UF

ЖОҒАРҒЫ ВОЛЬТА (1958-1984), Жоғарғы Вольта Республикасы - Батыс Африкадағы мемлекет. Мали, Нигер, Дагомея, Того, Піл Сүйегі Жағалауы және Гана мемлекеттерімен шектеседі. Жері 274,2 мың км2. Халқы 5,3 млн. (1969). Астанасы - Уагадугу қаласы. Әкімшілік жағынан 5 департаментке (Қара Вольта, Жоғары Алап, Сахаль, Орталық Департамент, Шығыс Департамент) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Жоғары Вольта - республика. Қазіргі конституциясы 1970 жыл 14 маусымдағы референдумда қабылданған. Мемлекеттік басшысы - жалпы халықтық төте сайлау негізінде 5 жылға сайланатын президент. Ол министрлерді, әскери және азаматтық қызмет адамдарын тағайындайды, парламентті мерзімінен бұрын таратып жібере алады. Жоғары Вольта үкіметі - Министрлік Советі. Премьер-министрді президенттің ұсынысына сәйкес, парламент сайлайды. Парламент - бір палаталы Ұлттық Жиналыс. Оны халық бес жылға сайлайды. 21 жасқа толған азаматтардың бәрі де сайлауға қатынаса алады. Сот жүйесі: Жоғарғы сот, апелляциялық сот және бірінші басқыш соттары.

Табиғаты. Жері белесті үстірт болып келеді; ең биік жері елдің оңтүстік-батыс бөлігінде (750 м). Климаты экваторлық-муссондық; желтоқсан, қаңтардың орташа температурасы 24-26° С, сәуір мен мамыр 30-35°С. Жауын-шашын мөлшері 500-1000 мм. Ірі өзендері - Қара Вольта, Ақ Вольта (саласы Қызыл Вольта). Көп жері қызыл, қызыл қоңыр топырақты; жерінің 9%-ке жуығы орман, қалған өңірі саванна. Арыстан, қабылан, піл, буйвол т. б. аңдар кездеседі.

Халқы. Халқының 82%-і (1967) гур тілінде сөйлейтін (моси, лоби, мбуин, га, бобо т. б.) халықтар. Олармен қатар буса, сану, сонинке, диула, туареги т.б. халықтар тұрады. Халқының көбі мұсылмандар. Европалықтардан француздар (4 мың) бар. Ресми тіл - француз тілі. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2 жерге 19 адамнан. Ірі қалалары - Уагадугу, Бобо-Дьюласо, Кудугу.

Тарихы. Жоғары Вольта жерінде алғашқы мемлекеттер 11-14 ғасырда қалыптасты. Олардың ішіндегі ең көрнектілері - орталық бөліктегі Моси мен Ятенга, Шығыста Гурма болды. Бұл мемлекеттерде ертедегі феодалдық-қатынастар ру-тайпалық қатынастармен ұштасып жатты. 1896 жылы Жоғары Вольтаға француз әскері басын кіріп, 1901 жылы отарға айналдырды. 1916 жылы Жоғары Вольтада отаршыларға қарсы көтеріліс шықты. 1919 жылы Жоғары Вольта Француз Батыс Африкасы құрамындағы жеке әкімшілік бөлікке айналдырылды. Бірақ 1932 жылы француз өкіметі Жоғары Вольта жерін отар елдер - Піл Сүйегі Жаталауы, Нигер, Француз Суданына бөліп берді. 1947 жылы Жоғары Вольта қазіргі шекаралық көлемде Францияның «теңіз сыртындағы жері» ретінде қалпына келтірілді.

2-дүние жүзілік соғыстан кейін Африканың басқа да елдеріндегі сияқты Жоғары Вольта жерінде де империализмге қарсы қозғалыс өріс алды. Ұлт-азаттық қозғалысының күшеюінен қорыққан Франция отаршылары өзінің үстемдік ету формасын өзгертуге мәжбүр болды. 1947 жылы Африка демократиялық бірлестігінің Вольталық секциясы құрылды. Ол 1958 жылы Африка бұқарасын әлеуметтік ағарту партиясымен (1954 жылы құрылған) және басқа бірқатар саяси ұйымдармен бірігіп, Вольталық демократиялық одақ (ВДО) деп аталды. 1958 жылы ақпанда Үкіметтік совет құрылды. Ел «автономиялық республика» деп жарияланды. ВДО жетекшісі. М. Ямеого бастаған алғашқы ұлттық үкімет құрылды. Жоғары Вольта 1960 жылы 20 қыркүйекте БҰҰ-ға қабылданды. Ұлт-азаттық қозғалысының онан әрі күшеюіне байланысты, француз үкіметі Жоғары Вольтаға тәуелсіздік беру туралы келісімге қол қойды (1960 жылы 11 маусым). Бірақ Жоғары Вольта үкіметі экономикалық саяси тәуелділікті бірден жоя алмады, елде жеке меншік кәсіпорындарын салу, шетел капиталын әкеле беру (Франция, АҚШ, Германия т.б. империалистік мемлекеттерден) бағытын ұстады. Оппозицияны баспақ болып, үкімет ВДО-дан басқа барлық саяси партияларға тыйым салды, 1963 жылы президенттің өкілдігін кеңейтетін заң қабылдаттырды т. б. Халықтың тұрмысын нашарлатуға әкеліп соққан Ямеого үкіметінің саясатына бұқара наразылығы күшейді. 1966 жылы 3 қаңтарда жаппай ереуіл басталды. Уагадугу т. б. қалаларда үкіметке қарсы демонстрациялар болып өтті. Ямеого үкіметіне армия қолбасшылығы қарсы шықты, сүйтіп, 1966 жылы 4 қаңтарда Ямеого үкіметі құлатылды. Подполковник С.Ламизана мемлекеттік және үкімет басшысы болып тағайындалды. Саяси лартияларға уақытша тыйым салынды. Парламент таратылды. Бұл жағдай 1969 жылы желтоқсанда дейін созылды. 1970 жылы 20 желтоқсанда жаңа конституцияға сәйкес сайлау өткізілді. Соның нәтижесінде ВДО Ұлттық жиналыстағы орынның басым көпшілігіне ие болды. 1971 жылы 13 ақпанда ВДО жетекшісі Ж.К.Уэдраого премьер- министр болып тағайындалды.

1967 жылы СССР мен Жоғары Вольта арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Сол жылдың ақпанында екі ел арасында ғылыми және мәдени ынтымақ туралы, 1968 жылдың мартында сауда туралы келісімге қол қойылды.

Саяси партиялары, кәсіподақтары, басқа да қоғамдық ұйымдары. Вольталық демократиялық одақ (ВДО), 1947 жыл құрылды. Шаруалар арасында едәуір ықпалы бар. Африкалық қайта топтасу партиясы, 1958 жыл құрылды. Ұлт-азаттық жолындағы қозғалыс, 1958 жыл құрылды. Ол Жоғары Вольтаның экономикалық тәуелсіздігі үшін, СССР т. б. соц. елдермен қарым-қатынасты дамыту үшін күреседі. Вольта еңбекшілерінің кәсіподақ бірлестігі, 1958 жылы құрылды. Кәсіподақтардың Бүкіл африкалық федерациясына кіреді. Ерікті кәсіп-одақтардың вольталық ұйымы, 1960 жылы құрылды. Ерікті кәсіп-одақтардың халықаралық конфедерациясына кіреді. Дінге сенуші еңбекшілердің африкалық конфедерациясы, 1950 жыл құрылды; дінге сенетін еңбекшілердің бүкіл африкалық одағына кіреді. Вольталық студенттердің жалпыға бірдей одағы.

Экономикасы. Жоғары Вольта - өте мешеу дамыған аграрлы ел. Шаруашылық салаларының көбі және сыртқы саудасы француз капиталына бағынышты.

Ауыл шаруашылығы елдің ұлттық өнімінің 67%-ін береді; оның басты саласы - жайылымдың мал шаруашылығы. 1967-1968 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 2,6, қой 1,7, ешкі 2,4. Жерінің 9%-інен астамы өңделеді. Басты дақылдары - сорго, тары, жүгері, күріш, мақта т. б.

Өнеркәсібі жалпы ұлттың өнімнің 20%-ке жуығын береді; оның басты саласы - ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу (мақта жөне күріш тазалау, қант, май өндіру, сабын қайнату, мата тоқу). 1968 жылы мұнда 22,8 млн. квт-сағ электр энергиясы (2 ЖЭС-і, 1 дизель электр ст-сы бар) алынды. Кәсіпорындары негізінен Уагадугу, Бобо-Дьюласо қалаларында шоғырланған. Кілем тоқу, тері өңдеу т. б. қолөнері жақсы дамыған.

Транспорты. Темір жолы 517 км, автомобиль жолы 17 мың км-ге жуық. 2 ірі аэродромы (Уагадугу, Бобо-Дьюласо) бар.

Сыртқы саудасы. Экспортының 90%-і ауыл шаруашылық өнімдерінің (оның көбі тірі мал және мал шаруашылығының өнімдері) үлесіне тиеді. Импорттық товарлары - мата, киім, азық-түлік. Сыртқы сауда серіктестері: Франция, Гана, Піл Сүйегі Жағалауы. Ақшасы - африкалық франк.

Денсаулық сақтау ісі. 1969 жыл да әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 53, адамның өлімі 3,5 болды. Тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені - 182. Адам өмірінің орташа ұзақтығы ерлерде 32, әйелдерде 31 жас. Бұл елде безгек, шешек, қызылша, алапес, басыр, амёбиаз сияқты аурулар көп таралған. 1967 жыл елде 1,1 мың төсектік 2 аурухана болды (2000 адамға 1 төсек). Не бары 70 дәрігер (76 мың адамға 1 дәрігер), 100-ден астам медсестра мен акушерлер жұмыс істеді. 1962 жылы Уагадугуде медсестралар дайындайтын мектеп ашылды.

Оқу-ағарту ісі. Францияның ұзақ уақыт отарлауы Жоғары Вольтаның мәдениеті мен оқу-ағарту ісіне едәуір зардабын тигізді. 1962 жылы халқының 98%-і сауатсыз болды. Өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, Жоғары Вольта үкіметі халық-ағарту ісіне елеулі көңіл бөле бастады. Оқу француз тілінде жүреді. Мектепке дейінгі мекемелер саны әлі де аз. 1965 жылдан бастап 6-14 жасқа дейінгі балалар үшін бастауыш білім міндетті және ақысыз оқытылады. Бастауыш мектептерде оқу мерзімі 6 жыл. Бастауыш мектепті бітіргендер орта мектепке түсу үшін емтихан тапсырады. Орта мектептің (лицей) оқу мерзімі 7 жыл. Кәсіптік білім бастауыш мектеп базасында беріледі, онда оқу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейін. Бастауыш мектеп мұғалімдері 5 жылдың педагогикалық курстарда дайындалады. Жоғары оқу орны жоқ.

Әдеб.: Верин В. Вчера и сегодня Верхней Вольты. -М., 1962.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-26 09:14:26     Қаралды-2537

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »