UF

ЛИБИЯ, Либия Араб Республикасы (Әл-Жумхурия әл-Арабия әл-Либия) - Африканың солтүстік бөлігіндегі мемлекет. Батысында Тунис, Алжир, оңтүстігінде Нигер, Чад Республикасымен, оңтүстік-шығысында Суданмен, шығысында Египетпен шектеседі. Солтүстігінде Жерорта теңізі. Жері 1759,5 мың км2. Халқы 88,1 млн. (2008). Астаналары - Триполи және Бенгази. Әкімшілік жағынан 10 мухафазға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Либия - 1971 жылдан бері Араб Республикалары Федерациясының құрамындағы республика. Уақытша конституция есебінде 1969 жылы 11 желтоқсанда күшіне енген Конституциялық декларация қолданылады. Мемлекеттің жоғары органы - Революциялықсовет командованиясы (РСК). РСК республикалық заң шығарады жәнеүкіметтің жалпы саясатын белгілейді. РСК председателі мемлекеттік басшысы (және ол қарулы күштердің бас қолбасшысы). РСК үкіметті - Министрлік Советін тағайындайды. Министрлік Советі заңдар жобасын дайындап, оны РСК бекітуіне ұсынады (1969 жылы 1 қыркүйектегі мемлекеттік төңкерістен кейін Либия парламенті таратылған). Жергілікті басқару органдарына - жергілікті советтер (мухафазаларда) және муниципалдық советтер (қалаларда) жатады. Уездерді уездік басшылар (мутасаррифтар), аудандарды, мудирлер басқарады. Сот жүйесі Жоғарғы сот (мүшелерін РСК тағайындайды), 3 апелляциялық, 1-инстанция соттары және жедел юрисдикция соттарынан құралады. 1969 жылы Октябрьлық декреті негізінде «саяси және әкімшілік коррупциялық» және (РСК белгілеуіне сәйкес) бірқатар істерді қарайтын Халық соты құрылды. Мұсылмандық правоның сот жүйесі өз алдына.

Табиғаты. Либия жері негізінен үстіртті келеді, территориясының 98%-і субтропиктік шөлейт және тропиктік шөл. Теңіз жағасы көбіне жатық, көлбеу, құмды болады. Үстірт жондарын Хамада-әл-Хамра, Әл-Жебель-әл-Ахдар т. б. ойыстар бөліп жатады. Елдің шығыс жағын Либия шелі, батыс бөлігін Федцан қазан шұңқыры алып жатыр. Геологиялық тұрғыдан Либия жері Африка платформасының солтүстік беткейі болып табылады; оның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық бөліктерінде докембрийлік кристалл жыныстар жер бетіне шығып жатады. Ойыстары палеозойлық, мезозойлық және кайнозойлық шөгінді жыныстарымен толған. Елдің орталық және жерортатеңіздік аймақтағында күшті жарылыстар байқалады. Солтүстік Либиядағы Сидра опырығының жоғарғы бор және палеогендік шөгінді кабатынан өте ірі мұнай кендері (жалпы қоры 3282,5 млн. т, 1971) табылды. Либия тропиктік және шөлдік климатты. Ең салқын айының (қаңтар) орташа температурасы 11-18°С; шілдеде 27-35°С. Либия шөліндегі ыстық кейде 50°С-тан асады. Жылдық жауын-шашынның ең көп (250-625 мм) жері Солтүстік Либия, ең азы (25 мм) - Либия шөлі. Тұрақты ағынды өзені жоқ; уәд аңғарлары көп кездеседі. Жері сарғыш, қоныр топырақты. Шұратты аймақтарда караған, жыңғыл аралас жусан, кейде самырсын, арша шоқ тоғайы өседі. Жануарлар дүниесіне өте кедей; негізінен шөлге төзімді жәндіктер (бүйі, жылан, кесіртке т. б.), шұраттарда қорқау қасқыр, жабайы шошқа, қоян т. б. кездеседі.

Халқы. Либия тұрғындарының 90%-тен зстамы либиялықтар (1970), олармен аралас берберлер, хаустар, тубулер т.б. қоныстанған. Ресми тілі - араб тілді. Мемлекеттік діні - ислам (негізінен сункиттер). 1963-1971 жылдарда Либия халқы жылына 3,7%-тей өсіп отырды. Еңбек етуші халық 514 мың (1970); оның 43%-і ауыл шаруашылығында, 25%-і өнеркәсіп пен құрылыста, 32%-і сауда және майдангерлік кәсіпшілікпен айналысады. Елде халық біркелкі қоныстанбаған 90%-і ірі қалалар мен мұнай кәсіпшіліктері орналасқан солтүстік жағалауды жеткендейді. Либия шөлі тұрғындарының тығыздығы кейде 1 км2 жерге 1 адамнан да келмейді. Қала халқы 30,5% (1970); ірі қалалары - Триполи, Бенгази.

Тарихы. Қазіргі Либия жерін адам баласы ежелгі заманда мекендеген. Ежелгі Либияның көшпелі тайпалары (қазіргі берберлердің арғы аталары) әуелі аңшылықпен, кейінірек мал бағумен айналысты. Мұнда мыңдаған жылдар бойы алғашкы қауымдық құрылыс сақталды. Либия дүркін-дүркіншапқыншылыққа ұшырады. Б. з. б. 7 ғасырда елдің шығысында грек қала-қоныстары пайда болды. Олардың ең бастысы - Кирена (Либияның бір бөлігі Киренаика деп аталды) еді. 5 ғасырдың ортасында Либияның едәуір белігі (негізінен батыстағы) Карфагеннің қол астына көшті. 6 ғасырдың аяғы 5 ғасырдың бас кезінде Киренаиканың бір бөлігін әуелі Ахемен әулеті, кейінірек А. Македонский жаулап алды. Карфаген құлаған соң, б. з. 6 ғасырда Либия Византия құрамына кірді. 7 ғасырда Араб халифатының құрамына, ал кейінірек Египет пен Тунисте билік құрған мұсылман феодалдық әулеттерінің қарамағында болды. Либияға араб тайпаларының жаппай қоныс аударуы салдарынан жергілікті халық бірте-бірте арабтанды. Ислам діні тарады. 16 ғасырда Л. Осман империясына қосылды. 18 ғасырдың басында Либиядағы түрік сұлтанының билігі жойылды. 1711-1835 жылдар ел билігі Қараманли әулетінің қолына тиді. 19 ғасырдың аяғында Либияға империалистік мемлекеттердің шапқыншылықтары күшейді. 1911 жылы Италия Либия үшін Түркиямен соғысты. Жергілікті халық итальян отаршылдарына қатты қарсылық көрсетті. 1 дүние жүзілік соғыс кезінде Италия өз әскерлерінің едәуір бөлігін Либия жерінен алып кетуге мәжбүр болды. Итальяндардың қолында Хомс, Триполи және Бенгази қалалары қалды. 1918 жылы Триполитанияда республика жарияланды. Отарларынан біржолата қол үзбес үшін итальян үкіметі Сенуси әулетінің басшысы ЬІдырыс әс-Сенусиді Киренаиканың отарланбаған аймағының билеушісі деп таныды. Сонымен қатар, 1919 жылы Триполитания республикасына ішкі автономия беріп, конституция қабылдау туралы келісімге қол қойды.

1922 жылы қаңтарда Ыдырыс әс-Сенуси мен Триполитания республикасы үкіметінің өкілдері Триполитания мен Киренаиканың итальян басқыншыларына қарсы бірлесіп күресуін көздейтін ұлттық пактіге қол қойды, Ыдырыс әс-Сенуси елдің екі аймағында әмір ретінде танылды. Италияда үкімет басына фашистер келгеннен кейін (1922) Либияда жергілікті халықты жаппай қырып-жою басталды (1923-1929 жылдар Киренаикада 4 мыңнан астам адам өлтірілді, 142 мыңға жуық адам туған жерінен қуылып, қырғынға ұшырады). Жер иеліктері Либияға қоныс аударған итальян отаршылдарына беріліп, экономиканың барлық саласы итальяндардың бақылауына алынды.

Итальян империалистеріне қарсы азаттық қозғалысының жаңа толқыны басталды. Басқыншылар Триполитанияны 1928 жылы Феццанды 1930 жылы басып алды. Киренаикадағы қарулы қарсылықты Сенуси әулетінің шейхы Омар әл-Мұхтар басқарды. 1939 жылы Киренаика, Триполитания және Фецқан Италияның құрамына еніп, оларды итальян генерал-губернаторы басқарды.

2-дүние жүзілік соғыс (1939-1945) кезінде Италия Либияны Африкадағы жаугершілік саясатын одан әрі жүргізу базасы ретінде пайдаланбақ болды. Либияда әскер жасақталып, соғыс базалары, жолдар салынды. Либия жері арқылы Египетке кірген итальян әскерлеріне британ әскерлері тойтарыс беріп, 1941 жылдың қаңтар-ақпанда Киренаиканы алды. Гитлер әскерлері Сталинград түбінде талқандалғаннан кейін, Италия-Германия әскерлері Либия жерінен қуылды. 1943 жылы Либия Ұлыбритания (Киренаика мен Триполитания) мен Францияның (Феццан) әскериәкімшілігінің қол астына көшті. Ұлыбритания, Франция және АҚШ Либияқа соғыс базаларын сала бастады. Либия тағдыры басқа да Италия отарлары сияқты 1945-1948 жылдар БҰҰ-да қаралды. СССР Либияның ұлттық мүддесін жақтап, өз алдына тәуелсіз мемлекеттік болуын, оның жерінен шетел әскерлерінің әкетілуін, әскери базалардың жойылуын талап етті. 1949 жылықарашада БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Либияға 1952 жылдың 1 қаңтарынан тәуелсіздік беру туралы шешім қабылдады. 1950 жылыҰлттық құрылтай жиналысы шақырылып, Либия Конституциясын қабылдады. 1951 жылы 24 желтоқсанда тәуелсіз Либияның Құрама Корольдығы (құрамына Киренаика, Триполитания, Феццан провинциялары кірген федерация жарияланды. Оның королы Ыдырыс әс-Сенуси (Ыдырыс I) болды. Шетелдіктердің ұзақ уақыт билік құруы салдарынан Либия 50 жылдарға дейін мешеу дамыған феодалдық мемлекет болып қалды. Өндіріс кәсіпорындары мен ауыл шаруашылық фермаларының көпшілігі итальян отаршылдарының қолында болды. 1953 жылғы Англия Либия және 1954 жылғы Америка-Либия келісімдеріне сәйкес, Ұлыбритания мен АҚШ Либия жерінде өз әскерлері мен базаларын ұстауға праволы болды. 50 жылдары Либияда ірі мұнай көздері ашылып, елге шетел капиталы ене бастады. 1954-1964 жылдар шетел мұнай монополиялары Либия мұнайын өндіруге 1,5 млрд. доллар жұмсады. Мұнай өндіру жедел қарқынмен жүргізіліп, жұмысшы табы пайда бола бастады. (1963 жылы 11 мың адам).

Либия тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық экономиканы өркендетуге бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Экономикалық даму Советі құрылды (1960); 1960-1963 жылдар Либия кәсіпорындарын шетел фирмаларының бәсекесінен қорғайтын арнайы комитет құрылып, бірнеше ұлттық компаниялар мен Орталық банк жұмыс істей бастады. 1963 жылы Либия бірыңғай мемлекеттік болып жарияланды. Әйелдер сайлау правосына ие болды. 1964 жылы араб елдеріндегі антиимпериалистік күрестің дүмпуімен Либия үкіметі шетел соғыс базаларын жою мәселесін күн тәртібіне қойды. 1966 жылы британ әскерлерінің едәуір бөлігі әкетілді. Елдің саяси және экономикалық билігі ірі феодалдар мен тайпа шейхтарының қолында еді. Олар демократиялық қозғалыстарды тұншықтырып отырды. 1952 жылы саяси партияларға тыйым салу туралы заң қабылданып, 1955 жылы үкіметке төтенше жағдай енгізуге право беретін декретке қол қойылды. 1956 жылы жиналыстарды, демонстрацияларды шектеп, көтерілістерге тыйым салатын заң күшіне енді.

1969 жылы 1 қыркүйекте құпия Юнионшыл-социалист еркін офицерлер саяси ұйымы мемлекеттік төңкеріс жасады. Либия- Либия Араб Республикасы (ЛАР) болып жарияланды. Ел билігі Революциялық совет командованиесінің (РСК) қолына көшті. Оны капитан М. Каддафи басқарды; ЛАР басшылары «Либия ислам социализмін» құратындықтарын мәлімдеді.

1969-1972 жылдар елдің ұлттық экономикасын нығайтуға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асты. 1970 жылы ЛАР жеріндегі барлық шетел соғыс базалары жойылды. Кәсіподақтардың жұмысына рұқсат етіп, еңбек заңы шығарылды. РСК жұмысшылардың жалақысын айына 15 тен 40 динарға арттырып, дәрігерлік көмек бағасын кемітті. 1972 жылы кәсіподақ орталығы - ЛАР жұмысшылары кәсіподақтарының жалпыға бірдей федерациясы құрылды. Елдегі бірден-бір саяси ұйым - Араб Социалистік Одағының (АСО) негізі қаланды. РСК сыртқы саясатта «бейтараптық бағыт» ұстап, арабтарды империализмге, Израиль агрессиясына қарсы күреске шақырды. 1971 жылы 1 қыркүйекте Либия Египет және Сириямен бірге Араб Республикаларының Федерациясын құрды (АРФ). 1955 жылыЛибия мен СССР арасында дипломатиялық қатынас орнады. 1972 жылыЛибия мен СССР арасында экономикалық және техникалық ынтымақ жөнінде келісім жасалды.

Экономикасы. Отар кезінде Либияның шаруашылық салалары итальян капиталының қарамағында болды. Тәуелсіздік алғаннан (1951) кейін, Либия үкіметі ел экономикасын дамытудың жан-жақты жоспарын қабылдады, бірақ көп жылдар бойына орын тепкен әлеуметтікэкономикалық проблемалар тез арада толық шешілмеді (солардың ең бастыларының бірі - ауыл шаруашылық жері толығымен ірі помещиктер қолында қалды). 50 жылдары елде ірі мұнай кендері ашыла басталды. 1961 жылдан өндіріле басталған мұнай -Либия өнеркәсібінің ең басты өніміне айналды, экономикасында маңызды (ел табысының 80%-ін мұнай өндірісі бере бастады) орын алды. 1972 жылғы өндірілген мұнай мөлшері жөнінен Либия Африкада 1-орынға, капиталистік дүниеде (АҚШ-тан, Ираннан, Сауд Арабиясынан, Венесуэладан, Кувейттен кейін) 6-орынға шықты. Басты мұнай кендері шетел капиталына қарады, әсіресе американ компанияларының үлесі (күрделі қаржының 80%-і және өндірілген мұнай өнімінің 87,5%-і солардікі) басым болды. 1969 жылы өкімет басына келген республикалық үкімет елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайту ұшін көптеген шұғыл шараларды іске асырды: шетел капиталының үстемдігіне шек қойылды, Либия ұлттық мұнай корпорациясының ролі жоғарылатылды, жер қойнауындағы байлықты ұлт меншігіне айналдыру туралы қаулы қабылданды, импорттық саудаға мемлекеттік бақылау қойылды, шетелдік банкілер национализацияланды, кейбір мұнай кәсіпшіліктері үкімет қарамағына көшті. 1973-1975 жылдарға арналған елдің 3 жылдық экономикалық даму жоспары бойынша Либияда көп салалы экономиканың алғашқы негізін жасау, мемлекеттік секторды нығайту т. б. көзделініп отыр. 1971 жылғы жалпы ұлттық өнім мөлшерін жан басына шаққанда 675 либия динарынан келді.

Ауыл шаруашылығы. Либияда 1971 жылышілдеде аграрлық реформа және шөлді өңірлерді игеру ұйымы құрылды; сол жылдың қыркүйектің мемлекеттік қарамағындағы жерлерді шаруаларға сату туралы заң қабылданды. Жалпы ауыл шаруашылық жер 4,2 млн. га.Басты дәнді дақылдары - арпа және бидай. Овощ, жеміс (құрма, цитрус, жүзім), темекі өсіріледі. Елдің басты ауыл шаруашылықты ауданы - Либияның солтүстік бөлігі. 1970-1971 жылғы мал саны (мың); қой 2200, ешкі 1200, мүйізді ірі қара 109, түйе 160, жылқы 24, есек 96.

Өнеркәсібі. Жетекші саласы - мұнай өндірісі. Мұнай кен орындарыелдің жерортатеңіздік жағалауында; олардың ірілері - Зельтен, Интисар, Жало, Серир, Нафура, Амаль, Ваха, Рагуба. 1970 жылыЛибияда 162 млн.т мұнай өндірілді. 1968 жылдан бері табиғи газ өндіріледі. Газ негізінде ірі жылу электр станциялары (Триполи, Бенгази) іске қосылған. Либия өңдеу өнеркәсібі мұнай-газ айыру, тамақ, мата тоқу, тері илеу, цемент кәсіпорындарынан құралады. Барлық кәсіпорындардың 75%-і Триполи қаласына шоғырланған.

Транспорты. Негізгі түрі - автомобиль транспорты. Автожолдарының ұзындығы 5 мың км (1970). Басты тас жолы Либияның солтүстік бөлігін басып өтеді. Мұнай-газ құбырларының жалпы ұзындығы 1800 км (Зельтен - Марса-Брега, Рагуба - Марса-Брега т. б.). Сыртқы жүк тасымалы түгелімен, теңіз транспортының күшімен орындалады. Теңіз порттары - Триполи, Бенгази, Марса-Брега, Рас-Лануф, Эс-Сидер Ұлттық «Либия эйруэйс» әуе компаниясы құрылды; Триполи, Бенгази, Себха қалаларында халықаралық аэропорттар бар.

Сыртқы саудасы. Экспортының 99%-і (1971) - мұнай. Либия мұнайын Италия, ГФР, Ұлыбритания, Франция, Нидерланды сатып алады. Импортының 30%-і (1970) мұнай өндірісіне қажет машиналар мен құрал-жабдықтар, 21%-і азық-түлік, 37%-і өнеркәсіп бұйымдары, қалғандары химия және мұнай өнімдері т. б. экспорттық серіктестері - Италия, АҚШ, Ұлыбритания, ГФР. СССР-ден Либияға қара металдар прокаты, болат, цемент, тақтай, азық-түлік тасылады.

Ақша өлшемі -либия динары.

Денсаулық сақтау ісі. 1965-1970 жылдар әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 45,9, адамның өлімі 15,8. Бала өлімі өте жоғары, әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 140-145. Өлімнің негізгі себебі - сіреспе, тамақтың жетіспеуі, өкпе және ішек-қарын аурулары. Елде инфекциялы және инвазиялы патологиялық аурулар көп тараған. Сондай-ақ басыр, туберкулез, іш сүзегі, венералық аурулар, эпидемиялық гепатит, алапес аурулары да кездеседі. 1970 жылы 7,6 мың төсектік 63 аурухана (1000 тұрғынға 3,9 төсек) жұмыс істеді, оның ішінде 56 аурухана үкімет қарамағында. Елде 1970 жылы 730 дәрігер (10 мың адамға 4 дәрігер), 8 дәрігер көмекшісі, 52 тіс дәрігері, 167 фармацевт және 3 мың орта білімді медсестралар болды. Либияда орта білімді медициналыққызметкерлер даярланады. Денсаулық сақтау ісіне 1969-1970 үкі мет қаржысының 10,8%-і бөлінді.

Оқу-ағарту ісі. 1968 жылы Либия халқының 73%-і сауатсыз болды. 1969 жылы жаппай бастауыш білім алу міндеті жарияланды. Барлық оқу орындарында оку ақысыз. Білім беру жүйесі балалар бақшасын (4-6 жас), міндетті бастауыш мектептерді (6 жыл), 2 сатылы (3 жылдан) орта мектептерді қамтиды. Бірқатар діни оқу орындары да бар. 1970-1971 оқу жылында бастауыш мектептерде 350,2 мың оқушы, орта мектептерде, 45,5 мың оқушы оқыды. Араб елдері ішінде балаларды мектепке тарту жөнінде Либия алдыңғы орындарының бірін алады. 1-басқыш орта және бастауыш мектептердің оқытуыларын 1-басқыштағы орта мектептер негізінде даярлайды (4 жыл). Бұл жүйе бойынша 1970-1971 оқу жылында 5,4 мың оқушы оқыды.

Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі әлі жетілмеген. Кәсіптік-техникалық білім 1-сатыдағы орта және бастауыш мектептер негізінде жүзеге асады (4 жыл).

1970-1971 оқу жылында кәсіптік-техникалық оқу орындарында 3 мыңнан аса оқушы оқыды. Жоғары білімді 1955 жылы Бегазиде құрылған Либия университеті және оның Триполидегі факультеттері береді. 1972 оқу жылында университетте 3,6 мың студент оқыды (бұлар либиялықтар және басқа африка елдерінен  келгендер). Ірі кітапханалары: Бенгаздегі Либия университетінің кітапхансы (77,6 мыңнан астам дана), Триполидегі Мемлекеттік кітапхана (35,5 мың дана). Музейлері: Триполидегі археологиялық және жаратылыс тану-тарихы музейі, Сабтат және Лептис - Магнадағы археологиялық музейлер.

Әдебиеті. 7-8 ғасырларда Либия территориясын арабтар жаулап алған кезеңннен бастап Либия әдебиеті жалпы араб мәдениетінің арнасында дамыды. 16 ғасырдан түрік билеушілерінің қыспағына түскен Либия елінің әдебиеті тоқырауға ұшырады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың алғашқы   жартысы арасында араб елдерінде мәдени Кайта өркендеу қозғалысының («ан-Нахда») өршуімен байланысты Либия әдебиеті жандана бастады. Бұл кезеңдегі Либия поэзиясын классикалық дәстүріне азаматтық, ағартушылық және саяси әлеуметтік әуен тән. Ахмед аш-Шариф (1864-1918), Мұстафа бен Зикри (1853-1918), Сулейман әл-Баруни (1914 ж. ө.) сынды прогресшіл ақындар өздерінің қасидаларында түрік отаршылдарына қарсы күрес туын көтерді. Ал 30-40 жылдарда Ахмед Рафик әл-Махдауи (1961 ж. ө.), Ибраһим Ұста Омар (1907-1950), ас-Сейид Ахмед Ганнаб т.б. ақындардың шығармалары итальян басқыншыларына бағытталды. Елде тәуелсіздік жарияланғаннан (1951 ж.) кейінгі кезенде Либия әдебиетіне Әли Сидки Абд әл-Кадер, Ахмед Фуад Шинниб, Әли ар-Рукейн т. б. ақындар келді. Олар араб өлең құрылысының классикалық жыр улгісінен бас тартып, әлеуметтік мәселелерді көтерді, бұқара халықтың мүддесіне назар аударды. 40-50 жылдан бастап Либия прозасы, негізінен новелла жанры саласында дамыды. Прозалық шығармалардағы басты тақырып - тәуелсіздік үшін күрес, әлеуметтік теңдік, діни нанымдарға қарсы үн көтеру т. б. болды. Мұстафа әл- Мисурати, Мұхаммед Афиф, Талиб ар-Рави Заими Сулейман әл-Баруни, әбу Харрус, Ришад ал-Хуни т. б. прозаиктер новеллаларының кейіпкерлері - бәдеуийлер, феллахтар және қолөнершілер. Либия прозасының дамуына египет жазушыларының, әсіресе Тахи Хусеин мен Тауфик әл-Хакимнің ықпалы зор болды. 60-70 жылдарда әдебиетке жас ақындар мен прозаиктердің жаңа тобы қосылды (Джума әл-Фарани, Ахмед ан-Нуэйри, Фуазия Баршоун және Әбдел Хафез әл-Майар). Елдегі мәдени өмірге әдебиет пен өнер істері жөніндегі Басқарма басшылық етеді.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Либия шерінде неолит дәуіріне саятын жартастағы суреттер (піл, бизон аулау т. б.); Финикия өнерін сипаттайтын (б. з. б. 1-мың жылдық) қыш бұйымдар, шыны құтылар, алқалар; ежелгі Грек, Рим мен Византия ғимараттарының мозаикалы қалдықтары, мүсіндері (Сабратадағы театр); байырғы қолөнері бұйымдары (грек пен Сирия-Месопотамия өнері туындылары); Византия кезеңіндегі өнер ескерткіштері сақталған. Арабтардың келуіне байланысты (7-8 ғасырдың бас кезі) араб-бербер мәдениеті ірге тепті; «медине» - қалалар, 1-2 қабатты тұрғын үйлер, минарет, мешіттер салынды. 18-19 ғасырларда көп күмбезді мешіттер салу (Дерна қаласындағы мешіт) өріс алды. Итальяндықтар билік құрған кезеңде (1912-1943) қалаларда европалық үлгідегі кварталдар пайда болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін (1951) мектептер менгоспитадьдар, жаңа типті ғимараттар салу өрістеді. Халық қолөнері (былғарыдан, металдан, пальма жапырақтарынан бұйымдар, зергерлік әшекейлер жасау) дамыған.

Театры. Қазіргі Либия театры ертеден кеде жатқан «хаяәл аззыл» (көлеңке театры), «қаракөз» (қуыршақ театры), «ад-дүния саңдығы» (ауызша журнал) атты халық ойындары негізінде қалыптасты. 1935 жылы Дерна қаласында Мұхаммед Әбдел Хадидің басшылығымен тұңғыш театр труппасы құрылды. Театр негізінен египет пен европа театр өнерінің ықпалымен дамыды. 40 жылдары әуесқой театр үйірмелері мен Италияның профессионалды актерлер труппасы ойын көрсетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін (1951) бірқатар әуесқой және профессионалды коллективтер (Мұхтар Рамадан әл-Асуадтың ұлттық музыкалық драма труппасы, Триполи қаласында Әбдел Хамид әл-Миджрабаның басшылығымен «Әл-Әмәл», Мисурата қаласында «Ат-Тадж эл-Фидди») пайда болды. 1951 жылы драматург, режиссер әрі актер Мұстафа Мұхаммед Ламир Ұлттық театры ассоциациясы (актёрлер мен драматургтар бірлестігі) - тұрақты репертуары бар тұңғыш Либия театрын құрды. 1963 жылы Триполиде музыкалық-драма училищесі ашылды. Триполи (1963), Венгази (1968), Дерна (1969) , Мисурата (1970) қалаларында ұлттық музыка-би ансамбльдері жұмыс істейді. Триполи мен Дернада Ұлттық театр бар. Либия театрларында Египет драматургтарының (Юсуф Ыдырыс, Абдаррахман аш-Шаркауи т.б.) пьесаларымен қатар, Либия қаламгерлерінің бүгінгі халық өмірі мен бостандығын паш еткен туындылары да қойылады. 1971 жылы араб халқының империализмге қарсы күресіне арналған тұңғыш ұлттық театр фестивалы өткізілді.

Әдеб.: Луцкий В.Б. Новая история арабских стран. М., 1966; Новейшая история арабских стран (1917-1966). М., 1968; Аршаруни Н. А. Ливия. М., 1965; её же, Иностранный капитал в Ливии (1911-1967). М., 1970; Мухаммед Садык Афифи. Поэты и поэзия Ливии. в кн.: Современная арабская литература. пер. с араб. –М., 1960; Бодянский В.Л.,Шагаль В.Э. Современная Ливия. Справочник. М., 1965; Крымский А.Е. История новой арабской литературы. XIX - нач. XX в. –М., 1971.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-07-16 14:31:47     Қаралды-1127

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »