ОРТА АЗИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫ ҒАЛЫМДАРЫ (ІХ-ХІХ ғасырлар)
Орта Азия мен Қазақстан өздерінің көп ғасырлық тарихында адамзат қоғамының ғылыми және мәдени өміріне елеулі үлес қосты. Осы күнгі Орта Азия мен Қазақстан жерлерін мекендеген тәжіктер мен өзбектердің, қазақтар мен қырғыздардың, түрікмендер мен қарақалпақтардың, ұйғырлар мен дұңғандардың арғы ата-бабалары бір кезде мәдениетті адамдар болған. Көркемдік мәні зор көптеген материалдық заттар жасаған. Олардың арасынан ондаған ірі ғалымдар шығып, көптеген ғылыми жаңалықтар ашқан.
Археологтардың көрсетуінше және ескі Хорезмнің ұлы ғалымы Әбу Райхан Бирунидің айтуынша Орта Азияның ең ескі мемлекеттерінің бірі - ежелгі Хорезм ертеден-ақ үлкен мәдениет орталығы болған. Біздің жыл санауымыздан екі мың жыл бұрын мұнда архитектура, скульптура, бейнелеу өнері өте жоғары дамыған. Мұнда үлкен-үлкен кітапханалар болған. Араб шапқыншылығынан кейін де Хорезм Шығыстағы үлкен мәдениет ошағы болып қала берген.
Орта Азиядағы екінші мәдениет орталығы - Соғда мемлекеті. Иран патшасы Даридың, грек қолбасшысы Александр Македонскийдің жорықтарын жазған авторлар согдалықтардың тамаша мәдениет иесі екенін атап өтеді. Араб басқыншылары Орта Азияны жаулап алғанға дейінгі дәуірде Соғда үлкен мәдениет орталығы болып келғен. Бұған Зеравшан өзеңнің бойынан табылған архитектуралық тамаша ескерткіштер, ескі Пенджикент қаласының орны, оның қабырғаларына салынған ғажайып суреттер куә. Орта Азияда бұдан басқа да Маргиана, Парфия, Бактрия дейтін аса мәдениетті мемлекеттер болған.
Орта Азия мен оңтүстік Қазақстанның өнер-ғылымының, әсіресе, техникалық білімінің дамуында оның географиялық жағдайы, жаратылыс байлығы, ауа райы үлкен роль атқарған. Мәселен, орта азиялықтар егін шаруашылығын өркендету үшін егістік жерлерді қолдан суаруға мәжбүр болған. Мұның өзі оларды жер суару үшін неше түрлі ирригациялық құрылыстар салуға мәжбүр еткен. Мәселен, ұлы Хорезм каналы біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырда-ақ салынып біткен. Зеравшан өзенінің бойындағы жер суару жүйесі де сол кезде жасалған. Өте күрделі ирригациялық құрылыстар Маргиана, Ферғана және Таразда да болған.
Елдің экономикасының негізі ауыл шаруашылығы болған. Егіншілікпен бірге бау-бақша, жүзім, күріш, мақта шаруашылығы да кең дамыған. Мәселен, жүзім мен жоңышқа өсіруді қытайлықтар орта азиялықтардан үйренген. Мұндай мәдени дақылдарды өсіру олардың агротехникалық білімінің жоғары екенін көрсетеді. Ерте заманда Орта Азия мен Қазақстанда мал шаруашылығы да барынша дамыған. Әсіресе, жылқы шаруашылығы күшті өркендеген. Қытай тарихшыларының айтуына қарағанда ескі Ферғана сәйгүлік аттардың отаны болған.
Орта Азияның ежелгі елдері - Хорезм, Соғда, Фергана өздерімен көршілес Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, Кавказ, Шығыс Европа мемлекеттерімен тығыс экономикалық байланыс жасап, қызу сауда-саттық жұмысын жүргізген. Олар көбінесе жібек, алмас, аң терісі, мал, балық, әсіресе, садақты көп сатқан. Орта Азия мен Қазақстанның Шығыс Европа мен Қытай, Үндістан арасын қосқан үлкен керуен жолының үстіне орналасуы мұнда сауданың барынша өркендеуіне елеулі әсерін тигізген.
Орта Азия мен оңтүстік Қазақстанда ірі қалалар ерте кездің өзінде-ақ пайда болған. Олар, әсіресе, II-III ғасырларда зор даму дәрежесіне жетін, Орта Азия мен Қазақстан мәдениетінің орталығына айналған. Мәселен, Самарқан қаласы сонау Александр Македонскийдің кезінде-ақ тарихқа «Мараканды» деген аты арқылы белгілі болған. Ал Маргиана мемлекетінің астанасы - Мерв жөніндегі деректерді біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларда жазылған кітаптардан оқуға болады. Ескі Хорезм астанасы Үргеніш жөнінде де біздің заманымыздың бірінші ғасырының бас кезіндегі қытай жазбалары жыр шертеді. III-V ғасырларда Бұқар, VI-VIII ғасырларда Пенджикент, Отырар, Тараз - Орта Азия мен Қазақстан мәдениетінің орталықтары болған.
Ежелгі Орта Азия мен Қазақстан жерінде кәсіпшілік ісі де кең өркендеген. Арабтар жаулап алмастан бұрын-ақ мұнда кендер пайдаланылып, алтын, күміс, темір, мыс қорытылған. Сынап өндіру ісі біздің заманымызға деиінгі IV-II ғасырлардың өзінде-ақ қолға алынған. Орта Азия керамика, тоқыма, зергерлік өнерлерінің де отаны болған. Батыс елдері Қытай шығарған қағазбен Орта Азия арқылы танысқан. VIII ғасырда қағаздын ең жақсысы Самарқанда жасалған. Содан ол Дамаск, Бағдат және т. б. қалаларға жіберіліп отырған.
Орта Азия халықтары экономикасының өркендеуі олардың көркемөнерінің де қарыштап өсуіне әсер еткен. Кейінгі жылдары археологтар тапқан монументальды архитектуралық ескерткіштер Орта Азия мен Қазақстанда архитектура, құрылыс ісінің ғажап дамығанын дәлелдейді. Ал ондағы кеп қатарлы минареттер мен сарайлар, қорғандар мен бекіністер соларды салған шеберлердің асқан архитектуралық өнерін көрсетеді.
Қытай тарихшыларының жазуына қарағанда Соғда, Хорезм, Пенджикент қалаларында бейнелеу өнері кең дамыған. Мұны совет археологтары қазғаннан кейін Топырақ-қала, Варахша, Пенджикент қалаларының орындарынан табылған үйлердің қабырғаларына салынған суреттерден де анық көруге болады. Айтылған тарихи ескерткіштер, жергілікті халықтың өзіндік сурет өнері болғанын, бұл өнер өмірді, құбылысты реалистік түрде бейнелеуге тырысқанын дәлелдейді. Мәселен, адамдар өмірінің көрінісі, хайуанаттардың бейнесі, өсімдік тұрінде салынған ою-өрнек, әшекей - өмірдің өзіндей шын, әрі әсем.
Ежелгі тарихшылар Орта Азия мен Қазақстан халықтарының музыкалық мәдениетінің жоғарылығын, музыка аспаптарын жасаудағы олардың асқан шеберлігін талай атап көрсеткен болатын. Орта Азия халықтарының бұл өнері араб басқыншыларының ойран-асырына да қарамастан кең өріс алды. Мәселен, 912-913 жылдары согдалық Хаким ибн Ахбас Бағдатқа барып, онда шахруд дейтін жаңа музыкалық аспап ойлап шығарған. Отырарлық оқымысты Әбунәсір Фараби де үлкен музыкант болған, музыка жөнінде ғылыми еңбектер жазған және бірнеше музыка аспаптарын өзінше жасаған. Тіпті Орта Азияда туған дутар, домбыра кейін Европа елдеріне гитар, домра деген атпен кең жайылған.
Қазақстан мен Орта Азия жерінде жазу өнері өте ерте заманда пайда болған. Мұның өзі Орта Азия халықтарының мәдениетінің жоғары болғанын көрсетеді. Қытай жазушылары VII ғасырда Соғда жұртшылығы сауатты ел еді дегенді айтады. Соғдалықтар балаларына бес жасынан бастап есеп пен сауданы үйретеді екен. Мұны археологиялық қазбалар да дәлелдеп отыр. 1933 жылы Тәжік ССР-індегі Муг тауынан табылған ескі Соғда әкімі Диваштиштың архив документтері, Соғда жазулары жазылған ыдыс-аяқ сынықтары, бертіндегі Орхон-Енисей, Талас-Шу жазулары - Орта Азия мен Қазақстан жерінде жазудың ерте бастан-ақ пайда болғанына толық айғақ бола алады.
Оқымыстылардың айтуына қарағанда алғашқы Соғда жазуы - Тали-Барзу біздің заманымызға дейін I ғасырда пайда болған. Совет және шет ел ғалымдары қазір осы ескі Соғда жазуларын оқып, зерттеуде. Егер бұл жазулар таныла қалса, оның өзі Орта Азия халықтарының ескі мәдениетінің жаңа бір белесі болатыны сөзсіз.
Соғда сияқты ескі Хорезмде де жазу болған. Оның алғаш пайда болғанын біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға жатқызуға болады. Мәселен, археологиялық қазбаның нәтижесінде ашылған Топырақ-қаладағы патша сарайының орнынан ағаш пен теріге жазылған документтер табылып отыр. Мұның өзі ескі Хорезмде жазудың кең өрістегені жөнінде парсы жазушыларының мәліметтерін толық дәлелдейді.
Өте ерте заманда Орта Азия мен Қазақстанда ғылым да дамыды деген дерек бар. Бұл жөнінде кейбір жазба мәліметтер де кездеседі. Ескі Хорезм ғалымы Бирунидің айтуына қарағанда хорезмдіктердің арғы ата-бабалары ғылыммен де шұғылданған көрінеді. Олардың арасында өздері оқып және білгендерін басқаларға үйретіп отырған адамдар болған.
Ғылым тарихы қоғамның әлеуметтік, экономикалық және мәдени тарихымен тығыз байланысты. Ғылым көбінесе шаруашылықтың, техниканың, сауданың қажетінен туған. Олай болса, Орта Азиядағы архитектуралық ескерткіштер, ирригациялық жүйелер, құрылыс техникасының табыстары, бейнелеу өнерінің дәрежесі мұнда ғылымның жоғары сатыда болғанын көрсетеді.
Археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған түрлі-түсті шынылар, үй қабырғаларын әшекейлеу үшін пайдаланылған әсем бояулар Орта Азияда химия мен минералогияның дамығанын дәлелдейді. Орта Азия құрылысшылары монументальды сарайлар мен көлемді қамалдар салғанда және каналдар қазғанда нивелировка жасап отырған. Мұның өзі бұл елде геодезияның болғанын көрсетеді. Көршілес мемлекеттермен экономикалық және мәдени байланыста болып, олармен сауда-саттық жасау ісі бұл елде математиканың, географияның дамуына ықпал еткен.
Орта Азия мемлекеттерінің экономикасының негізі - жерді қолдан суару болғаны тарихтан белгілі. Бұл кәсіп едәуір ғылыми-техникалық білімдерді, әсіресе, математикалық есепті қажет етеді. Мұның Орта Азияда болғанын археологиялық қазбалар арқылы табылған суару жүйесі, су құбыры, су тартқыш және су көтергіш жабдықтар дәлелдейді. Бұл жағынан Орта Азияның табиғи жағдайы мен оның халықтарының экономикалық тіршілігі ескі Египет пен Вавилонға ұқсайды.
Қазақстан мен Орта Азияда ғылыми-техникалық, әсіресе, математика мен геометрия білімдерін қажет еткен шаруашылық салаларының бірі - архитектура. Мәселен, ертедегі Топырақ-қала, Варахшадағы аса зор көп қабатты сарайлар, Бүркіт-қаладағы өте күрделі монументальды фортификациялық кұрылыстарды жүргізу құрылыс саласында белгілі бір тәжірибелік дағдылар мен теориялық тұжырымдар болмаса, мүлде мүмкін емес. Орта Азия мемлекеттері экономикасының негізгі салаларының бірі болған сауда-саттық жұмысы да арифметиканың дамуын талап еткені даусыз.
Қейбір тарихи деректерге қарағанда біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларда ескі Орта Азия елдерінде астрономия да едәуір дамыған. Өте ерте заманның өзінде-ақ Орта Азия ғалымдары Зодиак системасы мен басқа да басты-басты планеталарды тауып, оларға ат қойған. Тағы бір қызық жай: ежелгі дүние астрономы Птолемей Мараканды қаласының қай ендікте жатқанын дәл көрсеткен. Мұның өзі ертедегі соғдалықтардың аса үлкен дәлдікпен астрономиялық байқаулар жүргізе алғанын көрсетеді. Бұл да аса күрделі есептеу техникасын талап етеді.
Орта Азияда астрономияның қаншалықты жоғары сатыда болғанын соңғы кезде археологтар тапқан Хорезм календары (III ғасыр), Соғда календары (VII ғасыр) сияқты документтер толық көрсете алады. Ескі Хорезм мен Соғдада календарьлық система болғанын Бируни де айтқан болатын. Бұл календарьлардың ауыл шаруашылыгы жұмыстарын жоспарлауда үлкен маңызы болған. Сөйтіп Орта Азияда ерте кезде астрономия ғылымының негізі болғанын байқаймыз. Сондай-ақ өзінің алғашқы даму сатысында астрономия мен математика бір-бірімен тығыз байланысты болып, қатар дамыған.
Ертедегі Орта Азияда геометрия ғылымының дамығанын түрліше құрылыстардың қабырғаларына салынған геометриялық сипаттағы ою-өрнектер мен әшекейлерден білеміз. Мәселен, С.П.Толстовтың айтуынша Топырақ-қаладағы Хорезмшаһтың сарайындағы бір залдың өрнектері логарифмдік спираль формуласы бойынша салынған. Шаршыны симметрия түрінде кесіп өтетін екі параллель сызықтар, диаметрі өзара тең бірнеше бөліктерге бөлінген шеңберлер және т.б. геометриялық фигуралар Орта Азия көркемөнерінде көп қолданылады. Әрине, ескі хорезмдіктер бұл фигуралардан белгілі бір теориялық түйіндер жасап, оларды тұжырымдап, қағидаға айналдырды деген қорытынды шығару қиын. Дегенмен, бұлар олардың көптеген геометриялық фигуралармен таныс болғанын, бұл тәжірибелерін ұрпақтан-ұрпаққа бере білгенін дәлелдейді.
Орта Азия мен Қазақстанда ерте кезде өнер-білімнің дамуына оның ішкі шаруашылық қажетінеп басқа кейбір сыртқы жағдайлар да әсер еткені даусыз. Орта Азия мемлекеттері өзара және басқа елдермен жиі саяси, экономикалық, мәдени және сауда байланысын жасап тұрған. Соның үшін де ескі Египет пен Вавилон, көне Қытай мен Үндістан, ал кейінгі кезде Греция, Византия, Рим және Таяу Шығыс елдері де Орта Азияда өнер-білімнің дамуына белгілі бір дәрежеде ықпал жасап, әсер еткен.
VIII ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстан қоғамдық дамудың феодалдық сатысында тұр еді. Бір жағынан олар әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұшыраған болатын. Орта Азия мен Қазақстан жері біріне-бірі тәуелсіз бірнеше ұсақ хандықтарға бөлініп кетті. Олардың ішіндегі ең ірілері - Соғда, Хорезм хандығы, Түрік, Түргеш қағанаты, Қарлук мемлекеті болатын. Оларды билеушілердің кейде тақ үшін, кейде бақ үшін жүргізген өзара күрестері Орта Азия мен Қазақстан мемлекеттерін әбден әлсіретті.
Арабтар ислам дінін таратуды желеу етіп, Солтүстік Африканы, Пиреней түбегін, Таяу Шығысты жаулап-алып, олардың халықтарын қылыштың жүзімен мұсылман еткен. «Мұсылман» - қазақша «бағынған», «жеңілген» деген сөз. Міне, сол басқыншы арабтар VIII ғасырдың басында Орта Азия мен оңтүстік Қазақстанға ауыз салып, қанды жорықтар жасаған. Жергілікті халықтар басқыншыларға қарсы ерлікпен күрескенімен, қарулы жауға төтеп бере алмаған. Оның үстіне Орта Азия халықтарының жеке-жеке мемлекеттерге бөлініп, ыдыраушылығы және оларды билеушілердің өзара күресі арабтардың жаулап алуын жеңілдете түскен. Дегенмен, Орта Азия мен Қазақстан халықтары арабтарға қарсы ұзақ соғысқан. Арабтар өздерінің жаулаушылық жолында ең ірі қарсыласушылықты осында кездестірген. Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өз Отанын қорғау жолындағы ерлік күрсстері туралы Қытай тарихшылары да тамсана жазады. Мәселен, Самарқан әкімі Гурек 718- 719 жылдары Қытай имиераторына жазған хатында былай дейді: «Да-ши (араб) қарақшыларына қарсы 35 жыл бойы уздіксіз соғысып келеміз. Жыл сайын біз соғыс даласына аса көгі әскер шығарамыз».
Диваштиштың архив документтері де соғдалықтардың ерлік күресінің анық куәсі бола алады. Документтерге қарағанда согдалықтардың ішінен Диваштиш бастаған қол арабтармен ұзақ айқасқан. Олар Әт-Тар деген Ходжент әкімінің опасыздық жасауы салдарынан ғана жеңілген. 721 жылы арабтардың қолбасшысы әл-Мүсайіб Диваштиштың басын кесіп алып, Дамаскіге жіберген. Ал, сол жақ қолын кесіп алып, мұсылман болған Әбу-Сәри деген соғдалық бекке тарту еткен.
Орта Азияның екінші кушті мемлекеті Хорезм болатын. Оның солтүстік жағындағы байтақ өлкені көшпелі түріктер мекендейтін. Хорезмде өз тұсына сай ғылыми мекемелер мен мектептер, үлкен кітапхана жұмыс істейтін. Осы Хорезмді арабтар 712 жылы шауып алып, жергілікті халықтардың көпшілігін қырып жібереді. Мекемелерді құртып, кітаптарды өртейді. Соғысты арабтардың Хорезм майданындағы қолбасшысы Кутейба ибн Мүсілім басқарады. Ол өз әскерлеріне: «Халқы бас имеген қыстақтарды жер бетінен құртып жіберуге, ал олардың адамдары мен мүліктеріне толық қожалық етуге» құқық берген.
Араб басқыншылары жаулап алған жерлеріне ауыр азап, қалың қайғы ала келді. Жергілікті халық екі жақты қанауға ұшырады. Нелер әсем қалалар мен әдемі қыстақтар қиратылып, өртелді. Араб әскер басылары өз әскеріне басып алған жердің «ағашына дейін кесіп, адамдарын қырып тастауға» бұйрық берді. Халыққа алым-салық салынды, мыңдаған адамдар құлдық бұғауын киді. Жергілікті халықтың ескі мәдени ескерткіштерін талқандап, ислам дінін зорлықпен енгізді. Олар ең алдымен өздеріне дейінгі діни нанымдарға байланысты тарихи орындарды, мәдени мұралардың көзін жойды. Мәселен, ескі храмдарды бұзып, оның орнына мешіт орнатуы. Храмдардың қабырғаларына салынғам суреттерді өшіріп тастап, оған араб жазуларын жазды.
Ғылыми мұралар да жойылды. Араб халифатының Орта Азиядағы әкімі Кутейба ибн Мүсілімнің айуандығын өзбектің ұлы ғалымы Бируни өзінің 1000-жылы жазған «Өткен буындардың ескерткіштері» атты еңбегінде былай суреттейді: «Кутейба ибн Мүсілім әл-Балихи Хорезмнің хат танитындарын қырып-жойып, дін қызметкерлерін өлтіріп, кітаптары мен бумаларын өртеткеннен кейін хорезмдіктер мәдениеттен жұрдай болып, мүлдем сауатсыз қалды, естерінде қалған мағлұматтармен ғана күн көрді».
Араб басқыншыларының мұндай айуандығына жергілікті халық күшті көтерілістермен жауап беріп отырған. Бағынған қалалар мен селолардың тұрғындары арабтар кетісімен мұнда қалдырған өкілдерге қарсы қол жинап, қару асынып, өздерінің тәуелсіздігі мен мәдени мұраларын сақтап қалу үшін қайта күреске аттанған. Самарқан, Ходжент және т. б. қалалардағы көтерілістер VIII ғасырдың орта кезіне дейін созылған. Көтерілісшілер көп жағдайда жеңіске жетігі, басқыншыларды ауыр шығынға ұшыратып отырған. Жалпы алғанда арабтар Орта Азияны түгелдей және түпкілікті жаулап алу үшін жүз жылдай ұрыс жүргізген. Дегенмен, Орта Азияның ұсақ мемлекеттерге бөлініп, ыдыраушылығы және оның басында отырған әкімдердің өз халқына опасыздық жасап, арабтарға қызмет етуі - бұл көтерілістердің нәтижесіз аяқталуына себеп болды. Алайда бұл көтерілістердің кейін Орта Азияда араб халифаты үстемдігін құлатып, тәуелсіз жеке мемлекеттер орнатуда елеулі маңызы болды.
Арабтардың Орта Азия мен Қазақстан халықтарына жасаған жорығы ондағы ескі мәдениетті мүлде құртып жібере алған жоқ. Соғыс салған жара біртіндеп жазылды. Сөйтіп, IX ғасырда Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ғылымы мен мәдениеті қайта өркендей бастады. Оның үстіне соғыс техникасының талаптары, жат жерлерде жол табу, Атлант мұхитынан Үнді мұхитына, Мысырдан Орта Азияға дейінгі ұлан-байтақ өлкені басқару мәселелері тек жұдырықпен шешілмейтіндігіне араб халифтарының көздері жетті. Сондықтан олар ғылымға қамқорлық жасаған болып, математикадан, астрономиядан, географиядан, медицинадан, философиядан, тағы басқа ғылымдардан маман кадрлар дайындау ісін қолға алды.
Арабтар жаулап алған жерлерін басқару және оның байлықтараны сарқа пайдалану үшін экономика, әкімшілік, финанс, құқық (заң ғылымы) және салық жинау жүйесін құру мәселелерімен шұғылдануға мәжбүр болды. Сондықтан 762 жылы іргесі қаланған Бағдат қаласы ғылым орталығына айналды. Ресми түрде «Бейбітшілік қаласы» деп аталған Бағдатты бүкіл Шығыс елдерінен жиналған шеберлер мен құрылысшылар төрт жылда салып бітірген. Онда әр елден келген 300 көрнекті ғалым грек және үнді тілдеріндегі кітаптарды көшіріп, араб тіліне аударып, түсіндірмнлер, толықтырмалар, методикалық нұсқаулар жазып, қызмет істеген. Бұл аудармашылар тобының басшысы IX ғасырдың асқан математигі, астроном және механик Сәбит ибн Курра болған.
«Мың бір түн» ертегілерінде көпайтылатын Ғарон әр-Рашит (786-809) патша мен оның орнына отырған баласы әл-Мамун (813-833) ғалымдардың алдына аудармалардан төл зерттеулерге көшу міндетін қойды. Бұлар ғылымды дамытуға едәуір көңіл бөлді. Багдатта «Бәйт әл-Хикма («Даналық үйі») салынды, оның бай кітапханасы мен обсерваториясы болды. «Даналық үйі» өз тұсында академия ролін атқарды. Оған жер-жерлерден атақты ғалымдар шақырылды. Аудармалардың орнына қолтума кітаптар жазылды, соның арқасында арабтар ғылым дүниесіне келді.
Арабтар Таяу Шыгыс және Орта Азияны, сол сияқты, Солтүстік Африка мен Испанияны жаулап алғаннан ке- йін бұл елдердің халықтарын тек саяси-экономикалық жағынан ғана емес, сонымен бірге рухани жағынан да тәуелді етуге тырысты. Олар жергілікті халықтарды мұ- сылман етіп қана қоймай, оларды арабтандыруға да әре- кеттенді. Бұл үшін әуелі жергілікті халықтардың тіліне, п дініне, мектеп, медресесіне, мәдени мұраларына, тарихи
о ескерткіштеріне шабуыл жасады. Олар жергілікті халық-
тардың тілінде сөйлесуге, оқуға және кітап шығаруға тиым салды. Оларды араб тілінде сөйлеуге, оқуға және кітап жазуға мәжбүр етті. Кейін, араб халифаты құла- ған соң, әлгі елдерде араб тілі мемлекет тілі болудан қалған. Дегенмен ол сол халықтардың дін, әдебиет және ғылыми тілі болып, тарихи жағдайы және мәдени дәре- жесі әртүрлі елдердің қатынас құралы болды. Осыған байланысты сол кездегі көптеген Шығыс жазушылары мен ғалымдары өздерінің шығармаларын араб тілінде жазды. Соған қарап буржуазия оқымыстылары Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен мәдение- тін кемітіп, бұрмалап көрсетуге тырысты. Ал бірсыпыра елдер көпке дейін араб тілінде жазылған еңбектің автор- ларының борін бірдей араб деп санап келді.
Орта ғасырларда арабтың классикалық ғылымын дамытуға көптеген халықтардың өкілдері атсалысты. Солардың ішінде әсіресе, Орта Азия ғалымдарының араб ғылымына қосқан үлесі өте зор болды. Мәселен, академик В.В.Бартольд: «Бағдат қаласында мұсылман елдерінің көптеген әдебиетшілері мен ғалымдары болған. Бірақ олардың басым көпшілігі Таяу Шығыс пен Орта Азиядан еді...» деп жазады. Бағдатта қызмет еткен Орта Азия ғалымдарының ішіндегі ең ірісі - асқан математик, астроном әрі географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми еді. Ол Орта Азияда, Хорезмде туып, алғашқы білімдінда алған. Кейін ғылым қуып Бағдатқа барған. Ол сонда жұрт осы күнгі алгебра есебінің негізін салған және алгорифм туралы тұңғыш түсінік берген. Багдаттағы ғылыми орталықтың екінші бір көрнекті қайраткері-габбас әл-Жауһари оңтүстік Қазақстанпың Отырар қаласынан шыққан.
Бағдатта қызмет еткен Балх қаласының тұрғындары Әбу Машар мен әл-Балхи, Ферғанадан шыққан ұлы астроном әл-Ферғани, Мерв қаласының перзенті - Ахмед ибн Абдолла әл-Мервази - барлығы да осы Орта Азияның түлектері еді.
Бұдан кейінгі жылдарда да Орта Азия ғалымдары араб ғылымының тарихында елеулі роль атқара берді. Мәселен, орта ғасырлардағы Шығыс пен Европадағы философиялық ой-пікірдің дамуына үлкен ықпал жасаған көрнекті философ, энциклопедист-ғалым Әбунәсір Фараби оңтүстік Қазақстанның Отырар қаласында туған Атақты математик Әбу Вафа Аббас әл-Бузжани Хорасандағы Бұзған қаласында, ал Исмаил Жауһари оңтустік Қазақстанның Отырар қаласында туған.
Таяу және Орта Шығыстың көптеген қалаларында жалпы білім беретін мектептер, обсерваториялар, емханалар кітапханалар ашылды. Бұлардың ішінде, әсіресе Орта Азиядағы, Самарқан, Бұқар, Отырар қалаларындағы кітапханалар кітап қорының байлығымен көзге түсті. Олар, әдетте, хан сарайының жанында немесе мешіт пен медреселердің маңында болған. Ол кезде медресе діни оқу ормы болумен бірге, ғылыми-зерттеу жұмыстарының да орталығы болатын. Онда көрнекті ғалымдар сабақ беретін. В.В.Бартольдтың зерттеулеріне қарағанда алғашқы медресе Орта Азия жерінде (Хорасан мен Мавереннахрда) пайда болып, кейін басқа араб елдеріне тараған. Тарихшы Наршахидың айтуынша 937 жылдың өзінде-ақ Бұқарда Фарджек медресесі болған. Ал мұсылман елдерінің орталығы болған Бағдатта медресе тек XI ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болған. Орта Азия медреселері тіпті XV ғасырдың өзінде де ғылым жаршысы болып келген. Бұған Самарқандағы Ұлықбек медресесінің жұмысы дәлел бола алады. Бұл медреседе Азияның алыс түкпірлерінен келғен адамдар оқыған. Онда Діни оқулармен қатар астрономия, математика, география, медидинаның негіздері де пән ретінде жүргізілген. Бірақ бұдан кейінгі жылдары мұсылман дін басылары медреселерді түгелдей діни оқу орындарына айналдырып жіберген. Ғылым негіздерін беретін пәндерді оқыттырмаған. Мұның өзі араб елдерінде ғылым мен мәдениеттің біртіндеп тоқырауына, ақыр аяғында мүлде құлдырауына әкеп соққан.
X ғасырда араб халифаты ауыр дағдарысқа ұшырады. Өйткені, сонау Пиреней түбегінен басталып Гималай тауларына дейін созылып жатқан аса үлкен территорияны билеп тұру оларға ауыр тиді. Орталық үкіметтің осы зәлсіздігіне байланысты араб мемлекеті бірнеше әкімшілікке ыдырап кетті де, жергілікті өкімет басына тұрғын феодалдар келді. Мәселен, осы кезде Орта Азияда Саманит мемлекеті құрылып, орталығы Бұқар қаласы болған. Саманит мемлекеті нағыз феодалдық мемлекет болды. Халқы қатты қанауға ұшырады. Алайда мұнда басқа аймақтарға қарағанда соғыс қиратып, бүлдіріп кеткен шаруашылықты қайта қалпына келтіруге аздап болса да жағдай туды. Ауыл шаруашылығы өркендеді. Қолөнер кәсібі жанданды. Ішкі және сыртқы сауда қызды. Мұның өзі ғылымның, әдебиеттің, архитектураның, бейнелеу өнерінің өркендеуіне негіз салады. Бұл кез Орта Азия тарихында саманиттер дәуірі деп аталған. Енді тәжік тілі мемлекет тіліне айналып, біртіндеп араб тілін ығыстыра бастады. Ғылым мен мәдениет орталығы осы күнгі Бұқар қаласы және оған таяу аймақтар болды. Бұқарда тамаша кітапхана мен аса бай кітап базары болатын. Бұларда Гераклиттен бастап Галенге дейін Греция мен Рим ғалымдарының ғылыми кітаптары сақталған. Бұл кітаптар Самарқаннан әкелінген қағазға жазылған. Самарқан ол кезде де қағаз өндірісінің орталығы болып қала берген.
Орта Азияның екінші бір ескі мемлекеті - Хорезмнің де ежелгі мәдениет орталығы болғаны мәлім. Арабтар үстемдігі жойылғаннан кейін мұнда да өнер-білім қайта қаулап өсті. Хорезм мемлекетінің қаласы Үргеніш те ол кезде Орта Азиядағы ең үлкен мәдениет орталығының бірі болған. Онда дүние жүзіндегі аса бай кітапхана болған. Хорезм шаһтары ғылымға қамқорлық жасап, басқа қалалардан ғалымдар шақырған. Мәселен, II Мамун шаһтың тұсында (1010-1017 жылдары) мұнда «Мамун академиясы» деген ғылыми орталық ашылады. Оны өз заманының ұлы ғалымы Әбу Райхан әл-Бируни басқарады. Академия жұмысына сол заманның көрнекті ғалымдары Әбу Нәсір ибн Ирак, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Сахиль Мәссих, Әбілхасан ибн әл-Хуммар, ибн Мускәуайх және басқалар белсене қатысады.
«Мамун академиясының» бір мүшесі Әбу Әли ибн Сина өзінің артына «Дәрігерлік ғылымдардың заңдары» атты еңбек қалдырады. Ибн Сина сонымен бірге астрономия, физика, химия, зоология, биология, география, поэзия, музыка және басқа ғылымдармен де шұғылданған. Ол өз заманындағы барлық ғылымды жете білген нағыз энциклопедист-ғалым еді. Ибн Синаның замандастары оны «Шейх-ар-раис» («ғалымдар атасы») деп атаған.
Орта Азия ғылымының аспанында жұлдыздай жарқырап шыққан екінші ғалым Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048) болды. Ол Хорезмде туды. Бируни Орта Азия ғылымын жаңа сатыға көтерді. Ол өзінің «Өткен буындардың ескерткіштері» атты кітабында Орта Азия мен Персия жерін мекен еткен ежелгі халықтардың өмірі жөнінде аса бағалы пікірлер айтады. Бируни тарихта тұңғыш рет минералдар мен металдардың сыбағалы салмағын тапты. Сол сияқты, ол осы күнгі Қарақұм бір кезде теңіз түбі болған деген пікірді тұңғыш рет айтты. Ал «Мамун академиясының» үшінші мүшесі Әбу Нәсір ибн Иракқа келетін болсақ, ол өз заманының асқан математигі еді. Академия басшысы саналған Бирунидің өзі де осы Ирактың шәкірті екен.
Саманиттер дәуірінде басқа ғылымдармен қатар әдебиет пен өнер де өркен жайды. Бұл кезде тәжік халқының атақты ақыны Әбілхасан Рудаки (858-941) өмір сүріп, өзінің тамаша шығармаларын жазды. Егер Ибн Сина өз заманында «ғалымдар атасы» деп аталса, Рудаки «ақындар атасы» деп аталған. Ол аз уақыт саманиттер сарайында қызмет еткен. Бірақ кейін Саманит әмірінің қаһарына ұшырап, жазаланып, көзінен айырылады. Өмірінің соңғы кезін өз аулында өткізеді. Сонда тұрып өзінің таңғажайып шығармаларын жазады. Тәжік халқының екінші атақты ақыны Әбілқасым Фердауси де (941-1034) осы кезде өмір сүріп, өзінің атақты «Шаһнама» дастанын жазады. Балхи мен Дакики атты екі үлкен ақындар да өздерінің творчестволық өнерін осы тұста көрсетеді.
Саманиттер заманында Орта Азияда архитектура барынша өркендеген. Бұған сол дәуірден бері сақталып келе жатқан архитектуралық ескерткіштер айғақ бола алады. Солардың бірі - Бұқар қаласындағы Исмаил Саманиттің мавзолейі. Орта Азия архитектурасы тарихында бұл ескерткіштің алатын орны ерекше. Өйткені, оның құрылысында араб дәуіріне дейінгі архитектураның барлық техникасы мен өнері пайдаланылған. Демек, ол араб дәстүріне дейінгі ескі архитектураның ең соңғы жаңа табыстарына сүйеніліп салынған. Бұл өзінің құрылысы жөнінен өте қарапайым келген. Әдеттегідей, төрт қабырғалы үй, оның төбесі күмбезбен жабылған, ерекше әшекейленген салтанатты қақпасы жоқ. Жан жағы бірдей безендірілген. Мұсылман еліне тән оюлар мен өрнектер, әшекейлер мен жазулар кездеспейді. Мавзолей құрылысында кірпіштің барлық мүмкіндігі барынша толық пайдаланылған. Бұл сияқты әсем архитектуралық үйлер, салтанатты сарайлар, көркем құрылыстар сол кездегі Орта Азия мен Қазақстанның басқа да қалаларында, атап айтқанда Самарқанда, Үргеніште, Отырарда, Таразда да болған.
Орта Азия мен Қазақстан халықтарының IX-XI ғасырларда өркендеген осындай өскелең мәдениеті XIII-XIV ғасырларда тоқырау дәуіріне душар болған. Өйткені, 1218 жылдан басталған монғол шабуылы және олардың екі ғасырға созылған үстемдігі Орта Азия мен Қазақстан халқын, ғалымдарын қатты қырғынға ұшыратып, кітапханаларын өртеп, мектептерін қиратып, ғылым мен өнердің өркендеуіне жол бермеген. Бұл кезде ғылым мен өнер орталығы Оңтүстік Кавказға, Азербайжанға қарай ауысады.
Монғол шапқыншылығы кезінде тоқырап қалған Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өнер-білімі, мәдениеті XIV ғасырдың аяғында қайта жандана бастады. Өйткені бұл кезде Орта Азия мен Қазақстанда монғол үстемдігі жойылған болатын. Оның үстіне жергілікті феодалдардан шыққан мемлекет басшылары өз мемлекетін күшейтіп, қалаларын көркейте түсуге бар күшін салды. Соның бірі - Ақсақ Темір және оның әулеттері болды. Мәселен, Ақсақ Темір Орта Азияның ескі қаласы - Самарқанды өзінің астанасы етіп, оны дүние жүзіндегі ең ұлы, ең әдемі қалаға айналдырмақ болды. Сондықтан ол архитектуралық өнер мен ғылымның өркендеуіне қамқорлық жасап отырды. Тарихшылардың айтуына қарағанда Ақсақ Темір өзі жаулап алған елдерден, мәселен, Ираннан, Азербайжаннан, Бағдаттан және тағы басқа елдерден өнерлі архитекторлар мен тәжірибелі инженерлерді алдырып, Самарқанда мавзолейлер мен минареттер, медреселер мен мешіттер салдырған. Бірақ Темір салдырған сол әсем құрылыстардың қазір тек қираған қабырғалары, кейбіреулерінің тіпті орны ғана қалған. Соның өзінде де олар өзінің архитектуралық құрылысының әсемділігі және бояуының көркемдігімен әлі де болса көз тартады. Самарқан шеберлері парсы дәстүріне сүйене отырып, құрылыстың самарқандық жаңа стилін жасаған. Самаркандағы құрылыстың ішінде әсіресе «Шахи-Зинда» (1394), «Гур-Әмір» (1495), «Бибі-Ханум» (1399), Ұлықбек мешіттері (1494), Регистан сарайлары өзінің әсемдігімен әлі де болса қайран қалдырады.
Темір өлгеннен кейін Самарқандағы құрылыстың көпшілігін Мұхаммед Торгай Ұлықбек (кейбір әдебиеттерде Тарақай) (1390-1449) жүргізеді. Ұлықбек-Темірдің немересі еді. Ол өз заманының асқан ғалымы болды. Математика, астрономия, тарих, поэзиямен шұғылданды. Шыңғыстың төрт ұлысының тарихын жазды. Бірақ Ұлықбектің атын шығарған тарих, поэзия емес, оның астрономиясы мен обсерваториясы болды. Оны салуға сол заманның аса көрнекті ғалымдары әл-Кәши, Қази-Заде Руми және әл-Құсшы да қатысқан. Ұлықбек сол сияқты үлкен медресе ашып, онда балаларды оқытты. Оның медресесінің маңдайшасынан: «Білімге ұмтылу – әрбір мұсылман еркектері мен әйелдерінің борышы», - деген жазуды оқуға болатын еді. Ұлықбектің кезінде Орта Азня поэзиясы жаңа қарқынмен дамыды. Бұған сол кездің атақты ақындары Саккаки мен Атаидың жалынды жырлары айғақ бола алады. Шығыстың Рафаэлі атанған атақты суретшісі Бекзад та өз өнерін осы кезде көрсетті.
Үлықбек өлгеннен кейін Самарқан өзінің бұрынғы даңқынан айрыла бастады. Өйткені Темірдің ендігі әулеттері өзінің ордасын Ғират қаласына көшірді. Мұнда сұлтан Құсайып Байқараның өнер мектебі ашылды. Байқара Ұлықбектің немере інісі, өз заманының аса білімді адамы әрі айтулы ақындарының бірі болатын. Сұлтан Байқара өз хандығында ғылым мен әдебиеттің өркендеуіне қамқорлық жасады. Өзбек халқының ұлы ақыны Әлішер Науаи (1441-1501) сұлтан Байқараның жолдасы және ақылшысы болды. Әлішер өз заманының аса көрнекті қоғам қайраткері, аса ірі ғалымы, ұлы ойшылы, тамаша музыкант, талантты суретші, әрі көркемсөздің теңдесі жоқ шебері еді. Ол Орта Азия тарихында бірінші болып ескі өзбек тілінде өлең жазған. Науаи заманы өзбек әдебиетінің асқар шыңы болды. Бұл кезде Лутфи (1369-1465), Жәми (1414-1492) сияқты атақты ақындар өмір сүріп, өздерінің тамаша шығармаларын шығарды.
Орта Азияда медицина, математика, астрономия, архитектура, тарих, поэзиямен қатар керамика да кеңінен дамыған. Қыштан құмыра жасап, құбыр жүргізу жөнінен Орта Азия зергері алдына жан салмайды. Сол сияқты фарфор мен фаянс жасау жөнінен де Орта Азия әлем алдында келеді. Түрлі түсті шыны жасау, жүзім, жоңышқа өсіру өнерін де бірінші рет Орта Азия оқымыстылары ойлап тапқан. Бұл өнер кейін Қытайға тараған. Орта Азиядағы архитектуралық құрылыстарды, керамикалық заттарды жасаушы шеттен келген шеберлер болуымен бірге, Орта Азияның өзінен шыққан өнерпаздар да болған.
Орта Азиямен үнемі саяси, экономикалық және сауда қатынастарын жасап тұрған Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстары да бұл кезде ғылым мен мәдениет жөнінде өрлеу үстінде болды. Бұл көбінесе Қазақстан жеріндегі тұңғыш феодалдық мемлекет караханиттер заманында айтарлықтай көзге түсті. X ғасырда Сырдария бойында Отырар, Сайрам, Сығынақ, Түркстан, Талас, Шу өзендері бойында Тараз, Баласағүн, Мерке қалалары болды. Қаланың өсуі архитектура, керамика, қол өнері т. б. кәсіпшілік істерінің дамуына жол ашты. Орта ғасырлардағы Казақстанның ең ірі мәдениет орталықтарының бірі Сырдария бойындағы Отырар алқабы болды. 300 шаршы км ауданды қамтып жатқан осы алқапта елуден астам ескі қалалардың, елді мекендердің орны бар. Бұл өңір магистральдық капалдар мен арықтардың ізіне лық толы. Осы қалалардың ішінде ең ірісі - Отырар (арабтар «Фараб» деп атаған) тек оңтүстік Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орта Азияның мәдени, ғылыми және саяси ірі орталықтарының бірі болған. Өз заманының бейбіт кездерінде Отырарда тұратын бір ғана еркек кіндіктің саны 70 мыңнан асқан. Сол сияқты мұнда Шығыстағы аса бай кітапханалардың бірі де болған.
Белгілі совет археологы А. Якубовский өзінің «Сығынақтың қалдықтары» деген археологиялық мақаласында Сығынақтан (Сығынақ - Қызылорда мен Түркстан арасындағы қала) шыққан орта ғасырлық ақынның бір ауыз өлеңін келтіреді. Ол өлеңді Якубовскийге академик Бартольд Каирдан жазып әкеп берген көрінеді. Өлең араб тілінде жазылған. Оның мазмұны мынадай:
Бұл ел бұрын бейбіт еркін ел еді,
Білімділер мекен еткен жер еді.
Мұнан «Нихаяны» жазған акын шыққан,
Мұнан «Хидаяны» жеңілдеткен ғалым шыққан,
Егер бізге қайта туу нәсіп болса,
Біз екінші рет осы Сығынақта туар едік.
Бұл, әрине, ғылыми дәл документ емес, бірақ айтыла салған бос сөз де емес.
Мұның үстіне Карл Брокельманның неміс тілінде жазылған «Араб әдебиетінің тарихы» атты бес томдық еңбегінде «Әл-Сығынақи» деген есімдер ұшырасады. Осы енбекте және басқа да тарихи зерттеулерде әл-Түркстани, әл-Қыпшақи, Сырдария бойынан шыққан ибн-Түрік сияқты оқымыстылардың да аттары кездеседі. Мәселен, әл-Түркстани (XIV ғасыр) математик болған, оның «Арифметика» деп аталатын трактатының қол жазбасы Петербургта сақтаулы.
Жоғарыда айтылған Отырар қаласынан да көп ғалымдар шыққан. Соның бірі - Ғаббас әл-Жауһари. Ол өзінің даңқты жерлестері Хорезми, Ферғани, Мервази және басқалармен бірге IX ғасырда Бағдаттағы «Даналық үйінде» және обсерваторияда қызмет еткен. 829-830 жылдары Бағдатта және 832-833 жылдары Дамаскіде жүргізілген астрономиялық бақылауларға қатысқан. Бұл бақылаулар негізінде «Мамунның астрономиялық таблицалары» деп аталатын еңбек жазылады. Ғаббас әл-Жауһари математикамен де шұғылданған. Мәселен, ол «Евклидтің «Негіздерін» кемелдендіру» деп аталатын трактат жазған. Бұл трактат бізге әзірше мәлімсіз. Тек Насыреддин Туси өзінің параллель түзулер жайлы еңбегінде әл-Жауһариден үлкен үзінді келтіреді. Бұл үзінді бойынша Шығыс математиктері ішінен ең бірінші болып, Евклидтің параллель түзулер теориясын сынға алушы осы Ғаббас әл-Жауһари екендігі көрінеді. Ол өзінше V постулатты дәлелдеуге әрекеттенеді. Бұл үшін әл-Жауһари мынандай тұжырым жасайды: «Егер екі түзу үшінші бір түзумен қиылысып, тең параллель айқыш бұрыштар жасайтын болса, онда кез келген түзумен қиылысқанда да осы қатыс орынды болады». Дәлелдеу барысында әл-Жауһари үш бұрыштың орта сызығы туралы теореманы және бұрыш ішіндегі кез келген нүктеден бұрыштың екі қабырғасын да қиып өтетін түзу жүргізуге болатынын көрсететін теореманы дәлелдейді. Соңғы теореманы 1800 жылы V постулатты дәлелдеуге Лежандр пайдаланған. Ғаббас әл-Жауһаридың параллель түзулер туралы идеяларын кейіннен Насыреддин Туси дамытады.
Отырардан шыққан екінші ірі ғалым - Әбунәсір Фараби (870-950). Ол орта ғасырлардағы дүние жүзілік аса ірі философ және энциклопедист ғалым. Ол араб дүниесіндегі философтардың ең даңқтысы болған. Сондықтан оны Аристотельден кейін екінші ұстаз тұтқан. Оның ілімі дүние жүзілік ой-пікірдің дамуына үлкен әсер етті. Фарабидің «Ғылымдардың тууы» деген кітабы Шығыс елдерінің жоғары оку орындарында ғасырлар бойы негізгі оқулық болды.
Отырардан шыққан үшінші көрнекті ғалым - Исмаил әл-Жауһари. Оның өзінен бұрын өмір сүрген Ғаббас әл-Жауһаримен туыстық байланысы болуы ықтимал. Бір сыпыра деректер Исмаилды Әбунәсір Фарабидің туған жиені деп көрсетеді. Исмаил Жауһари Шығыс халифатын көп саяхаттаған. Араб тілін жетік білгендігі сонша, ол «Тілді түзету кітабы» («Қитаб ас-сихах алалуға») деген түсіндірмелі сөздік жазған. Мұнда 40 мыңға жуық араб сөзі қамтылған. Исмаил әл-Жауһари 1002 жылы қайтыс болады.
Қазақстан жерін мекендеуші түрік тектес халықтардың мәдени тарихында Баласағұн қаласының тұрғыны Юсуп Хас-Хаджибтың орны ерекше. Ол 1069 жылы ұйғыр тілінде «Құдатғу билик» («Бақыт білімі») деген кітап жазған. Мұнда көбінесе мемлекет басқару, ел билеу, даңқ, бақыт табу мәселесі сөз болады. Орта Азия мен Қазақстанның діни топтары арасында Қожа Ахмет Ясауи де (1103-1166) белгілі орын алады. Ол осы күнгі оңтүстік Қазақстанның Сайрам ауданында туған. Мерв қаласында оқып, діни білім алып өз еліне келген. Алайда мұнда ол суфизм жаршысы болып, дінді уағыздаумен бірге, ақындық өнерімен де шұғылданады. «Диван әм хикмет» атты поэмалар, өлеңдер және нақыл сөздер кітабын жазады. 1399 жылы Ақсақ Темір оның денесін Түркстан қаласына әкеп жерлетіп, моласының басына мавзолей орнатқызады.
Қазақстанның оңтүстік облыстарымен бірге Жетісу жері де Орта Азиямен тығыз байланыс жасап тұрған. Өйткені Орта Азия мен Қытай арасындағы сауда жолы көбінесе осы Жетісу арқылы өтетін. Мұның өзі бұл жерде сауда-саттық ісінің кең дамып, өнер-білімнің өсуіне, ғалымдардың шығуына себеп болды. Мәселен, орта ғасырлардағы Орта Азияның көрнекті ғалымының бірі атақты тіл маманы Махмуд Қашқари осы Жетісуда, Ыстықкөл маңайында туып-өсті. Ол 1072-1074 жылдары «Диван лұғат-ат-Түрк» («Түрік сөздерінің жинағы») деген үш томдық еңбегін жазды. Бұл еңбек 1915 жылы Стамбулда және 1960 жылы Ташкент қаласында қайта басылып шықты.
Қазақстан жерінде ол кезде бұлардан басқа да көптеген мәдениет өкілдері, әдебиет ескерткіштері болды. Бұлардың ішінен қазақтың тілін, әдебиетін, тарихын зерттеуге, әсіресе «Куманикус кодекстің» маңызы ерекше.
Орта Азия мен Қазақстанда тарих ғылымының дамуына Мұхаммед-Хайдар Дулати (1499-1552) елеулі үлес қосты. Ол 1540 жылдары «Тарихи Рашиди» деген атақты еңбегін жазған. Қазақстандағы тарих ғылымының көрнекті қайраткерлерінің бірі - Қадырғали Қосынұлы Жалайыри (1530-1605) болды. Ол 1592 жылы өзінің «Жамиғ-әт-таварих» («Жылнамалар жииағы») деген еңбегін жазады.
VI-VII ғасырларда, әсіресе, IX-XII ғасырларда қалалардың пайда болуына байланысты Қазақстан жерінде архитектура да кең дамиды. Бұрын жергілікті халықтар үйді шымнан, саз балшықтан, тастан, ағаштан, қамыстан жасаса, енді күйдірілген кірпішті пайдаланатын болады. Қызыл кірпіштен сарайлар, мешіттер, медреселер, моншалар, зираттар салады. Қазақстанда құрылыс техникасының дамуына Орта Азия мен Қашқариядан қоныс аударған тәжіктер мен өзбектер, ұйғырлар мен дұңғандар үлкен ықпал жасады. Қазақстандағы осындай көрнекті архитектуралық ескерткіштердің қатарына Жамбыл қаласының маңындағы Бабаджа-Хатун (X ғасыр), Айша-Бибі (XI ғасыр) мазарларын, Тоқпақ селосының маңындағы Бұрана мұнарасын (XI ғасыр), Түркстандағы Қожа Ахмет Ясауи (XIV ғасыр) мавзолейін, Ұлытаудағы Алаша-Жошы хан, Аякөздегі Қозы Қөрпеш-Баян сұлу зираттарын қосуға болады. Бұлардың бәрі де Шығыс архитектурасының классикалық стилімен салынған бір немесе көп күмбезді үйлер. Олардың қабырғалары неше түрлі ою-өрнек, әшекей-нақыштармен безелген. Бұл ескерткіштердің көпшілігін жергілікті халықтан шыққан шеберлер жасаған.
XV-XVI ғасырларда каулап өскен Орта Азия мен Қазақстан өнер-білімі XVII-XVIII ғасырларда қайта құлдырай бастайды. Бұған себеп болған, біріншіден, Орта Азия хандарының өзара қырғын соғыстары болса, екіншіден, діни фанатизмнен туған қатал тәртіп еді. Олар жарқ етіп шыққан жаңа ғылыми көзқарас, озат ой-пікір болса, аямай жаншып отырды. Бұған шыдай алмаған ғалымдар, соның ішінде әл-Құсшы, Мерием Челеби сияқты адамдар басқа елдерге барып, қызмет етуге мәжбүр болды. Оның үстіне егер бұрын Орта Азия хандары белгілі бір дәрежеде ғылымға қамқорлық жасап, оның өркендеуіне көмектесіп отырса, ал кейбіреулері (мәселен, Ұлықбек) өзі тікелей ғылыми жұмыспен айналысса, XVII-XVIII ғасырлардағы Орта Азия билеушілері ондайдан аулақ болды. Ғылым жолын қуды деген әкімдердің өздері де математика, астрономия, медицина сияқты дәл ғылымдарға мән бермей, гуманитарлық ғылымдармен (тарих, поэзиямен) ғана айналысып кетті. Бұл жөнінде қазақтың көрнекті ғалымы Ш. Уәлиханов былай дейді: «Орта Азия хандары өздерінің арғы ата-бабалары сияқты ғылыммен шұғылданбайды, мемуарлық шығармалар жазбайды, тек екі отешті төбелестірумен ермек етеді». Міне, осындай тоғышар басшылық, бейқам арам-тамақтық Орта Азияда ғылым мен өнердің өркендеуіне тұсау болды.
XVIII ғасырдың орта кезінен бастап әуелі Қазақстан, онан кейін Орта Азия елдері өзінің солтүстігіндегі ұлы көршісі - Россиямен тығыз байланыс жасай бастады. Бір-біріне елшілер жіберді, сауда-саттық жүргізді. Оның үстіне Иран, Қытай, Жоңғария сияқты мемлекеттердің шабуылына төтеп бере алмаған кезде олар Россиядан көмек алып отырды. Кейін Орта Азия мен Казакстан Россияға біржола қосылды.
Қазақстан мен Орта Азияның Россияға қосылуының прогрестік мәні зор болды. Мұны пролетариаттың ұлы көсемдерінің бірі Ф. Энгельс те атап айтқан болатын. «Россияның, - деп жазды ол, - Каспийдің ар жағындағы Шығыс елдері үшін, татарлар мен башқұрттар үшін прогрестік мәні бар». Расында да, Россияға қосылуға байланысты, Орта Азия мен Қазақстан ағылшындар мен француздардың, Иран мен Түркияның тіміскілеу әрекеттерінен түгелдей құтылды. Сөйтіп, шетел қаупі мүлде жойылды. Сол сияқты жергілікті Хиуа, Бұқар, Қоқан хандарының елді тоз-тоз еткен өзара қырғын соғыстарына да тыйым салынды. Екіншіден, өзінің дамуы жағынан көш ілгері тұрған Россиямен экономикалық, мәдени байланыс жасады. Жергілікті халықтар өкілдерінің алдыңғы қатарлы орыс мәдениетімен танысуына, соны бойына сіңіруіне жағдай жасалды. Оның үстіне Россияның көмегімен Орта Азия мен Қазақстанда темір жолдар, фабрика-заводтар салынды. Мектептер мен түрлі ғылыми мекемелер ашылды. Мұның өзі Орта Азия мен Қазақстанда мәдениеттің дамуына, өнер-білімнің өркендеуіне жағдай жасады. Россия адамдары сияқты Орта Азия мең Қазақстан адамдары да европаша, орысша оқыды, білім алды, ғылыми жұмыспен шұғылданды, кітаптар жазды, газет- журналдар шығарды.
Сол сияқты Россияда М. В. Ломоносов, Н. И. Новиков сияқты ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің, А.С.Пушкин мен М. Ю. Лермонтов сияқты әдебиет алыптарының тууы - Россияның шеткі аймақтарындағы халықтардың арасында да көрнекті ғылым мен әдебиет өкілдерінің шығуына үлгі болды. Мәселен, М. В. Ломоносовтың ғылыми, әдеби және ағартушылық қызметі татар ғалымы Қ. Насыриге қандай үлгі-өнеге болса, А.С.Пушкиннің өлең-жырлары Абай Құнанбаевқа да ерекше шабыт тудырды. Азербайжан ғалымы Мирза Фатали Ахундов, Ш. Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, тәжік ғалымы Ахмед Дониш жөнінде де осыны айтуға болады. Бұлардың әрқайсысы өз халқының Ломоносовы, Новиковы, Пушкнні немесе Лермонтовы болды. Қ. Насыриды «татардың Ломоносовы», Абайды «қазақтың Пушкині» деген ұғымдар осындай ұқсастықтан туды.
Россиядағы демократиялық идеялар, ағартушылық пікірлер және революциялық қозғалыстар Орта Азия мен Қазақстанға елеулі әсерін тигізіп отырды. Бұл әсер кейде тікелей, ал, кейде татардың немесе азербайжанның алдыңғы қатарлы адамдары, кітаптары, газет-журналдары арқылы да жетіп жатты. Бұл жөнінде татарлар мен азербайжандар орыс халқы мен басқа Шығыс халықтары арасында қытай қорғаны болып қаланбай, қайта көпір болып салынды. Мұның өзі татар мен азербайжан халқының советтік Шығыс халықтары алдындағы тарихи қызметінің бірі деуге болады.
Алайда патша өкіметінің отаршылдық саясаты, ұлт араздығын қоздыруы және жеткілікті халықтарға «бұратана» деп кемсіте қарауы, Орта Азия мен Қазақстанда ғылым мен мәдениеттің ойдағыдай дамуына кедергі болды. Орта Азия мен Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлері академиктер: Қ. Сәтбаев, С. Айни, У. Арифов, М. Әуезов, М. Айбек, профессор Т. Қара-Ниязов, Б. Ғафуров, И.Ахунбаев, М. Тұрсын-Заде, Ш. Айтматов, Б. Кербабаев және т. б. есімі бүкіл елімізге, қала берді дүние жүзіне белгілі болып отыр.
Жарияланған-2016-11-24 09:07:54 Қаралды-19491
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану