Халел Досмұхамедов 1883 жылдың 23 сәуірінде Гурьев (қазіргі Атырау) уәлаятының Қызылқоға ауданында әйгілі Мұрат Мөңкеұлының туған жері Қарабауда дүниеге келеді. Құдайдың кей адамға барлығын үйіп беріп, енді біреуді жарытпай-ақ қоятыны бар емес пе? Халел де ғұлама, әмбебап дәрігер, қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілші (лингвист) ұстаз ғалым, әдебиетші болған. Өзі айтқан «Жеті жүрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»,- деген қағидасына сай өмір сүрген. Халел әуелі жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқыды. Бұл мектепті бітірген соң Орал реалдық училищесін бітіріп, Санкт-Петербургтегі әскери-медициналық академияға жолдама алады. Онда 1903- 1909 жылдары оқып, үздік бітіріп, Пермь губерниясында, Орал уәлаятының Темір уезінде бөлімшелік дәрігер болып істейді.
1905 жылы Орал қаласында халқымыздың ең алғашқы партиясы болып саналатын - Конституциялық-демократиялық партияның мүшесі болды. Аталған партияның Орталық Комитетінде Б.Қаратаев Г.Бердеев, М.Бақытқараев, И.Түкімбердиев, Н.Айтмұхаметов, М.Мұқанов, Г.Рахымбердиев, И.Дүйсенбиндермен қатар мүше болды. Бұл партияның бағдарламасында қазақ жерінің аяусыз тоналып отырғаны айтылды. Енді қазақ жерін жөн-жосықсыз талантаражға салуға қазақ жері қазынаға қарайды деген сылтаумен сұраусыз тартып алынып, таратып беруге тыйым салуға шақырады.
Халел осы кезден бастап демократиялық-ағартушылық бағыттағы «Фикер», «Урал», «Қазақ» газеттеріне мақалалар жазып тұрды.
А.Байтұрсынов шығаратын «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында» (1913 жыл, №14), «Алаш не сөз?» (№5). «Сары кезік сүзек жұқпалы ауру хақында» атты мақалалар шығарды.
Ақпан буржуазиялық төңкерісін халыққа айтқан жаңа таң деп түсінген Халел Досмұхамедов «Алашорда» партиясының басқа мүшелері сияқты жаңа саяси істерге араласты. Х.Досмұхамедовтың тікелей басшылық етуімен 1917 жылғы 27-28 шілдеде Орынборда өткен Бүкілқырғыздық съездің қаулысының бірінші параграфында Қазақстан мемлекеттік басқару турасында Ресейдің демократиялық Федеративтік парламенттік республика болу керектігі айтылады. Екінші параграфында қырғыз уәлаятына ұлттық және тұрмыс жағдайына сәйкес автономия керек, дейді.
Осы съезде алғаш рет қазақ әйелдерінің бостандығы заң жүзінде баян етілгенін де көпшілік біле бермейді.
Халел Досмұхамедов 1918 жылғы наурызда Жанша Досмұхамедовпен бірге Мәскеуге барып жоғарғылармен, қазақ автономиясы жөнінде келіссөз жүргізеді. «Алашорда» таратылғаннан кейін басқа қазақ зиялылары сияқты Кеңес өкіметінен кешірім алып, жаңа өкіметтің жұмысына араласты.
1923 жылы Ташкентте қазақ-қырғыз халқына мәдениет жарығын шашуды көздеген «Талап» қауымы (толық мүшелері болып Халел Досмұхамедов, Александр Шмид, Әбубәкір Диваев, Кәрім Халенов, Мағжан Жұмабаев, Николай Архангельский сайланды) үлкен істер атқаруды мойнына алған. Сол жылы Мемлекеттік Ғылыми Кеңесінің төрағалық қызметімен бірге Түркістан ғалымдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту комиссиясының мүшесі болды. 1924 жылы Халел Ресей Академиясының Орталық өлкетану бюросының мүше-корреспонденті болып сайланды. 1920-1928 жылдары Халел қызмет істеген Қазақ педагогикалық институты халқымыздың Ташкенттегі алғашқы жоғары оқу орны болатын. Осы оқу орнын Халелдің қызы Рабиға 1926 жылы 8 маусымда аяқтап, оқытушы куәлігіне ие болды.
1929 жылғы қазан айында Ташкенттегі пединституттың негізінде Алматы қаласында қазақ мемлекеттік университетін ашуға мүмкіндік туды. Халел осы оқу орнын ұйымдастыруға белсене араласып, оның бірінші проректоры болып тағайындалады. Халелге 1927 жылы доцент, 1929 жылы профессор атағы беріледі.
Педагогтық жұмысқа қосымша Қазақстан халық Денсаулық сақтау комитетінде жоспарлау-ұйымдастыру басқармасының меңгерушісі болып істейді. Жоғарыдағы қызметтерді атқара жүріп, оқу құралдарын жазуға да көңіл бөлді. Өйткені бұл жылдары ұлттық мектептерде бұл кезде оқулық аз болды. Х.Досмұхамедовтың пікірлес, көп араласқан достары, ақын-жазушылар М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.О.Әуезов тағы басқалардың психология, педагогика, әдебиет оқулықтарын жазуы осындай жағдайға байланысты еді. Халел «Табиғаттану» (1922жыл) «Жануарлар» (1926 жыл), «Адамның тән тірлігі» (1927 жыл) «Оқушылардың саулығын сақтау» (1923-1926 жылдар) деген оқулықтар жазды.
Ол халқының ғылыми-танымдық өрісін кеңейту мақсатында Ю.Вагнердің «Рассказы о том, как живут и устроены расстения» деген кітаптарын қазақшаға аударды. Ол көптеген мақалалар жазумен бірге «Сана» журналына тікелей редакторлық жасады.
Халел еңбектерінің бір тобы тіл мен әдебиеттану саласында болды. 1923 жылы «Шолпан» журналының 7-санында «Диуани луғат ат түрк» атты мақала шығарып, халықты көне ескерткішпен таныстырды. Терминология, алфавит, емле туралы мақалалар Нәзір Төреқұловтың «Жат сөздер» кітабына сын мақала жазды. 1923 жылы «Шолпан» журналының бірнеше нөмірінде жарияланған зерттеу мақалаларының негізінде «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген кітабы 1924 жылы Ташкентте басылып шықты.
Халел ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен бұрыннан-ақ шұғылданған. Өзі жинаған материалдар негізінде «Мұрат ақын сөздері» (1924 жыл), «Аламан» (1926 жыл), «Исатай-Махамбет» (1925 жыл) атты кітаптарда ақын-жыраулардың өлең-жырларын топтастырып, түсініктер берген. Халелдің жан-жақты қабілетін басқа қырынан ашатын «Шернияз шешен» (1925 жыл), «Бұхардағы Көгалташ медресесін салушы Жалаңтөс батырдың шежіресі» (1929 жыл) атты мақалалары. Халелдің фольклортану саласындағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны «Қазақ ауыз әдебиеті» (1928 жыл)деген очеркі.
Халелдің 30-жылдары жазып бітіргенмен, бастырып үлгермеген «Қазақ тілінің жаратылыстану терминдкрі», «Түркі халықтарындағы атау есімдерінің шығуы», «Қазақ оқушысының дене тәрбиесі», «Қазақ ғашықтық өлеңдері» атты жинақтары жоғалып кеткен. Халел 1923 жылы «Кенесары-Наурызбай» жырын жарыққа шығарды. Кенесары туралы ел аузында жүрген жырлардың ішінен Ә.Диваев жинаған нұсқаны таңдайды. Бұл нұсқа Халелді тіл кестесінің көркемдігімен әрі көршілес қырғызбен екі ортада араздық туғызар тұстарының болмауымен қызықтырған.
Х.Досмұхамедов «Емшілік халық әдебиеті» деген терминді қолданып, оны ауыз әдебиетінің бір бұтағы ретінде жіктеп мынадай бөліктерге бөледі: 1) бақсының жын шақыруы, 2) оқу, 3) арбау, 4) көшіру, қағу, 5) дем салу, үшкіру, 6) садақа құдайы, нәзире, 7) кітап ашу, 8) бойтұмар, 9) құмалақ ашу, жасырын қарау. Мұндай жіктеудің өз уақыты үшін маңызды болған үлкен ізденістің нәтижесі деп білген жөн.
Жиырмасыншы жылдардың аяғында қазақ халқының өмірінде жан түршігерлік істер жүргізілді. Қазақстандағы бар билікті өз қолына алған Голощекин елді тоз-тоз етіп, зиялыларды қуғынға ұшыратты. Шағым айтушылар, қиянатшылар мен жылпостардың тасы өрге домалады. Қазақтың басына зарлы заман туды. Халықтың қамын ойлаған адал жандар нақақпен түрмеге жабылды, айдалды, атылды. Солардың бірі ретінде Халел де бес жылға сотталып, Воронежге жер аударылды. «Әкеммен Воронежге Жанша Досмұхамедұлы, Әбді Хамит, Жақып Ақбайұлдары, Әшім Омарұлы, Седәзім Қыдырбайұлы, Кәрім Тоқтабайұлы, Жұмақан Құдіретұлы, Мұхтар Мұразиндер бірге болды, - деп жалғастырды абзал азамат өмірінің соңғы кезеңін есіне алып, Қарашаш Халелқызы, осы қалада оқыған болашақ, тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов пен кейін партия қайраткері болған Жақыпбек Жанғозиевтер де біздің үйімізге жиі келіп тұратын. Әлі күнге көз алдымда: жаз шыға күзге дейін әкем қала сыртынан үй жалдап алатын. Олардың Дубобка, Сосновка, Сомово деген аттары да жанымда қалыпты. Қаладағы қызметіне поезбен қатынайтын ол кешкі астан соң мені, Сәуле үшеумізді серуенге орманға алып шығып, ағаштар мен шөптердің түрін, құстардың салған үндерін тыңдап, аттарын ажыратуды үйрететін. Біз үшеумізге қалса ағам Әділханмен шахмат ойнағанды ұнататын. Әкем Бизенің «Кармен», 1936 жылы Қазақстанның Мәскеудегі мәдениет пен өнерінің он күндігінде арнап жаңадан шыққан «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» арияларының қазақша күйтабақтарын патефонда ойнатып, бізге тыңдаттыратын.
Халқымыздың біртуар ұлы Халел Досмұхамедовхалық үшін қыруар еңбек сіңірген нағыз ұлтжанды, жан-жақты азамат екеніне бас имеске болмайды. Қаншалықты қиын жұмыстарды атқарып жүрсе де үй ішіне, балаларына мейірбан әке болғандығына жоғарыдағы Қарашаш айтқан естелік мол мәлімет беріп тұрғанын көреміз. Асыл азамат 1939 жылы әскери трибуналдың үкіметімен нақақтан атылды.
1994 жылы 23 мамырдағы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің шешімімен Атырау университетіне ғұлама ғалым, профессор Х.Досмұхамедұлының есімінің берілуі, қазақ халқының мәдени өмірінде ерекше оқиға болып табылады. Ол өз өмірінің ішінде артында орасан зор мұра қалдырды. Біздің міндетіміз-сол мұраларды халқымыздың рухани мүддесіне жарату.
Әдеб.: Тілеуқұлов Г. Жазықсыз жазаланған тұлғалар. -Ташкент, 2000. -Б.27-34.
Жарияланған-2019-12-03 13:02:15 Қаралды-3757
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану