UF

МЕКСИКА (Мёjісо, Мехісо), Мексика Құрама Штаттары (Еstados Unidos Мехісаnоs) - Солтүстік Американың оңтүстік-батыс бөлігіндегі мемлекет. Солтүстігінде АҚШ-пен, оңтүстік-шығысында Гватемаламен және Белизбен шектеседі. Батысы мен оңтүстігінде Тынық мұхитымен, шығысында Атлант мұхитымен шайылады. Жері 1972,5 мың км2. Халқы 54,5 млн. адам. Астанасы - Мехико қаласы. Әкімшілік жағынан 29 штатқа, 1 федералдық округқа және 2 жеке аймаққа бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Мексика - федеративтік республика. Қазіргі конституциясы 1917 жылы 5 ақпанда қабылданған. Мемлекет және үкімет басшысы - президент. Оны халық 6 жылға сайлайды. Президентке кең өкілдіктер берілген. Ол жоғары мемлекет қызметкерлерін, штат губернаторларын тағайындап, орнынан босата алады. Заң шығару правосымен де пайдаланады. Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы да сол. Заң шығарушы Жоғары өкімет органы - парламент (Ұлттық конгресс). Ол екі палатадан - сенат және депутаттар палатасынан құралады. Депутаттар палатасын халық 3 жылға, ал сенатты 6 жылға сайлайды. 18 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы беріледі.

Сот жүйесі федералдық соттар (Жоғарғы сот, округтық және аудандық соттар) және штаттар соттарынан құралады.

Табиғаты. Мексика Солтүстік Америка Кордильерасының оңтүстік жағына және Орталық Америка Кордильерасының солтүстік бөлігінде орналасқан. Теңіз жағасы негізінен жатық келеді. Елдің көпшілік жерін Мексика таулы қыраты алып жатыр. Солтүстік-батысы - таулы Калифорния түбегі, оңтүстігі - Чьяпас және Оңтүстік Сьерра-Мадре тау массивтері, оңтүстік-шығысы - ойпатты Юкатан түбегі. Ең биік жері - Попокатепетль вулкан шоқысы (5452 м). Геологиялық құрылысы жөнінен Мексика территориясы негізінен Солтүстік Америка Кордильера қатпарлы белдеуінің құрамына кіреді. Шығыс жағалауы мен Юкатан түбегі палеозойлық қатпарлық тұғырлы жас платформаның бөлігі саналады; бұның үстіне мезозойлық, палеогендік, неоген-антропогендік қабаттар шоғырланған. Батыс және Оңтүстік Сьерра-Мадре құрылымында жоғарғы докембри мен палеозойдың кристалдық және метаморфтық жыныстары басым келеді. Шығыс Сьерра-Мадре жүйесі юра және бор әк тастарынан түзілген. Мексика таулы қыраты олигоцен мен миоцендік вулкан шөгінділерін жамылған. Елде неоген-палеогендік магматизм және вулканизм процестерімен байланысты мұнай, табиғи газ, іүсті металл рудалары кездеседі. Мұнай-газ кендері Мексика ишганатының мұнайлы-газды бассейніне бірігеді. Мыс., қорғасын, мырыш, күміс, сынап, мышьяк, сурьма, қалайы, вольфрам, алтын т. б. металл рудалары Мексика таулы қыратынан, Батыс, Шығыс және Оңтүстік Сьерра-Мадре массивтерінен табылған. Солтүстік-шығыс Мексикадан тас көмір, темір және уран рудалары, күкірт кендері ашылған.

Мексиканың көпшілік бөлігінің климаты тропиктік; солтүстігінде субтропиктік, солтүстік-батыс бөлігінде континенттік климат белгілері басым байқалады. Қаңтардың орташа температурасы 10°С (солтүстік-батысында), 25°С (оңтүстігінде). Мексика таулы қыратының солтүстігінде кейде ауаның температурасы -20°С-қа дейін төмендейді. Шілденің орташа температурасы 15°С (елдің қыратты бөлігінде), 30°С (Калифорния шығанағы жағалауында). Жауын-шашынның жылдық мөлшері солтүстігінде 100-200 мм, желді оңтүстік беткейлерінде 2000-3000 мм. Жер беті ағын сулары елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде өте жиі; Мексика таулы қыратының қуаң ішкі жағында және әк тас жыныстарынан түзілген Юкатан түбегінде ағын су мүлдем кездеспейді. Ең ірі өзені - Рио-Гранде, ең үлкен көлі - Чапала. Мексика жері негізінен сұр, қоңыр, кейде қызғылт, батпақты топырақты келеді. Өсімдік жамылғысы алуан түрлі; тек жоғары сатыдағы өсімдіктердің 12 мыңға жуық түрлері кездеседі. Мексика таулы қыратының солтүстік бөлігінде шөл және шөлейттік, оңтүстік жағында саванна, бұта өсімдіктер басым өседі. Мексиканың оңтүстік-шығысында тропиктік, шығыс беткейлерінде ылғалды мәңгі жасыл, батыс жағында қуаң қылқан жапырақты орман массивтері өседі. Мексика территориясында неарктикалық (солтүстік-батысында, Мексика таулы қыратында) және неотропикалық (оңтүстігінде) фауна түрлері тараған. Қара аю, жанат, қызыл сілеусін, маймыл, ягуар т. б. кездеседі. Өсімдік жамылғысын және жануарлар дүниесін сақтау және қалпына келтіру үшін Мексикада аса ірі Каньон-дель-Рио-Бланко, Кумбрес-де-Монтеррей, Ла-Малинче, Невадо-де-Толука, Сьерра-де-Сан-Педро-Мартир, Танситаро ұлттық қорық-парктері ұйымдастырылған. Табиғи жағдайының ерекшелігіне қарай Мексика жері - Мексиканың оңтүстік бөлігі, Юкатан түбегі, Мексика таулы қыраты, Ойпаттар және Калифорния түбегі аймақтарына бөлінеді.

Халқы. Негізгі тұрғындары - мексикалықтар. Ацтек, майя, цельтал, цоцил, хуастек, тотонак, михе, отом, миштек, масахуа т. б. үндіс тайпалары өз тілдерін, әдет-ғұрыптарын және ата-мекендерін сақтаған. Ресми тіл - испан тілі. Дінге сенушілердің 96%-і католиктер. Григориан календары қолданылады. Халықтың табиғи есуінің мөлшері (жылына 3%) жөнінен Мексика дүние жүзінде жоғарғы орындардың бірінде. Еңбек етуші халық 13 млн. (1970). Қала халқы 60% (1970). Ірі қалалары - Мехико, Гвадалахара, Монтеррей, Леон, Сьюдад- Хуарес.

Тарихы. Мексика жерінде адам жоғарғы палеолит заманында (б. з. б. 20-15 мың жылдың) пайда болды. Шамамен б. з. б. 1-мың жылдықтың орта шенінен бастап Орталық және Оңтүстік Мексикада орта мәдениет деп аталатын мәдениет қалыптаса бастады. Бұл мәдениет тұсында халық отырықшылыққа көшті, егіншілік, қол өнері, өнер, дін дамыды. Рио-Гранде, Колорадо өзендерінің алқабын мекендеген үндіс тайпалары б. з. б. 4-7 ғасырлары қарсаңында осындай даму сатысында тұрды; олар матриархат элементтері бар рулық құрылыста өмір сүрді. Біздің заманымыздың басында Орталық Американың солтүстік-батыс бөлігін Майя тайпалары қоныстанды. Кейінірек майя мәдениетінің орталығы Юкатан түбегіне ауысты, мұнда 10 ғасырда мәдениеттің жоғары сатысына жеткен өз алдына мемлекет болған қалалар (Чичен-Ица, Майяпан, Ушмаль) құрылды. Ольмектер, сапотектер, тотонактар т.б. майямен көрші болды. Орталық Мексикада б. з. 1-мың жылдығының 2-жартысында тольтектер мәдениеті жоғары дәрежеге жетті; олар күрделі құрылыстары мен скульптурасы бар үлкен қалалар салды. 2-мың жылдықтың басында науа тайпалары тольтек мәдениетін жойып жіберді. Олардың ішінде Теночтитланның (қазіргі Мехико к.) негізін қалаған, ал 15 ғасырда бүкіл Орталық Мексиканы өзіне бағындырған ацтектер де бар.

Американы бағындыруға аттанған испан экспедициясы 1517 жылы Мексиканың жағалауына келіп жетті; 1519 жылы елді жаулап алу үшін Э. Кортес бастаған отряд жіберілді. Куаутемок басшылық еткен үндістер испан басқыншыларына табанды қарсылық көрсетті, бірақ 1521 жылы олардың астанасы Теночтитланды жаулап алып, испандықтар 16 ғасырдың аяғына қарай Мексика жерін негізінен бағындырды. Тұрғылықты халықтың дені жерінен айрылды. Ауыр қанауға, ауруға, аштыққа ұшыраған үндістер көп өлді - испандықтар жаулап алған кездегі 25 млн-ға жуық үндістерден 1605 жылы 1 млн-нан астамы ғана қалды, олардың көбі құлға айналды.

16 ғасырдың 30 жылдарынан бастап бағалы металл өндіру отарлық экономиканың аса маңызды саласына айналды. Испан өкімет орындары өнім өңдеу өнеркәсібін дамытуға, көптеген ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге кедергі жасады, басқа мемлекеттермен сауда жасауға тыйым салды. Мұның бәрі отаршыларға қарсы қозғалыс тудырды. 1624, 1692 ж. Мехикода халықтың түрлі топтары, 1660 жылы Оахаки, 1761 жылы Юкатан, 1767 жылы Мичоакан үндістері испан үстемдігіне қарсы ірі-ірі көтерілістер жасады. Экономиканың дамуы, жалдамалы еңбектің тарауы капиталистік қатынастардың қалыптасуына жағдай жасады. Мексиканы отарлау барысында түрлі этникалық топтардың (Европадан келген адамдар, үндістер, жұмысшы күші жетіспегендіктен Африкадан әкелінген негр-құлдар) араласып сіңісуі нәтижесінде халықтың ортақ тілі мен діні туды. 19 ғасырдың басына қарай мексика ұлтының құрылуы үшін алғы шарт жасалды.

19 ғасырдың басында күшті азаттық қозғалыс өріс алды. Бұл қозғалыс Америкадағы испан отарларының тәуелсіздік жолындағы соғысының (1810-1826) бір бөлігіне айналды. 1810 жылы 16 қыркүйекте священник М. Идальго бастаған халық көтерілісі туды. 1811 жылдың басында көтерілісшілер армиясы жеңіліске ұшырады. Идальго өлтірілді. Азаттық күрес X. М. Морелостың басшылығымен қайта жалғастырылды. Бірақ отаршылар көтерілісшілердің басты күшін талқандады; Морелос те өлтірілді. Ірі помещиктер мен купецтер жоғарғы дін иелері А. Итурбиде басқарған әскери- бюрократтық басшы топ, бұрынғы мемлекеттік тәртіпті сақтап қалуға тырысып, Мексиканы Испаниядан бөліп алуды жақтады. Мұны қалың халық бұқарасы қолдады. Итурбиденің армиясы Мехиконы алды, 1821 жылы 28 қыркүйекте мұнда Мексика тәуелсіздігі жарияланды. Бірақ 1823 жылы наурызда Мексика империясы республикалық құрылысты жақтаушылардың қысымымен құлады. 1824 жылы қазанда конгресс конституция қабылдап, онда Мексика республика деп жарияланды.

Мексиканың отарлық езгіден азат етілуі елдің әкономикалық жағынан дамуына жағдай туғызды. Мексика шетел капиталының экономикалық экспансиясына душар болды. 20 жылдардың ортасында Мексикада үш ағылшын компаниясы қүрылды, ал 19 ғасырдың ортасында кен өндіру өнеркәсібі түгел дерлік, тоқыма кәсіпорындарының едәуір бөлігі т. б. ағылшын кәсіпқорларының қолында болды. Сонымен қатар экономиканың түрлі салаларына солтүстік американ және француз капиталы кіре бастады. Мексиканың өнеркәсіп жөніндегі даму дәрежесі төмен күйінде қалды, ауыл шаруашылығында қанаудың капитализм дәуіріне дейінгі формасы басым, ал елдің финанс жағдайы ауыр болды. 1833 жылы А. Санта-Ана өкімет басына келді; ол 1824 жылғы конституцияға тыйым салып, 1834 жылы диктатура орнатты. АҚШ 20 жылдардың басында Техасты отарлауға кірісіп, 1835 жылы техастық қоныс аударушылардың бүлігін ұйымдастырды, олар көп кешікпей Техастың Мексикадан бөлінетінін жариялады. 1846 жылы АҚШ Мексикаға қарсы соғыс ашты. Мексика халқы басқыншыларға ерлікпен қарсылық көрсетті. Дегенмен Мексика жеңіліске ұшырап, өз жерінің жартысынан көбінен айрылды.

Санта-Ананың ұлтқа қарсы саясаты халық бұқарасының ашуызасын келтіріп, революцияны жеделдетті. 1854 жылы Мексиканың оңтүстігінде көтеріліс бұрқ ете түсіп, елдің көп бөлігін тез қамтыды. Көп кешікпей көтеріліс революцияға ұласты. Оған шаруалар, қолөнершілер, қала кедейлері, ұсақ және орта буржуазия, интеллигенция белсене қатысты. 1855 жылы Санта-Ананың диктатурасы құлап, И. Комонфорттың либералдық үкіметі өкімет басына келді. 1856 жылы конгресс бірқатар антиклерикалдық заңдар, ал 1857 жылы жаңа конституция қабылдады. Конституция феодалдық қалдықтарға соққы беріп, буржуазия революцияның негізгі жеңістерін баянды етті.

1861 жылдың аяғы мен 1862 жылдың басында Ұлыбритания, Франция мен Испания Мексика реакциясына көмекке келіп, Мексикада қарулы интервенция бастады [Мексика экспедициясы (1861-1867)]. Француз интервенттері елдің астанасы мен бірқатар маңызды орталықтарын басып алып, Мексиканы империя деп жариялады; империяны австриялық эрцгерцог Максимилиан I басқарды. Мексика халқы басқыншыларға қарсы қаһармандықпен ұлт-азаттық күрес жүргізді. 1867 жылы наурызда интервенттер Мексиканы тастап шығуға мәжбүр болды.

Президент Хуарес өліп (1872), Лердо де Техада президенттік құрғаннан (1872-1876) кейін Мексикада П. Диастың клерикалдық-помещиктік диктатурасы орнады. Конституция, азаматтық бостандықтар іс жүзінде жойылып, конгресс қандай да болсын роль атқарудан қалды. Елге шетел, ең алдымен солтүстік америка капиталы ене бастады. Экономиканы негізінен шетел капиталы биледі. 1911 жыл қарсаңында елдің ұлттың байлығының 30%-ін ғана Мексика капиталы бақылады, ал 43%-і АҚШ-тың, қалғаны басқа мемлекеттердің үлесіне тиді. Феодалдық қалдықтардың сақталуы, шетел капиталының зорлық-зомбылығы капитализмнің дамуына, ұлттық буржуазия мен пролетариаттың өсуіне бөгет жасады. 20 ғасырдың басында Мексикада революциялық өрлеу туды. Оған шаруалар, жұмысшы табы, қаланың ұсақ буржуазиясы, орта буржуазияның кейбір бөлігі және онымен байланысты буржуазияланған помещиктер қатысты.

Феодалдық қалдықтарға, клерикалдық-помещиктік реакцияға, шетел империализмінің зорлық-зомбылығына қарсы буржуазия-демократиялық революция [революция 1910 жылы қарашада басталды; Мексика революциясы (1910-1917)] нәтижесінде 1911 жылы мамыр айында Диастың өкіметі құлады. Ф. Мадеро бастаған буржуазия мен либералдық помещиктер өкімет басына келді. Алайда 1913 жылғы ақпанда контрреволюциялық төңкеріс жасалды, соның нәтижесінде В. Уэртаның диктатурасы орнатылды. Елде Ф.Виль мен Ә.Сапатаның басшылығымен жаппай шаруалар қозғалысы өріс алды. В. Каррансо бастаған ұлттық буржуазия мен либералдық помещиктер де Уэртаға қарсы шықты. 1914 жылы шілдеде Уэрта билігі құлағаннан кейін Каррансо басшылық еткен буржуазия-помещиктік блок пен Виль мен Сапата басқарған революцияшыл шаруалар арасында қарулы күрес басталды. 1917 жылы 5 ақпанда кезінде прогресшіл роль атқарған конституция жарық көрді.

Революция латифундышылар мен шіркеудің жағдайын нашарлатып, шетел капиталының енуін тежеді, капиталистік қатынастарды дамытып, прогрестік өзгерістер жасауға мүмкіндік туғызды. Еңбек туралы заң, аграрлық реформа қабылданды. Россиядағы Ұлы социалистік революциясының ықпалымен мексика халқының 1917 жылғы конституцияда белгіленген өзгерістерді жүзеге асыру жолындағы күресі жандана түсті, шаруалар мен жұмысшылардың қозғалысы күшейді. 1918 жылы Мексика регионалдық жұмысшы конфедерациясы (КРОМ) ұйымдасты. 1919 жылы Мексика Коммунистік партиясы (МКП) құрылды. Оның белсене қатысуымен 1921 жылы Еңбекшілердің жалпыға бірдей конфедерациясы (келе-келе анархиялық синдикалистердің ықпалына түсті), 1924 жылы Американың антиимпериалистік лигасы, 1926 жылы Ұлттық шаруалар лигасы, 1929 жылы Мексика унитарлық кәсіподақ конфедерациясы құрылды. Бұқара халықтың қысымымен Мексиканың билеуші топтары 20 жылдарда дәйекті түрде болмаса да біраз прогресшіл бағытта саясат жүргізді. Аграрлық реформалар мен антиклерикалдық шараларды жүргізу, шетел капиталының жағдайын тежеуге әрекет жасау, Обрегон (1920-1924) мен Кальестің (1924-1928) буржуазия-помещиктік үкіметтерінің тәуелсіз сыртқы саясат жүргізуге ұмтылуы ұлт мүддесіне сай келді. 1924 жылы Мексика Америка елдерінде бірінші болып Совет Одағымен дипломатиялық қатынас орнатты.

Бірақ реакциялық топтар мен шетел компанияларының қысымымен және жұмысшылар мен шаруалар қозғалысынан шошынған Кальес үкіметі және одан кейінгі үкіметтер 20 жылдардың аяғында - 30 жылдардың басында саяси бағытты күрт өзгертті. Олар аграрлық реформаны жүргізуді тоқтатты, шіркеумен тіл табысты, америка монополияларының мүддесіне нұқсан келтіретін мұнай концессиялары туралы статьяларды қайта қарады, бұқаралық қозғалысқа қарсы жазалау шараларын қолданды. 1929 жылы МКП-ге тыйым салды. 1930 жылы Мексика үкіметі Совет Одағымен дипломатиялық қатынасты үзді.

Билеуші топтардың реакцияшыл саясаты және еңбекшілердің жағдайының күрт нашарлауы 30 жылдардың басында революциялық қозғалысты күшейте түсті. Осындай жағдайда 1934 жылы ұлттық-революция партияның (ҰРП, 1929 жылы құрылған) радикалдық қанатының өкілі Л. Карденас-и-делъ-Рио президент болып сайланды. Карденас үкіметі (1934-1940) антифеодалдық және антиимпериалистік сипатта маңызды өзгерістер жасады. Шаруаларға 18 млн. га-ға жуың жерді бөліп берді, демократиялық бостандықтарды қалпына келтірді. МКП ашық жұмыс істей бастады. Бірқатар кәсіподақ ұйымдары 1936 жылы Мексика еңбекшілерінің конфедерациясына бірікті.

2-дүние жүзілік соғыстың (1939-1945) басында үкімет Мексиканың бейтараптылығы туралы мәлімдеді. Бірақ фашистік қауіп күшейе түскеннен кейін, 1941 жылы желтоқсанда Германиямен, Италиямен және Жапониямен дипломатиялық қатынасты үзіп, 1942 жылы мамырда оларға соғыс жариялады. 1942 жылы қарашада Мексика мен СССР арасындағы дипломатиялық қатынас қалпына келтірілді.

2-дүние жүзілік соғыстан кейін Мексиканың экономикасы өрлей түсті. Елдің экономикалық дамуының негізгі игілігін билеуші таптар, негізінен соғыс кезінен бастап, шетел күрделі қаржысының көптеп жұмсалуына кең жол ашқан буржуазияның белгілі бір топтары пайдаланды. Олар шетелдермен, негізінен америка монополистік компанияларымен экономикалық ынтымақты бұрынғыдан күшейте түсті. 1957-1959 жылдары елдегі семьялардың жалпы санының 5%-і ұлттық табыстың 36%-іне, ал семьялардың 56%-і не бары 19%-іне ие болды. Деревнядағы жағдай өндіріс көлемінің біраз өскеніне қарамастан көп өзгермеді. Өйткені аграрлық реформаны жүргізу барысында 1915 жылдан кейін шаруаларға бөліп берілген жерлер өңдеуге онша жарамды болмады номесе мүлде жарамсыз болды. Осындай жағдайда таптық қайшылық ушығып, демократия мен реакция күштерінің арасындағы күрес күшейе түсті. 1950 жылы ереуіл қозғалысы өріс алды. Еңбекші бұқара, ұсақ және орта буржуазияның кейбір бөлігі шетел монополияларымен және олармен ынтымақтас ірі мексикан буржуазиясының езгісіне қарсы батыл қарсылық жасады. Мұның бәрі үкіметке едәуір әсер етті. Президент А.Руис Кортинес (1952-1958) өкімет басына келгеннен кейін коррупцияға қарсы шаралар қолданылды. 1953 жылы әйелдер еркектермен бірдей саяси праволар алды. Мексика халықаралық салада дербес саясат жүргізе бастады. 1958 жылы Америка мемлекеттері ұйымы (АМҰ) мен Солтүстік-атлантикалық блок арасында байланыс орнатуға қарсы шықты.

1957 жылы Мексиканың экономикасы уақытша тоқырап қалды. Соның салдарынан жұмыссыздар саны көбейді, баға қымбаттады, нақты жалақы кеміді. Тап қайшылығы қайтадан ушықты, ереуіл қозғалысы кең өріс алды, шаруалар жаппай бас көтерді. Билеуші топтар ереуілді ашықтан-ашық жаныштауға кірісті.

Лопес Матеос үкіметі (1958-1964) бірсыпыра жағдайда Америкамен сыбайлас реакцияшыл күштермен ауыз жаласып, келісімге келді. Сонымен қатар Куба революциясының ықпалы және ішкі демократиялық күштердің талабымен 1960 жылы электр энергетикасы кәсіпорындарын мемлекет қарамағына алды, 1961 жылы кен өнеркәсібін «мексикаландыру» жөнінде заң қабылдады, АҚШ пен АМҰ-ның Куба революциясына (1962) қарсы әрекеттерін қолдаудан бас тартты, Президент Г.Диас Ордас (1964-1970) экономиканың мемлекеттік секторын күшейту саясатьін жургізді, сонымен қатар жеке меншікті капиталистік кәсіпорындарды ұлғайтуға күш салды.

1970 жылы өкімет басына келген Л. Эчеверриа үкіметі 1971 жылы аграрлық реформа туралы заң, 1972 жылы жаңа сайлау заңын, 1973 жылы Мексика күрделі қаржысын ынталандырып, шетел күрделі қаржысын реттеу туралы заң қабылдады, жұмысшылар үшін тұрғын үй құрылысы қорын жасады, мемлекеттік қызметшілері ушін 5 күндік жұмыс аптасын белгіледі. Сонымен қатар кәсіподақ, шаруалар, студенттер т. б. ұйымдарға бақылауды күшейтті. Мексиканың АҚШ-тан сауда-экономикалық тәуелсіздігін кемітуге жағдай жасау үшін сыртқы саяси қызметін күшейтті. Мексиканың Батыс Европа елдерімен, Жапониямен, бірқатар Латын Америкасы елдерімен сыртқы сауда байланысын ұлғайтты; Совет Одағымен, басқа да социалистік елдермен қарым-қатынасты дамыту жөнінде шаралар қолданды. 1972 жылы Мексика Қытай Халық Республикасымен, 1973 жылы Герман Демократиялық Республикасымен, Румыниямен дипломатиялық қатынастар орнатты.

Саяси партиялары, кәсіподақтары, басқа да қоғамдық ұйымдары. Институциялық-революциялық партия (ИРП) (Конституциялық-революция партия деген атпен де белгілі), 1929 жылы құрылған. 1929-1938 жылдар Ұлттық-революция партия, 1938-1946 жылдар Мексика революциясының партиясы деп аталды. Билеуші партия. Ұлттық буржуазияның мүддесін көздейді. 8,5 млн. мүшесі (1973) бар. Ұлттық қимыл партиясы, 1939 жылы құрылған. Ірі финанс және сауда буржуазиясының, помещиктер мен клерикалдардың мүддесін көздейді. 200-ден 300 мыңға дейін (түрлі мәлімет бойынша) мүшесі бар. Мексика революциясының нағыз партиясы, Мексика революциясына (1910-1917) қатысушылар 1957 жылы құрған. 50 мыңға жуық мүшесі (1973) бар. Синаркистердің ұлттық одағы, 1937 жылы құрылған фашистік бағыттағы реакцияшыл ұйым (мүшелерінің саны туралы дерек жоқ). Социалистік халық партиясы, 1948 жылы құрылған (1960 жылы қазанға дейін Халық партиясы деп аталған).

Қала мен деревнядағы ұсақ буржуазия өкілдерін, қолөнершілерді, демократиялық интеллигенцияны, жұмысшылар мен шаруалардың бір бөлігін біріктіреді. 200 мыңға жуық мүшесі (1973) бар. Мексика Коммунистік партиясы (МКП), 1919 жылы құрылған.

Ең ірі кәсіподақ бірлестіктері: Мексика еңбекшілерінің конфедерациясы, 1936 жылы құрылған. 1,8 млн. мүшесі бар. Ерікті кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясына кіреді; Мексика жұмысшылары мен шаруаларының жалпыға бірдей одағы, 1949 жылы құрылған, 300 мың мүшесі бар. Кәсіподақтардың бүкіл дүние жүзілік федерациясына кіреді. Мексика жұмысшыларының регионалдық конфедерациясы, 1918 жылы құрылған. 120 мың мүшесі бар; Мемлекет қызметшілері кәсіподақтарының федерациясы, 1938 жылы құрылған. 350 мың мүшесі бар; Жұмысшылар мен шаруалардың революциялық конфедерациясы, 1918 жылы құрылған. 120 мың мүшесі бар; Еңбекшілердің жалпыға бірдей конфедерациясы, 1921 жылы құрылған. 18 мың мүшесі бар. Еңбекшілердің революцияшыл конфедерациясы, 1954 жылы құрылған. 10 мың мүшесі бар. Еңбек конгресі, 1966 жылы құрылған. 26 кәсіподақты біріктіреді. Тәуелсіз шаруалар орталығы, 1963 жылы құрылған. 500 мың мүшесі бар. Мексика әйелдерінің ұлттық одағы. Чили мен ынтымақтасудың тұрақты комитеті. Бейбітшілікті қорғау қозғалысы. «Мексика - СССР» мәдени байланыс институты т. б.

Экономикасы. Мексика - Латын Америкасындағы экономикасы дамыған елдердің бірі. 2-дүние жүзілік соғыс кезінде АҚШ-ты өндірістік шикізатпен, азық-түлікпен және жұмысшы күшімен қамтамасыз етіп тұрды.

Соғыстан кейінгі жылдарда елдегі өнеркәсіп өндірісінің даму қарқыны (жылына 6-7%) өте күшті болды. Темір жол транспорты мен байланыс мекемелері, электроэнергетика, мұнай-газ өндіру, мұнай айыру және металлургиялық, мұнай-химиялық өнеркәсібінің кейбір кәсіпорындары мемлекеттік капиталистік сектор қарамағында; Мексиканың экономикасындағы барлық күрделі қаржының 50%-і осы сектордың үлесіне тиеді. Мемлекеттік сектордың ұлғаюына үкіметтік «Насьональ финансьера» финанс кредиттік мекемесінің (1934 жылы құрылған) тигізетін ықпалы күшті. Даму жолына түскен елдер арасында Мексика өзінің өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылық товарлы салаларының экономикадағы жоғарғы үлесімен, экспорттың әр түрлілігімен, игерілген жаңа аудандар мөлшерімен ерекше көзге түседі. Дүние жүзілік капиталистік шаруашылықта Мексика хенекен талшығын өндіруден 1-орын, күміс өндіруден 4-орын (Канада, АҚШ, Перуден кейін) алады. Мексика - мырыш, қорғасын, күкірт, сынап, қант, мақта, кофе өндіруші және экспортқа шығарушы басты 10 елдің бірі. Ел экономикасында шетел капиталының ықпалы күшті; 1970 жылғы шетел инвестиция мөлшері 2,8 млрд. долларға жетті, оның 3/4-і АҚШ капиталы. 1971 жылы Мексика ішіндегі шетелдік жеке меншік капиталы 2775 млн. доллар болды. Осы жылғы жалпы ұлттық өнім құны 23,9 млрд. долларға теңелді. Дамыған экономикалық аудандар (Мехико, Гвадалахара, Монтеррей агломерациялары) бүкіл Мексика территориясының 10%-іне шоғырланған.

Өнеркәсібі. Аса маңызды салалары - мұнай айыру, мұнай химиясы, түсті металлургия. Федералдық округқа, Халиско және Нуэво-Леон штаттарына Мексика өңдеу кәсіпорындарының 1/2-і және осы саладағы күрделі қаржының 65%-і шоғырланған; өңдеу енеркәсібі өнімі құнының 70%-і осында өндірілді. 60 жылдардың аяғында жүргізілген тау-кен өндірісін «мексикалау» саясатының нәтижесінде, бұл саладағы шетел компаниясының үлесі 75%-тен 10%-ке дейін азайды. Мексиканың экономикасында мұнай-газ өнеркәсібінің маңызы өте зор. 1970 жылғы бүкіл Мексика отын-энергетика балансының 93%-і мұнай мен газдың үлесіне тиді. Мұнай-газ өндіруші және оны айырушы басты орталықтар Мексика шығанағы жағалауында, әсіресе Тампико және Поса-Рика-де-Идальго қалалары атырабының маңызы күшті. Елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде теңіз айдынынан мұнай өндіру қалыптасып келеді. Мексика таулы қыратында ауыр түсті металл рудалары, Дуранго атырабында (Серро-де-Меркадо кені) темір рудасы, Теуантепек мойнағында күкірт, Солтүстік Мексика, Орталық Мексикада күміс, алтып, сынап, мыс, мырыш, қорғасын өндіріледі.

Жұмыс істейтін электр станциялар куаты 8 млн. квт (1971), оның 42%-і СЭС-тер үлесіне тиеді. Ірі Мальпасо СЭС-нің қуаты 720 мың квт (1-кезегі), Инфернильо СЭС-і 627 мың квт.

Мұнай айыру және мұнай-химия зауыдтары Мексика шығанағы жағалауындағы елді мекендерде ашылған. Мехико және Саламанка қалалары да бұл саладагы ірі орталықтар. Мұнай айыратын елдегі ірі 6 заводтың қуаты 31,2 млн. т. Олар 1973 жылы 23 млн. т мұнай өнімдерін шығарды; оның жартысы - мазут және дизел отыны, 40%-і бензин жөне басқа ашық түсті сұйық өнімдер. Мексика мұнай-химия өндірісі синтетикалық талшық (1972 жылы 116,3 мың т), минерал тыңайтқыштар (0,5 млн. т) шығарады. 1972 жылы Мексика түсті металлургиясы 59,6 мың т мыс, 39,5 мың т алюминий, 161,3 мың т кесек қорғасын, 87,4 мың т мырыш өндірді. Ірі кәсіпорындары - Мехико элекролиттік мыс, Веракрус алюминий зауыдтары. Қара металлургия кәсіпорындары Монтеррей, Монклова қалаларында және Мехико атырабында шоғырланған. Бальсас өзені алабында Лас-Тручас кен-металлургиялық комплекс салынуда (1974). Мехико, Толука, Пуэбла қалаларында автомобиль құрастыратын, Пуэбла, Орисаба, Кордова қалаларында мата тоқу, Мехико Гвадалахара қалаларында тамақ, Морелос, Синалоа, Веракрус, Тамаулипас штаттарында қант өндірісі кәсіпорындары орналасқан.

Ауыл шаруашылығы. Мексиканың ауыл шарушылығы ел тұрғындарын азық-түлікпен, өнеркәсіптік шикізатпен толық қамтамасыз етуге негізделген; оған қосымша Мексика экспорт құнының 2/4-сі ауыл шаруашылық өнімдерінен құралады. Ауыл шаруашылық жері 169 млн. га; оның 103 млн-ы жеке меншік қарамағында. Өңделетін жері 24 млн. га, мал жайылымы 79 млн. га. 1971 жылғы егістігі 16 млн. га болды; оның 4 млн. га-сы суармалы егістік. Егін суару үшін елде 400 су бөгені (көлемі 85 млрд. м3) салынған. Суармалы егіс мөлшері әсіресе Колорадо, Рио-Браво, Фуэрте өзендерінің төменгі ағыстары бойында, Кульякан, Торреон қалалары атырабында басым келеді. Басты дақылдары - жүгері (негізгі азық-түлік дақылы, суарылмайтын аймақтарда егіледі), бидай (негізінен солтүстік Мексиканың тынық мұхиттық штаттарында, Леон қаласы атырабында), күріш (Морелос штатында, Оңтүстік Мексиканың теңіз жағалауында), мақта (Мексиканың солтүстік- батысында, Рио-Браво өзенінің төменгі ағысы бойында, Ла-Лагуна атырабында), қант қамысы (Оңтүстік Мексикада), кофе (елдің оңтүстік бөлігіндегі таулы өңірде), агава-хенекен (Юкатан түбегінің солтүстік шағында), овощ, цитрус жемістері, ананас т. б. егіледі. 1972 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 25,8, қой 5,5, шошқа 12,3. Жылына жүздеген мың мал (1970 ж. 934 мың бас) бордақылау және сою үшін АҚШ-қа айдалады. Ірі қалалар атырабында етті-сүтті мал (мүйізді ірі қара жопо шошқа), таулы аудандарда қой шаруашылығы қалыптасқан.

1970 жылы Мексикада 5,5 млн. м3 ағаш дайындалды. Орман массиві елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде және Батыс Сьерра-Мадре тауы беткейлерінде қалыңдау. Жылына 300-400 мың т балық дайындалады. Балық аулау порттары және балық өңдеу кәсіпорындары Тынық мұхиттың Солтүстік Мексикалық жағалауында шоғырланған.

Транспорты. Темір жол ұзындығы 24 мың км; оның 20 мыңдайы пайдаланылады. Тас жолдары 82 мың км. Ел экономикасында құбыр транспортының маңызы күшті; ірі құбырлар мұнай-газ бассейндерін ірі өнеркәсіпті және портты қалалармен жалғастырады. Әуе жолдарының ұзындығы 102 мың км; үлкен аэропорттары - Мехико, Веракрус, Мерида, Монтеррей. Теңіз транспортымен Мексика экспорт жүтінің 54%-і, импорттық өнімдердің 31%-і тасылады. Порттарының 1971 жылғы жүк айналымы - түсіру бойынша 20 млн. т, тиеуден 15,5 млн. т. Маңызды порттары - Тампико, Веракрус, Коацакоалькос, Салина-Крус, Гуаймас.

Сыртқы экономикалық байланыстары. Мексика сыртқы саудасы - сауда балансының дефицитімен сипатталады. 1972 жылғы Мексика экспорты 1821,4 млн., импорты 2952,1 млн. долларға тең болды. Экспортқа мақта, кофе, күкірт, қант, мал, минералдар мен металдар, өңдеу өнеркәсібінің кейбір өнімдері шығарылады. Басқа елдерден машина және өндіріс жабдықтарын (импортының 40,8%-і), өнеркәсіп шикізатын (39,2%-і), тұтыну товарларын (6,6%-і) сатып алады. Басты сыртқы сауда серіктестері - АҚШ (экспортының 70%-і және импортының 60%-і үлесіне тиеді), Жапония (4,7%, 3,9%). Көрші Латын Америкалық елдермен және Жалпы рынок мүшелерімен де экономикалық қарым-қатынасы жақсы. Социалистік елдермен сыртқы саудасы кеңеюде. 1972 жылы туризмнен 730,4 млн. долл. түсім түсті. 1971 жылы Мексикада 2,5 млн. шетел турисі болды. Ақша өлшемі - песо.

Мексика территориясы, белгілі экономика салаларының қалыптасуына байланысты - Орталық (федералдық округ, Мехико, Пуэбла, Керетаро, Гуаяахуато, Идальго, Морелос, Тласкала штаттары кіреді), Мексика шығанағы жағалауы (Тамаулипас, Веракрзш, Табаско штаттары), Солтүстік (Нуэво-Леон, Коауила, Чиуауа, Сант-Луис-Потоси, Сакатекас, Дуранго, Агуаскальентес штаттары), Солтүстік тынық мұхиттық (Сонора, Синалоа, Наярит, Төменгі Калифорния штаттары және Төменгі Калифорния территориясы), Орталық тынық-мұхиттық (Халисқо, Мичоакан, Колима штаттары), Оңтүстік тынық мұхиттың (Герреро, Оахака, Чьяпас штаттары), Юкатан (Юкатан, Кампече штаттары, Кинтана - Роо аймағы) экономикалық аудандарына бөлінеді.

Денсаулық сақтау ісі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының 1970 жылы мәліметі бойынша әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 43,4, адамның өлімі 9,9; әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 68,5. Өмірдің ұзақтығы 62,4 жас. Елде инфекциялы және паразиттік патология көп тараған. Денсаулық сақтау мекемелері әр түрлі аурулармен күресу жөнінде бірталай нәтижеге жетті. Мыс., шешек, сары қызба, безгек аурулары едәуір азайды. Жаппай вакцина егу нәтижесінде полиомиелитпен ауру саны кеміді. Бірақ дизентерия, сүзек, қылау, күл, қызылша, көкжөтел сияқты аурулар жиі кездеседі. Мексиканың субтропикалық Юкатан штаттарында алапестің ошағы, сондай-ақ ішек-қарын аурулары да жиі кездеседі. Инфекциялы емес аурулардан: диабет, эндемиялық бұғақ, жүрек қан-тамыр жүйесінің аурулары, қатерлі ісік аурулары да жиі ұшырасады.

Мексикада түрлі аурулардың таралуы азық-түліктің жетіспеуінен болады. Мексикада 1968 жылы 86,1 мың төсектік 3055 аурухана (1000 тұрғынға 2,0 төсектен), ана мен бала денсазшығын сақтайтын 939 орталық, 780 денсаулық сақтау лабораториялары болды. 1970 жылы елде 39,1 мың дәрігер (1,3 мың тұрғынға 1 дәрігер), орта білімді медицина қызметкерлер жұмыс істеді. Медицина кадрларды университеттің 4 медицина факультеті және 16 медицина мектеп даярлайды. Денсаулық сақтау ісіне 1970 жылы 5,7% қаржы жұмсалды. Мексикада Акапулько, Куэрнавака, Орисаба, Веракрус т. б. курорттар бар.

Оқу-ағарту ісі. Оқу-ағарту ісін федералдық өкіметтер, штаттар өкіметі және муниципалитеттер басқарады. Діни ұйымдардың мектеп ашуына тыйым салынған, дегенмен балалар мен жастарды тәрбиелеу ісіне шіркеу әлі де әсер етуде. Негізгі міндеттердің бірі - үндістердің сауатын ашу. Сауатсыздықпен күрес 1944 жылы басталған, 1970 жылы сауатсыздар саны 24%-ке кеміген. 4-6 жастағы балалар үшін балалар бақшалары бар (1969 жылы онда мың бала тәрбиеленді). 6 жылдық бастауыш білім міндетті және ақысыз, бірақ 1968 жылы 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың 29%-і негізінен тұрмыс жағдайларына байланысты мектепке бара алмады. Орта мектеп 5 жылдық - 2 циклден (3 және 2 жыл) құралады: 1) жалпы білім беретін аралық немесе аралық техникалық мектептер; 2) университетке даярлайтын жалпы білімдік немесе ұлттық политехникалық институтқа даярлайтын техникалық мектептер. 1968 жылы жалпы білімдік аралық орта мектептерде 758,8 мың, техникалық аралық мектептерде 110,3 мың, университетке даярлық мектептерінде 18,9 мың оқушы оқыды. 1968 оқу жылында педагогикалық училищелерде 44,5 мың оқушы, өндірістік, ауыл шаруашылық, көркемөнер училищелерінде (6 жылдық бастауыш мектептер базасында) 25,3 мың оқушы оқыды. Мексикада 38 жоғары оқу орны бар, 1969 жылы оларда 188 мың студент оқыды. Мексикада 26 кітапхана, оның ең ірісі Мехикодағы Ұлттық кітапхана (1833 жылы құрылған, кітап қоры 800 мың данадан астам); 30 музей бар, оның көрнектілері қазіргі өнер музейі, Ұлттық антропология музейі, Ұлттық тарих музейі, Мексика флорасы мен фаунасының музейі, Сан-Карлос бейнелеу өнері меп мүсін галереясы.

Ғылым және ғылыми мекемелер. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдар. Мексиканың байырғы (16 ғасырға дейін) халықтарының ішінде ғылымды едәуір меңгерген майялар болды. Олар санның жиырмалық жүйесін қолданып, нөл жөніндегі ұғым мен санаудың, айдың ұзақтығын өте дәл есептеудің күрделі түрлерін шешуде абак тәріздес есептеу құрылғысын пайдаланды. Майялар жасаған күн календарымен жыл санау жүйесі тольтектер мен ацтектер т. б. Мексика халықтары арасында кеңінен тараған. Олар жылдың, айдың ұзақтығын өте дәл есептеп, күн мен айдың тұтылуын анықтай білген. Астрономиялық бақылаулар үшін арнайы ғимараттар салған. Планеталар жөнінде мағлұматтары болған. Медицинада, әсіресе диагностика, хирургия, фармакология салаларында едәуір практикалық нәтижелерге жетеді. Күрделі операцияларда наркотиктерді қолданып, өсімдіктің 400-ден астам түрінен дәрі-дәрмек жасады. Испандықтардың Мексиканы отарлауы үндіс халықтарының мәдениетіне орны толмас орасан нұқсан келтірді. Отарлау дәуірінде (16-19 гасырлардың бас кезі) жаратылыс тану ғылымдары Европалық, әсіресе Испания ғалымдарының күшімен дамыды. Олар Мексиканың табиғатын зерттеуге елеулі үлес қосты. 16 ғасырдың 1- жартысында тұңғыш жоғары оқу орындары: Санта-Крус мектебі (1536 ж.), Мехикодағы университет (1551) ашылды. 17 ғасырдың аяғындағы Мексика ғылымының ірі өкілі король космографы, астрономия мен география, геодезия, картография және ацтектер мен майя халықтарының тарихы женіндегі еңбектердің авторы К. де Сигуэнса-и- Гонгора болды. 18 ғасырдың жартысында Корольдық хирургиялық мектеп (1768) пен Ботаникалық бақтың (1788) негізі қаланды. 1792 жылы Корольдық тау-кен мектебі ұйымдастырылды. 1801 жылы ванадийді ашып, оны эритрони деп атаған А. М. дель Рио осында жұмыс істеді. Географиялық, астрономия-геодезиялық, ботаника және медицина зерттеу салаларында озат ғалымдар Париж ҒА-ның мүшелері, жаратылысты зерттеуші X. А. Альсате және Америкадағы тұңғыш ғылыми медициналық журналды шығарушы дәрігер және математик X. И. Бартолаче болды. 18-19 гасырлар аралығында А. Гумбольдт ғылыми жұмыс жүргізіп, Мексиканың жас ғылымының дүние жүзілік жаратылыс тану ғылым жүйесіне қосылуына ықпал етті. 1822 жылы флора және фауна музейі ашылды, медицина ғылымы дамыды: алапес (Р. Лусио), сары ауру (А. Альварадо) жөнінде зерттеулер жүргізілді, хирургия (И.Эскобедо, М. Хименес, Ф. де Ока) өрлеу жолына түсті. 1890 жылы Ф. Альтамираноның басқаруымен физиология лабораториясы құрылды. 1858 жылы «Мексика республикасының тарихи географиялық атласы» (Г. Кубас), 1889 пайдалы қазба байлықтар картасы, 1892 жылы Мексиканың сейсмикалық картасы жасалды. 1878 жылы Ф. Д. Коваррубиасаның басқаруымен Ұлттық астрономиялық обсерваторияның негізі қаланды. 1891 жылы Геологиялық институты құрылды. 1910-1917 жылдар буржуазия революциядан кейін нерв импульсы, орталық нерв жүйесі және жүрек физиологиясы жөніндегі еңбектердің авторы А. Гозенблютпен бірге кибернетиканың негізін салушылардың бірі Н. Винер жұмыс істейді. Медицинада кардиология (И. Чавес, А. Гозенблют), дерматология (Г. Сисеро, Г. Эррихои), офтальмология (И. Очетерен, X. Л. Тороэлья), гематология (И. Г. Гусман), нейрохирургия (К. Гоблес) салаларында ірі зерттеулер жүргізілді. Мексикада бидайдың жоғары түсімді сорттары шығарылып, дамушы елдерге таратылуы, «жасыл революцияға» бастама болды (Н.Э.Борлоуг 1970 ж. Нобель сыйлығын алды). 1942 жылы Математика институты ұйымдастырылды. Теориялық және эксперименттік физика саласындағы зерттеулер физикалық институтында (1938) және Политехникалық институттың зерттеу орталығында жүргізіледі. 1970 жылы Мексикада зерттеу реакторы, үдеткіші, есептеу орталығы бар Атомдық орталық жұмыс істей бастады. Химиялық саласындағы зерттеулер химиялық институтында (1941); өндіріс лабораторияларында жүргізіледі. Гидроэнергетикалық құрылыс пен ірі суландыру жүйелерін жасауға байланысты зерттеулер кең өріс алды. 1965 жылы Мексиканың өз күшімен 60-тан астам плотина жобаланып, салынып болды.

Қоғамдық ғылымдар. Философия. Мексиканың отар ел болған кезінде философиялық идеялар орта ғасырдағы Европалық идеологияның, ең алдымен схоластиканың күшті ықпал етуімен қалыптасты. Қолтума тұңғыш философиялық еңбектің авторы А. де ла Веракрус болды. 16-17 ғасырлардың аяғында Мексикаға европалық гуманизмнің (К. де Сигуэнса-и-Гонгора т. б.) идеялары ене бастады. Испаниядан тәуелсіз болу үшін жүргізілген соғыс кезінде елде француз философтарының революцияшыл-материалистік идеялары тарады. 19 ғасырдың 1-жартысында Мексикада негізгі екі бағыт: схоластика мен рационалистік материалистік идеялар арасындағы күрес етек алды. Осы кездегі материалистік философияиың көрнекті өкілі мексиканың Вольтері деп аталған И. Рамирес болды. 1854-1860 жылдардағы буржуазия революцпядан кейін Мексикада позитивизм идеялары тарай бастады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында позитивизм билеуші доктринаға айналды. Мексикада философиялық идеялардың даму тарихы жайында (А. Гивера, Э.В.Тельес) тұңғыш ірі зерттеулер пайда болды. 19 ғасырдың 70 жылдарынан бастап маркстік идеялар тарай бастады. 20 ғасырдың 1- жартысында тозығы жеткен позитивизмнің орнына интуитивизм, неокантшылдық, экзистенциализм келді.

Л. Карденас-и-дел-Гио президент болған кезде елде социалистік идеяларды насихаттауға біраз жағдай туды. Бұл жағынан 1936 жылы ашылған «Жұмысшы унивесритетінің» зор мәңі болды 2-дүние жүзілік соғыстан кейін Мексикада буржуазия философияның түрлі ағымдары неосхоластика, неокантшылдық (Ф. Ларройо т. б.), Ортеге-и-Гасет ілімі т. б. тарады. Қазіргі кездегі Мексика философтарының еңбектерінде философиялық ой тарихын зерттеу үлкен орын алады. 1963 жылы Мексикада Халықаралық философиялық конгресі болды. Мексика марксистерінің зейіні елдің қоғамдық дамуына, жұмысшы табының революция қозғалысына ұлт-азаттық күресіне аударылған. Философ-марксистердің белгілілері - Э. де Гортари, А. С. Васкес т. б. Философия факультеті бір қатар университеттерде бар. Ұлттық автономиялы университетте философиялық факультеттен басқа Философиялық зерттеу институты жұмыс істейді.

Экономика ғылымы. Мексикада экономикалық ой-пікір 19 ғасырдың 1-ширегінде, елдің тәуелсіздік алу кезеңінде қалыптаса бастады. Бірақ ол 20 ғасыр да ғана жемісті даму жолына түсті.

20 ғасырдың басында Мексиканың көптеген экономистері шетел монополияларының озбырлығына қарсы күресті, феодалдық қалдықтарды жою проблемаларына баса назар аударды. 60-70 жылдары Мексикада экономикалық ой-пікірдің үш бағыты пайда болды. Алғашқы бағыттың өкілдері билеуші Институциялық-революциялық партияның экономикалық ресми доктринасын жасады (Л. Солис, Д. Ибарра, В. Л. Уркиди, Д. Лопес Госадо т. б.). Бұлар Мексика экономикасына шетел капиталын енгізу арқылы ғана мемлекеттік секторды ұлғайтуға мүмкіндік туады деп есептеді. Ал екінші бағыт өкілдері - демократияшыл-либерал экономистер елдің экономикасы дамуындағы кемшіліктерді ашуға тырысты. Көптеген экономистердің (Э. Падилья Арагон, Флорес де ла Пенья, А. Бонилья т. б.) еңбектері ауыл шаруашылығын техникамен жабдықтау, ирригациялық жұмысты жақсарту арқылы аграрлық проблеманы шешу мәселесіне арналды. Үшінші - прогресшіл бағыт өкілдері Мексика экономикасының американ монополияларынан тәуелсіз болуы, халык бұқарасының тұрмыс дәрежесін көтеру үшін күреседі, елде экономикалық кайта құрулар қажеттігін дәлелдейді (X. Луис Сесенья, Р. Рамирес Гомес, А. Агилар Монтеверде, Ф. Кармона). Олар өздерінің зерттеулерінде, онша дәйекті болмаса да, марксистік методологияны қолданды. Университеттердің экономика факультеттері, Ұлттық политехникалық институты, Монтеррея технология және жоғары білім беру институты т. б. елде экономика ғылымын зерттеу орталығы бар.

Тарих ғылымы. Мексикада тарих ғылымы 18 ғасырдың соңғы үшінші бөлігінде, иезуиттер Ф. X. Алегре, А. Каво, Ф. X. Клавихероның көне үндіс мәдениетін жоғары бағалаған тарихи еңбектері шыққан кезде дами бастады. Ағартушылар X.А.Альсате, X.Б.Диас де Гамарра-и-Давалос Мексика тарихын зерттеумен шұғылданды. 19 ғасырдың 1-жартысында Мексика азаттығы үшін болған соғыстар буржуазия-либерал тарихшылар К. М. Бустаманте, Л. де Савалы, X. М.-Л. Морының еңбектерінде патриоттық сезіммен баяндалды. 1910-1917 жылдар буржуазия-демократиялық революция ықпалымен тарих мәселесіне назар аударыла бастады. 20-30 жылдары жаңа ғылыми мекемелер мен қоғамдар: Тарих және география ұлттық академиясы (1925), Мексиканың тарих академиясы (1940), жергілікті тарихи, археология, этнография т. б. музейлер ашылды. Қолтума тарихи материалдарды жарыққа шығару қолға алынды. 1943 жылы Мексиканың тарих қоғамы, ал 1946 жылы соның негізінде Мексиканың тарихын зерттейтін бірлестік құрылды. 50-60 жылдары Мексика революциясының (1910-1917) тарихы туралы көптеген документтер жарық көрді. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін тарих ғылымы өткен дәуірді жан-жақты зерттеумен шұғылданды. 19-20 ғасырларда либерал тарихшылардың дәстүрлерін жалғастырушы демократиялық бағыттың өкілдері: А.Куэ Кановаса, Л.Чавеса Ороско мен А.Теха Сабре әлеуметтік-экономикалық процестерге баса назар аударды. Тарихты зерттеу мен тарихи документтерді жинақтауда: Ұлттық тарихи музей (1822), Ұлттық бас архив (1823), Ұлттық кітапхана (1833), Эль колехио де Мехико (1940) негізгі орталық болды. Автономиялы ұлттык университеттің жанында: Тарихты зерттеу институты (1945), Әлеуметтік зерттеу институты, Саяси және қоғамдық ғылымдардың ұлттық мектебі бар. Тарихи материалдар «Ніstоrіа Мехісаnа» (1951), «Ніstоrіа у Sоsіеdаd» (1965) т. б. журналдарда басылады.

Ғылыми мекемелері. 1956 жылы Мексика президентіне бағынатын Ғылыми мен техникалық зерттеулердің ұлттық советі, 1970 жылы Ғылым мен техникалық жөніндегі ұлттық совет құрылды. Ғылыми жұмыстарға бөлінетін қаржының 90%-тен астамын мемлекеттік береді. 1970 жылдың бас кезінде Мексикада 200-ден аса ғылыми-зерттеу мекемелері болды, оларда 6 мыңнан астам ғалым және инженерлер жұмыс істеді. Дәл және жаратылыс тану, әлеуметтік-экономикалық ғылымдар саласындағы зерттеулерге баса назар аударылады. Қолданыстағы ғылымдар нашар дамығандықтан, Мексика басқа елдерден технологиялық көмек алады. Басты мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдары: атом энергиясы жөніндегі Ұлттық комиссияның ғылыми- зерттеу комплексі (1956 жылы құрылған), космос кеңістігін игеру жөніндегі Ұлттық комиссияның зерттеу орталығы (1962), Ұлттық ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институты (1960), Мексика ресурстарының ғылыми-зерттеу институты, географиялық және метеорология Бас басқармасының жанындағы ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық кардиология институты (1944), Ұлттық гигиена институты (1904), Ұлттық ғылыми және техникалық документациялар орталығы (1950), мемлекеттік ірі компаниялардың ғылыми-зерттеу мекемелері т.б. Академиялық ғылыми мекемелер де мемлекеттік қарауында. Жоғары оңу орындарының көптеген ғылыми-зерттеу институттары бар. Мексика 30-дан астам халықаралық ұйымдардың мүшесі (1973) және көптеген елдермен ғылыми байланыс жасайды. 1968 жылы СССР мен Мексиканың арасында мәдени байланыс жөнінде келісім жасалды.

Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. 1973 жылы Мексикада 1580 мерзімді басылым, оның ішінде 195 газет шықты. Мехикода шығатын ірі газеттері: «Насьональ» (1929 жылдан), «Новедадес» (1936 жылдан), «Пренса» (1928 жылдан), «Соль де Мехико» (1965 жылдан), «Эксельсиор» (1917 жылдан), «Ультимас нотисиас де Эксельсиор» (1936 жылдан), «Универсаль» (1916 жылдан), «Диа» (1962 жылдан). Негізгі журналдары: «Полемика» (1969 жылдан) - Институциялық-революци партияның теориялың органы, «Насьон» (1941 жылдан), «Сьемпре» (1953 жылдан). Мексика компартиясы «Вос де Мехико» (1924 жылдан, 1938 жылға дейін «Манете» деп аталды) газеті мен «Опосисьон» (1970 жылдан), «Нуэва эпока» журналдарын шығарады. Информациялың агенттіктері: Информекс акционерлік қоғамы (1960 жылдан), АМЕКС акционерлік қоғамы (1968 жылдан), НОТИМЕКС - үкімет информациялық агенттігі (1968 жылдан).

Радиохабары мен телевизия Байланыс бас басқармасының бақылауында. Мексикада 300-ден астам радиостанция жұмыс істейді. Олардың бастылары: «Радио кадена насьональ» және «Радио програмас де Мехико». Телевизия 1950 жылы құрылған.

Әдебиеті. Испандықтар жаулап алғанға дейін Мексиканың жергілікті тұрғындарының иероглифпен жазылған ана тіліндегі әдебиеті болды. Испандықтар жаулап алғаннан бастап (16 ғ.) Мексика әдебиеті испан тілінде дамыды. Сөйте тұроа да Мексиканың ауыз әдебиеті ұлттық дәстүрде дамып, жалпы әдебиеттің одан әрі өркендеуіне ықпалын тигізді. Испан тіліндегі «Испания корольдарына хат» (1519-1526) т. б. алғашқы шығармаларды конкистадорлар жазды. Мексика әдебиетінде ағартушы-гуманист және үндістерді қорғаушы Лас Касастың (1474-1566) творчествосы ерекше аталады.

17 ғасырдың басында Б.де Вальбуэна (1568-1627) жазған «Мексиканың ұлылығы» (1604) атты поэма - Мексиканың өзіне тән көркем шығарма. 17 ғасырдағы Мексика әдебиетінде испандың барокко дәстүрімен дамыған поэзия басым болды. Ол ақын әрі драматург Хуана Инес де ла Крустың (1651-1695) творчествосымен байланысты. Сонымен бірге халықтың ауыз әдебиеті де кеңінен өркендеді. 18 ғасырдың соңында Испания отаршылдығына қарсылық күшейген кезде сатира кең тарады. Р. Ландивардың (1731-1793) «Селолық Мексика» (1781), Ф. Клавихероның (1731-1787) «Мексиканың көне тарихы» (1780-1781) поэмаларынан әдебиеттегі еркіндік байқалады. Тәуелсіздік үшін күрес кезінде (1810-1824) публицистика және «Он алтыншы сентябрь» гимнін жазған А. Кингана Рооның (1787-1851) революциялық классикалық өлеңдерінің рухымен патриоттық поэзия молайды. Испандықтарға қарсы соғыстың қызып тұрған кезінде X. X. Фернандес жазған Мексиканың тұңғыш «Перикильо Сарниенто» (1-бөл., 1816) романы жарияланды. Онда отаршылдық іс жуаланды.

Мексика әдебиетінде алғашқы тәуелсіздік бағыт М. Акунья (1849-1873), Г. Прието (1818-1897) шығармаларынан байқалды. М. Пайно (1810-1894), Л. Инклан (1816-1875), X. Т. де Куэльяра (1830-1894) шығармаларында тәуелсіз Мексиканың ұлттық болмысын суреттеді. Жазушы және әскери қайраткер И. М. Альтамирано (1834-1893) Мексика әдебиетінің тәуелсіздігі үшін күрес программасын ұсынды. 19 ғасырдың соңғы он жылдығында Мексика әдебиетінде модернизм пайда болды. 19 ғасырдың соңында П. Диастың үстемдігі кезінде прозада реалистік пікірлер туды. Э. Фриастың (1870-1925), А. дель Кампоның (1868-1908) шығармаларында әлеуметтік өзгерістер суреттелді. Буржуазия-демократиялық революциядан соң (1910-1917) Мексика әдебиетінің жаңа дәуірі басталды. М. Асуэла (1873-1952) «Төменгілер солар» (1916), «Революция романын» жазып, күресуші халық бейнесін шебер суреттеді. Оның үлгісімен М. Л. Гусман (1887 ж. т.) «Қыран мен жылан» (1928), Г. Лопес-и-Фуэнтес «Әскери лагерь» (1931), «Менің генералым» (1934), X. Р. Ромеро «Пито Перестің мардымсыз өмірі», М.-X. Мансисидор (1895-1956) «Теңіздегі шекара» (1953), «Тұңғиық үстіндегі таң» (1955) романдарын жазды.

Мексиканың 20 ғасырдағы ірі ақындары Р. Лопес Веларде (1888-1921), Э. Гонсалес Мартинес (1871-1952), К.Пельисер (1899 ж. т.) елдің ұлттық рухани болмысын жырлады. 20-30 жылдардағы ұлттық шындықты, тәуелсіздікті ерекше бейнелеу идеясы философ X. Васконселос (1882-1959), ақын, философ-эссеист А. Рейес (1889-1959), ақын О. Пас (1914 ж. т.) шығармаларынан айқын көрінеді. 50 жылдардың 2-жартысынан прозаның жаңадан өркендеуі басталды. Қазіргі жазушылар прозада ұлттық шындықты зерттеп, оны жаңаша көркемдік тәсілмен жан-жақты көрсетуде. Прозаның дамуындағы бұл кезең А. Яньестің (1904 ж. т.) «Нөсер алдында» (1947); X. Рульфоның (1918 ж. т.) «Педро Парамо» (1955), К. Фуэнтестің (1928 ж. т.) «Артемио Крустың өлімі» (1962) т. б. романдарынан басталады. X.Л. Мартинес, А. Кастро Леаль, Э. Карбальо әдебиет сынып дамытты. Мексиканың «Атлас» альманахында қазақ жазушысы С. Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп» деген повесі жарияланды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Мексика жерінде 16 ғасырға дейін үндістер мәдениеті өркендеді. Б. з. б. 1 ның жылдықтан бастап өркен жая бастаған сәулет өнері (алғаш Мексика шығанағы өңірінде) кейін таптық қоғамға өтумен байланысты өркендеу шыңына көтерілді. Діни және мәдени орталықтар Теотиуакан, Тахин (тотонактар мәдениеті), Чолула мен Тольян (тольтектер мәдениеті), Теночтитлан (ацтектер мәдениеті), Монте-Альбан (сапотектер мен миштектер мәдениеті), Митла (миштектер мәдениеті), Паленке, Ушмаль, Чичен-Ица (майя мәдениеті) сынды қалалар ірге көтерді. Байырғы қала салу өнерінде геометриялық жоспарлау әдістері жүзеге асты; алып пирамида - ғибадатханалар салынды. Мексика бейнелеу өнерін сипаттайтын мүсіншелер мен құтылар (фантастикалық бейнедегі аң, құс) б. з. б. 2 мың жылдыңқа саяды. Тастан мүсін қашау әсіресе тольтектер мен ацтектер мәдениетінен ерекше орын алды. Өмір болмысын бейнелеуге арналған ұсақ пластика байыргы Мексика халықтарының баршасына тән өнер болып табылады. Испандардың жаулап алуы үндістер мәдениетін біршама құлдыратты. Дегенмен халық арасында сақталып келген қолөнері отарлау кезінде де өз мәнін жойған жоқ.

Отарлау кезеңінде (16-19 ғасырлардың бас кезі) әсіресе сәулет өнері жедел қарқынмен өркендеді. Ғимараттардың дені испан үлгісінде салынғанмен ішінара жергілікті қолтаңба аңғарылып отырды. Жаңа қалалар «Үндістан заңына» сай - тор көз үлгімен салынды. Мұндай қалалардың ортасында сәулетті сарай мен ратуша, соборлар орналасты (мыс., Мехико қаласы). Азаматтық құрылыс архитектурасынан готика, платереско және мудехар үлгілері орын алғанмен көбінесе қарапайым деңгейден аспады. 16 ғасырдың 2-жартысында готикадан қол узу байқалды. Мексика архитектурасында бәсең байқалған Қайта өркендеу дәуірі бароккомен алмасты (Морелидегі собор, 1640-1705; Мехикодағы ұлттық сарай, 1692-1699). Осы кезеңде Мехикода ең ірі архитектуралық мектеп қалыптасты. Отарлау кезеңіндегі Мексика бейнелеу өнері ежелгі Мексика сурет салу стилінде (ақ-қара) дамыды. Мүсін өнері негізінен ғимаратты нақыштау ісінің бір бөлігі түрінде дамыды. 18-19 ғасырлардың қарсаңында Мексика кескіндемесі мен мүсін өнері европалық классицизм жолына түсті. 19 ғасырда Мексика архитектурасы баяу және француз сәулетшілері алды; жергілікті архитекторлар 19 ғасырдың 2-жартысында ғана көріне бастады. Ірі ғимараттарды салу ісінде 19-20 ғасырдың қарсаңында эклектика, сондай-ақ «модерн» үлгісімен ұласқан бертінгі классицизім үлгісі (Мехикодағы Әсем өнер сарайы, 1904-1934, арх. А. Боари) қолданылды. 19 ғасырдың 2-жартысы - 20 ғасырдың бас кезінде ірі құрылыстардың дені Мехикода салынды. 19 ғасырдың аяғында металл, бетон, темір-бетон құрылыс ісінде кеңінен қолданылын, оның тұрпатын өзгертті. 20-30 жылдары астана құрылысын салу ісі отарлау стиліне бағындырылып, ғимараттардың дені неоклассицизм үлгісінде (басты өкілі К. Обрегон Сантасилья) тұрғызылды. 20 ғасырдың ортасындағы функционализм мектебінің (жетекшісі X. Вильягран Гарсия) Мексика архитектурасына елеулі ықпалы болғанымен буржуазия өкілдерінің талап-тілегін орындау құралына айналғандықтан одан әрі дами алмады. Қазіргі Мексика архитектурасының ең ірі өкілі - М.Пани. Оның еңбектері ұлттық дәстүрді жалғастыра отырып, архитектуралық құрылысқа бейнелеу өнері тәсілдерін кеңінен қолдануға құрылған. Мехикодағы Университет қаласы ансамблін (1949-1954, арх. К. Ласоның басшылығымен жүзге тарта архитектор қатысқан) салу ісінде қазіргі Мексика архитектурасының ең жоғары жетістіктері пайдаланылды. Әр түрлі деңгейдегі рельеф, қарапайым, табиғи материалдарды өнер туындыларымен сындастыру, архитектура мен монументті-сәндік өнерді ұнасымды пайдалану, әсем де айқын декорация - қазіргі Мексика архитектурасының негізгі жетістігі болып табылады. 50-60 жылдары тарихи дәстүрді негізгі бағыт етіп ұстану мәселесіне ден қою (К. Ласо, А.Арай және Д. Ривера) Л. Мис ван дер Роэ мектебі тәсілдеріне, органикалық архитектура принциптеріне (Л.Барраган, X. О’ Горман) біршама кешеуілдеп оралу - архитектуралық құрылыс ісінде абстракты мүсін өнері туындыларын қолдану қажет деген сияқты (Мыс., Мехико қанаттас қаласына кіре берістегі мұнараның авторы - М. Гёрица творчествосы) қайшылықтарға ұрындырды. Гимарат төбесін темір-бетон конструкциясымен сан алуан формада (әсіресе ер іспеттес) жабуды кеңінен қолданып отырған Ф. Кандела творчествосы тек Мексика сәулет өнері ғана емес, 20 ғасырдың орта кезіндегі дүние жүзі архитектурасына ілгерінді ықпал етті. 50-60 жылдары антисейсмикалық көп қабатты ғимараттар тұрғызу өріс алды. Мехикода жаңа тұрғын аудандар, қанаттас қалалар, 1968 жылғы Олимпиада қарсаңында көптеген спорт құрылыстары (Ацтек стадионы, арх. П. Рамирес Васкес; Спорт сарайы, арх. Ф. Кандела) ірге көтерді.

19 ғасырда бейнелеу өнері отарлау кезіндегі сіреспе дәстурден қол үзіп, Европа мәдениетін бойына сіңіре бастады. Осы кезеңде ұлттың тақырып пен халық өкілдерін бейнелеуге ден қойылды. Халық өмірі көріністерін бейнелеуге жергілікті қыл қалам шеберлері де (X. А. Аррьета т. б.) ат салысты. Бұлардың творчествосы 19 ғасырдағы Латын Америкасы өнеріне тән ағым - костумбризмді құрады. 19 ғасырдың ортасында сатиралық гравюра мен литография (Г. В. Гаона т. б.) дамыды. 19 ғасырдың 2-жартысында мүсін өнері (М. Норенья) мен кескіндеме (X. Кордеро, X. Обрегон т. б.) саласында ұлттық тақырыпқа ден қою байқалды. Туған жер табиғатын X. М. Веласко көптеген картиналарына арқау етті. 19-20 ғасырлардың қарсаңында Мексика өнерінен, жаңа ағымдар («модерн», импрессионизм) орын алды. 1910-1917 жылғы Мексика революциясы коммунистік қозғалысқа ықпал жасап, Д. Ривера, X. К. Ороско, Д. Сикейрос творчествосыва асқақ, рух берді. 1922 жылы Сикейростың басшылығымен «Өнер және техника қызметкерлерінің революциялық синдикаты» ұйымдастырылды. 50-60 жылдары архитектурамен астаса дамыған монументті кеекіндеме қанат жайды. Оның тамаша үлгіеіне Мехикодағы Сикейрос нақыштаған «Полифорум» (1971) жатады. 30 жылдардан бастап Мексикада және монуіментті кескіндеме (Р. Тамайо т. б.) белең алды. 30 жылдардың ақырында Мексика графикасы (әсіресе линогравюра мен литография) гүлденді. «Халықтық графика шеберханасына» топтасқан көптеген суретшілер (Л. Мендес, П.О.Хиггинс, А. Бельтран, А. Гарсиа Бустос т. б.) өздерінің антифашистік және антиимпериалистік туындыларын жазды. Олардың бұл саладағы шығармалары 20 ғасырдың орта шеніндегі бүкіл дүние жүзілік өнерінен елеулі орын алды. Қазіргі мүсін өнері графика мен кескіндемеге қарағанда нашар дамыған; онда абстракты формаға әуестену (X. Куэто), дегенмен көбіне ежелгі мексика пластикасы дәстүріне бой ұру (К. Брачо, Ф. Суньига) байқалады. Сәулет өнерімен байланысты жасалған мүсіндік портреттер (Р.Аренас, Бетанкур, Ф.Суныга) ерекше назар аударады. Халық өнерінде Үндістан мен испан өнері үлгілері астаса дамыған.

Музыкасы. Музыка жергілікті халықтар (ішінара ацтектер) өмірінен елеулі орын алған. Бірқатар қалаларда арнайы музыка мектептері болды. Ән-әуендері діни жоралғылармен үндесіп жатты. Көптеген еңбек әндері музыкамен сүйемелденіп отырды. Кейбір ән-билер «театрлық ойын» іспетті орындалды. Музыкалық аспаптары әр түрлі барабандар мен сылдырмақтар, ксилофондар, қоңыраулар, теңіз ұлуының қабығы т. б. Ацтектер музыкасының негізін пентатоникалық дыбыс қатары құрайды.

Қазіргі Мексикада испан және креоль музыкалық мәдениеті ықпалын басынан кешірген үндістер музыкасы жақсы сақталған. Креоль фольклорынан алынған ән-би түріндегі музыка (сон, харабе, уапанго, хабанера, кансьон, корридо) кең тараған. Дәстүрлі ұлттық музыкалық аспабы - гитара; скрипка мен арфа, трубалар да жиі қолданылады.

16 ғасырдың басында профессионалдық музыкалық дамыды. 1523 жылы монах П. де Ганте Тескокода үндістерді шіркеулік музыкаға тәрбиелейтін тұңғыш музыкалық мектебін ұйымдастырды. 1527 жылы Мехикодан музыкалық мектеп ашылды. 18 ғасырда шіркеулік музыка тоқырады. 19 ғасырдың басында ірі қалаларда итальян композиторларының опералары қойылды. 1825 жылы композитор әрі дирижер М. Элисага Мехнкода тұңғыш музыкалық академиясын, 1826 жылы симфониялық оркестр ұйымдастырды. 1866 жылы консерватория (1877 жылдан Ұлттық консерватория) ашылды. 19 ғасырдың ортасында негізінен итальян операсы ықпалын бойына сіңіре отырып, тұңғыш туындыларын жазған С. Паниагуа-и-Васкес, А. Ортега, М. Моралес сынды композиторлар дүниеге келді. Европалық музыкалық дәстүрін 19-20 ғасырдың 1-жартысындағы композиторлар да (Р. Кастро, Р. Тельо, X. Каррильо, X. Ролон) ұстанды. Ұлттық музыкалық фольклорға тұңғыш қалам тартқан М. Понсе болды. Ұлттың композиторлық мектептің негізін салушылар - С. Ревуэльтас пен К. Чавес (20 ғасырдың 1-жартысы). Композиторлар М.Б.Хименес, П.Монкайо, музыкалық зерттеушілер В. Г. Мендоса, О. Майер-Серра Мексика музыкалық мәдениетіне елеулі үлес қосты. Белгілі музыкалық қайраткерлері (1973): композиторлар Л. Санди, Д. Аяла, Б. Галиндо, Р. Альфтер, дирижер Л. Эррера де ла Фуэнте, скрипкашы Г.Шеринг, пианисшілер К. Барахас, М. Т. Кастрильон, гитаршы А. Брибьеска, әнші X. Арая, Э. Касановас. Мехикода Ұлттық симфониялық оркестр, Университет симфониялық оркестрі, Ұлттық опера, университет жанында Жоғары музыкалық мектебі жұмыс істейді. Бірқатар провинциялық қалаларда симфониялық оркестрлер бар. Халық музыкасып орындайтын вокальдық-музыкалық ансамбльдер кең тараған. «Nuestra musіса» журналы шығып тұрады.

Театры. Театр өнерінің төркіні ежелгі үндістердің діни әдет-ғұрыптарына саяды. 16 ғасырда елді испандықтар отарлап алғаннан кейін миссионерлер үндістер арасында католиктер дінін уағыздау мақсатымен мейрамдар кезінде діни сюжетке негізделген театр сауығын ұйымдастырып отырды. Мехикода «Комедия үйі» (1597), «Колисео» (1670, алғашқы көпшілік театры), «Нуево Колисео» және Гвадалахарада (1758), Веракрусте (1787) тұрақты театрлар ашылды. Бұларда тек испан авторларының шығармалары қойылып, испандық актерлер ғана өнер көрсетті. 19 ғасырдағы тәуелсіздік жолындағы күреспен байланысты ұлттық театр испандықтардың ықпалынан біртіндеп арыла бастады. 1823 жылы «Театро дель паленке де лос гальос» деген атпен тұңғыш халық театры ашылды. 1910-1917 жылдардағы революциялық оқиғалар ұлттық мәдениет пен фольклорға көбірек көңіл қоюға ықпал етті. Актриса әрі режиссер В. Фабрегастың труппасы (1917 жылы құрылған) театр өмірінің жандануына елеулі үлес қосты. 1923 жылы Драматургтар одағы құрылып, ол ұлттық театр мәдениетін жасауға белсене қатысты. 1946 жылы Мехикода Ұлттық әсемдік өнер институты құрылды. Соның қарамағынан режиссерлер мен актерлер дайындайтын мектеп ашылды. 50 жылдардың басында университеттік театрлар қозғалысы кең етек алды. Мехикода «Хименес Руэда», «Идальго», «Хола», «Реформа», «Инсурхентес», Балалар театры т. б. жұмыс істейді. Театр қайраткерлері: М. Дуглас, И.Лопес Тарсо, И.Ретес, X.Соле. Театр өнері туралы журнал шығып тұрады. Ұлттық театр музейі бар.

Киносы. Алғашқы кинохроника 19 ғасырдың 90 жылдары түсірілді. 1905 жылы тұңғыш көркем фильм жасалды. 1910 жылдары негізінен қысқа метражды комедиялар мен мелодрамалар қойылды. 20 жылдары Голливудтың әсерімен елде кино өндірісі мүлдем азайып кетті. Экранға көбіне белгілі әншілердің қатысуымен музыкалық фильмдер шықты. 1931-1932 жылы режиссер С.М.Эйзенштейннің басшылығымен совет кинематографистерінің Мексика туралы фильм түсіруі ұлттық кино қайраткерлерінің өмірінде елеулі оқиға болды. 30-40 жылдардағы фильмдерден халық өмірі, Мексика тарихындағы революциялық оқиғалар мен әлеуметтік қайшылықтар өз көрінісін тапты. «Мария Канделярия» (1944), «Інжу» (1947), «Рио Эскондидо» және «Село қызы» (1949, совет прокатында - «Мексика қызы» деген атпен белгілі) фильмін қойған режиссер Э.Фернандестің творчествосы дүние жүзіне танылды. 1960-1970 жылдар қойылған фильмдері: «Тамырлар» (1955, реж. Б. Алазраки), «Тисок» (1956, реж. И. Родригес), «Педро Парамо» (1966, реж. К. Вело), «Партизан қыз Вильи» (1967, реж. М. Морайте), «Эмилио Сапата» (1970, реж. Ф. Касальс). Кино қайраткерлері: актерлер М. Феликс, Д. дель Рио, А. де Кордова, оператор Г. Фигероа. Жылына 70-тен аса көркем фнльм шығарылады (1972); 2000 кинотеатр жұмыс істейді.

Әдеб.: Виво X. А. География Мексики. пер. с исп. -М., 1951; Гарфиас В., Чапин Т. Геология Мексики. пер. с исп. М., 1956; Вольский А. История мексиканских революций. -М.-Л., 1928; Мексика. Политика. Экономика. Культура. М., 1968; Очерки новой и новейшей истории Мексики. 1810-1945, М., 1960; Паркс Г. История Мексики. пер. с англ. М., 1949; Машбиц Я. Г. Мексика. Экономико-географическая характеристика. М., 1961; Павленко А.А. Государственно-капиталистическое регулирование экономики в Мексике. –М., 1968; Киншалов Р.В. Культура древних майя. Л., 1971; Историография нового времени стран Европы и Америки. -М., 1967, с. 617- 619; Кутейщикова В. Н. Мексиканский роман. Формирование. Своеобразие. Современный этап. М., 1971; Фрид Н. Графика Мексики. [пер. с чешск.]. М., 1960; Искусство Мексики от древних времен до наших дней. Каталог выставки. Л., 1961; Пичугин П. Сильвестре Реву-эльтас и мексиканский фольклор. «Советская музыка». 1961, Мичель М. Панорама мексиканского кино. в сб.: Мексика. М., 1968.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-05-18 18:03:53     Қаралды-2936

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »