НИГЕР (Niger), Нигер Республикасы (Republic of Niger) - Батыс Африкадағы мемлекет. Солтүстігінде Алжир және Либиямен, шығысында Чад Республикасымен, оңтүстігінде және оңтүстік-батысында Нигериямен, Дагомея және Жоғары Вольтамен, батысында Малимен шектеседі. Жері 1267 мың км2 (БҰҰ-ның 1972 жылғы дерегі бойынша). Халқы 23,4 млн. (2015). Астанасы - Ниамей қаласы. Әкімшілік жағынан 7 департаментке, 33 округқа бөлінеді.
Мемлекеттік құрылысы. Нигер - республика. Конституциясы 1860 жылы 8 қарашада (өзгерістер 1961, 1963, 1965) қабылданған. 1974 жылы 15 сәуірде әскери төңкерістен кейін конституция күші тоқтатылып жоғары заң шығаратын орган Ұлттық жиналыс таратылды. Мемлекеттік өкімет билігі Жоғары соғыс советінің председателіне көшіп, уақытша үкімет құрылды. Сот жүйесі: Жоғары сот - (соттың жоғары сатысы ретінде) конституциялық бақылауды іске асырады, апелляциялық сот, бірінші инстанциялық соттар және бітістік (мировой) соттар.
Табиғаты. Нигер территориясының көпшілік бөлігін Сахара (биіктігі 200-500 м), орталық бөлігін Аир үстірті (биіктігі 800 м-ге дейін) және биіктігі 1500 м-ден астам тау жұрнақтары (Багезда тауы, 1900 м), оңтүстік-шығысын Чад көлі қазан шұңқырының солтүстік-батыс бөлігі, оңтүстік- батысын Нигер өзенінің орта ағысы бойындағы аңғарлар алып жатыр. Пайдалы қазындылары - уран рудасы (Агадес, Акута, Джадо ауданында; жалпы қоры 70 мың тоннаға жуық), қалайы (Аир үстіртінде), вольфрам, ниобия (Таррау-Аджи, Адрар-әл-Мекки), темір рудасы (Ниамей). Чад көлі қазан шұңқырында ас тұзы кездеседі. Климаты - шөлді тропиктік климат (солтүстік және солтүстік-шығысы) және субэкваторлық (оңтүстік және оңтүстік-батысы).
Ең суық айларының орташа температурасы (желтоқсан, қаңтар) 20-24°С, жылы айында (мамыр) 32-34°С. Жылдық жауын-шашыны 100 мм (солтүстік-шығысында), 600-800 мм (оңтүстік-батысында). Ірі өзендері - Нигер, Комадугу-Йобе. Чад көлінің едәуір бөлігі Нигерге қарайды. Жері негізінен қызыл қоңыр, қызғылт топырақты келеді. Елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс шетінде саванна, қараған, баобаб, пальма, солтүстігіне қарай астық тұқымдастар аралас бұталы өсімдіктер өседі. Арыстан, піл, буйвол, жираф, шие бөрі, қорқау қасқыр т. б. кездеседі.
Халқының 50%-і хаусалар (хауса-котоко тобы тілінде сөйлейді) (1971). Нигер өзенінің жағалауында сонгаилар, джермалар (650 мың), елдің шығыс бөлігінде - канурилер және тубулер (200 мың), Аир ауданында және Батыс Нигерде туарегтер (450 мың), Жоғары Вольта шекарасында - гурмалар қоныстанған. Нигердің барлық өңірлерінде фульбелер (450 мың) тұрады. Елде 40 мыңнан астам сириялықтар, ливандықтар, француздар бар. Халқының 86%-і ислам дінінде, қалғандары жергілікті дәстүрлі дінді ұстайды. Ресми тілі - француз тілі. Ресми календары - григориандық. 1963-1971 жылдар халықтын жылдық орташа өсімі 2,5%. Еңбек ететін тұрғындары 1217 мың (1970), онын ішінде 91%-і ауыл шаруашылығында істейді. Басты қалалары шоғырланған Оңтүстік Нигерде халық өте тығыз қоныстанған. Құмды Солтүстік Нигерде халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 1 адамнан келеді. Ірі қалалары: Ниамей, Зиндер, Маради, Тахва. Қала халқы 8,2% (1970).
Тарихы. Чад өзенінің солтүстік-батысынан неолит заманына жататын алуан түрлі бұйымдар табылды; Аир үстірті ауданында тасқа салынған бейнелер мен таңбалар сақталған. Бұлар Нигер жерін аса ежелгі заманда-ақ адам мекендегенін дәлелдейді. 7-19 ғасырларда Нигер жерінің кейбір бөліктері орта ғасырлық Судан мемлекеттерінің құрамында болды. 19 ғасырдың басында оңтүстік аудандар Сокото мемлекетіне енді. Европалықтар келер алдында Нигерде құлдық дәуірі мен алғашқы қауымдық құрылыстың элементтері ұштасып жатқан аса күрделі феодалдық қатынастар орнаған еді.
19 ғасырда Нигер жерінде европалықтардың бірнеше экспедициясы болды (1822 жылы ағылшын X. Клаппертон, 1853-1855 жылдар неміс Г. Барт бастаған т. б.). 1895-1898 жылдар француз отаршылары Нигер жерінде алғашқы әскери тосқауылдар (Сай қ. т. б.) құрып, ақырында елді бірте-бірте жаулап ала бастады, сөйтіп жергілікті халықты ауыр азапқа салды. 1904 жылы «Нигер әскери аймагы» Жоғары Сенегал - Нигер отарына қосылып, ол Француз Батыс Африкасы (ФБА) құрамына енді; 1922 жылы Нигер отары ФБА-ның дербес әкімшілік аймағы болып бөлінді. Отаршылар еріксіз еңбек жүйесін енгізді, африкалықтарға көтере алмайтын салықтар салды, сыртқа шығарып сататын дақылдарды (мыс., арахис) зорлап ектірді. Нигер халқы француз шапқыншыларына қарсы табанды күрес жүргізді, көп реттерде ол қарулы шайқасқа ұласып та жүрді (джерма халқының 1905 жылғы, тубу мен туарегтердің 1906-1914 жылдардағы, туарегтердің және басқалардың 1914-1917 жылдардағы көтерілістері).
2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін ұлт-азаттық қозғалысы өрши бастады. 1946 жылы Нигер прогрестік партиясы (НПП) құрылып, ол Африка демократиялық бірлестігінің территориялық секцияларының біріне айналды. 1947 жылы Нигер Францияның «теңіз ар жағындағы территориясы» статусын алды. 1951 жылы НПП-нің Джибо Бакари бастаған солшыл қанаты НПП-ден шығып, жаңа партия - Нигер демократиялық одағын құрды; 1958 жылы ол Саваба (хауса тілінде - Бостандық) партиясы болып қайта құрылды. Партия толық тәуелсіздік алу жолында батыл күрес жүргізу бағытын ұстады. Нигер демократиялық одағы территориялық Ассамблея сайлауында жеңіске жеткеннен кейін, 1957 жылы Бакари Нигер Үкіметтік советінің вице-председателі болды. Француздың жаңа конституциясының жобасы жөнінде 1958 жылы 28 қыркүйекте өткізілген референдум кезінде Саваба Нигердің француз Бірлестігіне енуіне қарсы шықты, дереу тәуелсіздік алуды жақтады. НПП Француз конституциясы үшін дауыс беруге шақырды. Референдум нәтижесіне сәйкес, Нигер мемлекеттік статусын алып, Бірлестік мүшесі болды, сөйтіп 1958 жылы 18 желтоқсанда «автономиялы республика» болып жарияланды. Сол жылғы желтоқсанда ұлттық жиналысқа сайлауда НПП көпшілік дауыс алып, партия басшысы А. Диори бір партиялық үкімет құрды. 1959 жылы Нигер Келісім советіне енді (Піл Сүйегі жағалауы, Жоғары Вольта және Дагомеямен бірге). Сол жылы Саваба партиясына тыйым салынып, оның басшылары эмиграцияға кетті.
Ұлт-азаттық қозғалысының онан әрі өрге басуы француз үкіметін Нигерге тәуелсіздік беру туралы келісімге қол қоюға мәжбүр етті. 1960 жылы 3 тамызда Нигер Бірлестіктен шықты. Сол жылы қыркүйекте Нигер Республикасы БҰҰ-ға қабылданды. А. Диори президент болды (1965 және 1970 жылдар қайта сайланды). Билеуші партия болғаннан кейін НПП африкалық ұлтшылдық бағытын ұстап, африка қоғамының өзгешелігі туралы ұран көтерді, капитализм мен социализм арасындағы «орта жол» саясатын жақтады. 1961 жылдан Нигерде экономикалық және әлеуметтік даму жоспарларын жүзеге асыру басталды. 1961 жылы Франция Нигер үкіметімен келісім жасады, онда саяси, экономикалық және әскери істер жағынан екі жақтың тығыз ынтымақтасуы көзделді. Нигер басқа да батыс мемлекеттерімен, әсіресе «Ортақ рынок» елдерімен және Канадамен белсенді байланыс жасайды.
Сыртқы саясат саласында Нигер үкіметі бейтараптық бағыт ұстап, мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіс сөз жолымен шешу, Африкада аймақтық экономикалық ынтымақты дамыту саясатын жақтады. 1961 жылдан Нигер - Африка-Малагасий одағының мүшесі; 1970 жылдан бұл Жалпы Африка-Малагасий және Маврикий ұйымы деп аталады; 1963 жылдан Африка бірлігі ұйымының мүшесі. 1960 жылдардың аяғынан бастап Нигер өзінің сыртқы байланыстарын кеңейту саясатын жүргізді. 1974 жылы ел ішінде әскери төңкеріс болды. Өкімет билігі подполк. С. Кунче бастаған Жоғары әскери советтің (ЖӘС) қолына көшті. НПП таратылды. ЖӘС бұрын қабылданған халықаралық міндеттемелерді орындауға әзір екенін мәлімдеді. Нигер мен СССР арасындағы дипломатиялық қатынас 1972 жылы 17 ақпанда орнады, сауда және мәдени ынтымақ туралы келісімдерге қол қойылды (1962).
Кәсіподақтары. Нигер еңбекшілерінің ұлттық бірлестігі (НЕҰБ), 1959 жылы құрылған, жалданып жұмыс істеушілердің кәсіпшілігін біріктіреді (1973 жылы 15 мың адамнан аса мүшесі болды). 1962 жылдан бастап Африка кәсіподақтарының конфедерациясына енеді.
Экономика-географиялық очеркі. Нигер - экономика жағдайы мешеу, аграрлы ел. Экономикасы шетел капиталына тәуелді. Жалпы өнімде ауыл шаруашылығының, балық аулаудың үлесі (1969 ж., %-пен) 51, кен өндіру 1, өңдеу өнеркәсібі 6, сауда және тұрмыс қажетін өтеу 15, құрылыс 3, транспорт, байланыс орындары 3. Нигер окіметі тәуелсіздік алғаннан кейін (1960) шетелдік және ұлттық жеке меншік капиталды (әсіресе өнеркәсіпте) қатыстыра отырып, экономиканың мемлекеттік секторын ұлғайтуға тырысты. Аралас компания және кәсіпорындар құрылып, олардағы мемлекеттік үлесі біртіндеп артып келеді. Құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу және экспорттың 70%-і, импорттың 40%-і мемлекеттік бақылауында (1974). Экономикалық дамудың ұзақ мерзімді программасы (1973-1982) қабылданған.
Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығында қауымдық жер иелену және өте шағын шаруашылықтар басым. Негізгі азық-түлік дақылдарын шағын шаруашылықтар өндіреді. Арахисті сатып алу және сату 1962 жылы құрылған мемлекеттік мекеме - Ұлттық арахис қоғамының (СОНАРА) қолында. Ауыл шаруашылығын өркендету үшін Нигер кредит және кооперация одағы құрылған. Жерінің 12%-і егістік және көп жылдық дақылдар, 2%-і шалғын және жайылым. 5 мың га жері суарылады. Негізгі экспорттық дақылдары - арахис(1972 жылғы өнімі 270 мың т). Экспортқа мақта, темекі, көкніс өнімдері де шығарылады. Басты азық-түлік дақылдары тары (жері 1,5 млн. га, өнімі 580 мың т, 1972), сорго (500 мың га, 270 мың т), маниок (29 мың га, 149 мың т), қант қамысы, күріш (37 мың га, 27 мың т), батат.
1972 жылғы мал басы (млн.): мүйізді ірі қара 4, қой 2,6, ешкі 5,8, түйе 0,35, есек 0,4, жылқы 0,2, қүс 7. 1968-1973 жылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығына, әсіресе мал шаруашылығына едәуір зиянын тигізді. 1971 жылы 12,5 мың т балық ауланды (негізінен Чад көлі, Нигер және Комадугу-Йобе елдерінен).
Өнеркәсібі. Нигер өндірісінде уран кен орнының (1972 жылы 867 т уран концентраты) маңызы зор. Мұндағы уран рудасын франция-нигер компаниясы бірлесіп өндіреді (акциясының 33,5%-і - франңуз атом энергиясы жөніндегі комиссариатының және франңуз жеке меншік капиталының, 8,1 %-і Италия және Батыс Германия капиталының, 16,8%-і Нигер екіметінің үлесі). Аир үстіртінен қалайы (0,08 мың т концентрат, 1972), гипс, ас тұзы, сода (Манги, Агадес ауданынан) өндіріледі. 1972 жылы 45 млн. квт-сағ электр энергиясы өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі салаларының ішінде өнеркәсіп өнімінің 3/4-ін тамақ кәсіпорындары береді. Арахис тазалау, арахис майын өндіру зауыды (жалпы қуаты жылына 84 мың т), ұн тарту, күріш тазалау (6 мың т), 3 мақта тазарту зауыды, мата тоқу фабрикакасы, былғары зауыды, цемент зауыды т. б. кәсіпорындар бар.
Транспорты. Автомобиль жолының ұзындығы 10 мың км (кейбір деректер бойынша 18 мың км). Негізгі автомобиль жолдары - Ниамей - Досо - Маради - Зиндер. Зиндерден транссахара жолы Алжирге, Ниамейден Жоғары Вольтаға, Досодан - Дагомейге, Марадиден - Солтүстік Нигерияға - Чадқа өтеді. Автотранспорты Нигер транспорт ұлттық компаниясының, Дагомей және Нигер жалпы мекемесінің қарамағында.
Сыртқы саудасы. 1971 жылғы экспорты 10,55 млрд., импорты 14,97 млрд. африка франкісіне тең. Экспорт құнының 44%-іне жуығы арахис, 18,5%-і тірі мал, 18,4%-і уран концентраты. Басқа елдерден мақта-мата (импортының 1,5-і), машиналар (1/5-не жуық), мұнай өнімдері, қант әкелінеді. Басты сауда серіктестері - Франция (экспортының 50%-і, импортының 42,3%-і, 1971) және Нигерия (25%-і және 42,3%-і). Сыртқы саудасы Дагомея, Нигерия арқылы жүзеге асырылады. Ақша өлшемі - африка франкісі.
Денсаулық сақтау ісі. 1965-1970 жылдар 1 мың адамға шаққанда 52,2 бала туып, 23,3 адам өлді; бала өлімі көп - тірі туған әрбір мың балаға 200-ден келеді. Жұқпалы аурулар мен паразиттерден тарайтын аурулар басым. Елдің оңтүстік бөлігінде, әсіресе Нигер алқабында халықтың 90%-іне жуығы безгекпен ауырады. 1969-1970 жылдар 2 мың төсектік 67 аурухана (1 мың адамға 0,5 төсек), 7 емхана, 34 медициналық орталық, 112 диспансер болды. 1973 жылы 81 дәрігер (52 мың адамға 1 дәрігер) және 700-ден аса орта білімі бар медициналық қызметкерлері жұмыс істеді. 1970 жылы бюджеттің 8,1%-і денсаулық сақтау ісіне жұмсалды.
Оқу-ағарту ісі. 1970 жылы халқының 90%-і сауатсыз болды. Формальды түрде 7-15 жастағы балалар оқуға міндетті. Бастауыш мектепке (оқу мерзімі 6 жыл) 7 жастан қабылданады. Оқу мерзімі орта мектепте (лицей) 7 жыл, орталау мектепте (коллеж) 4 жыл. 1970-1971 оқу жылында бастауыш мектептерде 88,6 мың оқушы, орта мектептерде 6,5 мыңнан астам оқушы оқыды. Кәсіптік-техникалық білім бастауыш мектептер базасында жүзеге асады, оқу мерзімі 2-4 жыл (1970-1971 оқу жылында 188 оқушы оқыды). Мұғалімдер қалыпты мектептерде коллеж негізінен даярланады (4 жыл), 5 жыл бастауыш мектеп немесе бір жыл коллеж негізінен жұмыс істейтін педагогикалық курстар бар (1970-1971 оқу жылында 500-ге жуық оқушы болды). Ниамейде: Университет (1973 жылы құрылған), Ұлттық әкімшілік мектебі, Нигер Ұлттық музейі (1959), Ұлттық әкімшілік мектебі жанындағы кітапхана бар.
Әдеб.: Ольдерогге Д. А. Западный Судан в XV-XIX вв. М.-Л., 1960; Новейшая история Африки, 2 изд., М., 1968; Искусство Африки. под ред. Н. Е. Григоровича, М., 1967.
Жарияланған-2020-06-22 16:40:05 Қаралды-3274
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану