ЧЕРНОГОРИЯ (Сrnа Gоrа) - жері 13,8 мың км2. Халқы 622,3 мың (2018). Астанасы - Подгорица қ.
Табиғаты. Черногория - негізінен таулы ел. Территориясының көпшілік бөлігін Динар таулы қыраты алып жатыр. Климаты қоңыржай континенттік. Ірі өзендері - Морава, Дрина.
Халқы. Негізгі тұрғындары черногориялықтар, олардан басқа таксамалар, албан, серб, хорваттар тұрады.
Черногорияда серб-хорват тілінде сөйлейді. Дінге сенушілерінің көпшілігі - православие. Мұсылман дініне сенушілер де бар. 1945 жылдан бастап Черногория өз алдына автономия болып, Югославияның басқа халықтарымен бірдей дәрежеде соц. экономикасы мен ұлт мәдениетін дамытуға құқық алды. Негізгі кәсіптері - мал шаруашылығы мен егіншілік. Черногорияда ауыз әдебиеті және музыкасы дамыған.
Тарихы. Черногорияның қазіргі жері 11 ғасырға дейін Диоклея (Дукля), кейін Зета деп аталды. Адамдар Черногория жерін палеолит дәуірінде қоныстана бастады (Црвена Стена үңгірінің қазбасы). Біздің заманымызда 1 ғасырында Римнің Далмация провинцияның, ал 297 жылы Превалитан провинцияның құрамына кірді. 7 ғасырда Черногория жерін славян тайпалары қоныстанды, 10 ғасырдың ортасында Черногорияда князь (архонт) Петр, ал кейін князь Владимир (970-1016 ж. ш.) билік жүргізді, олардың тұсында Черногория болгар патшасы Самуилдың қол астына қарады. 1499 ж. Черногория ресми түрдеОсман империясынақосылды. Черногориялықтар Осман империясына қарсы өздерінің тәуелсіздігі жолында күресе отырып, Венеция-түрік соғысында (1645-1669) және Османдарға қарсы «Қасиетті лига» соғысында (1683-1699) Венеция жағындашайқасты. Негоши әулетінің негізін қалаушы Данило (1697-1735) Черногорияның саяси билеушісі болды, ол билік жүргізген кезде Черногория Россиямен жақындасты. Наполеон соғысында және сербтердің тәуелсіздік алу жолындағы күресінде (1804-1815) Черногория Россия мен Сербия жағында болды. 1813 жылы черногориялықтар Бока Которды алды, бірақ Вена конгресінің (1815) шешімі бойынша, ол Австрияға қайтарылып берілді. 1858 жылы Россия және Францияның көмегімен Черногория мен Осман империясының шекаралары белгіленді. Берлин конгресінің (1878) шешіміне сәйкес, Черногория тәуелсіз мемлекет деп танылды. 1879 жылы Сенаттың орнына Мемлекеттік совет, Министрлер кабинеті және Жоғары сот құрылып, «1888 жылы Черногорияның дүние-мүлік заңы» кабылданды. 19 ғасыр аяғында қарулы күшті қайта құру аяқталып, жалпыға бірдей әскери міндет енгізілді.
1917 жылы Черногорияда ұлт және әлеуметтік бостандық, демократиялық принцип негізінде Сербиямен бірігу жолындағы жаппай қозғалыс басталды. Югославиядағы мемлекеттік төңкерістен (1929) және әскери-монархиялық диктатура орнағаннан кейін, Черногория жеке әкімшілік белік ретінде өмір сүруін тоқтатты. 1941 жылысәуірде Югославияның барлық жері сияқты Черногорияны да фашистер басып алды. 1941 жылы 13 шілдеде Черногорияда басқыншыларға қарсы көтеріліс шығып, партизан отрядтары құрылды. 1941 жылы 21 шілдеде Черногорияда жаңа революция-демократиялық өкімет органы - халық-азаттық комитет құрылды. 1944 жылы 31 желтоқсанда Югославия халық-азаттық армиясы Черногорияны фашистік басқыншыларынан толық азат етті. 1963 жылы сәуірде Югославия мен Черногорияда қабылданған конституцияға сәйкес, ол - Югославия Соц. Федерациялық Республикасының құрамындағы Черногория Соц. Республикасы.
Шаруашылығы. Елде тау-кен өнеркәсібі едәуір дамыған. Боксит, қорғасын-мырыш рудалары, қоңыр көмір өндіріледі. Қара металлургия (Никшич), алюминий қорыту (Титоград), ағаш өңдеу комбинаты, металл өңдеу, электротехникалық, мата тоқу, былғары-аяқ киім кәсіпорындары, бірнеше СЭС бар. Жүгері, арпа, бидай, майлы дақылдар егіледі, цитрус жемістері, жүзім өсіріледі. Балық ауланады. Белград - Вар темір желісі желісі республика территориясын солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп өтеді. Ірі теңіз порты - Бар.
Оқу-ағарту ісі. 1974 жылы халқының 97%-і сауатты болды. Қазіргі оқу жүйесі 1958 жылы қабылданған заңға негізделген. Оқудың 1-сатысы міндетті бірыңғай негізгі 8 жылдық мектеп (7 жастан 14 жасқа дейін), 1973-1974 оқу жылында 650 негізгі мектептерде 91,2 мың оқушы оқыды. 2-сатысы (8 жылдық мектеп базасында) - 4 жылдық жалпы білім беретін орта мектептер (гимназия) немесе 4-5 жылдық орта кәсіптік-техникалық мектептер. Сонымен бірге төмен кәсіптік мектептер және фабрика-завод оқушылары мектептері бар. 1973-1974 оқу жылында 16 гимназияда 8,8 мыңнан астам оқушы, кәсіптік-техникалық оқу жүйесінде 16,8 мыңнан астам оқушы оқыды. Оқудың 3-сатысы 4-5 жылдық жоғары оқу орындағы, 2 жылдық жартылай жоғары оқу орындары. 1973-1974 оқу жылында 5 жоғары оқу орнында 5,5 мыңға жуық студент оқыды. 1974 жылыЧерногорияда 19 халықтық, 11 ғылыми және арнаулы кітапхана болды. Музейлері: Мемлекеттік музей, Цетпньедегі Негош музейі т. б.
Әдебиеті серб-хорват тілінде қалыптасқан. Көптеген әдебиет зерттеушілерінің пікірі бойынша Черногория әдебиеті 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың 1-жартысында қалыптаса бастаған. Черногория әдебиетінің негізін салған ақын Петр II Негош (1813-1851) болды. 1914-1918 жылғы І-дүние жүз соғысқа дейінгі аралықта фольклорлық-романтикалық поэзия жетекші орын алды. Поэзияда Никола I Петрович (1841-1921), М. Шобаич (1836-1917) шығармалары, прозада С.Митров Любишидің (1824-1878) әнгімелері, М. Мильяновтың (1833-1901) мемуарлары («Адамдық қасиет пен ерлік өнегелері», 1901, т. б.), Р. Роганович Прногорецтің (1859-1900) тарихи драмалары шықты. Югославияда әскери монархияның орнауына (1929) байланысты туған ұлттық қайшылықтарға қарамай Черногорияда творчество адамдары көбейе түсті. 30 жылдары революция идеологияға сүйеніп, реализм принципіне негізделген «Әлеуметтік реализм» бағыты пайда болды. 1941-1945 жылдар көптеген ақын-жазушылар ұлт-азаттық соғысына қатысты. Фашистік басқыншылардан азат болған соң (1944 жыл 31 желтоқсан) Халықтық өкімет орнап (1945), көркем әдебиеттің дамуына даңғыл жол ашылды. 50-60 жылдары танылған М. Лалич (1914 ж. т.), А.Асанович (1931 ж. т.) т.б. прозаиктер, Д. Костич (1917 ж. т.), Р. Вешович (1921 ж. т.), Е. Бркович (1933 ж. т.) т. б. ақындар қазіргі Черногория әдебиетіне елеулі үлес қосуда.
Архитектурасы мен бейнелеу өнері.Черногория территориясынан неолит дәуіріне саятын керамикалық заттар, иллирия және антикалық мәдениет ескерткіштері табылды. Черногорияның орта ғасырдағы сәулет өнеріне Италия, Далмация, Сербия мен Византия архитектурасы әсер етті. 13-14 гасырлардың бейнелеу өнерінде сол кезеңдегі архитектурадағыдай роман және готика стилінің элементтері византия иконография ырғағымен уйлесім тапты. Түрік шапқыншылығы Черногория көркем өнерінің дамуына тежеу жасады. Барокко стилі негізінен 17-18 ғасырда өріс алды. 15-18 ғасырлардағы суретшілері: Рафаилович семьясынан шыққан шеберлер және Ловро, Т. Вукович, Т. Кокола. Түрік үстемдігінен (1871) бостандық алғаннан кейін қалаларда ампир стилі, 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырда эклектизм қанат жайды. 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың алғашқы ширегінде ұлттық бейнелеу өнері мектебі калыптасты. Ұлттық бейнелеу өнері мектептері алғашында реалистік, академиялық, кейннен постимпрессионизм элементтерін бойына сіңірді (кескіндемешілер П. Почек, М. Милунович, П. Лубарды, мүсінші Р. Стиович т. б. еңбектерінде). 50 жылдардың аяғы мен 60 жылдардың басында Черногорияда халықтық өкімет орнағаннан кейін, тұрғын үй салу ісі кең қанат алды. Ұлттық кескіндеме, мүсін және графика мектептері өркен жаюда.
Музыкасы. 20 ғасырдың ортасына дейінЧерногорияда профессионалды музыка болған жоқ. Гуслидің сүйемелдеуімен орындалатын эпикалық және қаһармандың халық өндерінде Черногория халқының ғасырлар бойы созылған азаттық үшін күресі бейнеленді. Мұнымен қатар әдет-ғұрып, еңбек әндері, лирикалық өндер, әнмен қосыла орындалатын халық билерінің көптеген түрлері кең тараған. Ән әуенінің диапазоны шағын, еркін ырғақты болып келеді. 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың 1-жартысында оқу. музыкалық-ағарту ұйымдары және хор қоғамдары (1871 жылдан; «Бранко», «Тау гүлінің шоғы», «Негош») Черногория музыкалық мәдениетінің өркендеуінде негізгі роль атқарды. Цетиньедегі «Кәсіпшілер қоғамы» (1904 жылдан; 1907 жыл «Жұмысшылар қоғамы» болып қайта құрылған) негізінде 1909 жылы Халық театрының қабырғасы қаланды. 1927 жылы «Абрашевич» жұмысшылар хоры (Цетиньеде) ұйымдастырылды. Алғашқы профессионалды музыкалық коллективтер - әскери оркестрлер (1870, 1889 ж. құрылған) жергілікті композиторлар шығармаларымен қатар Батыс Европа классикалық музыкаларын да орындады. Бұл оркестрлердің дирижерлері - чех музыканттары А. Шульц пен Ф. Вимер (Черногория халық әуендерінің негізінде жазылған марш, би сюиталары мен рапсодиялардың авторы) болды. 19 ғасырдың аяғындағы Черногорияның әуесқой композиторлары - М. П. Негош, Ш. Огненович. Черногорияның тұңғыш профессионал композиторы Й. Иванишевич Черногория - ұлттық гимнінің, мұнымен қатар ұлттық музыкалық фольклоры кеңінен пайдаланылған оркестрлік пьесалардың, марштардың, хорлардың, фортепьянолық шығармалардың авторы. 1920-1930 жылдар Цетинье мен Подгорицада (Титоград) музыкалық мектептері ашылды. Осы жылдары педагог әрі хормейстер А. Иванович таныла бастады. 1945 жылдан кейін музыкалық оқу және ағарту орындарының саны біршама өсті. Титоградта симфониялық оркестр, Аралас радио хоры (1949), мемлекеттік «Оро» халық ән-би ансамблі құрылды. Которде «Никола Джуркович», Титоградта «Станко Драгаевич» музыкалық қоғамдары, басқа да творчестволық бірлестіктер бой көтерді. Композитор, педагог, фольклоршы, хормейстер әрі музыкалыққоғам қайраткері И. Милошевич (1895-1959) Черногорияның ірі музыканты саналады.
Театры. Ескілікті театр сауықтарының белгілері (нақты деректер сақталмаған) халық әдет-гұрыптарында (көбі 19 ғ. мен 20 ғасырдың 1-жартысына дейін болған) кезігеді. Черногорияның тарихи өткен дәуірін желі еткен «Тау гүлініңшоғы» (1847) атты драмалық поэманың және «Жалған патша Степан Мали» драмасының авторы Павел П. Петрович-Негоштың творчествосы Черногория театр мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Цетиньеде әуесқойлар спектакльдері қойылып, мұнда Сербия және Хорватия қалаларынан келген көптеген труппалар өнер көрсетті. Югославия фашистік басқыншыларынан азаттық алғаннан кейін (1945), Титоградта драмалық және опера труппасынан тұратын Черногория Ұлттық театры (1953) құрылды. Драмалық труппа Югославия мен шетел классикасын (В.Радович, Ж.Команин шығармаларын), орыс драматургтарының (Н.В.Гоголь, А.П.Чехов), совет авторларының (А.Н.Арбузов) пьесаларын қойды. Актерлері: Б. Эракович, П. Вавич, Д. Томас, В. Мандич, З. Райчевич.
Әдеб.: Ровинский П. А. Черногория в ее прошлом и настоящем, т. 1-3, СПБ, 1888-1915; Лавров П.А. Петр II Петрович-Негош, владыка черногорский и его литературная деятельность, М., 1887. История зарубежного театра.-Ч. 2.–М., 1972; Народы зарубежной Европы.т. 1.–М., 1964; История Югославии, т. 1-2, М., 1963; Ровинский П. А. Черногория в её прошлом и настоящем, т. 1-3, СПБ, 1888-1915.
Жарияланған-2019-12-23 10:48:47 Қаралды-1554
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина