Тақырыбы. Синдесмология (артрология) сүйектердің өзара байланысы
- Сүйектер байланысының (тұтаса және буындық) жалпы морфофункциональдық сипаттамасы
Қаңқа сүйектерінің байланысын зерттейтін ілімді — syndesmologia (грек. syn — байланыс; desmos — дәнекер; 1оgоs — ілім) — деп атайды.
Сүйектер байланысы жануарлар қаңқасы сүйектерінің бір-бірімен өзара белгілі заңдылықпен байланысуын қамтамасыз етеді. Жануарлар қаңқа сүйектерінің байланыс түрлері, олардың организмдегі атқаратын қызметтерімен тікелей байланысты. Егер де сүйектер организмнің тіршілігіне тым қажет мүшелерді қорғау қызметін атқаратын болса, мысалы, ми сауыты, онда сүйектер байланысы шектеулі қозғалысты немесе қозғалмай байланысуды қамтамасыз етеді, яғни сүйектер бір-бірімен тұтаса байланысады. Ал организмнің кеңістіктегі қимыл қозғалысына қатысатын сүйектер бір-бірімен өзара буындар арқылы қозғалмалы байланысады. Демек, жануарлар қаңқасы сүйектерінің байланыс түрлерін екі топқа бөлуге болады. Олар: қаңқа сүйектерінің тұтаса байланысы және буынды байланысы.
Қаңқа сүйектерінің тұтаса байланыс түрлері. Тұтаса байланыс (непрерывное соединение, или сращение) — synarthrosis — қаңқа сүйектерінің бір-бірімен түрлі ұлпалар (тканьдер) арқылы байланысын қамтамасыз етеді. Байланысқан сүйектердің аралықтарында ешқандай қуыс қалмайды. Демек, сүйектер аралықтарындағы қозғалыстың сипаты, оларды байланыстыратын ұлпалардың қасиеттеріне байланысты болады. Қаңқа сүйектерін байланыстыратын ұлпалардың түрлеріне сәйкес, сүйектер тұтаса байланысының бес түрі ажыратылады:
1. Синсаркоз (мышечное сращение) — synsarcosis — сүйектердің бұлшық ет арқылы байланысы. Синсаркозға жауырын мен тоқпан жіліктің бұлшық еттер арқылы тұлға сүйектеріне байланысын жатқызуға болады. Синсаркозды байланыста сүйектер аралықтарында ауқымды қимыл байқалады.
2. Синэластоз (эластическое сращение) — synelastosis — сүйектердің серпімді (эластинді) талшықты дәнекер ұлпасы арқылы байланысы. Синэластозға бассүйектің, мойын омыртқаларының және көкірек омыртқалары жоталық өсінділерінің өзара желке, сондай-ақ, омыртқа доғалары мен жота өсінділері аралықтарындағы эластинді байламдар арқылы байланысын жатқызады. Сүйектер аралықгарында серпімді қимыл байқалады.
3. Синдесмоз (соединительнотканное сращение) — syndesmosis — сүйектердің талшықты дәнекер ұлпасы арқылы байланысы. Жануарлар организмінде мұндай байланыстың үш түрі кездеседі. Олар: 1. Жұқа талшықты жарғақ (membrana) арқылы сүйектердің байланысы. Бұған шүйде-атлант буынындағы, құйымшақпен жамбас-сүйекаралықтарындағы коллаген талшықтарынан тұратын жұқа жарғақтар жатады. 2. Байлам (ligamentum) арқылы сүйектердің өзара байланысы. Байлам тым берік коллаген талшықтары шоғырлы будаларынан құралған сіңір. Бұған иттің кәрі жілігі мен шынтақ сүйегі аралығындағы сіңірді жатқызуға болады. 3. Жік (sutura) сүйектер арасындағы тым жұқа дәнекер ұлпалық аралықтар арқылы олардың байланысы. Жіктік байланысқа жас төлдердің жалпақ бассүйектері аралықтарындағы пішіні әр түрлі жұқа жіктер жатады. Сүйектер аралықтарындағы қимыл шектеулі болады.
4. Синхондроз (хрящевое сращение) — synchondrosis — сүйектердің шеміршек ұлпалары арқылы байланысы. Синхондрозға омыртқа денелері мен төссүйек бөліктері аралықтарындағы және қабырғалардың төссүйекпен байланысы жатады. Сүйектераралықтарындағы қимыл тіптен шектеулі.
5. Синостоз (костное сращение) — synostosis — сүйектердің сүйек ұлпасы арқылы байланысы. Байланыстың бұл түріне, яғни сүйектенуге ересек жануарлар бассүйектерінің, құйымшақ омыртқаларының,
жамбас сүйектерінің, кейбір тізе және тілерсек сүйектердің байланысы жатады. Сүйектер аралықтарында қимыл тіптен болмайды.
Қаңқа сүйектерінің буынды байланысы. Буынды байланыс (суставное соединение) — diarthrosis — сүйектердің қозғалмалы байланысын қамтамасыз етіп, организмдегі түрлі қимыл қозғалыстарды іс жүзіне асырады. Буынды құрайтын сүйектер бастары аралықтарындағы буын қуысында қоймалжың сұйық синовия болады.
Буын (сустав) — articulatio — құрылысына байланысты қарапайым және күрделі болып екіге бөлінеді. Қарапайым буынды тек екі сүйектің буын бастары құрайды. Олардың аралығында бір буын қуысы болады. Күрделі буындарды түзетін негізгі сүйектердің буын бастары аралығында бір немесе бірнеше қатарда орналасқан майда сүйектер, болмаса шеміршектер болады. Сондықтан, олардың аралықтарында екі не одан да көп синовияға толған буын қуыстары қалады.
Буындардағы қозғалыстардың түрлері буынды түзетін сүйектер бастарының пішініне байланысты болып келеді. Пішіні цилиндр, шығыр, бұранда тәрізді сүйек бастары буындағы қимылдың тек бір біліктің (осьтің) бойымен, пішіні сопақ және ер тәрізді сүйек бастары екі біліктің, ал шар тәрізді сүйек бастары үш не одан да көп біліктің бойымен қозғалуына мүмкіндік береді. Осыған орай, атқаратын қызметтеріне сәйкес буындар бір білікті, қос білікті және көп білікті буындарға ажыратылады. Буындардағы қозғалыстарды бір-біріне қарама-қарсы бағыттарда жүретін бірнеше топтарға бөледі. Олар: жазылу (экстенсио) және бүгілу (флексио), алыстау (абдукцио) және жақындау (аддукцио). Айналу (ротацио): сыртқа айналу (супинацио) және ішке айналу (пронацио) болып екі қарама-қарсы қозғалыстарға ажырайды.
Буынның құрылысы. Буынды сыртынан буын қапшығы (capsula articularis) қаптап жатады. Буын қапшығы өз кезегінде екі қабат жарғақтан тұрады. Олар: сыртқы — талшықты (фиброзды) және ішкі — синовиялы жарғақтар. Фиброзды жарғақ (membrana fibrosa) буынды құрайтын сүйектер бастарының сүйек қаптарының сыртқы фиброзды қабаттарының буындағы жалғасуынан түзіледі. Ол қорғаныс қызметін атқарады. Синовиялы жарғақтары (membrana synovialis) ішкі беті буынның қоймалжың сұйығын (синовияны) бөлетін, бір не бірнеше қабат жалпақ торшалармен астарланған борпылдақ дәнекер ұлпасы құрайды. Синовиялы жарғақ қан мен лимфа тамырларына бай. Буынның құрылысына байланысты буында бір немесе бірнеше буын қуысы (cavum articularis) болады. Буын қуысына қараған сүйектердің буын беттері гиалинді буын шеміршегімен (cartilago articularis) қапталған. Синовия (synovia) сүйектердің шеміршекті буын беттерін майлап, оларды қоректендіріп тұрады. Синовия құрамының 98 % -ы су, 2 % -ы белок. Буынның көмекші мүшелеріне буынның ішіндегі шеміршек дискілер, шеміршек тегіршіктер (менискілер), буын ішіндегі және сыртындағы сіңірлі байламдар, буынның сыртындағы тиекше сүйектер жатады. Буын қуысындағы шеміршек дискілер мен тегіршіктер, буынды құрайтын негізгі сүйектер бастарының бір-біріне сәйкес келмейтін буын беттерін сәйкестендіріп үйлестіруге көмегін тигізеді. Буын ішіндегі байламдар сүйек бастарының берік байланысуын қамтамасыз етеді. Сыртқы байламдар сүйектер бастарын байланыстырумен қатар, буындағы қозғалыстардың белгілі бір бағыттарда іс жүзіне асуына ат салысады. Буын байламдары буын қапшығы фиброзды жарғағының қалындап жуандауынан дамып жетіледі. Тиекше сүйектер буын маңындағы сүйектер мен бұлшық еттер сіңірлері аралықтарында орналасып, оларға тіректік қасиет береді және бұлшық еттердің жиырылу қызметтерінің іске асуына көмектеседі.
Бассүйек сүйектерінің байланысы
Бассүйек сүйектері бір-бірмен негізінен талшықты дәнекер ұлпалық жұқа аралықтармен жіктер тузу арқылы тұтаса (синдесмоз) байланысады. Жіктер, әсіресе, жас төлдер бассүйектерінде жақсы көрінеді. Жануарлар есейген сайын, дәнекер ұлпалық жіктер сүйектеніп (синостоз) кетеді. Бассүйек сүйектері аралықтарында жіктің үш түрі кездеседі. Олар: тегіс жік (sutura plana), тісше жік (sutura serrata) және қабыршақша жік (sutura squamosa). Бұлардың ішіндегі ең берік жіктік байланыс қабыршақша жік. Қабыршақша жіктік байланыс кезінде, сүйектердің байланысатын жиектері жұқарып барып, бір-бірімен тығыз жанаса жабысып байланысады. Тісше жіктерде сүйектер жиектері тіс тәрізденіп, бірінің қырлары екіншісінің сәйкес ойықтарына еніп байланысады. Тегіс жіктер беріктігі жағынан ең нашары. Бұларда сүйектер жиектері жай ғана жанаса байланысады.
Омыртқалар байланысы. Омыртқа бағаны бойында сүйектер байланыстарының бірнеше түрлері кездеседі. Омыртқалар денелері: синхондроз (құйымшақ омыртқаларының денелері — синостоз), омыртқа доғалары — синдесмоз, буын өсінділері қарапайым жалпақ буындар арқылы байланысады.
Көкірек керегесі сүйектерінің байланысы
Қабырғалардың бастары мен төмпектері көкірек омыртқаларының денелерімен және көлденең өсінділерімен байланысып, қабырға-омыртқа буындарын (articulatio costovertebrales) құрайды. Олар өз кезегінде қабырға бастарының буындары (articulatio capitis costae) мен қабырға-көлденең өсінді буындарынан (articulatio costotransversaria) құралады. Қабырға бастарының буындары қабырғалар бастарының көкірек омыртқалары денелерінің қабырғалық ойыстарымен байланысуынан құралады. Қабырға-көлденең өсінді буындарын көкірек омыртқаларының көлденең өсінділері мен қабырғалар төмпектерінің байланысы түзеді. Аталған буындар құрылысы жағынан қарапайым буындарға жатады. Қабырға бастарының буындарында қабырғалар бастарын омыртқа ойыстарымен жалғастырып тұратын буындар ішіндегі байламдар және бір омыртқаның екінші қарама-қарсы жағындағы осындай қабырғалар бастарын бір-бірімен өзара байланыстыратын қабырғалар бастары аралық байламдар болады. Күйісті жануарларда аталған буындардың пішіндері ер тәрізді болып келеді де, қос білікті буындарға жатады. Бұл буындар жоғары-төмен және алға-артқа қозғалады.
Стернальды қабырғалар шеміршектері төссүйекпен төссүйек-қабырға буындарын (articulatio sterno-costales) құрайды.
Төссүйек бөліктері бір-бірімен өзара синхондроз арқылы, ал күйіс қайтаратын жануарлар мен шошқада төссүйек түтқасы мен төссүйек денесі буын арқылы байланысады. Төссүйектің ішкі бетінде байламдар болады.
Алдыңғы аяқ сүйектерінің байланысы. Жауырын мен тоқпан жілік дене тұлғасымен және баспен синсаркоз, кейбір тізе сүйектері және жылқыда кәрі жілік пен шынтақ сүйек синостоз арқылы байланысады. Ал алдыңғы аяқ сүйектері өзара байланысып, құрылысы мен қызметі түрліше буындар түзеді. Олар: иық, шынтақ, тізе және бақай буындары.
Иық буыны (articulatio humeri) жауырынның буын ойысы мен тоқпан жілік басынан құралған, құрылысы қарапайым, қызметі жағынан көп білікті (пішіні шар тәрізді) буын. Буындағы қозғалыстардың түрлері: экстенсио, флексио, аддукцио, абдукцио, супинацио, пронацио. Жылқының иық буыны қапшығында буынның сыртқа, ішке, бүйірге және бүгілу қозғалыстарын шектеп, буын байламдарының қызметін атқаратын қиғаш сіңірлі шоғырлар болады. Олар буын қапшығының құрамында жауырын төмпегінен басталып, дорсолатеральды және дорсо-медиальды бағыттарда ажырап, тоқпан жіліктің латеральды және медиальды төмпешіктеріне барып аяқталады.
Шынтақ буыны (articulatio cubiti) тоқпан жіліктің дистальды буын шығыры мен кәрі жілік және шынтақ сүйектің проксимальды эпифиздерінің буын беттерінен түзілген, күрделі және бірбілікті буын. Буын қапшығының сыртқы жағындағы екі қапталында латеральды және медиальды бүйір байламдары (ligamentum collaterale laterale et mediale) болады. Буындағы қозғалыстар: экстенсио және флексио.
Тізе буыны (articulatio carpi) кәрі жілік пен шынтақ сүйектен, тізе және алдыңғы жіліншік сүйектерден құралған, құрылысы күрделі, бір білікті буын. Буын қапшығының сыртқы фиброзды жарғағы буындағы барлық буын қуыстарына ортақ, оларды сыртынан қаптап жатады. Ал оның ішкі синовиальды жарғағы буынды құраушы әрбір сүйектер қатарларына жекелей байланысып, буын қуыстарын бір-бірінен бөліп тұрады. Буынның екі бүйір қапталында сүйектерді бүйір жақтарынан байланыстыратын ұзын және қысқа бүйір байламдар, тізе сүйектердің проксимальды және дистальды қатарларындағы сүйектерді байланыстыратын қатараралық байламдар, бір қатардағы сүйектерді өзара байланыстыратын сүйектераралық байламдар болады. Буындағы қозғалыстар: экстенсио және флексио.
Бақай буындарына тұсамыс, топай және тұяқ буындары жатады.
Тұсамыс буыны (articulatio compedalis) алдыңғы жіліншік пен тұсамыс сүйектердің бастарынан құралған қарапайым, бір білікті буын. Буынның бүйір байламдары және артқы бетіндегі тиекше сүйектермен байланыстыратын арнайы байламдар болады. Буындағы қозғалыстар: экстенсио және флексио.
Топай буыны (articulatio coronalis) тұсамыс және топай сүйектері бастарынан құралған қарапайым, бір білікті буын. Буынның бүйір байламдарынан басқа, артқы бетінде пальмарлы байламдар болады. Қозғалыстар: экстенсио және флексио.
Тұяқ буыны (articulatio ungularis) топай және тұяқ сүйектердің (итте - тырнақ буыны) буынды бастарынан құралған қарапайым, бір білікті буын. Буынның бүйір байламдарынан басқа, жылқыда тұсамыс-тиекше, тұяқ-тиекше, жұп тұяқты жануарларда тұяқаралық крест тәрізді байламдар болады. Қозғалыстар: экстенсио және флексио.
Артқы аяқ сүйектерінің байланыстары. Жамбас суйектерін құрайтын мықын, шат және шонданай сүйектері, кейбір тілерсек сүйектері бір-бірімен синостоз, екі жақтың жамбас сүйектері синхондроз (симфиз) арқылы тұтаса байланысады. Аяқ сүйектері құрылысы мен қызметі әр түрлі қозғалмалы буынды байланыстар түзеді.
Құйымшақ-мықын буыны (articulatio sacroiliaca) құйымшақ пен мықын сүйектерінің құлақша беттерінің жанаса байланысуы нәтижесінде түзілген қарапайым, тегіс жалпақ буын. Буын қапшығынан басқа, дорсальды ұзын және қысқа құйымшақ-мықын байламдары, құйымшақ-шонданай байламдары болады. Буында қозғалыс жоқтың қасы.
Жамбас-ортан жілік буыны (articulatio coxae) жамбас сүйектің ұршық шұңқыры мен ортан жілік басының байланысуынан құралған қарапайым, көп білікті буын. Ұршық шұңқырының шеміршек ернеуі ойығынан жоғарылау орналасқан көлденең байлам ұршық шұңқырын тереңдетеді. Жамбас-ортан жілік буыны қуысында ұршық шұңқыры мен ортан жілік басындағы шұңқырларды байланыстырып тұратын буын ішіндегі жұмыр байлам (ligamentum teres) болады. Жылқыда құрсақтың тік бұлшық етінің сіңірі шат төмпегін ортан жілік басының шұңқырымен байланыстырып, артқы аяқтың бүйірге қозғалысын шектейді. Бұл сіңірді қосымша байлам деп атайды. Сондықтан, жылқы бүйірге тебе алмайды, тек артқа қарай тебеді, ал сиыр және басқа жануарлар бүйірге қарай тебе алады. Буындағы қозғалыстар: экстенсио, флексио, аддукцио, абдукцио, супинацио, пронацио.
Тобық буыны (articulatio genus) ортан жіліктің дистальды эпифизінің латеральды және медиальды айдаршықтарынан, асықты жіліктің проксимальды эпифизінің латеральды және медиальды айдаршықтарынан, аталған жіліктер айдаршықтары аралығындағы латеральды және медиальды шеміршек тегіршіктерден және тобық сүйектен құралған күрделі, бір білікті буын. Тобық буыны өз кезегінде: тобық сүйек және ортан жілік, асықты жілік буындарынан тұрады.
Тобық сүйек буынын (articulatio femoro-patellaris) тобық сүйек пен ортан жіліктің дистальды эпифизінің алдыңғы буын шығыры құрайды. Буынның буын қапшыгынан басқа, ортан жілікті тобық сүйекпен байланыстыратын көлденең латеральды және медиальды ортанжілік тобық байламдары болады. Тобық сүйектің латеральды, ортаңғы және медиальды тік байламдары, оны асықты жіліктің проксимальды эпифизіндегі бұдырмен байланыстырады.
Ортан жілік-асықты жілік буынын (articulatio femoro-tibialis) аталған жіліктердің латеральды және медиальды айдаршықтары өзара латеральды және медиальды шеміршек тегіршіктер арқылы байланысып құрайды. Аталмыш буында ортан жілік пен асықты жілік айдаршықтарын, олардың аралығындағы шеміршек тегіршіктермен (менискілер) байланыстыратын байламдар болады. Оларға: латеральды тегіршіктің артқы бетін ортан жіліктің медиальды айдаршығымен жалғастырып, қиғаш жатқан ортан жілік тегіршік байламы мен латеральды және медиальды тегіршіктерді асықты жіліктің аттас айдаршықтарымен жалғастыратын алдыңғы және артқы асықты жілік-тегіршік байламдары жатады. Буынның екі бүйірінде, ортан жілік пен асықты жіліктің байлам төмпешіктері мен шұңқырларын байланыстыратын сыртқы латеральды және медиальды бүйір байламдары болады. Медиальды бүйір байлам медиальды тегіршікпен де байланысады. Бұлардан басқа, шеміршектер аралығындағы ойықтан басталатын ішкі бүйір байламдар айқасып, оның латеральды байламы асықты жіліктің алдыңғы жағынан ортан жіліктің артқы бетіне, ал медиальды байламы керісінше, аталған жіліктердің артқы жағынан алдыңғы бетіне өтіп, оларды байланыстырады. Сондықтан, буын ішіндегі бұл байламдарды крест тәрізді байламдар — деп атайды. Буындағы қозғалыстар: экстенсио, флексио.
Негізгі әдебиеттер.
1 Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» Оқулық. – Алматы «Сөздік - Словарь», 2005.
2 Жаңабеков К., Махашов Е.: Жануарлар анатомиясы. - Алматы, «Білім», 1996.
3 Хрусталева И.В. және т.б. Анатомия домашних животных. Учебник. - Москва. «Колос», 1994.
Жарияланған-2015-10-03 15:55:37 Қаралды-23816
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану