UF

ЖОҢҒАР МЕМЛЕКЕТІ, Жоңғар хандығы (1635-1758) - батыс монғол тайпаларының (ойраттардың) саяси бірлестігі. Шыңғысханның феодалдық империясы дәуірінде ойраттар империя әскерінің сол қанатына (монғол жунгар, зюнгар; осыдан жоңғар, Жоңғария атаулары шыққан) жатты. Олар Батыс Монғолия мен Жоңғария далаларын мекендеді. Монғол империясы жойылуы (1368) салдарынан туған феодалдық талас-тартыстар кезінде ойрат және шығыс монғол билеушілерінің арасында неше дүркін қанды соғыстар болды. Бұл қырқысулардың түпкі себебі Қытайға апаратын сауда жолдарын иемдену еді. 15 ғасырдың 1-жартысында ойрат билеушілері Тогон (1418-1440), Эсен (1440-1455) өздерінің Шығыс Монғолиядан шыққан қарсыластарына бірнеше рет күйрете соққы беріп, бүкіл Монғолияға билік жүргізді. Алайда 15 ғасырдың 2-жартысында ойрат феодалдары жеңіліске ұшырап, бұл биліктен айрылды. Олардың Қытай рыноктарымен байланысы үзілді. Мұның өзі ойрат қоғамының экономикасына зардабын тигізбей қойған жоқ. Көршілес отырықшы елдермен сауда жасау мүмкіндігінен қол үзген және Моғолстан мен қазақ хандарынан жеңіліс тауып, көшпелі жайылымдарынан айрылған ойрат феодалдары 16 ғасырдың ақырында қиын жағдайға ұшырады. Бұл дағдарыстың одан әрі тереңдей түсуіне хан мен нояндар әулетінен шыққандардын өкімет билігіне таласуы үлкен себеп болды. Осындай ішкі және сыртқы саяси жағдайда феодалдық бытыраңқылықты жою, ойрат феодалдарының таптық мақсат-мүддесін қорғайтын бір орталыққа бағынған мемлекет құруына күн тәртібіне қойылды. Бұл міндетті шешуді Шорас (Чорос) аймағынын билеушісі Хара Хула бастады. Ал оның баласы Батыр (Батур) қонтайшы тұсында (1635-1653) Жоңғар мемлекетті құрылды.

Батыр қонтайшы хандық құрған дәуірде феодалдық қатынастар нығайып, қалалар сипатындағы отырықшы елді мекендер салына бастады, егін шаруашылығы біршама дамыды. Жоңғар хандығының сыртқы саясаты, негізінен, маньчжур жаулаушыларына қарсы бағытталды. 1640 жылы Тарбағатай маңында (Жоңғария) монғол және ойрат иеліктері өкілдерінің Құрылтай съезі болып, ол монгол-ойрат заңдарын («Цааджин бичиг») қабылдады. Бұл заңдардың мақсаты сырттан саяси қауіп төнген жағдайда оған қарсы бірлесіп күш біріктіру және феодалдық шонжарлардың халық бұқарасына деген үстемдігін нығайту болатын.

Осы кезден бастап Жоңғар мемлекетті Россиямен бейбіт сауда қарым-қатынастарын орната бастады. Россия рыноктарында ойраттар мал шаруашылығы өнімдерін ауыл шаруашылық және өнеркәсіп товарларына айырбастап отырды.

Батыр қонтайшының мирасқорлары Халдан (Халдан Бошокту хан) 1671-1697), Цэван-Рабдан (1697-1727) және Халдан-Цэрэндер егін шаруашылығы мен майда кәсіпшілікті дамытуға күш жұмсап, сауда қатынастарының ұлғаюына едәуір ықпал жасады. Олардың сыртқы саясаты бұрынғыдай маньчжурларға қарсы сипатта қала берді. Сонымен қатар Жоңғар мемлекеттінің билеушілері өзінің батыстағы көршілерімен де үздіксіз соғыс жүргізіп отырды.

Белгілі зерттеуші В.В.Вельяминов-Зерновтың айтуына қарағанда, қазақ- ойрат қарым-қатынастары 16 ғасырдың 1-ширегіне дейін бейбіт қарым-қатынас сипатында болған. Дегенмен сол ғасырдың 30 жылдарынан бастап жағдай мүлде өзгеріп, қазақ және ойрат феодалдарының арасындағы күрес екі ғасыр бойына созылған. Бұл күрестің себептерін дәлме-дәл ашып көрсететін мәліметтер жоқтың қасы. Алайда кейбір жанама деректерге сүйене отырып, қазақ-ойрат қарулы күресінің шығуына төмендегі жағдай себепші болған деген тұжырым жасауға болады. Біріншіден, көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан екі жақтың билеушілері үшін көшіп-қонатын жерді кеңейте түсу керек болды. Екіншіден, жоңғар феодалдары Сырдария бойындағы сауда орталықтарын басып алғысы келді. Бұлай жорамалдауға ағылшын көпесі әрі саяхатшысы Дженкинсонның келтірген мәліметтері негіз бола алады. Ол 1557 жылы Орта Азиядан Қытайға өтпекші болғанда, оған қазақтар мен ойраттардың Ташкент қаласы үшін жүргізген соғысы кедергі жасаған.

16 ғасырдың орта шені мен оның 2-жартысында қазақ хандары ойрат билеушілеріне қарсы күресте едәуір басым түскен. Өйткені бұл кезде ойрат нояндары Моғолстанға қарсы күрес және ойрат қоғамының өз ішіндегі ала ауыздық салдарынан біршама әлсіреген болатын. Орыс патшасы Иван ІV-нің Ноғай ұлыстарына жіберген елшісі Данила Губин Москваға қазақтардың күштілігі және олардың ойраттарды бағындырғаны жайында хабарлаған. 1594 жылдың басында Москва мемлекетінде болған Тәуекел ханның елшісі Құлмухаммед те осындай мәлімет келтіреді. Ол Тәуекелдің інісі Шахмаметтің қалмақтарға хан болғанын патша сарайында болған әңгімесінде баяндаған.

17 ғасырдың 1-жартысына дейін де қазақ және ойрат билеушілершің жер үшін таласы толастамады. Мыс., орыс архивтерінде сақталған тарихи деректерге қарағанда, 17 ғасырдың 20 жылдарында ноғайлармен күш біріктірген қазақ хандары жоңғарларды Тобыл өзеніне дейін ығыстырған. Қазақ хандары мен сұлтандары ойраттарды Жетісу өлкесінің бүкіл өн бойынан қуып шығуға көп күш салған. Жоңғар феодалдарына қарсы күресте қазақ билеушілерінің осындай елеулі табыстарға жетуінің негізгі себебі - бұл кезде феодалдық негіздегі біріккен Қазақ хандығының құрылып, сыртқы жауға бірлесе қарсы тұрғандығында еді. Ал 17 ғасырдың 30 жылдарында Батыр қонтайшының өкімет басына келуіне байланысты ойрат қоғамының ішкі және сыртқы саяси жағдайы жақсарды. Моғолстанның жеке-жеке иеліктерге бөлініп кетуі ойрат жерлеріне батыс пен оңтүстіктен төнген қауіпті едәуір бәсеңдетті. 17 ғасырдың бүкіл өн бойында Шығыс Түркістан хандары мен сұлтандары жоңғар жерлеріне жорың жасай алмады десе де болады. Сондай-ақ қазақ-ойрат қарым-қатынастарында айтарлықтай сапалы өзгерістер пайда бола бастады. 16 ғасырдың аяғы мен 17 ғасырдың бас кезінде біріккен Қазақ хандығына бытыранды ойрат иеліктері қарсы тұрған болса, енді олар Хара Хула басшылығымен біртіндеп біріге бастады. Тәуекел ханның мирасқорлары тұсында хандық өкіметтің әлсіреуі және Қазақстанның жеке-жеке иеліктерге ыдырауы ойрат феодалдарының саяси тұрғыдан күшеюіне қолайлы жағдай туғызды.

Батыр қонтайшының тұсында қазақтар мен жоңғарлар арасында үш рет қарулы соқтығыстар болғанын тарихи деректер растайды. Оның біріншісі 1635 жылы болған. Бұл туралы алғаш рет белгілі тарихшы И.Э.Фишер өзінің «Сібір тарихында» сөз еткен. Дегенмен бұл ұрыстың немен тынғаны осы кезге дейін беймәлім. Ал 1643-1644 жылдардағы қазақ және ойрат билеушілерінің арасындағы соғыс туралы деректер біршама толық. Орыс архивтерінде сақталған мәліметтерге қарағанда, жоңғарлардың қазақтарға қарсы бұл жорығы 1643 жылдың қыс айларында басталып, келесі жылдың жазына дейін созылған. Бұған Батыр қонтайшының басшылығымен ойрат тайпаларының көпшілігі қатысқан. Жоңғар феодалдарының біріккен күшіне Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадур бастаған қазақ жасақтары қарсы тұрған. Соғыс тактикасын дұрыс қолданған қазақ қолбасшылары бұл соғыста жеңіске жетті. Алайда жоңғар феодалдары түпкілікті жеңілген жоқты. Олар енді алдағы айқастарға жан-жақты дайындала бастады. Батыр қонтайшы Кузнецк уезінен қару-жарақ сатып: алып, өзіне тәуелді қырғыздардан аткөлік жинастырды. Осындай әскери дайындықтан кейін Батыр қонтайшы 1652 жылы қазақтарға қарсы аттанды. Бұл соғыста қазақ жасақтары жеңіліп, қол бастаған Жәңгір ханның өзі қаза тапты.

17 ғасырдың 80 жылдарында жоңғар-феодалдары қазақ даласына бұрынғыдан бетер күшті жорықтар жасай бастады. Олар Оңтүстік Қазақстан мен Сырдария бойындағы сауда орталықтарын, керуен жолдарын басып алуға бар күшін салды. 1681-1686 жылдар аралығында жоңғар билеушілері осы жерлерге бірнеше рет шабуыл жасап. Сайрамды қиратты. Ал 18 ғасырдың 1-жартысында жоңғар феодалдары тарапынан қазақ жерлеріне ұйымдастырылған басқыншылық жорықтар (1711-1712, 1714, 1718, 1723-1725, 1742) Қазақстан экономикасына үлкен зардабын тигізіп, қазақ қауымдарының, солтүстік және солтүстік батысқа ығысуына әкеліп соқтырды.

Жоңғар мемлекетті мен маньчжур империясының арасындағы қан құйлы соғыстар Халдан-Бошокту хан мен Халдан-Цэрэннің тұсында бұрынғыдан да жиілей кетті. Халдан-Цэрэн өлгеннен кейін, Жоңғар мемлекеттінде өріс алған феодалдық бытыраңқылық оны едәуір әлсіретті. Бұл жағдайды ол кезде Қытайды билеп тұрған маньчжур әулеті шебер пайдаланды. 1755, 1756, 1757 жылдары маньчжурлар Жоңғар мемлекеттіне үш рет шабуыл жасап, тасталқан етті. Маньчжур басқыншыларына қарсы Амурсана бастаған көтеріліс айуандықпен басып жанышталды. Жүздеген мың ойрат халқы қырып-жойылды.

Жоңғар мемлекетті өзінің әлеуметтік-саяси және экономикалық даму сатысы жөнінен феодалдық сипаттағы мемлекет болды. Онда бір-біріне қарама-қарсы екі тап өмір сүрді. Оның бірі - саяси және экономикалық билікті өз қолында ұстап, халық бұқарасын езгіге салған феодалдар табы, екіншісі - езілген арат (шаруа). Феодал шонжарлар көшіп-қонатын жайылымдық жерлерді түгелдей өз қолына алып, араттарды тәуелді жағдайда ұстады. Таптар бірнеше сословиеге бөлінді. Жоңғар мемлекеттінің ең жоғары билеушісі хан болып саналатын, одан кейінгі сатыда тайпалар, зайсандар тұрды. Жоңғар феодалдарының ерекше бір тобы дін басыларынан, жоғары лауазымды ламалардан құралды. Ал араттар албату және шабинар болып екіге бөлінеді. Оның біріншісі хандарға, тайшаларға, зайсандарға, ал екіншісі шіркеу шонжарларына тәуелді болды.

Әдеб.: Валиханов Ч.Ч. Очерки Джунгарии. Соч., т. 1. -А.-А., 1961; Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о касимовских царях и царевичах. - СПБ, 1864; Златкин И. Я. История Джунгарского ханства (1636-1758). М. 1964; Енчурин Н. Я. Историческое обозрение ойратов или калмыков с XV столетия до настоящего времени. СПБ 1834; Позднеев А.М. К истории зюнгарских калмыков. -СПБ, 1887.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-09-18 13:48:16     Қаралды-9365

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »