UF

Тақырыбы. Класс үсті төртаяқтылар. Қосмекендiлер класы  (Amphibia)     

 

1. Қос мекендiлердiң систематикасы

2. Қос мекендiлерге жалпы сипаттама

3. Қос мекендiлердiң құрылысы, қаңқасы, көбеюi

 

1. Систематикасы:

Класс үстi төртаяқтылар –   Tetrapoda

Қосмекендiлер класы  - Amphibia

Жiңiшке омыртқалылар класс тармағы – Lepospondyli

Аяқсыздар отряды – Apoda

Құйрықтылар отряды  - Caudata

Доға омыртқалылар класс тармағы - Apsidospondyli

Құйрықсыздар отряды    - Anura                  

2.Құрылықта тiршiлiк етушi алғашқы омыртқалылар қосмекендiлер болған. Олар пайда болғанға дейiн жерде судың омыртқалылары – балықтар тiршiлiк еткен. Қазбадан табылған ертедегi балықтардың арасынан саусақ қанатты балықтар белгiлi. Ендеше девон дәуiрi кездерiнде (шамамен 400-500 млн бұрын) алғашқы қосмекендiлер (стегоцефальдар) саусақ қанатты балықтардың ертедегi тегiнен шыққан деп болжайды. Қосмекендiлер құрлыққа шығуымен қатар сумен де байланысын жоғалтпады және толығымен құрылық жануарына айналған жоқ. Қосмекендiлердiң гректiң “амфибиос” деген сөзiнен олардың өз тiршiлiгiнде тек құрлықпен ғана емес, сонымен бiрге сулы ортамен де байланысты екендiгiн көрсетедi. Бұл байланыс олардың тiршiлiк әрекеттерiнен көбею, даму және дене құрылыс ерекшелiктерiнен айқын көрiнедi. Қосмекендiлер тұзды суларда өмiр сүре алмайды.

3. Құрылысы. Ересек түрлерiнiң денесi бас, дене және екi жұп аяқтан тұрады. Қосмекендiлер жартылай тiршiлiк етуiне байланысты балықтармен салыстырғанда жақсы жетiлген. Бас-мойын бөлiмiнiң бiр ғана омыртқасы арқылы дене омыртқасымен жалғасады. Соның нәтижесiнде бас қозғалмалы болып, азықтарын тез ұстауға мүмкiндiк бередi.

Терi жабындысы. Барлық қосмекендiлердiң терiсiн және оның сыртынан жауып тұратын сүйектi немесе мүйiздi қабыршақтары жоқ – жалаңаш болады. Олардың денесiнiң салмағы судан шыққанда артып, суға түскенде жеңiлденген. Сондықтан құрлықта өмiр сүрген қосмекендiлер үшiн сүйектi қабыршақтардың болмауы үлкен жеңiлдiк. Қабыршақтардың жойылуымен, қорғанудың қажеттiлiгiне байланысты эпидермисiнде бездер өте көп. Терi бездерiнiң секреттерi терiнi құрғап кетуден және сыртқы ортаның факторларының зиянды әсерiнен қорғайды. Көптеген түрлерiнiң терiсiнде улы бездерi болады. Оның қызметi қосмекендiлердi жыртқыш жануарлардан қорғайды. Қосмекендiлер құрлықта тiршiлiк ететiн жануарлар сияқты құрғақшылыққа қарсы тұру қабiлеттiлiгi әлi жете дамымаған.

Қаңқасы. Қосмекендiлердiң құрлықта тiршiлiк етуiне байланысты қаңқасының барлық бөлiмдерiнде өзгерiстер бар. Жер бетiндегi тiршiлiгiне сәйкес ми сауыты (көпшiлiгiнде) өмiр бойы шемiршектi күйiнде қалады. Бас жамылғы сүйектер аз кездеседi. Басты үстiңгi жағынан төбе және маңдай сүйектер қоршап жатады. Тiл асты доғасының, желбезек доғасының өзгерiске ұшырауы тiл асты пластинкалардың тууына себебiн тигiзедi.

Омыртқа жотасы - мойын, дене, сегiзкөз және құйрық бөлiмдерiнен тұрады. Мойын бөлiмi бiр ғана омыртқадан тұрады, дене омыртқалары 7-100-ге дейiн болады. Мысалы,ең азы –7, ал аяқсыздарда 100-ден асады. Сегiзкөз бөлiмiнiң омыртқасы бiреу ғана, ал аяқсыздарда тiптi болмайды. Құйрық бөлiмi құйрықты қосмекендiлерде айқын бөлiнген, ал құйрықсыздарда уростил деген бiр ғана сүйекшеден тұрады. Қабырғалары нашар дамыған немесе жойылып кеткен. Нағыз қабырға тек қана аяқсыздарда ғана болады. Құйрықсыздарда қабырға мүлдем болмайды. Қабырғалардың болмауына сәйкес олардың көкiрек қуысы болмайды.

Аяқ қаңқалары құрлықта тiршiлiк ететiн омыртқалылардың аяқ қаңқасына ұқсайды. Алдыңғы аяқтары тоқпан жiлiк, қары жiлiк, ол екi сүйектен тұрады: шыбық сүйегi мен шынтақ сүйектерiнен құралады, алдыңғы аяқтарында қол басы сүйектерiнен тұрады. Артқы аяқтарында ортан жiлiк, ол жамбас белдеуiне жалғасады, асық жiлiк шыбығынан тұрады, артқы аяқтарында – табан сүйектерiнен тұрады. Қосмекендiлердiң алдыңғы және артқы аяқтары алғашқы бес саусақты болған, ал қазiргiлерiнде саусақ аз болуы ықтимал. Құйрықсыз қосмекендiлердiң артқы аяқтары ұзын болып келедi, өйткенi олар суда жүзiп жүру үшiн қажет және саусақтарының арасы жүзгiш жарғақтармен қосылған.

Иық және жамбас белдеулерi балықтардiкiмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы дамыған. Иық белдеуi негiзiнен мына сүйектерден құралады: жауырыннан, бұғанадан, каракоидтан. Осы айтылған иық белдеуiнiң үш сүйегiнiң ұштары тоқпан жiлiктiң басына келiп жалғасады. Қосмекендiлерде дамыған қабырғалардың болмауына байланысты, көкiрек қуысы болмайды. Жамбас белдеуi үш сүйектен қалыптасқан. Ұзын мықын сүйегi (подвздошной), шап сүйегi (ловковый), шонданай сүйегi (седалешной). Осы сүйектердiң ұштары түйiсiп, жамбас шұңқырын құрайды. Жамбас белдеуi өзiнiң ұшымен сегiзкөз омыртқасымен жалғасады. Сондықтан қосмекендiлердiң артқы аяғы, балықтардың бауыр жүзгiш қанаттарынан гөрi бекiнiстерi мен сүйенiштерi әлдеқайда мықты болады.

Ет жүйесi. Балықтардың ет жүйесiмен салыстырғанда қосмекендiлердiң ет жүйесi ерекшелеу. Өйткенi бiрiншi рет омыртқалы жануарларда аяқтарының пайда болып, соның көмегiмен жер бетiнде қозғалуында. Сондықтан алдыңғы, артқы аяқтарында күштi еттер дамиды және қозғалысына байланысты еттер жiктелген. Ал балықтардың еттерiндегi сегменттi бөлiну оларда сақталмаған. Қорыта айтқанда осы қосмекендiлерде пайда болған ет жүйесi, эволюцияның даму барысында күрделенiп, жiкке бөлiнiп жоғарғы омыртқалы жануарлар – бауырымен жорғалаушылардың, құстардың және сүтқоректiлердiң ет жүйесiнiң негiзiн қалайды.

Нерв жүйесi. Қосмекендiлердiң алуан түрлi ортада тiршiлiк етуiне, күрделi және өзгергiштiк тiршiлiк ортасына байланысты миының құрылысы балықтардiкiмен салыстырғанда, алдыңғы миы үлкендеу және ол ми жарты шарларына бөлiнген. Ортаңғы миы онша үлкен емес, ал мишығы өте аз болады. Мидың бұл бөлiмiнiң нашар дамуы қосмекендiлердiң қозғалысының күрделi болмай жай баяу қимылдауына байланысты. Жұлын нервтерi иық және жамбас белдеулерiнде нерв торларын құрайды. Омыртқа жотасының екi жағында орналасқан симпатикалық нерв жүйесi жақсы дамыған.

Сезу мүшелерiнiң iшiнде белгiлi бiр дәрежеде өзгерiске ұшыраған мүше ол (құлақ) есту мүшесi. Ол балықтарға қарағанда қосмекендiлердiң есту мүшелерi жақсы дамыған. Қосмекендiлерде тек қана iшкi құлағы емес, ортаңғы құлағы мен дабыл жарғағы да бар. Ортаңғы құлақ қуысының төменгi ауыз-жұтқыншақ қуысына ашылатын бөлiмi евстахиев түтiгi деп аталады. Қосмекендiлерде жұп иiс сезу капсулалары болады, олар сыртқы ортамен бiр жұп танау тесiгiмен қатынасады. Иiс сезiмiмен iшкi танау тесiгiмен қатынасады. Иiс сезiмiмен iшкi танау хоандар кетедi, олар ауыз-жұтқыншақ қуысымен жалғасып тыныс алуға да қатысады. Қосмекендiлер иiс сезу мүшесiн ауада ғана пайдаланады, ал суда жүргенде танауын жауып жүредi.

Балықтарға тән бүйiр сызық, қосмекендiлердiң личинкаларына ғана тән. Бүйiр сызық тiршiлiгi үнемi суда өтетiн қосмекендiлердiң кейбiр құйрықты және құйрықсыз түрлерiнiң ересектерiнде өмiр бойы сақталады.

Қан айналу жүйесi. Эволюциялық дамудың барысында омыртқалы жануарлардың iшiнде құрлыққа шығуына байланысты қосмекендiлерде ең бiрiншi рет өкпе пайда болады. Осыған сәйкес қан айналыс жүйесiнде елеулi өзгерiстер туады. Барлық қосмекендiлердiң жүрегi балықтардың жүрегi сияқты екi бөлiмнен емес үш бөлiмнен: бiр қарыншадан, сол жүрекшеден және оң жүрекшеден тұрады. Өкпеде оттегiне қаныққан және көмiр қышқыл газы азайған қан өкпе веналары арқылы сол жақ жүрекшеге келiп құйылады. Мұндай қандарды вена қан тамырлары әкелсе де, оны артерия қаны деп атайды. Бүкiл денеге оттегiн таратып, көмiр қышқыл газына қаныққан қан веналар арқылы оң  жақ жүрекшеге келiп құйылады. Мұндай қанды вена қаны деп атауға ұйғарылған. Жүрекшелердiң жиырылуының нәтижесiнде барлық қан құлақшаға құйылады. Құлақшада артерия мен вена қандары толық араласпайды, өйткенi қарыншаның iшкi бетiндегi әртүрлi өсiндiлер қандардың толық араласуына мүмкiндiк бермейдi. Сондықтан жүрекше жиырылып болғаннан кейiн қарыншаның оң жақ бөлiгiнде вена қандары, сол жағында – артерия қандары, ал ортасында – аралас қандар тұрады.

Жүрекшенiң оң жақ бөлiгiнен артериялық конус шығады, одан төрт жұп артериялық доғалар тарайды. Бiрiншi жұп артерия таза артериялық қанды бас бөлiмiне апарады, оны ұйқы артериясы дейдi. Екiншi және үшiншi жұп артериялар дененiң барлық жерiне таратылған үлкен тамырлар жүйесiнiң аортасын құрайды. Төртiншi жұп артерия - ол қанды өкпеге апарады, әрбiр өкпе артериясынан бiрден үлкен қан тамыры шығып, терiге барып, терiде веноздық қан оттегiне қанығып денеге тарайды. Сондықтан бұл қан тамырларын өкпе-терi артериялары деп атайды. Сайып келгенде, қосмекендiлерде балықтардiкi сияқты бiр ғана қан айналыс шеңберi емес, екi қан айналыс шеңберi бар. Үлкен қан айналыс шеңберi – жүректен шыққан қан артериялар мен капиллярлар арқылы бүкiл дененiң бөлiктерiне тарап, одан капиллярлар мен веналар арқылы оң жақ жүрекшеге келiп құяды. Кiшi қан айналым шеңберi – жүректен шыққан қан өкпе артериясы мен капиллярлар арқылы өкпеге барады, одан капиллярлар және өкпе венасы сол жақ жүрекшеге келiп құяды.

Қосмекендiлерде бұл екi шеңбер жылы қанды омыртқалардағы сияқты толық бөлiнбеген. Вена қаны да, артерия қаны да жүректiң жалғыз қарыншасы арқылы өтедi. Қан тамырлар арқылы қан баяу қозғалады және қанда оттегi аз аралас қанмен қамтамасыз етедi. Сол себептен зат алмасудың дәрежесi жоғары болмай, олардың денесiнде жылу аз болады. Бұлар да балықтар сияқты, суық қанды жануарларға жатады. Олардың денесiнiң температурасы қоршаған ортаның температурасымен тығыз байланысты. Қосмекендiлердiң тiршiлiгiнiң маусымдық, тәулiктiк ерекшелiктерi және географиялық таралуы осыған байланысты. Олардың түрлерi тек тропикалық жерлерде ғана көп болады.                       

Тыныс алу жүйесi. Ересек кезiнде олар өкпесi мен терiсi арқылы тыныс алады. Өкпесi-крегесi ұсақ, жұқа ұя тәрiздi қуыстардан екi қалтаға ұқсайды. Өкпесiнiң толық жетiлмеуiне байланысты терi арқылы тыныс алу терi артерияларының капиллярлары арқылы iске асады. Мысалы, жасыл бақалардың терiсi қанның тотығуына қажеттi оттегiнiң 51 процентi енсе, қалған 49 процентi өкпе арқылы өтедi. Организмнен бөлiнетiн көмiрқышқыл газының 86 процентi өкпе арқылы, қалған 14 процентi өкпе арқылы бөлiнедi. Демек терiнiң тыныс алуының маңызы зор. Ол арқылы бақа тыныс алатын ауаны iшке таратады және сыртқа шығарады. Бақаның танау тесiгi ашылып, жабылып тұрады. Бақаның көкiрек клеткасы және қабырғалары болмайды. Ауа бақаның өкпесiне, басқа жануарлардағы сияқты көкiрек клеткасының кеңеюi арқылы кiрмейдi, танау тесiгi арқылы кiредi.

Қосмекендiлердiң суда тiршiлiк ететiн личинкалары сыртқы желбезек және терiсi арқылы тыныс алады. Үнемi суда тiршiлiк ететiн құйрықты қосмекендiлерде желбезек өмiр бойы сақталады, ал көптеген түрлерiнде кейiнiрек желбезек жойылып кетедi. Сайып келгенде тыныс алу жүйесiне келгенде қосмекендiлер балықтарға жақын.

Зәр шығару жүйесi. олардың зәр шығару  мүшелерi жас ерекшелiктерiне қарай құрылысы өзгергiш келедi. Мысалы, ұрықтың алғашқы даму кезiнде пронефрос, ал ересек кезiнде мезонефрос зәр шығару мүшелердiң қызметiн атқарады. Зәр заты алдымен клоакаға, одан кейiн қуыққа жиналады. Жиналған зәр заты қайтадан клоакаға содан кейiн сыртқа шығады. Ыдыраған заттардың аздаған бөлiктерi терi арқылы  да бөлiнедi.

Ас қорыту жүйесi. Қосмекендiлердiң негiзгi қорегi жануар тектес болады, оның iшiнде омыртқасыздар басым болып келедi. Бақалар өздерiнiң жалпақ та, жабысқақ тiлiмен қозғалып жүрген омыртқасыздарды тез ұстап алады. Барлық қосмекендiлердiң тiлiнiң үстiңгi бетiнен, желiм сияқты шырын бөлiнедi. Осы шырынның жәрдемiмен ұсақ жануарларды қорек етедi.

Тiстерi ұсақ бiркелкi үстiңгi жақ сүйектерiне, ал кейбiр түрлерiнде төменгi жақ сүйектерiне орналасқан. Кейбiр түрлерiнде (құрбақаларда) тістерi болмайды. Ас қорыту жүйесi ауыз қуысынан басталып жұтқыншақ қуысына жалғасады. Жұтқыншақ арт жағынан тарылып өңешке айналады. Ауыз-жұтқыншақ қуысына жалғасады. Ауыз-жұтқыншақ қуысына сiлекей бездерiнiң де жолдары ашылады. Lшектiң үстiнде жабысып ұйқы безi жатады. Бауыры үлкен, оның үстiнде өт орналасқан. Өт түтiгiне, ұйқы безiнiң жолыда келiп ашылады. Өңеш қарынмен жалғасады, қарын iшекпен тура iшекпен жалғасады.

Тiк iшек айқын ажыратылған, ол клокаға ашылады. Клоака арқылы нәжiстен басқа зәр және жыныс өнiмдерi сыртқа шығарылады.

Көбеюi. Аталық жыныс бездерi (семенники) бүйректiң жанында жатады. Тұқым безiнiң үстiнде белгiлi бiр пiшiнi жоқ, сары түстi майлы дене жатады. Бұлар ұрықтың, оның iшiнде дамитын сперматозоидтың қорегi болып саналады. Жыныс бездерiнiң жолдары бүйректiң алдыңғы  бөлiмi арқылы өтiп, вольвоф каналына жалғасады, сөйтiп ұрық зәр шығару жолы арқылы клоакаға жиналып, одан әрi сыртқа шығады. Бұдан еркектердiң зәр шығару мен Ұрық жолының қызметiн бiр ғана канал – вольвоф каналы атқаратынын көруге болады.

Аналық жыныс безi жұп, оның үстiнде майлы дене жатады. Уылдырық шашатын мерзiмде аналық жыныс бездерiнiң мөлшерi артады. Жетiлген жұмыртқалар дене қуысына түсiп, одан воронка тәрiздi бiр жұп жұмыртқа жолына – мюллеров каналдарына өтедi. Уылдырық мюллеров каналдары арқылы сыртқа шығады. Жұмыртқа жолы ұзын, оның алдыңғы бөлiмi – клоакаға ашылады.

Ұрықтану көпшiлiк жағдайда сыртта судың iшiнде өтедi. Көпшiлiк қосмекендiлердiң ұрықтану кезiнде еркегi ұрғашысына асылып, алдыңғы аяғымен ұрғашысының құрсағын қысып, уылдырықтың суға түсуiне себеп тигiзедi де, сол сәтте еркегi уылдырықты ұрықтандырады. Кейбiр түрлерiнде (тритондарда) еркегi спермаларын арнайы қапшықшада (сперматофорда) жинап, содан кейiн ұрғашысы клоакасының шетiмен жинап өзiнiң ұрық жолына кiргiзiп алады. Бұл жағдайда ұрықтану ұрғашысының iшiнде болады. Көпшiлiгiнде жыныс  диморфизмi жақсы дамыған(түсi-реңi, алдыңғы аяғында сүйелiнiң болуы т.б. белгiлерi), кейбiр түрлерiнiң еркегi ерекше қатты дыбыс бередi, ол дыбыс қапшығы-резонаторлардың арқасында шығады.

Дамуы. Қосмекендiлердiң сумен байланыстылығы көбею кезiнде өте айқын көрiнедi. Олар уылдырықтарын суға салады, уылдырықтардың дамуы суда өтедi. Ұрықтанғаннан кейiн  мөлдiр қабықтары iсiнедi де, бiрiне-бiрi жабысады да, үлкен түйiр пайда болады. 2-3 аптадан соң уылдырықтан бақаның личинкасы – итшабақ шығады. Итшабақ өз өмiрiнiң алғашқы күндерiнде жүзбейдi (аяқтары болмайды) және қоректенбейдi, өйткенi оның әлi ауызы болмайды. Бiрнеше күннен кейiн мүйiз жақтары бар ауыз пайда болады. Судың астындағы өсiмдiктердi кемiредi. Ең алғаш алдыңғы аяқтары негiзделедi, бiрақ ол сыртында көрiнбейдi, сондықтан сыртқа бiрiншi рет артқы аяқтары шығады. Итшабақ өзiнiң алғашқы кезеңдерiнде ұзын құйрықты, басының екi жағында сыртқы желбезектерi болады.Бұл кезде итшабақ балыққа өте ұқсас келедi. Оның дене пiшiнi балықтың денесi тәрiздi, желбезектерi бар, жүрегi екi бөлiмнен, қозғалу қызметiн құйрығы атқарады, оның тiптi бүйiр сызығы да бар. Сөйтiп бақа өзiнiң дамуында қосмекендiлердiң балықтан шығу тарихын қысқаша түрде қайталайды.

Дамудың барысында желбезек саңылаулары аздап бiтеле бастайды, мұнымен бiр мезгiлде өкпелерi дамиды (iшек өсiндiлiлерiнен) өкпелердiң дамуына қарай қан айналыс жүйесi де өзгередi. Қан айналысының екiншi шеңберi түзiледi. Перде жүрек құлақшасын екi жартыға бөледi, ендi жүрек үш бөлiмнен тұрады. Аяқтары өсiп жетiледi. Итшабақ аяқтарының көмегiмен басқаша жүзе бастайды. Құйрығы барған сайын кiшiрейе бередi. Ақыр соңында, өте кiшкентай бақалар жағаға жорғалап шығады, құйрығының қалдығы бiраздан кейiн ол да жоғалады. Итшабақ кiшкентай бақаға айналады. Ол кезiнде шөп тектес заттармен қоректенсе, олар жануар тектес азықтармен қоректенедi. Итшабақтың дамуы судың температурасына байланысты 2-3 айға созылады. Өмiр сүру ұзаєтығы табиғатта онша ұзақ емес, өйткенi табиғаттың қолайлы жағдайынан уылдырықтың даму кезiнде шығын көп болады. Сол сияқты жыртқыштардан және паразиттерден де азап шегетiнiн айту керек. Табиғатта олар онша көп жасамайды, ал қолда террариумда 10-15 жыл өмiр сүредi. Мысалы, құрбақа –20жыл, бақа –10 жыл тiршiлiк етедi.

 

Пайдаланған әдебиет:

1. Наумов С.П. Омыртқалылар зоологиясы. Ч.1,2. М., 1979.

2. Губашев Н.М. Зоология практикумы : оқу құралы / Н. М. Губашев, А. К. Днекешев, С. М. Жумагазиева ; ЖӘгір хан атындағы БҚ АТУ. -Орал : БҚ АТУ, 2007. - 151 с

3. Дәуітбаева Ә. Омыртқасыздар зоология 1,2-бөлім. Алматы., 200

4. Беркінбай О.Б.,Шабдарбаева Г.С. Қазақстан биоресурстары: жануарлар әлемі.Оқулық. Алматы,2013ж.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-07 21:09:19     Қаралды-3910

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »