UF

Мухтар Әуезовтің «Өскен өркен» романы.

- "Өскен өркен" романының жазылу тарихы, романның тақырыбы.

- Жазушының Оңтүстік Қазақстан өңірінен жазған деректі очерктерінің романға бастау жолы. Жазушының 1959-1961 жылдар аралығындағы Оңтүстік сапары (Шаян, Созақ, Түркістан).

- Романның композициясы, оқиғалар желісі, образдар жүйесі.

- Жазушының романда өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырудағы шеберлігі.

- Роман кейіпкерлерінің түптұлғалары.

  

          М.Әуезов өзінің әйгілі эпопеясын 1956 жылы толығымен аяқтап, сүйікті геройы Абайды туған халқына табыстағаннан кейін де жаңа белеске ұмтылды. Ол өзі өмір сүрген заман тақырыбына жаңа шығарма жазу мақсатында өмірінің соңғы бес жылында туған жерді көп аралап, өмірінің терең тұңғиығына бойлап, өз әсерлері бойынша көркем публицистикалық очерктер жазды (Түркістан солай туған т.б.).

Көргені, түйгені мол кемеңгер жазушы уақыт өте келесі бір үлкен суреткерлік жоспар жасады. Енді «Абай жолында» суреттелген дәуірге жалғастыра, XX ғасырдағы қазақ өмірін суреттейтін бес томдық эпопея жазуға кірісті. Оның, бірінші кітабы 1905-1917 жылдар аралығын, екіншісі – азамат соғысы жылдары, үшіншісі – алғашқы бесжылдықтар, төртіншісі – Ұлы Отан соғысы жылдары, бесіншісі – 50-60 жылдар аралығын қамтуға тиісті болатын. М.Әуезов эпопеяны бірінші кітаптан бастамай, соңғы кітаптан, бүгінгі күн тақырыбынан бастады. Заман солай талап етті, халық соны күтті. «Жазушының өз заманы алдындағы жауаптылығы, - деп жазды, М.Әуезов – ең алдыңғы қатардағы ең үлкен жай екенін ұмытуға болмайды. Заманымыздың жан түкпіріндегі, жүрек тереңіндегі сыры мен шынын ашу үшін өзіміздің де күресімізді соған үйлес ашу керек». Бірақ ажал оның дегеніне жеткізбей, жоспарланған көп туындының тек бір кітабының ғана нұсқасы жазылып қалды. Бұл кітап «Өскен өркен» деген атпен 1962 жылы жарияланды.

           Романда суреттелетін Оңтүстік Қазақстан өмірі, тарихы, мәдениеті мен дәстүрі М.Әуезовтің ерекше ілтипатпен игерген тақырыбының бірі деуге болады. Отызыншы жылдары-ақ жазылған «Білекке білек», «Жуалы колхозшысы» секілді очерктері бұған дәлел. Өзінің ғылыми зерттеулерінде де («айтыс»т.б.) М.Әуезов Қаратау, Сыр бойының ежелгі бай мәдениетін, тарихын, әдебиетін жан-жақты білетіндігін көрсеткен.

           М.Әуезовтің заманалық роман жасауға ұмтылысының келесі бір өнегелік жағы бар. Ұлы жазушы кейіннен романға енгізген оқиғалар мен кейіпкерлерінің біршамасын алдымен очерк етіп жазып, жариялаған. Бұл очерктер болашақ романның «шолғыншысы» ғана емес, өмір танудың, материал мен мінезге терең бойлаудың қажетті тәжірибесі тәрізді еді. «Талап та, тақырып та – тек мақта», «Қадымнан мәлім Қаратау», «Қаратау тәжі -  Кентау», «Шаяндық шешен Керекең» тәрізді очерктер қаламгердің өмір шындығын зерек көңілмен жіті танығыштығын, мезгілдің міндеттеріне азамат ретінде ат салыса білетінін байқататын бағалы белгілер.

         «Менің ұнатқан кейіпкерім – қайраткерлер. Мемлекет мүддесін ойлайтын адамдар, Бұл адамдар – заводтардың, колхоздардың, аудандық партия комитеттерінің, обкомдардың қызметкерлері, тың игерушілер, тағысын тағылар – тарих шежіресін өз қолдарымен жасаушылар, мен үшін олардың қадірі де, қастерлігі де  осында»,- деп жазды ұлы суреткер.

         Жазушының «Өскен өркенде» тебірене суреттеген сүйікті қаһармандары: Нил Карпов, Жандос Асанов, Әсия Әлімова, Айсұлу, Ілиястар – мақсат-мұраттары биік, жан сезімдері терең, толғаныстары мол жаңа адамдар.

        Бұлардың ішінде автор жүрегін кең ашып табысқан басты геройы Нил Карпов – облыстық партия комитетінің бірінші секретары. Бұл – М.Әуезовтің өзі көп уағыздаған, мұрат еткен, интеллектілі герой.  Қайтыс боларының аз-ақ алдында М.Әуезов «Литературная газетада» жарияланған мақаласында: «Менің геройым биік интеллектінің адамы, орыс мәдениетінің өкілі. Оның қатысты емес ісі жоқ, қазақ халқының өнері мен әдебиеті болсын, жастардың тұрмыс құрған жаңа қоғамы болсын – осының бәрін ол білгісі келеді, махаббатты ескі әдет-ғұрыптардан қорғайды. Ол өзінің барлық күш-жігерін жұрт үшін бағыштап, адамның жақсы өмір сүруіне қызмет етеді»,-деген еді.

          Шынында да Карпов автордың өзі мінездегеніндей, нағыз «партия адамы», «ұлы адамгершіліктің үлгісі», «бүгінгі советтік қайраткер» болып шыққан. Ол өз айналасындағы қандай іс, оқиға болмасын, бәрі-бәріне қоян-қолтық аралысып, зер салып жүреді. Бас кейіпкер Карпов шопандар ортасына барады, адамдар тағдырына көмек етеді, керек кезінде қол ұшын береді. Ол халыққа үйретіп қана қоймайды, одан өзі де үйренеді. Қазақстандағы мал шаруашылығы мәселелеріне, шопандар тұрмысына, мәдениет мәселелеріне, әдет-ғұрыпқа деген автор мен кейіпкер көзқарасында ішкі бірлік, түсінушілік молынан кездеседі. Өзінің көп ойларын Әуезов осы сүйікті кейіпкерлерінің көкірегіне құйған. Мысалы, М.Әуезов шопандардың қазіргі күні де баяғы ескі тұрмыс-тіршілікпен өмір сүріп жатқанына турашылдық, төзбестікпен қарап, кейіпкер Карповтың аузына мынадай сөздер салады: «Кейбіреулер «қазақ үйренген, шопандар қыста да, аязда да киіз үйде тұра бере алады. Ондаған ұрпақтар осылай тұрған»-дейді... Өтірік, жан ашымастан туған өтірік», - деп шырылдайды.

           Карпов адамның қоғамдағы орны биік болуын тілейді. Еңбек адамын ардақтау, оның жай-күйін ең алдымен ойлау – басты міндет деп ұғады. Егер бір жерден еңбек адамының тұрмыс-халіне немқұрайдылықпен қараушылықты көрсе төзбейді, зығырданы қайнайды, кемшіліктердің бәрі де Карповтың жанына аяздай батады, ол қиналады, терең толғанады.

Романдағы Жандос Асанов та – қоғамымыздағы жаңа типті адам. Ол ұзақ еңбек жолын кешкен, жауапты қызметтер атқарған, көргені, түйгені көп қарт. Бірақ уақыт екпінімен ілесіп, өмірдің келелі-келелі мәселелеріне араласып отырады. Карповты толғантқан проблемалар Асановты да терең ойға шомдыртады. Қоғамның саналы азаматы Асанов өзі өмір сүрген қоғамнан шет қалмау принципін ұстанады. Романдағы бұрын белгісіз, жаңа әдеби образдың бірі – обкомның екінші секретары Алмасбек Жайлыбеков. Ол теңізде, Балтық флотында қызмет істеп шыныққан қазақ, сондықтан да қазақ әдебиетіндегі тың образ. Ақылдылығы мен білімділігінің үстіне партия жұмысында мол тәжірибе алған адам. Карпов пен Жайлыбеков тек қана ортақ «тіл табысқан» адамдар емес, ұғымы, көзқарасы үйлескен, бірінің білмегенін бірі біліп, бірін-бірі толықтырып отыратын шын серік, түсініскен адамдар. Халық ортасында туып өскен Алмасбек еңбек адамдарымен сөйлесіп, тіл табыса біледі, адамдардың мұң-мұқтажын таниды. Сонымен қатар ол әдебиетті, өнерді, әсіресе халық ауыз әдебиетін жақсы біледі. Ол рухани өресі биік жан.

Жас интеллигент әйел Әсия – оқыған, білімді, өнегелі жаңа жас қауымның өкілі, ол – еңбекте іскер, тұрмыста инабатты, өмірінің ішкі, тысқы мәселелері жөнінде де терең ойлайтын қабілеті бар, мол білімді, биік мәдениетті адам. Жақсылыққа қуанып, кемшілікке күйзеледі. Б.Майлин бейнелеген Раушан мен Әсияның сипаттарын салыстырғанда, олардың бір бағытта алынған образдар бола тұра, интеллекті дәрежесі жөнінен көп айырма бар. Әсияның үлкен күрделі мәселелерді ұғынуға, тіпті мемлекеттік қорытынды жасауға да өресі жетеді. Ол Қазақстанға жаңадан келген Карповты Республика өмірінің сан алуан салаларымен таныстырып, кейде оған кеңес те беріп отырады. Мұндай әйелдер бұрын некен-саяқ болса, енді олар партия қызметінде, өнерде,  ғылымда, медицинада жауапты роль атқарып жүргенін көрсетеді. Сәтті шыққан Әсия образы арқылы жазушы бүгінгі өскен қазақ әйелдерінің сипаттарын шебер жинақтай білген.

          Романның басты қаһармандарының бірі, қазақтың парасатты, ойлы әйелі Әсияға автор мынадай пікір түйгізеді: «Қазақстанның өзге облыстарынан осы облыста бөлегірек әйел халінің бұрынғы шақтағы ауыртпалығына өзгеше себеп болған кеше ғана өткен тарихының аса ауыр жағдайлары бар. Бұл облыста ишандар, шайқы, қажылар, неше алуан медресе, мешіт, мазар түрінде мейлінше мол заман үстемдік құрған ауыртпалықтар бар... Осы орындардың бәрінде фанатик, дүмше, өздері озбыр және қатал, ожар плутократияның әмірі жүрген. Сол ескіліктің ізі оңай жоғалып, ажалдың торлары шырмауық желі тұзақтар тез жыртылды да бітті деу керек емес». Кемеңгер жазушы ескіліктің осындай кеселді қалдықтарын аяусыз аша отырып бүгінгі өмірімізден, адамдардың ой-санасы мен қарым-қатынастарынан ондай келеңсіздіктерді аластатып тастауға бар дауыспен үндейді.

          Романда Айсұлудың, оның анасы Нұрбибінің қиын, ауыр тағдыры ащы шындығымен суреттелген. Жазушы өз кейіпкерлерінің әділет іздеу жолындағы бастан кешірген әр алуан қиындықтарын бүркемелей, қатал реалистік қалыпта берген. Олар әділдікті Карпов, Алмасбек, Әсия тәрізді адал жүректі басшылардан табады, халықтан қолдау көреді.

          Жазушы Айсұлу трагедиясын көркем жинақтау дәрежесіне көтеріп бейнеленуді мақсат етпеген. Қалың мал, қыз алып қашу тәрізді сұмдық оқиғалардың әлі де болса кездесіп қалатыны жасырын емес. Автор осындай жайларды роман желісіне енгізе отырып сол жайында ашына, ызалана жазған.

          Ұнамды образдар қатарында айрықша көзге түсетін екі тұлғаны атап көрсетуге болады. Олар практикаға келген оныншы класс оқушысы Медет пен аңшы қыз Сағадат. Бұл екеуі де – жаны таза, адал, ер көңілді, сүйкімді жастар. Медет бірнеше күн қатты боранда қалып, бір қора қойды аман сақтап қалады. Сағадат ұшы-қиыры жоқ қарлы далада Медетті тауып алып, оған көмектеседі. Жастардың жарқын мінез, ерекше үлгілі, ерлік сипаттары осындай романтикалық жағдайда суреттеліп, қандай да болмасын кездескен қиындықтармен табанды күресу және оны жеңу тұрғысында айқын жан-жақты ашылған.

           Романда ұнамсыз геройлардың сипаты – олардың маскүнемдік, бұзақылық, сыбайластық, бюрократтық, жағымпаздық әрекеттері  арқылы айқын бейнеленген. Айсұлудың інісі Арманның өліміне себепкер болған топас, маскүнем жігіт Сағат, оның қылмысын бүркемек болған аудан прокуроры Саматов, аудан соты Бекбаев, Сағаттың ағасы Бейсен, жеңгесі Әсел – бәрі пасық мінез-қылықтарымен кірлеген адамдар. Жазушы бұлардың ұсқынсыз бейнелерін жиренішпен шебер суреттейді.

          Суреткер Айсұлу қыз бен оның шешесі Нүрбибінің бақытсыздығын баяндаудан бұрын өткен замандағы Алуа қыздың осы тәрізді трагедиясын өте орынды еске түсірген. Өйткені бүгінгі Айсұлуға жасалған зорлық-қорлық баяғы замандағы Алуаға істелген зорлықтың, топас ескіліктің жаңғырығы тәрізді. Жауапты қызметтің тізгінін ұстап отырған адамдардың ішінде де ала құласы бар; кейбір тоңмойындар, ұрда жық мінезділері кездесіп қалады. Ал, кейбіреулері өркөкіректеу   болып,   мәселенің байыбына бармай жататыны жасырын емес. Мұның бәрі – мінездегі міндер. Осындай төңірегіне уын шашатын дерт аудандық прокурор Саматовтың мінез-құлқынан көрініс беріп, тоңмойын қиястығын танытады.

             Жалпы алғанда жазушы ұнамсыз кейіпкерлер образдарын да шынайы қалыпта бейнелей білген. Соның бірі ауыр қылмыс жасауға дейін құлдырайды. Тойымы жоқ, жемқор, дүниеқоңыз, малқұмар шеше, масыл әрі айлалы жеңге Әсел және олардың сыбайластарының іс-әрекеттері сол Сағат образын аша, тереңдете түседі, Бұларды суреттегенде де жазушы әшкерелеушілік талантын және өзінің азаматтық позициясын, авторлық батыл бағытын байқатып отырады.

          Бұл романда тамаша жазушы қазіргі шындықты дәл сол күйінде ғана бейнелеп қоймай, оған батыл араласу керек, сөйтіп халық өмірінің дамуына, өрлеуіне ат салысу керек деген қағиданы алға тартты. Сонымен қатар автордың замана, ой, мінез-құлқына өзінің әдеби еңбегі арқылы әсер ету, ықпал ету талабынан туған дүние.

       Аса ірі суреткеріміздің қазіргі заман тақырыбына бет бұрып, ілгері басуымызға әсер етуді мақсат еткен бұл талабы мен тәжірибесі басқа да жазушыларға көп нәрсе үйретті, игі ықпал жасады. Сондықтан да жазушының ең соңғы бұл романы әдебиетіміздің іргелі, үлгілі шығармаларының бірі болып қала береді.

       Қорыта келгенде М.О.Әуезов сынды кемеңгер жазушының осы күнгі тақырыпқа барған тәжірибесі, оның жаңа өмір жасаушылардың бейнесін сомдау жөніндегі барлауы мен бастама нұсқалары осы заман тақырыбына баратын қалам қайраткерлеріне жетістігімен де,кемістігімен де сабақ, үлгі болып ғұмыр кеше береді.

Пайдалынылатын әдебиеттер:

1. Әкімов Т. Даналық мәйегі. А., 1997 ж.

2. Бердібай Р. Шығарма шарты. // Мұхтар шыңы. А., 1997 ж.

3. Қазақ әдебиетінің тарихы. 8 том. А., 2004 ж. -130-169 б.б.

4. Нұрқатов А.М.Әуезов творчествосы. А.,1965 ж.

5. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана, 2002 ж.

6. Сыздықов К. Мұхтар Әуезов және Оңтүстік Қазақстан. // Ұстаздық ұлағат. А., 2001 ж.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2014-04-29 19:51:31     Қаралды-10897

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »