ЖАН ҚУАТТАРЫ
§ 1. Түйсік пен қабылдау
Түйсік - адамның қарапайым жан куаттарының бірі. Адамзаттың, жан-жануардың айналасын танып-білуі түйсіктей басталады. Түйсікте бізге тікелен әсер етегін сыртқы және ішкі тітіркендіргіштердін әр түрлі жеке қасиеттері (жылы, суық, қатты, жұмсақ, кедір-бұдыр, қимыл-қозғалыс, дыбыс, түс т. б.) мида бейнеленеді.
Түйсік - білім атаулының алғашқы көзі. Мәселен, сен жолдасыңнан көзін жұмуын өтініп, оның алақанына белгісіз бір затты тигізсең, сосын оның не екенін сұрасаң, ол: «қатты, жылтыр, суық немесе жұмсақ, жылы, кедір-бұдыр бір нәрсе» деп жауап береді. Осы сөздер сенің тұйсіктерің болып табылады.
Түйсік - заттар мен нәрселердің жеке қасиеттерін мида бейнелеу деп жоғарыда айттық. Мәселен, адам секөнттің 1/100 бөлігінде жалт еткен жарықты көрдім деп айта алады, бірақ оның қандай зат екенін білмейді. Шегел сөздерін тыңдап отырып, оның мағынасын қабылдай алмасақ та біз дауыстың қасиеттерін (жоғарылығы, қаттылығы, тембрі т. б.) ажыратамыз.
Біздің сезім мүшелеріміз, жан қуаттарымыз мимен байланысып тұрады. Бұл жөнінде Шәкәрім былай дейді: «Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек, мұрын - иіс, тіл дәмнен хабар бермек, бесеуімен мидағы ой хабар алып, жақсы-жаман әр істі сол тексермек».
Түйсіктер - сезім мүшелерінің қызметіне байланысты көру, есту, иіс, дәм, тері, сипау т.б. түрлерге бөлінеді. Қандай түйсік болмасын сыртқы әсердің күшінен туындайды. Адамның түйсіне алу қабілетін сезгіштік деп атайды. Кісінің сезгіштік дәрежесі әр түрлі болады. Біреулер алақанына түскен 2-3 миллиграмм салмақты сезеді, енді біреулерге тітіркендіргіш 4-5 мг болуы қажет. Түйсіктердің дамуы адамның тыныс-тіршілігімен, әсіресс, оның айналысқан нақты мамандық, кәсібімен тығыз байлаиысты. Денсаулық, жастық шақтағы күш-жігердің молдығы адамда сергектік, өзіне деген сенімділік туғызып, оның түйсігін белсенді әрекетке жұмылдырады. Ал ауырсыну түйсіктерінде енжарлық, бейжайлық байқалып, көңілге кірбең туады. Бозбалалық шақта жыныстық түйсіктер толық қалыптасады. Бұл жайт әр жыныс өкілдерінің арасында «табиғи» қатынастардың орнауына, есейіп, отау құруына итермелейді. Адам өмірінде түйсіктердің маңызы ерекше. Мәселен, ана тіліміздегі кейбір дыбыстардың арасындағы айырма жоқтың қасы, сондықтан бұған өте нәзік сезгіштік керек. Адам бала кезінен өзінің ана тілінің дыбыстарына құлағы қанып, бір-біріне жақын (а, ә, ы, і, ұ, ү, у, ғ, г т. б.), ұқсас дыбыстардың айырмашылықтарын сезініп өседі.
Бұған тек тілді тәжірибеде қолданып, пайдаланудың нәтижесінде ғана кол жетеді.
Түйсіктерді дамытып, тәрбиелеу өнер шығармала рын (өлең, ән-күй, музыка аспаптары т. б.) терең талдай алуға, іс-әрекеттің әр түрлі нәзік салаларын ойдағыдай аңғаруға жол ашады. Өйткені, медицина, теміржол, соғыс қызметі, телефон, телеграф жұмыстары әр түрлі түйсіктердің (көру, есту, сипау) ойдағыдай дамуын қажет етеді. Мәселен, тоқыма фабрикасында істейтіндер қара түстің 40 түрлі реңкін айыра, алады, шарап өндірісіндегі мамандар (дегустатор) оның дәміне қарап қай жылы ашытылғанын да дәл айырады, тәжірибелі диірменші ұнды ұқалап көріп, оның қай жердің бидайы нан тартылғандығын айтып береді. Ұшқыштың көзі көргіш, қырағы, композитордың әр дыбысқа өте сезімтал болуы да оларда түйсіктің ойдағыдай дамуына байланысты.
Түйсік мәдениеті - адамның жеке басының, оның жан дүниесінің жан-жақты дамуының нәтижесі. Түйсік - іс-әрекеттің сан саласының нәтижелі болуының ғана шарты емес, ең алдымен кісінің «сегіз қырлы бір сырлы» болуының да қайнар көзі. Осы айтылғандарға орай белгілі қазақ ғұламасы Ә. Бөкейханов (1866-1937): қазақтар кең даладағы тіршілік әсерінен өте шымыр, ыстық-суыққа бірдей төзімді, есту қабілеті күшті, қырандай көргіш келеді, деп жазған еді.
Егер түйсік деңгейінде кісі заттар мен құбылыстардың жеке қасиеттері жайында мәлімет алатын болса, қабылдауда айналадағы нәрселер онда зат күйінде толық, тұтастай бейнеленеді. Түйсік үшін жекелеген сезім мүшелері (көз, құлақ т. б.) қызмет атқаратын болса, қабылдауда бірнеше сезім мүшелері қатарынан әрекетке түседі. Мәселен, дыбысты көркем фильм көру, есту сезім мүшелерінің бірлескен қызметі арқылы қабылданады.
Қабылдау мазмұны адамның мүддесінем, өмірге қатынасынан, оның бағыт-бағдарынан, білімі мен бұрынғы тәжірибесінен тәуелді. Бұл заңдылықты апперцепция деп атайды. Апперцепция (латын сөзі - қазақша «қабылдауға қосамын» деген сөз) адам қабылдауын айқындай түсіп, оған белсенділік сипат береді. Апперцепция - затты түрлі жағынан бағалай алу дегенге саяды. Егер адамда тұрақты апперцепция қалыптасса, ондай кісінің білімі мен тәжірибесі мол болады. Қабылдау ойлаумен тығыз байланысты. Заттар мен құбылыстарды дұрыс, толық қабылдау үшін олардын мән-мағынасын жақсы түсіну қажет. Кісі өзі түсінбейтін тілде айтылатын сөздердін мағынасын қабылдай алмайды. Жалпылау, жинақтау, топтастыру, талдау арқылы ғана адам қабылдаған затының мағынасын аңғара алады.
Толып жатқан объектілер ішінен біреуін іріктеп алуды - қабылдаудың таңдамалығы дейді. Бұл объектінің күшіне, қозғалысына, қарым-қатынасына және оған кісінің қызығуы мен қажетсінуіне, психикалық көңіл-күйіне байланысты. Мәселен, көп кісінің ішінен өзіңе қажетті адамды бірден тану - қабылдаудың осы заңдылығына негізделген.
Қабылдаудың ерекше бір түрі - байқау. Ол әдейілеп, белгілі жоспармен мақсат көздеп, жүйелі түрде қабылдау. Кез келген адам қабылдай алғанмен, оны дұрыстап байқай алмайды. Бұл үшін әр түрлі құбылыстарды тез байқай алу, шартарапқа ой жүгірте алушылық, арнайы түйілген зейін қажет. Байқағыштық - адамның жақсы қасиеттерінің бірі. Ондай адам кез келген уақытта көзге ілінбейтін, ілінсе де оған кейбіреулер женді мән бермейтін нәрселерге зейін қойғыш келеді.
Мәселен, бүркіт пен тазының арасындағы шайқастың ұсақ-түйектерін тек жақсы аңшы ғана байқай алады. Осы суретті Абай «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» деғен өлеңінде тамаша көрсеткен:
Біреуі көк, біреуі - жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Мұндағы «қар аппақ», «бүркіт қара», «түлкі қызыл» деген тіркестерде кез келген адамға байқала бермейтін көріністер сөз болып отыр. Мұндай сөздерді осыларды жетік білетін адам ғана айға алады.
Қүнбе-күнгі қарым-қатынас жағдайында әр адам жас мөлшері мен дене бітімі, психологиялық ерекшелігі бір-біріне ұқсамайтын сан алуан кісілерді қабылдай алады. Мәселен, бірнеше миллион халқы бар. Мәскеуде ертедең кешке дейін көшеде (автобус, трамвай, троллейбус, метро т.б.) жүрген адам жүз мыңнан аса адамды көреді екен. Бірақ солардың бірлі-жарымы болмаса, оның есінде сақталмайды. Мұндайда адамның бет әлпет (мимика) ерекшелігіне ерекше көңіл бөлуі кажет. Өйткені, ым-ишара мол ақпаратты мазмұнға ие. Адамның қимыл-қозғалыс (пантомима) ерекшеліктері де оның кейбір қасиеттерін (салақтық, абыржушылық, көлгірсушілік, паңдық т.б.) ашып көрсете алады. Кісінің жүріс-тұрысы, отырып-тұруы (ырғалық-жырғалу, сылаңдау не нық басу т. б.), сөйлеу ерекшелігі (баяу, жылдам, созыңқы дауыс екпіні, қыстырма, жаргон сөздерді көп пайдалануы, сөздегі қателері т.б.) қабылдау үшін көп мағлұмат береді. Адамдардың қимыл-қозғалысын, қылықтары мен іс-әрекет көріністерін байқай отырып, кісі бір-бірі жөнінде алған әсерін ой елегінен өткізеді, олардың ішкі психологиялық мазмұнына үңіле түсіп, бір-бірінің ынта-сезім, әдет, мінез, темперамент қабілеттерін ажыратуға мүмкіндік алады. Сөйтіп, қарым-қатынас кезіндегі адамның бірін-бірі дұрыс қабылдап, тани алуы олардың өз мінез-кұлқын басқаруға жәрдемін тигізеді.
§ 2. Зейін мен ес
Адамның жан қуаттарының ішінде зейін мен ес ерекше орын алады. Зейін - адам санасының көптеген объектілердің ішінен біреуіне ерекше бағытталуы мен шоғырлануы.
Сыртқы ортамен байланыс үшін зейіннің (ырықсыз, ырықты, үйреншікті) қайсысы болмасын ерекше маңызды. Мәселен, ырықты зейін адамның алдына нақты мақсат қойып, ерік-күшін жұмсауын қажет етсе, ырықсыз зеиін тітіркендіргіштер әсерінен (қатты дауыс, жарық күші, мұрын жаратын иіс т. б.) туындап отырады. Кісінің үнемі ырықты зейіп жағдайында болуы мүмкін емес. Ұзақ уақыт бір объектіне зейінді шоғырландыру, яғни ерік-күшін жұмсау кісіні шаршатады, қажетсіз алаңдауға әкеліп соқтырады. Қызығып істеген әрекет қана кісіні шаршатпайды. Адам іс-әрекеттің мақсаты мен бағыт-бағдарына біртіндеп төселе бастағанда, ерік-күшін жұмсамай-ақ оның зейіні өзінен өзі ұйымдасып жатады. Мұны үйреншікті зейін дейді.
Адамның зейіні бір нәрсеге ұзағырақ тұрақтай алса, оны зейіннің тұрақтылығы дейді. Мәселен, оқу озатының зергер мен хирургтің зейіндері осындай болады. Зейін тұрақтылығы саналы әрекетке өзіңді жеге алудың басты белгісі. Айналадағы айқай-шу, қатты ысқырық, сырнай-керней т. б. адамды алаңдатып, жұмысқа нұқсан келтіруі мүмкін. Бірақ зейіні тұрақты кісі бұларға көңіл аудармай, сабырлылықпен ісін жалғастыра береді. Әрине, бұл үшін күшті ерік-жігер қажет. Қолайсыз жерде жұмыс істей алушылық - адамның іске берілгендігінің көрінісі. Мәселен, Бейімбет Майлин өз шығармаларын кез келген жерде, күй талғамай-ақ жаза берген. Кей адамдар жұмыстың бір түрінен екіншісіне жеңіл көшеді, оны тез меңгеріп кетеді. Бұл икемді, оңтайлы зейіннің көрінісі. Ал, екінші біреудің зейіні жаңа объектіге қиындықпен ауысады. Зейінді тез аудара білу кейбір мамандық (мұғалім, машина жүргізушілер т.б.) үшін аса маңызды. Мәселен, машинист зейінін тез аудара алмаса, оған жұмыс істеу қиынға соғады. Өйткені, ол бір мезгілде рульді басқарады, жолға назар аударады т. б. Бұлардың әрқайсысы зейінді шеберлікпен бөле білуді кажет етеді. Зейінді қатарынан бірнеше объектіге бөле алу үшін кемінде оның біреуіне жетік болу қажет. Бірден бірнеше нәрсені қатарынан қамти алатын зейінді көлемі кең, ал объектілерді жөндеп қамти алмайтын зейінді көлемі тар зейін дейді. Адамның мамандығы, айналысқан кәсібі оның зейініне әсер етіп отырады. Мәселен, өне бойы сағат механизмімен шұқшия жұмыс істейтін не микроскоппен жұмыс істейтін адамның зейін көлемі тар келеді.
Зейінділіктің бірінші белгісі - адамның іске кең түрде қызығушылығы. Ештеңеге жөндеп қызықпайтын адамның зейіні нашар болады. Жақсы зейіннің екінші шарты - оны өз айтқаныңа көндіру, яғни оны билеп алу. Зейінділіктің үшінші белгісі - өзіңе жағымсыз, қолайсыз (айқай-шу, тарсыл-гүрсіл т.б.) жағдайларда да жұмыс істеуге машықтану, төртіншіден, еш уақытта зейін қоймай жұмысқа кіріспеу қажет. Ең соңында, кісі өз зейінінің ерекшеліктерін (оның мықты және әлсіз жақтарын) жақсы білуі тиіс. Зейіндегі кемістіктерді жою үшін адам тиісті жаттығу жұмыстарын жүргізбесе болмайды.
Біздің күн сайынғы естіп, көріп-біліп жатқан нәрселеріміз есепсіз мол. Бұлардың бірі кейде есте өзінен-өзі қалады, екіншілері қайта жаңғырығады, қажетсіздері ұмытылып жатады. Адамдарда осындай қасиет болмаса, оған заттардың бәрі ылғи белгісіз не жаңа болып көрінер еді. Мәселен, Асан кластас құрбыларымен сырласқанда: «Менің жақсы оқығым-ақ келеді. Судыратып оқимын және жылдам-ақ жаттап алам. Бірақ ағайдың алдына барғанда сасқалақтаймын. Оқығаным ойыма түспей, бейне бір кекеш адамға ұқсаймын да қалам. Тіпті, қызық, сондай сәтсіз кезеңдер өткеннен кешн сандуғаштай сайрап қоя беремін», - дейді.
Ал осы кластағы Хасен сабақта да, үйде де оқуға тындырымды. Оку оның ең сүйікті әрекеті, ол оған ықыласын салады, ой-арманы да кітаптың төңірегінде. Хасен - оқу озаты.
«Адам өзінің еске сақтау қабілетінің төл мүмкіндіктерінің он проценттейін ғана пайдаланады. Ал қалған 90 проценті пайдаланусыз қалады, ейткені ол есте сақтаудың кәдуілгі заңдарын қолдана білмейді», - деген екен Карл Сишор.
Жоғарыда айтылғандай бір кластағы екі баланың оқу тәсілі екі түрлі, нәтижесі де бөлек. Мұның себебі адамның есіне, есте сақтау қабілетіне байланысты.
Ес (жад) адамға аса кажетті жан қуаттарының бірі. Бірақ бар шаруа еспен бітпейді, адамға терең ойлай білу де қажет.
Ес - күрделі процесс. Оның өзі бірнеше бөліктен тұрады. Бұлардың негізгілері: есте қалдыру, тану, қайта жаңғырту, ұмыту. Мәселен, адам оқып шыққан кітабының мазмұнын есіне түсіргенде, ондағы ұсақ нәрселерге дейін (деталь, штрих, сурет т. б.) көз алдына жақсы елестете алады. Мәселен, сендер Ұлы Отан соғысының Жеңісін тойлаған күн - 9 мамырды не тұңғыш космонавт Ю.А.Гагариннің космосқа алғаш жол салған күн - 12 сәуірді еш уақытта ұмытпайсыңдар. Сол секілді Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа самғаған күнін ше? Немесе халқымыздың заң жүзінде 260 жылдан соң тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсанын өмірде естен шығарып, ұмытармыз ба?
Демек, әр нәрсені еске сақтау - оны байланыстыру деген сөз. «Еске түсіру - ойлау өнері» (Ж. Аймауытов). Байланыстырудың бірнеше түрі бар. Мәселен, Кремль десек, Қызыл алаң - іргелес байланыс, жапырақтың сыбдыры мен жәйлап сөйлеу - ұқсас байланыс, ақ пен қара, дәу, ергежейлі - қарама-қарсылық байланыс т. б.
Бірер өлеңді жаттап алу деген не? Бұл белгілі байланысы бар сөздерді белгілі тәртіпте есте қалдыру. Егер сен Ыбырайдың «Өзен» дейтін өлеңін жаттамақ болсаң, осы өлеңнің ішіндегі «таулардан», «өзен», «ағар», «сар- қыраған» сияқты жеке сөздерді емес, тек сөздердің қисынды ретін есте қалдыруға тырыс. Мұндағы «таулардан» деген тіркес оған жалғас «өзен ағар саркырағанмен» байланысып сананы оятатын болсын. Оқыған материалдарды есте қалдыру үшін мына төмендегі шарттарды орындап отырған абзал:
1. Есте қалдыруда әр кез алдыңа нақты мақсат койып отыру зор маңыз алады. Мәселен, окушыларға бір әңгіме айтып, оны үш-төрт күннен кейін қайта сұрағанда, олардың біразы материалдың негізгі жерлерін қайта жаңғырта алмай қиналыпты. Ал енді осыларға екінші бір әңгіме айта отыра оны үш төрт күннен кейін қайтып айтып бересіңдер десе, көпшілігі сол әңгімені мықтап жадында ұстай алған. Бұл екі тәжірибенің арасындағы айырма - соңғысында материалды есте берік сақтау мақсат етіп койылғандығында.
2. Есте қалдыру материалдың мәні мен адамның қажетіне де тәуелді болады. Мәселен, сен материалды оқығанда, бір нақты қажетіне керек болар деп оқитын болсаң, оны ұғыну қиыңға соқпайды.
3. Оқылатын материалды жоспарлай білу де есте қалдыруға көп жеңілдік келтіреді. Материалдың ішінен еске тірек боларлық жерлеріле барынша көңіл бөлу еске қалдыруды нәтижелі етеді.
4. Есте қалдырған материалды адам мүмкіндігінше өз сөзімен, өзі құрастырған сөйлемдермен айтып бергені абзал. Егер сен мұғалімнің айтқанын не өзіңнің кітап тан оқығаныңды сөзбе-сөз айтып беретін болсаң, көп кешікпей сол оқығаныңды ұмытып қаласың.
5. Материалды жақсылап есте қалдыру адамның өзін өзі тәрбиелей алуына да тәуелді. Мәселен, ой еңбегі дұрыс ұйымдасқан болса, есте қалдыру дәрежесі де жоғары болады. Күндік режимге мән бермейтін, өзін көлденеңнен кез келген нәрселер билеп кететін адамдардың есте қалдыру дәрежесі айтарлықтай болмайды.
6. Есте қалдырудың сапасы дұрыс қайталай алуға да байланысты. Әдетте оқу материалын бір қайтара оқып, жаттап алуға болмайды. Аз уақыт ішінде жиі-жиі қайталап жаттаудың да қажеті жоқ. Мәселен, өлеңді бірден жаттап алса, ол тез ұмытылады, сондықтан оны бірнеше уақытқа бөліп жаттау қажет. Оқыған материалға ұқсас екінші бір нәрсе оқылса, қайта жаңғырту сапасы төмендейді. Мұны кері әсер етуші тежелу дейді, кей де бұрын есте сақталған материал соңғысына бөгет жа сайды. Мұны ілгері әсер етуші тежелу дейді.
Сондай-ақ, жатталған нәрсені ұмытып кеткен соң қайталау пайдасыз, ұмытпай тұрып қайталау керек.
Жаттаудың жасанды әдісінің бірі - механикалық (мағынасына түсінбей) есте қалдыру. Егер мағыналы есте қалдырудың мәнісі құбылыстардың ішкі мәніне, олардың бір-бірімен байланысына түсіну болатын болса, механикалық есте заттар жәй сыртқы байланысқа түседі. Мұның басты шарты - қайталау. Шетел сөздерінің жазылуы мен айтылуын, қиын сөздер мен атауларды көше, жер, су аттарын, телефон нөмірлерін есте калдыру қажет болған кезде естің осы түріне жүгінеміз. Мәселен, біздің көшпенді ата-бабаларымыз жыл қайыру тәсілін оңайлату мақсатында мына төмендегі төрт жол өлеңді жаттаған:
«Туйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жылдардан.
Жатпа қарап мойыма.
Тайма, именіп ділмардап»
Мұндағы әрбір сөздің бірінші әрпі жылдардың атына (түйе - тышқан, сеніп - сиыр, бойына - барыс, қалған - қоян, ұмыт - ұлу, жылдардан - жылан, жатпа - жылқы, қарап - қой, мойыма - мешін, тайма - тауык именіп - ит, ділмардан - доңыз), ал сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен ретті тіркестері тетелес жыл атаұының тізбегіне сай келеді.
Екінші бір мысал. Лермонтов 1814 жылы туып, 1841 жылы өлген (соңғы екі цифрдың орны ауыстырылады) сол сияқты Тургенев 1818 жылы (екі рет 18) туған. Сөйтіп, хронологиялық даталарды ұмытпау үшін жеке даталарды өзара байланыстырып, өзара жасанды тіркестерге арқа сүйеу қажет.
Адам көп білген сайын ақыл-ойы да өрістеп, кемел-дене, қорлана береді. Ақылды адам - тәртіпті, өзін жақсы ұйымдастыра алатын кісі. Сондықтан, ақыл кенін байытқысы келген әрбір оқушы өзін тәртіпке, саналылық пен жүнелілікке баулуы тиіс.
§ 3. Ойлау мен сөйлеу
Ойлау - құпиясы мол дұниені әр қырынан тануға мәселені тереңнен түсінуге мүмкіндік беретін аса күрделі жан қуаты. Сөйлеумен тығыз байланысқан ойлау ми қызметінің нәтижесі. «Ой шындығы тіл арқылы көрінеді» деиді К.Маркс. Көреген халкымыздың «Болмысымңың бәрі - тілімде, тілімдегімнің бәрі - түсімде» деген мақалы да ақыл-ой деңгейінің тілден көріметіндігін аңғартпай ма? Сөз арқылы адам өзінен бұрынғы ұрпақтар жинаған тәжірибе мен білімді сақтап қалады, бірінің ілмегенің екіншісі біліп, ақыл-ойын, икем, дағдысын молайта түседі.
Ойлау - сұраққа жауап қайтарудан, мәселені шешуден, оның мәнісіне түсіне білуден жақсы байқалады. Мәселен, «Сырдария Арал теңізіне құяды» деген сөйлемде ой тууға негіз боларлықтай түрткі жоқ. Мұнда біреуден естіген, көрген-білген мағлұматтарды жәй кай талау бар. Ал, затты немесе құбылысты тұспалдап айтатын жұмбақтардан, айтыс өнерінен адамның ой процесінің ерекшеліктері жақсы байқалады.
Ғылыми-техникалық прогресс «ойлайтын» машиналарды дүниеге келтірді. Қазіргі есептегіш машиналар (ЭВМ) өз жұмысының нәтижесін бағалай алады, программаланған нәрселерді шешуге шамасы келеді, белгілі ережелерге сәйкес тексті бір тілден екінші тілге аударады, тіпті сөйленген сөзді машина тіліне (код айналдырады). Осындай машина дойбы да «ойнайды». Оның сені ұтып кетуі де ықтимал. Бірақ, оқып-үйрену қабілеті жағынан машина адамнан аса алмайды. Қай кезде болмасын, машинаны алдына тиісті міндет қойып, оған программа беретін – адам.
Ойлану - түрлі тәсіл, амал-операциялардан тұрады. Олар: анализ (талдау), синтез (жинақтау), жалпылау нақтылау, абстракциялау, жүйелеу т.б. Мәселен, жүйелеу арқылы өсімдіктер дүниесін, химиялық элементтерд (Менделеевтің периодтық таблицасы т. б.) белгілі классификацияға келтіруге болады. Осы айтылған ой тәсілі мал шаруашылығының қыры мен сырын жақсы білетін көишелі ата-бабаларымызда ерекше байқалады. Мәселен, қазақтар мал жейтін шөпті ащы (көкпек, изен, жусан т.б.), тұщы (қияқ, боз т.б.), құрғақ, сулы деп бір нешеге бөледі. Бұларды кандай малдың қорек ететініне қаран да топтастыруға болады. Айталық, түйе үшін жапырақ, шағыр, изен; қойға қажеттісі - жоңышқа қына; жылқыға - боз, қияқ, беде, ебелек, бидайық т.б. Халқымыз малды, сондай-ак, жасына, жүрісіне қарай айырған. Бұлда ой тәсілінің бір көрінісі. Мәселен, жылқыны жасына орай: кұлын, жабағы, тай, құнан, дөнен бесті десе, сиыр малын: бұзау, баспақ деп бөлетіні белгілі.
«Ойлау», «ой», «ойлану» ұғымдары - әркайсымыз күнде айтатын «ақыл» деген сөздің синонимі. Ақыл - ойлау процесіндегі ұғымдылық пен тапқырлыққа байланысты қасиет. Ойлану үшін білім керек. Бірақ білім бардың бәрі бірдей ақылды боп келе бермейді. Ақылдылық білімді тәжірибе жүзінде дұрыс пайдалана, қорыта білумен байланысты. Құрғақ жаттау, үстіртін оқу ойды өсірмейді.
Халық ұғымында ақылдылық - ерен еңбектің жемісі. Ақылды болу үшін көп үйреніп, көп оқып, оны миға тоқып, көп білу қажет. Білім мен ақыл - егіз, ақылдылық қымбат қасиет, оны ерекше қадір тұтқан абзал. Сөйлеу мәдениетіне жетілмейінше, тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндеп айта алмайынша ақылдымын де қиын. Алда тұрған қыруар міндеттерді шешуде адамға ақылдын, сан алуан сапалары: сыншылдық, тапқырлық, ұшқырлық, дербестік, орамдылық, алғырлық, терендігі қажет болады. Ақылдың осы сапалары жеке-дара кездеспейді және бұлар әр адамда әр тұрлі деңгейде дамиды. Ақылдың бір сапасының басым болуы адамның ісіне, кәсібіне, тіршілігіне байланысты. Мәселен, ойы орамды адам мәселені жаттанды әдіспен, үйреншікті жолмен шешпейді, бұрын сыналып, қате деп табылған әдіске жоламайды.
Ақылдың жақсы қасиетінің бірі - оның ұшқырлығы. Бұл мәселені тез шеше алу, ойға сергектік, белсенділік. Мұндайлар орынсыз асып-саспайды, ылғи да жағдаймен санасады, үнемі жаңаны аңғаруға, заттың әр қырын көруге дайын тұрады. Бұған қарама-қарсы нашар қасиет - ойдың асығыстығы. Мұндай адам мәселені шешу үшін басын ауыртып жатпайды, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» журеді. Олар енжар ойға әдеттеніп, дайын тұжырымға жармасқыш, жеңіл ойға, мәселені үстірт шешуге бейім боп тұрады.
Демек, алғырлық пен шапшаңдық ақыл сапаларының бір түрі. Ойы алғыр кісі қиын кедергілерді жеңе біліп, мәселенің мәнісіне түсініп, оны көп қиналмай шеше біледі. Бұл оңтайлы ақыл. Мәселен, қағазға шаршы (квадрат) түрінде төрт нүкте салып, қарындашты қағаздан алмай үш тіке түзу сызықпен қос десек, кей адамдар мұны бірден шеше алмайды. Олар осы нүктелердің көлемінен шықпай, оларды бір бірімен қосқысы келеді. Бірақ, мұны шешу үшін нүктелер көлеміндегі кеңістіктен шығу қажет.
Сөз соңында, адамның ақыл-ойы қандай болуы керек екендігі және қандай адамды ақылды деп айтуға болатындығы жайында айтқан мына бір тамаша пікірін еске салғымыз келеді. «Ақылды адам дегеніміз - қателеспейтін адам емес. Ондай адамдар жок болуы да мүмкін емес. Ақылды адам дегеніміз - пәлендей мәнді емес қателер жіберіп, ол қателерді оңай, тез түзете білетін адам».
Тіл, сөйлеу - ойлау құралы, оның ежелден бері жеке адамның да, бүкіл қоғамның, қоғамдық ой-сананың дамып жетілуінде рөлі ұшан-теңі? Қарым-қатынас құралы ретінде көрінуі де оның негізғі қызметі.
«Сөз - ойдың сәулесі. Ой тусініксіздігінен сөз түсініксіздігі туады», - дейді В.Г.Белинский. Сөз ойлы да мәнерлі де болуы тиіс. Әйтпесе ол мақсатына жете алмайды. Сөздін мәнерлілігі дегеніміз - адамның сөйлеу кезіндегі эмоциялық қалпын білдіре алуы, яғни әрбір сөйлемді өзінің сазымен айта алуы. Халық жақсы сөйлейтін адамдарды «сөзі мірдің оғындай екен» дейді. Еск қазақ жұртының әйгілі ғалымы Жүсіп Баласағұни «Ақылдың көркі - тіл, тілдің көркі - сөз» деп тауып айтқан. Мәнерлі сөйлей алатын адамның дауыс интонациясы мен паузасы орнықты (сөз арасындағы кідіріс) қолайлы сөздер мен сөз тіркестерін таңдап, таба білушілік қабілеті оларға ілесіп отыратын кейбір ым-ишарамен дұрыс қабысып жатады. Бұған мысал ретінде қазақ сахнасының майталмандары Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Қазақ радиосының дикторы Әнуарбек Байжанбаев ауызға бірден ілігеді.
Ауызекі сөйлеуде актив (күнбе-күн, жиі айтылатын) және пассив (сиректеу колданылатын) сөздер болады. Мәселен, пассив (енжар) сөздерге ғылыми-техникалык атаулар, мәнерлі сөз тіркестері, мәні ескірген сөздер жатады. Осындай сөздің адамда молырақ болуы оның творчестволық әрекетіне, кәсібімен, тілге бейім қабілетімен көбірек байланысты. Актив сөздер адамда шамамен алты мыңның төңірегінде болса, шығармашылык адамдарында (жазушы, ғалым, актер, ақын т.б.) осындай сөздер 12-15 мыңнан асып жатады екен. Мысалы ағылшын драматургы Вильям ІІІекспирдің сөздік коры 15 мыңдай болыпты. Қазіргі орыс тілінде 200 мыңнан астам жеке лексикалық сөздер (пассивтерін қоса есептегенде) бар. Көпшілік адам күн сайын үш мын нан бес мыңға дейін, ал лекция оқитын ғалымдар 90 минуттың ішінде ғана 8000 мыңнан астам ғылыми сөз тіркестерін (мұның біразы көп жағдайда қолданыла бермейді) қолданады екен. Әр адам өз ана тілінің 100 мыңға жуык сәзін біледі. Орыс тілінде лексикалық атаулардың өзі 200 мыңнан астам, ал синонимдерімен жарты миллионға жуық. Қазак тілі де сөздік қорға бай тіл. Бірақ бұл жағы бізде әлі жеткілікті зерттелмеген. Ал қазақ ғалымдарының топшылауы бойынша, бізде бұл - 100 мыңнан кем емес. Оған 10 томдық түсіндірме сөздігіміздің өзі жақсы дәлел.
Жұрттың бәрі шетінен шешен бола алмайды. Оған ерен еңбек пен ерінбей-жалықпай харекеттену нәтижесінде жетеді. Ескі грек жұртында Демосфен деген ғұлама өзінің алдына аты-шулы шешен болам деп мақсат қойыпты. Бірақ ол туғаннан әлжуаз, дене бітімі нашар, тіпті тұтықпа, кекеш бала болса керек. Ол өзінің осал жақтарынан арылуға бел байлайды. «Р» дыбысын айту үшін күшіктің ырылын ерінбей-жалықпай қайталайды. Қашан тілі келгенше, жекелеген сөз, дыбыстарды айқын айтқанша жаттығу жасаған. Соның арқасында ол тіл кемістігінен арылу былай тұрсын, аты әлемге әйгілі шешен болған екен.
Шешендік өнердің табиғи дарындылыққа да қатысы бар. Ол үшін бала кезден ойлы сөйлеуге, ақылға қонымды, тыңдаушыға жағымды, сөзді тауып айтуға тырысу керек. Әрбір саналы жас алдымен өз ана тілінде дұрыстап сөйлей білуді - мәдениеттіліктің басты белгісі деп ұғынуы тиіс. Өткенді былай қойып, заманымыздың заңғар ақылгөйлерінің осы жөнінде айтқандарын бір сәт тыңдап көріңдерші. «Өз ана тіліңді қадір тұтпай тұрып, ел-жұртыңды сүйе алмайсың», - дейді жазушы К.Г.Паустовский. «Әр халықтың ана тілі - білімнің кілті», - дейді А. Жұбанов. Ал ұлы жазушымыз М. Әуезов: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген адам толық мәнді интеллигент емес», - десе, академик-жазушымыз Ғабит Мүсірепов осы ойды «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» - деп бұны одан әрі тереңдетеді. Тіл - халықтың тарихы. Тіл - өркениет пен мәдениеттің даму жолы. Қазіргі кезде ой түсінігі ертерек оянатын балғын жасқа осы айтылғандарға біраз ой салып, өзінің ақ сүтін беріп, аялап өсірген ана тіліне деген сүйіспеншілігін оята түсіру қажет. Осыны кейде есіңе алмайтын, ұмытып кететін оқушыларды көріп жүрміз. Ондайлар тақта дейтін сөздің орнына - «доска», «дәптер» деудің орнына - «тетрадь», мектепті - «школа» деп, орыс, қазақ сөздерін орынсыз араластырып сөйлейді. Біздің тіліміз - өте бай тіл. Қандай сөздің болмасын атауы, баламасы табылады. Қандай ой болмасын, оралымды етіп жеткізе аламыз. «Мороженое» дегенді балмұздақ, «остановканы» аялдама деп айтпайтынымыз тек тілге немқұрайдылық пен «үйренген» әдеттен арыла алмай жүргеніміздің ғана нәтижесі. Төл тілінде сөз тұрғанда, басқа тілдің сөзін орынсыз тыққыштай беретін балалар өзі түгіл өзгені де бүлдіреді, тілдің қадірін кетіреді. Қыршын кеткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) кезінде ана тілінде «...шүлдірлеп, шолжыңдап, жығылып-сүрініп жүруге болмайды, ол қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, сондыктан онда дәм де, ман де болу керек» деген екен. Ендеше, жас достар, осы айтылғандардан тиісті корытынды шығарып, өз тіліміздегі мәдениеттілікке жетіле беруді бір сәт те естен шығармауымыз керек.
§ 4. Қиял және шығармашылық
Қиял - адамның есінде сақталған кабылдау мен елестерді қайтадан өңдеп, сұрыптап, жаңартып, солардың негізінде мида жаңа бейнелер жасау. Қиял еңбек әрекетінде, әсіресе, шығармашылык еңбек үстінде дамып отырады. Ол ойлаумен бірге алдын ала болжау, жаңадан бір нәрсені жасау, іске асырылатын нәрсені елестету процесі. Қиял адамның шындықты, ақиқатты тануының шекарасын үздіксіз кеңейте түседі, небір ой жетпейтін жерге шарқ ұрғызады.
Адам басында үздіксіз пайда боп отыратын есепсіз мол бейнелер - үнемі қайта өңделіп, жаңарып, түрленіп жатады. Бұл қиял қызметінен туындайды. Орамды ойлау сияқты, қиял процесі де шындық өмірмен байланысса адамға қанат бітіп, асқаралы мақсаттарға жетелейді. Сондықтан да халык «Қыран жетпеген жерге қиял жетеді» деп өте тауып айтқан.
Адам қиялы пассив, актив болып екіге бөлінеді. Мұның бірінші түрінің төменгі шегі - түс көру. Түс көрудің мидағы механизмін жан-жақты түсіндірген И.П.Павлов. Ұйқы кезінде, ми клеткалары түгелдей тежелуге ұшырамайды, оның кейбір бөліктері қозу жағдайында болып жұмыс істей береді. Мидың мұндай бөліктерін «күзетші пуңкті» деп атайды. Мұнда бұрын көрген, естіген, білген нәрселердің бейнелері қайтадан «тіріледі» Кейде ақылға сыйымсыз бейнелердің туындайтыны неліктен? Мұндай кезде мидағы сигнал жүйелерінің арасындағы байланыс әлсірейді. Ұйқы кезінде мидағы екінші сигнал жүйесі толық тежелуге ұшырайтындықтан адамның ойлау қабілеті төмендейді, сөз реакцияларының әсер етпеуі онда кездейсоқ образдардың пайда болуына жағдай жасайды да, соның нәтижесінде түске қайдағы бір «кереметтер» кіреді. П.М.Сеченов түс көруді «болған әсерлердің болып көрмеген қиысулары» деп сипаттаған. Ми клеткаларына көшедегі транспорттың тарсылы да, ағаш жапырағының сыбдыры да, иттің шәуілдеп үргені де, есіктің ашылып-жабылғаны да әсер етеді. Тіпті организмнің ішкі мүшелеріиің (жүрек, өкпе, асқазан т.б.) жұмысына бір жайсыздық түссе де адамның түсіне қай-қайдағы бірдемелер кіреді. Мәселен, қолайсыз жатқаннан жүрекке салмақ түссе ол қатты соға бастайды. Осы кезде ол өзін қуған біреуден қашады, ентігіп булығатын болады. Өмірде ешбір естіп-білмеген, көрмеген нәрселер түске енбейді. Мәселен, іштен соқыр боп туған адамның түсіне көзге көрінетін бейнелер кірмейді де, оның басқа сезім мүшелері (иіс, дәм, есту т. б.) қабылдаған нәрселері еніп отырады. Егер - соқырлық кейінірек пайда болса, онда сол адамның түсіне бұрын көрген заттарының бейнелері кіре береді. Түс көруді ұйқы кезіндегі мидың фантазиясы деуге әбден болады. Өйткені, мұндай қиялды программалап басқарып отыру мүмкін емес. Сондықтан да ол қиялдың ең енжар түрі болып табылады.
Актив қиял адамның күнбе-күнгі әрекетімен, шығармашылық қызметімен тығыз байланысып жатады. Қиялдың осы түрі қайта жасау, шығармашылық болып екіге бөлінеді. Қайта жасау қиялы жазған-сызғанға қарап түрлі қоспалармен бір нәрсенің бейнесін тудыру. Мұндай қиялға ие болудың бір жолы - көркем әдебиет кітаптарын оқу. Бірақ, құр судыратып оқи бергеннен, кітаптын тек «қызық», шытырман оқиғаға толы жерлерін теріп оқудан қиял өсіп, шарықтамайды. Қітап мазмұнын ойға түйіп, ондағы кейіпкерлер мен объектілерді «көрген», «естіген» адамдай күйге түскенде ғана қиял өрістейді.
Қайта жасау қиялын тәрбиелеудің келесі бір тәсілі географиялық карталар бетінде саяхат жасауға машықтану. Қарта бетіндегі орман, су, қала, тау, қыраттарды оңай таба білу, бұлардың қандай ендік, бойлықтарда жатқанын елестете алу - қиял өрісіне жол ашады. Мәселен, азамат соғысы жылдарында Семен Буденныйдың аты шулы 1-атты армиясы жүріп өткен Шепетовка қаласын немесе Қиыр Шығыстағы Биробиджанды картадан оп-оңай көрсете алсаң, қиялыңның жаман болмағаны. Сөйтіп жер шарындағы өзің аяқ баспаған түпкір-түпкірлерді, алыс жерлерді «көріп, білу» қиялдың осы секілді жүйріктігінен туындайды. Белсенді қиялдың келесі бір турі - шығармашылық қиял. Мұндай қиял тек жазушы мен суретшіде, музыкант пен сәулетшіде, ақын мен ғалымда ғана болады деу қате. Іс-әрекеттің қандай түрі болса да қиялдың осы турі араласпаса оның нәтижесі төмен болады. Шығармашылық қиял қайта жасау қиялына қарағанда әрі күрделі, әрі қиын. Мәселен, Абай мен Құнанбай образдарын жасау оларды сипаттап жазған шығарманы окып, елестетуден әлдеқайда қиын.
Актив қиялдың енді бір турі - арман. Арман өзіміз тілеген келешекке бағытталған киял. Егер шығармашылық, қайта жасау қиялдары адамның іс-әрекетімен үнемі ілесіп жүретін болса, арман нақтылы іспет тікелей байланыспайды, оның нысапасы - болашақ. Жастар алдағы жарқын болашақтарына орай армандай білулері тиіс. Мақсатқа сан, дұрыс армандай алу кісіге зор қуат берш, жаңа іске талпындыратыны хақ. Сондықтан да халқымыз: «Арманы жоқ жігіттің дәрмені жок» деп өте дұрыс айтқан.
Қиял бейнелері өндеу, сұрыптау, қиыслыру арқылы жасалады. Мұнда анализ (талдау), синтез (біріктіру), агглютинация (желімдеу), жүйелеу, типтеу т. б. әдістер жиі қолданыдады. Бұларды жазу жұмыстары (шығарма, мазмұндама т.б.) кезінде ретімен пайдаланған абзал. Қиял бейнелерін жасауға көбірек пайдаланатын әдістердің бірі - гипербола (әсірелеу, күшейту).
Бұл әдіс ертегілерді, қиял-ғажайып бейнелерді жасауда жиі колданылады. Мәселен, Джонатан Свифтің «Гулливердің саяхатындағы» ергежейлілердің, Владимир Маяковскийдің «150000000» поэмасындағы Вильсонның бейнелері осы гипербола әдісімен жасалған. Мұндайда тұтас заттың жеке бөліктерінің саны өзгертіледі, олардың орны ауыстырылады. Үнді мифологиясындағы жеті басты айдаһар мен көп қолды құдайлардың бейнесі де осылайша құрастырылған.
Қиялға біреу бай, біреу жарлы болады. Бір адамның қиялы екіншісіне ұқсамайды. Шындыққа орай, дұрыс қиялдай алатын адамдар өмірден түнгекі мол, білім қоры, тәлім-тәрбиесі, көрген-білгені жеткілікті, дүниетанымы мен сенімі айқын боп келеді. Американың көрнекті ғалымы, инженер Эдиссон қиялға бай, ерік-жігері күшті адам болған. Ол бір машинаның жобасын үш түрлі жолмен жасап шығаруға болады деген ұйғарыммен келіспей, сол машинаның 48 түрлі жобасын ұсынған. Оның жұмыс қабілеттілігі де таңғаларлық. Ол күн-түн демей жұмыс істей берген, лабораториясында тамақтанып, сонда ұйықтаған. Ал, бұған керісінше, жаңа, соны нәрселерді іздеу, белгісіз нәрсені ашу, болашаққа ұмтылу орнына шындықтағы нәрселердің өцін айналдырып, босқа лағып отыратын адамдар да болады.
Адамдар қиял пәрменділігімен де бір-бірінен өзгешеленеді. Біреулер мәселе шешуге кіріскенде, соның төңірегіне ақыл-ойын жұмылдырады, әр сөзін таразыға салып, терең ойға шомады, мәселенің түп қазығын, тарихын іздестіреді, осы жөнінде басқалармен кеңеседі, тәжірибе жасайды, материал жинастырады. Егер адам шығарма жазса, өз кейіпкерлерімен іштей араласын кетеді, олар қуанса қуанады, қайғырса бірге қайғырады. Ұлы орыс композиторы П.И.Чайковский «Қарғаның мәтқесін» жазып біткенде күнделігіне: «Герман жан тапсырарда солқылдап жылап жібердім», - деп жазған екен.
Қиялдың пәрменділігі мен маңыздылығы оның шындықпен жақсы байланыстылығында. Осындай қиял ғана адамды іс-әрекетке жетелейді, оның рухани жағынан өсуі үшін ерекше маңызды болады.
§ 5. Сезім мен ерік
Сезім - айналадағы заттар 1 мен құбылыстардың адам қажеттеріне сәйкес келу-келмеуінен туындайтын жан қуаты. Қажеттердің өтелуі жағдайына қарай адамдарда әр түрлі (ұнамды, ұнамсыз) сезімдер пайда болып отырады. Қуаныш, қайғы, ашу, ыза, құмарту, шошыну, наздану, қорқу, қайғыру, үрейлену т.б. сезімнің эмоция деп аталатын қарапайым түрлері. Адамдардың тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты олар түрлі деңгейде көрінеді. Адамның органикалық қажеттері мен инстинктеріне байланысты қарапайым, өткінші эмоциялардан (күлкі, жылау т. б.) бұның күрделі түрлерін (аффект, көңіл, құмарлық, стресс) ажырату қажет. Эмоциялардың бәрі-бәріне де ортақ белгі - олардың ситуациялығы, яғни жеке жағдайға орай туатындығы, сондай-ақ түрлі мәнерлі қозғалыстарға (бет, дене, қол т. б.) бай келетіндігі. Сезім - тікелей ми қабығы жарты шарларының жұмысы болса, эмоциялар - көбінде ми қабығы астындағы аймақ пен ми бағанасы бөліктерінің (сопақша, ортаңғы, аралық т. б.) қызметінен туындайды. Адам сезімдері мен эмоциялары қашаң да тарихи-әлеуметтік сипатта болады, оның мазмұнын коғамдык болмыс белгілейді. Жануарлар эмоциясы - биологиялық реакциялардын, жиынтығы, рефлекстер тіз бегі, инстинктер комплексі болып табылады. Сезімдер мен эмоцияларға бірнеше ерекшеліктер тән. Олардан қарама-қарсы полярлық сапалықтарды (сүнсіну-сүйсінбеу, шаттық-уайым), жігерлі, жігерсіз, қозу және кернеуден босану, яғни шешілу т.б. сияқты көріністерді байқауға болады. Сезімдерден адамның дүниетанымы, өмір позициясы жақсы аңғарылады. Алға қойған мақсат жолында, өмір үшін күресте күшті, жігерлі сезімдерсіз табысқа жету қиын. Тыныс-тіршілігі солғын, селсоқ адамдардың кездеген мақсаттарына жетуі қиын болады. Адам не үшін күрессс, соны жан-тәнімен жақсы көріп, ұнамсыз нәрселерді барынша жек көріп отыруы қажет.
Адам эмоцияларының ішінде оның күрделі түрі - көңілдің алатын орны зор. Көңіл - адам мінез-құлқына белгілі реңк беріп, одан біраз уақыт бойына байқалатын жалпы эмоциялық жағдай. Көңіліне қарап адамдарды шат-жайдары, жылы жүзді, түсі суық, ызалы т.б. деп ажыратуға болады. Көтеріңкі кеңіл адамға қуат береді, ондай кісі оптимист болады («Сырдың суы сирағынан келмеу»), ал уайым-қайғы кісіні кейде жүнжітіп, жабырқатып жібереді. Көңіл ылғи да сыртқы, ішкі әсерлерден туындайды. Мәселен, адамның қызметі жақсы, ұжымы ынтымақты, отбасы жарасымды болса, мұндайда оның көңілі де көтеріңкі болады. Адамның денсаулық жағдайы да (ауру, сырқау), жүйке жүйесіндегі ерекшеліктер де көңілге біраз әсер етеді. Тіршілік үшін маңызды да мәнді нәрсенің бәрі көңілге ерекше із қалдырады. Егер адамның көптен айналысып жүрген ісі оңға басса не орындалса (жоғарғы оқу орнын бітіру, жақсы қызметке орналасу) ондай кісі шат-шадыман күйге түседі. Керісінше, кісі сәтсіздікке ұшырай берсе, көздеген мақсатына жете алмаса, кейде жанын қоярға жер таба алмай, қиналып, мазасызданады. Осы жөнінде халқымыз: «Көңілсізден күлкі шықпас», «Адам көңілден азады» деп тауып айтқан. Ерік-жігері күшті, рухани өмірінің мазмұны бай, ұстаған идеясына сенімі мол адамдар қандай ауыр жағдайларда да өздерін көтеріңкі, сергек ұстайды. Көңілді меңгере білу кімге де болса аса қажетті сипат. Бұл, әсіресе, мұғалімге ауадай қажет. Шәкірт атаулының ұстазының қасы мен қабағына қарап отыратыны белгілі. Мұғалім көңілсіз, кірбің жүрсе, мұның оқушыларға қолайсыз әсер ететіпі қақ. Бұл жөнінде де халқымыз ежедден-ақ: «Қабағы жаманнын сабағы шаман» деп дұрыс айтқан.
Тек адамға ғана тән жоғары сезімдерге: имандылық, рухани адамгершілік, эстетикалық, интеллект сезімдері кіреді.
Қоғамның нақты талабына сәйкес адам мінез-құлқынан жиі көрінетін сезімдердің бірі - адамгершілік сезімдері. Бұл өте кең мәнді сезім, мұның мазмұнымен катар кұрылымы да күрделі келеді. Бұлар ең алдымен қоғамдық мәнді және жеке көңіл күйге байланысты екі топқа бөлінеді. Бұл екеуі бір-біріне қайшы келіп қалуы да мүмкін. Бірақ сана-сезімі жетілген, көзқарасы мен сенімі қалыптасқан адамда мұның біріншісі басым болып отырады. Мәселен, осындай сезімдердің тобына: ұлтжандылық, достық, жолдастық, адалдық, шыншылдык, ар-намыс, парыз, борыш, жауапкершілік, ұят т.б. жатады. Кісінің емір сүріп жатқан қоғамы, оның ұжымдағы орны, нақтылы іс-әрекеті бұл секілді сезімдердін мазмұнына елеулі әсер етеді. Егер адам қоғамдағы белгілі ережелерді бұзса, бұған қатты қиналады да, бұларды орындап жүрсе - оған масаттанатын болады. Мәселен, «Өлімнен ұят күшті» деп халқымыз тегін айтпаған. Білімі, тәжірибе-тәсіліне қарай адамның ұялу дәрежесі де әр түрлі болады. Надан, сөзі мен ісі парықсыз кісі өзінің әдепсіз қылығынан айылын жимаса, білікті, мәдениетті, көпті көрген кісі мұндай қылықтаи қатты ұялады.
Жоғарғы сезімдердің екінші бір түрі - эстетикалық сезімдер. Бұлар шындықтағы нағыз сұлулықты сезіне білуде байқалады. Бұл текті сезімдер сұлу, сымбатты, өмірге үйлесімді, әдемі көріністерді тамашалау немесе табиғаттағы, өнердегі және өмірдегі шынайы әсем нәрселерден (сурет полотнолары, кескін, сәулет өнері, музыкалық немесе сахналық шығармалар) - олардың шебер орындалуынан ләззат алуға байланысты да туындап отырады. Мәселен, «жақсы ән мен тәтті күй», яғни жақсы музыкалық әуен адамның эстетикалық сезімдерінің қалыптасуына ерекше ықпал ететіндігін ақын Мағжан Жұмабаев былайша сипаттайды: «Сұлулық сезімдері адамның дұрыс, сұлу, ләззат іздеуіне, сұлу нәрсені сүюіне, көріксіз нәрседен жиренуіне, жақсылыққа ұмтылып, жауыздықтан тиылуына көмек көрсетеді», - десе-, Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Халықтың арғы-бергісін қозғап, естеріне түсіріп, мұң-мұқтажын зарлап, кем-кетігін керсетіп, әдемі дауысымен құйқылжытып тұрғанда қандай тас көңіл болса да жібімеген еркіне қоймайды. Халықтың қайдағы-жайдағысы ойына қозғалып, түсіп, қандары қайнап, тіпті арқалары қызып кетеді. Әркімнің көңіл көздерінен жастар моншақтап, бойлары балқығандай, шартта-шұрт қол шапалақтасып тарқайды», - деген.
Мұнда «жақсы ән мен тәтті күйдің» «кереметтері», яғни әдемі дауыстың қандай тас көңілді болсын жібітіп, қанды қайнататыны, көзінен жас ағызып, бойды балқытып, қол шапалақтайтыны т. б. адам психологиясын нұрландырып, байытатындығы, оны ләззатқа бөлейтіні айтылып отыр.
Жоғары сезімдердің енді бірі - интеллектілік (ақылой) деп аталады. Мұндай сенімнің түрлеріне таңсықтану, білуге құмарлық, күдіктену, сенімділік, интуиция, ықтималдық, жаңаны сезу, болжау т.б. жатады.
Бұл айтылғандар білім алу барысында, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, адамға зор ләззат беретін жаңалық тар ойлап табуда пайда болады. Белгісіз нәрсені тануға табиғат сырларын білуге, қоғамдық құбылыстар заңдылығын ұғыну мен дүние тануға, зерттеуге құмарлық т.б. сезімдерді қалыптастыруға ұмтылу күшті, терең ой жұмысына түрткі болады, шындықты жан-жақты ашуға жәрдемдеседі. «Оқу - инемен құдық қазғандай», ол адам қолына оңайлықпен түспейді. Оған жан-тәніңмен берілмесең, тиянақты еңбек етіп, қатты зейін қоймасаң болмайды. Оны үнемі толықтырып, миға тоқып отыру да қажет. «Адамның көңілі шын мейірленсе, - дейді Абай, - білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі». Ғылым-білімді жүрдім-бардым үйренетін адамдарға ол тұрақтамайды. Өйткені, ғылым өзіне түгелдей берілуді қажет етеді. Интеллектілік сезімдер адамның сана-сезімінен мықтап орын тепсе, оның шындықты аша түсуге құмары арта түседі, мұндайда адам асыл мұрат үшін күреске белді бекем байлайды.
Жан қуаттарының келесі бір түрі ерік деп аталады.
Ерік - адамның мінез-құлқын меңгере алу қабілеті. Мәселен, кейде сенің төсектен тұрғың келмейді бірақ сабаққа кешікпеу үшін сөзсіз тұру керек. Бұл жерде ішкі кедергілерді (төсектен тұра алмау) жеңу қажет болады. Кейде көздеген мақсатымызға сырт нәрселер де кедергі жасайды (басқа біреудің қарсылығы, жағдай болмау т.б.). Бұл сыртқы кедергі делінеді. Адам осы айтылғандарды жеңіп отырмаса, еркі жетіліп шыңдалмайды.
Ерік мақсат қоюдан басталады. Мәселен, орта мектепті бітіретін оқушының түрлі мамандықты таңдауына мумкіндігі және таудай талабы болады. Оның алда тұрған мақсатына жетуіне түрлі рухани, мәдени қажеттері түрткі (мотив) болады. Адамда қажетті мақсат та көп. Алда істелетін істің бағыт-бағдарын, мән-мәнісін, жоспарын белгілемейінше адамның талап-тілегі дұрыс жүзеге аспайды.
Еріктің алғашқы сәті (момент) - тілек немесе ниет. Тілек - келешекте істейтін ісіміздің ойға бекуі. Мәселен, «газетке мақала жазсам», «өзенге барып шомылсам», «домбыра тартып үйренсем» т.б. деген сөйлемдерде адамның түрлі тілегі белгіленген. Бұларда белгілі бір қажетті өтеу көзделген, бірақ оны орындау жолдары әлде де болса көмескі, яғни оның нақты жоспары сызылмаған. Тілекте еріктік амалға тән талғампаздық сипат бар. Талғау ниетке ой әрекетінің араласуын қажет етеді, осы арқылы адам өзіне қажетсіз тілектерді тежейді де, қажеттілерін орыңдау үшін тиісті жоспар сызып, амал-айла, әдіс-тәсіл қарастырады. Соңғы жағдай ғана адамның тілегін нақтылы, кесімді түрге келтіреді.
Мақсат айқындалғаннан кейін адам әрекеттің орындалу жолын қарастырады. Егер ол алдына мақсат қояр кезде өзіне «Не істеу керек?» деп сауал қоятын болса, жоспарлау үстінде. «Қалай істеу керек?», «Қандай жол- дармен мақсатқа жетуге болады?» деген сұрақтар қояды.
Ерік актісінің келесі бір буыны - қалау. Бұл мақсат тың айқындығын, нысанаға жеткізетін нақты жоспардың жасалғандығын, ойдың бекігендігін білдіретін атау. Бірақ, тілек те, қалау да ерік жүгін толық көрсете алмайды. Өйткені, бұлар кейде бір-бірімен үйлесе алмай, бірі екіншісіне қайшы келіп жатады. Мәселен, абитуриент пединститутқа тусіп, мұғалім мамандығын алғысы келеді. Ол, сондай-ақ, өзінің дәрігер болғанын да бөтен көрмейді. Осы мамандықтар жөнінде оның түсінігі саяз және өз шама-шарқын жеткілікті білмейтін болса, бұлардың қайсысын қалауын білмей әуре-сарсаңға түседі, өз ойынан тайқақтай береді. Сондықтан, адам өзінің алдына ылғи да шамасы келетін, күші жететін, орындай алатын мақсаттарды қойып, осы жолда кездесетін қиыншылықтарды жеңіл отыруы қажет. Белгілі дүниетанымы мен сенімі, мінез-құлықтық принципі бар, өз ісінің дұрыстығына көзі жететін адам ғана дұрыс тоқтамға келе алып, оны қайткен күнде де орындаудың жолдарын іздестіреді. Бұл жолда ол орынсыз солқылдақтық, табансыздық көрсетпейді. Кейбіреулер өзінің алдына көмескі, бұлдыр мақсат қояды да, сөйтіп мақсатын орындай алмай қалады. Ал, ой жұмысын керек етпейтін, жеңіл мақсат адамның еркін енжар, әлсіз етіп жіберуі мүмкін.
Адам мақсатына жете алмаған кезде жігерсіз, енжар күйге ұшырайды не орынсыз ызақор, күйгелектікке салынады. Сондықтан да жеткіншек, жасөспірім өз шамасын біліп, алдына нақты, әлі келетін мақсат қоюлары тиіс. Әйтпесе, халқымыз айтқандай, «әлін білмеген әлектің» кебін киюі ғажап емес.
Ерік сапалары сан алуан. Олардың ұнамды, жанға жарасымды түрлерімен қатар ұнамсыз, нашар жақтары да аз кездеспейді. Ұнамды ерік сапаларының ішінен алдымен ауызға алынатыны - принциптілік. Бұл адамның өз танымы мен сенімі жолында тайғақтамай күресе алу қабілеті. Мұндай қасиетке ие кісі жұмыста тындырымды болады, істегі кемшіліктерге төзбейді, бұлармен батыл күреседі, әділ сыннан қашпайды. Қатесін мойындап, оны түзетуге дайын тұрады. Принциптілік орынсыз өжеттік, бос көкіректікпен сыйыспайды. Құр көкіректік - кісінің білімі мен тәжірибесінің, сенімі мен талғамының саяз екендігінің белгісі. Орынсыз қасарысып, буынсыз жерге пышак ұрушылық - жалған принциптегі адамның ісі.
Ерік-жігердің келесі бір жақсы сапасы - ұстамдылық. Бұл оқыс қимыл-қозғалыстан, пәтуасыз көп сөйлеуден, босқа күйіп-пісуден бойды тежей алу. Ұстамды кісі істі әр кез ойланып істейді, оның тетігін іздейді, ағат іске бармайды, көбелекше ұшып-қонбайды. Бар күш-жігерін алға қойған мақсатын орындауға жұмсайды. Ұстамдылық - түрлі қиыншылықтарды жеке білуге үйрену, ауыртпалыққа шыдап, төзе алу. Орынсыз ұшқалақтық, жеңілтектік, дегбірсіздік іске нұқсан келтіреді. Қорқақтыққа, жалқаулық пен тартыншақтыққа, орынсыз ұшқалақтыққа жол бермеу - өзін-өзі ауыздықтай алудың, ұстамдылықтың белгісі. Өзін меңгере білу - бұл өзін іске жеге білу деген сөз, мұнсыз қандай іс болмасын оны тындыру мүмкін емес. Мәселен, оқушы сабаққа дайындалмақшы екен дейік. Ол үшін қажетті кітаптарын, қағаз-қаламын даярлайды. Бірақ сәлден соң бөлмесінен шығып, басқалармен сөйлесе кетеді. Одан қайтып келіп кітапқа енді отыра бергенде, көрші пәтердегі жолдасында қалдырып кеткен шахматы есіне түсіп, соны алып келеді. Онда да жолдас баласымен біраз әнгімелесіп, босқа отырып қалады. Бөлмесіне келіп үстелге отыра бергенде, кенеттен радио-футбол ойыны болатынын хабарлайды. Енді ол репортаж тындауға кірісті. Міне, сөйтіп ол сабакқа дайындалу үшін өзін ұйымдастыра алмады. Осы айтылғандардың ең басты себебі - оның өзін-өзі меңгере алмағандығы, яғни оның ерік-жігерінің нашарлығы.
Жақсы ерік сапаларының бірі - тәртіптілік пен жинақылық. Бұл адамның қимыл қозғалысын, талап-тілегін әр кез жұрттың ырқына бағындыра алуы. Кісі өз ісінің қоғамдық мәнін жақсы ұғынса, соғұрлым зор сеніммен, белсенділікпен әрекет етіп. Отан алдындағы жауап кершілігін жақсы түсінеді. Жекешіл, эгоист, коллектив тен окшауланып жүрген адамда тәртіптілік жағы кеу болады. Тәртіптілік адамның жинақылығымен, іс-әрекетінің, мақсат-мүддесінің жоспарлы-жүйелілігімен тығыз байланысты. Егер оқушының күнбе-күнгі әрекеті еш қандай жоспарсыз, қалай болса солай жүріп жатса, онда оның істеген ісінде де, жеке өмірінде де береке аз болады. Ал берекесіз адам көбінесе өз уәдесінде тұрмайды. Сөзі мен ісінің арасында байланыс аз болады. Мәселен кейбіреулер пәлен уақытта келемін деп уәде береді де мұны артынан өзі де ұмытып кетеді. Оның сағат алтыда жиналысқа не консультацияға келуі қажет болса, ол оған үнемі 5-10 минут, тіпті жарты сағат кешігіп те келеді. Осы адамның неге кешіккені жөнінде жеткілікті дәлелі де болмайды. Бұл - окушының тәртіптілігі мен жинақылығының жоқтығынан қалыптасқан ұнамсыз әдетінің көрінісі.
Ерік-жігерін тәрбиелеуге белін бекем буған адам әр кез нақтылы уәде беріп серттеседі, өзіне бұйрық, нақты міндет алады; өзін мақұлдап, не айыптайды, не ойлаған ісінен бас тартады, өзін қайрайды, сәтсіздікке ұшыраса жұбатады, сөйтіп тағы осы сияқты әр түрлі ішкі түрткілерге жүгініп отыруды әдетіне айналдырады.
Жарияланған-2016-10-16 17:59:08 Қаралды-3487
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина