Тақырыбы: Бас сүйектілер немесе омыртқалылар тип тармағы – Craniata немесе Vertebrata
1.Омыртқалылар тип тармағының морфологиялық, биологиялық сипаттамасы, систематикасы.
2. Жақсыздар бөлімі.
3. Дөңгелекауыздылар класы.
4. Миксина, минога отрядына сипаттама.
1.Омыртқалылар – хордалылардың ішіндегі ең жоғары сатыда тұрған жануарлар. Олардың жоғары дәрежеде екендігін көрсететін негізгі бір белгісі ол құрылысында және тіршілік әрекетінде. Төменгі сатыдағы хордалылармен салыстырғанда, омыртқалылардың тіршілік етуде түрлі жағдайларға бейімделуі, олардың морфологиялық және физиологиялық өзгешеліктеріне байланысты.Олардың бес бөлімнен тұратын бас миы жақсы жетілген, соншалықты жетілген сезім мүшелерінің денесін қозғайтын аяқтарының, сүйек қаңқаларының, омыртқалар жотасының жақсы жетілуі, олардың эволюциялық даму сатысының биігіне көтерілуіне мүмкіндік берген.
Қоректік заттарды іздеп табу, онымен қоректенуі, жетілген нерв системасы, қозғалмалы жақ сүйектері бір-бірімен тығыз байланысты дамиды. Жақ сүйектерінің ұстау тамақтарын ұстау қызметтері – төменгі сатыдағы хордалылармен салыстырғанда, омыртқалылардың өте жоғары дәрежеде шешілген. Осы қажеттіліктің нәтижесінде денесінде қанның жылдам тарауына және оны қан тамырларымен қозғап отыратын жүректің пайда болуына байланысты тіршілік ету әрекеті жоғарылай бастайды. Денесінде зат алмасу процесі күшейе түсуіне байланысты, денеден шығатын зәр заттарының мөлшері де артады. Сондықтан да ас қорытатын арнайы бездер – бауыр мен ұйқы безі және көптеген ішкі секреция бездері жетіледі. Төменгі сатыдағы хордалылар тек қана суда, теңізде тіршілік етсе, омыртқалылар тіршілікке қолайлы жердің бәріне таралады. Эволюцияның барысында омыртқалылар бейімделгіш қабілетін анық көрсетеді.
Омыртқалылар силурда, полеозойда белгілі болды, ал юра кезеңінде қазіргі тіршілік етіп жатқан жануарлардың барлық класы белгілі болады. Қазіргі уақытта омыртқалылардың 43 мың түрі белгілі.
Систематикасы:
Омыртқалылар – Vertebrata немесе бас сүйектiлер – Craniata тип тармағы
Класс үстi – Жақсыздар Agnatha
Дөңгелек ауыздылар класы – Cyclostomata
Балықтар класс үстi – Pisces
Шемiршектi балықтар класы – Chondrichthyes
Сүйектi балықтар класы – Osteichthyes
Класс үстi құрлықтағы омыртқалылар немесе төрт аяқтылар – Tetrapoda
Қос мекендiлер класы – Amphibia
Бауырымен жорғалаушылар класы – Reptilia
Құстар класы – Aves
Сүт қоректiлер класы – Mammalia.
2.Дөңгелек ауыздылар аздап балыққа ұқсайтын осы кезде тiршiлiк ететiн омыртқалылардың iшiндегi өте қарапайым құрылысты жануарлар. Олар теңiздерде және басқа да суларда тiршiлiк етедi. Дөңгелек ауыздылар жартылай немесе толық паразиттiк тiршiлiк жағдайына бейiмделген. Миногалар балыққа жабысып, олардың қанын сорады, кейде тiптi етiн жейдi. Ал миксин болса жабысқан жануарлардың денесiнiң iшiне кiрiп кетiп, етiнде, iшкi мүшелерiн де жейдi. Паразиттiк тiршiлiк етуiне байланысты, сорғыш воронкаларының түп жағында ауыз тесiгi болады. Дөңгелек ауыздылардың аяқтары мен жақтары болмайды. Иiс капсуласы бiреу, ол бiр ғана танау тесiгi арқылы сыртқа ашылады. Олардың мүйiздi тiстерi болады, терiсi жалаңаш. Балыққа тек сырт көрiнiсi ғана ұқсас, ал дөңгелек ауыздылар омыртқалылардың жеке өз бетiнше дамыған тарауы. Қазiргi уақытта сандары өте аз бiр ғана отряд қалған. Өзен мен тұщы суларда тiршiлiк ететiн миногалар (30 түрi бар) және мұхиттар мен теңiздерде тiршiлiк ететiн миксиналар (20 түрi бар.)
3. Сыртқы көрiнiсi. Денесi бас, көкiрек және құйрық бөлiмдерiнен тұрады. Әрине ол болса сүйектiлерге қарағанда әлсiздеу көрiнедi. Терiсi көп қабатты эпидермистен (эктодерманың туындысы) тұрады және бездi клеткалары көп, сол бездерден терi үстiне көп шырын шығады. Терi механикалық және сыртқы ортаның түрлi әсерлерiнен қорғайды. Дененiң ұзындығы бiрнеше сантиметрден 1 м-ге дейiн.
Нерв жүйесi. Барлық омыртқалылар сияқты олардың да бас миы бес бөлiмнен тұрады: алдыңғы, аралық, ортаңғы, мишық, сопақша ми. Көрсетiлген ми бөлiмдерi бiр тегiстiкте орналасқан және жоғары дамыған омыртқалылардiкi секiлдi олардың ми қыртысында иректерi болмайды. Аралық мидың үстiнде көру төбешiктерi мен эпифиз, ал оның төменгi жағында гипофиз орналасқан. Бас миының iшiнде басқа бөлiмдермен салыстырғанда сопақша ми жақсы дамыған. Одан көптеген нервтер кетедi атап айтқанда терiге, ауыз қуысына желбезек еттерiне, көздiң және беттiң еттерiне, тепе-теңдiк пен есту және т.б. мүшелерiне кетедi. Жұлын сопақша мидан басталып денесiнiң соңына дейiн созылып жатады, формасы лента тәрiздi. Жұлынның iшi қуыс, оны невроцель деп атайды. Барлық нерв клеткалары сол қуыстың iшiнде шоғырланған. Жұлын терiнi, денедегi ет жүйесi мен құйрықты iшкi мүшелердi нервпен қамтамасыз етедi. Жоғарыда айтылған 10 жұп бас миының нерв жүйесi барлық кластарда – балықтарда, қос мекендiлерде, бауырымен жорғалаушыларда, құстарда және сүт қоректiлерде кездеседi. Ми құрылыстарының ұқсастығына қарай барлық бас сүйектiлердiң шығу тегiнiң бiр екендiгiне көз жеткiзесiң.
Сезiм мүшелерi. Өте қарапайым. Иiс мүшелерi басқа омыртқалылардiкi сияқты екеу емес, дара болады. Алдыңғы мидың иiс бөлiмi дөңгелек ауыздыларда өте жақсы дамыған. Өйткенi бұл жануарларда тамақтарын iздеуде шешушi роль атқарады. Есту мүшесi iшкi құлақтан ғана тұрады. Дөңгелек ауыздыларда есту мүшесi өте нашар дамыған. Көздерi кiшкентай, миногалардың қасаң қабығы жетiлмеген, ал миксиндерде паразиттi тiршiлiгiне байланысты көздерi нашар жетiлген. Тепе-теңдiк мүшесi тек қана екi жарты шеңберлi өзектен немесе каналдан тұрады. Сыртқы ортада бағдарлап жүзiп жүру үшiн сейсмосенсорлы мүшелердiң маңызы зор. Бүйiр сызығы бастың терiсiнде, дененiң екi бүйiрiнде орналасқан. Бұл мүшелер жануардың айналасында не болып жатыр, соның бәрiн қабылдап отырады. Мысалы, судың ағысын, жүзiп келе жатқан жануарларды, т.б. аңғарып отырады.
Механикалық, температуралық, химиялық қоздырғыштар терiде кездесетiн неше түрлi сезгiш клеткалар мен нерв талшықтары арқылы қабылданады.
Қаңқасы. Бас сүйегi бар, бiрақ құрылысы қарапайым. Ми бөлiмiнiң асты шемiршек пластинкасының бүйiрiне шемiршектi есту капсуласы жалғасса, алдыңғы жағында шемiршектi иiс капсуласы жатады. Желбезек доғасы жетiлмеген. Аузында шемiршектi құрылысты воронкалар бар. Бас сүйегiнен бастап денесiнiң артына дейiн хорда созылып жатады. Әрине ланцетник пен салыстырғанда әлде қайда жетiлген, хорданың сыртында берiк қорғаныс қабығы, арқа бөлiмiнде жұлынды сақтайтын қабаттар бар. Миногаларда болашақ омыртқалылардың бастамасы, өсiп дамып келедi, ал миксиналарда ондай жоқ.
Ет жүйесi. Денесiнiң арқа жағында, құйрықта еттерi қарапайым құрылысты болады. Олар қабат-қабат болып жатқан еттен құралады, оны миомер деп атайды, ал миомерлер өзара жабын дәнекерлер арқылы жiктеледi, оны миосепта дейдi. Желбезек қапшықтары, ауыз воронкасы және тiл сақиналы еттерден тұрады. Ет жүйесiнiң көпшiлiгi жетiлiп жiктелмеген бұл олардың құрылысының күрделi еместiгiн көрсетедi. Қозғалу қызметiн атқаратын мүшелерi дара арқа және құйрық жүзу қанаттары. Дөңгелек ауыздылар денесiн бұраңдатып қозғалады, ал жүзгiш қанаттары олардың белгiлi бiр бағытта қозғалуын реттеп отырады. Олар балықтар сияқты ұзақ уақыт жүзе алмайды, сондықтан жиiрек* балықтарға кейбiр жүзiп жүрген заттарға бекiнiп жүредi. Көпшiлiк уақытын судың түбiнде, құмның арасында өткiзедi.
Қан айналу жүйесi. Басқа омыртқалылар сияқты дөңгелек ауыздыларда да жүрегi бар. Жүректiң жұмысын реттеп отыратын еттер көлденең салалы да, қантамырларының еттерi ұзын салалы болады. Жүрегi олардың екi камерадан (жүрекше, қарынша) тұрады. Жүрек еттерiнiң жақсы жұмысының нәтижесiнде ланцетниктерге қарағанда олардан қан тезiрек ағады. Жүрекшеге жұқа қабырғалы вена тамырлар арқылы бүкiл денеден көмiр қышқыл газына қаныққан және оттегi жоқ қандар келiп құйылады. Қарыншадан артерия қан тамыры – бауыр аортасы шығады. Бауыр аортасынан желбезекке қан таситын бiрнеше жұп желбезек артериялары басталады. Желбезекке алып келген қандар көмiр қышқыл газдың бiраз мүлшерiн берiп, оттегiне қаныққан қандар, желбезекке артерияларына түсiп арқа қолқасына құяды. Арқа қолқасы хорданың астымен қуалай отырып, денесiнiң артқы бөлiмдерiне артерия қанын таратады. Дөңгелек ауыздыларды бiр қан айналым шеңберi, жүрек арқылы тек веноз қандары ғана өтедi. Қанның формендiк элементтерi (эритроциттер, лейкоциттер және тромбициттер) – бауырда, асқазанда, iшектерде, бүйректе және тағы басқа әртүрлi мүшелердiң ұлпаларында түзiледi. Дөңгелек ауыздыларда көкбауыр әлi жоқ iшектiң алдыңғы бөлiмiнен бауыр дамиды, ал ұйқы безi жетiлмеген.
Тыныс алу жүйесi. Негiзгi тыныс алу жүйесi – жұтқыншақ өсiндiсiнен түзiледi, сыртқы желбезек пластинкаларымен байланысқан. Сыртқы желбезек тесiктерi арқылы ашылған желбезек қапшықтарынан тұрады. Денесiнiң ұзына бойына бас бөлiмiнiң екi жағына 7 жұп желбезек тесiктерi ашылады. Осы тесiктердiң iшiнде желбезек пластинкалары болады, осы пластинкаларда қан тамырының қоры құрылады. Желбезек қапшығының екiншi жағындағы iшкi желбезек жолдары жұтқыншаққа барып жалғасады. Тыныс алғанда су желбезек тесiктерiнен желбезек қапшықтарына енiп, ал тыныс шығарғанда осы жолмен қайта шығарылады. Тыныс шығарғанда судағы оттегiнiң мөлшерi азайып, көмiр қышқыл газының мөлшерi артып желбезек тесiктерiнен шығады.
Зәр шығару жүйесi. Негiзгi зәр шығару мүшесi бүйрек. Екi бүйрек арқа жағында хорданың астында орналасқан. Барлық дөңгелек ауыздылардың ұрықтарында алдыңғы бүйрек немесе пронефрос қызмет етедi. Ересек дөңгелек ауыздылардың зәр шығару жүйесi бүйрек каналдарынан тұрады, оны вольфов каналдары дейдi. Бұл каналдар зәр-жыныс қуысына барып ашылады. Ересек дөңгелек ауыздылардың көпшiлiгiнде бас бүйрек (пронефрос) күрделiрек дене бүйрегiне (мезонефрикалық) айналады. Дене бүйрегi дейтiнi ол басынан бастап, денесiнiң бiраз жерiне дейiн созылып жатады.
Ас қорыту жүйесi. Ас қорыту мүшелерi ауыздан және жақсы дамыған ауыз қуысы мен үлкен тiлден басталады. Тiлдiң үстiнде тамақты ұстап алуына бейiмделген мықты мүйiз тiстерi жұтқыншақтан және iшектен құрылады. Жағы жоқ, аузы дөңгелек, ол жануарлардың денесiнiң қай жерiне болмасын сорып жабысып алуға бейiмделген. Жұтқыншақ iшекпен жалғасып, аналь тесiгiмен аяқталады. Дөңгелек ауыздыларда қарын жоқ. Қарыны дамымағандықтан өңеш бiрден iшекке келiп жалғасады. Миногаларда iшектiң iшкi қабырғаларында спираль тәрiздi қыртыстары болады, олар ас қорыту жүйесiнiң iшкi сiңiру бетiн ұлғайтады да, тамақтың iшек қуысынан өтуiн баяулатып, оның толық қорытылуына себепшi болады. Lшектiң алдыңғы бөлiмiнен бауыр дамиды, iшектiң алдыңғы бөлiмiне келiп құйылатын өтi бар, ұйқы безi жетiлмеген. Миногалардың iрi түрi балықтарға шабуыл жасап денесiн кемiрiп iшiне кiрiп барлық iшкi мүшелерiн жеп, зиянын тигiзедi. Миноганың ұсақ түрлерi судағы омыртқасыздармен қоректенедi.
Көбеюi. Жынысты жолмен көбейедi. Дөңгелек ауыздылар дара жынысты. Жыныс бездерi дара, көбею кезiнде дене қуысының көпшiлiк жерiн алып жатады. Бұл бездердiң арнаулы шығару түтiктерi болмайды. Жетiлген жыныс гаметалары бездерден дененiң қуысына құйылып одан арнаулы тесiктер арқылы зәр-жыныс қуысына құйылып, зәр түтiк өзегi арқылы суға шығып, сол жерде ұрықтанады.
4.Дамуы. Миногаларда даму түрленiп жүредi. Ұрықтанған жұмыртқалардан, ересек миногаларға ұқсамайтын құмқазғыш деп аталатын личинка шығады. Құмғазғыштар көпшiлiк уақытта топырақты қазып, соның iшiнде жатады. Олар бiрнеше жыл өмiр сүредi, (2-5 жыл) сол жылдардың iшiнде олар ересек миногаларға айналады. Құмқазғыш кейбiр белгiлерiнiң болуына қарағанда (эндостильдiң болуы) тiршiлк ету тәсiлдерiне қарағанда ланцетниктерге ұқсайды. Миксиндер қос жынысты (гермафродит) болады. Олар тура дамиды.
Миногалар отрядына, миногалар тұқымдасына жататын өкiлi – Каспий миногасы Қазақстан қызыл кiтабына енгiзiлген. Туыстың жалғыз түрi. Өзендерге су құрылыстарын салу нәтижесiнде көбею жағдайының өзгеруiне байланысты бүкiл Каспий алқабында саны өте жылдам кемiп келе жатыр. Уылдырық шашу үшiн теңiзге құятын көпшiлiк өзендерге өрiстейдi. Ересектерi теңiзге құлайды, онда 55см-ге дейiн өседi.
Пайдаланған әдебиет:
1.Дәуітбаева Ә. Омыртқасыздар зоология 1,2-бөлім. Алматы., 200
2. Наумов С.П. Омыртқалылар зоологиясы. Ч.1,2. М., 1979.
3. Махмутов С. Омыртќалылар зоологиясы. Алматы. 1994.
4. Олжабекова К.Б. Омыртқалылар зоологиясы : Университеттердің биология факульт. бакалаврлары мен магистранттарына арналған оқу құралы / К.Б. Олжабекова ; К. Б. Олжабекова, Б.Е. Есжанов. - Алматы : Қазақ ун-тi. – 2007. 1-бөлім. - 400 с. (Жоғары оқу орындарының қауымдастығы)
Жарияланған-2015-10-07 21:00:24 Қаралды-13125
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану