UF

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ

 

Шоқан және оның ғылымда алатын орны

 

Атақты ғалым, кемеңгер ойшыл, от-жалынды азамат, орыс армиясының патриот офицері, ер журек саяхатшы Шоқан Уәлихановтың есімі жұртшылыққа мәлім. Ол Орта Азия мен Қазақстанды зерттеудегі асқан ұлы еңбегімен дүние жузі жұртшылығы алдында аты шықты. Шоқан өзінің саяси көзқарасында халықтың еркіндігін, бостандығын, прогресшіл жолмен дамуын көксеп өткен, осындай биік мақсатты арман етіп, сол мақсаттың жүзеге асуына өз еңбегімен үлес қосқан, туған халқыныц жарқын болашағын тілеген және бұл халыққа жарқын жолға түсудің дұрыс бағытын мегзеген ғалым болды.

Шоқан Уәлихановтың бар тіршілігі, саяси-қоғамдық мұраты, әдебиет майданындағы істері - бәрі де бір мақсатты жүзеге асыруға арналды. Ол - қазақ бұқарасын орыс халқының ұлы мәдениет сарайының көрікті бақшасына апарып енгізу, қазақ халқы мен орыс халқының тарихи достық жорасын күшейту мұраты еді.

Ш.Уәлихановтың ұлы қасиеттерінің бірі - өмірін де, білімін де, асқан дарынды талантын да туған халқының игілігіне жұмсағандығы. Ол қалың бұқараға бұғау болған, оны жәбірлеген қара күшке, патшалық үкіметтің отаршылдық саясаты мен жергілікті қазақ шонжарларыныц сойқанды қылықтарына қарсы күрес ашты. Халықтың ойын тежеп, миын улатқан, оны тұсаулаған қара түнек ислам дініне батыл қарсы шықты. Феодализмнің озбырлығына тойтарыс бере отырып, Шоқан Ресей қойнауындағы еркіндікті, бостандықты, демократиялық дамуды іздеуші белгілі ой иелерінің Қазақстандағы жар шысындай болып, қысқа өмірінде жарық жұлдыздай ағып өтті. Ол қараңғы даланың аспанынан сәуле түсірген шам-шырақтай аз уақыт жанды да, тез сөнді. Ойлаған ойларын жүзеге асыра алмай, ол тіпті қыршын жас кезінде қайтыс болды. Оның саналы еңбегі тек оп жыл шамасындай ғана уақыт гүл шашып, шешек атты. Бірақ ол аз жасағанымен, еңбегімен көп жасады. Жаратылысынан зерек, дарынды болуымен бірге ол сараланған ақыл, тасыған ой, дария-теңіз білім иесі болып, адамға нысана, ғибрат көрсетерлік терең рухани мәдениетімен өзінің ардақты атын тарихта мәңгі өшпейтін етті. Өз басы кішіпейіл, еңбеккер, елгезек, жарқын жүзді адам болды. Оның бұл қасиеттерін орыстың сол кездегі озат ғалымдары аса қадірлеп, ІІІоқанның сүйкімді бейнесін одан кейін де көп заман естен шығармай жүрген.

1865-жылы Орыстың географиялық коғамының Шоқанның қайтыс болуына арналған жалпы жиналысын ашарда атақты ғалым-географ Семенов-Тянь-Шаньский Шоқан есімін еске түсіре келіп, былай деді: «Қазақ даласының бір түкпірінде, Ресей мен Қытай жерінің шекарасында, нағыз гүлденіп жеткен кезінде, қазақ халқының дарынды перзенті Шоқан Уәлиханов қаза тапты. Аяусыз ажал ұлт аймақтарынан шыққан аса оқымысты адамның бірін арамыздан алып кетті».

Екінші бір даңқты ғалым, профессор Н.И.Веселовский Шоқанның адамшылық қасиетін, оның ғылымдағы орнын мынадай жарқын сөздермен сипаттады: «Шығысты зерттеу әлемінің үстінен Шоқан ақпа жұлдыз сияқты жарық етіп өте шықты. Орыс ориенталистері оны бір ауыздан сирек кездесетін талант деп танып, Орта Азия халықтарының тағдыры жайында одан күрделі де ұлы зерттеулер күткен еді. Бірақ мезгілсіз қайтыс болғаны - бұл үмітімізді үзіп кетті».

Егер денсаулығы төмендемегенде және тым ерте қайтыс болмағанда, Шоқан орыс ғалымдарының бұл үмітін сөзсіз ақтайтын еді. Енді осындай аз жасаса да, алыпша еңбек еткен адамның өмірінен аздаған дерек берейік.

 

Ұядан ұшар алдында

 

Шоқан (шын аты Мұхаммед-Ханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов 1835-жылы қарашада Торғай мен Есіл даласының астасқан жерінде, Құсмұрын қамалында туды. Оның балалық шағы Құсмұрын мен Сырымбетте өтеді. Бала жасынан осы маңның тау-тасын, ну-орманын, өзен-суын зердесіне тоқиды. Ол жас күнінен бұл маңның табиғатын сүйіп, оны қағаз бетіне (суретке) түсіреді. Оның осындай бір топ суреттері ғылыми орындарда әлі де сақтаулы.

Шыккан ортасы сұлтандар тұқымы болғанымен, өзі көбінесе кайнаған халық арасында, азаттықты арман етуші бұқара ортасында өскен. Ол бес-алты жасынан бастап Кұсмұрындағы қазақ мектебінде араб әрпімен жазылған кітаптарды оқып, білген. Сөйтіп, Шоқанның алғаш сауатын ашып, оның көңілін оятқан, өз халқының мектебі, өз елінің ертегі, жыр-дастандары болады. Оның қалың бұқара арасында болып, ой-өрісінің өсуіне тағы бір себеп - оның жас кезінде осы ауылда орыстың талай ғалымдары, инженерлері, топографтары, суретшілерінің келуі, жұмыс істеуі еді. Солардың ішінде Уәлихановтардың рухани тіршілігіне зор әсер еткен, әсіресе, декабристер С. М. Семенов пен В. И. Штеингель сияқтылар болады. Бұлар сол кезде Сибирь қазақтарының шекаралық комиссиясында қызмет істеген, Шоқанның әкесі Шыңғысқа аса жақын болған. Бұдан Шоқанның балалық шағы Россия тарихының жарқын бетін жасаған осындай адамдардың ықпалы аясында өткенін аңғарамыз.

Шоқан 1847-жылы, 12 жасында Омскінің кадет корпусына түсіп оқиды. Бұл мектепке түскенде Шоқан орысша бір ауыз сөз білмеген. Бірақ өзінің зеректігі, алғырлығы арқасында орысшаны тез үйреніп, бұл тілді білу жөнінен кейін тіпті жолдастарынан да оза бастаған. Шоқанның зеректігіне корпустың оқытушылары көңіл аудармай қоймаған. Ұстаздар мен жақсы шәкірттің арасында айнымас достық, келешектегі үлкен мәдениетке деген бірыңғай бағыт аңғарылған. Корпустың соңғы кластарында Шоқан ғылым, философия, көркем әдебиет кітаптарын тесіле оқып, әлеуметтік тіршілікке жете көңіл аударған. Ол әсіресе Пушкин мен Лермонтов жырларын, Герцен, Белинский, Гоголь шығармаларын, Жан-Жак Руссо, Карлейль, Диккенс, Теккерей еңбектерін көп оқып, олардан көп ғибрат алған.

Шоқанның ұядан ұшар алдында қоршаған ортасы, алған тәрбиесі, тұтқан өнегесі міне осындай еді.

 

Даланың жарық жұлдызы

 

Шоқан Уәлиханов кадет корпусын 1853-жылы «корнет» деген әскери атақпен бітіріп, 18 жасында Сібірдегі алтыншы атты әскер полкына әскери қызметке жіберіледі. Бірақ жергілікті халықтың тұрмысын, шаруашылығын жетік білетін оқымысты жас офицер Батыс Сібірді билеуші әкімдердің көзіне тез түсіп, бір жылдан кейін Батыс Сібірь генерал-губернаторының қарауына қызметке ауысады. Сонымен бірге Сібір қазақтарының облыстық басқармасында төтенше жұмыстар атқарады. Шоқанның саяси-әлеуметтік, ғылыми жұмыстары да осы кезден басталады.

1854-жылы Шоқан полковниктер Гутковский мен Перемышльскийлер басқарған экспедицияға қатысып, Алатау округі мен ұлы жүз қазақтарының әкімшілік-басқару негіздерін жасауға көмектесті. 1855-жылы генерал Гасфортпен бірге ұзақ саяхатқа шығып, Аягөз, Тарбағатай, Қапал тауларын аралады. Алматы, Қарқаралы, Баянауыл, Қөкшетау жерлеріне соғып, Омскіге оралады. Осы сапарында көп нәрсені зерттеп, дәптерге түсіріп, Жетісу өлкесіндегі саяси-шаруашылық туралы бірталай деректерге қанығады. Осы зерттеулерінің нәтижесінде ол «поручик» деген офицерлік атаққа ие болады.

1856-жылдан бастап ІІІоқан қырғыз халқының тұрмысын, Ыстықкөл маңын зерттеуші экспедицияға қатысады. Ыстықкөл жағасын, Күнгей Алатау, Сарыжаз, Алматы, Қапал тауларын кезіп, осы маңды қоныстаған халықтардың әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын, әдеби мұраларын зерттеп, бай мағлұмат жинайды. Ол бұдан кейін өкімет орындарының тапсыруымен Құлжа қаласына барып, Ресей мен Қытай арасындағы сауда қатынасын зерттеп, екі ұлы мемлекеттің өзара байланысына жаңа бір жол ашқандай болады.

1857-жылы Шоқан Қырғыз Алатауын тағы да аралап, қырғыз халқының тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын бұрынғыдан да терең зерттейді. Осы жолы «Манас» жырын бірінші рет қағазға түсіреді. Бұл жылдары ол Тянь-Шань таулары мен Жетісудың географиясын, айуанаттар өмірін, өсімдік тіршілігін терең зерттейді. Сонымен қатар қырғыз бен ұлы жүз қазақтарының шежіресін, ертегісін, ескі әдебиет нұсқаларын жазып алып отырады. Шоқан әсіресе саудасы дамыған Алматы, Қойлық, Алмалық, Талғар сияқты ескі қалалардың орнын, айналасын жете зерттейді. Ол Алтынемел, Қапал тауларын, Іле өзенінің бойын кезіп, тасқа түсірілген таңбалардан көптеген деректер анықтайды. Осы алғашқы саяхаттарының иәтижесі ретінде (1855-1857-жылдар) «Ыстықкөлге саяхат», «Қытай мемлекетінің батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Ұлы жүз қазақтарының ертегісі мен аңыздары», «Қырғыз халқы туралы жазбалар» деген жазба еңбектерін ұсынады.

Бұл оның 21 жасында жазған алғашқы ғылыми еңбектері еді. Бірақ осылардың өзінен-ақ жас Шоқанның ой-өрісі кең, білімі терең екені, Тянь-Шань мен Жетісу географиясын, осы өлкелерді мекендеуші халықтардың ежелгі тарихын жетік білетіндігі белгілі болады.

Шоқан Уәлихановтың география және тарих саласындағы осы алғашқы зерттеулері Петербург оқымыстыларынан аса жоғары баға алды. 1857-жылы 27-ақпанда ол Орыстың географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланды.

 

Қашқарды ашқан Колумб

 

Шоқанның ғалымдық атағын көкке көтерген оның Қашқарға жасаған саяхатының қорытындылары еді. Осы сапардан кейін батыр саяхатшы, қажымас ғалым ретінде Шоқан есімі бүкіл дүние жүзіне белгілі болды.

Даңқты саяхатшы Марко Поло мен иезуит Гоестен кейін (XVI ғасыр) ол жерді еш ғалымның аяғы басып, көзі көрмеген болатын. Бұл жерлер Еуропа үшін жұмбақ еді. Баруға ниет қылған Батыс Еуропа ғалымдарының көпшілігі бақытсыздыққа ұшырап отырған. Мәселен, Шоқаннан бір жыл ғана бұрын Қашқарияға барған атақты географ Адольф Шлагинтвейт Қашқария әкімі Уәлихан төренің қолынан қаза тапқан.

Міне, осындай қауіпті сапарға 1858-жылғы 28-маусымда Шоқан шықты. Ол сапарын Қапал қаласының маңындағы Қарамола тауынан бастап, Ыстықкөл арқылы, қырғыз халқының байтақ жерін аралай отырып, 1-қазанда Қашқар қаласына барып кіреді. Бұл сапарында Шоқан күнделік дәптер жүргізіп отырады. Бұған ол өзінің жолшыбай көрген-білгендерін, атап айтқанда, Орталық Тянь-Шаньның, Ыстықкөл бассейнінің, Нарын, Арпа, Атбас, Шатыркөл және Тарим өзенінің географиялық жағдайын, табиғат байлықтарын, ауа райын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін жазады. Шоқанның бұл күнделік дәптері Ресей Ғылым академиясының архивінде осы күнге дейін сақтаулы.

Шоқан Қашқарияда жарты жыл тұрып, Шығыс Түркстан қалаларын әсіресе, Қашқар қаласын жетік зерттейді. Одан әрі саяхатты жүргізуге сәті келмей, кері қайтады. Сол сапарында бұл елдің саяси қайраткерлері, ғалымдары, қалың бұқарасымен аралас-құралас болып, осы күнге дейін жұмбақ, жат саналған елмен танысып достасып, қымбат мағлұматтар жинап, ғылымды байыта түседі. 1859-жылдың сәуір айында ол Отанына оралады. Орыс ғалымдары оның бұл сапарын нағыз ғылыми ерлік деп бағалап, Шоқанды Қашқарияны тұңғыш зерттеуші ғалым деп таныды. Уәлиханов Қашқариядан аса бай ғылыми материалмен келді. Мәселен, ол сирек кездесетін шығыс қолжазбаларын, тау жыныстары мен өсімдіктер коллекцияларын, ежелгі мәдениет ескерткіштері мен ісмерлік өнерінің көптеген нұсқаларын әкелді. Оның ішінде Шығыс Түркстан тұрғындарының түрі мен тұрмысын бейнелейтін суреттері де бар.

Уәлихановтың Қашқарияға жасаған саяхатының басты жемісі оның «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан-лу өлкесінің шығысындағы алты қаласының жағдайы туралы» деген еңбегі болып табылады. Бұл еңбек өзінің материалының молдығы, талдауының ғылыми тереңдігі жөнінен тек отандық қана емес, сонымен бірге бүкіл дүние жүзінің ғылымына қосылған үлкен қазына болып табылады. Бұл сапар және әлгі еңбек ІІІоқанды «Қашкария колумбысы» деп атауға толық құқық береді.

Шоқан өміріндегі ең бір қызықты да жарқын шақ Петербург кезеңі болды. Бұл кезде ол Петербургтың ғылыми, саяси әлеуметтік тіршілігіне қызу араласты. Географиялық қоғамда, бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті жанындағы Шығыс мектебінде де Шоқан аса зор жұмыстар істеді, мұнда ол түрік тілдерінен сабақ берді. Географиялық қоғамның журналдарына және орыс оқымыстылары мен жазушылары жасап жатқан Ғылым мен Әдебиет энциклопедиясына: Орта Азия мен Қазақстанның ертедегі ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері (Әбілғазы, Әбунәсір Самани, Аллауиддин Джувейни, мір Әлішер Науаи, Аблай) туралы мақалалар жазады.

Шоқанның Петербургте жүріп әкесіне жазған хатына қарағанда, 1860-жылдың қысында ол Петербургтен Парижге барғанға ұқсайды. Орыстың атақты жазушысы Ф.М.Достоевскийдің досы Врангель сол қыста өзінің Парижде Уәлихановпен кездескенін жазады. Міне осы екі документ Шоқанның Батыс мәдениеті мен революциясының сол кездегі орталығы Парижде болғандығын аңғартады.

Петербургте Шоқан орыс халқының белгілі ғалымдары, ақын-жазушылары және алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлерімен танысып, достық байланыс жасайды. П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, Г.Н.Потанин, Ф.М.Достоевский, С.Ф. Дуровтармен ол Сібірде жүрген кезінің өзінде-ақ достасады. Ал Петербургтегі таныстарының ішінде орыстың атақты ғалымы Д.И.Менделеев, ғалымдар В.В. Вельяминов-Зернов, А.Н.Бекетов, ақындар: ағайынды Курочкиндер, А.Н. Майков, П.Я.Полонский, Шығыс зерттеу ғылымының мамандары П.И.Лерх, И. Н.Березин, В.П.Васильев тағы басқалар болады.

Сол сияқты ол «Современник» журналының редакциясы мен әдебиет фондысына барып жүреді, мұнда ұлы революционер-демократ Н.Г. Чернышевский мен оның достарына жолығуы әбден ықтимал. Шоқан олармен жақындасудың арқасында әуелі Белинский мен Петрашевскийдің, сонан соң Чернышевский мен Добролюбовтың саяси және философиялық көзқарастарымен танысады, солардың озат идеяларымен қаруланады.

Сонымен бірге, Шоқанның өзі де орыс достарына өз тарапынан ықпал етіп, оларды Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихын, әдебиетін зерттеп білуге, осы халықтардың өмірінен шығарма жазуға шақырады. Мәселен, атақты ақын А.Н.Майковтың «Емшан» «Қыр гүлі», «Дала» атты өлеңдері Шоқанмен пікір алысудан кейін жазылыпты, сол сияқты Шоқан берген сюжет бойынша Березин «Қозы Қөрпеш - Баян сұлу» поэмасын орыс тіліне аударған. Мұның өзі Шоқанның тек орыс достарынан үлгі-өнеге алып қана қоймай, оларға өз тарапынан да ықпал жасай білгенін аңғартады.

 

Өмірінің ақырғы күндері

 

1860-жылғы студенттер көтерілісінен кейін астанадағы саяси жағдай қиындап кетеді. Оның үстіне Шоқан ауруға шалдығып, 1861-жылдың көктемінде Сырымбеттегі ауылына қайтады. Мұнда ол бірер жыл тұрып қымыз ішіп емделіп, екінші жағынан ғылыми жұмыспен шұғылданады, діннің шығуы жөнінде, қазақтың тарихы, тіршілігі жөнінде еңбектер жазады, халық әдебиетінің үлгілерін жинайды.

1862-1863-жылдары Батыс Сібір әкімшілігінің тапсыруы бойынша Ақмола, Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралыны аралап, Шоқан қазақ халқының заң, билік жүргізу тәртіптері туралы материал жинайды. Соның нәтижесінде «Сібір қазақтарының сот реформасы жайында» деген ғылыми еңбегін жазады. 1864-жылдың көктемінде Орта Азияға аттанған генерал Черняевтың экспедициясына қатысып, онда патша отаршыларының бейбастақ істерінен жаны түршігіп, бір топ орыс офицерлерімен бірге оған наразылық білдіріп, қызметтен босанып Алматыға келеді, одан Алтынемел бойындағы албан дар арасына барады.

Бойындағы ескілікті сырқатына, әлеуметтік теңсіздікке төзбеген жан күйігі қосылып, 1865 жылы-сәуір айында Тезек төренің ауылында қайтыс болады, ал денесі сол Алтынемел бауырындағы Көшен-Тоған деген жерде, бір кезде өзі жүріп өткен үлкен керуен жолының бойына жерленеді.

 

Шоқан ғылымға не қосты?

 

Шоқан ең алдымен, өз заманының аса мәдениетті, зор білімді азаматы болды. Ол шығыстың, орыстың, тіпті сонау Батыс Еуропа елдерінің тарихы мен әдебиетін еркін игерді. Бұған оның көптеген шығыс тілдері мен еуропа тілдерін жетік білуі себеп болды. Мәселен ол қазақ және орыс тілдерінен басқа Еуропа елдерінің (ағылшын, француз, неміс) тілін білді, оның үстіне араб, парсы, түрік тілдерін меңгерді. Ол қандай да болмасын еңбектерді, әдеби кітаптарды өзінің түпнұсқасынан оқи алатын еді. Мәселен, ол Шығыстың ежелгі тарихи мұралары болып есептелетін, көптеген ғалымдардың тісі батпай жүрген Рашид-ед-дин, Әбілғазы еңбектерін, «Бабур-нама», «Тарихи Рашиди», «Шәйбани-нама» сияқты тарихи шығармалардың текстерін еркін оқи алған.

Шоқан Уәлиханов шығармалары, ең алдымен, өз халқының тарихын, этнографиясын және фольклорын зерттеуге арналған. Мәселен, оның «Аблай», «Қазақтардың ертедегі қару-жарақтары», «Шона батыр», «Қазақ батырлары», «Қазақтардың ата-тегі», «Қазақтардың көшіп қонуы» атты еңбектері қазақ халқының тарихы, этнографиясы, әдебиеті жөнінде тұңғыш рет анық деректерге сүйеніліп жазылған ғылыми еңбектер. Ал, «Сібір қазақтарының сот реформасы жайында», «Даладағы мұсылманшылық», «Шаманизм сарқыншақтары» деген еңбектері оның теориялық ой-пікірінің шыңы болып есептеледі. Шоқанның прогрессивтік-демократиялық көзқарастары, ең алдымен, осы еңбектерінен айқын көрінеді. Шоқан өзін осы және басқа да еңбектерінде қаналған халықтың мүддесін қорғаушы, ағартушы-демократ ретінде танытады. Мәселен, «Сібір қазақтарының сот реформасы жайында» деген еңбегінде ол Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде патша өкіметі жүргізіп отырған сот реформасының халыққа жат сипатын ашып береді. Оның қалың бұқара үшін емес, тек ат төбеліндей байлар мен билердің, сұлтандар мен қожа-молдалардың мүддесі үшін жасалып отырғандығын ашық айтады. Демек Шоқан тап туралы қазақ тарихында тұңғыш рет қалам тартқан қоғам қайраткері. «Шаманизм сарқыншақтары», «Даладағы мұсылманшылық» деген еңбектерінде діннің шығу тарихын материалистік тұрғыдан түсіндіре келіп, жалпы діннің, оның ішінде исламның халыққа қарсы, реакциялық сипатын әшкерелейді. Бұл жөнінен де Шоқан қазақ тарихында өзіне теңдесі жоқ жауынгер материалист және атеист болып есептеледі.

Шоқан тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орта Азия халықтарының тарихы мен тұрмысын өте жақсы білді, ол өзінің бір сыпыра еңбектерінде олардың ғасырлар бойы хандар мен бектердің, байлар мен молдалардың табанында тапталып келе жатқанын ашық айтты. Бір кезде өнер-білім ордасы болған Орта Азияның сол кездегі тоқыраушылығын, тоғышарлығын, надандығын ашына жазды. «Жоңғария очерктері» атты еңбегінде ол Орта Азия феодалдарының топастық, арам-тамақтық және фанатиктік қылықтарын көрсете келіп, олардың азғын идеологиясын әшкереледі.

Шоқанның Орта Азия мен шығыс Түркстанды зерттеп, география ғылымына үлкен үлес қосқанын бүкіл дүние жүзінің ғылымы мойындайды. Орыс ғалымдары П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, И.В.Мушкетов, М.И.Венюков, Н.А.Аристовтар Шоқанның Тянь-ІІІань мен Жетісу географиясы туралы еңбектерін аса жоғары бағалап, оны осы өлкені алғаш ашушылардың бірі деп есептеген. Ол тек Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихы мен тұрмысын зерттеп қана қойған жоқ, сонымен бірге қытай, моңғол, қалмақ халықтарының да географиясына, этнографиясына, тарихына, тұрмыс-салтына терең талдау жасады. Мәселен, ол «Жоңғария очерктері», «Қытай мемлекетінің батыс өлкесі» және «Құлжа қаласы», «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нанлу өлкесінің шығысындағы алты қаласының жағдайы» деген еңбектерінде Жоңғарияны, Син-Цзяньді (Шыңжанды) мекендеуші ұйғыр, қырғыз, қазақ халықтарымен бірге қытай, монғол, қалмақ халықтарының да тарихын, тұрмысын, әдет-ғұрпын қызғылықты етіп жазады.

Міне, осы аталған еңбектерінің өзінен-ақ Шоқаннын ғылымның сан-саласынан терең мағлұматы бар, жан-жақты ғалым екенін аңғарамыз. Сондықтан оның географ, этнограф, тарихшы, шығысты зерттеуші, экономист, юрист, публицист, әдебиетші екенін және осы ғылымдарға өзінше үлес қосқанына ешкім де шек келтірмейді.

Пайдаланған әдебиет:

Әлкей Марқұлан. Шоқан Уәлиханов. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 282-292 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-11-24 10:50:31     Қаралды-16618

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »