UF

ӘБУ ӘЛИ ИБН СИНА

Уақыт талай ұлы мемлекеттердің атын тарихтан өшіріп, ұмыттырды. Көптеген халықтар мен тайпаларды тітіренткен шапқыншылардың есімдері де із-түзсіз жоғалып кетті. Қаһарлы хандар мен шахтардың өздеріне ескерткіш ретінде орнатқан талай алып құрылыстары мен сәнді сарайлары да топыраққа айналды. Бірақ Орта Азияның ұлы перзенті, атақты ғалым Әбу Әли ибн Синаның есімі адамзат тарихынан, халықтар шежіресінен осы күнге дейін ұмытылмай, өзінің құрметті орнын алып келеді. Өйткені, оның бүкіл әлемге аян есімі мен еңбегі Орта Азия мен бүкіл халқының ұлттық мақтанышы ғана емес, сонымен бірге бүкіл дүние жүзінің ғылымы мен мәдениеті тарихына қосылған елеулі үлес. Сондықтан да 1952 жылы Бүкіл дүние жүзілік Бейбітшілік Советі орта ғасырлардың үлы ғалымы Әбу Әли ибн Синаның туғанына 1000 жыл толуын кең түрде атап өту жөнінде арнаулы қарар қабылдады. Осы қарарға сәйкес, дүние жүзінін көптеген елдерінде Ибн Синаның өмірі мен еңбегіне арналған ғылыми-теориялық конференциялар өткізілді, мыңдаған адам қатысқан салтапатты жиналыстар мен жиындар болды. 1954 жылы Иран мемлекетінің астанасы - Теһеран қаласында Ибн Синаға арналған халықаралык конгресс шақырылды.

 

Ғылымға барар жолда

 

Әбу Әли әл-Кұсайын ибн Абдаллах ибн әл-Хасан ибн Әли ибн Сина 980 жылы Бұқар қаласының маңайындағы Афшана деген жерде, тәжік отбасында туды. Оның әкесі өз заманының әрі ауқатты, әрі мәдениетті адамы болған. Саманидтер әулеті Нух ибн Мансурдың сарайында, Мусавфи диуаңында (мемлекеттік қаржы басқармасында) қызмет атқарады. Ибн Сина бес жасқа толғанда, әкесі өз отбасымен сол кездегі феодалдық империяның астанасы - Бұқар қаласына көшіп келеді.

Бұқар ол кезде шығыстың аса маңызды мәдени орталықтарының бірі болатын. Мұнда көптеген мектептер, кітапханалар, ауруханалар болған. Кітап саудасы да барынша дамыған. Қалада көптеген білімді, мәдениетті адамдар, көзі ашық қызметкерлер, әдебиет пен өнер қайраткерлері тұрған. Орта Азияның және оған көршілес көптеген елдердің сол кездегі білім қуған адамдары алдымен осы Бұқарға келетін. Көптеген ата-аналар өздерінің балаларын Бұқарда оқытуға тырысатын. Сондай ата-аналардың бірі - Ибн Синаның әкесі болған. Өзі сарай маңында қызметке орналаскан ол, баласы Құсайынды бастауыш мұсылман мектебіне оқуға береді. Кішікене Құсайын бес жасынан-ақ өзінің зеректігі және тапқырлығымен маңайындағының бәрін таңқалдырады. Бұқарға келгенде ол бүкіл құранды жатқа біледі екен. Ал, ол кездің адамдары құранды еңбектеген кезінен бастап, еңкейген шағында әзер тауысатыны белгілі. Дарынды бала мектепке келісімен-ақ өзінің қабілеттілігін бірден көрсетеді. Ол мұғалімдері үйреткен нәрсенің қандайын болса да бірден ұғып алып, өмірі ұмытпайды екен. Оның соншалықты білімді болып өсуіне өз отбасындағы мәдениетті өмір де елеулі әсер етті. Оның үйіне Орта Азиядан, Таяу Шығыстан, тіпті сонау алыстағы араб елдері - Мысырдан (Египет) қонақтар келіп, әкесі солармен ұзақ түндер бойы түрліше ғылым-білім тақырыбында әңгіме шертіседі екен. Бұл әңгімелер көбінесе әр елдердің халықтарының тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиясы, архитектурасы, көркемөнері жайлы болатын, Ибп Сина осы әңгімелерді тыңдап қана қоймай, бәрін де жадына тоқып отырады.

Құсайын 10 жасқа келгенде, әкесі оны бастауыш мұсылман мектебінен алып, жекелеген мұғалімдерден оқытады. Бұл мұғалімдер оған діни білімдермен бірге математиканы, физиканы, астрономияны, географияны, философияны, логиканы, заң ғылымын оқытады. Құсайын бала кезінің өзінде-ақ өз ой-пікірін дәлелдей білу үшін логика мен заң ғылымын білудің аса қажет екенін аңғарады. Бұл жөнінде ол былай деп жазады: «Заң ғылымы маған айтыс өнерін, ал логика дәлелдей және бекерге шығара білу өнерін үйретті».

Ибн Синаның соңғы ұстазы Натили деген адам Бұқарға кейінірек келсе керек. Дегенмен, сол кездің ең ірі ғалымдарының бірі саналған. Ибн Синаның әкесі осы кісіні өз үйіне шақырып, баласына логика, философия, геометрия, тағы басқа пәндерден сабақ бергізеді. Ибн Сина геометрияны Эвклидтің теориясы бойынша, астрономияны Птолемейдің «Алмагестасы» бойынша оқиды. Ол оқудан, үйренуден, ізденуден ешбір жалықпай, күн-түп демей жұмыс істеп отыра беретін болған.

Ибн Сина ескі грек философиясымен, логика, физика, астрономия және тағы басқа ғылымдармен терең танысады. Сонан кейін медицинаны қолға алады. Аз уақыттың ішінде мұны да толық меңгереді. Ерте заманның ұлы дәрігерлері Гиппократ пен Галеннің шығармалары, Шығыс ғалымдарының медицина туралы түрлі еңбектері оның қолынан түспейтін болады. Осылайша, медицинаны теория жүзінде меңгергеннен кейін медицинамен тәжірибе жүзінде айналысады, яғни маңайындағы ауырған адамдарды емдеу ісімен шұғылданады. Бұл жұмысты көбінесе тәжірибе алу үшін ақысыз-пұлсыз жүргізеді. Ибн Синаның Бұқардағы балалық және жастық өмірі осылайша үнемі оқу, үйренумен өтеді. Білім қуған жас ұлан бір білімді бітіріп, екінші білімге ауыса береді. Сөйтіп жүріп сол заманның бүкіл ғылымын өз бойына жинайды. Соның арқасында өз заманының ең білімді, ең оқымысты адамына айналады.

Осы кезде Бұқардың өмірі Нух ибн Мансур қатты ауырып қалады. Сарай маңайындағы дәрігерлер оған еш ем жасай алмайды. Сонсоң Ибн Синаны шақыртады. Жас дәрігер әмірді табан астында жазып жібереді. Сонан кейін әмір Ибн Синаға көптеген сыйлықтар береді және сарай маңындағы кітапханадан кітап алып тұруға рұқсат етеді. Ибн Синаның айтуынша бұл сол замандағы ең бай кітапхана екен. Мұнда өзінің мазмұны және құндылығы жағынан дүние жүзіиде өте сирек кездесетін кітаптар болыпты. Ол заманның ғалымдарының көпшілігі мұндай кітаптарды көрмек түгіл, өмірде ондай кітаптардың болуы мүмкін деп те ойламаған. Міне, Ибн Сина осы кітаптарды мұқият оқып, одан өзіне қажетті ғылым-білімдерді ала білген.

Жаугершілік күндердің бірінде Саманид сарайындағы бұл кітапхана мүлде жойылып кетеді. Оның ғылым үшін қажетті кейбір бағалы гіікірлері ғана аса зейінді ғалымның жадында сақталып, қағазына түседі. Кейін оларды өзінің ғылыми жұмыстарында пайдаланады.

996 жылы Мамун ибн Мұхаммед Солтүстік және Оңтүстік Хорезмді біріктіреді. Астанасы Үргеніш қаласы болады. Мамунға «хорезмшаһы» деген титул беріледі. Ол ғылым мен өнерді аса жоғары бағалайтын білімді және мәдениетті адам болады. Сондықтан да Ғазна шахы Махмуд Ғазнауиден қуғын көрген сол заманның көптеген ғалымдары Хорезмге, Мамунның төңірегіне топталады.

1000-жылы Ибн Сина Үргенішке келеді. Мұндағылар ғалымды зор қошеметпен қарсы алады. Осы кезде Хорезмде тарихта «Мамун академиясы» деп аталатын ғылыми орталық ашылған болатын. Сол кездегі Орта Азияның көптеген ғалымдары осында жұмыс істейтін. Ибн Сина осы академияға орналасады. Онда Орта Азияның сол кездегі атақты ғалымдары Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Әл-Ферғанилердің еңбектерімен танысады. Ол, әсіресе, 1010-жылдан «Мамун академиясын» басқарған атақты энциклопедист-ғалым Әл-Бирунимен өте жақын дос болады. Әл-Бируни Ибн Синаны ғалым ретінде аса жоғары бағалаған және қатты сыйлаған. Бұған олардың бір-біріне жазысқан хаттары куә. Бұл хаттар осы күнге дейін сақтаулы.

Ибн Сина Хорезмде жүрген жылдары өзінің аса күрделі екі еңбегін жазған. Оның бірі - «Медицина ғылымының заңдары» («Канон»), екіншісі - «Саулық сақтау кітабы» («Кітап аш-шифа») деп аталады. Бірінші кітапта дәрігерлік, емдеу мәселелері сөз болса, екінші кітап - физика, математика, астрономия, логика және басқа да қоғамдық ғылымдарға арналған. Міне, осы екі еңбек Әбу Әли ибн Синаның атағын бүкіл дүние жүзіне жаяды, оған өлмес даңқ әпереді.

Ибн Синаның жемісті ғылыми жұмысы 1017-жылы кенеттен тоқталып қалады. Өйткені, Ғазна шахы Махмуд Ғазнауи Хорезмнің іінкі ісіне араласып, оны басып алады. Осыған байланысты Хорезм ғалымдары куғынға ұшыратылады. Соның бірі - Ибн Сина болатын. Ол сол жылы Хорезмнен қашып шығады. Ғалымның бұдан былайғы өмірі үнемі қуғын үстінде өтеді. Махмуд Ғазнауиден қашып, бір князьдіктен екінші бір князьдікке барады. Өмірдің ауыр азабын шегіп, тұрмыстың, жоқшылықтың тауқыметін тартады. Емшілік жасау жолымен ғана күн көреді. Кейде өзінің ғалымдық таланты мен дәрігерлік дарынын бағалаған достарына барып паналайды. Ғалымның басына өлім қаупі төнген жағдайлар да болады. Бірақ осының бәріне қарамастан ол өзінің ғылыми жұмыстарын жүргізе береді.

Ибн Сина өзінің 20 жылға созылған қуғын-сүргін өмірі ішінде үлкенді-кішілі жүзден астам ғылыми еңбек жазады. Бірақ, өкініштісі сол, олардың көпшілігі біздің заманымызға жетпей жоғалған. Соның ішінде «Әділеттік кітабы» («Кітап Әл-Инсаф») деп аталатын 20 томдық философиялық шығармасы да жоғалып кеткен.

20 жыл бойы қуғында жүрігі, жоқшылық пен таршылықтың зардабын тартқан ғалымның денсаулығы барған сайын нашарлап, әл-қуаты кемиді. Ақырында, Орта Азияның даңқты перзенті, «ғалымдар атасы» аталған атақты оқымысты, асқан дәрігер 1037 жылы маусым айында шет елдерде жүріп қайтыс болады. Денесі Иранның Хамадан деген қаласының маңына жерленеді. Өлер алдында өзінің бар дүние-мүлкін кедейлер мен қайыршыларға таратып береді. Өліп бара жатып өзінің мынадай бәйітін оқиды:

Бәріміз де арпалысып, алысамыз, өлеміз,

Сан білместік, ағаттықты тек өлерде сеземіз.

Бұл ғалымның соңғы сөзі еді.

Гиппократпен қатар тұр...

Ибн Сина жан-жақты ғалым болған. Ол физика, математика, астрономия, химия, философия, логика, медицина туралы аса көлемді еңбектер жазып, аса бағалы жаңалықтар ашқан. Сонымен бірге мемлекет басқару, ел билеу, әскери іс, ғылымдарды саралау, музыка, семья және неке жайында да толып жатқан жаңа пікірлер айтқан. Ең ақыры ол поэзиямен де шұғылданып, өз артына өлмес өлеңдер қалдырған. Оның араб тілінде жазған өлеңдері мен тәжік тілінде жазған рубаяттары (төрт жолдық өлеңдері) біздің заманымызға дейін жеткен. Ғылым тарихында Ибн Синаның еңбектері аса жоғары бағаланады. Мәселен, оның есімі медицинада ежелгі заманның ұлы дәрігерлері Гиппократ және Галенмен, ал философияда ескі гректің атақты ойшылы Аристотельмен қатар тұрады. Ибн Сина осындай жан-жақты ғалым болғанымен, ол сол ғылымдардың ішінен, әсіресе, медицинаны жақсы білген, соған баса көңіл аударған. Сол заманның ғылым дәрежесінің төмендігіне және аспаптардың жоқтығына қарамастан, ол медицинада аса бағалы пікірлер айтып, көптеген жаңалықтар ашқан. Оның сол кезде медицинада, әсіресе адам анатомиясы жөнінде айтқан кейбір батыл болжамдары мен озат ой-пікірлері арада жүздеген жылдар өткен соң, ғылым мен техниканың өсуіне байланысты тәжірибеде дәлелденігі, жүзеге асқан.

Бұған, ең алдымен, микроскоп, телескоп сияқты аспаптардың шығуы, биологиялық химия, экспериментальдық физиология секілді ғылымдардың тууы мүмкіндік берді. Мәселен, ол сол кездің өзінде-ақ көздің бұлшык еттерінің қасиетін ашқан. Адамның көз қарашығының торлы болып келетінін айтқан. Бұл болжамдар ғылымда, микроскоптың шығуына байланысты, тек кейінгі кезде ғана дәлелденді.

Ал оның кейбір дәрі шөптер туралы берген мәліметтері осы кунге дейін ғылымдық мәнін жойған жоқ. Бұл, әсіресе, халықтық медицинаға аса үлкен көңіл бөліп отырған біздің елімізде аса жоғары бағаланады. Сол сияқты менингит, апоплекция, асказан ауруы, плеврит жөнінде алғаш пікір айтып, тұңғыш мәліметтер берген де Ибн Сина болатын. Кейбір мәліметтерге қарағанда, сол кездегі діншілдердің қатты тыйым салуына қарамастан, Ибн Сина адамға операция да жасаған екен. Әрине, ол мұны өте құпия түрде жүргізген. Микроскоп шықпастан көп жыл бұрын-ақ, Ибн Сина суда микробтар болатынын айтқан. Соның үшін де ол суды қайнатып ішуге кеңес берген. Сол сияқты туберкулездің жұқпалы ауру екенін алғаш ашқан және көптеген аурулардың ауа және қайнамаған су арқылы тарайтынын да алғаш айтқан Ибн Сина.

 

«Канон» - медицина энциклопедиясы

 

Ибн Синаның медицина саласындағы ең күрделі еңбегі - «Медицина ғылымының заңдары» («Канон») дедік. Бұл еңбегін ол 1010-жылы бастап, 1020-жылы аяқтаған. «Канон» сол кездің ғылым тілі - араб тілінде жазылған. Медициналық ілімдердің нағыз энциклопедиясы деп танылған бұл еңбек сол кездегі медициналық білімдердің екшелеп, сараланған және бір жүйеге келтірілген анықтамасы дерлік. Логикалық мағынасының анықтығы және ұғымының дәлдігі жағынан да медицина ғылымының бүкіл орта ғасырлық тарихында бұған тең келетін әдебиет, ғылыми еңбек жоқ десе болады. «Канон» ерте кездің өзінде-ақ латын тіліне аударылып, әуелде Италияға, Испанияға, сонансоң бүкіл Еуропаға қолжазба күйінде таралады. XIII ғасырдан бастап Еуропаның барлық дәрігерлерінің қолынан түспейтін кітабына айналады. Әсіресе, XV-XVII ғасырларда, жаратылыстану ғылымының дамуына байланысты «Канонның» маңызы арта түседі. Кітап басу ісі жолға қойылысымен-ақ, «Канон» да бірнеше рет кітап болып басылып шығады. Мәселен, Ибн Синаның «Каноны» діншілдердің атақты кітабы «Библия» (Зәурәтпен) бірдей басылып тұрыпты. XVIII ғасырға дейін «Канон» жоғары оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдаланылды.

Біздің елімізде бұл кітап орыс және өзбек тілдеріне аударылып, басылып шықты. Сөйтіп Ибн Сина еңбегі арада он ғасыр, өткенде, өз Отанында тұңғыш рет жарық көрді. Мұның өзі біздің елімізде Отандық ғылым қазынасына қаншалықты мән берілетінін көрсетеді.

 

Аристотельдің жолын қуған

 

Ибн Синаның философиялық еңбектері қайшылықтарға толы. Ол өзінің табиғатқа, қоғамға көзқарасында идеалистік бағыт ұстаған. Сонымен бірге оның ілімінде материализмнің де көптеген элементтері бар. Ол бір жағынан Аристотельдің жолын қуып, соның ілімін дамытса, екінші жағынан Платонның және басқа да идеалистердің көзқарастарын мақұлдайды. Сол сияқты, ол бірде философия мен дінді келістіруге тырысса, екіншіде материяның мәңгі екенін айтады. Мұның өзі сол кездегі діншілдердің дүниенің жаратылуы туралы түсінігіне мүлдем қарама-қайшы келетіні мәлім. Сондай-ақ, Ибн Сина табиғатта себепті заңдылықтың барлығын айтады. Бұл да «бәрі тәңірдің әмірімен» деген діншілдердің кертартпа теориясына қарама-қарсы келеді. Соның үшін де діншілдер Ибн Синаны «құдайдан безген», «қауіпті адам» деп санап, ұзақ жылдар бойы қуғынға ұшыратты.

Ибн Синаның әлеуметтік-саяси және философиялық көзқарасының қалыптасуына, бір жағынан, сол кездегі қоғамдық қайшылықтардың барынша шиеленісе түсуі елеулі ықпал етсе, екінші жағынан, сол заманның алдыңғы қатарлы, озат ойлы ғалымдарының көзқарастары да үлкен әсер еткен. Ол философиялық еңбектерінде ақыл-ойдың құдіретті күшіне кәміл сенеді, кандай бедел болса да сын көзімен қарайды, адамзат қоғамының әділетті өмір сүруін арман етеді.

Ибн Сина «Кітап аш-шифа» атты философиялық еңбегінде қоғамдағы адамдардың: 1) басқарушылар; 2) қызметшілер; 3) жауынгерлер сияқты үш топқа бөлінуін қажетті және дұрыс деп табады. Оның ойынша әділетті елде бірігіп жасалған белгілі бір заң, көпшіліктің мүддесіне сай тәртіп болуы қажет. Бұл заң, тәртіп бойынша жоғарыда отырғандарға (яғни басшыларға) төмендегілер, үлкендерге кішілер бағынуға тиіс. Ғалымның ойынша адамдар арасында абсолюттік теңдік ешуақытта болмақ емес. Олар тек белгілі бір заң, тәртіп алдында ғана тең құқықты болуы мүмкін.

 

Гуманист - ғалым

 

Ибн Сина - ұлы гуманист. Мәселен, ол сол кездегі кейбір қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың жұмысқа жарамайтын жарымжан адамдарды, қайыршыларды жойып жіберу керек деген адамзатқа қарсы ниеттеріне батыл қарсы шыққан. Егер қоғамдағы жұмысқа жарамды барлық адам түгелімен пайдалы еңбек етсе, әлгі айтылған адамдарды асырау мемлекет үшін аса қиынға түспейтінін Ибн Сина анық айтқан. Ғалымның ойынша дұрыс ұйымдастырылған және әділетті құрылған қоғамда (мемлекетте) пайдалы еңбекпен шұғылданбаған немесе өзінің орнын таппаған бірде-бір адам болмауға тиіс. Ол қоғамның барлық мүшесінің белгілі бір кәсіппен шұғылдануын талап еткен. Ал заң шығарушы орындардан пайдалы еңбекпен, қызметпен шұғылданбаған адамдарды, жатып ішер арам тамақтарды қатты жазалауды талап еткен. Оның ойынша мемлекетте «жалпы адамзатқа арналған» арнаулы қаржы (қор) болуға тиіс. Бұл қаржы халық арасынан жиналатын алым-салықтан, мемлекеттік меншіктерден, мекемелерден тусетін өнімнен жиналуы керек. Бұл қаржылар жұмысқа жарамайтын мүгедектерге, қарттарға, ауруларға жәрдем ретінде берілсе, ел қорғаушы, тәртіп сақтаушы жауынгерлерге жалақы ретінде төленуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қор «жалпы халық игілігіне» жұмсалуға тиіс.

Еңбек пен әділеттіліктің жалынды жаршысы болған Ибн Сина өз заманында осындай батыл да, дұрыс пікірлер айтқан. Тіпті ол әділетсіз үкіметке қарсы халық көтерілісінің болуын заңды және қажет деп тапқан.

Орта ғасырлардың ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Сина табиғат пен қоғам құбылыстарының өз замандастарына белгісіз көптеген құпияларын ашты, адамның ақыл-ойын фанатизм мен жоққа сенушіліктен құтқаруға тырысты, табиғатты танып, оны адамзатқа қызмет еттіруге ұмтылды. Соның үшін де адамзат қоғамы Орта Азияның асқан ғалымы, ұлы ойшылы, тамаша табиғат танушысы Ибн Синаның есімін ғасырлар бойы құрметтеп келеді.

 

Пайдаланған әдебиет:

Менқұлов Н. Әбу Әли ибн Сина. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 132-141 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-11-24 10:11:24     Қаралды-13691

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »