UF

КУБА (Сubа), Куба республикасы (República de Cuba) - Орталық Америкадағы мемлекет. Кариб теңізіндегі Куба (104 мың км2), Пинос (2,2 мың км2) және 1600-дей шағын аралдарда орналасқан. Жері 110,9 мың км2. Халқы 11,48 млн. (2017). Астанасы - Гавана қаласы. Әкімшілік жағынан 6 провинцияға (Пинар-дель-Рио, Матансас, Гавана, Лас-Вильяс, Камагуэй, Орьенте) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Куба - социалистік мемлекет, республика. Конституция орнына 1959 жылы 8 ақпанда қабылданған (1960 ж. өзгерістер енгізілген).

Негізгі заң қолданылады. Мемлекет басшысы президент, оны революциялық үкімет - Министр Советі тағайындайды. Президент Министр Советімен бірге атқарушы өкімет билігін жүзеге асырады, заңдарды жариялайды. Министр Советін премьер-министр басқарады, министрлерді президент тағайындайды. Министр Советі Негізгі заңға өзгерістер енгізуге және конституциялық заңдар қабылдауға праволы. Жергілікті өкімет органдары жүйесін президент тағайындайтын Ұлттық үйлестіру комитеті басқарады. Жергілікті жерде қоғамдық тәртіп сақтау және социалистік өзгерістер жүргізу үшін револция қорғау комитеттері құрылған. Сот жүйесін 9 судьядан құралатын Жоғарғы сот басқарады, оларды президенттің ұсынысы бойынша Министр Советі, сайлайды. Әрбір провинцияда провинциялық сот (аудиенсиа), бірінші инстанция соттары, муниципиалдық соттар бар. Бұларды Жоғарғы сот сайлайды.

Табиғаты. Куба жері негізінен жазық. Территориясының 1/3-і қырат пен тау. Елдің орталық және батыс бөлігін Кордильера-де-Гуанпгуанико, Гавана-Матансас, Бехукаль-Мадруга, Санта-Клара, Гуамуая қыраттары, шығысын Сьерра-де-Кубитас, Сьерра-де-Нахаса қыраттары, оңтүстік-шығыс жағын Сьерра-Маэстра тауы алып жатыр [елдің ең биік жері - Туркино тауы (1974 м)осында]. Геологиялық құрылысы жөнінен Куба жері қатпарлы-геосинклиналдық Кордильера белдеуінің Антиль-Кариб облысына жататын мегантиклинорий болып табылады. Пайдалы қазындылары - мыс, марганец, хромит, никель, каолин. Климаты тропиктік. Қаңтардың орташа температурасы 22,5°С, тамызда 27,8°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері жазық жерлерде 1000-1200 мм, тауда 2200 мм-те дейін. Өзендерінің көбі қысқа және олардың суы аз келеді. Ең ірі өзені - Кауто (ұзындығы 370 км) Сьерра-Маэстро тауынан басталады. Территориясының 10%-і орман (таулы және батпақты аймақтарда). Жері негізінен қызыл, қоңыр топырақты келеді. Куба сирек тісі, хути кеміргіші, кесіртке, тасбақа, крокодил т.б. аң, құстардың 300-ге тарта түрі кездеседі. Табиғи жағдайына қарай Куба жері Батыс, Орталық, Орталық Шығыс, Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік аудандарға бөлінеді.

Халқы. Куба тұрғындарының 95%-і кубалықтар. Қытайлар, жапондар, гаитиліктер де бар. Орьенте провинциясында жергілікті үндістер тұрады. Ресми тіл - испан тілі. Дінге сенушілер арасында католиктер басым. Халықтың табиги өсуі жылына 2,6%. Еңбек етуші халық 2737 мың; оның 33%-і ауыл шаруашылығымен айналысады. Қала халқы 60,5% (1970); ірі қалалары (1970, мың адам); Гавана (1755), Сантьяго-де-Куба (276), Камагуэй (197), Санта-Клара (131,5), Гуантанамо (130,1).

Тарихы. Куба жерінде көне замандардан екі мәдениеттің орын тепкені байқалады. Оның аса ілгергісі - палеолит мәдениеті б.з.б. 5 ғасырда туған. Оны Куба аралының батыс жағын мекендеген аңшы және балықшы үндістер (хуанахатабейлер) жасаған. Олар теңіз хайуанаттарының сүйектерін, үшкір тастарды, ағашты құрал етіп пайдаланған. Екінші мәдениеттің пайда болуын ғылым б.з. 5-10 ғасырына жатқызады. Бұл - неолит дәуірі. Оны аралдың шығыс жағын мекендеген үндіс тайпалары - сибонейлер мен тайнолар жасаған. Бұл тайпалар негізінен отырықшылық өмір сүріп, қыш-құмыра бұйымдарын жасаумен, тоқымашылықпен, тұрпайы түрде болса да тас, ағаш өңдеумен айналысқан. Шаруашылықтың негізі тұрпайы егіншілік болды. Тайпалық-рулық бөлініске негізделген алғашқы қауымдық қоғамда таптық жіктелу де айқын көріне бастады. Европалықтардың алғашқы келген кезінде (15 ғасырдың аяқ шені) мұнда 200 мыңнан аса халық болыпты.

Бұл аралды 1492 ж. қазанда X. Колумбтың экспедициясы ашты. 1510 ж. испандықтар аралды жаулап алуға кірісті, жергілікті халықты қырып-жоя бастады. Көсемдері Атуэй (1510-1512) мен Гуам (1529-1532) бастаған үндістер басқыншыларға зор қарсылық көрсетті. Отарлау күшейе берді, Сантьяго (1514 ж. негізі қалаңған), Гавана (1515) сияқты қалалар, порттар туа бастады. Жердің бәрі испан королынікі деп жарияланды, корольдың атынан жер парасатты испандықтарға бөлініп беріле бастады. Олардың жергілікті халықты қанауына, құлдануына жағдай жасалды. Ауыр еңбектен, аштықтан, аурудан жергілікті халық қырылып, жойыла берді, сөйтіп, 1537 ж. аралда 5 мыңдай-ақ үндіс қалды. Енді отаршылдар кен орындарында, темекі және қант-қамыс плантацияларында жұмыс істету үшін Африкадан құл-негрлерді әкеле бастады. Ұзақ уақыт бойы елдің негізгі дәулеті мал шаруашылығы болды. Мал өсіре тін ірі латифундиялар кең өріс алды. 17 ғасырдың орта шенінде елдің бар жерін испан басқыншылары өзара бөлісіп те бітті. Елде қант пен темекі өндірісі ұлғайып, 18 ғасырда мал өсіретін латифундиялар ұсақтай берді. Жайылымды бұзып, плантацияға айналдыру күшейді. 17 ғасырдың ортасы мен 18 ғасырда темекі өсірушілердің шұрайлы жерге таласы, 1717 ж. Испания енгізген темекі монополиясына қарсы күресі ұлғайды. Король мен метрополия көпестерінің мүддесін көздеп орнатылған қатаң сауда монополиясы арал тұрғындарының наразылығын арттырып, контрабанданы өрістетті. Испанияның сауда және әскери жорықтарында Куба маңызды транзиттік пунктке айналды. Испаниямен жеті жылдық соғыста (1756-1763) ағылшындар Гавананы басып алды (1762) да, сауда бостандығын жариялады. Бұл жағдай аралда экономикалық өмірдің жандануына себепші болды. Бір жылдан соң Гавана Испанияға кері қайтарылды. Сонан соң Испания Кубамен сауда режимін жұмсартуға мәжбүр болды. Европамен, әсіресе Франциямен, кейін АҚШ-пен сауда жасау Кубада қант пен темекі өндірісін ұлғайтты. Осы дәуірде, экономика және мәдени бірыңғайластықтың дамуы нәтижесінде, Куба жұрты қалыптаса бастады, елдің экономикалық және саяси жағынан дамуына мүдделі болған жер иеленуші - креолдардың ықпалды табы құрылды.

Америкадағы испан отарларының соғысы кезінде (1810-1826) Куба жер пеленушілерінің Ф.Аранго-и-Парреньо бастаған прогресшіл бөлігі елді экономика және саяси жағынан қайта құру талабын қойды. Соның әсерімен Испания бірқатар шаралар жүргізуге мәжбүр болды. 1817 жылы темекі монополиясын жойды, 1818 ж. еркін саудаға рұқсат берді т.б. Бұл Кубада экономиканың өрлеуіне, плантациялық шаруашылықтың өркендеуіне жағдай туғызды, испан үстемдігін сақтап қалуды жақтаушылардың позициясын күшейтті. 1812 ж. Кубадағы құл негрлер Апонтенің бастауымен көтеріліс шығарған болатын. Содан үрейленген құл иеленушілер испан өкіметімен астыртын келісімге келіп, аралды Испанияның соғыс-теңіз базасына айналдырды. 20 жылдардың бас кезінен Кубада бостандық үшін күреске шақырған газеттер шыға бастады, тәуелсіздікті көксеген жасырын қоғамдар пайда болды. 1844 ж. испан өкіметі «саты қаскүнемдігі» деп аталған көтеріліске (қатысушыларды сатыға керіп өлтіргендіктен осылай аталып кеткен) қатысушыларды қатал жазалады. Көтеріліс құл негрлерді азат ету мақсатын көздеген еді. Куба халқының көпшілігі испан өкіметі мен әскер басшыларының зорлық - зомбылығынан зар еңіреді. 19 ғасырдың 30 жылдарында алғашқы темекі және шылым фабрикакалары пайда болды, қант өндірісі, кен өнеркәсібі өркендеді, темір жол салына бастады, кұю шеберханалары туды. Оларда көбінесе ерікті негрлердің, мулаттардың аса кедей ақ нәсілділердің еңбектері қаналды. Бірте-бірте капиттализм қатынас қалыптасып, 60 жылдары құл иелену жүйесі дағдарысқа жетті. Жұмысшылардың шоғырлануы алғашқы өзара көмек қоғамдарын тудырды. 1866 ж. Гаванада темекі фабрикасы жұмысшыларының тұңғыш көтерілісі шықты. Капиталист қатынас ауыл шаруашылығында да қалыптаса бастады. Бос халықтың көбейіп, өндіргіш күштердің артуы кубалық ұлттың қалыптасуына, тәуелсіздік жолындағы күрестің дамуына себін тигізді. 1861-1865 ж. АҚШ-та болған азамат соғысы Кубаның азаттық кұресіне ықпалын тигізді.

1868 ж. 10 қазанда Орьенте провинциясындағы Яра с-сының түбінде Куба патриоттарының көтерілісі басталды. Оны К.М. де Сеспедес басқарды. Мұның аяғы Куба халқының испан отаршылдарына қарсы он жылдық сорысына (1868-1878) айналды. Бұл кең өріс алған ұлт-азаттық қозғалысының әлеуметтік негізі шаруалар, құлдар, қолөнершілер, әлі көбейе қоймаған пролетариат еді. Оларға патриоттық ниеттегі помещиктер мен кейбір қала мен село буржуазиясы басшылық етті. 1869 ж. сәуірде Куба конституциясы қабылданып, 1-Тәуелсіз Куба республикасы жарияланды. Азаттық армиясының жоғарғы тобы халықтық соғыстың етек алуынан қорқып, 1878 ж. 10 ақпанда Санхон қаласында ымырашыл бітім шартына қол қойды, олар қарулы күресті тоқтатуға, ал испандықтар Кубаны басқаруда реформа жасауға, құлдарды босатуға міндеттенді. Бірақ құлдық 1886 ж. барып жойылды, бұрынғы құлдар ауыл шаруашылығы мен кәсіпорындардың кіріптар жұмысшысына айналды. Сонымен, капитализмнің дамуына жағдай туды. Куба экономикасына АҚШ капиталы ене бастады, қант шикізатының 75%-і АҚШ-қа жіберілетін болды, қажетті товарлардың бәрі солардан алынды.

Испан үстемдігіне қарсы күрес тиылған жоқ. Азаттық қозғалысының идеологы әрі көсемі X. Мартидың басшылығымен даярлық жүре берді. Жұмысшы қозғалысының көрнекті өкілдері (К. Балиньо, Д. Техера) социалистік идеяның тарауына, жұмысшылардың ұйымшылдығын арттыруға себепші болды. 1892 ж. X.Марти АҚШ-та Кубаның револциялық партиясын (КРП) құрды. Партия революция күштерді біріктіру, азаттық күресіне әзірлік жасау, оған басшылық ету мақсатын қойды, өзінің орталық органы «Раtrіа» газетін құрды. 1895 ж. 24 ақпанда Орьенте провинциясында Кубаның тәуелсіздігін көксеген қарулы көтеріліс шықты. Көтерілістің қозғаушы күші шаруалар мен пролетариат болды, әлеуметтік орташа жіктердің өкілдері басшылық роль атқарды. Олар саяси тәуелсіздік алып, ұлттық мемлекеттік құруды мақсат етті. 1895 ж. 19 мамырда испандықтарға қарсы ұрыста X.Марти опат болды. Күресті М.Гомес Баэс пен А. Масео басқарды. 1895 ж. қыркүйекте Куба республикасының революциялық үкіметі құрылды, конституциясы жасалды. 1897 ж. 25 қарашада Испания Кубаға автономия берді, толық тәуелсіздікті көксеген халық күресті тоқтатқан жоқ. Сол жылдың ақырында Кубаның көп жері босатылды. Испандықтар тек порттаода ғана қалды. Бірақ Кубаға жаңа қауіп төнді, енді оған американдар катерін тікті. 1898 ж. сәуірде АҚШ Испанияға қарсы соғыс ашты. Куба халқының күресін пайдалана отырып, олар испандықтарды тез арада талқандай қойды. Сол жылы желтоқсанда Парижде Испаниямен бітім шарты жасалды да, Куба АҚШ-тың қол астына көшті.

1899 ж. қаңтарда Кубаны АҚШ оккупациялап алды. КРП-нің басшылары (X.Марти өлгеннен кейінгі) келісімпаздық жасап, 1898 ж. желтоқсанда КРП-ні, барлық революциялық клубтарды таратты. Кубаның Азаттық армиясы таратылды. Дәулетті таптардың жәрдемімен американ капиталы Куба экономикасына тамырын жая бастады. Бірақ, халық күресі тоқтаған жоқ. 1900 ж. қарашада АҚШ оккупациялық өкіметі құрылтай жиналысын шақырды. Онда конституция ұсынылды. Ол 1901 ж. ақпанда бекітілді. АҚШ қоймай жүріп, 1901 ж. маусымда конституцияға түзету енгізді де, елдің ішкі істеріне араласуға право алды. 1901 ж. желтоқсанда Кубада тұңғыш президент сайлауы өтті. АҚШ-тың басшы топтарына ұнаған Т.Эстрада Пальм президент болып сайланды. 1902 ж. 20 мамырда ресми түрде Куба республикасы құрылғаны жарияланды, Гаванада ұлт туы көтерілді, американ әскерлерін көшіру басталды.

Жаңа жағдайда да бұрынғы қалып сақталып қала берді. 1902 ж. АҚШ- пен сауда шарты жасалды, ол Куба рыногына АҚШ-тың бақылау жасап отыруына мүмкіндік берді. 1903 ж. «Тұрақты шарт» дейтінге қол қойылып Гуантанамодағы соғыс-теңіз базасы АҚШ-қа берілді. Бұл екі шарт Кубаны мүлдем тоқталады. Бұқара халықтың мүддесін қорғау мақсатымен 1904 ж. Кубаның жұмысшы партиясы құрылды. Оны К.Балиньо басқарды. 1905 ж. бұл партия Социалистік жұмысшы партиясы деп аталып, марксизмді өзінің доктринасы етіп жариялады. Осы кезде Кубада консерваторлар мен либералдардың буржуазиялық-помещиктік партиялары да пайда болған еді.

АҚШ өзінің экономикалық және саяси ықпалын күшейте берді. Оған жергілікті өкімет те көмектесіп отырды. Бұқара халық екі жақты қанаудың қыспағына тұсті. Империализмге қарсы қозғалыс күшейді. Оны басу үшін АҚШ талай рет әскерін әкеліп төкті (1906-1909, 1912, т.б.). 1-дүние жүзілік соғыстың (1914-1918) тұсында қант бағасы көтеріліп, Куба өнеркәсібінің табысы артты. 1918-1919 ж. Куба дүние жүзіндегі қант өндірісінің тең жартысын беріп отырды. 1917 ж. сәуірде, АҚШ-тың ізінше, Куба Германияға соғыс жариялады.

Қымбатшылық болып, еңбекшінің тұрмыс жағдайы ауырлады. Бұдан наразылық күшейіп, Гавана, Сантьяго порттарында жұмысшылар забастовкаға шықты. 1917 ж. қалың бұқараның қолдауымен либералдар көтеріліс жасады. Бұдан сескенген АҚШ өкіметі өскерін төгіп, дереу аралды оккупациялады. Бірақ елде қобалжу басылған жоқ. Россиядағы Ұлы Октябрьлық социалистік революциясы Кубадағы антиимпериалистік және жұмысшы қозғалыстарының өрлеуіне, Маркс-Энгельс-Ленин ілімінің өрістеуіне ықпалын тигізді. Куба еңбекшілері Совет елін қорғап үн қөтерді, интервенттердің Россияга әскер жіберуіне наразылық көрсетті.

1920 ж. Кубада қант өндірісі үлкен дағдарысқа ұшырады. Бұл сауданы азайтты, жұмыссыздықты күшейтті, ұсақ кәсіпорындарды күйзелтті, Киыншылықты пайдалана қойған АҚШ Куба бюджетіне бақылау орнатты. Бұл жағдай кубалықтардың ұлттық намысына тиді. 1923 ж. жастар мен студенттердің империализмге қарсы қозғалысы туды. Оны көрнекті революционер X.А.Мелья басқарды. 1924 ж. Кубаның көп қалаларында коммунистік топтар пайда болды. 1925 ж. тамызда Гаванада Куба коммунистік партиясы (ККП) құрылды. Сол жылы Камагуэеде өткен Ұлттық жұмысшы конгресі Жұмысшылардың ұлттық конфедерациясын негіздеді.

1925 ж. АҚШ-тың қолдауымен өкімет басына X.Мачадо келді. Ол террорлық диктатура орнатты, жазалауды күшейтті. 1926 ж. компартияға тыйым салынды, 1929 ж. Мачадоның агенттері X.А.Мельяны өлтірді. 1920-1933 ж. дүние жүзілік экономикалық дағдарыс Кубаға ерекше зардабын тигізіп, еңбекшілерді қатты күйзелтті. Жұмыссыздық көбейді. 1930 ж. наурызда ККП-нің көрнекті басшысы Р.Мартинес Вильенаның басшылығымен жаппай ереуіл басталды. Бірте-бірте ол революциялық күреске айналды. 1933 ж. 1 тамызда бұқаралық демонстрацияга өкімет оқ атты. 4 ьамызда жаппай ереуіл басталып, саяси ұрандар көтерілді. ККП және басқа солшыл ұйымдар халықтық қозғалысқа басшылық етті. АҚШ-тың бітістірмек болған әрекетін революциялық күштер қабыл алмады. Революцияның ұлғаюынан сескенген астана гарнизоны 11 тамызда Мачадо үкіметін орнынан түсуге мәжбүр етті. Диктатор аралдан қашты. 12 тамызда Куба М. де Оеспедес бастаған жаңа үкімет құрылды. Бұл үкімет келісімпаздық жасап, қаншама әрекеттенгенімен, революция қозғалысты бөгей алмады. Ақыры солдаттар мен студенттер қолдаған сержанттар көтерілісі оны жұлып тастады. 4 қыркүйекте манифест жарияланып, революцияның тоқтамайтыньғ мәлімделді. Радикалдық саяси ұйымдардың жәрдемімен өкімет басына.

Р. Грау-Сан Мартин келді (1933 ж. қыркүйек - 1934 ж. қаңтар). Ішкі істер министрі А. Гитерас бастаған солшыл күштердің ықпалымен бұл үкімет біраз реформалар жасады. Бірақ көп ұзамай оңшыл элементтер бел алды да, контрреволюция шабуылға шықты.

1934 ж. Батиста-и-Сальдивар сержанттарының қасқүнемдігімен Грау үкіметі құлатылды, оның орнына К.Мендиетта үкіметі келді (1934-1936).

Іс жүзінде өкімет билігі Батистаның, қолына көшті. Ол әскери-полицейлік тәртіп орнатты. Халықтың наразылығынан қауіптенген АҚШ үкіметі 1934 ж. «Платт түзетуін» жойды, бірақ Гуантанамо әскери-теңіз базасын және экономикалық үстемдік жағдайын сақтаз қалды, Куба қантын әкелуге квот жүйесін орнатты, қыркүйекте сауда шартына қол қойып, Кубаның экономикалық тәуелділігін орнықтыра түсті. Мұның өзі елде наразылықты күшейтті.

1935 ж. жаппай ереуіл басталып, әскери-полициялық тәртіпті жою, демократиялық жолмен басқаруды қалпына келтіру талабы қойылды. Оңшыл партиялар сайлау өткізуді талап етті, ал халықтық-революциялық блок болып біріккен солшыл партиялар құрылтай жиналысын шақырып, жаңа демократиялық конституция қабылдауды талап етті. 1935 ж. маусымда конституциялық заң қабылданып, парламенттік тәртіп орнатылды, 1938 ж. ККП жария жағдайға көшті, 1939 ж. оның жәрдемімен Куба еңбекшілерінің конфедерациясы (КЕК) құрылды. Сол жылы ККП Революциялық одақпен блок жасап, Құрылтай жиналысының сайлауына қатысты. 1940 ж. екі партия қосылып, Революция коммунистік одақ деп аталды.

1939-1940 ж. Құрылтай жиналысы өтіп, буржуазиялық-демократиялық конституция қабылданды, бірақ оның жариялаған праволары мен бостандығы қағаз жүзінде қалды. 1940 ж. шілдеде болған сайлауда Батиста президент болды. 1941 ж. желтоқсанда Куба АҚШ-тың ізінше Германияға, Жапонияға және Италияға соғыс жариялады.

1942 ж. қазанда Куба СССР-мен дипломатиялық қатынас орнатты. 1943 ж. коммунистер тұңғыш рет үкімет құрамына енді. 1944 ж. Революция коммунистік одақ Кубаның Халықтық-социалистік партиясы деп аталды (КХСП). Кубада Совет Одағымен ынтымақтасу, фашистік агрессияның құрбандарына көмек көрсету қозғалысы өріс алды. Жұмысшы қозғалысының күшеюі арқасында 1944 ж. Куба революциялық партиясының басшысы Грау -Сан-Мартин президент болып сайланды. Ол ұлтшылдық және антиимпериалистік программа ұсынған еді. Әуелде Грау біраз прогресшіл реформалар да жүргізді, кейін демократиялық күштерді қудалап, жазалау жолына түсті.

1948 ж. Граудың орнына Прио Сокаррас үкіметі келді. Ол бұрынғыдан да қатал болып, сөз және баспасөз бостандығына шек қойды, АҚШ-тың коммунизмге қарсы саясатын қолдап, «қырғи қабақ соғысқа» белсене қатысты. Қудалаушылыққа қарамастан, Кубада демократиялық қозғалыс ұлғая берді.

1949 ж. Гаванада бейбітшілікті жақтаушылардың конгресі өтті, шаруалар съезі шақырылды, ол аграрлық реформа жүргізуді талап етті. 1951 ж. ереуіл күресі кең өріс алып, жүздеген мың адамды қамтыды. 1952 ж. 10 наурызда, президент сайлауына аз күн қалғанда шексіз билікті көксеген Батиста мемлекеттік төңкеріс жасады.

Ішкі реакция мен АҚШ империалистерінің көмегіне сүйенген Батиста елде диктатура орнатты. 1940 жылғы конституция жойылды, демократия бостандық тыйылды, наразылық білдірген партиялар мен ұйымдар қуғындалды, компартия заңсыз деп жарияланды. Кәсіподақтың жұмысына бақылау орнатылды. Армия мен полиция елді қан қақсатты. Батиста елді АҚШ-қа толық бағындыру саясатын ұстады, СССР-мен дипломатиялық қатынасты үзді (1952 ж. 3 сәуір). Американ монополиясының Кубаны тонауына қолайлы жағдай туды. Бұқара халық күйзеле бастады, наразылық күшейді. Осы жағдайда Ф. Кастро Рус бастаған революция ниеттегі бір топ жастар Батистаның тәртібіне қарсы қарулы күрес бастауға бел байлады. 1953 ж. 26 шілдеде бұл топ Сантьяго-де-Куба қаласындағы Монкада казармасына шабуыл жасады. Бұған қарсы Батиста нағыз қанды қырғын тәртібін орнатты. Саяси-қоғамдық және мәдени өмірдің барлық саласына қатал бақылау қойылды. Кубаның Халықтық-социалистік партиясы (КХСП) жасырын жағдайда жұмыс істеп, еңбекшілердің көшесін басқарып отырды. Қарулы күрес тоқтаған жоқ. 1955 ж. ағайынды Фидель және Рауль Кастро Рус Мексикаға өтіп, Кубадағы диктатураға қарсы күресу үшін революциялық отряд құруға кірісті. Елде ереуіл қозғалысы ұлғая берді, әсіресе темір жолшылар, қала транспортының жұмысшылары, кейін студенттер жаппай ереуілге шықты. Бұған КХСП басшылық етті. Елдегі патриоттық күштер «26 шілде қозғалысына» бірікті. 1956 ж. 30 қарашада Сантьяго-де-Куба қаласында жұмысшылар мен студент жастар қарулы көтеріліс жасады. Сол жылғы желтоқсанда Ф. Кастро бастаған революциялық отряд Орьенте провинциясына келіп түсті. Көтерілісшілер Сьерра-Маэстра тауына бекініп, диктаторларға қарсы майдан ашты. Эуелгі шағын отряд бірте-бірте толыса берді, оларға жұмысшылар мен шаруалар ағылып келіп қосылып жатты. Ақыры армияға айналды. Көтерілісшілер армиясы босатқан Сьерра-Маэстра ауданы «Ерікті Куба жері» деп аталды. Ондағы қимылдарға қала мен деревнядағы ереуілдер, көтерілістер т.б. ұласты. 1957 ж. 13 наурызда студенттердің «Революциялық директорат» деп аталған саяси ұйымы президент сарайына шабуыл жасады. 1958 ж. бірқатар басқа қалаларда ереуілдер шықты. 1958 ж. наурызда Сьерра-дель-Кристаль ауданында Р.Кастро Рус басқарған тағы бір күрес майданы ашылды. Барлық жерде қарсыласу топтары шықты. Саяси жағдай мүлдем өзгере берді. Көтерілісшілер армиясының төңірегіне елдегі барлық револциялық күштер топтасты. 1958 жылдың ақырында Көтерілісшілер армиясының қатары алты мың адамға жетті. Халықтың қолдауына сүйене отырып, ол үкімет әскерлерінің шабуылына тойтарыс берді, сонан соң оның өзі шабуылға шықты да, Санта-Клара мен Сантьяго-де-Куба қалаларын алып, дұшпанды біржолата талқандады. 1959 ж. 1 қаңтарда Батиста мен оның сыбайластары елден қашты. 2 қаңтарда Гаванаға Көтерілісші армияның бөлімдері келіп кірді, Кубада революция жеңді (Куба революциясы).

Куба революциясы - 1959 ж. 1 қаңтарда жеңіске жетіп, Батыс жарты шарда тұңғыш социалистік революция деңгейіне дейін көтерілген халықтық, антиимпериалистік, антифеодалдық аграрлық революция. К. р. Латын Америкасында империалистік бұғауды үзді. Батыс жарты шарда тұңғыш социалистік мемлекет құрып, дүние жүзінің осы аймағында революция қозғалыста тарихи бет бұрыс жасады, ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа кезеңін ашып берді.

1952 ж. орнаған Ф. Батиста-и-Сальдивар диктатурасы (1952-1958) елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да ауырлата түсті. Демократиялық күштерге қарсы қастандық өріс алды. Ақыры қатал диктатураға елдің барлық таптары мен әлеуметтік топтары - қала мен село пролетариатар, шаруалар, интеллигенция, ұсақ буржуазия мен ұлттық буржуазияның бір бөлігі қарсы шықты. Коммунистер де революцияға басшылық жасай алатын дәрежеге жетті. 1953 ж. 26 шілдеде Ф. Кастро Рус бастаған бір топ ер жүрек жігіттер кең көлемде халық қозғалысын ұйымдастыру мақсатымен Монкада қамалына (Сантьяго қ.) шабуыл жасады. Шабуыл жасаушылардың көпшілігі қаза тауып, қалғандары түрмеге қамалды. 1955 ж. халықтың қолдауымен түрмеден босатылған Ф. Кастро Мексикада «26 шілде қозғалысы» ұйымын құрды да, Батистаға қарсы қарулы жаңа қозғалыс әзірледі.

1956 ж. желтоқсанда Кубаға бір топ революционерлер келіп түсті. Бұл топ Сьерра-Маэстра тауларына бекініп, партизан отрядын құрды. Отряд бірте-бірте Көтерілісшілер армиясына айналды. Армияны құрып, бүкіл халықтық қарулы көтерілісті әзірлеуде Коммунистік партия аса зор ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асырды. Алғашқы партизандық қозғалыс бүкіл халықтық сипат алды. 1956 ж. 30 қарашада Сантьяго қаласының студенттері мен жұмысшылары қарулы көтеріліске шықты; 1957 ж. наурызда студенттер Гаванадағы президент сарайына шабуыл жасады; 1957 ж. тамызда бүкіл елді коммунистер бастаған жалпы халықтық ереуіл қамтыды. 1958 жылдың сәуірде көптеген қалалардағы жұмысшылар мен қызметшілер көтеріліске шықты.

1958 жылдың 2-жартысында Көтерілісшілер армиясы бірнеше шешуші жеңіске жетіп, Батиста армиясын тас-талқан етті. 1959 ж. 1 қаңтарда Батиста үкіметі құлатылып, өкімет билігі Уақытша үкіметтің қолына көшті. Алғашқы үкімет құрамына кіріп кеткен солшыл буржуазиялық қайраткерлері сол жылы ақпан айында аласталды. Ф. Кастро Революциялық үкіметтің премьер-министрі, О. Дортикос Торрадо елдің президенті болды.

Революция үкімет түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құру шараларын жүзеге асыра бастады. Ескі мемлекеттік аппарат жойылып, халықтық өкімет органдары, революция қарулы күштер мен мемлекеттік қауіпсіздік органдары құрылды. Халықтың әл-ауқаты жақсартылды, адамдарды тегіне қарай бөлу жойылды, мәдениет пен білімді көтеріп, денсаулық сақтау шаралары белгіленді. Сөйтіп, жаңа өкімет халыққа шынайы демократиялық теңдік пен бостандық әперді. Елде аграрлық реформа жүзеге асырылып, Солтүстік Америка компаниялары мен жергілікті ірі және орта буржуазиялық меншігі национализацияланды. Барлық негізгі өндірістік құрал халық қолына көшті. Совет Одағы мен басқа да социалистік мемлекеттер Кубаға экономикалық, техникалық және ғылыми көмектер көрсетіп, оны саяси, дипломатиялық және әскери жағынан қолдап келеді.

Әуелгі кезде елде өзінше бір қос өкімет орнады: бірі - көтерілісшілер армиясына сүйенген халықтық өкімет, екіншісі - революция жеңгеннен кейінгі ресми түрде билікті қолға алған уақытша үкімет. Уақытша үкіметте оңшыл күштер басым болды (премьер-министр - М. Кардона, президент - М.Уррутиа). Олар революцияның дами беруіне қарсы тұрды. 1959 ж. ақпанда Ф. Кастро бастаған револция үкімет құрылды да, оңшыл күштердің өкілдері тайдырылды. Сонымен қос өкімет те жойылды. Үкіметтің басты орындарын революция қарулы күштің өкілдері Ф. Кастро, Э. Гевара алды. О. Дортикос Торрадо президент болды (1956 ж. шілдеден). Бұқара халыққа, «26 шілде қозғалысы», КХСП, «13 наурыздағы революциялық директорат» сияқты революция ұйымдарға сүйене отырып және көтерілісші армияны пәрменді күш ретінде пайдалану арқылы үкімет терең мағынада әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер жасауға кірісті. Жаңа үкімет Куба халқына кең түрде демократиялық бостандық берді, еңбекшілердің тұрмысын жақсарту шараларын жүргізді. 1959 ж. 17 мамырда аграрлық реформа жүргізіліп, латифундия жүйесі жойылды, ауыл шаруашылығының мемлекеттік секторы құрылды. 1960 ж. тамыз-қазанда американ компаниялары мен жергілікті буржуазиялық кәсіпорындар мемлекеттік қарауына алынды. 1960 ж. қыркүйекте 1-Гавана декларациясы қабылданып, жаңа Кубаның саяси принципі жарияланды. 1959 ж. американ империалистері бірнеше рет контрревеволюция қаскүшемдік ұйымдастырды, АҚШ Кубаға неше алуан экономикалық қысымдар жасады. 1961 жылдың басында ол Кубамен дипломатиялық қатынасын үзді, экономикалық блокада жариялады, сәуірде контрреволюцияшылардың қарулы шабуылын ұйымдастырды. 1959 ж. 10 қаңтарда СССР Куба үкіметін таныды. 1960 ж. ақпанда сауда келісіміне және Кубаға 100 млн. долл. қарыз беру туралы шартқа қол қойылды. Совет Одағы Кубаның жақсы қаруланған күшті армия құруына көмектесті.

1961 жылдың орта шенінде социалистік қоғам құрудың негіздері жасалды. Өңделетін жердің 41%-і халықтың қолында болды, өнеркәсіптік өнімдерінің 90%-ін мемлекеттік кәсіпорындар шығарды, банкілер, транспорт пен ішкі сауданың көбі мемлекеттік қарауына өтті, мәдени революция жасалды т.б. 1961 ж. Ф.Кастро Куба революциясы социалистік революция болды деп жариялады. Елдегі барлық революция күштер бірігіп, маркстік-лениндік платформаға қосылды, сөйтіп, бір тұтас Біріккен революция ұйым (БРҰ) құрды. Кубаны оқшаулап тастамақ болған АҚШ 1962 ж. ақпанда Кубаны Американ мемлекеттерінің ұйымынан (АМҰ) шығартты. Куба халқы бұған Екінші Гавана Декларациясымен (1962 ж. 4 ақпан) жауап берді. Онда ол американ империализмін әшкерелеп, Латит Америкасы елдерін ұлт-азаттық күреске шақырды. Сол жылы Куба халқы Кариб дағдарысын басынан кешірді. Куба халқы өзінің табандылығы мен СССР-дің батыл сыртқы саясаты арқасында бұл дағдарысты жеңіп шықты.

1962 және 1963 ж. БРҰ Куба Социалистік революциясының бір тұтас партиясы деп, сонан соң 1965 ж. қазаннан Куба Коммунистік партиясы (ККП) деп аталды. Оның ОК-нің 1-секретары Ф. Кастро болды, ол әрі Революция үкіметтің премьер-министрі болып қалды. Революция үкімет пен ККП елді экономикалық жағынан өркендету, соғыстың, АҚШ қоршауының зардабын жою шараларын жүргізді. АҚШ 1964 ж. шілдеде Американ мемлекеттерінің ұйымына ықпал жасап, Кубаға коллективтік санкция қолдануға, онымен дипломатиялық қатынасты үзуге қарар шығартты. Куба халқы оған Сантьяго-де-Куба декларадиясымен (1964 ж. 24 шілде) жауап беріп, АҚШ-тың агрессиясына қарсы үн көтерді. Революция өкіметтің негізі болған жұмысшылар мен шаруалардың таптық одағы нығая түсті. Социализмнің материалдық-техникалық базасын жасауда үлкен табыстарға қол жетті. 1970 ж. қант қамысынан бұрын болмаған өнім алынды (8,5 млн. т). Балық аулау, мал шаруашылығы, күріш егісі ұлғайды. Жұмыссыздық жойылды. Социализм орнатуда Кубаға СССР және басқа социалистік елдер зор көмек көрсетіп келеді. Тек СССР-дің көмегімен ғана Кубада 1972 ж. 161 кәсіпорын қайта құүрылды.

Социализм орнатудағы жетістіктер, социалистік елдермен ынтымақ, Социалистік экономикалық өзара көмек (СЭӨК) ұйымына қосылу (1972) Кубаның халықаралық позициясын нығайтты.

Латин Америкасы елдерінде Кубамен қатынасты қалпына келтіру қозғалысы өріс алуда. Куба 70 мемлекетпен (197,3) дипломатиялық қатынас жасайды.

Куба Коммунистік партиясы, Куба жас коммунистерінің одағы, кәсіподақтар және басқа қоғамдық ұйымдары. Куба Коммунистік партиясы, 1925 ж. негізгі қаланды. [1940 ж. Революциялық одақ партиясымен бірігіп, Революциялық коммунистік одақ деп аталды, 1944 ж. Куба халықтық-социалистік партиясы (КХСП) деп өзгертілді; 1961 ж. КХСП, «26 шілде қозғалысы» және «13 наурыз революциялық директораты» Біріккен революция ұйымдар құнды, 1962-1963 ж. ол Куба Социалистік революциясының біртұтас партиясы болып қайта құрылды, 1965 ж., қазанда ол Куба Коммунистік партиясы болып өзгертілді]. 150 мың мүшесі бар (1973). Куба жас коммунистерінің одағы.

1962 ж. Жас көтерілісшілер ассоциациясының (1961 ж. пайда болған) негізінде құрылды, оның 130 мыңнан аса мүшесі бар (1973). Куба еңбекшілерінің кәсіподақ орталығы, 1939 ж. негізі қаланды, салалық кәсіподақтарды біріктіреді, 1,6 млн-нан астам мүшесі бар (1972). Революцияны қорғау комитеттері (РҚК), 1960 ж. негізі қаланды, ең үлкен бұқаралық қоғамдық ұйым, оның қатарында 4,2 млн-ға тарта адам бар (1972). Куба әйелдерінің федерациясы, 1960 ж. құрылды. 1,6 млн. мүшесі бар (1972). Ұсақ егіншілердің ұлттық ассоциациясы (ҰЕҰА), түрлі өзара көмек ұйымдарындағы жеке меншік шаруаларды біріктіреді, қатарында 224 мың адам бар (1972). Кубаның бейбітшілік және халықтардың суверенитеті жолындағы қозғалыс комитеті. Куба-совет достығының ассоциациясы, 1969 ж. құрылды.

Экономикасы. Халық революциясы жеңгенге дейін Куба аграрлық ел саналды және саяси-экономикалық жағынан АҚШ-қа толық тәуелді болды. Революция жеңісі Кубаға әлеуметтік және саяси өзгерістер әкелді. Аграрлық реформа жасалды (1959 ж. 17 мамыр), бұрыңғы латифундиялар орнына халық иеліктері құрылды, екінші реформадан (1963 ж. 3 қазан) кейін Кубада құлақтар шаруашылықтары толық жойылды. 1971 ж. өнеркәсіптік өндірісі, құрылыс, банкілер, транспорт, байланыс орындары түгелімен социалистік секторға қарады. Сыртқы сауда мемлекетке бағындырылды. Халықаралық социалистік еңбек бөлісу жүйесінде Куба қант өндіруші басты ел болып саналады. Қантты экспортқа шығару жөнінен ол дүние жүзінде 1-орын алады. Темекі және темекі өнімдерін өндіруден де Куба басты орындардың бірін алады. Куба экономикасының дамуына СССР және басқа социалистік елдер үлкен көмек көрсетуде. Совет Одағының тікелей көмегімен Гавана қаласында автомобиль жөндеу з-ды, Сантьяго-де-убада ірі панельді үй құрылыс з-ды және «Ренте» жылу электр станциясы, Мариёль қаласында Максим Гомес атындағы ЖЭС, 70 қант з-ды және Гавананың Хосе Марти атындағы металлургия комбинаты жаңартылып, қуаты арттырылды.

Ауыл шаруашылығы. Бүкіл еңбек етуші халықтың 33%-і ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылығының  жері 4445,6 мың га, оның 61,2%-і егістік, 27,3%-жайылым, 11,5%-і пайдаланылмайды. Ауыл шаруашылығы механикаландырылған. 1969 ж. елде 2,4 мың қант қамысын жинайтын комбайн, 8,4 мың қамыс тиеуіш болды. 1970 ж. егістікке 1350 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Басты дақылы - қант қамысы; ол бүкіл ауыл шаруашылық құнының 25%-ін және ауыл шаруашылығынан жиналатын түсімнің 40%-ін береді. Қант қамысының егісі бүкіл егістіктің 50%-і (1970-1971). Темекі, күріш, жүгері, маниок, батат, картоп және кофе, ананас т.б. егіледі. Талшықты өсімдіктерден хенекен (өнімі жөнінен Куба дүние жүзінде Мексикадан кейінгі 2-орын алады), мақта өсіріледі.

Негізгі ауыл шаруашылық дақылдарының егісі және олардан жиналған өнім мөлшері

Дақылдар

Егісі, мың га

Өнімі, мың га

1961

1971

1961

1971

Қант қамысы

1046

1160

38571

49000

Темекі

57

50

47,2

40

Күріш

116

180

172

452

Маниок

26

33

171

220

Батат және ямс

39

62

172

240

Цитрус жемістері

106

167

Помидор

9

4

115

50

 

Кубада етті-сүтті мал шаруашылығы дамыған. 1970-1971 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 7, шошқа 1,5, асыранды құстар 10,5.

Өнеркәсібі. Кубада негізінен ауыл шаруашылықтарға байланысты (ауыл шаруашылық өнімін өңдеу, ауыл шаруашылық машиналарын жасау, тыңайтқыш шығару т. б.) өнеркәсіп салалары дамыған. 1970 ж. елде 5 млрд. квт-сат электр энергиясы өндірілді. 1960-1969 ж. Совет Одағының көмегімен бірнеше жылу электр станциялары салынды. Негізгі отыны - мұнай СССР-ден тасылады. Басты энергетика жүйелерін қосатын электр тармағы салынуда (1973). Қант өнеркәсібі - Куба өнеркәсібінің басты саласы (ірі орталықтары - Орьенте және Камагуэй провинцияларында). Елдегі 152 қант з-ды 1970 ж. 8,5 млн. тонна қант өндірді, бұл - Куба тарихындағы ең мол өнім. Астық тарту, май өндіру, темекі т.б. кәсіпорындары бар. Қант өндірісінің қалдықтары мен мұнайдың негізінде химиялық өнеркәсібі дамыған; әсіресе тыңайтқыштар шығару (1969 ж. 888 мың тонн) кең өріс алған. Революцияға дейін Кубада машина жасау өнеркәсібі мүлдем болмаған. Сьенфуэгос (дизель моторлар), Санта-Клара (Қосалқы бөлшектер) қалаларында ауыл шаруашылығы машиналарының, Сантьяго-де-лас-Вегаста радио құрастыру зауыдтары, Карденас, Гавана, Мансанильо қалаларында кеме жасау және жөндеу верфтері жұмыс істейді. Балық аулау флоты, тоңазыту орындары ұйымдастырылған. Сьенфуэгоста ірі балық комбинат-тоңазытқыш салынуда (1973).

Транспорты. Басты саласы - автомобиль транспорты; онымен барлық жүк тасымалының 31%-і орындалады. Автомобиль жолы 18,5 мың км (1972). Темір жолы 14,8 мың км. Басты теңіз порттары - Гавана, Сантьяго-де-Куба.

Сыртқы саудасы. Сыртқы сауда айналымының 70%-і социалистік елдер, оның 50%-і Совет Одағының үлесіне келеді. Экспортқа қант (80%-і), руда, темекі және оның өнімдері шығарылады. Өзі өндірістік құрал-жабдық, мұнай, мұнай өнімдерін, астық, азық-түлік, ағаш, тақтай сатып алады.

Ақшасы - куба песосы.

Куба табиғи жағдайына және экономикалық дамуына қарай 6 экономикалық ауданға (Батыс, Астаналық, Орталық, Камагуэй, Солтүстік-Шығыс, Оңтүстік-Шығыс) бөлінеді.

Денсаулық сақтау ісі. 1970 ж. әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы 36, адамның өлімі 6,1; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 37,6. Адам өмірінің орташа ұзақтығы 66 жас. Өлімнің негізгі себебі - жүрек қан-тамыр аурулары және қатерлі ісік. Жұқпалы аурулардан - амебиаз, іш сүзегі, микоз т.б., ал гельминтоздардан - трихоцефалез, аскаридоз, антилостомидоз, бруцеллез т.б. кездеседі. 1972 ж. дерек бойынша елде безгек ауруы мүлдем жойылған. Халықтық өкімет орнаганнан бергі жерде туберкулез, күл аурулары едәуір азайды. Кубада тұрғын халыққа медициналық көмек тегін көрсетіледі. Жұмысқа жарамаған жағдайда, пенсия тагайындайды. 1969 ж. 50,1 мың төсектік (мың адамға 6,1 төсек) 100 аурухана болды, 1967 ж. елде 6,6 мың дәрігер (1,2 мың тұрғынға 1 дәрігер), 1,1 мың тіс дәрігері, 380 фармацевт, 12,5 мың орта білімді медициналық қызметкер жұмыс істеді. Дәрігерлерді институттардың 3 медициналық факультеті, медициналық сестраларды 13 медициналық училище даярлайды. Кубада Сан-Випенто, Сан-Диего-де-Лос-Банос, Санта-Фе т.б. курорттар бар.

Оқу-ағарту ісі. Революциядан кейін, 1961 ж. «Білім беру жылы» болып жарияланды. Осы жылы 979 мыңнан астам сауатсыздардың жыл аяғында 707 мыңы хат таныды. 1962 ж. қаңтарда ақысыз 9 жылдық (6 жылдық бастауыш, 3 жылдың негізгі орта мектеп) міндетті оқу енгізілді. Дегенмен 1971 ж. бастауыш білім міндетті болды. 1970-1971 ж. халық ағарту жұйесі: 45 күннен 6 жасқа дейінгі балалар үшін ясли мен балалар бақшасы, 6 жылдық бастауыш мектеп, 4 жылдың қала негізгі орта мектебі (селода 3 жылдың), университетке түсуге право беретін 3 жылдың мектеп, оны бітіргендерге бакалавр дипломы беріледі. 6 жылдық бастауыш мектептер базасында жұмыс істейтін, маман жұмысшылар даярлайтын 3 жылдық технологиялық мектептер бар. Технологиялық мектептер мен негізгі орта мектептің 9 класын бітіргендер 4 жылдық технологиялық институтқа, одан кейін университетке түсуге право алады. 1960 ж. А.С. Макаренко атындағы Жоғары педагогикалық институт ашылды. 1970-1971 оқу жылында 15134 бастауыш мектепте 1,7 млн. оқушы, 403 негізгі орта мектеп пен 33 университетке дейінгі мектептерде 186,7 мың оқушы, 95 кәсіптік-техникалық оқу орындарында 24,9 мың оқушы, 33 педучилищеде 27 мың оқушы, 361 ересектер мектебінде 282,4 мың оқушы болды. Кубада 3 университет бар. 1970-1971 оқу жылында жоғары оқу орындарында 35 мыңнан астам студент оқыды.

Ірі кітапханалары: Хосе Марти атындағы Ұлттық кітапхана (1901 ж. кұрылған; кітап қоры 260,6 мың дана), Гавана университетінің кітапханасы (1728 ж.; 202,8 мың дана). Гаванада Ұлттық музей (1913), Халық өнері музейі, Револциялық музейі, Хосе Марти музейі (1925), Антропологиялық музей (1847), Хемингуэй музейі т.б. бар.

Философиясы. Отарлық дәуірде Кубада философияның дамуы Испаниядағы философияның дамуымен тығыз байланысты болды. 18 ғасырға дейін әр түрлі діни қауымдар таратқан схоластика шексіз үстемдік құрды. 18 ғасырдың ақырынан ғана. Француз ұлы революциясы дәуірінің материалистік және гуманистік, коғамдың-саяси идеялары ене бастады. Кубалық философ X.А.Кабальеро (18 ғасырдың соңы - 19 ғасырдың басы) бірінші болып схоластикалық догматикадан арылып, Р. Декарт пен ағылшын материалистерінің кейбір идеяларын таратты. Оның ізбасарлары Ф. Варела и-Моралес философияны оқытуда реформа жасап, Кубада схоластиканың үстемдігін жоюға негіз қалады. 19 ғасырда идеалистік философияны католиктік неосхоластика мен француз философы А.Күзеннің эклектизмін уағыздаушылар дамытты. Материалистік-сенсуалистік бағыт X. А. Кабальеро мен Варелдің идеяларын жалғастырды. Луси-Кабальеро мен ағайынды Гонсалес дель Вальелер арасындағы 1839-1840 ж. айтыс нәтижесінде көптеген философиялық әдебиет туды. 19 ғасырдың орта шенінде И. Кант (неокантшыл X. Церехо Канттың «Таза ақылды сынау» еңбегін испан тіліне аударды), Г. Гегельдің (Г. Монторо) философиялық идеялары біршама мәлім болды. Латин Америкасы елдерінің мәдениетінде, соның ішінде философиясында 19 ғасырдың 2-жартысындағы революцияшыл-демократ ақын және ойшыл X. Марти терең із қалдырды. 20 ғасырда Кубада прагматизм, экзистенциализм және неотомизм идеялары әйгілі болды. Кубаға 19 ғасырдың ақырында енген марксизм идеялары 20 ғасырдың басында кеңінен тарады. 1901 ж. К.Балиньоның басшылығымен «Социалистік насихат клубы» құрылып. К. Маркс пен Ф. Энгельс еңбектерін насихаттады. 1925 ж. Куба Коммунистік партиясының құрылуы маркстік идеяларды онан әрі дамытуға қолғабыс жасады. К.Балиньо, X.А.Мелья, Г.Мартинес Вильен, Блас Гок, X.Маринельо сынды марксистердің еңбектері Кубада революцияны идеялық жағынан әзірлеуде маңызды роль атқарды. Кубада революция жеңгеннен кейін (1959 ж.) маркстік философиялық елдің идеялық өмірінде жетекші роль атқаруда. 1964 ж. Кубаның ҒА жанында Кубадағы маркстік философия мен философия тарихы саласында зерттеу жүргізетін философиялық топ құрылды. 1960 жылдан кейін «Сubа socialista» (1961 жылдан) т. б. журналдарда философиялық мәселелеріне зор көңіл бөліне бастады.

Тарих ғылымы. Кубада тарих ғылымы 18 ғасыр аяғында туа бастады. 19 ғасыр басында, Латин Америкасында азаттың қозғалысының өрлеуі жағдайында, әсіресе 1810-1826 ж. Америкадағы испан отарларының тәуелсіздік жолындағы күресінің әсерінен П.А.Мореля де Санта-Крус, X.М.Феликс де Аррет, А.X.Вальдестің т.б. реформа жүргізуді, Куба халқының праволарын кеңейтуді талап еткен еңбектері пайда болды. 20 ғасырдың 20 жылдарында азаттың күресінің күшеюіне байланысты қазіргі заманғы Куба тарихнамасында негізгі үш бағыт - маркстік, консервативтік-клерикалдық, либералдық-прогресшіл бағыт қалыптасты. Маркстік бағыттың ең көрнекті қайраткерлерінің бірі X.А.Мелья болды. Ол АҚШ империализмінің Кариб теңізі бассейніндегі елдердегі басып алушылық саясатын тұңғыш рет әшкереледі. Прогресшіл-либералдық бағыттың өкілдері (Э.Гойг де Леучсенринг, Ф.Ортис, Р.Герра-и-Санчес, X.Л.Франко т.б.) АҚШ-тың Куба жөніндегі саясатын сын көзімен қарап бағалады, испанияның отарлау режимін, расизм мен фашизмді айыптады, СССР-мен достық қарым-қатынас жасауды жақтады. Консервативтік-клерикалдық бағыттың өкілдері (Э.Портель Вила, Э.Сантовения т. б.), АҚШ империализмінің Кубада үстемдік етуін бүркемеледі, осы әрекеттерімен Куба тарихын бұрмалауға тырысты.

1959 ж. революция Куба тарихын дәйекті маркстік-лениндік негізде зерттеуге кең өріс ашты. Тарих ғылымының дамуына зор үлес қосқан Ф. Кастро Рус пен ККП-нің т.б. басшыларының еңбектері болды. Тарихты маркстік негізде зерттеушілер арасында X. Мариньельо мен А. Нульес Хименестің еңбектерінің маңызы зор. Тарихты зерттеудегі және тарихи документтерді жинақтаудағы негізгі орталық ҒА-ның Тарих институты (1962 ж. құрылған) және Мемлекеттік ұлттық архив (1840 ж. құрылған) болып саналады. Революциялық қарулы күштердің Саяси басқармасы мен ККП ОК жанындағы Тарих комиссиясы тарих саласында жемісті жұмыстар атқарып келеді. Революциядан кейін «тарих мектептері» (шын мәнінде Куба университеттерінің тарих факультеттері) тарихшылар даярлауды ғылыми жұмыстармен тығыз ұштастырып отырады.

Әкономика ғылымы. Экономикалық ғылымы 18 ғасырдың соңында - 19 ғасырдың басында, ағылшындар Гавананы басып алып (1762-1763), еркін сауда принципін жариялаған кезде, креоль жер иеленушілері, саудагерлер мен қант з-ды иелерінің экономикалық дербестікке ұмтылуына байланысты туды. Экономикалық ғылымының қалыптасуына аралдағы өндіргіш күштерді дамытуды көздеген отан достарының Экономикалық қоғамы (1793) елеулі үлес қосты. Бұл қоғамды құрушы, құл иеленушілер мүддесін қорғаушы Ф.Аранго-и-Парреньо Кубаның шетелдермен экономикалық қатынасын ұлғайту, метрополия тарапынан экономикалық тежеуді бәсеңдету туралы бірқатар реформалар жобасын ұсынды. 19 ғасырдың 60 жылдарында А'Баяильер-и-Моралас және ол ұйымдастырған «Еl Siglo» газеті маңына топтасқан экономистер мен қогам қайраткерлері Кубаның экономикалық жағынан тәуелсіздігін, экономикалық реформалар қабылдауды, құлдықты жоюды талап етті. 20 ғасырдың 1-жартысында ымырашыл-прогресшіл бағыттағы көрнекті экономист Р.Герра-и-Санчес еңбектерінде Куба тарихы экономикалық даму тұрғысынан объективті түрде зерттелді. 40 ж. Кубада маркстік-лениндік тұрғыда жазылған бір қатар экономикалық еңбектер пайда болды (Блас Рока, Ф. Перс де ла Рива, Р. С. Бонилья т. б.).

1959 ж. Куба революциясынан кейін экономикалық зерттеулер жоспарлы түрде дамыды. Экономиканы дамытудың принциптік мәселелері Ф.Кастро, Э.Че Гевара, К.Р.Родригестің, революцияның т. б. басшыларының еңбектерінде талданған. Экономикалық даму перспективасы мен социалистік негіздерін құру проблемаларын шешуге арналған зерттеулер жарыққа шығуда (Г.X.Гальо, С.Агирре, X.Р.Муньис т.б.). Революцияшыл Куба экономикасын зерттеуде А. Нуньес-Химененес пен X. ле Риверенд елеулі үлес қосты. Экономика мәселелері университеттер жанындағы институттарда зерттелуде. Кубада «Есоnomіа у Desarollо» (1970 жылдан), «Nuestra Industria» (1963 жылдан) т.б. журналдар шығады.

Ғылыми мекемелері. Кубада алғашқы ғылыми мекемелер 18 ғасырда құрылды. Дегенмен зерттеу жұмыстары негізінен әлеуметтік ғылымдар саласында ғана жүргізілді. Ғалымдар көбінесе университеттер мен аздаған ғылыми қоғамдарда жұмыс істеді. 1861 ж. медицина, физика және жаратылыс ғылымдарының Гавана академиясы, 1951 ж. Куба тіл академиясы құрылды.

1959 ж. революциядан кейін Куба ғылыми зерттеудегі артта қалушылықты жедел қарқынмен жоя бастады. 1962 ж. Куба Ғылым академиясы құрылды. Оның құрамында бірқатар ғылыми-зерттеу орталықтарын біріктіретін 6 бөлімше бар. Орьента провинциясында, Пинос аралында Куба ҒА-ның провинциялық бөлімшелері жұмыс істейді.

Академиялық институттардан басқа бір-қатар салалық институттар: Қант құрағы өнімдерін зерттеу институты, Тау-кен өнеркәсібі және металлургия институты, Куба технологиялық зерттеу институты, Химия өнеркәсібі институты, Зоология институты, Гигиена ұлттық институты, Гавана онкология және радиология институты, Ұлттық обсерватория, Ботаника бағы т.б. ғылыми мекемелер, ғылыми қоғамдар бар. Олардың жұмысын университеттердің ұлттық советі (1960 ж. құрылған) үйлестіріп отырады. Ғылыми зерттеулер жүргізуде және ұлт кадрларын даярлауда Кубаға Совет Одағы т.б. социалистік елдер зор көмек көрсетіп келеді.

Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. Кубада 50 мерзімді басылым, оның ішіңде 9 күнделікті газет шығады (1973). Аса ірі күнделікті газеттері: «Гранма» (1965, Гавана) - Куба Компартиясы ОК-нің органы, «Хувентуд ребельде» (1965, Гавана) - Жас коммунистер одағының органы, «Аделанте» (1959, Камагуэй), «Вангуардия» (1962, Санта-Клара), «Сьерра-Маэстра» (1959, Сантьяго-де-Куба). Журналдары: «Боэмия» (1908, Гавана), «Верде оливо» (1959, Гавана) - Куба революцияшыл қарулы күштерінің органы. Гаванадағы Латин Америкасы информациялық агенттігі - Пренса Латина (1959) Куба мен басқа да Латин Америкасы елдерінің баспасөзін хабармен қамтамасыз етеді. Радиохабары 1914 ж., телевизиясы 1950 ж. кұрылған. Кубада 41 радиостанция жұмыс істейді. Шетелдерге арналып 8 тілде (ағылшын, француз, араб т.б.) хабар беріледі. Ұлттық телевизия құрамында 19 телестанция бар. Радио мен телевизияға Куба радиохабарын тарату институты басшылық етеді.

Әдебиеті. Куба жерін мекендеген тұрғындардың ерте кездегі әдебиеті сақталмаған. Көне әдеби нұсқалардан сақталған шығарма испандық С. Бальбоа жазған «Төзімділік айнасы» (1608) атты поэма ғана. Куба елінде кітап басу ісінің қолға алынуы (1707 немесе 1720), Гавана университетінің ашылуы (1728), мерзімдік басылымдардың шарық көруі (1764 жылдан) әдебиеттің дамуына қолайлы жағдай жасады. 18 ғасырдың аяқ кезінде АҚШ және Франциядағы буржуазиялық революцияның жаңғырығымен өсерленген Куба жазушылары (прозаик Б.П.Феррер, 1772-1851; ақындар M. де Секейра-и-Аранго, 1760-1846; М.X. де Рувалькава, 1769-1805 т. б.) 1793 ж. құрылған Гавана патриоттың қоғамының төңірегіне топталып, ағарту идеясын насихаттады. 17-18 ғасырда, сонымен қатар, креолдік және негритяндық халықтық поэзия да өрістеді.

19 ғасырдың бас кезінде отаршылдыққа қарсы өршіген ұлт-азаттық қозғалысының ықпалымен қалыптасқан әдебиетте ағартушы-революционер Ф. Варела-и-Моралес (1788-1853) зор роль атқарды. X.М.Эредианың (1803-39) лирикаларында, Д.Дельмонте-и-Апонтенің (1804-1853), Хертрудис Гомес де Авельянеданың (1814-1873) т.б. поэзияльтқ шығармаларында патриоттық өршіл әуен басым болды, азаттықты аңсаған бұқара халықтың көкей тесті мәселелері бейнеленді. Революция-романтикалық әдебиеттің көрнекті өкілдері - К.Наполес Фахардоның (1829-1862, лақап аты - Эль Кукаламбе) «Ормиго суының шуылы» (1856) атты өлеңдер жинағында, X.Марти (1853-1895) құрастырған «Майдан ақындары» (1893) атты кітапта, Р.М. Мендивенің (1821-1886) «Хуаресу одасы» поэмасында т.б. шығармаларда отаршылдарға қарсы шайқасқа шыққан халық күресінің кезеңдері көнініс тапты.

Р. де Пальманың (1812-1860) «Матансас және Юмури» (1837), А.Суареса-и-Ромероның (1818-1878) «Франсиско» (1839, жарыққа 1880 ж. шыққан) романдары - Куба әдебиетіндегі романтикалық прозаның сүбелі туындылары.

Халық тұрмысын жан-жақты терең көрсетуге ұмтылған озат ойлы жазушылар мүддесінен туған әдебиеттегі костумбризм бағыты реализмнің өрістеуіне жол салды. С.Вильяверде (1812-1894) «Сесилия Вальдес немесе Періште шоқысы» романында (1882) негрлерді құлдықта ұстаушыларды шенейді. Р. Меса (1861-1911) сатиралық романдарында, Н.Эреди (1852-1901) тұрмыстың шығармаларында халық өмірін реалистік тұрғыда суреттеді. Ақын, сыншы, публицист X.Мартидің творчествосы да («Азат жырлар», 1882, жарыққа 1913 ж. шыққан; «Қарапайым өлеңдер», 1891) ревюциялық-демократиялық идеяны жырлаған мазмұндылығымен бағалы. Сонымен бірге, пессимистік, торығушылық сарында (X.Дель Касаль, 1863-1893, т.б.), модернистік әуенде (Р.Э.Боти, 1878-1954; К.Ловейра, 1882-1928, т.б.) шығармалар жазған ақын-жазушылар да болды.

20 жылдарда, таптық күрес қайшылығы шиеленіскен кезеңде Ф. Пичардо Мойя (1892-1957), Р.Педросо (1896 ж.т.), М.Наварро Луна (1894-1966) т.б. өздерінің отаншылдьіқ рухында жазылған шығармаларында АҚШ империалистерінің езгісіне қарсы батыл үн көтерді, әлеуметтік мәселелерді түбегейлі суреттеді. 20 жылдардың аяқ кезінде негритяндық фольклордан бастау алған «афро-кубалық» поэзияның (X.С.Тальет, 1893 ж.т.; Р.Гирао, 1908-1949, т.б. шығармалары) негізі салынды. Қазіргі кубалық аса көрнекті ақын Н.Гильеннің (1902 ж.т.) алғашқы творчестволық қадамы да осы «афро-кубалық» поэзиямен тығыз байланысты болды.

Батистаның реакциялық үстемдігі кезінде көптеген прогресшіл жазушылар (Н.Гильен т.б.) эмиграцияға кетті. Соның салдарынан әдебиетте әлеуметтік шындықты дұрыс бейнелеуде әр түрлі бұра тартушылықтар болды. Тек 1959 жылы революция жеңісінен кейін ғана бұл жағдай түзетіліп, революция мәдениеттің жаңа өркендері қанат жайды. Қазіргі латын-американ әдебиетінде А. Карпентьер (1904 ж. т.) творчествосының («Жер патшалыгы», 1949; «Жоғалған іздер», 1953; «Ағарту ғасыры», 1962, т. б. романдарының) алатын орны зор.

Халықтық революция әдебиеттің жан-жақты өркендеуіне кең жол ашты. Куба әдебиетшілерінің көпшілігі Жазушылар мен өнер қайраткерлері одағына бірікті (1961). Бұл одақ жаңа социалистік өнерді құру жолында творчестволық күштерді топтастыруда аса маңызды роль атқарды. Бұл іске Н. Гильен, Ф. Хамис (1930 ж.т.), Р. Фернандес Ретамар (1930 ж.т.), Э. Диего (1920 ж.т.) т.б. зор үлес қосты. Революция жеңістері, жаңа өмір құрудағы әлеуметтік өзгерістер X.Пуиг Солер (1916 ж.т.), М. Кофиньо, Э. Сирулес, В.Пиньер, X.Триан т.б. шығармаларында жарқын көрініс тапты. Революция-демократиялық бағыттағы әдебиет тану ғылымы мен әдеби сын жанры да өркендеді. Куба әдебиет тану ғылымына марксшіл әдебиетшілер X.Маринельо (1898 ж.т.), X.А.Портуондо (1911 ж.т.), С.Витьер (1921 ж.т.) т.б. үлкен үлес қосты.

Куба республикасы мен совет Қазақстан арасында тікелей достық қатынас, мәдени байланыс өріс алып келеді. Қазақ ақын-жазушылары Б.Момышұлы, Ә.Тәжібаев Куба еліне мәдени сапармен барып, жолжазбалық шығармалар жазды. Куба ақындары X.Марти, Н.Гильеннің т.б. кейбір поэзиялық шығармалары қазақшаға аударылып, мерзімдік баспасөзде жарияланды. 1973 ж. бір топ қазақ ақындарының аударуымен «Куба таңы» атты өлеңдер жинағы қазақ тілінде басылып шықты.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Үндістердің ежелгі өнері үңгірлердегі суреттер, тас пен ағаштан жасалған ыдыстар және мүсіншелер («семи») ретінде белгілі. 20 ғасырға дейін үндістер Кубаның ауылды мекендерінде лашықтарда («бойо») тұрды. 16 ғасырда Гавана, Сантьяго, Тринидад т.б. қалалар салынды. Испания және Мексика сәулет өнеріндегі барокко ағымының әсерімен тастан тұрғын үйлер мен шіркеулер салу ісі қалыптасты. 18 ғасырдағы үйлердің құрылысы күрделі және қас беттері барокко немесе классицизм стилімен колонна, арка, әсем витражбен көркемделген. Отарлаушылық кезіңдегі архитектуралық дәстүр 20 ғасырдың басына дейін сақталды. 18-19 ғасырда испандықтардың әсерімен гравюра (Ф. X. Баэс), кескіндеме (X.Н. де ла Эскалера, В.Эскобар, X.Б.Вермай - Гаванадағы Сан-Алехандро Көркемсурет академиясының негізін қалаушы, 1818) пайда болды. 19 ғасырдың 1-жартысында костумбриетер В.П. де Ландалуое, Ф.Миале халық өмірін, И.Гарнерай, Э. Лапланте табиғат көрінісін тартымды бейнеледі. 19 ғасырдың 2-жартысындағы пейзаждар (Ф. Сиснерос, В. Санс Карта) мен тарихи кескіндемеде (М.Мелеро) академиялық және романтикалың бағыт басым болды. 20 ғасырдың басында құрылыстар эклектика және «модерн» стилімен салынса, 1929-1930 ж. қазіргі европалық және американдық үлгіге бой ұрды. 1940-1950 ж. арх. А.Кинтана, А.Родригес Пичардо, А.Капабланка жергілікті климатты ескере отырып, функционализм үлгісінде темір-бетонды құрылыстар тұрғызды. Бостандық алғаннан кейін Кубада тарихи және соғыс жанрындағы патриоттық картиналар (А.Менокаль), жанрлық кескіндеме (Л.Романьяч, Р.Лой) өркендеді. X.X.Сикре, Р.Рамос Бланко, Э.Бетанкур өздері жасаған мүсіндерінде халықтық образдарды аша түсуді мақсат етті. 1920 жылдары фовизм, неоклассицизм, примитизм ағымдары ықпалында болған В.Мануэль, А.Гатторно т.б. кескіндемешілер де халық тұрмысын бейнеледі. 1930 жылдардың ортасында А.Пелаэс, К.Бермудес, Марьяно (М.Родригес), Р.Портокарреро, М.Карреньо мозаика және қондырғылы картиналарында, Д.Равенет мүсіндерінде ұлттық дәстүр мен мексикалық және европалық монументтік өнер тәсілдерін қоса пайдаланды. 1940-1950 ж. абстракті өнер кең тарады.

Революциядан кейін 1-12 қабатты жоспарлы құрылыстар (мектеп, балалар бақшасы т. б.) жаппай салына бастады. Гаванада көпшілік тұрғын үйі мен Санта-Клара, Сантьяго-де-Куба тұрғын үй аудандары қабырғасын көтерді. Ауыл шаруашылық кооперативтері мен халықтық тұтыну мақсатындағы темір-бетон каркасты типтік үйлердің («Лос Пинос» т.б.) саны көбеюде. Кәсіптік және қатынас құрылыстары, көптеген оқу орындары т.б. әсем де қолайлы спорт комплекстері, демалыс орындары салынды. 1960-1970 ж. Куба архитектурасында типтендіру мен индустрияландыру басты орын алды. Революция тақырыптағы графика (К.Гонсалес, Р.Кинтаны, А.Поссе, Марьяно, Портокаррероның плакаттары мен эстамптары) мен кескіндеме (С.Кабрера Морено, О.Янес, А.Бенитес) даму үстінде. 1961 жылдан Куба жазушылары мен суретшілерінің одағы жұмыс істейді.

Музыкасы. Кубаның халық музыкасы испан, африкан және европалық негізде қалыптасқан (үндістер музыкасы сақталмаған). Ұзақ уақыт бойындағы өзара қарым-қатынас нәтижесінде испандық музыкалық өлшем мен әуендер негрлердің ежелгі орындаушылық дәстүрімен ұштасып, афрокуба музыкасы қалыптасты. Афро-куба музыкасының көне ән-би түрлері: сон, гуарача, конга, дапсон, румба. Креоль (шаруалар арасындағы негізгі түрі: пун-то, гуахира, криолья) және негр музыкасы кең тараған. 16-18 ғасырда профессионалдық музыканың дамуында шіркеу әншілері мектебі (Э.Саласа-и-Кастро, X.Парис, А.Рафелин) негізгі роль атқарды. 18 ғасырдық аяғында концерттік және театрлық музыка өрістеді. Гаванада европалық опералар мен Куба композиторларының тонадильялары қойылатын «Колизео» театры (1776, 1803 жылдан бастап «Принсипаль») салынды. 1816 ж. «Санта Сесилья» музыкалық академиясы құрылды. 19 ғасырда кубалық опера-буффа (Ф.Коваррубьяс, X.А.Мильян, А.Медина, X.Анкерман т.б.) қалыптасты. 19 ғасырдың ортасында М. Саумель-и-Робредо, И.Сервантес Каванаг ұлттық композиторлар мектебінің негізін салды. 1898 ж. тұңғыш рет. Э.Санчеса де Фуэнтестің ұлттық сюжетке құрылған «Юмура» операсы қойылды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында музыкалық өмірдің жандануына Гавана консерваториясы (1885), Г.Томас жетекшілік еткен симфониялық оркестр (1908) әсер етті. 1920-1930 ж. профессионал композиторлардың творчествосында (А.Рольдан, А.Г.Катурла) афро-кубалық бағыт қалыптасты. Революдиядан (1959) кейін жаңа творчестволық коллективтер, ұлттық симфониялық оркестр құрылды (құрамында камералық оркестр мен ішекті аспаптар квартеті бар), Гаванада А.Рольдан атындағы квартет қайта ұйымдастырылды. 60-70 жылдары композиторлар творчествосынан іздену, аспапта ойнаудың жаңа әдістерін меңгеруге ұмтылу байқалды. Көпшілік ән жанры өріс алуда (К.Пуэбла, Э.Саборит, Т.Кастельянос). Атақты орындаушылары: дирижерлер М.Дучесне Кусан, Э.Гонсалес Мантичи, пианистер С. Тьелес, X. Г. Лабранья, скрипкашы Э. Тьелес, контрабасшы О. Урфе, әншілер Р. Кальсадилья, И. Бургет т. б.

Куба биінің дәстүрі испан және негр билерініқ әсерімен қалыптасты. Батыс Европалық классикалық балетімен танысу 20 ғасырдың 1-ширегінде басталды. 1930 жылдары Гаванада алғашқы балет мектебі ашылғаннан кейін ұлттық балет дамыды. Бұл мектепте Куба балетінің негізін салушылар - А.Алансо (Мартинес) және Ф.Алансо тәрбиеленді. 1948 ж. А.Алансоның балет труппасы құрылды (1954 жылдан К. ұлттық балеті). Бұл труппа 1960, 1965, 1972 ж. гастрольдіқ сапармен СССР-де өнер көрсетті. 1972 ж. «Манхуар» вокальды-аспаптық ансамблі мен Кубаның белгілі әншісі Росита Форнес Алматыда өнер көрсетті.

Театры. Елде үндістердің ареито деп аталатын театр ойыны ертеден-ақ белгілі болды. Кубаны испандықтар отарлап алғаннан кейін (16 ғ.), Гавананың жеке меншік үйлерінде испан авторларының пьесалары қойылып, католиктер мерекесімен байланысты ойын-сауықтар өткізіліп отырды. 17 ғасырдан бастап спектакльдер провинцияларда да (Матансаста т. б.) көрсетіле бастады. 18 ғасырдың 1-жартысында кубалық автордың алғашқы шығармасы - «Бағбан-патшазада немесе Жалған Клоридано» пьесасы жарық көрді. 1803 жылдан Гаванадағы «Колисео» театрында опералармен қатар испан драматургтарының пьесалары қойылды. Ұлттық театрдың негізін (19 ғасырдың басы) салушы, сайнете (ән-музыка аралас пьеса) авторы, актер әрі драматург Ф. Коваррубьяс болды. Гаванада («Такон», 1838), Сантьягода т. б. қалаларда театрлар ашылды. Бірақ ұлттық театр өнері құлдырап кетті. Елдегі театрлар испан мәдениетінің ықпалынан аса алмады. 1940 ж. Гаванада актерлер мен режиссерлер дайындайтын Драма өнері академиясы құрылды. 1941 ж. Гавана университетінің жанынан театр мектебі ашылды.

1959 жылғы революция жеңісінен кейін, демократиялық ұлттық театр өнерінің қайта өркендеуіне мүмкіндік туды. Театр халық игілігіне айналды. Провинцияларда профессионалдық және әуесқойлар коллективтері, балалар мен жас өспірімдер театрлары құрылды. 1961 жылдан жұмысшы-шаруалар театрының фестивалы өткізіліп тұрады. Жыл сайын латын-американ театрының фестивалы өткізіледі. Гаванада Кубаның Ұлттық театры (1959), Эксперименттік театр (1964), Ұлттық қуыршақ театры (1963), Балалар мен жас өспірімдердің ұлттық біріккен театры (1966) жұмыс істейді. Театр қайраткерлері: В. Ревуэльта, Р. Ревуэльта, М. Асеведо, Р. Бланко, Н. Дорр.

Киносы. 1897 жылдан кинохроника мен документті фильмдер түсіріле бастады. Реж. Э.Д.Кесада мен Р.Пеон 1910-1920 ж. кино өндірісінің негізін салды. 30-40 жылдары көбіне АҚШ фильмдері көрсетілді, тек бірен-саран фильм ғана Куба өміріне арналды. Ұлттық кино өнерінің қалыптасуы 1959 жылдан кейін басталды. Гаванада Кубаның кино өнері мен кино өнеркәсібі институты құрылды. 1961-1971 ж. қойылған фильмдері: «Революция жайлы әңгімелер, «Бюрократтың өлімі», «Мешеулік туралы естелік» (реж. Т.Г.Алеа), «Жас көтерілісші» (реж. X.Г.Эспинос), «Люсия» (реж. У. Солас), «Генералды не үшін өлтірді» (реж. С.Альварес). СССР-мен («Мен - Куба», реж. М.К.Калатозов), Чехословакиямен, Франциямен бірлесіп фильмдер шығарады. Мультипликациялық кино дамыған. Жылына 3-8 көркем фильм, 20-30 документті кинокартина шығарылады. Актерлері: Р.Ревуэльта, С.Корьери, О.Вальдес т.б. 450-ден астам кинотеатр (1972) жұмыс істейді. 1961 жылдан «Сіnе сиbanо» журналы шығып тұрады.

Әдеб.: Кастро Ф., Речи и выступления, пер. с исп., М., 1960; Гевара Э., Партизанская война, пер. с исп., М., 1961: Рока Блас, Основы социализма на Кубе, пер. с исп., М., 1961; Пять лет кубинской революции, М., 1963; Разумович Н. Н., Государственные преобразования революционной Кубы, М., 1964; Нуньес Хименес А., География Кубы, пер. с исп., М., 1969; Семевский Н., Әкономическая география Кубы, Л., 1970; Кастро Ф. Речи и выступления, пер. с исп., М., 1960; его же, Сила революции - в единстве, пер. с исп., М., 1972; Народы СССР и Кубы навеки вместе. Документы советско-кубинской дружбы, М., 1963; Куба. Историко-этнографические очерки, М., 1961; Слезкин Л. Ю., История Кубинской республики, М., 1966; 3орина А. М., Революционное движение на Кубе 1917-1925, М., 1971; Ле Риверенд X., Кубинская республика, зависимость и революция, пер. с исп., М., 1970; Роиг де Леучсенринг Э., Кубинский народ в борьбе против империализма США, М., 1968; Варела А., Куба революционная, пер. с исп., М., 1962; Рока Блас, Основы социализма на Кубе, пер. с исп., М., 1961; Графика Кубы, Каталог, М., 1960; Живопись Кубы, Каталог, М., 1962; Филиповская Н., Архитектура революционной Кубы, М., 1965; Алендер И. Музыкальная культура Кубы, в кн.: Куба. Историко-этнографические очерки, 2 изд., М., 1961; Карпентьер А., Музыка Кубы, [пер. с исп.], М., 1962; Куба. 10 лет революции, М., 1968.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-08-19 15:03:01     Қаралды-4984

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »