UF

МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ЖӘНЕ ӘДЕТ

Біз өмірде әр түрлі адамдармен кездесеміз. Олардың біреулері - айрықша қажырлылығы және еңбек ету қабілетімен ерекшеленеді, өздері жұмыс істейтін жағдайға қарамай-ақ бірнеше сағат бойы тапжылмай кітап оқиды немесе сызу тақтасында жұмыс істей алады. Басқа біреулері 30-40 минут еңбек еткеннен кейін демалу үшін үзіліс жасауға мәжбүр болады.

Алдарына мақсат қоя білетін, «бәрі қолынан келетін», әрі «бәрін істеп тастауға ұмтылатын», әдетте кез келген істі нәтижелі аяқтайтын адамдар да кездеседі. Сондай-ақ қандай да бір істі бастаса да мандытпайтын «қолынан түк келмейтін» адамдар да бар. Олар бастаған істерінен тез қайтады, беріліп қызығып атқармай баяу құлықсыз атқарады, сөйтіп көп ұзамай жұмысты аяқтамай тастап кетеді.

Айналадағы өзгерген жағдайды тез аңғаратын, өмірдің жаңа жағдайларына, жұмысқа тез бейімделетін адамдар да бар. Оларды реакциясы шапшаң және дәл адамдар дейді.

Адам мінез-құлқының ерекшеліктері, оның темпераменті, оның қоршаған ортада бағдар ұстай білуі, өмірдің өзгермелі жағдайларына икемделу қабілеттілігі - ми қабығындағы қозу және тежелу нерв процестерінің күші мен қозғалғыштығына байланысты. Бұл процестердің күші мен қозғалғыштығы адамның бүкіл өмір бойына жасалады және олар көбінесе тәрбие әдістері мен өсіп-жетілетін жағдайларға байланысты.

Біздің бәріміз де әр түрлі спорттық жарыстарға қатысушылардың жүріс-тұрыстарын әлденеше рет бақыладық. Әрине, әрбір адамның жарысқа шығар алдында қатты толқитыны табиғи нәрсе. Бұлай толқудың пайдасы бар, ол организмнің ішкі күштерін жұмылдырады. «Сахнаға шыққанда іштей толқымайтын актер - нашар актер», -  деп аса көрнекті актер әрі режиссер К. С. Станиславский тегін айтпаған ғой.

Спорт жарыстарына қатысушылардың бойларын билейтін толқу, әрине, олардың іс-қимылдарына да әсер етпей қоймайды. Әр адамның жекедара өзіне тән қасиеттеріне қатысты яғни мидағы процестің қайсысының тежелу немесе қозудың қүштілігіне қарай спортшылардың реакциялары да әр түрлі болады. Ал көбінесе табысқа жетуді секундтің болымсыз бөлігі шешіп кететіні белгілі. «Допты жіберіп алды». Бұл сөзді жанкүйерлердің де, ойыншылардың да аузынан жиі есітуге болады. Ал бұл құбылыстың физиологиялық мәні қалай? Онда спортшының баяу реакциясы тұр. Оның миында қозудан гөрі тежелу процесі басым жатыр.

Мәреде, әсіресе, қысқа қашықтыққа жүгіру кезінде стартқа белгі беретін пистолет атылмай жатып спортшылардың ішінен біреулерінің уақытынан бұрын жүгіре жөнелетінін талай көріп жүрміз. Бұл арада жаңағы айтқанға кері құбылыс: тежелуден гөрі қозу процесінің басымдығы байқалады. «Спорттық толқулардың» әр спортшының жеке өзіне ғана тән нерв-психикалық процестерін кұшейтетіні назар аудартады.

Тіпті бұдан 2500 жыл бұрын ежелгі грек дәрігері әрі философы Гиппократ барлық адамды темпераменттеріне қарай төрт типке бөлген болатын. Ол «төрт сөлдің»: жалқық (грекше флегма), қан (сангвис), өт (холе) және қара өт (меланхоле) қайсысы организмде басым болса, темпераменті соған байланысты болады, деп есептеген. Темпераменттердің флегматиктер, сангвиниктер холериктер, меланхоликтер деген атаулары осыдан шыққан.

Жоғары нерв қызметін зерттей келіп И.П.Павлов мида козу немесе тежелу процестерінің (олардың күшінің) қайсысының басымдығына, бұл процестердің алмасу жылдамдығына (қозғалғыштығына) байланысты жоғары нерв қызметінің төрт типін бөліп алуға болатынын дәлелдеген.

1. Күшті тип. Бұл типтегі адам миының қабығында тежелу процесі басым, қозу мен тежелу процесінің алмасуындағы қозғалғыштық әлсіз болады. Мінезіне қарай ондай адам флегматиктерге жатқызылуы мүмкін. Мұндай адамдар бірқалыпты, сабырлы, табанды әрі еңбек сүйгіш, бірақ аздап сылбырлау келеді.

2. Ұстамды күшті тип. Мұндай адамдардың миындағы қозу мен тежелу процестерінің күші бірдей және олардың алмасуы, яғни қозғалғыштығы барынша тез болады. Бұл тип сангвиниктерге, көпшіл, елгезек, көңілді, білуге құштар, өздерін қызықтыратын іспен ұзақ әрі тыңғылықты айналысуға даяр адамдарға сәйкес келеді.

3. Ұстамсыз күшті тип. Бұл типтегі адамдарда қозу процестері тежелуден басым болады. Бұл процестердің қозғалғыштығы (алмасуы) өте тез. Холерик типіндегі мұндай адамдар ұстамсыздығымен, қызбалығымен ерекшеленеді. Бірақ жұмысты әдетте өндіріп істейді әрі ынталы келеді.

4. Әлсіз тип. Мұндай типтегі адамда ми қабығындағы қозу мен тежелу процестері әлсіз және бұл процестердің алмасуындағы козғалғыштық та баяу. Меланхоликтер типше жататын мұндай адамдар жасқаншақ, ұяң, күмәншіл келеді. Оларға үнемі болатын үрейшілдік пен қорқыныш сезімі тән.

Мидың әр түрлі орталықтарының қызметін ауыстыруға және оларды сергітуге мүмкіндік беретін жиі жасалатын, жүйелі дене жаттығуларының ықпалымен нерв процестерін күшейтуге немесе керісінше әлсіретуге болады. Сөитіп, белгілі бір дәрежеде адамның мінез-құлқын өзгертуге болады.

Қолбасшы А. В. Суворов табиғатынан тым әлсіз адам болған. Оны нерв-психикалық процестерінің сипатына қарап ұстамсыз күшті типке жатқызуға болар еді. Алайда, тынымсыз дене шынықтыру мен спартандық режим оны күшті, әрі батыл, соғыстың дене мен жүйкеге түсіретін ауыртпалығына шыдайтындай қабілетті еткені белгілі. Ол 71 жыл өмір сүрді. А.В.Суворов өзінің «Жеңіске жету ғылымы» деп аталатын еңбегінде дене жаттығулары мен шынығудың орасан зор пайдасы туралы айтады. Суворовтың сарбаздары қатал әскери гигиенаны сақтайтын. Оның үлгісі Суворовтың өз өмірінің режимі болған еді. «Менің ұрпақтарым, менің үлгімді қабылдауларыңды өтінемін», - деген ұлы қолбасшы.

Сөйтіп, сыртқы дүниенің және ішкі органдардың сигналдары немесе импульстері мига келіп түседі. Бұл нерв жүйесінің шеткері тармақтары: терідегі және ішкі органдардағы нерв ұштары, нерв түптері, бағаналары мен қосылыстары арқылы жүзеге асады. Осы жолдармен импульстер жұлынға, содан кейін миға келеді.

Мидың үлкен жарты шарларының қабығына жеткен соң бұл сигналдар белгілі дәрежеде қорытылады. Сөйтіп, орталық нерв жүйесі оларға нақты да дұрыс жауап қайырады. Мысалы, ауа райының өзгеруін біздің нерв жүйеміз өте жақсы сезеді, сөйтіп, ол осыған орай организмде тиісті өзгерістер туғызады: қан қысымы, жылу реттеу, ішкі органдардың жұмысы және тіпті адамның көңіл күйі өзгереді.

Ми үлкен жарты шарлары қабығының қоршаған дүние мен ішкі ортадан информациялар жинауын және организмнің сыртқы немесе ішкі тітіркендіргіштерге қандай болса да әйтеуір бір реакция түрінде жауап сигнал беруін И.П.Павлов бірінші сигналдық жүйе деп атады.

Физкультурамен жүйелі түрде айналысатын адамдарда организмнің барлық өмірлік функцияларының белгілі бір тұрақтылығы байқалады. Тамыр соғысының жиілігі, қан қысымының деңгейі, минутына тыныс алу жиілігі, жылу реттеу - салыстырмалы түрде алғанда барлық бұл көріністің тұрақты сипаты болады. Мұндай адам қандай жағдайға тап болса да бұл «өмірлік параметрлер» өзгермейді десе де болады. Жаттықпайтын, физкультурамен шұғылданбайтын адамның қан қысымы да, тамыр соғысының жиілігі де, тыныс алуы да, алмасу процестері де жаңа жағдайларға бейімделе отырып күрт өзгереді, мұның өзі, әдетте, жалпы көңіл-күй мен еңбек ету қабілетіне әсерін тигізеді.      

Мұндай айырмашылық неліктен пайда болады. Организмнің жаңа жағдайларға бейімделуіндеп дене жаттығуларының ролі қандай?

Дене жаттығуларымен жүйелі түрде айналысу жүрек пен басқа органдардың жұмысына тікелей қатысатын еттер мен тамырлардың нығаюына әсер етіп қана қоймай, сонымен бірге тамыр, жүрек және басқа қызметтерді басқаратын ми орталықтарына белгілі бір күш-қуат та береді. Сөйтіп, ми дене жаттығуларының әсерімен қоршаған жағдай кенет өзгергенде де айтарлықтай өзгермейтін, өзі үнемі жұмыс істейтін белгілі бір ырғақ табады.

Адамдардың бір-бірімен сөз арқылы қарым-қатынас жасауға, өмірде болып жатқанның бәрін талдай білуге қабілеттілігі, алдын ала болжауға және табиғат құбылыстарын өзгертуге қабілеттілігі - мұның бәрі адамға тән физиологиялық құрылыммен байланысты.

Бұл құрылымның негізінде И.П.Павлов «сигналдардың сигналы» деп атаған сөз жатыр. Жоғары нерв кызметінің спецификалы түрде адамға ғана тән физиологиялық негізін И. П. Павлов екінші сигнал жүйесі деп атады.

Бірінші және екінші сигнал жүйелерінің арасында белгілі бір қарым-қатынас бар. Ми қабығының ми қыртысына тежеу салып, реттеп отыратыны сияқты, анағұрлым жоғарырақ әрі жетілген екінші сигналдық жүйе де, бірінші сигналдық жүйенің жұмысына бақылау жасап, бағыт беріп отырады.

Әрине, барлық адамда бұл екі жүйенің дамуы бірдей бола бермейді. Біреулерде бірінші сигналдық жүйе, ал басқа біреулерде екінші сигналдық жүйе жақсы дамыған.

Бірінші сигналдық жүйесі басымырақ адамдарды И. П. Павлов «көркем» типті, ал екінші сигналдық жүйесі басымырақтарды «ойшыл» типтегі адамдар деп атаған.

«Көркем» типтегі адамдарға қоршаған шындықты бүге-шігесіне дейін талдап жатпай тікелей қабылдау тән. Бұл типтегі адамдар өздерін жас кезінен-ақ көрсете бастайды. Олар ән салуды, өлеңді дауыстап оқуды, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуды жақсы көреді. Мұндай балалар өсе келе музыкаға, живопиське, сахналық өнерге деген белгілі бір қабілеттерін танытады. Олар өте сезімтал келеді.

Ойшыл типтегі адамдар өздері қалаған құбылыстар, фактілер мен оқиғалар туралы ақылға салып ойланатындықтарымен ерекшеленеді. Олар өздерін қоршаған заттардың бәрін бүге-шігесіне дейін талдап, дерексіз ойлауға бейім келеді. Әдетте, мұндай адамдар «көркем» типті адамдар сияқты бала кездерінен өздерін соншалықты даралап көрсетпейді, бірақ жылдар өте келе олардың теориялық ізденістерге, нақты ғылымдарға, философияға бейімдігі барынша әрі толығырақ көріне береді.

Екі сигналдық жүйесі де бірдей сабырлы қызмет атқаратын орта типке келетін болсақ - ал мұндай адамдар өте жиі кездеседі, - онда оларға қоршаған ортаны жеткілікті түрде бейнелі қабылдау және шындықты талқылағанда оған егжей-тегжейлі талдау жасау тән.

Баланы жас кезінен дене тәрбиесіне үйрету, екі сигналдық жүйенің бірдей дамуына ықпал етеді, 2-3 жасқа келгенде екінші сигналдық жүйе белсенді даму жағдайында болғанымен, бірақ ол түбегейлі түрде кейінірек қалыптасады. Егер баланы осы кезде дене тәрбиесіне белсенді түрде қатыстырса, онда оның туғаннан екінші сигналдық жүйесінің басымырақ дамуға бейімдігіне қарамай, миындағы барлық нерв-психикалық процестер бірдей дамып, қалыптасатын болады.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-09-29 16:11:12     Қаралды-4135

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »