1. Андронов мәдениеті
2. Дәндібай-беғазы (беғазы – дәндібай) мәдениеті
3. Егіншілік және мал шаруашылығы
4. Тау-кен ісі мен Құмыра кәсіпшілігі. Қоныстар мен тұрғын үйлер
Беғазы-Дәндібай кезеңінде үлкен патриархалды отбасыларға арналған зират орнына бір адам жерленетін зиратпайда болды. Ошақ қасиетті орын саналған. Үй төбесінің басты тіреуіш діңгегі-адамдарды көкпен жалғастырушы белгі.
Қазақстан жеріндегі қола дәуірі кезінде өмір сүрген адамдардың мәдениеті Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеті болып екіге бөлінеді.
Андронов мәдениетінің өзіне тән ерекшеліктері бар болғандығынан үш кезеңге бөлінеді:
Федоров кезеңінде адамды жерлегенде, мәйітті өртеп күл-көмірін қойған. Ал кейбір жерлерде өртемей оң жақ қырымен жайғастырылып, бас жағына ас салынған құмыра, біз, пышақ тағыда басқа әшекей заттар бірге қойылған. Жасалған көзелердің шығыңқы келген иықшалары болған.
Алакөл кезеңінде өлікті жерлегенде, жартылай өртеп қою етек алған, көзелердің сыртындағы иықшалары жойылып, оның жаны ернеуінен түбіне қарай күрт түседі. Ал сыртындағы өрнектер көзенің тұла бойында үш бөліктен салынған, ернеуінен мойнына дейін бір бөлек, бүйірінде екіншісі, түп жағында үшінші бөлік. Өрнектер көбінесе геометриялық сызықшалар, әсіресе, үшбұрышты және қошқар мүйізді үлгілерде де кездеседі. Қола дәуірінің осы екі кезеңінің қыштан жасалған ыдыстарының сыртындағы ою-өрнектердің үлгілері қазақ халқының тұскиіз, текемет, алаша, кілем, сырмақ сияқты бұйымдарының үлгі-өрнектері мен ұқсастығын көруге болады.
Замараев кезеңі – қола дәурінің соңғы кезеңі. Ғалымдар темір дәуіріне өтетін өтпелі кезең деп те атайды. Оның өзіне тән ерекшеліктері:
- адамды өртемей шалқасына жатқызып жерлеу;
- Замараев кезеңінде құмыралардың жасалу сапасы жағынан және сыртына салынған өрнектерінің әдемілігі жағынан нашарлай бастайды. Ал діни нанымдар сол алдыңғы кезеңдердегідей сақталады.
- Ғылыми пікірлерге қарағанда, жоғарыда көрсетілген кезеңдерде өмір сүрген рулар бірінің орнын екіншісі басып, екіншісінің орнын үшіншісі алмастырып дамып отырған.
Қола дәуірінің ескерткіштеріне жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары - бұл кездегі өмір сүрген адамдардың шаруашылығынан әдет- ғұрып, наным – сенімдерінен ғана ақпар беріп қоймай, олардың саяси - әлеуметтік және қоғамдық құрылысынан да хабар береді. Қазба жұмысы жүргізілген молаларда, отбасылық, аталық рулық зираттар кездеседі. Олардың өзіне тән ерекшеліктері болған. Мәселен, отбасылық молалар бір қоршаудың ішіне жерленсе, ал аталық рулық қабырлерде ер адамның жанына оның әйелі қоса жерленген.
Қазақстандағы Андронов тайпаларының басқа аумақтардағы тайпа лармен айырбас сауда қатынастарын жасағандығын көруге болады. Мәселен, Оңтүстік Сібір жеріндегі Афанасьев мәдениетінің молаларынан Арал теңізінде кездесетін ұлулардың сүйектері табылған. Андронов тайпаларының молаларынан Мысыр, Месопотамия жерінде жасалган әйнек тәріздес моншақтар да табылған. Мұның өзі сауда қатынасының қола дәуірінің кезінде-ақ жандана бастағандығына дәлел.
Қола дәуіріндегі Қазақстан аймақтарына тән тағы да бір мәдениет Беғазы-Дәндібай мәдениеті болған. Бұл мәдениеттің алғашқы мекендері Қарағанды маңындағы Беғазы ауылынан және Балхаш көлінің солтүстік жағалауындағы Дәндібай ауылынан табылған. Бұл мекендерден табылған заттар бір дәуірге тиісті болғандықтан олар Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады.
Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеген ғалым қазақтың аса көрнекті археологы Әлкей Марғұлан.
Қола дәуіріндегі Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттерінің өзара айырмашылықтары бар:
-біріншісі, аймақтық: Андронов мәдениеті Сібір, Қазақстан және Жайық өңірлерінде таралған болса, ал Беғазы-Дәндібай мәдениеті тек қана Орталық Қазақстанда кездеседі;
-екіншісі, кезеңдік: Андронов мәдениеті қола дәуірі мәдениетінің бірінші және екінші кезеңдерін (б.з.б. ХVIIIXIII ғғ.) қамтыса, ал Беғазы-Дәндібай мәдениеті үшінші кезеңінде ғана ( б.з.б. ХIIVIII ғғ.) үстем болған;
-үшіншісі, Андроновдықтар өлікті жерлегенде аяқ-қолын бүгіп (эмбрион тарізді) көмсе, Беғазы-Дәндібайлықтар қол-аяқтарын жазып көмген.
Қазақстан қола дәуірі дүние жүзіндегі қола дәуірінің ажырамас бір бөлігі. Бірнеше мыңдаған жылдардың өткеніне қарамастан, бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан, бұдан былай да сақтала беретін, әдет-ғұрып, салт-сана, әсемдік-сәндік өнердің бастамасы болып келген үлгілі ою-өрнектер халқымыздың ұлттық мақтанышы болып жалғасуда. Олар бүгінгі күнімізде тәуелсіз Қазақстан елінің жаңа өміріңде оның рухани жан дүниесімен жаңаша жасарып, әрі қарай жалғаса бермек.
Бұл мәдениеттің ерте кезеңіне Қарағандыдан оңтүстікке қарай орналасқан Ақсу-Аюлы-2 қорымы жатады. Ең үлкен обаның биіктігі 2 м, диаметрі 30 м. Топырақ үйіндінің астынан тарамдала орналасқан үш тас қоршау болған. Біріншісі, сыртқысы, жерге кіргізілген ірі гранит тақталардан жасалынған. Екінші қоршаудың тас тақталары жоғары қарай күмбез тәріздес етіп құрастырылған. Үшінші қоршау тас тақталардан құрастырылған, оның екеуі қабірді жауып тұратын тас тақтаға тіреуіш ретінде пайдаланылған. Алаңы 4 шаршы м жерлеу шұңқыры 1,5 м тереңдікте қазылған. Мұндағы тас жәшікте ұзынынан қойылған адам қаңқасы орналасқан.
Дамыған кезеңге Беғазы, Айбас-Дарасы, Аққойтас, Дәндібай, Ортау, Саңғыру қорымдары, Ұлытау, Шортандыбұлақ, Қарқаралы қоныстары жатады.
Беғазы-дәндібай зираттарындағы жерлеу құрылыстарының құрылымы ерекше. Шаршы тұрпатты бір немесе екі камералы беғазы құрылыстарын "кесене" деп атауға да болады. Қабырғалары орасан зор гранит тақталардан жасалған; олар жерге кіріп тұрған. Кейбіреулері 3 тоннаға дейін жетеді. Бұрыштарындағы тақтатастар, осындай ірі тақталардан тұратын шатырды бекітіп тұрады.
Осындай "кесенелердің" бірінің ауданы сыртынан 9,6x9,6 м, ішкі жағынап 6x6 м. Тақталардың биіктігі 2,1 м, мұның 1,3 метрі жерге кіріп тұрған. Екінші, сыртқы қабырғаның биіктігі 1,3 м. Қабырғалар арасындағы кеңістік тастар мен саз балшықпен толтырылған. Үсті ірі тақта тастармен жабылды. "Кесенеге" кірер есік шығыс жағында орналасты, ол қабырғалары таспен өрілген ұзындығы 9 м, ені 4 м дәлізбен жалғасты. Кесенелер ішінде сөре тәрізді жасалынған "мехрап" бар, оларға қыш ыдыстарды, қару-жарақтар, әшекейлер, құрбандыққа шалынған мал еттерін қойған.
Бұл уақытта қабырғалары тастан қаланған баспаналар тарала бастады. Тағыбайбұлақ қонысында алты тік бұрышты баспана болды. Үйлердің қабырғалары қаз-қатар жерге қазылып кіргізілген тақта тастардан тұрғызылды, олардың аралары топырақ аралас майда тастармен толтырылған. Орталық Қазақстанның таулы аудандарындағы баспана құрылысында ағаштар кеңінен пайдаланылды. Жертөлелер қабырғасы ағаш кеспелтекпен жабылды, ал төбесі ағаш бағаналар жүйесіне тірелді.
Дәндібай-беғазы (беғазы – дәндібай) мәдениетінің кейінгі кезеңдегі дамуында кесенелердің орнын қарапайым жерлеу құрылыстары - қоршаусыз тас жәшіктер басты.
Қыш ыдыстар алдыңғы уақыттағы кескіндерді сақтады, бірақ ыдыстардың жаңа кешені пайда болды. Бұлар мойыны қысқа әрі ернеуі жапсырылған, дөңгелек келген ыдыстар. Өрнегі қисық сызық, айқыш, шырша түрінде түсірілген. Ыдыстардың мойынын таяқ ұшымен басылып алынған шығыңқы дөңгелек-маржандар ажарландырады.
Мәдениеттің дамуыңда металды алу және құю үлкен рөл атқарды. Өз кезегінде, орталық-қазақстандық палеометалл орталығы Алтай, Сібір, солтүстік пен солтүстік-батыстағы Орал өңірі секілді көршілес аудандардағы мәдениеттерге әсерін тигізгендігі даусыз.
Солтүстік және Батыс Қазақстанда археологтардың күшімен көптеген андроновтық ескерткіштер ашылып зерттелген, олардың арасынан Алексеевское және Садчиковское секілді қоныстар, Тастыбұтақ қорымы ғылымда кеңінен танымал.
Орманды-далалы аймақтарға топырақпен үйілген обалардан, дөңгелек және тік бұрышты қоршаулардан тұратын молалар топ. Батыс аудандарда сақина тәрізді тас қоршаулар мен обалар кең тараған. Бұл ауданнан барлығы 80-нен астам қоныс және 90-дай қорымдар ашылған. Ерте қола кезеңіне өлікті өртеу ғұрпы сақталған топырақтан тұрғызылған мола тән.
Петропавл қаласы маңындағы Вишневка қонысынан қызықты мәліметтер алынған. Бұл жерден ауданы 126 шаршы м тік бұрышты баспана аршылған. Оның төбесі ағашпен жабылып, ағаш бөрене - тіреулерге бекітілген.
Осы кезеңге, бірақ оның соңына (ХVІІІ-ХVІ ғғ.) Петровка, Новоникольское, Боголюбово қоныстары жатады. Олар жалмен және ормен қоршалған. Жалдың үстіне ағаш шарбақтар орнатылған. Қоныс ішіне кіру үшін орда өтетін жер қалдырылған, ал жалда ені кең, арба еркін өтетіндей қақпа тұрғызған.
Осы уақыттарда ежелгі қалалардың негізі ретінде (прототип) саналатын қоныстар пайда бола бастайды. Солардың бірі - Арқайым (қазба жұмыстарын Челябинск археологтары жүргізіп жатыр) қазіргі Челябинск пен Қостанай облыстарының шекарасында орналасты.
Орта қолаға үй құрылыстарындағы, қоныстарды ұйымдастырудағы, жерлеу қабірі мен ғұрпындағы айтарлықтай өзгерістер тән. Қоныстар енді бұрынғыдай күшейтілмеді, сірә, даладағы жағдай бейбіт сипатта болған сияқты. Баспаналар ұзынша-тікбұрышты тұрпаттағы, ауданы 140-тан 200-ге дейінгі шаршы метрге жететін жартылай жертөлелер еді. Олар екі бөлікке бөлінеді, ал еденінде бірден сегізге дейін ошақ орындары бар. Мұндай баспаналар Явленка, Тастыбұтақ қоныстарынан аршылған.
Ағаш – орманды-далалы аймақтағы, ал тас – батыс, далалық өңірлердегі үй құрылысында кеңінен пайдаланылды.
Қорымдардағы қабір шұңқырларынан, жәшіктер мен цисталардан жалғыз қойылған мүрделер табылды, қосарлап қойылғандары (еркек пен әйел, әйел мен бала) сирек. Есіл езені бойындағы Семипалатинское қорымында балалар шеткерірек жерленген. Мүрдені өртемей жерлеу ғұрпымен қатар оны өртеу салты да орын алған. Кремация (мүрдені өртеу) қабір шұңқырынан тысқарырақ, арнайы бөлінген жерде өткізілді.
Қабірге қойылған ыдыстар саны 1-ден 6-ға шейін барады. Мүрделермен бірге қола пышақтар, қола білезіктер, сүйектен жасалған жебе ұштары, моншақтар мен қабыршақтар қоса қойылды. Биік төбе үстінде орналасқан құрбандық шалатын жерлер де табылды. Бұлар құрбандық тағам салынған бір-екі ыдысы бар шұңқырлар еді. Бәлкім, Тобылдағы Алексеев қонысы маңындағы құрбандық шалатын орында бұрын жер бетіне салынған құрылыс түрінде ғибадатхана болған шығар.
Кейінгі қола дәуірінің бас кезінде Солтүстік Қазақстан тайпалары Орал маңындағы, ал Батыс Қазақстан тұрғындары Еділ бойындағы қима мәдениетінің қатты ықпалына ұшырады. Бұл уақыгта қима қыш ыдыстары есілдік Явленка, Бескол қоныстарында пайда болды. Кейінірек мұнда "валикті керамика" дәстүрін алып келген тайпалар қоныстанды. Олардың мәдениетінде андронов мәдениетінің дәстүрлі ерекшеліктері сақталды, бірақ жаңа белгілер де пайда бола бастады.
Кейінгі қола дәуірінің 30-дан астам қоныстары зерттелген. Оларда жоспары тік бұрышты, сопақ және сегіз тақілеттес жартылай жертөлелер басым. Жертөлелер еденінде үй жабынын, түрлі төсеніштерді бекітіп тұрған тіреуіштердің шұңқырлары көп. Бұлар бөлме ішін де бөліп тұрған. Баспаналардың еденінен қабырғалары шыбықпен бекітілген құдық қазылды. Сегіз тақілеттес баспаналар жоспары ені 1 м, ұзындығы 2 м дәлізбен жалғасқан жерге тереңдетіліп қазылған диаметрі 10 м-дей екі бөліктен тұрады. Дәліз секілді үйге кірер түс шығыс жақта орналасты. Батыс бөліктегі еденде ошақтар орналасты, шығысы шаруашылық мақсаттарға пайдаланылды. Мұндай баспана түрі Шағалалы қонысынан кездескен.
Жартылай жертөлелермен бір мезгілде ауданы 300-400 шаршы метрге жететін жертөлелер де тарала бастады, бұларда қыста мал да ұсталды. Бұл кезде жер өңдеуге арналған құралдар түгел дерлік жоғала бастайды. Мал, әсіресе жылқы шаруашылығының рөлі күшейе түседі.
Шығыс Қазақстанда андронов мәдениетінің дамуы осы жолмен жүрді. Мұны шөбі шүйгін Ертіс, Бұқтырма, Күршім алаптарындағы, Алтай таулы ауданындағы, Тарбағатай мен Сауыр далалы аймақтарындағы қола дәуірінің ондаған қоныстары мен қорымдарынан алынған олжалар растайды. Бұл мәдениеттің қалыптасуы мен дамуына мыс, қалайы, алтын секілді металдардың бай кен орындары да өзіндік әсерін тигізді.
Ерте кездегі ескерткіштер Қанай ауылы төңірегіндегі бейіттен табылған. Қорымдар жер бетіндегі шаршы тәрізді тас қоршаулардан тұрады. Жерден қазылған қабірден шалқасынан жатқызылған еркек пен әйелдің қаңқасы табылған. Сүйектері жосамен боялған. Қабірден жалпақ жебе ұшы мен көзе сияқты қыш ыдыс шыққан.
Кейінгі қола кезеңіне Қанай қорымындағы қабірлердің басым бөлігі мен қоныс жанындағы баспана жатады. Ертістің оң жағалауындағы қоныстан жапсарластыра салынған шаруашылық құрылыстары бар тікбұрыш түріндегі аумағы 50 шаршы метр жартылай жертөле аршылған. Үйдің қабырғасы қамыспен кетерілген және балшықпен сыланған. Құрылыстардың бірінен, сірә, шеберхана болар, мыс кентасының кесектері, құйма қалыптың жартысы табылған, ал қоныстың оңтүстік-шығыс шетінен кентас кесектері, қорыту пешінің қалдықтары аршылған. Олжалар арасында тастан жасалған дәнүккіш, кетпен, сүйек біз, тескіш, қола бігіз, білезік, балық аулауға арналған батырғы бар.
Қоныстан оңтүстік-шығысқа таман құрбан шалатын орып анықталған, мұндағы таспен қаланған дөңгелек келген шұңқырлардан мал сүйектері, күл, кемір, дәнүккіш сынықтары жатты.
Зевакино ауылы маңындағы Усть-Буконь мен Нұрманбет қорымдарын аршыған кезде жерге қазылған, тас жәшіктер мен шұңқырларға ағаш қимасы түсірілген жеке қойылған қабірлер анықталды. Мүрделер қырынан, бүктетіліп жатқызылған. Қабірден орта қолаға тән қыш ыдыстар шыққан. Қабірлерден сонымен қатар қоладан жасалған әшекей заттар, пышақтар, жебе ұштары, қанжар табылған. Кейбір қабірлерде мүрдені өртейтін ғұрып болғандығы анықталған.
Шідерті өзені бойындағы Нұрманбет қорымындағы екі адамды қатар (қосарлап) жерлеген қабір ерекше кеңіл қоярлық. Ері сол қырынан, әйелі оң қырынан жатқызылған. Ер адамның бас жағына қола құйма қанжар қойылған, әйелдің білектерінде білезік, аяғының саусағында қола жүзік, бас жағында біз бен ине бар. Қабірден қой сүйектері шыққан.
Кейінгі қола кезеңі Трушников қонысы, Малокрасноярка ауылы іргесіндегі қорымның материалдары бойынша белгілі. Трушниково қонысынан қабырғасы шыбықтармен ерілген екі жартылай жертөле қазылған. Шаруашылық шұңқырларынан қыш ыдыстар сынықтары, жануарлар мен балық сүйектері де табылды. Олжалар арасында қола жебе ұшы, мыс кентасының кесектері, тас кетпен мен дәнүккіштер бар. Малокрасноярка қонысын қазған кезде қоладан жасалған шот, пышақ, дән сабағының дақтары бар орақ секілді еңбек құралдары көптеп аршылып алынды.
Жерлеу құрылыстары тас немесе бөренелермен жабылған жердеп қазылған шұңқырлар, тас жәшіктер түрінде болып келді. Қыш ыдыстар, басқа аудандардағыдай, бүйірі шығыңқы, ернеуі тік. Түбі дөңгелек ыдыстар шыға бастайды.
Қола дәуірінде Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда адамдар "тығыз" қоныстанғандығын археологиялық зерттеулер көрсетіп берді. Андронов мәдениеті тек жекелеген ошақтар бойынша дамытан деген пікірлердің дұрыс еместігі анықталды.
Жетісуда андронов мәдениетінің жетісулық аталған өзіндік нұсқасы қалыптасты. Дәл осында және Қазақстанның оңтүстігінде (Тамғалы және Қаратау жотасында) жартас суреттерінің ірі шоғыры анықталды.
Жетісуға феодоров пен алакөл тайпалары мәдениеттері элементтерінің араласуы тән. Феодоров тайпаларының дәстүрін сақтаған қорымдарда тікбұрышты және дөңгелек қоршаулар болды. Жерден қазылған және жәшіктердегі, ал таулы аймақтардағы қима қабірлерде мүрдені жерлеу мен ертеу ғұрпы сақталды. Ыдыстар феодоровтік және алакөлдік әдістер бойынша жасалды.
Жетісудағы орта қола кезеңін Тамғалы, Қарақұдық қорымдары сипаттайды. Мұндағы қабірлер шұңқырдан, циста мен тас жәшіктерден тұрды. Қоныстардан қоладан жасалған кептеген еңбек құралдарының көмбесі табылды; олар найза, балта, орақ, сүргі, найза тәріздес қашау, пышақ-шалғылардан тұрады.
Қазақстанның оңтүстігінен, Қаратаудан Таутары қорымы қазылған, мұндағы жерлеуде, негізінен, мүрдені ертеу ғұрпы болған. Өртелген сүйектерді көбіне қабір шұңқырының батыс жағына үйіп қойды немесе түбіне шашып тастады. Обалар топырақпен көтерілді де, тақта тастармен бекітілді. Қабірге бірден беске дейін ыдыстар қойылды. Оңқа немесе құмыра тәрізді ыдыстармен қатар, кубок сияқты ыдыстар да ұшырасқан, бұл Орта Азияның жер өңдеушілерімен орнаған мәдени байланыстар нәтижесінде келген болса керек.
Сырдарияның төменгі ағысында, Арал төңірегінде кейінгі қола дәуірінің бірегей кешені - Түгіскен кесенелері ашылған. Олардың ең ерте уақытқа жататындары шикі кірпіштен тұрғызылған. Сыртқы шаршы қабырғалармен ұштасатын дөңгелек жоспарында негізге алынған. Ішкі қабырғадан сәл шыққаннан кейін дөңгелегінен 8 немесе 12 тікбұрышты кірпіш колоннасы орнатылған, олар екі метрдей сақталған. Ары қарай тағы да 8 немесе 12 колонна орнатылған, бірақ енді тек үшбұрыш тұрпатты. Кірпіш колоннларымен қатар, оларды қайталай ағаш бағаналар тұрған, бұлардан тек едендегі шұңқырлар сақталған. Сөйтіп, кесене ішінде айналып өтетін дәліздер жүйесі қалыптасқан. Ортада орналасқан бөлмеден және дәлізден қыш ыдыстар, қоладан жасалған құралдар мен қару-жарақтар, алтын әшекейлер шыққан. Орталық бөлмеге қойылған мүрдені кесенемен бірге өртеген.
Кесенелердің бірі, диаметрі 15 м дөңгелек құрылыс, ондағы жерлеу камерасының өлшемі 7,8x6,9 м. Едені сазбен сыланған және циновка төселінген. Қабырғалары, сірә, қола шегелермен қағылған кілеммен немесе киізбен сәнделген сияқты. Мұның бәрі мүрдемен бірге өртелген.
Үлкен кесенелерге жапсарластырыла шикі кірпіштен тік бұрышты бөлмелер соғылған, олардың ішіне қабір шұңқырлары орналасты. Жапсарлас құрылыстар ауданы 35-50 шаршы м аралығында. Бұларда сонымен қатар мүрдені өртеген. Обаларда қыш ыдыстар саны өте көп. Олардың бірінен 40-қа жуық қыш ыдыстар, сондай-ақ алтын мен ақық моншақтары, қола түйреуіш, алтын сырға шыққан.
Түгіскен кесенелері ерте замандарда тоналғанына қарамастан, қазба кезінде қоладан, жартылай бағалы тастардан, алтыннан жасалынған әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар коллекциясы жинастырылды. Бұл жерден шарықта дайындалған және қолдан жабыстырылып жасалынған 200-дей бүтін ыдыстар табылған. Қолдан жапсырылған ыдыстар андроновтық дәстүрді сақтаған, мұндай ыдыстарда ойылған немесе ұшбұрыш, ромб, меандр түріндегі тарақты өрнектер түсірілген.
Ыдыстардың бір бөлігі – құмыра мен табақтар сүр, қоңыр және қара түспен жалтыратыла көмкерілген. Бүйірі дөңгелек ыдыстар дәндібай-беғазы ескерткіштеріндегі қыш ыдыстар кешеніне ұқсас. Шарықта жасалынған ыдыс-аяқ сүр түспен көмкерілген қысқа мойынды, бүйірі жарты шар тәрізді. Олардың қабырғалары кедір-бұдырланған. Геометриялық өрнекпен сәнделген, ақ пастамен толтырылған мойыны қысқа жалтыр ұстағышсыз құмыралар да ұшырасады. Түгіскен кесенелері б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Түгіскен қорымының қай мәдениетке тиесілі екендігін анықтау өте қиын. Бір шетінен мұнда андронов мәдениетінің дәстүрі байқалады. Бұл - Орталық Қазақстандағы Беғазы мен Дәндібай кесенелеріне ұқсас кесенелердің жоспары, қолдан жапсырылып жасалған ыдыстардың тұрпаты мен ою-өрнегі. Келесі шетінен, онда оңтүстік мәдениеттерінің әсері қатты байқалады. Мысалы, қам кірпіш үлгісі жағынан Намазға-6 дәуіріндегі және кейінгі уақыттардағы ескерткіштер, әсіресе Теккем-тепе сынды оңтүстік түркменстандық жер өңдеуші мәдениеттерге жақын. Оңтүстік мәдениеітер әсерімен шарықта дайындалған құмыралар тарады. Түгіскен кесенелерінде байқалатын дала мен отырықшы мәдениеттердің өзара әсері және әрекеттері, түрлі типті өркениеттердің байланысы мен тоғысын айғақтайды.
Қоныстарды қазған кезде құмыралардан тары ботқаның күйген қалдықтары шыққан. Солтүстік Қазақстандағы Алексеев қонысына жақын жотаның үстіндегі ғұрыптық шұңқырлардан құдайларға құрбандыққа берілген бидай сабағы мен дәні аршып алынған. Шығыс Қазақстандағы Малокрасноярка қонысынан табылған қол орақ жүзінде дәнді-дақылдар іздері сақталған.
Қазылған барлық қоныстардан дәнүккіштер, дәнді ұнтақтап ұнға айналдыруға арналған тік бұрышты және дөңгелек келсаптар шыққан. Орақпен егін орды, сондай-ақ малға жем-шөп даярлады. Қоймалар мен қоныстарда олардың көп болуы егіншілік ауқымы мен маңызын көрсетеді. Жерді тас кетпендермен қопсытып, өңдеді.
Егіншіліктен гөрі андроновтықтардың өмірінде мал шаруашылығы маңызды орында болды. Мал тағам, жүн, тері, бұйымдар үшін сүйек, тезек түрінде отын берді. Негізгі тағамдардың бірі сүт еді. Одан ірімшік пен сүзбе дайындады, бұған ірімшікті сүзіп алатын тесігі бар ыдыстар куә бола алады.
Ет таңсық тағам еді, оны мейрам күндері жеді, негізінен құдайларға құрбандыққа берілді. Малдан қой, сиыр, жылқы өсірілді. Сиыр мен жылқыға қарағанда ұсақ малдар табында 3-4 есе көп болды.
Қазақстанның түрлі табиғи-климаттық жағдайындағы облыстарды мекен еткен андроновтық тайпаларда табын құрамы әркелкі еді. Мысалы, далалы аудандарда қой 50-63%-ға басым болды, ал Орталық Қазақстандағы Шортаңды қонысында олардың үлесі тіпті 80%-ға жетті. Орманды-далалы аймақтарда көбірек өсірілген мүйізді ірі қара 52%-ға жеткен. Шошқа шаруашылығы дами қойған жоқ.
Андроновтықтар екі өркешті бактриялық түйелер өсірді. Олардың сүйектері қоныстар мен қорымдардан табылғап. Түйелердің суреттері жартастарға да салынған.
Көптеген археологиялық материалдарды пайдалана отырып, ерте және кейінгі қола кезеңдерінде, яғни б.з.б. 1-мыңжылдық басына дейін андроновтықтар отырықшы тұрмыс көшіп, стаңионарлық қоныстарда өмір сүрді деп тұжырымдауға болады. Бұлардың шаруашылығы аралас болды, олар егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысты. Соңғысы бақташылық еді, яғни мал ауыл маңындажайылды.
Біртіндеп табиғи тұрғыдан жайылымдық, немесе отарлап мал өсіру, содан кейін көшпелі мал шаруашылығы қалыптасты, бұл далалық, және де шөлейтті жайылымды пайдалануға жағдай жасады да, малдың саны арта түсті.
Кешпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына өтуге орай біртіндеп табындағы мал құрамы өзгерді: мүйізді ірі қара азайып, қой мен жылқы саны ұлғаяды. Кейінгі қола дәуіріндегі (Х-ІХ ғғ.) андронов мәдениетінде жылқы шаруашылығы қарқындап дамыды.
Тау-кен ісі. Қазақстан аумағы пайдалы қазбалар – кентастарға, минералдарга өте бай. Мыс, қалайы, қорғасын, алтын мен күміс кен-орындары Жезқазған, Зыряновск, Жалтыр, Атасу мен Қаратау таулары, Нарым мен Тарбағатай, Степняк, Ақжал, Балажалда бар. Осындағы кен орындарын зерттеген геологтар бұлардың үш мың жыл бұрын игерілгендігін анықтады. Қола дәуірінде кентастарды алу мен балқыту ісі кең қанат жайды. Жезқазған ауданында 100 мың тоннадай мыс, ал Успенск кен-орнында кеннің 200 тоннасы балқытылған.
Бұл уақытта ежелгі кеншілер құрамында мыс пен қалайысы мол тотықтанған кентастарды (малахит, азурит, кассетерит) өндірді. Қопсыма кентастар өндірілді, борпылдақ кентастар тастан жасалған тоқпақшалар мен балғалармен қарапайым "қайлалау" әдісі арқылы алынды. Тығыз кентастарға "отпен уату" әдісі қолданылды, өзек үстіне немесе қуысқа от жағылды да, тас әбден қызған кезде оған су құйып, жарылуын қамтамасыз етті, содан кейін балға және қайламен жұмыс істеді. Құрамында металы бар жыныстарды тері қап арқылы сыртқа шығарды.
Онымен қатар кентас денесінің астын үңгіді, содан кейін балға арқылы кентастың ең тәуір кесектерін опырып алды. Терең қазылғанда төбесі басылып қалмау үшін ағаш тіреулер орнатты. Алайда шахталар талай рет құлап, кен қазушыларды басып қалды. Үңгімелерден адам қаңқасы мен олардың жанындағы шірімей сақталып қалған ішінде кентасы бар тері қаптар ежелгі кен орындарын зерттеу кезінде ұшырасқан. Шахта жанындағы суда бос жыныстарды ажырату үшін алынған кентас жуылды және уатылды. Ұсақ етіп уатылған кентасы қонысқа апарды да, ондағы арнайы қорыту пештерінде балқытты. Мұндай пеш қалдықтары андроновтықтардың Атасу, Суықбұлақ, Қанай ауылы маңындағы қоныстарын қазған кезде табылған. Пеш жанынан күл, мыс құймалары аршып алынған. Құрал жасау үшін қорыту процесінде мысқа қалайы қосылды да, металл қажет қалыпқа жеткізілді. Ежелгі кеншілер қалайының көлеміне қарай қола омырылғыш, немесе керісінше, неғұрлым жұмсақ және иілгіш болатындығын білді.
Құйма шеберханалардың қалдықтары Малокрасноярка, Алексеевское, Никольское, Петровка-2 қоныстарынан табылған. Бұларда әр түрлі тас және балшық құйма қалыптарда орақ, балта, қанжар, найза ұшы, әшекей құйылды. Андроновтықтар құюдан басқа соғу, қақтау және ойып өрнектеу тәсілдерін білді. Олардың көмегімен білезік, моншақ, өңіржиек жасады.
Алтынмен апталған қоладан самайға тағылатын сырға жасалды. Жетісудагы Қапал ауылы маңындағы қорымнан табылған ішкі жағында екі жылқының суреті бар алтын самайлық салпыншақ зергерлік онердің керемет туындысы болып табылады. Сонымен қатар, қоладан шығыңқы бұрама түрінде алқалар, білезіктер жасады.
Пышақ-шалғы, балта, найза ұштарынан тұратын кездейсоқ табылған қола заттар көмбесі де өте қызғылықты.
Құмыра кәсіпшілігі. Ыдысты әрбір отбасы өзіне даярлаған сияқты. Әйелдер саз балшықты дайындап, одан құмыра жасады да, отқа шұңқырда күйдірді, кейде шетіне тас қалаған шұңқырларда да қақтады. Жапсыру техникасымен бірге ыдыстардың тұрпаты да, ыдыстың ою-өрнек әдістері мен суреттері де өзгеріп отырды. Айталық, ерте қола дәуірінде (б.з.б. ХVІІ-ХVІ ғғ.) ыдыстар жылқы қылынан не қалың жүн жіппен өрілген "матамен" тартылған қалып көмегімен дайындалды. Ерте уақыт қыш ыдыстары сызылған не болмаса тарақпен түсірілген геометриялық өрнекпен, ал кейбірі жапсырылған білікпен және бүршікпен сәнделді. Ыдыстардағы өрнектер тек сәндік үшін ғана жасалған жоқ, оның ішіндегіні "көз тию", "дуалау" сияқты амалдардан қорғайтын магиялық сипаты да болды. Ол сондай-ақ байлықтың, ыдыстың іші толып тұруының символы еді. Ыдыстар оңқа (банка) тұрпатты, түбі жалпақ болып келді.
Орта қола кезеңінде (б.з.б. ХV-ХІІІ ғғ.) құмыра кәсіпшілігіндегі бұрынғы көптеген дәстүрлер сақталды. Бірақ ыдыстар біркелкілігімен, жоғары дәрежеде жетілгендігімен әрекшеленіледі. Олардың қабырғалары жұқа, бұрынғыға қарағанда әсем. Ыдыс қалып көмегімен немесе сақиналы жапсырып соғу әдісімен жасалды. Бұл әдіс бойынша, алдымен түбін жасайды да, содан кейін дене сақинасын, иық сақинасын, ауызғы сақинаны жапсырды. Жапсырудың мұндай техникасында дененің мойынға өтер тұсында кертпеш-қабырға пайда болады, мұның өзі орта қола кезеңіндегі андронов мәдениетінің басты ерекшелік сипатын білдіреді. Орнегі бұрынғыдай сызылады не болмаса оған штамп түсіріледі. Бұлар сызықпен, меандрмен толтырылған үшбұрыштар, бірақта үш белдеуге, аймаққа орналасқан.
Зерттеушілер ыдыс жасаудың тағы бір техникалық тәсілін бөліп көрсетеді, онда алдымен ыдысты жапсырады да, кейін оған жалпақ түбін бекітеді.
Кейінгі қола кезеңінің ыдыстары шығыңқы бүйірімен және иіні дөңгелек сипатымен ерекшеленеді. Олар жапсырма білікпен, жапсырылған "меруерт", бүршікпен ажарландырылған. Соңғысы сиыр емшектерін білдірсе керек. Жапсырылған белбеу-білік ыдыстың толып тұруын, иесінің "ботқаға толы" керемет ыдыс иемдену мұратын байқатады. Күн символын свастика тәрізді өрнектер сипаттады; меандр су мен оның ағысын бейнеледі.
Бір қызықты жайт, андроновтықтар ыдыстарын ажарландырып тұрған өрнектер жүздеген жылдар бойы сақталды, оның жекелеген элементтерін қазақ қолданбалы өнерінің ою-өрнектерінен көруге болады.
Ыдыстарды жасаудың өзін ежелгі адамдар әлемнің жаратылысымен қатар қойды, мұнда бұрынғы былық элементтер мен бөлшектер ретке келтіріліп, кеңістік-ғарыш қалыптасқан деген пікір жатыр.
Сонымен қатар, андроновтық отбасы өмір сүруге қажет заттарды жасай білді - өрді, тоқыды, тері өңдеді, киім мен аяқ киім тікті, оны түрлі түсті жіптермен, аппликация және інжу-маржанмен әшекейледі. Матаға қажет жіпті мал жүнінен өрді; жүн мен мамық тоқыды, кестеледі. Конопля, жабайы зығыр, қалақай пайдаланылды. Тоқыма станогы мен ұршық белгілі болды. Ерлер де, әйелдер де құлақты жауып тұратын жүннен және теріден істелінген бас киім киіп жүрді. Киім жүн матадан дайындалды, оны сүйек түймелермен бекітті.
Ерлер садақ пен жапырақ тәрізді тұрпаттағы қола жебе ұшымен қаруланды. Олардың ағашқа бекітілетін ұңғымасы бар. Қолма-қол шайқаста қола ұшы бар найзалар, қола балталар мен қанжарлар, тас түйреуіштер қолданылды.
Әдебиеттер
1.Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1 т. –Алматы, 1996.
2.Қазақ ССР тарихы. 5 томдық. 1 т. – Алматы,1980.
3.Алпысбаев Х.А. Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана.-А.,1979.
4.Козыбаев М.К.,Байпаков К.М., Таймағанбетов Ж. История Казахстана с древнейших времен до наших дней. –Алматы,1993.
5.Маргулан А.Х., Акишев К.А.,Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. –Алматы, 1966.
6. Маргулан А.Х. Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана.-Алматы, 1979.
6.Кадырбаев М.К., Курманкулов Ж. Культура древних скотоводов и металлургов Сары-Арки. –Алматы,1992.
7.Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан.-Алматы,1995.
8.Әлиев Ө.Ә. Ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихы. – Шымкент, 2005, 85 б
Жарияланған-2015-01-21 19:46:14 Қаралды-64994
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану