РУМЫНИЯ (Rоmаnіа), Румыния Республикасы - Европаның оңтүстік бөлігіндегі мемлекет. Болгариямен, Украинамен, Молдавиямен, Сербиямен, Венгриямен шектеседі. Шығыс жағы Қара теңізбен шайылады. Жері 237,5 мың км2. Халқы 19,4 млн. (2019). Астанасы - Бухарест қаласы. Әкімшілік жағынан 39 уезге (бұл муниципияға қалаларға, коммунаға ажыратылады) бөлінеді.
Мемлекеттік құрылысы. Қазіргі конституциясы (өзгерістері 1968-1975) 1965 жылы 21 тамызда күшіне енді. Мемлекеттік басшысы - президентті Ұлттық Ұлы жиналыс 5 жылға сайлайды. Ол - қарулы күштердің бас қолбасшысы, Мемлекеттік совет пен Қорғаныс советінің председателі. Жоғары өкімет органы және бірден-бір заң шығаратын орган - бір палаталы Ұлттық Ұлы жиналыс (349 депутат), оны халық 5 жылға сайлайды. Жасы 18-ге толған барлық азаматтарға сайлау правосы берілген. Ұлттық Ұлы жиналыс компетенциясына (конст. 43-ст.) сайлау правосын реттеу, халық шаруашылық жоспары мен бюджетін қабылдау; мемлекеттік үкіметті және басқарушы органдарды құру, әкімшілік-территория құрылысын бекіту, халықаралық шарттарды ратификациялау; Жоғарғы сотты және Бас прокурорды сайлау, амнистия жариялау т. б. мәселелерді шешу белгіленген.
Ұлттық Ұлы жиналыстың тұрақты органы - Мемлекеттік совет. Республиканың үкіметі - Министрлер Советі, құрамына премьер-министр, орынбасарлары, министрлер т. б. кіреді. Жергілікті уездерді және Бухаресті 5 жылға сайланатын халық Советтері және олардың атқару комитеттері мен бюролар басқарады. Сот жүйесіне - Жоғары сот, уездік және жергілікті соттар мен әскери соттар жатады. Соттың сайлануы және істерге халық заседательерінің қатысу тәртібі белгіленген. Заңдылықты бақылау Бас прокурор басқаратын прокуратура жүйесіне жүктелген.
Табиғаты. Румыния жері негізінен Төмен Дунай алабын алып жатыр. Қара теңіздің румыниялық жағалауы 245 км-ге созылған. Констанца қаласынан солтүстікке қарай жағасы көлбеулене келген, жатық. Рельеф сипаты жөнінен Румыния территориясы орташа биік таулы (800 м-ден жоғары), төбелі-белесті немесе қыратты (200-800 м), ойпатты келеді. Басты жүйесі - Карпат таулары. Румыния жерінде бұл - Шығыс Карпатқа, Оңтүстік Карпатқа және Батыс Румын тауларына бөлінеді. Шығыс Карпат солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 300 км-ге созылған. Биік жері - Пьетрос тауы, 2305 м. Жоталары бір-бірінен терең тектоникалық аңғарлармен бөлінген. Оңтүстік Карпаттың жалпы ұзындығы 270 км. Шығыстан батысқа созылған. Биік жері - Молдовяну тауы, 2543 м (бұл - Румынияның ең биік жері). Батыс Румын таулары Бихор массивінен (1848 м-ге дейін), Траскэу және Металич жоталарынан тұрады. Оңтүстік және Шығыс Карпат аралығында Трансильвания үстірті орналасқан. Карпаттың оңтүстік етегінде Төменгі Дунай жазығы, Румынияның батыс жағында Орта Дунай жазығының шығыс шеті жайласқан.
Геологиялық құрылысы жөнінен Румыния жері Алпі геосинклиналдық аймағының солтүстік тармағы құрамына кіреді. Территориясының көпшілік бөлігін Карпат қатпарлығы, батыс шетін неоген қабаттарымен жабылған Паннон массиві, оңтүстігін, Дунай бойын Мизия плитасы алып жатыр. Пайдалы қазындыларының ішінде мұнай және газдың маңызы күшті. Ірі мұнай кендері Плоешти атырабында, газ кендері Трансильвания бассейнінде шоғырланған. Тас көмір, темір рудасы, боксит, полиметалл, мыс және алтын рудаларының, тас тұздың кендері ашылды.
Климаты қоңыржай континенттік. Қаңтардың орташа температурасы жағалауда 0°С, жазық бөлігінде - 5°С, тауда - 10°С. Шілдеде 8-16°С (тауда), 20-23° С (жазықта). Жылдық жауын-шашын мөлшері 300-700 мм; ең көбі 1200-1500 мм (таудың батыс беткейінде). Жаздың аяғына қарай Төменгі Дунай жазығында қуаңшылық байқалады. Қар жамылғысы тауда 3-4 ай, тау алды өңірінде 1-2 ай сақталады. Өзендерінің көбі Дунай (Румыниядағы ұзындығы 1000 км-ден астам) алабына жатады. Ірі салалары - Жиу, Олт, Арджеш, Яломица, Сирет. БатысРумыниядағы басты өзен - Муреш. Өзендері негізінен қар және жаңбыр суымен қоректенеді және гидроэнергия қорына бай. Дунай (ТемірҚақпа шатқалында), Арджеш, Лотру, Бистрица өзендері бойында ірі СЭС-тер салынған. Аумақты көлдері Дунай аңғарында (Потелу, Гряка, Кэләраши, Братеш) және Қара теңіз жағалауында (Разелм, Көкшіл).
Румынияның ойпатты өңірлері құнарлы қара, тау алды аймақтары және биік үстірттері сұр, ормандық қоңыр, таудың 1200-1500 м-ден жоғарғы бөлігі күлгін және тау шалғындық топырақты келеді. Өзен аңғарларында шалғындық қара, Дунай жайылмасында батпақты, Добруджи үстіртінің орта жағында каштан топырақ түрлері тараған. Төменгі Дунай жазығының ойыстарында, Қара теңіз жағалауында сор және сортаң жерлер кездеседі.
Территориясының тең жартысына жуығы егістік, бақ және жүзімдік, 2/3-сі әр түрлі мақсатқа игерілген жер (шалғын және жайылымды қоса). Табиғи орманды жамылғысы (жерінің 26%-тен астамы) негізінен таулы өңірлерде және өзен жайылмаларында сақталған. Трансильвания, Добруджи үстірттерінің, Молдова қыратының биік жерлерінде және Карпаттың 400- 700 м-ге дейінгі бөктерінде шамшат аралас емендік шоқ тоғай өседі. Карпат тауларының 800-1200 м-лік бөлігі негізінен шамшат орманын, одан жоғары жағы (1500-1800 м-ге дейін) қылқан жапырақты ағаштар орманын жамылған. Таудың биіктегі беткейлерін субальпілік және альпілік шалғын алып жатыр. Таулы және орманды аймақтарда қасқыр, түлкі, сілеусін, сусар, қоян, тиін, тау ешкі, жабайы шошқа, аю, бұғы; құстардан жапалақ, тоқылдақ, көкек т. б., далалық өңірде саршұнақ, кесіртке, жылан, құстардан қаршыға, бүркіт, дуадақ, су айдындарында аққұтан, тырна, қаз, аққу, мекендейді. Өзендерінде басқа балық түрлерімен бірге алабұға, шоқыр кездеседі. Тау фаунасын және ландшафтысын сақтау үшін Ретезат ұлттық паркі ұйымдастырылды. Табиғат жағдайына қарай Румыния жері -Орта Дунай (Тисса) жазығы, Төменгі Дунай жазығы (Румын ойпаты), Добруджа, Молдова қыраты, Карпат етегі, Батыс Румын таулары, Трансильвания үстірті, Шығыс Карпат, Оңтүстік Карпат табиғи аудандарға бөлінеді.
Халқы.Румынияның негізгі тұрғындары - румындар (халқының 87,7%-і, 1966 жылғы санақ бойынша). Венгрлер (8,5 %-і, елдің орталық және солтүстік-батыс бөлігінде), немістер (2%-і, орталық және батыс уездерінде) цыгандар, еврейлер (ірі қалаларында), украиндар (негізінен елдің солтүстік жағында), сербтер (оңтүстік-батыс бөлігінде), орыстар т. б. халықтар тұрады. Діни нанымға сенушілердің көпшілігі - православиеліктер; католиктер (негізінен венгрлер) және протестанттар да (көбі немістер) бар. Халық саны 1948-1975 жылдар 15,9 млн-нан 21,1 млн-ға жетті; жылына (1951-1974) орташа есеппен 1,1%-ке өсіп отырды. 1974 жылғы еңбек етуші халқы 10,1 млн. адам болды; олардың 39,8%-і ауыл шаруашылығында, 29,6%-і өнеркәсіпте, 8,1%-і құрылыста, 4,6%-і транспорт және байланыс орындарында, 5,4%-і саудада, 3,2%-і коммуналдық мекемелерде істеді. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2жерге 89 адамнан (1974). Қала халқы 42,7%, олардың 17,4%-і Бухарестте тұрады (1974). Ірі қалалары - Клуж- Напока, Тимишоара, Яссы, Брашов, Галац, Крайова, Констанца, Плоешти.
Тарихы.Румыния территориясын адам баласы ең ежелгі заманда (төменгі палеолит дәуірінде) мекендеген. Б. з. б. 7-6 ғасырларда Добруджа территориясында және Қара теңіз жағалауында гректің Истрия, Каллатия, Томы атты қала-мемлекеттерінің негізі қаланды. Б. з. б. 2 ғасырдың соңында олар Понтий патшалығына, ал б. з. б. 1-ғасырда римдіктерге бағынды. Төменгі Дунай жазығын Фракия тайпалар аралық бірлестіктерінің ішіндегі ең ірісі - геттер мекендеді. Трансильванияны, Молдова мен Валахияның таулы, қырқалы аймақтарын дактар жайлады. Б. з. 1 ғасырында Дакия деп аталатын ертедегі құл иеленуші мемлекет құрылды. Оның орталығы Трансильвания болды. 6-7 ғасырларда Румыния территориясына славяндар қоныстанды. Олар жергілікті халықтың материалдық және рухани мәдениетінің дамуына, мемлекет болып құрылуына, шығыс роман халықтарының қалыптасуына елеулі ықпал жасады.
8-10 ғасырларда Румыния территориясының көпбөлігі Бірінші Болгар патшалығының құрамына кірді.
11-12 ғасырларда Румыния территориясына печенегтер мен половшылар басып кірді, ал 13 ғасырда татар-монғол шапқыншылығына ұшырады. Феодализмнің дамуы және таптарға бөліну процесі, сонымен қатар венгр, татар-монғол әскерлерінің шапқыншылығын тойтару қажеттігі 14 ғасырда дербес мемлекеттер - Валахия және Молдова князьдықтарының құрылуына жағдай жасады.
16 ғ-ға таман Осман империясы қасарысқан қарсылыққа қарамай, әуелі Валахия және Молдова князьдықтарын өзіне қаратып алды. 1526 жылы Мохач шайқасынан және Венгр корольдығы ыдырағаннан кейін біршама дербестігі бар Трансильвания князьдығы (1541) құрылды. Ол сонымен қатар түрік сұлтанының сюзеренитетін мойындады. 16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың басында Валахия господары Михай Батыл Осман империясына қарсы күресте жеңіске жетті. Оған аз уақытқа болса да Валахия, Молдова князьдықтарын және Трансильванияны өз қол астына біріктірудің сәті түсті. 18 ғасырдың басында түрік сұлтаны Молдова және Валахия князьдықтары господарларын грек-фанариоттардан тағайындай бастады. Түрік-фанариот езгісі күшейе берді. Ұлттық және әлеуметтік қанау халық бұқарасының наразылығын тудырды. 18-19 ғасырлардағы орыс-түрік соғыстары Осман империясының әскери қуатын шайқалтып, Молдова және Валахия халықтарының азаттық күресіне қолайлы жағдай жасады. Молдавандар мен валахтардың ерікті отрядтары орыстар жағына шығып, түріктерге қарсы соғысты. Бухарест бітім шарты (1812) бойынша Бессарабия түрік езгісінен азат етіліп, Россия құрамына қосылды. Халық бұқарасы Осман үстемдігіне және жергілікті феодалдар езгісіне қарсы таоанды күрес жүргізді. Әсіресе, Т. Владимиреску басқарған Валахия көтерілісі (1821) елеулі роль атқарды. Орыс-түрік Адрианополь бітім шарты(1829) оойынша князьдықтардың Түркиядан тәуелділігі одан әрі әлсіретілді. Молдова мен Валахияның автономиясы қамтамасыз етілді. Князьдықтардың экономикасы біршама шапшаң дами бастады. 19 ғасырдың 30-40 жылдарында феодалдарға қарсы қозғалыс күшейді. Ұсақ боярлар мен жаңа туа бастаған буржуазия және интеллигенция арасында революция құпия ұйымдар пайда болды. Олар ұлт азаттығы жөнінде әр түрлі программалар ұсынып, кейбір экономикалық және саяси реформалар жүргізуді талап етті. Молдовадағы 1848-1849 жылдардағы революция қозғалыс, Валахия мен Трансильваниядағы 1848-1849 жылдардағы буржуазия-демократиялық революция феодалдық-басыбайлылық құрылысқа соққы берді. 1848 жылымаусымда Валахияда революция басталды. Қозғалыстың революция-демократиялық қанатын Н. Бәлческу басқарды. 11(23) маусымда Бухаресте көтеріліс бұрқ ете түсті. 13(25) қыркүйекте түрік армиясы Бухаресті басып алды. Революция жеңіліске ұшырады.
Қырым соғысынан (1853-1856) кейінгі Париж бітім шарты (1856) бойынша Россияның князьдықтарға протектораттығы бұл шартқа қол қойған 7 державаның «кепілдігімен» ауыстырылды. Осы шарт бойынша Россия Бессарабияның оңтүстік бөлігін беруге мәжбүр болды.
Молдова мен Валахияда бірігу үшін қозғалыс өріс алды. Мұның өзі толық тәуелсіздік үшін күресті жеңілдетті. Австрия мен Түркияның, Фракияның Балқанда күшейіп кетуіне кедергі жасамақ болған Россия князьдықтардың бірігуіне көмектесті. Түркия, Австрия және Ұлыбритания князьдықтардың бірігуіне қарсы болды. 1858 жылы 7(19) тамызда Париж конвенциясы Молдова мен Валахияға ортақ кейбір басқару органдарын құруды белгіледі.
1859 жылықаңтарда Молдова мен Валахия тақтарына А.Й.Куза сайланды. Князьдықтарды біріктіру жолындағы алғашқы шешуші қадам осылай жасалды. 1862 жылықаңтарда Бухарестте бір тұтас Ұлттық жиналыс шақырылып, ұлттық үкімет құрылды. Молдова мен Валахияның бір тұтас Румыния мемлекеті болып (Румыния князьдығы) саяси бірігуі аяқталды. 1877 жылысәуірде басталған орыс-түрік соғысы (1877-1878) Румыния және Балқан түбегіндегі басқа халықтардың Осман империясы үстемдігінен босануына жағдай жасады. 1877 жылы 9(21) мамырда Румыния парламенті елдің тәуелсіздігін жариялады. Берлин конгресі (1878) Румынияның толық тәуелсіздігін мойындады. Ол Констанцамен қоса солтүстік Добруджаны алды, Оңтүстік Бессарабия Россияға қайтарып берілді. 1881 жылыРумыния корольдық болып жарияланды. Румынияның тәуелсіздігі жариялануы капитализмнің онан әрі дамуына қолайлы жағдай жасады.
1860 жылдан 1902 жылға дейін кәсіпорындар саны 12,9-дан 62,3 мыңға дейін көбейді. Мұнай өндіру және өңдеу шапшаң қарқынмен өсті. 1-дүние жүзілік соғыс (1914-1918) қарсаңында Румыния мұнай өндіру жөнінде 3-орынға (АҚШ пен Россиядан кейін) шықты. Румынияның шетел капиталына тәуелділігі күшті болды. Капитал акцияларының 80%-і шетелдіктердің үлесіне тиді. Румыния бюджеті түсімдерінің щ бөлігі сыртқы борышты төлеуге жұмсалды. Өнеркәсіптің дамуына байланысты жұмысшы табы өсті. 1901-1913 жылдар аралығында пролетариат саны 98,6 мың адамнан 197,6 мың адамға дейін көбейді. 19 ғасырдың 2-жартысындағы экономикалық Өрлеу Трансильвания өнеркәсібінің өркендеуіне қозғау салды. Австрия және Венгрия капиталы өнеркәсіптің басты салаларына жұмсалды. Румын капиталы жеңіл индустрия мен банк ісіне пайдаланылды, соның өзінде бағынышты жағдайда болды. 1900 жылдан кейін Трансильвания өнеркәсібінің дамуы шапшаңдай түсті. 19-20 ғасырларда аралығында Румыния корольдығында 920 мың шаруаның 3,15 млн. га жері болды, ал 7,8 мың помещик 4 млн. га жерді иемденді. Помещиктердің көпшілігі шаруашылықпен айналыспай, жерлерін жалға бөріп қойды. Ауыл шаруашылығында капитализм баяу дамыды. Шаруалар бұқарасының күйзелуі және қайыршылануы күшейе берді. Мұның өзі шаруалардың толассыз толқуларын туғызды (олардың ішіндегі ең ірілері 1888, 1907 жылдардағы шаруалар көтерілістері). 60 жылдардың ақырында жұмысшы қозғалысы туа бастады. 70 жылдардың басында жұмысшылар қоғамдары пайда болды, интеллигенция мен оқушы жастардың үйірмелері құрылды. Бұлар орыс революцияшыл демократтары мен халықшылдарының ықпалында еді (социалистік идеяларды таратуда Россиядан шыққан румын революцияшыл демократтары К.Доброджану-Геря, Н. Зубку-Кодряну үлкен роль атқарды). 1883-1884 жылдар социалистік үйірмелер марксизмге ауысты. 1893 жылысәуірде Румыния жұмысшылары социал-демократтар партиясының (РЖСДП) Құрылтай съезі болды. Оппортунист басшылардың сатқындығы салдарынан бұл партия 1899 жылы өмір сүруден қалды. Россиядағы 1905-1907 жылдардағы революция Румыниядағы революция қозғалысқа күшті қозғау салды. Ынтымақтастық қозғалысы бүкіл елді қамтыды және «Потемкин» броненосеці моряктарымен кездесу кезінде айқын көрінді. 1906 жылытамыздаКәсіподақтардың бас комиссиясы құрылды. 1910 жылы қаңтар-ақпанында өткен съезд с.-д. партияны қайта құрды (Румыния с.-д. партиясы - РСДП). Трансильвания мен Банатада жұмысшылардың ұйымдасқан қозғалысы 19 ғасырдың 60 жылдарында басталды. Тимишоарда 1-Интернационалдық секциясы жұмыс істеді. Трансильвания мен Банатаның өкілдері Жалпы венгрлік жұмысшы партиясын құруға (1880) қатынасты.
1913 жылыРумынияның билеуші топтары елді 2-Балқан соғысына ұрындырды. Бухарест бітім шарты (1913) бойынша Румыния негізінен болгарлар мекендеген Оңтүстік Добруджаны өзіне қосып алды. Жұмысшылар соғысқа қарсы болды. РСДП бөтеннің жерін тартып алуға қарсы митингілер мен жиналыстар ұйымдастырды. Румыния билеуші топтары империалистік соғысқа қатынасып, өзінің территориясын ұлғайтуды көздеді. Жұмысшылар бұл саясатқа қарсы табанды күрес жүргізді. РСДП делегаттары Циммервальд конференциясына (1915) және 2-Балқан социалистік конференциясына қатынасты. 1916 жылытамызда Й.кіші-Брәтиану үкіметі одақтастық шартқа қол қойып, Румыния Антанта жағында соғысқа қатынасқан жағдайда, Австрия-Венгрияның румындар ғана емес, украиндар, венгрлер және сербтер мекендеген жерлерін өзіне қосуға Антанта державаларының келісімін алды. 1916 жылы 14(27) тамызда Румыния соғысқа қатынасты. Бірақ қараша айында-ақ Румыния армиясы жеңіліп қалды. Елдің көп жерін, оның ішінде Бухаресті қоса Германия-Австрия әскерлері басып алды. Орыс армиясы көмекке келіп, 1916 жылыжелтоқсан -1917 жылықаңтарда Сирет өзенінде жау шабуылын тоқтатты.
1917 жылдың жазына таман Румыния армиясы қалпына келтіріліп, шабуылға шығуға мүмкіншілік алды. 1-дүние жүзілік соғыс Трансильванияда 1913 жылы өріс алған демократиялық қозғалысты үзіп тастады. 1 мамырда Трансильвания қалаларында әділетті бітімді талап еткен демонстрациялар болды.
Соғыстың аяғына таман буржуазия-помещиктік тәртіп үлкен дағдарысқа ұшырады. Елде революция қозғалыстың дамуына Россиядағы Октябрьлық социалистік революциясы (1917) үлкен қозғау салды. Румыния билеуші топтарының Советтік Россия мен Венгр совет республикасына(1919) қарсы интервенция ұйымдастыруға қатынасуы румын қоғамы алдыңғы қатарлы бөлігінің ашу-ызасын туғызды. Революция өрлеу жағдайында РСДП 1918 жылықарашада Румыния социалистік партиясы (РСП) болып қайта құрылды. Соғыстан кейін Румыния территориясы және оның халқы екі еседен астам көбейді. Трансильвания, Добруджа мен Буковина (негізінен украиндар мен орыстар мекендеген Солтүстік Буковинаны, көбіне болгарлар мекендеген Оңтүстік Добруджаны қоса) Румынияға берілді. Австрия-Венгрия ыдырағаннан кейін1918 жылы 1 желтоқсанда Трансильвания Румыниямен бірікті. 1918 жылықаңтарда Румыния Бессарабияны күшпен басып алып, ондағы Совет өкіметін жойып жіберді.
1921 жылымамырда Румын коммунистік партиясының (РКП) құрылуына байланысты Румыния жұмысшы қозғалысында жаңа кезең басталды. 1922 жылыРумынияда капитализмнің біршама тұрақтану кезеңі басталды, ірі финанс-өнеркәсіп буржуазиясының позициясы нығайды.
1922 жылдан бастап жүргізілген жер реформасы село буржуазиясын күшейте түсті. 20 жылдары жұмысшы және шаруалар қозғалысы қатаң қуғынға ұшырады. 1924 жылысәуірде РКП заңнан тыс деп жарияланды. Ол өз жұмысын астыртын жағдайда жүргізе берді.
1929-1933 жылдардағы дүние жүзілік экономикалық дағдарыс кезінде Румыния өнеркәсібі мен ауыл шаруашылық өндірісі күрт құлдырап кетті. 1928-1933 жылдар (үзіліспен) өкімет басында болған Ұлттық-царанистік партия (1926 жылы құрылған) үкіметі экономиканы шетел капиталына бағындырды. Мұның өзі елдің Батысқа саяси тәуелділігін күшейтті. 1926 жылы елден қуылған мұрагер принц Кароль 1930 жылы қайтып келіп, маусымда Кароль II деген атпен таққа отырды. 1931 жылы «Темір гвардия» фашистік ұйымы құрылды. Еңбекшілер реакцияның шабуылына және экономикалық жағдайдың нашарлауына қарсы күресті. РКП-нің 1931 жылыжелтоқсанда өткен 5-съезі партияның стратегиялық бағытын белгіледі, оны ұйымдық жағынан ныгайтты. 1933 жылыақпанында РКП Плоешти мұнайшылары мен Бухарест темір жолшыларының ірі революция қимылын басқарды. 1933 жылықаңтарда П.Грозаның басшылығымен еңбекші шаруалардың демократиялық ұйымы - «Егіншілер майданы» құрылды. 2-дүние жүзілік соғыс (1939-1945) басталғанда Румыния үкіметі елдің бейтарап болатынын жариялады. Бірақ монархиялық-фашистік үкімет бейтараптық саясаттан бас тартты. Елде фашистік тәртіп орнады. Совет үкіметі мұндай жағдайда Бессарабия мәселесін кейінге қалдыра алмады. 1940 жылы 28 маусымда совет-румын келісімі бойынша Бессарабия СССР-ге қайтарылды. Солтүстік Буковина УССР құрамына қосылды.
Фашистік Германияның күштеуімен Солтүстік Трансильвания хортистік Венгрияға берілді. 1940 жылы 7 қыркүйекте болгар-румын келісімі бойынша Оңтүстік Добруджа Болгарияға қайтарылды. Бүкіл елде монархиялық-фашистік тәртіпке қарсы наразылық күшейді. 1940 жылықыркүйекте Кароль II тақтан тайдырылып, оның баласы Михай королъ болды. Нақты өкімет билігі ген. Й. Антонескудің қолына көшті. Ол «Темір гвардиямен» бірлесіп, әскери-фашистік диктатура орнатты. Й. Антопеску Гитлермен келіс сөз жүргізіп, СССР-ге қарсы соғысқа дайындалды. Астыртын жағдайда жұмыс істеген РКП елдің 2-дүние жүзілік соғысқа қатысуына қарсы күрес жүргізді. Румыния фашистік Германиямен бірге 1941 жылы 22 маусымда СССР-ге қарсы соғыс бастады. Соғысқа 30 румын дивизиялары мен бригадалары қатыстыі Соғыс Румынияның өзіне орасан зор зиян келтірді. Көп адам шығын болды. Елдің әкономикалық жағдайы нашарлады. Фашистік тәртіпке қарсы наразылық күшейді. 1943 жылымаусымда РКП инициативасы бойынша Патриоттық антигитлерлік майдан құрылды. Буржуазия оппозиция өкілдері РКП-мен байланыс жасап, соғыстан шығу жолдарын іздестірді. 1944 жылы 20 маусымда Ұлттық-демократиялық одақ ұйымдастырылды. Мұның құрамына РКП, Румыния с.-д. партиясы (1927 жылы құрылған) т.б. партиялар кірді. Қарулы отрядтар құрылып, көтерілісті Совет Армиясының шабуыл жасау мерзіміне байланысты бастау жоспарланды.
Яссы-Кишинев операциясын (1944) жүзеге асыру нәтижесінде Совет Ар- миясы неміс-фашистік әскерлерінің үлкен тобын талқандады. 1944 жылы 23 тамызда РКП ұйымдастырған қарулы көтеріліс басталды. Антонеску үкіметі құлатылды. 24 тамызда Румыния фашистікГерманияға соғыс жариялады. Совет Армиясы мен румын әскерлерінің бірлескен соғыс қимылдары нәтижесінде 1944 жылы 25 қазанында Румыния толық азат етілді. 1944 жылықазанында РКП-нің инициативасы бойынша патриоттық антигитлерлік майдан негізінде Ұлттық демократиялық майдан құрылды. 1945 жылыақпанда жергілікті өкімет органдарының көп бөлігі демократиялық күштер қолына көшті. Халықтың талап етуі бойынша 6 наурызда П. Гроза бастаған демократиялық үкімет құрылды. Бұл шын мағынасында пролетариат пен шаруалардың революция-демократиялық диктатурасы болды. 1945 жылы 22 наурызда аграрлық реформа туралы заң қабылданды. Аграрлық реформа нәтижесінде помещиктер табы жойылды, деревнядағы феодализм қалдықтары құртылды. Жұмысшылар мен шаруалар одағы қалыптасып нығайды. РКП-нің 1945 жылықазанда Ұлттық конференциясы партия мен халықты халықтық-демократиялық құрылысты нығайтуға бағыттады, елді индустрияландыру және электрлендіру міндетін қойды. Румынияның дамуында Совет Одағының экономика, саяси, дипломатиялық көмегі елеулі роль атқарды. 1946 жылықарашада парламент сайлауында демократиялық күштер одағы 80% дауыс алып, жеңіске ие болды. 1947 жылы 30 желтоқсанда Румын Халық Республикасы (РХР) жарияланды. Компартия бастаған жұмысшы табы мемлекеттік өкіметті өз қолына алды.
РХР-дің жарйялануы Румыниядағы халықтық-демократиялық революцияның социалистік революцияға ұласуының бастамасы болды. Халықтық-демократиялық мемлекеттік пролетариат диктатурасының міндетін атқаруға кірісті. 1948 жылы ақпанда Коммунистік және социалистік-демократиялық партиялардың бірігу съезінде, марксизм-ленинизм идеясы негізінде бір тұтас Румын жұмысшы партиясы (РЖП) құрылды. Оның бас секретарьлығына Г. Георену-Деж сайланып, партияның Орталық Комитетін 1945 жылғы қазаннан 1965 жылғы наурызға дейін басқарды. 1948 жылы сәуірде РХР-дің бірінші конституциясы қабылданды. 1948 жылы маусымда негізгі өндіріс құралдары ұлт меншігіне алынды, соның нәтижесінде ірі буржуазия табы жойылды. 1949 жылы көктемде халықтық-демократиялық мемлекеттік ауыл шаруашылығында социалистік құрылысты жүзеге асыруға кірісті. Социалистік индустриализация және ауыл шаруашылығын кооперациялау РХР экономикалық саясатының басты бағыты болды. Румынияның халықаралық жағдайы нығайып, социалистік елдермен ынтымақтастығы күшейді. Румыния 1955 жылдан БҰҰ-ның мүшесі, Варшава шарты (1955) ұйымына қатынасушы. 1960 жылы маусымда РЖП-нің 3-съезі (РКП-нің 8-съезі) Румынияда социалистік қоғамының экономикалық базасы жасалғанын атап көрсетті. 1962 жылы көктемде ауыл шаруашылығын кооперациялау аяқталды. РКП-нің 9-съезі (1965 жылы шілде) социалистік құрылысты онан әрі өрістету міндетін алға қойды. Съезд жаңа Устав қабылдады, РЖП-ні Румын Коммунистік партиясы (РКП) деп атауды ұйғарды. РКП ОК-нің Бас секретарьлығына Н. Чаушеску сайланды (1965 жылы наурыздан, Г. Георгиу-Деж қайтыс болғаннан кейін, РЖП ОК-нің бірінші секретары). 1965 жылы тамызда жаңа конституция қабылданды. Румыния социалистік республика (РСР) болып жарияланды.
Халықаралық көлемде РСР басқа да социалистік елдермен бірге бейбітшілік және халықаралық ынтымақ саясатын жүргізіп келеді. РСР Европадағы қауінсіздік және ынтымақ жөніндегі кеңестің (1975 жылы 1тамыз) қорытынды актісіне қол қойды. Румыния 1970 жылы 7 шілдеде Совет Одағымен, 1968-1972 жылдар Венгрия, ГДР, Польша, Чехословакиямен достық, ынтымақ және өзара көмек туралы жаңа шарттарға қол қойды. 1969 жылы РКП делегациясы Коммунистік және жұмысшы партияларының халықаралық кеңесіне қатысып, қабылданған документтерге қол қойды. Туысқан социалистік елдер басшыларының 1972, 1973 ж. Қырымда өткен кездесулеріне қатысты. Румыния басшылығы ЧССР-дегі шиеленіскен дағдарыс кезінде (1968 жылы тамыз) Варшава шартына қатысушы елдер позициясынан өзгеше бағыт ұстады. 1974 жылы РСР 119 мемлекетпен дипломатиялық қатынас, 130-дан астам елмен сауда-экономикалық байланыс орнатты.
Экономикасы. Румыния социалистік құрылыс жылдары аграрлы-индустриялық елден жан-жақты дамыған индустриялы-аграрлық мемлекетке айналды. Халық революциясы жеңісінен кейін 1939-1945 жылдардағы 2-дүние жүзілік соғыс кезінде бүлінген экономика салаларын қалпына келтіру кезеңі басталды. Өндірістік құрал-жабдықты ұлт меншігіне айналдыру (1948) буржуазияның экономикалық базасын жойды, елдің экономикасында социалистік секторды кушейтіп, халық шаруашылығын жоспарлы түрде дамытуға мүмкіндік берді. Социалистік сектордың үлесі 1974 жылы жалпы ұлттық табыста 96,6%-ке, негізгі өндірістік фондыда 99%-ке, өнеркәсіптің жалпы өнімінде 99,7%- ке, ауыл шаруашылығында 90,4%-ке жетті. 1950-1974 жылдар аралығында ұлттық табыс 9,3 есе, қоғамдық өнім 9,5, негізгі фонды 4,8, өнеркәсіптің жалпы өнімі 19, ауыл шаруашылығының өнімі 2,81 есе өсті. Елді индустриализациялау кезеңінде өнеркәсіптің жаңа салалары қалыптасты, ескілері жаңартылды. 1950-1974 жылдар машина жасау өнімі 52 есе, электрэнергетика 33, химия өнеркәсібі 99, қара металлургия 17, целлюлоза-қағаз 16, мата тоқу, былғары-аяқ киім, тамақ өнеркәсіп өнімдері 7-11 есе артты.
Румыния - Экономикалық Өзара Көмек Советінің мүшесі, социалистік экономикалық интеграцияның комплекстік программасын іске асыруға қатысады, өндірісті кооперациялау және мамандандыру саласында басқа социалистік елдермен келісімі бар. Экономикалық Өзара Көмек Советінде Румыния машина және құрал-жабдықтар, кейбір химикаттар, халық тұтыну товарларын, мұнай өнімдерін, болат құбырлар, алюминий, ауыл шаруашылығының шикізатын, азық-түлік шығаруға маманданған.
Өнеркәсібі. Жалпы өнім мөлшері жыл сайын (1951-1974) 13%-ке артып отырады. Халық өкіметі жылдары ауыр өнеркәсіптің станок, трактор, автомобиль, ірі кеме жасау, мұнай, энергетика т. б. салалары кеңінен дамыды.
Пайдалы қазындыларының ішінде табиғи газ және мұнайдың экономикалық маңызы ете күшті. Газ (негізінен метан) өндірудің басты ауданы - Орталық Трансильвания. Өндірілген газдың астамы химиялық шикізат ретінде қолданылады, қалғанының біразы экспортқа шығарылады. Мұнай Карпаттың тау алдылық бөлігінен, Төменгі Дунай ойпатынан, елдің шығыс және батыс жағынан өндіріледі. Мұнай айыру заводтары (жалпы қуаты 18 млн. тоннадан астам) Плоешти, Брази, Питешти, Кымпина, Георге-Георгиу-Деж және Дэрмэнешти қалаларында шоғырланған. Өз шикізатына қоса Румыния Таяу және Орта Шығыс елдерінен мұнай (5 млн. тоннаға жуық) сатып алады. Мұнай өнімдерінің көшпілігі (5-6 млн. т) басқа елдерге шығарылады. Басты көмір бассейндері - Петрошенский, Мотру, Ровинари. Темір рудасы, боксит, полиметалл, мыс және алтынды рудалар өндіріледі. 1974 жылы елде 49,1 млрд квт-сағ электр энергиясы алынды, бұның 17,3%-і СЭС-тер үлесіне тиеді. Станцияларының жалпы қуаты 10,6 Гвт. Ірі ЖЭС-тері мұнай, газ, көмір өндірілетін өңірлерде орналасқан, басты СЭС-тері Дунай өзенінің бойында.
Румыния қара металлургиясының негізі 3 ірі металлургия комбинатынан қалыптасқан; бұлар Решицада (қуаты жылына 1 млн. т-ға жуық болат), Хунедоара (3 млн. те-дан астам), Галац (5 млн. т) қалаларында. Алғашқы екеуі Румынияның өзіндік шикізатына, соңғысы импорттық рудаға (жылына 10 млн. тонна темір рудасы, негізінен СССР-ден) негізделген. Түсті металлургиясы елдің алюминийге, қорғасынға, мырышқа мұқтажын толық өтейді.
Машина жасау өнеркәсібі транспорттық және ауыл шаруашылық машиналар, технологиялық энергетикалық, электротехникалық құрал-жабдықтар, станоктар, приборлар, электрондық, дәл механика, оптикалық бұйымдар т. б. шығарады. Машинажасау жалпы өнімнің ісі Бухарест қала және Брашов уезі үлесіне тиеді. Ірі орталықтары - Бухарест (автобус, темір жол транспорты және ауыл шаруашылық машиналары, станок т. б.), Брашов (жүк автомобильдері, ауыл шаруашылық машиналары, электротехника), Крайова (локомотив, ауыл шаруашылық машиналары, электротехника), Плоешти (мұнай өндіру, айыру және химия өңдірістерінің жабдықтары), Галаң (кеме). Машина жасаудың 1974 жылғы кейбір өнімдерінің мөлшері (мың дана); жұк автомобильдері 31,5, жеңіл автомобильдер 67,5, трактор 44,6, металл өңдеуші станоктар 24,8.
Химия өнеркәсібі жергілікті шикізат базасына (мұнай, газ, тас тұз, күкірт т. б.) негізделген. Сода және хлор өндірісі Георге-Георгиу-Деж, Говора, Окна-Муреш, Турда қалаларында, күкірт қышқылы кәсіпорындары Бая-Маре, Копша-Микэ, Златна, тыңайтқыш өндірісі басты ауыл шаруашылық аудандарында, синтетикалық каучук Георге-Георгиу-Деж, пластмасса және смола Крайова, Рымникул-Вылча, мұнай-химия комбинаттары Брази, Питешти қалаларында орналасқан. Резина (Жилава, Бухарест, Флорешти), фармацевтика (Бухарест, Клуж-Напока, Яссы), бояу және лак (Копша-Микэ, Питешти, Кодля) өндірістері де дамыған. 4974 жылы елде 11,2 млн. тонна цемент шығарылды; бұның жартысына жуығын Бырсешти, Биказ және Меджидия з-тары береді. Ағаш өңдеу өнеркәсібінің орталықтары - Бухарест, Брэила, Блаж, Питешти, Тыргу-Жиу, Орадя. Румыния мебелі - басты экспорттық бұйымдардың бірі. Мақта, жүн, жібек, синтетикалық талшықтық маталар, тоқыма бұйымдарын шығаратын Румыния мата тоқу кәсіпорындары Сибиу, Бухуши, Брашов, Плоешти, Констанца, Галац, Тимишоара, Бухарест, Ботошани қалаларында шоғырланған. Тамақ өнеркәсібі ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге және негізінен елдің ішкі мұқтажын өтеуге бейімделген. 1974 жылы 516 мың тонна қант, 332 мың тонна өсімдік майы, 504 мың тонна жеміс-овощ консервісі шығарылды.
Ауыл шаруашылығы. Социалистік сектор қарамағында 1974 жылы жыртылатын жердің 95,3%-і, жайылымның 92,8%-і, шабындықтың 57%-і, жүзімдіктің 96,7%-і, жеміс бағының 78,9%-і болды. Социалистік сектордағы мемекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындардың ауыл шаруашылық жері 4,5 млн. га. Елдегі жалпы ауыл шарашылық жері 14,9 млн. га (территориясының 62,9%-і); бұның ішінде өңделетін жер 9,7 млн. га, жүзімдік және жеміс бағы 770 мың га. Егілетін басты дақылдары: бидай және қара бидай (егісі 2429 мың га, өнімі 5049 мың т), жүгері (2944 мың га, 7440 мың га), қант қызылшасы (219 мың га, 4947 мың т), күнбағыс (509 мың га, 681 мың т), картоп (295 мың га, 4119 мың т), овощтар (230 мың га, 2955 мың т), темекі (53 мың га, 39 мың т). Мал шаруашылығы салаларының арасында қой және етті мүйізді ірі қара өсіру басым; бұлар Карпат беткейлеріндегі жазғы жайылымға негізделген. Мал басы (млн., 1975): мүйізді ірі қара 6,0, шошқа 8,6, жылқы 0,6, қой мен ешкі 14,4. Мал шаруашылығының басты өнімдері (мың т, 1974): ет 1977, сүт 4348, жүн 31,0, май 30,3. 1973 жылы елде 105 мың т балық ауланды. Басқа елдерге ағаш және отын шығару жөнінен (22-23 млн. к3) Румыния социалистік елдер арасында 1-орын алады.
Транспорты. Румынияның транспорттық жағдайы өте қолайлы; Европаның орталық бөлігіндегі елдерді Қара теңіз және Дунай атырабымен жалғастыратын жол бойында. Темір жол ұзындығы 11 мыңнан астам (1974). Автомобиль жолы 77,6 мың км. Пайдаланылатын су жолы 1,7 мың км. Басты өзен су жолы - Дунай өзені. Басты теңіз порты - Констанца. Халықаралық аэропорты - Бухарест. Магистральдық мұнай құбырларының ұзындығы 2 мың км.
Сыртқы экономикалық байланыстары. Румынияның 1974 жылғы экспорты 24,2 млрд., импорты 25,6 млрд. лей болды. Сыртқы саудасындағы социалистік елдердің үлесі 49,6% (бұның 20%-і СССР үлесіне тиеді). Әсіресе Румыния және Совет Одағы арасында экономикалық және ғылыми-техникалық байланыс күшті дамыған. 1948-1973 жылдар СССР-дің техника көмегімен Румынияда 100-ден астам металлургиялық, машина жасау, химия, целлюлоза-қағаз кәсіпорындары салынды. Осы уақыт ішінде Румынияға СССР 3 мыңға жуық техника документациялар жиынтығын берді. Екі ел арасында Румынияда атом электростанциясын, каустикалық сода және хлор з-дын, Прут өзені бойында гидротехникалық торап салуға келісім жасалған. Социалистік елдерден машина және құрал-жабдық, минералдық және өсімдік шикізаты, қара және түсті металдар прокаты алынады; өзі шығаратын өнімдер арасында түрлі машиналар, халық тұтыну товарлары, болат құбырлары, азық-түлік, химикаттардың үлесі басым. Сыртқы сауда айналымындағы капиталистік елдердің (ГФР, Италия, Франция, Ұлыбритания) үлесі 41,7%; даму жолына түскен елдердің үлесі 7,9%. Туризмнің маңызы күшті; 1974 жылы елде 3,9 млн. турист болды.
Ақша өлшемі – лей.
Ішкі бөлінуі. Румынияда елді экономикалық аудандау жөнінен тұрақты ресми шешім қабылданбаған. Бірақ әкономикалық даму ерекшеліктеріне қарай көбіне - Оңтүстік, Орталық және Солтүстік, Батыс, Солтүстік-Шығыс аудандарына ажыратылады.
Денсаулық сақтау ісі. 1974 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 20,3, адамның өлімі 9,1; әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 35,0. Өмірдің орташа ұзақтығы 68,6 (66,3 ерлер үшін, әйелдер 70,8) жас. Өлімнің негізгі себебі - жүрек қан тамыр аурулары, тыныс алу органдарының аурулары, қатерлі ісік. Румынияда безгек ауруы мүлдем жойылған. Елде қайталама сүзек, басыр, күл, полиомиелит т.б. аурулар кездеседі. Жұқпалы аурулардан грипп, әпидемиялық гепатит, туберкулез, дизентерия, бала жұқпалы аурулары да жиі байқалады. Румынияда дәрігерлік көмек тегін көрсетіледі.
Румынияда 186,2 мың төсектік 600-ден астам аурухана (1000 тұрғынға 8,9 төсектен), 397 поликлиника, 4 мыңға жуық учаскелік диспансер бар (1973 ж.). Елде 1974 жылы 33,3 мың дәрігер (630 тұрғынға бір дәрігер) және 117,4 мың орта білімді медицина қызметкерлер болды. Дәрігерлер мен фармацевтерді Румынияның 5 медицина-фармацевт институты, орта білімді медицина қызметкерлерді 55 медицина мектептер мен лицейлер даярлайды. Денсаулық сақтау ісіне мемлекеттік қаржысынан 9,2 млрд. лей жұмсалды (1974). Румынияда 100-ден астам бальнеологиялық және 23 ауа райымен емдейтін курорттар бар. Мұнымен қатар минерал суларының 36 қайнар көзі бар. Белгілі курорттары: Эфория, Мамая, Бэиле-Еркулане, Феликс, Бэиле-Говора, Кэлимэнешти, Совата, Бәиле-Олэнешти, Варта-Дорней, Борсек т. б.
Оқу-ағарту ісі. Румынияның ағарту ісі тарихы шіркеулік мектептердің пайда болуынан басталады. Ол мектептерде сабақ латын және көне славян тілінде оқытылды. Алғашқы шіркеулік мектептер 11 ғасырда, 14 ғасырда қалалық мектептер ашылды. 1864 жылы Румын князьдықтарының бірігуіне байланысты міндетті бастауыш білім беру туралы заң қабылданды (8 бен 12 жас арасы). 1906 жылы халықтың 82,67 %-і сауатсыз болды. 1922-1933 жылдар міндетті оқу жасындағы балалардың қала мектептерінде 31,8%-і, село мектептерінде 5,2%-і тартылды. 1940-1944 жылдардағы әскери фашистік диктатурасы кезінде халық ағарту жүйесінде реакцияшыл шовинистік заң үстем болды.
Халықтық демократиялық құрылыстан кейін, оқудың бір тұтас жүйесі енгізілді. 1948 жылы мектеп шіркеуден бөлініп, мемлекеттік бақылауына алынды. 1974 жылдың соңында балалар бақшасында 770 мың бала тәрбиеленді. 1973-1974 оқу жылында 15,2 мың жалпы білім беретін мектеп пен лицейлерде 3 млн. оқушы, 427 арнаулы лицейде - 179,6 мың оқушы, кәсіптік-техникалық мектептерде 459 мектеп (353,5 мың оқушы) болды.
Унивесритетте оқу мерзімі 4-5 жыл, техникалық жоғары оқу орындарында 4,5-5,5, педагогика институттарда 3 жыл. 5 жылдық педагогикалық лицейлер - бастауыш мектеп мұғалімдерін және мектепке дейінгі мекемелер мамандарын даярлайды. Педагогикалық институттар гимназия циклінің мұғалімдерін, ал лицей оқытушыларын университеттер мен техникалық оқу орындары даярлайды. 1973-1974 оқу жылында 47 жоғары оқу орнында 143,7 мың студент оқыды.
Ірі кітапханалары: Румын академиясының кітапханасы (1867; кітап қоры 6955 мың дана), Орталық мемлекеттік кітапхана (1955; кітап қоры 6,2 млн. дана), Унивесритет орталық кітапханасы (1864; кітап қоры 1938 мың дана), Клуж-Напокадағы Унивесритет орталық кітапханасы (1872; кітап қоры 2592 мың дана).
1974 жылы Румынияда 357 музей болды: РСР өнер музейі (1950 жылы құрылған), Халық өнері музейі (1906), Г.Антип атындағы жаратылыс тану музейі, Румын Коммунистік партиясының революция және демократиялық қозғалыс тарихы музейі (1948), Тарихи музей (1796), М.Эминеску мемориалдық музейі (1950) және Брашов, Галац, Клуж - Напока т. б. қалалардағы музейлер басты музейлерден саналады.
Ғылымы мен ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану, техника ғылымдары. Осы заманғы Румыния жерін мекендеген ежелгі геттер мен дактар темір өңдеу техникасын меңгерген, ағаш пен тастан ғимараттар салған. Мұнда римдіктер көпір, жол, қорғаныс бекіңістерін салған. 1508 жылы алғашқы кітап басып шығарылған, 16 ғасырда білім беру жүйесін қайта құру үшін Киев, Вена, Краков, Падуядан мұғалімдер шақырылды. Котнариде академиялық коллегия (1562), Яссыда (1640), Бухарестте (1694 жылдан Князьдық академия) шіркеулер жанында коллегиялар ашылды. Оқу орындарында аристотельдік дәстүр басым болды. 18 ғасырдың аяғында «жаңа» физика, техника пәндер ене бастады. 19 ғасырда математика, физика, химия, медицинадан алғашқы ғылми еңбектер шықты (Г. Асаки, Ю. Бараш, Т. Стамати т. б.). Матем. (Г. Цицейка т. б.), физика (А. Прока т. б.), хим. (Г. Спаку т.б.), мед. (Д. Багдасар, Н. Лупу т.б.), геология және география (Й. Симионеску т. б.), ботан. (А. Борза т. б.), тех. (Н. Василеску-Карпен т. б.) ғылымдары дамыды.
Халық өкіметі орнағаннан кейін Бухарестте география (1944), математика (1949), метрология (1951), ядролық физика (1956), физиология (1949), ауыл шаруашылығын механикаландыру т. б. институттар ашылды. 1948 жылы Румын академиясы қайта құрылды. Математика саласында осы заманғы мектеп қалыптасты (Д. Барбилян, В. Вылкович, О. Оническу, М. Николеску т.б.). Аналитикалық функцияның топологиялық теориясы, математика статистика, гидро-механикалық, серпімділік теориясы т. б. мәселелер жетілдірілуде. Физика саласынан теориялық физика, плазма, қатты дене, шала өткізгіштер зерттелуде. 1962 жылы газ лазері жасалды (Й.Агырбичану т. б.). Xимиядан органикалық емес, органикалық, физикалық химия, дәрілік заттар, бояулар т.б. дамытылуда (И.Мургулеску, К.Неницеску, Е.Чаушеску т.б.). Биологиядан дәстүрлі ботаника, зоология, гидробиологиядан басқа, цитофизиология, биохимия, генетика зерттелуде (Т. Сэвулеску, Э.Поп, Э.Сору т.б.). Медицинадан физиология, кардиология, онкология т.б. (К.Пархон, Н.Хортоломей т.б.) саласында зерттеулер жүргізілуде. Ауыл шаруашылығынан өсімдік, орман, мал шаруашылықтары, ауыл шаруашылығын механикаландыру мәселесі (Г. Ионеску-Шишешти, Н. Джосан, В.Великан т. б.) жетілдірілуде. Жер туралы ғылым бойынша қазынды байлықтар (Н. Онческу, А.Кодарча т.б.), физикалық және экономикалық география (В.Михэйлеску, Т.Морарю т.б.) жайында зерттеулер жүргізілуде. Техникалық ғылым саласынан әнергетика мен әлектротехника (М. Беркович, Р. Рәдулец т. б.), электроника (Т. Тэнэсеску т. б.), металлургия (К. Миклоши т. б.), құрылыс (Н. Профирь, А. Белеш т. б.), гидродинамика (Э. Карафоли, Д. Думитреску т. б.), автоматика (К. Пенеску, В. Попов т. б.) дамытылуда.
Қоғамдық ғылымдар. Философия. Румыниядағы қоғамдық ойдың пайда болуы 15-16 ғасырларда шаруаларды феодалдық және ұлттық езгіге қарсы көтеріліске шақырған идеологияға байланысты. Қалың бұқараның озық идеялары барлық адамдардың бірдей әлеуметтік теңдікке болуы қажет деген түсінікпен ұштасып дамыды. 18 ғасырдың аяғы 19 ғасырдың басында Румынияда Ағарту идеологиясы басым болды. (С. Мику-Клейн, Г. Шинкай, П. Майор, Й. Будай-Деляну т. б.). 19 ғасырдың 70 жылдарында алғашқы социалистік үйірмелердің (Н.Кодряну, доктор Руссель т.б.) құрылуына байланысты социалистік идеялар тарай бастады. 80-90 жылдардағы жұмысшы қозғалысының жаппай өріс алуы марксизмнің ықпалын күшейтті.
20 жылдар басында Румын Коммунистік партиясының құрылуына байланысты жұмысшы қозғалысында марксистік-лениндік көзқарастар қалыптаса бастады. Коммунистік партия фашистік идеологияға қарсы батыл күрес жүргізді. Румынияда марксистік философияның дамуына В.И. Лениннің еңбектері зор ықпал етті.
Әскери-фашистік диктатура құлатылғаннан (1944) кейін философияда марксизм-ленинизм үстемдік алып, әр түрлі идеалистік, мистикалық, ұлтшылдық концепцияларға тойтарыс жасалды. Әлеуметтік-философиялық ойдың негізгі бағыты - социалистік қоғамның даму диалектикасының басты проблемаларын зерттеу. Румыния философиясы мен социологиясының дамуында Л. Пэтрәшкану, Ат. Жожа, М. Константинеску, К. Й. Гулиан, Э. Галл т. б. еңбектерінің маңызы зор.
Философия мен социологияның басты орталығы: РКП ОК жанындағы Штефан Георгиу атындағы академия, Әлеуметтік және саяси ғылымдар академиясы, жоғары оқу орындарының философия кафедралары.
Тарих ғылымы. Румыния тарихының ертедегі дамуы 16 ғасыр мен 17 ғасырдың басындағы шежіремен байланысты. Шежіреден тарихи зерттеулерге көшу Д. Кантемирдің еңбектерінде бейнеленген. Ол османдық өзгіге қарсы күресіп. Балқан халқының Россиямен одақтасуын қолдаған патриот болды.
Тарихнаманың марксистік негізі 20 ғасырдың 20-30 жылдарында қалана бастады. Бұл жылдары П. Константинеску-Яшьтің әлеуметтік-экономикалық тарих проблемаларына және Румыния тарихын дәуірге бөлуге арналған еңбегі жарық көрді. М.Роллер Румыниядағы коммунистік және жұмысшы қозғалысының тарихы жөнінде бірнеше еңбек жариялады. Румыниядағы социалистік құрылыс жылдарында марксистік тарих ғылымы өркендей түсті. Румын Коммунистік партиясы тарихының көп томдығы жарық көрді.
Тарих ғылымын зерттеу орталығы - Әлеуметтік және саяси ғылымдар академиясының Тарих институты, Румыния КП ОК-нің жанындағы Тарих және әлеуметтік-саяси зерттеу институты, Әлеуметтік және саяси ғылымдар академиясының Оңтүстік-Шығыс Европаны зерттеу институты, Бухарест, Яссыдағы университеттер. Интернационалдық байланыс проблемаларын зерттеуде Румын-Совет ғылыми институтының (50-60 жылдар) маңызы ерекше болды. Тарихшы ғалымдарды университеттердің тарих факультеттері даярлайды.
Экономика ғылымы. Ғылым ретінде 19 ғасырдың 1-жартысында пайда болды. Осы кезеңдегі экономикалық ойдың көрнекті өкілдері Н. Бәлческу және социалист-утопист Т.Диамант болды. Бэлческу Р. деревнясындағы феодалдық қатынастарды жою, шаруаларға жер бөліп беру, помещиктердің жерді иеленуіне шек қою сияқты мәселені көтерді. 19 ғасырдың 2-жартысында экономика ғылымы дами бастады. Экономикалық тақырыптардан арнаулы, мерзімді басылымдар көбейді. Зерттеулер негізінен нақты экономика саласында болды. 19 ғасырдың соңында капитализмнің тез өркендеуіне байланысты пролетариат санының өсуі Румынияда марксистік әкономикалық идеяның тарауына мүмкіндік туғызды. Румын тілінде К. Маркс пен Ф.Энгельстің бірнеше еңбегі жарық көрді. Халықтық демократиялық құрылыстың орнауы және социализмге көшу марксистік экономика ғылымының дамуына кең жол ашты. Румынияда кемелденген социалистік қоғам орнату және социалистік құрылыстың өте маңызды мәселелеріне Н. Чаушеску еңбектері арналды. Экономикалық зерттеулер РСР-дің әлеуметтік-экономикалық дамуы Жоғары Советінің Орталық экономикалық зерттеу институтында, Шт. Георгиу атындағы академияда, ведомстволар мен жоғары оқу орындарында шоғырланған. Экономист кадрларын Бухаресттегі Экономикалық ғылымдар ақадемиясы (1913 жылы құрылған), Клуж-Напокадағы т. б. қалалардағы университеттердің экономика факультеттері даярлайды.
Заң ғылымы. Румыния юристері мемлекеттік және право теориясы, конституциялық право, әкімшілік право, азаматтық право және азаматтық процессуалдық право, салыстырмалы шаруашылық правосы, еңбек правосы және әлеуметтік қамсыздандыру правосы, қылмыстық право, қылмыстық және процессуалдық право, халықаралық ресми және өзіндік право проблемалары зерттелуде. Мемлекет және правоның жалпы теориясы және саяси ғылымдар саласынан О.Тресни, Й.Четерки т.б. еңбектері жұртшылыққа белгілі. 70 жылдары право функциясы мен роліне ерекше көңіл бөлінді. Румыния саяси жүйесіндегі қоғамдық ұйымдардың ережелері зерттелуде.
Мемлекеттік және право проблемаларының теориялық саласы Әлеуметтік және саяси ғылымдар академиясы жүйесіндегі заң ғылымдары секциясында зерттеледі. Мемлекеттік және право мәселелерімен айналысатын басты ғылыми мекеме - Бухаресттегі Заң зерттеу институты. Саяси ғылымдар және ұлт проблемалары институты бар. Право проблемалары Мемлекеттік совет жанындағы заң шығару советі бөлімдерінде, Заң министрлілігі мен Румыния прокуратурарында зерттеледі. Заң кадрларын Бухарест, Клуж, Яссы университеттерінің заң факультеттері және Тимишоар университетінің, экономикалық ғылымдар академиясының право кафедралары даярлайды.
Тіл білімі. Румын тілін ғылыми негізде алғаш зерттеген трансильван (ардял) мектебінің (18 ғасырдың ортасы 19 ғасырдың басы) өкілдері. Олар тұңғыш нормативті грамматикасын және румын тілі сөздіктерін, латын жазуына негізделген орфографияны жасады. 20 ғасырда румын тіл білімі кең көлемде зерттелді (А.Граур, А.Росетти, И.Иордан, Д.Макри т.б.). 50-60 жылдары Румын академиясы көптеген коллективтік еңбектер шығарды: «Румын әдеби тілінің сөздігі» (1955-1957), «Румын тілі грамматикасы» (1966), диалектологиялың атластар т. б. 20 ғасырдың басында румын тілі туыстас балқан-роман тілдерімен салыстырыла зерттелді (С. Пушкарю, Т. Капидан, Т. Папахаджи).
Негізгі тіл білімін зерттеу орталығы: Бухарест, Клуж-Напока және Яссыдағы университеттер, Академияның Тіл білімі институты (1949 жылы құрылған) және Румын академиясының Яссыдағы филиалы.
Ғылыми мекемелері. 1965 жылдан бастап ғылыми мекемелердің ұйымдастыру, жоспарлау және қаржыландыру т. б. жұмыстарын Ғылым мен технология жөніндегі ұлттық совет (1971 жылға дейін Ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі ұлттық совет) басқарады. Негізгі ғылыми-зерттеу жұмысы Румын академиясы жүйесінде жүргізіледі.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары Ауыл шаруашылық және орман шаруашылығы академиясы (1969 жылы құрылған. 6 бөлімі бар: өсімдік шаруашылығы; бақ шаруашылығы; зоотехника және мал дәрігерлігі; орман шаруашылығы; суландыру, су шаруашылығы және механизация; ауыл шаруашылық экономикасы), Медицина ғылымдар академиясы (1969; 4 бөлімі бар: биология, клиникалық медицина, профилактикалық медицина, фармацевтикалық зерттеу), әлеуметтік және саяси ғылымдар академиясы (1970; 8 бөлімнен тұрады: экономикалық ғылымдар; философия және логика; тарих және археология; заң ғылымдары; саяси ғылымдар; психология және педагогика; социология; әдебиет пен өнер тарихы және теориясы), 300-ден астам ғылыми-зерттеу және жобалау институттары мен орталықтарда, жоғары оқу орындарының арнаулы ғылыми-зерттеу мекемелерінде жүргізіледі. 1972 жылы РСР-де 40,8 мың ғылыми қызметкер болды. 1971-1975 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарына 7 млрд-тай ақша бөлінді. Румыния Өзара Көмек Советі мүшелері елдерінің т. б. халықаралық ғылыми ұйымдардың жұмысына қатысады.
Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Румынияда 1974 жылы 408 газет-журнал басылды. Күнделікті ірі газеттері: РКП ОК органы «Скынтейя» (1931 жылдан); Коммунистік жастар одағы ОК орга ны «Скынтейя тинеретулуй» (1944 жылдан); Социалистік бірлік Майданы Ұлттық советі органы «Ромыния либерэ» (1943 жылдан); РСР Жазушылар одағының органы, көркем журнал «Ромыния литерарә» (1954 жылдан); РСР әйелдері Ұлттық советінің органы «Фемея» (1948 жылдан). Аталған газеттер мен журналдар Бухаресте басылады. Сонымен қатар «Трибуна» (1884 жылдан) - қоғамдық-саяси, әдеби апталық, «Кроника» (1966 жылдан) - қоғамдық-саяси апталық, «Ватра» (1894 жылдан) - әдеби айлық, «Трансильвания» (1868 жылдан) әдеби айлық журналдары шығады.
Румын баспасөз агенттігі - Аджер-прес (1949 жылы құрылған). Радиохабары 1925 жылдан беріледі, телевизия 1953 жылдаи жұмыс істейді. Шетелдерге берілетін радиохабары 15 тілде жүргізіледі. 20 телестанциясы бар.
Әдебиеті. Әдет-ғұрыптық өлеңдер мен лирика (ежелгі жырлар, дойна, баллада т. б.) тұрмыс-салт, аңдар туралы және қиял-ғажайып ертегілері, анекдоттар, мақалдар мен мәтелдер ұлттық тілді калыптастырған Румыния әдебиетінің негізгі түрлері болды. Ең алғашқы жазу ескерткіші - Кымпулунг бояры Някшудың хаты (1521). 16 ғасырда «Валаш воеводы Иоанн Нягойдың баласы Феодосияға өсиеті» атты зиялылық шығарма жарық көрді, шіркеу кітаптары румын тіліне аударыла бастады. Григоре Уреке (1590-1647), Мирон Костин (1633-1691) т. б. молдавандардың шежірелері мен деректері тіл мен әдебиеттің қалыптасуында елеулі роль атқарды. Молдаван жазушысы Д. Кантемир (1673-1723) гуманизмнің ең ірі өкілі оолды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында К.Конаки (1778-1849), Й. Будай-Деляну (1760-1820 ж. ш.) т. б. көркем әдебиетті дамытты. 19 ғасыр 1-жартысында ұлт-азаттық қозғалысына байланысты шығармалар бірлік пен бостандық идеясында жазылып, 1848-1849 жылдар революция талаптарына негіз болды. Алғашқы газеттер мен оқулықтар шығарылды, ұлттық театр құрылды. Романтизм барлық жанрда қарқындап дамыды. В. Кырлова (1809-1831), Г. Александреску (1810-1885), М. Когэлничану (1817-1891) т. б. жазушылар ұлт тарихы мен фольклорға ерекше назар аударды. Бір тұтас ұлттық мемлекеттің жариялануы (1862), түрік үстемдігінен азат болу (1878) әдебиетте реализмнің қалыптасуына жағдай жатады. Әр түрлі саяси бағыт ұстаған журналдар шықты. 1-дүние жүзілік соғыстан соң М. Садовяну (1880-1961), Л. Ребряну (1885-1944) т. б. жазушылар зыншылдық бағытты нығайтты. 30 жылдары пролетарлық әдебиет туды, социалистік реализм қалыптаса бастады. 1949 жылы Жазушылар одағы құрылды. 50-60 кылдары әдебиетке Д. В. Попеску (1935 ж. т.), Ф. Нягу (1932 ж. т.), Д. Стэнеску (1933 ж. т.) бастаған жас толқын келді. Румынияда венгр және неміс тілдерінде де әдебиет бар, әдебиет мәселелеріне байланысты арнайы журналдар шығып тұрады. Румынияда әдебиет тану ғылымы да (оны бастаушы ғалымдар - Когәлничану, Т. Майорессу) едәуір дамыған. М. Садовянудың (Митря Кокор» (1952), «Гүлді арал» (1959) повестері т. б. шығармалар қазақ тіліне аударылды.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Румыния территориясындағы ежелгі мәдениет ескерткіштері (мүсіншелер, әшекейлі қыш ыдыстар т. б.) б. з.б. 3-мың жылдыққа саяды. Қара теңіз жағалауында көне қала қалдықтары, ескі қамалдар, мүсіндік туындылар мен зергерлік өнері бұйымдары (б. з. 4 ғ.) сақталған. Орта ғасырда Трансильвания (12 ғасырдан Венгр корольдығы құрамында) өнері Орталық Европа католик елдері өнерімен ұштаса дамып, роман стиліндегі шіркеулер (Чиснэдиоарда, 1223, Алба-Юлияда, 1250-1290 жылдар аралығы), кейіннен готика стиліндегі құрылыстар (Клуждегі әулие Михаил ғибадатханасы), тұрғын үйлер салынды. 14-15 ғасырларда мұнаралы бекініс қамалдар (Нямц, Сучава) мен шіркеулер бой көтерді. 16 ғасырдың басынан архитектурада Қайта өркендеу дәуірінің тынысы байқалды. Готикалық шіркеулердің (Алба-Юлия соборы, 1512) капелласы мүсіндермен безендірілді. 17 ғасырдағы түріктер үстемдігі кезінде де ұлттық дәстүр сақталып қалды әрі архитектуралық құрылыстарды сәндік ою-өрнектермен әсемдеу кең етек алды. 18 ғасырдың басында барокко стиліндегі құрылыстар (Клуж, Тимишоара, Орадя шіркеулері т.б.) етек алды. Орта ғасырдағы Трансильвания бейнелеу өнерінде готика стилі мен Византия өнері үйлесім тапты. 17-18 ғасырларда халықтық және орта ғасырлық сәулет өнерінің ұлттық үлгісін ұштастыратын әрі ренессанс пен барокко элементтерін қамтитын Брынковяну стилі тарады (Бухарест маңындағы Могошоая сарайы, 1700-1702, Бухаресттегі Ставрополи шіркеуі, 1724-1730). Архитектуралық құрылыстар негізінен Европалық, Шығыстық және ұлттық сипаттағы ою-өрнек ырғақтарымен безендірілді (Яссыдағы шіркеу, 1639). Орта ғасырдағы Валахия мен Молдова кескіндемесі бертінгі Византия дәстүрімен сабақтас дамыды. Шіркеу қабырғаларын терең мазмұнды суреттермен безендіруге ден қойылды («Қиямет-қайым» көріністерінде түріктерді күнәкар ретінде бейнелеу). 14-18 ғасырларда көркем кесте, металл өңдеу ерекше өркендеді. 18-19 ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде Румынияның барлық облыстарында зиялылар өнері кең етек алды. Портрет жанры өрби түсті. Өнерден романтизм, реализм тенденциясы байқалды (Й.Негулич, Б. Исковеску, К.Д.Розенталь). Молдова мен Валахия қосылып (1859), Румынияның тәуелсіз мемлеқет болып жариялануы (1877) бейнелеу өнерінің өркендеуіне үлкен мүмкіндік туғызды. 1870-1890 жылы демократиялық реализм өнері дәуірледі (Н.Григореску, Й.Андрееску т.б.). Румын пролетариаты өмірі О. Бәнчилэ, Ж.А.Стериади творчествосынан, өткір саяси сын И. Изер карикатураларынан бой көрсетті. 20 ғасырдың 30 жылдарына дейінгі кескіндеме фовизм, кубизм, экспрессионизм ағындары демократиялық ұлттық идеалмен ұласып, үйлесім тапты (Ш.Лукьян, Т. Паллади, Ш.Димитреску, Д. Гьядэ). 30 жылдар мен 40 жылдардың басында фашизмге қарсы прогресшіл бағыт туды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың алғашқы 30 жылында академизм орнына романтиам (Ш. Йонеску-Валбудя), неоклассицизм (Й.Жаля, К.Медря) орын тепті. Архитектурада 19 ғасырдың басында классицизм стиліндегі, 19 ғасырдың 2-жартысында Европаның эклектикалық архитектурасы рухындағы құрылыстар пайда болды. Халықтық демократиялық құрылыс орнағаннан кейін архитектурада замани индустриялық тәсілдер қолданылды. Социалистік Румыния бейнелеу өнерінің қалыптасуына аға буын суретшілер К. Рессу, Н. Тоница, Д. Гьяцэ, Й. Жаля, К.Медря үлкен улес қосты. 1950-1960 жылдардағы бейнелеу өнерінің негізгі тақырыбы-индустриялы пейзаж, еңбек және революция күрес тарихы тақырыбындағы композициялар.
Музыкасы. Румыния музыка мәдениеті румын халқының төл музыка творчествосынан басталады. Ладтардың алуан түрлі (3-5 сатылық қарапайым ладтан көп сатылы күрделі жүйеге дейін) болып келуі румын музыка фольклорының негізгі ерекшелігі саналады. Фольклор тұрмыс-салт жыры, бесік жыры, бақташы әуендері, кұлдіргі және лирикалық әндер, эпикалық баллада тағы басқаны біріктіреді. Ең күрделі жанрдың бірі - лирикалық дойна. Әлеуметтік наразылық жырлары елеулі орын алды. Халықтық музыка сарындар алуан түрлі әрі негізінен импровизация түрінде орындалады. Би жанрлары: хора, сырба, брыу, инвертита, хацэгана және жок (ойын-сауықтарда әнмен қосыла биленеді). Музыка аспаптары: үрлемелілері - флуер (свирель), най (Пан флейтасының бір түрі), чимпой (волынка), бучум (мүйіз), ішектілері - кобза, цимбалы, цитра, скрипка, виолончель, контрабас. Музыка фольклордың қалыптасып таралуына халық профессионал музыканттары (лэутарлар) маңызды роль атқарды. 19 ғасырға дейін музыка өмір негізінен князь сарайы мен монастырь төңірегіне топтасты. 19 ғасырдың ортасында композиторлар мектебі қалыптаса бастады. Молдова мен Валахия бір тұтас Румыния мемлекетіне (1862) біріккеннен кейін румын профессионал музыкасы қанат жайды (Э. Кауделла, Ч. Порумбеску, Дж. Штефэнеску). 19 ғасырдың 30 жылдарында орындаушы ұлттық кадр қалыптасты, Бухарестте (1833), Яссыда (1836) филармония, Трансильванияда Румынның ән және театр қоғамы (1847), Бухарестте тұрақты симфониялық оркестрі (1866) мен филармония (1868) ұйымдасты. Белгілі әншілері: Е. Теодорини, X. Даркле, Дж. Димитреску т.б. 1920 жылы Бухарестте Румын Композиторларының қоғамы құрылды. Бухарестте (1919), Клужде (1920) опера театрлары ұйымдасты. 1910 жылдары профессионалды балет өнері қалыптасты. Клужде консерватория ашылды (1921). Музыка тану, фольклористика дамыды. Елді фашизмнен азат ету, 1947 жылы Румынияны республика деп жариялау музыка мәдениетінің өркендеуіне жол ашты. Көпшілік әндер, тарихи революция тақырыптағы оратория, кантата, балет пайда болды. Жаңа театрлар (5 опера, 5 музыка театры) және Румын Композиторлар қоғамы (1949 жылы РСР-дің Композиторлар одағы) құрылды. Этнография, фольклор институтының негізі қаланды (1949). 1957 жылдан Музыка баспасы жұмыс істейді. 1958 жылдан Бухарестте Дж. Энеску атындағы Халықаралық фестиваль мен конкурс (3 жылда 1 рет) өткізіліп тұрады. Әншілері - 3. Палли, Г. Зобиан, Н. Херля; скрипкашылары - Ш. Георгиу, Ш. Руха; дирижерлері - М.Басараб, Э.Симон; музыка зерттеушілері - З.Ванча, П.Брынкуш т.б. Бухарест пен Клужде хореография училищесі ашылды (1949).
Театры. Румындардың ежелгі ойың-сауықтары мен тұрмыс-салт ғұрыптарында театр элементтері болған.
18-19 ғасырларда театрдың күрделі формалары (литургиялық драма т. б.) қалыптаса бастады. 1933 жылы Бухарестте драма өнері мектебі мен 1836 жылы Яссыда Драма консерваториясының ашылуы театрдың профессионалдық дәрежеге көтерілуіне жол ашты. 1852 жылы Бухарестте Үлкен театр (1877 жылдан Ұлттық) жұмыс істеді. Профессионалды театрдың құрылуына 1848 жылғы революцияға қатысқан жазушылар мен қоғам қайраткерлері (К. Нергуцци, Александри т. б.) елеулі үлес қосты. 1877 жылы профессионад актерлерді біріктірген Драма қоғамы құрылды.
19-20 ғасырларда актерлер Г.Манолеску, К.Ноттара, А.Прутяну, Т.Буландра, Л.Стурдза-Буландра т.б. реалистік дәстүрді жалғастырды. Ұлттық театр өнерінің дамуына драматург, сыншы, реж. Й. Л. Караджале игі әсерін тигізді. 20 ғасырдың басында румын. театрында режиссерлік өнер қалыптаса бастады. К. С. Станиславский және А.Антуан өнері румынның тұңғыш режиссері П.Густи мен румын театрына реформа жасаушы А. Давила творчествосына игі әсер етті. 1919 жылы Трансильвания Румынияға қосылғаннан кейін Клужде ашылған Ұлттық театр З. Бырсанның басшылығымен елеулі табысқа жетті. Фашизм кезіндегі реакциялық тенденцияларға театрдың озат қайраткерлері К. Петрееку, В. Эфтимиу, Л. Стурдза-Буландра, С. Соаре, М. Себастьян т. б. қарсы күресті. Фашизмнен азат етіліп, Румынияда республика жариялануы театр өнерінің өркендеуіне жол ашты. Драматургтар М. Давидоглу, А. Баранга мен А. Мироданның жаңа өмірді бейнелейтін пьесалары қойылды. 1974 жылы 40-тан астам театр жұмыс істеді (оның ішінде венгр, неміс, серб театрлары бар). Бастылары: Румын Ұлттық театры, Румын театры, Комедия театры т.б. Белгілі режиссерлері мен актерлері: Р.Белиган, Л. Чулей, Р. Пенчулеску; театр сыншылары мен тарихшылары: А.Рыняну, М. Бэрбуцэ т. б. 1954 жылдан Бухарестте Й.Л. Караджале атындағы театр және кинематографиялық институты жұмыс істейді. 1950 жылы Тыргу-Муреш қаласында С. Иштван атындағы Венгр театр институты ашылды.
Киносы. 1897 жылы табиғи көріністі фильмдер, 1912 жылы толық метражды алғашқы көркем фильм түсірілді. Ұлттық кинематографияның тууы халықтық өкіметтің орнауымен (1945) байланысты. 1960 жылдар мен 70 жылдардың басындағы тандаулы фильмдері: «Шөліркеу» (1961, Т. Поповичтің романы бойынша; реж. М. Дрэган), «Дунай толқындары» (1969, совет прокатында «Лаулаған өзен»; реж. Л. Чулей), «Туннель» (1967, СССР кинематографистерімен бірге, реж. Ф. Мунтяну), «Жексенбіде, кешкі сағат 6-да» (1965, реж. Л. Пинтилие). «Тұзақ» (1971, реж. М. Маркус), «Кіршіксіз қолмен» (1972, реж. С. Николаеску), «Боран» (1973, реж. М. Молдаван), «Қабырға» (1975, реж. К. Ваени) атты фильмдерге тақырып, жанр, стиль жағынан жан-жақтылық тән әрі халықтың тарихы, фашизмге қарсы және жаңа өмір құру жолындағы күрес кеңінен бейнеленген. Кино актерлері: Р. Белиган, М. Барбу, Ф. Пьерсик, А. Пеля, В. Рэдеску т. б. Й. Попеску-Гопо, Э. Бостанның балаларға арналған фильмдері дүние жүзіне әйгілі. 1963 жылы Кино қызметкерлері қоғамы құрылды. 1974 жылы 22 көркем фильм шығарылды, 600 кинотеатр жұмыс істеді.
Әдеб.: Арманд Д. Л. Румыния. М.-Л., 1946; История Румынии нового и новейшего времени. -М., 1964; Иотория Румынии. т. 1-2. -М., 1971; История Румынии. 1918-1970. -М., 1971; Федоров Г. Б., Полевой Л. Л. Археология Румынии. -М., 1973 (лит.); Семенова Л. Е. Русоко-валашские отношения в конце XVII - начале XVIII вв. -М., 1969; Советов П.В. Исследования по истории феодализма в Молдавии. -т.1. Очерки истории землевладения в XV - XVIII вв. -Киш., 1972; Гросул В.Я., Чертан Е.Е. Россия и формирование Румынского независимого государства. –М., 1969; Потанов В.И. Социалистическая республика Румыния. –М., 1974; Чаушеску Н. Доклад ЦК о работе КПР в период между X и XI съездами и дальнейших задачах партии. -Бухарест, 1974; Кожевников Ю.А. Попоранизм и проблема влияния русской литературы на румынскую в сб.: Славянские литературы. –М., 1963, Г а ц а к В.М. Восточно-романский героический эпос. –М., І967; Кузьмина М.Т. Искусство Румынии. –М., 1966; Мартынов Н. Румынская народная музыка. в сб.: Вопросы музыкознания. -в. 3. –М., 1960; Театр за рубежом. -т. 1. -М.-Л., 1958; Парамонова К. Киноискусство Румынской Народной Республики. –М., 1965.
Жарияланған-2020-03-18 15:22:22 Қаралды-3019
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану