САМАРҚАНД ЖҰЛДЫЗДАРЫ
Біздің алдымызда XVII ғасырдан қалған сарғайып кеткен ескі сурет жатыр. Бұл суретте астрономия құдайы Уранияның басшылығымен өтіп жатқан дүние жүзінің аса ұлы астрономдарының мәжілісі кезі бейнеленген. Әрбір ғалымның белгіленген тұрақты орны бар екені олардың әрқайсысының тұсындағы тақтайшада жазылған аты-жөнінен байқалады.
Жиылғандар ішінде поляк астрономы Николай Коперник; датчандық Тихо Браге және ежелгі дүниенің асқан ғалымы Птолемей тағы басқа астрономия кеменгерлерін көреміз. Ал Уранияның оң жағындағы ең қастерлі орында отырған кім? Аса кұрметті орын алыстағы Орта Азия халықтарынан шыққан XV ғасырдың ең ұлы астрономы - Ұлықбекке тиген.
Суретті тастай беріп XV ғасырдағы Орта Азияға, оның ішінде Самарқанд қаласына сәл ғана саяхатқа шығып қайтайық.
...Орта ғасырдағы Орта Азия. Өзін Азияның арыстаны, жер тәңірісі санаған әмір Темір дүние жүзін жаулап алмақшы болып, аш қасқырдай аласұрды. Азияның Иран мен Үндістан сияқты бай өлкелері ақсақ Темірдің аяғының астында тапталды. Ол Әмудария мен Сырдария арасындағы кең аймақты алып жатқан жаңа империя құрды. Бұл иелік Мавераннахр (арабша «өзеннің ар жағындағы» деген сөз) деп аталды. Империяның астанасы еліміздің ескі қалаларының бірі Самарқанд болды. Ол бұдан 2500 жыл шамасы бұрын салынған. Тіпті Птолемейдің географиялық картасының өзінде Самарқандтың орны көрсетілген.
Самарқандтың ең гүлденген кезі әмір Темірдің патшалық ету кезеңі еді. Ол Самарқандқа өзі басып алған бай елдердің байлығын тасумен болды. Индия, Азербайжан, Иран, Армения, Грузия және басқа елдерден шеберлер шақыртып, өз астанасын көркейту жолында қолынан келгенін істеп бақты. XV ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы ибн-Арабшахтың айтуынша, Темір тіпті Самарқандқа іргелес орналасқан ауыл-қыстақтарды дүние жүзіндегі ең әйгілі қалалардың атымен Мысыр (Каир), Димишк (Дамаск), Бағдат, Султания, Шираз деп атауға әмір еткен. Бір қызығы, Самарқандтың кейбір кварталдары әлі де сол аттарды сақтап қалған.
Ақсақ Темір тұсында салынған Бибі ханым мешіті, Шахи Зинда және басқа құрылыстар - архитектуралық ескерткіштердің тамаша үлгілері. Атақты «Бабурнамада» осы қарсаңда Самарқандта дүние жүзіндегі қағаздың, жібектің, керамикалық бояулардың, барқыттың т.б. ең әдемісі шығатын еді деп жазылған. Самарқанд - көрнекті ғалымдар, дәрігерлер, құрылысшы-шеберлер, кітап көшіргіштердің ордасы саналды. Сонымен қатар Самарқанд - анық кертартпа, бедел-ықпалы зор мұсылман дін басыларының да орын тепкен жері болды.
Осы тұста Самарқандта Шығыс елдері тарихы туралы «Шежірелер асылы» атты көлемді кітап жазған тарихшы Хафиз Абру, атақты дәрігер Нефис, әйгілі астроном-математиктер Қазы-Заде Руми, Ғияседдин Жамшид өмір сүрді. Соңғы екеуі кейіннен Ұлықбекке ұстаздық еткен. Жан тебірентерлік өлеңдер жазатын шайыр Сираджуддин Самарқанди осы қалада туып, өсті. Жас Ұлықбек «Жүсіп Зылиха» қиссасын оны шығарған автор Дүрбектің өз аузынан естуі ғажап емес.
Музыка өнеріне де көп көңіл бөлінді. Ұлықбек кезінде Самарқандта белгілі сыбызғышы Сұлтан-Ахмедтің атағы дүрілдеп тұрған кез еді. Қаланың ауқатты, бай орталарында Азербайжан ақыны Низамидің, Үнді ақыны Хусрой және басқа авторлардың шығармалары жайында пікір таластары туып тұратын. Әңгіме үстінде Платон, Аристотель, Евклид, Птолемей, Фараби, Бируни, Насыреддин Туси т. б. ғұламалар есімдері жиі аталатын.
Міне, осылардың барлығы болашақ патша әрі ғалым Ұлықбектің ақыл-ойының ерте оянып, «алысқа қол созуына» қолайлы жағдай болды.
Енді тарихшылардың ізімен қысқаша Ұлықбек өмірінен деректер берейік. Ол заманда әскери жорықтар жылдап созылатын. Сондықтан да Темір балашағасын алыс сапарға өзімен бірге алып жүретін болған. Осындай бір жорық сапарында Темір әулетінде 1394 жылы 22 март күні дүниеге Мұхаммед Тарәғай деген бала келді. Кейін оған Ұлықбек деген лақап ат беріледі. Оның әкесі Шахрух Темірдің үшінші баласы еді. Шахрух біраз билеуші болып, кезінде ғылымның өркендеуіне үлкен қайырым жасаған кісі. Ұлықбек жастайынан поэзияға, тарихи білімдерге, әсіресе, астрономия мен математикаға құмарланады. Ұлықбектің ғалымдығының қалыптасуына оның атасы Темірге ілесіп мәдени, ғылми дәстүрлері бай елдерді аралауы үлкен ықпал жасайды. Ұлықбек жас шағында осылай Армения, Азербайжан, Грузия, Иран, Турция және Ауғаныстандарды аралап көреді. Оған қоса Ұлықбектің ғалым болып шығуына әкесі Шахрух жиыстырған Самарқандтағы аса бай кітапхана үлкен әсерін тигізді. Темір аса қаталдығы мен қатыгездігіне қарамай, балаларын және немерелерін тәрбиелеу ісіне көп көңіл бөлген көрінеді. Темір сарайында қалыптасқан дәстүр бойыиша жас балдырған немерелер шетелден елші келгенде маслихатқа міндетті түрде қатысады екен. Өзінің «1403-1406 жылдары Самарқандтағы Темір сарайына сапар күнделігі» атты қолжазбасында Исиан елшісі Клавио Ақсақ Темірдің елшілер қабылдау салтанатын суреттей келіп былай дейді: «Сонан кейін ол елшілерді жоғарыда отырған кішкентай балаларға алып келді: бұлар патшаның немерелері болатын, олар да қонақтарға бас иіп сәлем берді. Мұнан соң олардап корольдан келген хат туралы сұрады. Балалар орындарынан атып тұрып хатты патшаға әкеліп берді». Бұлардың ішінде Ұлықбектің болуы сөзсіз.
Ұлықбек ежелгі грек ғалымдарының классикалық еңбектерімен жақсы таныс болады. Сонымен қатар ол өзінен бұрын өмір сүрген Орта Азияның көрнекті оқымыстыларының негізгі еңбектерін жете білген.
Бірақ жас Ұлықбекті қоршаған билеуші топ оның ғылымға ден қоюын кұп алмайды. Темір өлгеннен кейін империя ыдырап екі мемлекет құрылады: бірі Хорасан, екіншісі Мавераннахр. Соның екіншісіне 15 жасар Ұлықбекті әкім жасайды. Айта кетерлік бір жәйт, Оңтүстік Қазақстанның көп қалалары (Отырар, Тараз т.б.) осы Ұлықбекке тиеді. Сарай төңірегіндегілер Ұлықбектің әскери қызметке, дипломатиялық өнерге деген құмарлығын арттыруға бар күшін салып бағады, оның асқан ғалым емес, ата жолын қуушы әмір болуын көздейді. Бұл ықпалдан шыға алмаған Ұлықбек алғашқы жылдары бірсыпыра жорықтарды басқарып, оларды көбінесе, сәтті аяқтап жүреді. Ол ел басқарушылық және әскери талантының бар екенін танытады.
Алайда Ұлықбек мәдени құрылыстарға көп көңіл бөледі, Самарқандта, Ғиждуанда, Бұқарада, Марыда және басқа қол астындағы қалаларда көрнекті-көрнекті мәдени құрылыстар салдырады және Темірдің тұсында аяқталмай қалған құрылыстарды аяқтайды. Мәселен, оның тікелей жарлығы бойынша 1420 жылы Бұқара мен Самарқандта медресе салынады. Самарқандтағы медресе үйі көрген жанды таңғажайып қалдырып күні бүгінге дейін тұр. Медресенің бастапқы қалпында ол екі қабат, төрт бұрышындағы хұжрасында төрт күмбезді, төрт бұрышында төрт мұнаралы болып келген. Ақын дәріптеп Ұлықбек медресесін былай суреттейді: «О, ғажайып! Оның ауқымы таудай болып аспанды тіреп тұрған тіреу тәріздес. Ал оның зәулім фасады көкпен тілдесіп тұр. Оның салмағынан жер тітірейді...» Шынында Ұлықбек медресесі жалпы архитектуралық құрылысы жағынан болсын, әшекейінің әсемдігі жөнінен болсын бөлекше тұрған дүние. Оның қадір-қасиетін тек көріп, сезіп қана толық бағалауға болады.
Медресе уақыт, жер сілкіну, оған қосымша XVIII ғасырдың бас кезіндегі өзара соғыс кесірінен көп бүлінген. Совет өкіметі тұсында ғана бұл бітімі өзгеше ескеркішті сақтап қалу жөнінде шұғыл шаралар қолданылды.
Ұлықбек тұсында бұрын Темір кезінде басталып бітпей қалған «Бибі ханым» мешіті, «Гөр Әмір» күмбезі, «Шахи Зинда» ансамблінің құрылыстары аяқталады. Дүниежүзілік мәні бар бұл зәулім архитектура ескерткіштерінің тамтығы (қалдығы) біздің заманымызға келіп жетті. Олар қалпына келтіріліп, көпшілік қауымның тарихты тамашалайтын қасиетті орындарға айналды. Ұлықбектің өнер-білімге деген іңкәрлігі күн асқан сайын күшейе түседі. Ол қанқұйлы соғыстардан көрі әлем сырын ашып, оның құпиясын білүге ынтығады.
Ұлықбектің мемлекеттік қайраткер ретінде істеген ең ірі жұмысы Самарқандта аса зор астрономиялық обсерватория салдыруы болды. Бұл Ұлықбектің ғылым мүддесін көздеп, болашақ үшін жасаған үлкен ерлігі болып саналады.
Ұлықбек медресесінде өтілетін пәндер арасында астрономияға үлкен мән берілген. Ұлықбек басқарған оқу және ғылми жұмыстар жетістігі аса дәл аспаптармен жабдықталған теңдесі жоқ обсерватория салуды күн тәртібіне қояды. Медресе салынып болғаннан кейін бұл ниетті жүзеге асыру үшін ірі дайындық жұмыстары жүргізіледі. «Медресе біткеннен кейін төрт жыл өткеннен соң мырза Ұлықбеқ Қазы заде Руми, Мәулен Ғиясэддин Жәмшид Қаши және Муинеддин Кашилермен кеңесе отырып, Қухан етегінде Абирахмаз арығының жағасында обсерватория тұрғызып, оның қасына биік хұджралар салдырды және олардың айналасына бау-бақша ектірді, өзі уақытының көпшілігін осы жерде өткізетін еді», деп жазады тарихшы Абутахир.
Ұлықбек обсерваториясы одан бұрынғы Батыс және Шығыс елдерінің обсерваторияларының бай дәстүрлері негізінде салынады. Бұл тұрғыда, әсіресе XIII ғасырда Азербайжанда көрнекті математик және астроном Насыреддин Тусидің басшылығымен салынған Мерага обсерваторнясынын тәжірибесі көп игілікті ықпал жасады. Бұл обсерваторияда «Ельхан астрономиялық таблицалары» жазылған болатын. Ұлықбек обсерваториясының салынуына XV ғасырдағы аса дарынды ғалым Жәмшид Ғиясэддин Қашидың көп көмегі тиді. Кейінгі зерттеулер Қашидың Ұлықбекке деиін де обсерватория салу туралы бірнеше рет мәселелер қойғанын анықтады. Бірақ кертартпа әкімдер ғалымның иплікті ұсынысына құлақ аспайды. Кашидың бұл ниеті тек Ұлықбектің тұсында жүзеге асады. Ұлықбек обсерваториясынын негізгі мақсаты - дәлдігі өте жоғары бақылаулар жасай отырып, Марага обсерваториясында жасалған астрономиялық таблицалардың қателерін түзету болды.
Обсерваторияның толық сипатын Ұлықбектің замандасы тарихшы Абдразақтан табамыз: «...Самарқандтан терістік-шығысқа қарай орналасқан атыраптан лайықты жер сайланды. Атақты жұлдызнамашылардың таһлиқнамасы бойынша, бұл іске сәйкес келетін бақытты жұлдыз таңдап алынды. Обсерватория үйі әкімнің атақ-даңқына сай өте орнықты да берік тұрғызылды. Он қат аспан бейнесі, градусы, минуты, аспан дөңгелегінің кескіні, жылжымайтын және жылжымалы жұлдыздар, ықлымдар, таулар, теңіздер, шөлдер, далалар және басқа осыларға қатысты барлық нәрселердің барлығының мәнерлі де әсем суреті еңсесі биік үйдің ішінен келісті түрде орын тапқан».
Обсерваторияның құрылысын және оны астрономиялық құралдармен жабдықтау жағын Каши басқарды. Обсерватория үш жылда салынып бітеді, бірақ небәрі 27-28 жыл ғана жұмыс істейді. Обсерваторияны басқарушы Қаши, ол өлгеннен кейін Қазы Заде Руми, ол өлгеннен кейін Әли Құсшы болады.
Ұлықбек обсерваториясынан бұрын да Шығыстың түрлі елдерінде әр кезде бірнеше обсерваториялар салынған. Бірақ олардың бірде-бірі көлемі, жабдықталуы, алдына қойған мақсаты жөнінен бұл обсерваторияға тең келе алмайды. Мұнда телескоп ойлап табылғанға дейінгі негізгі астрономиялық аспап-құралдардың барлығы да горизонталь дөңгелек, биіктігі 50 метрге жуық алып квадрант, Күн және астрономия сағаттары, сан түрлі бұрыш өлшегіш нәзік құралдар болғанға ұқсайды. Міне, осылардың көмегімен обсерваторияда көптеген салдарлы астрономиялық бақылаулар мен зерттеулер жүргізіледі.
Ұлықбектің қайғылы өлімінен кейін кертартпа дінбасылары обсерваторияға түрлі жаманат тағып, оның күл-талқанын шығартады, кірпіштеріне дейін қоймайды. Олар Ұлықбек обсерваториясының із-түзін жою үшін Кухан төбесін «Қырық қыз әулиенің» зираты деп жариялап, оны халық табынатын, түнейтін қасиетті орынға айналдырады. Сөйтіп, бір кезде ғылым мен өнер шамшырағы болып гүлденген атырап енді дүние қоңыз, пайдақұмар діни сұм-сұрқиялықтың етек жайған мекені болады.
Осылай Ұлықбек обсерваториясының дәл орны ұрпаққа ғасырлар бойы белгісіз болып қалады. Тек 1908 жылы Самарқанд астрономы В.Л.Вяткин XVII ғасырдағы сауда-саттық жөніндегі бір қағаздан обсерваторияның орны жайлы аса құнды дерек табады. Мұнда көрсетілген жер участоктерінің ішінде «тал-и-расад», яғни обсерватория қырқасы, Аби-Рахмат деп аталатын арық және Накши-джаған Деген жер аталған. Міне, осы көрсеткіштер бойынша археологиялық қазба жұмыстарын жүргізе келіп, ғалым Ұлықбек обсерваториясын жарыққа қайта шығарады. Бұл Самарқанд көнелігін зерттеуге көп күш-жігерін сарп еткен орыс ғалымының тамаша табысы, ғылми ерлігі деп бағаланады. Айта кетерлік бір жәйт, ғалымның өз өсиеті бойынша оның денесі осы Ұлықбек обсерваториясының территориясына жерленген.
Совет үкіметінің шешімі бойынша Ұлықбек обсерваториясының қасынан ұлы астрономға арнап ескерткіш-музей салынды.
Қазір археолог ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде Ұлықбек обсерваториясының кескін-келбеті біршама жақсы айқындалып келеді, онда қолданылған құралдар мен астрономиялық аспаптар жайлы мол мағлұмат жиналып отыр. Обсерваторияның мөлшері адам таңқаларлықтай, ол биіктігі 30-35 м (тұрған төбесімен қоса), көлденеңі 46 метрден асатын дөңгелек формалы үш қабат үй болғамдығы байқалады. Ұлықбек обсерваториясы кейіннен Шығыс елдерінде салынған көптеген обсерваторияға үлгі болды. Бұл жөнінде одан көп уақыт өткеннен кейін XVIII ғасырда бой көтерген Үнді астрономы Савой-Джай Синг обсерваториясы айқын мысал бола алады.
Кейінгі зерттеулер бұл обсерваторияның салынуына және оның ғылми еңбектеріне Ұлықбек мектебінің әсері үлкен болғанын көрсетіп отыр.
Ұлықбек өз дәуірінің алдыңғы қатарлы, озат ойлы адамы болды. Ол жан-жағына ілім шарапатын мол шашуға тырысты. Ғылым мен мәдениетті дамыту мүддесін ескеріп, Ұлықбек бірнеше жерде (Бұқарада, Ғиджуанда, Самарқандта) жаңа типті оқу орындарын ашты. Бұларда дәріс (сабақ) беру үшін мұғалімдерді діни дәрежесінс емес, білім дәрежесіне қарай іріктеп алды. Бұл тұрғыда Самарқандтағы жаңа типті жоғары мектеп - медресе ашылған күні болған мына бір окиға айтуға тұрарлық:
...Медресе ашылатын кұні оған бүкіл шәкірттер, ұстаздар, ғалымдар және сарай төңірегіндегі бектер, дін иелері, шайхылар жиналады. Барлығының көкейінде тұрған бір мәселе: Ұлықбек медресенің бас мударисіне (мұғаліміне) кімді сайлар екен? Шайхылар арасында бұл орынға оны барлар аз емес еді.
Бір мезетте Ұлықбек жиналған топқа қарап:
- Қімде-кім барлық ғылымға жетік болса, медресені сол басқарады, - деп мәлімдеді.
Отырған шайхылар құранды жатқа білгенмен, басқа ғылымдар жөнінде мағлұматтан жұрдай болатын. Сондықтан олар тосылып: «Барлық ғылымнан хабардар адам табылмас», - деген үмітте үнсіз отырады. Сол кезде көп ішінен өте жұпыны киінген Мәулен Мұхаммедтің:
- Мен, - деген сабырлы, бірақ сенімді даусы шықты. Шайхылар жақтырмаған сыңай білдіріп кедей ғұламаға ажырая қарасты.
Ұлықбек Мәуленге карап қайталап сұрады:
- Сен, Мәулен Мұхаммед, мударистің орнына өзіңді лайық санайсың ба?
- Я, патшам, мен көп ғылымды жетік меңгерген едім. Сөзімнің дұрыстығын, сұрақ қойып сынауларыңызды өтінемін, - деді баппен сөйлеген Мәулен.
Ұлықбектің әмірі бойынша Самарқанд ғалымдары Мұхаммедке әр түрлі сұрақтар қоя бастады. Астрономдар жағы планета мен жұлдыздар жайлы сұрап, оның жауабының мүлтіксіз дұрыстығына таң қалысты. Тәуіп Нефис адам ағзасы, дәрі-дәрмек, емдеу жөнінде көптеген сұрақтар қойып, Мәуленнің медицина жайлы білімінің мол екенін анықтады.
Осыдан кейін мұсылман дінінің тарихы, «Төрт ұлыс» тарихы туралы сауалдар қойылады. Шайырлар өлең мәнісін әңгіме етті. Мәулен бұлгардың барлығына тамаша жауап тауып, отырғандарды дән риза етті. Ұлықбек қолын көтеріп айтысты тоқтатып, өз шешімін айтты.
Ұлықбектің ұстаздарынан не үйренгені, қалай үйренгені дәл мәлім емес. Бұл ретте атақты ақын және ғалым Әлішер Навоидың (1441-1501) баласы Ғариб мырзаға айтқан: «Ғылым меңгеруде біреуімен ғана шектеліп қалма. Барлығынан хабардар болып, бәрінің дәмін татсаң - мұның несі жаман», - деген өсиеті еске келеді.
Шынында әр түрлі өнер-білімге әуес болу, Ұлықбек пен Навои заманындағы көп адамдарға тән қасиет. Ұлықбек сан алуан ғылым мен өнер иелерімен әңгіме-дүкен құрып, өз білім-парасатын үнемі жетілдіре беруді өзіне әдет еткен тәрізді. «Өзіне мәлімсіз нәрселерді сұрап біліп-отырған адам ғана ғалым болады. Сұраудан ұялған адам өзіне-өзі Жау», - дейді екен Навои.
Ұлықбек астрономияны бәрінен жоғары қойғаны байқалады. Алайда өз заманының ұлы ретінде басқа ғылымдармен де айналысқан, поэзияға да ықылас білдірген. Ұлықбек «Төрт ұлыс тарихы» деп аталатын үлкен тарихи еңбекті жазуға қатысқан деп айтады. Мұнда Шыңғысхан империясы ыдырағаннан кейін пайда болған төрт ел - Алтын Орда, Иран, Монғолия және Орта Азия тарихы баяндалған.
Ұлықбек әдеби тақырыптарға көп әңгімелесетін болған. Мәселен, өзінің туысы Байсұңқармен Низами поэзиясы жайлы айтысқаны жайлы дерек сақталған. Ол патша - бай табының өкілі ретінде олардың да әдет-ғұрпы, сән-салтанатынан құр болмаған: түрлі сауық-сайран; ойын-тойға да қатысып отырған. Әсіресе ол аңшылық, құс салуға үлкен әуестік білдірген.
Медресенің бас мұғалімі болып заманында сегіз қырлы білімпаз болған Мәулен Мұхаммед Хавафи сайланады Құраннан басқа білері жоқ молдалар Ұлықбекке іштей кектеніп қала береді.
Ұлықбек ғылымға өзі белсене араласумен қатар, сол тұстағы Орта Азияның көрнекті оқымыстыларын маңына топтастырған Медресе мен обсерваторияның жұмысына «заманының Аплатоны» (Платоны) атанған Қазы Заде Руми, жоғарыда айтылған атақты математик және астроном Жәмшид Қаши, оның баласы Мансур Қаши, сол дәуірдің Птолемей атанған Алаеддин Әли Құсшы және басқа бір-сыпыра оқымыстылар ат салысты. Ұлықбек оларды қатты қадірлеп, пікір-кеңестеріне әрдайым құлақ асып отырған. Мәселен, обсерватория салардан бұрып Қазы Заде Руми бұрынғы ескі обсерватория жұмыстары женінде түсінік берген, ал Жәмшид Қаши астрономиялық аспап-құралдар жайында нұсқау-кітап жазған. Ұлықбек маңына топталған Бұл ғалымдар - математика және астрономия салаларына едәуір еңбек етіп ғылым тарихында белгілі із қалдырған оқымыстылар. Сондықтан олардың негізгі еңбектері жөнінен қысқаша мағлұмат бере кету орынды.
Жәмшид Гиясэддин Қаши - Ұлықбектің ғылым жөніңдегі оң қолы болды. Оның обсерваторияны салу, жабдықтау жөніндегі көрсеткен қызметі аса зор. Қашидың қай жылы туғаны белгісіз, бірақ Самарқандқа шақырылғанға дейін Иранның Қашан қаласында тұрған. Ол «Хаканның астрономиялық таблицалары», «Шеңбер туралы», «Аспан сатысы», «Арифметикаға кілт», «Хордалар және синустар туралы» тәрізді бірсыпыра тамаша ғылми еңбектер жазып қалдырған.
Қазы Заде Руми - Кіші Азияда туып өскен. Жоғары білімді ол Хорасанда және Мавераннахрда алады. Самарқандта ол талантты ғалым, әрі ұстаз ретінде аса улкен даңққа ие болады. Қазы Заде Ұлықбектің мұғалімі болған. Ол «Арифметика туралы», «Астрономияға түсініктеме», «Фигуралар туралы түсініктеме», «Синус туралы» атты трактаттар жазған.
Алаеддин Әли Құсшының әкесі Ұлықбектің құсбегісі болған. Бір деректерге қарағанда ол көшпелі түрік (қазақ) далаларынан шыққан болуы керек. Әли Құсшыны Ұлықбек асырап өсіреді, оны балам деп есептейді. Әли Құсшы Ұлықбек, Қаши, Қазы Заде Румилардың астрономиялық жұмысын жақтаушы болды. Ол 1474 жылы Отамбулда қайтыс болады. Әли Құсшы «Арифметика туралы», «Мұхаммедия», «Фатхия», «Гурган таблицаларына түсініктеме» сияқты трактаттар жазған.
Бұл оқымыстылардың барлығы ғылми еңбектерін сол кездегі дүние жүзілік ғылым тілі саналған араб тілінде жазған. Арагідік парсы тілінде жазылған шығармалар да кездеседі.
Ұлықбек обсерваториясының ең басты еңбегі - «Зидж Гурганидің» («Ұлықбек Зиджі») жасалуы болып саналады. Бұл - Ұлықбектің басшылығымен жүргізілген көп оқымыстылардың коллективтік еңбегі. «Зидж» деген парсы сөзі, ол астрономдар мен географтар үшін жасалған таблицалар жинағы дегенді білдіреді.
Ұлықбектің обсерваториясында түрлі елдердің байырғы астрономиялық білім-дағдылары жинақталып, «Ұлықбектің баяндауындағы Қытайдың, Сирияның, гректің, арабтың, парсының, хорезмнің атакты астрономдары» деген атпен жеке кітап жазылады.
«Зидж Гургани» төрт бөлімнен тұрады: 1) календарьлар туралы, 2) уақыт өлшеу жөнінде, 3) планеталардың қозғалысын анықтау жайында, 4) астрономиялық басқа мағлұматтар туралы. Мұнда астрономияның теориялық негіздерімен қалар 1019 жұлдыздың орнын көрсететін каталог жасалған. Ең бірінші жұлдыздар каталогін, яғни олардың аспандағы орнын координаттары арқылы анықтап тізім жасау практикасы ежелгі гректерден (Гиппарх) қалған. Оны бірінші жасау өте ауыр жұмыс, көп еңбек сіңіруді, ұзақ уақыт бақылау жүргізуді талап етеді. Бұл каталогтардың ғылми бағасы үлкен, өйткені ол аспан денелерінің қозғалысын зерттеуде таптырмайтын материал болып есептеледі.
Гиппархтан кейін жұлдыздардың жүйелі каталогін жасаған Ұлықбек болды. Астрономия тарихшыларының бағасы бойынша XV ғасырға дейін жұлдыз каталогтарының маңызын, қадыр-қасиетін бағалай білген екі-ақ астроном бар олар - Гиппарх пен Ұлықбеқ, бұл жұмыс шын мәнінде сонылығымен көзге түседі, өйткені бұл саладағы Ұлықбектен бұрынғы жұмыстар Птолемейден көшіріліп алынушы еді.
«Атақты араб астрономы Абдрахман Суфидің жұлдыздар жайлы трактаты күллі оқымыстылар қауымы қуанышпен қарсы алған бағалы еңбек еді. Біз өз бақылауларымызға сүйеніп жұлдыздар орнын анықтамас бұрын осы шығармаға назар аудардық. Алайда бұл трактатта келтірілген жұлдыздардың орналасу реті аспандағы жағдайға сәйкес келмейді. Сондықтан да біз өз бетімізбен бақылау, өлшеу жұмыстарын жүргізуге тиісті болдық», - деп жазады Ұлықбектің өзі. Шынында бұл каталог дәлдігі жөнінен Тихо Брагенің бақылауларына дейінгі барлық каталогтардан алда болды. Ол Лондонда 1650-65 жылдардың өзінде қатарынан үш рет басылып шықты. XIX ғасырдың орта кезінде Ұлықбек таблицаларын Лондондағы астрономиялық қоғам қайта бастырады, ал Парижде сол таблицаға жазылған «Кіріспенің» толық аудармасы жарияланады. Салыстыра зерттеу мүддесі үшін ол таблицалардың маңызы келешекте де еш төмендемек емес.
Ұлықбек обсерваториясында экватордың эклиптикаға келбеуліп, бес планетаның орташа жылдық қозғалысы, жұлдыздық жылдың ұзақтығы жөнінде дәлдігі өте жоғары өлшеулер жүргізілді. Ұлықбектің өлшеуі бойынша бір жылда 365 күн 6 сағат 9 минут 15 секунд бар. Сонда жіберілген қате бір минуттен де аз. Осылармен қатар Ұлықбек обсерваториясында жылдық прецессияның мәнін бұрынғыларға қарағанда дәлірек тапты деуге негіз бар.
Ұлықбек обсерваториясында астрономиямен қатар, математиканың да көп тараулары зерттеліп, ілгері дамытылады. Астрономия мұқтаждығын өтеу мақсатында аса кемелдендірілген тригонометриялық таблицалар жасалған. Мұнда олар математикалық жаңа әдістер мен есептеулерді қолданады. Мәселен, таблица жасау үшін бір градус доғаның синусын аса дәлдікпен табудың мәні зор. Ұлықбек және оның шәкірттері бұл есепті шешуде бұрын ешбір математик қолданбаған соны алгебралық әдісті пайдаланады. Бұл туралы Ұлықбек былай дейді: «Синус пен тангенс таблицаларын есептеу бір градустың синусын табуға негізделген. Осы кезге дейін ешкім оны көкейге қонымды, сенімді жолмен аныктаған емес, олардың өзі бұл мәселені шешуде тек көрнекі әдістермен шектелгенін жасырмаған. Біз басқа жолДы - дәлелдеу жолымен жүріп, бұл күрделі мәселені шешуге арнайы еңбек жаздық, сонан кейін осы негізде өзіміздің синустар таблицасын жасадық».
Расында Ұлықбек таблицаларының дәлдігі өте жоғары, салыстыру үшін айта кетейік, Европада тригонометрияның негізін қалаған Региомонтанның таблицаларының дәлдігі будан көп төмен жатыр.
Математиканы дамытуда әсіресе Ұлықбек обсерваториясының бірінші меңгерушісі Жәмшид Каши еңбектерінің мәні зор болды. Ол математика тарихында бірінші болып ондық бөлшектерді ашты. Европада ондық бөлшек содан 150 жылдан кейін ғана мәлім болады. Шеңбер ұзындығының диаметрге қатынасын көрсететін тұрақты шама үшін ол 18 таңбасына дейін дұрыс мән тапты.
Корыта айтқанда, Каши және Ұлықбек мектебінің математиктері жуык есептеу, есептеу техникасын жетілдіру жөнінен өз замандастарынан көп алда тұрды.
Ұлықбек орта ғасырларда, діни фанатизмнің өршіп тұрған кезінде өмір сүрді. Бірақ оның өз басы мұсылмандық сара жолдап оқшау тұрды. Ұлықбек көптеген діни әдет-ғұрыптарды сақтамады, сондықтан да оны мұсылман дінбасылары барынша жек көрді. Ұлықбектің еркін ойлылығын сипаттайтын мынадай бір фактіні келтіруге болады. Ұлықбектің әкесі Шахрухтың қарамағында Шейх Касым Ануар дейтін мұсылман жолынан ауытқушы мистик өмір сүреді. Ол Шахрухқа қастандық жасады деп айыпталып елден бездіріледі. Алайда Ұлықбек Самарқандта оны жақсы қарсы алып, пікірлес жақын адам тұтады. Бұл олардың идеяларының өте жақын екенін көрсетеді. Шынында, Ұлықбек мұсылман фанатиктерінен қол үзбеген болса, біз білетін Ұлықбек бола алмас еді, ғылым мен ағарту мәселесі үшін пайдалы жұмыс істемес еді. Екінші жағынан Ұлықбектің ғылым меп өнерге құмарлығы, ғалымдығы оның көзқарасына игі әсер етпей қоймады, ол діннің қатып қалған қағидалары мен догмаларына сын көзімен қарайды. Бұл, әрине, Самарқанд дінбасыларының алдында оның патшалық беделінің түсуіне себепші болды. Әсіресе Ұлықбектің қас жауы, нағыз кертартпа діншіл, залым саясатшыл Қожа Ахрардың қолына берілген қосымша қару болды.
«XV ғасыр, - деп жазады әйгілі Шығыс зерттеуші В. В. Бартольд, - Орта Азия үшін екі көзқарастың күрес Дәуірі болды. Оның бірін жақтаушы - Темір патшалығының астанасы Самарқандты қырық жыл билеген оның немересі Ұлықбек болса, екіншісінің өкілі - нақшбанди діни ұйымының беделді дәруіші, Ұлықбек өлгеннен кейін екі жылдан соң діни беделін пайдаланып әр түрлі қулық-сұмдықпен елді қырық жыл билеген Қожа Ахрар еді».
Ұлықбектің ғылымға тым беріліп кетуі, прогресшіл еркін ойлары, шайхылардан гөрі ғылым адамдарын жоғары қоюы мұсылман дінбасылары арасында қатты наразылық туғызды. Олар Ұлықбекті райынан қайтарып, ғылымнан бездіргісі келеді, үгіттейді, атасын және әкесін үлгі етіп ұстайды.
Тіпті дін мұсылманды бетке ұстап, әмірші болса да оған тайсалмай ашық қарсы шығушылар да табылады. Мысалы, сарайда сән-салтанат құрып жатқан Ұлықбекке әлгі Қожа Ахрардың ниеттес адамы Мұқтасиб Сейид Ашик келіп, «Сен Мұхаммедтің жолын бұздың, кәпірлердің әдет-ғұрпын әкелдің. Сенің әкең қарт Шахрух жұма сайын мешітке барып тұрады. Ал сен, Ұлықбек, мешітте ең кейінгі оқыған намазыңның қашан болғанын білесің бе? Мешітке келе қалсаң - ермек үшін, мақтан-марапат үшін келесің. Сен мешітте мойынсұнған мұсылман болу орнына өзіңді патша ұстайсың».
Мұндай сөздерді «ғалым патша» елең де қылмай, бұрынғы бетімен, ғылым мен сән-салтанаттан тыйылмайды.
Тағы бірде сол Сейид Ашик көпшілікке уағыз айтып тұрып, жақауратып Ұлықбектің күпірлігін ескерткендей болады: «О, мұсылман қауым. Мысыр елінің тағдырын ұмытып кетпеңдер. Өз күнәсі арқылы өз халқын мәңгі тозаққа айдаған патша Пырғауынды еске түсіріңдер! Алла алдын алмақшы болып Мұса пайғамбарды жіберген еді. Бірақ ол Алланың дегеніне көнбеді».
Молланың тұспалын бірден түсінген Ұлықбек, уағыз біткеннен кейін оған сынайы түрде, бірақ өктем үнмен мынадай сұрақ қояды: «О, кемеңгер Сейид, айтыңызшы, мен жаманмын ба, жоқ пырғауын патша жаман ба?» Сейид «Пырғауын жаман» деп жауап беріпті. Ұлықбек: «Сен жақсысың ба, жоқ Мұса жақсы ма?» - деп сұрапты. Молла «Мұса жақсы» деп жауап қатыпты. Содан соң Ұлықбек: «Егер бір Алла Мұсаға Пырғауын патшаға дөрекі, қатты сөйлемей майда тілді бол деп тапсырса, онда неге Мұсадан төмен сен, Пырғауыннан жоғары тұрған маған дөрекі сөйлейсің?» - деп үзілді-кесілді қайтарып тастайды. Бұдан соң Сейид Ашик та, басқалар да Ұлықбекке ашық айтуды доғарады.
Адам ақыл-ойының шексіз күшіне сенімі мол Ұлықбек ғылымды тастай алмайды, ол көңіліндегі күдігін ашық айтып жүреді. «Дін тұманша сейіледі, патшалық жойылады, ал ғалым еңбегі мәңгі-баки сақталады», дейді ол. Шайхы моллалар Ұлыкбекті дін жолына біржола бұрып ала алмайтынына көздері жете бастайды. Олар зұлымдыққа көшеді, Ұлықбекті өлтіруге ниеттенеді.
Арам ойларын іске асыру жолында құрал етіп дінбасылары Ұлықбектің үлкен баласы алаңғасар Әбдәл Латифті ұстайды. Мұның себебі оның әкесімен араздығы болады. Ұлықбек үлкен баласынан көрі кіші ұлы Әбдәл Азизді жақсы көреді. Міне, осындай әке мен бала, аға мен іні арасындағы кикілжіңді шайхы-молдалар өз мақсаттарына, қараниет пікірлері үшін пайдаланғысы келеді. Олар Әбдәл Латифке әкесінің «діннен безгенін» күн сайын айтып құлағына құйып, жалпы дін мұсылман үшін, тіпті әкесінің ол дүниедегі болашағы үшін шешуші әрекет етуге жұмсайды (әңгіме оны өлтірту жайлы болып отыр). Ұлықбек мұны байқамай бейқам жүре береді. Бұл жерде Ұлықбектің өзі жазды деген мынадай өлең жолдары еріксіз еске түседі:
Дүние қызығын уысына ұстаған мырза,
Сак бол, зұлымның көзі саған әркез оқтаулы.
Сөйтіп жүргенде Тарнаба түбіндегі бір соғыста Ұлықбектің екі баласы бірдей қол бастап шығып жеңіске жетеді. Бірақ Ұлықбек жеңіс туралы жарлықты бір ғана Азиздің атынан жариялап жібереді.
Осындай шиеленісті шебер пайдаланған діншілдер Әбдал Латифті әкесіне ашықтан-ашық күреске шығарады.
Ұлықбек жауларының алдауына түскен Әбдәл Латиф әкесін біржола жоқ етуге бел байлайды. Дінбасыларымен келісіп отырып Ұлықбекті өлтіру жоспары жасалынады, шариғатқа сәйкес пәтуаға келіп, оған бүкіл беделді шайхы- молдалар мөрлерін басады. Олар Ұлықбекті Самарқандтан кетуге мәжбүр етеді. 1449 жылы 27 қазанда Ұлықбек біраз кісілер ертіп «күнәдан тазарып» қайту үшін Меккеге аттанады. Сол күні жолда бір қыстақта жолаушыларды қуып жеткен Әбдәл Латифтің жендеттері Ұлықбектің басын қылышпен шауып өлтіреді.
Зұлым Әбдәл Латиф әкесінен кейін небәрі жарты жылдай ғана өмір сүрсді. «Өз істегенің - алдыңа келеді» дегендей, ол да дұшпандарының қолынан өледі.
Орта Азия мәдениетінің тамаша өкілі, өз заманының асқан ғалымы, көрнекті астроном және ғылым қамқоршысы Ұлықбектің өмірі осылай аяқталады.
Әбдәл-Латиф өлгеннен кейін Ұлықбектің денесі үлкен құрметпен Гөр-Әмір мавзолейіне көшіріледі. Осында, атасы Темір, әкесі Шахрух молаларының қасында Ұлықбек моласы күні бүгінге дейін тұр.
Өзбек халқының ұлы ақыны және ойшылы Әлішер Навоидің заманын зерттеуге байланысты 1941 жылы маусым айында арнаулы экспедиция Самарқандтағы Гөр-Әмірдегі Тимуридтер зираттарын тексеруді қолға алады. Ұлықбектің өлімі жөніндегі жоғарыдағы деректердің анық-қанығын білу үшін комиссия оның моласын ашып көреді. Қабірдің бетіндегі тақта-тасқа әкесін өлтірген Әбдәл Латифқа лағнат айтылған жазу бар екені және Ұлықбектің басы денесінен бөлек жатқандығы айқындалады.
Таста парсы тілінде мынадай сөздер жазылған: «Бұл нұрлы қабір, қиянат зорлықтан шәйіт болған есіл ердің саялаған орны, гүл бақшасы, өзгелердің қолы жетпес байтерек, туғанына ел қуанған, өлгеніне жер қуанған, халыққа қалаулы болған сұлтан, ғалым патша, дүние мен дінге тірек болған, 796 жыл айларының бірінде Сұлтанияда туған кемеңгердің - Алла алдынан жарылқасын - Ұлықбек Сұлтанның ақырғы тыныс тапқан жері. 810 жылы Зульхиджа айында «қауіпсіздік қаласында» яғни Самарқандта, билігі толық хан болған. Айы біткен - айында, күні біткен - күнінде дегендей, Алланың әзелдегі әмірімен пешенеде көретін жарығы таусылып, өз баласының зұлымдығына душар болып, қаскүнемнің қылышынан хиджраның 853 жылы Рамазан айының 10 күні азаппен жан тапсырып шейіттік дәрежеге жетті».
Атақты совет антропологы Герасимов бас сүйегі бойынша Ұлықбектің суретін жасады.
Профессор Қары-Ниязов Ұлықбектің кертартпа мұсылман дінбасыларының тікелей нұсқауымен басы кесілуін, данышпан оқымысты Джордано Бруноның христиан инквизициясының әмірімен отқа өртелу фактысымен орынды салыстырады. Бұл Европада да, Азияда да, Батыста да, Шығыста да діннің ғылымға қас жау болғанын тағы бір рет ыспаттайды.
Ұлықбектің ғылым жолындағы жасаған ерлігін діншілдер қанша әрекеттенгенмен жоқ ете алмайды. Халық Ұлықбек есімін әр кезде жоғары тұтып, оның мәдениет үшін істеген көрнекті еңбегін аңыз етіп айтып жүреді. Ұлықбектен сәл кейін өмір сүрген данышпан ақын Әлішер Навои ол туралы былай деп жазады: «Сұлтан Ұлықбек, Әмір Темірдің әулеті, дүниеде теңдесі жоқ патша болды. Оның туыстарының бәрі ол дүниеге сапар шекті. Оларды қазір кім біледі? Ал Ұлықбек ғылымға қол созып, көп нәрсені игерді. Ол десе аспан төмен түсіп, жұлдыздар жақын келер еді. Оның ашқан заңдары мен ережелері дүниенің ақырына дейін әр уақытта да адамдар кәдесіне жарай береді...»
Ұлықбек өлгеннен кейін мұсылман фанатиктері обсерваторияны талқандап, кітап құралдарды шашып талан-таражға салған еді. Ұлықбектің мектебінің тамаша ғылми мұраларын тарих, ұрпақтар үшін сақтап қалуда Ұлықбектің ең сенімді де сүйікті шәкірті және өкіл баласы Әли Құсшының қызметі ерекше бағаланады. Әңгіме былай болған сияқты...
Ұлықбек өлгеннен кейін билікті қолдарына алған діншілдер басқа оқымыстылардың өнімді жұмыс жүргізуіне кедергі жасайды. Обсерваторияда Әли Құсшыдан басқа ғалымдардың барлығы жан-жаққа тарап кетеді. Ал Ұлықбек басшылық еткен негізгі коллективтік жұмыс - жаңа астрономиялық таблицалар (Зидж Гургани) әлі аяқталған жок болатын. Әли Құсшы мұны тамамдап шығу үшін көп әрекет жасайды, ол езінің маңына жас талаптарды жиып, астрономиялық бақылаулар жүргізе береді. Әли Құсшының бұл әрекеттерінен сезіктенген дінбасылары оған ашық қарсы шығып өлтірмекке ниеттенеді. Ғалым бұл қастандық туралы дер кезінде хабарланып, Мекеге тауап қылуды сылтау етіп Стамбулға кетіп қалады (бұл шамамен XV ғасырдың 55-66 жылдары). Әли Құсшы құр қол кетпей өзімен бірге Ұлықбек және басқа ұстаздарының еңбектерін, түрлі шағын астрономиялық аспап-құралдарды ала кетеді. Стамбулға келгеннен кейін ол ғылми жұмысын жалғастыра беру үшін мүмкіндік іздейді. Әли Құсшының басқа жаққа кетпей Стамбулға барған себебін тарихшылар оның бұрынырақ Ұлықбектің тірі кезінде елші болып тұрып, біраз таныс болып қалғандығынан және сол тұстағы Түркияның билеушілерінің жаратылыстану ғылымдарына аз да болса ықылас, назар аударғандығынан деп түсіндіріп жұр.
Әли Құсшы ғылми жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алу үшін қалайда жергілікті әкімдермен тіл табуға тырысады. Мәселен, ол Туркияда жазған «Мұхаммедия» трактатының кіріспесінде былай дейді: «...Мен аз уақыттың ішінде арифметика жөнінде кысқаша еңбек жаздым. Егер бұл кітапша сұлтанға ұнаса және ол тиісті жағдай туғызса, онда мен оған арифметика жайлы толық курс жазып бермекшімін».
Атынан көрініп тұрғандай, бұл трактат түрік сұлтаны Мұхаммед Екіншіге арналады. Еңбек сұлтанға ұнайды, сондықтан ол Әли Құсшыға айына 200 дирхем кесімді жалақы тағайындайды. Сөйтіп, Әли Құсшы атақты Айя-София медресесіне математика, астрономия және басқа ғылым салаларынан дәріс (лекция) оқитып мұғалім болады.
Міне осылай ғылми жұмыспен айналысуға мүмкіндік алғаннан кейін Әли Құсшы Ұлықбек обсерваториясында жасалған «Жаңа астрономиялық таблицалардың» кейбір аяқталмай қалған жерлерін тамамдайды, бұл еңбекке жүйелі түрде көлемді түсініктемелер жазады. Бұл түсініктемелер Ұлықбек мектебінің зерттеу нәтижелерін насихаттап, таратуда үлкен роль атқарады. Осының арқасында Ұлықбек таблицалары қысқа мерзім ішінде Азия және Европа елдеріне тарап кетеді.
Енді біраз сөз Ұлықбек кітапханасының тағдыры жайында. Тарихи деректердің куәлік етуі бойынша, Ақсақ Темір Қіші Азияға жасаған жорықтарының бірінде Брусса қаласындағы аса бір көне де бай кітапханаға тап болады. Өте қатал, рақымсыз қолбасшы, неге екенін кім білсін, бұл жолы кітапхананы өртетпей, оның барлық қолжазбасын қаттатып, арнаулы керуен арқылы алыс жатқан Самарқандқа жөнелтеді.
Брусса қаласы заманында үлкен ғылым орталығы болған Пергам қаласының маңына орналасқан. Мұнда көптеген атақты грек ғалымдары жұмыс істеген. Мысалы, атақты Архимедтің замандасы ұлы математик Апполоний, математиктер Филон Эфесский, Евдем, философтар Антигон және Неанфтар осында қызмет атқарған. Егер Брусса кітапханасында Пергамдағы кітаптар бар деп есептесек, онда Самарқандқа Ақсақ Темір қандай баға жетпес қазына алып келгенін елестетуге болады. Ол қітаптардың барлығы кейіннен Ұлықбек мектебінің қарамағына көшеді. Ұлықбек өлгеннен кейін кітапхананың тағдыры не болғаны мәлімсіз.
Мемлекетке қолжаулықтары арқылы астыртын түрде билік жүргізуді қолға алған, ғылым мен өнердің қас жауы болған діншіл, надан Қожа Ахрар бұл асыл мұраларды құртқызып, жойғызып жіберді ме, жоқ бір себептермен олар аман қалды ма, ол жағы әлі айқын емес.
Халық аңызына құлақ ассак, ол кітаптар аман сақталынып қалған сияқты. Оны аман алып қалушы тағы да әлгі Әли Құсшы. Әңгіме былай: Ұлықбек өлгеннен кейін Стамбулға Әли Құсшы бірден кетпей, Самарқанд маңындағы Хазрет Башир деп аталатын қыстақты біраз паналап жүреді. Мұнда кішірек обсерватория болған сияқты. Міне, осы обсерваторияда Әли Құсшы біраз бақылау жұмыстарын жүргізді деуге негіз бар. Халық аңызы - Әли Құсшы Самарқандтан есебін тауып Ұлықбек кітапханасын сыртқа шығарған дейді. Әли Құсшы кұсбегі ретінде Самарқанд маңындағы аймақты жақсы білген болу керек, сондықтан да Хазрет Башир қыстағының қасындағы Нияз төбенің үңгіріне Ұлықбек кітапханасының інжу-маржандарын көміп кеткен деген дерек, сірә, бос сөз болмаса керек. Оның үстіне Әли Құсшы Түркияға кетер алдында Самарқанд сыртында біраз тұрғаны анық. Сол маңда «Құсшы» деп аталатын қыстақ әлі 9 бар.
Міне, осындай шындыққа жуық келетін деректерге сүйеніп, бірсыпыра тарихшылар, археологтар және басқа да ғылым жанашырлары Нияз төбені қазып, кітапхананы іздеу мәселесін жиі қозғап жүр. Егер сәті түсіп Ұлықбек кітапханасы табыла қалған күнде мұның ғылым мен мәдениет тарихын зерттеу ісіне үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Қорыта айтканда, қара түнек тар заманда маңсаптан да, байлықтан да ғылым мен өнерді жоғары қойып, болашақ үшін өлмес мұралар қалдырған ұлы жерлесі - Ұлықбектің есімін адамдары қадір тұтып, үлкен мақтаныш етеді. Оның есімі астрономия ғылымы тарихында Птолемейдің, Насыреддин Тусидің, Николай Коперниктің, Иоган Кеплердің, Джордано Брунолардың есімдерімен заңды түрде қатар тұр. Ал оның дүние жүзінің жұртшылығына әйгілі болған көптеген мұралары күні бүгінге дейін ғылми құнын жоймай келеді.
Пайдаланған әдебиет:
Көбесов А. Сөнбес жұлдыздар. –Алматы: Жазушы, 1973. -160 бет.
Жарияланған-2016-09-28 12:42:58 Қаралды-11541
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану