UF

ФИЛИППИН, Филиппин Республикасы (Republic of the Philippines) - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекет. Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі аралдарды (ірілері: Лусон, Минданао, Самар, Негрос, Палаван, Панай, Миндоро, Лейте, Себу, Бохоль, Масбате) алып жатыр. Жері 299,7 мың км2. Халқы 102,9 млн. (2015). Астанасы - Кесон-Сити қ., басты қаласы - Манила. Территориясы әкімшілік жағынан 73 провинцияға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Филиппин - республика. Конституциялық ассамблеяда қабылданып, сайлаушылардың ашық жиналыстары қолдаған Конституция 1973 жылы қаңтарда ратификацияланған. Мемлекеттің жоғары заң шығаратын органы - бір палаталы - Халық жиналысы, оны халық 6 жылға сайлайды. Конституция күшіне енбегендіктен, 1974 жылы 1 қаңтардан бері соғыс жағдайы туралы төтенше заң (1972 жылы қыркүйек) күшінде деп саналады. Бұл кезеңдегі мемлекет пен үкімет басшысы - президент, қарулы күштердің қолбасшысы да - сол. Конституция бойынша президент 6 жылға сайланады, бірақ қазіргі президенттің өкілдігі (1976 жылы қазан) белгісіз мерзімге тағы да созылды. Соңғы референдумда сайланатын уақытша парламент құру мәселесі де қаралды. Провинцияны губернатор бастаған совет (3 мүше), ал қалалар мен селоларда мэрлер бастаған жергілікті өзін-өзі басқаратын органдар жүйесі құрылған. Сот жүйесіне: Жоғары сот, апелляциялық және 1-инстанция соттары жатады.

Филиппин аралдарының жағалауы тым тілімделген. Жағалау сызығының ұзындығы 1800 км. Көпшілік жері таулы (орташа биіктігі 1500-2000 м, ең биік жері - Апо вулканы, 2954 м) келеді. Әрекетті 10-нан астам вулкандары (Тааль, Банахао, Булусан, Майон, Макатурини, Камигин-дель-Сур т. б.) бар. Территориясының 1/4-і ойпатты (ірілері - Орталық, Кагаян, Котабато, Агусан ойпаттары). Филиппин аралдары геологиялық құрылымы жөнінен Тынық мұхиттық геосинклиналь белдеудің батыс бөлігіндегі аралдар жүйесі құрамына жатады. Ежелгі жыныстар (кристалдық такта тас, мәрмәр, кварцит т. б.) Палаван, Миндоро, Минданао аралдарында байқалады. Жас құрылымдар соңғы юра-олигоцен диориттерінен, габброидтерінен т.б. түзілген. Пайдалы қазындылары - мыс, никель, хром, темір, марганец рудалары, сынап. Басты пайдалы қазындыларының жалпы геологиялық қорлары (1974, мың тп): мыс рудасы (құрамындағы металл есебімен) 9200, никель рудасы (металл есебімен) 7800, хромит 7000, сынап 7, темір рудасы 990 000, марганец рудасы 6000. Климаты негізінен экваторлық, тропиктік; солтүстігінде субэкваторлық, муссондық. Оңтүстік жағалауында жыл бойына ауаның температурасы 27-28°С, солтүстігінде 24-28°С; тауда биіктеген сайын ауа температурасы төмендей түседі. Көпшілік жерінде жылдық жауын-шашын мөлшері 2000 мм. Жел өтіндегі беткейлерде 3500-4500 мм ішкі тау аңғарларында 1000 мм. Тамыз-қазан айларында тайфун болады. Өзендері негізінен қысқа, бірақ суы мол келеді; ірілері Минданао (ұзындығы 550 км), Агусан, Пампанга, Агно, Кабаян. Көлдері онша көп емес, шағын келеді; бастылары Бай, Тааль, Ланао. Жері қызыл, сары, күлгін, таулық қызыл қоңыр топырақты. Вулканды өңірлерде вулкандық күлгін, өзен аңғарларында - аллювийлік топырақ тараған. Өсімдік жамылғысы өте бай, 10 мыңға жуық түрлер (бұлардың ішінде ағаштың 3 мыңға жуық түрі бар) өседі. Территориясының 47%-і орман. Жануарлар дүниесі жөнінен Ф.Үнді-Малайя зоогеографиялық облыс құрамына кіреді. Маймыл (макака), лемур, крылап (ұшатын ит), тупайя, виверра, орман мысығы т. б.; кұстың 450-ге жуық түрі, көптеген бауырымен жорғалаушылар кездесөді. Тропиктік флора мен фаунаны, вулкан және көл табиғатып қорғау үшін елде 21 ұлттық парк (ірілері - Апо, Канлаон, Ноухан-Лейк, Сентраль-Себу) ұйымдастырылған.

Халқы. Филиппин халқы 90-нан астам жергілікті халықтар мен тайпалардан құралады. Саны жөнінен ірі халықтар висайя (ел тұрғындарының 41%-і), тагаль (21%), илок (12%), бикол, пампанган, пангасинан, самбалдар елдің жағалаулық бөлігінде қоныстанған. Минданао аралының оңтүстігінде және оған таяу аралдарда моро тобына жататын халықтар, Лусон, Негрос, Минданао аралдарында аэто тайпалары тұрады. Филиппинде 500 мыңға жуық қытайлар (негізінен қалаларда), басқа да азиялықтар, европалықтар және американдар тұрады. Діні жөнінен филиппиндіктердің көпшілігі (90%-тен астамы) - христиандар (католиктер); моролар - мұсылмандар. Ресми тілі - тагаль және ағылшын тілдері. Ресми календары - григориандық. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 134 адамнан (1973). Еңбек етуші халық 13,9 млн. (1973), олардың 52,9 %-і ауыл шаруашылығымен, ағаш өңдеу және балық аулаумен шұғылданады. Қала халқы 30%-тен астам; ірі қалалары Манила, Кесон-Сити, Себу, Сан-Фернандо, Давао, Илоило, Калаокан.

Тарихы. Филиппин археологиялық жағынан өте аз зерттелген. Соның өзінде Филиппиннен ертедегі, орта және кейінгі палеолит кезеңіне жататын сирек кездесетін құралдар, неолит кезеңінің көптеген ескерткіштері (балталар, кескіштер, нефриттен жасалған бұйымдар т. б.) табылды. Азия құрлығынан оңтүстік монғол нәсілділер қоныс аударып, б. э. б. 2-мың жылдықта ең ежелгі негр-австралиялық нәсілді жергілікті халықты ығыстырды да, ішінара ассимиляциялады. Бұл кезеңде Филиппин халқы негізінен кетпенді егіншілікпен шұғылданды. Б. з. б. 1-мың жылдықта Филиппинге алдымен Үндіқытайдан, кейінірек индонезиядан адамдар келіп мекендеді. Б. з. 10 ғасырынан бастап Филиппиннің Қытаймен, Оңтүстік- Шығыс Азия елдерімен, әсіресе Индонезиямен сауда жасағаны байқалады. 15-16 ғасырларларда Филиппин жерінің денінде алғашқы қауымдық құрылыс үстемдік етті. 16 ғасырға таман Филиппинде жартылай феодалдық ұсақ князьдықтар қалыптасты. 1521 жылы Магеллан бастаған испан әкспедициясы Филиппинді тапты да, оны Сан-Ласаро аралдары деп атады. 1564 жылы Испания Филиппинді бағындыру үшін Легаспи бастаған әкспедиция жіберді; 1565 жылы ол Филиппин архипелагы жағалауына көліп жетті. Легаспи 1572 жылы Филиппиннің орталық және солтүстік бөлігіндегі басты аралдардың жағалаудағы аймақтарын, оның ішінде Майнилу (Манилу) аралын басып алды; арал отар елдің әкімшілік орталығына айналды. Архипелагтың ішкі аймақтарына бақылау орнату үшін испандықтарға ондаған жылдар керек болды, ал оңтүстіктегі мұсылмандар тұратын аймақтарға (Батыс Минданао, Сулу) олар 19 ғасырдың аяғына дейін іс жүзінде толық бақылау орната алмады. Испандар мұсылманданған басқа халықтарға христиан дінін қабылдатты. Испандықтардың озбырлығы мен зорлық-зомбылығы жиі-жиі көтерілістер туғызды. 18 ғасырда отаршылдарға қарсы халықтың стихиялық күресі өрістеп, ол бұқаралық, пәрменді сипат алды. 1744 жылы Бохоль аралында басталған көтерілістің бірін испандар 85 жыл бойы баса алмады. 1762 жыл. Жеті жылдық соғыстың (1756-1763) барысында ағылшын әскерлері Маниланы және Филиппиннің басқа да аймақтарын басып алып, бір жыл қолында ұстады.

19 ғасырда Филиппинде капиталистік уклад пайда болды. Қант құрағы, темекі, индиго экспортқа шығарылды. Сауда-өнеркәсіп буржуазиясы мен интеллигенция қалыптасты. Филиппин помещиктері өз иеліктерін кеңейтті. 1892 жылы қала кедейлері арасында А. Бонифасио бастаған Катипунан деп аталатын астыртын революциялық одақ құрылды, оған көп ұзамай радикалдық интеллигенция қосылды. Катипунанның шақыруымен (1896 ж. 23 тамыз) көтеріліс шықты. Бұл Филиппин ұлт-азаттық революциясының (1896-1898) бастамасы болды. Көтерілісті Э.Агинальдо бастаған помещиктер тобы да қолдады. 1897 жылы 22 наурызда көтерілісшілер Филиппинді тәуелсіз республика деп жариялады. Агинальдо президент болып сайланды. 1898 жылы сәуірде АҚШ испан отарларын басып алу үшін соғыс бастады [Испан-американ соғысы (1898)]. Американ өкілдері Филиппин патриоттарын өз мақсатына пайдалануды ойлап, бірігіп қимыл жасау жөнінде Э. Агинальдомен келісім жасады. Ол үшін Филиппиннің тәуелсіздігін тануға уәде берді. Филиппин армиясы 1898 жылы маусым-шілдеде архипелагта түгел дерлік испан әскерлерін тізе бүгуге мәжбүр етті. АҚШ мұны пайдаланып, десант түсірді де, Маниланы басып алды. 15 қыркүйекте Революциялық конгресс ашылып, онда Филиппин республикасының конституциясы қабылданды.

1898 жылы 10 желтоқсанда АҚШ үкіметі Филиппиннің тәуелсіздігін аяққа басып, Испаниямен бітім шартын жасасты. Бұл шарт бойынша, Филиппин 20 млн. долларға АҚШ-қа берілді. 1899 жылы 4 ақпанда американ әскерлері республика армияға қарсы соғыс қимылын бастады да, 1901 жылдың алғашқы айларында Филиппинді басып алды. 1-дүние жүзілік соғыстан кейін Филиппин шикізатына қажеттілік артуына байланысты, американ және жергілікті кәсіпкерлер Филиппинде қант және май шайқау зауыдтары мен темекі фабрикаларын жанталаса салды. Елде жергілікті ірі буржуазия қалыптаса бастады, жұмысшы табы өсті. Ұлы социалистік революциясының ықпалымен Филиппинде коммунистік идеялар тарай бастады. Шұмысшы конгресі ішінен алғашқы марксистік топ құрылды. 1924 жылы ол жұмысшы партиясы болып қалыптасты. Бірсыпыра кәсіподақ ұйымдары 1929 жылы Пролетарлар одағына бірікті.

1929-1933 жылдар Филиппин экономикалық дағдарысқа ұшырады. Мұның өзі жұмыссыздық туғызып, шаруаларды күйзелтті. 1929-1931 жылдар елде ірі ереуілдер шықты. 1931 жылы Лусонда екі дүркін шаруалар көтерілісі болды. 1930 жылы Филиппинде Коммунистік партияның (Филиппин коммунистік партиясы) негізі қаланды. Бірақ 1931-1932 жылдар оған тыйым салынды. 1937 жылы компартияға жария жұмыс істеуге рұқсат етілді. 1938 жылы Социалистік партия компартияға қосылды. 1938 жылы ең ірі кәсіподақ орталығы құрылды. Тап күресі шиеленіскен жағдайда АҚШ Филиппинге автономия беруге мәжбүр болды.

1941 жылы желтоқсанда жапон әскерлері Филиппинге басып кіріп, террор орнатты. Елді жаппай жұмыссыздық, аштық жайлады. Коммунистер 1942 жыл наурызда Хукбалахап армиясын құрып, басқыншыларға қарсы батыл соғысты. Ұлттық буржуазия мен интеллигенция өкілдері ұйымдастырған бірнеше партизан отрядтары да басқыншыларға қарсы қимыл жасады. 2-дүние жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін елде ұлт-азаттық қозғалысы мықтад өрістеді. 1945 жылы Филиппинде жұмысшы, шаруа және буржуазия патриоттық ұйымдарының блогы - Демократиялық альянс қалыптасты, оны басқаруда Филиппин компартиясы көрнекті роль атқарды. 1946 жылы 4 шілдеде Филиппиннің тәуелсіздігі жарияланды. Бірақ Филиппин үкіметі 1946-1947 жылдар АҚШ-пен тең праволы емес бірнеше шарт жасасуға мәжбүр болды. Филиппинде АҚШ соғыс базаларын жасады. 1954 жылы Филиппин СЕАТО-ға кірді. Ел экономикасы қатты құлдырады. Бірақ 1951-1953 жылдар экономика қайтадан қалпына келтірілді. 1966 жылы Филиппин Азиялық-тынық мұхиттық советті, 1967 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясын құруға қатысты. 60 жылдардың ортасында Филиппиннің тәуелсіздігі жолындағы патриоттық қозғалыс қайта өрледі. 1972 жылы жаңа конституция бекітілді. Аграрлық реформа туралы заң қабылданды.

70 жылдардан бастап Филиппин. Э.Маркос үкіметі АҚШ-қа бір жақты бағыт ұстау саясатын қайта қарауға ұмтылып отыр. Филиппин социалистік елдермен түгел дерлік дипломатиялық қатынас орнатты. 1976 жылы 31 мамыр - 7 маусымда Ф.Маркос ресми сапармен Совет Одағында болды; Филиппин мен СССР арасында дипломатиялық қатынас орнатылды; сауда келісіміне қол қойылды. Совет-филиппин мәдени байланысы дамыды. 1976 жылы шілдеде Филиппин Вьетнам Социалистік Республикасымен дипломатиялық қатынас орнатты.

Саяси партиялары, негізгі кәсіподақтары мен қоғамдық ұйымдары. Ұлтшылдар партиясы, 1907 жылы құрылған. Либералдық партия, 1946 жылы құрылған. Филиппин социалистік партиясы, 1963 жылы құрылған. Ұлттық азамат партиясы, 1959 жылы құрылған. Филиппин біріккен жұмысшы партиясы, 1964 жылы құрылған. Филиппин коммунистік партиясы, 1930 жылы құрылған. Кәсіподақтардың филиппиндік советі, 1954 жылы құрылған. Ерлікті жұмысшылар федерациясы, 1950 жылы құрылған. Шаруалардың ерікті одағы, 1953 жылы құрылған. Тәуелсіз демократиялық жастар; «Филиппин - СССР достық қоғамы».

Экономикасы. Филиппин - дамып келе жатқан аграрлық ел. 1950-1970 жылдар арасында өнеркәсіп өнімі 6-7 есе, ауыл шаруашылық 3 есе артты. 1973 жылғы жалпы ұлттық өнімі құнының (БҰҰ-ның дерегі) 28%-і ауыл шаруашылығынан, 22%-і өнеркәсіп пен құрылыстан, 8%-і саудадан, 2%-і транспорттан түсті. Экономикасында шетел (әсіресе АҚШ, Жапония, ГФР, Франция) капиталының ықпалы күшті.

Ауыл шаруашылығы. Филиппин ауыл шаруашылығында шағын шаруашылықтар басым. 1972 жылғы реформаға дейін ауыл шаруашылығына жарамды жерлер түгелінен помещиктердің қарамағында болатын. Әр шаруаға 3 га суармалы және 5 га тәлімі жерге иелік берілуі қалыптасуда. Дегенмен әлі де ірі жер иеленушілік басым сақталуда. Басты саласы - егіншілік. Ауыл шаруашылығына пайдаланатын жалпы жері 12 млн. га, бұның ішінде егісі 8,7 млн. га, көп жылдық жемістер мен дақылдар 2,5 га, жайылым және шалғын 0,8 млн. га (1071). Суармалы жері 1,2 млн. га. Басты дақылы - күріш (негізінен жылына 2 рет өнім жиналады), қант қамысы, жүгері, теңекі; көп жылдық кокос пальмасы, ананас плантациялары бар. Мал шаруашылығы - ауыл шаруашылығының қосалқы саласы. 1974 жылғы мал басы (млн.): мүйізді ірі қара 7,2 (бұның ішінде буйвол 5), шошқа 9,3, ешкі 1,3; құс 51 млн., сол жылы 7,3 млн. т балық ауланды, 10,4 млн. м3 ағаш дайындалды.

Өнеркәсібі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары, әсіресе 1960 жылы Филиппин өнеркәсіп құрылымында өзгерістер болды. Елде экспорттық тұтыну товарларын шығаратын кәсіпорындар, кейбір ауыр өнеркәсіп орындары іске қосыла бастады. Филиппин жер қойнауы пайдалы қазындыларға бай; көмір (1974 жылы 52 мың т), табиғи газ (21,6 млн. м3), темір рудасы (1,9 млн. т) т. б. өндіріледі. 1973 жылы 8,7 млрд. квт-сағ электр энергиясы алынды. Өңдеу өнеркәсіп салаларының ішінде жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінің үлесі басым. Металл өңдеу з-дтары, автомобиль құрастыру, химия (фосфат, азот тыңайткыштары т. б.) резинатехникалық (шина), шағын металлургиялық кәсіпорындары да бар.

Транспорты. Темір жолының ұзындығы 1403 км, бұның ішінде Себу аралындағы 86 км темір жол тармағында қатынас тоқталғаң (1948 жылдан). Асфалът жолы 27,1 мың км. Трансфилиппин автомагистралы (ұзындығы 1,3 мың км) салынуда (1976). Ең үлкен порты және аэропорты - Манила.

Сыртқы саудасы. Сыртқа қант, кокос пальмасы, өнімдерін, ағаш және тақтай, мыс концентраттарын, түсті және қара металдар рудаларын шығарады. Импортында мұнай, машина және транспорт жабдықтарын металдар және тыңайтқыштардың үлестері басым. Басты сыртқы сауда серіктестері - АҚШ, Жапония. 1972 жылдан бастап социалистік елдермен (СССР-мен келісім жасалды) сыртқы сауда байланысы қалыптасуда. Туризм дамыған. 1974 жылы Филиппинде 492 ңың шетел туристері болды.

Ақша өлшемі - песо.

Денсаулық сақтау ісі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі (1975) бойынша, 1971 жылы адамның тууы 1 мың адамға шаққанда 25,4, адамның өлімі - 6,5; тірі туған әр 1 мың баладан өлгені 62,0 болды. Өлімнің негізгі себептері - инфекциялы (өкпе қабынуы, туберкулез, асқазан жүйесінің ауруы т. б.) аурулар. Іш сүзегі, тырысқақ, полиомиелит, алапес аурулары таралған. Жүрек қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісіктен өлу көбейіп келеді (1975 жылғы өлімнің 14%-і).

1969 жылы елде 43,5 мың төсектік (1 мың тұрғынға 0,8 төсек) 76 аурухана, 1,5 мың селолық денсаулық сақтау пункттері, 0,7 мың балалар консультациясы, 0,3 мың тіс емдеу кабинеті, 36 безгекке қарсы күресу бөлімі, 10 диспансер т. б. болды. Толық емес мәлімет бойынша 1971 жылы 14 мың дәрігер (2700 тұрғынға 1 дәрігер), 19 мың орта білімді медицина қызметкер жұмыс істеді. Дәрігерлер даярлайтын 7 мектеп бар. Денсаулық сақтау ісіне мемлекеттік бюджетінің 5,9 %-і жұмсалды (1974).

Оқу-ағарту ісі. Ересек адамдарының 84%-тен астамы сауатты (1975). Бастауыш мектепте (міндетті оқу жасы 7-13 жас) оқу мерзімі заң бойынша 7 жыл, бірақ іс жүзінде 6 жыл оқытылады. Оқу негізінен ағылшын тілінде жүреді, тагаль, испан тілі де оқытылады, 1973-1974 оқу жылында бастауыш мектепте 7784 мың бала оқыды. Жалпы білім беретін орта мектеп 4 жылдық (2+2). 1973-1974 оқу жылында орта мектепте 1 910 мың бала оқыды. Кәсіптік білім бастауыш мектеп негізінде жүзеге асады (оқу мерзімі 2-4 жыл). 1972-1973 жылдар оларда 159,8 мың оқушы болды. Бастауыш мектеп мұғалімдерін педагогикалық колледждер даярлайды. Филиппинде 40-тан астам университет, 600-ден астам колледж бар (1975). 1973-1974 оқу жылында оларда 810,5 мың студент оқыды. Жоғары оқу орындары оқушыларының 90%-і жеке меншікті оқу орындарында оқиды.

Ірі кітапханалары: Филиппин университеті кітапханасы (кітап қоры 725 мың дана), Маниладағы Ұлттық кітапхана (360 мыңнан астам дана), Манила қалалық кітапханасы, университет кітапханалары т.б. Музейлері: Маниладағы Филиппин ұлттық музейі (1901 жылы құрылған). Маниланың «Санто-Томас» музейі (1682 ж.).

Әдебиеті. Филиппин әдебиеті филпппин (қазіргі атауында тагаль тілі), испан және ағылшын тілдерінде дамыған. Испания билеген дәуір (17-19 ғ.) бүкіл Филиппин мәдениетіне зор ықпалын тигізді, халықтың көпшілігі католик дінін қа- былдады. Әдеби шығармалар негізінен діни мазмұнда болды. Мистерилік пасьон («қасірет» деген сөз) поэзиясы туды. 17 ғасыр мен 18 ғасырлардың басында Пелиппе де Хесур Филиппиннің көрнекті ақыны ретінде танылды. 19 ғасырда Филиппиннің жаңа әдебиеті ағартушылық, азаттық идеясы арнасында қалыптасты: А.Бонифасьо (1863-1897, тагаль тілінде), X. Пальма-и-Веласкес (1876-1903, испан тілінде) өлеңдері т.б. Қазіргі прозаның қалыптасуына испан тілінде жазған X.Рисаль (1861-1896) творчествосы шешуші ықпал етті. АҚШ-қа отар болған кездегі Филиппин әдебиетінде С.Апостол (1877-1938), Ф.М.Герреро (1873-1929), X.Бальмори (1886-1948), М. Бернабе (1890-1960) поэзиясы басты орын алды. 20 ғасырдың басында тагаль және архипелагтың басқа да тілдерінде проза пайда болды. 1905-1935 жылдар арасын Филиппин әдебиетінде «тагаль романының алтын кезеңі» деп атайды: В.Э.Пеньи (1858-1922), Л.К.Сантос (1879-1963), X.К. Бальмаседа (1885-1947) романдары осы кезеңде шықты. 20 жылдардан бастап ағылшын тіліндегі Филиппин әдебиеті өрістеді (X. Гарсиа Билья, 1911 ж. т., М.Э.Аргилья, 1911 ж. т. т. б.). Тәуелсіздік алғаннан кейін Филиппин әдебиеті өз ұлт тілінде дамыды:       X. Д. Эдрос-Матут (1915 ж. т.), Э. М. Рейес (1935 ж. т.), М. Р. Сентено (1922 ж. т.) т. б. новеллалары, А. В. Эрнандес (1903-1970), Ф.Галауран, Н. Каравана, Сусана де Гусманның әлеуметтік, тұрмыстық романдары туды. Ағылшын тілінде Р. В. М. Гонсалес (1915 ж.т.), Ф. Сиониль Хосе (1924 ж. т.), К. Пулотан-Тувераның (1925 ж. т.) т. б. романдары Филиппин интеллигенциясының қайшылыққа толы күрделі қалыптасу жолына арналған.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Филиппин территориясындағы байырғы мәдени ескерткіштер (ою-өрнекті керамика) бертінгі неолит дәуіріне саяды. Ағаш пен бамбук ұқсату, геометриялық және көгеріс өрнекті көркем тоқымашылық, зергерлік өнері жақсы дамыған. Дәстүрлі баспаналары - діңгек қаданың үстіне орнатып, төбесін пальма жапырағымен жапқан үйлер. Отарлану кезеңінде барокко және классицизм үлгісіндегі бекіністер, шіркеу мен монастырьлар, сарайлар, жаңа қалалар бой көтерді. Архитектурада дәстүрлі испан сәулет өнеріне тән формалар ұлттық нақышпен үйлесім тауып (Илоилодағы Миагао шіркеуі) отырады. 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың 1-жартысында Манилада батыс европалық және американ архитектурасы ықпалындағы ғимараттар сап түзеп, X. де Луна мен Ф. Идальгоның патриоттық кескіндемесі, Г. Толентиноның мүсін-ескерткіштері дүниеге келді. 1930 жылдары П.Антонио, С.Консьо, Л.В.Локсин, А.Накпиль сынды филиппин архитекторлары қазіргі архитектураны нақышты ұлттық өрнек әлементтерімен (Маниладағы Мәдени орталық, 1969, арх. Локсин) байыта түсті. Ф.Аморсоло 19 ғасыр кескіндемесіндегі реалистік дәстүрді ілгері дамытты. Белгілі монументті кескіндеме шебері К. Франсиско, кескіндемешілер В. Эдадес, А. Магайсай-Хо, Г.Окампо, В.Манансала, мүсіншілер Н.Абуева, Э. Кастрильо филиппин халқының еңбегі мен тұрмысын, табиғатын бейнелеуге арналған айқын эмоциялық шығармаларын жазды.

Музыкасы. Филиппин музыкасында әрбір бөлек арал халықтарына тән әтникалық және діни ерекшеліктер сақталған. Салт-жора әндері мен бипантомималар ертеден келе жатқан өнер түріне жатады. 16 ғасырға дейін музыкалық өнері индонезиялықтардың, одан кейін испан католиктік музыкасының әсерімен дамыды. Испан музыкасының ықпалымен хота, хабанера сынды билер кең тарады. Ұлттық музыка аспаптары - бамбук немесе ағаштан жасалған сыбызғылар, үрлемелі және соқпалы аспаптар (кулинтанг т. б.); сонымен қатар гитара, кудьяпи, скрипка және фортепьяно (19 ғасырдан).

Профессионалды музыка 19 ғасырдан қанат жайды. 20 ғасырдың бас кезінен американ музыкасының ықпалы (джаз т. б.) аңғарылады. 1916 жылы Маниладағы Университет жанынан тұңғыш консерватория ашылды. 20 ғасырдың ортасында Манила мен Кесон-Сити қалаларында музыкалық мекемелер мен профессионалды коллективіер, музыка колледждер және мектептер ұйымдастырылды (бұрын музыка білімді негізінен Франция мен АҚШ-тан алған). Белгілі композиторлары: А.Молина, Ф.Буенкамина, Ф. де Леон, X.Маседа т.б. 70 жылдары музыка театрлар, музыка қоғамдары, симфониялық, камералық және ұлттық оркестрлер, ән-би ансамбльдері, Композиторлар мен авторлар және баспа қоғамы, Музыка педагогтарының қоғамы жұмыс істеді. Университеттердің жанында музыкалық факультеттер бар.

Театры. Ежелгі діни сипаттағы жораларында (дұғалау, арбау т. б.) театр элементтері болған. Мұндай жоралар маска киген көп адамның қатысуымен би түрінде орындалған. Күлдіргі өлең диалогтарына құрылған карагатан атты театрлық форма кең тараған онер түріне жатады. Театр ойын-сауықтарында ән мен би, ишара қимыл (еңбек көріністері), сонымен қатар эпостардан («Рамаянадан») үзінділер көрсету етек алған. Испан отарлауы кезінде испандар мен филиппин христиандарының мұсылмандар басқыншылығына қарсы күресін бейнелеуге құрылған моро-моро комедиясы пайда болды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың бас кезінде моро-моро региондық филиппин тілінде қойылды. Поэмалар (авит) мен діни және сарайлық мазмұндағы лиро-эпикалық және қаһармандық балладалар (куридо немесе корридо) сахнаға шықты. Осы кезеңдегі белгілі авторлары: П.Орадал, О. де Вера, Хусенг Сисио (X. ла Крус), Северино Рейс. Осы тұста қытай мен жапон театрларына жақын көлеңке театрының лирикалық пьесасы - карильо қалыптасты. 19  ғасырдың ортасында Манилада ірге көтерген тұңғыш филиппин әуесқой театрларының негізгі репертуарына айналған сарсуәла кең тарады. 20 ғасырдың бас кезінде сарсуәла антиамерикандық сипат алды. Бірнеше күнге созылатын діни мейрамдарда (фиеста) алуан мазмұндағы театрлық ойындар (інжіл мазмұнды т. б.) қоса жүргізіледі. 1914 жылы Манилада ағылшын тілінде тұңғыш әуесқой коллектив - «Литл тиэтр» құрылды. Филиппинде Барангай театр гильдиясы («Литл тиэтр» ғимаратында, 1939 жылы ірге көтерген), Филиппип актерлері шеберханасы (1959); Мералько театры, Раджи Солиман театры  жұмыс істейді.

Киносы. Тұрақты киношығарылым 1919 жылы жүзеге асырылды. Тұңғыш көркем фильмі - «Деревня қызы» кинолентасы. Дыбысты кино («Алтын санжар» т.б.) 1932 жылдан шығарыла бастады. 2-дүние жүзілік соғысқа дейін шығарылған таңдаулы фильмдері: «Жыртылған ту», «Түнек пен сәуле», «Ымырт», «Көне шіркеудің сыры» т.б. Бұл фильмдерді негізінен «Сампагита» (1937) және «ЛВН» (1938; ұйымдастырушылар фамилияларының басты әрпімен белгілі) кино бірлестіктері шығарды. Жапон отарлауы кезеңінде кино өнері біршама тоқырады.

1946 жылы азаттық алып, Республика жарияланғаннан кейін «Премьер продакшн» студиясы ұйымдастырылды.

50 жылдары «Өңім бө әлде түсім бе?», «Қаннан да күрең түн неге?», «Харана» (реж. Дж. де Леон), «Париж романсы», «Бадайо» (реж. Л. В. Авельяна) т. б. фильмдері көпке танылды.

50-60 жылдары американ фильмдері белең алды.

Алдыңғы буын кино қайраткерлері: актерлер Д.Расон, С.Лопес, Л.Гутьеррес, Р.Бустаменте, Р.Бельмонте, Р.Роа т.б.; режиссерлер Л.Авельяна  де Леон, М.Конде, Л.Сальвадор т. б.

1952 жылы Кино өнері академиясы құрылды. 70 жылдардың бас кезінен батыс киноөнімдеріне цензура қойылып (Цензура комитеті), ұлттық мәдениет пен тарихты уағыздауға («Жер ананың шөлін қандыр», 1975, реж. О. Буэнавентура) назар аударылды. 70 жылдары жылына 180-ге тарта көркем фильм шығарылды; 800 кинотеатр жұмыс істеді. Кино мамандарын Сампагиттегі Драма мектебі мен Аранетадағы университет даярлайды.

Әдеб.: Народы Юго-Восточной Азии. М., 1966; Барышникова О.Г., Жулев Л.Ф. Филиппины. -М., 1975; Левтонова Ю.О. Очерки новой истории Филиппин (60-е годы ХҮІІ - 60-е годы XIX в.). М., 1965; Губер А.А. Филиппинская республика 1898 г. и американский империализм. 2 изд. -М., 1861; Левинсон Г.И. Филиппины на пути к независимости. -М., 1972; Савельев Н. А. Американский капптал на Филиппинах. -М., 1960; Абайя Э. Нерассказанная история Филиппин. пер. с англ., 1970; Жулев П.Ф. Рабочий класс Филиппин. -М., 1976; Крус М. Филиппинская литература. М., 1965.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-04-24 16:25:25     Қаралды-6479

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »