ӘБІЛХАСАН РУДАКИ
Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің халықтары ғажайып ойшыл, атақты ақын, тәжік әдебиетінің алғашқы үлкен өкілі Әбілхасан Рудакидің туғанына мың бір жүз жыл толуын зор құрметпен атап өтті. Бір кездерде әдебиеттік антологиялардан аты ғана мәлім болып келген осынау алып ақынның биік бейнесі соңғы жылдарда көпшілік оқушыға таныла бастады. Тәжік-парсы классикалық әдебиетінің зор тұлғалы шайыры - Рудакидің шығармалары қазақ тілінде де басылып шықты.
Рудаки туындыларының жүздеген жылдар бойы ұмытылмай, ғасырлардан өтіп, біздің дәуірімізге жету сыры неде? Бұл сұрауға жауап беру үшін тәжік-парсы әдебиетінің тарихына азырақ шолу жасай кету қажет болар еді.
Бұл күнде әмбе жұртшылыққа мәлім тәжік жазба әдебиетінің тұңғыш туындылары IX-X ғасырларда дүниеге келген. Әрине, одан бұрын да Иран мен Орта Азияда иран халықтары ақындарының араб тілінде жазған шығармалары болған. Рудакиден басталатын классикалық әдебиеттің алдында иран халықтары жасаған тамаша бай ауыз әдебиеті, мифологиялық аңыздар, эпикалық әңгімелер бар еді.
Араб халифатының шабуылы Орта Азия мен Иран елдерінің көптеген тарихи мәдени мұраларын жойып жіберген. Тәуелсіздіктен айрылған халықтар тілі ұзақ ғасырлар бойы қағажу көріп, барлық маңызды мәселелер тек араб тілінде жазылған. Орта Азия мен Ираннан ерте дәуірлерде шыққан ғалымдардың да өз еңбектерін араб тілінде жариялауын дәл осы себептен деп түсіну керек. Бұл айтқанымызды даңқы әлемге тараған Хорезми, Бируни, Фараби секілді ақыл-ой кемеңгерлерінің мұралары да дәлелдейді.
IX ғасырда Иран мен Орта Азияда арабтарға жартылай тәуелді мемлекеттер құрыла бастайды. Осы шақта парсы тілінде жазу қажеттігі күшейеді. Бұл - отаршы арабтарға қарсылықтың, іштей буырқанған күштің, ұлттық өрлеуді аңсаудың бір көрінісі еді. Сонымен әдеби шығармалар парсы тілінде көбірек жазылып, қалың бұқараға түсініксіз араб тілі сырыла берген. Ақырында X ғасыр көлемінде парсы тілі біржолата әдебиет тілі болып бекиді. Иран халықтарының шетел басқыншыларының тепкісіне төзгісі келмей, тәуелсіздік үшін табанды күрес жүргізіп, табысқа жетуі - парсы тілі мен әдебиетінің гүлденген шағы болып табылады.
Осы дәуірде түрлі ғылым саласындағы кітаптарды араб, сирия, грек тілдерінен аудару ісі күшейген. Музыка, архитектура, каллиграфия өнерлері де қатты өрістеп, химия, медицина, математика, астрономия, ботаника ғылымдары да дами бастайды. Өз заманында дүние жүзіне әйгілі болған Бұқар шаһарындағы кітапхана ғылыми ойдың үлкен орталығына айналады.
Ол кездегі тәжік қалаларында қолөнершілік кәсібі де жедел көтеріледі. Кейбір қалаларда, мәселен, «Байтут-тираз» («Өнер үйлері») аталған шеберханалар да бар еді. Ал ауыл шаруашылығына келетін болсақ, мұнда да егіншілікке аса қажетті суландыру жүйелері жасалған болатын-ды...
Алайда бұл секілді материалдық-рухани игіліктер езілген қалың қауымның және кедей-кембағалдардың қолына тимегені белгілі. Сән-салтанат, байлық жергілікті ақсүйектер қолында болды. Саманидтер әулеті дәуірлей бастаған кезде еңбекші көпшіліктің тұрмыс күйі бұрынғыдан да төмендей түседі. Сондықтан феодалдык үстемдік пен әлеуметтік теңсіздікке қарсы қозғалыстар да орын алып тұрған. Заманының алдыңғы қатарлы ой-шылдары нақ осындай бұқара наразылығына іш тартып отырды.
Феодалдық өктемдікке қарсылықтың аса үлкен көрінісі қарматтардың діни қозғалысы еді. Бұған еріксіз, езілген еңбекшілер бұқарасы ғана емес, ақсүйектер қауымының да кейбір өкілдері ниеттес болған. Қарматтар қозғалысының бір қайшылығы осында еді... Тәжіктің Рудаки, Фердауси, Әбу Әли ибн Сина секілді білімпаздары да қарматтар қозғалысын қолдаған. Иран халықтарының ояну, сергу, сілкіну дәуірінде поэзияның түрлі жанрында көптеген шығармалар жазылды. Бұл кезде, әсіресе ода мен элегия үлгісіндегі өлеңдер көбейеді. Араб әдебиетінің әсерімен мактау жырлары - қасыдалар, философиялық ойға құрылған лирикалар туады. Сол дәуірде эпикалық, лиро-эпикалық поэмалар да (месневи) пайда болады. Парсыша жазба әдебиет нұсқаларын ол кезде көбінше шах сарайларының төңірегіндегі білімдар, ойшыл ақындар жасаған. Бірақ поэзияның тақырыбы патша салтанатын жырлаумен шектелмей, тіршіліктің түрлі тарауларын да қамтыған.
X ғасырдың бас кезінде, саманидтер дәуірінде өрен ойшылдар мен білікті ақындар көбінше Бұқар мен Самарқан шаһарларына топталған еді. Солардың ішінен аты мен сөзі өлмей, халық жадында сақталған үлкен ақын - Әбілхасан Рудаки.
Рудакидің ақындық қызметінің жолдары, жүрген жерлері, жасаған істері көп жағынан әлі күнге дейін көмескі. Зерттеушілер оны IX ғасырдың елуінші жылдарының ақырында туып, X ғасырдың қырқыншы жылдарында дүние салған деседі. Сондай-ақ кейбір жазба нұсқаларда Рудаки жазған бәйіт өлең жүз мыңнан асады деп көрсетеді. Алайда ақынның біздің дәуірімізге бірнеше жүз өлең жолдары ғана жеткен...
Рудакидің өмірбаянына байланысты мол мағлұмат жинап, көптеген мәселеге анықтық енгізген кісі - тәжік әдебиетінің негізін қалаушы Садриддин Айни. Ол XII ғасырдың оқымыстысы ас-Саманидің «Қитаб-ул-ансаб» деген еңбегіне сүйене отырып, ұлы ақынның туған жері қазіргі Тәжікстанның Пенджикент атырабындағы Рудак деген көне қыстақ екенін айқындады. Көптеген тексерулер нәтижесінде Рудакидің денесі қойылған Панджруд қыстағы да мәлім болды. Ақынның бейітін қаздыру үшін 1956 жылы белгілі антрополог-скульптор М.М.Герасимов бастаған арнаулы экспедиция шығарылды. М.М.Герасимов Рудаки бейітіндегі дене сүйектерінің қалдықтарын егжей-тегжейлі зерттей отырып, ақын портретінің жоба-мүсінін жасап шығарды. Сонымен бұдан мың жыл бұрын опат болған адамның бейнесін болжауға мүмкіндік туды. М.М.Герасимов осындай тәсілмен Ақсақ Темірдің, Ұлықбектің келбеттерін де қайта жаратқан еді!..
XII ғасырда өмір сүрген тәжік жазушысы Мұхаммед Ауфи Бухарап өзінің «Лубаб-ул-албаб» деп аталған антологиясында Рудаки «туғаннан көр еді, бірақ талантты, зерек болғаны соншалық - сегіз жасқа шыққанда құранды түгел жатқа білді» дейді. Рудакидің табиғи көрлігін басқа да деректер ескертеді. Дегенмен, кейінгі кездегі зерттеушілер Рудаки саманидтер әулетінің әмірімен жазаланған, содан көзден айрылып, соқыр болған деген пікірге бейімірек келіп жүр.
Қалай болған күнде де Рудаки кедей отбасында туып, өзінің асқан зейінділігімен, талаптылығымен ғана атаққа ие болған жан екеніне шүбә жоқ. Кейбір мәліметтерде Рудаки патша сарайының әйгілі ақыны болып, атағы шар тарапқа кетіп тұрған кезде көп сый-сияпат көріп, мал дәулетке де ие болған делінеді. Бірақ қартайған шағында ғаріптікке ұшырағаны да оның өз өлеңдерінен айқын сезіледі.
Рудаки асқан ақын, музыкант қана емес, үлкен оқымысты да болған. Ол заманындағы әкімшілік пен ғылым тілі болған араб тілін жақсы біліпті. Оның «Калила мен Димнаны» арабшадан аударғаны осыны дәлелдейді. Сонымен қатар Рудаки астрономия мен грек философиясынан да хабардар болған.
Ұлы ақын өзінің тамаша туындылары арқылы еліне адамшылық, әділдік ұғымын таратуды, ел билеушілерді халыққа пайдалы болуға үгіттеуді, ықпал етуді көздеген. XI-XII ғасырларда өмір сүрген Низами Арузи Самарқанди «Чахар Махала» («Төрт мақала») деген шығармасында Рудакидің әмір Насыр Екінші алдында беделділігін: «Әмірдің айналасындағы ұстаздардың Рудакиден өткен білгір данасы жоқ» - деп мақтайды.
Дегенмен, Рудакидің адамдық, ақындық, ойшылдық келбетін тануға көмектесетін нағыз қымбатты куәгер - оның шығармалары. Ендеше ақынның асыл сырларына - өлең жолдарына көз жіберіп көрейік. Бір ретте ол:
Дана болсаң қатал саған тағдыр да,
Бұрқанып қал - аяғыңнан шалдырма - дейді.
Бұл - өмірдің күреске толы екенін оймен ғана болжаған кісінің емес, тірліктің аумалы-төкпелі тар жол, тайғақ кешуін өз басынан кешірген жанның лебізі секілді. Коғам қайшылығын, әртүрлі әділетсіздікті көзімен көріп, біліп отырған дана ақынның ақуалы саманидтер сарайында жеңіл болмаған. Рудаки қартайған шағында патшаның қаһарына ұшырап, азап шеккені жайында тарихи деректер бар. Өйткені қатал, әділетсіз заманда дана кісіге қатер, қауіп көптігін ақын тамаша тауып айтқанға ұқсайды.
Жалпы алғанда тәжік-парсы классикалық поэзиясында патша сарайына жақын тұрған ақындар мен әкімдер арасының зор қайшылығы өте мол аңғартылады. Ерте замандарда қолы қысқа кедей балаларын оқытып, білікті адам етуге мүмкіндігі бола бермеген. Табиғатынан үздік дарынды бірен-сарандар ғана бұқара арасынан көтеріліп, сарай, астана табалдырығын аттай алған. Елдің ең талантты өнерпаздары жат елде жүріп атақ шығаруы мүмкін болмаған. Атақты ақындардың, ғүламалардың, қолынан өнер тамған ісмерлердің билеушілер маңында қызмет етуі сондықтан еді.
Бірақ әкімдер айналасында күн кешудің рахаты ғана емес, қасіреті де ерекше мол еді. Ештеңеден тыйым көрмеген шахтар, патшалар, әмірлер кез келген күні әділетсіздік жасауға, адал кісіні нақақтан жазалауға ерікті еді. Бүгін «шапағатын» көрсеткен әмір, ертеңіне кенеттен кектеніп, тексермей жазалайтын. Осындай алмағайып, қатерлі кезеңдерде әкімдер сарайындағы білімпаздардын көп пайдалы ғибраты керек болған. Мәселен, Рудакидің «Қалила мен Димна» әңгімесін өлеңмен дастан етіп жазуын патшаларды парасатқа шақыру мақсатынан туған дейміз.
«Қалила мен Димна» ежелгі үнді топырағында туған ғибрат әңгімелер жинағы еді. Онда ел билеушілер өнеге аларлық мәнді мәслихаттар келтіріледі. Міне сол даналық кітабы кейіннен Иранға, Арабстанға тағы басқа елдерге мәлім болып, көп тілдерге аударылған. «Қалила мен Димнада» патшаларды кемеңгерлікке, зеректікке, әділеттікке, адамшылыққа шақыратын аса ойлы хиқаялар кездеседі. Оқиғалар аңдар мен құстар арасында өтілген сияқты болып баяндалғанымен, адамдар істері астарлы түрде айтылып отырғаны анық сезіледі. Аңдар, құстар хиқаясы арқылы адам бойындағы түрлі сипаттарды, қайшылықтарды көрсетеді. Мысалға сол кітаптағы арыстан мен өгіздің танысуы, достасып, ақырында азғырынды тілге еріп арыстанның өгізді өлтіру тарихын еске түсірсек те жеткілікті. Аңдар патшасы арыстан өзіне дос қызметкер өгізді көп істерде сынап, әбден сенеді. Ақырында бұлардың достығы, бірлігін көре алмаған шибөрі - Димнаның өсегіне сырттай сеніп, өгізді нақақтан жазалайды. Артынан ағаттығын түсінген арыстан қатты қапаланып, Димнаның қылмысын ашқызып, оған да қатал үкім кескізеді. «Тауды-тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» дегендей, нағыз жақсы достықты суық тіл қалай ажыратқанын, ақыры өсекшінің өзі жазадан құтылмағанын мысал етіп баяндаған осынау әңгіме, шынында әркімге-ақ ой саларлық... «Қалила мен Димнада» адам арасындағы қарым-қатынастың түрлерін мысалмен әңгімелейтін басқа да ғибраттар бар.
Әбілхасан Рудаки тәжік поэзиясында философиялық лириканың негізін салушы ақын деп танылады. Ол өмірдің өзгермелі болмысын қат-қабатымен таныған, орасан ойшыл болғанын көп өлең жолдары қапысыз аңғартады.
Бүгін саған шипа дәрі,
Ертең у боп тиер жанға.
Жұтсаң кейін сол у тағы,
Шипа болар ауырғанда.
Заман илеп, жас қартайса,
Жаңартады ескіні де.
Гүлстандар шөлге айналса,
Шөлдер толар жастық гүлге...
Ақын замандастарын дүние сырын түсіне білуге, бүгінге қоса ертенді де ойлауға шақырады. Мұндай ақылды, әсіресе, айбатты әкімдерге арнап отырғаны да мәлім. Көлмін деп мақтана берме, шөл болуың да қиын емес, дәріні ащы деп жек көрме, шипа болуы ғажап емес дегісі келгендей. Әлемде өзгермейтін, көнермейтін, жаңарып жаңғырмайтын нәрсе жоқ, күні туғанда патшалар да тақтан түседі, сонда артыңда қандай өнеге қалдырасың дегенді дәйімі ескертеді. Ол адамдарды күншілдіктен, кекшілдіктен сақтандырып, қанағатқа, шапағатқа, рахымға баулығысы келеді. Осыны поэзия тілімен ұтымды, ұғымдық тиімді жеткізеді. Бірде «Қанағат көр басыңдағы бағыңды, аңсар көп жұрт сенің сол бір шағыңды» десе, тағы бір ретте өмірдің нұрлы жақсылығы да бар екенін сездіреді.
Тағдыр өзі сәл бір сәт күлім қақса,
Боларсын салтанатты ұлық патша...
Шығыстың классикалық поэзиясында дидактика жиі ұшырайтыны мәлім. Бір кезде әпербакан, әсіре сілтегіш «білгіштер» сол дидактизмді бейнебір құбыжық етіп көрсетуге құштар еді. Ғибратшылдықтың қандай тарихи әлеуметтік жағдайда туғанын ескермеуге болмайды. Зорлық пен зомбылықты, ғайбат (өсек) пен қиянатты орда ішінде көзбе-көз көріп, жан шошырлық сойқан содырлы істерге тыйым салуға қауқар-қауметі жоқ ойшыл азаматтардың ақылгөй болмасқа лажы жоқ еді. Онан соң нысанаға соншама дәл тиіп тұрған ғибрат өлеңнің поэзиялық қуаты қашан да кемімек емес. Мәселен «жақсы адам береді де алады, жаман адам күтер тек жұрт беруін» деген жолдарды «дидактикалық» деп кеміту келіспейді.
Рудаки шығармаларынан өмір сүйгіштіктің, өршіл оптимизмнің лебі өседі. Ақын өмірдің сәнді, салтанатты жағын көре де, оны адам қызыққандай етіп жырлай да біледі; адамдарды тіршіліктің тамаша жақсылықтарын сүйе білуге шақырады. Рудаки өлеңдерінде махаббат мотиві де мол. Ол - кіршіксіз таза махаббатты мадақтайды, сүйіспеншілік - адам бойындағы ең асыл қасиет деп қастерлейді. Рудакидің махаббат сезіміне мас болып жазған, кейде зар-наласын білдіре толғаған жан сырлары жоғары поэзиялық сапаға ие. Олардан өмірге құштар күрескер адамның жүрек лебізі сезіледі. Ақын өлеңдерінде жиі айтылатын шарап пен шарапхана ішкілікті дәріптеу емес, заманында жеке бастың азабы мен әлеуметтік азапты көп шеккен, әлем әділетсіздігін жоюдың жолын, мүмкіндігін таба алмаған «поэзия патшасы» шарапты тіршілік талқысын бір мезгіл естен шығарып, тыныштық пен көңіл көктемін жасаудың амалы деп қарайды.
Рудаки өлеңдерінде сол заманда даңқы шыққан талай жерлердің, рабат мекендердің аты аталады. Солардың ішінен Қазақстанның ертеден келе жатқан қаласы Таразы да (қазіргі Жамбылдың ертедегі аты) бірнеше рет ауызға алынған.
Қанша қажет бұлдыр сағым - ол жалғанның сырлары,
Бұқар менен Таразының тартты мені сырлары...
Таразыны гүлзар абад деп жырлаған өлең Омар Хайям кітаптарынан да кездеседі. Бұл поэзиялық куәліктер тегіннен тегін қалмаған болар. Ерте ғасырларда атағы әлемге жеткен алып ақындарды тамсандырып, аузының суын құртқан тамаша қала Таразыда қандай ғажайып сырлар болды екен десеңізші?! Сол Таразының өзінен шығып, өзге елдерге мәшһүр болған атақты адамдар жоқ па екен?...
Әбілхасан Рудаки шығармаларының ерекше қымбат қасиетінің бірі - оның үстем тап пен езілуші кедей көпшілік арасындағы алшақтықты терең тани білгендігінен де көрінеді. Дүниенің құлы болмай, адамшылық парызын үмытпаған данышпан ақын бұл салада да мәңгілік өшпес ойларын қалдырған, өз заманының анық суретін жасаған.
Адам көп-ау тасып тұрған ризығы, несібесі,
Адам көп-ау дорба асынған мойынына ерте-кеші...
Классикалық шығыс әдебиетінің үздік үлгілерінде гуманизм, адамгершілік тақырыбы мол жырланған. Ақындардың адамшылыққа, кінәратсыз кісілікке шақырған, достықты көкке көтере мадақтаған, қиянатшылықты қатты айыптаған асыл өсиеті мәңгі өлместей. Достықтың асыл қасиет екендігін тебірене жырлаған ақынның бірі - Рудаки.
Дұшпаныңды көбейтпе,
бірі де аздық етпейді,
Ал достарың неше мың
болғанымен жетпейді...
Рудаки поэзиясы бүкіл әлемдік әдебиет қазынасына қосылады. Бұл тұжырымда асыра айтқан ағаттық жоқ. Әбілхасан Рудаки өз заманында алыс, жақын елдерге адамгершілік сөзін, биік мұраттарды, асыл шындықтарды айта білген, дәуірінің ең зәру лебізін таныта алған ақын. Бұған себеп Рудакидің ересен таланттылығы ғана десек, мәселенің бір-ақ жағын айтқан болар едік. Қазіргі кездегі тарих ғылымының дәлелдеуінше X ғасырда Орта Азия шаруашылық, мәдениет жағынан көп ретт батыс Европа елдерінен ілгері тұрғаны мәлім. Сол кезге дейінгі адамзаттың ғылымдағы жетістігін меңгеріп, өз тарапынан батыл жаңалық ашқан оқымыстылар, ойшыл ақындар, түрлі өнер иелері Орта Азиядан көп шығуы да бұған дәлел. Сондай-ақ өмірді танудың биік тұрғысы, соны ой поэзиядан да көрінбеуге мүмкін емес еді...
Кемеңгер Рудаки өлеңдерінде адамзат әрдайым еске алып жүруге тиіс кемел кеңестер, ханға да, қараға да арналған ақыл-сана көп.
Нәпсіңе ерік бермесең - сен жақсысын,
Кемтарды айып көрмесең - сен жақсысың.
Жығылғанды жұдырықтау ерлік пе?
Құлағанды сүйесен - сен жақсысын.
Осы секілденген даналыққа толы өлең қатарын Рудаки диванының (жинағының) кез келген бетінен табуға болады. Ұлы ақынның жырларынан ойды байытарлық, сезімді қозғарлық сөз гауһарларын кездестіреміз. Соларды оқи отырып, халыққа жүрегіндегі асылын түгел бағыштаған ақын жанының сақилығына еріксіз бас иеміз.
Сақта құдай тыныштықты бер елге, -
Еш бәлекет кездеспесін әлемде.
Жамандықпен жапса әзәзіл бір есік,
Жақсылықтан ашатын бол мың есік! - деген.
Рудаки дауысы бүгін де барша жұртқа естіліп жатқандай.
Пайдаланған әдебиет:
Бердібаев Р. Әбілсахан Рудаки. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 85-94 б.
Жарияланған-2016-11-24 09:49:36 Қаралды-6690
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану