UF

ҮНДІСТАН (хинди тілінде - Бхарат), Үндістан Республикасы - Оңтүстік Азиядағы мемлекет. Негізінен Үндістан түбегінде орналасқан. Территориясы солтүстіктен оңтүстікке қарай 3200 км, батыстан шығысқа қарай 2700 км-ге созылған. Солтүстігінде Гималай тауларына, батысында Араб теңізіне, шығысында Бенгаль шығанағына ұласады. Араб теңізіндегі Лаккадив, Аминдив, Бенгаль шығанағындағы Андаман, Никобар аралдары Үндістаның құрамына кіреді. Құрлықпен өтетін шекарасының ұзындығы 15 мың км-дей, теңіздік жағалауы 5,5 мың км-ден асады. Үндістан солтүстік-батысында Пакистанмен және Ауғанстанмен, солтүстігінде Қытаймен және Непалмен, солтүстік-шығысында Бангладешпен, шығысында Бирмамен, Бутанмен шектеседі. Жері 3287,59 мың км2 (БҰҰ-ның деректері). Халқы 1,3 млрд-тан астам (2013). Астанасы - Дели қаласы. Әкімшілік жағынан 22 штатқа және 9 одақтас аймаққа бөлінеді (1976). Штаттар дистрикттерге (округтарға), бұлар талуктерге және тахсиллерге бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Үндістан азаматтық демократиялық республика. Қазіргі конституциясы 1950 жылы 26 қаңтарда күшіне енді. Мемлекеттік басшысы – президент, ол 5 жылға сайланады. Президент кең праволы: премьер-министрді, оның ұсынысы бойынша үкіметтің және Жоғарғы сот мүшелерін тағайындайды; парламенттің Халық палатасын таратуға, парламент сессиясы аралығында төтенше указдар қабылдауға, төтенше жағдай жариялауға т. б. праволы, қарулы күштерінің бас қолбасшысы да сол. Үндістаның заң шығаратын жоғарғы өкімет органы - парламент, оның құрамына президент және екі палаталы: Халық палатасы мен Штаттар советі енеді. Совет құрамының 1/3-і 2 жылда бір рет жаңартылып отырады. 21 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы берілген. Үндістанның үкіметі - Министрлік Советі, оны Халық палатасын сайлағанда жеңген партияның фракциясы құрады. Штаттарда өкімет билігі 5 жылға тағайындалатын губернатор қолында. Сот жүйесіне: конституциялық бақылау органы - Жоғары сот пен штаттық, округтық және төменгі соттар жатады.

Табиғаты. Үндістан жері негізінен Үндістан түбегінен, Гималайдың, Қарақорымның бір бөлігінен, Үнді-Ганг жазығының шығыс бөлігінен (Сатледж өзенінің шығыс жағы) және Бенгаль шығанағы мен Араб теңізіндегі аралдардан құралады. Жерінің 3/4-і жазық пен таулы үстірттер үлесіне тиеді. Түбектің көпшілік бөлігін Декан таулы үстірті алып жатыр; бұл батысында Батыс Гат, шығысында Шығыс Гат тауларын құрайды. Солтүстік-батысында ұсақ шоқылы Аравали таулары (биіктігі 1722 м) жатыр. Декан таулы ұстіртінің солтүстік бөлігінде Сатпура, Махадео, Майкалтау жоталары бар. Солтүстік-шығысындағы Чхота - Нагпур (орташа биіктігі 600 м) таулы үстірті солтүстікке таман біртіндеп төмендеп, Ганг өзенінің аңғарына жалғасады. Солтүстік бөлігінде Үнді-Ганг жазығы жатыр. Жазықтың солтүстік шетінде Гималай тау жүйесі (Нангапарбат, биіктігі 8126 м) орналасқан. Гималай жоталары Сивалик (800-1200 м), Кіші Гималай (2500-3000 м), Үлкен Гималай (5500-6000 м) тауаралық ойпаңдармен бөлінген.

Геологиялық құрылысы жөнінен Үндістан жері ежелгі Үнді (Үндістан) платформасы құрамына жатады. Платформа фундаменті (кей бөлігінде Жер бетіне шығып жатады) докембрилік жыныстар жиынтығынан түзілген; бұның беті құм таспен, доломиттермен, әк тастармен жабылған. Үндістан жерінде платформа ендік бағытқа созылған және жоғарғы карбон, пермь, триас, юра шөгінділерімен толған терең опырықтармен тілімделген. Елдің теңіздік жағалауы жоғарғы юра, бор және палеоген қабаттарынан құралады. Табылған темір (гемарит, кварц-магнетит), хромит, марганец және мыс рудалары, алтын, слюда, сирек және бағалы тастар кендері платформа фундаментімен, алмас Виндий конгломератымен, тас көмір Гондвана сериясымен, боксит кайнозойлық мүжілу қабығымен байланысты. Теңіз жағалаулық өңірлерінен мұнай және газ кендері ашылды.

Климаты субэкваторлық, муссондық; солтүстігінде тропиктік. Ылғалды маусымында орта есеппен жылдың жауын-шашынның 80%-тен астамы түседі. Батыс Гат пен Гималайдың жел өтіндегі беткейлерінде ылғал мол түседі (жылына 5-6 мың мм-ге дейін). Жер бетіндегі ең жауын-шашынды өңір - Шиллонг тау массивінің беткейлері (12 мың мм-дей). Аса құрғақ өңірлері - Үнді-Ганг жазығының солтүстік-батыс бөлігі (100 мм-дей). Қаңтардыдың орташа температурасы солтүстік жазықтарында 15°С шамасында, оңтүстігінде 27°С-қа дейін, мамырда барлық жерінде температура 28-35°С; кейде ыстық 45-47°С-қа дейін көтеріледі. Таулық өңірдің 1500 м биіктігінде қаңтарда 1°С, шілдеде 23°С, 3500 м биіктікте қаңтарда 8°С, шілдеде 18°С болады. Үндістанның 40 мың км2-дей территориясын көп жылдық қар мен мұздық басып жатыр (әсіресе Қарақорымда, Гималайдый Заскар жотасында). Ірі мұздықтары: Сиачен, Балторо, Хиспар, Биафо.

Көп жылдық қар және мұз жамылғысынан, жауын-шашыннан қоректенетін Үндістан өзендері «гималайлық», көбіне муссондық жауын-шашыннан қореқтенетін өзендері «декандық» болып ажыратылады. Жазда ірі өзендердің бәрінде судың деңгейі күрт көтөріледі, тасқын болып тұрады. Ірі өзендері: Ганг, Үнді, Брахмапутра, Годавари, Кришна, Нарбада, Маханади, Кавери. Көбі жер суаруға пайдаланылады. Ірі көлдер аз, ең бастысы - Кашмир ойпатындағы Вулар көлі.

Үндістан территориясының көпшілік жері қызыл топырақты келеді. Батыс Гаттың кристалл жыныстарының беті қызыл сары ферралит топырақты, Үндістан тубегінің орталық бөлігі мен Үнді-Ганг жазығының солтүстік-батысы қуаң және шөлейт саваннаға тән қызғылт сұр топырақты, түбектің солтүстік-шығыс бөлігі биіі шөпті саванналық қызыл ферралит топырақты. Үнді-Ганг жазығының көп жері мен теңіз жағалауындағы ойпаттарда сұр, сұр-қоңыр, қоңыр және әр түрлі шалғынды топырақ түрлері қалыптасқан. Өзен атыраулары, теңіз жағалауының кейбір өңірлері батпақты. Үндістан түбегі мен Үнді-Ганг жазығының өсімдік жамылғысы акация, сүтіген, пальма, муссондық бұта, тик, сандал, бамбук, терминалий ағаштары аралас өсетін саваннадан қалыптасады. Солтүстік-шығысында жапырағы түсетін аралас орман, Батыс Гаттың жел өтіндегі беткейлерінде, Ганг пен Брахмапутраның атырауларында мәңгі жасыл аралас орман өседі. Гималай мен Қарақорымда өсімдік жамылғысы биіктік бөлдеулік заңдылығымен таралған.

Үндістанның жануарлар дүниесі құрамына қарай Үнді - Малайя зоогеографиялық аймаққа жатады. Сүт қоректілерден маймылдар (макака, гиббон т. б.), бұғылар (теңбіл бұғы, замбар, қара бұғы), антилоптар түрлері, үнді пілі, жолбарыс, гималай аюы т. б. кездеседі. Арыстан, қабылан, кашмир бұғысы сияқты кейбір аң түрлері тым азайып кеткен. Құс, бауырымен жорғалаушылар өте көп. Жануарлар дүниесін және табиғи жағдайды сақтау үшін елде 47 қорық және ұлттық парк ұйымдастырылған. Табиғи жағдайына қарай Үндістан жері Гималай (биік таулы аймақ, рельефі негізінен альпілік, ылғалы мол оңтүстік беткейлері мәңгі жасыл қалың орманды, солтүстік беткейлерінде таулық дала, шөлейтті, батыс жағында тропиктік, шығысында субэкваторлық ландшафт қалыптасқан),   Үнді-Ганг жазығы (аллювийлік ойпатты жазық; батыс жағы қуаң дала және шөлейтті, оңтүстік-батысы құм тасты шөл, орталық бөлігі батпақты, тропиктік орманды жазық), Үндістан түбегі (баспалдақты жазық, лавалы үстіртті және гнөйсті пенепленді өңір; жылдық жауын-шашын 500-1200 мм, Батыс Гаттың батыс беткейлерінде 5-6 мың мм), Ассам (елдің ең ылғалды солтүстік-шығыс жағы; Шиллонг үстіртінен, Үнді-Бирма тауларынан және Брахмапутра аңғарынан құралады) табиғи аудандарына бөлінеді.

Халқы. Үндістан - дүние жүзіндегі көп ұлтты мемлекеттердің бірі. Мұнда әр түрлі тілде сөйлейтін және әлеуметтік-экономикалық дамудың әр түрлі сатысындағы бірнеше жүз ұлт, шағын халықтар мен тайпалар бар. Елдің орталык және солтүстік бөлігін үнді-европалық тілдер семьясының үндіарий тілдер тобында сөйлейтін халықтар (ел тұрғындарының 72%-і) - хиндустандықтар, маратхилар, бенгалдықтар, бихарлықтар, гиджараттықтар т. б. мекендейді. Оңтүстік Үндістанды негізінен дравид тілдер семьясына жататын (ел халқының 24,6%-і) халықтар, орталық бөлігінің таулы аймақтарында мунда тілдер семьясындағы (барлығы 5,7 млн. адам) халықтар, солтүстігінде, солтүстік-шығысында тибет-бирма тілдерінде сөйлейтін тау халықтары мен тайпалар мекендейді. Мемлекеттік тілі - хинди тілі. Кейбір штаттардың (Ассам, Батыс Бенгалия, Трипура, Гуджарат, Уттар-Прадеш, Мадхья-Прадеш, Раджастхан т. б.) өзіндік ресми тілдері бар. Көпшілік тұрғындарының (83%-тен астамының) діні - индуизм, 10%-тен астам халқы - мұсылмандар. 1957 жылы 22 наурыздан бастап Үнді ұлттық календары енгізілді, сонымен бірге григориандық календарь да қолданылады. Үндістан - халқы өте тығыз орналасқан елдердің бірі. Уттар-Прадеш, Бихар, Батыс Бенгалия, Тамилнад, Керала штаттарында тығыздығы 300-500 адамға дейін көтеріледі. Ірі қалалары - Бомбей, Дели, Мадрас, Хайдарабад, Ахмадабад, Бенгалуру, Канпур, Пуна.

Тарихы. Тас ғасыры кезеңінде-ақ Үндістанда адамзат қоғамы болғаны археологиялық мәліметтермен дәлелденді. Ең ежелгі таптық қоғам б. з. б. 3-мың жылдықтың 2-жартысында - б. з. б. 2-мың жылдықтың 1-жартысында Үнді өзенінің алабында орнады, ал Гуджаратта бұдан көбірек уақыт өмір сүрді. Б. з. б. 2-мың жылдықтың 2-жартысында Үндістанға Солтүстік-батыстан арилер кіре бастады.

Бұлар мал шаруашылығымен, егіншілікпен, қол өнерімен, саудамен шұғылданған.

Б. з. б. 1-мың жылдықтың 1-жартысында Солтүстік Үндістанда бірқатар құл иеленуші мемлекет пайда болды. Олардың көпшілігі б. з. б. 6 ғасырда Солтүстік Үндістанның шығыс бөлігіне, Ганг, Джамна өзендерінің алабына (Анга, Магадха, Вриджи, Каши, Кошала, Панчала, Ватса, Куру мемлекеттері т. б.) орналасты. Деректерде олардың солтүстік-батыс, оңтүстік жағына орналасқан Гандхара, Аванти мемлекеттері т. б. атап көрсетіледі. Бұлар қауымдарға бөлінді. Құлдық патриархалдық сипатта бодды. Қалалар салынды. Б. з. б. 4 ғасырға қарай ежелгі Үндістанда, атап айтқанда, Магадхада діни-сектанттық қозғалыс туды, олардан буддизм мен джайнизм бөлініп шықты.

Б. з. б. 4 ғасырдың өзінде-ақ Ганг өзені алабы түгел дерлік Магадханың (Нандалар әулеті тұсында) билігіне көшті. Осы тұста Үнді өзенінің бір бөлігін Ахемен әулеті жаулап алды. Б. з. б. 327-325 жылдар Үндістанға Александр Македонскийдің әскері басып кіріп, Биас өзеніне дейін жетті. Чандрагупта негізін қалаған Маурья әулеті билеген шақта (б. з. б. 317 жылдан бастап) Магадханың жаугершілігі күшейді. Ашока патша тұсында маурьялар бүкіл Үндістанда түгел дерлік, қазіргі Ауғанстанның бір бөлігінде билік жүргізді. Үндістанның солтүстік-батысында б. з. б. 2 ғ. - б. з. б. 1-ғасырда грек-бактриялықтардың, парфиялықтар мен шактардың (олар Үндістанға басып кіргенді) көптеген әулеттері билік жүргізді. Б. з. 1 ғасырда Солтүстік Үндістанның көп бөлігі Кушандардың (Кушан патшалығы) билігіне ойысты. 1-3 ғасырларда Үндістан Риммен және өзінің шығысындағы Қытайға дейінгі елдермен сауда жасады. 2-4 ғасырларда Үндістанда құл иеленушілік құрылыс ыдырай бастады.

Совет тарихшылары Үндістанда феодализм 4-6 ғасырларда басталды деп есептейді.

5-7 ғасырларда егіншілікпен айналысқан халықтың басым көпшілігі - төменгі сословие феодалдық қанауға түсті. Шаруалар натуралды шаруашылықпен шұғылданды. Феодализм заманында қалалар өсіп көбейді. Қалалық қолөнершілері де феодалдарға тәуелді болды.

6-12 ғасырларда Үндістанда көптеген мемлекет өмір сүрді. Олардың арасында толассыз соғыстар өршіді. Үндістанның солтүстігінде 7 ғасырдың 1-жартысында Харш (билеуші) көптеген мемлекетті өзіне бағындырды. 8-12 ғасырларда Солтүстік Үндістандағы мемлекеттердің ішіндегі неғұрлым ірілері Палдардың және Гурджара-Пратихарлардың мемлекеттері болды. 8 ғасырдың басында Синдіні арабтар жаулап алды. 11 ғасырдың басында Үндістанның солтүстігіне Ғазнауи мемлекетінің билеушісі Махмуд Ғазнауи бірнеше дүркін жорық жасады. Ол Пенджабтың едәуір бөлігін өз мемлекетінің құрамына қосты. 12 ғасырдың соңы - 13 ғасырдың басында Солтүстік Үндістанды Гур мемлекетінің билеушісі - Мұхаммед жаулап алды. Мұхаммед өлгеннен кейін оның Ганг алабындағы әміршісі өзін Үндістанның тәуелсіз билеушісі деп жариялап, Дели сұлтандығын құрды. Осы кезден бастап Үндістанда ислам діні жеделірек тарай бастады.

14 ғасырдың басында Дели сұлтаны Алаад-дин Хильджи тұсында барлық жер сұлтанның меншігі деп жарияланды. Рента салығы, жан басы салығы, рынок салығы т. б. алым-салықтар енгізілді. Икта жерге феодалдық иеліктің негізгі түріне айналды. Дели сұлтандығы кезінде өндіргіш күштер едәуір өсті, ірі суландыру құрылыстары салынды, қолөнері, ішкі-сыртқы сауда өрістеді, шаруалар мен қолөнершілерді феодалдық қанау күшейді. 15 ғасырдың басына таман Дели сұлтандығы іс жүзінде ыдырады. 14-15 ғасырларда Раджпутана князьдықтары, Солтүстік Үндістанда тәуелсіз Джаунпур, Бенгал (Бенгалия), Гуджарат, Малва мемлекеттері, Деканның солтүстігінде Бахман әулеті билеген сұлтандық, 14 ғасырда - 17 ғасырдың 1- жартысында Кришна өзенінің оңтүстігінде Виджаянагар мемлекеті өмір сүрді. 15 ғасырдың аяғында, 16 ғасырдың 1-жартысында португал отаршылары Үндістанның теңіз жағалауындағы Гоаға, Даманға, Диуға т. б. жерлерге келіп орнығып, ондағы бүкіл теңіз саудасын өзіне қаратты.

Саяси бытыраңқы болған Солтүстік Үндістанды Ұлы Моғолдар әулеті біріктірді. Әулеттің негізін Кабул билеушісі Бабыр қалады. 1526 жылы Панипат маңында Дели сұлтаны Ибрахим Лодидің әскерін жеңіп, Бабыр Дели сұлтандығын жаулап алды. 1540-1545 жылдар Солтүстік Үндістанды ауған әмірі Шер-шаһ биледі.

Моғолдардың өкімет билігі 1556-1605 жылдар үстемдік еткен Акбар тұсында біржолата орнықты. Олар басқаруды орталықтандырды, үнді феодалдары мен көпестерін өз жағына тартты. Бұл Солтүстік Үндістанның онан әрі дамуына мүмкіндік берді. Бірақ Джахангир (1605-1627 жылдар билік жүргізді), Шаһ-Жахан (1627-1658 жылдар билік етті), әсіресе Аурангзеб (1658-1707 жылдар биледі) тұсында Ұлы Моғолдар мемлекеті құлдырай бастады да, 18 ғасырдың 1-жартысында ыдырады.

17 ғасырдың басында Үндістанда европалық сауда капиталы пайда болды, оны 1600 жылы құрылған ағылшынның Ост-Үнді компаниясы мен 1602 жылы құрылған Біріккен голланд Ост-Үнді компаниясы берді; бұл компаниялар португалдарды ығыстырып, олардың Үндістанданы теңіз саудасына үстемдігін жойды. 1664 жылы француздардың Ост-Үнді компаниясы құрылды. Компаниялар бүкіл елде факториялар ұйымдастырды. Оның есесіне Үндістан шаруаларының жағдайы нашарлай түсті. Қанау күшейді. Бұқара халық көтеріліске шықты [мыс., Пенджабтағы шаруалар мен қала кедейлерінің көтерілісі, Аграның оңтүстік-батысына орналасқан кедей қолөнершілердің көтерілісі (17 ғасыр - 18 гасырдың басы), маратхтардың ¥лы Моғолдардың езгісіне қарсы көтерілісі (17 ғасырдың 2-жартысы)].

1739 жылы Үндістанға Ираннан Надир-шаһ басып кірді. 1747 жылы Ауғанстан билеушісі Ахмед шаһ Дуррани Үндістанға қарсы жорық ашты да, Пенджабты өзіне қаратты. Ал жергілікті маратхтар өз мемлекетін құрды, оның басшысы Шиваджи 1647 жылы раджи лауазымын алды. 1761 жылы ауған әскерлері Панипат қаласы түбінде маратх әскерлерін талқандады. Маратх мемлекеті іс жүзінде дербес князьдықтардың конфедерациясына айналды.

1746-1763 жылдар аралығында ағылшын және француз ост-үнді компанияларының Оңтүстік Үндістандағы соғысы ағылшындардың жеңісімен аяқталды; олар Бенгалияны басып алып, Карнатик пен Аудты тәуелді аймаққа айналдырды. Ағылшын-майсур соғыстарының (1767-1799) барысында Оңтүстік Үндістанның едәуір бөлігі ағылшын Ост-Үнді компаниясының иеліктеріне қосылды. Хайдарабад және басқа кейбір князьдықтар ағылшындарға бағынды. 1801 жылы Джамна-Ганг қосөзен аралығының едәуір бөлігі Аудтан бөліп алынды. 1803 жылы Делиді қаратқаннан кейін, Ұлы Моғол ағылшын Ост-Үнді компаниясының қолшоқпары болып қалды.

Ағылшын-маратх соғыстары (1775-1818) нәтижесінде ағылшын отаршылдары пешв державасын жойып, оның жерінің бір бөлігін аннекциялады, ал князьдықтардың бір бөлігі вассалды тәуелділікке түсірілді. 1814-1826 жылдар Гималайдың оңтүстік таулы алабы мен Ассам, 1843 жылы Синд, ағылшын-сикх соғыстары (1845-1849) барысында Пенджаб аннекцияланды.

Ағылшын отарлаушыларының жеңісі Үндістанның экономикалық және әлеуметтік дамуына күшті әсер етті. Компания жер салығы - ренталардың қыруар бөлігін өзі иемденді. Үндістан қолөнері бұйымдарын зорлықпен арзанға алып, Европа рыноктарына қымбатқа сатты. Аннекцияланған князьдықтарды тікелей талап тонады. Үндістан Ұлыбританияға түскен қаржы мен ағылшын капиталы алғашқы қорының басты көзінің бірі болды. Ағылшын парламенті Ост-Үнді компаниясын бақылауға алды да, 1833 жылы оны сауда мекемесі ретінде жойып, оған елді отарлық басқару міндетін жүктеді. Үндістанға ағылшын өнеркәсіп заттары әкелінді де, Үндістаннан ауыл шаруашылық шикізаты әкетілді. Үндістан бірте-бірте Ұлыбританияның қосымша аграрлы-шикізат базасына айнала бастады. 18 ғасырдың соңынан бастап және 19 ғасырдың 1-ширегі ішінде Үндістанда жер салығы жүйелері енгізілді, соның негізінде шаруаларды феодалдық қанау әдісі елді отарлық езгіге салу мұқтажына лайықталды. Сонымен қатар, ішкі сауда мен қолөнерінің негізгі бөлігіне бақылау орнатқан Үндістан компрадорлық сауда буржуазиясы өсіп жетілді. 1851 жылы Бомбейде тұңғыш мақта-мата фабрикасы, 1854 жылы Калькуттада ағылшын кендір фабрикасы салынды. Темір жолдар, суландыру құрылыстары, шай плантациялары жасала бастады. Үндістанда капиталистік уклад қалыптасты. Капиталистік өндірістік қатынастардың дамуы, Үндістан қоғамының жоғарғы топтарында европалық білімнің тарауы 19 ғасырдың 2-ширегінде туған буржуазия ұлттық қозғалыстың негізі болды. Халық бұқарасы арасында отаршылдарға қарсы ашық қарсылық күшейді. 30-50 жылдары Орталық және Батыс Үндістанда бірнеше ірі көтерілістер шықты. Джамна - Ганг қосөзен аралығы мен Бенгалия шаруалары, қолөнершілері 1857-1859 жылдар көтеріліске шықты. Сондай-ақ көтеріліс елдің орталығын қамтыды. Бенгал шаруаларының 1859-1861 және 1872-1873 жылдардағы, маратх шаруаларының 1873-1875, 1878-1879 жылдардағы көтерілістері феодалдар мен отаршылдарға қарсы бағытталды.

Оппозициядағы жергілікті буржуазиялық-помещиктік ұйымдар 1885 жылы Үндістан ұлттық конгресіне (ҮҰК) бірікті.

20 ғасырдың басына таман ұлт-азаттық қозғалысының өрлеуі үшін жағдай туды. Ағылшын империалистері революция қозғалысты басуға тырыса отырып, үнділер мен мұсылмандарды жауластыруға ұмтылды. Олардың жәрдемімен 1906 жылы Мұсылман лигасы - Үндістан мұсылмандарының қауымдық ұйымы құрылды. Сол жылы, Мұсылман лигасына қарама-қарсы, Хинду махасабха («Үнділердің ұлы одағы») ұйымы ұйымдасты. 1905-1908 жылдардағы қозғалысқа пролетариат алғаш белсене қатысты, әсіресе Бомбей ереуілі (1908) едәуір болды.

1914 жылы Үндістан метрополия жағында 1-дүние жүзілік соғысқа (1914-1918) тартылды. 1-дүние жүзілік соғыс қалың еңбекшілер бұқарасының жағдайын нашарлатты. Азаттық қозғалысының басында тұрған ҮҰК бұқаралық қозғалысты өрістете түсті, бірақ оны бейбіт, күш көрсетпеу сипатында ұйымдастыруға ұмтылды. Күш көрсетпеу жолымен қарсыласу бағытын (сатьяграха) әсіресе М. К. Ганди күшті уағыздады. 1918-1922 жылдар жұмысшы табының белсенділігі едәуір артты. Барлық өнеркәсіп орталықтарын ереуілдер қамтыды. Ереуілдер қозғалысы барысында алғашқы кәсіподақтар пайда болды, ал 1920 жылы Кәсіподақтардың букіл үндістандық конгресі (КБҮК) ұйымдасты. 1920-1922 жылдар Ұлы социалистік революциясының ықпалымен тұңғыш коммунистік топтар құрылды. 1918-1922 жылдар шаруалар қозғалысы өрістеді. 1925 жылы желтоқсанда Үндістан коммунистік партиясының (ҮКП) негізі қаланды. 1927 жылы ҮҰК-нде империалистерге қарсы күресті жандандыруды жақтаушы адамдардан сол қанат қалыптасты. Оны Дж. Неру мен С. Ч. Бос басқарды.

1929-1933 жылдардағы дүние жүзілік экономикалық дағдарыс антиимпериалистік қозғалысқа жаңа өрлеу туғызды. 1928-1929 жылдардағы бірқатар ірі антиимпериалистік науқанды жұмысшы табы бастады және оларға белсене қатысты. Кәсіподақ қозғалысы құлаш сермеді. Жұмысшы табы ірі саяси ереуілдер ұйымдастыруға (1938 жылғы Бомбей ереуілі т. б.) ат салысты. Шаруалар қозғалысы (әсіресе Бенгалияда, Андхрда, Құрама провинцияларда, Бихарда, Кералада) едәуір өріс алды. Хайдарабад, Траванкур, Майсур, Кашмир т. б. князьдықтарда феодалдарға қарсы қозғалыс күшейді.

1939 жылы қыркүйектре Үндістан 2-дүние жүзілік соғысқа (1939-1945) тартылды. Соғыс халыққа орасан зор ауыртпалық түсірді. Кейбір аймақтарды (әсіресе Бенгалияны) аштық жайлады. Соғыстың аяғында Үндістан мен ағылшын империализмі арасында экономикалық және саяси қайшылық күрт шиеленісті. 1946 жылдың басында армияда, флот пен авиацияда ағылшындарға қарсы толқулар болып өтті. Ағылшын үкіметі 1946 жылы көктемде Үндістанға доминион статусын беруге мәжбүр болды. Деревнялар мен князьдықтарды қамтыған азаттық қозғалысының дүмпуімен ағылшын отаршылдары Үндістаннан кетті.

1947 жылы 15 тамызда Үндістан жерінде тәуелсіз жаңа екі мемлекет: Үндістан мен Пакистан доминиондары құрылды. ҮҰК-ның жетекшісі Дж. Неру тәуелсіз Үндістан үкіметінің премьер-министрі болып тағайындалды.

Тәуелсіздікке жеткеннен (1947) кейінгі алғашқы жылдары Үндістан үкіметі елдің екіге бөлінуінен туған экономикалық қиыншылықтардан арылуға бағытталған шараларды жүзеге асыра бастады. Бірте-бірте өзіндік мақта және кендір өндіру базасы жасалды, транспорттың жұмысы қайта құрылды, жаңа жерлерді игеру үшін мемлекеттік трактор ұйымы құрылды.

1947-1949 жылдар 555 князьдық (601 князьдықтан) Үндістан доминионына қосылды; қалған басқа князьдықтар Пакистан доминионы құрамына енді. 1947-1949 жылдар әкімшілік аппаратын үндістандандыру негізінен аяқталды.

Шаруалар мен жұмысшы табының күресі нәтижесінде бірқатар провинцияның үкіметі демократиялық реформалар жүргізуге даярлық жасады. 1948 жылдан жер реформасының жобасы белгілене бастады. Сол жылы жалақы минимумы, әлеуметтік қамсыздандыру т. б. туралы жаңа заңдар қабылданды.

1949 жылы 26 қарашада жаңа қонституция қабылданды, конституция бойынша Үндістан республика болып жарияланды. 1952-1953 жылдардан бастап штаттардың үкіметтері аграрлық реформа туралы заң шығару жиналыстарында қабылданған заңдарды іске асыруға кірісті. Бұл заңдарға сәйкес помещиктер жерінің негізгі бөлігі сатып алынды. Жер арендасы туралы заңдар помещиктердің арендаторларды қанауын тежеді.

1948, 1956 жылдардағы үқімет декларацияларына сәйкес, ауыр және әнергетикалық өнеркәсіптің негізгі салалары негізінен мемлекеттік қарамағына алынды. Сөйтіп, мемлекеттік сектор құрылды. Сонымен қатар, мемлекет жеке меншік кәсіпкерлерге финанс көмегін көрсетті. Елді экономикалық дамытудың бесжылдық жоспары қабылданды. Жоспарда мемлекеттік секторды дамытып, Үндістанды индустрияландыру мақсаты көзделді.

Коммунистердің және оларды қолдайтын топтардың ықпалы күшейді. Парламент пен штаттардың заң шығару жиналыстарының алғашқы жалпыға бірдей сайлауларында (1951 жылдың соңы - 1952 жылдың басы) мандат саны жөнінен ҮКП ҮҰК-дан кейін екінші орынға шықса, екінші жалпыға бірдей сайлауларда (1957 жылғы көктем) алғашқыдан екі есе көп дауыс, ал Керала штатында заң шығару жиналысының сайлауында басым копшілік дауыс алып, үкімет құрды (1957-1959).

Халықаралық қатынас саласында Неру үкіметі әскери-саяси блоктарға қосылмау саясатын жүргізді. Совет Одағымен, басқа да социалистік елдермен достық экономикалық және саяси ынтымақ орнатты. Неру үкіметі Азия мен Африкадағы отарлау және жаңа отарлау саясатына батыл қарсы шықты. Үндістан үш сферада ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы Москва шартына қол қойды (1963).

1961 жылы Үндістан әскерлері Гоаны, Даман мен Диуды португал отаршылдарынан азат етті. Сол жылы Пондишери, Карикал, Янаон, Маэ француз отарлық үстемдігінен босатылды. Бұрынғы отарлық кезеңде шешілмей қалған мәселелердің салдарынан 1965 жылы күзде Үндістан мен Пакистан арасында жанжал пшқты да, қарулы соқтығысқа ұласты. Бұл Үндістанның экономикалық және саяси жағдайын қиындатты. СССР үкіметінің бейбіт бастамасы нәтижесінде Ташкент декларациясына (1966) қол қойылды; декларация Үндістан мен Пакистан арасындағы даулы мәселелерді реттеуге негіз жасап берді.

1966 жылы қаңтарда премьер-министр Л.Б.Шастри (үкіметті 1964 жылдан басқарды) қайтыс болғаннан кейін, Дж. Нерудің қызы И. Ганди премьер-министр болып бекітілді. И. Ганди үкіметі халықаралық салада Азия мен Африка елдерінің мемлекеттік суверенитетін империалистік агрессиядан қорғау жолына түсті. Үкімет АҚШ-тың Вьетнамдағы агрессиясын (1964 жылы басталған), Израильдің араб елдеріне қарсы агрессиясын және оның 1967 жылы араб жерлерін басып алуын талай рет айыптады.

1967-1969 жылдар Үндістанның экономикалық белсенділігі жанданып, қалада, әсіресе ресе студенттер жалпы демократиялық талап қойып, бас көтерді. Осындай жағдайда И. Ганди үкіметі монополиялардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған заңдар қабылдады; сыртқы саудада мемлекеттік сектор едәуір ұлғайды; мемлекеттік секторға қарайтын өнеркәсіп салаларына және ұсақ кәсіпкерлерге финанс көмегі көбірек көрсетілді. Бұл саясатты ҮКП, басқа кейбір партиялар қолдады. 1971 жылы 9 тамызда Үндістан үкіметі Совет Одағымен бейбітшілік, достық және ынтымақ туралы шарт жасасты. СССР Үндістанда заводтар, электр станцияларын, шахталар т. б. құрылыстар салуға, кен барлау жұмыстарына қатысып отыр. Совет Одағының экономикалық және техникалық көмегі - үнді халқының экономикалық дербестік жолындағы күресіне қосылған маңызды үлес.

Үндістан Шығыс Пакистандағы азаттық қозғалысына тілектестік білдіргені үшін 1971 жылы 3 желтоқсанда Пакистан авиациясы Үндістанға шабуыл жасады. Екі аптаға созылған соғыста Үндістан қарулы күштері бенгал партизан отрядтарымен бірге Шығыс Бенгалия жерін азат етті. Пакистан мен Үндістан арасында бітім жасалды. Үндістан онда құрылған Бангладеш Республикасын (Бангладеш Халық Республикасы) таныды.1973-1976 жылдар Үндістанда прогресшіл және демократиялық күштер мен оңшыл реакция арасындағы күрес өрши түсті. 1974 жылы әсіресе 1975-1976 жылдар шетел империалистері мен ішкі реакция қолдаған оңшыл партиялар Ганди бастаған үкіметті құлатуға тырысты. Ол үшін түрлі ұйымдар құруға ұмтылды. Антикоммунистік насихатты күшейтті. Фашистік элементтер кейбір штаттарда террор ұйымдастырып, реакцияшыл діни топтар жанжал шығарды. Ал ҮКП ҮҰК-ның солшыл күштері мен И. Ганди үкіметінің прогресшіл шараларын қолдады, демократиялық топтардың бірлігін нығайтуға шақырды. Реакцияның қастандығына қарсы күресу үшін елде төтенше жағдай енгізілді. И. Ганди үкіметі 1975 жылы негізінен еңбекшілер қалың бұқарасының жағдайын жақсартуға бағытталған кезек күттірмес прогресшіл әлеуметтік-экономикалық шараларды жүзеге асыруға кірісті. Дегенмен 1977 жылы наурыз айындағы парламент сайлауында билеуші Үнді ұлттық конгресі (ҮҰК) партиясы оппозициядағы Джаната парти блогынан жеңіліп, ҮҰК-ның өкілі премьер-министр И. Ганди үкімет басынан кетті. Оппозиция өкілі М. Десаи премьер-министр болып тағайындалды. Үндістан блоктарға қосылмау, әлеуметтік системасы әр түрлі мемлекеттердің қатар өмір сүруі, бейбітшілікті, қауіпсіздікті, өзара тиімді экономикалық қарым-қатынасты нығайту саясатын ұстап, отаршылдыққа, жаңа отаршылдыққа, нәсілдік кемсітушілікке, апартхейдқа батыл қарсы шығып отыр. Негізгі саяси партиялары, кәсіподақтары, басқа да қоғамдық ұйымдары. Үнді ұлттық конгресі, 1885 жылы құрылды. Джаната парти, 1977 жылы мамырда айында ұйымдасқан. Үндістан коммунистік партиясы, 1925 жылы құрылды. Кәсіподақтардың бүкіл үндістандық конгресі, 1920 жылы ұйымдасқан. Кәсіподақтардың үндістандық орталығы, 1970 жылы ұйымдасқан. Үндістан жұмысшыларының одағы, 1948 жылы ұйымдасқан. Біріккен кәсіподақтар конгресі 1949 жылы ұйымдасқан. Букіл үндістандық бейбітшілік және ынтымақ ұйымы. Үнді-совет мәдени қоғамы т. б.

Экономикасы. Үндістан даму жолына түскен аграрлы-индустриялы ел. Саяси тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін, 50 жылдардың 2-жартысынан бастап, елді индустрияландыру бағыты тұрақты жүзеге асырылуда. Ұлттық бюджеттегі, өнеркәсіп өнімдерін өндірудегі мемлекеттік сектордың үлесі ұдайы өсіп келеді. 1973-1974 жылдар ұлттық табыс 3,1%-ке, өнеркәсіп өндірісі 0,5%-ке, ауыл шаруашылық өндірісі 9,1%-ке өсті; жалпы ұлттық өнімдегі мемлекеттік сектордың үлесі 19,9%-ке жетті. 1974 жылы елде 988 шетелдік компаниялар жұмыс істеді. Ұлттық өнімнің 44,1%-і ауыл шаруашылығынан түседі (1969-1970), Ауыл шаруашылығы. Аграрлық реформа үнді деревнясында түбегейлі өзгерістерге өлі қол жеткізе қойған жоқ. Әлі де шағын, өте шағын шаруашылықтардың үлесі басым, Ауыл шаруашылығында механикаландыру қарқыны төмен. 1973-1974 жылдар 1613 мың тонна азот, 541 мың тонна фосфор және 381 мың тонна калий тыңайтқыштары қолданылды. Ауыл шаруашылығының басты саласы - егіншілікте дәнді дақылдар үлесі басым (жалпы егісінің 68%-тейі). Басты дақылдары (1975 жылы егіс көлемі мың га): күріш 37500, бидай 19300, жүгері 5800, тары 33953, бұршақ 19720, мақта 7621, қант қамысы 2604, темекі 410, шай 360, қара бұрыш 122, кофе 139. Өнімдері (1974 жылы мың т): күріш 41700, бидай 27000, шай 490, жүгері 5500, тары 20073, бұршақ 9700, мақта 810, қант қамысы 14310, темекі 395, кофе 92. Үндістан дүние жүзіндегі жиналатын күріштің 7/3-ін береді; негізгі аудандары - елдің ылғалы мол бөлігі - солтүстік-шығысындағы аллювийлік жазық және оңтүстік жағалауындағы ойпатты өңірлер. Темекі өсіруден АҚШ пен Қытайдан кейінгі 3-орын алады, басты аудандары - Кришна және Годавари атыраулары. Шай өнімін жинаудан Үндістан дүние жүзінде 1-орын алады (Брахмапутра ө. аңғарының жоғарғы бөлігінде және Шығыс Гималайдың бөктерінде басым егіледі). Мүйізді ірі қара, ешкі және қой саны жөнінен Үндістан - дүние жүзіндегі басты елдердің бірі. 1973-1974 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 234, ешкі 70, қой 50. Жемшөп қоры өте кедей; шабындықтары мен жайылымдықтарының шебі жартымсыз. Өңделетін жерінің 4,5%-іне ғана мал азық дақылдары егіледі. Жібек (Майсур, Батыс Бенгаль, Ассам, Мадхья-Прадеш штаттарында), балық (1969 жылы 1,6 млн. тонна балық ауланған) және орман шаруашылықтары дамыған.

Өнеркәсібі. Жалпы ұлттық табыстағы өнеркәсіптің үлесі 20-25%. Мұнай, химия, алюминий, машина жасау өнеркәсібінің көпшілік салалары шындығында жаңадан жасалды, қара металл өндіру күрт артты. Ауыр өнеркәсіп салаларының өнімі жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен жартысына тең. Үндістанның минерал және әнергетикалық ресурстары едәуір. Елдегі өндірілетін көмірдің 3/4-іне жуығы Дамодар көмір бассейнінің үлесіне тиеді. Орталық Үндістанда және Годавари өзенінің алабындағы көмір өндірісі кеңеюде. СССР-дің көмегімен ашылған жаңа (Батыс Үндістанда) және Ассам штатындағы ескі мұнай кендері пайдаланылуда. Ас-құбыры (1150 км) іске қосылған. Коялиде СССР-дің көмегімен, Бомбейде американ және ағылшын капиталының қатысуымен, Кочин және Мадрас порттарында мемлекеттік қаржысымен жаңа мұнай айыру зауыдтары іске қосылды. Темір рудасы (Орисса, Бихар, Мадхья-Прадеш, Майсур штаттарында), марганец рудасы (Орисса, Майсур штаттарында), боксит, (Бихар, Гуджарат, Мадхья-Прадеш штаттарында), алтын (Майсур штатында), мыс рудасы (Бихар штатында), қорғасын-мырыш рудалары (Раджастхан штатында) өндіріледі. Үндістан тау-кен өндірісінің 1974-1975 жылдар басты өнімдері (млн. т): мұнай 7,5, көмір 88,0, темір рудасы 35,1, марганец рудасы 1610 мың т. Электр энергиясының 53%-і ЖЭС-терінде, 46%-і СЭС-терде, қалғаны дизель электр станцияларында өндіріледі. Аса ірі ЖЭС-тері Дамодар көмір бассейнінде, ірі СЭС-тері Сатледж өзенінің бойында. Елдегі электр станциялардың жалпы қуаты 19,0 млн. квт-қа жетті (1974); 1974-1975 жылдар елде 69,4 млрд. квт-сағ энергия алынды. Тарапур АЭС-і іске қосылды (1972), Ранапратапсагар, Калпаккам АЭС-тері салынуда.

Мемлекеттік секторға қарайтын қара металлургия өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 50 жылдардың аяғында Бхилаида (СССР-дің көмегімен), Дургапурде (Ұлыбританияның қатысуымен), Роурқелде (ГФР) металлургиялық комбинаттар іске қосылған, 1960 жылдардың аяғында Бокаро (СССР-дің көмегімен) металлургиялық комбинатының құрылысы басталған. Қара металлургия кәсіпорындары елдің солтүстік-шығысында шоғырланған. Үндістан өзіне қажетті түсті металдардың көпшілігін сырттан әкеледі.

Машина жасау мен металл өңдеу зор табыстарға жетті. Машина жасаудың ірі орталықтары: Бомбей, Калькутта, Мадрас, Бенгалуру, Ранчи, Дургапур. Үндістан машина өндірісінің басты өнімдері (1973-1974 ж.): автомобиль 99,88 мың, велосипед 2581 мың, темір жол вагондары 12,2, трактор 24,2 мың, электромоторлар 3,2 млн. а. к., трансформаторлар 12,4 млн. квт, радиоқабылдағыш 1966 мың.

Жергілікті шикізат негізінде Үндістан химия өнеркәсібі қалыптасуда. Басты салалары - күкірт қышқылы (1326 мың т, 1974), азот (1060 мың т) және фосфор (323 мың т, Р2О5 есебімен) тыңайтқьпптары, кальцийлі (488 мың т) және каустикалық сода (427 мың т), мұнай айыру, жасанды және синтетикалық талшық, дәрі өндірістері. Тамилнад, Гуджарат, Махараштра штаттарында басым дамыған.

Мата тоқу және тамақ өнеркәсіптері Үндістан экономикасының ежелгі салалары. Мата тоқу кәсіпорындары Бомбей - Ахмадабад, Коимбатур, Мадурай, Мадрас, Канпур, Нагпур қалаларында шоғырланған. Майсур, Сурат, Сринагар - табиғи жібек мата тоқудың басты және ежелгі орталықтары. Елде 1973-1974 жылдар 4083 млн. м. фабрикалық, 3863 млн. м қолдан тоқылған мақта матасы шығарылды. Тамақ өнеркәсібінің басты саласы - қант өндірісі. Елдегі қант зауыдтарының жартысынан астамы Уттар-Прадеш штатында. Темекі өнеркәсібінің (аса ірі орталығы - Гунтуру) экспорттық маңызы зор. Үндістан мал терісін өңдеу, аяқ киім тігу және бұларды әкспортқа шығару жөнінен дүние жүзінде ең жоғарғы орындардың бірін алады. Канпур, Калькутта, Мадрас, Агра қалаларында былғары-аяқ киім кәсіпорындары шоғырланған.

Үндістан экономикасында кино өнеркәсібінің маңызы күшті. Майдагерлік кәсіпшілік пен қолөнердің дамуына Үндістан үкіметі тарапынан көмек көрсетілуде.

Транспорты. Темір жолының жалпы ұзындығы 60 мың км (бұның ішінде 29,2 мың кең табанды), 3 мыңы электрленген. 1972-1973 жылдар темір жолмен 201 млн. т жүк және 2653 млн. жолаушы тасылды. Автомобиль жолы 616 мың км, бұның ішінде 331 мың км-і асфальтталған. Өзен (негізінен Брахмапутрамен) жолының ұзындығы 13,5 мың км. Теңіз флотының жалпы тоннажы 3,02 млн. бр. рег. т. (1974). Басты порттары: Бомбей, Калькутта, Мармаган, Вишакхапатнам, Мадрас, Кочин, Кандла, Парадип. Халықаралық аэропорттары Бомбей, Калькутта, Дели және Мадраста.

Сыртқы саудасы. 1974-1975 жылдар экспорты 33,0, импорты 44,7 млрд. рупияға тең болды. Экспортқа (%) - мақта мата (9,5), джут бұйымдары (8,7), машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібінің өнімдері (7,0), былғары және одан тігілген бұйымдар (6,7), шай (5,7), темір рудасы (5,3), інжу және асыл тастар (4,3), теңіз өнімдері (3,5), кэшью жаңғағы (3,0) шығарылады. Басқа елдерден машина және жабдықтар (импортының 31,5%, 1974), мұнай және бұның өнімдөрі (19,2%), азық-түлік (17,7; бұның ішінде 16,2%-і астық), қара металдар (8,3%), тыңайтқыш (5,6%), түсті металдар (4,5%) т. б. әкеледі. 1973-1974 жылдар сыртқы сауда айналымының 16,1%-і социалистік елдердің үлесіне тиеді. Капиталистік елдер арасындағы сыртқы сауда серіктестерінің бастылары АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония.

Ақшасы - үнді рупиясы (100 пайсаға тең).

Экономикалық-географиялық аудандары. Солтүстік-Шығыс (Батыс Бенгалия, Бихар, Орисса штаттары; Үндістан жерінің 13,7%-і, халқының 22,4%-і) - аса ірі күрішті аудан; джут, қант қамысы, шай егіледі. Елдің басты көмір-металлургиялық базасы, ауыр машина жасау өнеркәсібі шұғыл дамуда. Пайдалы қазындыларға бай (Үндістан көмірінің 80%-і өндіріледі). Қиыр Солтүстік-Шығыс (Ассам, Мегхалая, Нагаленд, Трипура, Манипур штаттары; жерінің 7,7%-і, халқының 3,6%-і) - шаруашылығы мешеу дамыған таулы аймақ. Елдегі шай плантацияларының жартысына жуығы осында. Джут, күріш, цитрус жемістері егіледі. Шошқа шаруашылығы дамыған. Үндістан мұнайының жартысын береді. Мұнай айыру кәсіпорындары бар. Солтүстік Орталық аудан (Уттар-Прадеш штаты, жердің 9%-і, халықтың 1/6-і) - ірі ауыл шаруашылықты өңір. Үндістан бидайының 1/3-ін, арпасының 1/2-нен астамын, жүгерісінің 1/5-ін, қант қамысының 1/2  жуығын, майлы дақылдарының 1/5-не береді.

Өнеркәсібінің басты салалары - мақта мата, қант өндірістері. Орталық (Мадхья - Прадеш штаты; барлық жерінің 13,6%-і, халқының 7,6%-і) - басты астықты өңір. Техникалық дақылдан мақта басым егіледі. Үндістан орманды алқабының 1/4-нен астамы осында. Бхилай металлургия комбинаты бар. Көмір (Корба), темір, марганец рудалары өндіріледі. Солтүстік-Батыс (Пенджаб, Харьяна, Раджастхан, Химачал-Прадеш, Джамму, Кашмир штаттары, Дели одақтық территориясы; барлық жердің 22%-і, халықтың 11,2%-і) - бидай, бұршақ дақылдарын, жоғары сортты мақта өсіруші аса маңызды аудан. Мал шаруашылығы (мүйізді ірі қара, қой, түйе) дамыған. Металл өңдеу, машина жасау т. б. өнеркәсіп салалары өркендеуде. Батыс (Махараштра, Гуджарат штаттары, Дадра, Нагархавели, Гоа, Даман және Диу одақтық территориялары кіреді; территориясының 16,2%-і, халқының 14,2%-і) - елдегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық қатар дамыған аудан. Мақта, жер жаңғағы, қант қамысы, тары, темекі, күріш егіледі. Мал шаруашылығы, жеміс өсіру дамыған. Ас тұзы, боксит, марганец, көмір, темір рудасы, мұнай өндіріледі. Мұнай айыру, машина жасау кәсіп орындары бар. Оңтүстік Үндістан (Андхра-Прадеш, Майсур, Тамилнад, Керала штаттары, Пойдишери одақтық территориясы, Андаман және Никобар, Лаккадив, Миникой,  Аминдив аралдары; Үндістан жерінің 1/5-і, халқының 1/4-і) - плантациялық шаруашылық дамыған аудан. Күріш, майлы дақылдар, кокос пальмасы, темекі, мақта егіледі. Таулы өңірінде шай, кофе, қара бұрыш, каучук ағашы (гевей) плантациялары бар. Теңізден балық ауланады. Мақта мата тоқу, тері өңдеу, май соғу, шай престеу, машина жасау, химия кәсіпорындары бар. Алтын, магнезит, темір және марганец рудалары, слюда өндіріледі.

Денсаулық сақтау ісі. 1968 жылы адамның тууы бір мың адамға шаққанда 42,8, адамның өлімі 16,7. Бала өлімі жайлы толық мәлімет жоқ. Өмірдің ұзақтығы орташа 52 жас. Елде инфекциялы патология және ішек-қарын инфекциясы, гельминтоз, басыр, туберкулез, балалар ауруының инфекциялары т.б. таралған. Өлкелік патологияға тырысқақ ауруы жатады. Үндістанда 2,5 млн-ға жуық адам алапеспен ауырады. Жылма-жыл халық арасында шешек т. б. байқалады. Бұл елде рак, әсіресе тіл, көмекей - ус жұтқыншақ рагы көп таралған. Безгек ауруы біршама кеміген. 1967 жылы 325,5 мың төсектік 15,7 мың аурухана (бір мың тұрғынға 0,6 төсек), 1,5 мың поликлиника бөлімдері, 4,4 мың денсаулық сақтау орталығы және 10,5 мың диспансер болды. 1970 жылы Үндістанда  112 мың дәрігер (4910 тұрғынға дәрігер), 9 мың тіс дәрігері, 51 мың фармацевт және 129 мың орта дәрежелі  медицина қызметкерлер болды. Медицина қызметкерлерді 81 медициналық және 13 тіс дәрігерлерін даярлайтын колледждерде және 11 медицина оқу орындарында,  сондай-ақ 480 медицина мектептерінде даярлайды. Денсаулық сақтау ісіне мемлекеттік бюджетінің 5,6%-і жұмсалды (1963-1964).

Үндістан - көптеген минерал суларының қайнар көзіне бай ел, мыс., өкпе туберкулезімен және жоғары тыныс жолының қабынуын емдейтін теңіз жағалауына орналасқан белгілі Вальтер курорты, гипертония және созылмалы бүйрек ауруларын т. б. емдейтін Калькутта маңында Пури курорттары бар.

Оқу-ағарту ісі. Ағылшындардың Үндістанда 200 жыл бойына билік етуі білім беру саласында ауыр ізін қалдырды. Бостандық алу қарсаңында Үндістанда білім берудің бірыңғай жүйесі болған жоқ.

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін, 1950 жылғы Конституция бойынша 1960 жылдан 14 жасқа дейінгі балалар үшін міндетті және ақысыз оқу заңы енгізілді. 1971 жылы қарсаңында халқының сауаттылығы 29,4% болды. Білім беру ісі одақтық Оқу министрлігінің басшылығымен жұмыс істейтін штаттардың оқу министрліктері қарауында. Үндістанның қазіргі білім беру жүйесі күрделі: 3-6 жастағы балалар үшін мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш және кіші «негізгі» мектеп (6-11 жас), орталау және жоғары «негізгі» мектеп (11-14 жас), толық (жоғары) орта мектеп (11-17 жас). «Негізгі» білім беру принциптерін 1937 жылы М. Ганди жасады. Гандидің принципі бойынша білім берудің негізгі әлементі - балалардың нәсіліне, табына, дініне қарамай бірдей еңбек етуінің Үндістан үшін үлкен маңызы бар. Негізгі мектептер жалпы білім берумен қатар мектеп бітірушілерді практикалық жұмысқа даярлайды. 1968-1969 оқу жылында бастауыш мектепте 55 млн., орталау мектептерде 12,27 млн., орта мектептерде 6,58 млн. оқушы оқыды. Мемлекеттік бастауыш мектептерде оқу ақысыз, ана тілінде, көп ұлтты аудандарда регионалды тілде жүреді. Жеке адамдар қарауындағы бастауыш мектептерде (мектептердің 25%-і) оқу ақылы. Орта мектептердің де көпшілігінде оқу ақылы. 1967 жылдан мектеп, білім беру жүйесіне үш тілдік формула енгізілді: хинди тілінде сөйлемейтін штаттарда үш тіл оқытылады - ұлттық, хинди, ағылшын; ал хинди тіліндегі штаттарда хинди және ағылшын тілінен басқа, регионалды тілдің біреуі оқытылады. 1967 жылдан программаны қайта қарау, жаңа оқулықта - жасау, мектептердің материалды 5- жабдығын жақсарту т. б. жұмыста  жүргізілуде.

Маман жұмысшылар 2-3 жылды: орта мектеп негізінде жұмыс істейтін кәсіптік-техникалық мектептерде даярланады 1965-1966 оқу жылында 266 мың кәсібтік-техникалық мектептерде 2,8 млн. оқушы оқыды. 200 мыңға жуық Үнді биі мен музыкасы, әсемдік өнер, үй шаруашылығы училищелерінде 2 млн-ға жуық оқушы оқыды.

Жоғары білім университет, колледж және институттарда беріледі. 1971 жылдың басында Үндістанда 83 университет, университет дәрежесіндегі 9 институт, ұлттық маңызы бар 9 институт (2,6 млн-ға жуық студент) болды. Жоғары білім ақылы, оқу мерзімі 5-6 жыл. Байырғы университеттері (Калькутта университеті, Бомбей университеті Мадрас университеті. Техникалық білім беру жұмысын Техникалық білім жөніндегі Бүкілиндиялық совет басқарады. 1968-1969 оқу жылында 137 техникалық институтта 25 мың, 284 техникумда 50 мың студент оқыды.

Ірі кітапханалары: Калькуттадағы Ұлттық кітапхана (1902 жылы негізі қаланған, кітап қоры 1,2 млн. дана), Делидегі Көпшілік кітапхана (1951; 400 мыңнан астам дана), Мадрастағы Орталық көпшілік кітапхана (1896; 197 мың дана). Патнадағы Шығыс әдебиеті кітапханасы (1924; 69 мың дана).

Басты музейлері: Делидегі Үндістан ұлттық музейі (1949 жылы құрылған); Калькуттадағы Үндістан музейі (1814), Мадрастағы Ұлттық көркемсурет галереясы (1951); Делидегі Ұлттық қазіргі өнер галереясы (1954); Делидегі Дж. Нерудің мемориалдық музейі мен кітапханасы, М. Гандидің мемориалдык музейі; Мадрастағы Мемлекеттік музей (1851). Елдегі бағалы тарихи және архитектуралық ескерткіштер мемлекеттік қамқорлығына алынған.

Ғылым және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдары. Б. з. б. бірінші жүз жылдық ішінде ғылым туралы мәлімет жоқтың қасы еді. Осы дәуірдегі астрономия мен математикалық ілімнен кейбір мәліметтер ғана белгілі болды. Жрецтер күн мен айдың қозғалысы туралы ұдайы бақылаулар жасады, жай бөлшектерді арифметикалық есептеулеурге енгізді. Көне медицинаны зерттеудегі маңызды еңбек «Аюрведа» (б. з. б. 9-3 ғ.). Анатомия, терапия, хирургия едәуір дәрежеге көтерілді. Өз кезіндегі көрнекті дәрігер және хирург Цживака (б. з. б. 6-5 ғ.) мен Чарака (б. з. б. 1 ғ.) болды. Бұлардың еңбектері кейіннен араб тіліне аударылды. Хирургиялық өнер айтарлықтай дәрежеге көтерілді (200-ден астам хирургиялық аспаптар жасалды). Үндістанның медицинасы мен хирургиялық практикасы грек-рим әлеміне кеңінен танылды.

Бұл дәуірдегі астрономиялық түсініктер бойынша, Жер қозғалмайды, оны күн мен ай, планеталар мен жұлдыздар айналып жүреді. Ариабхатаның айтуынша Жер - шар тәрізді, өз есімен айналып отырады. Аспан денелерінің қозғалысы да зерттелді. Жер шарының әр түрлі ендіктегі күн мен түннің ұзақтығының айырмашылығы белгілі болды. Варахамихира (6 ғ.), Шридхара (9-10 ғ.), Бхаскара (12 ғ.) математика мен астрономияның дамуын едәуір үлес қосты. Бхаскара эпициклдер теориясын жасады.

Медицина саласынан Вагабхаттыв есімі таныс. Ол - «Аштанга - Хри дайя» трактатының авторы, шамамен ол 6-7 ғасырларда Наландадағы будда университетінде жұмыс істеген. Садхавакараныв патологиялық саладағы еңбегінің маңызы зор. Бхаскара Бхатта - 1000-ға жуық анатомиялық трактат «Сариранадминидің» авторы.

Медицинаның дамуы жаратылыс тану ғылымы саласындағы білімді жүйеге келтірумен тығыз байланысты. Өсімдіктерді классификациялау пайда болды, дәрілік өсімдіктердің маңызы ашылды. Химиялық білімдер фармакологиямен байланысты болды. Оның дәрі жасаудағы сипаттамасы жазыла бастады. Көне Үндістанда 5 ғасырдың өзінде химиялық бояулар, иіс сулар және цемент пен болат жасау техникасымен келіп ұштасты. 11, 12, 13 ғасырларда жазылған трактаттарда минералдар мен органикалық заттардың шығуы мен пайда болу классификациясы келтірілген, әр түрлі химиялық процестер мен аппараттарға сипаттама берілген. Кейбір химиялық заттардың (мыс. ляпистің) алыну тәсілдерін Үндістан химиясы Европадан көп бұрын білген. Металлургия да едәуір дамыған (Делидегі 5 ғасырда құйылған темір бұйымдардың сақталуы бұған толық дәлел). Үндістан шеберлері түсті металдар қорытпасын, зергерлік бұйымдар жасау және тері өңдеу ісіндегі химиялық заттарды ерте кезде пайдаланған. Олар минералдар мен өсімдік бояуларының тұнбасын жасау жолдарын білген. Ұлы Моғол империясы дәуірінде астрономия ғылымы дами түсті. Джайпурда обсерватория салынды.

1857 жылы алғашқы университеттер ашылды (Калькутта, Бомбей және Мадрас). Университеттер жанынан ғылыми лабораториялар ашылды. Ағылшын ғалымдары Т. Олдем мен У. Блэнфорд Үндістанда геологиялық зерттеулердің негізін салуға үлес қосты. Топография, антропология және археологиялық қызмет жұмыстары қолға алынды. 1871-1872 жылдар бірінші рет халық санағы өткізіліп, демографиялық қорытынды жасалды. 1875 жылы метеорологиялық қызмет көрсетіле бастады.

19 ғасырдың аяғы 20 ғасырдың басында жаратылыс тану және техникалық қоғамдар құрылды: Калькуттада (1895) инженерлік ассоциация, Ахмадабадта (1902) медициналық қоғам, Делиде (1907) матем, қоғам т. б. Бұлардың құрылуы Үндістан интеллигенциясының назарын ғылыми жұмысқа аудара бастады.

1896 жылы орыс дәрігері В. Хавкин Бомбейде эпидемия ауруларын зерттейтін ғылыми институт ұйымдастырды. Ол әсіресе чумаға қарсы күресте едәуір роль атқарды. 1921 жылы Мадраста және Бомбейде (1935) географиялық ассоциация құрылды.

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Үндістанның тұңғыш ғалымдары - математик, физик - А. Мукерджи және физик, биофизик әрі өсімдік физиологы Дж. Ч. Бос болды. Ғылымның алғаш дамуына қарамастан, 20 ғасырдың бірінші жартысында Үндістан ғалымдары дүние жүзілік ғылымға елеулі үлес қосты. Олар: математик С. Рамануджан (сандардың аналитикалық теориясы және элиптикалық функция); Нобель сыйлығының лауреаты (1930) Ч. В. Раман (1928 жылы совет ғалымы Л.И. Мандельштаммен бір мезгілде) жарықтың комбинациялық шашырауын ашты; кванттық статистиканы тұңғыш жасаушылардың бірі - Ш. Бозе; көрнекті физик-теоретик X. Баба; плазмалық физика саласындағы ірі ғалым - М. Саха; Үндістанның палеоботаникасының негізін салушы - С. Сани; геологтар Д. Вадиа және М. Кришнан т. б.

1947 жылы бостандық алғаннан кейін Үндістанның ғылымы практикалық проблемаларды шешумен байланысты дамыды. Ең бастысы ғылым Үндістан әкономикасын және халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсалды. Ядролық физика, қатты денелер физикасы және әлементарлық физика, табиғи қосылыстар химиясы, электроника т. б. маңызды ғылымдар саласы зерттеле бастады.

Ауыл шаруашылық саласындағы ғалымдардың зерттеулері селекция мәселелеріне: күріш, бидай, жүгері, тары т. б. ауыл шаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алуға арналды. Тыңайтқыштарды қазіргі технологияға сай пайдалану зерттелді. Овощ, мақта селекциясы және мал, балық, орман шаруашылығы мен мал дәрігерлік ғылым кеңінен зерттелді. Топырақ танудан Райчаудри бастаған ғалымдардың еңбегінің маңызы зор. Өнеркәсіп лабораторияларында: металлургия, көмір мен мұнай, полимер, қолданылмалы электроника, электротехника, әнергетика т. б. ғылым салалары жан-жақты зерттеліп отыр.

Ең басты медициналық зерттеулер пеллаграны, вирус ауруларын жоюға, оба эпидемиясына қарсы күреске, ракты зерттеуге, нейрофизиологиялық мәселелеріне арналған. Физиолог А. С. Укилдің, хирург А. Балигидің, патолог, онколог В. Р. Кханолкардың (СССР Медицина ҒА-ның шетелдік мүшесі) еңбектері кеңінен таныс.

Жаратылыс тану ғылымы саласындағы зерттеулер ғылыми орталықтарға шоғырланған. Оның ең бастысы - Бомбейдегі Тат атындағы ғылыми-зерттеу институты мен X. Баба атындағы атомды зерттеу орталығы. Математикалық зерттеулер университеттерде Лакхнау, Дели және Бопаресте жүргізіледі. Онда кластық және функционалдық анализ, дифференциалдық теңдеулер, дифференциалдық және алгебралық геометрия мәселелері, топология мен сандар теориясы зерттелуде. Физика саласынан: теориялық физика, астрофизика, жоғары әнергия физикасы, ядролық физика, қатты денелер физикасы, космостық сәулелер, микроәлектроника кеңінен зерттелуде.

Астрономиядан маңызды зерттеулер жасалуда. 1970 жылы радиогалактика мен радиосәулелерін зерттейтін, әсіресе планета радиосәулелерін (юпитер) зерттеуге арналған радиотелескоп жасалды. Атом зерттеу орталығы: ядролық және техникалық физиканың, әлектрондық прибор құрылысының, радиациялық қауіпсіздік, химиялық технологияның, радиохимияның, изотопты медицинада, ауыл шаруашылық мен металлургияда пайдалану мәселелерін шешумен айналысады. Атом зерттеу орталығын жасау физика, математика саласындағы маңызды зерттеулер Үндістан ғылымын ұйымдастырушы X. Бабаның есімімен тығыз байланысты.

Геофизика саласынан сейсмология, гравиметрия, геомагнетизм, океанография, тау жыныстарын механикаландыру, палеомагнетизм, теориялық геофизика, барлау геофизикасы мен геофизикалық приборлар жасау мәселелері зерттеледі. Геофизиканың маңызды бағытының бірі - жер асты суларын іздеудің геофизикалық әдістерін жетілдіру. Үндістанның бес географиялық ассоциациясы: регионалдық, тарих, экономика және географиялық проблемаларын шешумен шұғылданады.

Химия саласынан қатты денелер химиясының қолданылмалы мәселелері, физика, химия, биохимия, органикалык және неорганикалық химия, полимерлер және химиялық машина жасау зерттелуде. Эфир майы алынатын өсімдіктер, алколоидтер синтезі, бояулы заттар, терпендер, терпеноидтар, стэроидтар арнаулы зерттелді. Парфюмерия өнеркәсібіне жаңа бояулар мен препараттар енгізілген. Химия лабораториялары инсектицидтер мен анттибиотиктерді, эфир майларын өңдеу және алумен айналысады. Коллоидтер, силикаттар химиясы, полимеризация, синтетикалық шайырлар мен кинетикалық химиялық мәселелері эерттеліп, өндірістік маңызы ашылуда. Аналитикалық, ядролық және радиациялық химиялық кеңінен зерттеліп отыр.

Алғаш ботаникалық зерттеулер өсімдіктер коллекциясымен, оны сипаттап жазумен ғана шектелсе, 20 ғасырдың басында Үндістан ғалымдары өсімдіктердің морфологиясын, экологиясын және анатомиясын зерттей бастады. 40 жылдары физиология мен генетикадан еңбектер жарық көрді. Мадрас университетінің М. О. Айенгар басқаратын ботаникалық лабораториясы балдырларды жете зерттеді. 1944 жылдан лабораторияны Т. С. Садасиван басқарады. Бұлардың өсімдік патологиясы мәселелері жөніндегі зерттеу мектебі әсіресе, өсімдік паразиті мен ондағы биохимиялық процестерін зерттеді. Зерттеу нәтижесі ауыл шаруашылығына енгізілді. Университетте вирусология, цитология, микология мәселелері айтарлықтай зерттелген.

Зоологиядан жүргізілген зерттеулер Дели университетінде шоғырланған. Мұнда энтомология, клетка биологиясы және эндокринологиялық мәселелеріне ерекше назар аударылған. Теңіз биологиясы, Аннамалай университетінде теңіз фаунасын зерттеу әдістерін жетілдіру міндеті ойдағыдай шешілген. Биологиялық саласындағы маңызды орталық - 1946 жылы құрылған Бирбала Сани атындағы палеоботаника институты. Мұнда Үндістанның палеофлорасымен, оның ішінде, палеозой ботаникасы және мұнай палеонтологиясымен айналысады. Ірі ғылым орталығы - статистикалық институтта (негізін құрған П. Ч. Махаланобис) жүргізілген математикалық статистика саласындағы зерттеулердің маңызы ерекше. Институт Үндістанда экономикалық дамудың бесжылдық жоспарын жасауға қатысты.

Қоғамдық ғылымдар. Философия. Б. з. б. 1-мың жылдықтың басында абыздар мен брахмандар арасында ведда мектебінің ықпалы күшті болды. Бұл кезеңде мыңадай философиялық мәселелерге назар аударылды: табиғи болмыс, табиғи шындық және танымның мүмкіндігі, этикалық мінез, бостандықтың мәні және оған жетудің мүмкіндігі, тіл философиясы т. б. Бұлар негізінен брахманизм идеологиясынан келіп туындаған болатын.

Б. з. б. 7-4 ғасырларда Үндістанды мекендеген әлеуметтік әр туысты интеграциялар мен этникалық топтар Үндістан мәдениетінің бірлігі туралы пікірді жақтаушылар болды. Осы көзеңде брахман - ведда идеологиясына қарама-қарсы философиялық бағыттар: локаята, джайнизм, бхагавата, санкхья, аджибака мен буддизм дами түсті.

Үндістан философияның ерте классикалық даму кезеңінде (б. з. б. 4-1 ғ.) алты ортодоксалдық философиялық жүйе қалыптасты. Бұлардың бәріне ортақ формасы сутра болды. Демек, бұл афористикалық пікірлердің жиынтығы еді. Одан кейінгі - классикалық кезеңде (б. з. 1 - 8 ғ.) алты түрлі ортодоксалдық жүйенің негізгі ережелері беки түсті және философиялық буддизмнің кейінгі формалары дамыды. Б. з. басында буддалық сутра «Праджняпарамиттер» қалыптасты. Абсолюттік болмыс шуньята («бос қуыс») деп жарияланды. Олардың көзқарасында психикалық және заттық тіршіліктің өзі реалды емес. Бұл идея мадхьямиктер ілімінде (б. з. 2 ғ.) одан әрі екі бағытта дамытылды. Махаяна буддизмнің негізгі трактаттарын жасаушылар: Ашвагхоши, Асанги, Васубандху, Дигнага және Дхармакиртп. Дигнага Үндістан философиясы тарихында бірінші рет таным туралы жүйелі пікір айтты. 6-7 ғасырлардан бастап ортодоксалдық мектеп пен буддизм арасында қарама-қарсы қайшылықтар пайда болды. Жаңадан методологиялық құрал жасаудың қажеттілігі туды.

Орта ғасырда (8-17 ғасырлар) Үндістан философиясында одан бұрынғы ортодоксалдық философияның дәстүрлерін қайтадан саралаған және өңдеген Шанкараның ролі ерекше. Шанкараның ілімі одан көйінгі философиялық оңддодыл ллгң-калық негізі болып есептеледі. Үндістан фипадхьяя, М. Рой, Р. Санкритьяян, Р. Б. философиясының одан кейінгі үлкен та- Шарм т. б. өз еңбектерінде Үндістан материа- быстарының бірі (16—17 ғ.) — Ганге- лизмінің мәніне, будда философиясы- шей Упадхья негізін салған навьяньяя на т. б.

18 ғасыр - 19 ғасырдың басындағы философияда діни-идеалистік дәстүрмен берік байланысқан - ағарту идеясы басым болды. «Жаңа дәуірдің жаршысы», ақын-ойшыл Веман ерте және орта ғасырдағы діни-философиялық жүйені жинақтап, философияны діннен «тазартуды» уағыздады, аскетизмді жоққа шығарды т. б. 19 ғасырдың басындағы көрнекті ағартушы Раммохан Рай болды.

19 ғасырдың 2-жартысындағы Үндістан философиясының дамуы британ үстемдігінен ұлттық азат ету жолын іздеумен тығыз байланысты. 1875 жылы Д. Сарасвати құрған «Арья самадж» қоғамы «Веддаларға оралу» ұранын көтерді. Сондай-ақ, осы кезеңде рационализм және монотеизм, жеке адам «активизмі» және әлеуметтік прогресс идеялары уағыздалды.

19 ғасырдың соңы 20 ғасырдың басында Үндістандағы философиялық ой аса көрнекті ағартушы С. Вивекананданың әсерімен дамыды. Ол индуизм діні негізінде қалың көпшіліктің санасын оятуды көздеді. Оның философиясының негізі ведантаға қызмет етті. 20 ғасырда М. Гандидің діни-философиялық және қоғамдық саяси ілімі тарай бастады. Ол Үндістанның ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясын уағыздады (Гандизм).

1925 жылы Р. Тагор мен С. Радхакришнанның инициативасымен философия конгресс құрылды. Үндістан философиясы дамуының ең маңызды мәселелері жыл сайын сессияда талқыланып отырды. 20 ғасырдың 20 жылдарында Үндістан философиясын зерттеуші көрнекті философтар: М. Хариянна, Б. Дас, С. Дасгупт, Радхакришнан т. б. өсіп шықты. А. Гхоштың «интегралды ведантасының», М. Икбал, К. Ч. Бхаттачария ілімі, эстетика саласынан Тагордың көзқарасы философияның дамуына елеулі ықпалы тиді. Азаттық алғаннан кейін, ұлттық діни-идеалистік дәстүр негізінде белгілі академиялық жүйе қалыптасты (Радхакришнан, Т. М. П. Махадеван, Г. Р. Малкани, П. Т. Раджу, П. Р. Дамле т. б.). Бұған С. Шивананданың, С. Бон Махарадждың, С. Ранганатхананданың діни-философиялық ілімдері тұстас келеді. 1950 жылдар «философия ғылымы» мектебі құрылды (П. Дж. Чаудхури, Ч. Т. К. Чари т. б.). Буржуазиялық философия мен социологияда әлеуметтік және гуманистік проблемаларға мол орын беріледі (Р. Мукерджи, Г. С. Гхурие, Р.Н. Саксона т. б.), оған Үндістанның ұлттық конгресі партиясының идеологтары да қатысады (Дж. Неру, Сумпурнананд т. б.), бұлар «социалистік үлгі-қоғамының» концепциясын зерттейді.

Тарих ғылымы. Тарих ғылымының пайда болуы өте ертеден басталады. Ол діни-философияның және эпостың тууымен ұштас келеді. Үндістанның ерте дәуірдегі хроникасы Калханның «Раджатарангинийі» (12 ғ.) Кашмир тарихы туралы әңгімелейді. 13-14 ғасырларда мұсылман әкімдері тарихи хроникаларды пайдалана білген. Ол хрониканың авторлары: Барани және Афиф (14 ғ.), Абул Фазл, Низам-уд-дин Ахмад, Бадауни (16 ғ.) т. б.

Үндістанның қазіргі тарих ғылымы ағылшын езгісі дәуірінде - ағылшын тарихнамасының бір бөлігі ретінде пайда болды. Алғаш көне ескерткіштерді эерттеген ағартушы Раммохан Рай болды. Үндістанның мұсылман тарихын зерттеумен Саид Ахмад-хан айналысты. Санскриттік ведалық және буддалық әдебиеттің ірі маманы - Р. Л. Митра. Ол 1885 жылы Үндістанда тұңғыш рет Калькуттадағы Азия қоғамының председателі болды. Үндістан тарихшылары көне және орта ғасыр әдебиетін басып шығаруда және оны зерттеуде көптеген жұмыстар атқарды (X. П. Шастри, Д. Р. Бхандаркар т. б.), баспадан шығаруға және эпиграфияны зерттеуге (Кришна Шастри, Д. Ч. Сиркар) қатысты. 20 ғасырдың 20 жылдарында Мохенджо-Даро және Хараппа мәдениетін ашуда Р. Д. Банерджи зор роль атқарды. Тарихшылардың 20 ғасырдың 1-жартысындағы еңбектерінде көрсеткеніндей, Үндістанның саяси және әлеуметтік институттарының зерттеулері Европамен қатар дамыды.

Бостандық алғаннан кейін (1947) археологиялық қазба жұмыстарының көлемі ұлғайды, парсы және үнді тіліндегі жаңа документтер пайдалануға берілді, тарихи жаңа журналдар шыға бастады. Азаттық үшін күрес, әсіресе М.К.Ганди және Үндістанның ұлттық конгресінің тарихы ұдайы зерттелуде. Делиде және көптеген штаттардың орталықтарында «Үндістанның бостандық үшін күрөсі» атты кітаптар сериясы шығарылады. Онда ұлт-азаттық қозғалысы жөнінде көптеген нақты материал жинақталған (авторы П. Ситарамайя, Г. Н. Сингх т. б.). «Үндістан тарихы» және 8 томдық «Үндістан халқының мәдениеті мен тарихы» атты еңбектерінде бүкіл әлемдік тарихқа Үндістан халқының қосқан үлесі көрсетіледі.

Тарихты зерттеу орталықтары: Үндістанның ғылыми-зерттеу тарих институты (Бомбей), Тарихи зерттеулер институты (Калькутта), ірі университеттер (Дели, Бомбей).

Экономика ғылымы. Үндістанды ағылшын колоиизаторлары басып алғаннан кейін (18 ғасырдың ортасы, 19 ғасырдың басы), Үндістанның экономикалық ойының өкілдері батыс европалық Буржуазияның экономикалық онына, әсіресе ағылшынның буржуазиялық таптық саяси экономикасының әр түрлі идеялары болды. 19 ғасырдың соңында ұлттық қозғалыстың өріс алуына байланысты, буржуазия экономистердің ұлттық мектебі құрыла бастады. Ұлттық қозғалыстың қайраткері Д. Наороджи экономикалық артта қалушылықты колониялық езгінің салдары деп әшкереледі. Ол «Үндістандағы британдық емес басқару және қайыршылық (1901)» атты кітапта елдің ұлттық табысын есептеп шығару мәселесін қарастырды.

Азаттық алғаннан кейін (1947), Үндістанның ұлттық экономикасын зерттеудің жаңа жүйесі: жоспарлаудың, экономикалық саясаттың, аграрлық мәселе, халықтың орналасуы мен жұмысқа орналасу проблемаларының теориялық және методологиялық негізі жасала бастады. Әлеуметтік - экономикалық зерттеулерге (К.Н.Радж т.б.), өндіріс пен капиталды концентрациялау және орталықтандыру мәселелеріне (Р. К. Хазари), шетел капиталының позициясын анықтау (М. К. Куриан), мемлекеттік сектордың даму перспективасы мен жағдайына зор көңіл (Р. К. Нигам) бөлінеді.

Заң ғылымы. Үндістан заң ғылымының пайда болуы б. з. б. 2-1 ғасырларға жатады. Зерттеулерге қарағанда Ману заңы жазылған жинақ осы кезеңде шыққан. Отаршылыққа ұшыраған дәуірге дейін Үндістан юристері право дәстүрлерінің нормаларын белгілі бір жобаға келтірумен айналысқан. Ағылшын езгісі кезінде Үндістанның өзіне тән заң ғылымын жасауға мүмкіндігі болмады.

1947 жылы азаттық алғаннан кейін, өзіндік право жүйесі заң ғылымын жасауға мүмкіндік берді. Ағылшын юристерінің әсерінен Үндістанның заң ғылымы алғашқы жылдары өзінің ұлттық дәстүрін сақтай алмады. Ол бұл жылдары комментаторлық қана күйде болды. Тек 1960 жылдан бастап қана заң ғылымынан қолтума еңбектер жазыла бастады. Үндістандағы праволық жүйенің күрделілігінен және мемлекеттік құрылыстың, федеративтік формасына байланысты заң ғылымының ішкі структурасында көптеген қайшылықтар болды. Право танудың салыстырмалы әдісін қолдана отырып, ғалымдар саяси ғылымның маңызды проблемаларынан, қазіргі халықаралық праводан көптеген еңбектер жазды. Конституциялық право саласынан құнды еңбек жазған авторлар: М.Г.Гупта, А.Нандиш, Б.М.Шарма т. б. қылмыстық және қылмыстық процессуалдық праводан: Р.Л.Гупта, С.Н.Багга, Б.Н. Баннерджи еңбектерінің маңызы ерекше. Цивилизация проблемаларын зерттеумен Д. В. Китал, Д. Н. Гуха т. б. айналысады. Көптеген қолтума еңбектер әкімшілік, сауда, жер, келісім, семья және финанс право саласынан жарияланды. Юристер мен практиктер, ғылыми қызметкерлер университеттің заң факультеттерінде, арнаулы орталықтарда даярланады.

Тіл білімі. Үнді тіл білімінің бастамасы - б. з. б. 1 мыңыншы жылдары пайда болған веда жазбаларының грамматикалық және этимологиялық анализі. Оның негізгі мақсаты діни гимндердің дәстүрлі оқылуын сақтау. Грамматикалық жинақтаулардың көне үнді дәстүрлері Панинидің (б. з. б. 4 ғ.) грамматикадағы тілді ғылыми түрде сипаттауына негіз болды. Катйайан (б. з. б. 3 ғ.) мен Патанджалидың (б. з. б. 3 ғ.) грамматикалық комментарийлері шығарма тіліне негізделіп, классикалық санскритпен жазылған Панинидің бірнеше ережелерін түсіндірді және толықтырды. Бұдан кейінгі санскриттік грамматиканы құрастырушылар Панинидің әдісі мен жүйесін сақтады. Шарваварманның (б. з. б. 1 ғ.) «Катантра» элементарлық грамматикасы пали грамматикасы мен дравид тілдеріне үлгі ретінде пайдаланылды.

19 ғасырдан бастап дүние жүзілік тіл білімі арнасында Үндістанның қазіргі тіл білімінің (үндіарий және дравид тілі) даму дәуірі басталды. Р. Г. Бхандаркар (1887 жылы Бомбей университетінде «Санскрит және одан тараған тілдер туралы» лекция оқыды) және көп жылдар Үндістанда тұрған, қызмет істеген ағылшын ғалымы - «Р.Колдуэлл («Дравид тілдерінің салыстырмалы грамматикасының» авторы, 1856) және Дж. Бимс («Үндіарий тілдерінің салыстырмалы грамматикасының 3 томдығының авторы, 1872-1879) қазіргі үнді тілдерін ғылыми тұрғыда зерттеудің негізін салушылар болды. Бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін, 1914-1918 жылдар Үндістан ғалымдарының тірі тілдерді зерттеуіне ұлт-азаттық қозғалыстың өрлеуі және ұлттық өзіндік сананың өсуі ықпал етті. Көркем, публицистикалық, ғылыми әдебиет және пресса дамыды, мектептер мен университеттерде ұлт тілінің маңызы артты. Осыған байланысты грамматикалар және түсіндірмелі үлкен сөздіктер (мыс., «Хинди шабдасагар», 1908-1928) мен энциклопедиялар жасалды. 1913 жылы Калькутта университетінде салыстырмалы филологиялық кафедрасы ашылды, оны 1917 жылдан И. Дж. Тарапоравела, ал 1922-1952 жылдары үнді тіл білімін халықаралық дәрежеге дейін көтерген С.К.Чаттерджи басқарды. Оның «Бенгал тілінің шығу тегі және дамуы» (1926) туралы 2 томдық күрделі еңбегі және бенгал тілінің фонетикасы жөніндегі еңбектері Үндістан ғалымдарының ұлттық тілдер фонетикасы мен диалектісі тарихынан монография жазуларына ықпалын тигізді. Ағылшын ғалымы Дж.А.Грирсонның. «Үндістан тілдерінің сипаттамасы» (1903-1928) атты сүбелі еңбегі лингвистикалық, әсіресе, жазуы жоқ және белгісіз тілдер мен диалектілерді зерттеудің ауқымын кенітті.

Лингвистер мен филологтар қазіргі тілдер жөнінде еңбектердің көбеюімен бірге веда тілін, санскрит және орта-үндіарий тілдерін зерттеумен де шұғылдануда. Декан колледжінде С.М.Катренің басшылығымен толық санскрит сөздігіне материалдар жиналуда. Лексикографиялық орталық - Веда зерттеу институтында ведаға және брахман, ведантеге индекс жасау жұмыстары жүргізілуде.

Тіл біліміндегі түрлі басқа да зерттеулермен бірге лингвистер мемлекеттік тілдің нормасын, ғылыми және техникалық терминологиясын жасау, Үндістандағы ағылшын тілінің перспективасы және оның алатын орны туралы мәселелермен айналысуда.

Негізгі ғылыми мекемелер мен қоғамдар: Декан колледжі жанындағы зерттеу институты, Үндістанның лингвистика қоғамы, Бхандаркар атындағы шығыс тану институты, Калькутта университетінің салыстырмалы филологиялық кафедрасы, Дели университетінің тіл білімі кафедрасы, Үнді тілдерінің орталық институты т. б.

Ғылыми мекемелері. Үндістандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын басқаратын мемлекеттік мекеме - Ғылыми және өнеркәсіп жөніндегі зерттеу советі, Атом энергиясы жөніндегі комиссия, Ауыл шаруашылығын зерттеу жөніндегі Үндістан советі және Медицинаны зерттеу жөніндегі Үндістан советі, Қорғанысты зерттеу ұйымы, Университеттерге жәрдем беру комиссиясы, Ғылыми және өнеркәсіп жөніндегі зерттеу советі (1942 жылы құрылған): ол ғылыми-зерттеулерді басқарады. Өнеркәсіп саласындағы ғылыми зерттеуді жоспарлау және үйлестірумен айналысады, кейбір университеттер мен институттардың жұмыстарына (әсіресе, қолданылмалы сипаттағы жұмыстарға) қаржы бөледі. Советтің президенті - Үндістанның премьер-министрі. Советке тікелей 30 ғылыми орталық қарайды (лаборатория т. б.). Атом энергиясы жөніндегі комиссияға: X. Баба атындағы атомдық зерттеу орталығы, Спутниктік байланыстың эксперименттік жер үсті ст., Тумбедегі Экваторлық ракеталық ст., Қатерлі ісіктерді зерттеу институты. Сондай-ақ, комиссия ядролық физиканың теориялық проблемаларын зерттейтін ірі ғылыми орталықты қаржыландырады. Қорғаныс министрлігі жанындағы Қорғаныс зерттеу ұйымы (1958 жылы құрылған) 35 ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық мекемелерді және лабораторияларды біріктіреді. Бұлар негізінен қаруландыру проблемаларын, инженерлік техника, әлектроника проблемаларымен айналысады. Ауыл шаруашылығын зерттеу жөніндегі Үндістан советіне (1924 жылы құрылған) 24 зерттеу мекемесі бағынады. Олар: көптеген бөлімшелері бар Үнді ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институты (1905 жылы құрылған), Орталық қуаң аймақтарды зерттеу институты (1959), Орталық күріш зерттеу институты (1946) т. б. Медициналық зерттеу жөніндегі Үндістан советі Денсаулық сақтау және семья жоспарлау министрлігіне қарайды. Бұған: холераны зерттеу орталығы (1962), Тамақтану ғылыми-зерттеу лабораториясы (1918), вирусология орталығы (1952), алапес, трахома, туберкулез т. б. жеке ауруларды зерттеу орталықтары жатады. География және геологиялық ғылыми-зерттеу институттарын Табиғи ресурстар жөніндегі комитет (Дели) басқарады.

Үндістанда көптеген ғылыми қоғам мен ассоциация, бірнеше ғылым академиясы бар. Ең ірі ғылыми ұйым Үндістанның ұлттық ғылым академиясы (1970 жылға дейін Үндістанның ұлттық ғылым институты болды). Мұның президенті - (1971 жылдан) Б. Р. Сешачар.

Үндістанның көпшілік ғылыми қоғамы - Үндістанның ассоциациялық ғылыми конгресі (1914 жылы құрылған), бұған әрбір ғалым мүше бола алады. Мұның жұмысы жыл сайын, арнаулы сессияда тыңдалады. Онда ғылыми-зерттеудің әр түрлі саласынан баяндамалар тыңдалып талқыланады.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. 1971 жылы Үндістанда 11036 мерзімді басылым басылып шықты, соның ішінде күнделікті газет 650. Басылым 49 тілде жарияланды, жалпы тиражы - 29,3 млн. дана (хинди тілінде 2694 басылым, ағылшын тілінде 2247, урду тілінде 898). Баспасөзге елдегі монополиялық топтар үстемдік етеді, соның ішінде ең ірілері: «Индиан экспресс», «Хиндустан таймс», «Таймс оф Индия», «Стейтсмен лимитед», «Амрита базар патрика», «Фри пресс».

Үнді ұлттық конгресі партиясының саясатын қолдайтын күнделікті газеттер: «Нэшонал геральд» (ағылшын тілінде, 1938); «Амрита базар патрика» (ағылшын, бенгал, хинди тілінде, 1868); «Джугантар» (бенгал, хинди тілінде, 1937); «Фри пресс джорнал» (ағылшын тілінде, 1930) т. б. Үнді ұлттық конгресі партиясына жақын тұрған газет «Хинду» ағылшын тілінде, 1878 жылдан шығады. Үндінің ірі және орта буржуазиясының, жалпы ұлттық буржуазияның мүддесін білдіретін күнделікті газеттер: «Хиндустан таймс» (ағылшын тілінде, 1923), «Хиндустан» (хинди тілінде, 1933), «Индиан экспресс» (ағылшын тілінде, 1932), «Таймс оф Индия» (ағылшын тіліндс, 1838), «Нав Бхарат таймс» (хинди тілінде) т. б. «Стейтсмен» (ағылшын тілінде, 1875) күнделікті газеті шетел монополиясын және Үндістан феодалдық-помещиктік топтарын жақтайды.

Ең ірі реакцияшыл партияның саясатын жақтайтын газеттер: Сватантра партиясының органы - «Свараджья» (ағылшын тілінде, 1956), Джан сангх партиясының органы - «Органайзер» (ағылшын тілінде, 1947).

Коммунистік баспасөз: Компартияның Орталық Органы - «Нью эйдж» (ағылшын тілінде, 1953), қосалқы компартияның Орталық Органы «Пиплс демокраси» (ағылшын тілінде) газеттері шығады. Бұл екі партияның екеуінің де штаттарда жергілікті тілде шығатын газеттері бар.

Тәуелсіз деп аталатын мерзімді басылымдар:    прогресшіл апталық «Блип» (ағылшын, хинди және урду тілінде, 1941), прогресшіл күнделікті газет «Пэтриот» (ағылшын тілінде, 1963).

Ең ірі информациялық агенттігі - Пресс траст оф Индия (1949).

1927 жылы Бомбейде тұңғыш радиостанция салына бастады. 1932 жылы Бүкіл үнділік радио құрылды. Соның жүйесінде 1968 жылы 36 негізгі, 28 көмекші станция және 28 орталық жұмыс істеді.

1959 жылы Делиде телеорталық, Бомбей, Калькутта, Мадрас және Канпур қалаларында ретрансляция станциялары іске қосылды.

Әдебиеті. Үш мың жылдан астам тарихы бар Үндістан әдебиеті санскритте гимндер - ведалардан (б. з. б. 2-мың жылдықтың соңы - 1-мың жылдықтың бірінші жартысы) басталады. Олардың көпшілігі эпос пен драманың, лириканың нышанын аңғартатын шығарма болды. Б. з. б 6-5 ғасырларда халық тілінде (пракрит) пайда болған «Махабхарата» мен «Рамаянаның» үлкен орны бар. Үндістан әдебиетінде б. з. б. 1-мың жылдықтың 2-жартысында пали және пракрит тілдерінде будда әдебиеті өріс алса, б. з. б. 4-3 ғасырларда дүниауи сарындағы тамиль әдебиеті (көне ескерткіштері - «Он жыр» т. б.) пайда болды. Үндістан әдебиетінде повесть жанрының алғашқы нұсқасы болып табылатын «Панчатантра» ертегілері жинағы (санскритше) жазылып алынды (б. з. б. 3-4 ғ.). Б. з. басында Үндістан әдебиетінде жеке ақын-жазушылардың творчествосы пайда бола бастады. Оған Хала (4 ғ.) лирикалары мен Ашвагхоштың (2 ғ. ш.) драмаларын жатқызуға болады. Бірте-бірте діни уағыздарға құрылған шығармалар кеміп, Үндістан әдебиетінде адамгершілікті қозғаған жаңа тақырыптар пайда болды. Осындай тақырыпқа жазылған Тируваллувардың (4-5 ғ.) «Тирукурал» атты нақыл кітабы ерекше бағаға ие.

7 ғасырдан бастап, санскрит, тамиль тілдерімен қатар басқа да тілдерде әдеби шығармалар жазыла бастады. Мыс., кашмир, синдхи, үнді әдебиеттері Үндістанда мұсылман билеушілері басқарған мемлекет құрылуына байланысты Әмір Хұсрау Дехлеви, Мырза Бедил секілді ірі әдебиет өкілдері шықты. 15-16 ғасырларда антифеодалдық күрестерге байланысты таптық және касталық езуді әшкерелейтін шығармалар туды.

Ұлыбритания жаулап алған соң (18 ғ.), Үндістан әдебиеті әлсіреп, эпигондық тенденция етек алды. Алайда 19 ғасырда, әсіресе 2-жартысында ағартушылық, демократиялық идеяны көтеру байқалады. Бенгал жазушысы Перичанд Миттроның (1814-1883) «Бай үйдің еркесі» романы осы кезде жазылды. Кейін романтизм өріс алды. 20 ғасырдың 20 жылдарында үнді әдебиетінде ұлттық тәуелсіздік үшін күрес негізгі тақырыпқа айналды. Әдебиетті демократияландыру, оны өмірмен жақындастыру үшін 1936 жылы Премчанд (1880-1936), М. Р. Ананд (1905 ж. т.) т. б. жазушылардың бастауымен Үнді прогресшіл жазушыларыныц Ассоциациясы құрылды. Ұлт-азаттық күресі туғызған гандизм ағымы әдебиетте де терең тамырын жайды. Революция.-романтикалық ағым қалыптасты (урду ақыны Джон Малихабади, 1898 ж. т. т. б.). Премчанд және Р. Тагор (1861-1941, Нобель сыйлығы, 1913) үнді әдебиетінде сыншыл реализмнің биік туын тікті. М. Икбал (1877-1933) жалынды поэзиясы арқылы адам баласының еркіндігі мен бостандығын жырлады. Урду ақыны Э. X. А. Вафаның (1900-1936) саяси және интимдік лирикалары, бенгал жазушысы Г. Халдардың (1902 ж. т.) романдары, хинди жазушысы Яшпалдың (1903 ж. т.) проза, публицистикалары Үндістан әдебиетіндегі социалистік реализмнің әсерін, социалистік сөз өнерінің пайда болу нышанын аңғартады. Үндістанның тәуелсіздік алуы (1947) прогресшіл әдебиеттің дамуына жол ашты. Прогресшіл жазушылар капиталистік дүниедегі ауыр тұрмысты, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресушілердің ерлік жолын шығармаларына негізгі тақырып етіп алды. Мыс., канада жазушысы Ниранджана (1923 ж. т.), малайялық Такажи ІІІ, Пиллай (1914 ж. т.) т. б. ақын-жазушылардың шығармалары осы тақырыпқа арналған. Реакциялық бағыттағы әдебиетте діни-шовинистік ағымдар етек алды.

Ұлттық тілдегі әдебиетпен қатар ағылшын тілінде де шығарма жазатындар бар. Оған Г. Л. В. Дерозио (1809-1831), К. Гхош (1809-1873), С. Найду (1879-1949) секілді ақындар мен М. Р. Ананд, Р. К. Нараян (1906 ж. т.) т. б. прозаиктердің шығармаларын қосуға болады.

Әдебиет тану ғылымының алғашқы нышаны б. з. б. 4-2 ғасырлардан бастап көрінді. Қазір бұл салада X. Двиведи, В.Рагхаван, Н. Сингх т. б еңбек етіп келеді. Соңғы кезде Үндістан әдебиетшілері мен совет әдебиетшілерінің бірлесіп жұмыс істеу тәжірибелері жақсы нәтиже беруде. «Рабиндранат Тагор» (М., 1961) атты жинақ осындай бірлесіп еңбек етудің қорытындысынан туған. М. Әуезовтің «Индия очерктөрі» (1958), «Тагордың күнделігі» (1962), Т.Ахтановтың «Үндістан хикаясы» (1970), Ә. Әлімжановтың «Көгілдір таулар» (1967) секілді үнді елі, оның әдебиеті жайлы кітаптар жарияланды. Үндістан әдебиетінен Аббас Ходжа Ахмадтың «Үнді перзенті» 1959), Премчандтың «Тхакур құдығы» (1958), Р. Тагордың «Күйреу» (1958), «Әңгімелері» (1960), «Гәуірмаһан» (1964), Чандар Кришнанның «Жел ана» (1972) т. б. кітаптары мен басқа да шығармалар қазақ тілінде шықты.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Үнділіктердің көркем мәдениеті Инд және Ганг өзені бойында өркендеп, әрі Пакистан мәдениетіне де негіз болған ежелгі цивилизациядан басталады. Сангхол, Лотхал қалалары дамуы Хараппа цивилизациясы кезеңінде (б. з. 3-мың жылдықтың ортасы мен 2-мың жылдықтың орта шені) бой көтерді. Әдеби ескерткіштер, мүсіндік шығармалар мен кескіндемелік туындылар Солтүстік Үндістанның б. з. б. 2-мың жылдықтың ортасы мен 1-мың жылдықтың орта шеніндегі мәдени мұраларына саналады. Матхура, Паталипутра қалалары (б. з. б. 1-мың жылдық) жүйелі жобамен салынды. Маурья мемлекеті (б. з. о. 4-2 г.) тұсында Үндістан өнері гүлдене түсті. Буддизмнің таралуынан (б. з. б. 3 г.) кейін ғибадатханалар, мемориалды құрылыстар көптеп тұргызыла бастады; мүсін өнері дамыды. Кушап патшалығы тұсында бейнелеу өнері (Будданы антропоморфтық тұрғыда пішіндеу) кең етек алды. 4-6 ғасырларда Үндістанның солтүстік және орталық аудандарында сарай, монастырь, ғибадатхана (Санчидағы № 17 ғибадатхана) салу ісі өркен жайды. Бастапқы орта ғасырлық феодалдық Декан мемлекеттерінде (Чалукья, 6-12 ғ.; Раштракуттер, 8-10 ғ.) Гупт әулетінің мәдени мұралары жандана түсті. Осы кезеңдегі жартасқа қашап салынған құрылыстар (ғибадатханалар) негізінен Аджанта мен Эллорада мол шоғырланды. 6-7 ғасырларда ғибадатханалардың солтүстік (үнді-арилік) және оңтүстік (дравидтік) екі түрі қалыптасты. Оңтүстік Үндістан ғибадатханаларын салу ісіндегі архитектуралық принциптер Махабалипурама мен Канчйпурама ғибадатханаларынан бой көрсетті. 10-11 ғасырларда феодализмнің дәуірлеуіне байланысты қала салу ісі өркендеп, ғибадатхана құрылысы дамыды. Мүсін өнері сәулет өнерімен тоғыстық тапты. 10-13 ғасырларда Үндістандағы бір-қатар мемлекет астаналарында жергілікті архитектуралық мектеп үлгісіндегі алуан түрлі ғибадатханалар (Бхубанешвардағы Лингараджа ғибадатханасы) тұрғызылды. Солтүстік түрге жататын (Кандарья Махадео, 1000 ж. ш.) Кхаджурахо ғибадатханалары композициялық ықшамдылығы әрі мүсін-ескерткіштерінің молдығымен ерекшеленеді. 10-12 ғасырларда Оңтүстік Үндістанда қола пластика кең тарады. Мүсіндер мен мүсіншелерде негізінен құдайлар (би құдайы Натараджан) бейнеленді. 12 ғасырдың аяғы мен 13 ғасырдың бас кезінде Солтүстік Үндістанды мұсылман феодалдарыныц жаулап алуы, Үндістан мәдени өміріне ислам өнерінің енуіне мүмкіндік тудырды. Мешіт, мұнара, медресе, мавзолей және сарай-қамал ансамбльдері көптеп тұрғызыла бастады. Мүсін мен кескіндемеге тыйым салынды. Дели сұлтандығы (13 ғасырдың басы 14 ғасырдың ортасы) дәуірлеген кезеңде, қазіргі Дели мен Декан территориясында бірнеше қалалар (Сири, Джаханпанах, Фирозабад, Даулатабад) бой көтерді. Ұлы Моғолдар империясы (1526) тұсында Үндістан өнері қайта жанданып, Ақбар үстемдігі кезінде (1556-1605) шарықтау биігіне көтерілді. Фатихпур-Сикри қамал-қаласы (1569-1584), Аджмер (1570) мен Аллахабадтағы қамалдар, Делидегі Хумаюн мавзолейі (1565) сол кезеңдегі сәулет енері туындыларының озық улгілеріне саналады. Жаһан шаһ кезіндегі архитектурада мәрмәр көп қолданылды әрі ғимараттың әсем және бай көрінуіне аса көңіл бөлінді (Аградағы Тяж-Махал мавзолейі). Жергілікті дәстүрде дамыған Раджастхан өнері өркендей түсті. Жүйелі жобамен салынған Раджастхан астанасы Джайпур (1728 жылы негізі қаланды) дүние жүзілік қала салу ісіндегі ансамбль-қаланың бірден-бір озық үлгісінің қатарына қосылды. Раджастхан ғимараттарының қасбеті мен интерьерлерінде тұрмыстық көріністер мен соғыс бейнеленген суреттер кезігеді. Солтүстік Үндістанда мұсылман феодалдары үстемдік құрған кезеңде дәстүрлі ғибадатхана архитектурасы мен мүсін өнері тек Оңтүстік аймақтарда ғана өрбіді. Ескі ғибадатханаларға ұластыра жаңа құрылыстардың салынуына орай ғибадатхана комплекстері қамалды қалаға (Чидамбарамдағы ғибадатхана комплексі, 10-16 ғ.) айналып отырды. Орта ғасырда миниатюралық кескіндеме еркен жайды. 11-16 ғасырларда гуджарат мектебі, 16 ғасырда могол мектебі пайда болып, негізінен кітап көркемдеу ісімен  әйгілі болды. Ағылшын отаршылары үстемдігі кезеңінде (18 ғ. - 1947) ұлттық мәдениет құлдырап, Европа өнері ықпал ете бастады. Портты қалалар Калькутта, Мадрас, Бомбей жедел өркен жайды. Ағылшындар шіркеу, қамал т. б. құрылыстар тұрғызды. Қалаларда өндіріс орындарын, заводтар мен темір жол вокзалдарын, әкімшілік үйлерін және парктер салу етек алды. 18 ғасыр мен 19 ғасырдың ортасына шейін архитектурада ағылшын классицизмі мен неоготика ағымы өз ізін қалдырды. 1850 жылдары Европалық жүйедегі бейнелеу өнері мектептерінің пайда болуы профессионалды өнердің өмірге келуіне жол салды. 19 ғасырдың 2-жартысында суретші Р. Варма есімі әйгілі болды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезінде ұлттың сәулет өнеріне (Хайдарабадтағы университет, 1918) бой ұру аңғарылды.

19-20 ғасырларда суретші А. Тагор мен өнер зерттеуші Э. Б. Хавелль бастаған үнді суретшілерінің тобы «Бенгал Қайта өркендеу дәуірі» атанған жаңа ағымға жол салды. Кескіндемешілер Н. Бос, С. Гупта, С. Укил, Г. Тагор, А. Шер-Гил, Дж. Рой, А. Бос, Д. П. Рой Чоудхури және мүсінші В. П. Кармаркар ұлттық профессионалды бейнелеу өнерінің қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін елді индустрияландыруға байланысты құрылыс ісі кең қанат жайды. 1950-1960 жылдар совет және т. б. шетел мамандарының көмегімен гидроэнергетикалық комплекстер (Бхакра-Нангал), металлургия комбинаттары (Бхилаида), машина жасау зауыдтары (Ранчида), сондай-ақ жүйелі жобамен 500-ге тарта жаңа қалалар бой көтерді. Ескі қалалар (Дели, Калькутта, Бомбей т. б.) ұлғаюда. Көпшілік қалаларының шет аймақтарында жұмысшылар мен қала кедейлерінің ығы-жығы лашықтары орналасады. Ірі қалалардағы тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың дені эклектика және функционализм (Калькуттадағы банк, 1969, арх. А. Гупта) үлгісінде тұрғызылады. Кейбір ғимараттардан ұлттық дәстүр мен жаңа құрылыс материалын ұнасымды пайымдау (Ахмадабадтағы Ганди музейі, 1960-1963, арх. Ч. Корреа, Индология институты 1960-1963, арх. Б. Доши т. б.) аңғарылады. Суретшілер Б. Укил, С. Кхастгир, X. Дас, К. К. Хеббар, С. Мукерджи, С. Гуджрал, мүсіншілер Ч. Кар, П. Д. Гупта елеулі еңбек өтуде. Сән және қосалқы өнердің ежелден келе жатқан салалары - тоқымашылық, ағаш ұқсату, сүйек ұқсату т. б. даму үстінде.

Музыкасы. Үндістан халқы ежелгі музыка мұраға бай. Бұл мұра негізгі бастауын байырғы салт-жора ойындары мен еңбек процестерінен алады. Оның жазба нұсқалары «Самаведа» (б. з. б. мың жылдық әдеби мұра) және «Натьяшастра» (б. з. 1 ғ.; театр, музыка және би трактаты) деп аталатын көне жазба ескерткіштерінде сақталған. Үнді музыкасына тән қасиет - импровизация. Рага деп аталатын ладтың-ритмдік құрылым кең тараған. Оның рага-васанта, рага-камала, рага-мегха, рага-шанти, рага-пгоингара, рага-хасья сияқты түрлері бар. Бұл әрбір рага өзіне тән ерекше образды бейнелеу (көктем, махаббат, бұлг т. б.) құралын атқарады. Классикалық музыка композициясы үш бөлімнен (алапа, ритмдік вариациялар, гата) құралады. Үнді музыкасынан ритмнің алар орны ерекше. Алдыңғы және Орта Азиядан шыққан мұсылмандардың империя құруы Үндістан музыкасына өз ықпалын тигізді. Осы кезеңде пайда болған вокальдық стильдер: дхурупад, кхиял, стхаи, антара, таппа, бхаджан, киртан. Профессионалдық музыка бастауын фольклорлық музыкадан алғанмен бұл екеуінің бір-бірінен айырмашылығы өте үлкен. 20 ғасырдың бас кезінде ұлт-азаттық күрестің ықпалымен ұлттық фольклористикаға ден қою басым болды. Бұл бағыт әсіресе ірі қоғам қайраткері, драматург, ақын әрі музыкант Р. Тагор шығармаларынан айқын көрініс тапты.

Тәуелсіздікті жеңіп алғаннан кейін музыкалық мәдениетін дамытуға жаңа жағдай туды. Музыка, би және драма академиясы («Сангит натак академи», 1953), Бүкіл үндістандық радионың ұлттық оркестрі (1952), хор коллективтері (Дели, Бомбей) құрылды. 1954 жылдан үнді әндерінің конференциясы («Сангит самелян») өткізіліп тұрады. Қазіргі үнді музыкасының ең бір ерекше дамыған саласы киномузыка болып табылады. Осы бағыттағы белгілі композиторлары - А. Бисвас («Мунна» т. б.), Н. Али («Байджу Бавра», «Дидар») т. б. Үнді музыкалық театрлары (театрын қараңыз) алуан жанрдағы музыкалық дәстүрін ілгері дамытуға игі әсерін тигізіп отырады. Оның джатра, тамаша, якшагана деп аталатын ойындарында музыка, би, пантомима мен өлең сөз кең қолданылады. 50-70 жылдардың бас кезінде ұлттық музыкалық театрлардың жаңа формаларын іздестіру қолға алынды. Бұл театрлардың репертуары жаңа музыкалық шығармалармен (композиторлар Анил Бисвас, Шила Ватс, Бахадур Хусейн Хан, Гулям Хайдар, Рави Шанкар т. б.) толықты.

Театры. Халық ойын-сауықтары өте ертеден басталады. Оның түп төркіні ежелгі тайпалардың салт-жора ырымдары мен билеріне саяды. Ежелден белгілі «Рамаяна», «Махабхарата» сынды эпикалық поэмаларды сахнаға шығару халық театрының өзекті тақырыбы болып табылады. Театр ойынында негізгі назар орындау шеберлігіне (декламация, би, пантомима, ішінара цирк өнері) аударылады. Дәстүрлі театр өнерінде би (катакхали, катхак, манипури т. б.) негізгі роль атқарады. Кең тараған театрлық ойындары: ұлттық немесе діни мейрамдарда орындалатын рамлила және кришналила (14 кунге дейін созылады), джатра, якшагана, тамаша, джаши, сванги т. б. Халық ойындары үнді классикалық театрының қалыптасуына (б. з. б. 5-1 ғ.) игі әсерін тигізді. Ежелгі үндінің «Натьяшастра» (б. з. 1 ғ.) трактатында драматургия, актерлік өнер, театр архитектурасы мәселелері көңінен баяндалады. Классикалық драмалардағы негізгі кейіпкер - құдайлар, әулиелер мен ғұламалар, әкімдер мен ұлықтар болып келеді. Сахнадан әлеуметтік қайшылық пен трагедиялық ситуацияларды көрсету мәселесіне өнер жайындағы ежелгі трактаттарында тыйым салынып келді. 4-6 ғасырлардағы классикалық драма мен театрдың гүлденуі Бхаса, Калидаса және Шудраки сынды драматургтардың творчествосымен тығыз байланысты. Бұлардың шығармасы дәстүрлі шеңберден шығып, ежелгі үнді халқының бүкіл өмірін жан-жақты көрсетуге ден қойды. Мұсылмандар билік құрған кезецде классикалық драмаларды көрсетуге тыйым салынып, театр өнері құлдырады. 12-13 ғасырларда мүлде жойылуға айналды. 19 ғасырдың 2-жартысында ұлт-азаттық қозғалыстың күшейіп, ұлттық сана-сезімнің оянуы бенгал, хинди, маратхи тіліндегі драматургия мен европалық үлгідегі театрдың пайда болуына ықпал жасады. Тұңғыш труппалардың бірі 1795 жылы Калькуттада бенгал артистерінен құралды (ұйымдастырушы орыс ғалымы Г. С. Лебедев). 1872 жылы бенгал драматургы Г.Гхош Ұлттық театрды ұйымдастырды. Хинди және маратхи тілінде жазылған әлеуметтік драма өріс алды. Гхош театрының халықты отаршылдар озбырлығына қарсы ұлт-азаттық күреске айқын шақыруы 1876 жылы ағылшындарды драматургияға полицейлік цензура орнатуға мәжбүр етті. 20 ғасырдың 40 жылдарында театр өмірі біршама жанданды. Отар өзгісінен азат болуға шақырған әуесқой және профессионалды коллективтер дүниеге келді. Халық театрларының ассоциациясы (1943) төңірегіне ілгерішіл бағыттағы көптеген театр коллективтері мен мекемелер топтасты. У. Шанкардың балет труппасы, «Кіші балет» (1952 жылы Ш. Бардхан ұйымдастырған) көпке белгілі болды.

Тәуелсіздікті жеңіп алғаннан кейін жалпы ұлттық мәдениет қайта өркендеп, сонымен бірге театр өнері гүлденді. 1953 жылы Музыка, би және драма академиясы құрылуының мәні зор болды. Белгілі театрлары: Калькуттадағы «Бахурупи», «Минерва», «Стар», «Рангмахал», Театр орталығы т. б. Дели, Илахабад, Мадрас, Бомбей, Варанаси, Пуна қалаларында тұрақты театрлар бар. 60 жылдары 30-дан астам профессионалды театр коллективі жұмыс істеді. 1959 жылы Делидегі Музыка, би және драма академиясы жанынан тұңғыш мемлекеттік театр мектебі және Үнді өнері орталығы (1958) ұйымдастырылды. 70 жылдардан ұлттық дәстүрді өркендете отырып, театрдың жаңа формаларын іздестіруге, жаңа профессионал труппалар құруға ден қойылды. 1971 жылы Бомбейде 22 профессионалды коллектив қызмет атқарды. Жаңадан құрылған театрлардың белгілілері: Жаңа театр (Дели), «Тарун опера» (Калькутта), «Драматик Винт» (Бомбей) т. б. Қуыршақ театры театр ойынының ежелден бері келе жатқан түрінен саналады.

Киносы. 1913 жылы Үндістанның алғашқы фильмі «Раджа Харишчандра» (реж. Д. Г. Пхалке) түсірілді. 20 жылдары батыс европалық және американ киносының үстемдік алуы үнді кинематографиясы дамуын тежеп тастады. Осы тұста сауда-саттыққа байланысты, мелодрамалық, тарихи жағынан бұрмаланған фильмдер жарық көрді. 1931 жылы «Алам Ара» (реж. А. Ирани) атты тұңғыш дыбысты фильм қойылды. 30 жылдары ұлт-азаттық қозғалыстың жандана түскен кезеңінде алдыңғы қатарлы әлеуметтік тенденцияларды арқау еткен «Девдас» (1935, реж. П. С. Баруа), «Күтпеген еді» (1936), «Көршілер» (1939, екі фильмнің де реж. В. Шантарам) фильмдері шығарылды. 40 жылдардың 2-жартысында, әсіресе Үндістан өз тәуелсіздігін жеңіп алғаннан кейін (1947), ұлттық кинематографияның құрылуына мүмкіндік туды. 1947 жылы Информация және радиохабар министрлігінің жанынан Кинематографиялық бөлім құрылды. Халық өмірін реалистік тұрғыда бейнелеген алғашқы фильмдер - «Жер перзенті» (1946, реж. X.А.Аббас), «Бейбақтар» (1949, реж. Н.Гхош) дүниеге келді. 50 жылдары шыққаң «Серік» (1935, реж. Аббас), «Екі бигх жер» (1953, реж. Б. Рой) және ішінара «Қаңғыбас» (1951, реж. Р. Капур) фильмдері өзі жері үшін күрескен кедей шаруалар өмірін бейнеледі. Реж. С. Рейдің «Жол әні» (1955), «Жеңілмейтіндер» (1957), «Апу дүниесі» (1959) трилогиясы тек үндінің ғана емес, бүкіл дүние жүзілік кино өнеріндегі елеулі жетістік болды. 1959 жылы «Қағаз гүл» (1959, реж. Г. Датт) атты алғашқы панорамалы фильм жарық көрді. «Кришна - тынық өзен» (1968, реж. М. Падхак) фильмінде село қауымы басшылары мен реакцияшыл жер иеленушілер арасындағы қақтығыс суреттелсе, «Сагина Махато» (1970, реж. Т. Синх) картинасында 40 жылдардың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыстың өрши түсуі шынайы бейнеленеді. Үнді фильмдерінде халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын егжей-тегжейлі баяндау дәстүрге айналған. Әсіресе би мен әнге көп кеңіл болінеді. 1960 жылы Пуна қаласында Кинематографиялық институты, 1964 жылы Ұлттық киноархив ашылды. Жыл сайын Бомбейде (1954 жылдан) Бүкіл үндістандық кинофестиваль өткізіліп тұрады. 1975 жылы Москвада өткен Халықаралық кинофестивальда үнді режиссері М. Сеннің «Хор» фильмі Күміс жүлдеге ие болды. Белгілі киноактерлері: Б. Сахни, Д. Ананд, Д. Кумар, Р. Капур, Наргис, С. Сен, М. Кумари, Б. Ран, В. Рахман, Ш. Тагор, Ш. Қапур. Жылына (1976) 400-ден астам фильм (хинди, бенгал, маратхи тілдерінде) шығарылады. 1976 жылы Алматыда өткен Азия және Африка кино өнері анталығында үнді кинематографистерінің таңдаулы фильмдері («Амрапали», «Саудагер», «Зита мен Гита») көрсетілді.

Әдеб.: Кришнан М. С. Геология Индии и Бирмы. пер. с англ., М., 1954; Рябчиков А. М. Природа Индии. М., 1950; Проблемы экономического и социального развития независимой Индии. М., 1967; Синха Н. К. и Банерджи А. Ч. История Индии. пер. с англ., М., 1954; Неру Дж. Открытие Индии. пер. с англ., М., 1955; Библиография Индии. М., 1965; Паниккар К. М. Очерк истории Индии. [пер. с англ.], М., 1961; Бонгард-Левин Г. М., Ильин Г. Ф. Древняя Индия. Исторический очерк, М., 1969; История Индии в средние века. М., 1968; Антонова К.А. Очерки общественных отношений и политического строя Монгольской Индии времени Акбара (1556-1605). М., 1952; Рейснер И. М. Народные движения в Индии в ХҮІІ-ХҮІІІ вв. М., 1961; Новая история Индии. М., 1961; Новейшая история Индии. М., 1959; Антонова К.А. Английское завоевание Индии в XVIII в. М., 1958; Национально-освободительное движение в Индии и деятельность Б. Г. Тилака. М., 1958; Гольдберг Н. М. Очерки по истории Индии. М., 1965; Райков А. В. Пробуждение Индии. М., 1968; Дьяков А. М. Индия во время и после второй мировой войны (1939-1949). М., 1952; Гордон Л. А. Из истории рабочего класса Индии. М., 1961; Бешам Дж. Английский империализм в Индии. пер. с англ., М., 1935; Независимая Индия. Сб. статей. М., 1958; Гордон Л. А., Егорова М. Н. Рабочий класс независимой Индии. М., 1968; Котовский Г.Г., Мельников А.М., Семенов Н. И. Классовая борьба в современной индийской деревне (1947-1965). М., 1969; Литература Индии. М., 1958; Поэзия народов Индии. М., 1962; Современная индийская проза. М., 1962; Рабинович И.С. Сорок веков индийской литературы. М., 1969; История индийских литератур. пер. с англ., М., 1964; Литература Востока в средние века. ч. 1, М., 1970; Литература Древнего Востока. М., 1971; Гусева Н. Р. Современное декоративно-прикладное искусство Индии. М., 1964; Короцкая А.А. Архитектура Индии раннего средневековья. М., 1964; Прокофьев О. Исскуство Индии. М., 1964; Короцкая А. А. Сокровища индийского искусства. М., 1966; Тюляев С. И. Искусство Индии. М., 1968; Сидорова В.С. Скульптура древней Индии. М., 1971; Синявер Л. Музыка Индии. М., 1958; Культура современной Индии. М., 1966: Драматургия и театр Индии. Сб. статей, М., 1961; Гарга Б. Д., Гарги Б. Кино Индии. пер. с англ., М., 1956; Панна Шах. Индийское кино. пер. с англ., М., 1956; Колодяжная В. С. Кино Индии, М., 1959.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-07-01 13:56:54     Қаралды-12745

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »