АСҚАН АҚЫН, ДАРЫНДЫ ҒАЛЫМ
1859 жылы ағылшынның белгілі ақыны Эдвард Фицджеральд «Омар Хайям рубаяттары» деп аталатын өлеңдер кітабын жарыққа шығарды. Кітапқа әрқайсысы төрт жолдан тұратын жүзге тарта өлеңнің парсы тілінен аудармасы енген. Мұндай өлең формасы «рубаят» деп аталады, қазақша оны кейде «төрттаған» деп те айтып жүр. Рубаят Шығыс ақындары арасында мол таралған өлең түрі. Мұнда әрбір өлең бас-аяғы төрт жолмен (рубаяттың түбірі арабша «төрт» дегенді білдіреді) шектеліп, белгілі бір бүтін ой топшысын білдіріп отырады.
Міне, осы аударма кітап парсы-тәжіктің ұлы ақынын Европаға алғаш рет алып келіп, оны Батыстың оқушы қауымымеп қауыштырған еді. Осыдан кейін Омар Хайям туралы, оның поэзиясы жайлы біріне-бірі қайшы, шым-шытырық пікірлер айтыла бастады. Онын ойлы, мұңлы өлеңдері көп көңіліне жол тапты.
Дәл осы қарсаңда, атап айтқанда 1851 жылы неміс математигі Франц Вепке Парижде «Омар әл-Хайямидің алгебрасы» деген еңбек жариялады. Мұнда бұрын европа ғылымына бүтіндей мәлімсіз орта ғасыр ғұламасының алгебралық трактатының арабша тексті мен французша аудармасы келтірілген. Тарихтағы аса көрнекті алгебрашылардың бірі Европа ғалымдарымен алыс заманнан аса таяғын ұстап келіп осылай табысып еді.
Алғашқы кезде ақын Омар Хайям және математик әл-Хайями екеуі екі басқа кісі саналып жүрді. Мәселен, 1897 жылы шыққан Брокгауз бен Ефронның энциклопедиясында ғалым, ақын болып, екі бөлек екі томда (42 және 73 томда) дара-дара жүр.
Әрине, бұл жаңсақтық кейін жөнделді. Ол ол ма, Омар Хайямның ғылым мен өнердің өзге салаларында да еңбектері үлкен екені ашыла бастады (философия, физика, астрономия, тарих, музыка, медицина т. б.). Сөйтіп, Омар Хайям дүние жүзілік әдебиет және ғылым тарихындағы ұлы тұлғалардың біріне айналды.
Дүниенің бар түкпірін оймен шолдым,
Сатурнның сырын да танып болдым.
Сан тосқауыл, шиелер шешілгенмен
О, ажал, жалғыз жұмбақ калып қойдың.
Өзінің өлмес рубаяттарының бірінде Омар Хайям дуние тану тұрғысындағы қолы жеткен биіктерін осылай бейнелейді. Мақтанға жоқ, сөзге сараң ұлы ойшылдың бұл сөздерінің асқақтық емес, ақиқат екендігі Омар Хайямның жан- жақты творчествосымен таныс әрбір адамға белгілі.
Ойшыл ақын, терең философ, асқан математик - Омар ибн Ибрагим әл-Хайями (1048-1131) Хорасанның басты қалаларының бірі болған Нишапурда туған. Алайда ол өмірінің түрлі кезеңдерінде Орта Азия мен Иранның, Самарқанд, Мерв (қазіргі Мары), Исфаган, Рей және басқа қалаларында тұрып, қызмет жасайды. Хайям туып-өсіп, өмірінің көбін өткізген Нишапур қаласы - Шығыста ежелден белгілі шаһарлардың бірі. Оның атын тіпті «Мың бір тұн» ертегілерінен де кездестіреміз. Ол қазір де бар, Хорасанның басты қалаларының бірі, солтүстік-шығыс Иранда орналасқан. Хайямның тұсында Хорасан қазіргі Ирандық Хорасанмен бірге Түркменстанның және Ауганстанның территориясын алып жатқан үлкен өлке болатын. Оның тарихы, бір жағынан, жалпы Иранның, екінші жағынан, Орта Азия тарихымен тығыз байланысты болып келеді.
XI ғасырда Хорасанға түрік-сельджуктер басып кіреді. Олардың басшысы Тогрұл-бек (1063 ж. өлген) Махмұд Ғазнауидің баласы сұлтан Масғұдтің әскерінің быт-шытын шығарып бұкіл Хорасанға әмір болады. Осыдан кейін сельджуктер тоқтап қалмай Хорезмді, бүкіл Иран мен Азербайжанды, ал 1055 жылы араб халифатының астанасы Бағдатты басып алады, Тоғрұл-бек сұлтан болады.
Басқыншылық саясаты Алп-Арслан (1063-1072 ж.) және оның баласы Жәлелиддин Малик-шах кезінде онан сайын күшейіп, сельджуктер Қытайдан Жер Орга теңізіне, Қавказдан Йеменге дейін созылып жатқан байтақ мекенді иемденеді. Осылай құрылған феодалдық мемлекеттің қай жағынан болса да нығаюына, көркеюіне ақылды да саясатшыл уәзір Низам әл-Мулк (1017-1092) көп еңбек сіңіреді. Ол мемлекеттің шаруашылығы мен құдіретін көтеруде ғылым мен мәдениеттің маңызын дұрыс түсінеді, ғалымдарға қамқорлық жасап, оқу орындарын ашуға себепші болады. Соның бірі Бағдаттағы әйгілі «Низамия» академиясы болды.
Сельджуктер империясының орталығы ең әуелі Хорасанның Мерв қаласы болып, кейін Исфаханға көшіріледі.
Хайям кезінде Хорасан халкының көпшілігі парсы тілінде сөйлейтін. Ақын өзінің бүкіл өлеңдерін және кейбір ғылми трактаттарын осы тілде жазған. Кейіннен бұл өңірді түріктер басып алған соң түркі тілінің (түркмен тілі) едәуір ықпалы күшейеді. Әрине, араб тілі негізгі ғылми ортақ тіл болып қала береді.
Омар Хайям Орта Азияда осы көшпелі түрік тайпаларының, яғни сельджук сұлтандарының дәуірлеп тұрған кезінде туып, өмір сүрген. Хайямның толық аты-жөні Гияседдин Әбу-л-Фатх Омар ибн Ибрахим Хайям (әл-Хайями) Нишапури. Омар - өзінің аты, Ибрахим - әкесінің аты, Нишапур - шыққан қаласы: Әбу-л-Фатх - «Фатхтың әкесі» дегенді білдіреді, бұған қарай оның осы есімді баласы болған деген үзілді-кесілді қортынды шығаруға болмайды, мұндай қосымша ол кезде көбінесе жайдан-жай-ақ тіркеле салатын болған (мәселен, Әбунасыр Фараби т. б.). Ал Хайям деген сөздің мәні парсы тілінде «шатыр тігуші» дегенді білдіреді. Бұған қарай кейбір ғалымдар Хайям деген әкесінің мамандығы болуы мүмкін деп топшылайды. Бұл туралы ақынның бір өлеңінде астарлап айтылған. Сөйтіп, Хайям қолөнершілер тегінен шыққандығы байқалады.
Хайямның жас шағы жайлы нақты мағлұматтар аз, кейбір рас-өтірігі белгісіз деректер ғана бар. Мысалы белгілі тарихшы Фазлаллах (1247-1318) өзінің «Шежірелер жинағында» Хайямның балалық шағы туралы мынадай мәлімет келтіреді: «Біздің әмірші, Омар Хайям және Низам әл-Мүлк үшеуі Нишапурда бір ұстазда оқыған. Жас балаларға тән достыққа беріктік әдеті бойынша олар бірінің қанын бірі ұрттап (жалап), егер үшеуінің қай-қайсысының болсын үлкен лауазымға қолы жетсе, қалғандарына қамқорлық көрсетіп, жәрдем етуге ант береді. Кейіннен Низам әл-Мүлк сельджук сұлтанның уәзірі болады. Омар бала кездегі серт бойынша оның алдына келген көрінеді. Сонда уәзір баяғы сөзде тұрып, «Нишапурдың және оның айналасының билігін саған бердім» дейді. Сонда ол кезде белгілі де беделді ғұлама болған Омар: «Мен халыққа әкімдік етуді ойламаймын. Маған одан да ақша-пұл жөнінен қарасып тұрғайсың», - депті. Низам әл-Мүлк оған жыл сайын төленіп тұруға тиіс кесімді жалақы беруге бұйрық беріпті».
Бұл аныздың шын-өтірігі өз алдына, алайда Омардың әкімдікті сүймейтін, кішіпейіл мінезі шежірелердің хатында қалуы кездейсоқ емес сияқты. XV ғасырда жазған автор Яр-Ахмед Табризи, Хайям он жеті жасында ғылым мен философияның бар саласын жетік меңгерген төселген ғалым болғандығын айтады.
Тарихшы Бейхаки Хайямның орасан алғырлығын сипаттай келіп: «Бірде Исфахан қаласында ол бір кітапты зейін салып қабатынан жеті рет оқып жаттап алды, кейін шәкірттеріне оны жатқа жазғызды. Тексере келгенде түпнұсқа мен көшірме дәл шықты», - дейді.
Омар Хайям күн көріс қамы үшін ұстаздықпен шұғылданады. Ол туралы өлеңдеріндегі кейбір жолдар куәлік етеді:
Шәкірт болып өткіздік бірнеше жыл
Ұстаздық енді міне нәубеті тұр.
Ол кезде кедей-кембағал кісінің ұстаздық етуі, ғылым жолын қууы аса қиын болатын. Бұл үшін ғалым сарай төңірегінде хатшы, ақын, жұлдызшы (астролог), тәуіп мамандықтарының бірін атқару шарт. Бұл жағдайда ғалымның тағдыры билеуші әкімнің ақыл-парасатына, қас-қабағына, сарай мақындағы төңкеріс, айла-шарғыға тікелей тәуелді болатыны өзінен-өзі түсінікті.
Хайям өмір сүрген толассыз соғыс жайлаған аумалы-төкпелі заманда алдыңғы қатарлы ойшылдар мен ғалымдар халі тым ауыр болды. Олар өз көзқарастарын надан да мен-мен сұлтандардың, пасық та залым дін басылардың ыңғайына қарай құбылтып отыруға мәжбүр болды. Алгебраға арналған трактатының алғы сөзінде Омар Хайям бұл жағдай туралы жабырқай жазады.
«Менің тағдырдың тәлкегінен ғылым ісімен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндігім болмады. Тіпті азды-көпті ойлануға мұрша жоқ. Талай ғалымдардың қырылып кеткенін де көзбен көрдік, олардың жапа шеккен біраз бөлігі ғана аман қалды. Оларда ғылым дамыту жөнінде ешбір жағдай қалмады. Ал қазір ғалымның атын бүркеніп жүргендердің көпшілігі арамзалар, олар шындықты жалғанмен жабушылар, білмесе де білемін деушілер. Бар білгенің олар құлқыны үшін, азғындық жол үшін жұмсайды. Егер білетін кісілерді, ақиқат жолына жетуге ұмтылушы адал білімпазды жолықтыра қалса, олар оны барынша жек көріп келемеж етуге дайын тұрады», - дейді Хайям.
Осындай қуғындау салдарынан Омар Хайям Хорасаннан кетуге мәжбүр болды. Ол Мавераннахрға келеді. Мұнда Әбу Тахир дейтін бай, билікті де білікті кісінің оң көзі түсіп ғалым үзіліп қалған ғылми жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік алады. Хайям Әбу Тахир туралы алгебралық трактатының кіріспесінде: «Даңқты, тендесі жоқ, қазылардың қазысы мырза Әбу Тахирдің көмегі мен ықыласы менің тынысымды кеңітті, оның мырзалығы мен жомарттығы арқамды жазып, мәртебемді көтерді. Оның қауымына жақындағаннан кейін мен өзімді тұрмыстың қиындығынан тастап кеткен философия мәселелерін сүйегіне дейін шағуға, егжей-тегжей баяндауға міндетті санадым», - деп жазады.
Бұл үзінді Хайям заманында ғалымдар атақты мырзалардың материалдық қайырымына, жәрдеміне қаншалықты мұқтаж, зәру болғанын аңғартады. Олар қаласын-қаламасын күні үшін, әсіресе ғылым мен өнер үшін, надан, тәкаппар бай сұлтандарды марапаттап мақтауға мәжбүр болғаны сезіледі.
Әбу Тахирден кейін Хайям Бұқара ханы Шамс әл-Мүлк, сопан кейін Мәлік-шах сұлтанның қамқорлығында болады. Хайям өсіресе сұлтанның бас уәзірі жоғарыда айтылған Низам ол-Мүлкпен достасып, өзара жақсы қарым-қатнаста болғаны шындық сияқты.
Бақталастар қолынан Мизам әл-Мүлк өлгеннен кейін көп ұзамай Мәлік-шах дүние салады. Оны да сарай төңірегендегі билеушілер мен қожа-молдалар қастандық жасап у беріп өлтіріпті деген аңыз бар. Осыдан соң біраз төңкерістен кейін таққа Мәлік-шахтың баласы, кейіннен аты әйгілі болған сұлтан Санжар отырады. Ол астананы Мервке (қазір Мары қаласы, Түркменстанда) көшіреді. Ескі Мервте сұлтан Санжар құрметіне салынған зәулім күмбез әлі бар.
Осы тұста Хайям өзінің «Наурызнама» атты еңбегін тамамдайды. Бұл еңбекте ежелгі мейрам - Наурыз, түрлі күнтізбелер, тарихи әңгімелер мен аңыздарға көп орын берілгем. Олардың бірсыпырасы қазір де қызғылықты оқылады. Мәселен «Иран патшаларының салттары» деген тарауда Хайям олардың қонақжайлығы, еркөңілділігі, әділдігін сипаттайды, әсіресе зәулім үй салуға әуестігін, ғалымдарға қамқоршылығын баса айтады. «Олар үй салуға өте құштар еді, - деп жазады Хайям, - егер патша салтанатты сарай, қала-кент, керуен-сарай, қамал салдырса немесе канал қаздырса, ол құрылыс оның көзі тірісінде бітпей қалса оны аяқтау, жеріне жеткізу таққа отырған мирасқордың ең бірінші парызы болып саналған. Патшаның ұлы бұл жоніндн әкесінен де асып түсуге міндетті».
«Қалам жане сөз туралы» тарауды Хайям ғалымдарға арпайды: «Ілгергі ғұламалар, - дейді Хайям, - қаламды патшалық сәні, жүрек хабаршысы деп атаған. Қаламсыз сөз, денесіз жан тәріздес, ал олар қаламмен және денемен қосылса онда мәңгі-бақи сақталмақ... Сөз қадірін білетін, ал қалам өнерін меңгермеген кісі жарымжан адам секілді, үйткені қалам қасиеті үлкен қасиет, оған еш нәрсе тең келе алмайды, ол адамды періштеге, шайтанды адам дәрежесіне көтере алады...»
Низам әл-Мүлк қайтыс болғаннан кейін Хайям сарай төңірегінде онша қадірлі кісі болмайды. Мұның басты себебі оның өлген уәзірмен аса жақын тұруы болса керек. Хайямның еркіндігі, дінге, саясатқа қайшы келетін мысқылды рубаяттары мен философиялық ойлары бұл араздықтың отын одан сайын маздатып жіберген сияқты.
Дін басылары Омар Хайямды мұсылман жолынан тайды, ауытқыды деп айыптап көп қудалайды, ақыр аяғында қартайған шағында Мекеге тауап қылуға мәжбүр етеді. Бұл мәселенің егжей-тегжейін XIII ғасыр тарихшысы ал-Кифтидің «Кемеңгерлер тарихынан» оқимыз: Замандастары оның дінін даттап, ішкі ниеттерін сырын сыртқа шығарғаннан кейін ол жанынан қорқып тілін тартып, қаламын тежеуге мәжбүр болды. Ол хажыға құдайдан қорыққандығынан емес, құпияларының жария болғаны үшін кетіп еді. Бағдатқа келгенін естігенде, ондағы көне ғылым білгірлері бәрі жиналып Хайямға сәлем беріп, сөз тыңдауға ұмтылысты. Алайда ол райынан қайтқан сыңай білдіріп, ешкімді қабылдамай қойды. Хажыдан оралғанда ол басқа еш жерге бұрылмастан туған қаласына келді, ертелі-кеш намазға барды, бірақ өз сыры өз ішінде болып ешкіммен араласпай томаға-тұйық күн кешті. Астрономия мен философияда оған тең келген кісі болмады». Бұл үзіндіге қарағанда, Хайямның Кұран қағидалары мен шариаттарын, қажылық пен намазды сөз жүзінде, тек рия үшін ғана мойындағанын көреміз. Ол шын сырын ашық айтпай бүркемелеп білдіруге тырысқан, мұны Хайям өзінің көптеген рубаяттары, ғылми- философиялық трактаттары арқылы жүзеге асырған деп айтуға болады.
Тарихшы Табризи «Хайям үй-орман құруға, отбасы бақытын ешқашан ойлаған емес, одан ұрпақ қалған жоқ, оның ұрпағы - рубаяттары, араб және парсы тілінде жазылған мәһшүр шығармалары» деген мағлұмат келтіреді.
Хайям 1131 ж. Нишапур қаласында 83 жасында қайтыс болған. Ғалымның елімінің басы-қасында болған туысы Мұхаммед ал-Бағдади мынадай деректер береді: «Ол алтын тіс шұқығышын алып тісін асықпай тазартты да қолына Әбу Әлидің «Шипа кітабын» алып метафизикасын баптап оқи бастады. Дара және көп жайлы айтылған жерге жеткенде, екі бет арасына тіс шұқығышын қойып, «хатшыны шақыршы, мен өсиет жаздырайын» деді. Сонан соң жалма-жан тұрып намазын оқыды, нәр татқан жоқ. Кешкі намаздан кейін сәждаға басын қойып: «О тәңірі, мен бар мүмкіндігім келгенше сені тануға ұмтылғаным өзіңе аян. Кешір мені, менің сені білуім - менің саған қарай сапар шегуім», - деп жан тапсырады.
Әрине, Омар Хайям өлер алдында аузына алланың атын алды деп осы әлсіз кезіндегі бір сәт арқылы бүкіл ұзаққа созылған саналы өміріне баға беруге болмайды. Өйткені адамның бүкіл өткен ғұмырындағы көзқарасы бар да, оның өмірмен қоштасар сәтіндегі ой-пікір бар, бұлар әмсе бірдей болып келе бермек емес. Шешуші, адамның өмірінің мазмұн-мәнісі алғашқы, яғни ғұмыри бөлігі екеніне ешкім таласпас деп ойлаймыз. Мұның үстіне Омар Хайямның өскен ортасы, тәлім-тәрбиесін, яғни белгілі бір заманның қоғамның өкілі, перзенті болғанын ескермеуге болмайды. Орта ғасыр заманындағы атеизм мен қазіргі кездегі атеизмнің мазмұны, негізі бір болғанымен формасы, көрінісі әртүрлі болуы табиғи заңды құбылыс.
Орта Азия жазушысы Низами Самарқанди (1110-1155) Хайяммен замандас, сұхбаттас болған кісі. Ол өзінің «Төрт тарау немесе сирек айтылатын әңгімелер жинағы» деп аталатын кітабында Хайям жөнінде бірсыпыра мағлұматтар береді. Ол бір естелігінде ғұламаның ақыры, зираты жайлы тебірене жазады: «Хиджраның 506 жылы Балхының құлдар сатылатын базарындағы Әбусейт Жарра әмірдің үйінде қожа имам Омар Хайям мен оның шәкірті оқымысты Мұзаффар Исфизари отыр екен. Оларға кішілік ізет көрсетіп, қызмет етейін деп мен де қосылдым. Сонда әңгіме үстінде Омар былай деп еді: «Менің зиратым самал жел сансыз түрлі гүлдерді үрлеп әкеліп, көктем сайын құлпыртып тұратын жерде болады». Мен бұл сөздерге қайран қалдым, бірақ ойдай адамның бекер сөйлемейтінін бұрыннан білуші едім.
Хиджраның 530 жылы жолым түсіп Нишапурға келгенімдн, сол ұлы адамның бетін топырақ жауып сорлы дүниенің жетім қалғанына төрт жыл болған екен. Ол маған да ұстаз болған адам еді.
Жатқан жерін білетін бір кісіні қасыма ертіп, дұға оқу үшін жұма күні қабіріне бардым. Әлгі кісі мені Хира зиратханасына әкелді. Сол жағыма карап едім, бақты қоршаған дуалдың түбіндегі моласын көзім шалды. Бақтағы жайқалып тұрған алмұрт пен шабдалы ағаштарының жасыл бұтақтары зиратты гүлге бөлеп тұр екен. Сол арада Балхыда естіген созім есіме түсіп, еңіреп қоя бердім. Жер үстінде оған осыдан лайық орын табылмас».
Омар Хайям - ең әуелі сырға толы, парасатты пайымдаулар мен ойға негізделген рубаяттардың авторы. Рубаят шығыс ақындары арасында мол таралған төрт жолдық өлең формасы екенін жоғарыда айтқанбыз. Омар Хайямнан қалды делініп жүрген мыңнан аса рубаят бар. Олардың кейбіреулері бірнеше нұсқада кездеседі. Бұған қарағанда Хайямның рубаяттары алғашқы кезде қағаз жүзінде емес, ауыздан ауызға көшіп таралған тәрізді. Бұлардың басым көпшілігінде ол шариғаттың нұсқауларына қарама-қарсы бүл дүниенің қызығын паш етеді, адамның еркіндігін дәріптейді. Сондықтан да тарихшылар Хайямның рубаяттарын «шариғатты шағып алатын улы жыландар» деп тегін атап жүрген жоқ. Хайямның өлеңдері мұсылман дінінің қатып қалған қағидаларына, дүние молдалардың өтірік уағызына қарсы бағытталып, ащы мысқыл мен ажуаға толы болып келеді. Мәселен:
Шағбанда шарап ішсең күнә дейді
Ішкізбес раджабта хұда, - дейді.
Екі айды пайғамбар мен құдай алса,
Ішеміз оразада шыда, мейлі.
Тікен бар бізге гүлі бұйырмаса,
Оты бар бізге нұры бұйырмаса.
Крес пен қоңыраулы шеркеуі бар,
Мешіт пен бізге діні бұйырмаса.
немесе -
О, құдірет, пақырыңды салған кезде-ақ қалыпқа,
Оңбасымды білдің сөзсіз, түспейінше табытқа.
Аямадың қасақана күнәкар ғып жараттың
Сөйте тұра, әділдік пе, шыжғырғаның тамұқта.
Кейде ақын рубаяттарынан бұл дүниеге риза болмаушылық, торығу лебі соғады.
О, тәңірім, жүрегімді қан қылдың ғой,
Бақытқа бір жарытпай зар қылдың ғой.
Самалды бетіме ескен жалын етіп,
Суымды аузымдағы зәр қылдың ғой.
Мәз болып күні-түні мал-жаныңа,
Сенбедің бұл дүниенің жалғанына
Не қылды басқаларды қатал заман,
Қарашы, бір оянып жан-жағыңа.
Хайям кейбір өлеңдерінде адамның әлеуметтік өміріндегі теңсіздікке ашық қарсы шығады.
Сұм тағдыр! Сұмырайларға ная бересің,
Су мен жер, үй, салтанат, сән бересін,
Бір үзім нанға зар боп жүргендер көп
Алмаған адал жанда бар ма еді өшің?
Ақын мұндай әділетсіздіктен шығу жолын шеше алмайды да, ол шама келгенше бұл дүнненің қызығын, берерін мейлінше алып қалуды, бір күнді, бір сәтті мың күндей өткізуді аңсайды.
Сен неге кедейлікке боласың дал,
Тартынбай, тіршіліктен аласыңды ал.
Бір сағат шаттық артық мың қажыдан
Мекеде кейбір сенің нағашың бар?
Хайям осыдан барып еркін өмірді, шарапты, махаббатты дәріптейді, бұлардан ол тауқыметі көп, жалғаншы өмірді жеңілдетудің жолын көреді.
Хайямның өлеңдеріндегі кереғар қайшылықтар, алуан түрлі контрастар оның ақындығын, дүниеге көзқарасын зерттеуші ғалымдар бұрыннан байқап, таң қалған жәйіттер.
Жалпы, Омар Хайям өлеңдерін философиялық терең ойларды халыққа қонымды түрде жеткізу үшін құрал ретінде жұмсайды.
Омар Хайям бірнеше философиялық трактат жазған ғұлама. Олар: «Болмыс және борыш туралы трактат», «Үш сауалға жауап», «Жалпыға ортақ ғылымның пәні жөнінде ақылдың шамшырағы» т.б. Ол Аристотель, Фараби, ибн-Синаның көзқарастарын қабыл алып, дамытушы. Негізінен алғанда Хайям философ ретінде идеалист бола тұра (құдайды мойындау т.б.) көп мәселелер жөнінде материалистік позиция ұстаған. Хайям Европада «концепциализм» деп аталған философиялық ағымның негізін салушы. Ол ибн Синаның жалпы ұғым туралы идеалистік концепциясын сынға алып, жалпы ұғым тек заттардың өзінде және адамның ақылында ғана болады деген пікір айтқан. Хайямның бұл идеясын кейіннен Европа номиналистері де ұсынды.
Омар Хайям дүниенің ақиқаттығына шүбә келтірмейді. Алладан басқа табиғат құбылыстары мензаттары арасында себепітілік (детерминизм) бар екенін көрсетеді. Бұл - жақсылықты да, жамандықты да тек бір жаратқаннан деп білетін ислам дінінің доғмасына бүтіндей қайшы пікір.
Хайямның философиялық көзқарастарын шағын очеркте сарқа баяндау мүмкін емес. Сондықтан ғалымның бір мәселе жөнінде, атап айтқанда, жұлдызға қарап болжау, яғни астрология ғылымына қатысы туралы азырақ тоқталайық. Орта ғасыр заманында, тіпті кейінгі уақыттарда да ірі ғалымдар арасында бұл мәселе жөнінде бірауыздылық болмай келді. Көп ғұламалар күн көріс үшін әкімдердің ырқына байланысты өздері сенсін-сенбесін жұлдыз қарап бал ашу кәсібімен айналысуға мәжбүр болғандығын кітабымыздың өткен тарауларында айттық. Хайям да сұлтандар үшін жұлдыз бойынша таһлихнама (гороскоп) жасаумен шұғылданғаны мәлім. Ол, мәселен, ауа райын алдын ала болжауға әрекеттенген. Бірақ та Хайям мұнда астрологиядан көрі азды-көпті тәжірибе жүзінде тексерілген белгі-нышандарға сүйенуі ғажап емес. Өйткені Хайямды өте жақсы білген Низами Самарқанди: «Мен Омардың алдын ала жұлдызға қарап болжауының бірнеше рет куәсі болдым. Алайда ол өз айтқандарына ешбір сенбейтін еді. Ұлы адамдар арасынан астрологиялық болжауларға сеніпті деген ешкімді көрген де, естіген де емеспін», - дейді.
Бұған қарағанда Хайям жалған ғылым - астрологияны мансұқ еткені байқалады. Бұл жөнінде Хайям ұлы ұстаздары Фараби, Бируни, ибн Синалармен пікірлес болғанын көреміз.
Заманның көптеген ірі оқымыстылары сияқты Омар Хайям да жан-жақты білімді, ғылымның көп саласында жемісті еңбек еткен ғалым. Оның жаратылыстану жөнінде жазылған бірсыпыра шығармалары бізге жеткен жоқ. Бізге мәлім еңбектері ішінде календарь реформасына байланысты жүргізген астрономиялық зерттеулерінің мәні зор. 1074 жылы Омар Хайям сельджук сұлтаны Жәлелиддин Маликшахтың сарайына шақыртылады. Сұлтанның өзі, әсіресе оның прогресшіл уәзірі Низам әл-Мүлк Омар Хайямның білгірлігін жоғары бағалап, оны Исфағандағы обсерваторияның басына қояды. Омар Хайям мұнда дәлдігі өте жоғары астрономиялық таблицалар жасаумен шұғылданады және ғылым тарихында Малик немесе Жәлелиддин эрасы деп аталатын календарьдың жобасын дайындайды.
Хайямның кезінде Орта Азия мен Иранда Күн календары мен Ай календары қатар пайдаланылатын. Күн календары бойынша бір жылда 365 тәулік, ал Ай календары бойынша бір жылдағы тәулік саны одан 11 күн кем, яғни 354 тәулік бар деп алынған. Шынында, бұл санаулар тек жуық түрде ғана дұрыс. Осының салдарынан азаматтық немесе діни мейрамдар (наурыз, айт т. б.), түрлі маусымдардан басталып, аяқталу мерзімдері шатасып кетіп отырған. Міне, осы келіспеушілікті жою астрономдарға жүктеледі.
Омар Хайям белгілі бір жүйемен високос жылдар қоя отырып, мүмкін болатын қатені барынша жок етуге тырысады. Хайямның календарының дәлдігін бағалауда ғылым тарихында бірнеше топшылаулар бар. Соның бірі бойынша, Омар Хайям әрбір 33 жылда 8 високос (кібісе) жыл коюға тиіс болған; 7 рет әрбір 4 жылдан кейін, 1 рет 5 жылдан кейін. Сонда 5 мың жылда барып жинақталған қате бір тәулік болады екен. Ал қазір біз қолданып жүрген григорьян календары бойынша мұндай қате 3333 жылда жиналады. Сұлтан және уәзірі өлтірілгеннен кейін обсерватория жабылып, ғалымдар таратылады. Осы себептен Омар Хайямның календары жүзеге аспай қалады.
Омар Хайям «Алтын мен күмістен тұратын заттардағы алтын, күмістің мөлшерін анықтау өнері жөнінде» физикалық трактат жазған. Осымен қатар ол медицина тәуіптік өнерімен де көп шұғылданса керек. Бір нұскада Омар Хайям сұлтан Санжар жас шағында шешекпен ауырған кезде оны емдеп жазды деген дерек бар.
Омар Хайямның ғылми еңбектерінің салмақты жағы оның математикалық жетістіктерінде жатыр. Жоғарыда айтылған календарь формасы жөніндегі жұмыстары мен математикадағы күрделі табыстары Омар Хайямды орта ғасырлардағы дүние жүзілік ғылымының ең көрнекті өкілдерінің бірі деп айтуға құқық береді. Ол алгебра жөнінде «Алгебра және әлмукабала мәселелерін дәлелдеу туралы» атты көлемді трактат жазады. Бұл еңбек сайып келгенде, «алгебраның атасы» атанған Орта Азияның ұлы математигі Хорезмидің алгебрасы жөніндегі трактатының заңды жалғасы болып саналады. Мунда Хайям Хорезмиден бастап, өзіне дейінгі алгебра саласындағы мағлұматтардың барлығын дерлік қамтиды.
Омар Хайям Фарабидің пікірін дамыта келіп, алгебраны дербес математикалық ғылми ретінде қарап, математика тарихында алгебра пәнін алғаш анықтаған ғалымдар қатарына жатады. Оның концепциясы бойынша: алгебра және әлмукабала өнері - ғылми өнер. Мұның мәні - белгісіз бола тұра басқа бір белгілі нәрсеге байланыстырып анықталатын абсолют сан немесе кесінді; алгебралық есептеулер теңдеу арқылы шешіледі.
Егер Хорезми бірінші және екінші дәрежелі (квадрат) теңдеулерді бес түрге келтірген болса, Омар Хайям оларға үшінші дәрежелі (куб) теңдеулер түрін қосып, барлығы 25 түрлі теңдеулерді қарастырады. Үшінші дәрежелі теңдеулердің геометриялық шешуін табуда ол ескі грек математиктерінің дәстүріне сүйенгенмен, олардан әлдеқайда ілгері кетеді. Омар Хайям куб теңдеулердің әрбір түрі үшін олардың түбірін геометриялық жолмен салу тәсілін ұсынады.
Ол әрбір теңдеу түбірін тиісті түрде сәйкестендіріп алған шеңберлер, параболалар, гиперболалардың қиылысу нүктелерінің координаттары ретінде табады. Толық болмаса да табылған түбірлерге зерттеу жүргізеді.
Қорыта айтқанда, Омар Хайям - үшінші дәрежелі теңдеулерді тұңғыш рет саралап, оларды шешуді белгілі бір жүйеге салуға талпынған математик. Ол куб теңдеулерді алгебралық жолмен шешу әдісін қанша іздегенмен таба алмағанын мойындап, оны табуды болашақ ұрпаққа аманат етеді. Үшінші және төртінші дәрежелі теңдеулерді радикалдар арқылы шешу формулаларын Омар Хайямнан 400 жыл кейін, XVI ғасырда Европа математиктері табады (Тарталья, Кардано, Феррари т. б.).
Омар Хайямның математика тарихында көрнекті роль атқарған тағы бір трактаты - «Евклид кітабындағы қиын аксиомаларға (постулаттарға) түсініктеме» деп аталады. Шығарманың атынан көрініп тұрғандай, бұл еңбекті ол ескі гректерден калған математикалық мұраларды түсіндіру, зерттеу негізінде жазған. Ежелгі грек геометрі Евклид өз тұсындағы геометриялық білім-мағлұматтарды белгілі бір жүйеге салып, қазіргі орта мектеп геометриясына (элементарлық геометрия) жуық түрге келтірген. Евклид кітабының бас жағында бірнеше аксиомалар келтіреді. Осы аксиомалардың біреуі 2000 жыл бойы математиктер арасында үлкен талас туғызып келді. Ол математика тарихында «бесінші постулат» немесе «параллель түзулер жөніндегі аксиома» деп аталады. Бұл аксиоманың тұжырымы мынандай: «Егер бір түзу екі түзуді қиып өтіп, олармен қосындысы екі тік бұрыштан кем болатын тұстас ішкі бұрыштар жасайтын болса, онда ол екі түзу созған кезде міндетті түрде өз ара қиылысады». Өзі күрделі, әрі дұрыстығы жай көзге онша анық болмағандықтан, бұл аксиоманы көптеген математиктер аксиомалар қатарынан шығарып, теорема ретінде дәлелдеуге әрекеттенген. Бірақ дәлелдей алмаған. Ұзаққа созылған ізденулердің барысында, ақыр аяғында ұлы орыс математигі А.И.Лобачевский бұл аксиоманы басқа аксиомалар мен теоремалардың логикалық қорытындысы ретінде шығаруға болмайтындығын көрсетеді.
Лобачевский бесінші постулатты оған қайшы келетін басқа аксиомамен ауыстырып, Евклид геометриясынан өзгеше евклидтік емес геометрияны жасап шығарды.
Омар Хайямның геометриялық зерттеулері Евклидтен Лобачевскийге дейін созылған осы параллель түзулер теориясы тарихының жуан ортасынан орын алады.
Омар Хайям Евклид аксиомасының орнына оған бара-бар келетін басқа аксиомалар енгізеді және бұлар арқылы сол бесінші постулаттың өзін дәлелдейді. Әрине, Хайямның дәлелдеуі мінсіз емес. Алайда оның дәлелдеу әдісі және осы дәлелдеу барысыңда пайдаланылған табанындағы бұрыштары тік, бұйір қабырғалары тең төрт бұрыш евклидтік емес ғеометрия тарихында өте маңызды роль атқарады. Бұлар кейін Шығыстың бір ірі математигі Насыреддиннің (XIII ғасыр) параллельдер теориясы жөніндегі жетістіктеріне негіз болады. Омар Хайям идеялары Насыреддин арқылы кейіннен Европа математиктеріне кеңінен мәлім болады. «Саккери төрт бұрышы» аталып кеткен әлгі төрт бұрыш Лобачевский зерттеулерінде де кездеседі. Бұл төрт бұрыш қазір «Хайям - Саккери төрт бұрышы» деп аталады.
Жоғарыда аталған геометриялық трактатында Омар Хайям қатынастар теориясын және осыған байланысты құранды қатынастарды айрықша қарастырып, аса маңызды идеялар айтады.
Ежелгі гректер, мысалы, Евклид сандар мен геометриялық шамаларды бір-бірінен мүлде бөліп қараған. Олар сан деп тек бірдің жиынын, яғни бүтін оң сандарды ғана есептеген. Сондықтан да олар арифметиканы геометрияға қолдануға бүтіндей қарсы болған. Өз ара өлшемдес емес кесінділерді салыстыру үшін гректер арнайы түрде қатынастар теориясын жасаған. Омар Хайям Евклидтің осы қатынастар теориясын бүтіндей сынға алып, оның мықты және әлсіз жақтарын ашып көрсетпекке әрекеттенеді. Ол қатынастар теңдігінің Евклидтен бөлек, өзінше анықтамасын ұсынады. Бұл кесінділер қатынасын бүтін сандар қатынастары арқылы жуықтауға мүмкіндік береді.
Омар Хайям трактатының үшінші бөлімінде құранды қатынастарды қарастыра келіп, сан ұғымын кеңейту керектігі туралы өте тамаша қорытындыға келді.
Омар Хайям бұл жерде Фарабиді тағы да тікелей дамытады. Ол кез келген үздіксіз шамаларды өлшеуге жарайтындай, бүтін сандардан әлдеқайда жалпы жаңа сандарды енгізуді ұсынады. Сөйтіп, Фараби мен Омар Хайям жүздеген жылдар бойы алшақ келген арифметика мен геометрия арасын байланыстыруға теория жүзінде тұңғыш қадам жасайды. Бұл тамаша идея ұзақ дамуды басынан кешіріп, кейін Европада нақты сандар теориясының шығуына әкеліп соқты. Нақты сандар ұғымынсыз математикаға айнымалы шама ұғымын енгізуге болмайды. Ал, айнымалы шама ұғымы бүкіл математикада революциялық бет бұрыс болды. Өйткені соның арқасында жоғарғы математиканың негізі - математикалық анализ пайда бодды.
Омар Хайям осы еңбегінде «Музыка кітабының қиын жерлеріне түсініктеме» деп аталатын трактат жазғанын айтады.
Мұнда, сірә, музыканың математикалық теориясының мәселелері айтылған болу керек. Жуық арада Омар Хайямның музыка жайлы бір кіші трактаты қолға түсті. Мұнда ол бірнеше жерде Фарабидың «Музыканың ұлы кітабына» сілтейді.
Омар Хайямның мұраларын діннің малайына айналып кеткен ресми мұсылман ғылымы өкілдері, кейіннен Батыс Европаның кейбір европоцентрист (Шығысқа қарсы көзқарастағы) ғалымдары барынша бұрмалап, оның атын ғылым мен мәдениет тарихынан сызып тастауға тырысады. Сол себепті оның математикалық тамаша жетістіктері Шығысқа және Батысқа авторсыз мәлім болады. Алайда, Омар Хайям заманынан бері 900 жыл өтсе де, керітартпашылар оның есімін халық санасынан біржола өшіре алмады.
Совет ғалымдары тарапынан Омар Хайямның ғылми және әдеби мұраларын зерттеуде көп жұмыстар жүргізілді.
Мәселен, Москва ғалымы Б.А.Розенфельд оның бізге жеткен бүкіл ғылми және философиялық трактаттарын орыс тіліне аударып бастырды. Ол және белгілі математика тарихшысы А. П. Юшкевич Омар Хайямның математикалық еңбектерін түгелдей талдау, саралау жолында көп жетістіктерге жетті. Бұл зерттеулер Омар Хайямның ғалымдық және ақындық алып бейнесін ашып көрсетіп, оның адам баласы мәдениеті тарихынан алатын өзіне лайық үлкен орнын объективті түрде бағалауға мүмкіндік беріп отыр.
Халық арасында Омар Хайямның есімі, еңбектері аса қымбат. 1934 жылы Хайямның творчествосын ардақтаушылар жиған қаржы-қаражатқа Нишапурда (имам Махрук мешіті қасында) ұлы ғұламаның моласына ескерткіш орнатылды. Ескерткіште парсы тілінде мынадай төрт жол өлең жазылған:
Хайямның моласына тізеңді бүк,
Тілек тіле, ойдағы қайғыңды ұмыт.
Ескерткіштің уақытын білгің келсе,
Соңғы жолдың сандарын жинақтап шық.
Ең соңғы жолдың әріптеріне сәйкес цифрлардың (әбжад есебі бойынша) мәндерін қосса хиджра есебі бойынша ескерткіш соғылған жылы - 1313 жыл, яғни біздің календарь бойынша 1934 жыл шығады.
Алайда тамаша ақын, асқан ғалымның өзі орнатып кеткен ескерткіші - оның поэзиялық, ғылми мұралары екені даусыз. Еркіндікті, өмір қуанышын паш еткен асқақ рубаяттары оқушыларға қазір де дәл бұдан мың жыл бұрынғыдай рухани және көркемдік ләззат береді. Қайта дұние жүзінің сандаған тілдеріне аударылып, олар өлшеусіз кең өріс алып көпке ортақ болып отыр. .
Хайямның философиялық, ғылми идеялары да қазіргі ғылым мен философияның қарқынды тасқынының кұрамында өмір сүруде.
Хайям аты қазақ халқына бұрыннан мәлім есім. Революцияға дейін-ақ ескіше оқыған кітаби ақындар, зиялылар Хайямды, оның шығармаларын білген. Дінді, дүмше молдаларды ажуа-сықақ еткен рубаяттары көптеген ақындарға үлгі болған.
Талантты ақын Қуандық Шаңғытбаев 1964 жылы Хайямның рубаяттарын тікелей парсы тілінен қазақшаға аударып бастырды. Соңғы он жыл ішінде Омар Хайямның өмірі мен творчествосы жайлы осы жолдардың авторы мен М. Исқақов арнайы мақалалар жариялады. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі марқұм Сәбит Мұқанов Хайямның ұлылығын бір шумақ өлеңмен былай тұжырымдайды:
Төрт жолмен талай ойды еткен баян,
Сондықтан да атағы әлемге аян.
Мәңгіге төрт тағандап тұрып қалған
Не деген берік еді Омар Хайям.
Пайдаланған әдебиет:
Көбесов А. Сөнбес жұлдыздар. –Алматы: Жазушы, 1973. -160 бет.
Жарияланған-2016-09-28 12:38:33 Қаралды-4137
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану