UF

 

 

Орта Азия халықтарының мәдени тарихының тамыры өте тереңде жатыр. Қөптеген тарихи мағлұматтарға қарағанда Орта Азия өлкесі, әсіресе Хорезм -араб басқыншылығына дейін (VIII ғ.) гүлденген мәдеіниеті мен ғылми дәстүрлері бар бай ел болған. Араб жаулап алушылары хорезмдіктердің мәдениетінің тас ошағын талқандап, ғылми кітаптарын түгелдей жойып жіберген. Алайда арабтар кейінірек бағынышты халықтар мәдениетін пайдалануға мәжбүр болған, олардың ғылымына, ғалымдарына басқаша көзбен қарайды. Хорезмнен шыққан ұлы математик Мұхаммед әл-Хорезмидің араб ғылымының көш басшысы болғанын жоғарыда айттық.

Бирунидің туған қаласы, Хорезмнің бас шаһары Қият кезінде Орта Азияның ең мәдөниетті және бай орталықтарының бірі болған. X ғасырдың аяғында жасаған бір тарихшы: «Қият - Хорезмнің астанасы, оғыз Түркістанның қақпасы, Түркістанның, жалпы түркілердің, Мавераннахр мен хазарлықтардың дүние малының шоғырланар жері... Шаһардың байлығы айтып жеткізгісіз», - деп жазды.

Қият қаласы қазақтарға ежелден белгілі, «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» жырында Қобландыға:

Жылы бірге - жылдасым,

Мұңы бірге - мұңдасым

Сыры бірге - сырласым,

Жасы бірге - құрдасым, -

дейтін Сайым ұлы Қараман батыр осы Қияттан шыққан деп айтылады.

X ғ. аяғында Хорезм түстік және терістік болып екіге бөлінеді. Оңтүстік Хорезм астанасы осы Қият болып қалады, ал терістік Хорезмнің бас қаласы Үргеніш шаһары болды.

IX-X ғасырларда Хорезм Иран мен Орта Азияда құрылған түрлі патшалықтардың (Тахиридтер, Саффаридтер, Саманидтер) бірінен-біріне өтеді. X ғасырдың екінші жартысынан бастап Хорезм мемлекетінің мәдениеті мен шаруашылығы күрт өркендейді, қалалар көбейіп, жер шаруашылығы, сауда күшті қарқынмен дами бастайды.

Басқа мәдениетті елдермен орнаған саяси, мәдени, сауда қатнастары Хорезмнің жедел өркендеуі үшін қолайлы жағдай туғызды: қала құрылысына айрықша мән беріледі, әсем-әсем сарайлар, мешіттер мен медіреселер салдырыламы. Археологтар жүргізген қазу жұмыстары ол құрылыстардың қалдықтарының өзінің керемет келбетін, ұлылығып пәш етіп отыр. Бұл шаһарларда әсіресе кітап жипауға үлкен мән беріліп, қолжазба қорлары - өте бай кітапханалар пайда болады. Қият, Үргеніш сияқты ірі қалаларда медицина, астрономия, физика, химия, математика т.б. ғылымдар саласында ірі жаңалықтар ашқан көптеген оқымыстылар қызмет істейді. Бұл ғалымдардың басым копшілігі ғылымнын бір емес, қатарынан бірнеше бағытында еңбек еткең, олар ақын және музыкант болған.

955 жылы Үргеніш әмірі Мамун ибн Мухаммед бүкіл Хорезмді біртұтас мемлекетке біріктіреді. Бұл әрекет Хорезм мемлекетінің экономикасының одан ары нығайып, мәдениетінің қарыштап өсуіне қолайлы жағдай жасайды. Мамун тұсында өндіргіш күштер жылдам қарқынмен өрге басады, әсіресе қалалар қуаты, мәдениеті артады, суармалы егін шаруашылығы мұқтаждығы үшін күрделі ирригациялық кұрылыстар салынады, қолөнер өркендейді. Хорезм маталар мен түрліше қағаздар кептеп шығарып сату орталығына айналады. Түрік, араб, хазарлармен сауда-саттық жандана түееді. Мұның барлығы ғылымның, геометрия, тригонометрия, астрономия, топография, химия, минерологияның дамуынсыз мүмкін болмас еді. Екінші Мамун патша тұсында Хорезмде (Үргеніште) айрықша «Академия» құрылып, оның маңына сол кездегі белгілі ғалымдар топтастырылады. Осы академияға Бируни мен Әбу Али ибн Сина да шақыртылады.

Бирунидің отаны Хорезмді біраз қоя тұрып, Орта Азияның басқа атыраптарындағы саяси-әлеуметтік өзгерістерге көз салайық. Мұның Хорезмге тікелей қатысы бар.

X ғасырдың аяғында Саманидтер мемлекетінің түрлі себептермен әлеіреуін пайдаланып, оны түркі тайпалары - Қараханидтер мен Ғазна сұлтаны Махмұд басып алады. Махмұд тез арада батыста Грузия және Бағдатпен шектескен, ал солтүстікте Бұқара мен Қашқарға, шығысы мен онтүстігінде Дели мен Инд өзенінің сағасына дейін созылып жатқан қуатты феодалдық мемлекет құрады.

Махмұд өте зұлым, айлакер патша болған. Халықты уысында берік ұстау үшін ол дінді де, ғылымды да бірдей пайдалануға тырысады. Махмұд және оның баласы Масғұд кезінде мемлекет астанасы Ғазна қаласына көшіріледі. Махмұд Ғазнауи алғашқы кезде Хорезмге бірден тиіспей, біраз екі ұшты қулық саясат жүргізеді, біртіндеп тізені батыра түседі, орындалмас талаптар қояды. 1017 ж. Махмұд Хорезм патшасынан «Академияның» барлық оқымысты, өнерлі адамдарын Ғазнаға басы бутін беруді талап етеді. Олардың ішінде Бируни мен ибн Сина да бар. Бұл талап орындалмайтын зорлық, басынушылық еді. Осыны сылтауратып ол бүкіл Хорезмді қанға бояп бағындырып алады.

Алайда әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа сүйенген Махмұд империясының да өмірі ұзақ болмайды, ол өлгеннен кейін баласы Масғұт өкіметке тек 10 жылдай ғана ие болып, мансап жолындағы таласта 1041 ж. өзінің інісінің қолынан өледі. Міне осылай Махмұдтың балалары мен немерелері арасында патшалық үшін қырқыс басталады. Осындай орнықсыздық пен әлсіреуді дер кезінде пайдаланып, 1044 жылы Ғазна империясын көршілес сельджук түріктері басып алады. Міне осылай Ұлы Хорезм Сельджуктер империясына бағынышты ел болып енеді. Бұл аласапыран төңкерістер Хорезм ғалымдарының творчествосына із тастауы сөзсіз, олар қатал да топас әкімдердің тәлкегіне жиі ұшырап, көп жағдайда күн көру, жан сақтауға зар болған.

Бирунидің толық аты-жөні Әбурайхан Мұхаммед ибн Ахмед әл-Бируни (Бирунн). Атақты арабист И.Ю.Крачковскийдің бағасы бойынша, ол өзі тұсындагы бүкіл ғылымды игерген жан-жақты энциклоцедист, физика-математикалық ғылымдарды да, жаратылыстану-тарихи ғылымдарды да бірден меңгерген төрт кұбыласы тең келген білімпаз. Бируни тастап кеткен мурасының көлемі, көптігі, сан алуандығы жөнінде ортағасырлар заманында теңдесі жоқ ғұлама. Ол мемлекет ісіне қызу араласқан, саяси қайраткер.

Әрине бұл жерде Бирунидің ғылми табыстарын асыра мақтап келіп, басқа Шығыс ғұламаларының қызметін кемітуден аулақпыз. Олардың әрқайсысының өз орны бөлекше, олардың творчествосы бір-бірімен тығыз байланысып, бірін-бірі толықтырады. Мәселен, астрономия жөнінде Бируни өзінің атақты жерлесі Мұхаммед Хорезмиге еліктесе ғылымның философиялық мәселелерін шешу жөнінде Фарабидің ықпалында болғандығы байқалады. Тарихшы, профессор С.П.Толстов «екі ұлы хорезмдіктің - Бируни мен Хорезмидің ғылми бейнелерінің өте ұксастығы кісі таңқаларлық... Екеуі де ең әуелі астроном және математик, екеуі де өз елінің бай мәдени мұрасына сүйенеді, сонымен қатар грек және индия ғылымдарын кең пайдаланады» деп жазуы тегін емес.

Осы тәріздес Фараби мен Бируни арасында да тығыз ғылми ортақтық сабақтастық барлығы айқындалып келеді. Бирунидің «Хронология», «Индия», «Геодезия» деп аталатын еңбектері үлкен-үлкен үш-том болып Ташкентте орыс және өзбек тілдерінде басылып шықты. «Минералогиясы» улкен кітап болып 1963 жылы Москвада жарық көрді. Қазір оның «Масғұд каноны» деп аталатын астрономия-математікалық еңбегінің өзі бірнеше том болып баспаға дайындалуда. Аударылмай, зерттелмей жатқан мұраларының ұшы-қиыры жоқ. Біз бұл очеркте ғалымның еңбектеріне кысқаша шолу жасап, өмірі мен ғылми қызметі туралы үзік-үзік маглұматтар берумен шектелмекшіміз. Бируни 973 жылы 4 қыркүйек күні жоғарыда айтылған Хорезмнің бас қаласы Қиятта дүниеге келген. Бируни деген ныспының торкіні «бирун», яғни қала сыртында тұрушы дегенді білдіреді. Орта ғасырларда қала сыртында кедей-кембеғал, колөнерші еңбек адамдары тұратын. Ендеше Бируни кедей семьядан шыққан. Бір өлеңінде Бируни бала кезінде кедейлік, жетімдік тауқыметін көп тартқанын аңғартады:

Тегімді менің сұрама,

Атамды да білгем жоқ.

Ол түгіл туған әкемді

Өз көзіммен көргем жоқ.

Шешемді-ақ көрдім жасынан

Арқалап отын тасыған.

Бирунидің кейінірек түрлі құралдарды жасауға, практикаға оңтайлы болып өсуіне жас кезінде осы қолөнершілер арасында болғаны әсер еткен тәрізді.

Аса талантты жастың ғылым жолына құлаш ұруына Хорезм таптырмайтын мекен еді, онда сол кезде ғылым мен мәдениет барынша өркендеп, түрлі оқымыстылар мол шоғырланғанын жоғарыда айтқанбыз. «Іздегенге - сұраған» дегендей, талапты жасқа лайық ұстаздар табылды. Олардың ішіндегі ең көрнектісі белгілі астроном және математик Әбунасыр ибн Ирак еді. Әбурайхан осы ұстазын «Хронология» немесе «Бұрынғы ұрпақтар ескерткіші» деп аталатын үлкен еңбегінде үлкен ілтипатпен еске алып, ризашылық білдірген.

Бирунидің ана тілі - хорезм тілі, ол соғды, иран, түркі тілдерінде білуі мумкін, өйткені бұл елдер көршілес жұрттар. Өзінің айтуы бойынша, кейіннен сирия, грек және ескі еврей тілін үйренген. Жасы ұлғайған кезде Махмұд Ғазнауи патшамен ілесіп Индияда тұрған кезінде ескі үнді тілі - санскритті меңгерген. Бұл тілді жетік білгені сонша, ғылми шығармаларды арабшадан санскритке және керісінше еркін аудара беретін болған.

Алайда Бируни сол кездегі қабылданған ресім бойынша барлық негізгі еңбектерін араб тілінде жазған.

Бируни 21-22 жасында салдарлы ғалым-астроном болады. Алғашқы ғылми қадамы туралы ол былай деп еске түсіреді: «Хиджраның 384-385 жылдары мен диаметрі 15 шынтақ (17 м) дөңгелек және басқа қажетті құралдар жәрдемімен астрономиялық өлшеулер жүргіздім. Бірақ мен құралды тек эклиптиканың ең шеткі жоғары нүктесіне бағдарлап үлгердім...» Ғалым осыдан кейін кенеттен сарай төңкерісі болып, жұмысын аяқтауға мұршасы келмей, басқа жаққа кетуге мәжбүр болғанын айтады. Хиджраның 384-385 жылдары (біздің жыл санауымыз бойынша 994-995 жылдар) Бирунидің 21-22 жастағы бозбала күні. Осы жас шағында-ақ Бируни атақты оқымысты болып ел аузына ілінеді, белгілі ғалымдармен ғылымның қиын да күрделі мәселелері бойынша айтысқа түсіп жеңіп жүреді. Бұл туралы Бируни «Хронологияда» мынадай дерек келтіреді: «Рей каласында атакты бір астроном ғалыммен жолықтым. Ол астроном жұлдыздардың орның Ай фазаларын зерттеу нәтижесінде ауаның әрқилы қозғалысын алдын ала білу мүмкіндігін іздестіреді екен. Мен оның қортындыларына қарсы шықтым, өйткені шын мәнінде Ай фазаларының өзгерісі, яғни Айдың формасының ауысып отыруы тек Күннің оны зодиактің таңбалары арқылы өту барысында түрліше жарықтандыруына байланысты».

Бируни грек астрономдарының еңбектерін жете білген, Шығыс елдері астрономдары ішінен жоғарыдағы Хорезми, Фарабиден басқа Баттани, Ходжанди, Абу-л-Вафа, ибн Юнус шығармаларымен мұқият танысқандығы байқалады.

995 жылы Қияттан кеткеннен кейін Бируни Каспий теңізінің оңтүстігінде Гурган қаласында біраз тұрақтайды. Білімі асып, таланты тасып тұрған жас білімпазды әмір Қабус дұрыс қабылдап, ғылми қызметіне керекті жағдай туғызады. Әлгі «Хронология» атты еңбегін ғалым осы Гурганда жазады.

«Хронология» - Бируни атын әйгілі етіп даңқын шығарған ғалымның бірінші еңбегі. Бүкіл орта ғасырлар заманыңда осы еңбек туралы қалам тартқан ғалымдардың барлығы оның керемет туынды екенін атап өтеді, ол сол кездегі мәдениет тарихын егжей-тегжейлі зерттеп білуге қазір де таптырмайтын қымбат документ. Академик И.Ю.Крачковский Бирунидің «Хронологиясына» былай деп баға береді: «Негізінен бұл еңбек Бируниге белгілі халықтар мен діндердің - гректердің, римдіктердің, персілердің, соғдылардың, хорезмдіктердің, харрандықтардың, коптардың, христиандардың, еврейлердің, ескі арабтардың, мұсылмандардың барлық мейрамдары мен эраларын сипаттайтын техникалық және азаматтық хронологиялар жиынтығы. Мұндағы Бирунидің сүйенген материалдары әр алуан: олар қазір жоғалып кеткен арнайы зерттеу еңбектері, өте маңызды ауыздап ауызға өтіп келген бай дәстүрлер. Мәселен, ол өзі мұсылман бола тұра еврейлердің календарының тарихта тұңғыш рет жүйелі түрде сипаттамасын келтіреді. Математикалық география саласында тек келтірген материалдарының ғана емес, Бирунидің қолданған өзіндік әдістерінің маңызы зор; мысалы, оның картографиялық проекциялар туралы ойлары мен қорытындылары қазіргі мамандардың өзін таң қалдырып отыр».

Гурганда өткізген жылдары ішіндегі Бирунидің тағы бір керемет ғылми талпынысы - оның жер меридианы градусы ұзындығын қайта өлшеу жоспары. Жоғарыда айтылған Һарон Рашид Академиясында жүргізілген өлшеулер дәлдігіне оның көңілі толмайды, өйткені оларда алшақтық, қайшылық болғанын байқайды. Бируни бұл туралы былай дейді: «Әртүрлі өлшеулердің айырмашылығын ойлап, салыстырып бас қатырғанша, жаңа өлшеу жүргізіп, бақылау көп тиімді. Ал бұл үшін көп қаржы, үлкен территория керек. Мен бұл үшін түрік-оғуздар жері мен Джурджан арасынан қолайлы орын тауып отырмын. Бірақ тағдыр мұнымды әзірше қош көрмей тұр».

Бір дерек бойынша әмір Кабус Бирунидің ақылы мен біліміне қызығып, оған сарайына шақыртып бас уәзірлікті ұсынады. Ғалым мансаптан, байлықтан ғылымды жоғары санап, бұл ұсынысты кабылдамаған көрінеді.

Тарихи мағлұматтарға қарағанда, 1010 жылдар шамасыңда Мамун Екіншінің арнайы шақыруы бойынша Бируни отаны Хорезмге қайтып оралады. Мұндағы басты себеп, жас патша Бирунидің асқан ғалымдығын еске алған болу керек. «Бірде, - деп жазады белгілі жиһанкез Якут, - Мамун Екінші Бирунидің үйіне өзі келіп, сарайына шақырып әкетеді. Содан кейін тағы бірде ол Бируниді шақыруға кісі жібереді. Ғалым кешігеді, сонда патша: «ғылым ең үлкен үкімет, ол жұртқа емес, ал бүкіл адамдар оған бағынышты» деп Бируниге өзі келіпті».

Бұл дерек Бирунидің ғалымдық орасан зор беделінің айғағы болса керек.

Бируни «Мамун Академиясының» жетекші мүшесі болып мұнда жеті жыл жемісті жұмыс атқарады. Автор бұл кезде саяси және дипломатиялық істермең қатар шұғылданған сияқты.

Сарай маңындағы беделі Бируниге бірсыпыра күрделі ғылми істер тындыруға қолайлы болған сияқты. Тарихшылардың топшылауынша, ол осы кезде әртүрлі кымбат металды, асыл тастарды қажет ететін күрделі тәжірибелер жүргізіп, жаратылыстану ғылымдары бойынша трактаттарын жазған.

«Мамун Академиясында» Бирунимен қатар Шығыстың тағы бір ұлы ғалымы, әйгілі дәрігер Әбу Әли ибн Сина да болған. Олар тізе қосып бірге істеген, бөлек кеткенде ғылыми мазмұнда хат жазысып тұрған. Бұл хаттардың мазмұны ғылым тарихында «Бируни мен ибн Синаның айтысы» деген атпен мәлім.

Бұл хаттарда көбінесе натурфилософия, яғни жаратылыстану мен физиканың жалпы мәселелері сөз болады. Бірі сауал қояды, екіншісі жауап береді. Бұлардың ішінде бос кеңістік, жылу таралуы, денелердің қызудан ұлғаюы, жарықтың шағылысуы мен сынуы т. б. тақырыптар бар. Көзге түсетін бір жәйт: Бируни пайымдаулары соны, көп жағдайда Аристотельдің қатып қалған қағидаларына қарсы бағытталған, ал ибн Сина Аристотельді жақтаушы және түсіндіруші. Ортағасыр оқымыстылары ибн Синаны жақтайды, себебі ол кезде Аристотельдің ғылми беделі айрықша зор болып, қағидалары құдай сөзіндей дұрыс деп танылатын. Бір ғалым осы айтыс жөнінде: «Бируни Әбу Алимен айтысты. Мақулаттардың (яғни Аристотель қағидаларының) тұңғиығына бойлау оның жұмысы емес еді ғой. Әрбір адам жаратушының әзелдегі әмірі бойынша өзіне шақ нәрселерді ғана істей алады».

Шынында ғылымның дамуы Аристотельдің көптеген қатып қалған жалаң құрғақ ойлаумен табылған қағидаларының көпшілігінің қате екенін әшқереледі. Құрғақ пайымдаумен табылған ережелерден тәжірибе жүзімен алынған теорияны артық қойып, Бируни ұстазы Фарабиді ілгері дамытады. Ол тәжірибені мол қолданған ғалым. Мысалы «Егер таза, мөлдір, шар формалас шыны алып, оны сумен толтырсаң, онда ол шар тәрізді хрусталь сияқты жандырғыш қасиетке ие болады. Ал егер ыдыс бос болса, яғни оның ішінде тек ауа болса, онда ол сәулелерді жинай алмайды, күйдіре алмайды. Мұның себебі не? - деп сұрайды Бируни ибн Синадан.

Бируни және басқа ғалымдар үшін Хорезмдегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жаймашуақ заман ұзаққа созылмайды. Соғыс бүлігі бұл тыныш өмірді шайқап, аласапыран басталады. 1017 ж. Хорезмді Махмұд Ғазнауи басып алады, Бируни Махмұдтың қолына пенде болып түсіп Газнаға әкелінеді, ибн Сина, Әбусахл Масихи және басқа окымыстылар бет-бетімен бас паналап қашып кетуге мәжбүр болады, Әбусахл шөлде өледі, ал ибн Сина Гурганға барып бой тасалайды.

Сұлтан Махмұд Бируниді мұсылман діні жолына қарсы шықты деи айыптап, Бируниді және оған жақын оқымысты Абд ас-Самад Аунал екеуін дарға асуға бұйырады. Уәзір Махмұд Хожа Хасап араға түсіп Бируниді өлімнен құтқарып қалады, ал Абд ас-Самад дарға тартылады.

Махмұд Бируниді босатуын босатқанмен, оған мынадай ауыр шарт қояды: «Егер сен мен тұрғанда бақытты боламын десең, өз ғылымыңның айтқанын айтпа, меніқ қалауымды айт». Орта ғасыр заманында ғалымдардың халінің қаншалықты қиын болғанын осы бір мысалдан-ақ айқын сезінуге болады.

Міне, осылай Бируни өміріндегі жаңа кезең басталады. «Білегі жуан бірді жығады, білімі үлкен мынды жығады» дегендей, Бирунидің асқан оқымыстылығы қатал патшаның қаһарын жұмсатып, біраз тыныш жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Тіпті Махмұд және оның баласы Масғұд ғалымнан жердегі және аспандағы құбылыстар жөнінде жиі-жиі сұрақ қойып ғылымға назар аударуы Бирунидің білімпаздығының үлкен жеңісі сияқты. Мәселен, айтушылар «Бірде түркі елдерінен бір елші келіп, сұлтанға солтүстік полюсқа таяу орналасқан алыс елде байқаған құбылыстарын әңгімелейді. Күн ол жерде үнемі батпай көрініп тұрады, түн тіпті болмайды екен. Сұлтан бұған сенбей Әбурайханнан мұның мәнісін сұрайды. Бируни бұл құбылыстың сырын қолмен қойғандай анықтап бергеннен соң сұлтан риза болып, елшіге үлкен сый беріпті», - дейді.

Махмұдтың қарамағында Бируни 13 жыл болады. Дәл осы кезеңде Бируни өзінің ең маңызды ғылми еңбектерін жазады. Олардың ішінде бізге жетпей жоғалып кеткен «Хорезм тарихы» деп аталатын үлкен шығармасы бар. Бұл еңбекте Орта Азия халықтарының, әсіресе Хорезмнің өте ерте заманнан бастап Бируниге дейінгі тарихы баяндалатын сияқты. Сол кездегі білгір тарихшы Байхаки өзінің тарих туралы бір шығармасын жазу үстінде Бирунидің кітабы жөнінде мынадай баға береді. «Мен бұл еңбекті жазуда өз көзіммен көргенімді немесе өте сенімді адамдардан естігенімді келтірдім. Жақында мен ұстаз Әбурайханның қолынан шыққан бір кітапты оқыдым. Бұл адамға заманында білімпаздық, математика мен философияны меңгеруі жөнінен тең келетін ғалым болмаған, ол ешнәрсені негізсіз жазбағаң, сондықтан да мен оның «Хорезм тарихы» атты туындысынан көп мәліметтер келтірдім».

Ғазнада жазылған Бирунидің тағы бір көрнекті шығармасы «Тахдид нахаят» немесе «Ел қоныстанған жерлердің шекараларын баяндау және олардың ара қашықтығын анықтау». Мұнда география, геология мәселелері көп қамтылған. Ол, мәселен, жердің дамуы жөнінде қазіргі ғылми ұғымға сай келерліктей пікірлер айтуға дейін барады. «Теңіз құрылыққа көшіп, құрылық теңізге айналып отырады, - дейді Бируни. - Егер бұл ауысу адамзаттан бұрын болса, оны жұрт білмейді. Адамзат баласы өмір сүріп тұрған кезде болса ұзақ уақыт өткендіктен ұмытылып қалады. Осылардың бір мысалы Араб шөлі. Ол бұрын теңіз болған, кейін құрғап шөлге айналған. Құдық қазғанда шығатын қалдықтар - бұл пікірімізді әбден қуаттайды. Теңіздің мұндай іздері біздің жерімізде де бар. Джурджан мен Хорезм аралығындағы құмды шөлден құдық қазғанда ішінде балықтың қанаты көрініп тұратын әртүрлі жылтырауық тастар шығады. Олар ертеде шөлдің орнында көлдің немесе теңіздің болғандығының өлі куәлары. Теңіз суалғанда оның орнында көл қалған. Жойқын, яғни Баях өзені (Әмудария) Хазар, яғни Гурген (Қаспий) теңізіне құйған. Қейін Жойқын өзені жолын өзгертіп, Хорезм көліне (Арал теңізіне) құятын болған».

Бирунидің ғылми өміріндегі тағы бір белес оның Индия сапарына байланысты. Махмұд сұлтан солтүстік Индияны шауып алғаннан кейін ғалым осы елде біраз тұрып қалады. Оның бұл елде қалай, қашан, қанша тұрғаны әлі толық мәлім емес. Қалай болғанда Бируни үшін өте көне мәдениеті мен ғылымы бар елде тұру үлкен пайдалы, нәтижелі болғаны даусыз.

Индия жөнінде ғалым бұрыннан-ақ, араб, парсы әдебиеті арқылы хабардар болғаны ақиқат, бұл туралы ертеректе жазылған «Хронология» беттерінде мағлұматтар бар. Мәселен, ол үнділердің календарына сипаттама берген. Ал енді аңыздай болған арман-қиялға айналған осынау бай өлкені көзбен көру Әбурайханды ерекше шабытқа бөлеуі нанымды нәрсе. Ол үнді жұртының ғылымын, өнерін, тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын жедел үйренуге кіріседі. Жасы елуді қусырғай ғалымең ескі де қиын тіл - санскрит тілін тез арада және өте еркін меңгереді. Ол үнді оқымыстыларының бірсыпыра трактаттарын арабшаға, ал Евклидтің «Негіздерін», Птолемейдің «Алмагестін» және өзінің бір шығармасын арабшадан санскрит тіліне аударады. Бируни  ғылми мақсат үшін санскрит тілін үйренген мұсылман Шығысы ғұламаларының ішіндегі ең алғашқы оқымысты. Иңдия жұртының тұрмысы мен мәдениетін аз уақытта үздік білгені сонша, Бируниге үнділердің өзі таң қалған.

Индия туралы көрген-білгенін, оқыған-түйгенің жиыстырып, сұрыптап 1030 жылы Бируни «Индия» деген атпен мәлім болған тағы бір үлкен еңбегін аяқтайды. Бұл шығарманың толық аты - «Үнділердің көңілге қонатын ілімдерін де, ақылға сыймайтын қате түсініктерін де баяндап беру кітабы». Бұл еңбек туралы мақтап жазылған пікірлердің тізімімің бір өзі көп бетті алар еді. Мұны өткендегі және қазіргі Шығыс, Батыс индолог оқымыстыларының барлығы бірдей жоғары бағалаған. Бируни өмір сүріп тұрған аумалы-төкпелі заманда бұл тақырыпта шығарма жазудың өзі үлкен ерлікпен барабар. Бұл кезде Махмұд мұсылман дінін, «Алланың ақ туын» бетке ұстап Индияны соғыс майданына айналдырып еді. Индия халықтары пұт-пұрсатқа табынатын «кәпірлер» саналып, оларды бағындыру, құлдану, қырып-жою саясаты үстем болып тұрған. Басып алушылар Индияның ежелгі мәдениетіне қастандықпен қарап, оны біржола жойып жіберуді мақсат тұтқан. Осы шақта Индия туралы шындықты жайып салу, олардың мәдениетін дәріптеу, сөз ету қаншалықты қауіпті болғаны өзінен-өзі түсінікті.

Ерте заманда және орта ғасырлар кезінде көптеген саяхатшылар Индияда болып, ол туралы жазба мағлұматтар қалдырған, алайда олардың бірде-бірі Бируни еңбегінің ширегіне де келмейді.

«Индия» Бирунидің халықтарды, адамзатты алаламайтын, діни нәсілшілдік және ұлтшылдық кеселдеін биік тұрған гуманист оқымысты болғанын танытады. Бұл еңбек туралы көрнекті шығыс зерттеуші орыс академигі В. Р. Розен 1888 жылы былай деп жазған болатын: «Ол - Батыс пен Шығыстың ежелгі және орта ғасырлардағы ғылыми әдебиетінде теңдесі жоқ бірден-бір ескерткіш. Одан қанына тартпайтын, діни, нәсілдік, ұлттық және касталық мінеп-кемсітушіліктен және ойға сіңген ескілікті пікірлерден аулақ тұрағын, сақ және көреген, жақа ғылымның нағыз құдіретті құралы - салыстыру әдісімен баяндалған, білімнің шегін жете түсінетін, бірен-саран немесе шала тексерілген фактілерге сүйенуден гөрі үндемей кетуді мақұл көретін, көзқарастарының кеңдігі қайран қалдыратын нағыз ғылымның лебі соғып тұрады».

«Индия» 80 тараудан тұрады, оның 40 тарауы үнділердің астрономия, математикалық ғылымдарындағы білім-дағдыларына арналған да, қалған тараулары Индия табиғаты мен мәдениетін баяндайды. Бирунидің «Индиясы» бұл елдің ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеушілер үшін қазір де құнын жоймаған еңбек. Бируни есімін үнді халқы әрқашан қастерлеп, үлкен ризашылықпен еске алады. Бұл тұрғыда атақты үнді ғалымы Хамид Раза 1944 жылы «Индияның көне мәдениеті» деген еңбегінде үнді ғылым жұртшылығының ұлы Орта Азия ғалымына деген ыстық ықыласын білдіре келіп былай дейді: «Индия мәдениетінің аса күрделі, шытырман мәселелерін ұғынуда және оларды халыққа түсіндіруде орта ғасырлар заманында, тіпті қазіргі кезде де ешкім даңқы өшпес Әбурайхан Бируни сияқты жетістікке жеткен емес». Бирунидің «Индиясы» ежелгі мәдениет пен ғылымды қадір тұтып, қастерлеудің, адам баласына деген мейірімділіктің ерекше үлгісі бодып есептеледі.

«Индияны» жазу үстінде ежелгі Индия ғұламаларының әртүрлі ғылми еңбектерімен танысып, Бирунидің өзінің де ғалымдығы, білімпаздығы бірсыпыра ұштала түскен деуге негіз бар. Бұл тұрғыда ғалымның осы еңбекте келтірілген гелиоцентрлік (гелио - күн, центр - орталық) көзқарастарының пайда болуы, дамуы назар аударарлық. Ғылым мен мәдениет үшін үлкен маңызы бар бұл мәселеге толығырақ тоқталу жөн. Ежелгі гректерде әлем жөнінде екі көзқарас болған: бірінші көзқарасты жақтаушылар әлем кіндігі қозғалмайтын Күн, ал қалған аспан дене шырақтары осы Күнді мәңгі-бақи айналып қозғалады дегенді құптаса, басқа ғалымдар дүниенің кіндігі «өз орнынан да, орнында да қозғалмайтын Жер» деген догманы қабылдаған. Кейіннен бірінші пікір мүлде ұмыт болып, Аристотель, Птолемей сияқты кемеңгерлер еңбектерінде екінші пікір қолдау тауып дүниетуралы бірден-бір қағида болып жарияланған. Әлем жөніндегі осы жүйе геоцентрлік (гео - жер, центр - орталық) система деп аталады. XVI ғасырға дейін бұл көзқарас талқылауға жатпайтын даусыз шындық деп жарияланған. Жер әлемнің кіндігі екендігі, оның мәңгі қозғалмайтындығы христиан, мұсылман және басқа діннің уағызына, мақсатына сай келіп, оған қайшы келген адам - дінге, құдайға қарсы деген «қара тізімге» ілініп қатаң жазаланатын болған. Орта ғасырлар ғылымы тарихында Құран сөзіндей жатталған бұл пікірге ашық күмән келтірушілер - ежелгі үнді ғалымдары болды. Көрнекті үнді оқымыстылары Ариабхатта, Брахмагупта Жер қозғалмайды деген қағидаға қарсы дәлел келтіруге тырысады, бірақ ол айтқандары қолдаусыз, дамытусыз ұмыт болады. Әбурайхан көптеген бақылау, есептеу жұмыстарын жүргізіп, мұсылман Шығысы елдері ғалымдары ішінен алғаш рет геоцентрлік системаның дұрыс-бұрысын сарапқа салады, ақиқатқа жетуді көздейді. Мұнда ол үнді ғалымдарының идеяларын негізге алып, тірілтеді, одан ары жетілдіріп дамытады. Бируни былай дейді: «Ариабхаттаның жолын қуушылар Жер қозғалады, ал аспан қозғалмайды деп есептейді. Басқалар егер мұндай болса тастар, ағаштар Жерден ысырылып, құлап түсер еді деген қарсы дау айтады». Одан ары қарай ол енді бұл мәселе жайында Брахмагуптаның пікірін келтіреді. «Алайда Брахмагупта соңғыларға келіспейді, оның ойынша, заттар Жерден құламайды, себебі олардың бәрі Жер центріне тартылыста тұр».

Бирунидің өзі заттардың барлығының Жер центріне тартылатынып толық қуаттайды да, жоғырыдағы мәселені басқаша тереңдетіп қояды. Атап айтқанда, сол тұстағы астрономиялық фактілердің барлығын геоцентрлік жүйе негізінде түсіндіруге болатыны сияқты, оларды дүние центрі Күн, ал Жер және басқа планеталар, жұлдыздар соны айнала қозғалыста деп алып, дәл сондай дәрежеде дұрыс түсіндіруге бола ма? Ғалым бұл сауалға іркілместен болады деп жауап береді. Ол былай дейді: «Жердің айналуы астрономияның мәнін ешқандай кемітпейді, үйткені әрбір астрономиялық құбылысты осы теория бойынша да әдемі түсіндіруге болады... Қазіргі және ертеде өткен аса көрнекті астрономдар бұл фактіні теріске шығаруға тырысып, Жердің айналу мәселесін үлкен мән бере зерттеген. Бұл тақырыпқа арнап біз де өз тарапымыздан «Астрономия кілті» деп аталатын кітап жаздық. Мұнда біз әлгі астрономдардан сөз жүзінде болмағанмен, іс жүзінде асып түстік-ау деп ойлаймыз».

Өкінішке орай Бирунидің бұл кітабы және осы мәселеге бағышталған «Жер қозғала ма, қозғалмай ма?», «Арабтардың Жер қозғалысына көзқарасы туралы» деп аталатын кітаптары бізге жетпеген. Алайда қолда бар азын-аулақ деректердің өзі ғалымның бұл мәселені қоюда және шешуде өз заманынан бірнеше ғасыр озық кеткенін көрсетеді. Орта ғасырлық тар заманда діннен де, өсек сөзден де сескенбей гелиоцентрлік позицияны жақтауы Бирунидің ғылымдағы жаңашылдырын, үлкен ерлігін және терең білімділігін танытады. Бируни қойған бұл өте маңызды мәселені одан 500 жыл кейін басқа уақытта, басқа әлеуметтік жағдайда Европаның ұлы ғалымдары Коперник пен Кеплер толық шешеді, Бирунидің болжалы дұрыс екен. Ал бұл ұлы жаңалықтың ашылуы, яғни гелиоцентрлік теорияның салтанат құруы жаңа ғылым мен философияның тууында шешуші роль ойнағаны баршаға белгілі.

Бируни «Индияны» жазып бітірген жылы сұлтан Махмұд өледі, оның орнына әкесінің өсиеті бойынша таққа кіші баласы Мұхаммед отырады, алайда бірнеше айдан кейін Махмұдтың ұлкен баласы Масғұд інісін тақтан тайғызып Ғазнаға өзі патша болады. Тарихшылардың айтуынша, әкесінің тілегін осылай аттап кеткен Масғұд әкесі қырына алған, бұрын төмен жүрген сарай төңірегіндегі өкпелі адамдарды іш тартуы әбден мумкін. Осы себепті ме, болмаса басқа жағдайдың салдарынан ба, сұлтан Масғұд пен Бируни арасында жақындық, достық қатнас орнайды. Тарихшы Якут олардың қарым-қатнасын сипаттайтын мынадай дерек келтіреді: «Махмұд сұлтанның баласы Масғұд астрономияны ұнатып, ғылми жұмыстарға қызығатын еді. Бірде Масғұд пен Бируни ғылми мәселелерді, оның ішінде кун мен түннің тең болмау себебін әңгіме етіп отырды. Масғұд сұлтан көзі анық жетпеген нәрсенің дәлелін білуді ұнататын. Әбурайхан оған былай деді: «Сен қазір Шығыс пен Батысты бірдей билеп тұрған бірден-бір әмірсің, сенің жер жүзінің патшасы аталуға хақың бар. Ал мұндай дәрежеге ұмтылушы кісі түрлі істердің сырын өте жақсы білу керек, соның бірі күн мен түннің ауысуы және оның әр орындағы ұзақтығы туралы мәселе...»

Якуттың көрсетуінше, Бируни жас патша үшін әртүрлі тақырыпқа арнайы кітаптар жазған, бұл Масғұдқа араб тілін жете меңгеруге жәрдемдеседі. «Сыйға - сый» дегендей, сұлтан да адамгершілік парызын ақтап Бируниге көп қамқорлық жасаған. «Масғұд каноны» деген еңбегінде Бируни оған ризашылдық пейіл білдіріп: «Ол мені өзінің құдіретті көлеңкесіне алып, қалған өмірімді түгелдей ғылымға арнауыма мүмкіндік берді», - деп жазды.

Мұнан басқа сый-сияпаттың ғалымға керегі де жоқ еді, үйткені ол дүние-мүлік, байлық-бақ іздемей, барлығын бір ғана ғылымнан күткен адам болатын. К. Моисееваның «Қемеңгер Бирунидің жұлдыздары» атты тарихи повесінде Масғұд сұлтанмен Бирунидің арасында орнаған жылы қарым-қатынасты бейнелейтін үзінді келтірейік.

Бұл эпизодта Бируни мен оның ең жақын, зерек шәкірті Якубтың әңгімесі берілген.

«- Сен білдің бе, Якуб, Ғазнаның қазіргі әкімі лайықты адам болып шықты? Сен мұны әлі естіген жоқсың ғой деймін. Сен Махмұд сұлтанды жек көруші едің, бұған қуанарлық. Ал оның баласы ғылымның қадірін білетін, көп нәрсеге алабы бар, көп нәрседен хабары бар адам болып шықты. Менің жазған кітабым оған қатты ұнаған сияқты. Ол төрт тараудан тұрады және астрономия, тригонометрия көне дәуірден бастап күні бүгінге дейінгі аса маңызды оқиғалардың хронологиялық таблицаларын қамтиды.

- О, құрметті ұстазым, құтты болсын, көптен ойлап жүрген жұмысыңыз еді. Мен өте қуаныштымын. Ал Масғұд не айтты?

- Әкімдер көп сөйлеп әуре болмайды, - деді мырс етіп Әбурайхан. - Сенің ісіңнің оған ұнамағанын - жіберген жендетінен білесің. Ал ұнап қалса - ат басындай алтын, қой басындай күміс сыйға тартады. Масғұд та сөзге келмей осылай істеді.

Бұл жақсылық екен! Менің білуімше, хорезмшах Мамун да, кешегі Махмұд сұлтан да саған мұндай құрмет көрсеткен жоқ еді ғой.

- Дұрысы дұрыс қой, бірақ маған оншалықты байлықтың қажеті не? деді күліп Әбурайхан, - Мұндай жүк мені жолдан тайдырып ғылымнан аулақтатады. Ертедегі даналар алтын емес, ғылым-білім алтын деген емес пе?

О ұстаз, сонда сіз ол сыйлықты шынымен алмадыңыз ба?

Алғаным жоқ, Мен ақыл әмірімен жүремін, ешқашан мәңгі тозбас білімді өткінші, опасыз жылтырауыққа сата алмаймын. Саған да соны өсиет етемін».

Бұл әңгіменің төркінінде Масғұд Бирунидің үйіне пілге артып тең-тең саф күміс жіберіпті, бірақ ғалым уәж, рақмет айтып, алмай қайтарыпты деген тарихшылар қалдырған шындық жатыр.

«Индияны» жазып бітіргеннен кейін көп ұзамай Бируни өзінің астрономия, математика саласындағы шоқтығы биік негізгі шығармасы «Масғұд канонын» қолға алған сияқты. Атынан көрініп тұрғандай, бұл еңбекті өзіне қамқоршы болған Масғұд патшаға арнайды, жоғарыдағы үзіндіде айтылып отырған осы кітап болса керек. Бұл еңбекті жазу үстінде ғалым өте ертеден бастап өз тұсына дейінгі бүкіл астрономиялық еңбектерді сын көзімен қайта қарап шыққанын білдіреді. Ғылым тарихшыларының бір ауыздан берген бағасы бойынша, ол орта ғасыр астрономиясының көрнекті ескерткіштерінің бірінен саналады.

Аса көрнекті бұл шығармада қарастырылған ғылми мағлұматтарды аздап болса елестету үшін оның негізгі тарауларын келтірген жөн. Олар: аспан кұбылыстарына қатысты жалпы қағидалар мен негізгі гипотезалар; математикалық хронология, бір эрадан екінші эраға ауысу, түрлі халықтардың мейрамдарының мерзімі; сфералық тригонометрия; аспан сферасының шеңберлер теориясы және координаттар системасы. Аспан сферасының Жерге қатысты тәуліктік қозғалысы.

Жер формасы мен мөлшері, жердің ендігі мен бойлығы туралы мәселелер, құбыланы (Меккенің бағыты) анықтау, Жер бетіндегі мекендердің координаттары, математикалық география. Күн теориясы, Ай теориясы. Күн және Ай параллакстары.

Күннің, Айдың, Жердің тоғысуы, тұтылулар, жаңа айдың көрінісі.

Қозғалмайтын жұлдыздар және айдың тұрақтары.

Бес планета теориясы. Геоцентрлік ара қашықтық және аспан денелері мен сфераларының шамасы.

Сфералық астрономияның астрологияға қатысты мәселелері.

Бұл еңбекте ашылған соны жаңалықтар, айтылған тамаша пікірлер көп, әсіресе мұнда сфералық астрономия мен математиканың қажетті салаларының бірі тригонометрия есептері мол қарастырылған. Тригонометрия ол кезде өз алдына дербес пән емес, астрономияға қосалқы мағлұматтар санатына қосылатын. «Масғұд каноны» тригонометрияның өз алдына отау тігіп дербес бөлініп шығуында маңызды бетбұрыс болғандығы анық.

Көрнекті математик Насыреддин, атақты Ұлықбек мектебінің оқымыстылары тағы басқалар Бирунидің «Канонынан» көп тәлім алып, көп пайдаланған. Ескі бір нұсқада «Ұлықбек «Масғұд канонын» жан-жақты зерттеп түсінік жазған, оны қадір-қасиетін ұғынған ең бірінші автор» болды деген дерек оқимыз. Осыған байланысты Бирунидің бұрынырақ Ғазнада жүрген кезінде жазылған бір еңбегін айта кету жөн. Оның аты «Астрономияның негізгі қағидаларын талдау кітабы». Ағылшын тіліне аудармашылар бұл шығарманың атын «Астрология жөнінде жазылған жетекші» деп аударған, ал мұндай атау еңбектің мазмұны туралы оқушыда екі ұшты ұғым қалдырады. Шынында Бирунидің кітабының астрологияға қатысы тіптен шамалы, ол негізінен астрономияға байланысты барлық ғылымдар бойынша жазылған оқулық тәріздес. Кітап төрт тараудан тұрады: астрономия (140 баб), астролябия (22 баб), геометрия (71 баб), арифметика (47 баб).

Ал астрологияға келсек, заманындағы көптеген озық ғұламалар сияқты, Бируни де оны жалған ғылым ретінде әшкерелеп отырған. Бір қызығы, ол ғалымдар астрологияның негізсіздігіне көздері ақиқат жетіп отырып, кейде надан әкімдердің ырқына, зорлығына лажсыз бейімделуге мәжбүр болған, осы тақырыпқа трактаттар жазған, бал ашып сәуегейлік құрған.

Бируни жас кезінде елінен сырт жерде жүргенде Рей қаласында бір мақтаншақ бай және надан астрологпен айтысқа түскені туралы былай жазады: «Бірде мен өзін жұлдызнама өнерін жетік білем деп санайтын бір адамды кездестірдім. Ол жұлдыздарға қарап олардың жер бетіндегі әсерін, аспан шырақтарының өзара орналасуына қарап отырып жердегі басқа оқиғалардың сырын шешуге тырысады екен және бұған өзі надан болғандықтан кәміл сенетін көрінеді. Мен оны теріс жолдан бұрын дұрыс бағытқа салғым келіп еді, ол барлық ғылым салалары бойынша менен төмен болып тұрып менің оң сөзіме құлақ аспады. Ол тіпті менімен ұрысарманға келіп тілін тигізді. Байлық және мансап иесі болғандықтан, оның теріс сөзі оң болып, кедей, кіріптар-кірме болғандықтан, менің оң сөзім теріске шықты».

Бируни әртүрлі астрологиялық өтіріктер мен ырымдар, балгерлік пен әулиелікті өмір бойы мойындамай кеткен кісі. Ол ұлғайып пайғамбар жасына жеткен шағында өзінің психологиялық жағдайының әсерінен астрологиялық және басқа жоқтан өзге ырымның жетегіне қалай кете жаздағанын ажуа етеді. Ол былай дейді: «Мен сол кезде ай есебімен 65, күн есебімен 63 жасқа келіп едім. Түс көрдім. Егер ол тусімнің жоруы дұрыс келсе, менің ісім онбас еді... Алайда түс жоруы кезінде мынаны біліп қой: қандай бір кемеңгер, көреген адам болмасын - ол басына іс түсіп, бақытсыздыққа тап болған кезде - әрқашан да жақсылықтан үміт үзбейді, көңіліне медет іздейді. Ол ондайды балгердің балынан, жақсы сөзден іздейді, жақсы түске қуанып, жұлдызшының көріпкел сөзіне сенеді.

Мінеки, мен де пенде болғандықтан сондай күйге түстім, жұлдызнамашыға (астрологқа) жолығып, менің талықнамам бойынша тағдырымды болжап беруін өтіндім. Олар менің ғұмыр жасымды есептеуге кірісті. Бірінің айтқаны біріне қайшы келді. Біреуі маған 16 жыл, екіншісі 40 жыл, ең көп бергені 60 жасайсың деген болжам айтты. Менің жасым 63-тен асып еді. Ал, жұлдызнамашылар бірінің өтірігін бірі әшкереледі».

Бұл кез ғұламаның кәрілік жақындап, саулығы төмендеген сәті болса керек. Мойыңқырап, торығу бұлты торлағаны жайлы, сол тұста жазылған шығармаларында өз жағдайына, халіне назар салып сыр тастап отырады. «Осы уақытта мені ауыр дерттер меңдетіп еді. Олардың бірнешеуі бірден келіп, кейбіреуі кейін соғып әбден қалжыратты. Сүйегім сырқырап, денем әлсіз тартты, қозғалысым қиындады, сезімім нашарлады. Біраздан кейін науқас жеңілдеп бойым сергіді, бірақ кәріліктен күшім кеміп қалған еді».

Мұнан кейін Бируни науқаспен, кәрілікпен алысып жүріп саналы түрде өмір жолының, сапарының ақырына дайындалыл, бітпеген, шала біткен еңбектерін жедел тамамдауға отырған сияқты. «Менің жұбату сөздерім өзімді қанағаттандыра алмады, үйткені өмір өтті, құмырадан басқа ермек жоқ, ал мына жазғаным - бұрынғы аякталмай әр жерде жүрген еңбектің толықтырылған таза көшірмесі ғана».

Бируни осындай ауыр жағдайда жүріп, өзі және шәкірттерімен бірге жазған бүкіл шығармаларының тізімін (фихрист) жасауға кіріседі. Данышпан ғалым мұндай еңбектің, құралдың келешек ғылым, ұрпақ үшін керек болатынын айқын сезген сияқты. Осыдан кейін бұрын бастап аяқтамай жүрген екі үлкен еңбегі «Минералогия» мен «Сайдананы» тамамдаған болу керек. «Толықтырылған» шығармалар деп Бируни осы кітаптарды айтып отыруы ғажап емес.

Ғалымның ғылми биографиясын жасауда оның еңбектерінің өзі қалдырған тізімінің маңызы айрықша зор. Ол заманда ғалымдардың көпшілігі жан-жақты энциклопедист болғандығы белгілі. Бирунидің бесаспаптығы солардың ішінде оқшау тұр деуге болады. Ол тізімінде 106 еңбектің атын келтіреді, мұның ішінде көп кітаптың көлемі 700 бет және одан артық. Зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл тізімге ғалымның бірсыпыра шығармалары, әсіресе өмірінің соңғы кезінде жазған кітаптары енбей қалған көріңеді.

Бируни тізімінің бір ерекшелігі ол еңбектерді сала-салаға бөліп топтап келтіреді және әрқайсысын жазу себептері, көлемі т. б. жөнінен қысқаша түсінік (аннотация) беріп отыруға тырысады. Тізімнің бірінші тарауына енген кітап аттары осы айтқанымызды дәлелдейді.

«1. Мен әл-Хорезмидің таблицаларын негіздеуге арналған шығарма жаздым, оның аты «Пайдалы сауалдар және дұрыс жауаптар», 250 парақ;

2. Дәрігер Әбу Талха бұл мәселе туралы қарсы бірдемелер жазыпты. Мен «Қөрнекті дәлел келтіру жолымен әл-Хорезмидің есептеулеріне тағылған жалған кінәлауды теріске шығару» деген кітап жаздым, көлемі 300 парақ;

3. Менің қолыма бұл мәселе жөніндегі Әбу-л-Хасан әл-Ахвазидің кітабы түсті, ол әл-Хорезмиді әділетсіз түрде кінәлапты. Мен оларды ортақтастыратындай кітап жазуыма тура келді; көлемі 600 парақ;

4. «Хабаш таблицаларына қосымша» атты кітап жаздым, мұнда ол таблицалардың кемшілігі түзетіліп, қатесі жөнделген. Үштен бірі бітті, көлемі 250 парақ;

6. Аркант таблицасын түзеттім және оны дұрыс тілмен баяндадым. Бұрынғы аударма түсініксіз болатын, өйткені көптеген үнді термині аударусыз алыныпты;

9. «Ибн Қайсумның тәжірибелері мен талдаулары туралы» атты кітап жаздым. Мұнда оның әлін білмес іске ұмтылғанын, өйткені астрономиялық білімдерден хабары жоқ надан екенін көрсеттім. Кітаптың көлемі 100 парақ болды».

Бируни тізімнің соңында болашақ ұрпаққа өсиет ретінде мынадай сөз айтады: «Саған менен қалған кітаптардың бәрін білу қажет: бұрын жазылғанын да, кейін шығарылғанын да. Оларды елемей, тастап кетіп жүрме. Ол кітаптар - менің балаларым ғой, ал адамдар балалары мен шығарған өлеңдерін жақсы көреді».

Мұндай өсиет тек бүкіл өмірін ғылымға сарп еткен ғұламадан ғана қалса керек.

Қолда бар биографиялық мәліметтерінің аздығынан Бирунидің шәкірттері жөнінде нақты айтуға мүмкіндік жоқ. Алайда ол өз алдына ғылми мектеп құруға талпынғаны байқалады. Ол заманындағы көп ғалымдармен хат жазысып тұрған, оның үстіне ғылми еңбектерінің тізіміне «өзінің атына жазылған» маңындағы басқа авторлардың да шығармаларын енгізгенін көреміз. «Менің атыма басқа кісілер жазған ол шығармалар да маған өте жақын, олар менің асырап алған аяулы балаларым секілді, менің екі көзімнің бірі. Мен өз еңбектерімнен оларды бөлмеймін, өйткені бәрі де мен үшін қымбат, бөтендігі жоқ», - дейді Бируни шәкірттерінің кітаптары туралы.

Бирунидің өмірінің соңғы шағында аяқтаған көрнекті шығармасы - «Асыл тастарды тану жайлы мағлұматтар жинағы» немесе «Минералогия». Бұл еңбекті жазу үшін материал жинауды ғалым өте ерте кезден-ақ бастаған сияқты. Зерттеушілердің айтуынша, ежелгі дүниеде және орта ғасырлар заманында көлемі мен мазмұны жөнінен бұл еңбекке парапар келетін минералогиялық еңбек болмаған. Бирунидің «Минералогиясы» үлкен-үлкен екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім асыл тастар туралы (36 тарау) «өкінші бөлім металдар жайлы (12 тарау).

Кітапта жүздеген адамның, ондаған елдердің аттары аталып, азды-көпті деректер беріледі. Баяндау барысында түрлі поэтикалык суреттемелерге орын беріліп, әртүрлі ақындардың өлеңдерінен үзінді келтіріп отырады. Мысалы, Бируни «Минералогиясында» 84 араб-парсы ақындарының атын келтірген, олардың он жетісінің кім екендігін Шығыс әдебиеті тарихшылары әлі ажырата алмай келеді. Бұл факт ғұламаның мәдени дәрежесінің өте жоғары болғанын көрсетеді, оның өзі де өлең жазумен әуестенгенін көрсететін деректер бар.

Бируни де ұстазы Фараби сияқты эксперимент, тәжірибе, бақылау жасап теориялық қортынды шығара білуді қатар алып жүрген ғалым. Бұл жөнінде Бирунидің физика және минералогия ғылымы тарихындағы үлкен бір жаңалығын айтпай кетуге болмайды. Ол әртүрлі металдар мен минералдардың тәжірибе жүзінде меншікті салмағын дәл табу әдісі.

Бір таңкаларлық нәрсе, ежелгі гректер әртұрлі тастардың салмағы әртүрлі болатынын білгенмен, олардың меншікті салмағын табу жөнінде мағлұматтары жоқтың қасы еді. Бируниге дейінгі араб оқымыстылары ішінен бұл мәселені шешуге әл-Кинди және ар-Рази сияқты көрнекті білімпаздар ұмтылған. Бірақ бұлар тек металдар және олардың қоспаларын ғана қарастырған және өлшеулері дәл болмай шыққан.

Кейінгі уақытқа дейін «Минералогия» Бирунидің соңғы шығармасы делініп келген еді. Алайда ғалымдар Турциядан оның мәлімсіз болып келген өмірінің ең соңғы шағында жазылған бір кітабын тауып, бұл пікірдің дұрыс емес екенін дәлелдеді. Ол еңбектің қысқаша аты «Сайдана» не «Фармакогнозия» кітабы деп аталады, толық аталуы «Емдік заттар жөніндегі кітап».

Бұл еңбектің бізге жеткен варианты 720 мақаладан тұрады, бірінші түп нұсқасы 850 мақаладан тұрса керек, ол мақалалар емдік заттардың сыр-сипатын баяндауға арналған. Ең бастапқы тексті Бирунидің тапсыруы бойынша шәкірті Әбуахмид ан-Нахшан кұрастырған, мұнда сол тұста ғылымға белгілі барлық емдік заттарды тізіп шыққан. Ал негізгі жаңалықты, сұрыптау-талдау жұмыстарын Бирунидің өзі атқарған сияқты. «Мен, - дейді ғалым кішіпейілділікпен, - жолдар арасында, қолжазбаның ашық қалған жерлеріне өте сирек дәрі-дәрмектер және олардың шығу тарихы мен төркіні, әр тілде қалай аталады т. б. жайлы өзімнің жиып-түйген мағлұматтарымды қостым».

Бирунидің ғылми бейнесін, өмірін тануда кітапқа келтірілген алғы сөздің маңызы зор. Ол былай дейді: «Мен табиғатта біткен мінезім бойынша бала кезімнен-ақ білім алуға барынша құмарландым. Жыл асқан сайын бұл ынта күшеймесе бәсеңдемеді. Мұның айғағы ретінде бір мысал: жас шағымда біздің елге бір грек келіп қоныстанды, мен оған жемістің ұрықтарын, түрлі шөптер және басқа нәрселер алып келіп грек тілінде олардың қалай аталатынын сұрадым, жауаптарын мұқият жазып алуға тырыстым. Араб жазуының бір үлкен кемшілігі - мұнда өзара жазылуы ұқсас әріптері көп, ол әріптерді бір-бірінен нүктелер және флексиялар арқылы ажыратады, олар түсіп қалса, сөздің мағынасы бұзылып, түсініксіз болып қалады. Мұның үстіне біздің халықтың екінің бірінен кездесетін елемеушілік пен абайсыздықты еске алсақ, ондай көшірменің мағынасы бүтіндей бұзылып, оның бары да бір, жоғы да бір, ондағы мәселелер жайын оқыған да бір, оқымаған да бір халге ұшыраймыз. Егер мұндай қырсық болмаса, Диоскридтің (грек дәрігері) кітабындағы атауларды аудармай-ақ сол күйінде арабша жаза салу жеткілікті болар еді». Бирунидің басқа тілдерден ауысқан терминдердің аудармасына осыншалық мән беріп отыруы кездейсоқ емес, ғалым көп тілде жазылған еңбектерді кең де үнемі пайдалану қажеттігін жақтаған, ол зерттеулерінде осы принципті жүйелі түрде жүзеге асырып тамаша табыстарға жеткен. Сүйтіп, ұлы ғалым бұл жерде ғылымның бүкіл адамзатқа ортақ игілік екенін паш етіп отыр.

Бируни осы еңбегінде ғылымды дамытуда басқа елдер оқымылыстырының жетістіктеріне жоғары баға беріп, олардан қалмау керек, талпыну керек деген талап қояды. Өзгенің қолындағыны қызғанбауға, бірақ қызығуға шақырады. Ол былай дейді: «Әрбір халық ғылымның немесе практиканың белгілі бір саласын дамытып көзге түскен. Маселен христиан заманына дейін гректер әртүрлі заттар мен құбылыстарды өте терең зерттеуге бейім болып, оны кемеліне келтіргенше тынбаған. Егер, мәселен, қазір Диоскрид тірі болып біздің жаққа келсе, ол кәзір қолда бар емдік касиетті шөптермен қанағаттанбас еді, ол біздің тауларымыз бен далаларымыздағы барлық нәрсені білуге бар күшін салар еді, оның қолында біздің барлық шөптеріміз емдеу кәдесіне жарар еді. Батыс елдердің бұл салада біздің халықтан басым болуының сыры олардың ғалымдарының теорияға да, практикаға да бізден анағұрлым көп көңіл бөліп күш жұмсауында жатыр».

Сөйтіп, Бируни басқа ел ғалымдарынан калмау керек, яғни «ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген ұран тастап отырған сияқты. «Емдік эаттар туралы кітабында» Бируни жіберілген кемшілікті жоюды мақсат етіп Шығыс, әсіресе Орта Азия атырабында өсетін емдік шөптердің барлығына толық сипаттама беруге тырысқан.

Ғылымның барша саласында осыншама тау-теңіз жұмыс тындырып, сексенге тақаған жасында 1048 жылы (кейінгі зерттеулер бойынша 1050-51 ж.) Масғұдтың баласы Маудуттың сарайында данышпан ғалым. Әбурайхан Бируни дүние салады. Оның сүйегі аса зор құрметпен Ғазна қаласында жерленеді.

Жоғарыда айтылған тарихшы Якут ғұлама өмірінің соңғы минуттары туралы, ол жан тапсырар кезінде басы қасында болған бір шәкіртінің (аты қазы Валвалиджи) әңгімесін келтіреді. «Мен Әбурайханның көңілін сұрап үйіне кіргенімде, - дейді ол, - оның тынысы тарылып, өлім алдындағы сырыл пайда болып өте ауыр халде жатыр екен. Осы жағдайда жатып ол маған «мұра бөлісу жөніндегі есепте кездесетін қателер жөнінде айтқаныңды қайталашы» деді. Мен оны аяп кеттім де, «осындай халде ме?» деппін сасқанымнан. Сонда ол маған «о, қарағым, бұл дүниеден ол мәселенің шешуін білмей кеткеннен көрі, біліп кеткенім жақсы емес пе» деп жауап берді. Мен сұраған мәселесін қайталап айтып бердім, ол күбірлеп есіне салғандай болды. Сонан соң ол бұл жөнінде өз ойлағандарын айтты, біраз отырып мен кетіп қалдым. Үйден көп ұзамай-ақ жол үстінде ғалым өлгені жайлы хабарлаған дауыс естілді».

Бұл әңгіме бүкіл өмірін ғылым-білімге бағыштаған Бируни бейнесінің соңғы кірпішін қалайды.

Ғалым өлгеннен соң да замандастары ұлы ғұламаның ақиқат, шындық, ғылым жолындағы толассыз ізденістері мен зерттеулері жайлы көп айтып, оған лайықты бағасын беріп, үлкен ризашылық білдіреді. Сондай оқымыстылардың бірі Шахразури 1053-54 жылдары, яғни ғалым өлгеннен кейін көп ұзамай жазған бір шығармасында оның бейнесін еске түсіре отырып былай деп жазады: «Бируни өте қажетті нәрселермен ғана қанағаттану ережесін берік ұстанушы еді. Материалдық байлық пен күнделікті тіршіліктің жетегіне кетпей, бүкіл ынта-жігерін білім алуға жұмсап, өмірін үнемі кітап жазумен өткізді. Ол ғылым дарбазасын ашты, қиынның кілтін іздеді, оларды барынша түсінікті етуге күш жұмсады. Оның қолы әсте қаламнан ажырамас еді, көзі бақылаудан әркез тынбайтын, көңілі үнемі ойлауға бейім болатын. Жылына екі күн ғана - Наурыз бен Михрджан мейрамы күндері ғана ғылми әрекеттен босап киім, тамақ қамын ойлайтын еді. Жылдың басқа күндері ғылым-білімнен басқа еш нәрсеге бой ұрмай іске кірісетін».

Осыдан бір жарым ғасыр кейін Якут Бируни жайында естелік жазып, оны «білімпаздығы мен акылы жөнінен уакыт оған ұксас, бара-бара келетін ешкімді әкелмеді» деген қысқа да тұжырымды сөздермен аяқтайды.

Бируни өлгеннен соң 900 жылдан кейін Хорезми тарихын зерттеуші көрнекті ғалымы С.П.Толстов «Бируни және оның заманы» деген мақаласында ғалымға мынадай сипаттама береді: «Бируни орта ғасыр заманындағы ең ұлы оқымыстылардың бірі. Оған нәр берген, қоректендірген біздің еліміздің ежелгі мәдениеті, Өзбекстан халықтарының ежелгі мәдениеті. Ол ежелгі Шығыс цивилизациясының ішіндегі ең көрнектілерінің бірі - мыңдаған жыл тарихы бар көне Хорезм цивилизациясын бойына сіңірген. Бируни өзінің елін, халқын, тілін сүйген, ежелгі Хорезмнің асқан мәдениетін мақтаныш еткен, араб басқыншыларының дөрекілігін әшкерелеген, халық мүддесін бәрінен жоғары қойған ғалым-азамат. Өз халкына деген махаббаты оның басқа халықтардың мәдени жетістіктерін жоғары бағалауына бөгет бола алмаған. Заманының прогрессивті адамы Бируни өзінің ғылми іс-әрекетінде құбылыстарды материалистік жолмен түсіндіру бағытында болды, жеке басының діни көзқарасы қандай екеніне қарамай, ол ғылымды діни соқыр-сезіммен араластыруға бүтіндей қарсы шықты.

Бируни біздің отандық ғылымымыздың ұлы адамдарының, ұлы қайраткерлерінің арасынан толық орын алады».

Қазіргі ғылымда Бирунидің жан-жақты қызметін зерттеу барысы оның тек қапа отандық ғылым емес, дүние жүзілік ғылым тарихында аса ұлы қайраткерлермен қатар тұруға лайық екенін көрсетеді.

 

Пайдаланған әдебиет:

 

Көбесов А. Сөнбес жұлдыздар. –Алматы: Жазушы, 1973. -160 бет.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-09-28 11:28:44     Қаралды-4872

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »