UF

Тақырыбы. НЕСЕП — ЖЫНЫС АППАРАТЫ

 

  1. Несеп (бөлу) мүшелері
  2. Жыныс мүшелері

 

Несеп шығару мүшелері организмдегі зат алмасу процесінің соңғы ыдырау өнімі - несепті организмнен сыртқы ортаға шығарады.

Несеп шығару мүшелері екі бөлімге бөлінеді. Олар: негізгі несеп түзуші мүшелер - жұп бүйрек және несеп өткізуші жолдар - несепағар, қуық, несеп шығар /уретра/.

Еркек малдарда несепшығар жыныстық өзекпен бірігіп, несеп-жыныстық өзек құрайды. Ал, ұрғашы жануарларда несепшығар жыныстық мүшелердің несеп-жыныстық кіреберісіне ашылады.

Бүйрек. Бүйрек - пішіні лобия тәріздес, қызыл-қоңыр түсті қомақты, құрсақ қуысының бел аумағында орналасқан жұп мүше. Сырт жағынан бүйрек майы, ал тікелей өзін талшықты тығыз фиброздық қабық қаптап тұрады. Сөйтіп, бүйрек екі қабықпен қапталған. Бүйректің ішкі медиальдік ойыс беті - бүйректі қақпа арқылы оған қоректендіруші артерия мен жұмысын реттеуші жүйкелер еніп, одан вена және несепағар шығады. Бүйректің ішкі кескінінде бір-бірінен айқын ажыратылып тұратын үш аумақты байқауға болады. Олар: бүйректің фиброздық қабығының астындағы шеткі қызғылт - қоңыр түсті несеп түзуші қыртысты аумақ, бүйректің ортаңғы жағында орналасқан несеп өткізуші ішкі бозғылт аумақ және осы екеуінің аралығында жатқан қоңыр түсті ірі қан тамырлары өтетін шекаралық аумақ. Бүйректің тек ветральдік беті сірлі қабықпен қапталған.

Бүйректің қыртысты аумағында қаннан несеп түзетін ұсақ бүйректік денешіктер қатарласа орналасады. Оларды бір-бірінен іштік сәулелер ажыратып жатады.

Ішкі бозғылт аумақ көптеген бүйрек пирамидаларынан құралған. Олардың жалпақ табаны шетке қарай бағытталған. Пирамидалар табандарынан бүйректің қыртысты аумағына іштік сәулелер кетеді. Ал, пирамидалардың бүйрек ішіне қарай бағытталған төбелері - бүйректік емізікшелер деп аталды.

Шекаралық аумақты доғалық артериялардан бүйректің қыртысты аумағына сәулелік артериялар тарамдалады. Радиальдік артериялардың екі жағында қатар-қатар болып бүйректер денешіктері орналасады.

Бүйректің түрлері әртүрлі жануарларда әр түрлі болып келеді. Бүйректі құрайтын оның бөліктері - бүйрекшелерде де, бүйрекке тән үш аумақ және пирамида емізікшелері мен оларға жанаса жалғасып жатқан бүйректік тостағаншалар болады. Бүйрекшелер бір-бірінен өткізу түтікшелері және дәнекерлік ұлпа арқылы әр түрлі дәрежеде байланысып, бүйрек түрлерін құрайды. Негізінен олардың төрт түрі кездеседі.

  1. Көптік бүйрек
  2. Тілімді көпемізікшелі бүйрек
  3. Тегіс көпемізікшелі бүйрек
  4. Тегіс біремізікшелі бүйрек

Бүйрек паренхимасын несеп түзуші түтікшелер - нефрондар түзеді.

Нефрондардың негізгі бөлігі /80%/ қыртысты аумақта болады. Сонымен қатар ол аумақтан бүйрек денешіктерін де көруге болады.

Нефрон - капсуладан, проксимальдік бөлімнен, нефрон ілмектерінен және дистальдік бөлімнен тұрады.

Радиальдік артериядан бүйректік денешікке афференттік тармақ - әкелгіш артериола арқылы артериялық қан ағып келеді. Денешік ішінде әкелгіш артериоладан капиллярлар шумақшасы таралады. Сыртынан гломерула екі қабат шумақша қабықшасымен қапталады. Шумақшадан артериялық қан әкеткіш артериола арқылы ағып шығып, бүйректі қоректендіруші қан капиллярларына тармақталады. Әкелгіш және әкеткіш артериолалар аралығында артериялық капиллярлар шумақшасын - артериялық ғажап тор деп атайды. Әкелгіш артериоланың диаметрі кең, әкеткіш артериолалардың диаметрі тар. Сондықтан капиллярлар шумақшасына ағып келген қан мөлшері, одан ағып шығатын қан мөлшеріне қарағанда әлдеқайда көп болады. Осының нәтижесінде шумақша капиллярлары ішінде қан қысымы күшейеді де, қан сұйығының біраз бөлігі қан капиллярларының қабырғалары арқылы гломерула капсуласы қуысына шығарылып, одан әрі нефронның бөліктері арқылы жылжып ағады. Осы қан сұйықтығын алғашқы несеп дейді. Нефронның қабырғасы арқылы алғашқы несептен организмге қоректі заттар, су кері сорылып, керексіз ыдырау өнімдері несепке шығарылады. Сөйтіп, нефронның соңғы бөлігінде кәдімгі соңғы несепке айналады.

  Бұл заттардың қанға кері сорылуына нефронның проксимальдік бөліміндегі торшалардың құрылыс ерекшелігі септігін тигізеді.  Проксимальдік бөліктің қабырғасы бір қабатты куб эпителий түзеді. Эпителий торшаларының апикальдік бөлігінде көптеген микробүрлері болады. Бұлар микроскопта торшалардың щеткалық көбесі ретінде көрінеді. Осы торшалар негізгі сору аппаратын құрайды. Торшалар цитоплазмасында пластинкалық комплекс пен цитоплазмалық тор жақсы дамыған. Олар лизосомалар мен митохондрияларға бай келеді. Эпителий торшаларының базальдік бөлігінен цитолеммалардың терең қатпарларын көруге болады. Бұлар базальдік жолақ. Ол торшалардың ыдырау өнімдерін түзіп, несепке шығарады.

Бүйректік денешіктен алыстаған сайын нефрондарда щеткалық көбелер мен базальдік жолақ нашар байқалады. Нефронның иректелген проксимальдік бөлімі түзуленіп келіп, төмендегі нефрон ілмектеріне айналады. Нефрон ілмектері бозғылт зат аумағына қарай бағытталған төмендеуші бөліктен және қыртысты зат аумағына кері көтерілетін өрлеме бөліктен тұрады.

Төмендеуші бөліктің қабырғасы жалпақ эпителийден түзіледі. Ал, өрлеме бөліктің қабырғасы куб тәрізді эпителийден түзілген. Нефрон ілмектерінде тұздар мен судың кері сорылу процесі одан әрі жалғасады. Өз кезегінде нефрон ілмектерінің өрлеме бөлігі қабырғасы куб тәрізді эпителийден тұратын иректелген дистальдік  бөлімге ауысады. Бұл бөлімде су және хлоридтердің қайта сорылу процесі әрі жүріп жатады. Нефронның дистальдік бөлімінің кейбір бөліктері бүйрек денешіктеріне жақын жатады. Осы дистальдік бөлімнің торшалары қан қысымын реттеуге қатысатын гормональдік заттар түзуге бейім келеді.

Несепағар.  Несепағар - бүйректік түбектен шығып құрсақ қуысы қабырғасының дорсальдік бетін бойлай каудальдік бағытта, іштік сірлі қабығының несеп-жыныстық қатпар арқылы қуықтың дорсальдік қабырғасына жанасып, қуықтың сыртқы сірлі қабығы мен адвентициясының шекарасында қосылып, оның еттік қабығын тесіп өтеді. Одан соң еттік, кілегейлі қабықтар арасында 3-5см аралықта жүріп отырып, қуықтың қуысына ашылады. Несепағардың қуықтың қабырғасында осылай орналасуы несептің тек бір бағытта, яғни бүйректен қуыққа қарай ғана ағуына жағдай тудырады.

Несепағардың кілегейлі қабығын көп қабатты ауыспалы эпителий астарлайды. Несепағардың тек басталатын жағының кілегейлі қабығында ғана кілегей бөлетін бездер орналасады.

Еттік қабығы сыртқы, ішкі ұзынша және олардың аралығындағы сақинаша үш қабаттан түзілген. Сыртынан сірлі қабықпен қапталған.

Қуық. Қуық - пішіні алмұрт тәріздес несеп жиналатын қуысты мүше. Оның денесі, құрсақ қуысына қарай бағытталған төбесі, жамбас қуысына қарай енетін мойны болады. Қуықтың қабырғасы үш қабаттан тұрады, ал кілегейлі қабығында без болмайды. Ол көп қабатты ауыспалы эпителиймен астарланған. Қабырғасының ішкі дорсальдік несепағар ашылатын бетінде екі несепағарлық білеулер көрінеді. Ол несепағар тесіктерімен аяқталады. Осы тесіктерден несепағарлық қатпарлар қуықтың мойнына қарай бағытталып қуықтық үшбұрыш құрайды. Одан әрі несепағарлық қатпарлар бірігіп, несепшығарлық қырды түзеді. Қуықтың еттік қабығы несепағар қабырғасындағы сияқты үш қабаттан тұрады. Қуықтың мойнына қарай еттік қабық сақиналанып, оның қысқыш етін түзеді.

Сыртқы сірлі қабығы құрсақ және жамбас қабырғаларымен жалғасып, қуықтың орталық байламын, бүйірлік байламдарын түзеді. Несепшығар қуықтың мойнынан басталып, жыныстық мүшелерге барып ашылады. Сөйтіп, несеп–жыныстық өзектерді құрайды. Несепшығар қуықтан басталатын ішкі тесігі, жыныстық мүшелерге ашылатын сыртқы тесігі болады.

Еркек малдарда уретра жыныстық өзекпен бірігіп несеп - жыныс өзек, ал ұрғашы жануарларда ол несеп - жыныстық кіреберіс түзеді.

1 - сурет. Жылқының зәр бөлу мүшелері

1    — оң бүйрек (жүрек пішіндес), 2  — сол бүйрек, 3 — несепағар, 4 — 5 — оң жөне сол бүйрекүсті безі, 5 — клоака, 7 — 8 — бүйрек артериялары, 9 — кіндік артериясы, 10— куықтың төбесі, 11 — қуықтың денесі, 12 — куықтың мойны, 13 — несепағар білеуліктері, 14 — қуық үшбұрышы, 15 — несепағар тесігі, 16 — несепағар қатпарлары, 17 — несепшығар қыры

сурет. Бүйректің орналасу орны (топографиясы) А — шошқа,

Б — сиыр, В — жылқы

1—7 — бел омыртқалары, 12—18 — қабырғалар, а — сол бүйрек, б — оң бүйрек, в — көкет аяқшасы.

 

сурет. Бүйрек бөлікшесінің, бүйрек денешігінің және нефронның құрылысы

A — бүйрек бөлікшесі, Б — бүйрек денешігі, В — нефрон (бүйрек өзекшесі) I — қыртысты аймақ, II — бозғылт маңы (юкстамедулла) аймағы, III — бозғылт аймақ: 1 — сірлі қабық, 2 — фиброзды қапшық, 3 — бүйрек денешігінің шумақшасы, 4 — бүйрек денешігі, 5 — нефронның проксимальды бөлімі, 6 — нефрон ілгегінің төмендеген бөлігі, 7 — нефрон ілгегінің жоғарылаған бөлігі, 8 — нефронның дистальды бөлімі, 9 — бүйректің жинағыш түтікшесі, 10 — бүйрек емізікшесінің тесіктері, 11 — бөлікаралық артерия, 12 — доғалық артерия, 13 — бөлікшелераралық (радиальды) артерия, 14 — бүйрек емізікшесі, 15 — бүйрек тостағаншасы, а — бүйрек денешігі қапшығының сыртқы қабаты, б — бүйрек денешігі қапшығының ішкі қабаты, в — бүйрек денешігі қапшығының қуысы, г — бүйрек денешігінің қан капиллярлар шумақшасы, д — әкелгіш артериола, е — әкеткіш артериола

 

ЖЫНЫС МҮШЕЛЕРІ. Көбею мүшелері (органы размножения) — organa genitalia — жануарлар түрлерінің сақталуы мен ұдайы көбеюін қамтамасыз ететін ішкі мүшелердің жиынтығы. Жануарлардың көбею мүшелері бірнеше бөлімдерден тұрады. Олар: жыныс бездері (еркек жануарларда ен, ұрғашы жануарларда жұмыртқалық); жыныс жолдары (еркек жануарларда ен қосымшасы, шәует жолы, несеп-жыныс өзегі; ұрғашы жануарларда жатыр түтігі (жұмыртқа жолы), жатыр; қосалқы жыныс бездері (еркек жануарларда қуықалды, баданалық); жыныстық қатынас мүшелері (еркек жануарларда жыныстық мүше (пенис), ұрғашы жануарларда сыртқы жыныс мүшелері, несеп-жыныс кіреберісі және қынап). Жыныс бездерінде жыныс торшалары (сперматозоидтар, овоциттер) дамып, көбею процесін реттейтін гормондар түзіледі. Жыныс жолдары ұрықтану процесі мен ұрықтың дамуын қамтамасыз етеді. Эмбриондық кезеңде жыныс бездерінің паренхимасы мезодерманың нефрогонадотомынан, ал стромасы мезенхимадан дамиды. Жыныс тор­шалары сарыуыз қапшығы қабырғасында жетіліп, қан арқылы болашақ жыныс бездеріне келіп қоныстанған гаметобласттардан дамиды. Жыныс бездеріндегі жыныс торшаларының дамып, пісіп жетілуін қамтамасыз ететін тіректік торшалар (енде сустеноциттер, жұмыртқалықта фолликулалық торшалар) мезотелийдің жыныс қатпарларынан (буылтығынан) дамиды. Гормондар бөлетін эндокриноциттер мезенхимадан жетіледі.

Көбею мүшелері жануарлардың жынысына байланысты еркек (аталық) және ұрғашы (аналық) жануарлардың көбею мүшелері болып екіге бөлінеді.

Аталық және аналық көбею мүшелері жануарлар түрлерінің сақталуы мен ұдайы көбеюін қамтамасыз ететін мүшелер жүйелері.

Аталық көбею мүшлеріне ен, ен қосымшасы, шәуеттік жол, енқап, несепжыныстық өзек, қосалқы жыныстық бездер, жыныстық мүшенің терілік бүрік басы – күпек / препуций/ жатады.

Аталық көбею мүшелерінің негізгі жыныс безі - ен. Онда аталық жыныстық торшалар – спермийлер жасалынады.

Ен пішіні сопақша, жұп паренхиматозды мүше. Енде жыныстық торшалармен қатар, аталық жыныстық гормондар да түзіледі. Еннің басқа ішкі мүшелерден айырмашылығы - ол құрсақ және жамбас қуыстарынан тыс енқапта орналасады. Ол енбау арқылы осы жүйенің басқа мүшелерімен жалғасып жатады. Ен мен ен қосымшасы тығыз байланысып жатады. Еннің бас және құйрық екі ұшы, ен қосымшалық және оған қарама-қарсы бос екі жиегі, латеральдік және медиальдік беттері болады. Еннің бас ұшы ен қосымшасының басына құйрық ұшы ен қосымшасының құйрығына жанасып жатады. Ен сыртынан өзіндік қынаптық сірлі қабықпен қапталады. Бұл сірлі қабық еннен ен қосымшасына өтеді де, оны сыртынан қаптап, одан әрі сыртқы жалпы қынаптық қабыққа ауысар алдында екі қабат сірлі қабықтан тұратын ен шажырқайын түзеді. Өзіндік қынаптық сірлі қабық астында тығыз дәнекер ұлпалық берік-ақтық қабық енді қаптап жатады. Бұл қабы еннің бас ұшынан құйрық ұшына қарай үңгілене еніп, ен ортасын түзеді. Ен ортасынан еннің сыртқы ақтық қабығына қарай тығыз дәнекер ұлпалық перделіктер ен паренхимасын көптеген бөліктерге бөледі. Сөйтіп, ен екі бөлімнен: строма және паренхимадан құралған. Ен стромасы ақтық қабық, ен ортасы және перделіктерді түзеді. Ен стромасы арқылы енге қоректендіруші тамырлар және оның қызметін реттеуші жүйкелер өтеді. Ал ен паренхимасын перделіктер аралықтарындағы бөліктер жиынтығы құрайды. Бұл бөліктерді қабырғаларында спермийлер түзілетін иректелген ұрықтық түтікшелер және олардың аралығында жатқан аралық /интерстициальдік/ ұлпа құрайды. Интерстициальдік ұлпа торшаларында аталық жыныстық гормон түзіліп, қанға шығарылады. Иректелген тұқымдық түтікшелер ен ортасына қарай бағытталып, түзу ұрықтық түтікшелерге айналады. Олар ен ортасында бір-бірімен жалғасып, ендік тор жасайды. Бұл ұрықтық түтікшелер өзара қосыла отырып, алып шығу өзекшелерін құрайды. Ол ен қосымшасына қарай бағытталып, оның бас бөлігіне айналады. Ен қосымшасының бас бөлігінен шыққан алып шығу өзекшелері бір-бірімен қосылғаннан кейін, ен қосымшасы өзегін түзеді. Бұл өзек қосымшасының денесін және құйрығын құрайды.

Ен қосымшасының құйрық бөлігінде өзек кеңейіп, шәуеттік жолға айналады да, енбаудың құрамында құрсақ қуысына қарай бағытталады. Ен қосымшасы жыныстық жолдарға жатады. Ен қосымшасы қуысында спермийлер жиналады, уақытша оның қабырға сөлімен қоректенеді. Қабырғалық сөл ортасының әсерінен спермийлер қозғалмай, өздерінің тіршілік қасиеттерін сақтайды. Спермийлер жиынтығын шәует дейді.

Сонымен ен қосымшасында оның басы, денесі және құйрығы болады. Түзілген спермийлер ендік тор түтікшелерінен алып шығу өзекшелері арқылы ен қосымшасы өзегіне өтеді. Алып шығу өзекшелері ен қосымшасының басын құрайды. Олар бір-бірімен қосылып ен қосымшасы өзегін түзеді. Ол иректеліп, оның денесі мен құйрығын құрайды. Ен қосымшасының өзегі ен қосымшасы құйрығынан шәуеттік жолға айналады. Ен қосымшасының құйрығы енмен арнайы байламмен, ал еннің жалпы қынаптық қабығымен еннің шаптық байламымен байланысады.

Ерекшеліктері: айғырда еннің бас ұшы краниальдік, ал ен қосымшалық жиегі дорсальдік бағытта орналасады. Ен қосымшасы мен еннің аралығында ен қосымшасының саңылауы болады.

Бұқа, теке, қошқар ендерінің бас ұштары дорсальдік, ал қосымшалық жиектері каудальдік бағытта орналасады.

Қабан енінің бас ұшы краниовентральдік, ал ен қосымшалық жиегі дорсокраниальдік бағытта денеге қиғаш жатады.      

Енқап – құрсақ қабырғасынан дамыған, дорба тәріздес қуысты мүше. Оның қуысында ен және ен қосымшасы орын тебеді. Енқаптың өзі ұмадан және қынаптық қабықтардан тұрады. Ұма теріден және ет-серпімділік қабықтан түзілген. Ұма терісінде тер мен май бездері көп болады. Оның сирек түктері көзге жақсы көрінеді. Орталық сагиттальдік сызықтың бойымен онда орналасқан тері жиегін байқауға болады. Ет – серпімділік қабығы терінің шел қабатынан, беткейлік шандыр және бірыңғай ет ұлпасына дамыған. Ол сыртқы терімен тығыз байланысып кетеді де, біртұтас енқаптың сыртқы қабығын құрайды. Ет - серпімділік қабығынан түзілген ұманың ішкі пердесі ұма қуысын екіге бөледі. Ұманың ішкі бетінде еннің сыртқы көтергіш еті жатады. Ол ішкі қиғаш құрсақ етінен түзілген және оның жалғасы болып табылады.

Қынаптық қабықтар -  жалпы және өзіндік қабықтардан тұрады.

Еннің жалпы қынаптық қабығы бір-бірімен жапсарлана дәнекерленген екі жарғақтан: сыртқы көлденең құрсақ шандыр және ішкі сірлі қабықтың қабырғалық жапырағынан құралған. Еннің жалпы қынаптық қабығы сыртқы ұмамен борпылдақ дәнекер ұлпсы арқылы байланысады. Ал, өзіндік қынаптық қабық енді сыртынан қаптап жатады. Оның сыртқы беті ішкі сірлі қабықтың ішкі жапырағымен қапталады. Еннің жалпы қынаптық және өзіндік қынаптық қабықтарының аралығында қынаптық қуыс болады. Бұл қуыс қынаптық өзек арқылы құрсақ қуысымен жалғасады.

Шәуеттік жол -  ен қосымшасының құйрығынан басталатын түтік тәріздес мүше. Қабырғасы үш: кілегейлі, еттік және сірлік қабықтардан тұрады. Ол енбаудың құрамында оның медиальдік бетімен қынаптық қуыстағы ен қосымшасынан шап өзегіндегі қынаптық өзекпен құрсақ қуысына қарай өтеді. Құрсақ қуысында шәуеттік жол жамбас қуысына қарай дорсокаудальдік бағытта көтеріледі де, жамбас қуысында несеп-жыныстық қатпардың құрамында қуықтың дорсальдік бетіне көтеріліп, қуық мойнының артқы жағына көпіршікше без өзегімен бірігіп, шәует – шығару өзегін түзеді. Шәует шығару өзегін несепшығару өзегінің ішкі бетіндегі шәуеттік төбешікке келіп ашылады. Шәуеттік жолдың соңғы бөлігін-безді бөлік немесе ампула деп атайды.

Енбау – құрамына енге келетін тамырлар, жүйкелер, еннің ішкі көтергіш еті және шәуеттік жол кіреді. Ол сыртынан ен шажырқайының қатпарымен қапталған. Енбаудың пішіні конус тәріздес. Оның төбесі жоғарғы шаптық өзекке қарай бағытталған, ал табанымен төмен қарай ен қосымшасына байланысқан. Құрсақ қуысында енбаудың шәуеттік жол қатпары айырылғаннан кейін, тамырлық қатпар болып, құрсақ қабырғасымен дорсокраниальдік бағытта көтеріліп, белге қарай бағытталады. Тамырлық қатпардың құрамында ендік артерия, вена және жүйкелер болады.

Несепжыныстық өзек немесе аталық уретра - шәуеттік жол мен несепшығар өзектің қосылуынан пайда болады. Бұл мүше, несепшығару және көбею мүшелері жүйелерінің ортақ мүшесі. Оның қуық мойнынан басталатын ішкі және жыныстық мүше ашылатын және сыртқы тесіктері болады. Орналасу орнына қарай ол екіге: жамбастық және жыныстық мүшелік немесе шәуеттік бөліктерге бөлінеді. Оның қабырғасында қосалқы жыныстық бездер орын тебеді. Аталық уретра шоңданай доғасынан өткен соң, жыныстық мүшенің вентральдік бетіндегі уретралық сайда жатады да, жыныстық мүшелік деп аталады. Аталық уретраның жамбастық және жыныстық мүшелік бөліктерінің жіңішкерген аралығын оның мойыншығы дейді.

Аталық уретраның қабырғасы ішкі кілегейлі, ортаңғы кеуекті және сыртқы еттік қабықтардан құралған. Аталық уретраның кеуекті қабатының негізін серпімділік талшықтар және бірыңғай салалы ет торшалары мен арқауланған дәнекер ұлпа құрайды. Дәнекер ұлпалық қабықтар мен перделіктер аралықтарындағы кеуектік қуыстар вена тамырларының қалың торы орналасады. Қан тамырларының кеуекті қуыстары қанға толған кезде уретра қуысы ашылады. Кеуекті қабат жамбастық бөліктерге нашар жетілген, ал уретра мойыншығында ол күшті жетіліп, уретра баданасын түзеді.

Уретраның еттік қабығы көлденеңнен орналасқан көлденең-жолақтық еттік ұлпадан тұрады. Уретраның жамбастық бөлігінде еттік қабықтан және уретра баданасынан басталып,  жыныстық мүше түбіріне барып бітетін-уретралық ет түзіледі. Уретралық ет текеде, айғырда уретраның жамбастық бөлігін сыртынан қаптап жатады, ал қабанда, қошқарда, бұқада – уретраның дорсальдік бетінде бұл еттің орнында сіңір болады. Қабан мен айғыр уретрасының кілегейлі қабығында уретралық бездер жақсы дамыған.

Қосалқы жыныстық бездер. Бұл бездерге көпіршікше, қуықалды және баданалық бездер жатады. Олар уретраның жамбастық бөлігінің қабырғасында орналасады. Құрылысы жағынан бұлар көпіршікті-түтікшелі бездер. Бұл бездердің өзегі уретра қуысына ашылады.

Көпіршікше без - қуықтың үстінде, шәуеттік жолдың екі бүйірінде орналасқан жұп без. Бездің шығару өзегі шәуеттік жолмен бірігіп, шәуеттік төбешікке ашылады.

Қуықалды безі - орналасу орнына қарай: қабырғалық, қабырғадан тыс без болып екіге бөлінеді. Қабырғадан тыс без мойынның дорсальдік бетінде орналасады. Оның бүйірлік екі бөлігі, олардың аралығында орталық мойыншығы және денесі болады. Без өзектері шәуеттік төбешіктің екі бүйіріне келіп ашылады. Екінші қабырғалық без уретраның жамбастық бөлігінің кілегейлі, еттік қабықтарының аралығында, кеуекті денеде орналасады. Без өзектері уретраның дорсальдік қабырғалары арқылы екі қатар болып ашылады. Теке мен қошқарда тыс бездер болмайды.

Баданалық без - уретраның жамбастық бөлігінің артқы жағында орналасатын жұп без. Бұл безді жоғарғы жағынан бадана кеуектік ет жауып жатады. Қосалқы жыныстық бездердің сөлдері спермийлермен араласып, шәует түзеді. Бездер сөлі спермийлерді қозғалысқа келтіреді., қоректік қызметін атқарады, шәует жүрер алдында уретра қуысын несеп қалдықтарынан тазалайды. Көпіршікше без сөлі қынапқа шәуеттен соң бөлініп, кілегейленіп, қоюланып, шәуеттің жыныстық жолдан кейін төгілмеуін қамтамасыз етеді.

Жыныстық мүше /пенис/ - шағылысу мүшесі. Ол сыртынан тығыз дәнекер ұлпалық ақтық қабықпен қапталған үңгір қуысты денеден және аталық уретраның жыныстық мүшелік бөлігінен тұрады. Үңгір қуысты дене екі аяқшасымен шоңданай сүйектеріне бекиді. Жыныстық мүшенің екі аяқшаларын оның түбірі дейді. Бұл аяқшалардың әрқайсысының үстіңгі жағын жақсы дамыған шоңданай үңгір қуыстылық ет қаптап жатады. Жыныстық мүшенің екі аяқшасы бірігіп, оның денесін түзеді. Біріккен аяқшалар аралығында ұзынынан өтетін жыныстық мүше пердесі болды. Жыныстық мүшенің денесі, оның басымен аяқталады. Пенистің вентральдік, уретральдік бетіндегі уретральдік сайда жыныстық мүшелік уретра орналасады.

Аналық көбею мүшелеріне - жұмыртқалық, жатырлық түтік, жатыр, қынап, қынаптық кіреберіс және сыртқы жыныстық мүшелер жатады.

Жұмыртқалық құрылысы жағынан қомақты паренхиматозды, пішіні сопақша жыныстық без. Жұмыртқалықта аналық жыныстық торшалар дамиды. Мұнымен жұмыртқалықта аналық жыныстық гормондар да түзіліп, қанға және лимфаға шығарылады. Жұмыртқалық краниальдік түтіктің және каудальдік жатырлық екі ұшы, шажырқайлық және бос жиектері, латеральдік және медиальдік беттері болады. Жұмыртқалықтың түтіктік ұшына жатыр түтігінің шөлмегі, ал жатырлық ұшына өзіндік жұмыртқалық байлам арқылы жатыр мүйізі бекиді. Дорсальдік шажырқайлық жиегіндегі шажырқай арқылы жұмыртқалыққа қоректендіруші қан тамырлары мен жұмысын реттеуші жүйкелер енеді.

Сыртынан жұмыртқалық бастам эпителиймен қапталған. Оның астында тығыз дәнекер ұлпалық ақтық қабық жатады. Жұмыртқалықтың кесіндісінде бір-бірінен анық ажырайтын екі аумақты көруге болады. Олар: фолликулярлық және тамырлық аумақтар әр түрлі жануарларда бұл аумақтардың ара қатынасы мен өзара орналасу орны бірдей емес. Жылқыдан басқа жануарларда жұмыртқалықтарында фолликулярлық аумақтар мүшелердің сыртқы шетінде, ал тамырлық аумақтар орталығында орналасады. Бие жұмыртқалығында бұл аумақтардың орын тебуі керісінше.

Фолликулярлық аумақта әр түрлі даму сатысындағы аналық жыныстық торшалар орналасады. Пісіп-жетіліп жатқан жыныстық торшалар оларды қоректік заттармен қамтамасыз етуші фолликулярлық торшалармен қапталып, фолликулдер деп аталады.  Фолликулярлық аумақтың сыртқы шетінде әдетте жас жыныстық торшалар – ұсақ алғашқы фолликулдер топтанып жатады. Бұлардың кейбіреулері өсе келе, көлемі жағынан үлкейіп, олардың фолликулярлық торшалар қабаты көбейеді. Бұл торшалар өсіп келуші фолликулдер деп аталады. Өсуші фолликулдер фолликулярлық аумақта тереңірек орналасады. Фолликулярлық торшалар аралығында пайда болған қуыстар фолликулярлық сұйыққа толады. Қуыстар бір-бірімен қосылып, үлкен бір қуыс түзеді. Сөйтіп, өсуші фолликулдер көлемді көпіршіген фолликулға айналады. Қуыс сұйыққа толған көпіршігін фолликул үлкейе келе жұмыртқалықтың  паренхимасын  қысып, ығыстырып отырып, сыртқы ақтық қабық пен бастама эпителийге даму сатылары түгелімен фолликулдер ішінде жүреді. Жыныстық торшаның пісіп-жетуімен қатар, оның сыртқы фолликулярлық қабығындағы торшалар аналық жыныстық гормондарды да түзіп, алдымен фолликулярлық сұйықтыққа шығарылады. Одан соң, аналық малдар күйлейтін кезеңге қарай қанға сорылады да, оларды күйге келтіруге қатысады. Осы кезде жүйкелік жүйенің әсерімен көпіршіген фолликул ішіндегі қысым артып, фолликул жарылады да, оның ішіндегі жұмыртқа торшасы фолликулярлық сұйықпен бірге құрсақ қуысындағы жатырлық түтік шөлмегі арқылы жатырлық түтікке құйылады. Көпіршіген фолликулдың жарылу процесін – овуляция дейді. Жарылған көпіршіген фолликул қабырғасындағы қан тамырлары жыртылып, үзіледі де, фолликул қуысы қанға толады.                        

Фолликул қабырғасындағы фолликулярлық торшалар бөліну арқылы көбейіп, көлемі жағынан үлкейіп, фолликул қуысындағы қанға енеді. Бұл торшалар цитоплазмасына сары пигмент - лутейн жиналып фолликул сары денеге айналады. Осы сары дене торшаларында аналық гормондар бөлінеді. Егер де жұмыртқа торшасы ұрықтанса, онда сары дене үлкейіп, ұрғашы жануарлар туғанға дейін жұмырқалықта сақталып, өзіне тән эндокриндік атқарады. Ал, ұрықтану процесі жүрмеген жағдайда ол қайтадан ыдырап, жоғалып кетеді. Сары дене гормондарының әсерінен малдарда екінші жыныстық белгілер дамиды, жұмыртқалықта жұмыртқа торшасының пісіп жетілуі тоқталады. Жатырда ұрықтың дамуына қолайлы жағдай туады, жануарлардың іш тастауына жол берілмейді. Тамырлық аумаққа шажырқай арқылы қан тамырлары мен жүйкелік жұмыртқалық ішіне өтіп, фолликулярлық аумақтағы фолликулдердің пісіп жетуін қамтамасыз етеді.

Бие жұмыртқалығында тамырлы аумақ оның сыртқы шетінде, ал фолликулярлық аумақ ортаңғы бөлігін алып жатады. Вентральдік бетіндегі жұмыртқалық шұқырымен жанасып жатады. Жұмыртқалықтың тек осы шұқыр беті ғана бастама эпителиймен ғана қапталған. Ал қалғаны сірлі қабықпен қапталып жатады. Овуляцияда тек осы шұқырлар ғана жүреді. Бие жұмыртқалығының ұзындығы 5-8 см, салмағы 80 грамм. Ол бүйректің артқы жағында орналасады. Басқа малдарда жұмыртқалық толығымен бастама эпителиймен қапталған. Фолликулярлық аумақ жұмыртқалықтың сыртқы шетінде, ал тамырлы аумақ ортаңғы бөлігінде орналасады. Сиыр жұмыртқалығының салмағы 14-19 грамм. Бір мезгілде ондаған жұмыртқа торшаларының пісіп жетілуіне байланысты шошқа жұмыртқалығынан сыртқы беті бұдыр келеді. Ұрғашы жануарларда жұмыртқалықтар 5-6-шы бел омыртқаларының астында орналасады.

Жатырлық түтік – жұмыртқалықты жатырмен байланыстырып тұрған жіңішке иректелген түтікше мүше. Бұның жоғарғы үштен бір бөлігінің қуысында ұрықтану процесі жүреді. Қабырғасы кілегейлі, етті сірлік қабықтардан тұрады. Кілегейлі қабығы кірпікшелі эпителиймен астарланған. Жатырлық түтіктің жұмыртқалық алдыңғы үш шөлмек тәрізді кеңейіп шашақталып басталады. Шөлмектің шеткі шашақталған жиегін түтік салпыншақ, ал оның жұмыртқалыққа байланған бөлігін – жұмыртқалық салпыншақ деп те атайды. Шөлмектің түбінде жатырлық түтіктің құрсақтық тесігі, ал жатырға барып ашылатын тесігін – жатырлық тесік дейді. Жатырлық түтіктің алдыңғы жуан иректелген бөлігін оның ампуласы, ал соңғы түзуленген жіңішкелеу бөлігін мойыншығы дейді.

Жатырлық түтік сірлі қабық туындысы - шажырқайдың ішінде жатады. Бұның шажырқайы жалпақ жатырлық байламның медиальдік қатпары, ал жұмыртқалықтың шажырқайы оның латеральдік қатпары болып табылады. Олардың аралығын жұмыртқалық қапшық деп те атайды.

Жатыр-іштегі ұрық дамитын қуысты мүше.Үй жануарларының жатыры екі мүйізді жатырлар типіне жатады. Оның екі мүйізді денесі және мойны болады. Жатыр мүйіздерінің қуыстарына түтіктің тесігі ашылады. Жатырдың екі мүйізі мен денесінің қуыстары бірігіп, жатыр қуысын түзеді. Жатыр қуысы жатыр мойнының өзегі арқылы қынапқа ашылады.

Жатырдың қабырғасы үшеу: ішкі кілегейлі, ортаңғы ет және сыртқы сірлі қабықтардан құралған.

Көптеген сүтқоректі жануарлар жатырының кілегейлі қабығы кілегей бөлетін бір қабатты цилиндр тәрізді эпителиймен астарланған. Жыныс циклінің кейбір кездерінде мысалы, сары дене қайта дамыған кезде, жатырдың эпителий қабаты көп қатарлы немесе көп қабатты эпителий түрлеріне ауыса алады. Сонымен қатар, жатыр мүйіздерінің кілегейлі қабығында кірпікшелі торшаларды кездестіруге болады.

Көптеген қабықтың өзіндік пластинкасы борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады. Кілегейлі қабықта бір қабатты эпителиймен астарланған түтікшелі бездер болады. Бұл бездерден бөлінген сөл ұрықтық дамудың алғашқы кезінде қоректік зат ретінде қолданылады.

Жатырдың еттік қабығы үшеу: ішкі сақинаша, ортаңғы тамырлы және сыртқы ұзынша қабықтардан тұрады. Сірлі қабық жатырдың екі мүйізінен, оны белгілі жағдайда іліп ұстап, құрсақ-жамбас қабырғаларына бекітіп тұратын байламға ауысады. Осы байламның екі бүйіріндегі қатпарларда жатырдың жұмыр байламы болады. Жалпақ жатырлық байлам арқылы қоректендіруші қан тамырлары мен жүйкелер жатырға өтеді.

Ерекшеліктері: бие жатырының мүйіздері оның денесінен сәл ғана ұзын келеді, доға тәріздес беті төмен қарай бағытталған иілім түзеді. Ол 3-4-ші бел омыртқадан, 4-ші құйымшақ омыртқалары аралығында қабырғаға бекітілген.

Сиыр мен ұсақ малдардың жатыр мүйіздері керісінше иілген, яғни оның дөңес беті жоғары қарай бағытталған. Жатыр денесі келгенімен, ішкі қуысының біраз бөлігі аралық пердемен екіге бөлінген. Сиырда онша бөлінбеген, жатыр қуысының ұзындығы 5-6 см болады.

Оның кілегейлі қабығында әрбір қатарында 10-14-тен төрт қатар шығатын корункулалары орналасады. Бұл корункулаларда түтікше пішінді жатыр кірмелері болады. Ұсақ малдар корункулалалары бетінің ортасында шұңқыр жақсы байқалады. Шошқаның жатыр мүйіздерінің ұзындығы 140-150 см - ге дейін жетеді. Пішіні ішек ілмектеріне ұқсас. Мойынның ішкі бетінде көптеген қатпарлар болады.

Қынап – шағылысу және босану мүшесі. Қабырғасы ішкі кілегейлі ортаңғы еттік қабықтардан және сыртқы адвентициядан тұрады.

Қынап қынаптық кіреберіске айқын шекарасыз өтеді. Олардың шекарасының қызметін уретраның сыртқы тесігі ғана белгілеп тұрады.

Қынаптық кіреберіс, қынапты сыртқы жыныс мүшемен жалғастыратын түтік тәрізді мүше. Кілегейлі қабығы көп қабатты жалпақ эпителиймен астарланған. Оның төменгі бетінде кіреберістік вентральдік бездер орналасады.  Еттік қабығы қынап қабырғасындай бірыңғай салалы еттік ұлпадан тұрады. Бірақ оны сыртынан көлденең жолақты еттік ұлпадан тұратын кіреберістік қысқыш ет қоршап тұрады.

Сиыр мен биенің қынаптық кіреберісінде бүйірлік кіреберістік бездер жақсы жетілген. Биенің кілегейлі қабығы астында үңгір қуысты денеден тұратын жұп кіреберістік бадана жатады.

Сыртқы – жыныстық мүшеге жыныстық ернеулер, жыныстық саңылау және клитор жатады. Жыныстық ернеулер жоғарғы және төменгі жағына дорсальдік және вентральдік бітістермен жалғасады

Жыныстық ернеулердің негізін жыныстық саңылауды қысқыш ет құрайды .

4 сурет. Бұқаның жыныс мүшелері

1 — ен, 2 — ен қосымшасы, 3 — еннің шап байламы, 4 — жалпы қынаптық қабық, 5 — ұма, 6 — енбау, 7 — шәуетжолы, 8 — тамырлы қатпар, 9 — шәуетжолының кеңейген безді бөлігі (ампуласы), 10 — көпіршікше без, 11 — қуықалды безі, 12 — баданаша без, 13 — жыныстық қатынас мүшесі (пенис), 131 — S тәрізді иілім, 14 — баданаша-кеуекті бұлшық ет, 15 — шоңданай-кеуекті бұлшықет, 16 — пенистің басы, 17 — күпек, 18 — краниальды және каудальды күпек бұлшық еттері, 19 — шап өзегі, 20 — жыныстық аралық, 21 — жамбас қуысының вентральды қабырғасы.

Негізгі әдебиеттер

1       Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» Оқулық. – Алматы «Сөздік - Словарь», 2005.

2       Жаңабеков  К.,  Махашов  Е.: Жануарлар анатомиясы.   - Алматы, «Білім»,  1996.

3       Хрусталева И.В. және т.б. Анатомия домашних животных. Учебник. -  Москва. «Колос», 1994.

4       Акаевский    А.И.  и др.  Анатомия домашних животных. Учебник, - Москва. «Колос», 1984.

5       Гиммельрейх Г.А. и др. «Анатомия домашних животных» Учебное пособие. - Киев, «Высшая школа , 1980.

6       Жеденов   В.Н. Анатомия домашних животных. Учебное пособие. - Москва, «Высшая школа,    1965, 1973, 1977.

7       Осипов  И.Я.  Анатомия домашних  животных.  І - ІІ  часть.  -  Москва. «Колос»,    1965, 1972, 1977.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-10-03 16:11:20     Қаралды-15648

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »