ИРАК, Ирак Республикасы (Әл-Жумхурия әл-Иракия) - Батыс Азиядағы мемлекет. Солтүстігінде Түркиямен, батысында Сирия және Иорданиямен, шығысында Иранмен, оңтүстігінде Сауд Арабиясымен т. б. елдермен шектеседі. Оңтүстік-шығысында Парсы шығанағы. Жері 434,9 мың км2. Халқы 37,0 млн. (2015). Астанасы - Бағдад қаласы. Әкімшілік жағынан 16 мұхафазға (губернияға) бөлінеді. Құрамына Ирак пен Сауд Арабиясы арасындағы бейтарап аймақтың 1/2 бөлігі кіреді.
Мемлекеттік құрылысы. Ирак - республика. Уақытша конституциясы 1970 жылы 16 шілдеде күшіне енді. Онда ирак халқы негізгі екі ұлттан-арабтар мен курдтардан құралатыны, сондай-ақ курдтарға ирактың мызғымас бірлігі шеңберінде барлық право толық берілетіні жарияланған. Мемлекеттік өкіметтің ең Жоғарғы органы - Революция Командование Советі (РКС). Ол армияны, ішкі қауіпсіздік күштерін бақылайды, соғыс жариялауға және бітім жасауға праволы, министрлерді тағайындайды, заң шығарады т. с. с. РКС мүшелері (12 адам) Баас партиясы басшылығына да мүше болып есептеледі. Мемлекеттік басшысы-президент, оны РКС сайлайды. Президент кең праволы өкілдіктермен пайдаланады. Үкіметі (атқарушы және әкімшілік органы) - Министрлік Советі. Сот жүйесі кәдімгі, діни және арнаулы соттардан (әскери трибуналдар) құралады.
Табиғаты. Жерінің көбін Жоғарғы және Төменгі Месопотамия жазықтары алып жатыр. Солтүстік және солтүстік-шығыс жағын Армян және Иран таулы қыраттары, оңтүстігін, оңтүстік-батысын Арабия-Сирия таулы үстіртінің шетіалып жатыр. Ең биік жері - Боздаг тауы (3612 м). Пайдалы қазындылары: мұнай және газ (1970 жылы мұнайдың табиғи қоры 4,3 млрд. т, газ 500 млрд. л3-ден астам), фосфорит (Рутба), күкірт (Месопотамия). Климаты - жерортатеңіздік (солтүстік бөлігінде) және тропиктік (оңтүстігі). Қаңтардың орташа температурасы 7-11°С, шілдеде 34°С; тамыз айында ауаның температурасы 50°С-қа дейін көтеріледі, Жауын-шашынның жылдық мөлшері 1000мм-ден (оңтүстік-шығысында) 500 мм-ге (тауда) дейін. Басты өзендері - Тигр және Евфрат (екеуі қосылып Шатт-әл-Араб өзенін құрайды); шағын өзендері - Дияла, Әл-Узаим, Үлкен Заб және Кіші Заб (Тигрдің салалары). Төменгі Месопотамияда көлдер көп, олардың ірілері: Әл-Хаммар, Әл-Хаббания, Әл-Мильх. Жерінің көбі шөгінді және шалғын топырақты, батыс жағы сары топырақты. Территориясының негізгі бөлігі дала, оңтүстік-батысы шөл және шөлейт; тау беткейлері мен өзен аңғарлары бұталы, сирек орманды келеді. Шатт-әл-Араб, Дияла өзендерінің төменгі жағында пальма өседі. Жазық жерлерінде газель, жабайы есек, тарғыл қорқау қасқыр, қабылан т. б. аңдар, өзендерде көкқұтан, қоқиқаз, бірқазан т. б. құстар кездеседі.
Халқы. Ирактың негізгі тұрғындары арабтар (7 млн-ға жуық, 1970) мен курдтар (1,7 млн.). Арабтар елдің оңтүстік және орталық аудандарында, курдтар солтүстік-шығысында тұрады. Көшпелі арабтар мен курдтар руға, тайпаға бөлінеді. Арабтардың ірі тайпалары анайза, дафир, шаммар. Басқа халықтардан түрікмендер, парсылар, түріктер, армяндар, еврейлер т. б. тұрады. Ресми діні-ислам (халқының 95%-і мұсылмандар). Еңбек етуші халық 2,7 млн. (1970), оның ішінде жұмысшылар 392 мыңға жуық (1970). Халықтың орташа тығыздығы1км2 жерге 22 адамнан келеді (1971). Тигр, Евфрат, Шатт-әл-Араб өзендері бойында, солтүстігіндегі тау етегінде халық өте жиі қоныстанған. Халқының 10%-і көшпелі, 57,8%-і қалаларда тұрады; ірі қалалары - Бағдад, Басра, Мосул, Киркук, Неджеф.
Тарихы. Ирак жерінде ежелгі тайпалар кейінгі неолит дәуірінде пайда болды. Ежелгі шумер-аккад мәдениетін жасаушы шумерлер Оңтүстік Қосөзен жеріне б. з. б. 4 мың жылдықта келген. Б. з. б. 3 мың жылдық пен 2 мың жылдықтың басында Қосөзен жерінде құл иеленуші Эриду, Ур, Ниппур, Ашшур, Лагаш, Урук, Умма т. б. мемлекет-қалалар өмір сұрді; б. з. б. 3 мың жылдықтың 1-жартысында Шумер мемлекеті құрылды. Б. з. б. 2 мың жылдықтың басында Оңтүстік Месопотамияда Вавилон мемлекеті, ал солтүстікте Ассирия мемлекеті құрылды. Б. з. 3 ғасырда Месопотамия Сасанилер билеген парсы мемлекетінің қол астына қарады, ал Солтүстік Месопотамия ұзақ уақыт бойы Иран, Парфия және Рим арасында, кейін Иран менВизантия арасында таласқа түсті. 7 ғасырдың 30 жылдарында Месопотамияны арабтар жаулап алды. Сөйтіп ол 661 жылы Омейя әулеті билеген Араб халифатының бір аймағына айналды.
750 жылы Абу Муслим бастаған халық көтерілісі нәтижесінде Омейя әулетінің билігі құлап, өкімет басына Аббас әулеті келді. 762 жылы Бағдад қаласы сатынды. Бұдан кейін Ирак жерін 11 ғасырда салжуқтар, 13 ғасырда монғолдар, 14 ғасырдың аяғы мен 15 ғасырдың басында әмір Темір жаулап алды. Темір империясы ыдырағаннан кейін Ирак жері монғол-түрік тайпалары билеушілерідің арасында таласқа тусті. 17 ғасырдың басында Сефеви әулетінің қол астына карады.
16 ғасырда Иран мен Осман империясының арасында Ирак үшін күрес басталды. Бұл күресте түріктер жеңіп, 17 ғасырда Месопотамияны бағындырып алды. Түрік феодалдары үстемдік еткен дәуірде Ирак экономикасы құлдырап, ұлттық езгі мен мәдени тоқырауға ұшырады. Түріктер жаулап алған барлық жер султандардың меншігі деп жарияланды. Ирак халқы түріктерге қарсы әлденеше рет бас көтерді. 17 ғасырдың ортасында Иракқа Англияның ықпалы күшейді. 1779 жылы Ост-Индия компаниясы құрылып, оның Бағдадтағы өкілі саяси агентке айналдырылды да, Басрадағы факторияның басқарушысы резидент болды.
19 ғ-дың 60 жылдары Ирак дүние жүзілік рыноққа арпа, бидай, көбінесе құрма өткізуші отар ел есебінде дүние жүзілік саудаға тартыла бастады. Бұл жағдай егістік пен құрма танаптары көлемінің ұлғаюына, феодалдық қанаудың күшеюіне әкеп соқтырды. Бір жағынан түрік феодалдарының үстемдігі, екінші жағынан шетелдік капиталистік мемлекеттердің канауы Ирактың экономикасын дамуын тежеді. 1869 жылы Суэц каналының ашылуы Ирактың сыртқы саудасының дамуына едәуір ықпал жасады, оның Европамен байланысы артты, капиталистік мемлекеттерге тәуелділігі күшейді. Жұмысшы табы туа бастады. 19 ғасырдың соңғы ширегінде Ирак Ұлыбритания мен Германия арасындағы күрес алаңына айналды. 1-дүние жүзілік соғыс кезінде Англия Иракты жаулап алып, өз отарына айналдыруға тырысты. 1914 жылы шілдеде ағылшын әскерлері Фао портын, 22 қарашада Басраны басып алды. 1917 жылы 17 наурызда Бағдадты, 1918 жылдың аяғында Ирактың барлық жерін жаулап алды. Ағылшындар елде өскери әкімшілік орнатып, округтарға бөлінген әрбір аймақты «саяси офицерлер» биледі. Ирак патриоттары 1920 жылы жазда ағылшын отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс ашты [Ирак көтерілісі (1920)]. Бірақ ағылшын армиясы оны басып-жаншып тастады. Алайда ағылшын үкіметі елге өзін-өзі басқару билігін беруге мәжбүр болды. 1920 жылы «ұлттық үкімет» құрылғанымен, ол түгелдей Англияға бағынышты болды. Бұдан кейін Ирак қоғамының жоғарғы қауымына елді басқаруға қатысу правосын беретін конституция мен сайлау заңы қабылданды. 1930 жылыИрак үкіметі Англиямен шарті жасасты. Ол шарт бойынша Англияның Ирактағы бүкіл саяси, әскери және экономикалық мүддесі сақталды. 1932 жылы осы шарт күшіне енгеннен кейін, Ирактағы ағылшын мандаты билігін тоқтатты, Ирак формальды түрде тәуелсізі мемлекеттік саналып, Ұлттар лигасына қабылданды. Алайда 1930 жылы шарт бойынша Англия соғыс болған жағдайда Ирак жерін пайдалануға мүмкіншілік алды.
Феодалдық-бюрократиялық бекзадалар өкілдерінен қүралған Ирак үкіметі алмакезек ауысып жатты. Олар негізінен елде алпауыттардың үстемдігін нығайтатын саясат жүргізді. Феодалдық қанау мен түрлі алым-салықтың ауыртпалығы салдарынан қайыршылыққа ұшыраған шаруа бұқарасы бірқатар халық көтерілісін ашты. 1935-1936 жылдар ондай көтерілістер елдің көптеген аудандарын қамтыды.
1930 жылдарда Иракта кәсіподақтардың құрылуына байланысты жұмысшы қозғалысы кеңінен өріс алды, ірі ереуілдер шықты. 1934 жылы Ирак коммунистік партиясының (ИКП) негізі қаланды. Жұмысшы қозғалысының ереуіліне байланысты 1936 жылы үкімет еңбек туралы заң қабылдауға мәжбүр болды. Англия фашистік Германияға соғыс жарияласымен, Ирак үкіметі Германиямен дипломатиялық қатынасын үзді (1939 жылы 5 қыркүйек); 2-дүние жүзілік соғыс кезінде, 1941 жылы әл-Гайлани бастаған оңшыл-ұлтшылдық топ фашистік Германияның қолдауымен мемлекеттік төңкеріс жасады. Ол төңкерісті көп ұзатпай ағылшын әскері басып тастады. Соғыс кезінде еңбекшілердің жағдайы одан әрі нашарлады. Соғыстан кейін халық қозғалысының өрлеуі нәтижесінде сайлау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді (1946). 1948 жылы халық көтерілісі Англия мен екі арада жасалған әділетсіз шартты бүзды. 1949 жылдың аяғында үкімет басына келген Нури Саид үкіметі елде қудалау саясатын жүргізді. ИКП-нің жетекшілерін дарға асты. 1951-1952 жылдар халық қозғалысы өрістей түсті.
1954 жылы күзде реакция қайтадан шабуыл бастады: парламент таратылды, саяси партиялар мен кәсіподақтарға тыйым салынды. Американ монополиясының позициясы күшейді. 1954 жылы Ирак әскери көмек жөнінде АҚШ-пен, 1955 жылы 24 ақпанда өзара ынтымақ туралы Түркиямен шарт жасасты. Бұл документтер Бағдад пактысының негізі болды. 1955 жылы 4 сәуірде Бағдад пактысының шарттарына сәйкес, Ирак үкіметі Англиямен «өзара ынтымақ» жөнінде арнайы келісімге қол қойды. 1955 жылы қаңтарда Совет үкіметі Ирак үкіметінің СССР-мен қатынасын нашарлатуына байланысты Ирактағы елшілігін кері шақырып алды.
Елдің патриоттық күштері Иракты толық азат ету және демократияландыру жолындағы күресін тоқтатпады. 1956 жылы қарашада Иракта ірі халық көтерілісі болды. 1957 жылдың басында астыртын жағдайда Ұлтбірлігі майданы (ҰБМ) құрылды.
Халықтық революция нәтижесінде 1958 жылы 14 шілдеде Ирак республика болып жарияланды (үкімет басшысы - Абдель Керим Касем). Ирак тәуелсіз сыртқы саясат ұстады, социалистік лагерьдің елдерімен достық қатынас орнатты. 1959 жылы 24 наурызда Ирак Бағдад пактысынан шыққандығын жариялады. Ішкі саясатта бірсыпыра маңызды қадамдар жасалды, аграрлық реформа (1958) жүзеге асырылды. Реформаға сәйкес 26600 шаруа семьясына 450 мың гажер үлестірілді. Коғамдық өмірді демократияландыру саласында кейбір шаралар қабылданды. Жұмысшылар кәсіподақтарға бірігуте мүмкіндік алды. Демократиялық ұйымдар астыртын жағдайдан шықты. Баспасөз бостандығы берілді.
Ирак республикасы алғашқы өмір сүрген күндерінен бастап прогрессивті, демократиялық күштерді, әсіресе социалистік мемлекеттерді қолдап отырды. Империалистік мемлекеттер 1958 жылы Иракқа тікелей қарулы интервенция жасамақ болып, Ливан мен Иорданияға өз әскерлерін төккенде, СССР Иракты қорғауға күш салды. Оның ұлттық экономикасын нығайтуға Совет Одағы мен баска да социалистік елдер зор көмек көрсетті. 1959 жылы 16 наурызда экономикалық және техникалық ынтымақ жөніндегі совет-ирак келісіміне қол қойылды. Халық бұқарасының кең қатысуымен жүзеге асырылып жатқан революция өзгерістер Ирактың реакциялық топтарын қатты қорқытты. Өз бостандығы мен тендігін, автономиясын талап еткен курд халқына, қарсы әскери қимылдар басталды.
1968 жылы 8 ақпанда мемлекеттік әскери төңкерістің нәтижесінде өкімет басына Араб социалистік қайта өркендеу партиясы («Баас») келді. Жаңа тәртіп коммунистерге, прогресшіл күштерге қарсы жаппай қудалау мен қанды террор жүргізді. «Баас» тәртібі тұсында 150-170 мың адам қудалауға ұшырады. Халыққа қарсы жургізілген ішкі саясат сондай-ақ, Ирактағы экономикалық жағдайдың нашарлауы ел ішінде «Баас» тәртібіне қарсы наразылық туғызды. «Баас» басшылығындағы билеуші топтардың арасында жік пайда болды. 1963 жылы 18 қарашада мемлекеттік әскери төңкерістің нәтижесінде «Баас» тәртібі құлатылды. Өкімет басына президент Абдель Салям Ареф бастаған әскери топ келді.
Иракта үкімет билігі әр түрлі саяси топтардың қолына алма-кезек ауысып отырды. 1968 жылы шілдеде үкімет басына Араб социалистік қайта өркендеу партиясының (АСҚӨП) өкілі Ахмед Хасан әл-Бакр келді. 1969 жылы Ирак үкіметі және АСҚӨП жетекшілері Бір тұтас ұлттық демократиялық майдан құру жолында кейбір әрекеттер жасады. Осы мақсатпен АСҚӨП жетекшілері мен ИКП өкілдері өзара ынтымаққа келді. 1970 жылы Курдистанға қарсы жүргізілген әскери қимылдар тоқтатылды. Үкімет курд халқының Ирак шеңберіндегі ұлттық теңдігін бекітті. 1970 жылы шілдеде уақытша жаңа конституция қабылданды. 1970 жылы 14 шілдеде банкілерді, қауіпсіздендіру қоғамдарын және ірі кәсіпорындарды национализациялау жөнінде декрет қабылданды. Совет Одағының көмегімен Иракта көптеген өнеркәсіп орындары т. б. құрылыстар салынды және салынып жатыр. 1969-1971 жылдар Ирак пен Совет Одағы арасында экономикалық және техникалық ынтымақ жөнінде бірсыпыра келісім жасалды. 1972 жылы 9 сәуірде Ирак пен СССР арасында достық пен ынтымақ жөнінде шартқа қол қойылды.
Саяси партиялары мен кәсіподақтары. Араб социалистік қайта өркендеу партиясы (АСҚӨП, немесе «Баас») - жалпы арабтық АСҚӨП-нің регионалдық бөлімшесі ретінде 1954 жылы құрылған. Курдистан демократиялық партиясы (КДП), 1946 жылы құрылған. Ирак коммунистік партиясы (ИКП), 1934 жылы құрылған. Ирак жұмысшы кәсіподақтарының жалпыға бірден федерациясы, 1959 жылы құрылған. Ирак-совет достығы қоғамы, 1959 жылы құрылған. Бейбітшілік пен ынтымақ советі.
Экономикасы. Ирак 1958 жылғы революцияға дейін мешеу дамыған аграрлы ел саналды. Негізгі байлығы мұнай түгелімен шетел капиталының қарамағында болды. 1958 жылдан бастап аграрлы реформа жүргізілді. 1964 жылы мемлекеттік Ирак ұлттық мұнай компаниясы құрылды; банкілер, қауіпсіздендіру компаниялары, 30-дан астам ірі өнеркәсіп және сауда компаниялары национализацияланды; экономикасында мемлекеттік сектор ұлғайды (1967 жылы мемлекеттік сектор өнеркәсіп өнімінің 48%-ін береді). 1960-1971 жылдар ұлттық табыс 437 млн-нан 947 млн. динарға жетті. Ирак экономикасының дамуына СССР үлкен көмек көрсетіп келеді.
Өнеркәсібі. Өнеркәсіптің басты саласы - мұнай өндіру. Иракмұнай өндіруден (1971 жылы 83 млн. т) капиталистік дүниеде 7-орын алады. Мұнай кәсіпшіліктерінің көбі әлі де ағылшын-американ-француз «Ирак петролеум компани», компаниясының және оның филиалдары - «Мосул петролеум компани», «Басра Петролеум компани» қарамағында; олар 1971 жылғы келісім бойынша, түскен пайданың 55%-ін Иракка береді. Басты мұнай кәсішліліктері - Киркук, Мосул, Басра, Дияла Ливаларында шоғырланған. Мұнайдың көбі экспортңа шығарылады (бұл жөнінен Ирак капиталистік дүниеде 6-орын алады). Табиғи газ, тұз, кварц, әк тас өндіріледі. 1970 жылыөндеу өнеркәсібі ұлттық табыстың 11%-ін берді. (28,7 мың кәсіпорны бар). Елдегі 6 мұнай айыру зауыдының бесеуі мемлекетке қарайды. 1970 жылыИракта 3,4 млн. тоннамұнай өнімдері алынды. Мата тоқу және киім тігу, былғары, аяқ киім, цемент, тамақ кәсіпорындары бар. Басрада азотты тыңайтқыштар, Амарада, Сулейманияда қант, Искандерияда ауыл шаруашылық машиналарын жасаузауыдтары салынуда (1971).
Ауыл шаруашылығы.Ирак экономикасының негізгі саласы. 1958 жылы аграрлы реформа туралы заң қабылданды: шейхтер мен помещиктердің жері азайтылды (әрқожалыққа 500 га тәлімі жер, 250 га суармалыжер калдырылды). 1958-1970 жылдар 2,2 млн. га жер бұрынғы иелерінен алынып. 76 мың шаруа семьясына бөліп берілді. 1970 жылы аграрлы реформа туралы жана заң қабылданды:енді шаруаларға берілетін шердің мөлшері - шаруашылың орналасқан ауданның табиғи жағдайына, жердің сапасына және егілетін дақыл түріне қарай белгіленетін болды. 1971 жылы 838 ауыл шаруашылық кооперативі құрылды. Ауыл шаруашылық жері 12 млн. га, оның ішінде өңделетіні 5 млн. га. Егістігінің 80%-іне арпа, бидай, күріш егіледі. Сондай-ақ мақта, темекі, елдің оңтүстік жағында кұрма пальмасы өсіріледі (32 млн. түп ағаш; Ирак дүние жүзілікқұрма экспортының 80%-ке жуығын береді). 1970 жылы жиналған ауыл шаруашылық өнімі (мың тонна): бидай 1236, арпа 682, күріш (тазартылмаған) 180, мақта талшығы 14, темекі 15,2, құрма 480. Экстенсивтік мал шаруашылығы дамыған. 1969-1970 жылғы: мал саны (мың): қой 11600, ешкі 1750, мүйізді ірі қара 1700, буйвол –70, түйе 200, есек 580, жылқы 105, қашыр 75. Мал шаруашылығымен таулы өңірдің түрғындары мен шөлейт жерлерде түратын бедеундер айналысады.
Транспорты. Темір жолының ұзындығы 2,5 мың км (1970); басты темір жол Бағдад- Тель-Конек, Басра-Бағдад. Пранға және Сирия арқылы Түркияға темір жол тартылған. Автомобиль жолдарының ұзындығы 18 мың км. Шатт-әл-Араб және Тигр өзендерімен Бағдадқа дейін теме жүзеді. Басты теңіз порты - Басра. Бағдадта (Болгарияның көмегімен салынған), Басрада, Мосулде ірі аэропорттар бар. Тікелей Москва-Бағдад әуе қатынасы, шетелдік компанияларға қарасты мүнай құбырлары (1,4 мың км) бар.
Сыртқы саудасы. Экспортқа мұнай және оның өнімдері, құрма, мал терісі, жүн, мақта, арпа, цемент шығарылады. Басқа елдерден машиналар мен өндіріс құрал-жабдықтары, азық-түлік, қара металдар, химия және фармацевтика товарлары, мата, ағаш сатып алынады. Сыртқы сауда серіктестері: Ұлыбритания,Франция, Бельгия, Италия, Египет, Ливан, Кувейт. Ирактың СССР мен және баска социалистік елдермен қарым-қатынасы ерістеп келеді. Ирак- араб елдері Жалпы рыногының мүшесі. Ақшасы - прак динары.
Эконом-географиялықаудандары. Ирак территориясы Солтүстік (экономикасы жақсы дамыған, мұнай өндіретін басты аудан, елдің негізгі ауыл шаруашылық өңірі) және Оңтүстік (жерінің көбі шөлейт, көшпелі және жартылай көпшелі мал шаруашылығы дамыған, құрма пальмасы, бидай, арпа, күріш егіледі, мұнай кәсіпшіліктері ашылуда) аудандарға бөлінеді.
Денсаулық сақтау ісі. Иракта 1967 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 19,1, адамның өлімі 4,1; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені - 16,2 болды. Бұл елде жұқпалы аурулар, әсіресе ішек-қарын және асқазан аурулары жиі кездеседі, сондай-ақ обаның табиғи ошақтары да бар. 1970 жылы Иракта 18,3 мың төсектік 150 аурухана (1000 адамға 2 төсек) болды; 2,4 мың дәрігер (3,8 мың адамға 1 дәрігер), 309 тіс дәрігері, 352 фармацевт және 6,2 мыңдай орта білімді медициналыққызметкерлері жұмыс істеді.
Оқу-ағарту ісі. Иракта 1958 жылғы революцияға дейін ерлердің 80%-і, әйелдердің 95%-і сауатсыз болды. 1959 жылы міндетті бастауыш білім беру жөнінде заң қабылданды. Оқу программасына кейбір өзгерістер енгізілді. Оқу орындары көбейе бастады. Халық ағарту жүйесі - балалар бақшасы, бастауыш мектеп (қалада 6 жыл, селода 4 жыл), орталау мектеп (оқу мерзімі 3 жыл) және гуманитарлық, ғылыми жаратылыс тану, сауда бағытындағы орта мектептерден (2 жыл) құралады. Балалар бастауыш мектепке 6 жастан кабылданады. Білім берудің барлық сатысында дін оқуыміндетті. Кәсіптік оқу орындары бастауыш және орталау мектептер негізінде құрылған. Оқу мерзімі 3 жыл. 1969-1970 оқу жылында кәсіптік оқу орындарында мыңнан астам оқушы оқыды. Мұғалімдерді педагогикалық колледждер дайындайды. Ең ірі жоғары оқу орындары: Бағдад, Әл-Хикма, Курд, Мосул, Басра мемлекеттік университеттері және Бағдадтағы әл-Мустансирия университеті. 1970-1971 оқу жылында 42,5 мың студент оқыды. Көптеген ирактықтар жоғары білімді СССР-де, АҚШ-та, Египетте т. б. елдерде алады.
Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Иракта 1971 жылы 7 күнделікті газет шықты. Басты газеттері: араб тілінде - «Әл-Жумхурия» («Республика», 1963), «Әс-Саура» («Революция», (1968), «Әлиф Ба» («А Б»,1967); ағылшын тілінде - «Бағдад обсервер» (1967). Журналы: «Әс-Сакафа әл-Жадида» («Жаңа мәдениет», 1969). Ирак информациялық агенттігі 1959 жылы құрылған. Радио торабы 1958 жылы революциядан кейін салынды. Хабар ел ішіне араб, курд, түркмен тілдерінде, шетел халықтарына араб, ағылшын, француз, неміс, түрік, парсы, орыс тілдерінде беріледі. Телевизия орталығы 1956 жылдан жумыс істейді.
Әдебиеті. Ирак әдебиеті араб тілінде дамыған. Оның шарықтап дамыған дәуірі - орта ғасыр. Ол кезде Бағдад шаһары мәдениеттің, ғылым мен әдебиеттің орталығы болған. Алайда үш жүз жылдан аса үстемдік еткен Осман империясы езгісіне үшыраған кезде Ирак әдебиеті құлдырап кетті. 19 ғасырда және 20 ғасырдың басында елде капиталистік қатынастар дамып, ұлт-азаттық қозғалысының күшеюіне байланысты мәдени өмір де ілгері басты. Бұл кезде Абд әл-Мухсин әл-Казими (1865-1935, Жемәл Сидки әз-Захави (1863-1936, Мааруф ар-Русафи (1875-1945) т. б. ақын-жазушылар өз шығармаларына ұлт бостандығы үшін күрес тақырыбын арқау етті. Әсіресе, ұлт-азаттық көтерілісі кезінде (1920) туған шығармалар революциялық пафосы мен әлеуметтік сарыны тұрғысынан халық жүрегінен жылы орын алды. Оған Махди әл-Басири, Мұхаммед әл-Бәкір әл-Хилли, Хейри әл-Хиндави, Хабиб Адиди т. б. ақындардың шығармалары жатады. Махмуд Ахмед ас-Сайид (1901-1937) ағарту мәселесі мен социализм идеясын қозғаған әңгіме, повестерімен, Зу-н-Нун Айюб (1908 ж. т.) сатиралық және юморлық әңгімелерімен Ирак әдебиетінде алғаш проза жанрын қалыптастырды. 1950 жылдары Ирак әдебиетінде орыс, Европа әдебиетінің өсерімен роман жанры туды. Бірақ көшпілік романдарда схематизм басым болды. 1958 жылғы революциядан кейін Ирак әдебиеті жан-жақты дами бастады. Негізгі тақырыптары - антифеодалдық, антиимпериалистік күрес, социалистік қоғам орнату. Қазіргі Ирак әдебиетінде Мухаммед Махди әл-Джавахири (1905 ж. т.) мен Бахр әл-Улюмнің (1911 ж. т.) шығармалары халық арасына кең таралған.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Ирак территориясынан б. з. б. 4 мың жылдыққа саятын мәдениет пен өнердің көне ескерткіштері табылған.
Ежелгі цивилизация орталықтарының бірі - вавилон-ассирия мәдениетінің (Вавилон, Ур, Ниневия т. б.), Парфян патшалығы (Хатра), сасани әулеті өнерінің (Ктесифон) көптеген мұралары ашылды. Иракараб мәдениетініңқалыптасуында елеулі роль атқарады. 7 ғасырда Куфа, Басра, 8 ғасырда Уасит, 762 ж. Мадинат ас-Салам (қазіргі Бағдад) қалалары салына бастады. Аббас әулеті халифатының гүлдену дәуірінде Самаррада күрделі сарайлар ансамблі (Балькувар сарайы), зәулім мұнаралы мешіттер (Мутаваккилдің үлкен мешіті), мавзолейлер (Куббат әс-Сулайби) тұрғызылды. 12 ғасырдың 1-жартысы мен 13 ғасырда Бағдадта Мустансирия медіресесінің комплексі, Мосулда Жами әл-Кабирдің үлкен мешіті т. б. салынды. 13-15 ғасырлардағы монғол шапқыншылығынан кейін құрылыс салу ісі тоқырады. 20 ғасырға дейін тұрғын үйлер салу ісі дәстүрлі жобамен жүргізіліп келді. 20 ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыс пен 1958 жылғы революция жаңа сипаттағы архитектураның дамуына жағдай жасады.
Аббас әулеті дәуіріндегі Ирак бейнелеу өнері қабырғаға, ағашқа ойыпсалынған бейнелер мен бедерлер арқылы белгілі. 12-13 ғасырларда Бағдад пен СолтүстікИракта кітап көркемдеу ісі (Абдаллах ибн Фаділдің Диоскоридтың «Фармакологиясына» жасаған миниатюрасы, 1222; Ленинград, Шығыс тану институты) дами бастады. Орта ғасырда тұрмыстық бұйымдарды оймыштап, өрнектеп жасау кең өріс алды. Иракта кескіндеме (Абдель-Кадер Рассам т. б.)20 ғасырда пайда болды. 1939 жылы Бағдадта Көркемөнер институты ашылды. 1940-1950 жылдар пайда болған кішігірім суретшілер одақтарының негізінде 1956 жылы Ирак Суретшілер ассоциациясы құрылды. Ирактың қазіргі суретшілері мен мүсіншілері Фаик Хасан, Хафиз әд-Дуруби, Исмаил аш-Шейхли, Ата Сабри, Мухаммед Ариф, Махуд Ахмед, Жауад Сәлім, Халед ар-Раххаль, Мухаммед Ғани т. б.
Музыкасы. Ирак музыкалық мәдениетіне ежелгі араб цивилизациясы негіз болды, ол араб музыкасының бір тармағына айналды, музыкалық аспаптары: уд, рабаб, гиджак, канун, най, дуфф т. б. Ирактың халықтық және профессионалдық музыкасы сан алуан маңамдармен сипатталады. Мақамдар сюита тәрізді көлемді вокальдық-аспаптық циклдардың ладтық негізі болып табылады. Әрбір пьеса белгілі бір маңамдарға құрылады да, тиісті ладтың атымен аталады. Мұндай шығармаларға тән ерекшелік - вариациялы даму және негізгі әуеннің аспаптың эпизодтарымен алмасып отыруы. Халық өндерінің арасындағы кең тарағаны - атаба (шағым) ән жанры. Ирактың музыкалық өмірінің орталығы - Бағдад. Бағдад радиосының жанында Шығыс музыкасы оркестрі, хор және әншілер тобы жұмыс істейді. 1971 жылыҰлттық симфониялық оркестр құрылды. Музыкалық мамандары Әсем өнер академиясында (1940) тәрбиеленеді. Бітіргеқдері шетелдерде, оның ішінде СССР-де өз білімдерін толықтырады. 1968 жылы дарынды жас өспірімдерге арналған музыкалық мектебі ашылды. Ирак композиторлары: Сәлім әл-Челеби, Ахмед әл-Халиль. Әнші-орындаушылары: Ламиа Тауфик, Зугур Хусейн, Фарук Халяль, Рида Али т. б.оқушылары: Мұхаммед Куббанни, Сәлима Мұрад, Әфифа Иокандер, Сабиха Ибрахим т. б.
Киносы. Ирак кинематографиясы 40 жылдардың орта шенінен дами бастады. Осы жылдары «Шығыс балалары», «Ләйлі Иракта», «Әлиа мен Иссам» т. б. фильмдер қойылды. 50жылдары кедейлер өмірін көрсетуге арналған «Фотна мен Хасан» (1952, реж. X. Эломи), «Кім кінәлі?» (1957, реж. А.Уәли), «Сайд Әфенді» (1958, реж. К. Хұсни) фильмдері шығарылды. Кейінгі жылдары шығарылған Ирак фильмдері: «Навуходоносор» (1960, реж. К. әл-Адзави), «Күзгі жапырақтар» (1964), «Қош бол, Ливан» (екеуінің де реж. X. Лабиб), «Түнгі қарауыл» (1968, реж. әл-Харис) т. б. 1959 жылы Кино мен театрдың жалпы одағы құрылды. Жылына 1-2 толық метражды, 8-10 қысқа метражды кинокартиналар жасалынады. 117-ден астам кинотеатр (1971) жұмыс істейді.
Әдеб.: Дементьев И.А. Иракская республика. М.,1961; Луцкий В. Б.Новая история арабских стран. М., 1966, гл. 1, 4, 10, 24, 25, 27; Данциг Б. М. Ирак в прошлом и настоящем.-М., 1960; Крачковский И.Ю. Арабская литература XX в. Избр. соч., т. 3, М.-Л., 1957; Аль-Фахури X. История арабской литературы.т. 2, М., 1961; Воронина А.Л. Архитектура арабских стран,в кн.:Всеобщая история архитектуры. т. 8, М., 1969; Халаминская М. Искусство современного Ирака. «Творчество», 1971.-№ 2.
Жарияланған-2020-07-16 14:20:42 Қаралды-3651
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану