ВЬЕТНАМ - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекет. Үндіқытай түбегінің шығыс жағалауында. Қытаймен, Лаоспен, Камбоджамен шектеседі, шығыс жағалауы Оңтүстік Қытай теңізімен, оңтүстік-батысы Сиам шығанағымен ұласады. Жері 332,6 мың км2.
Вьетнам 19 ғасырдың аяң шенінен 1945 жылға дейін Францияның отары болды. Вьетнамдағы август революциясынан (1945) кейін онда Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тұңғыш халық демократиялық мемлекеттік Вьетнам Демократиялық Республикасы (ВСР) құрылды. Вьетнам халқының 1945-1954 жылдардағы француз отаршыларына қарсы жүргізген азаттық күресі Вьетнамның мемлекеттік тәуелсіздігін сақтап қалды. Бірақ Женева келісімі (1954) бойынша, оның жері уақытша екіге (17-ші параллель бойымен) бөлінді. Американ империалистерінің тікелей араласуымен 1955 жылы елдің оңтүстік бөлігінде Вьетнам Республикасы деп аталатын респубублика құрылды. Оңтүстік Вьетнам халқының ұлт-азаттық күресін 1960 жылдан бері Оңтүстік Вьетнамды азат етудің Ұлттық майданы басқарып келеді, 1969 жылы маусымда Оңтүстік Вьетнам ның азат етілген жерлерінде Оңтүстік Вьетнам Республикасының Революция уақытша үкіметі жарияланды.
Халқы. Халқының 87%-і вьетнамдықтар мен оларға жақын мыонгалар. Оңтүстік Вьетнамның жазық бөлігін кхмерлер (600 мыңдай), Солтүстік Вьетнамдағы таулы, қыратты өңірде таулық тай (1,5 млн-дай, оның ішінде тхайлар 450 мың, тхолар 550 мың, нунгалар 350 мың, каоландар 25 мың т. б.), мео, ман және таулық мон халқы мекендейді. Елдің оңтүстік-батысын таулық кхмерлер, оңтүстік-шығысында чамдар қоныстанған. Қалаларда 1 млн-ға жуық қытайлар тұрады. Вьетнамдықтар мен мыонгалар тек өздеріне тән тілде (оқымыстылар оны австралия-азия немесе қытай-тибет тілдер тобына жатқызады), кхмерлер, таулық кхмерлер және мондар - мон-кхмер тобы тілінде, чамдар мен таулық чамдар индонезия тілінде сөйлейді. Таулық тайлардың, меолар мен мандардың тілі қытай-тибет тобының тіліне жатады. Көбінің діні - даосизммен, конфуцийшілдікпен, аруаққа табынушылықпен астасқан буддизм. Христиандар (көбі каголиктер) да бар. Чамдар - брахмандар және мұсылмандар болып екіге бөлінеді.
Табиғаты. Жерінің көбі таулы келеді. Солтүстік Вьетнамның ең биік жері - Хоангльеншон жотасындағы Фанши шыңы (3143 м), Оңтүстік Вьетнамда Нгоклинь тауы, 3280 м. Теңіз жағалауына таяу ойпатты жазық - Хонгха (Қызыл), Меконг өзендерінің атырауы. Солтүстік Вьетнамның солтүстік-шығыс бөлігі - Оңтүстік Қытай платформасының жалғасы, ал оңтүстік-батысы мезозойлық қатпарлы жүйеден тұрады. Платформаның докембрийлік төменгі қабаты кварцит, мәрмәр және гранитоидтан түзілген, оларды палеозойлық құм тас пен тақта тас және мезозойлық жыныс қабаттары жауып жатыр. Мезозойлық қатпарлық - кейінгі докембрий, палеозой және триас жыныстары қабаттарының жиынтығы. Оңтүстік Вьетнамның солтүстік бөлігі (Контум үстірті) Үндісинай массивіне жатады. Оның оңтүстігі кайнозойлық базальттардан құралған. Пайдалы қазындылары: тас көмір, темір рудасы, қорғасын, мырыш, боксит, қалайы және вольфрам (Солтүстік Вьетнам), тас көмір, алтын, молибден (Оңтүстік Вьетнам).
Климаты муссондық, субэкваторлық, ең салқын айының орташа температу расы солтүстігінде 15° С (қаңтар), оңтүстігінде 25,8° С (желтоқсан). Жылы айларының (сәуір, маусым, шілде) орташа температурасы 28, 29° С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 1500-3000 мм. Өзендері Оңтүстік Қытай теңізі алабына жатады. Олардың бастылары: солтүстігінде Хонгха (Қызыл, Вьетнам жеріндегі ұзындығы 475 км) және оның саласы Да (Қара), оңтүстігінде Меконг (Вьетнамдағы ұзындығы 220 км). Көбінесе егін суаруға пайдаланылады. Вьетнам жерінің топырағы негізінен таулық, латериттік топырақ; теңіз жағалауында қызғылт, сары, өзен атырауларында аллювиалдық топырақ. Жерінің 30%-ке жуығы - тропиктік, субтропиктік орман. Тау бөктерлерінде мәңгі жасыл ағаш өседі, 600-1200 м биіктіктен жоғарыда оған субтропиктік және қоңыржай климатты өңірдің ағашы (емен, шамшат, қарағай) араласа бастайды. Елдің оңтүстік-батысындағы таулы қырат пен үстірт - саванна, теңіз жағалауындағы ойпатта көбінесе екпе ағаштар - бамбук пен пальма өседі. Вьетнам жері Үнді-Малай зоогеографиялық аймағы құрамындағы Үнді-Үндіқытай аймақ аралық өңірге кіреді. Гиббон, макака маймылдары, тибет және малай аюлары, үнді пілі, жолбарыс, керік, жайра т. б. аңдар, әр түрлі құстар бүркіт, тауыс, қызыл қаз т. б.), өзенде тасбас, тұқы, алабұға, шортан т. б. балықтар кездеседі.
Тарихы. Біздің заманымыздың басында Вьетнам жерінде темір дәуіріне өту кезеңі аяқталды. Вьетнамдықтардың Лаквьеттер деген атпен белгілі арғы тектерінің қалыптасуы туралы мәселе б. з. б. 1-мың жылдықта Янцзы өзенінің төменгі алабын жайлап, кейіннен оңтүстікке ығыса келіп, мұнда индонезиялық түпкі және азиялық бергі тайпалармен араласып, сіңісіп кеткен вьет (юэ) этникалық тобының тарихымен байланысты.
Солтүстік Вьетнам жерінде 3-4 ғасырларда феодалдық қатынастар орнады. Осы кезде лаквьеттерден Вьетнам халқы қалыптаса бастады. Ерте феодалдық тәуелсіз Вансуан мемлекеті 6 ғасырдың ортасында құрылды. 10 ғасырдың басына қарай феодалдық өндірістік қатынастар үстемдік алды. Әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан Вьетнам қоғамы Қиыр Шығыстағы өркендеген елдердің (Қытай, Жапония, Корея) дәрежесіне жетті. 10 ғасырдың басында Вьетнам мемлекетінің Қытайдан тәуелсіздігі қалпына келтірілді. Осы ғасырдың 2-жартысында сы куандардың (феодалдардың) үстемдігі әлсіреп, ел билеуде вуаның (патшаның) әмірі күшейді, елдің жаңа ресми аты - Дайковьет (Ежелгі Ұлы Вьет) деп аталды. 11 ғасырдың 1-жартысында бір орталыққа бағынатын феодалдық мемлекеттік қалыптаса бастады. Нығайған Вьетнам мемлекеті (1069 жылы Дайвьет - Ұлы Вьет атанды) өзінің жерін ұлғайту үшін дамылсыз күресті, 12 ғасырдың басы мен 13 ғасырдың басында ол Камбоджамен ұзақ соғыс жүргізді. 1257-1288 жылдар монғол әскерлерінің үш дүркін шабуылын тойтарып, өзінің тәуелсіздігін қорғап қалды. 13 ғасырдың аяғында Дайвьет Лаостың Лансанг мемлекетімен соғысты. Ұзақ соғыстардың ауыртпалығы шаруалардың наразылығын туғызды, 14 ғасырдың 2-жартысында шаруа көтерілістері (1379 жылы) болды. 1407 жылы елге басып кірген Қытай агрессорлары 1427 жылы қуылды.
15 ғасырда мемлекеттік жер меншігі белең алып, қалалар тез өсті, ирригацпялық жүйе кеңейді, сыртқы және ішкі сауда дамыды. Армия мен мемлекеттік аппараттың ұйымдастырыдуы белгілі бір жүйеге келтіріді. 16 ғасырдың басында шаруалар бірнеше рет көтеріліске шықты (1516-1524 жылы, Чан Као көтерілісі). 16 ғасырдың 2-жартысында Вьетнамға шетел миссионерлері мен көпестері (португалдар, испандар, ағылшындар, француздар) келе бастады, жергілікті феодалдардың өзара қырқысуы олардың емін-еркін әрекет жасауына жағдай туғызды. 17 ғасырдың басында Дайвьет мемлекеті іс жүзінде екіге: Солтүстігінде - Чиндердің, Оңтүстігінде - Нгуендердің мемлекетіне бөлінді, олардың арасында өзара қырқысқан соғыс ұдайы болып жатты. Өндіргіш күштердің өркендеуі 17 ғасырдың ортасынан бастап қауымдық қатынастарды одан әрі ыдырата түсті. 18 ғасырда қолөнершілер, көпестер, тау-кен кәсіпкерлері үлкен роль атқарды. 18 ғасырдың аяғына таман шаруалар көтерілісі қайта тұтанды. Шаруа қозғалысының орталығы Нгуендер мемлекетінің солтүстік аудандары болды. Мұнда феодалдық Вьетнам тарихындағы ең ірі шаруалар көтерілісі 1771 жылы басталды.
19 ғасырдың басында Вьетнамда абсолюттік монархия орнады. Ол күшті армияға сүйенді. 1804 жылы Зя Лонгтың монархиясы Вьетнам (Оңтүстік Вьет) атанып, астанасы Хюэ қаласы болды. Тау-кен өнеркәсібі тез дамыды, ішкі рынок қалыптасты, товар-ақша қатынастары өркендеді. 19 ғасырдың ортасында Вьетнам дамыған жартылай феодалдық мемлекетке айналды. Бірақ, Вьетнам қоғамының дербес дамуын капиталистік елдердің басқыншылық саясаты бұзып кетті. 1858-1862 жылдар Франция Вьетнамға қарсы 1-отарлау соғысын жүргізіп, оңтүстіктегі 3 провинцияны басып алды. 1883-1884 жылдардағы соғыста ол Солтүстік және Орталық Вьетнамды бағындырды.
Вьетнамды француз отаршыларының жаулап алуы салдарынан елдің тарихи қалыптасқан бір тұтас территориясы: Оңтүстік Вьетнам (Кохинхин), Солтүстік Вьетнам (Тонкин) және Орталық Вьетнам (Аннам) болып, үшке бөлшектенді. Камбоджаны басып алғаннан кейін Франция бұлардың бәрін Үндіқытай Одағына біріктірді. 1893 жылы оған Лаосты қосты. Отарлық өкімет орындары қол астындағы жерді негізінен француз концессионерлеріне үлестіріп, ішінара Вьетнам помещиктеріне берді. Қазба байлықтарын өз монополиясына алды.
Вьетнам жеріндегі ежелгі дақыл саналатын күріш экспортқа көптеп шығарылды (1918 жылы 1620 мың т). Француздардың алғашқы каучук, кофе, шай плантациялары пайда болды. 20 ғасырдың 30 жылдарында өңделетін жердің 50%-ін помещиктер меншіктенді, жалпы халықтың 90% болып отырған шаруалар бұқарасы күріш егістігінің 30%-ін ғана иеленді, ал село халқының 58%-і мүлдем жерсіз қалды. Француз отаршылары сияқты, Вьетнам помещиктері де шаруаларды қанаудың феодалдық және жартылай феодалдық әдістерін қолданды.
19 ғасырдың аяғында Вьетнамда ұлт-азаттық қозғалысы тұтана бастады («Кан выонг» қозғалысы). Бұл қозғалыстың ұйтқысы патриоттық пиғылдағы феодалдық болды. Оған халық бұқарасы да кеңінен қатысты. 20 ғасырдың басында ұлт-азаттық қозғалысы жаңа сатыға көтеріліп, буржуазия ұлтшылдық ағым туды. Бұл ағымның революцияшыл және ымырашыл бағыттары болды. Тұңғыш саяси ұйым - Вьетнамды жаңарту қоғамы - сыртқы көмекке (Жапонияның) сүйеніп, елден отаршыларды қуып, конституциялық монархия орнатпақшы болды.
Россиядағы Ұлы Социалистік революциясы Вьетнам халқының азаттық жолындағы күресіне орасан зор ықпалын тигізді. 1919 жылы қаңтарда аса көрнекті Вьетнам революционері Хо Ши Мин (Нгуен Ай Куок) Париж бейбітшілік конференңиясына Үндіқытай халықтарына демократиялық бостандықтар берілуін талап еткен петиция жолдады. 1920 жылдың желтоқсанда Тур қаласында болған съезде Хо Ши Мин Франция компартиясын құруға қатысып, оның қатарына кірді. 1922 жылы Парижде Француз отарлары халықтарының лигасы құрылып, «Ле Париа» газеті ұйымдастырылды. 1924 жылы Вьетнамдық эмигрант жастардың өкілдері Қытайда Вьетнам революция ұйымын - Пікірлестер қоғамын құрды. Вьетнамның өз ішінде жұмысшы қозғалысы өсті. 1920-1925 жылдарда жұмысшылар 25 рет ереуіл көтерді. Шаруалар көтеріліске шықты (1927, Кохинхинада, Аннамда).
1925 жылы маусымда Хо Ши Миннің инициативасы бойынша Қытай территориясында маркстік бағыттағы тұңғыш Вьетнам революция ұйымы - Вьетнам революцияшыл жастарының серіктігі құрылды. 1927 жылдың аяғында ұсақ және орта буржуазияның мүдделерін көздеген Вьетнамның ұлттық партиясы пайда болды. 1925 жылы құрылған Жаңа Вьетнамның Революция партиясы Серіктіктің тікелей ықпалымен дамыды. 20 жылдардың орта шенінде жұмысшы қозғалысы ұйымдасқан күреске көшті. 1928-1929 жылдарда 30-дан астам ереуіл болды. Бұл кезеңде шаруалар қозғалысы да кең өрістеді.
1929-1933 жылдардағы дүние жүзілік экономикалық дағдарыстың Вьетнам экономикасына тигізген зардабы күшті болды, халықтан алынатын салықтар көбейді, шаруалар жерінен айрылып, жаппай жұмыссыздық өсті. 30 жылдарда елдегі ұлт-азаттық қозғалысына басшылық ету ісі 1930 жылы ақпанда құрылған Вьетнам Коммунистік партиясы (1930 жылы қазанда Үндіқытай Компартиясы - ҮҚКП деп аталды) бастаған жұмысшы табының қолына көшті. 1929-1930 жылдар алғашқы кәсіподақ ұйымдары құрылды. 1935 жылы наурызда Макаода (Аомынь) ҮҚКП-нің 1-съезі болды, ол партия қатарын нығайтып, өсіру және бұқара арасындағы жұмысты күшейту туралы шешім қабылдады.
Франция 2-дүние жүзілік соғысқа кіріскеннен кейін (1939 жылы қыркүйекте), отарлық өкімет орындары халық бұқарасының жеңіп алған көптеген жетістіктерін жойып жіберді. ҮҢКП және барлық демократиялық ұйымдар қудалауға ұшырады. 1940 жылы фашистік Германия алдында тізе бүккен Франция үкіметі жапон милитаристерімен сөз байласып, олардың Вьетнамды басып алуына келісті. ҮҚКП-нің басшылығымен Вьетнамның халық бұқарасы жапон оккупанттары мен француз отаршылдарына қарсы белсенді күрес жүргізді. 1941 жылы мамырда ҮҚКП-нің инициативасымен және соның басшылығымен Вьетнамның бір тұтас ұлттық майданының ұйымы - Вьетнамның тәуелсіздігі жолындағы курес лигасы (Вьетминь) құрылды. Вьетнамдағы азаттық қозғалысын әлсіретуге тырысып, жапон оккупанттары саяси айла-шарғы қолданбақшы болды. 1945 жылы 9 наурызда олар мемлекеттік төңкеріс деп аталатынды іске асырды. Француздардың отарлық әкімшілігін жойып, Вьетнамға жалған тәуелсіздік беруді көздеген бұл төңкерістің шын мәні Вьетнамдағы бүкіл өкімет билігін жапон империалистерінің қолына беру еді.
1945 жылы 9-12 наурызда Тышонда болған ҮҚКП ОК Тұрақты бюросының кеңейтілген мәжілісі жаппай көтеріліс жасауға әзірлік туралы шешім қабылдады. 1945 жылы мамырда Вьетнам халық армиясы (ВХА) құрылды, тамызға дейін Солтүстік Вьетнамда ВХА азат еткен территория едәуір ұлғайды. Совет әскерлерінің 1945 жылы тамыздың басында Маньчжуриядағы жапондық Квантун армиясын талқандауы Вьетнам халқының азаттық күресіне зор көмегін тигізді. Осындай жағдайда Бато азат етілген ауданының революция күштері Хюэ қаласына жорыққа шықты. 12 тамызда Хатинь провинциясында халықтық өкімет орнады. 13-15 тамызда ҮҚКП-нің конференциясы толық тәуелсіздікті жеңіп алып, халықтық өкіметті орнату үшін Вьетнамда жаппай көтерілісті бастау туралы шешім қабылдады. Көтеріліс комитеті құрылды, оның басшысы болып Во Нгуен Зиап тағайындалды. Тамыздың 13-нен 14-не қараған түні жаппай көтерілісті өрістету туралы бұйрық берілді. 16-17 тамызда Танчао деревнясында болған Бүкіл вьетнамдық ұлттық конгресс жаппай қарулы көтерілісті бастау туралы шешімді мақұлдады. Вьетнамды азат етудің Хо Ши Мин бастаған ұлттық комитеті (Уақытша үкімет) құрылды. Ұлттық халық-демократиялық революция Вьетнамдағы 1945 жылғы тамыз революциясы бірнеше күнде бүкіл елде жеңіп шықты (Ханойда – 19 тамыз, Хюэде - 23 тамыз., Сайгонда - 25 тамыз, сол күні император Бао-Дай тақтан түсетіні туралы актыға қол қойды). 1945 жылы 2 тамызда Ханойдағы 500 мың адам қатысқан митингте Уақытша үкіметтің атынан Хо Ши Мин Вьетнамның тәуелсіздік декларациясын жариялады, онда азат және тәуелсіз мемлекеттік - Вьетнам Демократиялық Республикасының (ВСР) құрылғандығы мәлімденді (ВСР бөлімін).
Вьетнамдағы август революциясы (1945) - Вьетнамда империалистер үстемдігін құлатып, халық-демократиялық өкімет орнатқан ұлттық халық-демократиялық революция Вьетнамдағы август революциясы 19 ғасырдың 50-80 жылдары елді бағындырған француз отаршыларына және 1940 жылы оны жаулап алған жапон басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының нәтижесі болды.
Революцияға Үндіқытай Компартиясы [ҮҚКП, 1951 жылдан Вьетнам Еңбекшілер партиясы (ВЕП)] тікелей басшылық етті. Партия Вьетминь бір тұтас ұлт-азаттық майданын құрды. Елдің барлық отаншыл күштері майдан қатарына топтасты. 1944 жылы 22 желтоқсанда Солтүстік-Шығыс Вьетнамдағы Каобанг провинциясында Вьетнам азаттық армиясының алғашқы отрядтары құрыла бастады. 1945 жылы 9 наурыздағы төңкерістен кейін Вьетминь жапон басқыншыларына қарсы жаппай партизан соғысын өрістетті. 4 маусымда Солтүстік Вьетнамның 6 провинциясында Азат етілген аудан құрылды. ҮҚКП- ның шақыруымен 16-26 тамызда бүкіл елде халық көтеріліске шықты. 19 тамызда қарулы халық Ханойды алды.
20 тамызда астанада Солтүстік Вьетнам Халық-революциялық комитеті құрылды. Халық барлық жерде өкіметті өз қолына алды. 24 тамызда император Бао-Дай тақтан түсті. 1945 жылы 2 қыркүйекте Вьетнамды Азат ету ұлттық комитетінің басшысы Хо Ши Мин Уақытша үкімет атынан Вьетнамның Тәуелсіздік Декларациясын және Вьетнам Демократиялық Республикасының (ВСР) құрылғанын жариялады.
Ғылымы. Біздің заманымыздың бас кезінде Вьетнамға Үндістан мен Қытайдан буддалық философиялық мен конфуцийшілдік ауысып, даосизм деп аталатын мистикалық көзқарастар жүйесі қалыптасады. 6-10 ғасырларда Вьетнам философиясындағы басым бағыт буддизм болды. Ал 14 ғасырдың аяғында конфуцийшілдік бағыт үстем дәрежеге жетті. 18 ғасырда және 19 ғасырдың басында стихиялық-материалистік көзқарастардың қалыптасуына алғашқы әрекеттер жасалды. 20 ғасырдың басында Вьетнамда материализм тарай бастады, алайда дербес материалистік масы Вьетнам классикалық әдебиеті- система жасалған жоқ. Бұл кездегі ірі философтары: Фан Бой Тяу, Фан Тю Чинь. Вьетнамда маркстік философиялық ой 20 жылдардың басында, Хо Ши Миннің шығармалары, маркстік еңбектердің, «Коммунистік партияның манифесі» аудармалары т. б. басылған кезде қалыптасты.
13 ғасырда пайда болған Вьетнам феодалдық тарих ғылымы (ірі өкілдерінің бірі Ле Ван Хыу) конфуцийшілдіктің ықпалымен дамып, Вьетнам тарихы соның талабы тұрғысынан баяндалды, 1479 жылы Нго Си Лиеннің «Дайвьеттің толық тарихы» атты еңбегі шыққаннан кейін тарих ғылымында жаңа бағыт туды, бұл бағыт Вьетнам мемлекетінің дербес даму принципін жақтады. 1821 жылы Фан Хюи Тюдің «Барлық әулеттердің таққа отыруы жайлы» деп аталған еңбегінің жарық көруінен келесі кезең басталады. Вьетнамның ұлттық буржуазиясы идеологтарының еңбектерінде француз отаршылық саясаты әшкереленді, ұлт-азаттық күресінің проблемалары қойылды. Хо Ши Миннің 1925 жылы жазған «Француз отаршылығына қарсы айыптау актысы» атты еңбегі т. б. шығармалары Вьетнам тарихын маркстік тұрғыдан зерттеудің, қоғамдық-экономикалық даму, таптар және тап күресі мәселелерін, ұлт-азаттық жұмысшы және революция қозғалыстың тарихын зерттеудің негізін қалады.
Елдің экономикалық тарихын жүйелі түрде зерттеуге алғаш әрекет жасағандардың бірі феодалдық тарих ғылымының өкілі Фан Хюи Тю болды. Вьетнамда 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында буржуазия экономикалық ой дами бастады. Вьетнамның ұлттық жағдайларына сәйкес, маркстік экономикалық ғылымның негізгі қағидаларын дамытуда Хо Ши Минмен бірге революционер ғалымдар Тон Дык Тханг, Чан Фу т. б. үлкен роль атқарды. 30-40 жылдарда Вьетнамның марксист-экономистері ұлт- азаттық күрестің алға қойған міндеттерін шешуге ат салысты.
Әдебиеті. Вьетнамдардың ежелгі ауыз әдебиеті адамның арғы атасы және тұңғыш ұстазы - патша Айдаһар Лак туралы мифологиялық аңыздар циклінен, Фу Донг батыр хақындағы ертегі, ежелгі әйел батырлар - апалы-сіңлілі Чынглар жайындағы аңыздардан тұрады. 10-12 ғасырларда ханван тілінде (қытай тілінің Вьетнамдарға бейімделген нұсқасы) жазылған Вьетнамдардың ілгерідегі жазба ескерткіштерінен қытай әдебиетінде қалыптасқан шешендік белгілері мен әдеби түрлер байқалады. 13-14 ғасырларда сарай поэзиясы дамыды. Бұл тұстағы шығармалардан буддалық дүние таным әсері байқалады. Ханван тілінде новелла туып қалыптасты. Ал 15 ғасырда Вьетнам тілінде ауызекі поэзия өріс алды. 16 ғасырдың 2-жартысында философия-лирикалық, 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында тарихи-эпикалық поэмалар туды. 19 ғасырдың басында әдебиетте жеке адамдардың тағдырына көңіл бөлу күшейді. Мыс., Нгуен Зудың (1765- 1820) «Қиналған жанның зары» поэмасы Вьетнам классикалық әдебиетінің таңдаулы ескерткіші болды. Поэзияның шағын түрінде образ ерекшелігіне назар аударылса, ханван тіліндегі прозада роман-эпопея жанры пайда болды. («Император Ле - ел басын қосушы»), естеліктер туды. Отаршылдық, феодалдық қоғамның орнауымен бірге әдебиетте сатиралық бағыт өрістеді (Нгуен Кхюен, 1835-1909, Ту Сыонг, 1870-1907). 20 ғасырдың басында осы заманғы прозалық жанрлар: новелла, роман, драма қалыптасты. 20 жылдарда революция әдебиет туды. «Түрме күнделігі» (1942-1943) жинағындағы өлеңдер, Хо Ши Миннің (1890-1969) әңгімелері мен публицистикасы, То Хыудің (1920 ж. т.) поэзиясы осы бағытқа жатады. Жазушылардың шаруа тақырыбына назар аударуына байланысты реалистік бағыт өрістеді. Нгуен Конг Хоанның (1903 ж. т.) «Соңғы қадам» (1938) романы т. б. шығармалары, Нго Тат Тоның (1892-1954) очерктері шаруа тақырыбын көтерді. Ву Чонг Фунгтын (1912-39) реалистік романдары шықты.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Вьетнам жерінде б. з. б. 1 ғасырдан белгілі мәдени көне ескерткіштер (ел тірлігінің көрінісі, аң мен құс бейнелері нақышпен түсірілген қола қоңырау - «нгок лу» т. б.) бар. Ел өнерінің өркендеуі Тьямп мемлекетінің құрылуымен байланысты (1-мың жылдық). Тьямптар өнеріне үнділер мен кхмерлер мәдениетінің әсер еткендігі байқалады. 7-10 ғасырлар Мишон мен Донгзыонг қалаларында осындай әсермен салынған будда және брахман ғибадатханаларының қалдықтары сақталған. Тьямптықтардың мүсін-ескерткіштері архитектурамен тығыз байланысты. Сондай-ақ, аңдар мен қиял-ғажайып бейнелерді мүсіндеу де өріс алған. 11 ғасырдан бастап Орталық Вьетнам өнерінде біршама құлдилау болды. Мұны 11-12 ғасырларда салынған «Алтын мұнара», «Күміс мұнара», «Мыс мұнаралардан» байқауға болады.
Солтүстік Вьетнам өнерінің гүлденген шағы 11-13 ғасырларда бұл тұстағы архитектурадан қытай ықпалы сезіледі. Көп ярусты мұнаралар салу сол кезде шыққан (Ханойдағы Дьен-Бо мұнарасы т. б.). Солтүстік Вьетнамда қолөнер жақсы дамыған. Піл сүйегін бедерлеу, ағаш қию, сүйек пен сәдепті қиюластырып өрнек салу, темір құю, қамыс тоқу, жалтылдақ бояумен апталған бұйымдар жасау - Вьетнам шеберлерінің ертеден машықтанған өнері.
1925 жылы Ханойда ұйымдасқан Жоғары әсемдік өнер мектебі Вьетнам суретшілерін батыс европалық өнермен таныстырып, олардың профессионалдық тәжірибе алуына, сөйтіп, европалық академизм мен салондық өнер принциптеріне еліктеуіне себепкер болды.
Музыкасы. Вьетнамды мекендеген халықтардың әрқайсысының дәстүрлі ұлттық мәдениеті бар. Вьетнам музыкасы вокальдық жанрларға бай, ол пентатоникалық құрылысқа негізделген, ән бір дауыста (унисонда) орындалады. Профессионалдық музыка өнерінің дамуына байланысты, пентатоникалық құрылыс байи түсті: бұрынғы бес баспалдақты дыбыс қатарымен бірге алты, жеті баспалдақты дыбыс қатары бар мелодиялар шықты. Вьетнамның ұлттық операсында ән мен би, сөз бен қимыл-қозғалыс бір-бірімен астасып жатады, оркестрлік сүйемел опера кейіпкерлерінің характерін бейнелеп, сахнада өтетін оқиғалар желісін интермедиялар арқылы жалғастырады. Феодалдық Вьетнамда сарай музыкасы қарапайым халық музыкасынан дараланды. Мұнда профессионалдық салондық музыка мен камералық музыка дамыды. 16 ғасырда 2 музыкалық қоғам (теориялық және вокальды аспаптық), корольдың салт-жораларына қызмет ететін сарай оркестрі құрылды. 19 ғасырда таңдаулы әнші-музыканттардан тұратын оркестр ұйымдастырылды. Вьетнам музыкалық аспаптары: бамбуктен жасаған кхөн, дык, тиеу, шао бан (үрлемелі аспаптар), шао бау, тхап лук (ішекті аспаптар), чонг дай (үлкен барабан), чонг тео (кіші барабан), әр түрлі сылдырмақтар, чынг (бамбук ксилофон) т. б. 19 ғасырдың аяғында халық театрының негізінде жартылай профессионал театр туады. Шын мәніндегі тұңғыш профессионалдық театр 1920 жылы дүниеге келді. 30 жылдары Вьетнамның ұлттық музыка өнері өзінің ұлттық ерекшелігінен айрылып, құлдырап кетті. Вьетнам композиторлары ұлттық музыка жасаудың орнына европалық музыка үлгілеріне еліктеді.
Театры. 19 ғасырға дейінгі театр жайлы дерек өте тапшы. Дәстүрлі театр жанры тео мен туонг. Тео - халық театры. Оның өнері ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі күйде жетті. Теоның сюжеті тарих, ертегі, аңыз, поэмалардан алынған. Негізгі кейіпкерлері шаруалар болды. Импровизациялы теоның ойын-сауығы қоғамдық кемшіліктерді, феодалдар мен француз отаршылдарын мінеп сынады. Тео жанрында еңбек еткен белгілі театр қайраткері, драматург Нгуен Динь Нги тарихи, өткір комедиялық және сатиралық тақырыпта 50-ге жуық пьеса жазды. Классикалық туонг театры сарай ойын-сауығы ретінде 11-13 ғасырлардың аралығында Вьетнамның солтүстігінде пайда болды. 20 ғасырдың 20 жылдарында театрдың жаңа түрі кайлыонг дүниеге келді. Осы жылдары китьной сияқты драмалық театрлар құрыла бастады. Алғашқыда Ж. В. Мольердің, кейінірек Вьетнам жазушыларының пьесаларын (Ву Динь Лонгтың «Досы һәм зайыбы», Ву Гуен Дактың «Ақшасы», Хо Ши Миннің «Бамбук айдаһары») қойды.
ВЬЕТНАМ СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАСЬІ - Вьетнамның солтүстік бөлігіндегі социалистік мемлекет. Жері 158,8 мың км2. Халқы 97,0 млн. Астанасы - Ханой.
Әкімшілік жағынан 25 провинцияға бөлінеді. Ханой және Хайфон қалалары тікелей орталыққа бағынады.
Мемлекеттік құрылысы. ВСР-дің қазіргі конституциясы 1960 жылы 1 қаңтарда қабылданған. Мемлекеттік басшысы - президент, оны ұлттық жиналыс 4 жылға сайлайды. Президент ұкімет мүшелерін тағайындайды және орнынан ауыстырады, заңдар мен указдар жариялайды, амнистия береді, халықаралық шарттарды бекітеді, дипломатиялық өкілдерді тағайындайды, қарулы күштерді басқарады және ол Ұлттық қорғаныс советінің председателі. Мемлекеттік өкіметтің ең жоғарғы және бірден-бір заң шығарушы органы - бір палаталы Ұлттық жиналыс, оның депутаттары 4 жылға сайланады. Ұлттық жиналыс өз депутаттарынан Ұлттық жиналыстың тұрақты комитетін құрады.
ВСР-дің үкіметі - Министрлік Советі. Оны президенттің ұсынысы бойынша Ұлттық жиналыс құрады. Әкімшілік бөліктердің барлығында мемлекеттік өкімет органдары - халықтық советтер, олардың жұмысын атқару комитеттері жүргізеді. Конституция және 1960 жылғы 14 қаңтардағы сайлау заңы бойынша ВСР-дегі 18 жасқа толған әрбір азаматтың сайлауға қатысуға правосы бар. Жоғарғы халық сотының председателін Ұлттық жиналыс 5 жылға сайлайды. Жергілікті жерлерде де халық соттары бар. Заңдардың сақталуын бақылау Жоғарғы халық прокуратурасына тапсырылған.
Халқының орналасуы біркелкі емес. Көпшілігі Хонгха өзенінің атырауы мен теңіз жағалауындағы жазықты мекендейді, мұнда халықтың тығыздығы 1 км2 жерге 500, кейде 1500 адамнан келеді. Халықтың 20%-і (1965) қалаларда тұрады, ірі қалалары - Ханой, (414,6 мың адам, 1960), Хайфон (182,5 мың), Намдинь (86 мың).
Тарихы. 1945 жылы 2 қыркүйекте Вьетнам тарихында жұмысшылар мен шаруалардың тұңғыш мемлекеті - ВСР-дің құрылуы империализмнің отарлық жүйесіне ауыр соққы болып тиді. Халықаралық реакция жапон әскерлерін қарусыздандыру дегенді сылтауратып, 16° ендіктен солтүстіктегі территорияға гоминдандық, ал одан оңтүстіктегі жерлерге ағылшын әскерлерін кіргізді. Ал француздар Оңтүстік Вьетнамдағы және Орталық Вьетнамның оңтүстік бөлігіндегі ірі қалалар мен маңызды жол тораптарын басып алды.
ВСР үкіметі, елдің ішкі және сыртқы жағдайының аса қиындығына қарамастан, халықтық өкіметті нығайта берді, шаруашылықты жолға қоюға күш салды. 1946 жылы қаңтарда жергілікті өкімет органдары сайланды. Оңтүстікте шетел басқыншылығына қарсы Қарсыласу комитеттері құрылды. ВСР-дің Ұлттық жиналысының 1946 жылғы қаңтарда болған жалпыға бірдей сайлауына сайлаушылардың 90%-тен астамы қатысты. Мамыр айында Вьетнам Ұлттық одағы - Льен-Вьет құрылды. 1946 жылы 8 қарашада Ұлттық жиналыс ВСР-дің конституциясын қабылдады. Онда Вьетнам тәуелсіз суверенді мемлекет деп жарияланып, халықтық өкімет, сондай-ақ еңбекшілердің демократиялық праволары мен бостандықтары заң жүзінде баянды етілді. Елде 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді, жалақы минимумы тағайындалды. Жан басына түсетін салық прогресшіл табыс салығымен ауыстырылды, жер салығы 20% кемітілді. Шаруалардың жер арендасына төлейтін ақысы 25% азайтылды. Алғашқы кооперативтер құрылды. Кен байлығын өндіруге шетелдік монополия жойылды, халықтық үкімет сыртқы сауданы да өз бақылауына алды.
1946 жылғы въетнам-француз келісімдері бойынша ВСР-дің тәуелсіздігін мойындаған Франция өзінің міндеттемелерін бұзып, Вьетнамның солтүстік және орталық аудандарына әскерін кіргізді. Сонымен, Вьетнам халқы өзінің ұлттық тәуелсіздігін қорғау үшін жалпы ұлттық Қарсыласу соғысына шығуға мәжбүр болды. 1948 жылы мамырда отаршылдар басып алған аудандарда Нгуен Сюанның қуыршақ үкіметін құрды, ал 1949 жылы бұрынғы император Бао-Дай бастаған Вьетнам мемлекеті деп аталатынның құрылғанын жариялады. Вьетнам Халық Армиясы (ВХА) 1950 жылдың басына дейін елдің көпшілік бөлігін француз отаршыларынан тазартты. Осының нәтижесінде социалистік елдермен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік алды. Ал СССР мен басқа да социалистік елдердің ВСР-ді тануы оның халықаралық беделін көтерді. АҚШ империалистерінің басқыншыларға дем беріп, қолма-қол жәрдемдесуінен туған қиыншылықтарға қарамастан, халықтық үкімет елде аграрлық реформаны жүзеге асыруға кірісті. 1950 жылы наурызда елдің қазба байлығын, басты ирригация жүйелері мен ормандарды, қатынас жолдарын национализациялау басталды. Келесі жылы майда ұлттық банк құрылды, ақша реформасы жасалды, мемлекеттік сауда жүйесі ұйымдастырылды. 1951 жылы ақпанда болған ҮҚКП 2-съезі партияны Вьетнам Еңбекшілер партиясы деп атау туралы шешім қабылдады. Мартта Вьетминь мен Льен Вьет біріктіріліп, Вьетнамның бір тұтас ұлттық майданы - Льен Вьет құрылды. 1953 жылы Вьетнамда аграрлық революцияның шешуші кезеңі туды. 4 желтоқсанда қабылданған жер реформасы туралы заң «Жер оны өңдеушілерге берілсін» деген ұранды жүзеге асыруға бағытталды.
ВХА басқыншыларға қарсы тегеурінді күресті өрістете берді. 1954 жылы наурыз-мамырда Дьенбьенфу түбінде болған шайқаста француз әскерлері қатты күйреліске ұшырағаннан кейін, Франция үкіметі Үндіқытай проблемасын реттеу жөнінде келіссөз жургізуге мәжбүр болды. Ең алдымен, СССР-дің күш салуымен 1954 жылы шілдеде өткізілген 9 мемлекеттік сыртқы істер министрлерінің Женева кеңесінде, АҚШ тарапынан жасалған сансыз көп кедергілерге қарамастан, Үндіқытайда бейбітшілікті қалпына келтіру туралы келісімдерге қол қойылып Вьетнам жерінде уақытша бейбітшілік орнады. 1955-1957 жылдар соғыстан күйзелген шаруашылықты қалпына келтіру, аграрлық реформаны аяқтау кезеңі болды. Елде помещиктер табы жойылды, езілгеп шаруа жердің, судың, барлық байлықтың қожасына айналды, 2 млн-нан астамшаруа семьясына 810 мың га жер, 74 мың жұмыс малы тегін бөліп берілді. Халықтық үкімет жеке меншік секторын социалистік жолмен қайта өзгерту ісін белсене қолға алды, шаруалар мен қолөнершілерді әр түрлі өндірістік кооперативтерге тартты. Мемлекеттік сектор нығайтылды. 1955 жылы ауыл шаруашылығында мемлекеттік социалистік шаруашылықтар құрыла бастады. Мұның бәрі социалистік елдердің, ең алдымен, СССР-дің көмегімен істелді. ВСР үкіметі елді бейбіт жолмен біріктіру мақсатында жалпыға бірдей еркін сайлау өткізу туралы мәселені талқылау үшін консультациялық кездесу ұйымдастыру жөнінде сайгондық өкімет орындарына бірнеше рет ұсыныс жасады. Бірақ бұл ізгі ниетті ұсыныстарды Оңтүстік Вьетнамның өкімет орындары қабылдамады. Елді бейбіт жолмен біріктіру талабына орай, 1955 жылы қыркүйекте Льен-Вьеттің негізінде Вьетнамның Отандық Майданы (ВОМ) құрылды. 1958 жылы ВСР социализмнің негізін қалауға кірісті. Алғашқы үш жылдық жоспарды (1958-1960) жүзеге асыру нәтижесінде халық шаруашылығының барлық саласы өрге басты, әлеуметтік қатынастарда да түбегейлі өзгерістер болды. 1960 жылдың аяғында еңбекші шаруалардың 85%-не жуығы ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтеріне, қол-өнершілердің 75%-і өндірістік кооперативтерге бірікті, мемлекеттік кәсіпорындар көбейді, экономикада өнеркәсіптің үлес салмағы 41,8 %-ке дейін өсті.
1960 жылы қыркүйекте өткен ВЕП-тің 3-съезі Солтүстік Вьетнамның халық шаруашылығын қалпына келтіру және өркендетудің қорытындысын шығарып, 1-бесжылдық жоспардың (1961-1965) директиваларын қабылдады. Алайда, ВСР еңбекшілерінің социализмнің материалдық-техникалық базасын жасауды көздеген бесжылдықты орындау жолындағы жасампаздық еңбегін АҚШ-тың жаңа агрессиясы бұзып кетті. Халық тағы да отанын жаудан қорғауға шықты. Партия мен үкімет елдің әскери-экономикалық қуатын күшейтуге, армия мен халықтың жауынгерлік әзірлігін арттыруға қажетті шаралар қолданды. Солтүстік Вьетнамға қарсы американ агрессиясы басталысымен, СССР үкіметі ВСР-ге қажетті көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. 1965 жылы сәуірдегі сессиясында Ұлттық жиналыс американ агрессиясына тойтарыс беруді ұйымдастыруға ерекше назар аударды және Вьетнам проблемасын бейбіт жолмен реттеу жөніндегі ВСР үкіметінің программасын (4 пункт) қабылдады.
Американ авиациясының қарақшылық шабуылдары ВСР-ға үлкен зиян келтірді. Алайда АҚШ империалистерінің үміті ақталмады. Кәсіпорындар қалалардан селоларға көшірілді, әсіресе жергілікті өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендетуге баса көңіл бөлінді. Елдің қорғаныс қуаты арттырылып, әуе шабуылынан қорғанудың осы заманғы жүйесі жасалды. Ақыры, 1968 жылы сәуірде АҚШ үкіметі ВСР жерін бомбалауды ішінара тоқтатуға мәжбүр болды. 13 мамыр Парижде ВСР мен АҚШ үкіметтері өкілдерінің арасында келіс сөздер басталды. Ондағы қол жеткен келісім негізінде 1969 жылы қаңтарда ВСР, Оңтүстік Вьетнамды азат етудің ұлттық майданы, АҚШ және сайгондық әкімшілік өкілдерінің төрт жақты кеңесі ашылды. Алайда, АҚШ пен сайгондық өкімшілік бұл кеңесті сәтсіздікке ұшыратуға тырысып бақты. 1969 жылы қыркүйекте Вьетнам халқы ауыр қазаға ұшырады - халықаралық коммунистік, жұмысшы және ұлт азаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткері, ВЕП ОК-нің председателі, республиканың президенті Хо Ши Мин қайтыс болды. ВСР еңбекшілері ВЕП-тің басшылығымен, өздерінің көсемі Хо Ши Миннің өсиеттерін орындай отырып, шаруашылық құрылысты ілгері бастыру, американ агрессорларының арандатушылық әрекеттеріне тойтарыс беру үшін елдің қорғанымпаздық қуатын арттыру жолында табандылықпен күресуде. Бұл күресте оларға социалистік елдер, ең алдымен СССР жан-жақты көмектесіп келеді. 1955-1970 жылдарда СССР-дің қатысуымен 122 өнеркәсіп объектісі салынды, 37 госхоз ұйымдастырылды, ауыл шаруашылық техникасы, минералдық тыңайтқыштар, түрлі жабдықтар берілді, 3 мыңнан астам совет мамандары ВСР-ге барып жұмыс істеді.
ВСР-дің сыртқы саясаты - бейбіт қатар өмір сүру, баянды бейбітшілік сақтау. 1970 жылы 1 қаңтарда оның 37 мемлекетпен дипломатиялық, 45 елмен сауда қатынасы болды, 40 халықаралық демократиялық ұйымның жұмысына қатысты. ВСР, СССР және басқа социалистік елдер арасында бірнеше рет делегация қатынастары болды.
1973 жылы 27 қаңтарда Парижде Вьетнамда соғысты тоқтату және бейбітшілікті қалпына келтіру туралы келісімге қол қойылды. Бұл - қаһарман вьетнам халқының империалистік агрессия күштеріне қарсы соғыстағы тамаша жеңісі, бүкіл дүние жүзінің прогресшіл, бейбітшіл күштері айбынды ынтымағының жемісі болды.
Саяси партиялары. Вьетнам еңбекшілер партиясы Вьетнам Коммунистік партиясы деген атпен 1930 жылы 3 ақпанда құрылды. 1930 жылғы қазаннан 1951 жылғы ақпанға дейін Үндіқытай Коммунистік партиясы (ҮҚКП) аталып келді. 1951 жылы ақапында ҮҚКП-ның 2 съезінде ВЕП аталды. 1,1 млн-нан астам мүшелері мен кандидаттары бар (1969 ж.) Вьетнам демократиялық партиясы - ұсақ буржуазия, майдагерлер мен саудагерлер өкілдерін біріктіреді. 1944 жылы негізі қаланған. Вьетнам социалистік партиясы - негізінен интеллигенция өкілдерін біріктіреді. 1946 жылы ұйымдастырылған.
Вьетнамның отандық майданы (ВОМ). ВЕП-ті, Вьетнам кәсіподақтар федерациясын, Хо Ши Мин атындағы Вьетнам еңбекші жастар одағын, Вьетнам демократиялық партиясын, Вьетнам социалистік партиясын, Вьетнам әйелдер одағын т. б. қоғамдық, діни ұйымдарды, патриоттық пиғылдағы адамдарды біріктіреді. Оның басшы және бағыт беруші күші - Еңбекшілер партиясы (1969 жылы қатарында 10 млн-нан астам адам болды).
Кәсіподақтары және басқа қоғамдық ұйымдары. Вьетнам кәсіподақтары федерациясы 1946 жылы құрылған, 1,1 млн. мүшесі бар (1968 ж.). Кәсіподақтардың бүкіл дүние жүзілік федерациясына мүше (1949 жылдан), Хо Ши Мин атындағы Вьетнам еңбекші жастар одағы - 1931 жылы құрылған, 1970 жылдың басынан Хо Ши Миннің есімімен аталады, 2,6 млн. мүшесі бар (1969 ж.), Вьетнам жастары федерациясы - 1946 жылы құрылған, барлық жастар ұйымын біріктіреді, Демократияшыл жастардың бүкіл дүние жүзілік федерациясына кіреді (1948 жылдан). Вьетнам әйелдер одағы -1946 жылы құрылған, 4,5 млн. мүшесі бар (1968 ж.), Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясына кіреді (1946 жылдан), Бейбітшілікті қорғаудың вьетнамдық комитеті - 1950 жылы құрылған, Азия мен Африка елдері ынтымағының вьетнамдық комитеті - 1955 жылы құрылған, Вьетнам-совет достығы қоғамы - 1950 жылы құрылған.
Экономикасы. 1945 жылғы август революциясының жеңісі нәтижесінде ВСР социалистік құрылыс жолына түсті. Халықтық-демократия жолымен дамудың бастапқы кезеңі империалистік агрессияға қарсы күресумен, елдегі әлеуметтік-экономикалық қайта өзгерістердің алғашқы қадамдарын жасаумен өтті. Соғыс аяқталғанда, елдің экономикалық жағдайы өте ауыр халде болды: елді мекендер тоналған, қирап бүлінген еді, ұлттық буржуазия мен француз капиталистері өнеркәсіп жабдықтары мен аса бағалы мүліктердің көбін шетелге, Оңтүстік Вьетнамға алып кетті, елдің солтүстік және оңтүстік аудандары арасындағы дәстүрлі экономикалық байланыс үзіліп қалды. Дегенмен 1955-1957 жылдардың жоспары осындай жағдайда іске асырылды. Ескі кәсіпорындар қалпына келтірілді және жаңа объектілер салына бастады, аграрлық реформа жүргізілді. Ол кезде ВСР-дің халық шаруашылығында 5 сектор - мемлекеттік, кооперативтік, ұсақ товарлы, капиталистік жеке меншік және мемлекеттік капиталистік секторлар бар еді. Социалистік сектор өнеркәсіп өнімінің 60%-ке жуығын бере бастады, елдегі бүкіл темір жол транспорты, банк жүйесі, сыртқы сауда айналымының 98%-і осы сектордың қарамағында болды. Ауыл шаруашылығында социалистік сектордың үлесі 0,14%-тен (небәрі 20 мемлекеттік шаруашылық болды) аспады. 1958-1960 жылдардың үш жылдық жоспарын орындау ВСР экономикасында социалистік сектордың үстем дәрежеге жету кезеңі болды. Бірінші бесжылдық жоспар (1961-1965) ВСР-де социализмнің материалдық-техникалық базасын жасауға арналды. Социалистік елдердің, ең алдымен, СССР-дің көмегімен ол социалистік индустрияландыру жолына түсті.
Өнеркәсібінің бастысалалары: тау-кен өндірісі, энергетика, тамақ және химиялық өнеркәсібі. 1965 жылы 4 млн. т тас көмір өндірілді, оның көбін Хонгай басеейні берді. СССР-дің көмегімен Уонгби (1966-1967 ж.), Вангзань шахталары салынды, Део-Най, Кок-Шау, Хату көмір кендері игерілуде. Қалайы, вольфрам (Каобанг провинциясы), темір рудасы (Тхайнгуен), апатит (Лаокай) өндіріледі. 1965 жылы 595 млн. квт-сағ электр энергиясы өндірілді, басты кәсіпорындары - Уонгби жылу электр стандиясы, Бантхать, Тхакба СЭС-тері. ВСР-нда металлургия дамып үлгірмеген, аздап шойын қорытылады. СССР-дің көмегімен Тиньтукте қалайы комбинаты салынды. Машина жасау өнеркәсібі (металл шеттен әкелінеді) ауыл шаруашылық машиналары мен олардың қосалқы бөлшектерін, су насостарын, металл жонатын станок, шағын кеме, вагон шығарады; басты орталықтары - Ханой, Хайфон, Хадонг, Хайзыонг. Камфада тау-кен өнеркәсібі құрал-жабдықтарын жасайтын және жөндейтін ірі з-д салынуда (1971). Химиялық өнеркөсібінің басты өнімдері - минералдық тыңайтқыштар, каустикалық сода, улы химикаттар, дәрі-дәрмек, ірі кәсіпорындары: Вьетчидегі химиялық комбинаты, Ламтхаодағы суперфосфат з-ды. Күріш тазалау (Ханой, Намдинь), сыра қайнату, балық және жеміс консервілеу (Хайфон), шай өңдеу (Футхо), қант, темекі, тамақ т. б. өнеркәсібінің салалары дамыған. Құрылыс материалдары (Ханой), ағаш өңдеу (Бентхюй, Винь) мата тоқу және тігін (Ханой, Намдинь, Хайфон) кәсіпорындары бар.
Ауыл шаруашылығы. Еңбекке қатысатын халықтың 80%-і ауыл шаруашылығында істейді. Халықтық өкімет тұсында ауыл шаруашылығын көтеру мақсатымен бір-қатар шаралар іске асырылды: тың жерлер игерілді, жаңадан ирригациялық жүйелер салынды, ескі жүйелер жөнделді (1965 ж. егіетің 78%-і суармалы егіс болды), бұрын тек қана күріш егіліп келсе (монокультура), енді оған қоса батат, маниок т. б. тағамдық, техникникалық дақылдар егілетін болды, жеміс өсіруге көңіл белінді, мал шаруашылығы жолға қойылды. Ауыл шаруашылығының маңызды саласы - егіншілік, ол ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 64,8%-ін береді. 1966 жылғы өңделген жері 2 млн. га (бүкіл жерінің 12,5%-і жылына бірнеше өнім жиналатынын қоса есептегенде, егістігі 3,3 млн. га). Басты дақылы - күріш (егістің 80%-і). 1967-1968 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 2,6, оның ішінде 1,8 буйвол (көлік ретінде пайдаланылады), шошқа 6,2. Теңіз жағалауында балық ауланады (жылына 300 мың тоннадай). Солтүстігіндегі таулы өңірде орман шаруашылығы дамыған.
Транспорты. Темір жолының ұзындығы 1000 км (1969), басты темір жол торабы - Ханой. Тас жолы 15 мың км, ішкі су жолы 25 мың км. Барлық жүк айналымының 60%-і темір жолдың, 30%-і ішкі су жолының үлесіне тиеді. Басты теңіз порттары: Хайфон (жүк айналымы 5 млн. т) Хонгай, Камфа, Бентхюй, Ханойда (Зялам) халықаралық орталық аэропорт бар.
ВСР шетке тас көмір, апатит, хромит, ағаш, ауыл шаруашылық және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығарады, басқа елдерден машина, құрал-жабдық шикізат сатып алады (импортының 85%-і машина, жабдық және шикізат). Сыртқы саудасындағы жүк айналымының 80%-і социалистік елдердің үлесіне тиеді. Ақшасы - донг.
Денсаулық сақтау ісі. 1964 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда, жалпы өлімнің саны 6,9, әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені - 15,8 болды. Елде көп тараған жұқпалы ауруларға қарсы СССР-дің және басқа социалистік елдердің көмегімен шұғыл шаралар қолданылуда. 1965 жылы 28,9 мың төсектік 480 аурухана, селолық жерлерде 5,3 мың медпункт, туберкулезді емдейтін 45 емхана, басырдан емдейтін 3,7 мың пункт болды. 1966 жылы 1,5 мың дәрігер, 900 фармацевт, 840 медсестра, 540 акушер жұмыс істеді. Ханойда туберкулез, микробиология, көз ауру институттары және Шығыс медицинасы институты бар.
Оқу-ағарту ісі. 1945 жылы тамызға дейін халқының 95%-і сауатсыз еді. 1959 жылға дейін жазық жерлерді мекендеген 12-50 жас аралығындағы халықтың 93,4 %-і сауатын ашты. 1961 жылы республикада жаппай бастауыш білім беру жүйесі енгізілді. 1956 жылғы мектеп реформасы бойынша 10 жылдық білім алу 3 сатыға бөлінді: 1-сі 4 жыл, 2-сі мен 3-сі 3 жылдан. 1968-1969 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 4 млн. оқушы, 200 арнаулы орта оқу орнында 151,4 мың және жоғары оқу орындарында 73 мың студент оқыды. 1954-1963 жылдарда социалистік елдердің жоғары оқу орындарында 1 мың вьетнамдық оқыды. 1967 жылдың өзінде СССР-де 2100 Вьетнамның студенті оқыды. Ханойда Мемлекеттік кітапхана (1919 жылдан), Орталық ғылми кітапхана (1898), Тарих, Революция музейлері, Вьетнам халық армиясының музейі бар.
Ғылымы және ғылыми мекемелері. 1955 жылы Ханой университеті қайта құрылып, онда ғылыми-зерттеу бөлімі ұйымдастырылды. Ғылым мен техника жөніндегі мемлекеттік Комитет жаратылыс тану, техникалық ғылымдар саласындағы бүкіл зерттеу жұмыстарын басқарады және ғылыми кадрлар дайындауды ұйымдастырады, сондай-ақ, ауыл шаруашылық, химия, медицина, орман, балық шаруашылықтары мәселелерін зерттейтін институттардың жұмысын басқарады. Қоғамдық ғылымдар жөніндегі Мемлекеттік комитет әдебиет, тарих, экономика, философия және право институттарының жұмысына басшылық етеді. Бірнеше ғылыми журналдар шығарады. Мемлекеттік комитет пен СССР ҒА арасында ғылыми ынтымақ туралы келісім бар (1961 ж.).
Маркстік философиялық ой Вьетнамда экзистенциалистік т. б. батыстық буржуазия ілімдерге, ұсақ буржуазия революциялық теорияларға, сондай-ақ, Вьетнамдағы діни-идеалистік философия системаларға қарсы күресте дамыды. Вьетнам марксистері тарихи материализмнің елдегі социалистік революция мен социалистік құрылыстың тәжірибесін қорытуға байланысты проблемаларын шешуге, қоғамдық-саяси, философиялық ой тарихын зерттеуге, Оңтүстік Вьетнамдағы идеалистік ағымдарды сынауға баса назар аударуда. Филос институты (1965 ж.), Нгуен Ай Куок атындағы партия мектебі (1948 ж.) бар. Философия мәселелері жөніндегі мақалалар «Хок тап» (ВЕП ОК-нің органы) және «Тхонг-бао чиет-хаук» журналдарында басылады.
ВСР тарихшылары еңбекшілер бұқарасының, ұлт-азаттық күресінің тарихын, халықтың-демократиялық революция мен социалистік құрылыстың проблемаларын зерттеуге, Вьетнамның тарихын буржуазия бұрмалаушылықты әшкерелеуге ерекше назар аударады. Вьетнам халқының француз отаршыларына қарсы күресін, 1945 жылғы Август революциясының тарихын, Вьетнам жұмысшы табының өсуін, американ агрессиясына қарсы күресті т. б. баяндайтын көптеген күрделі еңбектер жазылды. 1959 жылы Тарих институты құрылды. Тарих мәселелері жөніндегі мақалалар «Нгиенкыу лить сы» журналында басылады.
Экономика ғылымы саласындағы еңбектердің көбі аграрлық мәселені шешу, ауыл шарашылығын кооперациялау, елді индустрияландыру, финанс-кредит системасын жасау, шаруашылық есепті енгізу сияқты социалистік құрылыста өмірлік маңызы бар мәселелерді зерттеуге арналған. Экономика саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары Экономика институтында (1958 ж.), Финанс министрлігінің ғылыми зерттеу институтында, Финанс- экономика институтында (1959 ж.) жүргізіледі. Социалистік право ғылымының тууы «Тап шан ты фап» журналының шығуымен (1954 жылы қаңтар) байланысты. Заң ғылымының орталығы - Право институты.
Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. Вьетнамда мерзімді баспасөз 19 ғасырдың жартысында пайда болды. 1865 жылы Сайгонда куок нгы тілінде «Зя динь бао» («Зя динь газеті») шыға бастады. Партиялық және демократиялық баспасөз 20 ғасырдың 20-30 жылдары пайда болды. Қазір ВСР-нда 100-ден астам газет, журнал шығады (1971). Негізгі газеттері: «Нян зан» («Халық») - Вьетнам еңбекшілер партиясы ОК органы, «Док лап» («Тәуелсіздік») - Вьетнам Демократиялық партиясының органы, «Кыу куок» («Отан қорғау») - Вьетнамның Ұлттық майдан ОК органы, «Лао донг» («Еңбек») - Вьетнам кәсіподақтары федерациясының органы, «Тьен фонг» («Авангард») - Хо Ши Мин атындағы. Вьетнам еңбекші жастар одағының органы, «Ван нге» («Әдебиет және өнер») - Вьетнам әдебиеті мен өнері қызметкерлері ассоциациясының органы, «То куок» («Отан») - Вьетнам социалистік партиясының органы т. б.; «Фу ны Вьетнам» («Вьетнам әйелдері») журналы - Вьетнам әйелдері одағының органы. ВСР-дің ресми телеграф агенттігі - Вьетнам информациялық агенттігі (ВИА, 1945). Ханойда 1945 жылдан «Вьетнам үні» радиостанциясы, 1971 жылдан телестудия жұмыс істейді.
Әдебиеті. 1945 жылы август революциясынан кейін бұрынғы жасырын әдебиеттің тәжірибесі негізінде қалыптасқан ВСР әдебиеті жаңа адам бейнесін жасау мен елдегі революциялық өзгерістерді көрсетуді өзінің өзекті тақырыбына айналдырды. Революцияшыл ақын То Хыудың өлеңдері 1946 жылы алғаш рет жеке кітап болып басылды. Нгуен Хюи Тыонгтың (1912-1960) «Бакшондағы көтеріліс», Нгуен Конг Мидің «То Хьеу» атты революцияшыл халық бейнесін суреттейтін пьесалары жарық көрді. Қарсыласу соғысы жылдарында әдеби тілді, шығарманың көркемдік формаларын онан әрі демократияландыру іске асырылды. Әдебиетте шағын жанрлар очерк, әңгіме, бір актылы пьеса, өлең басым орын алды. Соғыс тұсындағы повестер мен романдарда коллективтік қаһарманды (рота, партизан отрядын т. б.) бейнелеуге баса көңіл белінді. Бұл тұста Нгуен Динь Тхидың (1924 ж. т.) «Алға, атакаға!» (1951), Во Хюи Тамның (1920 ж. т.) «Көмір бассейні» (1951), Нгуен Ван Бонгтің (1920 ж. т.) «Бзшвол» (1952) сияқты туындылары жарияланды. 50 жылдарда Вьетнам жазушылары социалистік реализм әдісін творчестволықпен меңгере бастады. Сөйтіп, олар замандас бейнесін коммунизм жеңісінің тарихи болашағы тұрғысынан суреттеуге кірісті. Совет әдебиеті мен басқа социалистік елдер әдебиетінің тәжірибесін үйренуге ерекше назар аударылды. 1957 жылы Жазушылар одағы құрылды. Нгуен Нгауктың (1932 ж. т.) «Ел еңсесін көтерді» (1956), Нгуен Хюи Тыонгтің «Шаруа Люктің өмірі» (1-2-т., 1955; 3-т., 1956), Во Хюи Тамның «Шахтерлер» (1961), Нгуен Динь Тхидің «Құлаған жағалау» (1-т., 1962; 2-т., 1970) сияқты кесек туындылары жарық көрді. АҚШ агрессорларына тойтарыс беруде Вьетнам халқының ерлік қимылдарын паш ететін шығармалар туды. Өмірдегі жаңа құбылыстарды ілесе суреттейтін әңгіме жанры ерекше роль атқарды. Поэзияда әлеуметтік түбегейлі өзгерістер мен соғыс ауыртпалығын басынан кешірген жаңа қоғам мүшесінің өмірін жырлайтын лирика басты орынға ие болды. Нгуен Динь Тхидің «Қара теңіз поэмасы» (1959), То Хыудың «Отыз жыл партиямен бірге» (1959) поэмалары сәтті туындылар қатарына жатады. Хо Ши Миннің «Өлеңдер» (1967) атты жинағын оқырмандар қызу қарсы алды.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Қарсыласу соғысы кезінде (1945-1954) Вьетнам суретшілері (То Нгок Ван, Фан Ке Ан, Лыонг Суан Ньи т. б.) халықтың ерлігін дәріптейтін үгіт листовкалар, плакаттар шығарды. 1954 жылдан кейін олар елді қалпына келтіру жұмыстарына ат салысты. Бейнелеу өнерінде, әсіресе сулы бояулармен, лакпен жасалған туындылар басым болды, басты тақырып - халықтың еңбегі мен күресі. Графика (иллюстрация, эстамп, плакат), мүсін өнері (Чан Ван Лам, Зьен Мин Тяу т. б.) одан әрі дамыды. Ханойда Жоғары көркемсурет (1957), Өнеркәсіптік-көркемсурет (1958) училищелері ашылды. 1958 жылы Суретшілер одағы құрылды. ВСР суретшілері өздерінің туындыларында американ агрессорларына қарсы күрестегі халықтың қаһармандығын бейнелеуде, бұған дәлел Фам Ван Дон, Май Ван Хиен, Куанг Фонг т. б. еңбектері. 1959, 1971 жылдары Москвада ВСР суретшілерінің көрмелері өтті.
Музыкасы. Вьетнам музыкасындағы профессионалдық жанр Вьетнам халқының француз отаршыларына қарсы ұлт-азаттық соғысы кезіндегі революцияшыл музыкалық фольклордан туындайды. Халықтың еңбек әндерінің үлгісінде және солардың мелодиясы негізінде жаңа мазмұнды жауынгерлік әндер шықты. Бұл әндер Вьетнам профессионалдық музыкасының (ораториялар, кантаталар, программалы симфониялар) туып, қалыптасуына себепші болды. Халық арасына кең тараған Жанр - халықтың тео театры негізінде туған опералық шығарма. Вьетнамның ертедегі операсы сияқты, қазіргі опера өнері де әнді, аспаптық музыка мен биді қамтиды. Тұңғыш Вьетнам операларының авторлары - До Ньюан («Жұлдыз-қыз») мен Ньят Лай («Ба өзенінің жағалауында»). Опера жанрындағы аса көрнекті композитор - Нгуен Суан Хоат (1948 жылдан ВСР Композиторлар одағының председателі). Ол «Үлкен өзендегі көпірден өту» операсын жазып, бұл шығармада ұлттық музыкалық фольклор мен профессионал композиторлық шеберлікті сәтті жағдайда ұштастыра білді. Нгуен Ньео Туи, Нгуен Лай, Ка Тэ сынды композиторлар опера жанрында жемісті еңбек етуде.
1955 жылы Ханойда консерватория, кейінірек ұлттық музыкалық театр мектебі, орта және жоғары музыкалық курстар, музыкалық мектептер ашылды. Көптеген музыканттар Совет Одағы мен басқа да социалистік елдерде музыкалық білімін жетілдіруде. 1959 жылдан Ханойда симфониялық оркестрі, 1962 жылдан ВСР-дің Мемлекеттік хоры және халық аспаптар оркестрі жұмыс істейді.
Театры. Халықтық өкімет тұсында драматургия жаңа, осы заман тақырыбымен молықты. 1946-1954 жылдар театрдың кең таралған түрлері - кить-ной мен кай-лыонг. Өмірдің өзекті мәселелерін қозғайтын пьесаларда басқыншыларға қарсы көтерілген бүкіл халықтық соғыс оқиғасы өз бейнесін тапты. «Орхидея», «Халық труппасы», «Август айы» сияқты көшпелі труппалар жұртшылық алдында, әскери бөлімдерде өнер көрсетті. Ханойды азат еткеннен кейін, 1954 жылы түрлі театр труппалары мен өнерпаз артистердің фестивалы өткізілді (4 жылда бір рет өткізіледі). «Жас қыздар Ган мен Вук», «Үш қап күріш» т. б. пьесалар көрсетілді. Елдің қоғамдық өмірінде театр өнері маңызды орынға ие болды. Совет режиссерлері қойған спектакльдер (Треневтің «Любовь Яроваясы», Арбузовтың «Иркут хикаясы» т. б.) театрдың онан әрі дамуына игі әсер етті. Халықтың ескілікті өнерінің бір түрі - қуыршақ театры қайта туып өркендеді. Ханойда тұңғыш профессионалды қуыршақ театры (1957) құрылды. 1957 жылы Вьетнам театры артистерінің ассоциациясы ұйымдасты. 1961 жылы Драма жоғары мектебі ашылды.
Киносы. ВСР кинематографиясының тууы елді азат ету күресімен тығыз байланысты. 1948 жылы партизандардың ерлігін баяндайтын тұңғыш «Мак Хоа үшін шайқас» атты киножурнал түсірілді. Бұл - деректі киноның тууы болды. Оның негізін салушы операторлар: Хуанг Мэ, Май Лок, Куанг Туй, Фэн Нгием. 1954 жылдан кейін елде ұлттық кинематографияның дамуына мүмкіндік туды. 1958 жылы Ханойда киностудия құрылды. «Бір өзен жағалауында» кинокартинасының (1959, реж. Нгуен Хонг Нги және Фам Фиеу Зан) қойылуы көркем кинематографияның туғанын көрсетті. 60 жылдары қойылған фильмдер: «Апельсин бауы» (1960, реж. Фам Ван Хоа), «Қаза тапқан адамның ескерткіш сыйлығы» (1961, реж. Хонг Нги және Хиеу Зан), «Екі жауынгер» (1962, реж. Ву Сон), «Жас жауынгер» (1966, реж. Хай Нинь және Нгуен Дак Хинь), «Тхам қыздың орманы» (1970, реж. Хай Нинь). 1959 жылы Ханойда сценаристер, режиссерлер, актерлер, кино өнеркәсібінің экономистерін даярлайтын ұлттық кино мектебі ұйымдастырылды. Көркем, шежірелі-деректі, ғылыми-көпшілік, мультипликациялық фильмдер түсіретін киностудия жұмыс істейді. Белгілі кино актерлері: Фи Нге, Нгок Лан, Нгуен Хонг ПІэн, Ча Жанг, Туе Минь, Тху Хиен, Туй Винь.
ОҢТҮСТІК ВЬЕТНАМ (1955-1975). Оңтүстік Вьетнам демаркациялық оңтүстк жағын алып жатыр. Жері 173,8 мың км2. 1969), жылына 2,6% өседі, тығыздығы 1 км2-ге 100 адамнан. Халқының 15%-і қалаларда тұрады, ірі қалалары - Сайгон, Дал нанг, Хюэ. Вьетнам Республикасының (сайгондық өкіметтің) астанасы - Сайгон. 1967 жылы 1 сәуірде жарияланған конституция бойынша мемлекеттің басшысы президент, оған диктаторлық өкілдік берілген. Жоғары басқару органы - премьер-министр бастаған үкімет. Заң шығару органы - сенат пен өкілдер палатасынан құрылған парламент. 1967 жылғы сайлау заңы бойынша коммунистер мен нейтралистер сайлауға қатыстырылмайды. Тарихи анықтама. 1954 жылғы Женева келісімдерін жүзеге асыртпай тастауды көздеген АҚШ пен сайгондық (Нго Динь Зьемнің) үкімет Вьетнамның белшектенуін қайтсе де сақтауға тырысып бақты. Француз отаршылары Оңтүстік Вьетнамнан ығыстырылып, олардың орнын американ империалистері басты. Вьетнамның бейбіт жолмен біріктірілуін жақтаған патриоттық, демократиялық ұйымдарға қатаң тыйым салынды. АҚШ-тың тікелей қолдауымен 1955 жылы қазанда Оңтүстік Вьетнамда Вьетнам Республикасы деп аталатынның құрылғандығы жарияланды; президенті Нго Динь Зьем болды. Елде халықты қанга бояган әскери диктатура орнатылды. 1956 жылдың жазында жерге помещиктік меншік қайта қалпына келтірілді. Бірақ қатал террорға қарамастан, Оңтүстік Вьетнамда ұлт-азаттық қозғалыс тез өріс алды. 1960 жылы 17 қаңтарда Мокай уезінде басталған қарулы көтеріліс тез арада Бенче провинциясын түгел қамтыды. 1960 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Вьетнамды азат етудің Ұлттық майданының (ОВАЕҰМ) құрылтай съезі болды. Ол Ұлттық майданның манифесі мен программасын қабылдап, уақытша Орталық Комитетін (ОК) сайлады, 1961 жылы 15 ақпанда Оңтүстік Вьетнамның Азаттық армиясы құрылды. 1962 жылдың басында өткен ОВАЕҰМ-нің 1-конгресі құрылтай съезінің қарарын мақұлдап, Ұлттық майданның басшы органдарын сай лады.
1963 жылы қарашада Нго Динь Зьем тақтан құлатылды, бірақ өкіметті әскери хунта басып алды. Бұдан кейін тагы бірнеше рет әскери төңкеріс жасалды, ал 1965 жылы АҚШ-тың қолдауымен өкімет басына генералдар Нгуен Ван Тхиеу мен Нгуен Као Ки бастаған әскери хунта келді. Оңтүстік Вьетнамдағы ұлт-азаттық қозғалысын жаныштауға АҚШ 50 жылдардан бастап араласты. 1954-1960 жылдарда Оңтүстік Вьетнамдағы американ әскери миссиясы 200-ден 2000-ға дейін өсті, Оңтүстік Вьетнам армиясына бөлінетін қаржы көбейтілді, онда әскери кеңесшілер жіберілді. 1964 жылы Оңтүстік Вьетнамдағы американ кеңесшілерінің саны 25-30 мыңга жетті. Ал 1965 жылдың мартынан АҚШ Оңтүстік Вьетнамда тікелей қарулы интервенция жасап, патриоттық күштерге қарсы соғысқа қолма-қол араласты. Сөйтіп, американ авиациясы ВСР мен Лаосты бомбалауға кірісті. АҚШ өзінің одақтастарынан 1965 жылы Оңтүстік Кореяны, Австралия мен Жаңа Зеландияны Оңтүстік Вьетнамға әскер жіберуге зорлап көндірді 1968 жылы сәуірде мұндағы АҚШ әскерлерінің саны 549 мыңға, АҚШ-пен одақтас елдердің әскерлері 70 мыңга жетті, ал сайгондық тәртіп қарулы күштерінің жалпы саны 350 мың болды. Американ империалистері халықаралық правоны бұзып, бұл соғыста ұлы заттар мен газдарды да қолданды.
Оңтүстік Вьетнам халқы американ агрессиясына өзінің ұлттық тәуелсіздігі жолындағы қарулы күресті еселеп күшейтумен жауап берді. 1966 жылдың аяғында патриоттық күштер 10 млн-нан астам халық мекендейтін жерлерді азат етті. 1967 жылы тамызда ОВАЕҰМ-нің кезексіз төтенше съезі болды, ол азаттық жолындағы күресті одан әрі өрістету жолдарын белгіледі. 1968 жылдың басында басқыншыларға күйрете соққы берілуі нәтижесінде 700-ден астам елді мекен (1,5 млн. халық) азат етілді. Бұл аудандарда халық мүддесіне сай бірқатар өзгерістер жүргізіле бастады. 1969 жылы азат етілген аудандарда Оңтүстік Вьетнам Республикасы құрылды. Оның уақытша Революция үкіметі Вьетнам проблемасын (1969 жылы мамырда Ұлттық майдан ұсынған 10 пункт негізінде) саяси реттеу жолында табандылықпен күресіп келеді, 1969 жылы сәуірдің Париждегі 4 жақты келіс сөздерге қатысты. 1969-1971 жылдарда Азаттық армиясының соққысынан АҚШ әскерлерінен 54 мыңнан астам адам қаза тауып, 300 мыңдайы жараланды. Осыдан кейін АҚШ империалистердің белгілі айла-шарғысын қолдануға - Оңтүстік Вьетнамдағы соғысты «вьетнамдандыруға», яғни «азиаттарды азиаттарға қарсы айдап салуға» көшті. АҚШ Вьетнамдағы соғысқа жыл сайын 25-30 млрд. доллар жұмсады (1970).
1970 жылы Үндіқытай түбегіндегі американ агрессиясы одан әрі ұлғайған жыл болды. АҚШ ВСР-дің бейбіт аудандарын бомбалауды, Лаосқа қарулы күш жұмсау әрекеттерін күшейтумен қатар, Камбоджаға басып кірді. Американ соғысқұмарларының бұл әрекеті Үндіқытайдағы барлық халықтарды империализмге қарсы бір тұтас майданға біріктіріп, агрессорға батыл тойтарыс беруге жұмылдыра түсті. Бұған 1970 жылы 24-25 сәуірде ВСР, Оңтүстік Вьетнам Республикасы Лаос және Камбоджа өкілдерінің кеңесі дәлел. Маусымның аяғында американ әскерлері Камбоджадан кетуге мәжбүр болды. 1971 жылы ақпанның басында американ қарулы күштерінің көмегімен сайгондық әскерлер Лаосқа басып кірді, бірақ оларды Үндіқытай патриоттық күштері наурыздың аяғында Оңтүстік Вьетнамның шекарасына қуды.
Вьетнам халқының ұлт-азаттық күресін дүние жүзінің демократиялық жұртшылығы қолдады. Бүкіл дүние жүзілік Бейбітшілік Советі 1969 жылы 19 наурыздан 2 сәуірге дейінгі аралықты шайқастағы Вьетнаммен ынтымақ күні деп жариялады. 56 халықаралық, 320 ұлттық ұйым, 101 елдің қайраткерлері қатысқан Берлиндегі Бүкіл дүние жүзілік бейбітшілік ассамблеясы Вьетнамдағы американ агрессиясын айыптап, Париждегі 4 жақты кездесуде Вьетнам халқының өкілдері қойған талаптарды қолдаған қарар қабылдады. СССР Жоғары Советінің сессиясында (1969 жылы шілде) және БҰҰ Бас Ассамблеясының 24-25-сессияларында Совет Одағы Оңтүстік Вьетнам патриоттарының талаптарын қолдайтынын айқын мәлімдеді. КПСС 24-съезінің шешімдерінде, съезд қабылдаған арнаулы Үндеуде совет халқы қаһарман Вьетнам халқын батыл қолдайтындығы атап көрсетілді.
Парижде (1973 жылы 27 қаңтар) Вьетнамдағы соғысты тоқтату және бейбітшілікті қалпына келтіру туралы келісімге қол қойылды. Мұның өзі батыр вьетнам халқының агрессорларға қарсы соғыстағы үздік жеңісі, дүние жүзінің прогресшіл, бейбітшіл күштері бірлік-ынтымағының тамаша жеңісі болды.
Оңтүстік Вьетнамды азат етудің ұлттық майданы, саяси партпялар.
Оңтустік Вьетнамды азат етудің ұлттық майданы (ОВАЕҰМ) 1960 жылы желтоқсанда құрылды. 40-тан астам саяси партияны, қоғамдық және діни ұйымды біріктіреді (1969). Оған Демократиялық партия, Радикал-социалистік партия, Оңтүстік Вьетнамды азат ету жолындағы кәсіподақтар Федерациясы, Оңтүстік Вьетнамды азат ету жолындағы жастар ассоциациясы т. б. ұйымдар кіреді. Реакцияшыл Ұлы Вьетнам партиясы (1939 жылы құрылған) мен Вьетнамның ұлттық партиясы.
Экономикасы. Еңбек етуші халықтың 85%-і ауыл шаруашылығында істейді. Жерінің 16%-тен астамы егістік, 16,7%-і шабындық пен жайылым, 32%-і орман. Егісінің 80%-і күріш, одан басқа батат, маниок, каучук ағашы, қант құрағы, мақта, кофе, шай, цитрус жемісі, банан өсіріледі. Күріш егетін басты ауданы - Меконг өзенінің атрауы. 1967-1968 жылғы мал саны (млн.): мүйізді іріқара1,6, оның ішінде буйвол 0,6, шошқа 3,2. Балық аулау (жылына 400 мың т), орман кәсіпшілігі (аса бағалы ағаш дайындалады) дамыған. Жалпы ұлттық өнімнің 10%-ін өнеркәсіп береді, ол негізінен ауыл шаруашылық шикізатын және ағаш өңдеуге негізделген. Пайдалы қазбаларының көбі игерілмеген, мыс., Дананг қаласы маңындағы Нонгшон ірі көмір шахтасы жабылып қалды. 1968 жылы жылу электр станцияларынан алынған электр энергиясы не бары 0,8 млрд. квт-сағ болды. Оңтүстік Вьетнамдағы жалғыз Даним СЭС-і жұмыс істемейді. Тамақ (күріш тазалау, қант, шай, май, арақ), мата тоқу, целлюлоза-қағаз, дәрі-дәрмек, шағын кеме, автомобиль, самолет т. б. жөндеу кәсіпорындары бар, олар Сайгон, Шолон қалаларының төңірегіне шоғырланған. Темір жолының ұзындығы 1 мың км, автомобиль және жай жолдары 20 мың км, ішкі су жолы 5 мың км. Басты аэропорттары - Таншоннют (Сайгонда), Бьенхоа, теңіз порттары - Сайгон, Дананг. Сайгондық өкіметтің бақылауындағы аудандарда ірі жер иеленушілік үстемдік етеді, шаруалардың басым көпшілігінің жері жоқ немесе өте аз. Экономикада француз, американ, жапон капиталы қожалық етеді. Ауыл шаруашылық ішкі қажетті өтей алмайды. Шетке негізінен каучук (экспортының 80%-і) шығарылады. Импортының 80%-тен астамы - тұтыну товарлары, оның ішінде тамақ және ауыл шаруашылық өнімдері. 2-дүние жүзілік соғыс қарсаңында экспортқа жылына 1,5 млн. т күріш шығарылған болса, енді (1966) жылына 300 мың т күрішті өзі сатып алатын болды. Сыртқы саудадағы әріптестері - АҚШ, Франция, Жапония, Батыс Германия, Ұлыбритания.
Оңтүстік Вьетнамның азат етілген аудандары вегізінен селолық жерлер. ОВАЕҰМ Оңтүстік Вьетнам жағдайындағы басты проблема - аграрлық мәселені шешуге ерекше назар аударады. Ұлттық майданның программасы американ капиталистері мен жергілікті сатқын помещиктердің жерін конфискелеп, оны жерсіз және жері аз шаруаларға бөліп беруді көздейді. Ирригациялық құрылыстардың ескілері, қирағандары қалпына келтірілуде және жаңадан салынуда, азықтық дақылдар егісінің көлемі ұлғайтылуда. Өндіріс жабдықтары мен әскери техниканы жөндейтін, қару-жарақ, ауыл шаруашылық құралдарын және тұрмысқа қажетті бұйымдар жасайтын шағын кәсіпорындар салынып жатыр. Азат етілген аудандардың шаруашылығына АҚШ авиациясының бомбалауы, қирату, өртеу, улы заттар қолдану әрекеттері аса зор зиян келтіруде.
Денсаулық сақтау ісі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша 1965 жылы Оңтүстік Вьетнамда әрбір 1000 адамға шаққанда, 27,7 адам туып, 6,4 адам өлген, әрбір тірі туған 1000 баланың 36,7-сі өлген. Жазық аймақтарда туберкулез, трахома, венерологиялық және ішек аурулары, таулы өңірлерде безгек ауруы көп тараған. Оба, чума жыл сайын байқалады. Азат етілген аудандарда халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жолында алғашқы қадам жасалуда: жұқпалы ауруларға қарсы қолданылатын дәрілер шығару, медицина-санитария қызметкерлерін даярлау, ауруханалар ашу мәселелері жедел қолға алынып отыр. Әрбір уезде 1 фельдшер, әрбір провинцияда 4 дәрігер халыққа тегін медициналық көмек көрсетеді. Сайгондық өкіметтің қарамағындағы аудандарда 1967 жылы 68 аурухана, 1,2 мың вьетнамдық (одан 700-і әскер қатарында), 123 американдық және 87 басқа шетелдік дәрігер болды. Дәрігерлер Сайгон университетінде, орта дәрежелі медицина қызметкерлерінің медицина мектептерінде дайындалады.
Оқу-ағарту ісі. Оңтүстік Вьетнамның азат етілген аудандарында 1962 жылдан бастап, ОВАЕҰМ-нің басшылығымен ересек халық арасында сауатсыздықты жою жөнінде кең көлемді жұмыс жүргізілуде. 1964 жылы халық ағарту мәселелеріне арналған 1-съезд өтті. Сайгондық өкімет бақылауындағы аудандарда әскери-полицейлік тәртіп халық ағарту ісіне зор нұқсан келтіруде. Онда жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда, әскери мектептерге қаржы 12-15 есе артық бөлінеді. Бастауыш мектеп қалада 5 жылдық, селолық жерде 3 жылдық. Орта мектепте 7 жыл оқиды, оның 2 сатысы (4 және 3 жылдық) бар. Оқу ақылы болғандықтан, орта мектепке бастауыш мектепті бітіргендердің 10-20%-і ғана түсе алады. Сайгонда ұлттық ғылыми-зерттеулер орталығы Бактериология және жануарлар патологиясының ұлттық институты т. б., Далатада ядролық зерттеу орталығы, Пастер институты, Сайгонда Ұлттық кітапхана, Ұлттық музей (1929 жылы құрылған) бар.
Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. Сайгондық өкіметтің қарамағындағы провинцияларда вьетнам, ағылшын, француз, қытай тілдерінде 60-қа жуық (1968) газет, журнал шығады. Олардың бастылары: «Гинь луан» («Саясат»), «Ты зо» («Бостандық»). «Вьетнам пресс» телеграф агенттігі (1951) сайгондық реакцияшыл баспасөзді информациялық материалдармен қамтамасыз етеді. Мемлекеттік радиохабар тарату компаниясы - «Ветнам радиосы» вьетнам, француз, ағылшын, кхмер, тай және қытай тілдерінде хабар жүргізеді. 1966 жылдан Сайгон телевизия станциясы жұмыс істейді.
Оңтүстік Вьетнам патриоттары демократиялық бағытта 80-нен астам (1968) газет пен журнал шығарады. Олардың ең бастылары: «Зяй фонг» («Азаттың») - Оңтүстік Вьетнамды азат етудің ұлттық майданы ОК-нің органы, «Куан зяй фонг» («Азаттық армиясы») - халықтық қарулы күштер командованиесінің органы. 1961 жылдан Оңтүстік Вьетнам Уақытша революция үкіметінің информациялық «Азаттық» агенттігі, ал 1962 жылдан «Азаттық» радиостанциясы жұмыс істейді.
Әдебиеті. Оңтүстік Вьетнамның американ-сайгондық тәртіп орнаған аудандарында әдебиет цензура озбырлығының зардабын шегуде. Нго Динь Зьемнің үстемдігі тұсында халықтық өкімет пен В. Еңбек партиясына жала жабатын, жалған документтік, мемуарлық-өмірбаяндық сипаттағы көптеген шығармалар туды. Бірқатар кітаптарда идеал етіп сайгон офицері алынды. Нго Динь Зьем үкіметі құлағаннан кейін, елдегі реакцияшыл тәртіпті ашықтан-ашық дәріптеуден сақтану тенденциясы байқалды. Прогресшіл жазушылар өмірді шындық қалпында бейнелеуге ұмтылды. Олар американ басқыншылығының азғындық ықпалын әшкерелейтін реалистік шығармалар жазып жүрді. Мұндай шығармалардың ішінен Ле Винь Хоаның әцгімелерін, Ву Зюидің «Долларға сатылған түн» (1967) әңгімелер жинағын, Зунг Таманың «Доллар құдіреті» (1967) деп аталатын көркем репортажын т. б. атауға болады. Оңтүстік Вьетнамның азат етілген аудандарында 1961 жылы әдебиет пен өнер қайраткерлерінің «Азат ету» ассоциациясы құрылды. Оңтайлы шағын жанрға ерекше көңіл бөлінді. Сол сияқты документтік жанрларға да ынта күшеюде. Ұлттық батырлар мен революционерлер туралы естелік, мемуарлық сипаттағы шығармалар жарық көруде («Халықтар арасындағы бейбітшілікті нығайтқаны үшін» халықаралық сыйлықтың лауреаты Нгуен Тхи Диннің естеліктері т.б.). Азаттық үшін күрес тақырыбына арналған шығармалар көбейіп келеді. Поэзияда эпикалық жанрлар ерекше орын алады. Драматургияда бір актілі пьесалар көбірек бой көрсетуде.
Вьетнамдағы американ (АҚШ) агрессиясы - АҚШ билеуші топтарының Вьетнам жеріне 1964-1965 жылдар американ қарулы күштерін кіргізу арқылы жүргізіп келген соғыс қимылы. Мақсаты - Оңтүстік Вьетнамдағы ұлт-азаттық қозғалысын жаншу, Солтүстік Вьетнамда социализм орнатуға кедергі жасау, Оңтүстік Вьетнамды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы АҚШ-тың соғыс стратегиялық базасына айналдыру, бейбітшілікке қатер төндіру. Вьетнамның Ішкі істеріне АҚШ-тың араласуы 1945-1954 жылдардағы Вьетнам халқының қарсыласу соғыстары кезінде-ақ басталған болатын.
Вьетнамның тәуелсіздігі, дербестігі, жерінің бір тұтастыгы халықаралық ауқымда танылғандығын паш еткен Женева келісімдерінің (1954) Вьетнам жөніндегі негізгі қағидаларын бұзып, Оңтүстік Азия елдеріне өктемдік ету ниетін жүзеге асыруды көздеген АҚШ 1955 жылдың қаңтарынан бастап Сайгон үкіметіне тікелей соғыс көмегін көрсетіп, Оңтүстік Вьетнам жерінде соғыс базаларын сала бастады. Оңтүстік Вьетнамдағы азаттық қозғалысын жаншу және Вьетнамды мәңгі-бақи жікке бөлу мақсатымен АҚШ «ерекше соғыс» жоспарларын, оның ішінде Оңтүстік Вьетнамды 18 айдың ішінде (негізінен Сайгон әскерлерінің күшімен) «тыныштандыруды» көздеген Стейли-Тейлор (1961) жоспарын жасады. 1964 жылдың орта шенінде Оңтүстік Вьетнам жерінде 25 мыңдай американ әскері болды, ал сайгон армиясы 350 мың адамға жетті. Алайда американдық «ерекше соғыс» саясаты іске аспады. Американ қару-жарағымен қаруланған, американ соғыс ақылгөйлері басқарған сайгон армиясы патриоттық күштердің соққысына төтеп бере алмады. 1964 жылы күзге салым Оңтүстік Вьетнамды азат етудің ұлттық майданының басшылығымен Оңтүстік Вьетнам патриоттары елдегі жердің 3/4-ін азат етті. Сайгон тәртібін сақтап қалуға және Оңтүстік Вьетнамды өзінің бақылауында ұстауға тырысқан Американ билеуші топтары дербес социалистік мемлекет - Вьетнам Демократиялық Республикасына қарсы соғыс қимылына көше бастады. 1964 жылы тамызда АҚШ флоты мен авиациясы соғыс жарияламастан ВСР жағалауындағы бірқатар әскери объектілер мен елді мекендерді бомбалап, оқ жаудырды. 6-7 тамызда АҚШ конгресі президент Л. Джонсонга АҚШ қарулы күштерін Оңтүстік-Шығыс Азияда пайдалануға право берді. Совет Одағы және басқа социалистік елдер американ соғыс құмарларының ВСР-дағы ылаңын батыл айыптады; дүние жүзі жұртшылығы мұны АҚШ агрессиясының содырлы сойқаны деп бағалады. Қысқа мерзім ішінде Вьетнам Еңбекшілер партиясының (ВЕП) шақыруымен жүз мыңдаған жігіт пен қыз өз еркімен армия, халықтық милиция, жол-жөндеу бригадаларының қатарына алынды. 1965 жылы 800-ден аса американ самолеті атып түсірілді. Сайгон армиясы жеңіліске ұшырай бергендіктен АҚШ негізгі согыс қимылдарын өзі жүргізуге кірісті. 1965 жылы 9 маусымда американ авиациясы 17 және 19 параллелдердің арасындағы ВСР аудандарын, тамыздың аяғында суландыру құрылыстарын бомбалады.
Вьетнамның оңтүстігіндегі күшті шайқастар 1965 жылдың 1-жартысында Шонгба қаласының түбінде, Баж және Куангнгай аудандарында болды. 1965 жылы АҚШ Оңтүстік Вьетнам патриоттарымен күресу үшін өзінің агрессиялық блок жөніндегі одақтастарынан (Оңтүстік Корея, Тайланд, Филиппины, Австралия, Жаңа Зеландия) әскер куштерін алатын болып келісті.
1965-1966 жылдар құрғақ маусым кезінде американ командованиесі Орталық Вьетнамның азат етілген аудандарын (Плейка, Контум) басып алмақшы болды, сонан соң Оңтүстік Вьетнам патриоттарының күшін екіге бөліп, оларды Лаос пен Камбоджа шекараларына қарай тықсырып, сосын құртып жібермекші болды. АҚШ соғыс құмарлары Вьетнамды қару-жарақ пен соғыс техникасының жүзден астам түрін сынап, жетілдіретін, 2 млн-нан астам әскер тәжірибе үйренетін аса зор соғыс алаңына айналдырды. Американ қарулы күштері Оңтүстік Вьетнамдағы патриоттық күш жауынгерлеріне және жай халыққа қарсы жаппай қырып-жою құралдарын (өртегіш, фосфорлы, улы газдар мен улағыш заттар) қолданды. Олар азат етілген аудандардағы егістіктерді, өсімдіктерді, орман-тоғайларды жойды. Осыған қарамастан, Оңтүстік Вьетнам патриоттары дұшпанның қысымына төтеп беріп қана қоймай, азат етілген жерлерді кеңейте түсті, агрессордың стратегиялық жоспарын бұзып, оны қазан-желтоқсан айларында өте-мөте титық-татты, қорғаныс соғыстарын жүргізуге мәжбүр етті.
1965 жылы сәуірде президент Джонсон Вьетнам патриоттарына қарсы «дипломатиялық шабуылға» көшті, өзінің Бальтимордағы сөзінде «алдын ала ешбір шарт қоймастан» келіс сөз жүргізуді, Оңтүстік-Шығыс Азия халықтарына, оның ішінде Вьетнамға да 1 млрд. доллар көмек беруге уәде етті. ОВАЕҰМ өз тарапынан 1965 жылы 22 наурызда 5 пункттен тұратын мәлімдеме жариялап, онда Вьетнам мәселесін бейбіт жолмен шешуді ұсынды. 1965 жылы 8 сәуірде ВСР вьетнам мәселесін саяси жағынан реттеудің кең программасын ұсынды, онда Женева келісіміне сәйкес американ үкіметі Оңтүстік Вьетнамнан өз әскерін әкету, соғыс базаларын жою және Вьетнамдағы соғыс қимылдарын тоқтату талабы қойылды. Вьетнам бейбіт жолмен біріккенге дейін елдің екі аймағы Женева келісімдерін қатаң сақтап, басқа мемлекеттермен соғыс одағына кірмеуге, Оңтүстік Вьетнамның ішкі істерін, Вьетнамның бейбіт жолмен бірігуі жөніндегі мәселені өзі шешуге тиісті болды. Бұл программа ВСР үкіметінің «4 пункті» деген атпен белгілі. Вьетнам Еңбекшілер партиясы (ВЕП) ОК-нің бірінші секретары Ле Зуан бастаған ВСР партия-үкімет делегациясы СССР-ге келген сапарында (1965 жылы сәуір) алдағы уақытта да ВСР қауіпсіздігі мен дербестігін сақтау жөнінде келісімге қол жетті және мұны жүзеге асыру шаралары белгіленді. Совет Одағы ВСР-ға АҚШ агрессиясына тойтарыс берерліктей қажетті көмекті алдағы уақытта да көрсетуге әзір екендігін білдірді. 1965 жылы желтоқсанда Москвада Совет Одағының 1966 жылы ВСР-ға экономикалық және техникалық көмек көрсетуі туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес ВСР Совет Одағынан қажетті мөлшерде зенит қаруларын, ракеталар, қазіргі заманғы реактивті истребительдер алды. Сонымен бірге Совет Одағы ВСР халық шаруашылығының түрлі салаларын қалпына келтіріп, дамытуға көмек көрсетті. Совет қоғам ұйымдары 1965 жылы Оңтүстік Вьетнам патриоттарына және ВСР-ді қорғаушыларға 1 млн. сомнан астам қаржыға материалдық көмек жіберді. Вьетнам американ (АҚШ) агресиясына қарсы қозғалыс бүкіл дүние жүзінде, әсіресе Совет Одағы мен басқа да социалистік елдерде, АҚШ-тың өзінде де кең өріс алды. Вьетнам халқын Бүкіл дүние жүзілік Бейбітшілік Советі, Кәсіподақтардың Бүкіл дүние жүзілік федерациясы, Бүкіл дүние жүзілік демократиялық әйелдер федерациясы. Азия мен Африка елдерінің ынтымақ комитеті, Бейбітшілік, ұлттық тәуелсіздік және жаппай қарусыздану жолындағы Бүкіл дүние жүзілік конгресс (Хельсинки, 1965 жылы шілде) т. б. қолдады.
Империалистердің жетекші соғыс - саяси тобы - НАТО мүшелері (Англия мен ГФР-ден басқасы) Оңтүстік-Шығыс Азиядағы соғыс шиеленісін ұлғайтуға ұстамдылық көзқарас білдірді. АҚШ СЕАТО жөніндегі өзінің одақтастарынан да Вьетнамдағы әрекеті жөнінде бір ауызды қолдау таппады. Франция мен Пакистан АҚШ агрессиясын қолдамады. Оңтүстік Вьетнамдағы американ агрессиясына Латын Америкасы мемлекеттерін тартудың да сәті түспеді. Бұл әрекетті бейтарап мемлекеттер де құп алмады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 20-сессиясында (1965, қыркүйек) Азия, Африка, Латын Америкасы көптеген елдердің өкілдері Вьетнамдағы соғысты тоқтатуды талап етті.
1965 жылы американ агрессорлары ВСР-ге қарсы әуе шабуылын күшейтті. Солтүстік Вьетнамға күн сайын 450, ал кей күндері 500 рет ұшып тұрды. Ең алдымен елдің жол қатынасын талқандап, темір жол, тас жол және су жолласы катынасын бүлдіру мақсаты көзделді. 1966 жылы көктемде Орталық Вьетнамның жағалаудағы провинциялары мен Контум-Плейку ауданында майдан тың күшпен тағы да үдей түсті. Басқыншылар азаттық армиясының бөлімшелерін қоршап алуға әрекет жасады, бірақ өздері қоршауда қалып, авиацияның қуатты қолдауына қарамастан, ауыр шығынға ұшырады.
1966 жылдың аяқ шенінде американ экспедициялық армиясы 2 есе көбейіп, 380 мың адамға жетті. Вьетнам жағалауында АҚШ-тың 4000-ға жуық соғыс, қосалқы және жол-қатынас самолеттері мен вертолеттері шоғырланды. 1967 жылы американ авиациясы ВСР-ды бомбалауды күшейте түсті. Оның есесіне Солтүстік Вьетнамның әуе шабуылы қорғанысы да нығайды.
1967 жылы тамызда ОВАЕҰМ Оңтүстік Вьетнамда ұлт бірлестігінің өкілдік демократиялық коалициялык, үкіметін құруды, сөйтіп бейбітшілік пен бейтараптың, Солтүстік және Оңтүстік Вьетнамды сырттың араласуынсыз бейбіт келіс сөздер негізінде бірте-бірте біріктіру саясатын жүргізуді көздеген жаңа Программа қабылдады.
1967-1968 жылғы құрғақ маусымның басында американдықтар ірі соғыс қимылдарын жоспарлаған кезде, Оңтүстік Вьетнамда 475 мың әскер, 7-флоттың корабльдерінде 40 мың әскер болды. Бұған қоса онда сайгон әскерлерінің 11 дивизиясы, Оңтүстік Корея жалдамалыларының 2 дивизиясы мен 1 бригадасы, Австралия, Жаңа Зеландия, Тайланд, Филиппины әскерлері шоғырланды. Бұл әскерлердің жалпы саны 1967 жылдың аяғында 1300 мыңға таяды. 1967 жылы күзде Контхьена түбінде 70 күндік шайқас болып, онда АҚШ-тың теңіз жаяу әскері титықтап, қорғанысқа көшті. 1968 жылы қаңтарда Кхесань алқабында ұзаққа созылған ұрыстар басталды. Американдардың аса ірі базаларына сонда-ақ соққы берілді. 1968 жылы қаңтардың 29-ынан 30-ына қараған түнде халық азаттық қарулы күштері халықтың жаппай қолдауымен Оңтүстік Вьетнамның барлық жеріндегі американ әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл бастады. Бір мезгілде Сайгон, Хюэ (Гуэ), Дананг, Нячанг, Куинен, Далат (барлығы 43 қала) сияқты аса маңызды қалаларға шабуыл жасалды. АҚШ-тың барлық аса маңызды авиабазалары шабуылға ұшырады. Сайгон іс жүзінде патриоттық күштердің қоршауында қалды.
Вьетнам халқының қаһармандық күресі бүкіл дүние жүзінде моральдық саяси жағынан қолдау тауып отыр. Туысқан елдер, ВСР үкіметі өтінген жағдайда, американ агрессорларына қарсы күресте өз еріктілерінің вьетнам халқына көмекке баруына мүмкіндік туғызуға әзір екендігін білдірді. 1967 жылы маусымда Вьетнам жөнінде Бүкіл дүние жүзілік конференция болып өтті. 1967 жылы қазанда Стокгольмде құрылған Халықаралық үйлестіру комитетінің шақыруы бойынша бейбітшілік жолындағы, АҚШ-тың Вьетнамдағы соғысына қарсы бірыңғай халықаралық қимыл күні өткізілді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 22-сессиясында (1967) 44 мемлекеттік өкілі АҚШ-ты ВСР-ды бомбалауды тоқтатуға шақырды.
АҚШ 1964 жылдың 5 тамыздан 1968 жылдың 31 қазанға шейін 3243 самолетін жоғалтты. Осы уақыт ішінде 143 американ соғыс кемесі суға батырылды және істен шығарылды. АҚШ-тың Вьетнамда өлген және жараланған әскерлерінің саны 1969 жылдың орта шенінде американ соғыс командованиесінің ресми мәліметі бойынша 280 мың адамға жетті.
1969 жылы маусымда Оңтүстік Вьетнам Республикасының (ОВР) Уақытша революция үкіметі жариялануына байланысты Вьетнам американ (АҚШ) агрессиясына қарсы күрестің жаңа кезеңі туды. Халық азаттық қарулы күштері (1969 жылдың 2-жартысында) Оңтүстік Вьетнамның барлық жерінде американ-сайгон әскерлеріне қарсы соғыс қимылдарын өрістетіп, үсті-үстіне соққы берді.
1969 жылы маусымда Москвада өткен коммунистік және жұмысшы партиялары өкілдерінің халықаралық кеңесі Вьетнамдағы американ империализмінің әрекетін қатал айыптап, туысқан вьетнам халқының, ВЕП-тың, ОВАЕҰМ-ның АҚШ агрессиясына қарсы қаһармандық күресіне интернационалдық ынтымақтастық білдірді. Кеңестің негізгі документінде Вьетнам патриоттарының түпкілікті жеңісінің империалистік үстемдік, зорлық-зомбылық саясатына қарсы күресте халықтардың позициясын нығайту үшін принциптік мәні бар екені атап көрсетілді. Бүкіл дүние жүзілік бейбітшілік Ассамблеясы (Берлин, 1969 жылы маусым) дүние жүзі жұртшылығын вьетнам халқының күресін қолдауға шақырды және АҚШ үкіметінен Вьетнамдағы агрессиялық соғысты тоқтатуды талап етті. Кәсіподақтардың Бүкіл дүние жүзілік 7-конгресі (Будапешт, қазан, 1969) вьетнам патриоттарының күресіне тілектестік білдіретіндігін мәлімдеді. 1969 жылы қарашада АҚШ-та «өлімге қарсы жорық» өткізілді, мұның өзі Вьетнамдағы американ империализмінің соғысына қарсы ең ірі жалпы халықтық бас көтеру болды. Совет Одағы 1969 жылы қазанда тегін әкономикалық және соғыс көмегін көрсету, жаңа ұзақ мерзімді несие беру, 1970 жылы СССР мен ВСР арасындағы товар айналымы туралы ВСР-мен жасасқан келісімдерге сәйкес және совет вьетнам ынтымағының кейбір басқа мәселелері жөніндегі документтері негізінде ВСР-ға үзбей азық-түлік, өнеркәсіп өнімдерін жіберіп келді.
1973 жылы 27 қаңтарда Парижде Вьетнамда соғысты тоқтату және бейбітшілікті қалпына келтіру туралы келісімге қол қойылды. Мұның өзі - қаһарман вьетнам халқының американ империалистері мен оның сыбайластарына қарсы соғыстағы тамаша жеңісі, жер жүзіндегі прогресшіл, бейбітшіл күштер бірлігінің жеңісі болды.
Вьетнамды жаңарту қоғамы (Вьетнам Зюй Тан хой) (ВЖҚ) - Вьетнамдағы тұңғыш саяси ұйым (1904-1912). Оны жасырын түрде Куангнам провинциясында (Орталық Вьетнам) революционер-демократ Фан-бой-Тяу құрды. ВЖҚ ең алдымен прогресті қолдайтын феодалдық интеллигенция өкілдерін біріктірді, сонымен қатар оған саудагерлер, өнеркәсіпшілер, қызметшілер де кірді. ВЖҚ-ның негізгі мақсаты француз отаршыларын Вьетнамнан қуып шығып, конституциялық монархия құру болды.
Вьетнамды көркейту қоғамы (Вьетнам куанг фук хой) (ВКҚ) - Гуан-дунда (Қытай) 1912 жылы ақпанда құрылған Вьетнам саяси эмигранттарының империалистерге қарсы ұйымы. Қоғам Француз басқыншыларын қуып шығуды, Вьетнам тәуелсіздігін қалпына келтіріп, демократияшыл республика құруды көздеді. 1916 жылы сәтсіздікке ұшыраған бірқатар революция бас көтеруден кейін ВКҚ таратылды. ВКҚ Вьетнамда революция күресті дамытуға үлес қосты.
Әдеб.: Щеглова Т. Н. Вьетнам. М., 1957; Вьетнам. (Справочник). М., 1969; Геология Юго-Вооточной Азии. Л., 1969; Васильев В. Я. Индокитай. М.-Л., 1947; Хо Ши Мин. О борьбе против американских агрессоров за спасение родины. Ханой, 1967; Мерзляков Н.С. Демократическая Республика Вьетнам. М., 1961; Прокофьев О. Искусство Юго-Воеточной Азии. М., 1967.
Жарияланған-2020-05-04 10:34:47 Қаралды-5095
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану