UF

МАЛДЫҢ КЕНЕ МЕН ЖӘНДІКТЕР ТУҒЫЗАТЫН АУРУЛАРЫ

 

Акариоздар - кенелер туғызатын, барлық мал түлігіне тән паразитті аурулар. Асари класс тармағына топтастырылған. Осы кезде Қазақстанда, әсіресе көктемі, күзі ылғалды, қысы суық аймақтарда немесе жалпы мал дәрігерлік-санитарлық қағидаларды уақтылы сапалы жүргізбеген шаруашылықтарда кездеседі.

ҚОЙ ПСОРАПТОЗЫ (қотыр)

Жыл мезгілінің өзгеруіне тікелей байланысты пайда болып отар, ферма, тіпті шаруашылық қойына, әсіресе биязы жүнді қойға таралатын, экономикалық зияны орасан зор паразитті ауру.

Қоздырғышы. Қой немесе ешкінің екі бүйіріне, сүбесі мен арқасына қоныстанып өніп-өсетін Псороптес овис кенесі. Кененің жалпы кескіні тасбақа тәріздес, түсі сары күрең, еркектері кішілеу, ұзындығы 0,4-0,6 мм, ені - 0,3-0,4 мм. 1, 2, 3-інші жұп аяқтары үш бөлікке бөлінген (сяжка) сорғыш табанмен аяқталады. Денесінің төменгі сыртында зәр шығару және жыныс мүшелері орналасқан. Ұрғашы кенелер үлкендеу, ұзындығы 0,5-0,82 мм, ені - 0,3-0,5 мм. Үшінші жұп аяғы сорғыш табанның орнына ұзын қылшықпен аяқталады. Личинкалары үш жұп аяқты, ұзындығы 0,19-0,81 мм, ені - 0,16-0,21 мм. Протонимфасы 4 жұп аяқты, ұзындығы 0,33-0,42 мм, ені - 0,22-0,33 мм. Ал телеонимфа сатысы 4 жұп аяқты, дене құрылысы, үлкендігі сақа кенелермен пара-пар.

Өсіп-өнуі. Кенелер тек қой мен ешкінің терісінде ғана тіршілік ете алады. Тері қызуы 31-34°С болса кенелердің өсіп-өнуіне өте қолайлы жағдай туады. Олардың жұмыртқадан сақа кенеге дейінгі өсу мерзімі 16-20 тәулік, ал қолайсыздау жағдайда бұл мерзімнің 50 күнге дейін созылуы мүмкін. Еркек кенелер ұрғашыларынан 2-3 күн бұрын толысып жетіледі де, олармен телеонимфа сатысында шағылысқаннан кейін 3-4 күн өткенде сақа кенелерге айналып жұмыртқалай бастайды.

Жұмыртқалар мал терісіне сумен, тіпті сілті ерітіндісімен де жуылмайтын ерекше желімдік затпен жабыстырылады. Осылайша 3-4 ретте бір кене 60-қа дейін жұмыртқа салады. Жұмыртқалар 3,5-6,5 тәулікте личинкаға, 4-6 тәулікте протонимфаға және 4-6 күннен соң телеонимфаға ауысып, 3-5 тәуліктен кейін сақаяды.

Сақа кенелер және оның сатылары қой денесінің күн сәулесі еркін түспейтін, ылғалды жерлерінде (тері қатпалары, көз үсті ойығы, шабы) ұзақ сақталады. Қоздырушы кенелер денеге дарымаса, олардың тіршілігі сыртқы ортаның жылуы мен ылғалдығына тікелей байланысты болады. Мәселен жылылығы 5-9°С, ылғалдылығы 79-80% қорада телеонимфалар 17 күн тіршілік етсе, жағдайы дәл осындай күресіндерде 36 тәулік сақталады. Сыртқы ортаның ауасы 5°С болған жағдайда кенелер қорада, жайылымда 7 тәулік тіршілік етіп, жазда 3 жетіге дейін сақталады.

Қыста немесе жаз айларында қотырмен ауырған мал тұрған қораларда 2 айдан соң тіршілікке бейім кенелер қалмайды.

Эпизоотологиясы. Қотыр ауруы мал ұстаудың санитарлық-гигиеналық ережелері сақталмаған шаруашылықтарда пайда болады. Ауру барлық қойды түгел қамтиды, дегенмен биязы, биязылау жүнді тоқтылар, тұсақтар тез шалдыққыш келеді. Ауру көбінесе күз, қыс айларында өршиді, оның өрістеуі мен етек алуының негізгі себептері ауа райының жылылығына, ылғалдылығына, қой жүнінің біркелкі өсуіне, мал терісінің физиологиялық жағдайына байланысты. Солтүстік аймақтарда (Солтүстік Қазақстан, Қөкшетау, Қостанай, Орал облыстары) - қотыр ауруы август-сентябрь айларында байқалады да, күздің аяғы мен қыстыкүні бүкіл малды қамтиды. Егер қой арық, авитаминоз болып, ауруға қарсы тұру күші төмендесе, онда қотыр ауруы асқынып, ушығады.

Көктемгі қырқымнан соң аурудың өршуі бәсеңдеп, мал сақаяды да терінің қалың қатпарларында ғана некен-саяқ қарақотырланған орындар қалады. Бұл қотыр ауруы түгел жазылмаған, бірақ кенелердің уақытша өсіп-жетілуін тоқтату кезеңі. Қотырмен 2-3 айлық қозылар да ауырады. Қой қотырының басқа малға залалы болмайды, дегенмен қоздырушы кене көпке дейін иттің, аттың, өгіздің, түйенің немесе қорада кездесетін әр түрлі кемірушілердің денесінде сақталып, қайтадан қойға ауысуы мүмкін.

Жаздыкүні мал өрісін ұзақ уақыт ауыстырмай, шөп тұяқкесті болса, қайталанба суықтар, жауын-шашындар болып тұрса таулы немесе тау етектеріндегі шаруашылық малының жаппай ауыруы мүмкін.

Аурудың көзі - ауырған немесе деңесінде Р. овис кенесі бар қойлар. Ауру сау малға қотыр қойды оқшауламағанда немесе шопан мен басқа да мал күтушілер арқылы жұғады. Кейде бұрын ауру мал ұсталған қораларға 2 ай толмай қой кіргізгенде немесе бір ай болмай ауру мал жайылған өріске қой жайғанда шығады. Сондай-ақ кененің жұмыс көліктері, иттер денесінен де ауысуы мүмкін.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Ұрғашы кенелер ұрықтанған соң қоректенуі жоғарылайды да тері эпидермисіне жұмыртқалай бастайды. Ол үшін тұмсығымен теріні сөл бөлу қабатына дейін тесіп, аққан лимфаны сорады. Кененің тері үстінде жорғалауы, тесуі терінің сезгіш рецепторларын тітіркендіріп, қышытады. Бұл - ең бірінші қышыма ретінде байқалуы. Одан әрі қышыған жерлерін мал қатты заттарға үйкелейді, тұяғымен қасиды немесе тісімен тістелейді. Тері жарақаттанып, суланады да ылғалдылығы артып кенелердің өсіп-өнуіне өте қолайлы жағдай туады. Кененің сілекейі немесе денесінен бөлінген заттары жараға түсіп мал денесіне сіңеді де тітіркендіріп, аллергия пайда болуына әкеп соғады.

Кененің мал терісін жарақаттауы басқа да залалды микробтардың қоныстануына мүмкіншілік жасайды. Тері жарақаты күннен күнге көбейеді, ұлғаяды, малдың дамылсыз қышынуы, қасына беруі, кене қалдықтары немесе түскен микробтардың денеге тарауы, терінің қатпарланып ісінуі малдың бүкіл денесінің физиологиялық табиғи тіршілігін бұзады. Мал ұйықтаудан қалып, жеген азығы қорытылмайды. Қаси бергендіктен мал денесінің жүні түсіп, қызылшақаланады да көбінесе суық тию, өкпе қабыну салдарынан өледі.

Сақа қой арасында қотыр кенесі түскен соң ауру 2-4 жетіден, қозыларда 1,5-2 айдан кейін байқалады. Ауру жіті, созылмалы, жасырын түрде кездеседі.

Қотырдың жіті түрінде - ең басты белгі терінің қатты қышуы. Осыған орай ауырған мал діңгек, қашаларға сүйкеніп, жарақаттанған жерлерін тістелеп немесе аяқ, мүйіздерімен қасып мазасызданады. Қасынған жерді қарағанда тері үстінде суға толы ұсақ бүртіктер мен бөртпелерден сарғыштау сұйық бөлініп кеуіп, шетінен қайызғақтанып үгітілгені көрінеді. Мұндай жерде мал жүнінің ұйысып қалғаны, қайызғақ қатпарларымен қоса оңай жұлынатыны байқалады. Кейіннен осындай жарақаттанған жерлер біріне-бірі ұштасып, мал денесі жалаңаштана бастайды. Ауырған мал әлсірейді, тез арықтайды, кейде өліп те қалады.

Аурудың созылмалы түрімен көбінесе қозы ауырады. Терінің алғаш жарақаттанған орнының жүні ұйпалақтанады. Бірақ қышуы саябырлайды. Қайызғақ қатпар болмайды.

Күз түсе күн суытып, ауаның дымқылдығы молайғанда жас малдың жүні қалыңдайды. Кене де емін-еркің өсіп-өніп қыс кезінде кәдімгі сақа мал қотыры етек алады.

Аурудың жасырын түрінде малдың көз үсті ойығында, шабында немесе күн сәулесі жақсы түспейтін тұстарында терінің сәл қалыңдап қайызғақтанғаны байқалады. Мал көп мазасызданбайды.

Қотыр иммунитеті - жете зерттелмеген.

Өлекседегі өзгерістер. Қой өлексесі өте арық, боп-боз, бас, мойын, аяқтарында ғана жүн сақталып, басқа жағы қызыл шақа. Сойып қарағанда ішкі дене мүшелеріндегі өзгерістер арықтап өлген малда болатын өзгерістер сияқты.

Ауруды анықтау. Ауруды қотырдьщ өзіне тән клиникалық өзгерістері мен лабораториялық тексерудің қорытындысы (әсіресе жасырын түрінде) арқылы анықтайды.

Ол үшін дүдәмал малды ұстап жотасын, қос бүйірін, арқасын, басын көреді. Егер терінің жарақаттанғаны байқалса, онда скальпельмен 2-3 жерден қырынды алады. Қырындыны (әр қойдан бөлек) пробиркаға салып, резина тығынмен мықтап жауып, жолдама қағазға шаруашылықтың, ферманың, отардың, қойдың номері, қырынды алынған күнді көрсетіп лабораторияға жөнелтеді. Әкелінген тері қырындысын лаборатория жағдайында төменде көрсетілген әдістердің бірімен зерттейді.

  1. Тері қырындысын қара қағаздың үстіне салып астынан (электр плитасы, электр шамы, стаканға құйылған ыстық су) 25-30 градусқа дейін жылытады. Ыстыққа шыдамаған кенелер қимылдай бастайды. Оны қара қағаз үстіндегі ұсақ ақ нүктешелердің қозғалысынан байқауға болады.
  2. Қырындыны Петри табақшасына салып, қақпағын жабады да аударып, 10-15 минут жылу көзіне қояды. Осы уақыттан соң Петри табақшасын қайта аударып қақпағын алады да микроскоппен қарайды. Табақшаны басқа қақпақпен жауып, қайтадан жылу көзіне қояды. Осылайша 2-3 рет қайталайды.
  3. Егер қырындыда қатты қатпарлар болса онда оны инемен ажыратып, 10 проценттік натрий сілтісі немесе ҚОН бар пробиркаға 20-40 минут салып қояды. Содан соң бір тамшыдан алып жапқыш әйнекпен жабады да микроскоп жарығын қараңғылап тексереді.
  4. Қырынды бар сілті ерітіндісін центрифугамен айналдырып, тұнба тамшысын микроскоппен қарайды.
  5. Қырындыны әйнекке салады, үстіне керосин тамызып, екінші сондай әйнекпен жабады да, саусақпен қысып, микроскоппен қарайды.

Кенелерді, олардың личинкасын немесе нимфаларын байқаған жағдайда ауру түбегейлі анықталады. Егер табылмаса тері қырындысын сол ауырған малдан жетісіне бір рет алып бір ай бойы тексереді.

Егер кене, оның личинкасы немесе нимфасы бір қойдың тек бір қырындысынан табылса онда отар түгел ауру деп есептелініп, емделеді.

Емі. Ауырған мал араға 10-15 күн салып қой тоғыту ванналарында гамма-изомері бар гексахлоран эмульсиясында тоғытылады. Эмульсия жасауға: 50 проценттік гамма-изомері бар гексахлоран, 96-100 проценттік гамма-изомерлі линдан, 6 проценттік гамма-изомерлі гексанин немесе гексатал, 16 проценттік минерал майлы эмульсия, 6 проценттік гамма-изомерлі ТАП-85 және фенолсыз таскөмір креолині қолданылады. Жазда қой жылы, ашық күндері, ал қыста жылы қораларда тоғытылады. Жұмысқа қолданылатын эмульсияларды сол жерде, боғытар алдында ғана дайындайды. Оны мол жасап келесі күнге қалдыруға болмайды. Өйткені ол жарамайды. Бұл эмульсияда гексахлоранның гамма-изомері 0,03% болуы шарт.

Препарат суға ерітіледі (жұмсақ). Ақырындап араластырыла отырып ванна толтырылады. Ваннадағы эмульсия ерітіндісі 18-20°С жылы болуы керек.

Тоғыту кезінде қолданылатын судың сапасы анықталынады. Ол үшін қолданылатын гексахлоран препаратынан 0,03% ерітінді жасайды да, мөлдір әйнек ыдысқа құйып үй температурасында, қозғалмайтындай етіп 10 сағатқа қалдырады. Осы уақыт өткен соң ерітінді сүт түстес қалпын жоймай, ыдыс түбінде болар-болмас жұқа сұрғылт майлы тұнба түссе онда судын таза болғаны. Егер эмульсияның түсі өзгерсе, ыдыс түбіне түйір-түйір едәуір тұнба түссе, мұндай эмульсияға қой тоғытуға болмайды. Бұл жағдайда эмульсияның не себептен жарамсыз болғанын анықтау керек. Ол үшін эмульсияны дистилденген немесе жауын не қар суына жасап 10 сағатқа қалдырады. Егер осы уақыттан соң эмульсия бәрібір өзгеріске түссе онда қолданылатын препараттың жарамсыз болғаны.

Шаруашылықтарда қойды жаппай тоғыту басталар алдында жасалынған эмульсияның улылығын тексерген жөн. Ол үшін отардан үш арық, үш орташа, үш семіз қойды (барлығы он) кішігірім тоғытпаға тоғытады да, бір тәулік бойы байқайды. Ешқандай улану белгілері білінбесе жаппай қой тоғытуға рұқсат етіледі. Егер арық қойлар уланса, онда мал тоғытуға рұқсат етілмейді.

Гексахлоран ерітіндісіне 3 айға дейінгі қозы, ауру және арық мал тоғытуға тыйым салынады. Мұндай малды жеке-жеке емдейді.

Қой қырқымы өткеннен кейін 3-5 күн өткен соң тоғыта беруге болады. Өте ыстық немесе жауын-шашынды күндері қой тоғытуға тыйым салынады. Егер тоғытылған мал жаңбырға ұрынса, онда 10-15 күннен соң қайта тоғытылуға тиіс. Саулық қойларды ұрықтандыруға 15 күн қалғанда немесе ұрықтандырудан 15 күн өткен соң ғана тоғытуға рұқсат етіледі.

Етке өткізілетін малды гексахлоран ванналарында тоғытуға, оны союға 2 ай қалғанда ғана рұқсат берілсе, сауылатын саулықтарды тоғытуға тыйым салынады. Ондай саулықтарды 2,5 проценттік фенолсыз креолин ерітіндісіне (35-38°С) араға 7-10 күн салып 2 рет тоғытады.

Малды тоғытар алдында 10-12 сағат тынықтырады. Тоғытуға 4-5 сағат қалғанда иіріп тастайды, жемшөп бермейді, ал 1-2 сағат қалғанда міндетті түрде суарады (тоғытқан кезде дәрі ерітіндісін жұтпас үшін). Тоғытпа ваннада әр мал 60 секундтан артық болмауға тиіс. Ерітіндіге түскенде және шығар кезде әр қойдың басын эмульсияға 1-2 сек батыру керек. Тоғытылған қой үстінен эмульсия түгел ағып кеткенше, яғни 10-15 минут ваннаның шыға беріс алаңында ұсталынады да өріске шығарылады.

Ерітіндінің бастапқы көлемін әрбір қырқылмаған 200-400, ал қырқылған 300-500 мал өткен соң 0,06 проценттіқ гексахлоран-креолин эмульсиясын қосып, толықтырып отырады.

Тоғыту аяқталған соң қалған ерітінділерді арнайы шұңқырпарға немесе сіңіру құдықтарына ағызып жібереді.

Суық кездерде ауырған, әлсіреген және буаз саулықтарды акродекс немесе циодрин (аэрозольмен) тұманымен, 6-12 проценттік гексахлоран дустымен жел ызғарынан қалқаланған, еденіне тақтай төселінген жылы қора, лапастарда емдейді. Қойды еденге жығып, терісінің жарақаттанған жерлеріне аэрозоль шашады, немесе РХЦГ-ның эмульсиясын шеткаменен жағады да сыртынан дуст себеді. Мал денесінің басқа жерлерін аталған препараттармен арасына 10 күн салып 2 рет әр 10 см сайын жүнін ашып емдейді. Дустпен емделген малды 2-3 сағат таза ауада ұстаған соң кең, жақсы желдетілетін қораларға ауыстырады.

Дустпен, гексахлоранмен жұмыс істеуші адамдарға көзәйнек, қолғап, дәкеден жасалған ауа сүзгіш, арнаулы киім беріледі. Жұмыс аяқталғаннан соң арнайы қиімдерді қағып-сілкіп, сабынды суға қайнатады. Еденге түскен дустты мұқият тазалап, арнайы шұңқырларға төгеді.

Тұмандатқыш аэрозольді баллондар қолданғанда олардын 50 градустан артық қызып кетпеуін, күн көзінде немесе отқа жақын қалмауын қадағалап, әсіресе ауыз, мұрын, көз кілегей қабықтарына шашылуынан сақтаған дұрыс.

Ауру малды қыс кезінде циодринді аэрозольмен емдесе дустпен емдеуге қарағанда ыңғайлы, тиімді және емдік мүмкіншілігі жоғары.

Неоцидол - құрамында әсер етуші 60% диазион бар кенелерді улау мүмкіншілігі жоғары препарат. Ол түссіз немесе қызылдау майлы сұйық, сумен қосылғанда ақ түсті сұйық ерітіндіге айналады. Ерітінді ашық ауада немесе есік-терезесі еркін ашылатын қораларда жасалынады. Қотырдың алдын алу үшін малды күзде және көктемде бір реттен, ал емдеу үшін арасына 10 күн салып 2 рет тоғытады. Сауын малын емдеуге болмайды. Әр 300 қой тоғытылған сайын ваннада қалған әрбір тонна ерітіндіге 60 проценттік неоцидолдың 150 мл ерітіндісін құяды.

Мал тоғытылған соң алғашқы бір тәулік бойы қой бақылауда болады. Егер уланғандай белгі білінетін болса онда әрқайсысының тері астына 100 кг тірілей салмағына 5 мл есебімен 1 проценттік атропин ерітіндісін жібереді.

Неоцидол эмульсиясына тоғытылған малды тек 20 күн өткен соң ғана союға болады.

Неоцидолмен жұмыс істегенде арнаулы киімдер: халат, көз, әйнек, резинка етік, қолғап, А маркалы противогаз қолданылады да, тамақ ішуге, темекі тартуға тыйым салынады, жұмыс біткен соң арнаулы киімдерді шешіп, бас-көзді сабындап жуады. Эмульсия даярлауға қолданылатын ыдыстарды сода араластырылған сабын ерітіндісімен шайған дұрыс.

Неоцидолды жабық ыдысқа салып құрғақ, адам тұрмайтын үйлерде сақтайды. Әр ыдыстағы неоцидолдың қанша әсерлі күші бар екенін көрсету керек. Препаратты тағамдармен, жем-шөппен бірге сақтауға, тасымалдауға болмайды.

Аурудан сақтандыру шаралары. Мал дәрігерінің рұқсатынсыз қораға немесе өріске малды топтап, иіре беруге тыйым салынады. Қотыр ауруы байқалған отарлардан қой немесе күш көлік малын ауыстыруға болмайды. Қойды жазғы жайылымға шығарған соң, комплекстер, базалар, қоралар, қой қамайтын алаңдар, т. б. тазаланып кенелерге қарсы қолданылатын акарицидтермен зарарсыздандырылады. Мал тезегі, қи кептірілген соң арнаулы орындарда сақталынады. Карантин уақтысы біткен соң жоғарыда көрсетілген акарицидтердің бірінің эмульсиясымен бір рет тоғытылады.

Қой жайлауға шығарда немесе жайлаудан қайтқан соң бір рет тоғытылғаны дұрыс. Қотырдан ең соңғы қой жазылғаннан кейін бір жылдан соң ғана басқа отарға, шаруашылыққа мал ауыстыруға болады, немесе басқа шаруашылықтарға міндетті түрде беретін қой болса, онда оларды 2 ай оқшаулап бағып, мал дәрігерінің байқауынан өткізіледі.

Қотыр ауруы байқалса немесе күмән туса ондай қойды де реу оқшаулайды да, барлық малды мұқият тексереді. Дұдамал қойлардың денесіндегі жарақаттан қырынды алып, лабораторияға жібереді. Ауырған немесе күмән туғызған малды екі рет емдейді. Алдын алу шаралары толық жүргізілу үшін жұмыс, көлік малын және иттерді де дәрілейді. Ауырған малға жеке өріс, суат бөлінеді. Ауру мал мен сау малды бірге жаюға, бірге суаруға немесе басқа отармен араластыруға болмайды.

Қотыр ауруы байқалған қораларға бейсауат адамдардың келуіне тыйым салынады.

Қотырмен ауырған немесе одан айыққан отар қойын жеке қырқады. Қой қораларын, қашар, алаңдар тазартылып, зарарсыздандырылады. Қотыр шыққан отардан қырқылған жүнді де жеке үйлерде сақтап, қос қабат кенеппен буып, белгі салынады.

Келесі жылдары қыс мезгілінде қотыр байқалмаса, бұл отар қотыр ауруынан түбегейлі жазылды деп саналады.

ІРІ ҚАРА ГИПОДЕРМАТОЗЫ (оқыра, оқалақ)

Гиподерматоз - ірі қараны оқыралататын шыбын личинкасы тудыратын созылмалы ауру.

Қоздырғышы - Нуродерма бовис және Нуродерма минеатум шыбындарының личинкалары. Олар әдетте сиыр жотасының тері астына орналасып алып ісіндіреді, мал денесін уландырып, терінің құндылығын төмендетеді.

Аурудың таралуы паразит пен ірі қара малының географиялық ендіктерге орай қарым-қатынасына байланысты. Кей жерлерде жәндіктер тобының өсіп-өнуіне байланысты ауру онша таралмаған. Мәселен Алматы облысының Талғар, Қеген, Нарынқол аудандарында бірен-саран кездессе, Балқаш, Күрті аудандарының барлық ірі қарасының жартысына жуығы ауырады.

Түр-кескіні. Сақа шыбындардың үстін қалың, сары күлгін, қара қоңыр түк басқан, ұзындығы 2 см болатын жәндік. Жұмыртқалары ұсақ, ұзындығы 0,85-0,86 мм. Личинкасы бірінші сатыдағы жұмыртқадан шыққан бойда 0,5 мм болады, алғашкы түлегенде 17 мм-ге жетеді. Екінші сатыдағы личинкалар 18-20 мм болса, үшінші сатыдағы личинкалар 16-22 мм болып, сақа оқыраның түр-тұрпатына жақындайды.

Биологиясы. Өніп-өсуі жәндіктердің толық ауысу циклындай 1 жылға жуық. Ауыз аппараттары жетілмеген, қоректенбейді, себебі личинка кезіндегі жинаған қормен күнелтеді. Жәндіктер ашық күндері 6-8 градуста, ал бұлтты күндері 13-14 градуста ұшады. Тіршілігінің ұзақтығы 3-10 күн. Ұрғашысы шағылысқан соң сиырлардың аш бүйіріне, жамбасына, тағы басқа тұстарына 800-дей жұмыртқа салады. 3-7 күнде жұмыртқадан личинка өсіп-жетіліп, әр жүн талшығының түбің бойлай тері астына жетеді. Одан кейін осы личинкалар үлкен қан, нерв жүйелерінің бойымен жылжып, омыртқа тесігі арқылы жұлынның майлы тканьдеріне жетеді. Одан қайтадан малдың жотасы, беліне жетіп, тері астына орналасады да теріні төседі.

Осы жерде түлеп өсіп-жетілуінің екінші сатысына ауысады да, ет тканьдерімен қоршалады. Бұл қуыста тағы бір рет түлеп өзі тескен тесіктен жерге түсіп қалады да 1-2 күннен кейін 20-40 тәулікке созылатын қуыршақтану дәуірінен өтеді.

Эпизоотологиясы. Аурудың көзі - денесінде жәндіктердің личинкалары бар ірі қара. Жәндік тобын басқа жерлерге де осы ауру мал таратады. Кейде бірлі-жарым ауырған малдың өзі бүкіл жануарларға қауіпті. Мәселен бір сиыр жотасынан үшінші сатыдағы 10-15 личинка жерге түссе онда олар бүкіл табын малының 40-50% ауыртуы мүмкін. Сондықтан ауру малдың бір шаруашылықтан екінші шаруашылыққа, бір ауданнан екінші ауданға, т. б. ауыспауын қадағалау керек. Сақа жәндіктер көбінесе сиыр жайылымдарында топталады. Егер ең алғаш сақа жәндіктерге айналғанда сол маңда ірі қара болмаса онда олар ірі қараны іздеп ондаған километр ұшуы мүмкін. Сондықтан шекара маңына орналасқан шаруашылықтардың малын көрші мемлекеттерден ұшып келген жәндіктер ауыртпас үшін алдын алады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Бірінші сатыдағы личинкалар мал денесінің тканьдерімен жылжығанда қан тамырын, нерв жүйесін зақымдайды, ісіндіреді. Олар жұлынға жсткенде малдың ақсауы, сал болып қалуы мүмкін.

Личинкалар II және III сатыға жетіп, жота терісінің астына орналасқанда ет тканьдері ісінеді де, әр личинканы айнала қоршай өсіп, қалталанады. Егер сиыр жотасында паразиттер көп болса онда осы ісінген қалталар бір-біріне қосылып, малдың бүкіл жотасы іседі, жалпы жағдайы нашарлайды, қанның құрамы өзгереді. 9-10 ай ішінде личинкалар мал денесінің едәуір қорын сорып қоректенеді де тканьдерді ерітетін түрлі фсрменттер және мал денесін уландыратын заттар бөліп шығарады.

Жаздыкүні жәндіктер жаппай ұшып ірі қаралар денесіне жұмыртқалағаннан кейін шыққан личинкалар теріге кіреді де, сол орындарды қышытып, ісіндіреді. Қыста ауру байқалмайды. Көктемде мал жотасында үлкенді-кішілі төмпешіктер пайда болады. Кейіннен төмпешік үсті тесіліп, қоймалжың зат ағады да, бара-бара көбейе береді. Мал жүні ұйпаланып, жабысып қалады. Төмпешік айналасындағы мал терісі қалыңдап ісінеді.

Өлекседегі өзгерістер. Ауру басталған кезде тері астынан бірінші сатыдағы 1-5 мм личинкалар көрінеді. Кейін олардың жылжыған жолдарында ашық жасылдау із қалады. Ал II және III сатыдағы личинкалар кезінде мал денесінің арқасы мен белінде ортасында көптеген личинкалары бар ақ немесе қызғылт түсті сұйықпен қоршалған қалташалар көрінеді. Личинкалар өте көбейген жағдайда мал жотасының еттері ісініп, жалқаяқтанады.

Ауруды анықтау. Мал жотасын шоқтығынан сауырына дейін сипағанда қолға білінетін түрлі төмпешіктер бойынша анықтайды.

Аурудан сақтандыру шаралары. Аурудың алдын алу үшін жотасында төмпешіктері бар малды емдемей тұрып жайылымға жібермейді. Ал бұл ауруға қарсы күрес жүргізу үшін күзді-күні жәндіктердің ұшуы тоқтаған кезде бірінші сатыдағы личинкаларды фосфороорганикалық препараттармен қыру керек. Препараттарды өлшемді аппараттармен малдың шоқтығынан сауырына дейін шашады. Ол үшін 200 кг дейінгі малға 16 мл, ал одан салмақтыларына 24 мл гиподерминхлорофос, салмағы 200 кг дейінгі малға 12 мл, одан салмақтырақтарына 16 мл диаксофос, салмағы 200 килограмға дейінгі малға 5 мл, одан салмақтырақтарына 12 мл сульфидофос дайындалады. Гиподермин-хлорофоспен, диаксофоспен сауын сиыр, етті бағыттағы мал мен бұзау-тайыншаларды емдесе, сульфидофос-20-мен тек етті бағыттағы мал мен жас малды ғана дәрілейді.

Гиподермин-хлорофоспен және диаксофоспен малды араға 30 күн салып 2 рет, сульфидофос-20-мен бір рет дәрілеу жәндіктердің личинкаларын түгел қырып салады.

Ауру жылда пайда болатын аймақтарда бүкіл мал (жаңа әкелінгендері бар, дербес шаруашылық малы бар) түгел дәріленеді.

Көктемде бір рет бүкіл мал тексеріліп, ауру байқалса жоғарыда көрсетілгендей тұрғыда гиподермин-хлорофос, диоксафос, сульфидофос-20-мен дәрілейді. Сондай-ақ әр малдың жотасына хлорофостың 4 проценттік 200-250 мл ерітіндісін жағып-ақ мал денесіндегі личинкаларды барлық өсіп-жетілу сатысында да жоюға болады.

Препарат қолданудағы ерекшеліктер. Сауын сиырларын геподермин-хлорофос, диаксофос жән 4 проценттік хлорофоспен емдегенде сүт көп бүлінбес үшін бөліп-бөліп дәрілейді. Ем қолданылғаннан кейін 5 күн бойы сауылған сүт емханалар, балалар бақшаларына жіберілмейді. 21 күн өткенше дәрілеген малды союға болмайды, ал еріксіз соя қалған жағдайда ет құрамында препараттың қалдығы бар-жоқтығын анықтайды. Егер жоқ болса онда ешқандай шек қойылмайды. Сульфидофоспен дәріленген малды союға тек 35 күннен соң ғана рұқсат беріледі. Оның бергі жағында сойылған мал бола қалса онда ет құрамында тек 0,2 г/кг сульфидофос-20 табылса жеуге рұқсат етіледі, ал одан көбірек болса ет тек етқоректі жануарларға азық ретінде ғана пайдаланылады.

ҚОЙ ПЫСҚЫРЫҒЫ (эстроз, танау құрт)

Пысқырық - қойдың кеңсірік қуысын қой үйезі жәндіктерінің личинкалары қоныстанып, танау, кеңсірік кілегей қабықтарын ісіндіретін, сөйтіп малды әбден әлсірететін ауру.

Қоздырғышы - басы мен кеудесі тұтасып кеткен қаракөк түсті, қос көзді, маңдайында үш бұрышты үш дөңесі бар, денесін қысқа, сарғыш қоңырлау түк басқан, ұзындығы 10-12 мм шыбын. Ауыз қуысының орнында тұмсық пен жақтың жұрнағы ғана бар. Кеудесі мөлдір қоңырлау тармақтармен бөлінген, аяқтары қысқа. Жұмыртқасы ұзыншалау, ақ түсті, көлемі 1 мм шамасында. Бірінші өсіп-жетілу сатысындағы личинкасы иректелген, 1,27-1,35 мм, тұлегенде 4-5 миллиметрге дейін өсіп, ақсарыланады да басына қос ілмек, ал құрсағының әрбір бөлігіне ұшы кейін қайырылған 2-3 қатар қылшық пайда болады. Соңғы бөлікшесінде 2 тыныс алу қуысы бар. Екінші сатысындағы личинкалар ақ түсті, ұзындығы 5-12 мм, ені 3 мм болса, үшінші сатысындағы личинкалардың үзындығы 10-20 миллилитрге, ені 3-10 миллилитрге дейін осіп, арқа тұсы күжірейеді.

Қуыршақтарының көлемі 5X12 мм. Оның бас жағында қақпақшасы бар, өзі сарыкүрең түске енеді.

Биологиясы. Жәндіктердің ұрғашылары ұрықтанған соң жататын тәріздес дене қуысында ұсақ личинкалар пайда болады. Сыртқы ауа температурасы 16-20 градустан жоғарғы жағдайда личинкалар жетіле бастайды, ал 15 градустан төмен болса личинкалар өсуін тоқтатады. Личинкалар қашан жұмыртқа қабықшаларынаң еркін босағанша ұрғашы жәндік қой отарын іздеп ұша береді. Олар 2-3 күннің ішінде қой танауына сол ұшқан бойы немесе жерден 40 см жоғарылау тұстан 8-12 немесе 20-39 тірі личинкасын бүркіп кетеді. Сақа жәндіктер личинка кезіндегі жиналған қоректік заттармен күнелтеді. Еркегі 12-25 күн, ұрғашысы 20-46 күн тіршілік етеді.

Бүркілген личинкалар бас ілгекшелерімен тез арада мұрынның кілегейлі қабатына, танауға жабысып алады. Бұл жерде ауаның, қоректік заттардың молдығынан личинкалар 20-30 күнде 2 есе өсіп, кеңсірік қуысына дейін жылжып, екінші сатысына ауысады.

Түлеген личинкалар маңдай қуысына ауысып, өсуін тоқтатады да, мұрын қуысына өтіп ауырған мал пысқырғанда жерге түсіп қалады.

Оңтүстік аймақтарда қой пысқырығы жәндіктері 2 рет жұмыртқалайды. Бір рет қана жұмыртқалайтын аймақтарда личинкалардың өсу мерзімі 8-11 ай, ал 2 рет жұмыртқалайтындарының күзгі личинкаларының өсу мерзімі – 8-10, көктемгі личинкаларының өсу мерзімі 20-30 күн немесе 3-6 ай.

Мал денесіне түскен личинкалардың әдетте 80-95% өліп қалады. Өсіп-жетілуінің үшінші сатысындағы личинкалар бір рет жұмыртқалайтын аймақтарда апрель-май немесе июннің аяғына дейін, ал екі рет жұмыртқалайтын аймақтарда личинкалар февраль-май, содан соң июль-октябрь айларында түлеп бітеді. Түсіп қалған личинкалар 1-5 немесе 6-10 см жерге еніп қуыршақтанады. Қуыршақтану дәуірі ауаның температурасы 29-31 градус кезде – 14-17 күнде, 25-26 градуста – 28-31 күнде, 20 градуста 43-46 күнде аяқталады. Қуыршақтар 15-22,5°С суықта ешқандай өзгеріске ұшырамайды.

Бірінші жұмыртқадан шыққан шыбындар май айында ұшып шықса, екінші жұмыртқадан шыққандары август-сентябрьде ұшады. Олардың жаппай ұшуы топырақ қызуы 17 градустан асқанда басталады да, 15-20 күн өткен соң аяқталады. Жәндіктер көбінесе қой қорасы маңын сағалайды, ал личинкалайтын кезінде қой іздеп 30 километрге дейін ұша алады.

Эпизоотологиясы. Пысқырық ауруы Қиыр Шығыстан басқа барлық жерде ұшырасатындықтан Қазақстанның қой шаруашылығымен айналысатын барлық аудандарында да кездеседі.

Кәрі, әлсіз мал бұл аурумен жиі ауырады. Қой шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарда мал отарларының жилігіне байланысты ауру көптеп кездеседі.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Қой танауына жабысқан личинкалар денесіндегі ілгешектері және қылшықтарымен танау, мұрынның кеуілжір, кеңсіріктің, мұрын қуысының кілегей қабықтарын жаралап, ісіндіреді, соның салдарынан ауырған малдың мұрнынан сарысу, ірің аралас сұйық ағуы мүмкін. Егер ауру басқадай микробтармен ушықса онда бүкіл кеңсірік іріңдеп шіриді. Танау, кеңсіріктің ісінуі малдың тыныс алуын, жемшөп жеуін қиындатады. Ауырған қой арықтайды, демігеді, пысқыра береді.

Аурудың клиникалық белгілері личинкалардың көп-аздығына, жыл мерзіміне байланысты. Аурудың үш кезеңі болады. Бірінші кезең - жәндіктердің ұшу мерзімі кезінде личинкалардың малға жабысуына сай келеді.

Личинкалар жабысқаннан кейін мал ауырсынады, мұрнын жерге үйкелейді, 1-2 күннен соң тұмсығынан қан аралас жалқаяқ ағады. Тыныс алуы қиындайды. Бұл аурудың белгілері, әсіресе бұрын ауырмаған қозылар, тоқтылардан анық білінеді. Аурудың екінші кезеңі күз аяғынаң көктемге дейін созылады. Бұл личинкалардың әбден өсіп-жетілген кезіне сай келеді. Ауырған малдың танауынан сарғыш жалқаяқ, кейде оған қан араласып ағады, тыныс алуы қиындайды, пысқыра береді, пысқырғанда түскен личинкалар қуыршақтану дәуірін бастайды. Ауру әсіресе қозыларға қатты тиеді.

Аурудың үшінші кезеңі мұрын қуысын ісіндіріп, кеңірдек, жұтқыншақ, кілегей қабаттарды қамтиды. Ауырған мал «жалған тентекке» ұшырап, басын кекжитеді де, бір орнында айнала береді, жем-судан қалып, арықтап өледі.

Өлекседегі өзгерістер. Личинкалар алғаш жабысқанда малдың мұрын қуысының кілегей қабықтарының ісінгені, жараланғаны, қызарып домбыққаны байқалады. Қыста личинка жатқан жердің айналасы ісінеді. Көктемде кеуілжір, кеңсірік, маңдай қуыстары сарғыш қоймалжың, иісі жаман ірің аралас затпен толған. Тканьдер өзгеріске ұшыраған.

Ауруды анықтау кезінде клиникалық белгілері, танаудағы личинкалар, сонымен бірге аурудың пайда болатын мерзімі және шаруашылықта жыл сайын қайталануы ескеріледі. Өлген малдың бас сүйегін ашып, табылған личинкаларға қарап та анықтауға болады. Пысқырықтың кейбір белгілері тентек, листериоз және құтыруға ұқсас болғандықтан осы аурулардан ажырата білу керек.

Емі және аурудан сақтандыру шаралары. Аурудың алдын алу шараларын жүргізгенде барлық қой түгел тексеріледі, ауырған мал анықталады, көктемде қой қора тазаланып, көңқоқыс аулаққа үйіледі. Сондай-ақ жерге түскен, сойып қарағанда түскен личинкаларды қыру жұмыстарын жүргізеді.

Пысқырық жылда пайда болатын шаруашылықтарда күзде жәндіктер ұшуын тоқтатқаннан кейін ДДВФ немесе хлорофоспен емдеу жүргізу керек. Ол үшін жабық қашалар мен қой базаларының жылылығы 16-25°С болуы тиіс. Сонда барып әр 1 м жерге 1-2 қой келетіндей етіп қамап аэрозолмен тұмандатады. Бұл жағдайда құрамында 12,5% ДДВФ болатын эстразоль препараты өте тиімді.

Құтының қақпағы ашылатындай мүмкінділік жасайды да қабырғаға, діңгекке немесе төбеге, әйтеуір 1,5-2 метр биіктікке сыммен тартып тастайды. Аэрозоль тұманының шашылу мөлшері 60 м/м3. Бір сағаттан соң қойды шығарып, қораны желдетеді. ДДВФ аэрозолін 60 мг/м3 мөлшерде, хлорофосты 4 г/м3 мөлшерде, сондай-ақ аэрозоль буын ПВАН, ТАН генераторымен шашқан да тиімді, ДДФВ аэрозолінің 1 проценттік суда ерітілген эмульсиясын және хлорофостың 10 проценттік судағы ерітіндісін колданады. Аэрозоль тамшысының көлемі 40-60 мкм, шашылу жылдамдығы - 50 мл/мнн. Аэрозольді шашқанда бүкіл қораға бірқалыпты тұмандануын қадағалайды. Хлорофостың 0,03 проценттік судағы ерітіндісін астауларға құйып, малға төрт күн қатарынан немесе хлорофостың 0,1 проценттік судағы ерітіндісін бір рет ішкізеді.

Ауырып тұрған малды екі басты мұрын ирригаторы немесе жылжымалы дәрі шашқыш аппаратпен 4 проценттік хлорофос ерітіндісімен емдейді. Ерітінді бір рет қана қолданылады.

ДДВФ аэрозолімен емделген малды 5 күннен соң, хлорофос аэрозолінен кейін 7 күн өткенде, хлорофостың судағы ерітіндісін ішкізгенде 12 күннен кейін, хлорофостың 4 проценттік судағы ерітіндісін мұрнына жібергенде араға 3 күн салған соң ғана союға болады. ДДВФ-мен емдеген қой-ешкінің сүті қолданыла береді де, хлорофоспен емделген малдың сүтін тек 7 күн өткен соң ғана ішуге болады.

ЖЫЛҚЫ ГАСТРОФИЛЕЗІ (бөгелек)

Бұл асқазан-ішек бөгелегінің личинкасының әсерінен жылқының бүкіл ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкеп соқтыратын ЗУРУ.

Қоздырғышы. Қарынның үлкен бөгелегі, ішек бөгелегі, қарынның кішкентай бөгелегі, ұзынмұртты бөгелек, есек бөгелегі т. б. Солардың ішінен бізде жиі кездесетін қарынның үлкен бөгелегіне тоқтала кетейік.

Морфологиясы мен биологиясы. Басы, арқасы және құрсағын ашық сарғыш, қоңырлау, екі рет көмкерілген түк басқан және шекесінде үш жай көзі бар, ұзындығы 12-15 мм жәндік. Қанаты түссіз, әр жерінде қара нүктелері бар, 9-11 мм. Құрсағының соңғы екі сегменті жұмыртқалау мүшесіне ауысқан. Жұмыртқасы ұзыншалау, сарғыш сына тәрізді, көлденең жолақтанған. Бірінші сатысындағы личинкасы ақ, иретіліңкіреген, 1,05-1,1 мм, ауыз тұсында ілмекшелері, арқасында 3 қатар, құрсағында 6-7 қатар қылшығы, соңғы сегментінде тыныс алатын ұзыншалау түтікшелері бар. Екінші сатысындағы личинкалар 16 мм, соңғы сегментінде тыныс алатын екі түтікшесі орналасқан. Үшінші сатысындағы личинкалардың ұзындығы 20 мм, ауыз ілгекшелері ішіне қарай майысқан. Дене сегменттері 2,9-ы ішкі жағынан, 2,6-ы арқа жағынан екі қатар ірі қылшықтармен көмкерілген.

Үлкен қарын бөгелегі жылқы мен есекті ауыртады. Сақа бөгелектер 10-20 күн тіршілік етеді. Ұрғашысы 800-1050-ге дейін жұмыртқалайды. Ұрықтанған соң ұрғашысы жылқы денесінің ауыз жетер жеріне ұшып жүрген бойда жұмыртқалайды. 7-16 күнде личинка шығып қышыта бастайды. Жылқылар тісімен қасығанда осы личинкалар ауыздарына түсіп тілдің кілегей қабығына жабысады. Олар мұнда 3-4 аптада өсіп, түлейді де жемшөппен бірге қарынға түсіп, ауыз ілгекшелерінің көмегімен қарынның сол жақ бетіне орналасады. Қөктемде өсіп-жетілген личинкалар мал нәжістерімен сыртқа шығып, жер бетінде қуыршақтанады да, 18-52 күнде сақайып ұшып шығады.

Аурудың көзі - бөгелек личинкалары, осы личинкалар жайлаған ауру жылқылар. Сол себептен қоздырғышпен жайылымды, шаруашылықтың бүкіл территориясын ластайды.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Бөгелек личинкалары жылқының аузына түскенде ілгекшелерімен, қылшықтарымен ауыздың кілегей қабығын жарақаттап, ісіндіреді. Личинкалар тілдің түбінде немесе жұтқыншаққа орналасса малдың азық жұтуы қиындайды. Асқазан, ішек бойында көптеген іріңдеген бөртпелер пайда болып, ішкі құрылыстың байырғы сіңіру, сөл бөлу қабілеті бұзылады.

Мал арықтайды, қанының қызыл түйіршіктері азаяды. Егер ауыз, қарын, ішекке личинкалар көп жабысса онда малдың қан тамырлары жарақаттанып, қарыны мен ішегі тесіледі, соның салдарынан өліп қалады.

Ауру мал әлсірейді, әбден арықтайды, жүні ұйпаланып, табиғи түсінен айырылады, көзге көрінетін кілегей қабықтары бозарады, жем-судан қалады да, созылмалы гастроэнтеритке шалдығады. Асқазан, ішек түйнейді, ал личинкалар мал аузына түскенде ауыз ісініп, уылады, малдың азық жұтуы қиындап, жөтеле береді.

Ауруды анықтау. Мал денесін мұқият қарағанда бөгелек жұмыртқалары, ал аузынан личинкалар көрінеді. Қыс немесе көктем кезінде малға 6-8 мл көмірлі күкірт немесе 40-80 мг/кг хлорофос ерітіндісін ішкізсе нәжісінен өлген личинкалар табуға болады. Мал өлексесін тексергенде қолқадан, қарыннан, ащы ішектің басталар тұсынан көптеген личинкалар табылады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Күзде аурудың алдын алу үшін барлық жылқыны дәрілейді. Личинкаларды бірінші сатысында қыру үшін жылқының аузын хлорофостың 2 проценттік судағы ерітіндісімен шаяды.

Бөгелек екі рет жұмыртқалайтын аймақтарда июль-августе және октябрь-ноябрьде, ал бір рет жұмыртқалайтын жерлерде сентябрь-октябрь айларында малға 40 мг/кг есебінде жемге, шөпке, қарға қосып хлорофос немесе емдік гранулдер береді.

Мал аурулары (құрастырған З.Қ. Қожабеков). -Алматы: 1989. -Б.305-319.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-12-01 12:42:51     Қаралды-390

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »