ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ - Орта Азиядағы одақтас республика. Солтүстігінде және солтүстік-батысында Қазақстанмен, шығысы мен солтүстік-шығысында Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, оңтүстік-батысында Түрікменстанмен, оңтүстігінде Амудария өзен арқылы Ауғанстанмен шектеседі. Солтүстік жағы Арал теңізімен шайылады. Өзбек ССР-і 1924 жылдың 27 қазанда құрылды. Жері 447,4 мың км2. Халқы 32,3 млн. (2017). Әкімшілік жағынан құрамына Қарақалпақ АССР-і және 11 облыс кіреді. Астанасы - Ташкент қ.
Табиғаты. Өзбекстан өңірі жер бедері жөнінен - солтүстік-батыс жазық және оңтүстік-шығыс таулы бөліктерге бөлінеді. Жазық жағын Қызылқұм шөлі, Үстірт, Тұран ойпаты, Амудария атырауы алып жатыр. Таулы өлке Шатқал, Құрама, Ферғана, Алай, Зеравшан, Түркістан т. б. жоталардан құралады; бұлардың аралықтарында Ферғана, Зеравшан, Шыршық-Ангрен, Қашқадария, Сурхандария т. б. аңғарлар орналасқан.
Өзбекстан территориясының геологиялық құрылысында жасырын және фанерозой жыныстарының жиынтығы кеңінен тараған. Бұл өңірдің мезозойға дейінгі, мезозой-палеогендік, неоген-антропогендік мезгілдегі геологиялық құрылысы әр түрлі болды. Мезозойға дейінгі ерекшеліктері негізінде Өзбекстан жері 4 геоқұрылымдық элементке ажыратылады.
Байсұн қатпарлы массиві (Байсұн құрылымдық-формациялық зонадан тұрады); 2. Оңтүстік Тянь-Шань (Алай-Көкшаал) қатпарлы жүйесі (Қарашатыр, Оңтүстік Бұқантау, Түркістан-Алай, Зеравшан-Түркістан, Зеравшан-Алай, Оңтүстік Гиссар және Сурматаш зоналары); 3. Орта Тянь-Шань қатпарлы массиві (Қаратау-Нарын және Белтау-Құрама зонасы); 4. Үстірт құрылымдық-формациялық зонасы. Кембрий қабаты континенттік және теңіздік терриген-карбонат жыныстардан түзілген. Геосинклинальдық сипат бұл мезгілде Оңтүстік Тянь-Шань жүйесінен байқалады. Ордовикте құмды-тақта тасты шөгінділер қалыптасқан. Силурдің алғашқы шегінде Оңтүстік Тянь-Шань геосинклиналының төмен қарай майысу қарқыны күшейді, бұған байланысты қазіргі Өзбекстан территориясында теңіз трансгрессиясы дамыды. Силур аяғында және девонның басында теңіз тез тартыла бастады, девонның соңында теңіз деңгейі одан әрі төмендеді. Бұдан кейінгі мезгілдерде су айдынының бірнеше мезет қайтадан көтерілгені байқалды. Ақырғы карбон кезінде құрлық кеңейді, Оңтүстік Тянь-Шань, таулы қатпарлы өлкеге айналды, Солтүстік Тянь-Шаньға, Байсұн массивіне гранитоидтық интрузиялар енді. Қазіргі кездесетін алғашқы пермь шөгінділері теңіздің басым кезінде жиналса, соңғы пермь жыныстары құрлықтық жағдайда пайда болған. Орта пермь кезінде Байсұн массиві, Қарақұм күмбезі және Үстірт өңірі платформалық алқап құрамына кірді. Триас жыныстары (терригендік және вулканогендік шөгінділер) Құрама, Шатқал жоталарында кездеседі. Юра уақытында аккумуляция процесі кеңінен дамыды. Алғашқы бор дәуірінде территорияның көпшілік бөлігі көтерілді, бірақ палеоценде керісінше ойыстап төмендеу салдарынан теңіз трансгрессиясы күшейді де, эоцен кезінде қазіргі Өзбекстанның бүкіл территориясын қамтыды. Олигоценде қайтадан құрлықтың көтерілуі, теңіздің тартылуы дамыды, неогенде теңіз айдыны тек Үстірт өңірінде ғана сақталды. Антропоген кезінде Өзбекстанның қазіргі рельефі қалыптаса бастады. Жер бедері жеке-түрлерінің одан әрі дамуы, тектоникалық қозғалыстар біздің заманымызда да жалғасуда. Оған дәлел ретінде республика территориясында жер сілкіну процесі жиі қайталанып отыр. Өзбекстан қойнауы пайдалы қазындыларға бай. Қаратау-Нарын зонасынан сирек металл, темір рудасы, полиметалл, қорғасын-мырыш, Белтау-Құрамадан мыс (Қалмақыр, Сарычек кендері), қорғасын, мырыш, алтын (Көшбұлақ, Қызылалмасай), алунит, боксит, каолин Зеравшан-Түркістаннан алтын (Мұрынтау, Чармитан), Түркістан-Алайдан қорғасын-мырыш (Үшқұлаш), Зеравшан-Алайдан графит-никель-кобальт (Тасқазған) кен орындары ашылды. Республика қойнауынан 562 (125 түр) минерал табылған. Өзбекстан жерінен 5 мұнайлы-газды аймақ анықталды; бұлар - Бұхара-Хиуа (Газли, Ортабұлақ, Қандым, Қарақтай кендері т.б.), Ферғана (Чмион, Жарқұтан т. б.), Сурхандария (Хаудаг, Көкайты, Ляль-Микар т. б.), Гиссар (Адамтас, Гумбұлақ, Пачкамар), Үстірт (Шақпақты, Қуаныш) аймақтары. Ангрен және Шаргунь көмір кендері пайдаланылуда. Оңтүстік Ферганада күкірт және озокерит (Шорсу), Гиссар жотасының оңтүстік-батыс сілемдерінде карноллит, сильвинит, тас тұз, Сұлтануиздаг тауында фосфорит бары белгіленді. Барлық облыстарда жергілікті құрылыс материалдар қабаттары бар.
Өзбекстан климаты тым континенттік, қуаң. Жазы ыстық: шілденің орта температурасы солтүстікте (Нүкісте) 26°С, оңтүстікте (Термезде) 32°С. Қысы жылы, қар жамылғысы жұқа: қаңтардың орта температурасы Нүкісте - 6,3°С, Термезде - 3°С. Республика жерінің 40%-іне жылына 100 мм, 25%-іне 100-200 мм, 25%-іне 200-400 мм, 10%-іне 400-500 мм жауын-шашын түседі. Өзендерінің көпшілігі Арал теңізінің алабына жатады. Маңызды өзендері - Амудария, Сырдария, Зеравшан, Қашқадария Су энергия қоры 7 млн. квт, бұның 14%-і пайдаланылуда (1975). Жер суару және суландыру жүйесі өте жақсы дамыған. 1000-нан астам жер суару каналы, бөгені т. б. гидротехникалық құрылыстар салынған.
Жері негізінен сары және сары қоңыр топырақты келеді; батыс және солтүстік жағы құм. Шұратты өңірлері шалғын топырақты, тау етегінде және тау аралық аңғарларда қоңыр және құнарлы шалғын топырақ тараған. Республика жерінің көпшілік бөлігінде қуаңшылыққа төзімді өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесі қалыптасқан.
Халқы. Совет өкіметі жылдары Өзбекстан халқы 3 есе өсті. Халықтың жылдық табиғи өсуі республикада Одақтағы орташа өсу мөлшеріне қарағанда 3 есе жоғары. Өзбекстан көп ұлтты республика. 1970 жылғы санақ мәліметтері бойынша Өзбекстан халқының 64,7%-і өзбектер, 2%-і қарақалпақтар, 12,5%-і орыстар, 4,9%-і татарлар, 4%-і қазақтар, 3,8%-і тәжіктер; қалған бөлігі корейлер, украиндар, қырғыздар, еврейлер, түрікмендер үлесіне тиеді.
Халықтың орташа тығыздығы 1 км2 жерге республика бойынша 30 адамнан, Әндіжан облысында 277, Ферғана облысында 213, Ташкент облысында 203, Бұхар облысында 7,5 адамнан (1974). Еңбек етушілер саны 3140 мың адам (1975), бұның 1,1 млн-ы ауыл шаруашылық еңбекшілері. 1973 жылы өнеркәсіп жұмысшылары мен қызметкерлері 639 мыңға жетті. Республика тұрғындарының 38%-і қалада тұрады. 71 қаласының 51-і (Алмалық, Ангрен, Бекабат, Гүлстан, Зеравшан, Қарши, Кувасай, Науаи, Шыршық т. б.) Совет өкіметі жылдары өсіп, қалыптасты. Ірі қалалары - Ташкент, Самарқан, Әндіжан, Наманган, Қоқан, Бұхара.
Тарихы. Өзбекстан жерін төменгі палеолит дәуірінде (Ферғана мен Бұхар облысында табылған тас құралдарға қарағанда) мекендеген тұрғындар аңшылық және терімшілікпен айналысты. Қазіргі Өзбекстан жері 15-12 мың жыл бұрын мезолитке (тас дәуіріне) өткен. Аңшылыққа байланысты садақ, жебе пайда болды. Жаңа тас дәуірінде (неолит, б. з. б. 5 мыңыншы жыл) суда жүзу, тоқу, аңшылық пен балық аулауды игерді. Жер өңдеу мен мал өсіру пайда болды. Археологтардың қазбаларында көрінгеніндей, б. з. б. 3 мыңыншы жылдардың аяғында өлкені мекендеген тұрғындар мыстан құрал жасауды білген. Қола дәуірінде (б. з. б. 2-1 мыңыншы жылдардың басында) жер өңдейтін кетпен пайда болған. Кейінгі қола дәуірінде Ферғана өңірінде жер шаруашылығымен шұғылданды. Қола ғасырының соңында Орта Азия территориясындағы рулар арасында ертедегі таптық қатынастар туды. Біздің заманымыздың басында Өзбекстан жерінде құл иеленуші мемлекеттер (Парфия, Бактрия, Хорезм-Кангха, Кушан т.б.), ірі қалалар - сауда орталықтары (оның ішінде Самарқан) пайда болды. 4-6 ғасырларда Орта Азияда тәуелсіз 30 шақты князьдықтар өмір сүрді. 7-8 ғасырларда арабтар олардың жерлерін жаулап алды. 5 ғасырдың ортасында құрылып, 6 ғасырдың қарсаңында түрік-көшпелілердің қысымымен ыдырап кеткен Эфталит мемлекетінің кезінде феодалдық қатынастардың алғы шарттары пайда болды. Түрік қағандығын құрған түрік көшпелілері отырықшы жер шаруашылығымен, көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданады. 9 ғасырда Орта Азияда ірі феодалдық Самани мемлекеті құрылды. Мауараннахр мен Зеравшан өңірі оның неғұрлым дамыған облыстары болды. Шаруалардың феодалдарға қарсы көтерілістері Самани мемлекетінің іргесін шайқалтты. 12 ғасырдың 2-жартысында Хорезм мемлекеті күшейіп, Бұхар мен Самарқанды бағындырды. 13 ғасырда Орта Азияны монғол-татарлар жаулап алды: 14 ғасырдың 2-жартысынан Темір мемлекетінің орталығына айналды. Темір тұсында Орта Азиядағы феодалдық қатынас барынша дамыды. Темір өлген соң оның мемлекеті бөлшектеніп кетті. 15 ғасырдың 1-жартысында Темірдің немересі Ұлықбектің тұсында Самарқанның мәдениеті гүлдене түсті. 16 ғасыр басында Бұхар, Хиуа хандықтары, 18 ғасыр басында Қоқан хандығы құрылды. Бұл хандықтар өзара бір-бірімен үнемі жауласты. Өзара соғыс, жергілікті феодалдардың зорлық-зомбылықтары, көпшелілердің шабуылдары өндіргіш күштердің өсуіне кедергі жасады, экономика құлдырады.
19 ғасырдың ортасында орыс патшалығының Орта Азияны жаулауы басталды. Бұхар әмірі мен Хиуа хандығы Россияға тәуелді екендігін мойындады. Ішкі Қоқан хандығында халық көтерілісі (1873-1876) өрши түсті. Патша әскерінің күшімен 1876 жылы халық көтерілісі аяусыз тұншықтырылды. Осының нәтижесінде Қоқан хандығы жойылып, оның территориясы 1876 жылы Түркістан генерал-губернаторының құрамына енді. Орта Азия Россия империясының отарына, оның аграрлы-шикізат базасына, өнеркәсіп бұйымдарын өткізу ауданына айналды. Орыс шаруаларын Орта Азияға қоныс аудару басталды. Экономикалық және әскери стратегиялық мақсатты көздеген патшалық Россия Орта Азия (1899), Орынбор - Ташкент (1906) темір жолдарын сала бастады. Ірі станцияларда өнеркәсіп ошақтары пайда болып, жұмысшы табы көбейді. 1900 жылы Түркістанда 195 кәсіпорын болды. Орта Азия пролетариаты негізінен темір жолшылар мен мақта тазарту, май өндіру з-дтарының жұмысшыларынан құралды. Орта Азияның Россияға қосылуына байланысты экономиканың дамуына жағдай жасалды, өзбектердің ұлттық бірігу процесі тездетілді. Әлеуметтік-ұлттық езушілік халық толқуларын туғызып отырды. 19 ғасырдың 2-жартысында мұндай толқулардың ең ірілері Ташкентте (1892, Оба көтерілісі), Әндіжанда (1898) болды.
80-90 жылдар Зауран - Кштур кенінде (1885), Қоқан төңірегінде (1898), Самарқанда (1898) жұмысшылардың алғашқы көтерілістері болды. 1903-1905 жылдар Өзбекстанның біраз қалаларында с.-д. ұйымдар құрылды. Өзбекстан еңбекшілері 1905-1907 жылдар революцияға қатысты. 1910-1911 ж., әсіресе 1912 жылы көктемінде ереуіл күшейді. 1912 жылы 1 шілдеде Ташкентте солдат-саперлердің ерлік көтерілісі болды, оған В.И.Ленин жоғары баға берді. 1916 жылы жергілікті жұмысшылар, шаруалар, қолөнершілер қатысқан халық көтерілісі болды. Оны патша өкіметі қатаң жаншып басқанымен, күрес тоқтаған жоқ. 1917 жылы Февраль революциясының нәтижесінде өлкеде патша өкіметі, Түркістан генерал-губернаторлығы жойылды, жер-жерде жұмысшы және солдат депутаттары советі құрыла бастады. Алайда 1917 жылы сәуірде Ташкентте құрылған буржуазия үкімет - Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті отарлық езудің бұрыңғы жүйесін сақтап қалды. 1917 жылы жазынан еңбекшілер арасында большевиктердің ықпалы күшейді. Демократиялық ұйымдар («Еңбекші мұсылман одағы», «Мұсылман жұмысшы депутаттарының советі»), жергілікті халық жұмысшыларының кәсіподақтары құрылды. Өзбекстанда жұмысшы ереуілдері, ауыл мен қыстақтарда жер үшін революция қозғалыстар кең өріс алды. 1917 жылы (25) қыркүйекте Ташкентте 7 мың адам қатысқан митингіде өкімет билігін түгелдей советтердің қолына беру туралы қарар қабылданып, өлкенің уақытша Ревкомы сайланды. Халықтың талабы бойынша округтың корниловшыл әскери командованиесі таратылды, Ташкент советінің аткомы қайта сайланды. Революция қозғалыстың күшеюінен қорыққан буржуазия Уақытша үкімет Түркістанға жазалаушы экспедиция жіберді. Большевиктердің басқаруымен Ташкентте құрылған қарулы отрядтар контрреволюцияға қарсы күрес жүргізді. 28-31 қазанда (10-13 қараша) Ташкентте болған жұмысшылар мен солдаттардың көтерілісі нәтижесінде 1 (14) қарашада қалада Совет өкіметі орнады. Түркістан өлкесі Советтерінің 3-съезі (Ташкент, 15-22 қараша) өлкедегі совет өкіметінің жоғары органы - өлке Халкомсовын (пред. Ф. И. Колосов) сайлады. 1917 жылы қарашада 1918 жылы наурызда аралығында Совет өкіметі өлкеде түгелдей орнады. Ірі қалаларда - Самарқан, Қоқан, Наманганда большевиктік ұйымдар қалыптасты. Өлкелік Халкомсов Совет өкіметін нығайту, ескі мемлекеттік аппаратты жою, советтік халық шаруашылығын ұйымдастыру жөнінде бір- сыпыра маңызды шаралар жүргізді. Қызыл гвардия, кейін Түркістан Қызыл Армиясы құрылды. 1918 жылы 30 сәуір Советтердің өлкелік 5-съезінде РСФСР құрамында Түркістан АССР-і құрылды. 1918 жылы маусымда Ташкентте болған большевиктер ұйымдарының өлкелік 1-съезі партия ұйымдарын ұйымдық жағынан бірыңғай Түркістан Компартиясына біріктірді. Советтердің 6-съезі (1918 жылы қазан) Түркістан АССР-інің тұңғыш конституциясын бекітті.
«Автономия» деген ұранды жамылып, буржуазия ұлтшыл және феодалдық клерикалды топтар Түркістанда Совет өкіметін құлатуға тырысып бақты. Ташкентте астыртын «Большевиктермен күрестің Түркістандық одағы» құрылды. Бұл ұйымға ағылшын дипломатиалық миссиясының мүшелері (майор Ф. Бейли, капитан Я. Беккер, т. б.) басшылық етті. Олар Түркістанды Советтік Россиядан бөлуге тырысты, панисламизм туын жамылды. 1918 жылы шілдеде Ферғана майданы пайда болды. Әсерлер, меньшевиктер, ақ гвардияшылар, ұлтшылдар Каспий сыртында бүліншілік жасап, Каспий сырты майданын, ақ чехтар мен ақ гвардияшылар қазақ ұлтшылдарымен одақтаса отырып, Жетісу майданын құрды. Атаман Дутов шілдеде Орынборды басып алды, Орынбор - Ақтөбе майданы пайда болды. Бұхара мен Хиуа Советтік Түркістанға қарсылықты күшейтті. Түркістан республикасының жағдайы ауыр болды. Түркістан КП барлық күш-жігерін жауды талқандауға жұмсады. Партиялық, кәсіподақтық және жұмысшы мобилизациялары жүргізілді. 1919 жылы 19 қаңтарда қараған түнде Ташкентте Совет өкіметіне қарсы бүліншілік басталды, партия-совет орындарының басшылары (Түркістан ОАК пред. А.Д. Вотинцев, Халкомсов пред. В.Д. Фигельский, Ташкент советінің пред. Н. В. Шумилов т. б.) айуандықпен өлтірілді. Ташкенттің революция пролетариаты ақ гвардияшылдардың бүліншілігін тез арада жойды.
1919 жылдың көктемі мен жазында Қызыл Армияның жергілікті бөлімдерінің күші арта түсті, олардың қатарына өлке партия ұйымдарының 25% шамасы жіберілді. 1919 жылы тамызда Түркістан майданы (қолбасшысы - М. В. Фрунзе) құрылды. Майдан әскерлері шешуші шабуылға көшті, оларды Түркістан республикасының Қызыл Армиясы қолдады. Совет әскерлері Колчак әскерлерінің оңтүстік тобын талқандап, Мұғалжар станциясында қосылды. 1920 жылдың көктемінде Қызыл Армия Каспий сыртын және Ферғана аймағын басмашылардан азат етті.
1921 жылы көктемде Түркістанда жер-су реформасы жүргізіле бастады. Осыған байланысты Қосшы одағы партияға зор көмек көрсетті. 1922 жылы басында Хорезм және Бұхар компартиялары РК(б)П құрамына енді, осыған байланысты РК(б)П ОК Түркбюросы партияның ОК-нің Орта Азиялық бюросы (пред. С. И. Гусев) болып қайта құрылды. 1922 жылы жазда Қызыл Армия басмашыларға тойтара соққы берді. Басмашылар 1925-1926 жылдар толық жойылды.
Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру орыс жұмысшы табының жәрдемімен жүзеге асырылды. 1924 жылы мақта егісінің көл. 85,9 мың десятинадан (1920) 245 мың десятинаға жетті. 1200-дей несие серіктігі құрылды. Жаңа 20 кәсіпорын құрылысы басталды. 1924-1925 жылдар Орта Азия советтік республикаларының ұлттық-мемлекеттік жағынан межеленіп бөлінуі болды. Соның нәтижесінде 1924 жылы қазанда Өзбек ССР-і құрылып, 1925 жылы майда СССР құрамына енді. Республиканың СССР-дің құрамына кіруі өзбек халқының экономикалық-саяси және мәдени дамуына мүмкіндік жасады. 1927-1928 жылдар Өзбекстанда халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңі аяқталды, ірі өнеркәсіп өнімдерін өндіру 1913 жылы дәрежеге жетті. Республикада ескі кәсіпорындарды жаңғыртып, жаңа кәсіпорындар салу жұмысы басталды. 1926-1929 жылдар өлкеде жер-су реформасы жүргізілді. Реформа барысында жерді национализациялау процесі аяқталды. 1-және 2-бесжылдықтардың ойдағыдай жүзеге асырылуының нәтижесінде ауыл шаруашылығын коллективтендіру аяқталды. 1937 жылы дехкан шаруашылықтарының 95%, егіс көлемінің 99,4% колхозға бірікті. Мақта шаруашылығы жетекші салаға айналды. Мәдени революция жүзеге асырылды. Ұлттық советтік интеллигенция қалыптасты. 1937 жылы 14 ақпанда Өзбекстан Советтерінің 6-төтенше съезінде Өзбек ССР-інің жаңа конституциясы қабылданды. Өзбек ССР-інің құрамына Қарақалпақ АССР-і қосылды.
Ұлы Отан соғысы кезінде СССР халықтарымен бірге өзбек жауынгерлері де Отан үшін табан тіресе күресті. Совет Армиясының көптеген құрамалары Өзбекстанда құрылып, майданға аттанды, Республиканың 280 жауынгері Совет Одағының Батыры атағына ие болды. 120 мың адам орден, медальдармен наградталды.
Соғыстан кейінгі дәуірде республикада жүздеген жаңа зауыд, фабрика, шахта т. б. құрылыстар салынып, ең жаңа техникамен жабдықталды, Бетпақ дала игерілді. Орта Азия - Орталық газ құбыры салынып бітті. Аму - Бұхар, Түйемойын, Үлкен Әндіжан т. б. каналдар құрылысы іске қосылды.
20 ғасыр басында Өзбекстанда марксизм таралып, с.-д. қозғалыс басталды. Россиядан Түркістанға жер аударылған революция социал-демократтар М.Д.Корнюшин, А .Р. Бахирев, К. Д. Литвишко, М. В. Морозов, А. В. Худаш және басқалар мұнда марксизм-ленинизм идеяларын таратты. Олардың басшылығымен Ташкентте, Самарқанда, Қоқанда, Түркістанның және басқа қалаларында алғаш с.-д. үйірмелер мен топтар құрылып, революция идеяны насихаттады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында республика комсомолының бүкіл жұмысы Отанды қорғауға бағындырылды. Комсомол мүшелерінің 65%-тен астамы майданға аттанды. 1944 жылы Өзбекстанда 7357 комсомол-жастар бригадасы мен звеносы жұмыс істеді. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіруге ат салысты. 1949 жылы 20 мың жас жітіттер мен қыздар Бетпақ даланы игеруге аттанды. Комсомолдар Бекабад металлургия комбинатын, Ферғана гидролиз және мұнай өңдеу з-дтарын, Қоқан суперфосфат з-дын, Фархад ГЭС-ін салуға қатысты. 9-бесжылдықта Бұхара мақта-мата комбинаты, Орта Азия - Орталық және Бұхара - Орал газ құбыры, Ташкент метрополитені, Әндіжан және Туямуйн су қоймасы т. б. халық шаруашылығының 15 ірі объектісінің құрылысын қамқорлыққа алды. 1959 жылдан Өзбекстан комсомолы мақта шаруашылығында комплексті механизацияны енгізуге, 1973 жылдан жүгеріден мол өнім алуға қамқорлық жасап келеді. 1975 жылы майда Өзбекстан ЛКСМ қатарында 1 574198 жас болды.
Кәсіпшілер одақтары. Өзбекстан кәсіподақтары - СССР кәсіподақтарының құрамдас бөлігі. Орта Азиядағы алғашқы кәсіподақтар 1905 жылы темір жолшылар арасында пайда болды. Кейін басқа саладағы жұмысшылар арасында да құрыла бастады. 1917 жылы социалистік революңиясынан кейін кәсіподақтар жұмысшы табының бұқаралық ұйымына айналды. Өзбекстан кәсіподақтары республика ұйым ретінде 1925 жылы 21 наурызда Ташкентте өткен құрылтай съезінде қалыптасты. Оның құрамында 90 мыңнан аз-ақ артық мүше болды. Кәсіп-одақтар халық шаруашылығын өркендету, жер-су реформасын өткізу, ауыл шаруашылығын коллективтендіру, мәдени революцияны жүзеге асыру, сауатсыздыңты жою ісіне белсене қатысты. Отан соғысы кезінде тылды нығайтуда, халық шаруашылығын соғыс жағдайына бейімдеп қайта құруда партия ұйымдарына зор көмек көрсетті. Соғыстан кейінгі жылдары экономика мен мәдениетті өркендетуге, еңбекшілерге коммунистік тәрбие беруге, социалистік жарысты ұйымдастырып, бұқараны бесжылдық тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындауға жұмылдыруға елеулі үлес қосып келеді.
Өзбекстан кәсіподақтарының жұмысына кәсіподақтардың республика советі басшылық етеді. Өзбекстанда кәсіподақтардың 19 салалық республика комитеті, 12 обл. советі, 28246 бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Республикада 6834 коммунистік еңбек мектебі бар. Кәсіподақтардың ғылыми-техникалық қоғамы 11,7 мың ғалым, инженер, техник, өндіріс жаңашылдарын біріктіреді. Өзбекстан кәсіподақтарының қарамағында 16 сауықтыру орны, 7 санаторий, 8 демалыс үйі, 46 стадион, 207 спорт залы, 33 жүзу бассейні, 58 спорт-сауықтыру лагері, 707 клуб, мәдениет сарайы, 963 кітапхана, көптеген кино қондырғы бар.
Халық шаруашылығы. Өзбекстан - Орта Азия экономикалық ауданының жоғары дәрежеде дамыған өлкелерінің бірі. 1913 жылы қазіргі Өзбекстан территориясында 425 шағын кәсіпорын (бұның 208-і мақта тазалайтын завод) болды. Ұлттық табыстың 93%-і, өнеркәсіп жұмысшыларының 60%-і мақта және басқа ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу орындарының үлесіне тиетін. Жалпы ұлттық табыстың 2%-ін ауыр өнеркәсіп, 1%-ін металл оңдеу, 0,8%-ін жеңіл, 14%-ін тамақ өнеркәсібі өндіретін. Совет өкіметі жылдары Өзбекстан республикасы феодализмнен социализмге бірден өтті, халық шаруашылығының барлық салалары қатар дамыған индустриялы-аграрлық республикаға айналды. Лениндік индустриализациялау жоспарын іске асыру нәтижесінде ірі өнеркәсіп орындарының саны 118-ден 1300-ге, енеркәсіп салалары 28-ден 110-ға жетті. Республикадагы 200 кәсіпорын өздерінің өнімдерін 100-ден астам шетелге шығарады. Одақтық еңбек бөлісу барысында Өзбекстан мақта жинайтын және тазалайтын машиналар шығару, жібектік шикізат өндіру, қаракөл елтірісін алу жөнінен 1-орын, жіп иіретін станок жасаудан 2-орын, табиғи газ, өсімдік майын, күріш өндіруден, мақта мата мөлшері жөнінен 3-орын алады. 1924-1974 жылдар арасында Өзбекстан өнеркәсібінің жалпы өнімі 144 есе, егістік жері 2,5 есе, мақта өнімінің мөлшері 20 есе өсті.
Өнеркәсібі. 1924-1950 жылы республиканы индустриализациялау үшін 1,8 млрд. сом (жаңадан 934 кәсіпорын салынды), 1951-1970 жылдар 19,6 млрд. (336 кәсіпорын), 1971-1975 жылдар 20 млрд. сом (100 кәсіпорын) жұмсалды. 9-бесжылдық жоспары бойынша Шарбақ СЭС-і, Сырдария мемлекеттік аймақтық электр ст., Чодак кен байыту (алтын) комбинаты, Ингичка руда өндіру шахталары, Алмалықта химиялық тыңайтқыш з-ды, кен байыту комбинаты жанынан мырыш з-ды, Самарқанда лифт, фарфор з-дтары, кенеп ф-касы, Орта-аул ет комбинаты, Бұхара мақта мата комбинаты, Ташкент тігін фабрикасы, Кувасай шыны з-ды салынды. 1913-1973 жылдар өндірістің өсу қарқыны бүкіл өнеркәсіп бойынша 51 есе, электроэнергетикада 43342, отын өндірісінде 1281, машина жасау және металл өңдеуде 9586, құрылыс материалдарын өндіруде 1423, жеңіл өнеркәсіпте 909, тамақ өнеркәсібінде 59 есе болды.
Өнеркәсіп салалары дамуының негізі болып саналатын энергетика өндірісі тез қарқынмен дамуда. Бірнеше ірі жылу (Ташкент, Ферғана, Науаи, Сырдария, Кувасай, Тахиаташ т. б.) және Шыршық (туысқан республикалар, оның ішінде Қазақстан колхозшы, жұмысшы, мамандарының көмегімен), Шарбақ, Фархад т. б. су электр станциялары іске қосылды. Бұхара-Хиуа газды (қоры 3-4 трилл. м3), Ферғана, Сурхандария мұнайлы-газды. Ангрен, Шаргун көмірлі аудандар еліміздің ірі кенді аймақтар қатарына жатқызылады. Бекабат (қара металлургия), Шыршық (түсті және сирек металдар), Алмалық (түсті металл) Өзбекістан металлургиясының орталықтарына айналды. Көп салалы машина жасау өнеркәсібі қалыптасты. Республикадағы 11 ірі машина жасау орны («Ташсельмаш», «Узбексельмаш», «Чирчикселъмаш», «Ташхимсельмаш», «Ташкенткабель», «Ташэлектромаш», Қокандағы «электромаш», Ташкенттегі трактор, электротех., Шыршықтағы электроаппарат және электродвигатель, Намангандағы трансформатор з-дтары т. б.) 200-ден астам машина және өндіріс жабдықтарының түрлерін шығарады; бұлардың кейбіреулері 31 шетелге сатылады. Ташкенттегі, Қоқандағы, Әндіжандағы, Каттақорғандағы, Самарқандағы жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінің жабдықтары және Ташкент экскаватор, авиация з-дтарының одақтық маңызы бар. Жергілікті табиғи қорларды жан-жақты игеру негізінде Ферғана, Алтыарық қалаларында мұнай айыру з-дтары, Шыршықта электрохимкомбинаты, Самарқанда суперфосфат. Ташкентте бояу жасайтын, Әндіжанда тыңайтқыш зауыдтары т. б. химия кәсіпорындары іске қосылды. Жеңіл (мақта тазалау, жібек жібін иіру, мата тоқу, киім және аяқ киім тігу) және тамақ (өсімдік майын алу, жеміс консервілеу, шарап жасау) өнеркәсіптері республика экономикасының басты салалары. Кувасай, Ахангаран, Бекабат, Науаи - Өзбекістан құрылыс индустриясының ірі орталықтары.
Ауыл шаруашылығы. Республика ауыл шаруашылық мақта, жеміс, жүзім, темекі, күріш өсіруге, қой (негізінен қаракөл қойы) және жібек шаруашылықтарына маманданған ірі 537 совхоздан және 966 колхоздан құралады. 1973 жылғы ауыл шаруашылық жері 25,5 млн. га бұның ішінде егістік 3,6 млн. га, шабындық пен жайылым 21,5 млн., бақ және жүзімдік 234 мың, тыңайған жер 190 мың га ауыл шаруашылық жалпы табысының 3/4-і егіншіліктен және бақ-жүзімдіктен, 3/4 мал шаруашылығынан түседі. 1974 жылы барлық шаруашылықтарда 17,4 мың трактор, 6,5 мың жүк автомобилі, 76537 комбайн, тыңайтқыш шашушы, жүк көтеруші трактор т. б. ауыл шаруашылық техникасы жұмыс істеді; ауыл шаруашылық жұмыстардың мақта өсіруші совхоздарда 68%-і, колхоздарда 50%-і механизацияланған. Егістікке, бақ-жүзімдікке 3811 мың т, минералдық тыңайтқыш, 5 мың т фосфат шашылды. 1913-1973 жылы техникалық дақылдардың (мақта, кенеп, темекі) егісі 442 мыңнан 1712 мың га-ға (бұның ішінде мақта егісі 425 мыңнан 1683 мың га-ға) жеткізілді. Бұрын ауыл шаруашылығына жарамсыз саналатын жерлер игерілуде. 1973 жылы ирригациялық және мелиорациялық жұмыстарға 1 млрд. 33 млн. күрделі қаржы жұмсалды. 1974 жылғы мал басы (мың): мүйізді ірі қара 3181,7 мың (бұның ішінде сиыр 1216,4), шошқа 392,6, қой және ешкі 8539,1.
Ауыл шаруашылығының басты өнімдері (мың т, 1973): мақта 4908, астық дақылдары 1328 (оның ішінде бидай 342), күріш 279, картоп 197, көкөніс 1021, бақша 663, жеміс-жидек 4219 мың ц, жүзім 3200 мың ц, ет 237, сүт 1695, жұмыртқа 1121 млн. дана, жүн 23,1, жібек пілласы 22,9, қаракөл елтірісі 1955 мың дана, кенеп 273,9, темекі 21,5.
Транспорты. Республиканың темір жолы ұзындығы 3280 км, автомобиль жолдары 29,4 мың км, бұның ішінде тас жолы 25,7 мың км. Ташкент темір жолы бөлімшесі электрленген. Жаркак-Бұхара-Газли-Қоңырат -Орталық, Жаркак-Каттақорған, Мубарек-Қарши, Мубарек-Ташкент-Фрунзе, Жизақ-Наманган, Ходжиабад-Кувасай газ құбырлары арқылы Өзбекістанның барлық облыстары табиғи газбен қамтамасыз етілген: Өзбекістанның көршілес Қазақстанмен транспорттық-экономикалық байланысы өте күшті. Қазақстаннан металл түрлерін, машина және өндіріс жабдықтарын, тас көмір, астық, жүн мата, ет т. б. алады, өзі Қазақстанға мақта жинаушы және тазалаушы машиналар, табиғи газ, көкөніс, жеміс, мақта, мата береді. Әсіресе республикалардың шектес облыстарының өндірістік қарым-қатынасы жақсы қалыптасқан. Шымкент, Жамбыл, Алматы қалаларына Бұхарадан газ құбыры тартылған.
Халықтың материалдық әл-ауқаты. Өзбекістанның жылдық жалпы ұлттық табысы 10,3 млрд. сом (1973), бұның 7,4 млрд. сомы халықтың әл- ауқатын жақсартуға, экономика салаларын дамытуға жұмсалады. 1924-1973 жылы республикада 105,6 млн. м2 тұрғын үй салынды, 2242 елді мекен газдандырылды. 1940-1973 жылдар халыққа тұтыну товарларын сату 9,1 есе артты. Ақша сақтау орындарындағы халық жинағы 1,333 млн. сомға жетті (1973). Курорт-санаторийлер (Шахимардан, Чартак, Чимион, Акташ, Хумсан) және демалыс үйлер жүйесі жылдан жылға ұлтайтылуда.
Оқу-ағарту ісі. 1917 жылы дейінгі Өзбекістан территориясында конфессионалдық мұсылман мектептері, медресе, карханалар болды. Егер орта ғасырда Ұлықбектің мемлекетті басқаруы кезінде діни пәндермен қатар дүниетанымдық ғылымдар - астрономия, математика, логика т. б. оқытылса, 19 ғасыр мен 20 ғасырдың бас кезінде дүнияуи пәндер барлығы дерлік оқу жүйесінен шығарылып тасталды. Қыздар үшін ашылған аздаған діни мектептерден басқа оқу орны болған жоқ. 19 ғасырдың 70 жылдарында Түркістан өлкесінің Россияға қосылуынан кейін, негізінен тілмаштар даярлайтын орыс - түзем мектептері ашыла бастады. 1914-1915 оқу жылында Өзбекістан территориясында болған 172 орыс-түзем мектептерінде 18 мың оқушы оқыды. Бұдан кейін гимназия, реалдық, сауда училищелері, кадет корпусы, мұғалімдер семинариялары ашылды. Алғашқы техникалық мектептер пайда болды - гидротехника Ташкентте, Самарқанда бақ өсіру, жүзім өсіру шаруашылығы, шарап жасау мектептері т. б. 90 жылдарда Өзбекістанда алғашқы жаңа әдісті жәдит мектептері ашылды. Сол кездегі алдыңғы қатарлы өзбек интеллигенциясының өкілдері (Хамза Хакимзаде Ниязий, Садриддин Айни, Абдулла Авлоний, Әбдіқадыр Шакури, Сейдахмет Сиддики, Исматулла Рахматуллаев т. б.) жаңа әдісті мектептердің көптеп ашылып, дүнияуи білімнің тарауына ат салысты. Революцияға дейін өзбек халқының 2% ғана сауатты болды. 2017 дылы кейін өзбек халқы мәдениеті меп ағарту ісінің жаңа кезеңі басталды. 1920 жылдан жаппай сауатсыздықты жою ісі қолға алынды. 1933-1936 жылдар республиканың барлық ересектері оқумен қамтыдды. 1939 жылдың қарсаңында өзбек халқының 78,7%-і сауаттанды.
1928 жылы араб алфавиті латын шрифтісімен ауыстырылып, 1940 жылы өзбек жазуы орыс графикасына көшті. 1930 жылы Өзбек ССР КП ОК «Балалар мен жасөспірімдерге жаппай білім беру міндетін енгізу» жөнінде қаулы қабылдады. Қыз балаларға білім беру мәселесіне баса көңіл бөлінді. 1973-1974 оқу жылында 9540 жалпы білім беретін мектептерде 3 млн. 646 мың оқушы оқыды. 1974 жылы 4813 яслилер мен балалар бақшаларында 0,5 млн-ға жуық бала тәрбиеленді. Өзбекістанда 407 мектепке дейінгі мекемелер, оның ішінде 165 пионер сарайлары мен үйлері, 36 жас техниктер, 21 жас натуралистер ст., 14 туристік ст., 150 спорт мектебі т. б. болды (1974). Республикада кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі кең өріс алған, 1974 ж. 1 қаңтарда 201 кәсіптік-техникалық оқу орындарында 81 мыңнан астам оқушы оқыды. Республикадағы 177 арнаулы орта оқу орындарында 175 мыңнан астам оқушы оқыды (1974). 1920 жылы В. И. Ленин Ташкентте Түркістан мемлекеттік университетін құру жөніндегі декретке қол қойды (Ташкент университеті). 1974 жылы республиканың 41 жоғары оқу орындарында 225 мыңнан астам студент оқыды. Ірі жоғары оқу орындары: В. И. Ленин атындағы Ташкент университеті, Ә. Науаи атындағы Самарқан университеті, Әбу Райхан Бируни атындағы политехникалық институты, Темір жол транспорты институты, медицина, автожол, ауыл шаруашылық, тоқыма, республика орыс тілі мен әдебиеті институттары т. б. Барлық облыстары орталықтарында педагогика институттары бар. 1974 жылы Қарақалпақ педагогикалық институты негізінде 1976 жылы Қарақалпақ мемлекеттік университетін ашу жөнінде қаулы қабылданды. Республикада 6 мыңнан астам кітапхана (кітап қоры 34072 млн. дана кітап, журналдар) жұмыс істейді, оның ірілері: Өзбек ССР-інің Ә. Науаи атындағы мемлекеттік кітапханасы (3,844 млн. дана); 33 музей, оның ішінде орталық музейінің Ташкент филиалы, Айбек атындағы Өзбекстан халықтары тарихы музейі, Өзбекстан өнер музейі, Ә.Науаи атындағы әдебиет музейі, Өзбекістан өнер және мәдениеті тарихы музейі (Самарқанда) ірі музейлерден саналады және облыстық орталықтарындағы өлке тану музейлері; 3,5 мың клубтық мекемелер т. б. бар (1975).
Ғылым және ғылыми мекемелер. Жаратылыс тану, техникалық ғылымдар. Өзбекістан территориясында дәлдік (математика, астрономия, геодезия) және жаратылыс тану (минералогия, медицина, ботаника) ғылымдары 9-15 ғасырларда дамыған болатын. Ғылым корифейлері Әл Хорезми, Әл Ферғани, Әл Фараби, Әбу Райхан Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбек, Әл-Құсшы Насреддин Туси т. б. зерттеулері ғылымның келешек дамуының базисі болумен қатар, кейінгі ғасырлардағы ғылыми- зерттеулердің нәтижесіне болжам жасады.
15 ғасырдың 2-жартысынан және Ұлы революциясына дейінгі кезең - үстемдік етуші реакциялық сыпаттағы, әлеуметтік экономикалық жағдайларға байланысты ғылыми-зерттеулердің құлдырау кезеңі. 19 ғасыр 2-жартысында Орта Азияның Россияға қосылуы Өзбекістандағы ғылым дамуының объективті факторы болды. Сол кездегі белгілі ғалымдар А. Ф. Миддендорф, П. П. Семенов, Н. А. Северцев, А. П. және О. А. Федченко, И. Д. Мушкетов т. б. Орта Азия территориясын, табиғи байлықтарын зерттеуге зор назар аударды. Бүкіл ресейлік ғылыми қоғамдар бөлімдері - техника, медицина, табиғат әуесқойлары т. б., ғылыми мекемелер - Астрономия обсерватория (1873), Түркістан тәжірибе ст. (1889) ұйымдасты.
Ұлы революциясынан кейінгі (2017 ж.) жаратылыс тану, техника ғылымдар дамуы (соғысқа дейінгі кезең). 1920 жылы В.И. Ленин қол қойған декрет бойынша Түркістан шығысында жанында физика-математика, химия, ботаника, зоология т. б. ғылыми-зерттеу институттары бар бірінші В. И. Ленин атындағы Ташкент университеті ашылды. 1924 жылы Өзбек ССР-інің құрылуы ғылым дамуында жаңа мүмкіндіктер тудырды. Басты міндеттердің бірі, әсіресе мақта өсіру шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту болды. Осыған байланысты Ортаазиялық ирригация ғылыми-зерттеу институты (1925), басқа да зерттеу институттары және мақта-ирригация, ауыл шаруашылық т. б. жоғары оқу орындары құрылды. Осы кезеңде өзбек ғалымдары: акад. А.Е.Ферсманның басшылығымен Ферғана өлкесінің пайдалы қазба байлықтары; акад. В.П. Костычев - қуаң жерлер жағдайындағы өсімдіктер фотосинтезі; академик Е.Н.Павловокий - москиттер, кенелердің салыстырмалы анатомиясы; академик Л. И. Прасолов - топырақтың азоттық режимі және сортаңданудың олардың биодинамикасына әсері т. б. салаларда зерттеулер жүргізді. Математика саласында ірі зерттеулер жүргізілді (ықтималдық теориясы және математика статистика), гелиоэнергетикалық т. б. зерттеулер басталған. 1940 жылы 20 қаңтарда СССР ҒА-ның Өзбекістан филиалы құрылды. Оның институттары түсті металдар кен орындарын зерттеуде және Солтүстік және Оңтүстік Ферғана каналы трассасының геологиялық суреттемегін, топырақ картасын жасады. «Өзбекстан флорасы» 1-томы жарыққа шықты т. б.
Ұлы Отан соғысы СССР ҒА Өзбекістан филиалының және басқа да ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын қайта құруға мәжбүр етті. Өзбекістан ғалымдары СССР ҒА институттарының белгілі ғалымдарымен бірлесе отырып, өнеркәсіптің жаңа ресурстарын табу, ауыл шаруашылық продукциясы өнімін арттыру саласында зерттеулер жүргізді.
Соғыстан кейінгі кезеңдегі ғылым дамуы. Соғыстан кейінгі жылдарда Өзбекістанда температура мен сәулелік факторлардың мақта өсімдігінің тез жетілуіне және оның өнімділігін арттыруға әсері (С.С.Садықов), мақтаның радиохимиялық негізді мутагенезі (Н.Н.Назиров), мақта физиологиясы және агротехникасы (А. И. Имамалиев, С. X. Юлдашев) саласында зерттеулер жүргізілді. Мақта өсіру, ирригация, гидроэнергетикаға байланысты комплексті зерттеулерді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Мақтаның осы кезеңде 5 түрлі сорты шығарылды. Автоматты және телемеханикалы комплексті гидро-энергетикалық жүйенің ғылыми негізі, плотиналардың жаңа конструкциясы, тік және көлденең дренаж жүйесі, мақта өсімдігі агротехникасының ғылыми негіздері жасалған (А.Н. Аскоченский, В.В. Пославский, Р. А. Әлімов, В.Т. Алтунин).
Республика топырағын топқа бөлу, оларды ауа райы жағдайына қарай аудандастыру және картаға түсіру жөнінде күрделі жұмыстар жүргізілген. 60 жылдар соңында топырақты, климаттық ерекшеліктерді, өсімдіктерді зерттеу негіздеріне сүйене отырып, топырақтың жаңа классификациясы жасалған (С.Н.Рыжов). Жоғары өнімді қатты және сұйық комплексті тыңайтқыштар шығарған және оларды өндірудің технологиясы жасалған (М.Н.Нәбиев). Мақта өсімдігі өнімдерінен өсіргіш заттар т. б. препараттар синтезделген (А.С.Садықов). Қозаның жапырағын түсірудің механикалық және агрохимиялық әдістері жасалған (X.А.Рахматулин, У.А.Арифов). Мақта жинайтын машиналар мен аппараттар теорпясы бойынша күрделі зерттеулер жүргізілуде (X.X.Османходжаев). Өзбекістанда математикалық зерттеулерді ұйымдастырушы және негізін қалаушы - Өзбеке ССР ҒА-ның академигі В. И. Романовский. Оның ықтималдық теориясы саласындағы жүргізген зерттеулерін шәкірттері жалғастырды. Математика зерттеулердің негізгі орталықтары Өзбек ССР ҒА Математика инстиуты (1943), Ташкент мемлекеттік университеті, Самарқан университеті. 50 жылдардан топологиялық жарты өрісті құру негізінде функционалдық анализ жөніндегі зерттеулер кең дамыған (Т.А.Сарымсақов), ықтималдық теориясының шекті теоремасы және оны қолдану жөнінде бірқатар жұмыс жүзеге асырылған (С.X.Сираждинов). Дифференциалдық және интегралдық теңдеулер саласындағы зерттеулер дамыған (М.С.Салахитдинов, И.С.Аржаных, И.С.Куклес, А.Н.Филатов). Есептеу математикасы саласында серпімділік және пластикалық теориясы есептерінің сандық тәсілдерін құру (У. Қ. Қабулов), газдар мен сұйықтардың сүзгілеу теориясының есептерін шешу жөніндегі жұмыстар көпке мәлім. Орта Азиядағы математика тарихы бойынша, жүйелі зерттеулер дамыған. Физика ғылымы саласында Ядролық физика институтының құрылуы (1956) төменгі және орта энергиялар ядролық физикасы (С. В. Стародубцев), радиоактивациялық талдау (Е. М. Лобанов, У. Г. Гулямов), жоғары энергиялар ядролық физикасы (С. А. Азимов) саласындағы зерттеулердің өріс алуына жағдай тудырды. Электроника саласындағы, әсіресе атомдық бөлшектердің қатты дене бетімен әсерлесуі, қатты денелерді оң иондар және электрондармен соққылау кезіндегі екінші реттік электрондық эмиссия жөніндегі зерттеулер кеңінен дамыған (У.Н.Арифов). Опто және микроэлектроника жөніндегі зерттеулер (Э. И. Адирович) өріс алған. Самарқан университетінде - сұйықтардың оптикалық қасиеті, жылулық қозғалысы және сұйықтар мен ертінділердегі молекула аралың өзара әсері жөніндегі зерттеулер дамыған (А.К.Атаходжаев). Гелиотехникалық зерттеулер жүйелі түрде жүргізілуде. Өзбек ССР ҒА-ның Астрономия институтында (1873) айнымалы жұлдыздар зерттелуде, жұлдыздардың шарықтауын анықтау жұмыстары жүргізілуде (В. П.Щеглов), Бүкіл одақтық Күн және уақыт қызметінің программасы бойынша бақылау Китаб ендік ст. (1930) жер полюстері географиялық ендіктерінің өзгеруін зерттеуде. Өзбек ССР ҒА Есептеу орталығы мен Кибернетика институты республикадағы экономикалық, техникалық, теориялық кибернетика және информаңия теориясы мен есептеу техникасы бойынша зерттеулердің негізін қалады. Ірі жүйелерді зерттеудің алгоритмдік тәсілдерінің жалпы негізі, халық шаруашылығының әр түрлі салалары үшін басқарудың автоматтық жүйесінің (БАЖ) методологиялық негізі жасалған, әлектр линиялардың жоғары жиілікті каналы бойынша деректерді тарату зерттелген. Институт республикада есептеу техникасын ендірудің методикалық басшылығын жүзеге асырады. Энергетика және автоматика жөніндегі зерттеулер дамыған. Ірі электр жүйелерінің барлық режимдерінің теориясы жөне есептеу тәсілдері (Ф. Ф. Фазылов), кадастр және жаңарып отыратын энергия көздерінің режимі, электр жетегінің автоматтандырылуы, ирригациялық обьектілерді басқарудың автоматтандырылуы мен телемеханикаландырылуының барлық режимдерінің теориясы және есептеу тәсілдері жасалды. Сейсмикалық төзімділік құрылысы, жер асты құрылыстарын т. б. зерттеу жұмыстары үлкен орын алады. Құбырлардағы көп фазалы ортаның қозғалу теориясы жасалған, ол практикада жүзеге асырылуда (X. А. Рахматулин, Д. Ф. Файзуллаев). Геологияда Өзбекстан геологиялық институттары барлық рудалы кен орындарының жоспарлы минерал-геохимиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде, минералдар геохимиялық классификациясы жасалған (А.С.Уклонский). Формация жөніндегі ілім Өзбекістанда туып дамыды (В. И. Попов).
Металлогениялық және петрологиялық зерттеулер, сол сияқты металлогениялық және болжам карталар жасауға байланысты бағыттар, рудаланудың магматизммен байланысы жөніндегі зерттеулер дәстүрлі болып табылады (X.М.Абдуллаев, И.X.Хамрабаев). Геологиялық министрлігінің Гидрогеологиялық және инженерлік геология институтында (1980) гидрогеологиялық, мелиоративті гидрогеологиялық, орман тану және геодинамикалық процестер бойынша кең көлемді зерттеулер жүргізілуде (Ғ.А.Мавлянов, Н.Ә.Кенесарин). Геологиялық министрлігінің Геологиялық және мұнай, газ кен орындарын барлау институтында мұнай және газ кен орындарын табудың ғылыми негіздері жасалды. Ташкенттегі 1966 жылғы жер сілкінуден кейін, Өзбекістан территориясын сейсмикалық аудандастыру, жер сілкіну және оның белгілері жөніндегі зерттеулер кең өріс алған. 1966 жылы Өзбек ССР ҒА-ның Сейсмологиялық институты құрылды, оның қарауында Әндіжан филиалы, 11 стационарлық сейсмостанция және ионосфералық станция бар. Ташкентте сейсмометрлік бақылау үшін тереңдігі 2500 м скважина қазылған. Xимия ғылымдары саласында өсімдік тектес заттар химиясы бойынша жүргізілген зерттеулер көпке танымалы. 313 жаңа алколоидтер анықталған. 245 алколоидтер құрылымы дәлелденген (А.С. Садықов, С.Ю.Юнусов). Алколопдтер химиялық құрылымының олардың дәрі-дәрмектік әсер етуімен байланысты заңдылығы зерттелуде. Өсімдік тектес заттардың - вегетациялық дәуірімен өсімдіктің өсіп жетілу орнымен байланысының комплексті зерттеулері жүргізілуде. Мақта целлюлозасының химиялық қасиеттерін модификациялау мәселелері бірқатар зерттелген, целлюлозалық материалдардың құрылымы және оның қасиеті жөнінде күрделі зерттеулер жүргізілуде (X.У.Усманов). Биологиялық зерттеулерді негізінен Өзбек ССР ҒА, университеттер мен педагогикалық институттар жүргізеді. «Өзбекстан флорасының» 6 томдығы шыққан (Е.П.Коровин, К.З.Закиров), 10 томдық «Орта Азия өсімдіктер анықтағышы» жасалуда. Орта Азия өсімдіктерінің әкологиялың классификаңиясы жасалған. Шөлді, шөлейт жерлер және тау етегі жайылымдары фитомелиорациясы мен агротехникалық әдістері (Д.К.Саидов), сол сияқты бірқатар техникалық дақылдарды егу әдістері жасалып, олар практикада кең қолданыс тапқан. Зоология саласында 3 томдық «Өзбекстан фаунасы» басылып шыққан, республиканың жануарлар дүниесі (Т.З.Захидов), улы жыландар экологиясы комплексті зерттелуде. Өзбек ССР ҒА Зоологиялық және паразитологиялық институтында (1943) серпентарий жасалған. Су қоймаларының ихтио- фаунасы көптеп зерттелуде. Адам және жануарлар дертімен күресуде паразитофаунаны зерттеу саласында жүргізілген жұмыстардың айрықша маңызы бар (А.Т.Әлімжанов). Ауыл шаруашылық зиянкестерімен күресудің биологиялық әдістері бойынша зерттеулер өрістеуде. Ауыл шаруашылық малдарын, құстарды, жібек құрттарын азықтандырудың стимуляторы ретінде халық шаруашылығында кең қолданыс тапқан хлорелла, сцендесмус т. б. балдырларды жаппай өсіру жөнінде ұсыныстар жасалған (А.М.Мұзафаров). 50 жылдардың соңында Өзбекістанда химия саласында биохимиялық және биофизикалық зерттеулер дамыды. Қалқан бездерінің биохимиясы және патохимиясы жөніндегі еңбектер көпшілік мақұлдауын тапқан. Ыстық климат жағдайында организмнің кейбір жүйелерінің, ткань процестері адаптациялануының физиологиялық механизмдері зерттелуде (А.Ю.Юнусов). Радиобиологиялық, цитологиялық т. б. зерттеулер дамуда (К.А.Зуфаров, Д.X.Хамидов). Өзбек ССР ҒА-ның Ботаникалық бағы өсімдіктерді жерсіндіру жөнінде көптеген жұмыстар жүргізді (Ф.Н.Русаков). Ауыл шаруашылық саласында жұмыс істейтін 39 ғылыми мекеме бар. Ол мекемелер күріштің 20 түрлі сортын шығарып, оның 10 түрі аудандастырылған. Көкөніс шәне бақша дақылдарының көптеген сорты шығарылған. Тұт жібек құртының жоғары өнімді тұқымы шығарылып, оны өсірудің тиімді әдістері жасалған. Медицинада безгек, ришта, іш сүзегі ауруларын зерттеу саласында бірқатар жұмыс жүргізілген (И.К.Мұсабаев), жұқпалы гепатит, бруцеллез (М.И.Слоним, Н.И.Ходукин), гастроэнтерологиялық аурулардың диагностикасы әдістері жасалған (Э.И. Атаханов) т. б. зерттеулер қолға алынған.
Қоғамдық ғылымдар. Философия. Өзбекстандағы философия мен қоғамдық ой әуелде ертедегі Орта Азия мен Иранды мекендеген халықтардың рухани мұраларының дәстүрінде қалыптасып дамыды. Оған ғылыми философиялық ойдың өкілдері Әл-Хорезми, Әбу Наср әл-Фараби, Ибн Сина, Әбу Райхан Бирунидің ықпалы зор. Алдыңғы қатарлы қоғамдық ой, ұлы ойшыл ақын Әлішер Науаидың (1441-1501 ж.) шығармаларында дамытылды. 16-18 ғасырларда философиялық ойдың дамуында Бедил мырза Абду-л-Қадыр (1644-1720) ілімінің ықпалы күшті болды. 19 және 20 ғасырлардың басындағы ағартушылық және демократтық ойдың өкілдері Фуркат, Мукими, Аваз Отар, Завки Анвар Отип, С. Айни, Хамза Хаким-Заде халықты алдыңғы қатарлы орыс мәдениетін, ағарту ісін, ғылымын оқып үйренуге шақырды. В.И.Ленин шығармаларының өзбек тіліне басылуы философиялық зерттеуге негіз болып, философилық мамандарын дайындауға зор мүмкіндік туғызады. И. М. Момынов атындағы Философия және право институтында, республиканың 42 жоғары оқу орындарының 50 философиялық кафедрасында: материалистік диалектика, таным теориясы, жаратылыс танудың философиялық мәселелері, еңбекшілерді коммунистік рухта тәрбиелеу, Өзбекстан мен шығыс елдері халықтарының философия мұраларын зерттеу мәселелерінен көптеген еңбектер мен монографиялар жарыққа шықты.
Тарих ғылымы. 10 ғасырда Батыс пен Шығыс зерттеушілері көңіл бөлген Наршахи, Газнауи, Бейхаки жайындағы тарихи жазбалар бар. Темір мен Темір әулеттері билеген жылдары «Үндістанға жорық күнделігі», «Темір жорығы жайындағы кітап», «Шайбанинама», «Шайбаниада» т.б. ірі шығармалар пайда болды. Кейінгі ғасырларда өзбектердің, сондай-ақ Орта Азияның басқа да халықтарының тарихы жазылған «Тарих-и-Рашиди», «Михманнама», «Хабиб-ас-сийяр» «Бабырнама», «Абдулланама», «Тарих-и-Мукимхани», «Мухит-ат-тауарих», «Шежіре-и-түрік», «Тарих-и-Рахим-хани» т. б. еңбектер халыққа кеңінен мәлім болған.
Патша үкіметінің отаршылдық саясаты ғылымның дамуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол бермеді. Өзбекістанда революцияға дейін бірде-бір жоғары оқу орны, бірде-бір ғылыми-зерттеу мекемесі болмады. Орыс ғалымдары мен өлке танушыларының көмегімен жергілікті ұлт өкілдері - шығыс зерттеушілер, шығыс қолжазбаларын жинаушылар, ескі ескерткіштерді сипаттаушылар шықты. Олар: Абу Саид Мағзум, Мирза ар-Рахман, Мирза Бухари, Акрам Палван Аскаров т.б. 1898-1900 жылы В.В. Бартольдтың «Монғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» деп аталатын еңбегінің 1-және 2-бөлімі жарияланды.
Ұлы социалистік революциясы Өзбекістан тарихын зерттеуде жаңа беттер ашты; жергілікті интеллигенңия кадрларының, соның ішінде ғалым-тарихшылар, археологтар, шығыс зерттеушілердің өсуіне қамқорлық жасалды. А.Ю.Якубовскийдің (1886-1953) «Ескі Самарқан бейнесі» (1925), «Темір мен Темір әулеттері тұсындағы Самарқан» (1933), «1238 жылғы Тараби көтерілісі» (1935), «Өзбекстан халықтарының тарихы» (1950) т. б. ғылыми еңбектері жұртшылыққа кеңінен танылды. Файзулла Ходжаевтың, Акмал Икрамовтың Өзбекістан экономикасы, мәдени құрылысы жайында жазған ғылыми-тарихи еңбектерінің маңызы зор болды. Өзбек ССР ҒА Тарих және археологиялық институты төрт томдық «Өзбек ССР тарихын» (1967-1968) шығарды. Өзбек Совет Энциклопедиясының 14 томы баспаға әзірленуде.
Экономика ғылымы. Революцияға дейінгі Өзбекістанда экономикалық зерттеулерді жеке адамдар немесе патша министрліктерінің департаменттері Түркістандағы отаршылдық саясатпен байланысты кейде ғана жүргізген еді.
Коммунистік құрылыстың әр кезеңінде экономика ғылымының негізгі бағыттары объективтік әлеуметтік-экономикалық процестермен және экономиканы коммунизм жолымен дамытудың кезектегі міндеттерімен сәйкес шешіліп отырды. Қазір экономикалық зерттеулерді Өзбек ССР ҒА, ведомстволар мен министрліктер жанындағы экономика институттары, кейбір жоғары оқу орындары және жоғары оқу орындарының экономика кафедралары жүргізеді. 1974 жылы бір топ экономист ғалымдар «Өзбекстанның өндіргіш күштері 50 жыл ішінде және оны комплексті дамыту перспективасы» атты циклді еңбегі үшін, Өзбек ССР-інің Бируни атындағы мемлекеттік сыйлығын алды. 20 жылдардың өзінде-ақ директивтік және жоспарлау органдары, сондай-ақ Ташкент мемлекеттік университетінің экономика факультеті Орта Азияның экономикасын зерттеу жөнінде маңызды жұмыстар жүргізді. 40-50 жылдар экономикалық зерттеулер өрістеген кезең болды. Бірқатар жаңа ғылыми мекемелер құрылуымен байланысты 60 жылдары республикада экономикалық зерттеулер анағұрлым ұлғайып тереңдей түсті. КПСС 24-съезі мен КПСС ОК-пің «СССР ҒА-ның Экономика институты партия ұйымының жұмысы туралы» қаулысында алға қойылған міндеттерге сәйкес ғылыми-техникалық прогрестік әлеуметтік-экономикалық әсерін ескеру негізінде республиканың экономикалық дамуын ұзақ мерзімге бағдарлау, халықтық тұрмыс дәрежесін арттыру, халық шаруашылығының мақта комплексін дамыту, қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыру және территория бойынша ұйымдастыру, әлеуметтік проблемалар мен аймақ аралық экономикалық байланыстарды жетілдіру мәселелеріне экономист-ғалымдардың негізгі күш-жігері бағытталып отыр. Сондықтан Өзбекістанның барлық республикалармен, ең алдымен Қазақстанмен экономикалық байланысын ұлғайтуға мейлінше көңіл бөлінулі. Мыс., Өзбекістанның республика аралық экономикалық байланысында Қазақстан РСФСР-ден кейін екінші орынға ие. Қазір өндіргіш куштерді 1971-1980 жылдар және 1990 жылға дейін дамыту мен орналастырудың Бас схемасын жасау кезінде жүзеге асырыла бастаған бірлескен зерттеулерді күшейту көзделген.
Заң ғылымы - Социалистік революциясынан кейін Өзбекістанда заң ғылымының дамуы мен юрист кадрларын даярлауға 1918 жылы 21 сәуірде Ташкентте ашылған Түркістан халық университеті жол ашты. Университет құрамында совет шаруашылығы және право факультеті 1930 жылдарға дейін Орта Азия ұлттық мемлекеттік проблемалары мен мемлекеттік және право мәселелерін зерттеумен шұғылданды. Өзбекістан КП Орталық Комитеті мен Халкомсовының 1931 жылы қараша шешіміне сәйкес ХКС жанынан Совет құрылысы және право институтының ұйымдасуы заң ғылымы қалыптасуына толық мүмкіндіктер тудырды. 1937 жылы жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу институты біріктіріліп, Ташкент заң институты құрылды. Қазір жан-жақты дамыған заң ғылымы орталықтарына - Ташкент мемлекеттік университетінің заң факультеті (1947), Өзбек ССР ҒА Философия және право институты (1958), СССР Ішкі істер министрлігінің Жоғары мектебі, Сот сараптау институты, жоғары оқу орындарының право кафедралары жатады. 40-50 жылдары республикада заң ғылымы едәуір өркендеді. Өзбекістан және Орта Азия ұлттық советтік мемлекеті мен социалистік правоның теориясы, тарихы, азаматтық, қылмыстық право, процесс т. б. салалардың мәселедері талданып, шешілуіне көп көңіл қойылған. Республикада осы салада 20 ғылыми докторы, 130 ғылыми кандидаты еңбек етуде. Елеулі ғылыми- зерттеулерге «Өзбекстанның советтік мемлекеті және право тарихы» (1-3-т., 1960-1968) жатады. Советтік Орта Азиядағы ұлттық социалистік мемлекеттік проблемаларына мына монографиялық еңбектер арналған: «Бұхар Советтік Халық республикасы» (А. Ищанов), «Ленин және Түркістандағы советтік мемлекеттің құрылуы» (Ш. Оразаев), «Өзбек ССР-інің ұйымдасуы мен дамуы» (А. Ағзамходжаев), «Өзбек ССР-ндегі мемлекет құрылысы және право» (А. Ищанов) т. б.
Тіл білімі. Өзбек әдеби тілінің негізін қалаған Әлішер Науаидың «Екі тілдің таласы» деген шығармасында осы тілдің грамматикасы зерттелген. 15-19 ғасырларда өабек ағартушылары өзбек әдеби тілі қорының баюына ықпал етті. 19 ғасырдан орыс және шетел түркологтарының өзбек тілін ғылыми тұрғыдан зерттеуге арналған еңбектері шыға бастады. Өзбек тілін зерттеу негізінен революциясынан кейін басталды. Республикадағы тіл білімін зерттеуде Ташкент мемлекеттік униерситеті, Өзбек ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институты лингвистері көп еңбек етті. 1920 жылдары өзбек орфографиясы араб алфавитіне негізделді. 1929-1940 жылдар латын алфавиті болды да, 1940 жылдан 35 әріпті орыс алфавитіне көшті. Өзбек тіл білімінің фонетика және филологиялық саласында күрделі зерттеулер жүргізілді (В.В. Решетов, Е.Д.Поливанов, А.М.Щербак, Ш.Ш.Шаабдурахманов, А.Г.Гулямов т. б.). Академик А.Н.Кононовтың «Қазіргі өзбек әдеби тілінің грамматикасы» (1960) атты еңбегі советтік туркологияға қосылған зор үлес болды. Өзбек тілінің морфологиялық құрылымы, синтаксистік ерекшелігі зерттеліп, осы тақырыптарға арналған көптеген монографиялар, оқулықтар шықты Г.А. Әбдірахманов «Күрделі сөйлем синтаксисі» (1958), С.Н.Иванов «Өзбек тілінің синтаксисі жөнінде очерктер» (1959), А.Г.Гулямов, А.Хаджиев, М.А. Асқарова т. б.
Соңғы жылдары өзбек тілінің тарихи грамматикасы проблемаларын зерттеу жұмыстары дамып келеді (А.К.Боровков, Г.А.Әбдірахманов, А.Р. Рустамов, С.Мүталибов т.б.). Өзбек диалектологиясы саласында Ш.Ш. Шаабдурахмановтың «Өзбек әдеби тілі және өзбек халың говорлары» (1968), Ф. Абдуллаевтың «Хорезм говорларының фонетикасы» (1965), М. Мирзаевтың «Бүхара говорлары» (1965) т. б. ғалымдардың ірі еңбектері шықты. Лексикол., фразеол. саласында маңызды зерттеулер жүргізілген (Ш. У. Рахматуллаев т. б.). Лексикография саласында өзбекше-орысша, орысша-өзбекше сөздік, фразеологизм, терминология сөздіктер жарық көрді. Махмуд Қашғари сөздігі, Әлішер Науаи шығармаларының сөздігі басылып шыққан.
Ғылыми мекемелері. Революцияға дейін Өзбекістанда 2 ғылыми мекеме болды - Астрономиялың обсерватория (1873 жылы құрылған), Туркістан ауыл шаруашылық тәжірибе ст. (1898). Өзбек ССР-нде 1975 жылы 188 ғылыми мекемелерде (оның ішінде 42-сі жоғары оқу орындары) 28,5 мың ғылыми қызметкер жұмыс істеді, оның 111-і академик және корреспондент мүше, 701-і ғылыми докторлары, 9462-сі ғылыми кандидаттары. Басты ғылыми мекемесі Өзбек ССР ҒА (1943 жылы құрылған). Академия құрамында 7 бөлім, 31 ғылыми мекеме бар (1975). Өзбекістан ғылыми мекемелері Қазақстан, Түрікмен, Тәжікстан, Қырғызстан ССР ҒА-ларымен сейсмология, шөлді және шөлейт жерлерді игеру, техникалық өсімдіктер, өндіргіш күштерді орналастыру, тарих, әдебиет тану саласында бірлескен программаны жүзеге асыруда. Зерттеулер қорытындылары бойынша коллективті монографиялар басылып шығуда. Халықаралық байланыс кең дамыған - гелиотехника саласында АҚШ-пен, Индиямен табиғи қосылыстар химиясы және ирригация саласында, СЭВ программасы бойынша алколоидтер және стериндер химиясы, балдыр өсіру саласында, халықаралық программалар бойынша жердің жоғарғы мантиясын зерттеу, ендік өлшеулер (халықаралық ендік ст.), регион халықтары материалдық және рухани мәдениеті саласында зерттеулер жүргізілуде.
Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Өзбекістанда алғашқы баспахана 1868 жылы ашылды. Сол жылы Түркістанды алғаш зерттеушілердің бірі - Н. А.Северцевтің «Шу және Нарын шыңдарындағы таулы ел яшне одан Түркістанға баратын жолдар туралы заметкалар» кітабы, өзбек тіліндегі алғашқы кітап - «Календарь» (аудармашы III. Ибрагимов) 1871 жылы шықты. 70 жылдардың аяғында Хиуада литографиялық кітап басу ісі жандана бастады. «Туркестанские ведомости» газеті 1869 жылы шыға бастады. Социалистік революциясына дейін Өзбекстанда әр кездері 50-ге жуық газет пен 3 журнал шығып тұрды. 1913 жылы Түркістанда тиражы 118 мың дана 56 кітап жарық көрді. 1918 жылы Өзбекістанда Ұлттар Халкомы мен Түркістан ОАК жанындағы баспасөз бюросының баспа бөлімдері ұйымдастырылды. 1920 жылы наурызда Түркістан ОАК Түркістан мемлекеттік баспасын ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдады (1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспасы, 1925 жылы Өзбекістан мемлекеттік баспасы аталды). Республикаға Совет өкіметі орнаған 50 жыл ішінде жалпы тиражы 821 млн. дана 66 мың кітап басылып шықты.
1975 жылы республикада 265 газет шықты. Оның ішінде республикалық газеттер: өзбек тілінде - «Совет Узбекистони» (1918 жылдан), «Қишлақ хақиқаты» (1974 жылдан), «Еш ленинчи» (1925 жылдан), «Уқитувчилар газетасы» (1930 жылдан), «Узбекистои маданияти» (1956 жылдан), «Узбекистон физкультурачиси» (1934 жылдан), «Ленин учқуни» (1929 жылдан); орыс тілінде - «Правда Востока» (1917 жылдан), «Сельская правда» (1974 жылдан), «Комсомолец Узбекистана» (1926 жылдан), «Пионер Востока» (1927 жылдан); тәжік тілінде - «Хақиқаты Узбекстон» (1924 жылдан); қырым-татар тілінде - «Ленин байрагьы» (1957 жылдан) және т. б. Саяси, әдеби, ғылыми, техникалық және жастар журналдары: өзбек тілінде - «Узбекистон коммунисти» (1920 жылдан), «Партия турмуши» (1957 жылдан), «Гулистон» (1925 жылдан), «Саодат» (1926 жылдан), «Мехнат ва турмуш» (1941 жылдан), «Узбекистон агитатори» (1943 жылдан), «Узбекистон қишлок хужалиги» (1925 жылдан), «Муштум» (1922 жылдан), «Мухбир» («Тілші», 1918 жылдан), «Фан ва турмуш» (1939 жылдан), «Шарқ юлдузу» (1932 жылдан), «Гулхан» (1951 жылдан), «Ғунча» (1957 жылдан); орыс тілінде - «Коммунист Узбекистана» (1920 жылдан), «Партийная жизнь» (1957 жылдан), «Агитатор Узбекистана» (1943 жылдан), «Сельское хозяйство Узбекистана» (1925 жылдан), «Звезда Востока» (1932 жылдан), «Экономика и жизнь» (1958 жылдан) және т. б.
Өзбекістанда 1956 жылы Ташкент телеорталығы, 1961 және 1964 жылы Үргеніш пен Нүкістің телеорталықтары жұмыс істеді. 1927 жылдан радиохабар беріле бастады. Республика телевизиялық хабарлар 3 программа бойынша, радиохабар 4 программа бойынша беріледі.
Әдебиеті. Өзбек әдебиетінің ұзақ тарихы бар. Ол халық ауыз әдебиеті мен көрші халықтар әдебиетінің ықпалы негізінде қалыптасқан. Өзбек әдебиетінде әлемдегі фольклордың барлық түрлері кездеседі: эпостық циклдер, лиро-эпостық жырлар, салт жырлары, жоқтау, сықақ т. б. Аталған жанрлардың ішінде көп орын алатыны - халық өмірін баяндайтын тарихи оқиғаларға құрылған дастандар. Оларға «Күнтуғмиш», «Алпамыш», «Таһир мен Зуһра», «Арзигүл», «Ашиқ пен Ғариб» т. б. жатады. Өзбек әдебиетінің дамуына Ахмет Югнаки, Қутыб, Хорезми, Дүрбек секілді Орта Азия түркі әдебиетінің белгілі өкілдері мен парсы-тәжік әдебиетінің классигі Жами творчествосы үлкен ықпал жасады. Өзбек әдебиетінің дүние жүзілік әдебиетіне белгілі болып, кеңінен танылуына Лутфидің шәкірті Ә. Науаидің творчествосы негіз болды. Ол сол кездегі дәстүр бойынша өз өлеңдерін парсыша жазумен бірге өзбек (түркі) тілінде де жазған. Науаи «Екі тілдің таласы» атты кітабында өзбек тілінің поэтикалық байлығы мен мүмкіндігін теориялық жағынан дәлелдеп шықты. 16 ғасырда өзбек әдебиетінің игі дәстүрін жалғастырушы Бабыр болды. Ол өзінің «Бабырнама» атты көлемді шығармасы арқылы өзбек әдебиетінде әдеби мемуарлық шығарманың негізін салды. 17 ғасыр мен 19 ғасырдың жартысы аралығында Тұрды, Гүлхани, Мунис, Хорезми (1778-1829), Агаки (1809-1874) секілді ақындар мен Надира (1791-1842), Увайси (1780-1850), Махзуна сияқты ақын қыздар творчествосы елеулі орын алды. 19 ғасырдың 1-жартысында өзбек халқының Россияға қосылуы, өзбек әдебиетінде демократтық-ағартушылық идеяның пайда болуына себепші болды. Мыс., Муцими (І850-1903), Фурқат (1853-1909), Дилшад (1800-1905) секілді ақындар халықты оқу-ағартуға, орыс мәдениетінен тәлім алуға, ауыз бірлікке үндеді. Әсіресе ағартушылық-демократтық идеяны үгіттеу X. Хакімзаде Ниязи (1889-1929), С. Айни (1878- 1954), А. Қадыри (1894-1940) шығармаларында кең орын алды. Олар өз шығармалары арқылы халықты отаршылдық пен феодалдық өзгіге қарсы күреске шақырып, әйел теңдігі мен бұхара халықтың саналы түрде топтасуын қозғауды негізгі тақырып етіп алды. Өзбек совет әдебиетінің бастаушылары да Айни мен Хамзаның революция рухта жазылған «Бай мен батырақ» (1927) драмасы, «Кеңес жасасын», «Ей, жұмысшылар» т. б. өлеңдері жаңа заманды, социалистік өмірді насихаттады. Айнидің реалистік прозалары мен А. Қадыридің «Өткен күндер» (1925), «Мехрабтан шаян» (1929) романдары өзбек әдебиетінде алғашқы жазылған романдар болды.
20 ғасырдың басында Ғ. Ғулам (1903-1966), Айбек (1905-1968), X. Әлімжанов (1909-1944), А. Қаһар (1907-1968), К. Яшен (1909 ж. т.), Ұйғын (1905 ж. т.) т. б. ақын-жазушылар қосылды. Бұл кезде өзбек әдебиетінің өкілдері қала мен ауылдағы социалистік құрылыс жеңістерін суреттей отырып, ескіліктің кесапатын әшкереледі. Әсіресе дінге, аяққа басылған әйел теңдігі мәселелеріне үлкен көңіл бөлді. Байлар мен ескілікті сақтауға әрекет жасаған түрлі тап жауларын сынайтын «Муштум» сатиралық журналы шыға бастады. Ол өзбек әдебиетінде памфлет, фельетон жанрларының дамуына негіз болды. 30 жылдары ақын-жазушылардың шеберлігі артып, натуралистік баяндау тәсілінен арыла бастады. Өзбек совет әдебиеті поэзия жанрының көне классикалық дәстүрін жалғастыра отырып, жаңа бағыт, жаңа түр мен мазмұнға ие болды. Бұл ретте, әсіресе, В. Маяковскийдің жаңашыл әдісін үйрену, оны өзбек әдебиетіне қолданудың ерекше орны болды.
Ұлы Отан соғысы жылдары өзбек ақын-жазушылары Отан қорғау тақырыбын өз шығармаларына негізгі өзек етті. Ғ.Ғұлам «Шығыстан келемін» атты жинағына енген өлеңдері, Айбек тарихи өмірбаяндық «Науаи» (1945) романы, Ұйғын мен И. Султан «Әлішер Иауаи» драмасы үшін СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Өзбек әдебиетінде Отан соғысы тақырыбына байланысты өзге халықтардың алғашқы образдары жасалды (мыс., Яшеннің «Басқыншыларға өлім» т. б.). Отан қорғау тақырыбы Шухраттың «Шинельді жылдар», А. Рахмат, И. Рахымдардың повестерінде де бейнеленді. Отан соғысынан кейінгі жылдары М. Шейхзаде (1908-1967) поэзиясы елеулі орын алды. Бұл кезде 30 жылдары әдебиет майданына келген Мирмухсин (1920 ж. т.), Зулфия (1915 ж. т.), А. Мухтар (1921 ж. т.), Т. Тула (1917 ж. т.), Шукурулла (1920 ж. т.) т. б. ақын-жазушылар өнімді еңбек етті. Драматургия саласы жаңа табыстарға жетті. Қаһардың Отанымызды қайта қалпына келтіру кезін суреттеген «Жібек созан» (1949), өзбек халқының еңбек явдлын суреттеген Ұйғынның «Бостандық» («Хуррият»), «Ұшу», Яшеннің «Жарық жұлдыз», Н. Сафаровтың «Шығыс таңы», Фатхуллиннің «Сатқындар», Ә. Якубовтың «Берілгендік», А. Қаһардың «Ауру тістер» атты драмалары өзбек әдебиетіне қосылған кесек туындылар болды. Сондай-ақ Б. Рахмановтың «Жүрек сыры» (1951), С. Әзімовтың «Қанды сілем» (1964) секілді сатиралық пьесалары жазылды. Проза жанрында Айбектің «Науаи» (1945), И. Рахымның (1916 ж. т.) «Шын махаббат» (1957) ромаңдары туған елді сүю тақырыбына арналса, Айбектің «Алтын аңғардың желі» (1950), «Ұлы жол» (1957), Қаһардың «Синчалақ» («Шанашақтай шымшық», 1958) повесі, И. Рахымның «Берілгендік» (1958), Ш. Рашидовтың «Жеңімпаздар» (1951), «Бораннан да күшті» (1958) роман, повестерінде колхоз құрылысындағы жетістіктер бейнеленсе, X. Ғуламның «Алау» (Ш58), М. К. Исмаилидің (1908) «Таң алдындағы Ферғана» (1958, жөнделіп басылуы 1966), Ж. Шариповтың «Хорезм» (1960-1969) романдары революциялық тарихи тақырыпқа жазылды. А. Мухтар «Апалы-сіңлілері» романында (1954) Өзбекістанда жұмысшы табының туып, қалыптасу тарихын бейнелесе, «Туу» (1961) романы совет адамының моралы туралы проблемаға арналды. Ол «Шынар» (1970) романында бір семья тарихын суреттеу арқылы өзбек халқының бірнеше ұрпағын бейнеледі. П. Қадыровтың (1928) «Қара көздер» (1966) романы мен А. Якубовтың «Жігіт болу оңай емес» (1965) повесінде қазіргі жас еңбек қаһармандарының образы бейнеленген. Қазіргі өзбек әдебиетінде К. Мухаммади, К. Хикмат, П. Момын, X. Нәзірдің балалар үшін жазған шығармалары одақ көлеміне танылды. Өзбек совет әдебиетінде А. Хашим, А. Саади, А. Шарафутдинов т. б. бастаған әдебиет тану ғылымы қалыптасты. 30 жылдары бұл сала Ю. Сұлтанов, И. Сұлтан, X. Якубовтармен толықтырылса, соғыстан кейінгі жылдары А. Қаюмов, Л. Қаюмов, В. Абдуллаевтар өнімді еңбек етіп келеді. Қазақ тіліне Ә. Науаидің «Таңдамалы шығармалары» (1948), «Ғазалдары» (1968), А.Қадыридің «Өткен күндер» (1963), Айбектің «Науаи» (1948), «Киелі қан» (1963), А. Мухтардың «Апалы-сіңлілері» (1960), Ш. Рашидовтың «Дауылдан да күшті» (1959) романдары, Ұйғынның «Өлеңдер мен поэмалары» (1961), Ғ. Ғұламның «Таңдамалылары» (1963), Яшеннің «Жарық жұлдыз» атты пьесалар жинағы, А. Қаһардың «Синчалақ» (1960), Н. Фазыловтың «Жүрек әмірі» (1961), Мирмухсиннің «Жоғалған гауһар» (1961) т. б. повестері аударылды. Өзбек тілінен аударылған шығармалардың ішінде жанрына қарай топтастырылған «Өзбек өлеңдері» (1960), «Өзбек пьесалары» (1961), «Өзбек халқының ертегілері» (1957), «Мүшәйра» (1972) атты жинақтар да бар.
Архитектурасы. Өзбекістан жеріндегі ежелгі архитектуралық ескерткіштер (көп бөлмелі үйлер, жертөлелер) б. з. б. 4 ғасырға саяды. Ежелгі мәдени ескерткіштер сілемі Бактрия, Хорезм, Соғдиана, Ферғана өңірінде саңталған. Осы кезеңде жергілікті материалдан (домбазды балшық, шикі кірпіш, ағаш т. б.) тұрғызылған құрылыстардың көпшілігі сақталмаған. Қала салу өнері көне заманнан (б. з. б. 3 ғ.) басталып, бертінгі орта ғасыр дәуірін қамтиды. Ежелгі қалалары Қой қырылған қала, Топырақ қала, Дәлуерзин төбе, Афрасиаб (ежелгі Самарқан), Варахша, Пайкент, сондай-ақ қазіргі белгілі қалалар Бұхара, Самарқан, Ташкент, Хиуа т. б. Сырты қамал-қабырғамен қоршалған шаһристан, оның сыртында рабад орналасуы орта ғасырлық қалалардың классикалық үлгісінде салынғандығын аңғартады. Қала аумағы өскен сайын қамал-қорған рабадты ығыстырып отырған. Құлдық қоғамның гүлденген кезіндегі (б. з. б. 3 ғ. - б. з. 3 ғ.) сәулет өнері туындылары Жанбас қала, Қой қырылған қала (б. з. б. 3 ғ.), Ангиа қала (1-2 ғ.), Топырақ қала (3 ғ.), Дәлуерзин төбе секілді қалалардан көрініс тапты. Осы кезеңде күмбезді, бөрене-тіреулі конструкцияны, сондай-ақ монументті мүсін өнері туындыларын, кескіндеме мен қабырға өрнектерді кеңінен қолдану өріс алды. Оңтүстік аудандарда кейбір ғимараттар грек-рим сәулет өнері ықпалымен тұрғызылды. 5-8 ғасырларда биік төбе басынан мекен-жайлар (Балалық төбе, Тесік қала), бекініс-сарайлар (Варахша комплексі т. б.) ірге көтерді. 9 ғасырда сәулет өнерінде шикі балшықпен бірге күйдірген кірпіш, қыш плиталар қолданыла бастады. Бұл күмбезді құрылыстың, нақышты қалау ісінің дамуына жол ашты. Нақыштау ісінде 11-12 ғасырда глазурь, 13-14 ғасырда жылтыр майолика және бедерлі мозаика қолданылды. Арабтар жаулап алғаннан кейін (7-9 ғ.) діни құрылыстар (медресе, мешіт, мазар, минарет т .6.) салу етек алып, монументті мүсін мен кескіндемені өрнек пен эпиграфика ығыстырды. Портал-күмбезді композиция пайда болды. Бұхарадағы Самани әулетінің мазары (9-10 ғ.) осы кезеңдегі сәулет өңері туындыларының ең таңдаулыларынан саналады. 10-12 ғасырлардадағы сәулет өнері жетістіктері Араб ата мазары, Калян мұнарасы, Магоки-Аттори және Работи-Мәлік мешіттерінен көрініс тапты. 14-15 ғасырдың 2-жартысында жылтыр майолика құрылыс ісіне кең қолданылып, оны өңдеуші шеберлер бір жерге шоғырланды. Темірдің тұсында Самарқан ғалымдар мен сәулетшілер қаласына айналды. Вибі ханым мешіті, Гөр Әмір және т. б. мазарлар ірге көтерді. Ұлықбек дәуірінде ғалым есімімен аталған әйгілі медреселер (Самарқандағы, Бұхара мен Гиждувандағы), Самарқандағы Ұлықбек обсерваториясы тұрғызылды. 16-17 ғасырда азаматтық құрылыстар (жабық базарлар т. б.), моншалар мен керуен сарайлар салу басым болды. 18-19 ғасырдағы сәулет өнері туындыларынан Хорезм, Бұхара, Ферғана, Ташкент халық шеберлерінің ұлттық қолтаңбасы байқалып отырады. Бертінгі кезде тұрғызылған азаматтық және тұрғын үй құрылыстарының өзінен ұлттық дәстүр жалғасы аңғарылады. Өзбекістанның Россияға қосылғаннан кейін орыс қала салу өнері ықпалымен бірқатар құрылыстар салынды. Советтік Өзбекістанның сәулет өнері аз мерзім ішінде жоғары сатыға көтерілді. Ежелгі қалаларды абаттандыру, жаңа қалалар салу ісі қолға алынды. Көп ұлтты совет халқы ұлы достығының айғағы 1966 жылғы Ташкенттегі жер сілкінісінен кейінгі жаңа құрылыс салу ісінен аңғарылды.
Бейнелеу өнері. Тасқа шекілген және қызғылт бояумен салынған суреттер (Байсунтаудағы, Зараутсайдағы, Текеташтағы, Хожакенттегі) негізінен тас дәуіріне саяды. Суреттерде саятшылық, малгершілік, тұрмыс-салт көріністерімен қатар бишілік өнері де бейнеленгөн. Жаңа тас дәуірінің басында көзешілік енері пайда болып, неолит, энеолит және қола дәуірінде кең қанат жайды. Көзелер тартымды ою-өрнектермен әсемделіп, сырлы бояумен боялды, ішінара түрлі ағаштар мен жан-жануарлардың суреттері салынды. Ақшам (Ферғана обл.), Заман-баба обасынан (Бұқара обл.) табылған адам пішіні бейнеленген бұйымдар мен «құдай» және «құдай-ана» мүсіншелері шығыс көшпелі тайпалары мәдениетінің озық үлгілерінің бірінен саналады. Б. з. б. 1-мың жылдықта металдан көркем бұйымдар жасау өмірге келді [Хақтан (Ферғана обл.) табылған қоладан құйылған шағын мүсіндік топтама]. Құл иеленушілік заманда (б. з. б. 3 ғ. - б. з. 3 ғ.) бедерлеу өнері (Грек-Бактрия патшалығы бақыр ақшаларындағы және алтын мен күміс заттардағы бедер суреттер), монументті мүсін (Кушан патшалығы кезеңінде оңтүстік аймақтарда) мен саздан жасалған бояулы мүсін (Хорезм аймағында) етек алды. Архитектуралық құрылыстар мүсінмен өсемделді (Айыртам фриздеріндегі «Лютняшы», «Арфашы» рельефі; Термездегі «Құдіретті керемет» горельефі). Сарайларды (Топырақ қала, Қой қырылған қала), ғибадатханаларды, бастапқы феодалдық кезеңде құрылыстарды (Балалық төбедегі әулие, 5-6 ғасырдың басы; Варахшадағы сарай, 6-8 ғ.) белгілі бір мазмұнға құрылған суретпен және тартымды жасалған мүсінмен әсемдеу дәстүрімен қатар ганышпен өрнектеу әдісі өркен жайды. Ғасырлар бойы халық арасына кең тараған терракоталық мүсін халықтық образдар мен мифологиялық сюжетті арқау етті. Араб басқыншылығынан кеігін ислам дінінің енуінен бастап сән және қосалқы өнері (керамика, ағаш ұқсату, тоқыма, көркем оймыш, металл өңдеу т. б.) дамыды. 15-17 ғасырда Самарқан, Бұқара қалаларында кітап миниатюрасы гүлденді (Мұхаммед Мурад Самарқандидің Фердаусидің «ІПаһнама» қолжазбасына жасаған миниатюрасы, 1556). 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында орыс суретшілері Л. Л. Бурэ, В. Верещагин, И. С. Казаков, П. М. Никифоров және А. Н. Волков Өзбекстанда жұмыс істеді. Бұлардың творчествосы мен ұстаздық еткен өнегесі, П.П. Беньков және т. б. суретшілердің қайраткерлік қызметтері өзбек совет бейнелеу өнерінің қалыптасуына игі әсер етті. 20-30 жылдары танылған O. Тақсықбаев творчествосы өзбектің замани кескіндемесі мен пейзажының дамуына игі әсер етті. Бейнелеу өнерінің тұрмыстық жанр мен портрет (Л.Абдуллаев, Н.В.Кашина, З.М.Ковалевский), пейзаж (Н. Ғ. Қарахан, P.М.Темуров), тақырыптық картина (В. М. Уфимцев), графика (У.Е.Қайдалов, В.Н.Кедрин) салалары қолға алынды. 40-50 жылдары Өзбекстан суретшілерінің қатары А. Абдуллаев, Р. Ахмедов (портрет), Т. Оганесов, М. Саидов (тұрмыстық жанр), И. Икрамов, Ұста Момун (А. В. Николаев), К. П. Чепраков (графика) есімдерімен толықты. Театр, кино, суретшілері: X. Икрамов, М. Мусаев т. б. Мүсіншілері: Ф. И. Грищенко, А. Н. Иванов, Г. Г. Массонц. Сән және қосалқы өнері дами түсті. Ғаныш ұқсату өнерінде Т. Арсланқұлов, Ш. Журадов, К. Жалилов, мәрмәр өрнектеуден Д. және Б. Жураевтар есімі әйгілі болды. Кейінгі жылдары Өзбекстан бейнелеу өнері Н. Қозыбаев, Ю. Талдыкин (кескіндеме), Н. Бенделадзе, Э. Алиев (мүсін), Н.Аминов, М.Рахимов, А.Мухтаров (қол өнері) есімдерімен толықты. Ташкентте Ұлы Отан соғысында қаза болған қаһармандарға ескерткіш-монумент (мүсінші Ю. Киселев, арх.Сутягин, Ю. Клипиков) тұрғызылды. Ағаш ұқсату өнері, сәндік жазбалары, керамика, бедерлеу өнері, кесте, көркем мата салалары кең өріс алды. Республика көркемсурет училищесі, Театр көркемсурет институтының көркемсурет ф-ті, Ташкентте өнері музейі жұмыс істейді.
Музыкасы. Өзбек музыкасы фольклорлық дәстүрге бай. Ежелгі ән жанрлары: катта ашула (импровизациялық сипаттағы лирикалық ән), дастан (эникалық жыр), мақам (бірнеше бөлімнен тұратын вокальды аспаптық шығарма), лапар (бимен қосылып орындалатын әзіл-сықақ әні), ялла (хор оні). Музыкалық аспаптары: гиджак (ішекті-ысқылы), дутар, танбур, рубаб (ішекті-шертпелі), чанг (ішекті-соқпалы), най, сурнай, кошнай (үрлемелі; ағаштан жасалған), карнай (үрлемелі, жезден жасалған), дойра, нагора, сафаиль, кайрақ (соқпалы). Өзбек әні негізінен бір дауысты. Аспаптық музыкадан концерттік характердегі ірі пьесалар кең орын алған. Өзбекстан жерінде өмір сүрген Орта Азия ғалымдары Әбу Наср әл-Фараби, Ибн Сина, Жэми музыкалық трактаттарында музыка теориясы мәселелерін қозғады. Орта Азия Россияға қосылғаннан кейін орыс музыкалық мәдениетінің ықпалы байқала бастады. Өзбек халқының музыка өнері совет өкіметі тұсында жоғары сатыға көтерілді. Музыка білімі бар жергілікті композиторлар саны көбейді. 30-40 жылдары өзбек музыка қайраткерлері өз шығармаларының көпшілігін орыс композиторларымен бірігіп жазды. Солардың қатарында М. Ашрафи мен С. Н. Василенконың «Боранын», Р. М. Глиэр мен Т. Садықовтың «Ләйлі мен Мәжнүнін» т. б. атауға болады. Осы кезде В. А. Успенский, Г.А. Мушель, А. Ф. Козловский творчествосы өзбек музыка мәдениетін дамытуға бағышталды. Мыс., Успенскийдің «Фархад пен Шырын» музыка драмасы, Козловскийдің «Ұлықбек» операсы, Мушельдің фортепьянолық концерттері т.б. 50-60 жылдары профессионалдық дәрежеге көтерілген өзбек композиторлары әр түрлі жанрда көркемдік бояуы қанық шығармалар жазды. Олар опералар (Ашрафидің «Дилоромы», С. Бабаевтың «Хамзасы», Р. Хамраевтың «Зулматдан зиесі», С. Юдаковтың «Майсараның айласы», У.Мусаевтың «Мангулигі» т. б.), балеттер (Ашрафидың «Махаббат тұмары», И.Акбаровтың «Ләйлі мен Мәжнүні» т. б., музкалық драмалар (С. Бабаевтың «Ватан шикисі», Акбаровтың «Момо ері» т. б.), симфониялық шығармалар (Ашрафи, Хамраев, М.Тәжиевтің симфониялары т.б.), кантаталар мен ораториялар, романстар т .б. 1972 жылы Қазақстанда өткен өзбек әдебиеті мен өнерінің он күндігіне М. Ашрафи, Ғ. Измайлова, С. Қабулова, X. Насырова, М. Туртынбаева, О. Шамуратова т. б. өнер шеберлері қатысты. Музыка қайраткерлері арасында СССР халық артистері М. Ашрафи (композитор, дирижер), С. Қабулова, X. Пасырова (әнші). Ғ. Измайлова, Б. Кариева, Тамара ханум, М. Тұрғынбаева (биші), Өзбек ССР халық артистері Д. Абдурахманова (дирижёр). К. Закиров (әнші), К. Юсупова (биші) т. б. бар.
Театры. Өзбек театр өнерінің ежелгі түрлері масцарапаздардың, бишілер мен қуыршақ театры шеберлерінің ойын-сауығы негізінде пайда болды. Ал мұндай ойын-сауықтар эллинизм дөуіріне (б. з. б. 4-1 ғ.) саяды. Театр өнерінің осы ежелгі түрлерінің 20 ғасырдың бас кезіне дейін сақталып келуі қазіргі өзбек театрының дамуына белгілі дәрежеде ықпал жасады. Қызықшылар ойыны бұқара халық өмірімен тығыз байланысты болды. Олар қанаушы тап өкілдерін өткір ажуаға алып, халық мүддесін жақтап отырды. Қызықшылар ойынынан әсіресе суырып салмашылық өнері кең орын алды. Қызықшы-масқарапаздар өмірдегі болып жатқан өзгерісті жіті қадағалап отыратын ізденімпаз өнер иелері болды. Олар бір цехқа топтасып, белгілі ереже бойынша жұмыс істеді. Цех өнерпаздары ақсақалға бағынды. 18-19 ғасырлардағы қызықшы-масқарапаздардың ірі өкілдері Бидиёршум, Закиришан, Саадимахсум, Нормат Қызық т. б. өз творчестволарын халық өмірімен тығыз байланыстыруға ден қойды. 20 ғасырдың бас кезінде олардың кейбіреулері орыс цирк труппаларына қатысты. Қызықшы- масқарапаздар театры советтік дәуірде жаңа мазмұнмен толықты. Белгілі өкілдері: Ю. Шахаржанов, Рузигов, Матхолим Қызық, Пулатжон Қызық, Ака Бухор т. б. Октябрь социалистік революциясынан кейін өзбек совет театры жаңа қарқынмен өркендеді. Өзбек совет драматургиясының негізін салушы Хамза ұлттық профессионал театр ұйымдастырушылардың бірі болды. 1918 жылы Хамза Ферғанада тұңғыш өзбек труппасын (көшпелі саяси труппа), 1919 жылы М. Ұйғыр Ташкентте К. Маркс атындағы екінші труппа құрды. Кейін Қоқан (1919), Әндіжан (1919), Хиуа (1922) қалаларында театрлар ашылды. Өзбектің тұңғыш профессионал театрлары алғашқы спектакльдерін азамат соғысы майдандарына барып көрсетті. Олар негізінен Хамзаның («Бай мен кедей», «Ферғана трагедиясы» т.б.) және шетел драматургтерінің пьесаларын қойды. 1920 жылы К.Маркс атындағы труппаның негізінде М. Ұйғырдың басшылығымен Ташкентте Өлкелік таңдаулы драмалық труппа ұйымдастырылды. 1924 жылы бір топ талантты жас актёрлер Москвадағы, 1927 жылы екінші топ Бакудегі театр студияларына оқуға жіберілді. Осы екі студияны бітірген жас актёрлер 1927 жылы Самарқандағы орталық мемлекеттік труппаның құрамына еніп, 1929 жылы бұл труппа Өзбек драма театры атанды; оның сахнасынан өзбек қаламгерлерінің, орыс совет драматургтерінің, орыс және Батыс Европа классиктерінің шығармалары қойылды. Хамза атындағы театрдың өсу жолы М. Ұйғыр, Я. Бабоджанов, А. О. Гинзбург сынды белгілі режиссерлер және актерлер (А. Хидоятов, М. Кузнецова, С. Табибуллаев т. б.) творчествосымен тікелей байланысты. 20-30 жылдары театр сахнасынан К. Яшеннің «Екі коммунист», «Өртейміз» және «Ар мен махаббаты», К. А. Треневтің «Любовь Яроваясы», А. Н. Островскийдің «Найзағайы», Н. Ф. Погодиннің «Мылтықты адамы» орын алды. У. Шекспирдің «Гамлеті» мен «Отеллосы», Хамзаның «Бай мен кедейі» театрдың кезеңдік спектакліне айналды. 30 жылдары өзбек театры жоғары сатыға көтерілді. 1929 жылы Өзбектің муз. театры құрылды.
ӨЗБЕКСТАН (14-15 ғ.) - 15 ғасыр аяғы - 16 ғасырдың бас кезінде шығыс деректемелерінде Еділдің шығысы мен Арал теңізінің солтүстігіндегі далалық аймақтың атауы, яғни Шығыс Дешті Қыпшақ атауы ретінде қолданылған тарихи-этнографиялық термин. Мыс., «Көкше теңіз (яғни Балқаш көлі) Моғолстан мен Өзбекстан аралығына орналасқан және оларды екіге бөліп тұрады» деп жазды Мырза Мухаммед Хайдар Дулати. Өзбекстан атауы «Өзбек» деген терминге, яғни, шығыс деректе өнерінде (парсы тілдес) - Низам ад-Дин Шами, Му'ин ад-Дин Натанзи, Шараф ад-Дин Али Йезди Абдуразвагу Самарқанди тағы басқаларының еңбектерінде 14 ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап бұрын «Шайбан және Орда-Ежен ұлыстарының құрамына енген Шығыс Дешті Қыпшақтың түрік-монғол тайпаларының ортақ жалпы атына байланысты. Бұдан гөрі ертерек дәуір деректемелерінде «өзбек» термині кездеспейді. 14 ғасырдағы араб авторлары (Насыр ад-Дин ибн әл-Фурат, әл-Асади, әл-Айни т. б.) Алтын Орда билеушілерін «Дешті патшалары», «қыпшақтар патшалары» деп атайды. 14 ғасырдың 60 жылдарынан Низам ад-Дин Шами, Му’ин ад-Дин Натанзи Ақ Орда жерлерін «өзбектер елі» («дийар и-өзбек», Өзбекстан), «өзбек далалары» (сахра йи өзбек), ал Орыс ханды өзбектер патшасы (падшах-и өзбек) деп атай бастады. Өзбек терминінің шығу тегі әлі анықталмаған. Н.А.Аристов, А.Ю. Якубовский, П.П.Иванов өзбек терминін Алтын Орда ханы Өзбек (1312-1340 билік еткен) есімімен байланыстырады. А.А.Семенов аталған шығармалардың авторлары Өзбек хан қол астындағы халықтарды емес, Ақ Орданың бүкіл түрік-монғол тектес тайпаларын «өзбек» деп атағандығын ескертіп, сондықтан оның шығу тегін тек Өзбек хан есімімен байланыстыруға болмайтынын дәлелдеді: Акад. Б.Г.Гафуров, Б.А.Ахмедов т. б. зерттеушілер де осы пікірді қолдайды.
Соңғы жылдардағы тарихи әдебиетте «өзбек» атауы әлі этноним болып қалыптаспаған Шығыс Дешті Қыпшақтың жергілікті түрік және түріктенген монғол тайпалары одағының жалпы атауы деген пікір қалыптасты. Бұл одақ құрамында (Мас’уд бен Осман Кухистани, Бенаи т. б. пікірлері бойынша): Бүркіт, Қият, Қосшы, Қоңырат, Үйсін, Қыпшақ, Найман, Жат, Қарлуқ, Кенегес, Күрлеуіт, Маңтыт, Үйғыр, Қытай (Хитай) т. б. тайпалар болды. Бұл тайпалардың көбі ерте заманда-ақ Қазақстан территориясын мекендеген. Ал шеттен келген аздаған рулар мен тайпалар 14 ғасырдың ақыры - 15 ғасырдың басында жергілікті тұрғындармен сіңісіп, түріктеніп кеткен. Ал қалыптасқан түркі тілдес халықтардың 14-15 ғасырда этникалық атауы болмады. Мыс., Рузбехан Исфахани (16 ғасырдың басы) өзбектерге ұш халықты (тай-ифэ): Шайбани әулетінің қол астындағы тайпаларды, қазақ пен маңғыттарды жатқызады. Қазақтардың халық болып қалыптасу процесі аяқталғаннан кейін өзбек деген жалпы атау өзгеріске түсті: жаңа қалыптасқан халықты әуелі өзбек-қазақ, кейін қазақ деп атады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтық тұрақты этнониміне айналды «Өзбек» термині Мухаммед Шайбани ханға еріп кеткеп тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана Долданылатын болды. Демек 15-16 ғасырдағы Қазақстан жеріндегі Өзбекстан Шығыс Дешті Қыпшақ территориясының (Қазақстан жерінің далалық аймақтарының, Жетісу мен Оңтүстік аймақтардан басқа) бір бөлігі.
Әдеб.: Низам ад-Дин Шами, Зафар-наме, в кн.: Тизенгаузен В. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды, т. 2, М.-Л., 1941, с. 106-12; Мирза Мухаммед Хайдар дуглат, Тарих-и Рашиди, в кн.: Материалы по истории казахских ханств, XV-ХУШ веков, А.-А., 1969, с. 195, 219, 220, 228; Ахмедов Б. А. Государство кочевых узбеков. М., 1965, с. 11-17; Гафуров Б. Г. Таджики. –М., 1973. -С. 547-548; Ибрагимов С.К. Еще раз о термине «казах». «Труды ИИАЭ АН Каз ССР». -Т. 7. 1960. -С. 66-71.
Жарияланған-2020-01-23 14:24:59 Қаралды-9137
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану