UF

Тақырыбы: «Қоршаған орта пәнің оқыту әдістемесі»

 

1. Кіріспе. «Қоршаған орта оқыту әдістемесі» ­- педагогикалық ғылым

 

1.1 Кіріспе. Қоршаған орта оқыту әдістемесінің объектісі, методологиялық негіздері

Қоршаған орта пәнін оқыту әдістемесі – педагогикалық ғылым. Бұл жаратылыстану негіздері циклінен алған білімдеріне сүйене отырып бастауыш класта дүниетану пәнін оқытуға қажетті теориялық, әдістемелік білім мен білікті, педагогикалық шеберлікті үйрететін курс болып табылады.

Қоршаған орта пәнін оқыту әдістемесінің объектісі жаратылыстану негіздері туралы теориялық білімді, яғни қоршаған орта, ондағы заттар мен денелер, құбылыстар мен үдерістер, қоғамдық қатынастарынан бастауыш сынып оқушыларына жас ерекшеліктеріне сай білім берудің әдіс-тәсілдерін, формаларын және баланың жалпы құзыреттіліктерін қалыптастырып, жетілдірудің жолдарын меңгертетін курс болып табылады. Кіші жастағы оқушылар дүниені біртұтас күйінде қабылдайды, оның көріністерін биологиялық, физикалық, химиялық құбылыстарға бөлмейді. Жаратылыстану білімін интеграциялап оқытудың алғашқы кезеңінде табиғат құбылыстары туралы дұрыс, біртұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді, табиғат туралы ғылымдарды одан әрі саралай оқып үйренуге белгілі бір негіз қалайды. Оны оқып-үйрену барысында дүниенің материалдығы мен танымдылығын, құбылыстардың өзара байланысын, заңдылықтар мен эволюция идеяларын түсінуге қадам жасалады.

Қоршаған орта пәнін оқыту баланың ақыл-ойын дамытуға бағытталған үлкен міндеттерді шешеді. Нақты обьектілер мен құбылыстарды оқып-үйрену кезінде оның бақылау қабілеті дамиды. Байқағыштық – заттар мен құбылыстарды саналы түрде қабылдай білу, олардың өзіне тән және ортақ белгілерін табу, белгілі заңдылықтарды байқау, оларды талдап қорытынды жасай білу қабілеті. Байқағыштық жүйелі жаттығулардың барысында біртіндеп дамиды. Мұның бәрі баланың ойлау қабілетін дамытуда, қоршаған ортаны танып білуінде маңызы зор. Жаратылыс ғылымдары логикалық индукция және дедукция әдістеріне үйретеді, құбылыстардың мәніне терең бойлау дағдысын қалыптастырады.

Жаратылыс ғылымдары логикалық индукция және дедукция әдістеріне үйретеді, құбылыстардың мәніне терең бойлау дағдысын қалыптастырады.

Логикалық ойлаудың дамуы бірнеше кезеңнен тұрады.

1. Фактілер мен құбылыстарды бақылау.

2. Жауапты іздеу үшін  мәселе (шарт) қою.

3. Бақыланып отырған нәрсе бойынша мүмкін болжамдар жасау.

4. Болжамды зерттеу және дұрыс жауапты тәжірибе жүзінде тексеріп, логикалық  тұрғыда талдап, тиянақты қорытындылай білу.

Қоршаған дүние обьективті түрде өмір сүретін болғандықтан, ондағы заттар мен құбылыстары алдымен санада бейнеленеді. Көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерге материалдық түрде әсер етеді де біз оларды қабылдаймыз. Қабылдау барысында сыртқы сезім мен ішкі сезімдер біріге отырып танымды нақтылай түседі. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми біліммен байланыстырғанда ғана білім қалыптасады.

Оқу үдерісінде баланың қызығушылығын, өздігінен үйрену, танып білу белсенділігін арттыру мақсатында жүргізілетін оқу жұмыс формаларын ұйымдастыруға үйретуді. Жаратылыстанудың жалпы әдістемесінің  аса маңызды міндеттерінің бірі-ғылым ретінде жаратылыс пен оқу пәні ретінде жаратылыстану арасындағы байланысты анықтап береді.

1.2 Зерттеу әдістері, ғылым ретінде даму көздері басқа ғылымдармен байланысы.

Қоршаған орта пәні жоғары кластарда өтілетін физика, химия, биология, география, астрономия сияқты пәндердің алғы шарттары. Бастауыш сыныпта алынған осы ғылымдар төңірегінде алған білімдері  жоғары кластарда дамытылады. Қоршаған орта оқу пәні ретіндегі өзінің дидактикалық ерекшеліктері бар, бұл оны мектеп курсының өзге пәндерінен ерекшелейді. Бұл пәннің теориялық негізі жаратылыстану негіздері циклі бойынша ботаника, зоология, жертану және өлкетану пәндері болып табылады.

Табиғат жайлы ғылымдардың барлығы айнала дүниенің даму барысын түсіндіру, табиғаттың даму заңдылықтарын ашу негізін қарастырады. Табиғат құбылыстарының қарапайым байланыстарын және өзара тәуелділігін анықтайды. Тірі және өлі табиғат арасындағы айырмашылықтарды, байланыстарды түсіндіреді. Табиғат құбылыстары ның сырын түсіндіре отырып материалистік көзқарас, яғни дұрыс дүниетанымдық көзқарас қалыптастырады. Мұғалім көмегімен айналадағы табиғатты зерттеу (бақылау) арқылы олардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін және оны қорғауға деген ықыласын тудыра отырып, өздері тұрған жердің табиғат айырмашылықтарын, олардың себептерін анықтайды.

«Дүниетану», «Қоршаған орта» пәндері «Адам,», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш ірі бөліктен (блок) құралады. Бұл айналадағы дүние туралы балада біртұтас көзқарас қалыптастыру және онда адамның орны мен ролін түсінуге көмектеседі. Таным арқылы заттар мен құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары жайындағы бейнелі қабылдау нәтижесінде ұғым туады. Осылайша таным нақты дүниеге, қоршаған ортадағы бар заттарға негізделсе ғана белгілі мазмұнға ие болады, оны өз мәнінде танып білу үшін ғылым керек.

Әр блоктың мазмұны сыныптан сыныпқа қарай біртіндеп күрделеніп  үздіксіз оқытылады. Әр блок мазмұнының өзара байланысы адамның еңбек әрекеті және бөлінбес бөлігі ретіндегі табиғатпен, негізгі мүшесі ретінде қоғаммен әрекеттестік қарым-қатынасы туралы білім мазмұны арқылы жүзеге асады.

Пән мазмұны қазіргі заманғы ғылыми білімнің, мәдениеттің әртүрлі салаларынан (қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары, экономика, этика, эстетика, құқық, өнер, т.б.) хабардар ету негізінде дүниені, әлемді, қоршаған ортасын танып білу әдістерімен (бақылау, тәжірибе, экспери -мент, модельдеу, талдау, синтез, салыстыру, т.б.) оқушыны қаруландыру арқылы оның ортамен сауатты қарым-қатынасын жан-жақты дамытып, тәрбиелуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қоршаған орта пәні арқылы оқушы алғашқы тірі және өлі табиғат, табиғаттағы құбылыстарды, дене мен заттар, олардың әрқайсысына тән қасиеттерін, олардың адамдарға қажеттілігі туралы біледі. Осындай мағлұматтарды ұғына отырып ұғымдар жүйесі қалыптасып, сөз қоры молайып, табиғат пен адамның тығыз байланыстылығын түсінеді. Сондай-ақ, табиғатты аялау, үнемдеу т.с.с. экологиялық тәрбие беріледі.  

 

2. «Қоршаған орта пәнін оқыту әдістемесі» ­- педагогикалық ғылым ретінде даму тарихы

 

2.1. Жаратылыстану әдістемесінің революцияға дейінгі кезеңдегі дамуы.

Мектепте жаратылыстану пәнінің енгізілуі және оның дамуын 3 кезеңге бөлуге болады. Айталық; 1-революцияға дейінгі кезең болып саналады. Жаратылыстану оқу пәні ретінде орыстың жалпы білім беретін мектебіне алғаш рет 1786 ж. енгізілді. Мектептегі білім беруді реформалау кезінде үкімет халық училищелерінің жарғысын жариялады. Ашылған училищелер шағын және негізгі болып бөлінді. Жаратылыстану пәндерінің курсы тек негізгі училищелердің бағдарламасына енгізіліп, олар география, физика, жаратылыстану тарихынан тұрды. Жаратылыстану тарихы 4-сыныпта оқытылды. Сол кездегі Халық училищесіне арналып жазылған жаратылыстанудан алғашқы оқулық, оның авторы натуралист, саяхатшы, академик Василий Федорович Зуев болды.

В.Ф.Зуевтің бұл кітабы «Жаратылыс тарихының бейнелері» деп аталады. Ол «Қазбалар әлемі», «Өсімдіктер әлемі», «Жануарлар әлемі» делінген үш бөлімнен тұрды. Оқулықтың алғашқы бөлімі жерлерді, тастарды, тұздарды, жанғыш заттарды, металдарды сипаттауға арналған. Өлі табиғатты зерттеу топырақты, сазды және құмды сипаттаудан басталды. Екінші бөлімі өсімдіктердің тіршілігі мен құрылысын зерттеуге арналса, ал үшінші бөлімде зоология материалдары кірістірілген. В.Ф.Зуевтің оқулығы сол мезгілде мектептегі жаратылыстану бойынша бірінші бағдарлама,  әрі мұғалімнің алғашқы әдістемелік құралы болды. Мұнда автор заттай көрнекілікті пайдалануды, мүмкін болмаған жағдайда ғана суретін қолдануды насихаттады. Ол жергілікті табиғатты және адамға пайдалы өсімдіктер мен жануарларды зерттеуге көп көңіл бөлді. В.Ф.Зуевтің бұл жетекші әдістемелік құралы ширек ғасыр бойы жаратылыстанудың негізгі оқулық ретінде қолданылды.

XÌX ғасырдың басында халыққа білім беру саласында маңызды өзгерістер болды. Жаратылыстануды оқыту 1804 жылғы жарлық бойынша айтарлықтай кеңейтілді. Жаратылыстану жеке пән болып оқытылмаса да оқушыларға табиғат, ауыл шаруашылығы және адам денсаулығы туралы қысқаша мәліметтер беру ұсынылды. Мұндай оқудың мақсаты табиғат құбылыстары туралы түсінік қалыптастыру еді. Гимназия мектептерінде жаратылыстану пәнін 2 - класс пен 4 - класта оқытылды.

Пәнді ойдағыдай оқыту үшін мұғалімдерге оқушыларды табиғатқа ғана емес, сондай-ақ фабрикалар мен зауыттарға экскурсияға шығару ұсынылды. Жарлық бойынша барлық гимназия  мектептерінде табиғаттың барлық үш патшалығы бойынша табиғи көрнекілік ретінде коллекциялары болу тиіс деп талап етілді. Сонымен бірге жергілікті материалды пайдалануға айырықша көңіл бөлінді.

Уақыт өте келе пән мазмұны өзгерді, тіпті 1828 жылы жалпы білім беретін мектептерде жаратылыстану оқу пәні ретінде ширек ғасыр бойы өткізілмей қалды. Бұл декабристер көтерілісінен соң үкіметтің ғылым атаулыға сенбеуінен туындаған реакция еді.

Жаратылыстану мектепке ұзақ үзілістен соң, 1852 жылы оралды. Бекітілген бағдарлама бойынша бастауыш мектептің 1- класында пәнді оқытуға 2 сағат бөлінді. Одан кейінгі сыныптарда сәйкесінше биология, география, физика пәндері оқытылды.

Ал 1864 жылғы жаңа мектеп реформасының жарлығына сәйкес реальдық және классикалық гимназиялардың бағдарламасынан пропедевтикалық курсы алынып тасталды да, биологияны, географияны және физиканы оқыту пәндік түрі сақталды. Осы кезеңде кіші мектеп жасындағыларға жаратылыстануды оқыту әдістемесін дамытуға ерекше үлкен үлес қосқан Ушинский Константин Дмитриевич болды.

Ушинский Константин Дмитриевич (1824-1870) – бастауыш білім беру саласындағы аса ірі педагог-әдіскер. Ол кіші мектеп жасындағы лардың логикалық ойы мен тілін дамыту үшін бастауыш мектептерде жаратылыстану және географияны оқып үйренуге үлкен мән берді. Ол көрнекі құралдармен оқытудың қажеттігін дәлелдей келе көрнекілік теориясын талдап жасады.

К.Д.Ушинский табиғат құбылыстарын бақылау және оны қорыту білімнің қайнар көздері болуы керек деп атап көрсетті. «Жаратылыс ғылымдары түгелдей адамның ақыл ойының табиғат құпиясымен осынау мәңгілік күресі болып табылады» - деп жазды. 

К.Д.Ушинскийдің бастауыш кластарда жаратылыстануды оқыту жөніндегі көзқарастары  «Ана тілі», «Балалар әлемі» деген кітаптарында, сонымен бірге мұғалімдерге арналған «Ана тілі» кітабында және  «Балалар әлемі» оқулығының кіріспесінде ашып көрсетеді. Әдістемелік тұрғыда К.Д.Ушинскийдің кітабы үлкен жетістікке ие және ол ерекше педагогикалық білгірлікпен жазылған деп бағаланаған . Кітап көрнекілік және оқушылардың өздігінен ойлау белсенділігін жүйелі түрде арттыру негізінде құрылған. Кітаптың өн бойындағы материалдар жеңіл, әрі қарапайымнан күрделіге қарай орналастыру принципі сақталынған, әрбір жеке тақырып материалы тұтас кейінгі тақырыптағы материалдармен байланысып отырады.

К.Д.Ушинский балалардың дамуы үшін тікелей табиғаттағы бақылаулардың орасан мәні бар, педагогтың сөзінің онымен бәсекелесуі қиын деп көрсетті. Сондай-ақ, ол «табиғат логикасы балалар үшін ең жеңіл және ең пайдалы логика» деп есептеді.

Осы кезеңде жаратылыстануды оқыту әдістемесін дамытуға және А.Я.Герд (1841-1888) елеулі үлес қосты. А.Я.Герд жаратылыстану оқушыларға дұрыс дүниетаным, оларда белгілі бір көзқарас қалыптастыруы тиіс деп санады. Ол 1877 жылы жаратылыстанудың мектептік курсын құру жоспарын жариялады. Осы жоспар бойынша 2-және 3-класта табиғаттың органикалық емес әлемін оқып үйрену ұсынылды. Мұнда тау жыныстарының, топырақтың, минералдардың қасиеттері сияқты түсініктер, әртүрлі тау жыныстарының шығу тегі, жанартау, жер сілкіну ұғымдары, пайдалы қазбаны пайдалану т.с.с. материалдар кірді.

А.Я.Гердтің пікірінше, бастауыш мектепте жекелеген жаратылыс ғылымын оқып білуге орын жоқ, табиғатты зерттеп, танып білуге кешенді тұрғыдан келу қажет, яғни біріккен пән түрін енгізу керек дегенді насихаттайды. Оның «Құдірет әлемі» оқулығы мен «Заттық сабақтар» деп аталатын әдістемелік құралдары көп жылдар бойы өлі табиғат курсын оқып-үйренуде мұғалімнің негізгі әдістемелік көмекші құралы болып келді. Өзінің әдістемелік еңбектерінде А.Я.Герд бірқатар идеялар ұсынады. Айталық;

1. Практикалық сабақтар мен экскурсияларда баланың өзіндік белсенді әрекетін тудыра білу;

2. Мектептің тірі табиғатпен байланысын кеңейту;

3. Табиғатты танып  білу үшін  тікелей зерттеу  жүргізу;

4. Бастауыш кластарда табиғатты зерттеуге кешенді тұрғыдан келу;

5. Оқушылардың эволюциялық көзқарасын қалыптастыру.

А.Я.Гердтің осы сияқты көптеген идеялары мектеп практикасында көп жылдардан соң, яғни тек біздің уақытта кең қолдау тапты.

70-жылдардағы реакция 1871 жылы жаратылыстануды гимназияның бастауыш кластарынан алып тастауға әкелді. Ал жоғары кластарда бұл циклді пәндерді оқыту күрт қысқарды. Кейбір гимназияларда бұл пәнге мүлде тиым салынды. Тек либеральдық училищелердің жоғары сыныптарында ғана ол қысқартылған түрде оқытылды.

Капитализмнің дамуы XÌX ғасырдың соңындағы революциялық қозғалыс мектептегі білім беру ісін реформалау қажеттігін туғызды. Қоғамдық пікірдің қысымымен Халық ағарту министрлігі гимназиялық білім беруді түбірімен қайта құру мәселесін қоюға мәжбүр болды. 1901 жылы  комиссия құрылып, жаратылыстану пәнін орта мектептің барлық класында енгізуді ұсынды. Бұл жобаны қоғамның либеральдық бөлігі мақұлдады, ал классикалық білім беруді жақтаушылар мұны құр әурешілік деп санады, өйткені бастауыш сынып оқушылары жаратылыс ғылымдарын түсінбейді деп есептеді.

Жаратылыстану саласы бойынша сарапшы ретінде натуралист Д.Н.Кайгородов шақырылды. Ол кезде Д.Н.Кайгородов табиғат туралы ғылыми – көпшілік кітаптардың авторы ретінде белгілі болатын. Бірнеше жыл бойы ол табиғаттың жылнамасын жариялап, Россияда фенологияның дамуына жол ашқан. Д.Н.Кайгородов мектепте табиғатты зерттеудің міндеті деп балаларды «табиғатты көріп, естіп, түсіне білуге және табиғатпен біртұтас байланыста екенімізді сезіндіруге үйретуден тұрады»-деп насихаттады. Алайда ол жаратылыстану баланың ақыл–ойын дамытуда маңызды роль атқарады деген көзқарасты қолдаған жоқ. Табиғат оның пікірінше «өскелең ұрпақтың рухани–адамгершілік тұрғыдан сауығуына» қызмет етуі тиіс. Сондықтан анатомиялық-морфологиялық және физиологиялық мәліметтер баланың табиғатты қабылдауын бұзады деген жаңсақ пікірді қолдады.

Д.Н.Кайгородовтың бағдарламасы табиғи бүтін бірлестікті зерттеуден тұрды. Ол мынадай алты бірлестікті көрсетеді: орман, дала, бақ, шалғын, тоған және өзен. Әр бірлестік алғашқы үш класта жыл мезгілі бойынша қарапайымнан күрделіге қарай оқытылуы тиіс болды және жаратылыстануды оқытудың негізгі тәсілдері экскурсиялар мен фенологиялық бақылаулар деп санады.

Д.Н Кайгородов жаратылыс ғылымдарының ғылыми жүйелі білімі қажет дегенді теріске шығарды. Сондықтан педагог ғалымдар оның бағдарламасына қарсы болды. Осы келіспеудің нәтижесінде Халық ағарту министрлігі Д.Н Кайгородовтың бағдарламасын қайта қарап, бастауыш кластарда оны қысқартуға мәжбүр болды.

Содан кейінгі жаңа бағдарлама авторы Петербург университетінің профессоры, зоолог В.М.Шимкевич болды. Бұл бағдарламаға А.Я.Гердтің бастауыш мектепке арналған идеялары қоса алынып, ол мынадай мазмұнда болды:

1 - класс

Қатты, сұйық, газды заттармен танысу; Қыздыру барысында дене көлемінің ұлғаюы; термометрмен танысу.

Су. Суды сүзу,  мұзға айналуы, булануы, тұманның және шықтың пайда болуы; тұздың еруі мен кристалдануы; ауа құрамындағы су.

Ауа, ауаның серпімділігі, қысымы, қозғалысы; Ауа құрамы және тыныс алу және жану кезіндегі ауаның өзгеруі.

Топырақ, топырақтың құрамы; тау жыныстары (қарапайым физикалық қасиеттері).

2 - класс

Тұқым, тұқымның құрылысы, құрамы және өнуі.

Сабақ, сабақ түрлері және атқаратын қызметі. Бүршік.

Тамыр, түрлері және қызметтері; тамырдың түрөзгерісі.

Жапырақ, құрылысы мен түрлері.

Гүл,  түрлері, құрылысы мен бөліктерінің  атқаратын қызметтері.

Жемістер, түрлері мен таралуы.

3 - класс

Адам қаңқасы және оның құрамы. Сүтқоректілер, құстар мен балықтардан  айырмашылығы.

Ас қорыту мүшелері; Қан айналу мүшелері; тыныс алу мүшелері; Сезім мүшелері. Тері жабыны.

Осы бағдарлама «табиғаттану» курсы атауымен мектеп бағдарламасына мықтап енді, онда білім «табиғаттың үш патшалығы» бойынша жүргізілді. Жаратылыстанудың бастауыш мектепке арналған барлық оқулықтары осы нұсқа бойынша құрастырыла бастады.

1902 жылдың күзінен бастап бағдарлама барлық мектептерге толық енгізілді. Курс бастауыш мектепте «Табиғаттану» деп атала бастады. Оқу материалы төмендегідей жүйеленді:

1 - класс. Өлі табиғат.

2 - класс. Өсімдіктер.

3 - класс. Жануарлар мен адам.

2.2. Кеңестік дәуірдегі әдістеменің дамуы.

Кеңес мектебі пайда болған алғашқы кезінен – жаңа үлгідегі мектеп құру міндеті күн тәртібінде тұрды. Міне осы уақыттан бастап советтік кезең  (2-кезең) болып саналады. 1920 ж. қабылданған бағдарламаларға сәйкес жаратылыстануды оқыту мектептің 2-5-кластарына оқу пәні ретінде енгізілді, әрі қарай пәндік оқыту жүзеге асырылды. Жаңа бағдарламалар жасауға В.Н.Верховский, Б.Е.Райков, А.А.Яхонтов қатысты. Бағдарламалар негізіне зерттеу әдісі, зертханалық - практикалық сабақтар, экскурсиялар сияқты педагогикалық тәсілдер енгізілді. Алайда ол кездің мектептерінде зертханалық - практикалық сабақтарды ұйымдастыруға қажетті құрал - жабдықтар тапшы болды. Осыған байланысты бірінші орынға экскурсия түрі шықты, өйткені оларға анағұрлым құралдар қажет етпеді. Мектеп зертханасындағы жұмыс экскурсияда жиналған материалдарды өңдеп, талдап, зерттеуден тұрды. Жас натуралистердің экскурсиялық станциялар мен биостанциялар құру жөнінде белсенді жұмыстар жүргізілді. Педагог Б.В.Всесвятскийдің жас натуралистер қозғалысын ұйымдастыруы бүкіл одаққа таралып, жаратылыстану бойынша сыныптан тыс жұмыстың маңызды түріне айналды.

 XX ғасырдың басында бастауыш кластарда табиғаттануды оқытудың жалпы әдістемесі шығарыла бастады. Бастауыш кластарда табиғаттануды оқыту  әдістемесін дамытуға педагог Л.С.Севрук мол үлес қосты. Ол жеке тақырыптық сабақтарға әдістемелік нұсқау даярлады, әсіресе өлі табиғат бөлімі жайлы тақырыптарға толық етіп жазған. Бұл сол кезде өлі табиғат - өсімдіктер - жануарлар схемасы бойынша жазылған бірден  бір жетекші  әдістемелік құрал болды.

Алайда бұл пәннің жүргізілуі өте төменгі жағдайда қалды. Оқыту формальды түрде жүрді. Оқу құралдары тапшы, тәжірибе жасауға арнайы жай болмады, оқу барысында тек бор мен кітап ғана пайдаланылды.

XX  ғасырдың алғашқы онжылдығында педагог - ғалымдардың күшімен жаратылыстану курсының барлық бөлімдерінде қарастырылатын лабораториялық жұмыстарға арналған әдістемелік нұсқау даярланады.

А.Я.Герд атап өткендей табиғатты танып білуде табиғатқа экскурсия өткізудің міндеттілігі және оның маңызды ролі айқын көрсетіліп, мектепке енгізіледі. 

1911 жылы Б.Е.Райков жаратылыстануды оқытуда тәжірибе-зерттеу әдісін қолдануды ұсынды. Оқушылар өздеріне ұсынылған заттарды немесе организмдерді зерттей отырып, олардың қасиеттері мен құрылысының ерекшеліктерін анықтауға тиіс болды. Зерттеу принципі мектеп жұмысының практикасына  мықтап енді. Оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуі, оқу материалының тәжірибелік сипаты осы әдістің өзіне тән белгісі болатын. Тәжірибелік-зерттеу әдісі кең тарап, жаратылыстану әдістемесінің дамуына үлкен  ықпал етті.

1916 жылы К.П.Ягодовскийдің «Бастауыш мектептегі жаратылыстану дан практикалық сабақтар» атты еңбегі жарық көріп, бастауыш мұғалімдерінің әдістемелік құралына айналды. Кітап Л.С.Севруктің ескірген оқу құралын алмастырып, бастауыш мектепте жаратылыстану пәнін оқытудың қалыптасуына елеулі әсер етті.

Жаратылыстану пәнін оқыту саласындағы ірі әдіскер А.Я.Гердтің ұлы В.А.Герд болды. Ол өзінің «Естествознание как особый предмет в начальной школе» атты еңбегінде бастауыш мектепте жаратылыстануға жеке сабақтар бөлуді, бұл пәнге өзіне тән әдістерімен оқытуды талап етті. Оқулық үлкен тарихи маңызға ие болды. В.А.Герд жаңа үлгідегі мектепті ұйымдастыруға үлкен үлес қосты.

Сонымен революцияға дейін жаратылыстану пәндері бойынша педагогикалық, әдістемелік жұмыстар жеткілікті белсенді жүргізілді, бірақ үздік әдістемелік идеялардың практикаға енгізілуі баяу және қиындықпен жүрді. Ол кезде жаратылыстану пәні маңызды пән ретінде саналуы жағынан соңғы кезекте тұрды, маңызды пән ретінде саналған жоқ.

1923 жылы мектептегі жаратылыстану курсына түбегейлі өзгеріс енгізілді. Мемлекеттік ғылыми кеңес кешенді бағдарлама түзу идеясын ұсынды, бұл жекеленген пәнді оқытуды жоққа шығарды. Бірақ бастауыш мектепте табиғаттанудың жалпы принциптері сақталынып қалды.

1927 жылы МҒК шешімімен бағдарлама негізінің 1-сатысы бастауышта білім беру 4 жылдық болып енгізілді. Табиғаттану негізгі оқу пәні ретінде 1-4 кластарға дейін жүргізілетін болды. Бұл бағдарлама 1931 жылға дейін жүзеге асты. 1931 жылдан бастап  мектептер он жылдық  жаңа  жүйеге көшірілді. Соған байланысты бастауыш мектепте табиғаттану пәні бойынша жаңа бағдарлама ұсынылды. 1933 жылы мектепке арналған тұрақты оқулықтар бекітілді, оның ішінде В.А.Тетюрованың «Табиғаттанудың бастамасы» оқулығы бар. Жаңа бағдарламалар мен оқулықтар табиғаттану әдістемесін қайта құруды, практикалық бағытты күшейтуді талап етті. Осы кезеңде жаратылыстану әдістемесін дамытуға А.А.Половинкин, К.П.Ягодовский, К.А.Сонгайло, С.А.Павлов сияқты педагог - әдіскерлер үлкен үлес қосты.

Александр Александрович Половинкин (1887-1955) бастауыш мектепте географияны оқыту әдістемесі саласында жұмыс істеді. 1939 жылы бастауыш мектептің мұғалімдеріне арналған географияны оқытудың алғашқы әдістемесін жазды. Онда оқушыларға алғашқы географиялық «план», «карта» түсініктерін қалыптастыруға нұсқаулар беріліп, оқушыларды қоршаған ортамен таныстыру үшін экскурсия жасаудың қажеттігін негіздеді.

Константин Павлович  Ягодовский (1877-1943) – бастауыш мектепте жаратылыстануды оқыту әдістемесі жөніндегі көптеген еңбектердің авторы:  «Бастауыш мектепте жаратылыстанудан қалай сабақ беру керек», «Мектепте және үйдегі тіршілік мүйісі», «Бастауыш мектепте жаратылыстанудан практикалық сабақтар», «Жаратылыстанудан сабақ беру тәжірибесі» және т.б. бірқатар әдістемелік құралдар жариялады. К.П.Ягодовскийдің еңбектерінде кіші мектеп жасындағы балалардың табиғатты зерттеуге психологиялық қажеттілігі бірінші рет анық және сенімді түрде ашып көрсетіледі.

Оның бүкіл ғылыми жұмысының қорытындысы «Жаратылыстанудың жалпы методикалық мәселелері» кітабы болып табылады. Жаратылыстануды оқыту әдістемесін негіздеуге ұмтыла отырып, автор алдымен педагогикамен және психологиямен байланыстыруды талап етеді. Өйткені тәрбие мен оқытудың жалпы теорияларынсыз, балалардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескермейтін әдістемені ғылыми негізде құруға болмайды деп дұрыс есептеді.

К.П.Ягодовский-бағдарламалардағы жаратылыстану материалдары мазмұнына қойылатын мақсаттар мен талаптарды көрсетеді. Оның жаратылыстануды мүмкіндігінше бұрынырақ оқып білу керек, өйткені бұл келесі жүйелі курстарды оқыту үшін қажетті негіз болып табылады деген.

Сонгайло Константин Антонович (1890-1961) – көбінесе бастауыш кластарда географияны оқыту әдістемесі мен мазмұны саласында еңбектер жасаған географ-методист.

Көрнекті педагог-натуралист Сергей Андроникович Павлов мектепте құрал-жабдықтар мен оқу құралдарымен қамтамасыз етуде көп жұмыс атқарды. Оның коллекцияларды дайындау, зертханалық сабақтарға приборлар әзірлеу жөніндегі әдістемелік нұсқаулары мектептегі табиғат туралы ғылымдарды оқып – үйрену  процесін жетілдіруде үлкен маңызға ие болды. Ол мектепті табиғатқа жақындатуға ұмтылды, онда тірі табиғат бұрышын ұйымдастыруды насихаттады.

Дегенмен бұл кезеңнің бағдарламалары іс-жүзінде тым кең әрі күрделі болып шықты. Сондықтан олар бірнеше рет қысқартуға ішінара өзгертуге ұшырады. 40 - жылдары табиғаттану оқу пәні ретінде бастауыш мектептің алғашқы үш  класының оқу жоспарынан алынып тасталынды. Тек 4-класта ғана өлі табиғаттың жеке курсы енгізілді. 1-және 2-кластардағы материал  маусымдық құбылыстардың айналасында топталды және өлкетану материалдары жергілікті обьектілер бойынша оқытылды. 3-класта өсімдіктер мен оларды адамның пайдалануы, жабайы және үй жануарлары қарастырылды, адам денесі және  оның денсаулығын қорғау туралы түсініктер берілді. Тек 4-класта ғана дербес оқу пәні ретінде жүргізіліп, жеке оқулық болды.

Он жылдық оқу тәжірибесі табиғаттану бойынша оқу бағдарламалары мен оқулықтардың материалы тым көптігін, бөлінген оқу сағаттарына сыймайтынын және оқушылардың оны ойдағыдай меңгеруі қиын екендігін  көрсетті.

 

3 Қоршаған орта пәнін оқыту әдістемесінің қазіргі кездегі дамуы Жаратылыстану әдістемесінің дамуына Қазақстандық әдіскерлердің қосқан үлесі.

 

3.1. Қоршаған орта пәнін оқыту әдістемесінің қазіргі кездегі дамуы

XX ғасырдың 50–60-жылдары бастауыш мектептегі жаңа бетбұрыстар, яғни жаңа бағдарламалар мен оқулықтардың жарыққа шығуы.  Бұл кезеңдегі  табиғаттануды оқыту әдістемесінің дамуы П.А Завитаевтың, М.Н.Скаткин, А.А. Перроттенің есімдерімен байланысты. Сонымен қазіргі дүниетануды оқыту әдістемесінің дамуы осындай кезеңдерден өткен. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін Қазақстан республикасы жалпы білім беретін мектептің бастауыш стандартына сәйкес «Атамұра» бағдарламасын енгізу шешілді. Дүниетану–оқу жоспарында жаңа пән болып, ол «Адам», «Қоғам», «Табиғат» білім блоктарынан тұрады. Бұл пән бұрынғы бастауыш кластарда оқытылған «Айналамен таныстыру» (1-2 кластар), «Табиғаттану (3-4 кластар) пәндерін алмастырады. Мұнда 1-4 класқа дейін дүниетану пәні жеке пән ретінде, әр класқа даярланған бағдарламаға сәйкес жүргізілу тиіс болды

XX ғасырдың 50–60-жылдары бастауыш мектептегі жаңа бетбұрыстар, яғни жаңа бағдарламалар мен оқулықтардың жарыққа шығуы.  Бұл кезеңдегі  табиғаттануды оқыту әдістемесінің дамуы П.А Завитаевтың, М.Н.Скаткин, А.А. Перроттенің есімдерімен байланысты.

Александра Александровна Перротте (1880-1963) - бастауыш кластардың жаратылыстануды оқу жөніндегі педагог-әдіскер. Ол мұғалімдер білімін жетілдіру институтында ұдайы семинарлар жүргізіп, лекциялар оқып және баспасөз беттерінде еңбектерін жариялап отырды. Мектептерде жұмыс істеген кездерінде үлгі сабақтар және әр түрлі кластан тыс жұмыстар жүргізді. Оның «Бастауыш мектепте жаратылыстанудан сабақ беру тәжірибесінен», «Бастауыш кластарда табиғат зерттеу», «Бастауыш мектептегі жаратылыстану бойынша экскурсиялар» - деген еңбектерінің өзіндік маңызы жоғары болды. Ол жаратылыстану бойынша көрнекі құралдарға үлкен мән береді. Оның қолынан «Ізбестастар», «Тұз», «Торф» коллекциялары және оларға арналған әдістемелік нұсқаулар шықты.

Петр Алексеевич Завитаев (1890-1970) - жаратылыстануды бастауыш мектепте оқытуды жетілдіруде айтарлықтай үлес қосты. Ол өзінің жұмыстарында жаратылыс ғылымдарына тән әдістерге сүйене отырып табиғаттану түсініктері мен ұғымдарын қалай қалыптастыру керек екенін көрсетуге тырысты. Ол жасаған бақылаулар, тәжірбиелер мен экскурсиялар жүргізу әдістемесі табиғаттану ұғымдарын қалыптастыруға қажетті нақтылы сезім негізін құруға көмектесті. П.А.Завитаев заттық сабақтардың жүйесін жасады, оларды оқыту мазмұны мен әдістемесін анықтады. Бұдан басқа, ол жаратылыстанудың материалдық базасын жетілдіруде, құрал-жабдықты сабақтарда пайдалану әдістемесін жасауда көп еңбек етті. Ол «1-4 кластардағы экскурсиялар мен заттық сабақтар», «1-4 кластардың оқу-тәжірибе учаскесі», «1-4 класс оқушыларының оқу-тәжірибе учаскесіндегі еңбегі» әдістемелік еңбектерін шығарады.  Сонымен бірге ол жаратылыстану  оқушыларға политехникалық білім берудің баспалдағы деп есептеді.

П.А.Завитаев табиғаттану сабақтарында жабдықтар мен көрнекі құралдарды қолдану әдістемесін жетілдіру жөнінде көп жұмыс жасады. «1-4 кластарда табиғат зерттеуге байланысты сабақтардың жабдықтары», «Бастауыш кластарда жаратылыстану сабақтарында тәжірибе жүргізуге арналған жабдықтар» сияқты әдістемелік құралдар жазды.

Михаил Николаевич Скаткин (1900-1984) жиырма жылдан астам уақыт бойы мектептегі жаратылыстану бағдарламалары мен 3 - 4 класс оқулықтарының авторы болды. Ол табиғаттануды оқыту әдістемесі мәселелеріне көп көңіл бөлді, бұл курстың дербес оқу пәні болып бөлініп шығуына елеулі үлес қосты. Ол оқушылардың танымдық әрекетін күшейту, бастауыш мектепте сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыру принциптерін жасады. М.Н.Скаткин көрнекі құралдардың, таблицалардың, картиналардың, коллекциялардың, кинофильмдердің, сондай-ақ оларды сабақтарда қолдануға арналған әдістемелік құралдардың тұтас сериясын жасап шығарды. Ол профессор К.П.Ягодовскиймен бірлесіп табиғат күнтізбесін жасады, оған оқушылардың өлі және тірі табиғаттағы өзгерістерді бақылау нәтижелері енгізілді.

60-жылдары оқу жоспарлары, оның ішінде табиғаттану бағдарламасы жаңадан қайта жасалды. Енді бұл пәнді оқып-үйрену 2-4 кластан басталды. Бағдарламаның негізіне өлкетану принципі алынды, оның ауқымында оқушылар табиғат пен адамның шаруашылық қызметін оқып-үйренді. 2-кластағы тақырыптар маусымдық принципі бойынша орналастырылды, бұл оқушылардың табиғат құбылыстары мен адамның шаруашылық қызметін бақылауды ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

3 - класта оқушылар табиғат құбылыстарымен және өзі тұратын жердегі қоғамдық өмірмен тікелей танысады. Бағдарламадағы дүниетану принципі оқушылардың жер шары, мұхиттар мен материктер, жердің формасы мен қозғалысы, елдің табиғат зоналарымен танысуы арқылы жүзеге асырылды. Бұдан басқа, мұнда адам ағзасы мен денсаулықты қорғау мәселелері оқытылды. Табиғаттануды оқып–үйрену  4 - класта аяқталды.

Сонымен қазіргі дүниетануды оқыту әдістемесінің дамуы осындай кезеңдерден өткен. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін Қазақстан республикасы жалпы білім беретін мектептің бастауыш стандартына сәйкес «Атамұра» бағдарламасын енгізу шешілді. Дүниетану–оқу жоспарында жаңа пән болып, ол «Адам», «Қоғам», «Табиғат» білім блоктарынан тұрады. Бұл пән бұрынғы бастауыш кластарда оқытылған «Айналамен таныстыру» (1-2 кластар), «Табиғаттану (3-4 кластар) пәндерін алмастырады. Мұнда 1-4 класқа дейін дүниетану пәні жеке пән ретінде, әр класқа даярланған бағдарламаға сәйкес жүргізілу тиіс болды.

3.2. Жаратылыстану әдістемесінің дамуына Қазақстандық әдіскерлердің қосқан үлесі.

Адам мен табиғаттың біртұтастығы жайында пікір айтып, ұлағатты тұжырымдарын қалдырған қазақ ағартушы – ойшылдарымыз аз болған жоқ. Соның ішінде Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханоов, Ыбырай Алтынсарин, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтардың  жастардың дүниетанымын кеңейтуге қосқан үлесі  зор, жеке  зерттеулерді қажет етеді.

Ыбырай Алтынсарин  (1841-1889) - қазақтың аса көрнекті ағартушысы, педагог, жазушы. Баланы оқыту, тәрбиелеу жұмысында дүние жүзі педагогика классиктерінің гуманистік идеяларын басшылыққа ала, қазақ даласында оларды оқу - ағарту практикасына енгізген тұңғыш педагог. Оқушылардың дүниетанымын кеңейту жайында пікір айтумен ғана шектелмей табиғат пен адам тіршілігінің байланысын ашатын материалдарды оқу - әдістемелік құралдарға енгізді. Оның: «білім дегеніміз өзімізді қоршаған шындықты танып білу»-деген пікірінен көрінеді. Ғылым негізін балаға өте қызықты, түсінікті етіп оқытуға ерекше көңіл бөліп, орыс тілі, арифметика, табиғаттану сабақтарына сөзді бір тілден екінші тілге аударуға көп көңіл бөлді.

Ол өзінің әдеби шығармаларымен тіршіліктің өзекті проблемаларын көтерді. Оның лирикалық өлеңдері, қысқа да әсерлі әңгімелері, мақалалары, табиғат туралы өлеңдері оқыту үрдісінде мәні зор.

Ахмет Байтұрсынов (1873-1937) – қоғам қайраткері, ағартушы-педагог, жазушы. Ол 1926 жылы жазған «Әдебиет танытқыш» еңбегінде сезініп, көріп жүрген нәрселеріміз табиғат заттары, адам қолымен жасалған заттарға адамның өнері, білімі, күші жұмсалғанын, яғни жасанды заттар даярлауға білім керек екендігін айтады.

Балаларға білім берудің алғашқы баспалдағы - бастауыш мектеп. Сондықтан  «Адамға тіл, құлақ, қандай керек болса, бастауыш мектеп те үйрететін білім де сондай керек»-деп жазды ол. Бастауыш мектептің 5 жылдық болуын, алғашқы 3 жылын – қазақша, 2 жылын орысша оқыту керек деп ұсыныс берді. «Мектепке керектер» деген мақаласында : «.... ең әуелі мектепке керегі-білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керекті құралдар, қолайлы пән сайлы болу керек, құралсыз іс істелмейді, пән құралдары қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Үшінші, мектепке керегі белгіленген программа (бағдарлама). Әр іс көңілдегідей болып шығу үшін оның үлгісі, я мерзімді өлшемі болуы керек....» деп оқытудың дидактикалық принциптерін  тұңғыш ғылыми тұрғыда айқындап берді.

А.Байтұрсынов қазақ бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытылуы керек дегенге арнайы тоқталып, ол пәндерді оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, жағрафия, жаратылыстану болуы керек екендігін нақтылап көрсетеді. Оның «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш», «Оқу құралы», «Маса» т.б. еңбектері оқыту үрдісінде  әлі пайдаланып келеді.

Мағжан Жұмабаев (1893-1938) - қазақтың кемеңгер ұлы ақыны. Ол 1922 жылы «Педагогика» оқулығын жазып мұғалімдер қауымына ұсынғанда «Шамам келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым» - деп басталады. Бұл дегеніміз қазақ балаларын оқытып, тәрбиелеуге өз тілімізде, қазақи нақышта жазылған оқулықпен ғана ұтымды нәтижеге жететінімізді мегзейді.

«Ұғымның пайда болуы және оның сөз ретінде сыртқа шығуы қоршаған дүниемен бала үнемі кездесіп, сезініп, қабылдауынан барып пайда болады»- деп жазады..

Пайымдаудың сенімге негізделетінін, ал сену үшін ол заттың қоршаған дүниеде болу керектігін, сол жағдайда ғана қабылданған зат не құбылыс туралы пікір айтуға мәжбүр ететіндігі жайындағы қағидасы оқушыларға қоршаған ортадан білім беруде ең тиімді және тірек етуге тұрарлық психологиялық процесс екендігін көрсетеді.

Дүниетанудан білім беру барысында үнемі бар заттар мен құбылыстарға, байқалатын байланыстар мен қатынастарға сүйеніп, оқушылардың сенімін арттыру арқылы ғылыми ұғым беріп, соның нәтижесінде барып олардың ой қорытуына жағдай жасалады. «Бала бір затпен танысатын болса, сол зат туралы сөйлеп ғана қоймай, алып келіп көрсет, көрсетіп ғана қоймай, сол заттың суретін салдыр, суретпен ғана қанағаттанбай, балаларға балшықтан сол затты жасат, сонда әсердің күшті болып, іскерлікке дамытудың бір шарты осы» - дейді ол. М. Жұмабаевтың бұл пікірі осы кезге дейін құнын жоймай келеді.

Қазіргі таңда дамыта оқыту үрдісін қамтамасыз ету үшін оқушылардың ойлау қабілетін, қиялын жетілдіру, шыңдау мақсаттарын жүзеге асыруда. М.Жұмабаевтың бүкіл педагогикалық, психологиялық еңбектерінің мәні зор. Оқушылардың ойын дамыту жолдарын талдаған қағидалары да осы заман талабына сәйкес  келіп отыр.

«Әсерлену, суреттеу, еске түсіру, қиял жүргізу арқылы бір затты түгелімен білеміз»-десе, балада болатын сезімдер әсерін талдай келіп, сыртқы дүниені, заттың, құбылыстың ішкі сырын білудің бірден - бір жолы - бала сезіміне жол табу керектігін айтады. Барлық білімнің төрттен үш бөлігін көру сезімі арқылы аламыз. Басқа сезімдер арқылы алған  әсерленуді көру арқылы анықтауға ұмтыламыз.

Сондай-ақ «есту сезімі өте құдіретті. Бізді сыртқы жаратылыспен таныстыратын да осы есту сезімі. Біз егер жануарлардың шуылын, бұлттың күркіреуін, судың сылдырын, жаратылыстың тағы басқа дыбысын, үнін естімесек, жаратылыс бізге мылқау болып көрінер еді» - деген пікірлері қазіргі ғалымдардың оқушыларды психологиялық ерекшеліктерін зерттеу барысындағы пікірлерімен астасып жатады.

М.Жұмабаев: «ой - ұғымдар  жиынтығы болса, ұғым ойдың ісі екенін, ұғымды оймен ғана жасауға болатынын» да психологиялық тұрғыда талдайды. «Ғылыми деректер арқылы ғана жастардың  дүниетанымын қалыптастырып қоймай ортаның бүкіл тамашасынан білім бере білу керек» - деп насихаттайды.

«Табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге астасып жатады» - дейді. Міне, М.Жұмабаев еңбектеріндегі осы сияқты педагогикалық, психологиялық қағидалары дүниетануды оқытудың теориялық, әдістемелік негізін құрайды. 

Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қоғам қайраткері, қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартқан, құнды  ғылыми еңбектер жазған, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.

1929 жылы «Комплекспен оқыту жолдары» атты әдістемелік нұсқау жазады. Мұнда мектептегі оқытудың жаңара бастаған жүйесін айтып, «ендігі тиімді жол – оқушыларға күнделікті өмірден, қоршаған ортадан, елдің жаңарған тұрмысынан білім беру» - деп , оқыту мазмұнына  арналған тақырыптар ұсынады.

Ол «Табиғат зор тұтас әлем, одан тысқары ештеме болуы мүмкін емес» - дей келе «кез-келген фактіні толық зерттеп білгіміз келсе, оны бақылау керек.  Бақылау арқылы ұғым пайда болады. Ұғымның пайда болу жолдары сол көргендерін іріктеу, үйлестіру» - деп көрсетті.

Ж.Аймауытов бастауыш мектепке арнап оқулық, әдістемелік нұсқау жазды. Балаларды оқытқанда оларға затты, құбылысты көрсете, бақылата отырып, сондай-ақ табиғат аясында берген білімнің тиянақты да мәнді болатынын насихаттады.

Ж.Аймауытовтың психологиялық зерттеулері дүниетаным проблема сына тікелей байланысты. Сезіну мен қабылдауды ғылыми тұрғыда дәлелдей келіп, «Адамның бар қылығы денеде болатын өзгеріс есебінен туады» дейді.

Қазіргі таңда бастауыш класта дүниетануды оқыту әдістемесін зерттеушілер, қомақты еңбектер жасап өздерінің елеулі үлестерін қосып жатқан ғалым-әдіскерлер Қ.Аймағанбетова және К.Жүнісқызын  айтуға болады.

Қазна Аймағамбетова (1937) - педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Қ.Аймағамбетқызының ғылыми зерттеу бағыты: бастауыш буында білім берудің әдістемесін және оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын жетілдіру мәселелері; жоғары білім берудің әдістемесін жасау; студенттерге арналған оқулықтар мен көмекші құралдарын жазып, жас өспірімдерді білім беруге керекті оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету болды.

Қ.Аймағамбетова 1968 жылы Республикада ең алғаш жазылған 2-сыныпқа арналған «Табиғаттану» оқулығының авторы. Бұл  оқулығы сол кездегі Одақтас республикалар бойынша ана тілінде жарық көрген алғашқы оқулықтар қатарында болып, 3 жыл бойы ВДНХ (Москва) көрмесінде тұрды. Осы жылдардан бастап «Табиғаттану», «Дүниетану», «Айналамен таныстыру», «Қоршаған орта» т.б. еңбектері қырық жылға тарта Қазақстан мектептерінің қолданысында жүр.

Қ.Аймағамбетова 1970 жылы «Бастауыш кластарда Қазақстан тірі табиғатын оқыту» бағытындағы диссертациялық ғылыми зерттеу жұмысын аяқтап, кандидаттық диссертация қорғап, ал 1997 жылы «Бастауыш сыныптағы дүниетануды оқытудың теориялық және әдістемелік негізі» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды.

2003-2004 оқу жылында Қ.Аймағамбетованың басшылығымен 12 жылдық білімнің бастауыш буындарына арналған білім стандарты бағдарламасы және 1-4 сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері жарық көріп, мектептерде эксперименттік байқаудан өтуде.

2004 жылы «Бастауышта дүниетануды оқытудың теориялық негізі» атты монография жазған.

2005 жылы «Бастауышта дүниетануды оқытудың негіздері» атты оқу құралы жарық көрді.

2006 жылы «Дүниетануды оқытудың теориясы мен технологиясы» атты оқулық пен «Дүниетану негіздері және  дүниетануды оқытудың теориясы мен технологиясы» деген оқу құралы баспадан шыққан.

Қ.Аймағамбетқызының мектептегі білім беру мен сол мектепке маман дайындауды байланыстыра отырып, бастауыш сынып пен мектепке дейінгі тәрбие мәселелерін сабақтастыра зерттеуі  жоғарыдағы еңбектерінен байқауға болады.

 

4  «Дүниетану» мен «Қоршаған орта» пәнінің мазмұны, құрылымы, ерекшелігі.

 

4.1. «Дүниетану» мен «Қоршаған орта» пәнінің мазмұны, құрылымы, ерекшелігі.

Табиғат туралы мәліметтер көлемі кең және ерекше мәні зор.  Дүниетану жөніндегі көлемді материалдар ішінен мектепте, яғни балалардың жас ерекшеліктеріне сай оқытуға тек ғылым негізін құрайтын материалдар таңдап алынған. Ғылым материалдары балаларға түсінікті болу үшін оқу материалын іріктеп, оны тереңірек баяндаудың жолдары іздестірілді және оқушыларға биологиялық, географиялық, экологиялық ұғымдардың қалыптасуы мен дамуын ескере отырып, материал қиындығы біртіндеп арттырылуын қамтамасыз етерліктей жүйелілікпен оқыту белгіленеді. Таңдап алынған материалдар және оған бөлінген уақытқа сай оқыту білім берудің маңызды міндеттерінің бірі. Осыны бұзбай орындағанда ғана оқушылардың шамадан тыс шұғылдануды болдырмауға және бағдарламалық материалдарды барынша терең талқылауға мүмкіндік болады.

Бастауыш сыныпта «Дүниетану» пәнін оқыту 2 бағытта жүзеге асады. Оның 1 - бағыты: Айнала дүние және табиғат туралы балаларда білім қалыптастыру. Мұнда оқушыларға «табиғат – адам - қоғам» арасында диалектикалық бірлікті жүйе екендігін түсіндіру. Осы жүйені құрайтын әр компоненттің ерекшеліктері мен қасиеттерін, орнын танып білу. Бұл білім ары қарай жеке ғылымдар мысалы, биология, география, химия, экология, физика пәндері  арқылы  тереңдетіледі. Бірінші бағыт бойынша мына төмендегідей білім қалыптасады:

-мектепке дейінгі білімді толықтыру,

-табиғаттану түсініктер негізі, жанды, жансыз табиғат, олардың   қасиеттерін;

-қарапайым географиялық түсініктердің қалыптасуы (карта, глобус, жергілікті бағдарлау);

-жер ғаламшары (планетасы ) және күн жүйесі жайлы мағлұматтар беру;

-адам тұлғасы, қарапайым гигиенасы, тіршілік қауіпсіздігін білу;

-өлкетану материалдары жайлы білім  қалыптасу.

2 - бағыт  бойынша экологиялық білім мен табиғатты қорғау жайлы тәрбие берілуі керек. Табиғатты қорғау - дүниетанудың бүкіл курсының мәні болып табылады. Басты назар балалардың табиғатты қорғау іс - шараларына тікелей қатысуына жағдай жасауға, осындай жұмыстың маңызын түсінуге бағытталуы тиіс. Оқушылар:

-тірі организмдер мен өлі табиғаттың өзара байланысы және  тәуелділігі туралы түсінік алады;

-негізгі табиғатты қорғау іс - шараларымен танысады, бұл табиғатпен сауатты қарым – қатынас жасау дағдысын қалыптастырады;

-«экологиялық сана», «экологиялық мәдениет» ұғымдарының мәні мен мазмұны ашылады.

Осы негізде балаларда қоршаған ортаға деген дұрыс көзқарас қалыптасады, оны сақтауға деген жауапкершілік сезімі жетіледі, табиғат аясындағы мінез-құлықтың белгілі бір нормасы түзіледі. Мұның бәрі жеке бастың экологиялық мәдениетінің қалыптасуына жәрдемдеседі. Бұдан басқа дүниетануды оқып-үйрену ғылым мен ғылыми білімнің қоғамды дамытудағы және қоршаған ортаны сақтаудағы ролін ашып көрсетуге  көмектеседі.

Оқушыларда бастауыш мектепте дүниетану пәнін оқу барысында «Адам-қоғам-табиғат» деп аталатын үш дидактикалық блок бойынша мына төмендегідей білім беріледі:

-Күн жүйесі, олардың  қозғалысы, қасиеттері мен өзара байланысы туралы;

-заттар мен денелер, олардың қасиеттері туралы;

-табиғат құбылыстары туралы;

-жер планетасының тірі мекендеушілері және олардың өлі табиғатпен байланысы, тірі табиғаттағы процестер, өзгерістер туралы;

-табиғаттағы экологиялық байланыстар және табиғат пен қоғам арасындағы қайшылықтар;

-адамның шаруашылық әрекеттері, табиғатты ұтымды пайдалану, адамның өмірдегі жауапкершіліктері туралы.

Заттар мен денелер. Тірі және өлі табиғат обьектілері. Табиғат элементтері және адам жасаған бұйымдар.

Өлі табиғат. Қатты денелер, сұйықтар, газдар. Ауа, оның құрамы, қасиеттері, тірі организмдер үшін маңызы. Су, оның қасиеттері. Заттың түрлі агрегаттық күйлерге көшуі (судың мысалында). Табиғаттағы су айналымы. Судың тірі ағзалар үшін маңызы.

Аспан денелері. Жұлдыздар мен планеталар. Жер, оның формасы. Глобус - Жердің моделі. Ай - Жер серігі. Жердің өз осінен айналуы, Күнді айнала қозғалуы. Күн мен Түннің ауысуы. Жыл мезгілдерінің ауысуы. Көкжиек, Көкжиек сызығы. Әлем тұстары. Тұсбағдар. Жергілікті жердің картасы, планы. План мен картадағы шартты белгілер. Жербедері: жазықтар, таулар, төбелер, жыралар. Су қабаты: өзен, көл, теңіз, мұхит, тоған.

Пайдалы қазбалар мен тау жыныстары. Пайдалы қазбалардың түрлері, қасиеттері, олардың маңызы және адамның тұтынуы. Ауа райы.(бұлт, жауын-шашын, жел).

Тірі табиғат элементтері. Саңырауқұлақтар, өсімдіктер,  жануарлар —тірі организмдер, олардың қасиеттері; қоректенуі, тыныс алуы, өсу, көбею, даму. Олардың табиғат үшін, адамдар үшін маңызы, оларды қорғау шаралары.

Адам - табиғаттың саналы бөлігі. Адамның тұлғасы, мүшелері, мүшелер жүйесі. Адам тіршілігі үшін судың, ауаның, топырақтың, өсімдіктердің, жануарлардың ролі, экологиялық жағдайы. Адамдардың табиғатқа тигізер оң және теріс әсерлері. Тіршілік қауіпсіздік ережелері. Қоғамдық орындардағы мінез-құлық.

Жоғарыдағы білімнен басқа, оқушылар белгілі бір дағдыларды меңгеруі тиіс:

-табиғи обьектілер мен жасанды заттарды, тірі және өлі табиғат обьектілерін ажырата білу, оларды сипаттау.

-өсімдіктер мен жануарлардың негізгі топтарын, оларды айыра білу; әртүрлі табиғат зоналардың өсімдіктері мен жануарларын тану; сол өлкенің ауылшарушылық өсімдіктерін, жануарларын; бөлме өсімдіктеріне күтім жасау, түрлі тәсілдермен көбейту жолдарын меңгеру.

-табиғатқа өз бетінше бақылау жүргізу; қарапайым тәжірибе жасай білу; қарапайым зертханалық аспаптармен, құрал - жабдықтармен жұмыс жасай білу, қолдана білу.

-белгілі бір жерде бағдар жасау, картаны сауатты  пайдалана білу, тұсбағдармен жұмыс жасай білу.

 -өз өлкесінің негізі пайдалы қазбаларын білу.

-жеке бас гигиенасының ережелерін білу, оны орындау; зақымданған кезде қарапайым көмек көрсету .

-табиғатты қорғау жөнінде шамасы келген жұмысты орындай білу.

Табиғат туралы мәліметтердің көлемі өте кең. Осыған байланысты оқу материалын ғылымилығы негізінде іріктеу, топтау мен өңдеу, материалды зерттеу тәртібі мен жүйесін анықтау әдістеме міндеттері болып табылады. Оқушылар табиғат пен адамның шаруашылық қатынасын зерттей отырып білім алып қана қоймай, сондай-ақ оларда практикада қажет болатын машық пен дағды қалыптасады. Ғылым негіздерін оқытудың неғұрлым тиімді әдістері мен амалдарын жасау әдістеменің тағы бір маңызды міндеті болып табылады. Ол мұғалімге ғылыми материалдарды оқушылар үшін қалай түсінікті етуге болатынын көрсетеді, табиғат туралы ғылымдарды зерттеуге негіз қалайды.

Табиғаттағы обьектілер мен құбылыстарды танып білу деген баланың логикалық ойлауына жол ашатын  өте құнды  материалдар болып табылады. Осы тұрғыда жаратылысты танып білу кезінде жүргізілетін түрлі әдістер барысында балаға тек білім ғана беріліп қоймай жан-жақты тәрбие беріледі. Әрбір сабақтың оқытудан тәрбиелік мәнді болуы бірінші кезекті, яғни оқу мен тәрбиенің тұтас жүйе екендігі белгілі.

Оқушылардың адамгершілік қасиеттерін, дұрыс мінез-құлықтарын қалыптастыру арнайы жарияланбаған. Ол құрамдас бөліктері мен әртүрлі әдістері арқылы іске асып отырады. Бұл қағиданы дұрыс түсініп, жүрегімен қабылдаған әрбір мұғалім өз сабақтарының әрбір тәрбиелік  функциясын өз бетінше – ақ ұйымдастырып отырары сөзсіз, әрі міндетті. Әрбір сабақ талдау арқылы жүруі шарт. Талдау –бірлескен ізденіс. Ізденіс барысында мұғалім әр баланың көңіл-күйін бақылауға, ой-пікірін байқауға, яғни интелект деңгейін анықтай алады. Адами құндылықтар бала бойына іс - әрекет  барысында беріледі. Өйткені өзгенің басындағыны өз басында өткізгендей етіп қабылдауы баланың болашағын аңғаруына, айналасындағылардың іс - әрекетін түсінуге, ой елегінен өткізіп, сезінуіне ықпал етеді. Тәрбие дегеніміздің өзі де ең алдымен баланың сезімін оятып, әсершілдігін дамыту. Сезімді тәрбиелеу- яғни баланы қоғамдық мәні бар, адамдарға жақсылық ететін құлық-қасиеттерден рахат, қуаныш табуға баулу деген сөз.

Дүниетану сабағында диалектикалық көзқарас қалыптастыру үнемі бірізділікпен, яғни табиғат элементтерінің бір-біріне байланысты құбылыстар сырына үңілу. Дүниетанымдық көзқарас оқушыларға бірден беріле қоймайды, ол ұзақ, үздіксіз берілетін оқу - тәрбие негізінің жемісі. Мұғалім ең алдымен органикалық дүниені, яғни әлем немесе табиғатты құраушы элемент атауларын, қасиеттерін, ерекшеліктерін және оның орны, пайдасы мен зияндылығы жайлы мағлұмат беруі, олардың байланысы мен болмысы, тіршілік жағдайы, ортасы, өзгерісі, жойылуы немесе басқа түрге өтуі т.б. тіршілік түрлерінен түсінік беру нәтижесінде әлемде, яғни табиғатта үздіксіз, тығыз байланысты құбылыстардың болуы, олардың әсері, осыдан барып органикалық дүниенің эволюциялық даму тарихы шығатынын түсіндіру нәтижесі балада дүниетанымдық көзқарастың қалыптасуына әкеледі (жай-күрделі, төменнен жоғарыға қарай заңдылығы түсіндіріледі).

4.2. Пәннің  мазмұнын таңдау принциптері: жүйелілігі, ғылымилы ғы түсініктілігі, дәйектілігі

Оқыту принциптерін білу оқу үрдісін оның заңдылықтарына сәйкес ұйымдастыруға, оқу материалының мақсаттарын орынды анықтауға және мазмұнын таңдап алуға, оқытудың түрлері мен әдістерінің мақсаттарына тиісті түрін таңдауға мүмкіндік береді.

Дүниетану пәнінен оқу материалын іріктеу кезінде ұғымдардың ғылымилығы мен түсініктілігі ескеріледі, осыған байланысты негізгі білім қарапайым түсініктер мен ұғымдар деңгейінде беріледі. Мұндай түсініктерге заттар мен денелер, ауа мен судың қасиеттері, минералдар, тау жыныстары мен пайдалы қазбалар, тірі табиғат алуандығы, табиғат процестері мен құбылыстары туралы білім жатады.

Оқытудың әрбір кезеңінде бастапқы түсініктер тереңдеп, мазмұны кеңейеді және біртіндеп білімге айналады. Бұл білім «түсінік-ұғым-білім» схемасы бойынша қалыптасады. Мұндай жүйелілік білім мазмұнының біртіндеп тереңдеуін қамтамасыз етеді Пәнді оқып–үйрене  отырып, оқушылар өздерінің бақылауларын, бұрын алған ұғымдарын қорытындылайды, оларда өздері меңгерген білімнің негізінде жаңа түсініктер мен ұғымдар қалыптасады. Мазмұнның жүйелі толығуы оқушылардың білімін тиянақты етіп бекітуге мүмкіндік береді.

Оқу материалдары белгілі бір жүйемен реттеліп жоспарланбаса білім тиянақты қалыптаспайды. Сондықтан білім жүйесінде әр пәннің өздеріне тән бекітілген бағдарламасы болады. Осы бағдарламаға сәйкес оқу материалдары белгілі принциптермен іріктеліп, жүйеленеді, яғни жүйелілік, бірізділік принциптерімен жүзеге асады. Сондай-ақ материалдың тәрбиелік орны, ғылыми тиімділік тұрғысы, көрнекілік жүйе, өлкетану, жеделдете оқыту, қиындықта оқыту, қарапайымнан күрделену бірізділігі сияқты принциптер ұсталынады.

Оқытудың ғылымилық принципі білім беру мазмұнының қазіргі ғылым мен техниканың, әлемдік өркениеттің жинақтаған тәжірибесінің даму деңгейіне сәйкестігін қарастырады. Бастауыш кластарда жаратылыстану ғылымдарының қазіргі жетістіктері мен жаңалықтарын кірістіре отырып, нақты ғылыми фактілермен, құбылыстармен, табиғи заңдылықтармен таныстыруға бағытталу болып табылады.

Оқыту жүйесінде негізгі деп саналатын принцип - көрнекілік принципі. «Егер оқушыларға нақты шынайы білім беруге ниеттенсек, онда біз барлығын жеке бақылауымыз бен сезім көрнекілігі арқылы оқытуға ұмтылуымыз керек»,-деген А.Я.Коменскийдің пікірі дәлелдейді. Сондай-ақ, К.Д.Ушинский «қандай да бір жағдайды қабылдауға сезім мүшелері қанша көп қатысса, ол біздің есімізде сонша берік сақталады»,-деген.

Оқытудың көрнекі және техникалық құралдарын қолдану материалды тиімді игеруге жағдай жасайды. Сонымен қоса оқушылардың танымдық қызметінің белсенділігін арттырады, өмірмен байланыстыру қабілеттерін дамытады, байқағыштыққа тәрбиелейді, оқуға деген қызығушылығын арттырады және білім санада ұзақ сақталып, игеріледі.

Оқытудағы реттілік пен жүйелілік  принципі оқулықтар мен бағдарламаларда жүйелеп құрумен, пәнаралық және пәнішіндегі байланыстарды орнатумен іске асырылады.

Оқытуда жүйелілік тұрғыда дамыту оқу материалын нақты құрылымдауға, оқылатын оқу пәні бойынша оқулық пен көрнекі құралдардың жиынтығын жасауға мүмкіндік береді. Жүйелілік құрылымдау оқылатын материалдағы басты ұғымдар мен категорияларды бөліп көрсетуді, олардың басты ұғымдармен байланысын орнатуды талап етеді.

Оқытудағы бірізділік оқу материалына түсініктілікті, оны берік меңгеруді, қиыншылықтардың бірте-бірте артуын және оқушылардың танымдық мүмкіндіктерінің дамуын қамтамасыз етеді.

Өлкетану принципі - табиғат және адам еңбектері оқытылатын сабақтардың бәрінде белгілі бір ретпен, жүйелі түрде, күнделікті қолданып отыру қажет. Өлкетану екі бөлімнен тұрады: а) мектеп айналасындағы жерлерді сипаттайтын материалдарды жинау; б) жиналған материалдарды сабақта пайдалану. Өз ауданын зерттеуді ауылда мектептің ауласынан бастап, одан кейін ауладан ауылға, ауылдан ауданға ауысқан жөн. Қалада-ауладан көшеге, көшеден өз ауданына, одан кейін бүкіл қаланы зерттеуге көшу керек. Әдетте өз жерін зерттеу төмендегі жоспар бойынша жүргізіледі: Қаланың, ауданның географиялық орны; Қаланың немесе ауданның жер бедері, пайдалы қазбалары; Климаты; Сулары; Топырағы; Өсімдіктері мен жануарлар жүйесі; Ауданның өткен тарихы; Халқы, олардың айналысатын кәсібі; Даму перспективалары. Осылай тікелей зерттеу негізінде көптеген түсініктер тұжырымдауға мүмкіндік береді; оқушылардың байқампаздығы күшейеді, тек оқулықтан ғана емес, айналадағы табиғат пен өмірден де білім алуларына көмектеседі; өз өлкесін танып білу арқылы туған жерге деген сүйіспеншілігі артып, патриоттық сезім қалыптасуына мүмкіндік береді.

 

5 Пәннің мазмұнына байланысты дүниетанымдық ұғымдар мен көзқарастарды қалыптастыру жолдары. Алғашқы ұғымдардың біртіндеп ұғымдар жүйесіне  ауысуын қалыптастыру.

 

5.1. Пәннің мазмұнына байланысты дүниетанымдық ұғымдар мен көзқарастарды қалыптастыру жолдары

Кез келген ғылым мен оқу пәні логикалық бірізділікпен дамитын ұғымдар жүйесі. Дүниетану пәні бойынша білім игеру мынандай кезеңдерден тұрады. Білім игерудің бірінші кезеңі жеке табиғат құбылыстарын немесе фактілерді  қабылдау болып табылады. Балалардың білім игеру кезіндегі белсенділігі олардың алдына мұндай құбылыс неліктен болады? Оны қалай түсіндіруге болады? Қандай пайдасы бар? - деген нақтылы сұрақтар қою арқылы артады.

Проблемалық жағдай көбіне мұғалімнің табиғаттағы бақылаулары кезінде, тәжірибе немесе практикалық жұмыстар жүзіндегі дұрыс қойылған сұрақтар мен тапсырмалардан тұрады. Мұғалімдер жаңа материалды өткенде табиғаттың бұл құбылысы немесе заты туралы не білетінін міндетті түрде анықтауы керек. Кіші мектеп жасындағылар көпшілік жағдайда құбылыстың тек сыртқы не мәнсіз белгілерін байқайды. Баланың жаңа затты немесе құбылысты көруге, оны бақылауға туа біткен талпынысы қабылдаудың бастапқы негізін құрайды. Оқушыларда обьекті немесе табиғат құбылыстарының сыртқы түрі туралы алғашқы түсінік туады. Түсінік бала санасында көрнекі бейнелер түрінде және олар нақтылы сипатта болады, бірақ бұл түсінік қарапайым, жалпылама түрінде қалыптасады. Мұғалім түсінікті тереңдету және кеңейту үшін оқушылардың алдына сол заттың немесе құбылыстың негізгі қасиеттерін анықтайтын нақты сұрақтар қояды. Мысалы, жапырақтың ағаштан түсу кезінде қандай өзгерістер болады? Жапырақ қандай ағаштардан түседі? Мұғалім жапырақ арқылы оларға тамырдан діңді бойлай жүретін ылғалдың болатынын түсіндіреді. Егер қыста жапырақ түспесе оларға келіп тұрған су аяздан қатып қалады да өсімдік тіршілігін жояды деген сияқты түсініктер береді. Сол сияқты «Неліктен шырша мен қарағай қылқанын тастамайды? Өйткені қылқан арқылы су аз буланады, яғни жапырақты ағаштардың қысқы суықтарға дайындықтары. Міне, осы сияқты сұрақтар төңірегіндегі сұрақ-жауаптан соң мұғалім балаларды заттардың немесе құбылыстардың нақты белгілері мен қасиеттерін ажыратуға, оны бірнеше заттардың немесе құбылыстардың белгілері мен қасиеттерін салыстырып, маңызды ерекшеліктерін анықтауға үйрету керек. К.Д.Ушинский: «салыстыру - кез келген ұғымның және ойлаудың негізі болып табылады» деген.

 Түсініктерді қалыптастырудағы маңызды қадам - балалардың заттың ең ерекше белгілерін айыра білуі болып табылады. Айталық, мұғалім заттың бір немесе бірнеше ерекше белгілерін атай отырып, оқушыларға заттың өзін атауды талап етеді. Маңызды белгілер мен қасиеттерді анықтауға байланысты жүйелі жұмыс жүргізу балалардың жеке табиғат обьектілері туралы саналы түсініктерінің қалыптасуына зор мүмкіндік береді.

Жұмыстың келесі кезеңі – балаларда белгілі ұғымдардың қалыптасуы. Оқушыларда айқын және дәл түсініктердің болуы бұл ұғымдарды қалыптастырады.

Ұғымның белгілі бір мазмұны мен көлемі болады. Ұғымның мазмұнына заттың немесе табиғат құбылысының оны басқалардан ажырататын маңызды белгілері кіреді. Ұғымның мазмұнын дәл ашуды анықтама деп атайды. Ұғымға байланысты жұмыс әрқашанда баланың сөздік қорын молайтумен ұштасып отырады. Әр жаңа ұғымға байланысты сөзді әңгімелеу барысында қолдануды міндетті етіп санау бала санасында, сөздік қорында нақты толық орын алуына септігін тигізеді. Сондай-ақ бала санасындағы жаңа ұғым кеңейіп және тереңдеп отыру үшін мұғалім сабақта сол ұғымға бірнеше қайтара соғып, жаңа мазмұнымен байытып, тереңдетіп, кеңейтіп қайталап отыруы қажет. Сонымен біртіндеп сезім мен қабылдаудан түсінікке, түсініктен ұғымға жетелейтін жол - бала санасында болмыстың маңызды, заңды байланыстары мен қатынастарын қоса толық бейнелеуге баратын жол болып табылады.

Ұғымдар - қоршаған ортаның заттары мен құбылыстарын ойша елестете алу. Табиғат туралы ұғымдардың қалыптасуы - жаратылыстанудың аса маңызды міндеті, өйткені адам ойының негізінде әрқашан бейнелер жатыр. Біз «орман» деген сәтте оны қандайда бір түрде көз алдымызға елестетеміз.

Бейнелердің жасалу тәсілдеріне орай ұғымдар есте сақтау және елестету ұғымдары болып бөлінеді. Есте сақтау ұғымдары табиғат обьектілері мен суреттер, бейнелі құралдар арқылы оқыту, көріністерді тікелей бақылау, көру негізінде пайда болады. Көрініс обьектінің немесе құбылыстың сыртқы кейпін қалай дәл берсе, ол туралы ұғым соғұрлым нақты болады. Мұғалім баланың назарын сұрақ қою арқылы зейінде тұрған нәрсенің қайсыбір нақты белгісіне аударған кезде пайымдау немесе ұғымдар пайда болады.

Елестету ұғымдары - бұл обьектіні тікелей бақыламаған сәтте пайда болады. Олардың негізінде ауызша немесе жазбаша сипаттау жатады. Елестету ұғымдары әрқашан шашыраңқы келеді, есте сақтау ұғымдарына қарағанда  оқушының обьектіні сипаттауда қабылдау ерекшілігін көбірек көрсетеді.

5.2. Алғашқы ұғымдардың біртіндеп ұғымдар жүйесіне  ауысуын қалыптастыру.

Бастауыш сынып оқушыларының ойлау жүйесіне негізінде сезіну, сезімдік, көрнекілік басым болатынын ескерсек, оқушыларда ұғымдарды қалыптастыру аса маңызды міндет, жауапты процесс болып табылады.

Сезіну - бұл заттар мен құбылыстардың тікелей сезіну нүктелеріне әсер ететін жекелеген қасиеттерінің көрінісі. Демек, анализаторлар бақыланып отырған нәрсені қабылдау кезінде неғұрлым көп «іске қосылса» пайда болған бейне соғұрлым толық әрі дұрыс болады. Дегенмен оқушыларда қалыптасқан ұғымдар әрқашан дербес, жеке болып келеді. Олар –обьективті әлемнің субьективті бейнесі, біздің барлық біліміміздің алғашы кезеңі. Ұғымдар түсініктерді қалыптастыру кезінде қажет.

Түсініктер заттар мен құбылыстардың елеулі қасиеттерін, байланыстары мен қатынастарын көрсетеді. Түсінікті меңгеру процесі жалпыны бөліп көрсетуден тұрады. Түсінікке ұғымдарға қарағанда абстракцияның жоғарғы деңгейі тән, осыған байланысты төменгі класс оқушыларының ойлау ерекшеліктерін ескерсек, оларда түсініктің қалыптасуы айтарлықтай қиындық туғызады.

Дүниетану пәнінде биологиялық, географиялық, экологиялық яғни, жалпы табиғат туралы ұғымдар меңгеріледі. Жалпы ұғымдар жеке, жинақы, жалпылама деген түрлерге топтастырылады.

Жеке ұғымтардың қалыптасуы. Әрбір жеке обьекті  не заттың немесе құбылыстың  атауы жеке ұғымдарға мысал. Жалпы ұғымдар терминдермен тұжырымдалады да жеке ұғымдар – жеке аттармен немесе атаулармен тұжырымдалады, өйткені жер бетінде мұндай басқа обьектілер жоқ. Жеке ұғымдар өз кезегінде биологиялық, экологиялық, географиялық сипатта болады. Мысалы; Астана, Шымкент, Кавказ – жеке географиялық; өзен, қала, тау, жер - жалпы географиялық; құстар, гүлді өсімдіктер, жануарлар, қылқандылар - жалпы биологиялық; көктікен, сұр қоян, шырша - жеке биологиялық; факторлар, биосфера - экологиялық ұғымдар болып табылады.

Жинақы ұғымдардың қалыптасуы. Жинақы ұғымдар жеке ұғымдардан тұрады да, олардың туыстық белгілерінің ұғымдары жалпы болады, мысалы: Солтүстік Мұзды мұхит теңіздері немесе Тынық Мұхит теңіздері. Бір ғана мұхитқа жатуы мен туыстық белгісі «теңіз» болуы оларды жинақы ұғымға біріктіреді.

Жалпы ұғымдардың қалыптасуы. Дүниетанудан 1 - 4 кластарда сабақ бергенде табиғат және халық шаруашылығының қызметімен таныстырғанда мұғалім жалпы географиялық және жаратылыстану ұғымдарын: таулар, мұхиттар, ағаштар мен бұталар, жабайы және үй жануарлары, өзендер мен көлдер туралы ұғымдар береді.

Дүниетану сабағында меңгеретін түсініктер  де жалпы және жеке болып бөлінеді. Жалпы түсініктер біртекті заттар мен құбылыстарды қамтиды. Оған өзендер, таулар, жазықтар, шөлдер, балықтар немесе белгілі жерді бағдар жасау, жауын-шашын түсініктері мысал бола алады. Кез келген жалпы түсінікті сипаттай отырып, балалар оның негізгі белгілерін немесе әрекет кезеңдерін атай білуі тиіс. Жеке түсініктер - бұл нақты обьектілер мен құбылыстар туралы түсінік, мысалы, Арыс өзені, Қазығұрт тауы, Байкал көлі, найзағай, жаңбыр, қар т.б. Жеке түсініктердің мазмұны оларды сипаттағанда немесе мінездеме бергенде ашылады.

 Обьектілер мен құбылыстар туралы ұғымдар мен түсініктерден басқа обьектінің шамасы, оның пішіні, т.б. кеңістік ұғымдары қалыптасады. Түсініктер мен ұғымдардың қалыптасу кезінде оқушылардың дағдысы маңызда роль атқарады. Бұл оқи білу, бақылау жасау, практикалық жұмыстар, тәжірибе жасау сияқты әрекеттерін меңгеру.

Түсініктер мен ұғымдардың қалыптастырудың екі жолы белгілі:- тікелей және жанама. Дүниетануды оқыту кезінде екінші жол көбірек жүзеге асады, өйткені ол қысқа әрі үнемді. Іс жүзінде екі жолда бір мезгілде пайдаланылады, бір-бірін толықтырады, алайда екіншінің үлес салмағы әлдеқайда басым. Мысал, көл деген жалпы түсінігін қалыптастыру үшін барлық көлге ортақ белгіні атау керек - бұл тұйық формадағы су кеңістігі. Басқа қалған белгілер (тереңдігі, тұздылығы, температурасы, жағасының биіктігі, қазаншұңқырының пішіні, т.б.) өзгеріп отырады және олар жалпы түсінікті қалыптастыру кезінде пайдаланылмайды. Ұғымдар мен түсініктерді қалыптастыру кезінде тікелей және жанама жолдарды ұштастыру, әсіресе бастауыш класта қажет. Ол үш факторға байланысты: нақты обьектілердің мысалы, шөлдің бақылауға алынуының қиындығы; балалардың бақылауға алған нақты обьекті немесе құбылыстардың басты және өзгермелі белгілерін оңайлықпен бөліп көрсете алмауы. Оқушылар картиналарды немесе өзге де нақты заттарды сипаттау кезінде осы түсінік үшін қандай белгі басты (маңызды ) болып табылатынын, ал қандай белгі жанама болатынын айтуы қажет. Тек осы жағдайда ғана оқушы өзі көрген зат немесе сурет осы жалпы түсінікке қатысты барлығын түсінеді.

Ұғымдарды қалыптастыру мақсатында оқушыларға өздері бұрын көрген затты немесе суреттің есте қалған бейнесі бойынша салуды, ауызша  сипаттауды талап етуге болады. Егер сурет затты ақиқат бейнелесе, онда оқушыда ол туралы ұғымы дұрыс болады. Басты белгілерді көрнекі түрде беру бейнені түсінікпен байланыстырады, оны жалпы түсініктің тасмалдаушысы етеді. Бұл бала санасына қабылданады, яғни  бейне мен сөз арасында байланыс жүзеге асады. Сөз белгілі бір мәнге ие болады, нақты мазмұнмен толығады.

Ұғымдар мен түсініктерді қалыптастыру еңбекті көп қажет ететін ұзақ процесс. Дүниетануды оқытудың бүкіл кезеңінде бұрын меңгерген ұғымдар мен түсініктер кеңейіп, тереңдеп отырады және олардың негізінде жаңалары енгізіледі.

 

6 Қоршаған орта пәнін оқыту әдістері мен тәсілдері

 

6.1. Әдіс педагогикалық категория ретінде. Әдістер классификациясы.

Әдіс - грек сөзі, тікелей аударғанда зерттеу жолы, қандай да бір мақсатқа қол жеткізу, нақты міндетті шешу тәсілін білдіреді. Оқыту әдістемесінде әдіс деп әдетте оқу пәнін меңгеруді қамтамасыз ететін тәсілдердің, теориялық және практикалық іс-әрекеттердің жиынтығы.

Оқыту әдісі дегеніміз ол мұғалімнің мектеп оқушыларының танымдық қабілетін дамытып, көзқарастарын қалыптастыратын және оларды өмір сүруге дайындайтын білім, іскерлік және дағды беру әдістері. Оқыту әдістері оқушыларға жаңадан білім беруде, бұрын алғандарын бекітуді қамтамасыз етеді, соның нәтижесінде олар мұғалімнің басшылығымен ғылым негіздерін игереді. Оқушыларға, біржағынан әдістердің қай-қайсысы болса да, біріншіден, мұғалім баяндап берген даяр білімді игеруге; екіншіден, мұғалімнің басшылығымен өздігінен жұмыс істеуге көмектеседі. Белгілі бір әдіс сабақтың мақсатына, оқу материалының мазмұнына және танымдық іс-әрекеттің сипатына байланысты әртүрлі бағыт, түрліше күрделілік дәрежесіне ие болады.

Бастауыш кластарда бір сабақта бір ғана әдіс қолдану сирек пайдаланылады, керісінше бір әдіс екінші әдіспен үйлестіріліп отырылуы шарт. Білім беру мақсаттарына нәтижелі қол жеткізу үшін әдістердің қайсысы неғұрлым тиімді екенін анықтап алу қажет.

Оқыту әдістерін жіктеп, топтауға негізгі дидактикалық белгілері алынады. Бүгінде дидактикада таңдап алынған белгілердің негізінде бірнеше әдістердің жіктеу тобын бөліп көрсетеді. Мысалы; оқушылардың танымдық деңгейі бойынша, мұғалімнің білім берудегі іс-әрекетінің сипатына, білім алу көзіне байланысты топтап, жіктелгені белгілі.

Оқыту әдістерінің негізгі классикалық  мынадай тобы белгілі;

1. Сөздік әдістері (баяндау немесе түсіндіру, әңгіме, әңгімелесу, оқулықпен жұмыс);

2. Практикалық әдістері (бақылау әдісі, зерттеу әдісі, жаттығу әдісі, практикалық жұмыстар, зертханалақ жұмыстар, дидактика- лық ойындар);

3. Көрнекілік әдістері (иллюстрация түрі - плакаттар, кестелер, суреттер, карталар, бейнелер, муляждар, макеттер және демонстрация түрі-тәжірибелер, телекөрсетілімдер, бейнефильм- дер, кодопозитивтер, компьютерлік  бағдарламалар).

Әр әдістің өзіне тән қолдану ерекшіліктері бар. Айталық, сөздік әдістерді қолдануда оқушылардың білім алу көзі мұғалімнің сөзі болып табылады. Білім көздері бойынша бөлінген оқыту әдістері оқып –үйрену кезінде бір - бірін толықтырады және жүйе құра отырып, өзара әрекет етеді.

6.2. Оқыту әдістерінің сипаттамасы. Бастауышта қоршаған орта пәнін оқытудың ерекше әдіс-тәсілдері. 

Оқыту әдістері оқушыларға жаңадан білім беруде, бұрын алғандарын бекітуді қамтамасыз етеді, соның нәтижесінде олар мұғалімнің басшылығымен ғылым негіздерін игереді. Оқушыларға, біржағынан әдістердің қай-қайсысы болса да, біріншіден, мұғалім баяндап берген даяр білімді игеруге; екіншіден, мұғалімнің басшылығымен өздігінен жұмыс істеуге көмектеседі. Белгілі бір әдіс сабақтың мақсатына, оқу материалы ның мазмұнына және танымдық іс-әрекеттің сипатына байланысты әртүрлі бағыт, түрліше күрделілік дәрежесіне ие болады.

Сөздік әдістеріне баяндау (түсіндіру), әңгіме, әңгімелесу, оқулықпен жұмыс. Сөздік әдістерді өзге әдістермен ұштастыра отырып, оқушыларды нақты бейнелерді веберальдық білімге, одан соң схема, модель, жер планы сияқты айырықша белгілер жүйесіне ауыстыра үйретуге болады. Көрген нәрсені сөзбен жеткізу, схема түрінде көрсету - міне таным жолы осындай. Сонымен бірге сөздік әдістердің жеке, дербес маңызы бар.

Бақылау әдісіне табиғатты, тірі табиғат бұрышындағы, оқу - тәжірибе үлескесіндегі, географиялық алаңдағы бақылау. Зерттеу әдісі -тәжірибе, эксперимент жасау. Жаттығу әдісіне жазбаша жұмыс, сызба, сурет салу, түрлі практикалық жұмыстар орындау.

Көрнекілік әдістері - картиналар, диафильм, табиғи көрнекіліктермен жұмыс.

Сабақ материалдарын баяндау әдістерінің бірі мұғалімнің әңгімесі болып табылады. Баяндау ғылыми және әдістемелік жағынан дұрыс болу керек. Мұғалім балаларға қандай болмасын бір білім туралы айтқанға дейін оқулықта жазылғандарды талдап және толықтырып, мағлұматтардың дұрыстығын оқулыққа сәйкес келетін энциклопедиядан, анықтама кітабынан алдын ала қарап, тексеріп алады.

Баяндау балалар түсінігіне жеңіл де қарапайым болуы керек. Мұғалім балалармен сөйлесу арқылы тілдің барынша қарапайым және түсінуге жеңіл болуын қамтамасыз етеді, алайда тілдің түсінуге жеңіл болуын фактілерді бұрмалаумен, тұрпайылықпен, жабайылықпен алмастыруға болмайды. Егер мұғалім өзі мәселені нақтылы түсінбесе, онда ол оқу материалын бала санасына жеткізе алмайды.

Баяндау айқын, көркем, сезімге әсер ететіндей болуы керек. Балалар тек қана ақылына емес, сезіміне де әсер ететін, әсерлі баяндауды есінде ұзақ уақыт сақтайды және жақсы, жеңіл түсінеді. Баяндау барысында бірсарындылықтан алшақтау қажет.

Баяндауда мұндай айқындыққа және бейнелі сөйлеуге жету үшін, мұғалім қажымай өз бетінше ұзақ іздену керек, сабаққа дайындалған кезде табиғаттың әсерлі суреттемелерін және адамның табиғатқа тигізетін әсерін пайдаланып және көркем шығармалардан үзінді келтіре кеткен де жөн. Баяндау міндетті түрде көрнекі құралдар - фотосуреттер, қабырғаға ілетін суреттер, гербарийлер, макеттер және басқа көрнекілермен қатар жүр- гізіледі. Көрнекі құралсыз баяндауда балада құмартушылық кемиді де, оны оқушылар нашар қабылдайды.

Баяндауды тәжірибемен қатар жүргізуге немесе тежірибені алдын - ала көрсетуге де болады. Баяндаудың стилистикалық, мүмкіндігінше қысқа, бірақ мазмұнды болғаны өте қажет. Баяндаудың ұзақтығы 3 - 4 кластарда 10 - 15 минут, ал 1 - 2 кластарда 8 - 10 минуттан аспауы қажет.

Баяндау қарқыны нашар оқитын оқушы оның мазмұнын түсіне алатындай болу керек. Өте шапшаң айтылған әңгіме - қажытады, өте баяу баяндалса – ұйқы келтіреді. Сондықтан мұғалім баяндау екпінін мазмұнына қарай өзгертіп отырғаны дұрыс. Осылайша баяндауға көптеген қатаң талаптар қойылады. Сондықтан оның мазмұны мен ұйымдастырыл- уына мұғалім үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Мұндай жауапкершілік мұғалімді мұқият дайындалуға, баяндаудың мазмұнын, оның формасын, ұйымдастыру және сабақтағы орнын ойланып, тиянақты әзірлік жасауға мәжбүр етеді.

Әңгіме - бұл мұғалімнің қандай да бір мәселені бейнелеп баяндауы, қайсыбір обьектіні не құбылысты сипаттап жеткізуі. Оқушылар әңгіменің көмегімен өздері бақылай алмайтын көптеген құбылыстармен обьектілермен танысады.

Әңгіменің білім беру және тәрбие тұрғысындағы маңызы ең алдымен фактілерді дұрыс іріктеуге байланысты. Әңгімеде фактілердің біртіндеп, жүйелі түрде баяндалуы маңызды, материал ғылымның жаңа жетістіктер деңгейінде айтылуы қажет (мысалы, әлі оқулыққа кірмеген мәліметтерді тілге тиек ету). Мұғалімнің әсерлі әңгімесі баланың ой - қиялы мен эстетикалық сезімдерін дамытады.

Сабақтарда әдетте әңгіменің екі типі пайдаланылады. Олардың алғашқысына басты дидактикалық мақсаты қарастырылып отырған мәселе бойынша фактілік білімді баяндаудан тұратын әңгімелер жатады. Олардың қатарына, мысалы, саяхатшылар, халықтың тұрмысы мен мәдениеті туралы, т.с.с. қызықты, деректі әңгімелерді жатқызуға болады.

Әңгімелердің екінші типі - иллюстративтік немесе әңгіме – картиналар.  Олардың міндеті - оқушылардың ұғымында қандай да бір обьектінің не құбылыстың нақты бейнесін жасау.

Егер бірінші типтегі әңгімелер материалды баяндаудың негізгі әдісі ретінде пайдаланса, иллюстративтік әңгімелер көбіне оқытудың өзге әдістерін толықтырады. Иллюстративтік әңгімелер үшін баяндаудың әсерлілігі мен бейнелілігі айырықша маңызды. Сондықтан оларды көркем және ғылыми - көпшілік әдебиеттердің немесе бұқаралық ақпарат құралдарының негізінде дамиды. Иллюстративтік әңгімелер немесе көркем және ғылыми - көпшілік әдебиеттен алынған үзінділер білім беру талабын орындау үшін барлық принципті қанағаттандыруы тиіс. Сабақта пайдалану үшін көркем және ғылыми - көпшілік әдебиеттен алынған үзінділерге табиғи ғылымилық талабы қойылады. 

Бастауыш кластарда мұғалімнің баяндауына қарағанда педагогика әңгімесі жиірек өтеді. Әңгіме балаларға қойылатын сұрақтардан, олардың жауаптарынан, мұғалімнің түсіндіруінен және ең соңғы жинақтайтын қорытындыдан тұрады. Әңгіме кезіндегі қойылатын сұрақтар анық, тиянақты, артық сөз араластырмай қысқа етіп құрастырылуы керек. Сұрақтар өз жауабын өзі айтатындай болмай, стилистикалық сауатты құрылу қажет. Мұғалім сұрақты бүкіл класқа қойып, белгілі бір оқушыдан жауап алады. Сұраққа бірден жауап беруді талап етуге болмайды, балалардың ойлануына мүмкіндік беру керек.

Әңгімелесу әдісі - бастауыш класта жиі қолданатын әдістің бірі. Әңгімелесу барысында оларды ойлауға, талқылауға, талдау жасауға, өз бетімен қорытынды жасауға үйретеді, ой - өрісінің дамуына, логикалық ойлауға жетелейді. Мұғалімнің әңгімелесуге белсене араласуы көңіл - күйі көтеріңкі болса, балаларды әңгімеге тартып қызықтыра білсе, тіпті нашар оқушының өзі әңгімеге араласуы мүмкін. Ескеретін нәрсе, сөз обьектіні қарастырған уақытпен сәйкес келсе, онда мүғалім үлкен тиімділікке қол жеткізіп, көрген бейнені есте сақтауға мүмкіндік жасайды.

Сондай-ақ, белсенді әдістерге сурет салу, оқулықпен жұмыс, карта, план, глобуспен жұмыс, ойын әдістерінің түрлі қырларын қолдану мүмкіндіктерін шебер қолдану қажет.

Әңгімелесудің (сұхбаттасудың) ерекшелігі мұғалім сұрақ қояды, оқушылар жауап береді немесе керісінше оқушы сұрақ қояды мұғалім жауап беру арқылы жүзеге асады. Мұнда оқушылар өз ойларын дәлелді түрде айтуды, картамен, көрнекі құралдармен өз бетінше жұмыс істеуге  үйренеді. Сұхбат жүргізудегі мұғалім мен оқушылардың роліне байланысты және оның логикалық құрылымына қарай сұрақ-жауап және толық сұхбат деп бөлінеді. Сұрақ-жауап түрінде өтетін сұхбатта мұғалім оқушылардан негізінен фактіні білетінін көрсететін қысқа жауаптарды талап етеді. Бұл қарапайым әдіс - көбіне жаңадан алынған білімді тексеріп, тиянақтау үшін немесе оқушылар бұрын алған білімді анықтау мақсатында пайдаланады.

Толық сұхбат кезінде мұғалім оқушылардың таным процесін басқарады, олардың назарын қарастырылып отырған обьектілер мен құбылыстардың елеулі белгілеріне бағыттайды, өз бетінше қорытынды жасауға әкеледі. Әр сұрақ сұхбаттың негізгі проблемасын шешуге бағытталып, алдыңғы сұрақтармен логикалық байланыста болуы шарт.

Сұхбатта сұрақтардың әртүрлі типтері пайдаланылады. Бірінші типке оқушыларда бар білімді анықтайтын сұрақтар жатады. Сұрақтардың екінші типі оқушыларды картамен, көрнекі құралдардан және өзге де білім көздерінен жаңа білім алуға бағыттайды.

Оқытудың практикалық әдістері оқушылардың практикалық қызметіне негізделген. Практикалық білік пен дағдыны осы әдістер қалыптастырады. Практикалық әдістері (бақылау әдісі, зерттеу әдісі, жаттығу әдісі, практикалық жұмыстар, зертханалақ жұмыстар, дидактикалық ойындар).

Бақылау табиғатты өздігінен танып білудің бірден – бір негізгі әдісі. Бастауыш кластарға арналған дүниетану бағдарламаларында балалардың қоршаған табиғатты бақылауына аса зор көңіл аударылады. Табиғатты тікелей бақылау негізінде балада көптеген нақтылы түсініктер қалыптасады. Табиғаттанудан сабақ беруде әдістемелік жүйенің негізін қалаушылардың бірі - А.Я.Герд «адамзат бүкіл шынайы білімді оқу арқылы емес, бақылаулар, салыстырулар, тәжірибелер арқылы игереді», -деп атап көрсеткен. Табиғатты танып білу, зерделеудің бірден - бір негізгі әдісі - бақылау. Бақылау дегеніміз оқушылардың түсінік пен ұғымдарды, іскерлік пен дағдыны дұрыс қалыптастыру мақсатында тірі және өлі табиғат обьектілерін тікелей қабылдауы деп ұғынуымыз керек.

Бақылау біріншіден, қоршаған болмыстан нақтылы және бейнелі түсініктер мен ұғымдар қалыптастыруға соның негізінде төменгі класс оқушыларының логикалық ойлау әрекетін, ауызша және жазбаша сөзін дамытуға мүмкіндік береді. Екіншіден материалистік дүниетанымның қалыптасуына себепкер болып, табиғи құбылыстардың үздіксіз өзгеруі мен дамуына, табиғатта болып жатқан құбылыстардың өзара байланысы мен заңдылығына, дүниенің материалдығына және табиғаттың біртұтастығына балалардың көзін жеткізеді.

Оқу тұрғысындағы бақылаудың мақсаты қандай да бір фактілерді жинақтау, бақылау обьектісін зерттеу немесе заңдылықтарды ашу болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін алдын-ала бақылауға дайындалу жұмысын жүргізу қажет. Ол негізінен төмендегідей:

1. Оқушыларды бақылау обьектісімен және оның мақсаттарымен таныстыру,

2. Жұмыс дәптеріне бақылау жоспарын жазу.

3. Бақылау барысымен және оның ұсынылған тәсілімен, фактілерді белгілеу ережелерімен таныстыру.

4. Сипаттау мен қорытындыларды беру.

Бақылау тек табиғи объектілер мен құбылыстар ғана емес олардың суреттері мен бейнелерін, яғни фотосуреттер, моделі, слайдтар мен кинофильм арқылы да бақылау түрі болып келеді.

Бастауыш кластарда көбіне басым жағдайда ауа райын бақылау, өсімдіктерді маусымдық өзгерістерін бақылау, тұқымның өнуін бақылау, жыл мезгілі өзгерістерін бақылау, адам еңбегін бақылау, жан-жануарлардың мінез-құлықтарын бақылау т.б. Бақылау  ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді болып келеді. Бақылау барысында оқушылар түрлі құрал-аспаптармен жұмыс істеуге машықтанады.

Оқытудың көрнекілік әдістерінің басты ерекшелігі - оларды пайдалануда негізгі ақпарат көзі ретінде сөз емес, әр түрлі объектілер, құбылыстар, техникалық және көрнекі құралдар танылады. Бұл әдістер оқытудың сөздік әдістерімен сабақтасып өте жиі қолданылады. Көрсету, иллюстрация, бақылау көрнекілік принципін жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды, бұл әдістердің барлығы да оқушыларға эмоционалдық әсер етеді. Оларға да көрнекілік принципіне қойылатындай (көрсетілетін объектілердің, құбылыстардың реттілігі, қабылдаудың анықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету) сияқты талаптар қойылады. Әдістердің бұл тобына оқытудың әр түрлі техникалық құралдарын пайдалану (магнитофондағы жазбалар (құстардың дауысы), радиохабарлар, экрандық - дыбыс құралдары, телехабарлар, компъютерлік бағдарламалар) жатады.

Қазіргі жағдайда компъютер сияқты техникалық құралдарды пайдалануға басты назар аударылуда. Олар оқушыларға бұрын оқулық мәтінінен игерген көптеген мәліметтерді сапалы игеруге мүмкіндік  береді.

3. Әдіс-тәсілдерді кешенді үйлестіре қолдану техникасы.

Мұғалім сабаққа дайындалғанда әдістің сабақтағы орнын анықтайды, оның тақырыбы мен мақсатын көрсетеді, оқытатын материалын түсіндіруге қажетті көрнекі құралдарды қарап, белгілейді; суреттерді қарап, ондағы керекті обьектілерді табады; баяндаудың жоспары мен конспектісін жазады, жоспарды қарапайым етіп, үш-төрт тақырыпшадан асырмауға тырысады; сөздердің дұрыс айтылуын, дауыс ырғағын қадағалай отырып, әңгіменің бүкіл мазмұнын жоспар бойынша дауыстап айтып шығады.

Мұғалімнің баяндауы айқын, көркем және қызықтыратын болып құрылса және оқушыларды өзіне тартып, материал мазмұнына қызықтыра алса, оқушыларды жұмылдырады, оларға жауаптарын дұрыс құруға үлгі береді.

Идеялық - саяси бағытта болатын баяндау мен әңгіме оқушыларға нақты білім береді, оларды іс - жүзінде қолдануға деген тілек туады. Мұғалімнің баяндауы мен әңгіме бірін - бірі толықтырып әңгімені оқумен және жұмыстың басқа түрлерімен үйлестіріп, бағдарламаға сай білім беріледі. Бұл оқушыларға ой тудырып, оқылатын тақырыптың балаларға жаттандылық түрде емес, түсінікті болуына көмектеседі. Баяндау мен әңгіме карта, көрнекі құралдар пайдаланумен, көркем әдебиет оқумен, есеп шығарумен, тәжірибе жасаумен байланыстырылады. Баяндау кезінде балалар селқос отырса, әңгіме кезінде барынша белсенді отырады, ойланады,  мұғалімге олардың ойларын шеберлікпен басқарып, оны қажетті арнаға бағыттап отыру міндеттеледі.

Әңгіме әдісі сурет бойынша әңгіме, оқылған тексті бойынша әңгіме, оқылатын материалдың негізінде карта бойынша әңгіме, жасалған тәжірибе желісінде әңгіме түрінде қолданылады.

Оқытуда көрнекілік әдістерін пайдаланғанда төмендегі шарттар сақталуы керек:

а) қолданатын көрнекілік оқушы жасына сай болуы керек;

б) көрнекілік шектеулі пайдаланылуы керек және оны бірте –бірте тек сабақтың қажет сәтінде көрсету керек;

в) оқушыларға көрсетілетін дүниені жақсы көре алатындай етіп ұйымдастырылуы қажет;

г) иллюстрацияны көрсеткенде басты, маңызды жақтарын бөліп көрсеткен жөн;

д) құбылыстарды көрсету кезінде берілетін түсініктерді тыңғылықты ойластыру керек;

е) көрсетілетін көнекілік материалдың мазмұнымен сәйкес болуы керек;

ж) қөрнекі құралдардан немесе көрсету қондырғыларынан ақпаратты табуға оқушылардың өзін белсендіру.

Әдістемелік тәсілдер - бұл педагогтың логикалық және қолданбалы дағдыларды меңгеруге бағытталған нақты әрекеттер. Мысалы, әртүрлі масштабтағы карталарды салыстыру, өзен ағысының жылдамдығын анықтау, тау баурайының көлбеулігін өлшеу т.б. Сонымен, тәсіл дидактика тұрғысында әдіске қарағанда аясы тарлау таксономиялық бірлік болып табылады. Әр әдіс өзара байланысқан көптеген тәсілдерден тұрады. Әдістемелек тәсілдерді білмейінше пәнді оқыту әдістерін меңгеру мүмкін емес.

Дүниетану пәні бойынша ерекше сипаттағы сабақ типтері жүзеге асады. Мысалы, түсіндіріп оқыту сабағы, заттық сабақтар, тәжірибе көрсету сабағы.

Түсіндіріп оқыту сабағы. Түсіндіріп оқыту сабағының басқа сабақтарға қарағанда өзіндік ерекшелігі сол  бұл сабақта тек жаратылыс ғылымдары сипатындағы заттар және олар жайлы білім ғана қалыптасып қоймай оқу мен жазуға үйрету талаптары да жүзеге асады. Түсіндіріп оқыту сабақтары табиғатты және ондағы құбылыстарды танып білуде негізінен мынандай үш мәселені шешеді:

1. Балаларға  табиғат туралы жаңа ұғымдар және жаңа білімдер беру;

2. Балаларды жақсы оқуға үйрету;

3. Олардың оқығандарын саналы түрде түсіне, талдай білуіне көмектесу. Сонымен бірге дәптермен жұмыс барысында жазу дағдылары да қалыптасуына мүмкіндік туады [3,61б.].

Түсіндіріп оқыту сабақтары әсіресе әлі оқу мен жазу дағдылары толық қалыптасып үлгермеген 1 - 2 кластарда өте маңызды әдіс болып табылады. Мұнда дауыстап оқыту, оқылған әрбір абзацты мұғалім түсіндіру және оқушылармен бірге талдау ұйымдастырылуы керек. Класы жоғарылағаннан кейін мақаланы іштей оқып, жаппай сұрақтар қою арқылы түсінігін сұрау арқылы талдап мақаладағы негізгі мәселені саналы түсінуіне жетелеу керек.

Ұғымды игеру үшін көбіне көркем әңгімелерге қарағанда басқа тәсілді қолдануды талап ететін іске пайдалы ғылыми мақалаларды оқуға зор көңіл бөлінуі керек.

Дүниетану сабақтарында түсіндіріп оқыту міндетті түрде көрнекі құралдарымен, экскурсия мен бақылау кезіндегі білімдерімен үйлесім таппаса түсіндіріп оқыту бос сөзділік болады. Онда түсіндіріп оқыту тек балаларды оқуға ғана машықтандырып, оқығанына мән бере алмайтын өмірден қол үзген тәсілдің бірі болып шығады.

Түсіндіріп оқыту сабақтары мынандай элементерден тұрады: әңгіме мазмұнын түсінуге оқушыларды дайындау, яғни кіріспе әңгіме; әңгімені оқу, мазмұнын талдау, сөздік жұмысын жүргізу; оқушылар түсінігін айтып беру үшін жоспар түзу және жоспарға сүйене  түсінігін айтуды талап ету.

Түсіндіріп оқыту сабақтарын бес типке бөледі.

1. Оқушыларды тұрған жерінде өз бетінше жасаған бақылауларымен байланыста оқыту;

2. Экскурсия соңынан оқыту;

3. Заттық сабақтардың соңынан оқыту;

4. Тәжірибелер соңынан оқыту;

5. Мұғалімнің әңгімесі мен баяндауына негізделген көрнекі құралдарды қарастыра отырып оқыту.

Бұл сабақ типтерінің бір - бірінен айырмашылығы мақаланы не әңгімені түсіндіруге кіріспе және мақала не әңгіменің мазмұнында болып келеді.

Бақылау негізінде түсіндіріп оқыту. Мұғалім оқушыларға табиғаттан немесе күнделікті тұрмыстан кез келген бір құбылысты бақылауды тапсырады. Сонан соң бала бақылаған объектісі не құбылысы жайлы әңгіме түзеді. Мұнда бала бақылаған дүниелері жайлы ойланады және оның себеп – салдарын түсінуге, түсіндіруге тырысады. Бұл баланы түрлі ұғымдарды ұғынуға, логикалық талдай білуге машықтандырады. Бақылау негізінде түсіндіріп оқыту оқушылардың білімін кеңейтеді және тұрмыстық тәжірибе қалыптасады.

Экскурсия соңынан оқыту. Мұндай сабақ экскурсиядан алынған материал әңгіме мазмұнын түсінуге болатындай жағдайда, кейде оқу жылының басында өткізілген экскурсия аралығында өткізіледі, ал әңгіменің өзі оқу жылының ортасында бірнеше ай бойы жүргізіледі. Бұл жағдайда экскурсиядан алған білімдерін, бақылау қорытындысын жазып алу немесе сурет түрінде қағазға сызумен тиянақтайды. Оқыту сабағында балалар экскурсияда көргендерін еске түсіреді. Содан кейін балалар әңгімені дауыстап оқып шығады, таныс емес сөздерді талдайды, екінші рет іштерінен оқып шығып, мұғалімнің тақтаға жазған тапсырмаларын орындайды. Оқушылар әңгіменің мазмұны және экскурсиядан көргендері бойынша қорытынды жасайды [3,64б.].

Тәжірибе соңынан оқыту. 1 - кластан бастап балалар мұғалім көрсеткен тәжірибелерден әр түрлі табиғи құбылыстарды, мысалы: қардың еруі, мұздың қатты күйден сұйыққа айналуы, судың булануы, топырақтың суды өткізгіштігі т.б. бақылайды. Жасалған немесе бақылаған тәжірибелерден кейін оқушылар соған сәйкес әңгімелерді оқиды да тиянақты қорытынды жасайды.

 

7 Оқыту технологиялары, оларды пайдалану жолдары, талаптар

 

7.1 Оқыту технологиялары және олардың ерекшеліктері

Педагогикалық технологиялар - бұл білімнің басымды мақсаттарының біріктірілген пәндері мен әдістемелердің, оқу-тәрбие процесін ұйымдас-тырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттер мен мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі және ашық жүйелері, мұнда әр позиция басқаларына әсер етіп, ақыр аяғында оқушының дамуына жағымды жағдайлар жиынтығын құрайды. Бүгінгі таңда Қазақстанда Ж.А.Қараевтың, Ә.Жүнісбековтың, М.Жанпейісованың және т.б. ғалымдардың оқыту технологиялары белсенді түрде қолданылуда.

Қазіргі уақытта білімде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ды жасау және тарату, инновацияларды өрістету талаптары қойылып, оған жағдайлар да жасалуда. Осыған орай, оқу үрдісінде деңгейлеп оқыту технологиясы (Ж.А.Қараев), жүйелік негізде оқыту технологиясы (Г.Г.Ғалиев), блокты-модульдік технологияны (М.Жанпейісова), деңгейлеп оқыту технологиясы, дамыта оқыту технологиясы, ойын технологиясы, колдану қажет. Сонымен қатар оқушының танымдық мақсаттарына жол ашу үшін соңғы жылдары пайда болған оқытудың интегралды технологиясы, когнитивті технология, оқытудың проблемалық-бағдарлы технологиясы, интеллект карт әдісі негізіндегі оқыту технологиясы үлес қосады.  Бұл технологияларды оқыту үрдісінде кешенді қолдану арқылы оқушының танымдық даму дәрежесі артады: ақпаратты алу, қабылдау, сараптау, сақтау, және қолдану өрісі кеңейеді, оқушының бейнелі ойлау, сөйлеу қабілеті, дарындылық қасиеті дамиды, логикалық ойлау жүйесі өзгеше қабілетке ие болады.

Жоғарыда аталған технологиялар білім беруде пәндердің ішкі тоғысуы  (пәнаралық байланыс), оларды жаңаша жүйелеу, жеке тұлғаны жан-жақты дамыту, таным мәселесін сабақ мақсатының алдыңғы қатарына шығару, көпсалалы мәдени білім беру, білімді өмірмен байланыстыру салаларында қолданылады.

Қазіргі кезде интерактивтік технологияның түрі көп. Әсіресе технология түрлерін В.С.Кукушкин және басқалардың еңбектерінде жақсы келтірген. Ал бастауышта жеке пәндердің өзіндік ерекшеліктеріне қарай қандай технологияны таңдап пайдалану мұғалімдердің шеберлігіне байланысты.

Өзінің мазмұны, құрылымы, сипатына қарай педагогикалық технологиялар оқыту мен тәрбиелеу, жалпы білім беру және кәсіптік бағытталған, гуманитарлық және техникалық т.б. білім беру деп бөлінеді. Ең негізгісі педагогикалық технологияның білім беру үрдісінде баланың алатын орнына, үлкендердің оқушыға деген қатынасына байланыстылығы. Осыған орай технология бірнешеге бөлінеді.

Авторитарлық технология, мұнда мұғаліммен оқушының қарым –қатынасында субьект-обьектілік қатынас бірінші орында тұрады да, жекебасты қалыптастырудағы ең негізгі фактор дидактикалық құралдар болып есептеледі.

Жеке басқа бағытталған технология, мұнда мектептегі бүкіл оқыту мен тәрбиелеу үрдісі баланың табиғи мүмкіндігін дамыту үшін оған қолайлы, келіспеушілікті туғызбайтын, қауіпсіз жағдай жасай отырып, оның жеке басын дамытуды көздейді. Мұндай технологияны қолдану барысында оқушы тек субьект ғана емес дәрежесі мен беделі басым субьект қатарында қаралады.

Тұлғалық – ізгілендіру технологиясының айырмашылығы – жеке басты психологиялық тұрғыда қолдау, оған көмектесу. Бұл балаға қысым жасамай. «насихаттау» негізінде оны жан-жақты қолдау мен сүйіспеншілік арқылы оның өз күшіне деген сенімін туғызу.

Ынтымақтастық технологиясы, оқушының таңдауына, өздігінен жұмыс істеуге ерік беру. Мұғалім мен оқушының тең құқықты болуы. Нәтижеге сырттай әсердің емес, ішкі сенімнің басымдығына жету.

Проблемалық оқыту технологиясы, бұл жағдайда білім беру әр уақытта сабақтың басынан – ақ, түрлі жағдаяттар туғызумен тығыз байланысты жүргізіледі. Жағдаятты шешу баланың ойында туындауға тиісті. Проблемалық оқыту проблемалық білім алуға әкеліп тіреледі, яғни оқушы сабақтан шыққанда түрлі жағдаятты шешу мәселесін ойланып шығады. Оқушы алдына қойылған жағдаят бір сабақ барысында шешіле қоймауы мүмкін. Мұндай жағдайда келесі сабақта та сол жағдаятты шешу жолын іздестіруден басталады. Сондықтан проблемалық оқыту кезінде бұрын өткен мәселеге қайта соғып, оны талдау және алға қойылған жағдаятты шешумен айналысу көзделеді.

Осы көрсетілген технологиялардың бәрін де бастауышта білім беруде қолдану мүмкіндігі бар. Ол үшін мұғалім алдымен оқулықтағы мәтіннің мазмұнын және оны оқытуда алға қойылатын мақсатты анықтап алады да, сонан кейін білім беру технологиясын анықтап, құралын дайындайды.

Интерактивтік технологияны қолдануға мұғалім бірден көше алмайды. Оны қолдану кезеңінен бұрын біраз дайындық жұмыстары жүргізіліп, сынып оқушыларының белсенділігін күшейтіп алады. Ол үшін сабақтар барысында түрлі жаттығулар кешенді ұйымдастырылады. Мәселен, әр түрлі жаттығулар орындату арқылы оқушы бойында керекті түсініктерді қалыптастыру жатады. Ол үшін оқушылар берілген тапсырмаларды таңдау, берілген тапсырмалардың  сынып оқушыларының мүмкіндігіне сәйкестігін анықтау, тапсырманың қалай орындалатындығын және оған беретін жауабын алдын ала жоспарлау, оқушыға қиын соғатын ұғымдарды алдын ала түсіндіру, оқушыларға нұсқау беру, топтың құрамын анықтау (үлгерімі әр түрлі оқушыларды араластырып отырғызу, кіммен кімнің  отыратынын). Осы дайындықтардан кейін жұмыстың барысы мен нәтижесін қадағалауға мүмкіндік туады.

Интерактивтік технологияны қолдану оңай емес. Себебі, бұл мұғалімнің өте мұқият дайындығын керек етеді. Олар мына тұрғыда болады. Айталық, орындауға ұсынатын тапсырманың шарттарын алдын ала анықтау, қиындыққа соғатын жерде көмекке келу әдісін ойластыру, пікірлерін тереңдете түсу үшін тиімді жерінде берілетін сұрақтар дайындау, оқушылардың пікір алмасуына жағдай туғызу жолдарын айқындау, оқушының танымдық қасиеттеріне әсер ететін жаттығуларды жинақтау, түрлендіру және т.б. жұмыстарды мұғалім алдына ала ойластыруға және соған керекті материалдарды дайындауға тиісті.

Сондай-ақ, әсіресе айнала қоршаған табиғатпен, ондағы заттар мен денелер және түрлі құбылыстарды таныту, оларда жүретін заңдылықтары мен құпия сырларын білдіру үшін 1-сыныптан 4-сыныпқа қарай күрделендіру принципімен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ды пайдалану баланың танымдық деңгейінің көтерілуіне, өзіндік ой-пікірлер түйіндей алуына толық мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге баланың шығармашылық қабілеттерінің дамуына түрткі болады. Шығармашылық әрекеттер арқылы шығармашылық қабілеттер қалыптасады, әрі қарай дамиды. Шығармашылық ойлау деп ойдың жылдамдығы, икемділігі, тапқырлығы, дәлдігі болып табылады. Мұндай қасиеттер балада туа біткен қабілеті мен түрлі тапсырмалар орындау барысында туындайды, қалыптасады, дамиды.

Ұлы ойшыл, қытай философы Конфуцийдің «Естігенімді ұмытамын, көргенімді есте сақтаймын, ал өз ақыл-ойыммен істеген ісімді түсінемін» деген даналық сөздері мұғалімге сөз өз ойын сапырылыстырып айту үшін берілмейді, басқаның ойына қозғау салу үшін беріледі деген пікірмен үндеседі. Яғни білім беру процесінде мұғалім материалды дайын күйінде бермей бала ізденісіне жол ашатындай, ойлау жүйесіне түрткі болатындай әдіс-тәсілдерді үйлесімді таңдай білсе, сонда ғана бала өзіндік ойлау қабілеті бар жеке тұлға болып қалыптасады. Мұндай жағдайда оқу жүйесінде дәстүрлі оқыту түрлерінен  алшақтап  дамыта оқыту технологиялары енгізілуде.

Дамыта оқыту технологиясы - баланы оқыта отырып жалпы дамыту, оның еркіндігін қалыптастыру, байқампаздығын, практикалық әрекеттерін, өз бетінше ізденуге шешім қабылдауға дағдыландыру, ұшқыр қиялға баулу, логикалық ойлауын дамыту т.б.

Дамыта оқыту технологиясы құрамдас бөліктері де мақсаттары мен сапалық нәтижелері де дәстүрлі оқыту жүйесіне мүлдем қайшы келеді. Айталық, дәстүрлі оқыту жүйесінде дайын нұсқаулар мен анықтамалар білдіру, яғни балада бағдарлама төңірегінде  білім, білік, дағды қалыптасады, ал ұшқыр ойлауға, байқампаздыққа, ізденушілік, зерттеушілік қасиеттерге стихиялы түрде барады.

 

8 Қоршаған орта пәнін оқыту  формалары

 

8.1. Оқыту формасының классификациясы.

Мектепте оқу пәндерінің материалдарын меңгерту үшін ұйымдастырылатын біртұтас жүйе оқу-тәрбие процесі деп аталынады.     Бастауыш мектепте оқыту және тәрбиелеу әртүрлі ұйымдастыру формаларында жүргізіледі. Оқытуды ұйымдастырудың формасы дегеніміз мұғалім мен оқушылардың оқу әрекетіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы ұйымдастырылған, белгілі тәртіппен өтілетін жұмыс. Оқу жұмысының әрбір формасы мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетінің сипатына, оқушылар құрамына, оларды сабақ кезінде ұйымдастыруға, сонымен бірге оқу уақытының режиміне байланысты. Қазіргі кезде дүниетану сабақтарының ұйымдастырылуы мына төмендегідей түрде жүргізіледі: класс сабағы, лабораториялық-практикалық сабақ, сабақтан тыс жұмыстар, үй жұмысы, сыныптан тыс жұмыстар (экскурсия, бақылау, мерекелік кештер, үйірме).

Сабақ - кластағы барлық оқушылардың қатысуы міндетті, қатаң сабақ кестесі бойынша жүйелі түрде жүргізілетін оқу түрі.

Лабораториялық-практикалық сабақ - бұл да міндетті оқу түрі, бірақ бұл сабақ түрін өткізуге арнайы жабдықталған кабинет және құрал-жабдықтар талап етіледі.

Үй жұмысын ұйымдастыру - мұғалімнің тапсырмасы бойынша оқу материалдарын қайталау мен бекіту мақсатында және сондай-ақ оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған өз бетінше орындалатын жұмыс.

Экскурсия - ерекше сабақ түрі, мектептен тыс орындарда өтіледі; арнайы әдістемені талап етеді. Экскурсия класс сабағының бір бөлігі, сондай-ақ кластан тыс сабақ түріне де жатады.

Сабақтан тыс жүргізілетін жұмыс түрлері - оқу бағдарламасына сәйкес бүкіл класс бойынша табиғатқа бақылау, мектеп маңындағы тәжірибе алаңындағы жұмыстар, географиялық алаңдағы жұмыстар, тірі табиғат бұрышындағы тақырыптық жұмыстар және бағдарламадан тыс бәріне міндетті емес кластан тыс жұмыстармен үйлесетін түрлері.

Кластан тыс жұмыстар - оқушылардың өз бетінше, өз құштарлығымен айналысатын, үйірме мүшелерімен жүргізілетін жұмыс түрлері.

Әр оқу формасы мектепте білім беру жүйесіне кіретін, бірін-бірі толықтырады және пәннің материалдарын толық, жан-жақты меңгеруге мүмкіндік береді. Оқушылардың белсенділігі, пәнге деген қызығушылығы әсіресе, сабақтан тыс жүргізілетін мысалы, экскурсия, түрлі бағыттағы үйірмелер, факультативтік сабақтардың көмегімен артады. Ендеше, білім беру үрдісінде білім, тәрбие, дамыту мақсаттары бірін – бірі толықтыра түсетін түрлі оқыту формаларын үйлесімді қолдану жағдайында ғана жүзеге аса алады.

Дүниетану сабақтары бастауыш класта оқытылатын басқа пәндік сабақтардан өзіндік сипатымен ерекшеленеді. Дүниетану сабақтарында  мұғалім жаратылыстану ғылымдарын меңгертуге арналған оқыту әдістері қолданады, ол өз кезегінде жоғарғы кластарда физика, география, биология, химия пәндерін оқып үйренуге жоғары деңгейде мүмкіндік жасайды. Бұл әдістер табиғат объектілері мен құбылыстарды бақылау, практикалық жұмыстар мен тәжірибе қою (жасау), экскурсия кезіндегі түрлі жұмыстар және т.б. Нәтижесінде жаратылыс құбылыстары мен заттарын толық тани отырып, олардың себебін де түсіндіріп, жан-жақты талдап, қорытындылауға машықтанады, бұл баланың белгілі деңгейде білімінің кеңеюіне және оның логикалық ойлау қабілетінің қалыптасып, дамуына көмектеседі.

8.2. Сабақ, сабаққа койылатын талаптар.

Сабақ - оқу жұмысын ұйымдастырудың басты формасы болғандықтан, оның атқаратын қызметі мен оқыту процесінде алатын орны ерекше екенін білу қажет. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани қасиеттері мен ақыл-ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді. Сабақ-күрделі психологиялық және дидактикалық процесс, онда оқушылармен педагогикалық қарым-қатынас жасау және тәрбиелеу міндеттері іске асырылады. Оқыту процесінің негізгі компоненттері (құрылымдық бөліктері) мақсаты, мазмұны, әдіс-тәсілдері, бақылау мен бағалау - сабақта да орын алатыны заңдылық.

Сабақ - жастары шамалас топқа ұйымдасқан оқушылардың класс деп аталатын тұрақты құрамымен, мұғалімнің басшылығымен ортақ оқу бағдарлама арқылы қатаң сабақ кестесі бойынша жүргізілетін оқу түрі. Сабақ барысында оқушылар білім, білік, дағдыны иемденеді, олардың қабілеттері, қызмет тәжірибесі, араласуы және өзіндік көзқарастары дамиды, сонымен бірге мұғалімнің педагогикалық шеберлігі жетіледі. Сабақ оқыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі формасы болу себебі - ол алдымен мұғалімге оқытатын пәннің мазмұнын жүйелі түрде баяндауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сабақ баланың оқу әрекетінің кластан тыс және үйдегі түрлерін орындауға бағыт–бағдар беріп, жетекшілік ролін атқарады.

Педагогикалық оқыту үрдісінде сабақтың артықшылықтары оның фронтальды, топтық және жекелей жұмыстарды өзара үйлестіре біріктіру мүмкіндігінің молдығында; мұғалімнің материалды жүйелі және ретімен түсіндіруге, оқушылардың танымдық қабілеттерінің дамуын басқаруға және ғылыми көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік береді, оқушылардың басқа да оқу түрлерін, соның ішінде кластан тыс және үй тапсырмаларын орындауға ынталандырады; оқушылар сабақта тек білім, білік және дағды жүйесін ғана емес, танымдық қызмет әдістерінің өзін де иемденеді; сабақ педагогикалық қызметтің мазмұны мен әдістері арқылы тәрбиелік міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Сабақ - бәрінен бұрын ол мұғалім оқушының жеке тұлға тұрғысында дамуына, ойлау қабілетінің жылдам өсуіне, білімді, ойды және оны терең игеруіне, онда адамгершілік негіздерді қалыптастыруға бар мүмкіндіктерін пайдаланатын негізгі сәттер.

Ж.Аймауытовтың тұжырымдамасына сәйкес, «Сабақ беру – үйреншікті емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер». Ендеше, сабақтың жемісті болуы мұғалімнен үлкен шеберлікті және өнерді, еңбекті қажет етеді.

В.А.Сухомлинский сабақтың атқаратын ролін жоғары бағалап былай тұжырымдаған: «Сабақ-мұғалім күнбе-күн оқушыларға білім, тәрбие беретін және жан-жақты дамытатын оқу-тәрбие процесінің негізгі саласы», және «Сабақ мұғалімнің жалпы және педагогикалық мәдениетінің бет-бейнесі, оның интеллектілік байлығының өлшемі, оның ой-өрісінің, эрудициясының көрсеткіші». Яғни сабақта мұғалімнің жеке басының үлгісі оқушылар үшін маңызды болып табылады.

Сабақ оқытудың ұйымдастырылған түрі ретінде – динамикалық құбылыс. Ол педагогикалық үрдістің негізгі даму тенденцияларын оның біртұтастығы бағытында бейнелей отырып, ұдайы дамиды. Бәрінен бұрын ол оқытудың үш бірлік: білім беру - тәрбие - дамыту қызметін тиімді іске асыруда көрінеді, олай болса, оқушылардың табиғи қасиеттерін шығармашыл дамытуға бағытталғандығымен айқындалады.

Сабақты дамытудың басқа тенденциясы әр сабақты өмірлік маңызды мазмұнмен толықтыруда, оқытуды оқушы өмірінің табиғи құрамдас бөлігі ретінде ұйымдастырудан көрінеді. Осыған байланысты сабақ танымның арнайы ұйымдастырылған формасы болып қана қоймайды, сондай-ақ әлеуметтік және адамгершілік тұрғысынан алғанда толыққанды араласу болып табылады.

Жақсы сабақ төмендегі мына белгілер арқылы сипатталады:

-оқушыларды логикалық тұрғыда ойлантуға, яғни проблемалы құрылған тәсілдер кіріктірілген;

-оқушылардың белсенділігін тудырған жағдай;

-мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуі;

Оқу - тәрбие процесіндегі алуандық оқу материалдарының мазмұны мен мақсатына байланысты түрлі әдістер мен әдістемелік тәсілдерді, ұйымдастыру формаларын қолдану талап етіледі және осыған орай сабақтар да түрліше болады. Олар түрліше болғанымен барлығы баланың ойлау қызметін дамытуға, тапқырлыққа және қоршаған дүниені танып білуге ұмтылуына бағытталуы шарт.

Сабақты нәтижелі ұйымдастыруға нақты мынандай талаптар қойылады:

1. Мектептегі сабаққа қойылатын негізгі талап - сабақта оқытудың жалпы білім беру, тәрбиелеу және дамытушы қызметтерін  жүзеге асыру болып табылады.

2. Әр сабақтың айқын мақсаты, мазмұны, жоспары және оның құрылымы алдын – ала белгілі болуы тиіс.

3. Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет. Бұл орайда Ж.Аймауытовтың мұғалімге сабаққа байланысты берген төмендегі бағалы нұсқауларын есте сақтаған жөн.

а) Жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру.

б) Тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталан- дырып, ілтипат  аудару.

в) Қажетсіз мағлұматтардан сақтанып, баланың қызығушылығын тудыратын қызықты мәліметтерді ғана сөйлеп үйрету.

г) Баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматтардан алшақтап, лайықты салыстыру, ұқсастыру және түрлі оңтайлы әдістермен оқытуды жандандыру.

д) Оқыту деректі, көрнекі болу, осыған сай түрлі жобаларды дұрыс қолдану.

е) Оқушыларды ынталандыру үшін үйрететін нәрсеге мұғалім өзі де ынталану, өзі де жақсы көру керек; мұғалім сүйген нәрсені оқушыда сүйеді.

4. Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай ұғынымды, түсінікті болуы керек. Сондай-ақ, сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс. 

5. Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.

6. Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойын элементтерін тиімді қолдану керек.

«Баланың ынтасын тарту үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек» – деп, Ж. Аймауытов жай айтпаған.

Сабақта оқушылардың таным белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету.

Сабақ біртұтас құбылыс бола тұрып, бірнеше, түрлі дидактикалық мақсаттардың  орындалуын талап етеді. Мұғалім алдымен оқушыларды сабаққа дайындау, одан кейін өткен материалды еске түсіру, жаңа материалды түсіндіру, оны бекіту, үй тапсырмасын беру сияқты мақсаттарды көздейді. Осындай  мақсаттарды орындауға бағытталған сабақтың белгілі кезеңдері, құрылымды бөліктері болады, олар сабақтың басталуы, үйге берген тапсырманы тексеру, оны пысықтау және нұсқау беру, мұндай жағдайда сабақ құрылымы толық сақталған делінеді. Сонымен сабақ құрылымы - деп сабақтың  барысында  оның құрамды бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуын айтады.

8.3. Дәстүрлі сабақтар. Сабақтың құрылымы.

Барлық сабақтар дидактикалық мақсаттары мен оқыту әдістеріне қарай 4 типке бөлуге болады.

1. Жаңа білім, дағдылар мен машықтар  қалыптасатын сабақтар;

2. Білім мен дағдыны жетілдіретін, тиянақтайтын сабақтар; жинақтап, қорыту сабақтары;

3. Білімді тексеру сабақтары.

4. Аралас сабақтар.

Дидактикада Я.К.Коменский, И.Ф.Гербарт, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов т.б. негізін салған оқыту теориясында - сабақтарды топтастыруға байланысты қалыптасқан көзқарас бар екені белгілі. Сондай-ақ, кеңес дәуірінде және одан кейінгі кездерде жарық көрген дидактикалық еңбектерде сабақтарды топтастыру жалпы алғанда, мынандай критерийлерге негізделеді.

1. Сабақтың дидактикалық мақсаты;

2. Сабақтың құрылымы (дидактикалық кезеңдері, этаптары);

3. Сабақта қолданылатын негізгі бір әдісі.

Бірінші белгіге байланысты сабақтың мына түрлері анықталады: кіріспе сабақ, жаңа білім беру сабағы, бекіту, қайталау, дағды қалыптастыру сабақтары, білім тексеру , бағалау сабағы т.б. Екінші белгі бойынша - аралас сабақ, пәнаралық сабақ т.б. Үшінші белгі бойынша–пікірталас сабағы, компьютерлік сабақ т.б. Әрине, бұлардың жеке пәндерді оқыту ерекшеліктеріне байланысты түрлі нұсқалары, өзгермелі түрлері болуы мүмкін.

Сабақ құрылымын  аралас сабағының мысалында түсіндірейік:

Аралас сабақта сабақтың барлық дидактикалық  кезеңдері, бөліктерінің  ұштасуы орын алады. Сабақтың бұл түрі бастауыш кластарда кеңінен қолданылды. Төменгі класс оқушылары біркелкі жұмыстан жалығады, жылдам шаршайды. Ал, аралас сабақтағы оқу жұмысының әртүрі, бірінен кейін бірі ауысып отыруы балалардың таным белсенділігін арттыруға, зейіндерінің тұрақтануына мүмкіндік береді.

1. Сабақтың ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды сабаққа дайындау.

2. Үй тапсырмасын тексеру.

3. Сабақтың мақсаты мен міндеттерін қою.

4. Жаңа материалды түсіндіру.

5. Оны пысықтап, бекіту.

6. Сабақты қорытындылау және үйге тапсырма беру.

Аралас сабақтағы оқу жұмысының әртүрі, бірінен кейін бірі ауысып отыруы балалардың таным белсенділігін арттыруға, зейіндерінің тұрақтануына мүмкіндік береді. Бұл сабақ типі бастауыш сынып оқушыларына арналған.

Сабақтың мақсатын ойластыру барысында мынадай 3 сұраққа жауап табу керек:

- не меңгерілу тиіс?

-меңгерту процесінде жаңа ұғымдардың белгілі қандай қызметтері туралы айтылады?

- қандай маңызды мазмұны тірекке алыну керек?

Сабақтың мақсаты деп пәнді оқыту процесінде қалыптасатын білімнің құнды жүйелері. Ең маңыздысы баланың жеке басының қасиеттері – бұл әлеуметтік белсенділігі, ойлау және кенеттен тығырықтан шығу қызметтері, айналадағы құбылыстарды түсіне, талдау, теориялық білімдерін іс жүзінде тұрмыста қолдана білу, түрлі тапсырмаларды өз бетінше орындау қабілетін  дамыту т.с.с.

Екінші маңыздылығы мұғалімнің оқу-тәрбиелеу процесіндегі жетекші ролін түсінуі. Шығармашылықпен айналысатын кез келген мұғалім бірсарындылықтан алшақтап, эвристикалық оқыту әдістерін пайдалана отырып шығармашылықпен жұмыс істейтін орта түзіп, баланың интеллектін дамытатын жағдай жасауға ұмтылады.

Үшінші маңыздысы сабақта түрлі әдістер мен тәсілдерді үйлесімді қолдана алу шеберлігі. Оқытудың әдістері мен тәсілдерін таңдауда сабақта нақтылық болу керек. Сабақта материалды меңгертуде әр алуан тәсілдерді пайдалану, әсіресе бастауыш кластарда мұғалімнің алдын ала ойластырған белгілі бір жүйесі мен тәртібін талап етеді.

8.4. Сабақ типтері: кіріспе, корытынды, топсеруен, сарамандық, зертханалық, аралас, заттық, олардың ерекшеліктері.

Заттық сабақ – балалардың танып білетін заттың суреті немесе модель түрінде емесе тікелей өзімен жұмыс жүргізетін сабақты айтады.

Заттық сабақтар - бұл оқушылардың айналасындағы материалдық дүниені құрайтын кез келген жеке бір зат не болмаса дене туралы сабақ. Оған табиғаттың алуан түрлі  заттары - минералдар, өсімдіктер, жануарлар, табиғи материалдардан жасалған әр түрлі заттар жатады.

Заттық сабақтар оқушыларға дүниетануының алғашқы сатысы- нақты қабылдаумен қатар айналадағы дүниенің формасы мен құбылыстары туралы айқын материалистік ұғымдардың жинақталуын қамтамасыз етеді. Балалардың заттармен - материалдық дүние бөліктерімен тікелей танысуы нәтижесінде игерген өмір тәжірибесі негізінде оны дүние көрінісі жайындағы ұғымы тереңдеп, кеңейеді және адамның тұрмыстық тәжірибесі қалыптасады.

Заттық сабақтар заттармен алғашқы рет түйсік арқылы танысуға мүмкіндік беру керек. Танып біліп отырған затымыз біздің сезім мүшелерімізге әсер ететін болса,  онда таныс емес затымызды білетін болып шығамыз.

Заттық сабақтарда оқылатын заттар өте алуан түрлі: табиғаттың тірі объектілері - жануарлар мен өсімдіктер;  көмірдің жеке кесектері, шымтезек, саз балшықтар; қар және мұз; компас, термометр, флюгер және т.б. заттар болуы мүмкін.

Заттық сабақтар өндіріске және табиғатқа экскурсия жасағаннан кейін жиі өткізіледі. Мысалы, кірпіш зауытына экскурсия жасалғаннан кейін оқушылар арнайы заттық сабақта саз балшықтың қасиетімен, өртенген және өртенбеген кірпішпен толық танысады.

Заттық сабақтарды өткізуге мұғалімнің дайындығы. Заттық сабақтарда мұғалім балалардың назарын білім алуға бағыттайды, сонымен бірге ол балалардың алған түсініктері мен ұғымдарын толықтыра және тиянақтай түседі.

Мұғалім заттық сабаққа оқу құралдары мен материалдарын дайындаған кезде балалар оқылатын заттың қасиеттерін басқа рецепторлармен қабылдағанда сезе ала ма, жоқ па, оны мұқият қарауы керек. Мысалы, оқушыларды зиянды көбелектер капуста көбелегі, шалқан көбелегі, күз қоңыр көбелегінің сыртқы түрімен таныстыру кезінде, олардың қанаттарының бояуын және әшекейін көрсету керек. Ол үшін шыны қорапта бекітілген көбелектің құрғақ коллекциясын пайдалануға болады.

Заттық сабақ кезінде мұғалім әрбір партаға, тіпті әрбір балада оқылатын зат болатындай етіп ұйымдастырса, онда тіпті жақсы болады. Мұғалім оқушылардың ойлауын, қорытынды жасауын, сабақ үстіндегі жұмыс барысында танысқан заттарының ерекшеліктерін анықтауды қажет ететін бірнеше сұрақтар дайындайды.

Заттық сабақтағы оқылатын объекті мұғалімнің баяндауы кезіндегі көрсетілетін зат қана емес, сонымен қатар ол жаңа білім беретін зат болу керек. Заттық сабақтарды заттың суреттегі бейнесін немесе кітаптағы сөзбен берілген сипаттамасын қарастырумен, мұғалімнің баяндауымен алмастыруға болмайды.

Заттарды көріп білу балаларға тиянақты білім береді, ол ойлау және сөйлеу қабілетін дамытуға себепші болады, олардың сөздік қорын байытады. Сондықтан мұндай сабақты міндетті түрде өткізу керек.

Сабақ кезінде жеке заттарды оқып білу жалпы ұғымдардың қалыптасуының құралы болып табылады, өйткені заттарды оқып білу процесіне баланың барлық сезім мүшелері қатысады және оның салыстыру жолымен белгілі бір қорытындыға келуіне мүмкіндігі болады.

Заттар әрбір оқушыда болуы керек, бірақ егер көретін заттары аз болса және барлығына жетпесе, онда оларды мұғалім өзі демонстарциялайды. Демонстарцияланған заттарды оқушылардың қолымен ұстауына, жақын көруіне беру керек. Ол үшін мұғалім заттарды әрбір партаға алып барады немесе балаларды стол қасына шақырады.

Заттық сабақ кезінде мұғалім мүмкіндігінше өзі аз айтып, барынша оқушыларды сөйлетуге және ойлануға мәжбүр етеді. Мұнда әңгімені көрген заттарының негізінде балалар өз бетінше айтып бере алатындай етіп ұйымдастыру керек. Сабақта оқылатын затты мұғалімнің өзі алдын ала жақсы біліп, негізгі тұстарын айқындап алғаны жөн.

Заттық сабақтың мазмұны объектінің сыртқы қасиеттерімен қалай болса солай, үстірт танысумен аяқтауға болмайды.  Оқылатын объекті туралы барынша толық ұғым қалыптастыру керек. Ол үшін мұғалім сабаққа объектінің табиғат жағдайындағы күйін көрсететін тәжірибелер, суреттер, көркем суреттер, заттардың тарихи дамуының схемаларын, сонымен қатар берілген объектінің мазмұнына қатысты іскерлік немесе көркем сипаттағы оқытуды ендіреді.

Заттық сабақтар мынандай кезеңдерге бөлінеді:

-Затты көрсету, оның атын айту (сөз бен көру танымының байланысы);

- Бүтін затты және оның бөліктерін бақылау және қабылдау, бірақ аса талдап тексермеу;

- Заттың басты және көмескі, жеке бөліктерін қарау;

-Жаңа заттарды бұрын танысқан заттармен салыстырып, ұқсас және айырықша белгілерін анықтау;

-Жинақтап-қорыту;

-Оқулықтағы әңгімені оқу, суретін салу, желімдеу, коллекция жасау т.б. кластан тыс жұмыстар арқылы дамыту.

 

9 Сыныптан тыс жұмыстар

 

9.1. Сыныптан тыс жұмыстар. Сыныптан тыс ұйымдастырылатын оқу түрлері оқушыларға білім және  тәрбие беруде үлкен маңызға ие. Бұл оқу үрдісінде балаларға қосымша білім және  тәрбие беретін оқу түрі болып есептелінеді, бірақ міндетті бағдарлама талап етілмейді.

Сыныптан тыс ұйымдастырылатын жұмыс түрлері оқушыларға табиғаттың құпия сырларына қаныға түсуге айқара жол ашады, құштарлығы оянады, өз беттерімен жұмыс жасауға белсенділігі артады, білімдері тереңдейді. Сыныптан тыс жұмыстар барысында бала бойында жауапкершілік, тәрбиенің басқа да түрлі қырларының қалыптасуы жүзеге асады. Мұғалімге үлкен көмекші болып табылады. Соңынан түрлі іс - шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болып, жетекші болып шығады.

Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыс түрлерінен сабақтан тыс ұйымдастырылатын оқу түрінің айырмашылығы оқу бағдарламасына сәйкес оқушының орындауы міндетті, ал кластан тыс жұмыс түрлері оқушылардың өз еркімен, қызығушылықпен белсенділік таныта айналысып, ұйымдастырылатын  оқудың қосымша түрі болып келеді.    

Сыныптан тыс жұмыстарға: тірі табиғат бұрышындағы жұмыстар, тәжірибе алаңындағы жұмыстар, түрлі тақырыптық үйірмелер, экскурсиялар ұйымдастыру, ондағы материалдарды өңдеу, көрнекіліктер даярлау т.с.с. жұмыс түрлері жатады.

Бастауыш класс оқушыларының жас ерекшеліктеріне орай кластан тыс жұмыстардың да түрі сол жасқа лайықты таңдалынады. Ең алдымен 1 - 2 кластарда кластан тыс жұмыстардың мазмұны сол уақытқа дейін меңгерген білімдеріне сәйкес өзгеріп, күрделеніп отырылады. Бұл топпен орындалады, атап айтсақ; тірі табиғат бұрышындағы жұмыстар, бөлме өсімдіктерін күту, өсімдікті басқа ыдысқа көшіру, түрлі коллекциялар даярлау, топтық іс-шаралар өткізу мысалы, ағаш егу, «Құстар күні» мерекесін өткізу, түрлі викториналық сұрақтар даярлау, өсімдіктер мен жануарларға, құстарға көмек, ауылшаруашылық зиянкестерімен күрес жұмыстары, қоғамдық-пайдалы еңбектерді жүргізу, көгалдандыру т.с.с.

Экскурсия – ерекше сабақ түрі, мектептен тыс орындарда өтіледі, арнайы әдістемені талап етеді. Экскурсия класс сабағының бір бөлігі, сондай-ақ кластан тыс сабақ түріне де жатады.

Экскурсия (топсеруен) идеялық тәрбие жұмысының біршама дербес түрі, ол адамның рухани байлықты игеруіне себін тигізеді және көзделген мақсатқа жету үшін қолданған көмекші иллюстрациялық құрал ролін атқарады. Экскурсия оқушылардың пәннен алған білімдерін толықтырып меңгертуге  мүмкіндік береді. Әр экскурсия тақырыбына орай белгілі бір танымдық мақсатпен жүргізілуі керек. Экскурсия сабақтарында оқушы табиғатта өзін ұстау іскерлігі мен дағдысын тәжірибеде меңгереді, қоршаған орта жағдайына баға беруге, табиғат сұлулығын сақтауға және одан әрі көркейтуге өз үлесін қосуға үйретеді.

Экскурсия баланың эерттейтін обьектілері мен құбылыстарын табиғи  немесе қолдан тудырған жағдайда тікелей қабылдауына мүмкіндік береді. Экскурсиялар тікелей табиғат орталарына, мұражайларға, ботаникалық баққа, жануарлар бағына, завод, фабрикаға, әртүрлі цехтарға, көл және өзен жағалауына, тарихи орындарға т.б. жерлерде жүргізіледі.

Американдық педагогтардың айтуынша: табиғатқа саяхат ұйымдастыру әртүрлі факторлардың әсерінің  айқын  көрінісін байқауға, теориялық біліммен тұрғылықты жердің табиғи проблемаларын танып білуге зор мүмкіндік береді, зерделеуге деген құштарлығын оятады, зерттеу біліктілігі қалыптасады. Байқау, бақылау, пайымдау, салыстыру сияқты қасиеттер туындайды. Өздігінше қорытындылай алады. Сондай –ақ экологиялық жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар қолдану қажет екендігін тілге тиек етіп, оқушы ойын, көзқарасын тыңдау үлкен нәтижелі және де экскурсия мақсатын аша түседі. Ерте болсада қазіргі таңдағы кезек күттірмейтін актуальды экологиялық проблемалар төңірегіндегі мағлұматтармен қаныға түседі және оларға үлкен ой салады. Бұл білімділік тұрғыдан да тәрбиелік жағынан да  маңыздылығы  жоғары.

Мұғалім әрбір экскурсияны тақырыбына, өтілетін орнына сәйкес  алдын-ала тыңғылықты түрде дайындалады. Ең алдымен экскурсия жүргізілетін орынмен танысып, көңіл аударарлық сипатты обьектілерді табады; оқушылардың өздігінше жүргізетін бақылауларының сипатын ойластырады; Оқушылар тапсырмамен танысады, яғни шешуге тиісті мәселелерін, табиғат материалын бақылау және жинау тапсырмаларын алады. Ең бастысы оқушылар табиғаттан нені және қалай көру, нені тану керектігін білу керек.

Экскурсия ұйымдасқан түрде табысты өту үшін мұғалім оқушыларды оның жоспарымен алдын-ала таныстырып, мақсаты мен міндетін белгілейді. Оқушылардың қандай мағлұматтар жинап нені жинап, нені жазып алу керек екендігін түсіндіреді. Нәтижесіндегі заттар, мағлұматтар, материалдар сабақта қорытындыланады.

Экскурсия соңынан оқыту. Мұндай сабақ экскурсиядан алынған материал әңгіме мазмұнын түсінуге болатындай жағдай- да, кейде оқу жылының басында өткізілген экскурсия аралығында өткізіледі, ал әңгіменің өзі оқу жылының ортасында бірнеше ай бойы жүргізіледі. Бұл жағдайда экскурсиядан алған білімдерін, бақылау қорытындысын жазып алу немесе сурет түрінде қағазға сызумен тиянақтайды. Оқыту сабағында балалар экскурсияда көргендерін еске түсіреді. Содан кейін балалар әңгімені дауыстап оқып шығады, таныс емес сөздерді талдайды, екінші рет іштерінен оқып шығып, мұғалімнің тақтаға жазған тапсырмаларын орын-дайды. Оқушылар әңгіменің мазмұны және экскурсиядан көрген-дері бойынша қорытынды жасайды.

9.2.  Жеке және топтық сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыру.

Қазіргі уақытта мектепте кластан тыс жұмыстар жеке-дара, топтық, көпшілік түрде ұйымдастырылады. Бұл ұйымдастырылу түрлері бір -бірімен тығыз байланысты, бірін - бірі толықтыра түседі. Мұның негізі мұғалімнің басшылығымен оқушылардың білім деңгейі, олардың қызығушылықтары мен құмартуынан және таңдауынан туындайды. Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс баланың жан-жақты дамуына, дұрыс тәрбиеленуіне көп әсерін тигізеді, экологиялық тәрбиенің қайнар көзі болып табылады.

Жеке-дара жүргізілетін жұмыс. Бұл белгілі бір белсенді оқушының инициативасымен жүзеге асады. Алдымен мұғалімнің арнайы тапсырмасы бойынша жапырақтар, бұтақтар, жемістер, тамырлар коллекциясын даярлау; үйде құстарды бақылау, жыл мезгілдеріне орай жапырақтардың түсінің өзгеруін бақылау; бүршік жару, судың қатуы; осыларға орай қосымша кітаптарды оқу тапсырмалары беріледі. Класы жоғарылаған сайын тапсырма оқушының қызығушылығынан туындайды. Тәжірибе жасау, табиғатқа өз бетінше бақылау жүргізу, бақылау күнделігімен жұмыс жасау, түрлі қосымша кітаптар оқып оқушылар алдында хабарлама жасау тағы сол сияқты болып келеді.

Топпен жүргізілетін кластан тыс жұмыстар түрлі тақырыпта, түрлі бағытта ұйымдастырылған үйірмелер. Мысалы; «жас натуралистер», «жасыл сақшылар», «көгілдір сақшылар», «жас экологтар» т.с.с. тақырыптағы үйірмелер болады.

Үйірме өз еркімен жазылған  шектеулі санды 12-15 мүшелерден құралады. Үйірме сабақтары аптасына 1 рет немесе айына 2-3 рет өтіледі. Үйірме жұмысы нақты жоспарланған, әртүрлі экспери-менттер, практикалық және теориялық тапсырмалар, ғылыми әдебиеттермен жұмыс, тұрған қаласының, ауылының, өңірінің тарихы бойынша өлкетану жұмыстары, сол өңірдің табиғатын, өсімдіктерін, жануарларын зерттеу бағыттары бойынша жүргізілуі мүмкін. Оқушыларда бірте-бірте белгілі бір затқа немесе құбылысты тереңірек білгісі келетін қызығушылық, құмартушылық туындайды. Содан жекелей бағытқа ауыса бастайды. Мысалы; біреуі өсімдіктерді, біреуі жануарларды, енді бірін минералдарды зерттеу қызықтырады, кейбірі табиғи түрлі құбылыстардың сырын білгісі келеді, заттардың қасиеттерін зерттеуге бағытталады, ал баз біреуін бөлме өсімдіктері немесе табиғат бұрышындағы өсімдіктердің тіршіліктері қызық тырады. Осындай бағытта жүргізілген зерттеу, зерделеу, бақылау жұмыстарының қызықты нәтижелері класс алдында немесе үйірме отырыстарында баяндалып отырады. Бұл іс-әрекеттер пәнді терең меңгеруге мүмкіндік береді, баяндама, мәлімдемелері басқа оқушылардың да сөзсіз құштарлығын арттырады.

Үйірме мүшелерінің басшылығымен түрлі орындарға экскурсия жасалынады, көптеген материалдар жинақталады. Ол жинақталған материалдардан сабаққа қажетті көрнекіліктер даярлайды. Үйірме сағатында жасалынған тәжірибе-класс алдында сабақта да көрсетіліп  таныстырылады.

Кей жағдайда үйірме мүшелерінің өнертапқыштық қабілеттері туындайды. Үйірме жұмыстарының нәтижелері көрме, кеш, семинар түрінде жарияланады. Үйірме мүшелерінің жетекшілігімен үлкен іс-шаралар ұйымдастырылады айталық; «Құстар күні», «Гүлдер мерекесі». «Алтын күз», «Көк аспан», «Орман күні» т.б. Үйірме мүшелері мектеп маңындағы оқу-тәжірибе үлескесіндегі, геогра-фиялық алаңдағы, тірі табиғат бұрышындағы жұмыстарды ұйымдастырады, ондағы заттарды, жұмыстарды қадағалап отырады.

Көпшілікпен ұйымдастырылған кластан тыс жұмыстар: класты безендіру, белгілі бір тақырыпта сурет салу конкурсы, тақырыптық кештер, түрлі қойылымдарға даярлану, табиғатқа, мұражайға, жануарлар бағына, көрмеге экскурсияға бару. Мұндай шаралар барысында балаға эстетикалық, табиғатты қорғау, ұжымдық сияқты тәрбие беріледі. Сабақта алған білімдері, жауапкершілік қасиеттері толығады, өз бетінше жұмыс істеуге машықтанады. Мектеп маңын-дағы көктемгі, күзгі жұмыстар, кештерге, тапқырлық ойындарға қатысу жатады.

Кластан тыс жұмыстарды ұйымдастыру түрлі мынандай әдістерімен жүргізіледі: әңгіме, әңгімелесу, түрлі қызықты қосымша кітаптармен жұмыс, лабораториялық-практикалық жұмыс, бақылау, тәжірибе жүргізу т.с.с. әдістер жатады. Кластан тыс жұмыстар ұқыпты дайындықты қажет етеді.

 

10 Тірі табиғат бұрышында, оқу-тәжірибе үлескесінде және географиялық алаңда оқушылардың әрекетін ұйымдастыру

 

10.1. Тірі табиғат бұрышында оқушылардың әрекетін ұйымдастыру

Тірі табиғат бұрышын ұйымдастыра отырып мұғалім оқушылардың білімін толықтырады, тереңдете, сондай-ақ практикалық машық пен дағды қалыптастырады. Ол жоғары класта оқығанда қажеттілігіне жарайды, ары қарай дамиды.

Тірі табиғат мүйісін ұйымдастыру үлкен материалдық тұрғыда қаражатқа байланысты. Жетіспеген жағдайда класс кабинетінде бөлме өсімдіктерінің түрлерін көбейту, аквариум, шағын террариум, құстар мен сүтқоректілердің ыңғайлы түрлерін ұстауға болады.

Класс кабинетінде аквариум, шағын террариум орналастыруға болады. Аквариумде тұрғылықты және аквариум балықтарының өкілдерін, су өсімдіктерінің түрлерін, моллюскалар ұстауға мүмкіндік бар. Шыны арқылы су ішіндегі тіршілік әлемімен танысу барысында кез келген ортада табиғат элементтері бір-бірімен тығыз байланысты екенін біледі. Балықтардың, былқылдақденелілердің қозғалысымен танысады. Террариумде қосмекенділер түрлерін, бауырымен жорғалаушылардың мінез-құлықтарын, қоректену, бейімделу ерекшеліктерін танып біледі, жыл мезгіліне орай өзгерістерін бақылайды. Аквариумдегі суды уақтылы ауыстырып тұру, балықтарды қоректендіру, қоректердің түрлерін таңдай білу, судың температурасын бақылау, өсімдіктердің, балықтардың жағдайын бақылап тұру сияқты жұмыстарды орындай отырып сауаттанады. Ауруға шалдыққанын дер кезінде байқап, емдік тәсілдерді қолдану сияқты жұмыстарды меңгереді. Аквариумде валлиснерия, бақа оты, су мүгі, қауырсын жапырақ, бұйра шылаң, мүйіз жапырақ, балық от, элодея сияқты су өсімдіктерінің түрлерімен, оларды өсіруді үйренеді. Балықтар түрі голец, табан балық, тұқы балық, қара балық, ақ қайран, уклейке және аквариум балықтарынан тіршілік жағдайын көп талғамайтындары барбустар, гуппалар, семсершілер, алтын балықтың түрлі тұқымдары-кометалар, шілте құйрықтар, телескоптар т.б.

Оқушылар аквариумды күткенде суды уақтылы ауыстырып, ол үшін су құбырының тұнған суын немесе жаңбыр суын пайдалануы; өсімдіктерді жиі-жиі сиретіп балыққа орынды көбірек қалдыруы; аквариумнен жемнің қалдығын және балықтардың зәрін тазартып отыруы; балықтарға белгілі уақытта дәл белгіленген мөлшерде жем беруі; судың температурасының күрт өзгеруіне жол бермей, оны қадағалап отыруы; өсімдіктердің күйін және балықтардың мінез-құлқын бақылап отыру керек (зауқының жоқтығы, селсоқтық, су бетінен ауаны қалтырап жұтуы аквариумдегі жағдайдың жағымсыз немесе балықтың ауру екенін көрсетеді т.с.с.). Аквариумдегі балықтар тіршілігін: шабақтардың бірте-бірте дамуын, температура мен коректенудің балықтардың өсуі мен дамуына әсерін, коректенуге байланысты шартты рефлекстің тууын (аквариумді ыдыспен тықылдату, шам жағу) және балықтардың ауа райын болжауын т.б. бақылауды ұйымдастаруға үлкен мүмкіндік береді.

Тірі табиғат мүйісі террариумында әр түрлі хайуанаттар: бақа, шөл, көл, бөген бақасы, жалды тритон, кәдімгі су жылан, дала тасбақасы, сергек және тірі туатын кесіретке ұстауға болады.

Қосмекенділер үшін террариумде шалшық және күн сәулесінен жасырынатын пана болуы керек. Бауырымен жорғалаушыларға террариум шалшықсыз жарай береді. Тритонға су ортасында аз уақыт тыныстайтын алаңы бар шағын аквариум болғаны дұрыс.

Егер тірі табиғат бұрышы жеке бөлмеде орналасса, ондай жағдайда құстар ұстауға болады. Бәрінен де шымшықтар, қараторғайлар, қызылбауыр шымшықтар, пайыз торғайлар жақсы көндігеді.

Тірі табиғат бұрышындағы әр тірі организмге жекелей талаптар орындалу керек. Ол талаптар арнайы кітаптарда жазылады, ең алдымен олармен мұқият танысып алу қажет.

Тірі табиғат бұрышын ұйымдастыру шарасын мектептегі биолог мұғалімдерімен бірлесе немесе кеңестер сұрап ұйымдастыруға болады.

Тірі табиғат мүйісін ұйымдастыру үлкен материалдық тұрғыда қаражатқа байланысты. Жетіспеген жағдайда класс кабинетінде бөлме өсімдіктерінің түрлерін көбейту, аквариум, шағын террариум, құстар мен сүтқоректілердің ыңғайлы түрлерін ұстауға болады.

Тірі табиғат бұрышын жасауға арнайы ауқымды орын болмаған жағдайда бөлме өсімдіктерін, жер шарының әр бұрышындағы өсімдіктер түрлерін өсіріп, оқушыларды сол өсімдіктердің ерекшеліктерімен, күту, оларды бақылау сияқты жұмыстарды ұйымдастыруға болады. Онда әр өсімдікте этикетка іліну керек, мұнда өсімдіктің аты, отаны, отырғызылған уақыты жазылады. Әр өсімдіктің жарыққа, ылғалға, температураға байланыстылығын, гүлдеу мерзімдерін бақылайды. Мұғалімнің жетекшілігімен қарапайым тәжірибе жүргізеді, нәтижесінде өсімдіктерді ғылыми түрде танып білу, зерттеу шарттары орындалады. Бұл білімдерін күнделікті тұрмыста да қолданады.

Географиялық алаң құрылымы, ұйымдастырылу технологиясы. Бастауыш класта дүниетану сабақтарын ұйымдастыру және өткізу үшін географиялық алаңның да өзіндік ролі жоғары. Географиялық алаңда географиялық ұғымдарды кеңейту, түрлі аспаптарда жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру мақсатында яғни практикалық сабақтар ұйымдастырылады.

Географиялық алаң шамамен 10х10 көлемді алатын алаң. Оны биіктігі 1 м-ге баратын қашамен қоршайды, қашаның бір бөлігін түрлі түске (мысалға, ақ пен қара) кезектестіріп бояйды да, өлшеуіш қаша ретінде пайдаланылады. Алаңға арналған орынды мүмкіндігінше ашықтау жерден таңдайды. Оның дәл ортасында тіктегіші бар, биіктігі 1 м вертикаль таяқ (гномон) орнатады. Оның көмегімен күннің түсу уақытын, көкжиек бағытын анықтайды. Талтүстегі сызықтың көрсетуін пайдалана отырып, алаңда көкжиектің негізгі және аралық тұстарын көрсететін жолдар төсеуге болады.

Ауа райын бақылау үшін метрологиялық дүңгіршек (будка) орнатып, оның ішіне термометр қояды.

Желдің бағытын анықтау үшін биіктігі 10 м бағанаға флюгер орнатады (алаң ашық жерде орналаспаса, флюгер мектеп шатырына бекітіледі).

Географиялық алаңда өлшем учаскесі бөлініп, онда деци- метрлерге бөлінген текше метр орнатылады. Қар жамылғысының қалыңдығын анықтау үшін ұзындығы 1,5-2 м, ені 8-10 см қар өлшейтін рейка қолданылады. Рейканың бет жағы ақ түске боялады да, 1 см сайын бөлінеді.

Географиялық алаңда жүргізілетін жеке немесе топқа арналған тапсырмалар. Оқушылар жылдың жылы мезгілінде географиялық алаңда құмнан рельеф формаларын мүсіндеу, жасанды көлшікте аралдар  мен түбектердің, өзеннің түйетайлы және жарқабақты жағалары- ның үлгілерін жасау, өзеннің жасанды схемасында бастауын, арнасын, сағасын және тарамдарын көрсету жөнінде әр түрлі тапсырмалар орындай алады.

Бастауыш класс оқушылары географиялық алаңда бақылау жүргізген кезде мұғалімнің басшылығымен қарапайым құрал- дармен (термометр, флюгермен) жұмыс істеу дағдысын қалып- тастырулары, күннің көкжиектен биіктігін анықтау үшін тал түсте сызықты өлшеуді үйренулері (гномонмен); табиғат құбылыстарын (бұлттылық, жаңбыр, қар, қырау, тұман т.б.) бақылауға және түсіндіруге үйренулері, бірнеше жылғы деректерді талдай білулері, өз жерлеріндегі ауа райының ерекшеліктерін қорытып және тани білулері; жақын маңдағы заттарға дейінгі қашықтықты көзбен өлшей алулары; көкжиектің негізгі және аралық тұстары бойынша еркін бағдарлай білу біліктігі қалыптасады. Жел бағытын, ауа температурасын, жауын-шашын көлемін анықтайтын құралдармен жұмыс жасай білуге  машықтанады.

Бұлардан басқа жайдақ және тік баурайлы, төбесі айқын көрінетін үйілген төбе моделін; басталатын жері, сағасы, салалары жақсы көрінетін жылғалары мен жасанды су қоймаларын жасауға орын бөліну керек.

Географиялық алаңда жұмыстың нәтижелі болуы мұғалім тарапынан тікелей қадағалауынан туындайды.

Географиялық алаңда жүргізілетін бақылаулардың негізгі мақсаты-оқушылар бастауыш класта зерттейтін табиғат құбылыс-тарының өзара байланыстары мен заңдылықтарын анықтау болып табылады. Сонымен бірге, географиялық аспаптар мен құралдарда жұмыс істей алу сауыттылығын қалыптастыру.

Оқу-тәжірибе үлескесін ұйымдастыру. Әрбір мектептің маңында арнайы жер бөлініп, онда оқу-тәжірибе үлескесі ұйымдастырылады. Онда бастауыш кластарға арналған мөлтектер бөлініп беріледі. Әрбір класс өз мөлтегінде жұмыс істейді.

Оқу-тәжірибе үлескесі алдын ала мынандай бөлімдерге бөлінеді: дала өсімдіктер бөлімі, көкеніс өсімдіктер бөлімі, жеміс-жидектер бөлімі, әсемдік өсімдіктер  бөлімі және жануарлар бөлімі.

Дала өсімдіктері бөлімінің өзі 2 бөлімге коллекциялық және тәжірибелік деп бөліну керек. Коллекциялық бөлікке белгілі ретпен мәдени өсімдіктердің түрлері егіледі. Айталық; 1-бөлікке астық тұқымдастары (арпа, сұлы, бидай, тары, жүгері, күріш), екінші бөлікке бұршақ тұқымдастары (ас бұршақ, үрме бұршақ, жасымық, соя, жоңышқа, беде), 3-бөлікке тоқыма өнеркәсібіне пайдаланатын өсімдіктері (кендір, кенеп, қалақай), 4-бөлікке майлы өсімдіктер (күнбағыс, жержаңғақ, мақсары), 5-бөлікке түйнекті өсімдіктер түрлері (картоп, шалқан, сәбіз, қызылша, орамжапырақ), 6-бөлікке дәрілік өсімдіктер (жалбыз, шайқурай, валериана, тмин) егіліп, өсіріледі.

Коллекция бөлімінің жалғасы тәжірибе бөлімен ұштасады. Мұнда жерсіндіру жұмыстары, вегетативті көбету тәсілдері және түрлі агротехникалық шаралар ұйымдастырылады.

Мектеп маңындағы оқу-тәжірибе үлескесі білім мен тәрбие беруде үлкен маңызға ие. Тәжірибе алаңындағы жұмыстар оқушылар бойында практикалық дағдылар мен машықтар қалып- тасуға, еңбекке баулуға үлкен септігін тигізеді. Тәжірибе алаңында күзгі және көктемгі топырақты өңдеу, арамшөптермен, зиянды бунақденелілермен күрес жолдарын, тұқымдарды себу тәсілдерін, өсімдіктерді көбету жолдарын, олардың өнуін, өсуін бақылау, күтіп баптау жолдарын үйренеді.

Оқу-тәжірибе үлескесінде жұмыс істеу үшін соған сәйкес құрал-жабдықтар болу керек: күрек 20 дана (жалпы ұзындығы сабымен есептегенде 85-95 см, сабының жуандығы - 3см, ) тісті темір тырма – 10 дана, тісті ағаш тырма  1-2  дана, шаршылы ұялап егуде және көшет отырғызуды белгілеуге арналған маркер қажет. Сондай-ақ, көшеттерді отырғызу үшін 5-6 дана қалақ, топырақтың қабатын қопсыту үшін кетпен, өсімдіктерді суғару үшін су құйғыштар керек. Сонымен бірге жоспарлау жұмысы кезінде үлескенің эстетикалық, көркемдік жағына аса көңіл бөліну керек.

Бұл үлескеде ағаштар егу, санитарлық жұмыстар, ағаштарда құстарға арнап ұя, тамақтандыру торын орнату жұмыстарын ұйымдастыруға болады. Бұл үлкен тәрбиелік жұмыс, сондай-ақ құстарды мектеп ауласына шақыру, олардың тіршілігін бақылауға қиындық тудырмайды. Үлкен жауапкершілік, табиғатқа деген сүйіспеншілік, эстетикалық тәрбие қалыптасады. Мектеп маңын-дағы бұл алаң көктемде және күзде экскурсия ұйымдастыруға таптырмас табиғи орын болып табылады.

 

11 Материалдық база. Қоршаған орта пәнін оқыту құралдары және олармен жұмыс істеу әдістемесі

 

11.1. Материалдық базаның маңызы. Оқыту құралдарына жалпы сипаттама.

Дүниетануды оқыту процесін жоғары деңгейде жүргізу үшін материалдық база маңыздылығы жоғары. Жаратылыстану негіздері бойынша материалдық база 3 негізгі топқа бөлінеді.

-класта сабақ өту үшін қажетті құрал-жабдықтар;

-тірі табиғат бұрышы;

-мектеп маңындағы тәжірибе алаңы, географиялық алаң.

І Бірінші топқа:

1.Оқу жабдықтары. Класта нәтижелі, сапалы сабақ жүргізу үшін көрнекі құралдар қажет. Көрнекі құралдарды үш топқа топтастыруға болады.

1.Табиғи тірі және өлі табиғат обьектілері

2.Иллюстративті (суреттер, кестелер,моделдер т.б.)

3. Қосымша көмекші құралдар (лабораториялық жабдықтар, приборлар)

1.Табиғи көрнекіліктер

Дүниетанудан сабақ беруде табиғи көрнекі құралдың маңыздылығы өте жоғары. Оларды төмендегідей типтерге жіктеуге болады:

1. Табиғаттың өлі обьектілері;

2. Тірі өсімдіктер мен жануарлар;

3. Гербарийлер;

4. Жануарлар және олардың мүшелерінің коллекциялары;

5. Консервленген және фиксацияланған обьектілер;

6. Жануарлар тұлыптары.

Бұл көрнекіліктер түрін екі негізгі топқа топтастыруға болады: көлемді және жазықты. Бірінші түріне -модельдер және  муляждар, екінші түріне –түрлі көлемді суреттер, кестелер, схемалар, көркем суреттер карталар. Бұл көрнекіліктерді қолдану танысқалы отырған заттың өзін тікелей көру мүмкін болмаған жағдайда, олардың бейнесін көрсету түрінде пайдаланылады.

3. Қосымша көмекші құралдар

Бұл топқа зертханалық құрал-жабдықтар. Приборлар және құрал-саймандар.

1.Химиялық стакандар, колбалар, пробиркалар, түтіктер, шыны таяқша лар, кристализатор.

2. Резинкалы түтікшелер, қақпақшалар.

3. Пробиркаға арналған штатив, металл штатив, металл тор, пробирка   ұстағыш.

4.Қыздырғыш приборлар: спиртшамы, электрліжылытқыш.

5.Өлшегіш приборлар: термометр, таразы, сызғыш, компас, гномон, транспортер.

6.Оптикалық приборлар: микроскоп, лупа.

7.Электр приборлар: Күн жүйесі моделі, теллур.

Техникалық оқу құралдары

Әдістердің бұл тобына оқытудың әр түрлі техникалық құралдарын пайдалану (магнитофондағы жазбалар, құстардың дауысы), радиохабарлар, экрандық - дыбыс құралдары, телехабарлар, компъютерлік бағдарламалар жатады.

Қазіргі жағдайда компъютер сияқты техникалық құралдарды пайдалануға басты назар аударылуда. Олар оқушыларға бұрын оқулық мәтінінен игерген көптеген мәліметтерді сапалы игеруге мүмкіндік береді. Себебі, табиғи құбылыстарды толық және нақты қабылдау үшін олардың тура табиғи бейнесін көрсете алу керек. Ол үшін диафильмдер және диапозитивтер, кинофильм және кинофрагменттер, кодоскопқа арналған транспаранттар, видеофильмдер, кинокартиналар даярланады. Бұларды көрсету үшін техникалық жабдықтар кажет; слайдпроектор, кодоскоп, видеомагнитофон, теледидар, киноаппарат. Бұл құралдар арқылы тіршілік, табиғат құбылыстары туралы табиғи түрде нақты көріністер көрсетіле алады. Сабақ арасында мазмұнына сәйкес кірістірілген ертегі не болмаса әңгіме техникалық құралдар арқылы жалғасып жатса өте ұтымды болады. Кез келген табиғат көрінісін, зат бейнесін, түрлі құбылысты бейнелеуге, суреттеуге  тақта, түрлі түсті бор көмегі де артық етпейді. Табиғаттың тірі денелерінің және құбылыстардың дыбысын таспадағы үндері арқылы естіргеннің нәтижесі әрине жоғары. Сондықтан қазіргі сабақ үрдісіндегі талап: техникалық құралдармен сабақ өтуді жетілдіру. Интерактивті тақтамен жұмыс істеу бүгінгі күн талабы.

Бала таным арқылы білмеуден білуге көшеді, сол затты немесе құбылысты танығаннан кейін таныс еместерін білуге ұмтылады, ізденеді. Таным арқылы заттар мен құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары жайындағы бейнелі қабылдау нәтижесінде ұғым туады. Осылайша таным нақты дүниеге, қоршаған ортадағы бар заттарға негізделсе ғана белгілі мазмұнға ие болады.

Алдымен интеллектуалдық, эмоционалдық, іскерлік жағынан баланы айналадағы дүниемен «табиғатпен, басқа адамдармен, өз-өзімен, т.б.» өзара белсенді әрекеттестік қарым-қатынасқа даярлау мектепке дейінгі мекемедегі тәрбиешінің негізгі міндеті. Баланың таным деңгейін жоғарлату үшін айнала қоршаған дүниенің бар затын не болмаса кез келген табиғи құбылыс бейнесін көрсете отырып меңгерту үлкен жетістікке жетелейтіні сөзсіз. Ол үшін ең алдымен болашақ маман айнала қоршаған дүниені таныстыруды дәлелді дидактикалық материалдармен түсіндірудің әдістемесі мен қолдан даярлау техникасын меңгеруі шарт. Сондықтан бұл пән мектеп жасына дейінгі бала тәрбиешісінің жетік маман болуы үшін маңызды болып саналады.

Оқыту жүйесінде негізгі деп саналатын принцип - көрнекілік принципі. «Егер балаларға нақты шынайы білім беруге ниеттенсек, онда біз барлығын жеке бақылауымыз бен сезім көрнекілігі арқылы оқытуға ұмтылуымыз керек»,-деген А.Я.Коменскийдің пікірі дәлелдейді. Сондай-ақ, К.Д.Ушинский «....қандай да бір жағдайды қабылдауға сезім мүшелері қанша көп қатысса, ол біздің есімізде сонша берік сақталады»-деген.

Оқытудың көрнекі және техникалық құралдарын қолдану материалды тиімді игеруге жағдай жасайды. Сонымен қоса оқушылардың танымдық қызметінің белсенділігін арттырады, өмірмен байланыстыру қабілеттерін дамытады, байқағыштыққа тәрбиелейді, оқуға деген қызығушылығын арттырады және білім санада ұзақ сақталып, игеріледі. Дүниетану сабақтарында табиғи көрнекіліктерді пайдалану ежелден үлкен орын алып келген. Атақты педагогтар мен әдіскерлер өздерінің еңбектерінде көрнекі құралдарды пайдаланып, оның ішінде табиғи түрлерін пайдаланып сабақ өтудің тиімді екенін дәлелдеген.

Табиғат элементтерімен танысу сабақтарында мысалы өсімдіктердің табиғи жағдайдағы көрсетілімдері маңызды роль атқарады. Айталық өсімдіктердің түрін, түсін, пішінін, иісін дұрыс сезініп, ол жайында толық мағлұматтар ала алады, оларды басқа түрлермен салыстырып ажырата алу мүмкіндіктері кеңейеді.

Дүниетану сабақтарында табиғи көрнекі құралдар басқа көрнекі құралдардан басым түсуі шарт. Табиғи көрнекілік балаларға тірі обьект жайында нақты шындыққа үйлесімді ұғым береді. Жаңа материалды өткенде табиғаттың бұл құбылысы немесе заты туралы не білетінін міндетті түрде анықтауы керек. Бұл кезде өзі болмаған  жағдайда ол заттың немесе құбылыстың суретін көрсеткен жөн. Кіші мектеп жасындағылар көпшілік жағдайда құбылыстың тек сыртқы  не мәнсіз белгілерін байқайды. Баланың жаңа затты немесе құбылысты көруге, оны бақылауға туа біткен талпынысы қабылдаудың бастапқы негізін құрайды. Оқушыларда обьекті немесе табиғат құбылыстарының сыртқы түрі туралы алғашқы түсінік туады. Түсінік бала санасында көрнекі бейнелер түрінде және олар нақтылы сипатта болады, бірақ бұл түсінік қарапайым, жалпылама түрінде қалыптасады. Түсінікті тереңдету және кеңейту үшін балаларға алдына сол заттың немесе құбылыстың негізгі қасиеттерін анықтайтын нақты сұрақтар қоя отырып суретке не болмаса бейнесіне назар аударуын талап етеді.

Дүниетануды оқыту процесін жоғары деңгейде жүргізу үшін материалдық база маңыздылығы жоғары.

Қазіргі жағдайда компъютер сияқты техникалық құралдарды пайдалануға басты назар аударылуда. Олар оқушыларға бұрын оқулық мәтінінен игерген көптеген мәліметтерді сапалы игеруге мүмкіндік береді. Себебі, табиғи құбылыстарды толық және нақты қабылдау үшін олардың тура табиғи бейнесін көрсете алу керек. Ол үшін диафильмдер және диапозитивтер, кинофильм және кинофрагменттер, кодоскопқа арналған транспаранттар, видеофильмдер, кинокартиналар даярланады. Бұларды көрсету үшін техникалық жабдықтар кажет; слайдпроектор, кодоскоп, видеомагнитофон, теледидар, киноаппарат. Бұл құралдар арқылы тіршілік, табиғат құбылыстары туралы табиғи түрде нақты көріністер көрсетіле алады. Сабақ арасында мазмұнына сәйкес кірістірілген ертегі не болмаса әңгіме техникалық құралдар арқылы жалғасып жатса өте ұтымды болады. Кез келген табиғат көрінісін, зат бейнесін, түрлі құбылысты бейнелеуге, суреттеуге  тақта, түрлі түсті бор көмегі де артық етпейді. Табиғаттың тірі денелерінің және құбылыстардың дыбысын таспадағы үндері арқылы естіргеннің нәтижесі әрине жоғары. Сондықтан қазіргі сабақ үрдісіндегі талап: техникалық құралдармен сабақ өтуді жетілдіру. Интерактивті тақтамен жұмыс істеу бүгінгі күн талабы.

 

12 Шағын жинақталған мектептерде оқыту ерекшеліктері

 

12.1. Шағын жинақталған мектептердегі өзекті мәселелер

Кіші комплектілі мектепте мұғалім сабақты екі немесе үш класта қатарынан жүргізеді. Бір сабақтың барысында балалардың мұғаліммен және өз бетінше істейтін жұмыстары біренше рет алмасып отырады; бір кластың оқушылары тікелей мұғалімнің басшылығымен жұмыс істегенде, басқа кластардың оқушылары өз бетінше жұмыстармен айналысады. Бірнеше класпен жұмысты тиімді өткізу үшін оқу сабақтары кестенің дұрыс жасалуының мәні зор. Жұмыс тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ең дұрысы барлық класқа бір мезгілде бір пәннің жүруі. Ол барлық класс үшін ортақ жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндіктің болуында.

Пәнді оқыту тиімді болу үшін алдын ала жоспарлаудың мәні зор. Ол жоспар әр класқа жеке жасалмай ұқсас тақырыптарды таңдау арқылы, оқу формасының біркелкілігін сақтай отырып, бір сабақта үйлесімді түрде жасалу керек. Мұғалім қандай  материалды өтуге қанша уақыт керек болатынын және сабақтың қай кезеңінде әр кластың оқушыларымен тікелей сабақ өткізетін уақытын  белгілейді. Әр класс үшін өзіндік тапсырмалардың мазмұны мен сипатын және оны уақтылы тексеру формасын таңдайды. Тұтас бір кластағы өзіндік жұмыс пен мұғалімнің басшылығымен істелінетін жұмыстың алмасып отыру тәртібін мұғалім барлық класқа назарын аударып отыра алатындай етіп жоспарлайды. Тапсырма түрлері күніге өзгеріп, оқушыларды қызықтыратындай, өздігінен істейтін жұмыстың тартымдылығын арттыратындай мазмұнға ие болуға тиіс. Кейде өзіндік жұмыстардың түрі бүкіл үш не екі класқа ортақ болуы да мүмкін. Мысалы, күнделікті бақылау нәтижелерін қорыту барысында барлық оқушылар қатыса алады. Бірақ әр кластың оқушыларының бақылау көлемі мен мазмұны әр түрлі болады да оны келесі кластың оқушылары тереңдетіп, толықтыратындай бағыт беріледі.

Кіші комплектілі мектепте ерекше көңіл белетін мәселе ол бастауыш класс оқушыларының физиологиялық тұрғыда зейіндері тұрақсыз болғандықтан, сабақ үстінде бірі-біріне алаңдап, кейбір өздеріне керексіз мәселелерге көңіл бөліп,уақытын ұттырып алатынын естен шығармаған жөн. Жас балалардың зейінін баурап және ұзақ уақыт осы қалыпта ұстап тұру өте қиынға түсетін мәселе. Әсіресе, дауыстап оқу кезінде тақырыптың мазмұнына барлық сынып оқушыларының көңілі ауып кетуі мүмкін. Сондықтан шағын комплектілі кластарда көбіне іштен оқу, сол бойынша түсінігін айтқызу басым болады.

Уақытты дұрыс бөлу үшін, балалардың дайындық деңгейін және олардың өзбетімен жұмыс жасай білуін, жаңа материалдың қиындық деңгейін, оның әр класс үшін дидактикалық мақсатын ескеріп отыру қажет. Мұғалім жаңа материал меңгеретін класқа көп көңіл, көбірек уақытын бөлу керек. Сондай-ақ өзбетімен жұмыс істеу қабілеттері әлі аздау төменгі класс оқушыларына баса назар аударған жөн. Мұғалімнің бір кластан екінші класқа ауысу кезі айқын белгілену қажет.

Кіші комплектілі мектептегі бірнеше класпен өтетін біртұтас бір сабақтың өзі ішкі құрылысы жағынан бірнеше бөліктерден тұрады. Сабаққа дайындалар кезінде мұғалім сабақтың мән мақсатын ғана ойлап қоймай оны терең зерттеп, оның білімдік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттарына негізделген логикалық жүйесімен әдістемелік мақсаттылығын сақтайтын ерекшеліктерін, қасиеттерін ойластыруы қажет.

Кіші комплектілі  бастауыш кластарда оқу-тәрбие жұмысын бақылау кездерінде байқалатын жағдай, әр түрлі пәндердің қатар оқылатындығы. Бұл оқушыларда өте көп алаңдаушылық тудыратын болғандықтан және әр пәннің мазмұны бір мезгілде бала санасында үлкен түсініксіздік тудыратындықтан, көптеген зерттеулер нәтижелерінің арқасында мұндай мектептердегі бастауыш кластарда «бір пәнділікпен оқыту» мәселесін шешу тұрды.

12.2. Шағын жинақталған мектептерде оқыту ерекшеліктері

Кіші комплектілі мектептің екінші бір ерекшелігі - оқу процесіндегі мұғаліммен оқушылардың өзара ынтымақтастығына байланысты. Оқушылардың танымдық қызметі мұғаліммен оқушылардың сыйластық пен сенімге негізделген өзара байланысы қалыптасқанда ғана сапалы, белсенді дамып өрбиді. Бірнеше класпен жұмыс жасайтын мұғалімге өте үлкен қиындықтар кездеседі. Өйткені әр кластың өзінің танымдық міндеттері болатыны, мұғалімнің бірнеше бағытта жұмыс жасауын талап етеді. Егер мұғалім оқушылардың танымдық қызметтерінің қаншалықты дамытқаны туралы ақпар алып отырмаса, бұл міндеттің шешілуі одан сайын қиындай түседі. Сондықтан мұғалім жұмыс жасағанда екінші кластағы өз бетінше жұмыс қалай жүріп жатқанына көңіл бөліп, бақылап, қажет кезінде жәрдемдесіп тұруы керек. Мұның өзі мұғалімнің шеберлігіне байланысты.  Шағын комплектілі мектептің тағы бір көңіл бөлетін ерекшелік - сабақтың әр кезеңінде ұйымдастырылатын өзбетінше жұмыстардың логикалық жүйесін органикалық байланыста құра білу.

12.3. Сабақ түрлері және оларды ұйымдастыру әдістемесі.

Шағын жинақталған мектепте дүниетану сабағын өту қарапайымнан күрделену принципін мықтап сақтауды қажет етеді. Онда ең алдымен күнтізбелік-тақырыптық жоспарды оңтайлы етіп құрудан басталады. Күнтізбелік-тақырыптық жоспарды мазмұны жағынан ұқсас тақырыптарды бір күнге белгілеу, оны жүйелі түрде әр кластың сабаққа қойылатын талаптарынан ауытқымай ұйымдастыруға болады. Жаңа сабақ түсіндірілуін бір мезгілде өткізуге немесе жоғары кластарға өз бетінше дайындалатын тапсырмаларды беру негізінде өрбуі мүмкін. Оқушы салыстыра отырып білетінімен білмейтінін логикалық байланыстырады. К.Д.Ушинский, Ж.Аймауытовтар «балалардың дамуы үшін тікелей табиғаттағы бақылаулардың орасан мәні бар, педагогтың сөзінің онымен бәсекелесуі қиын, сондай-ақ К.Д.Ушинский «табиғат логикасы балалар үшін ең жеңіл және ең пайдалы логика» деген идеяларын шағын комплектілі мектептерде дүниетану пәнін оқыту үрдісінде қолдану зор нәтиже беруі сөзсіз.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1. Аймағамбетова Қ. Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы: Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.

2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.

3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения естествознанию и экологическое воспитание в  начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.

4. Жұмабаев М. Таңдамалы. -Алматы: Ғылым,1992. 238 б.

5. Алтынсарин Ы. Әңгімелер. -Алматы: Мектеп, 1980.-186 б.

6. Жүнісова. К.Ж және т.б. Бағдарламалар. Дүниетану 1-4 сыныптарға    арналған. –Алматы: РБК, 2003.-42б.

7. Жүнісова К., Рахметова С. және т.б., ҚР бастауыш білімнің мемлекеттік стандарты., Алматы: РБК,1998.-336б.

8. Тұрғынбаева Б.А. Дамыта оқыту технологиялары. -Алматы: Баспа, 2000.-84 б.

9. Аймағанбетова Қ., З.Ф.Олейник. Дүниетануға арналған үлестірмелі материалдар. –Алматы: Атамұра, 1999.-107б.

10. Сабыров Т. Болашақ мұғалімдердің дидактикалық дайындығын жетілдіру. –Алматы: Кітап, 1999.-96б.

11. Папорков М.А. Учебно-опытная работа на пришкольном участке. Пособие для учителя М., Просвещенне, 1980.

12. Бинас А.В., Шам Р.Д. Биологический эксперимент в школе. -М.: Просвещение, 1999.-52с.

13. Аймағанбетова Қ. Аз  комплектілі бастауыш мектептерде табиғат тануды оқыту. Алматы: «Мектеп»,1983 ж.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2015-09-19 20:32:54     Қаралды-75511

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »