Адамзат мәдениетінде тарихи тұрғыдан алып қарағанда үзілмес байланыс, сабақтастық бар. Мәдениеттің бір бөлігі есептелетін ғылымның даму жолы мұның айқын айғағы болса керек. Ғылымның, білімнің зәулім сарайы салынып салтанат құру ісіне көп халықтың озық ойлы, ұшқыр қиялды ардагер азаматтары ат салысқан: бірі іргетасын қаласа, екіншісі қабырғасын тұрғызды, үшіншісі басқа бір кем-кетігіп толтырды. Ол ғалым, өнерпаздардың ерте заманда өткен көпшілігінің тарихта аты қалмады, бірақ олардың еңбегі, ашқан жаңалығы адамзат игілігі үшін қалған асыл мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа, халықтан халыққа ауысып келеді, барған сайын молайып, кемелденіп жарқырай түсуде, мәңгі солай бола бермек.
Ғылымды дамытуда орасан зор қызмет етіп, мол үлес қоскан ғұламалардың үлкен бір шоғыры орта ғасыр заманында Таяу және Орта Шығысты мекендеген елдерден шыққан.
«Шығыста әйгілі жеті ақын бар, сол жетеудің ең осалының өзі менен мықты», - деген екен ұлы Гете. Неміс ақыны, әрине, өзінің Шығыс ұстаздары жөнінде кішіпейілділік, әдеп сақтаған болар. Дегенмен бұл бағаның, мойындаудың арғы төркінінде даусыз шындық жатуы ақиқат.
Осыған ұқсас жағдайды орта ғасырларда жасаған Шығыстың ұлы галымдарынан да байқауға болатын сияқты. Бірақ белгілі бір себептерден Европа алғаш Шығыстың классик ақын, шайырларымен танысып, табысқан да, оқымыстылар жағы сырт қалыңқырап қойғандығы аңғарылады.
Өткен ғасырларда-ақ бұл оқымыстылардың кейбір шығармалары Европада мәлім болған, алайда буржуазиялық ғылым тарихшылары оларды көбінесе бұрмалап, мәнін төмендетіп көрсеткен.
Ғылым мен мәдениет тарихы жөнінде жүргізілген бұрын-соңғы зерттеулер Азия, Африка елдерін тағы, мешеу, мәдениетсіз санайтын буржуазия оқымыстылары теория-сымақтарының бүгіндей негізсіз, кертартпалығын барынша әшкерелеуде. Бұл «теориялар» нағыз ғылым мен мәдениет тек Европаға тән нәрсе, ал шығыс халықтары дербес мәдени творчествоға қабілетсіз болған деп қарайтын «евроцентризмнің» зұлымдық, арамзалық көзқарасын қуаттайды, бұл сайып келгенде бір халықты екінші халыққа басыбайлы кұл етуді көздейді, нәсілшілдердің диірменіне су құяды.
Ежелгі тарихқа үңілсек, адам баласының әлем сырларын түсініп, өнер мен ғылымды дамытуында Шығыс елдерінің де, сол сияқты Батыс елдерінің де әрқайсысының қосқан үлесі бар екенін көреміз. Ғылым тарихын, әсіресе ІІІығыс ғылымының тарихи жай-жапсарын зерттеу бұл қағиданың даусыз шындық екенін бұлтартпас фактілермен дәлелдей түсуде.
Кейінгі кездерде Шығыс ғылымы өкілдерінің бай мұрасының қадір-қасиеті қайта зерттелініп сарапқа салынуда. Шығыс ғылымын зерттеп, олардың барын бардай, жоғын жоқтай көрсетуде, сын елегінен өткізіп кәдеге жаратуда ғалымдары көп еңбек сіңіріп келеді. Әсіресе кейінгі 20-25 жыл ішінде ол ғылым алыптарының заманы, өмірі, ғылыми қызметі жөнінде біраз істер тындырылды. Бұл тұрғыда Москва оқымыстылары айта қаларлықтай үлкен жұмыс жүргізді. Мәселен, Омар Хайямның ғылыми еңбектерінің жинағы, Жәмшид Кәшидің негізгі математикалық, Фараби және басқалардың философиялық еңбектері Москвада орыс тілінде жарық көрді.
Өзбек ағайындар да Шығыс ғылымы мен мәдени байлығын сұрыптап, аударып жарыққа шығаруда қыруар жұмыс атқарып келеді. Олар Хорезми, Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбек тағы басқа ғалымдардың негізгі еңбектерін орыс және өзбек тілдеріне жариялап үлгірді.
Бауырлас әзербайжан оқымыстылары Насыреддин Тусидің кейбір еңбектерін жарыққа шығарды. Кенжелеп кешігіп қолға алса да, Қазақстан ғалымдары ұлы жерлесі Әбунасыр әл-Фараби мұраларын игеруге мұрындық болуда.
Мұның барлығы игілікті іс, келешегі, берері мол бастамалар екендігі күмәнсіз. Алайда бұл атқарылған міндеттер, жүзеге асқан шаруалар тек азын-аулақ шығыстанушы ғалымдар арасында болмаса, көпшілік арасында әлі көп мәлім емес. Қалың оқушы қауым бүгін таңда Шығыс ғұламалары және олардың баға жетпес мұралары жөнінде еміс-еміс сырттай ғана хабардар халде отыруы елеулі мін болып саналады.
Кейінгі уақытта одақ көлемінде, республикаларда өткен тарихи мұраларды қазіргі тіршілік тынысымен ұштастыра отырып халық арасына насихаттауға бағытталған алғашқы қадам жасала бастады. Мәселен, Қазақстанда 1964 жылы жарық көрген «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы галымдары» атты жинақ осындай алғаш бой көтерген бастаманың бірі болды.
Ғылымның дамуының түп негізінде, сайып келгенде, адамның, қоғамның күнделікті тұрмыстық мұқтаждығы жатыр. Ғылымның бастау көзі - қоғамдық практика, дұрысын құптаушы, қоштаушы да, бұрысын тастаушы да тұрмыстың, өмірдің өзі. Мұның айқын мысалы ретінде ең көне ғылым санатына қосылатын математиканың бастапқы ұғымдарының шығу, даму тарихын келтіруге болады.
Математика өзінің туып, өрлеу барысында дамудың бұраңы мен қалтарысы мол ұзақ жолын басып өтті. Шынында арифметиканың өзі дербес ғылым болып бертінде қалыптасқанмен, оның басты ұғымы - сан ұғымы өте ертеде, адам жазу-сызуды білмейтін сонау бағы заманда, яғни «тарихқа» дейін пайда болған. Ғеометрия да арифметика сияқты адамдардың айнала қоршаған табиғатты бақылау, барлау нәтижесінде қалыптасқан. Бұл бақылау саналы түрде жүргізілмеген және өте ұзаққа созылған.
Екі нүктенің ең жақын ара қашықтығы түзудің кесіндісі болатыны туралы және ең бастапқы сандар жайлы өте қарапайым, оп-оңай көрінетін білім-дағдылардан басталған математика қазір сан алуан мақсат, әдістері бар аса күрделі, - қордалы ғылымға айналып отыр. «Екі жерде екі - төрт» дегеннен осы кездегі аспан денесінің қозғалысын алдын ала өте дәл есептеуге, атом ішіндегі құбылыстардың есебін білуге, саусақпен санау орнына қиялдан да ұшқыр тез есептегіш электрондық машиналармен санауға жету үшін адам баласына мыңдаған жыл уақыт керек болды. Басқа ғылымдар тарихында да жағдай осындай.
Ғылымның, оның ішінде математиканың бастапқы мағлұматтары азды-көпті барлық халықта болған деп айтуға болады. Алайда тарихшылар жалпы мәдениеттің, оның ішінде ғылымның алғашқы қанат жайып, ірге тебуіне үлкен ықпал жасаған көш бастаушылар қатарына ең әуелі ежелгі Шығыс атырабын мекендеген елдерді (Мысыр, Вавилон, Индия т. б.) жатқызады. Бұл өңірде жасалынған мәдениет, ғылым-білім бастамалары жалпы дүние жүзілік цивилизацияға іргетас болып қаланды, үлкен үлес болып қосылды.
Ғылым мен мәдениеттің барша саласында мәңгі өшпес із қалдырған ежелгі грек ғалымдары өздерін әрқашан да бұрынғы өткен Шығыс ғұламаларының шәкірттері санаған. Олар әсіресе Египет (Мысыр) және Вавилон елдеріне жасалған ғылыми мирастардан үлгі, тәлім алып отырған. Мәселен, «тарихшылар атасы» атанған грек ғалымы Геродот алғашқы математикалық білімдердің практикадан қалай шыққандығын және оны гректер мысырлықтардан қалай алғандығы жөнінде былай дейді: «Олардың, яғни мысыр абыздарының айтуынша, патша жерді барлық мысырлықтарға тік төртбұрышты участок түрінде тең етіп бөліп береді де, жыл сайын салық алып отырады. Егер Ніл өзені тасып егістік жерді су басып кетсе, онда иесі дер кезінде патшаға хабар беретін болған. Патша адамдарын жіберіп жерді қайта өлшетіп, су алып кеткен бөлігіне шақтап салық мөлшерін кеміткен. Менің ойымша, геометрия осылай пайда болып, кейіннен Мысырдан Элладаға (Грецияға) ауыскан болу керек».
Атақты грек оқымыстысы Демокрит Мысыр геометрлерін жоғары тұтып, өзінің түзу сызық жүргізуде олардың жер өлшеушілерінен кем түспейтінін айтып мақтаныш еткен.
Мысыр да, Вавилон да бұдан 5-6 мың жылдар бұрын-ақ өзіндік мәдениеті гүлденген, ғылымы мейлінше дамып, атырабына шарапатын тигізген іргелі елдер болған.
Мысырлықтардан бізге көптеген папирустар қалды. Папирус Африка тропиктерінде өсетін папирус деп аталатын үлкен (биіктігі 5 метрге жетеді) өсімдік сабағынан жасалынғап қағаз. Ежелгі мысыр оқымыстылары ол кезде қазіргідей қағаз болмағандыктан, өздерінің ғылми еңбектерін сол папирустарға жазған.
Ал вавилондықтардан калған мындаған сына жазулар (клинописьтер) бар. Вавилондықтар жазуларды, есептерді әдейі дайындалған балшық плиткаларға жазып, оларды ұзақ сақталуы үшін өртеп күйдірген. Бұл елдерде тек қана жазу, есептеу жұмыстарымен шұғылданатын, шапуашылыкка іскер жетекшілік ететіндей дайындығы мол адамдар тобы пайда болған. Олар қара жұмыспен шұғылданатын құл-құтандардан, сондай-ақ түрлі қолөнершілерден жоғары тұратын үстем тап өкілдерінің қатарына қосылған. Бұларды «жазғыштар, көшірмешілер» деп атаға.
Мұндай адамдардың жұмысы қаншалықты ардақты болғандығын ерте заманда жазылған бір папирустан анық байқауға болады. Мұнда әкесі баласын «Жазғыштар мектебіне» аттандырып жатып мынадай өсиет айтады: «Мен қара жұмыстың тауқыметін көп көрдім, ал сен жүрегіңді әріп сырын ұғуға жұмса... Әріптен ардақты, қымбат ешнәрсе жоқ. Адам суға қалай сүңгитін болса, сен Мысыр әдебиетінің тереңіне солай сүңгігейсің... Ешбір адам жазғышқа «ана мырзаның жерін айда» деп айта алмайды; жазғыштар үйінде өткізген бір күнің, одан тыс жердегі мәңгіліктен артық; алайда бұл жұмыс тау қопарғандай қиын; Реннит құдай әмәнда жазғыштар жағында. Патша сарайынан дәм татпайтын жазғыш болмайды».
Тұтас алғанда, ежелгі Египет тарихы үш дәуірге бөлінеді, ол: Ескі патшалық, Орта патшалық және Жаңа патшалық. Бұдан бес мың жылдар бұрынғы көне заманның өзінде-ақ Египетте иероглиф арқылы жазу тәсілі мәлім болып, көптеген зәулім пирамидалар салынған. Халық құдіретінің символы ретінде сол пирамидалардың бірсыпырасы күні бүгінге дейін тұр. Кейбір пирамидалардың (мәселен, Хеопс пирамидасы) биіктігі 146 метрге жетеді. Ол пирамидалар - өздерін «құдаймыз» деп санаған Египет патшаларының (пырғауындарының) құдіретін танытып, аттарын мәңгіге қалдыру үшін салдырған зираттары. Алайда құл қауымының қаны мен теріне иленіп жасалған бұл пирамидалар ең алдымен Египет халқының еңбеккерлігі мен шеберлігін аңғартады. Сондай ірі жоспарлы архитектуралық ансамбльді салу үшін көптеген білім, парасат керек болғаны өзінен-өзі түсінікті. Бұл үшін ой еңбегін қолөнермен тығыз ұштастыра білетін талантты қайраткерлер қажет болған. Мысыр аңыздарында Имхотеп, Тубол Каин, Делал т. б. осындай типтегі мәдениет қайраткерлерінің есімдері белгілі.
Египет әсіресе Орта патшалық кезінде, бұдан 4 мың жылдай бұрын, біріккен, қуатты мемлекет болып тұрды. Құрылыс күшті қарқынмен жүріп, қолдан жер суару ісі дамыды. Жер өлшеу қажеттілігі күшейді, теңізде жүзіп жан-жақпен байланыс жасау мүддесі туды. Осының барлығы гылымның дамуына қоланлы әсер етті.
Египеттіктер жаратылыстану ілімдерін меңгеруде де көрнекті табыстарға жетті. Астрономияда олар жұлдыздар картасын жасады. Сүмбіле жұлдызының орнын, батып-шығуын зерттей келе бір жылда 365 күн бар екенін білді. Осы негізде Египет календары кұрастырылады. Астрономия мүддесі уақытты дәл білуді талап етіп, олар Күн сағатын, кейіннен су сағатын (клепсидра) жасап шығарды.
Медицинадан олардың адам анатомиясы жөнінде едәуір хабары болған. Өліктің ұзак уақытка дейін бұзылмай сақталуы үшін, египеттіктер денені айрықша тәсілмен бальзамдаған. Осы жолмен жасалған мумиялардың қазіргі кезде дейін шірімей жатуы таң қаларлық.
Олар адамның денсаулығы үшін жүректің, қан айналысының мәнін жоғары бағалаған. Тамыр ұстап бірсыпыра аурудын атын атап, емдеу жолдарын көрсетіп отырған. Жарадар болған организмге кішігірім операция жасай білген.
Жоғарыда көрсетілген практика мұқтаждығы математикалық білім, дағдылардың дамуын талап етеді де, математиканың бастапқы ережелері қалыптаса бастайды.
Ескі патшалық кезінде-ақ белгіленген санды иероглиф арқылы кескіндеу ісі кейінгі кезде жетілдіріле түседі. Египеттіктер бүтін санға да, бөлшектерге де арифметикалық төрт амалды мүдірмей қолданған. Олар алгебраның да бастапқы элементтерін білді деуге негіз бар. Мәселен, бір белгісізі бар теңдеуді жете білген. Египеттіктер осы сияқты арифметикалық және геометриялық прогрессиялар кездесетін есептерді де шешкен.
Жер өлшеу, құрылыс салу, қамбаның және әр алуан ыдыстардың сыйымдылығын білу қажеттілігінен туғая Египет геометриясын өз заманындағы үздік жетістіктердің қатарында айтуға болады. Оларға тік төртбұрыш, трапеция, үшбұрыштар, тіпті дөңгелектің ауданын табатын формулалар мәлім болған. Шеңбер ұзындығының диаметріне қатынасын өрнектейтін сан үшін 3,16 тұрақтысын алуы үлкен сындарлы математикаға ғана тән нәрсе. Ол ол ма, египеттіктер қазір 10 класс геометриясында өтілетін төртбұрышты қиық пирамиданың көлемін, шар тәріздес денелердің бетін есептейтін формулаларды да білген.
Алғашқы шежіре жасалып, арагідік патшалар тарихын жазу тарих ғылымының бастамасы болады. Теңізшілердің піл сүйегін және інжу-маржан тастар іздеп Қызыл теңіз, Жер Орта теңізі жағалауларын шарлап жүзуі египеттіктердің географиялық білім өрісін кеңейгеді.
Египеттіктермен қатар Шығыстың екінші бір жерінде Вавилон мәдениеті гүлденіп тұрды. Вавилония - Евфрат және Тигр өзендері арасынан қоныс тепкен Азияның өте ескі мемлекеттерінің бірі. Оны «Қосөзен» елі деп те атаған. Сол елдің ескерткіші ретіндегі құрылыс - біздің заманымыздан бұрыңғы 3000-шы жылдары салынған призма тәріздес, биіктігі 90 метр келетін «Вавилон мұнарасының» тамтығы әлі бар. Ол тұтас кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш тарихта тұңғыш рет құрылыс материалы ретінде осы Вавилонда қолданылған.
Осы тұста вавилондықтар сына жазуды меңгереді. Сол арқылы сөздерді де, сандарды да жазу тәсілдерін тауып, тұрмысқа кең қолдана бастайды.
Бұл кезде вавилондықтар санаудың алпыстық жүйесін қолданады. Алғашқыда позициялық емес санау жүйесі болады да, кейіннен ол позициялық санау жүйесіне айналдырылады. Бұл вавилондықтардың мәдениет тарихында жасаған баға жетпес зор еңбегі еді. Осыдан бастап әрбір сан үшін әртүрлі таңбалау қажеттігі керексіз болып, енді кез келген санды белгілі бір таңбалардың орын ауысуы арқылы өрнектеуге мүмкіндік туады. Бұл египеттіктердің сандарды иероглифтік таңбалау тәсілінен әлдеқайда жоғары еді.
Сол санаудың алпыстық жүйесі қазірдің өзінде астрономияда уақыт өлшеу ісіне (бір сағатта алпыс минут, бір минутта алпыс секунд деген сияқты) пайдаланылып келеді.
Вавилондықтар сандарды көбейту, квадраттау және бөлу кестелерін жасайды. Жер өлшеуге байланысты туған квадрат теңдеулерді, теңдеулер жүйесін шеше біледі. Үшінші дәрежелі теңдеудің де кейбір түрлерін шешу жолдарын көрсетеді.
Вавилондықтар астрономия ғылымының туып, қалыптасуына көп үлес қосады. Ерте кездің өзінде-ақ олар жұлдыздар картасын және астрономиялық календарь жасады. «Қосмогониялық дастан» деген еңбекте олар әлем құрылысы туралы пікір айтуға талаптанған.
Вавилондықтар жұлдыздардан планеталарды ажырата білген. Өздеріне белгілі бес планетаға ат қойған. Кейінгі кезде гректер ол планеталардың аттарын вавилондықтардан аударып өз тілімен атаған.
Вавилондықтар планеталардың қозғалысын ерінбей зерттеп, бертін келе (бұдан 2500 жыл шамасы бұрын) Күннің, Айдың тұтылуын алдын ала білу дәрежесіне дейін жетті. Олардың кейбір астрономиялық өлшеу жүргізудегі дәлдігін атап көрсетуге де болады. Мысалы, олардың осыдан үш мың жыл бұрын айдың ұзақтығын дәл есептегендігі сонша, қазіргіден 0,4 секунд қана айырмасы бар.
Химия саласында вавилондықтар қола, түрлі бояу жасаудың тәсілдерін білген. Бірақ мұнда да ғылым негізінен Египеттегі сияқты абыздардың қолында болып, білім мен өнер табыстары көпшілік көзінен таса, құпия ұсталған. Соның салдарынан олардың ғылым саласындағы бірсыпыра жетістіктері біздің дәуірімізге белгісіз болып келеді.
Олар ауылшаруашылық жұмыстары үшін соқа, сеялка (жабайы түрі), сутартқыш тетік, тағы басқа аспаптар жасаған.
Кұлдық қоғамға тән мешеулік пен томаға тұйықтық, жиі-жиі болып тұрған кан төгіс соғыстар Египет, Вавилон ғылымын тоқыратып, одан әрі дамуына үлкен кесір тигізді. Алайда олар қалдырған білім мен өнер кейіннен Шығыс және Батыс елдерінде ғылымның тууына, өркендеуіне игі әсер етті.
Мысыр, Вавилоннан кейінгі (көбінесе олармен катар, дербес) ежелгі Шығыста ғылымның аса өркендеген елдері Индия мен Қытай болды.
Индиялықтардың ғылым жөніндегі ең көне ескерткіштері олардың діни кітаптарында ұшырасады. Бұл кітаптар біздің заманымызға дейінгі VIII-VII ғасырларда жазылған болу керек. Қазір өлі тіл қатарына қосылатын индиялықтардың ежелгі тілі - санскрит тілінде жазылған бұл діни жазбаларда қарапайым діни-философиялық деректер ұшырасады, храм, алтарь сияқты қасиетті құрылыстар салуда пайдаланылған астрономиялық, геометриялық мағлұматтар келтірілген. Олар: аспан шырақтары бойынша бағдарлау, ол шырақтардың кескіні, дөңгелекті квадраттау, яғни аудаиын табу, тағы басқалар.
Ал енді ежелгі индиялықтардың есептеу, санау жүйесінің дәрежесі қаншалықты жоғары болғанын олардың эпостары мен аңыз-әңгімелерінен аңғаруға болады. Мәселен, жас жігіттер қалыңдығының махаббатына ие болу үшін жазу, күрес, садақ ату сияқты өнерлермен қатар, санау өнеріп де өте жетік білуге тиісті болған. Жазу, санау жөнінде жиі-жиі жарыстар өткізіліп тұрған. Осындай жарыстардың бірінде Сарваттисида дейтін бір жігіт 421 орынды санды мүдірмей жатка айтып шығыпты-мыс. Өте үлкен сандарға амалдар қолдануға құштарлық - бүкіл Индия математикасы тарихына тән нәрсе.
Индиялықтардын тек математика тарихында ғана емес, бүкіл мәдениет тарихы үшін керемет сыйлығы - олардың санаудың ондық позициялық системасы деп аталатын қазір жаппай қолданылып жүрген ықшам әрі оңай санау жүйесін ашуы болды. Бұл жүйе бойынша бар болғаны он-ақ таңба (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 0) арқылы кез келген санды оп-оңай кескіндеуге болады. Ғылым тарихшыларының топшылауы бойынша, бұл нумерацияны олар шамамен біздің заманымыздың I-VI ғасырларында жасаған.
Француздың ұлы математик ғалымы Лаплас (1749-1827) Индия ғалымдарының бұл жетістігіне аса зор баға бере келіп былай дейді: «Индия бізге барлық сандарды он таңба арқылы өрнектеудің тамаша тәсілін тауып берді. Мұнда әрбір таңбаның шамасымен қатар, оның орналасуының да мәні бар. Осы терең де маңызды жетістіктің бізге қарапайым болып көрінетіні соншалық, біз оның нағыз кәдірін байқамаймыз. Шынында оның нақ осы қарапайымдылығы және барлық есептеуді өте оңайлатуы арифметиканы аса пайдалы құралдың біріне айналдырып тұр. Ежелгі заманның екі ұлы адамы - Архимед пен Аполлонийдің кемеңгерлігі мұны байқай алмағанын еске алсақ, біз бұл ерекшеліктің барлық ұлылығын дұрыс бағалаймыз».
Индиялықтар өте ерте заманнан-ақ аспанды жүйелі түрде бақылап, шоқжұлдыздар, планеталар және олардың қозғалысының сырын білуге талпынған. Кейбір астрономдар қалыптасқан көзқарасқа қарсы шығып. Жер өз осінен және Күнді айнала қозғалады деген пікірді қуаттаған (V-VI ғ.). Индия хирургтері өте кемел аспаптарды пайдаланып күрделі операциялар жасауды меңгерген. Мысалы, олар адам бас сүйегін ашып көруге дейін жеткен.
Ежелгі Индия оқымыстылары жандырғыш әйнектер мен айналардың қасиетін ашқан. Көне бір кітапта тас, шыны немесе металл ыдыстардың жәрдемімен күн сәулелерін кеуіп тұрған тезекке түсірсе, оның жанып кететіні айтылады.
Ертедегі Қытайда математика, астрономия, медицина, биология және астрономиялық ғылымдар жоғары дәрежеге жеткен. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы IV ғасырда Қытай астрономдары дүние жүзінде тұңғыш болып жұлдыздар каталогін, яғни көптеген жұлдыздардың аспандағы орнын (координаттарын) көрсететін тізім жасаған.
Компас, мылтық дәрісі, қағаз тағы басқа мәдениет дамуы үшін аса қажет бұйымдар алғаш осы Қытайда пайда болған.
Мысыр және Вавилон елдеріндегі жасалған ғылым мен өнердің мирасқоры ежелгі грек оқымыстылары болды. Расында гректің алғаш шықкан көрнекті ғұламалары Фалес, Пифагор, Демокрит, Евдокс және басқалары Мысыр мен Вавилон жеріне барып, онда жасалған математикалық, астрономияльгқ т. б. ғылыми мағлұматтарды тәптіштеп үйреніп, тәлім алып отырған.
Біздің заманымызға дейінгі VII-V ғасырлар Грецияның қоғамдық-саяси өмірінің, ғылым мен өнердің аса өркендеп тұрған кезі болды. Мәселен, осы қарсаңда математика сан жағынан ғана емес, сапа жағынан өлшеусіз биікке көтерілді. Математикалық теория, математикалық ережелер мен шындықтарды дәлелдеу дәстүрі, математиканың кейбір тарауларын (мысалы, геометрия) бүтін, біртұтас дедуктивтік-логикалық жүйе ретінде қарастыру - міне, осылардың бәрі алғаш осы Грециядан шыққан деуге болады.
Жалпы айтқанда, теориялық ғылым ежелгі грек топырағында туған. Сондықтан да Ф.Энгельс: «Теориялық жаратылыстану, егер ол өзінің қазіргі жалпы қағидаларының шығу және даму тарихын бақылап, аңғарғысы келсе, гректерге қайта оралуға мәжбүр болады», - дейді.
Бұл кездерде гректердің әдебиеті мен өнері де айрықша құлпырып гүлдене түскен еді. Аты аңыз болып кеткен Гомердің «Илиадасын», «Одиссеясын» былай қойғанда, Эсхил мен Софоклдың трагедиялық шығармалары, Акрополь храмы мен скульптураның басқа да теңдесі жоқ туындылары әдебиет пен өнердің өшпес үлгілері болып саналады. «Театр», «трагедия», «комедия», «оркестр», «олимпиадалық ойындар», «музыка» және басқалары ежелгі Греция топырағында туған атаулар.
Грек ғылымы мен өнерінің тарихы мың жылдай уақытқа созылып, адам таң қаларлық ғажайып шығармалар мен дүниелер қалдырып кетті.
Ежелгі грек ғылымы мен философиясын айтқанда, ең әуелі біздің көз алдымызға Фалес, Пифагор, Демокрит, Геродот, Гиппократ, Платон, Аристотель, Евклид, Архимед, Птолемей сияқты аты әлемге аян, жалпыға мәлім жарық жұлдыздар келеді. Бұлардың барлығы да өз еңбектері арқылы кейінгі толқын Шығыс ғұламаларына айрықша ықпал жасаған, оларды терең мазмұнды ғылыми-философиялық шығармалар жазуға шабыттандырған.
Грек кемеңгерлерінің орта ғасырларда Шығыс мәдениетінің көркеюіне, гүлденуіне тигізген әсері соншалық, олар тіпті Шығыс әдебиетінің басты кейіпкерлеріне айналып, көптеген ақындардың шығармалары арқылы халық санасына етене болып кеткен фактілерін жиі кездестіреміз. Мұндай жағдайды ескі және жаңа қазақ әдебиеті мысалынан да байқауға болады.
Данышпан Абай өзінің ескі Шығыс ақындары Низами, Жәми, Навои дәстүрімен жазылған «Ескендір» дастанында асқан ғұлама Аристотельдің бейнесін қысқа да ұтымды жасағаны мәлім. Мұнда Аристотель қанқұйлы зорлықтың, әділетсіздіктің бейнесі Ескендір Зұлқарнайынға (Александр Македонскийге) қарама-қарсы ақыл-парасаттың, әділдіктің символы ретінде корінеді.
Грек «ғылымының атасы» Фалес (біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғасырлар) деп саналады. Ол гректен шыққан жеті кемеңгердің ең алғашқысы. Фалес және оның шәкірттері дүниенің шығуын құдайсыз түсіндіруге тырысқан. Маселен, Фалес әлем судан пайда болады дейді. Оның ғылыми-философиялық көзқарасы «өзіңді-өзің таны» деген қағидаға негізделген. Вавилон ғалымдарының үлгісі бойынша, Фалес біздің заманымызға дейінгі 585 жылы Галис соғысы кезінде болған Қүн тұтылуын алдын ала болжаған. Тарихшы Геродот «соғыс қызу жүріп жатқан кезде кенеттен күп түнге айналып кетті, әскерлердің үрейі қалмай қорқып, соғыс даласын тастап бытырай қашты, Фалес бұл оқиғаның болатынын сол жылы алдын ала айтқан еді», - деп жазды. Фалес математикада шындықты дәлелдеу қажеттігін шарт етіп қойған, өзі бірнеше теоремалар дәлелдепті деген дерек бар.
Математика ғылымын дамытуды Пифагор мен оның жолын қуушылар - пифагоршылар үлкен қызмет көрсетті. Пифагор дегенде біз әркез тік бұрышты үшбұрыштың қабырғалары арасындағы сандық қатынасты бейнелейтін әйгілі «Пифагор теоремасын» еске аламыз. Бұл, әрине, солай. Алайда Пифагор мен оның шәкірттерінің ғылым жасаудағы жетістіктері мұнымен ғана шектелмейді.
Пифагор ғылымының төрт саласын (арифметика, музыка, геометрия және астрономия) ажыратып, терең зерттеулер жүргізген. Бұл ғылым тарауларын грек тілінде «математика» деп атаған, осыдан математика деген термин қалыптасқан. Араб ғұламалары бұл терминді «тәһлим» деп аударып, математикалық ғылымдарды тәһлими ғылымдар деи атаған; осы сөзден білім, тәрбиені білдіретін қазақ тіліндегі «тәлім» сөзі шыққан.
Пифагордан қалған нақыл сөздер де көп. Солардың кейбіреулері: «Өкінішке душар етпейтін нәрсемен ғана айналыс. Өзің білмейтін істен бойыңды аулақ сал. Бірақ білуге тиісті нәрсенің бәрін білуге тырыс. Сонда тыныш өмір сүресің».
«Тәніңнің саулығына немқұрайды қарама. Уақытылы тамақ ішіп, жаттығулар жасап жүр».
«Ұйықтар алдында өткен күнде өзіңнің не істеп, не тындырғаныңды ой елегінен бір өткізбей тұрып, көзіңді жұмба».
Дүние жүзінің «бірінші ұстазы» Аристотель Шығыста өте әйгілі болғанын жоғарыда айттық. Ол - ұлы философ, асқан ойшыл Платон академиясының түлегі. Платон мектебінде теориялық ғылымдарға ерекше мән берілген. Ол өзінің академиясының маңдайшасына: «Қімде-кім геометрияны білмейтіп болса, ол бұл үйге кірмей-ақ қойсын»,— деген жарнама жаздырып қоятын болған.
Аристотель Платон академиясында 20 жыл бойы үзбей оқып, ғылымның барлық саласынан жан-жақты, терең білім алып шыққан. Кейінірек ол ғылыми шындық жолында ұстазына қарсы шығады. Осыдан барып Аристотель айтты деген: «Платон маған дос, бірақ шындық одан да қымбат», - деген қанатты сөз тарап кеткен.
Аристотель өзіне дейінгі 300 жылға созылған грек ғылымы мен өнерінің жетістіктеріне қортынды жасап, жаңа сипат берген, жаңа бағыт сілтеген. Ол әлі де болса жіктері онша ашыла қоймаған біртұтас ғылым ішінен бірсыпыра салаларды ажыратуға бастама жасады (философия, логика, математика, жаратылыстану, мемлекет теориясы т. б.). Бұл бастама кейіннен ғылым салаларының көптеп шығуына жол салды.
Батыс, Шығыс ғұламаларының ең көрнекті ұстаздарының бірі атақты Евклид біздің эрамызға дейінгі III ғасырда өмір сүрген. Евклид сол тұстағы ең ірі мәдени орталық болған Александриядағы ғылми орын - Музейонда ғылымның түрлі тарауларынан сабақ берген.
Евклидтің өмірі жайлы мағлұматтар жоқтың қасы. Ол туралы тек екі аңыз сақталған. Оның біріншісі - Птолемей патшаның геометрияны бейнетсіз оп-оңай білдірерліктей жол бар ма деген сауалына Евклид: «Геометрияда патшалар үшін айрықша жол жоқ», - деп жауап қайырыпты. Осыдан барып: «Ғылымда даңғыл жол жоқ», - деген қанатты сөз қалыптасқан. Екінші аңыз бойынша, бір шәкірт Евклидтен геометрияны оқып-үйрену не пайда береді деп сұраған көрінеді. Сонда Евклид қызметшісін шақырып алып: «Оқудан пайда тапқысы келіп тұр екен, мына балаға үш теңге беріңдерші, - депті.
Евклид математика, физика, астрономия, музыка ғылымдары жайлы бірнеше еңбектер жазып қалдырған. Алайда ғылым тарихында Евклид ең әуелі «Негіздер» деп аталатын математикалық еңбектің авторы ретінде кеңінен мәлім.
Евклидтің «Негіздері» екі мың жылдан аса уақыт бойы дүние жүзі математиктерінің қолынан түспейтін шығарма болды. Осы еңбекте жасалған геометрия жүйесі мектептерде қазір де сол қалпында оқытылып келеді және адам баласының бүкіл дерлік практикалық іс-әрекеттерінің негізі болып отыр. Мәселен, Англия мектептерінде геометрияны Евклидтің осы «Негіздерінің» өңделген варианты бойынша өтеді, мектеп оқулығын «Геометрия» демей, жай ғана «Евклид» деп атайды.
Орта ғасырларда араб шығысында Евклидтің «Негізде- ріп» түрлі авторлар елуден аса рет түсіндіріп, сынап, өңдеп қайта жазып шыққан, талай жаңалықтар ашқан.
Евклидке іле-шала, шыққан атақты ғалым Архимед те - Шығыс ғұламаларының аса құрметтеген ұстаздарының бірі. Олар Архимед мұралары негізінде сандаған кітаптар жазған. Архимед есімі, оның ғылми жаңалықтары қазіргі ұрпақ үшін де өте үлкен беделге ие больш отырғаны баршаға мәлім. Москваның мемлекеттік университетінің физика факультеті жыл сайын дәстүрлі Архимед күнін атап өтеді. Дүние жүзінің турлі қалаларында Архимед көшелері кездеседі.
Архимедтің өзінің айтуынша, оның әкесі де ғалым-астроном болған көрінеді. Архимед туралы өтірік-шыны аралас аңыздар көп. Қалай болғанда да бұл аңыздар Архимедтің ғалымдық, адамдық қасиеттерін сипаттайтын сияқты. Мысалы, атақты «Архимед заңын» ол моншада ваннада шомылып отырып тауыпты да, қуанғаны сонша, «Эврика! Эврика!» (таптым, таптым) деп моншадан жалаңаш жүгіріп шығыпты деседі. Туған қаласы Сиракузды римдіктерден қорғауда Архимед ойлап тапқан неше түрлі ғажайып механикалық, оптикалық аспаптар, машиналар жаудың құтын қашырып берекесін кетіріпті-мыс; немесе өзін шауып өлтіргелі келе жатқан солдатқа «сәл кідіре тұр, есебімді аяқтап алайын» депті-мыс. «Тіреу нүктесін тауып берші - Жерді аударып тастайын» деген асқақ қанатты сөзді де жұрт осы Архимедке телиді.
Шығыс ғалымдары пір тұтқан көрнекті грек оқымыстыларының бірі - Клавдий Птолемей болған. Ол біздің заманымыздың екіпші ғасырында өмір сүрген. Птолемей арабтар «Алмагест» деп атап кеткен астрономиялық үлкен еңбектің авторы. «Алмагест» арабша «алмаджисти», «аса ұлы» шығарма дегенді білдіреді. Математикада Евклидтің «Негіздері» қандай қастерлі болса, астрономия тарихында бұл еңбектің маңызы одан бір кем емес. Кейіннен Шығыс ғалымдары арасыпан жиырмадан аса автор Птолемейдің «Алмагестін» түсіндіріп өңдеп қайта жазып шыққан. Олардың арасында біздің Фараби да бар. Птолемей әлем жайлы геоцентрлік жүйені жасаушы. Бұл жүйе бойынша Жер - әлем кіндігі, аспан шырақтарының барлығы Жерді айнала қозғалып жүреді деген қағида негізге алынады.
Орта ғасырларда ғалымдар арасында Птолемейдің беделі өте зор болып, оның аты Аристотель, Евклид, Архимед есімдерімен қатар аталып жүрген.
Біз өткендегі тараулардан орта ғасырлар заманында ғылым-білім эстафетасын өз қолдарына берік ұстаған Шығыс ғұламаларының ғылым мен өнердің алуан салаларында өздеріне ғажап ескерткіштер сомдап соғып кеткенін көрдік. Бұл асыл мұралардың болашақ тағдырына келсек олар адамзат мәдениетінің ілгерілеуіне, өркен жайып гүлденіп өсуіне үлкен ықпал жасағаны даусыз шындық саналады.
Қайта өрлеу заманында ұзаққа созылған рухани мешеуліктен, ғылым тоқырауынан енді ғана оянған Европада ғылымның қаулап көтерілуінде, толысуында, күш жинап қанаттануында Шығыс ғылымы мен мәдениетінің, әсіресе жоғарыда әңгіме болған ғылымның өшпес жұлдыздарының еңбектері үлкен әсер етті деп айта аламыз. Олар ғылми шығармаларының басым көпшілігі сол замандағы мұсылман елдері үшін ортақ тіл болып саналған араб тілінде жазғандықтан, кейде бәрін бірдей топтап араб ғалымдары санатына орынсыз қосады.
Алайда бұл көзқарас шындыққа келмейтінін, керісінше олардың көпшілігі біздің Отанымызды мекендеп келген, қазір де мекендеп отырған халықтар өкілдері болғанын тағы бір ескере кетуді жөн деп білеміз.
Қалай болғанда да ол ғұламалардың еңбектері Шығыс және Батыс ғылымы мен мәдениетінің арасын біріктіріп, туыстырып тұрған дәнекер, жалғастырушы үлкен-үлкен өткелдер іспеттес.
Бұл байланыстың, сабақтастықтың жай-жапсары әлі толық зерттеліп болған жоқ.
Кейінгі кезде жан-жақты жүргізіліп жатқан осы саладағы ізденістер мен қол жеткен табыстар адамзат мәдениеті мен ғылымның үнемі ауыс-түйісте, алыс-берісте болатынының жаңа, соны қырларын ашуда.
XII-XIII ғасырларда Европа елдері үшін ғылми ортақ тіл - латын тіліне араб тілінен көп трактаттар, көлемді шығармалар тәржімәланып, мұнда ғылымның күрт қорланып, кенет көтерілуіне бейне бір ашытқы тәріздес әсер еткені байқалады. Аударма жұмысының қауырт етек алғаны соншалық, атақты аудармашы Жерардо Кремонскийдің бір өзі тоқсанға тарта араб тілінде жазылған еңбек аударған. Батыс Европа оқымыстылары тек қана Шығыс авторлары ғана емес, тіпті грек кемеңгерлерінің туындыларымен де алғашқы мезгілде араб ғұламалары арқылы танысып, табысқан.
А. С. Пушкин бір сөзінде арабтар Батыс Европаға алгебра мен Аристотельді тарту етті, ал монғолдар Россияға бүлдіріп-жою, қайғы-қасіреттен басқа еш нәрсе әкелмеді деп айтуы тегін емес. Айта кетелік: алгебраны, арифметиканы Европаға әкеліп жүрген Хорезми бастаған топ, ал Аристотельді дамытып таныстырушы әл-Кинди, Фараби, ибн Рошд және басқа философтар.
Европада медицинаның дамуын ибн Синасыз, астрономия, тригонометрия ғылымдарының жаңалықтарын әл-Баттани, Бируни, Насыреддин Туси, Ұлықбексіз, музыка теориясы мен практикасының кемелденуін Фарабисіз, оптикалық зерттеулерді ибн әл-Хайсамсыз елестету қиын. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады.
Қазіргі ғылымға сіңісіп орын тепкен «алгебра», «алхимия», «алмагест» сияқты ғылым, кітан аттары, осы сияқты алгоритм, цифра, зенит, надир, азимут, алидада, альтаир, бетальгейзе, фомальгаут т. б. толып жатқан терминдер араб тілінде жазған ғалымдар еңбектері арқылы енген. Роджер Бэкон, Леонардо да Винчи, Кардано, Джон Валлис т. б. Европаның көрнекті оқымыстылары өз еңбектерінде Шығыс ғұламаларының есімдерін аса зор ілтипатпен атап, олардың ұстаздығын ашық мойындап жазады. Осы келтірілген фактілер мен мысалдардың өзі Шығыс оқымыстылары дүние жүзілік ғылымға пәлендей ауыз толтырып айтарлықтай үлес қоса алмады деп қарайтын буржуазиялық ниеттегі ғылым тарихшыларының қате көзқарастары мен тұжырымдарын бүтіндей жоққа шығарады.
Алайда «ағаға қарап іні өседі», «ұстаздан шәкірт озады» дегендей, XV-XVI ғасырдан басталған Жаңа замандағы Европа ғұламалары Шығыс ұстаздарынан терең тәлім алып, олар қалдырған мол мирасты игеріп, ғылым-білімді, өнерді бұрын болып көрмеген жаңа сапаға, жоғары сатыға көтереді.
Шындығында қазіргі ғылымйың барынша көркейіп, шыңға шығуына Европа топырағьшан шыққан кейінгі ғылым алыптары шешуші қызмет атқарды. Бұл оқымыстылар қатарында Леонардо да Винчи, Галилео Галилей, Николай Коперник, Иоган Кеплер, Рене Декарт, Исаак Ньютон, Готфрид Лейбниц, Михаил Ломоносов, Альберт Эйнштейн тағы басқа адамзаттың ұлы перзенттері бар.
Бұл ғылым ұстындарының өнегелі өмірі мен ғылымда тындырған келелі істері, мәдениетімізге қосқан үлесі, парасатты ойлары мен үлгілі сөздері жайлы жалпы оқушы қауымға айтып беру бүгінгі таңда аса зәру маңызды міндеттер қатарына жатады.
Пайдаланған әдебиет:
Көбесов А. Сөнбес жұлдыздар. –Алматы: Жазушы, 1973. -160 бет.
Жарияланған-2016-09-28 12:47:09 Қаралды-7464
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану