UF

АРКТИКА (грек. солтүстік) - жер шарының солтүстік поляр облысы. Арктикаға Евразия мен Солтүстік Америка құрлықтарының шет жақтары, бүкіл Солтүстік Мұзды мұхит (Норвегия теңізінің шығысы мен оңтүстігінен басқа жері), оның барлық аралдары (Норвегия жағалауындағы аралдардан өзгесі), Атлант және Тынық мұхиттардың солтүстік бөліктері жатады.

Табиғаты. Жалпы мәліметтер. Арктика - Солтүстік полюсті қоршап жатқан аймақ. Ол оңтүстікте 66°33' солтүстік ендіктегі Солтүстік поляр шеңберімен шектеледі. Полюс пен поляр шеңберінің аралығында поляр куні мен поляр туні байқалады. Арктиканың осы шектегі ауданы 21 млн. км2. Арктика табиғатының ерекшелігі: радиация балансы төмен, жылы айлардағы ауаның орта температурасы 0°С-қа жуық, жылдық орта температурасы 0°С-тан төмен. Құрлықтың тоңы мен мұзы жыл бойы ерімейді, ағаш та өспейді, теңіз айдыны мұздан босамайды. Сондықтан Арктика ерекше табиғи ландшафтық-географиялық аймаққа бөлініп зерттелінуде. Арктиканың шекарасы әдетте тундра зонасының оңтүстік шегімен (құрлықта бұл 10°С, теңізде 5°С шілде изотермасына таяу) өтеді. Арктиканың осы шектегі ауданы 27 млн. км2-ге (жер шары бетінің 5,3%-і) жуық. Құрлықтарда бұл шекара шамамен 70° солтүстік ендікпен өтеді (Гренландияның оңтүстік бөлігі, Лабрадор түбегі және Атлант мұхитының оларға таяу жатқан бөлігі қосылмайды). Арктиканың құрлықтық бөлігі 10 млн. км2-дей. Арктика екі зонаға - жапан мұз («арктикалық шөл») бен тундраға бөлінеді.

Рельефі. Арктиканың Евразиядағы құрлықтық бөлігін Шығыс Европа, Батыс Сібір жазықтарының, Солтүстік Сібір, Яна-Индигирка және Колыма ойпаттарының солтүстік шеті алып жатыр. Кейбір ауданда ғана тау кездеседі (Таймыр түбегінде Бырранга тауы, биіктігі 1146 м, Жоғары Яна жотасының солтүстік бөлігі, Чукот түбегінің таулары). Арктиканың Солтүстік Америкадағы құрлықтық бөлігінің көп жерін биіктігі 400-700 м бұйратты, таулы үстірттер (Арктика үстірті т.б.) алып жатыр. Едәуір биік таулар Гренландияның шығысында (Гунбьерн, 3700 м, ол - Арктиканың ең биік тауы). Арктика аралдарының көбі құрлықтық аралдар, жер беті көбіне аласа тау, жазық болып келеді. Арктиканың көп жерін (13 млн. км2) Солтүстік Мұзды мұхит алып жатыр. Оның шетінде тереңдігі 200 м-ден аспайтын шельф аймағы бар; бұл - құрлықтағы платформаның теңіз түбіндегі жалғасы. Ауыспалы зонаға тереңдігі 180-3000 м құрлықтық беткей жатады. Мұхиттың орталық бөлігі Арктикалық алап саналады, онда терең қазан шұңқырлар (5449 м-ге дейін) мен су асты жоталар (ең ірісі - Ломоносов жотасы) бар.

Геологиялық құрылысы, қазба байлықтары. Арктикалық құрлық, оған іргелес шельф аймағы мен аралдар докембрий, палеозой және мезокайнозойдың әр түрлі қатпарлы комплекстері мен интрузиялық жыныстарынан тұрады. Мұндағы ең көне геологиялық құрылымдарға Анабар, Балтық, Канада кристалл қалқандары мен Сібір және Шығыс Европа платформаларының солтүстік шеті, Гренландия қалқанынын көпшілігі жатады. Төменгі палеозой платформалары Батыс Сібірде, Солтүстік Гренландияда, Канаданың Арктикалық архипелагында, ал жоғарғы палеозой құрылымдары Солтүстік Оралда. Жаңа Жерде, Таймырда, Солтүстік Жерде бар. Мезозойлық қатпарлықтар Солтүстік-Шығыс Азияда, Аляскада байқалады. Атлант мұхиты жағынан Арктикаға вулкандық жыныстардан түзілген мұхиттык ортаңғы жота кіреді. Әрі қарай осы қозғалмалы тектоникалық зоңа су астындағы Книпович, Гаккель жоталары арқылы Тынық мұхиттың вулканды белдеуімен жалғасады. Арктиканың қазба байлықтары әлі жете зерттелмеген. Мұнда апатит пен сирек элементтердің (Хибин тауы, Кола түбегі), мыс пен никельдің (Норильск маңы), көмір мен мұнайдың (Печора алабы) аса ірі кендері, сондай-ақ алтын, қалайы, вольфрам және сынап кендері бар. Арктиканың шетелдік бөлігінде мұнай мен алтын, мыс (Аляска, Канада), темір рудасы (Баффин Жерінде) кездеседі.

Климаты. Арктикада поляр күні мен поляр түні болып тұратындықтан, Күн радиациясы жыл бойы біркелкі түспейді. Арктиканың оңтүстік аудандаңында радиациялық баланс оң, 42С-630 Мдж І(м2-жыл) [10-15 ккал/(см2/жыл)], яғни қоңыржай ендіктердегіден 2-3 есе аз. Ал Арктика алабында радиациялық баланс теріс [жылу шығыны 85-125 Мдж/м2 - жыл) немесе 2-3 ккал/ (см2- жыл)]. Бірақ бұл шығын Арктикаға келетін жылы ауа мен су массалары есесінен толықтырылады. Қыста Арктиканың көп жеріне циклондар әсер етеді; Тынық мұхиттан, әсіресе Атлант мұхитының солтүстігінен келетін циклондар қыста ауа температурасын жоғарылатып, бұлт пен жауын-шашынды көбейтеді; ауа райын күрт өзгертіп, қатты жел тұрғызады. Антициклондар қыста негізінен Арктиканың Азиялық бөлігіне, шамалы мөлшерде Канада мен Гренландияға әсер етеді. Бұл аудандарда ауа температурасы өте төмен, бұлт пен жауын-шашын аз, жел баяу соғады. Арктиканың Атлант мұхитына таяу аудандарының климатына Солтүстік Атлант жылы ағысы әсер етеді. Ең суық ай – қаңтардың орта температурасы осы аудандардың оңтүстік жағында – 2-4°С, Баренц, Гренландия, Чукот, Баффин теңіздерінде - 25°С-қа дейін; Сібірде, Канада мен оған жанаса жатқан Арктикалық алапта – 32-36°С, ал Орталық Гренландияда – 45-50°С-қа, кей жерлерде – 55-60°С-қа дейін барады. Жауын-шашынның жылдық орта мөлшері Атлант мұхиты ауданының оңтүстігінде 350-400 мм, Сібір мен Солтүстік полюске таяу жерде 150-200 мм, Канада ауданында 100-120 мм. Арктиканың бүкіл жағалауында оңтүстік және оңтүстік-батыс желдер (қысқы муссон), Атлант және Тынық мұхит маңында тұрақсыз қатты жел (қарлыборан), таулы өңірлерде бора желі (жылдамдығы 40 м/сек) соғып тұрады. Ең жылы ай – шілденің орта температурасы Арктикалық алапта 0°-тан - 1°С-қа дейін, теңіз жағалауына таяу жерде 2-3°С, құрлықтағы бөлікте 6-10°С, Гренландияда – 10-12°С болады.

Теңіз мұздары мен мұздықтар. Арктиканың су бетінің көп жерін жыл бойы калқыма мұздар (қыста 11 млн. км2-ге жуық, жазда 8 млн. км2-дей) жауып жатады. Бір жылдық мұздың қалындығы 0,8-1,8 м, көп жылдық мұздық қалындығы 3-4 м, торостардың биіктігі 3-5 м, кейде 10-15 м-ге жетеді. Арктиканың аралдары мен құрлықтағы тауларының көп жерін (Жаңа Жер мен Солтүстік Жердің 30-40%-ін; Гренландия, Шпицберген және Франц Иосиф Жерінің 83-90%-ін) қалың мұз басып жатыр. Арктикадағы мұздықтың жалпы ауданы 2 млн. км2-ден астам, қалыңдығы 700-1000 м (Гренландияда 3408 м дейін). Арктиканың құрлықтағы бөлігінде, жер бетінің жоғары қабатында қалыңдығы 500 м-дей, температурасы - 10°С-тан төмен, көп жылдық тоң басып жатады. Жылы маусымда тоңның үстіңгі қабаты 60-70 см-ге дейін ғана жібиді.

Өзендері мен көлдері. Арктиканың құрлықтағы бөлігі арқылы кішігірім өзендерден басқа Евразияның және Солтүстік Американың ірі өзендері: Печора, Обь, Енисей, Пясина, Хатанга, Анабар, Лена, Яна, Колыма, Индигирка, Колвилл, Макензидің төменгі ағыстары өтеді. Аралдарындағы кішігірім өзендер қар, мұз суынан құралады. Жылына 9-10 ай қатып жатады. Құрлықтағы тундра мен аралдарда көл көп. Ең үлкен көлі - Таймыр.

Топырағы. Солтүстік Мұзды мұхит аралдарының топырағы - арктикалық топырақ. Ауа райының суықтығы, көп жылдық тоң, ылғалдың шамадан артық болуы топырақ түзілу процестерін баяулатады. Арктиканың құрлықтағы тундра зонасында, Солтүстік Мұзды мұхиттың кейбір оңтүстік аралдарында тундра топырағы, гумусы 4-5%-ке (жоғарғы қабатында 10-12%-ке) жететін күлгін глей - шым топырақ кездеседі. Өсімдігі мен жануарлар дүниесі.

Арктика биогеография аймағы - голарктика аймағының бір бөлімі. Арктика биогеография аймағының шекарасы Атлант мұхиты жағында Лабрадор аралынан басталып, Гренландияның оңтүстігінен Батыс Мурманға дейін өтеді, ал шығыстағы шекарасы - Тынық мұхиттағы Беринг бұғазы. Арктика биогеография аймағында 3 мыңдай жануарлар түрі тіршілік етеді, оның ішінде 150 түрі - балық, 17 түрі - сүт қоректілер. Мұнда балықтардан лосось, корюшка, сиг тұқымдастары, сондай-ақ су түбінде тіршілік ететін балықтар түрі; сүт қоректілерден кит, морж, гренландия итбалығы, ақ аю; омыртқасыз жануарлардан фораминиферлердің 200-дей, губкалардың 150-дей, гидроид полиптердің және медузалардың 100-ден астам түрі, төменгі және жоғарғы сатыдағы шаян тәрізділер кездеседі. Арктика биогеография аймағында жылы теңіздерде тараған жануарлар аз не тіпті кездеспейді. Қатал табиғат жағдайына байланысты Арктика биогеография аймағының өсімдік дүниесі басқа аймақтарға қарағанда өте сирек және өсімдіктер түрі аз. Мыс., Франц-Иосиф Жерінде гүлді өсімдіктердің 36 түрі, Врангель аралында 150 түрі ғана тараған. Мүк пен қына көп, биік ағаштар өспейді, тапал, тырбық бұта, көбіне көп жылдық өсімдіктер өседі. Арктика биогеография аймағы теңіздерінде балдырлардың 150-ден артық түрі бар. Бұлар кейде өте қалың, ну орман тәрізденіп өседі. Теңіз суында өсімдік және жануар текті планктон өте көп, бұлар - балықтардың т.б. жануарлардың негізгі қорегі. Арктика биогеография аймағының жануар және өсімдік дүниесін алғаш зерттеген - орыс оқымыстысы Бэр (1837). 1921 жылдан бастап совет ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде:

Халықаралық право статусы. Арктика Ресей, АҚШ, Канада, Дания және Норвегияға қарайтын 5 секторға бөлінген. Бұл секторлардың оңтүстік шеті сол мемлекеттердің солтүстік шекараларынан басталады да, екі жағы меридиан бойымен өтіп, Солтүстік полюске тіреледі. Арктиканың Ресей секторына (жері 9 млн. км2-дей, оның 6,8 млн. км2-і су айдыны) Мурманск облысы (солтүстік аудандары), Ненец және Ямал-Ненец ұлт округы, Коми Республикасының солтүстік аудандары, Таймыр ұлт округы, Якутия солтүстік аудандары, Чукот ұлт округы және Франц Иосиф Жері, Жаңа Жер, Солтүстік Жер, Жаңа Сібір аралдары, Врангель аралы жатады. Басқа мемлекеттердің секторларына Аляска (АҚШ) мен Канаданың солтүстік аудандары, Канаданың Арктикалық архипелагы және Гренландия аралы (Дания), Шпицберген архипелагы (Норвегия) қарайды. Солтүстік теңіз жолы өтетін бұғаздардың көбі Ресейдің территориялық сулары құрамына кіретіндіктен, кез келген шет мемлекеттің әскери кемелері бұл трассадан Ресей үкіметінің алдын ала берілген рұқсатымен ғана өте алады. Шетелдердің сауда кемелеріне жол ашық.

Зерттеу тарихы. 10 ғасырда нормандықтар Гренландияны, 12 ғасырдан бастап орыстар Колгуев, Вайгач және Жаңа Жер аралдарын ашты. 16 ғасырда және 17 ғасырдың басында Батыс Европаның теңіз саяхатшылары арктикалық теңіздер арқылы Евразия мен Американың солтүстік жағалауын бойлай жүзіп, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс теңіз өткелдерін тауып, Қытай мен Үндістанға өтпек болды. Бірақ олар шығыста Жаңа Жерден және батыста Канаданың Арктикалық архипелагының шығыс бөлігінен әрі аса алмады. 17 ғасырда орыстар Сібір жағалауын бойлай Таймыр түбегін айналып өтті. С. Дежнев 1648 жылы Азия мен Америка аралығындағы бұғазды ашты. Ұлы Солтүстік экспедиция (X.П. мен Д.Я.Лаптевтер, С.Г.Малыгин, С.И.Челюскин т.б.) Азияның солтүстік жағалауын түгелдей дерлік зерттеп, картаға түсірді. 19 ғасырда және 20 ғасырдың басында маңызды жаңалықтар ашып, зерттеу жүргізгендер:  орыстар - М. Геденштром, Ф.П.Литке, П.Ф.Анжу, Ф.П.Врангель, В.А.Русанов, Г.Я.Седов; австриялықтар - Ю.Пайер мен К.Вайпрехт; американ - Дж.Де-Лонг; норвег - Ф.Нансен; ағылшын - Джеймс Росс пен Джон Росс т.б. Солтүстік полюсті тұңғыш ашқан американ - Р.Пири (6 сәуір, 1909). Мұз жарғыш кемені, авиацияны, радионы т.б. техникалық жабдықтарды пайдаланып, Арктиканы алғаш ғылыми зерттеуді жоспарлы түрде жүргізіп, табиғи байлығын игере бастаған ел - Совет Одағы кездерде.

1930-1935 жылдарда көптеген экспедициялары О.Ю.Шмидтің, А.М.Лавровтың, Р.Л.Самойлович, Г.А.Ушаковтың басқаруымен Гренландия мен Франц Иосиф Жері аралығында жатқан су кеңістігінде аса маңызды зерттеу жүргізді; көптеген аралдарды, мүйістерді, шығанақтарды, бұғаздарды ашты. 1937 жылы Д.И.Папанинның басқаруымен полюс маңында «Солтустік полюс-1» («СП-1») ықпа станция орнатыдды. Осы жылы В.П.Чкалов, Г.Ф.Байдуков және А.В.Беляков тұңғыш рет Солтүстік полюс арқылы Москвадан АҚШ-қа қонбастан ушып барды. 1950 жылы Орталық Арктикада 2-ықпа станция орнатылды. 1954 жылдан бері Орталық Арктикада жыл сайын екі ықпа «СП» станциясы үздіксіз бақылау жұмысын жүргізіп келеді. Мұнымен қатар Арктикада кеме қатынасына қызмет көрсететін ықпа автоматты радиометеорология станцияларының (ЬІАРМС) жүйееі жасалған. Арктика жағалауы мен теңіздерінде Арктика және Антарктика ғылыми-зерттеу институтының және Солтүстік теңіз жолының Бас Гидрография басқармасының экспедициялары жыл сайын жазда физикалық-географиялық және океанографиялық зерттеулер жүргізеді.

Халқы. Арктикада халық өте сирек қоныстанған. Арктиканың Ресейлік бөлігінде халықтың орта тығыздығы 1 м2-ге, 0,1-0,2 адамнан келеді. Мұндағы байырғы халықтар - ненецтер, долгандар, эвенкілер, чукчалар, якуттар, сондай-ақ орыстар, украиндар т.б. тұрады. Арктиканың шетелдік бөлігінде 1 км2-ге 0,03 адамнан келеді, байырғы халқы - эскимостар. Американдар мен европалықтар негізінен кен өнеркәсіп орындарын, әскери базаларды мекендейді.

Арктика ауасы - Арктика үстінде қалыптасатын ауа массасы. Арктика ауасының температурасы төмен, ылғалдығы аз, ауа райы ашық келеді. Циклонның әрекетінен Арктика ауасы төменгі ендіктердегі Жерорта теңізіне, Қазақстан мен Сібірдің жазықтарына дейін жетеді. Арктика ауасының келуіне байланысты бұл маңның температурасы суына түседі. Арктика ауасының одан әрі оңтүстікке қарай өтуіне Альпі, Кавказ, Памир, Тянь-Шань т. б. таулар тосқауыл болады. Солтүстік Америкада Флоридаға дейін тарайды. Қыста антициклонның әрекетінен қатты суынған құрлықтағы ауа Арктика ауасының әсерінен одан әрі суына түседі. Көктемде Арктика ауасының әсерінен Евразия мен Америка құрлықтарының солтүстік бөліктерінде нөсер жаудыратын конвекциялық бұлттар пайда болады. Жазда ол құрлық үстінде қатты жылынады, оның салыстырмалы ылғалдылығы азаяды. Егер Арктика ауасының келуі қайталана берсе, дала зонасында қуаңшылық болады.

Әдеб.: Горбацкий Г.В. Северная полярная область. Л., 1964; его же, Физико-географическое районирование Арктики. ч.1, Л.,1967; Международное право, под ред. Ф.И. Кожевникова, 2 доп. и переработ. изд., М., 1966; Магидович И. П., Очерки по истории географических открытий, М., 1967.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-09-19 17:50:42     Қаралды-4127

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »