйе, Пржевальский жылқысы, Гоби аюы тек Монғолияда ғана кездеседі деуге болады. Қабан, сілеусін, тиін, бұлғын, суыр т. б. аңдардың кәсіпшілік маңызы бар. Улан-Батор атырабында тайга флорасы мен фауанасын сақтау үшін Богдо- Ула (Чойбалсан-Ула) қорығы ұйымдастырылған.
Табиғат жағдайына қарай Монғолия жері - Монғол Алтайы, Үлкен Көлдер қазан шұңқыры, Хэнтэй-Хангай, Шығыс Монғолия, Гоби табиғи аудандарына ажыратылады.
Халқы. Монғолия тұрғындарының 75,3%-і дэрбэттардан (34,7 мың), баиттардан (25,5 мың), захчиндерден (15 мың), олёттерден (6,9 мың), торғұттардан (7,1 мың) қалыптасқан халха-монғолдар (901,2 мың). Буряттар (29,8 мың), орыстар (22,1 мың), тувалар да (15,7 мың) қоныстанған. Монғолияда 70 мыңдай қазақтар (негізінен Баян-Өлгий қазақ ұлттық аймағында) тұрады. Ресми тіл - монғол тілі. Монғолия халықтың табиғи өсуі (1963-1971 жылдар аралығында жылына 2,8%) жоғары елдердің бірі. 30жасқа дейінгі адамдардың үлесі (халқының 60%-і) басым. Еңбек етуші 507 мың адамның 58,7%-і ауыл шаруашылығында істейді; жұмысшылар мен қызметкерлердің үлесі (семья мүшелерін қосқанда) 1956-1969 жылдар 25,9%-тен 56,4%-ке көтерілді. Халықтың елдегі қоныстану тығыздығы өте сирек; 1км2 жерге 1 адамға жуықтан келеді. Қала халқы 46%; ірі қалалары - Улан-Батор (303 мың, 1973), Дархан, Чойбалсан, Кобдо, Цэцэрлэг, Мурэн.
Тарихи очеркі. Монғолия жерін адам баласы төменгіпалеолиттің аяғынан (шамамен бұдан 200-100 мың жыл бұрын) мекендеген (Гоби аймақтарындағы қоныстардың қалдықтары). Жоғарғы палеолит кезеңінде (бұдан 40-12 мың жыл бұрын орталық, Гоби және шығыс аймақтарында) Монғолияның ежелгі тайпаларында матриархалды-рулық құрылыс қалыптасқан. Неолит дәуірінде (б. з. б. 5-3 мың жылдық шамасында) мұнда аң, балық аулау кәсібі болған. Неолит, энеолит дәуірінде шығыс және оңтүстік аймақтар егіншілікке көше бастаса керек. Б. з. б. 2-1-мың жылдықтың ортасына таман мыс, қола бұйымдар пайда болды (Карасук мәдениеті).Қола дәуірінің аяғында және темір дәуірінің басында (б. з. б. 1-мың жылдық) монғол тайпалары көшпелі мал шаруашылығына шықты және оларда патриархалды-рулық құрылыс қалыптасты. Б. з. б. 4-3 ғасырдан бастап қауымдық құрылыс ыдырап, феодалдық қоғам туды. Монғолдардың арғы аталары болып табылатын хунну тайпасының одағы (б. з. б. 3 ғ.- б. з. 1 ғ.) құрылды. Б. з. 1 ғасырында хунну одағы ыдырап, сянби тайпалар одағы құрылды.
4-10 ғасырларда Жужан, Түрік, Үйғыр, Қырғыз қағандықтарында феодалдану процесі онан әрі дамыды.
13 ғасырдың басында ноян Темучин басқарған бір орталыққа бағынған феодалдық мемлекет құрылды. 1206 жылы ұлы құрылтайда Темучин ұлы хан - Шыңғысхан болып жарияланды. Ішкі саясатта ол мемлекеттік билігін бір орталыққа бағындырды, ханның жеке билігін нығайтты, жерді, жайылымды ұлы хан билеген мемлекеттің меншігіне айналдырды, жер нояндарға бөлініп берілді, шаруалардың басқа жерге ауысуына тыйым салынды, бір тұтас армия құрылды. Феодализмнің баянды етілуімен бір мезгілде бір тұтас монғол халқы қалыптасты.
13 ғасырдың алғашқы он жылдығында Шыңғысхан басқа елдерге шапқыншылық бастады. 13 ғасырдың ортасына қарай СолтүстікҚытай мен Таңғұт мемлекеті, Орта Азия мен Закавказье, Иранды жаулап алды, Русьте монғол-татар езгісі орнады. Орасан зор Монғол феодалдық империясы құрылды. 13 ғасырдың 70 жылдарында Құбылай Қытайды жаулап алуды аяқтап, Юаньәулетінің негізін қалады.
Шыңғысхан мен оның мирасқорларының шапқыншылық соғыстары өндіргіш күштердің құлдырауына әкеліп соқты. Бір тұтас экономикалық базасы болмаған және ішкі қайшылықтары шиеленісе түскен монғол империясы ыдырай бастады. 1368 жылы монғол феодалдары Қытайдан қуып шығарылды. 1380 жылы Куликово шайқасы Русьтегі монғол-татар езгісін жоюдың бастамасы болды. 14 ғасырдың 2-жартысында Иран мен Закавказьедегі монғол үстемдігі құлады. Монғолдар Орта Азияда да осындай халге ұшырады. 17 ғасырдың соңғы ширегінде монғол империясы өмір сүруден қалды. Феодалдық бөлшектену дәуірі басталды.
Ойрат (Батыс Монғолия) билеушісі Есен хан (1440-1455 жылдар билеген) мен монғол билеушісі Даян хан (1479 ж. ш.-1543 ж. ш. билеген) тұсында біріккен монғол мемлекетін қалпына келтіруге 15 ғасырда екі рет әрекет жасалды. Бірақ бұл хандар құрған мемлекеттер олар өлгеннен кейін бірден ыдырап кетті. 16 ғасырда Монғолияньщ барлық үш бөлігінде 200-ден астам хандықтар мен князьдықтар болды.
16 ғасырдың соңғы ширегінде алдымен ОңтүстікМонғолияның, кейін Халханың, 17 ғасырдың басында БатысМонғолияның хандары мен князьдары ламалық бағыттағы буддизм дінін қабылдады.
17 ғасырдың 30 жылдары БатысМонғолияда (Жоңғарияда) ойрат феодалдарының мемлекеті құрылды. 1688 жылы Жоңғар ханы Қалдан (1671-1697 жылдар билік жүргізді) Халха феодалдарын талқандады. Кейін Халха Цинь әулетіне (1644-1911; Қытайды басып алған маньчжурлар негізін қалаған) бағынды. 1755-1758 жылдар Халха мен Жоңғарияда маньчжурларға қарсы азаттық қозғалыс өріс алды. Қозғалыс күшпен басылды. 1758 жылы маньчжурлар Жоңғар мемлекетін жойып жіберді. Монғолия түгелімен Цинь әулеті билеген Қытайдың қол астына көшті.
19 ғасырдың аяғы - 20 ғасырдың басында Монғолия империалистік мемлекеттердің Қиыр Шығыстағы талас объектісіне айналды. Басты бәсеке Жапония мен патшалы Россия арасында болды. Ұлыбритания, АҚШ, Германия да Монғолияға қызықты. 1905-1907 жылдардағы Орыс революциясы және Қытайда революция қозғалыстың өсуі Монғолияда революциялық ситуацияның өрістеуіне себепші болды. Сыртқы Монғолиядағы Қобда округының оңтүстік-батысбөлігінде маньчжурларға қарсы арат Аюша басқарған қозғалыс өріс алды.
1917 жылы Россияда революциясының жеңуі және Совет мемлекетінің құрылуы Монғолияны революция жолмен жаңартуға мүмкіндік туғызды. Бірақ реакцияшыл нояндар Совет үкіметінің монғол халқы мен Сыртқы Монғолия үкіметіне 1919 жылытамызда жолдаған үндеуін (бұл үндеуде Совет үкіметі патшалы Россияның Монғолиямен арадағы барлық тең праволы емес шарттарынан бас тартатынын мәлімдеді, Монғолияның мемлекеттік тәуелсіздік правосын мойындады және екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнатуды ұсынды) халықтан жасырды, 1919 жылықарашада автономиядан бас тартып, елді ақ гвардияшылдардың паналайтын ордасына, Совет еліне шабуыл жасаудың плацдармына айналдырды. Д. Сухэ-Баторжәне X. Чойбалсан басқарған араттардың алдыңғы қатарлы өкілдері мен халықтың басқа топтарының прогресшіл элементтері 1919 жылы күзде Ургада (қазіргі Улан-Батор қаласы) астыртын 2 революция үйірме ұйымдастырды, бұлар 1920 жылы Монғол халық партиясы деген атпен бірікті. Советтік Россиямен тікелей байланыс орнату мақсатымен монғол революционерлері 1920 жылдың ортасында Иркутск мен Москваға өкіл жіберді. Қарулы көтеріліс дайындау үшін халық арасында үгіт-насихат, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді, халық-революция армиясының негізін қалады. 1921 жылы наурызда Кяхтада партияның 1-съезі болып өтті, съезд Монғол халық-революциялық партиясын (МХРП) құруды ұйымдық жағынан қалыптастырды. 18 наурыз революция армия басқыншылардан Маймачен қаласын (қазіргі Алтан-Бұлақ) босатты. Уақытша халық үкіметінің тілегімен 1921 жылы маусымда Унгерн бандыларына қарсы бірігіп күресу үшін Моңғолияға Қызыл Армия бөлімшелері кірді. 6 шілдеде Урга қаласы азат етілді. 1921 жылы 10 шілдеде партияның ОК орталық өкіметті тұрақты Халық үкіметіне беру туралы шешім қабылдады. Революция жеңіске жетті. Елдегі өкімет билігі монғол мемлекетінің саяси негізі болған халық туралы түрінде қалыптасты. Елде партия басшылық ететін, Советтік Россияның жұмысшы табына, халықаралық коммунистік қозғалыстың қолдауы мен көмегіне сүйенетін еңбекші араттар диктатурасының айрықша түрі заң жүзінде бекітілді. Халық өкіметі жерді ұлт меншігіне алып, басыбайлылықты, феодалдық атақтар мен артықшылықтарды жою, жергілікті өзін-өзі басқаруды демократияландыру шараларын т. б. жүзеге асырды.
Монғолияның Советтік Россиямен байланысы нығайды. 1921 жылы қарашада монғол делегациясының В. И. Ленинмен кездесуі аса маңызды роль атқарды. Монғолияның капиталистік емес жолмен даму мүмкіндігі туралы идея партия мен халық үкіметі саяси бағытының ірге тасына айналды. 1921 жылы 5 қарашада Москвада достық қатынас орнату туралы совет-монғол келісіміне қол қойылды.
1924 жылы қарашада 1-Ұлы халык, хуралы болып өтті, онда Монғолия халық республикасы болып жарияланды және елдің тұңғыш конституциясы бекітілді.
Халық үкіметі Совет мемлекетінің көмегіне сүйене отырып, өндіргіш күштердің өсуіне үздіксіз қамқорлық жасады. 1921 жылы желтоқсанда Монғол орталық халық кооперативі ұйымдастырылды. 1924 жылы маусымда Монғол сауда-өнеркәсіп банкісі ашылды, 1925 жылы желтоқсанда ақша реформасы жасалып, ұлттық ақша - тугрик шығарылды. Тұңғыш өнеркәсіп орындары, транспорт пен байланыстың қазіргі түрлері жасала бастады.
1929 жылы ірі феодалдық меншік экспроприациялана бастады. Елде мал саны 1929 жылдан 1940 жылға дейін 36% көбейді. Мемлекеттік және кооперативтік өнеркәсіп (негізінен көмір шығаратын, электр энергид өндіретін, мал шаруашылығы шикізатын өңдейтін) пайда болды. Бөлшек сауда товар айналымы 1934-1939 жылдар 2,5 есе, экспорт 2,3 есе, импорт 2 есе артты.
Революция өзгерістерді жүзеге асыру нәтижесінде 1940 жылға қарай МХР-дің әлеуметтік құрылымы өзгерді. Феодал табы жойылып, араттар ерікті ұсақ товар өндірушілер болып алды, ұлттық жұмысшы табы, интеллигенциясы қалыптасты. Ұсақ товарлы және социалистік секторлар негізгі экономикалық укладтарға айналды. Мәдени революция өрістеді. 1940 жылы маусымда 8-Ұлы халық хуралында МХР-дің жаңа конституциясы қабылданды.
1940 жылға қарай МХР жаңа социалистік кезеңге көшті. Бұл кезеңде өндіргіш күштердің өсу қарқынын жеделдету, жеке араттар шаруашылығын жаппай кооперативтендіру, халық шаруашылығының бір тұтас социалистік жүйесін құру, мәдени революцияны өрістете беру міндеттері қойылды.
2-дүние жүзілік соғыс кезінде (1939-1945) МХР Совет Одағына зор моральдық, материалдық көмек көрсетті. 1945 жылы 10 тамызда МХР Жапонияға соғыс жариялап, жапон агрессорларын талқандауға тікелей қатысты.
Жаңа кезеңде МХР-дің халықаралық жағдайы нығайды. Үш мемлекеттің Қырым конференциясында (1945) оның суверенитеті танылды. 1946 жылы ақпанда СССР мен МХР арасындағы Достық және өзара көмек туралы шартқа, Экономикалық және мәдени ынтымақ туралы келісімге қол қойылды. 1948 жылы МХР барлық социалистік мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатты, олармен экономикалық, мәдени байланысын ұлғайтты.
Соғыстан кейінгі кезеңде МХР социалистік құрылыста ірі табыстарға жетті. 1947 жылы МХРП 11-съезі халық шаруашылық мен мәдениетті перспективалық жоспарлауға көшу туралы шешім қабылдады, 1948-1952 жылдарға арналған 1-бесжылдық жоспар жөніндегі директиваларды бекітті.
Мұнан кейін МХР 2-бесжылдық жоспар (1953-1957), үшжылдық жоспар (1958-1960) негізінде дамыды. Өнеркәсіп өркендеді, жұмысшы табы өсті. 1960 жылы жұмысшы, қызметшілердің саны 1940 жылдағыдан 5,9 есе артты. Жұмысшы табы жаңа қоғам құрылысындағы жетекші күшке айналды. 1959 жылы көктемге қарай іс жүзінде елдің барлық шаруалары ауыл шаруашылық бірлестігіне кірді. Сөйтіп халық шаруашылығының барлық саласында социалистік өндірістік қатынастар жеңіп шықты. МХР социалистік қоғамдық құрылысқа көшуді қамтамасыз етті. 1960 жылы шілдеде елдің жаңа конституциясы қабылданды.
1961 жылы шілдеде МХРП 14-съезінде 3-бесжылдық жоспар (1961-1965) директивалары бекітілді. 1966 жылы 15-съезде қабылданған МХРП-нің жаңа программасы қол жеткен табыстарды паш етіп, МХР-ді индустриялы-аграрлық мемлекетке айналдыруға байланысты міндеттерді белгіледі, халық шаруашылық мен мәдениетті өркендетудің 4-бесжылдық жоспары директиваларын бекітті.
МХРП-нің 16-съезі (1971 жылы маусым) МХР еңбекшілерінің материалдық, мәдени дәрежесін көтеру, елді социалистік жолмен дамытуда жеңіске жету жолындағы жарты ғасырлық күресінің қорытындыларына жан-жақты баға берді. Съезд халық шаруашылық мен мәдениетті өркендетудің 1971-1975 жылдарға арналған 5-бесжылдық жоспары директиваларын бекітті.
МХР-дің сыртқы саясаты социализм орнату, дүние жүзілік социалистік системаның бірлігі мен тұтастығын нығайтуға, бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған. МХР - 1961 жылдан БҰҰ-ның мүшесі, 1962 жылдан Экономикалық Өзара Көмек Советіне мүше. МХР 61 елмен дипломатиялық қатынас (1973), 20-дан астам елмен сауда қатынасын орнатқан; 62 халықаралық, оның ішінде 19 үкімет ұйымдарымен байланыс жасайды; 1969 жылдан Қарусыздандыру жөніндегі комитеттің мүшесі.
Монғол халық-революциялық партиясы, кәсіподақтары мен басқа да қоғамдың ұйымдары. Монғол халық-революдиялық партиясы (МХРП; Монғол Ардын Хувьсгалт Нам), ұйымдық жағынан 1-съезде (1921 жылы 1-3 наурыз) қалыптасты. 1925 жылға дейін Монғол халық партиясы деп аталды. Мүшелері мен кандидаттарының саны 58 048 адам (1971 жылымаусым). МХР кәсіп- одақтары 1927 жылы кәсіподақтардың 1-съезінде ұйымдық жағынан қалыптасып бірікті. 210 мың адамнан астам мүшесі бар (1972). 1949 жылдан Кәсіподақтардың Бүкіл дүние жүзілік Федерациясына кіреді. Монғол революциялық жастар одағы, 1921 жылы құрылған. 110 мың мүшесі бар (1972). Демократиялық жастардың Бүкіл дүние жүзілік Федерациясына кіреді. Монғол әйелдерінің комитеті, 1933 жылы құрылған. Монғол бейбітшілік және достық ұйымдарының федерациясы, 1959 жылы құрылған. Монғол-совет достығы қоғамы, 1947 жылы құрылған. Бейбітшілікті қорғаудың монғол комитеті, 1949 жылы құрылған. Азия және Африка елдері ынтымақтастығының монғол комитеті, 1957 жылы құрылған.
Экономикалық-географиялық очеркі. 1921 жылғы революция нәтижесінде Монғолия феодализмнен бірден социалистік даму жолына өтті. Халық өкіметі жылдары бұрынғы аграрлық-феодалдық мешеу ел, тез қарқынмен дамудағы аграрлы-индустриялық мемлекетке айналды. Монғолияда социализмнің материалдық-техникалық базасын құруда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, транспорт т. б. халық шаруашылығы салаларын дамытуда Совет Одағының және басқа социалистік елдердің ролі аса зор.
Ауыл шаруашылығы. Елдегі жаңа әлеуметтік-экономикалық шаралардың жүзеге асырылуының нәтижесінде Монғолия ауыл шаруашылығында социалистік өндірістік қарым-қатынас толық орнады; социалистік меншіктің кооперативтік (ауыл шаруашылық бірлестіктері және мемлекеттік (мемлекеттік шаруашылықтар) формалары қалыптасты. Ауыл шаруашылық жалпы өнімнің 83,4%-і мал шаруашылығының, 16,6%-і егіншіліктің үлесіне тиеді. Мал басы жөнінен Монғолия дүние жүзінде басты орындардың бірінде. Мал шаруашылығының басты саласы - қой өсіру (әсіресе батыс және орталықөңірлерде). 1972 жылғы мал саны (мың): мүйізді ірі қара 2189,0, қой 13717,0, ешкі 4338,0, жылқы 2239,0, түйе 625,0. 1972 ж. елде 24,2 мың тоннжүн, 67,4 мың тонн сүт, 3,8 млн. дана тері даярланды. 1955-1972 жылдар арасында тың жерлердің игерілуіне байланысты Монғолия егістігі 475 мың га-ға жетті; егістің 88,4%-іне дәнді және бұршақ дақылдары егілді. 1972 жылғы егіс өнімі (мың т): бидай 170,0, сұлы 16,7, арпа 17,3, картоп 10,2, овощ 10,9, мал азығы 48,9.
Өнеркәсібі. Монғолиядағы майдагерлік кәсіпшіліктің дәстүрлі салаларына (мата тоқу, тері илеу - аяқ киім тігу т. б.) қоса 40-60 жылдары тау-кен, энергетика, ағаш өңдеу, құрылыс материалдары, металл жону т. б. өндірістер қалыптаса бастады. Елде негізінен шағын кәсіпорындардың үлесі басым. 1940-1970 жылдар өнеркәсіптің жалпы өнімі 13,8 есе артты. 1972 жылғы Монғолия өнеркәсібі жалпы қоғамдық өнімнің 1/3-ін өндірді. Өнеркәсіп өнімін түгелге жақын (96,8%, 1972) мемлекеттік сектор орындары береді. Тау-кен өндірісінің басты саласы - көмір өндіру; ірі кен орындары Шарын-Гол, Налайха, Адун- чулун атыраптарына шоғырланған. Вольфрам, флюорит өндіріледі. Эрдэнетийн-Обо (Булган аймағы) мыс-молибден кеніне негізделіп кен байыту комбинаты салынуда (1973). Энергетикасы жылу электр станциялары (ең, ірісі Дархан ЖЭО) негізінде дамыған. 1967 жылы Совет Одағының көмегімен орталық ауданда біріккен энерго жүйесі құрылды.
Монғолия өңдеу өнеркәсібінің басты саласы - жеңіл және тамақ өндірістері; бұлар жалпы өнеркәсіп өнімінің 1/2-нен астамын береді. Кәсіпорындары Улан-Батор, Дархан-Селенга және Шығыс өнеркәсіп аудандарына шоғырланған.
Транспорты. Жүк айналымының 3/4-і темір жол транспортымен тасылады; темір жол жүйесінің ұзындығы 1,4 мың км. Басты темір жолы - Трансмонғол магистралы елді солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өтеді. Жүк тасымалының 25%-ке жуығы автотранспорт үлесіне тиеді. 1956 жылы МХР азаматтық әуе транспортының басқармасы құрылды.
Сыртқы экономикалық байланысы. Монғолия экономикалық Өзара Көмек Советіне мүше елдермен тығыз байланысты. Социалистік елдер көмегімен МХР-де кәсіпорындар салынуда, жер қойнауы зерттелуде, өндірістік шикізат қорлары игерілуде. 1972 жылғы сыртқы сауда айналымының 99%-і социалистік елдердің (85%-і СССР) үлесіне келді. Монғолия басқа елдерге ет майын, ет, жүн, тері және тау-кен өндірісі өнімдерін шығарады; өзі машина, өндірістік жабдықтар, мұнай өнімдерін, қара металдар, химия, азық-түлік және тұтыну товарларын сатып алады.
Ақша өлшемі - тугрик.
Денсаулық сақтау ісі. Революцияға дейінгі көшпелі монғол халқының әлеуметтік тұрмыс жағдайлары нашар болғандықтан әр түрлі жұқпалы және венералық аурулар көп таралған.
1972 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 39,3, адамның өлімі 10,8. Әрбір тірі туған мың баладан өлгені 73,4. Өмірдің ұзақтығы 64,5 (еркектер 62,5; әйелдер 66,33) жас. Елде 1965-1970 жылдар күл 7,2 есе, бруцеллез 4 есе, іш сүзегі 1,9 есе, дизентерия 1,7 есе, ал полиомиелит 26 есе кеміді. МХР-де медицина көмек тегін. МХР-де 1973 жылы 12 мың төсектік 350 аурухана (1000 тұрғынға 9,6 төсек), 1971 жылы 164 амбулатория-поликлиника болды. МХР-де 1972 жылы 2,5 мың дәрігер (520 тұрғынға 1 дәрігер), 93 тіс дәрігері, 700 фармацевт және 8 мыңға жуық орта білімді медицина қызметкерлер жұмыс істеді. Дәрігерлерді Монғол мемлекеттік медицина институты, мемлекеттік университеттің медицина факультеті және медицина училищелер даярлайды. Монғол жерінде көптеген шипалы сулар бар. 1970 жылы өкімет қаржысынан 106 млн. тугрик жұмсалды.
Оқу-агарту ісі. Революцияға дейін сауаттылардың саны 1%-ке жетпейтін. Мектеп болған жоқ, тек будда монастырьларының оқу орындары - дацандарда тибет тілін, будда философиясын, астрологияны оқытатын. 1921 жылы халық революциясы жеңгеннен кейін, ағарту жүйесінің жаңа түрі жасалды. 1921 жылытамызда бастауыш мектеп ашу туралы указ шықты, сол жылы бастауыш мектеп устазы, 1927 жылы орта мектептің устазы бекіді. Мектеп мемлекеттік қарауында, оқу ана тілінде жүрді. 1921-1922 жылдар 12 бастауыш мектеп, бір жеті жылдық мектеп болды. Халық ағарту ісін құру принципі МХРП-нің 4-съезінде (1925) қабылдаған партияның 2-программасына негізделіп, жалпыға бірдей білім беретін мектеп құру, жынысына, ұлтына қарамай оқуға тарту, ескі оқу тәртібін (ұру-соғуды) жою, 18 жасқа дейін тегін оқу принципі шешілді.
1922 жылы мұғалімдер даярлайтын алғашқы курстар ашылды. 1933 жылы арнаулы оқу жоспарлары мен оқу программалары енгізілді. 1941 жылы жаңа алфавитке көшу туралы қаулы қабылданды. 1-бесжылдықтың соңында (1952) Монғолияда сауатсыздық мүлде жойылды. 1955 жылы МХРП-нің ОК мен Министрлік Советі «Мектеп жасындағы балалардың жаппай міндетті бастауыш білім алуы» туралы, ал 1958 жылы «Қалалар мен аймақ орталықтарында міндетті жеті жылдық білім алуды енгізу» туралы қаулы қабылдады. МХРП-нің 15-съезі (1966) жалпыға бірдей орталау білім беруді іске асыру және жалпыға бірдей толық орта білім беруге әзірлену міндетін қойды. 1972/73 оқу жылында барлық орта мектептер жаңа программаға көшті, осыған сәйкес оқу мерзімі белгіленді:бастауышмектеп 3 жыл, орталау мектеп 8 жылдық орта мектеп 10 жыл. 1973/74 оқу жылында оқудың барлық түрі бойынша 549 мектеп, 274,3 мың оқушы болды.
1964 жылы жұмысшы кадрларды даярлайтын кәсіптік-технникалық оқу жүйесі енгізілді. 1972 жылы 20 кәсіптік училищеде 8,7 мың адам оқыды. 1965-1970 жылдар 70 мамандық бойынша 20 мыңнан астам жұмысшы даярланды. 1970 жылы 19 техникумда 11,1 мың адам оқыды.
Алғашқы жоғары оқу орны 1940 жылы Улан-Баторда ашылған мұгалімдер институты, 1942 жылы СССР-дің көмегімен Монғол мемлекеттік университеті ашылды. Алғаш университетте 3 факультет (медицина, мал дәрігері, педагогика) болды. Ал 1972 жылдан физика-математика, химия-биология, қоғамдық ғылымдар, экономика, филология факультеттері жұмыс істейді. 1969 жылы ЮНЕСКО-ның көмегімен политехникалық институты ашылды. Университеттің кейбір факультеті жеке институт болып бөлініп шықты (1951 жылы педагогикалық институты, 1958 жылы ауыл шаруашылық, 1961 жылы медициналық институты). 1972/73 оқу жылында жоғары оқу орындарында 8,9 мың студент оқыды. 1973 жылы СССР-де 4 мың монғол студенті оқыды.
Улан-Баторда ірі Мемлекеттік кітапхана (1921 жылы құрылған), Мемлекеттік орталық музей, Орталық музейі, Дін тарихы музейі, Бейнелеу өнері музейі, Улан-Баторды реконструкциялау музейі, Д. Нацагдорждың музей-үйі бар.
Ғылым және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдар. ФеодалдықМонғолияда жаратылыс тану білімі астрономия, медицина, ауыл шаруашылық сияқты ғылым салаларында жинақталды.
Халық өкіметі тұсында Монғолиядағы ғылым едәуір нәтижеге жетті. 1921 жылысовет ғалымдарымен байланыс жасады. 1929 жылы СССР ҒА мен МХР Ғылыми комитеті арасында қарым-қатынас жасау туралы келісімге қол қойылды. 30-40 жылдары табиғи-ғылыми зерттеулер халық шаруашылығының қажеттерін етеу жолында жүргізілді. Монғол елінің өсімдік және жануарлар дүниесін, географиясын, геологиясын зерттеу ушін монғол және совет ғалымдарының біріккен ғылыми экспедициясы ұйымдастырылды. Совет ғалымдарының көмегімен ұлттық ғылыми кадрлар даярланды. 50-60 жылдары ауыл шаруашылығына байланысты ғылым салалары дами бастады. Монғол ғалымдарының зоология мен ботаникалық саласындағы ғылыми зерттеулері малдың өнімділігін арттыруға, оның тұқымын жақсартуға, малдың ауруларын емдеуге және оның алдын алуға, мал азық қорларын тиімді пайдалануға, егін шаруашылығының прогрессивтік жүйесін жасауға бағытталған. Асыл тұқымды мал шығару жұмысында МХР ҒА-ның корр. мүшесі Т. Аюрзанның басшылығымен ет-жүнді бағыттағы жаңа орхондық биязылау жүнді қой тұқымын шығарды. Гоби аймағында қаракөл қойын жерсіндіру жұмысы жүргізілуде. СССР-ден әкелінген дон ешкілерін жергілікті ешкімен будандастыру жолымен түбітті бағыттағы жаңа ешкі тұқымы шығарылуда. Мүйізді ірі қараның биологиясы саласында акад. Ц. Тойвгоның жүргізген зерттеулері
МХР ауыл шаруашылығында елеулі роль атқарды. Түйе шаруашылығының мәселесі зерттелуде. МХР-де дәнді дақылдар мен овощ және жеміс шаруашылығының елдің қатаң климаттық жағдайына бейімделген өнімді сорттары шығарылған (X. Зундуйжанцан, М. Ульзия, МХР ҒА корр. мүшесі Э. Шагдар және басқалардың жұмыстары). Монғол биологтары МХР-дің флорасы мен фаунасын класқа бөліп, жүйеге келтірумен шұғылдануда. Олар «Орталық Монғолия өсімдіктерінің анықтамасы», «МХР-дің эфирлі өсімдіктері», «МХР-дің кәсіптік жануарлары және оларды қорғау» сияқты еңбектер жариялады.
60 жылдары химия мен агрохимиялық саласынан теориялық және практикалық маңызы бар зерттеулер жүргізілді. МХР ҒА-ның Химиялық институты микроэлементтердің топырақта таралу заңдылығын зерттеп, олардың республика бірсыпыра аймақтарында таралған мөлшерінің картограммасын жасаған, егін шаруашылығында микротыңайтқыштарды қолдану, сондай-ақ кейбір азық өнімдеріне витамин қосу жөнінде ұсыныстар енгізген. Көптеген геохимиялық және биохимиялық зерттеулер жүргізілуде. «Монғолияның азықтық өсімдіктерінің биохимиясы» атты монография шығарылған.
Монғол геологтары Экономикалық Өзара Көмек Советінің мүшелеріндегі елдердің мамандарымен бірлесе отырып, әр түрлі пайдалы қазындылардың көптеген кен орындарын анықтады. Жан-жақты зерттеулер жүргізу нәтижесінде МХР-дің геологтары МХР-дің геологиялық және тектоникалық карталарын жасады. Монғол геологтары тоң тану, елді табиғи және экономика жөнінде аудандастыру жұмыстарын жүргізуде. МХР-дің физикалық географиясы (III. Цэгмид т. б.), экономикалық географиясы (Б. Гунгадаш т. б.) бойынша еңбектер шығарылған. Арнаулы ғылыми-зерттеу институты, МХР-дің гидрометеорологиялық қызметінің құрамына енетін 60-тан астам метеорологиялық, аэрологиялық және гидрологиялық станциялар тұрақты гидрометеорологиялық зерттеулерді жүзеге асыруда.
МХР-дің физиктері 1956 жылдан Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтының жұмысына қатысуда. 1961 жылы МХР ҒА-ның Физикалық институты құрылды. Жер сілкіну, магнетизм, радиоактивтік шөгінділер миграциясының ерекшеліктері зерттелуде. Астрономиялық зерттеулер, соның ішінде Күн тәжі мен протуберанецты бақылау, Жердің жасанды спутниктерін қадағалау ісі жүргізілуде. 1968 жылы есептеу орталығы бар Математика институты құрылды, онда теориялық және қолданылмалы математикалық мәселелері зерттелуде.
Медицина саласынан монғол ғалымдары жұқпалы аурулармен күресудің ғылыми негіздерін жасау, ревматизм және басқа ауруларды емдеу мәселелері жөнінде едәуір жетістіктерге жетті. Халық медиңинасы, жергілікті дәрі-дәрмек өсімдіктерінің қасиеті зерттелуде. Емдеу практикасында Монғолиядағы жабайыөсімдіктерден жасалған препараттар кең қолданылуда.
Қоғамдық ғылымдар. Философия. Монғол тайпалары арасында көп уақытқа дейін шаманизм үстемдік етті. Монғолия мемлекеті құрылғаннан кейін (1206), шаманизмді буддизм ығыстыра бастады, елге будда монахтарының философиялық трактаттары енді. Бұл тектес алғашқы шығарма Лода Чжалцан жазған «Танып-білуге болатынды түсіндіру» атты еңбек еді (13 ғ.). 16-17 ғасырларда ламаизм түріндегі буддизм монғол мемлекетіндегі ресми дінге айналды. Аса ірі монғол философтарының, будданың философиялық трактаттарын түсіндіруші діндарлардың қызметі осы тұста басталады. Робжамба Содном Ванжал логика мен диалектика жөніндегі оқулықтың авторы болды. Агван Дандар Лхарамба (Алашанский) үнді ғалымы Дхармакирти қойған «бөгде жандылық» проблемасын 31 өзінше тусіндірді. Агван Балдан үнді философиясының тарихы жөніндегі өзінің үш томдық еңбегінде үндістанның көптеген философиялық мектептері мен бағыттарын талдайды, соның өзінде бұл еңбек 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында Тибеттің аса ірі ғалымы, философы Гунчэн Чжамьян Шадпа Дорчжэнің «Үндістан философиясының тарихына» түсіндірме ретінде жазылды.
18 ғасырдың 1-жартысында Чжан-Чжа Хутуг-ту т. б. философиялық терминдерінің тибет-монғол сөздігін құрастырды (ол «Данышпандарға арналған сөздік» деп аталды). Жанжа Рольби Доржи үнді философиясының тарихы жөнінде екі томдық еңбек жазды. Үнді философы Асангидің «Ой туралы іліміне» берілген түсіндірме Сахар Лубсан Сультимнің ең басты шығармаларының бірі болып табылады. 1917 жылы Россияда болған революциясының әсерімен Монғолияда марксизм-ленинизм идеялары тарап, Монғол халық-революция партиясы қызметінің идеологиялық негізіне айналды. Монғол философтары өз зерттеулерінде МХР-дегі социалистік құрылыс тәжірибесіне теориялық қорытындылар жасауда. Философиялық кадрларын Улан-Батордың Д. Сухэ-Батор атындағы Жоғары партия мектебінің марксизм-ленинизм және философиялық кафедрасы даярлайды.
Тарих ғылымы. Монғолдың феодалдық тарихнамасының бізге жеткен алғашқы ескерткіші - белгісіз автордың «Монғолын нууң тобчосы» («Шынайы дастан»), Бұл шығарма 1240 жылдап кейін жазылған. 14-16 ғасырдың әдебиеті бізге жеткен жоқ, бірақ бұл тұста болған оқиғалар 17-19 ғасырдың шығармаларында баяндалған:авторы белгісіз«Алтан тобчи» («Алтын түйме»), Саган Сэцэннің «Эрдэнийн тобчні» («Қымбатты түйме»), Рашипунцугтың «Болор эрихэсі» («Сутас тәсбих»), Галданның «Эрдэнийн эрихэсі» («Қымбатты тәсбих») т. б. Тап осы тұста ламалық шіркеу қайраткерлерінің өмірбаяндары, сондай-ақ Тибет пен Қытай тарихы әдебиетінің монғолша аудармалары шықты. 16 ғасырдың аяғы мен 17 ғасырдың басында, ламаизм Монғолиядағы үстем идеологияға айналған шақта монғолдың феодалдық тарихнамасы шіркеу өсерімен дамыды. 19 ғасырдың орта шенінен бастап монгол тарихнамасында маньчжурга қарсы сыншыл бағыт пайда болды (Инжинаш т. б.). Феодалдық-теократиялық монархия тұсында (1911-1919) 11 томдық Монғолия тарихы жазылды (бірақ басылып шыққан жоқ), ол негізінен феодалдық тарихнама дәстүрлерін сақтады. Тибет тілінде бірқыдыру тарихи әдебиет шықты (Ш. Дамдин шығармалары т. б.). 1921 жылы халықтық революция жеңгеннен кейін, монгол тарихнамасында маркстік-лениндік әдіс орныға бастады. 20-30 жылдары марксизм-ленинизм классиктерінің негізгі шығармалары монғол тіліне аударылды, тарихи материалдар жинастыру және кадрлар даярлау ісі қолға алынды. Ол кезде тарихи деректерді жариялау мен археологияға көп көңіл бөлінді. Орта мектептерге арналған алғашқы тарих оқулықтары да жасалды. Тарихшылардың егде ұрпағының осы тұста жарық көрген еңбектері Монғолия тарихын, әсіресе 1911-1919 жылдар болған оқиғаларды негізінен объективті түрде баяндады (X.Максаржаб, Л. Дэндэб, А. Амор, Г. Наваннамжил т. б.). X. Чойбалсанның, Г. Дэмидтің және Д. Лосолдың монғол халық революциясы жөніндегі коллективтік еңбегі құнды зерттеулердің бірінен саналады. 40-50 жылдары тарихтан бірқатар монографиялық зерттеулер мен коллективтік еңбектер жариялана бастады. Бұлардың ішінде бір томдық «МХР тарихы» бар. Бұл - ең көне заманнан бастап, 20 ғасырдың 50 жылдарына дейінгі Монғолия тарихын баяндайтын монғол және совет ғалымдарының еңбегі 1954 жылы басылып шықты (1967 жылы Москвада 2-рет басылды). Феодализмнің сарқыншақтары мен буржуазия идеологияның ықпалына қарсы кескілескен күрес жылдарындағы тарихи зерттеулерде маркстік-лениндік методологиялық принциптері үстемдік етті. 60-70 жылдары МХР-де тарих ғылымының дамуы жаңа кезеңге аяң басты. Оның еңбекшілерге коммунистік тәрбие берудегі, монгол халқы тарихының тәжірибесін қорытып, заңдарын ашып көрсетудегі ролі артты, маман кадрлар даярлау (соның ішінде оларды СССР-де оқыту) көлемі ұлғайды, тарихи еңбектердің тақырыбы кеңейіп, олардың ғылыми-теориялық дәрежесі жоғарылады. 60 жылдардың аяқ шенінде үш томдық «МХР тарихы» мен партия тарихы жөніндегі қорытынды еңбек жасалды («МХРП тарихының очерктері», 1967; 1971 жылдар орысшағааударылды). Осы тұста бірқатар басқа да ірі еңбектер шықты (Б. Ширендыбтың 18-20 ғасырлардың аралығындағы Монғолияның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы, Монғолияда болған халықтың революция және МХР-дің құрылуы жөніндегі, Ш. Нақагдорждың араттар қозғалысының тарихы, Халхи туралы, Б. Тудэвтің монғол жұмысшы табының тарихы жайындағы, Н. Ишжамқтың монгол халқының 18 ғасырдағы азаттық күресінің тарихы туралы кітаптары т. б.). Монғолдардың ата-бабалары - қидандар тарихы, монғол тайпаларының шығу тегі, қытайдың сауда және өсімқорлық капиталының Монғолияға өтуі және оның ролі, Монғолияның 19-20 ғасырлардағы сыртқы саяси қатынастары, лама шіркеуінің тарихы т. б. зерттелді (X. Пэрлээ, Д. Гонгор, М. Санжадорж, Ш.Сандаг, С. Пурэвжав т. б.). Үнемі шығып тұратын далалық экспедициялардың, әсіресе 1969-1971 жылдардағы совет-монғол тарихи-мәдени экспедициясының нәтижесінде палеолит пен неолит, қола дәуірі, МХР жерінде ертеректе болған тайпалық және мемлекеттік бірлестіктер жөнінде аса бай археологиялық материал жиналды. Мұның негізінде ежелгі түріктер туралы (Н. Сэр-Оджав), шаманизм тарихы жөнінде (Ч. Далай), дархаттар тұрмысы мен кәсібі жайында (Ч. Бадамхатан) еңбектер шықты. Елдің тарихы, революция, социализм орнату т. б. туралы деректер мен документтерді топтап жариялау жүзеге асырылуда.
Тарихи зерттеулердің негізгі орталықтары мыналар: МХР ҒА-ның Тарих институты (1961 жылықұрылған), МХРП ОК жанындағы Партия тарихы институты (1955 ж.), Монғол мемлекеттік университетінің тарих кафедрасы (1942 жылы). Монғол тарихшыларының еңбектері МХР ҒА Тарих институтының «Туухийн цуврал» атты жылнамасында (1961 жылдан бастап шығады), «БНМАУ-ын Шинжлэх ухааны академийн мэдээ» журналында (1961 жылдан), «Намын амьдрал» журналында (1923 жылдан) т. б. жарияланады.
Экономика ғылымы. Феодалдық Монғолияның экономикалық ой-пікірі сол кездің жылнамаларында, заңдары мен экономикалық шығармаларында баяндалған, бұлар хандардың, нояндар мен басқа да феодалдардың экономикалық артықшылықтарын қорғайды. Сонымен бірге бұл ой-пікірлерде монғолдардың шаруашылығы мен тұрмысы жайлы бір-қатар мағлұматтар бар. 18 ғасырда Монғолияда малшылардың тәжірибесін қорытатын және шаруашылықты жүргізу әдістері жөнінен кеңес беретін экономикалық шығармалар жазыла бастады (бұл сияқты еңбектердің ең ірісі - Тованың «Нақылы», 1953). 20 ғасырдың басында озық ойлы топтардың өкілдері экономикалық мешеулікті жою жолында күрес жүргізіп, өнеркәсіп пен егіншілікті дамыту қажеттігін дәлелдеді.
1921 жылғы халықтық революция ел ішінде маркстік экономикалық ой-пікірдің дамуына жол ашты. 20-40 жылдары МХР экономистері шаруашылықты өрге бастырудың нақты экономикалық шараларын белгілеуге, басқару заңдарын тәртіптеуге, әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларын шешуге баса назар аударды. 1934 жылы X. Чойбалсанның, Д. Лосолдың, Д. Дэмидтің коллективтік еңбегі жарияланып, онда елдің революциядан бұрынғы экономикалық жағдайы талданды және халықтық өкіметтің революциядан кейінгі дәуірде жүзеге асырып отырған алғашқы шаралары баяндалды. 50 жылдардың 2-жартысынан бастап экономика саласындағығылыми зерттеулер кеңейе түсті, бұған партия съездерінің директивалары мең МХРП ОК пленумдарының шаруашылық мәселелері жөніндегі шешімдері көп жәрдем берді. 50-70 жылдары монғол экономистерінің негізгі зерттеулері - шаруашылық дамуының тарихы (Б. Ширендыб, Ш. Нацагдорж т. б.), МХР-дегі социалистік құрылыс (Н. Жагварал, У. Камбар, Б. Гунгаадаш, П. Нэргуй т. б.), ауыл шаруашылығының экономикасы (Д. Дугар, С. Жадамба, Д. Моёбуу т. б,), өнеркәсіп, құрылыс, транспорт экономикасы (Д. Загасбалдан, Д. Майдар, Ч. Сэрээтэр, Ц. Гурбадам т. б.), монғол жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуы (Б. Тудэв), ішкі және сыртқы сауданы өркендету (П. Лувсандорж, М. Пэлжәэ т. б.), финанс (О. Цэнд т. б.) сияқты аса маңызды мәселелерге арналды. Экономика ғылымының негізгі орталықтары: МХР ҒА мен Мемлекеттік жоспаркомының Экономика институты, МХРП ОК жанындағы Жоғары партия мектебі, Монғол мемлекеттік университеті. 1959 жылдан бері «Эдийн засгийн асуудал» атты экономикалық журнал шығады (МХРП ОК органы). «Намын амьдрал» (1923 жылдан), «БНМАУ-ын Шинжлэх ухааны академийн мэдээ» (1961 жылдан), «Шинжлэх ухааны амьдрал» (1935 жылдан) журналдарында экономикалық сипаттағы материалдар жарияланады.
Заң ғылымы. МХР-дің ғалымдары халық хуралдары жұмысын ұйымдастыру және социалистік мемлекеттік дамуының басқа да мәселелерін талдаумен шұғылданады (С. Жалан-аажав, Э. Авилмэд). Право тарихы саласында Содовсурэн т. б. жемісті еңбек етіп келеді. Азаматтық право және процесс жөнінде оқулықтар жасалды. 1973 жылы еңбек кодексін әзірлеп, қабылдауға байланысты еңбек правосы саласында зерттеулер жүргізілді, ауыл шаруашылық бірлестіктері правосының мәселелері талданып жатыр. Қылмыс правосы мен процесінде жеке адам мен социалистік меншікке қарсы қылмыстар зерттеледі (Ж. Авхиа, Р. Гунсэн еңбектері), қылмыс правосы курсы шықты (Г. Совд), қылмыс правосы жөніндегі оқулық (Ж. Авхиа, Б. Даваасамбуу, Ц. Бужинлхам) совет ғалымдарымен бірлесіп жазылды. Заң ғылымы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын МХР ҒА-ның Философия мен право бөлімшесі, МХР ҒА-ның Философия, социология және право институты, МХР Прокуратурасы жанындағы Қылмыс себептерін зерттеу және қылмыстың алдын алу шараларын жасау институты, Монғол мемлекеттік университетінің заң факультеті жүргізеді. «Ардынтор», «Социалист хууль ёс» журналдары шығады.
Ғылыми мекемелері. 1921 жылы халық революциясы жеңгеннен кейін ғылыми мекемелер жүйесі қалыптасты. 1921 жылы Ғылыми комитет құрылды, 1929 жылы бұл комитет МХР-дің Ғылымдар комитеті деп аталды. Алғашқы кезде комитеттің жұмысы кейбір тарихи және филологиялық проблемаларды зерттеумен шектелсе, 20 жылдың соңы мен 30 жылдың басында жаратылыс тану ғылымдары мен экономикалық зерттеулер жүргізіле бастады. 30 жылы Ғылымдар комитетінің құрамында халық шаруашылық мәселелерімен шұғылданатын секторлар құрылды: егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, геологиялық кабинеттері т. б. 1961 жылы комитет негізінде МХР ҒА құрылды. Елдегі қоғамдық және жаратылыс тану ғылымдарын зерттеудің орталығы - ҒА-мен қатар, ғылыми жұмыстарды министрліктер мен ведомстволарға бағынатын 30-дан астам ғылыми-зерттеу мекемелері жүргізеді. Олардың ішінде мал шаруашылығы, мал дәрігерлік, өсімдік шаруашылығы, егін шаруашылығы, жемшөп және жайылым шаруашылыгы (Ауыл шаруашылық министрлігінің жанында) институттары және педагогика, медицина, құрылыс т. б. институттар бар. Елдегі ғылыми жұмыстарды Ғылым және техникалық жөніндегі мемлекеттік комитет координациялайды.
Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. МХР-де 12 орталық, 18 жергілікті газет және бірсыпыра журналдар шығады (1972). Улан-Баторда шығатын негізгі газеттері: «Унэн» («Ақиқат») - МХРП ОК мен МХР Министрлік Советінің органы, «Худулмур» («Еңбек», 1930 жылдан) - МХР кәсіпшілер одағы орталық советінің органы, «Залучудын унэн» («Жастар ақиқаты», 1924 жылдан) - Жастардың монғол революция одағы ОК органы, «Монғолия жаңалықтары» (1947 жылдан, орыс, қытай тілдерінде). Журналдары:«Намын амьдрал» («Партия тұрмысы», 1923 жылдан) - МХРП ОК органы, «Монгол улс» («Монғолия», 1956 жылдан, монғол, ағылшын тілдерінде), «Монголын эмэгтэйчуд» («Монғолия әйелдері», 1925 жылдан). Монғол телеграф агенттігі - «МОНЦАМЭ» 1957 жылы құрылған.
Радиохабарларын (1934 жылдан) МХР Министрлік Советінің информация, радиохабары және телевизия жөніндегі мемлекеттік комитеті жүргізеді. Улан-Батор мен Улэгэйде 2 радиоорталық жұмыс істейді. Улан-Батордағы радиоорталық монғол тілінде 2 программа бойынша тәулігіне 21 сағат хабар береді. Орыс, қытай, ағылшын, француз және қазақ тілдерінде хабар қабылдайды. Улан-Баторда телеорталық 1967 жылдан жұмыс істейді. 1969 жылдан «Орбита» космостық телебайланыс станциясынан телехабар қабылдайды. Телевизиялық хабар 3 программа - ұлттық және 2 «Орбита» программасы бойынша беріледі.
Әдебиеті. Монғол ауыз әдебиетінің жанры көп (жыр, аңыз, батырлық жыр, ертегі, мақтау өлең, өсиет, жұмбақ, мақал-мәтел т. б.). Монғолдың тұңғыш жазба әдеби ескерткіші - «Асыл аңыз» (1240 жылдан кейін). 13-14 ғасырларда «Шыңғыстың 9 батырына жетім баланың айтқаны», «Аргасун-хуурч туралы аңыз», кейінірек «Тогонтэмурдың жоқтауы», «Данышпан Мандухай ханша туралы аңыз» (15 ғ.), «Убашихун-тайж туралы әңгіме» (16 ғ.) т. б. пайда болды. 16 ғасырдан бастап үнді, қытай, ұйғыр, тибет әдебиетүлгілері: «Калила мен Димна», «Бодхичарьяватара», «Субашита» афоризмдері, «Ізгі кітап» т. б., хинд тілінен «Ганжур», «Данжур» энциклопедиялары аударылды. 17 ғасырдан бастап Монғолия ауыз әдебиетінің жаңа түрі «Жиһанкездер ертегісі» туды. Оның басты тақырыбы - еңбекші халық тіршілігі. 19 ғасырдың соңы, 20 ғасырдың басынан бастап Монғолия әдебиеті қарқындап дамыды. «Көк кітап», «Бір кабатты павильон» атты романдардың авторы Инжинаш (1837-1892), Д. Равжаа (1803-1856), Гулранса (1820-1851), Ишданзанванжил (1854-1907), Лувсандондов (1854-1909), Хишигбат (1849-1916) т.б. ақындар феодалдық мешеулікті сынап, халық тұрмысын сөз етті. Жаңа орнаған халық үкіметі (1921) Монғолияның жаңа тұрпатты әдебиетін өркендету ісін қолға алды. Жаңа Монғолия әдебиетінде Д. Нацагдорж (1906-1937), С. Буяннэмэх (1902-1937), М. Ядамсурэн (1902-1937), Ц. Дамдинсурэн (1908 ж. т.) секілді қаламгерлер пайда болды. Д. Нацагдорж әлемге әйгілі революция жырларымен Монғолияның социалистік әдебиетінің ірге тасын қалады. «Аласталған ару» повесімен көлемді прозада алғаш көрінген Ц. Дамдинсурэн кейін «Сатқынды сатқан» атты романын жазды. С. Буяннэмэх «Монғол-интернационал» (1922) атты кітабында революцияшыл жастар жыры - «Қызыл шапақ» т. б. өлең-жырларымен елдің революциялық күресін, жеңістерін дәріптеді. 1929 жылы революцияшыл әдебиетшілер үйірмесі ашылып, 1943 жылы М. Жазушылар одағы құрылды. Монғолия әдебиетінде проза жанры дамып, Б. Ринченнің (1905 ж. т.) «Даладағы таң шапағы», Д. Намдагтың «Беймаза жылдар», Ч. Лодойдамбының «Тұнық Тамир» (1-2-кіт., 1962-67), Ц. Уламбаярдың (1911 ж. т.) «Қасірет және бақыт» роман, повестері, поэзияда Ц. Гайтавтың (1929 ж. т.) «Сухэ-Батор» (1967), «Фридрих Энгельс» (1973) поэмалары туды. Белгілі драматургтар: Д. Намдаг («Долоодой», «Біркластықтар»), Ванган («Дәрігерлер», «Арвайхэр даласында»), Ч. Чимид («Табалдьгоықта»), Ч. Лодойдамба («Сенуге болады») шықты. Монғолия әдебиетінің ірі бір саласы қазақ әдебиеті және балалар әдебиеті дамыды. Соңғы жылдары Монғолия әдебиетінде роман, повесть жанры дамыды. Ж. Пурэвтің «Үш түйін», Л. Чойжил-сурэннің «Ат дүбірі», Б. Нямааның «Үшеуіміз» романдарыпда жаңа ауыл өмірі, Д. Дааржаның «Жолдастар». Д.Гармаапың «Ақбұлақ», С.Лочиннің «Сезім реңі» романдарында Монғолияның жас онеркәсібі, жұмысшы табының жайы суреттеледі. Әдебиет тану ғылымында Б. Рітнчіш, Ц. Дамднпсурэн, Г.Жамсранжаз, Ц. Хасбаатар, Л. Тудэв, С.Дойндондог т. б. ғалымдар жемісті еңбек етті. Жазушылар одағының «Цог» (1944 жылдан) журналы, «Утгазохиот урлаг» (1955 жылдан) газеті шығып тұрады. Ч. Лодойдамбаның «Біздің мектентеріміз» повесі (Улан-батор, 1958), «Монгол ақындарыпың өлеңдері» (А., 1970), «Монгол әңгімелері» (А., 1972) қазақ тілінде жарық көрді.
Архитектурасы мен бейнелеу онері. Монғолия территориясында қола дәуіріне саятын ежелгі өнер ескерткіштері (тасқа шекілген, бояумен салынған хайуанаттар бейнесі, әшекейлі пышақтар, құлпытастар т. б.) сақталған. Ноин-Улэдегі ғұн обаларынан табылған жиһаздық заттары (ыдыс-аяқ, мата, кілем) мен ат-тұрман әбзелдері б. з. б. 1 ғасырдың аяғы мен б. з. 15 ғасырдың басына саяды. Осы кезеңде жасалған металл бұйымдар негізінен асыл тас және сүйекпен әсемделді. Кәсіптік кварталдар мен әкім сарайларынан тұратын шаршы ауданды ғұн қалашықтары топырақ үйінділерімен қоршалды. Түркі қағандығы (6-8 ғ.) тұсында қолөнер кәсібі (қару-жарақ, ат-тұрман әбзелдері т.б.), мемориалдық мүсін (балбал, кемпіртас т. б.) қанат жайды. Өнерде нақты және шартты бейнелеу (Күлтегін ескерткішіндегі суреттер) әдістері қатар қолданылды. Үйғыр қағандығы (745-840) кезеңінде астана болған Орда-Балық (Хара-Балғас) қаласы жоспарлы түрде салынып, басты құрылыстар рельеф және өрнекті қыштармен әсемделді. Қидандар тұсында (10-12 ғ.) қала салу ісі жедел өркендеді. Ғибадатханалар мен пагодалардан жергілікті дәстүрмен қатар қытай сәулет өнерінің ықпалы байқалды. Қара қорымдағы Үгедей хан сарайы монғол феодалдық мемлекетінің пайда болу кезеңінде (12 ғасырдың аяғы, 13 ғасырдың 1-жартысы) тұрғызылды. 16 ғасырдың аяғында ламаизмнің тарауына орай монастырьлар мен ғибадатханалар (Да-Хуре Гандан) ірге көтерді. Субургандар (мемориальдық құрылыстар.) салынды. 16-20 ғасырлардың басында салынған діни суреттерден Тибет, Қытай, Непал кескіндемесінің ықпалы байқалады. Ағаш және қола мүсіндер бірыңғай ашық түспен боялды. 19 ғасырдың аяғында зиялылар кескіндемесі (портрет, картина т. б.) пайда болды. Сән және қосалқы өнерде зооморфтық, көгеріс және геометриялық өрнектер басым қолданылды. Кесте тоқу, ағаш ұқсату өнері дамыды. МХР құрылғаннан (1924) бастап СССР-дің көмегімен азаматтық және өнеркәсіп құрылыстары салына бастады. Ескі қалалар (Улан-Батор) жаңартылып, жаңа қалалар (Дархан, Налайха) мен поселкелер жоспарлы түрде салынды. 40-50 жылдары тұрғызылған қоғамдық үйлердің қас беттері (Улан-Батордағы университет) ұлттық ою-өрнекпен нақышталып, ишараттардың дені жергілікті климат ерекшеліктеріне орай салынды. 60-70 жылдардың басынан индустриялы құрылыс тәсілі өріс алды. Кескіндеме саласында 20 жылдары замани тақырыпқа үн қосқан суретшілер Шарав және Манибадар болды. 50 жылдардың басынан Монғолия суретшілерінің (Ядамсурэн т. б.) тақырыпауқымы кеңейе түсті. Ұлттық кескіндеме Европа стилімен астаса дамыды. Майлы бояумен сурет салу дүниеге келді. Графика (Г. Сосой) мен мүсін (Чоймбол) өнері қанат жайды. Сән және қосалқы өнері қыш ыдыстарын өндіру сияқты тың салалармен толысты.
Музыкасы.Монғолия музыкалық мәдениеті ежелден қалыптасқан. Ежелгі музыкалық дәстүрді жалғастырушылар хурчилар (хурде ойнаушылар), улигерчилер (аңызшылар), дуучилер (әншілер), хогжимчилер (аспапта ойнаушылар). Монғолия халық музыкасы пентатоникалық ладқа құрылған. Ол негізінен 3 түрге (ән, эпос, аспаптық музыка) бөлінеді. Жеке дауысты халық әндері урт-дуу (созылыңқы орындалады), богино-дуу (шолақ қайырылады) деп аталатын екі топқа жіктеледі. Бірінші топқа жататын әндердің диапазоны кең, ырғақтық құрылымы күрделі, дыбыс әшекейлеріне (мелизм, тремоло) бай болса, екінші топтағылардың мелодиялық құрылысы қарапайым әрі ойнақы кетеді. Музыкалық аспаптары: лимбэ, моринхур, хучир, шанза т. б. Эпикалық сарындағы жырлар («улигер») кең тараған. Белгілі халық музыкасын орындаушылары Ишдулам, Алтан - Гэрэл т. б. Монғолияның алғашқы революция тақырыптағы әні - «Шивэ Кяхта», («Кяхта қамалын алу», 1921); онымен өкшелес «Қызыл ту» (У. Лувсан-хурчи), «Сухэ-Батор әні» (М. Дугаржаб) т. б. әндер туды. 1942 жылы Улан-Баторда Мемлекеттік музыкалық драма театры жұмыс істейді. 1945 жылы тұңғыш симфониялық оркестрі (1950 жылдан Мемлекеттік симфониялық оркестрі) құрылды. 1940-1950 жылдар жас композиторлар, әншілер, дирижерлер, хормейстерлер СССР-де және басқа да социалистік елдерде оқып, арнаулы музыка білім алды. 1960 жылдары бір- қатар музыка мамандары Қазақстанда оқыды. 1963 жылы Мемлекеттік музыкалық драма театрынан арнайы группа бөлініп, Мемлекеттік опера және балет театрын құрды. 1960-1970 жылдар оның сахнасында Европаның классикалық, сондай-ақ қазіргі опера мен балеттер, көптеген Монғолия композиторларының (С. Гончиксумла, Б. Дамдинсурэн, Д. Лувсаншарав т. б.) шығармалары қойылды. 1950 жылы МХР халық ән-би ансамблі құрылды (бірнеше рет СССР-де, Европа елдерінде, Азия мен Африкада, 1958 жылы Алматыда өнер көрсетті.). 1964 жылы МХР Композиторлар одағы, 1972 жылы Мемлекеттік филармония құрылды. Улан-Баторда музыкалық-хореграфиялық училище бар. 1968 жылы МХР-дің еңбек сіңірген артисі Цогзалма басқарған әншілер мен музыканттар тобы гастрольдік сапармен Алматыда болды. Қаз. ССР халық артистері Ж. Омарова (1956), Ғ. Құрманғалиев (1963) басқарған концерттік бригадалар Монғолияда өнер көрсетті. Қаз. ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері X. Тастанов, хор дирижері III. Жарасбаева 1959-1961 жылдар Баян-Өлгий қаласында халық аспаптар оркестрі мен хор коллективін ұйымдастырды. Қазақтың халық аспаптар оркестрі репертуарынан Монғолия композиторларының (Г. Цэрэндорж т. б.) шығармалары орын алған.
Театры. Монғолдардың ежелгі билері мен тұрмыс-салт ғұрыптарында театр элементтері болған. Кейіннен бұл элементтер 17 ғасырда пайда болған мистериялық цам ойын-сауықтары мен сарайлық зиялылар театрынан бой көрсетті. Сарайлық театрларда басыбайлы араттардың өнерге бейімділерін таңдап, оларға ән айту, би билеу, музыкалық аспаптарда ойнау өнерін үйрету дәстурі болған. Жаңа жыл мерекесінде қуыршақ ойындары көрсетілген. 19 ғасырдың 30 жылдары көпшілікке арналған «Ай көкегі» атты спектакль қойылды. Халық революциясы жеңісінен кейін (1924), көркемөнерпаздық кеңінен өрістеді. 20 жылдары профессионалдық театр пайда болды. Спектакльдер ұлттық дәстүрде қойылды. 1930 жылы Улан-Баторда театр студиясы ашылып, 1932 жылы соның негізінде Орталық мемлекеттік монғол театры (1942 жылдан Мемлекеттік музыкалық-драма театры) құрылды. Мұнда монғол драматургтарынын (Д. Надагдорж, Ш. Аюуш, Д. Намдаг, Д. Чимид т. б). пьесаларымен катар, совет қаламгерлерінің шығармалары және европалық классикалық туындылар қойылады. 1963 жылы Мемлекеттік музыкалық драма театры Мемлекеттік опера және балет театры және Д. Нацагдорж атындағы мемлекеттік драма театры болып бөлінді. Улан-Баторда Орталық балалар театры: (1950), Қуыршақ театры (1948) жұмыс істейді. Улэгэй, Кобдо, Улангом, Чойбалсан аймақтарында музыкалық-драма театрлары бар. Аймақтық Баян-Өлгі театрындақазақ жазушыларынын пьесалары (М. Әуезовтің «Еңлік - Кебегі», Ғ. Мүсіреповтің «Ақан Сері - Ақтоқтысы» мен «Қозы Көрпеш - Баян сұлуы», Ә. Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емесі», Қ. Мұхаметжановтың «Құдағи келіптісі» т. б.) және Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы қойылды.
Киносы. 1935 жылы Улан-Баторда кұрылған «Монғолкино» киностудпясы бастапқы кезде документті фильмдер, ал 1937 жылдан бастап көркем фильм шығара бастады. МХР ұлттық кино өнерін жетілдіруде, творчестволық кадрлар дайындауда совет кинемотографистер зор көмек жасады. Совет фильмдерін («Монғол ұлы», 1935, реж. И. З. Трауберг; «Дала қаһармандары», 1945, реж. Ю. В. Тарич) қоюға монғол актерлері мен операторлары қатысты. Таңдаулы фильмдері: «Қос малшы» (1955, реж. Ц. Зандра), «Тұлпарым болсашы» (1959, реж. Р. Доржпалам), «Тасқын» (1966, реж. Д. Жигжид), «Ызғарлы таң» (1969, реж. Д. Жигжид), «Шагқалда» (1973, реж. Б. Сумхуу) т. б. Жылына (1973) көркем фильм, 30-ға жуық документті қысқа метражды кинолента шығарылады. Кино қайраткерлері: актерлер Г. Гомбосурэн, Ц. Дашнамжил, Д. Гомбожав; режиссерлер М. Болод, Ц. Наван т. б.
Деректемелер: Бичурин Н. Я. Записки о Монголии.т. 1-2, СПБ. его же, Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. т. 1-3, М.-Л., 1950-1953; Рашнд-ад-Дин. Сборник летописей.-т. 1. кн: 1-2), т. 3, М.-Л., 1946-1960; Козин С.А. Сокровенное сказание. Монгольская хроника 1240 г., т. 1, М.-Л., 1941; Позднеев А. М. Монгольская летопись «Сдэнийн әрихэ». Подлинный текст с передом и пояснениями, заключающими в себе материалы для истории Халхи с 1636 г по 1736 г., СПБ, 1883; Бартольд В. В. Собр. соч. т. 2, ч. 1, М., 1963; Греков В. Д., Якубовский А. Ю. Золотая Орда и её падение. М.-Л., 1950; Насонов А. М. Монголы и Русь. М.-Л.,1940; ВеселовскийН. И. Лекции по истории монголов, СПБ, 1909; Маркс К. и ЭнгельсФ. Соч., 2 изд., т. 3, с. 150-57; т. 8, с. 567-568; т. 12, с. 509, 724; т. 29, с. 154.
Жарияланған-2020-07-16 15:04:34 Қаралды-2547
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану