Ежелгі Иран
Жоспар:
- Иран аймағының табиғат жағдайы және халқы
- Түп-деректер
- Элам
- Мидия патшалығы
- Ахеменидтер әулетінің көтерілуі
- Лидия патшалығы
- Ахеменидтер державасының нығаюы
- І Дарийдің реформалары
- Парсы мәдениеті
1. Месопотомиядан шығысқа қарай жан-жағынан тау жоталарымен қоршалған кең-байтақ иран үстірті созылып жатыр, бұл жоталардың ішінен Иранды тигр мен евфрат бассейнінен бөліп жатқан, бұрын да бірнеше рет айтылып өткен Загрос тау жотасын ерекше айтуға болады. Солтүстігінде Эльбрус тау тізбегі каспий теңізінің оңтүстік жағалауларын алып жатса, солтүстік-шығысында Копет-Даг пен памир иран мен орта Азияның шекарасын құрап тұр.
Иран оңтүстігінде парсы шығанағы суы мен ұласып жатыр, шығанақ арқылы б.э. дейінгі ІІІ мың жылдықтың өзінде-ақ, оданда ертерек болуы мүмкін, Алдыңғы Азия Үндістанмен байланыс жасай бастаған. Дәл осы жолмен Қосөзенге Үндістанның көркем бұйымдары, ал кейінірек «ағашта өсетін жүн» жеткізіле бастаған. Үндістанмен, сондай-ақ Орта Азиямен және одан да қашығырақ елдермен иранның жерін басып өтетін құрлықтағы байланыс жолдары б.э. дейінгі І мың жылдықтың орта шеніне таман ғана тұрақты өтетін болады. Бірақ одан бұрын да одан бұрында азиялық материктің түкпір-түкпірінен кейбір материалдар қолдан қолға өту арқылы жерорта теңізі аймақтарына жетіп отырған. Алайда, бұл айырбастың тікелей және тұрақты жүзеге асырылуына толып жатқан кедергілер бар еді.
Неғұрлым солтүстік аймақтарда мұз дәуірінің аяқталуына байланысты жалпы өзгеру процессі, Шығыстың өзге елдеріндегі сияқты, Иранға да күшті ықпал етті. Орталық иранның елеулі бөлігі және Шығыс Иранның көптеген аймағы барған сайын далаларға, ал кей жерлері тіпті сусыз шөлдерге айнала бастады. Мұнда көшпелі мал шаруашылығы орын алды, әсіресе қос өркешті түйелер өсіру ерекше маңызға ие болады, бұлар б.э. дейінгі І мың жылдықта осы жерден Ассирияға да тарайды. Егіншілік Иранның шеткері аймақтарында, тау суларын жер суғаруға пайдалануға болатын жерлерде көбірек орын алды. Орта Азияның Ираннан айырмашылығы, онда ойпатты жерлер талай қашықтықққа созылып жатты. Иран өздерінде ежелден бері елеусіз және аз сулы болып келсе, Орта Азияны Сырдария мен Амудария сияқты мол сулы өзендер кесіп өтеін еді. Амударияның б.э. дейінгі І мың жылдықтың орта шеніне дейін аса мол сулы болғаны сондай, ол батыстағы Каспий теңізіне ағып баратын, бұл жөнінде осы күнгі Арал теңізіне құятын ұлы өзеннің бір кездердегі сағасы, қазір құрғап қалған Узбой арнасы дерек береді.
Алайда Амудария суын игеру Тигрді, Евфратпен нилді игеруден әлде қайда қиын болған сияқты және бұл жердегі суландыру жүйелерін салу жұмыстары әлдеқайда кеш басталды. Егіншілік мәдениетінің ежелгі ошақтары Арал теңізі аймағынан емес, одан әлдеқайда оңтүстікке қарай, Иранмен шекарадағы таулы аудандардан табылып отыр. Бұл жерде б.э. дейінгі V мың жылдықтың өзінде-ақ арпа мен бидай, үй жануарлары болғанын археологтар анықтап отыр, ал қазіргі Амудария алабында ол кездерде аң және балық аулау негізгі кәсіп болған.
Ежелгі кездегі Иран мен Орта Азия тұрғындарының этикалық құрамын анықтау өте қиын. Тек қана б.э. дейінгі ІІ мың жылдыққа дейін бұл арадағы тұрғындар тілі семиттік тілге де, үнді-европалық тілге де ешқандай ұқсастығы болмағанын сеніммен айтуға болады. Бұлардан қазір бізге жақсы белгілі болып отырғанын элам тілі, ол оңтүстік-батыс Иранда көбірек тараған, ал тым ежелгі заманда ол шығысқа және солтүстік-шығысқа одан да көбірек тараған болуы мүмкін.
Біз үшін б.э. дейінгі ІІ, өте-мөте І мың жылдық кезінде ғана этногез көрінісі неғұрлым анықтала түседі. Орта Азия мен Иранда солтүстіктен келді деп есептелетін үнді-Иран тайпалары ұшырай бастайды. Олар үнді-европа тайпаларының кең тараған түрлерінен бөлініп шығып, өз кезегінде үнділік және ирандық топтарға бөлініп кетті.
Б.э. дейінгі І мың жылдықтың бас кезінде-ақ батыс иранда иран тілінде сөйлейтін тайпалар үстемдік құрып тұрды, бұл жөнінде біздерге Ассирия жылнамашыларының жазып қалдыруы арқылы жеткен бірқатар аудандардың ономастикасы мен топонимикасы хабар береді.
2. Иран мен Орта Азия шаруашылығы мен әлеуметтік қатынастары жайлы біздер негізінен археологиялық ескерткіштер арқылы білеміз. өте ертедегі тарихтың кей деректері сондай-ақ тәжік халқының ата-бабалары шығарған және Иранға кейініректе кең тараған, Авестаның тамаша шығармаларының алғашқы нұсқаларында да сақталған.
Бізге тек Эламнан ғана әр түрлі документтерден тұратын тұтас архивтер келіп жетті. Б.э. дейінгі VІ ғасырдан бастап Ахеменидтер жазулары пайда болады. Бізге Бехистун жазуы белгілі, оны зерттеу сына жазудың сырын ашуға мүмкіндік берді. Көптеген мәселелерді анықтауға Геродоттың, ішінара Ктеси мен өзге де антик заман авторларының жазып қалдырған мұралары көмек көрсетеді.
3. Элам. Иран халықтары ішінен тарих санасына өзгелерден бұрын, осыған дейінде талай аталған эламдықтар шығады. Бұлардың елі шағын ғана Керхи және Карун өзендерінің алабын және бұған солтүстік жағынан ұласып жататын анчан таулы аймағын алып жатты. Эламның асанасы Сузы қаласы жазыққа көптеген ескерткіштерін, әсіресе шеберлікпен жасалған әшекейлі керамикалық бұйымдарды тапты.
Элам өз тарихының өн бойында Қосөзенмен тығыз байланыста болып келген, бұл оның экономикасы мен мәдениетінде де сөзсіз ықпал жасады. Эламда пайда болған жазу жүйесін б.э.. дейінгі ІІІ мың жылдықтың соңғы кезінде батыс көршілерінен ауысқан сына жазуы ығыстырып шығарады. Алғаш сына жазуы текстері аккад тілінде жазылып келсе, б.э.. дейінгі ІІ мың жылдықта элам тілінде жазыла бастайды. Эламның Қосөзен елдерімен арадағы саяси қатынастарында да елеулі өзгерістер болып тұрды. Кейде ол Аккад ықпалына да түсіп қалып тұрды. Бірақ, кейде бұған керісінше, Элам патшалары батыс көршілерінің әлсірегенін пайдаланып, оларға қарсы шабуылға шыққан кезеңдерде болды. Элам осылайша б.э. дейінгі ХХ-ХVІІІ ғасырларда
Тигр мен Евфрат өзендері алқабында ыдыраушылық пен өз ара қырқысудың, соғыстардың өршіп тұрғанын пайдаланып, бұл жерлерге өзінің бақылауын орнатады.
Б.э. дейінгі ІІ мың жылдықтың екінші жартысында эламдықтар қайта күшейеді және Вавилонияға жорықтар жасайды.
Әлеуметтік қатынастар жөнінен Эламда көршілес Қосөзенге көптеген ұқсастықтар байқалады. Сонымен бірге мұнда жергілікті өзгешеліктер де болды. Бұл жерде таптық қоғамның қалыптасқан жағдайының өзінде матриархаттың әртүрлі қалдықтары Қосөзенге қарағанда әлдеқайда ұзағырақ сақталды, мұның өзі ежелгі Египеттегі жағдайға ұқсас еді. Мәселен, жер учаскелеріне әйелдер толық иелік ететіні жайлы деректер бар. Таққа мұрагерлік ету жүйесі де басқаша болатын, ол әкеден балаға емес, ағасынан інісіне қалып отыратын.
Б.э. дейінгі VІІІ- VІІ ғасырларда Элам ен ассирия арасында табан тірескен қатал шайқастар болып, ақыры ол Ашшурбанипалдың әскерлері Сузыны талқандауымен аяқталады. Осыдан кейін Элам дербес роль атқарудан қалады, бірақ элам тілі парсы және вавилон тілімен қатар әліде ұзақ өмір сүреді, Бехистуннан табылған үш тілдегі жазу осының айғағы.
Эламның құллдырауы бұл жолы енді иран тілдес жаңа халықтардың-мидиялықтар мен парсылардың өрлеуіне жағдай туғызды.
4. Мидиялық бытыраңқы тайпалар енді біріңғай тайпалар одағына бірігеді де, бұл одақ Мидияның өзін ғана емес, иранның өзге аймақтарын да, соның ішінде оңтүстіктегі персияны да қамтиды. Және бұл соңғысы кейінірек жетекші рольге ие болады.
Гректердің айтуынша Мидия державасын құрушы Дейсок деген болған, ол патша болып сайланған және елге өзінің толық билігін орнатқан. Елдің астанасы-Экбатананың негізін салған да сол деген сөз бар; ол оны шағын поселениеден бірнеше қорғандармен қоршалған қуатты қамалға айналдырған.
Дегенмен мидияның ең өрлеген кезін б.э. дейінгі VІІ ғасырдың аяғына ғана жатқызуға болады. Бұл кездің өзінде де ол толық мағынасындағы мемлекет емес, тайпалардың берік емес одағы еді және деректерде ондағы жоғарғы әміршімен бірге оған бағынышты өзге патшалардың аттары да еске алынады.
Мидияның әміршілері ішіндегі ең көрнектісі және Мидия державасының шын мағынасындағы ұйымдастырушысы Киаксар болды. Ол Ассирияның Вавилонмен және Эламмен күресте әлсіреуін де, бүкіл Алдыңғы Азияны көктей өткен скифтердің жорығында барынша пайдаланды. Солтүстіктен келген бұл жауынгер тайпалардың шабуылынан Мидияның өзінен де біраз жері зардап шексе де, Киаксарға скифтерді бой сұндырудың ғана емес, оларды өзіне қызмет еткізудің де сәті түсті.
Ассирия Эламды жеңгенімен оны игеруге күші де, мүмкіндігі де жетпеді, сондықтан бұл соңғысы енді Мидияның ықпалына көшті. Киаксарға қайта өркендеген Вавилонмен одақ құрудың сәті түсті. Бұрынғы тайпалық контингенттерден тұратын құрама жасақтың орнына тұрақты армияны құруы – ежелгі авторлардың бағалауынша, Киаксардың басты табысы еді.
Ассириямен күрес тамаша жеңіспен аяқталды. Б.э. дейінгі 612 жылы Киаксар Ассирияның астанасы Ниневияны басып алды және вавилон патшасы Набупаласармен Ассирия жерлерін бөлісті. Мидия державасы құрамына сонымен бірге Урарту жерінің үлкен бөлігі және Кіші Азияның шығыс бөлігі – Каппадокия кірді.
Мидия иеліктерінің батысқа қарай кеңейе түсуі осыдан кейін тоқтап қалды. Лидиямен соғыс Киаксар үшін тым ауыр болып шықты да, ол шығыс және грек елдері арасындағы сауда қатынастарын өз қолында ұстап тұрған бұл қуатты және бай мемлекетпен келісімге келуді дұрыс деп тапты. Киаксар мен Лидия патшасы Алиаттың арасындағы келісім бойынша Галис өзені екі мемлекеттің шекарасы болып белгіленді.
Киаксардың баласы, Мидияның соңғы патшасы Астиаг тұсында Жаңа Вавилон патшалығымен арадағы достық қатынастар бұзылды. Ала ауыздық тууына шекарадағы Харран қаласы себеп болды, оны екі жақ та өздеріне қаратып алғысы келді. Мидияның әскерлері батыста, Вавилон патшасы Набонидке қарсы қанды соғыс жүргізіп жатқанда, Астиагқа қарсы Иранның бұрын Мидия патшасының қол астында болып келген оңтүстік бөлігі – Персия көтерілді.
5. Көтерілісті Ахеменидтер үйінен шыққан басқарушы, Мидияға бағынышты өзге де басқарушылар сияқты, патша деген атағы болған ІІ Кир басқарды. Геродоттың айтуынша, Кир Астиагқа жиен болып келеді. әрі мұның үстіне мидиялықтар мен парсылардың бір-біріне өте жақын туыстар екенін де ұмытпау жөн. Грек авторлары парсыларды кейде тіпті мидиялықтар деп те атайды және бұл кездейсоқ емес. Иранның бұл негізгі халықтарының тілі мен мәдениетінде ортақ нәрселер көп еді.
Кирдің көтерілісі б.э. дейінгі 553 жылы басталды да, үш жылға созылды. Астиаг бұл күресте үлукен жігер көрсетті, бірақ әскердің бір бөлігінің батысқа жіберілуі және өз ішіндегі кей адамдардың опасыздық жасауы бұл істің шешуін тездетті. 550 жылы Астиаг тақтан түсірілді, ал біраз уақыт өткен соң өлтірілді және Мидия парсыларға бағындырылды.
Кирдің Астиагты жеңуі нәтижесінде ежелгі парсы державасы құрылып, оны Ахеменидтер державасы деп атай бастады. Ол екі жүз жылдан аса өмір сүрді. Ирандықтардың оңтүстік бұтағы болып табылатын парсылар басты роль атқарды. Екінші орында мидиялықтар тұрды, бұлардың көбі Кир жағынан шығып, солары үшін елеулі жеңілдіктер алған еді.
Мидияның жеңілуі Ваваилон патшасы Набонидты қуантты, өйткені тұл мидиялықтар қауіп төндіріп келген Харраның – ай құдай Синның қасиетті орталығының - қауіпсіздігін қамтамасыз еткен еді. Бірақ кешікпей-ақ жаңа державаның құрылуы оның батыстағы көршілерін алаңдата бастады, олар Кирдың алдағы уақытта да жаулап ала беру жөніндегі жоспарларынан сескенген еді.
Парсы патшасына қарсы тұтас одақ құрылды, оған Персиямен тікелей шектесіп жатқан елдер ғана кіріп қойған жоқ, әріректегі Египет те кірді. Сондай-ақ Грециядан да жәрдем күтілді.
Әр түрлі мемлекеттердің осындай кең көлемдегі бірлестігі ежелгі дүниедегі халықаралық байланыстардың одан әрі нығаюын және дамуын көрсетеді.
6. Осындай шараларға қарамастан, бір мезгілде қимыл бастаудың сәті түспеді. Лидия патшасы Крез одақтастарын күтпестен қимыл бастап қойды, бұның өзі істің бәрін бүлдірді. Лидияның халықаралық аренада аса үлкен роль атқарғанын ескеру жөн. Ол б.э. дейінгі VІІ ғасырғы дейін Эгей теңізіне құятын Герма және Меандра өзендерінің құнарлы алқаптарында орналасқан шағын ғана мемлекет болып келсе, осы айтылған ғасырдан бастап тез ұлғайып, күшейеді де, б.э. дейінгі VІ ғасырдың бірінші жартысында гүлдену шегіне жетеді.
Лидия экономикалық және саяси жағдайлардың қолайлы кезеңін жақсы пайдаланады. Қолөнер мұнда күшті дамыды, әсіресе жүн маталарымен піл сүйегін күрең қызыл түске бояуды финикиялықтармен тайталасып отырған бояуханаларының даңқы алысқа кетті.
Алтын құм өндірісі ақша шаруашылығына көшудің тездеуіне ықпал жасады. Лидиялықтарды б.э. дейінгі VІІ ғасырда пайда болған алғашқы ақшаны ойлап шығарушылар деп санайды. Бұл ақшалар құрамында күміс болған табиғи алтыннан соғылған.
Қалай болғанда да, лидиялық көпестер дами бастаған ақша шаруашылығына тән жаңа әдістерді кеңінен қолданушылардың бірі болды, ал мұның өзі сауда жасаған кезде қымбат металдарды әрдайым өлшеп отыру қажеттігінен құтқарды.
Лидиялық соңғы патшалар – Алиатт пен Крез тұсында Лидияның экономикалық өрлеуі саяси ықпалының күшеюімен бірге жүрді. Кіші Азияның үлкен бөлігі, соның ішінде гректердің теңіз жағалауындағы колониялары да оның қол астында болды.
7. Кир Лидияға қарсы аттанды да, лидиялық таңдаулы атты әскерге қарсы бұрын лидиялықтарға белгісіз болып келген түйелі әскер шығарып, жеңіске жетті. Бұдан соң парсы патшасы шұғыл соққы беру арқылы Лидияның астанасы – Сардыны алды.
Лидиядан кейінгі кезек Вавилонияға келді. Бұрынырақта көргеніміздей, Вавилон патшалығы ішкі ала ауыздықтардын әлсіреген еді және өзінің Кир армиясына қарсы жасалған аса қуатты қорғаныс құрылыстарын пайдалана алмады. Кирдің айтуы бойынша ол «Вавилонға бейбіт түрде кірді» және қасиетті қаланың құдайларын сыйлайтындықтың белгісі ретінде, оның пайдаланып келген жеңілдіктер мен артықшылықтарын сақтап қалды. Екінші жағынан, Кир өзінің мұнда келуін тағатсыздана күткен және «вавилон тұтқынынан» босатар деп үміт күткен иудейлік қоныстанушыларды да өз жағына тартты. Кир олардың Палестинаға қайтуына және Иерусалимді қалпына келтіруіне рұқсат етті. Сөйтіп ол ол Египетке шабуыл жасау үшін ыңғайлы плацдармға ие болды. Осы мақсатпен Кир финикиялық сауда қалаларымен де тіл табуға, олардың флотын Жерорта теңізі жағасындағы өз үстемдігін нығайта түсу үшін пайдалануға тырысты.
Кирдің өзіне батысқа қарай бағытталған басып алу жоспарларын онан әрі жүзеге асырудың сәті түспеді, өйткені оған солтүстік-шығысқа, Орта Азияға алаңдауға тура келді.
Бұл уақытта Каспий теңізінен шығысқа қарай созылып жатқан кең-байтақ территориялардың экономикасында үлкен іргелулер болған еді. Темір бұл жерлерге едәуір кеш тараса да егіншілікті әлдеқайта дамыта түсуге мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығының басты ауданы – Амудария алабындағы Хорезм еді, мұнда кең көлемдегі суландыру жұмыстары жүргізіліп, ұлы өзеннің асау ағыннын ауыздықтауға мүмкіндік берді. Каналдар мен шлюздердің күрделі жүйесі жасалды. Бұл егіншілік мәдениетінің гүлденуі біздерге негізінен совет археологтарының қазбалары арқылы ғана мәлім болып отыр.
Егіншілік мәдениетінің екінші ошағы Маргиана еді.
Осы егіншілік аймақтарынан сыртқа қарай кең-байтақ далалар басталып, онда мал баққан сақ-массагет тайпалары көшіп-қонып жүретін. өзінің солтүстік-шығыс облыстарын нығайта түсу және Амударияның құнарлы алқаптарына алып баратын жолдарды басып алу үшін Кир осы жауынгер тайпаларға қарсы жорыққа шықты, онысы сәтсіз болып аяқталды. Ұшан қиыр далада парсылардың әскері жаулардың қоршауында қалады, шайқастардың бірінде Кирдің өзі қаза табады. Геродоттың айтуынша массагеттердің «әйел патшасы» басқыншының басын шауып алып қан толтырған торсыққа салып, қанға той деп бұйырған. Жергілікті дәстүрден шығарылған бұл аңызда парсы патшасына үнемі басқыншылықпен айналысушы ретінде қараған еркін сақ тайпаларының көзқарасы бейнеленген.
Алайда, Кирдің жеңілуі мен қазаға ұшырауы Ахеменидтер державасының ұлғая түсуін тоқтатқан жоқ. Египетке басып кіру жөніндегі Кирдің ойын оның баласы және мұрагері Камбис жүзеге асырды. өзінің әкесі сияқты ол да әскери шаралар мен бірге дипломатиялық әдістер қолданды, өз әскерлерін Палестинаға топтаған Камбис Синай шөлі арқылы Египет шекараларына апаратын жолдарды қолдарына ұстап тұрған араб көшпелілерімен келісімге келеді. Осының арқасында ол өз әскерлерін қажетті ауыз сумен қамтамасыз ете алды, көшпелілер суды бұларға түйелермен тасып жеткізіп тұрды. Парсылардың теңіз флоты жоқ еді, бірақ олар финикиялық кемелерді және ішінара грек кемелерін барынша пайдаланды. Оның үстіне ХХІV династия фараондары тұсында Египеттің теңіз күштерін басқарған бекзаданың сатқындығы жайында да ап-айқын тұспалдар бар. Оның үстіне Египеттегі жалдамалы грек әскерлерінің командирі Фанет Камбистің жағына ашықтан ашық шығып кетті де, басқыншыларға өлшеусіз қызмет көрсетті. Парсы әскерлері Египет шекарасына жақындап қалғанда, египеттің жігерлі фараоны Амасис аяқ астынан қаза болды.
Осындай қолайсыз жағдайлардың бәріне қарамастан, Египет армиясы шекарадағы Пелусия түбіндегі ұрыста басқаншыларға табанды қарсылық көрсетеді. Арада 70 жыл өткен соң осы шайқас алаңын Геродот келіп көреді және аса көп мөлшердегі өлген адамдардың сүйегіне кез болады. Бұл шайқаста парсыларға ерлікпен соғысқан Египет жауынгерлерін жеңіп шығудың сәті түсті және бұдан арғы жерде табыстарға кедергісіз жетіп отырды. Мемфис басып алынды да, бар болғаны бірнеше ай ғана патшалық құрған фараон ІІІ псамметих тұтқынға түсті.
Камбистің Эфиопияны да бағындыру үшін жасаған әрекеті сәтсіздікпен аяқталды. Ол табиғи кедергілер мен өз тәуелсіздігін қорғаған жергілікті халықтың табандылығын жеңе алмады.
Персияның өз ішінде де қиындықтар туды. Кирдің тұсында сақталып келген патриархтың ескі ғұрыптармен санасуды мүлде қойып, Камбистің қай мәселені болса да жеке шешуіне әскери шонжарлардың арасында наразылық пісіп жетілді. Камбис өз інісі Бардияға опасыздық жасады, бүлікшілермен байланысы бар деген күдікпен астыртын түрде өлтіруге бұйрық береді. Алайда мұның өзі оқиғаларды тек тездете түсті. Патша інісінің өлгенін ешкім білмеді де, бұл жағдайды сырт келбеті жағынан өлтірілген патша інісіне ұқсас мидиялық абыз Гаумата пайдаланып кетті. Ол көтеріліске басшылықты өз қолына алды, «Персия, Мидия және басқа да елдер» оның жағына шықты.
Камбис Египетті тастап, көтерілісті басу үшін асығыс түрде еліне аттанды, бірақ жолда өте жұмбақ және күдікті жағдайда қаза тапты.
Алайда Бардияның есімін алған Гаумата ұзақ билеп тұра алмады. Ол басып алынған елдердің тұрғындарын бірнеше жылға дейін салық төлеуден азат етіп соларға арқа сүйеуге тырысты. Бірақ оның есесіне Персияның өзінде қарсылыққа кез болады. Егер оны жек көрген жылнамашыларға сенер болсақ, ол бірқатар зорлық шараларына: қауымның жайылымдық жерлері мен «үй адамдарын» тартып алуға, сондай-ақ рулардың қасиетті саналатын дін орындарын талқандауға барған.
Парсылардың әскери шонжарлары арасында жаңа патша жалған атты жамылушы адам екен деген қауесет тарайды. Жеті бегзаданың астыртын келісімі ұйымдастырылады да, ол Гауматаны өлтірумен аяқталады. Астыртын келісім жасаушылар патша тағына Ахеменидтер үйінің кіші тармағының өкілі болып табылатын, Гистаспаның баласы Дариды отырғызады, ал ол өзінің таққа отыруға правосы бар-жоғы жөнінде туған күмәнді біржола жою үшін Кирдің қызына үйленеді.
8. І Дарий таққа отырғаннан кейін елдің әр түрлі түкпірлерінде басталған қарулы көтерілістерді басу үшін табанды түрде күрес жүргізуіне тура келді. Б.э. дейінгі 522 жыл тұтасымен осы көтерілістерді басуға кетті.
Таққа бекемірек отырып алғаннан кейін І Дарий өзінің сан тайпалары державасын басқару жүйесін толығымен қайта құруға кірісті және бірқатар әкімшілік және финанстық реформаларды жүзеге асырды. Ол елді 20 страптарға бөлді. Олардың әрқайсысының басында патшаның қойған әкімі отырды. Бұл облыстарда тұрған әскер басылардың қарамағында болды, сонымен бірге сатраптардың әскер басыларының үстынен және керісінше әскер басылардың сатраптардың үстінен шағым айтулары қолпашталып отырды. Бұл екі жағының да өз міндеттерін адал атқаруының кепілі болып саналды.
Мұнан басқа бүкіл ел көлеміне «патшаның көзі мен құлағы» деп аталатын арнаулы бақылаушылар жіберіліп отырды. Олар әлдеқандай күдік туған жағдайда кез келген адамды, тіптің сатраптың өзінде ұстауға және жазалауға ерікті еді.
Аса үлкен державаның әр түрлі бөліктерінің арасындағы байланысты жеңілдете түсу үшін тас төселген кең жолдар жасалды. Олардың ең бастысы Сузыны Эгей теңізі жағасындағы гректердің колониясы – Эфеспен жалғастырды. Бұл жолдардың бойына бір-бірінен белгілі қашықтыққа атты бекеттер қойылды да, патшаның хаты мен сәлемдемелерін ұшқыр салт аттылар бірінен біріне шапшаң жеткізіп тұрды.
Алым-салық жүйесіне ерекше назар аударылды. І Дарийдің «саудагер» деп атануы жайдан-жай емес. Бұрынғы кездейсоқ жүйесіз алым салықтардың орнына ақшалай және заттай төленетін жарнаның дәл мөлшері белгіленеді. Алым-салық Персиядан басқа барлық жерлеріне салынды. Салықтың жалпы сомасы 14 000 талант күміске тең болды. Ауырлықтың үлкені аса бай сатраптар: Вавилон мен Египет түскен еді.
Салық жинауға откуп иесі, басқаша айтқанда қажет соманы алдын-ала өзі төлеп, артынан оны жергілікті халықтан артығымен жинап алатын ірі іскаяқ адамдар пайдаланылып отырды. Вавилондағы осындай саудамен және өсімқорлықпен айналысқан «Мурашу үйінің» зорлық-зомбылықтары жайында документтер сақталған. Бұл жылпостар компаниясының өкілдері тоналып, жәбірленген тұрғындардың арыз-шағымдаршын парсы чиновниктері тыңдамауы үшін оларға ашықтан-ашық пара беріп отырған.
Өз державасының әр түрлі бөліктері арасындағы экономикалық байланыстарды күшейту, сауда мен ақша шаруашылығын жандандыру үшін І Дарий Лидия мен Грециядағы сияқты теңге жүйесін енгізеді. Негізге теңге болып алатын дарик саналады, оны шығару патшаның ғана ісі болды.
І Дарий сыртқы саясатта белсенділік және жігерлілік көрсетіп отырды. Оған бір кездері Кирді жеңген сақ-массагеттерді жеңіп шығудың және парсылар үшін Орта Азияға жол ашудың сәті түсті.
Одан арғы жерде, Геродоттың айтуынша парсы патшалары Амудариядағы негізгі шлюздерді қолдарына қаратып алады, мұның өзі оларға егіншілікпен айналысатын жергілікті халыққа су бермей қоямыз деп қорқыту арқылы олардан «сыйлықтар» жинап алып отыруға мүмкіндік береді.
І Дарий шығысында Үндістанның бір бөлігін, батысында - Киренайканы , Эгей теңізінің кейбір аралдарын, сондайц-ақ Фракиямен Македонияны бағындырп алды. Алайда оның өз билігін Қара теңіз жағалауындағы скифтер мен европалық гректерге де жүргізуге де тырысқан әрекеті толық сәтсіздікпен аяқталды да, мұның өзі Ахеменидтер державасының әлсіреуіне қарай жасалған бетбұрыстың басыболды.
9. Ахеменидтер державасының құрамына мәдени даму деңгейлері әр түрлі толып жатқан халықтар кірген еді. Билеуші халыққа айналған парсылар бұл мәдени байлықтарды кеңінен пайдаланды, сонымен бірге оларды творчестволықпен пайдалану үстінде кейбір өзгерістер де жасалып отырды. Парсылар сына жазуын көптеген артық таңбаларынан арылтып оңайлата және жетілдіре түскені жайында бұрынырақта айттық. Іс және кеңсе қатынастарын жүргізу үшін арамейлердің алфавиттік жазуы кеңінен қолданылған.
Парсы патшалары сол кездерде ең білгір деп саналған египет дәрігерлерін өзіне қызметке тартқан. Алайда, І Дарийдың тұсында-ақ бұларды грек дәрігерлері ығыстыра бастайды.
Парсылардың вавилондық және египеттік жыл санау календарларымен таныс болғандығы жайында да деректер бар.
Иран тілді халықтардың ең көрнекті әдеби шығармасы – жоғарыда айтқанымыздай Орта Азия да туған, бірақ кейінірек Мидия мен Персияға тараған, сонымен бірге алғашқы нұсқаға көптеген толықтырулар енгізілген Авеста шығармасы болды.
Авестада уағыздалатын діни ілімді ежелгі пайғамбар Заратуштра шығарған деп айтылады, бірақ біз ол жайлы нақты ешнәрсе білмейміз. Бұл ілімнің мәнісі – екі құдайдың: қайырымды құдай Ахурамазда мен қаскүнем құдай – Ариманның бастамаларын бір-біріне қарсы қоюға негізделеді.
Ахурамазда үй жануарлары мен мәдени өсімдіктерге қамқорлық жасап отыратын бейбіт еңбектің жебеушісі ретінде көрінеді. Оны құрмет тұтушылар жер өңдеуге, мал өсіруге, жабайы жануарлар дүниесін жойып отыруға тиіс. Ариман адамның жасампаз жауы, жабайы аңдардың қамқоршысы, бейбіт кәсіппен айналысушы халықты шауып, тонап отыратын көшпелілердің жебеушісі ретінде көрінеді.
Ахурамазданың да, Ариманның да қол астында өздеріне көмектесетін сансыз көп перілері бар, бұлардың күресі бірнеше мыңдаған жылдарға созылады және ақыр аяғында қайырымды құдай жеңіске жетеді.
Зороастр ілімінің бір ерекшелігі - өлген адамның денесін жерге көмуге де, отқа жағуға да рұқсат етпейтіндігінде еді. өлі дене жерді де, отты да ластайды деп, өлгендерді жабайы құстарға тастау қажет деп есептеді. Бұл дәстүрді парсылардың шағын тобы әлі күнге сақтап келеді. Авеста жазбаларын жойылып кетуден сақтаған да осы парсылар.
Ахеменидтер Ахурамазданы құрмет тұтқанмен де Авестаны мойындамаған сияқты. Парсылардың ежелгі патшаларының бірде бірінің жазуларында Заратуштра жайлы айтылмайды. Парсы патшаларының зираттары да сақталған, бұл Авеста өсиетіне қайшы жай, Зороастризм мемлекеттік дін дәрежесіне тек Парфиян және Сасанид патшалары тұсында ғана ие болады.
Ахеменидтер діні өзге бағытта дамыды. Алғаш аспанның жоғарғы құдайы Ахурамаздамен бірге толып жатқан тайпалардың құдайларына да құлшылық ететін, бұл соңғылары кейінірек қаскүнем перілер болып санала бастады.
Ксеркс тұсында дін реформасын жүргізуге әрекет жасалды. Дэвтарға табынуға тыйым салынып, парсылардың бірден-бір аспандағы иесі Ахурамазда болып танылды.
Алайда бұл монотеистік тенденция берік орныға алмады, Ксеркстің мұрагерлері тұсында-ақ күн құдайы Митра мен жер құнарлығының әйел құдайы Анахитаға ғибадат ету кең тарайды.
Жарияланған-2015-05-06 19:24:47 Қаралды-11522
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану