ПРОТОЗОИДТЫҚ АУРУЛАР
ІРІ ҚАРА ПИРОПЛАЗМОЗЫ
Пироплазмоз ауруы көбінесе жіті түрде өтеді. Ол мал денесінің ыстығын көтеріп, кілегей қабықтарды бозартады немесе сарғыш тартқызады, қан айналымы мен жүрек, асқазан қызметін бұзады.
Пироплазмоз ауруымен жылқы, есек, қашар, ірі қара, шошқа, ешкі және ит ауырады.
Қоздырғышы -пироплазма бигеминум деп аталатын бір клеткалы қарапайым паразит - организм. Романовский-Гимза әдісімен бояғанда паразиттің протоплазмасы көгілдір, ядросы қызыл қоңыр тартады. Қанның қызыл түйіршіктерінде кейде бірнеше паразит болады.
Пироплазмоз ауру малдан сау малға Боофилус калкаратус деген қан сорғыш кене арқылы жұғады. Қанның қызыл түйіршігіне енген паразиттер тікелей бөліну арқылы көбейіп, алмұрт тәрізді қосақталып жатады.
Эпизоотологиясы. Бұлауру Орта Азия республикаларында, Қазақстанның оңтүстік облыстарында (Шымкент, Жамбыл) кене биологиясына байланысты, көбінесе, көктем, жаз, күз маусымында кездеседі. Аурудың шығуы мен өріс алуына бірімен бірі байланысты тізбек себеп болады. Олар: ауру мал, ауруды тасымалдайтын кенелер және сау мал. Сондықтан ауруды болдырмау үшін осы тізбектің араларын ажырата білу керек. Әсіресе, бұл аурумен пироплазмоздан таза мекеннен әкелінген асыл тұқымды мал ауырғыш келеді. Олар жергілікті малмен салыстырғанда көбірек өледі.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Пироплазмозбен ауырған малдың бірінші белгісі кене шаққаннан 6-24 күн өткен соң біліне бастайды. Малдың қызуы 41-42°С-ға дейін көтеріліп, жемнен қалады, шөлдей береді. Сауын сиырлардың сүті кеміп, тамыр соғуы жиілейді, тыныс алуы минутына 70-80-ге дейін жетеді. Сиыр күйіс қайыра алмай, қатты күйзеледі. Селсоқ тартып жата береді. Енжар қимылдайды. Алғашқы кезде азыққа онша қарамай, содан кейін мүлде қалады. Мал денесінің қызуы 2-3 күн көтерілгеннен кейін несебінде гемоглобин пайда болып, оны қызыл түске бояйды. Барлық кілегей қабықтары бозғылттанып, кейін сарғыш тартады, көбінесе қанталайды. Ас қорыту қызметі бұзылып, алғашқыда малдың іші өтеді, қаталау тиеді. Ауру асқынған жағдайда кандағы қызыл түйіршіктер 2,5 миллионға дейін, ал гемоглобин мөлшері 25 процентке азаяды.
Ауруды анықтау. Бұл ауруды анықтауда оның клиникалық белгілері, эпизоотологиялық деректері, өлекседегі өзгерістер ескеріліп, микроскопиялық әдіс кеңінен қолданылады.
Ауру-ау деп күдік туғызған мал құлағынан бір тамшы қан алып, шыныға жағады да, Романовский-Гимза әдісімен бояп, микроскоппен қарайды. Паразиттер эритроцит ішінде үлкен сүйір жақтарымен бір-бірімен қосылып жатады.
Өлекседегі өзгерістер, әсіресе, кілегей қабықтардан байқалады. Алғашқыда олар бозғылт болғанмен кейіннен сарғыш тартады. Бауыр, талақ үлкейеді, қанталайды. Жеген азығы ұлтабарға жиналып, нығыздалып қалады. Жалбыршақ, қарын, ішек беті қанталап тұрады.
Емі. Ауру малды ауасы таза, салқын қорада ұстайды, жайылымға шығаруға болмайды. Оларды салқын сумен, жеңіл қорытылатын азықтармен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар сүт немесе сүт сарысуын 1,5-2 литрден күніне 2-3 рет береді. Ауырған малға химиялық дәрілер (беренил немесе азидин) қолданылады.
Беренил малдың әрбір килограмм тірілей салмағына 0,0035 грамнан дистилденген таза суға ерітеді де, 7 процент мөлшерінде ерітінді дайындап, бұлшық етке енгізеді. Азидин дәрісін де беренил сияқты 7 проценттік ерітінді күйінде және сондай мөлшерде қолданады. Соңғы кезде 7 проценттік диамидин дәрісін бұлшық етке не тері астына әрбір килограмм тірілей салмағына 1-2 мг мөлшерінде қолдануда. Жоғарыда аталған дәрілерді қолданумен қатар ауру белгілеріне сәйкес те ем қолданған тиімді. Мұндай жағдайда ауырған малдың ішін жүргізетін, жүрек жұмысын қалпына келтіретін дәрілер берген жөн.
Аурудан сақтандыру шаралары. Ауруға бейім малды күз түскенге дейін тауда бағу керек. Індет тасымалдаушы кенелерге қарсы қолдағы малды 1 проценттік флорофос ерітіндісіне тоғытып, немесе бүріккіш аппараттармен жуып тұру керек. Сондай-ақ сәуірде 1 рет, майда - 3, маусым-шілдеде әрбір 5-6 күнде және август айында 2 рет тоғытқан жөн.
Егер жайылым кенелері мал қораларында кездессе, ондай қораларды 2 процентік хлорофос ерітіндісімен дезакаризациялайды.
ІРІ ҚАРА ТЕЙЛЕРИОЗЫ (солма)
Ірі қара тейлериозы, яғни солма ауруы қан арқылы жұғатын, өте тез білінетін қауіпті ауру.
Бұл ауру ертеректе ірі қара безгегі деп аталып келген. Ол өте жіті және жіті түрде өтеді.
Қоздырғышы. Біздің елімізде ірі қарада тейлериоз қоздырғышының екі түрі кездеседі. Оның бірі тейлерия аннулята деп аталады. Ол қоздыратын ауру ірі қарада өте ауыр өтеді, ал тейлерия мутанс қоздырғышымен зарарланған мал жеңіл түрде ауырады.
Тейлерийлер сыңар клеткалы, өте ұсақ организмдер. Олардың пішіні дөңгелек, сопақша, шыбық тәрізді, үтір сияқты түрліше болып келеді. Әрбір эритроцит ішінде көбінесе 1-2 паразит тіршілік етеді. Кейде олардың саны жетіге дейін жетеді. Бұл аурудың қоздырғышын микроскоп арқылы көруге болады.
Солма ауруын Қазақстан жағдайында зерттегенде бұл екі түрінің ерекшелігі әлгінде айтқандай болмай шықты. Солманың бұл екі түрінің зияндылығына және солманың асқынған түрлерінің ауысып отыруына қарағанда тейлерия мутанс паразитінің Қазақстанда өз алдына жеке кездесетін паразит емес, тек тейлерийдің зияны кемдеу, яғни тейлерия аннулятаның бір түрі екендігі байқалды.
Эпизоотологиялық зерттеулердің және Қазақстанның түрлі аудандарында кездескен солманы жұқтырып тәжірибе жасаудың нәтижесінде республикамызда тейлерийдің зиянды-зиянды бес түрі анықталған. Соның ішінде аса зиянды түрлерінің Шымкент және Қызылорда облыстарының шаруашылықтарында таралғаны байқалады. Солтүстікте қан сорғыш паразиттердің басқа түрлері де кездеседі. Бұлар малда әлдеқалай ғана байқалады.
Тейлерийдің зиянды түрлерінің әр түрлі екендігін әрқашан естен шығармау керек. Зияны кемдеу түрімен ауырған малды зиянды түрі жайлаған жерге ауыстыруға болмайды. Өйткені онда мал солма ауруына қайта шалдығады.
Ауруды Гиалломма туысына жататын жайылым кенелері (көбіне Гиалломма детритум және анатоликум) тасымалдайды. Кененің сілекейімен паразит мал денесіне енеді де, сөл бездеріне және бауыр мен талаққа барады. Сонда өсіп-өніп, көбейе бастайды. Кейінірек бұл паразит бөлшектері ыдырап, қанның қызыл түйіршіктеріне енеді.
Эпизоотологиясы. Солма Шымкент, Жамбыл және Қызылорда облыстары шаруашылықтарында кездеседі. Бұл аурудың етек алуының себебі осы аймақтарда гиаломма кенелерінің көп таралуына байланысты. Оның үстіне соңғы жылдары сырттан асыл тұқымды мал сатып алу кең орын алып қеледі. Себебі жергілікті малды асылдандырып, олардан алынатын өнімдерді молайту керек болды. Егер солманың алдын алу шараларын дер кезінде жасамаса, сырттан келген асыл тұқымды мал, жас бұзаулар сол жылы ауырып, өлім-жітімге ұшырайды. Ауырған ірі қара кейде 90 процентке дейін өледі.
Кенесі көп жайылымда қанын кене сорған мал семірмейді, ал сауын малының сүті кеміп кетеді. Жас малдың өсуі тежеледі. Денесін кене басқан жұмыс малының тынышы кетіп, әлсірей береді.
Жайылым көпшілік кененің ошағы болып табылады. Малдың қанын сорған кезде кененің аузынан сілекей ағып, ол сілекей қанды ұйымайтын етеді. Кенелер малдың түксіз жерлерін: жұқа шабын, құйрығының астын, қолтығын, құлағын және т. б. жерлерін мекендейді, мал денесіне жабысып, малдың қанын сорады.
Ұрғашы кене қан сорып болғаннан кейін домалап жерге түседі де, тыныштау жерге жатып, жұмыртқа салуға кіріседі. Ол бірнеше мыңдаған жұмыртқа салады. Біраз уақыт өткеннен кейін ол жұмыртқалардан кене құрты өсіп-өнеді. Олар да кенелерге ұқсап малға жабысып, оның қанымен қоректене бастайды. Қанға тойған соң бұлар да домалап жерге түседі, есейіп нимфаға айналады. Бұл нимфа да малға жабысып, оның қанын сорып тойынған соң, домалап жерге түсіп, сақа (еркек немесе ұрғашы) кене болып шыға келеді. Кейбір аш кенелер малдың қанын сорып, қоректенгенде жерге түспей, жабысқан жерінде қалып қояды, сөйтіп ол малдың үстінде жүріп-ақ сақайып кетеді.
Кенелердің көпшілігі бір жазда талай рет балалайды, күн жылы, жауын көп болса кененің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туады. Әдетте мал көктемде, жаздың басында кенелейді.
Солма ауруы жұққан кенелер малдың қанын сорып жүрген кезінде ауру жұқтырады. Сау кене қан сорған кезде ауру малдан не ілгеріде ауырған малдан өзіне солма жұқтырып алады.
Малға жұққан солманың паразиттері мал қанымен қоректенеді. Сөйтіп қанның ақ түйіршіктерінде өсіп-өніп, тұқьш жаяды. Ірі қараға жұққан солманың паразиттері жынысты жолмен емес, басқаша түрде өніп-өседі. Бірақ бірнеше қайтара тұқым жайғаннан кейін жынысты жолмен де (оны гаметоцит деп атайды) өніп-өсетін болады. Гаметоциттер қанның қызыл түйіршіктерінде (эритроциттерде) орын тебеді. Оны малдың ауруы күшейген кезде де, мал ауырып жазылғаннан кейін бір-сыпыра уақыт өткен соң да микроскоппен көруге болады.
Гаметоциттер қанмен бірге кененің ішегінде жынысты жолмен көбейеді, яғни гаметоциттің ұрғашы клеткалары мен еркек клеткалары қосылады. Осыдан кейін кененің организмінде көптеген жаңа клеткалар пайда болады. Бұл клеткалар спорозоит деп аталады. Бұлар кененің сілекей бездеріне етіп алып, кене қашан малдың қанын сорғанға дейін соларда жата береді. Кене малдың қанын сорған кезде солманың паразиті (тейлерий) қанға барып араласады. Кенеге жұққан тейлерий бір-ақ буын тіршілік етеді, яғни тейлерий жұққан малдың канын кене құрты (жұмыртқадан өріп шыққан жабысқақ кене) сорса, онда одан кейінгі буын - нимфа солмаға бейім малға ауру жұқтыра алады. Егер нимфаға тейлерий жұқса, онда ауруды одан кейінгі буын - сақа кенеге (имаго) жұқтыратын болады. Имагодан кененің жұмыртқасы арқылы ауру қоздырғышы жаңа буын - кенеге тарамайды. Сөйтіп солма ауруын ірі қараға нимфа немесе осы ауруды тасымалдайтын кененің имагосы жұқтырады.
Аурудың белгілері. Аурудың бірінші кезеңінде малдың шабындағы жауырын алдындағы бездердің шошынып ісінуінен басқа ешқандай да белгі байқалмайды. Бұл кезеңде мал денесінің қызуы 41-42 градусқа дейін жетеді. Сөйтіп мал оттаудан қалады, сауын сиырлардың сүті азаяды. Асыл тұқымды бұқалардың ұрығы тежеледі. Малдың жүні үрпиіп, жалпы күйі нашарлайды.
Одан кейін екі-ұш күн өткен соң аурудың басқа да белгілері біліне бастайды. Малдың тынысы тарылып, тамыры жиі соғады, ол күйсеуден қалады. Қарнының бұлшық еттері босап, салбырап, екі бүйірі ішіне кіріп, қабырғалары шығып кетеді.
Сөйтіп малдың ауруға шалдыққаны сырт көзге де байқала бастайды. Малдың іші қатады, кейде оның іші өтеді. Әлсіреп, көбіне жатып алатын болады. Ауру күшейген жағдайда мал терісінің әр жері, желіні, тік ішектің, сарпайдың, мұрынның, еріннің, көздің, кілегей қабықтары, тағы басқа жерлері қанталап кетеді. Бұл ауру үш аптаға дейін созылады. Осы мерзім өткеннен кейін мал не жазылады, не өледі.
Ауруды анықтау. Солма ауруын анықтағанда оның эпизоотологиялық деректерін, клиникалық белгілерін және өлекседегі өзгерісті ескеріп, микроскопиялық зерттеу жүргізу қажет.
Ауруға шалдыққан малды мезгілінде байқап, ертерек ем қолданылса оны аман сақтап қалуға болатыны анық. Ол үшін солма ауруына шалдыққан-ау деп күдіктенген жағдайда, сол топтағы мал денесінің қызуын тексеру керек.
Қызуы көтерілген малды оқшаулап, бір құлағынан бір тамшы қанды шыныға жағып, препарат жасалады да, Романовский-Гимза әдісімен бояйды. Содан соң микроскоппен қарап,қызыл қан түйіршіктерінен солма ауруының қоздырғыштарын көргеннен кейін емдеу жұмыстарын белгілеу керек.
Емі. Бұл тұрғыда ауру қоздырғышын жоюға бағытталған және ауру белгілеріне қарай (симптомдық) жасалатын ем кеңінен қолданылады. Ауру малды жазу үшін тек емдеу емес, дұрыс күтіп-бағудың да маңызы өте зор. Бұл малдың күтімі сау малдың күтімінен артық болуға тиіс. Ауру малды күн көзінде қалдырмай көлеңкеде, салқын, кең қорада немесе бастырмада ұстау керек. Ауырған малды жалпы малға қосуға, алысқа айдап жаюға немесе жіберуге болмайды, оған тыныштық керек. Егер ол көлік малы болса, оларды жұмыстан босатқан жөн. Ауру малға сапасы жақсы, жұғымды азық, көк шөп, мезгілімен суық су берген пайдалы. Жұмсақ пішенге сәбіз, қант қызылшасы сияқты тамыр жемістерін де ұсақтап турап араластырып берген де жақсы. Бұдан кейін малды емдеу шараларына кірісу керек. Ауруға қарсы қолданылатын емге жарайды деген көптеген химиялық препараттар сыналып көрілді. Осылардың ішінде беренил немесе азидин, сульфатрол дәрілері қанағаттандыратын нәтиже беріп жүр.
Беренил (азидин) препараттарын витамин және антибиотиктермен бірге қолданған күнде ауырған малдың 85-90 процентке дейіні жазылады.
Малды емдеу үшін Қазақ мал дәрігерлігі ғылыми-зерттеу институты ұсынған, үш комплекстен тұратын тәсіл қолданылады.
Бұлардың бірінші комплексін ауру мал байқалғаннан кейін-ақ бастайды. Ол үшін бұлшық етке мал салмағының әрбір килограмына 3,5 мг 7 проценттік азидин ерітіндісі, 1000-2000 ЕД окситетрациклин 5-10 мл 20 проценттік кофеин ерітіндісі мен В12 витаминін тері астына егеді.
Екінші комплесті бірінші комплекстен кейін 2-6 сағат өткен соң қолданады. 10 проценттік хлорлы натрийді малдың 1 кг тірілей салмағына 0,5 мг мөлшерде әр малға 20-60 миллилитрден 10 проценттік аскорбин қышқылына қосып күре тамырға егеді. Малға қалауынша сүт сарысуын немесе су береді. Егер ауру малдың жағдайы ауырлап, дене қызуы қалыпты жағдайдан да төмендеп кетсе, екінші комплестің орнына үшінші комплекс қолданылады.
Үшінші комплексте 40 проценттік глюкоза ерітіндісіп малдың 1 кг тірілей салмағына 0,5 мл мөлшерде әр малға 40-80 миллилитрден 10 проценттік аскорбин қышқылын қосып күре тамырға құяды.
Мынандай жағдайды ескерген жөн. Бірінші комплекстегі азидиннің орнына малдың 100 кг тірілей салмағына 5 мл мөлшерде 10 және 20 проценттік сульфантрол пайдалануға болады (малдың 1 кг тірілей салмағына 0,005-0,01 г құрғақ дәрі болуға тиіс).
Соңғы кезде солмамен ауырған малды емдеуге 1,5 мг мөлшерде адыраспан шөбінен дайындалған алколоид қолдана бастады. Бұл дәріні, оның емдеу тәсілін Қырғыз ғылыми-зерттеу мал дәрігерлігі институты ұсынды.
АБП (ахрихин-бигумаль-плозмоцид) препараты да ауырған малға жақсы әсер етіп жүр. Бұл препаратты малдың 100 килограмм тірілей салмағына 5 таблеткадан есептеп, 4-5 күн қатарынан жемге қосып береді.
Аурудан сақтандыру шаралары. Солма ауруымен күресу шараларының ең негізгісі - жайылымдағы, мал қорасындағы және малға жабысқан ауру таратқыш кенелерді жою болып табылады.
Солма ауруының етек алып таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды дұрыс ұйымдастырып, ойдағыдай жүргізу үшін бірінші және негізгі шарттардың бірі сол - әрбір аудан, колхоздар мен совхоздар үшін міндетті түрде солма ауруы таралатын және кенелер шығатын жерлердің карталарын жасау керек. Бұл карталарда шаруашылықтардың (сау, қауіпті және ауру бар) эпизоотологиялық сипаты көрсетілуге тиіс.
Сырттан келетін асыл тұқымды малды күз айларында (қыркүйек-қазан) әкелу керек. Себебі солма ауруының шығатын айларына дейін әкелінген мал үйреніп қалады. Мұндай малды қолда ұстап, жаздың ыстық күндерінде 5-7 күнде хлорофос препаратының 1 проценттік ерітіндісіне тоғытып тұру керек. Соңғы кездерде желтоқсан айынан бастап март айларына дейін (6 айдан 18 ай арасындағы ірі қараға) Бүкіл одақтық мал дәрігерлігі ғылыми-зерттеу институтының (Москва) солмаға қарсы ұсынған вакцинасы жақсы жәрдем беріп жүр. Бұл вакцинаны малдың жасына, салмағына қарамай 1 мл мөлшерінде тері астына егеді. Малдың қоңдылығы орта, ортадан жоғары, аурудан сау болуы керек. Егілген малға жыл сайын аздап кене жабысып тұрса өмірлік иммунитет пайда болады. Егер мал қолда болып, кене жабыспаса егуді 3 жыл сайын қайталауға болады.
ІРІ ҚАРА БАБЕЗИОЗЫ
Бабезиоз ірі қараның жіті түрде өршіп, асқынатын ауруы. Қоздырғышы -бабезий. Ол көбінесе мал қанының эритроциттерінде, кейде плазмада орналасады. Дөңгелек, жүзік және алмұрт тәрізді. Паразиттер әдетте эритроциттердің шет жағына орналасады.
Қоздырғыштың биологиясы. Мал организміндегі эритроциттерде бабезийлер екіге, кейде төртке бөліну тәсілімен көбейеді. Қене организміндегі паразиттердің өсу жолдары жеткілікті зерттелмеген. Кейбір ғалымдардың пікіріне қарағанда, оның биологиялық өршуі пироплазмоздарға ұқсас. Ауру қоздырғышын малға көбінесе жайылымда көп кездесетін Иксодес рисунус кенесінің жынысы жағынан жетілгендері жұқтырады. Ұрғашы кенелер ауру малдың қанын сорғанда паразитті жұқтырып алады да, оны өзінің үрім-бұтағына жұмыртқалары арқылы таратады. Ауруды кененің тек жынысы жағынан жетілгендері ғана жұқтырып қоймай, кейбір жағдайларда оның личинкалары мен нимфалары да жұқтырады деген деректер бар.
Эпизоотологиясы - ірі қара пироплазмозыныкіне ұқсайды. Әдетте бұл екі ауру қосақтаса жүреді немесе оңтүстіктің жазы ұзақ аудандарында бірінен соң бірі шығып отырады. Кейбір деректерге қарағанда, пироплазмоз наурыз-сәуірде байқалса, ал бабезиоз одан едәуір кейін басталады.
Бабезиозбен әр түрлі жастағы ірі қара ауырады. Дегенмен бір жастан екі жасқа дейінгі жас мал ауруға жиі шалдығады да, олар ауырлау өтеді.
Ауа райы жылы болған жылдары бабезиоздың қоздырғыштарын таситын кенелердің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туады да, ауру жиі кездеседі. Аурудың алғашқы толкыны жазғытұрым ерте басталады да, 1-1,5 ай бойы өрши түседі. Мұнан кейін кенелердің екінші ұрпағы өсіп-жетіледі де, бабезиоздың да екінші толқыны басталады. Дегенмен, жазда және күзде болған екінші толқын кезінде ауру мал саны бірінші толқын кезіндегіден анағұрлым аз болады да, ірі қара аурудың жеңіл түрімен ауырады. Ауа райы салқын болған жағдайда бабезиоз ұзаққа созылады да, жаз бойы бірлі-жарым ғана кездеседі. Бұл кезде мал қиналмайды, жеңіл ғана ауырып жазылады.
Аурудың иммунитеті. Бабезиозбен ірі қараның барлық тұқымы ауырады. Сиырдың сегіз жастан асқандары және бір жастан екі жасқа дейінгі жас мал аурумен ауыр ауырады дз, бұзауларда бабезиоздың белгілері білінбейді. Ауырған ірі қарада стерплденген иммунитет пайда болады. Бірақ оның ұзақтығы қоздырғыштың дерткерлігіне, малдың күйіне де тәуелді. Жеңіл ауырған малда иммунитет ұзақ болмай, алты айға дейін ғана созылады.
Аурудың белгілері. Кене арқылы қоздырғыш жұққаннан кейін ауру белгілерінің білінбейтін кезеңі – 8-14 күн. Ауру әдетте мал денесі қызуының көтерілуінен басталады. Ол 40-42 градусқа жетеді. Малдың күйі төмендейді. Жүрек соғуы жиілеп, минутына 90-110 рет соғады. Тыныс алуы да жиілеп, минутына 70-80-ге дейін көбейеді. Дене қызуының көтерілуіне байланысты аурудың бас кезеңінде малдың сүті 60 процентке, ал кейінірек 80 процентке дейін азаяды. Сүттің дәмі ашыңқырайды, қан араласып сарғыш тартады.
Мал денесінің қызуы 2-3 күн қатарынан көтеріліп тұрса, оның зәрінің түсі қызғылттанады, ал кейініреқ қызыл және қоңыр қызыл түске боялады. Егер ауру ауырлау болса, онда зәр аз-аздан бөлініп, түсі қоңыр қызыл тартады. Бұл кезеңде малдың зәр шығаруы ауырлайды. Соның салдарынан белі бүкірейіп қиналады. Зәрдің біршамасы қуыққа жиналып, организмді уландырады. Бұл кезде мал денесінің қызуы қалыптағы жағдайдан біршама төмендеп денесі дірілдейді.
Көздің, ауыздың ішкі қабаттары өңсізденіп, кейінірек көк түстенеді, ал кейде нүктелі қан ағыны байқалады.
Ауру мал тәбетінен айрылады, күйіс қайырмайды, кейде іші өтіп, ол іш қатумен алмасады. Ас қорыту жүйесінің қызметі бұзылады.
Қаны су түстенеді. Ондағы эритроциттер бір текше миллилитрде 2 миллионға, гемоглобин 30 процентке дейіи төмендейді. Лейкоцит формуласы солға қарай ығысып, миелоциттер, әсіресе, жас және таяқша ядролы нейтрофильдер көбейе түседі. Лимфоциттер саны да артып, нейтрофильдер мен зозинофильдердің жалпы саны азаяды. Қанда анизоцитоз, пойкилоцитоз процестері өршиді. Аурудың ең ауыр кезеңінде қанда нормобластар пайда болады.
Ауру малды дер кезінде емдемесе оның күйі күннен күнге нашарлайды, жатып алады. Құлақтары мен арқасы мұздап, денесінің қызуы 36-36 градусқа дейін төмендейді. Дірілдеп, жүрек қызметі әлсірейді, сөйтіп 4-8 күн өткен сон өледі. Кейде малдың талағы жарылып, күтпеген жерден 3-4 күн ішінде-ақ өліп қалады. Бабезиозбен ауырған малдың 40 кейде 60 процентке дейіні өледі.
Өлекседегі өзгерістер. Өлген малдың өлексесі арық болады. Тері асты клетчаткасына су жиналып, сарғыштанады. Нүктелі қан ағысы байқалады. Қаңқа еттері өңсізденіп, піскен етке ұқсайды. Лимфа тораптары үлкейеді, кескенде сөлденіп, қызғыш түстенеді. Талақ екі есеге дейін үлкейеді, шеттері дөңгелектенеді.
Бауыр ісінеді. Ол қоңыр сары немесе топырақ түстенеді, ұстасаң морт кетеді. Оның бет жағын кескенде сөлденіп, қалыпты жағдайдан қанының мол екені байқалады. Кейде мрамор түстес болады. Өт қабаты әдеттегіден үлкейіп, өт қоюланады. Қоңыр көк түстенеді. Өт қабының ішкі қабаты қанталайды. Оның түсі сарғыш тартып тұрады.
Бүйректер қалыпты жағдайдан гөрі үлкейеді. Оның сыртқы қабығы оңай ажыратылады. Қабықтың астында нүктелі немесе жалпылама қан ағысы көрінеді. Бүйректі кескенде қоңыр қызыл болып тұрады. Оның сыртқы және ішкі бөліктерінің шекарасы жойылады. Зәр қабының ішкі қабаты өңсізденеді. Зәр қызыл немесе қоңыр қызыл түске енеді.
Жүрек қабының арасындағы сұйық сары, қызғыш болып көрінеді. Жүрек ісіңкі, оның қан тамырлары қалыпты жағдайға қарағанда адырайып тұрады. Кәрі малдың жүрек еттері піскен ет тәрізденеді, тартсаң тез жұлынады. Жүрек қуыстарында қоймалжың фибриндер мен ұйымаған коңыр қызыл, сұйық қан кездеседі. Жүректің сыртқы, ортаңғы және ішкі қабаттарында нүктелі немесе жалпылама қан ағысы байқалады. Өкпенің түсі сұрғылт қызыл, сыртқы беті тығыздау болады.
Ас қорыту жолдарының ішкі қабаты ісіңкі. Одан нүктелі немесе жалпылама қан ағысы көзге түседі. Әсіресе жалбыршақ, қарын кеңейіп, тығыздалады, азыққа толып, тас тәрізденіп қалады.
Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық, клиникалық және қан жағындыларын тексеру сияқты комплексті зерттеулер жүргізіледі. Бабезиозды анықтауда оны лептоспироз және гематурия ауруларынан ажырата білу керек.
Лептоспироз жаз және күз кезінде, тіпті жылдың кез келген кезеңінде кездеседі. Ал бабезиозға кезеңділік тән. Лептоспирозбен жас мал қатты ауырса, бабезиозға керісінше сақа ірі қара қатты шалдығады. Бабезиоз шыққан жерде мал лептоспирозбен жіті түрде емес, созылмалы түрде ауырады. Лептоспирозда ауру малдың ішкі органдары мен терісі сарғайса, бабезиозда органдардың ішкі қабаты сарғаяды. Лептоспирозбен ауырған малдың мұрындығы кеуіп жарылады, төс тұсында, арқада және шатта су пайда болады. Мұның өзі мал терісінің сыртқы қабатын кептіріп, ол қабыршақтанып тұрады. Кейде тіпті ауызда, ерінде, жақта, тіс еттері мен тілде жара байқалады. Мұндай белгілер бабезиозда кездеспейді.
Ірі қараның гематурия ауруы осы күнге дейін себебі белгісіз, жайылымда кездесетін ауру. Бұл ауруда әдетте малдың денесі дірілдемейді. Мал шөп-судан қалмайды, жалпы күйі де онша төмендей қоймайды. Малдың зәрі қызыл немесе қоңыр кызыл тартады. Онда эритроциттер мен лейкоциттер әдеттегіден көп болады. Тұндырсаң тұнба түзіледі. Бірақ одан паразиттер табылмайды.
Емі. Ауру малды жайылымға шығармай қорада күтеді. Химиотерапиялық дәрілерден тері астына бір кг тірілей салмағына 0,5 мг мөлшерде 2 проценттік гемоспородин, 1,5 мг мөлшерде 1-7 проценттік диамидин, ал бұлшық етке 9,5 мг мөлшерде 7 проценттік азидин егеді немесе беренил, қан тамырына 0,003-0,004 мг 1 процентті флавакридин құяды. Әлгінде аталған дәрі-дәрмектерді 24-48 сағаттан соң қайталап тұруға болады. Бұл дәрілерді қолданар алдында әдетте малға жүрек жұмысын жақсартатын кофеин немесе камфора еккен жөн.
Ауру малға жеңіл сіңетін азық берген дұрыс. Ол үшін жас пішен немесе көк шөп, капуста мен қант қызылшасы беріледі. Күніне үш рет 2 литрден жаңа сауылған сүт немесе майы шайқалған айран ішкізу қажет. Асқазан жұмысын жақсарту үшін глаубер тұзынан 300 грамдай ішкізген жөн. 60 мл спиртке 140 мл тазартылған су араластырып, көк тамырға құяды.
Аурудан сақтандыру шаралары. Бабезиоздың алдын алу үшін шаруашылыққа көп жылдық шөбі бар жайылым керек. Малды кенелерден сақтау үшін акарацид дәрілерімен дәрілеу қажет. Шаруашылықта ауру мал байқалса барлық малға 12 күнде бір рет азидин немесе беренил егеді.
ЖЫЛҚЫ ПИРОПЛАЗМОЗЫ
Бұл жылқының өте кең етек алған ауруының бірі. Ауруға шалдыққан жылқы денесінің қызуы көтеріледі, қаны азаяды, сары ауруға шалдығады, орталық нерв, жүрек-тамыр және ас қазан жүйелерінің қызметі бұзылады. Бұл ауру көбінесе жыл қы көктемде, май айында жайылымға шыққаннан кейін пайда болады. Сондықтан бұл ауруды халық арасында «көктем ауруы», «май ауруы» деп атайды. Ауру ете жіті өтеді, үш күн ішінде жылқы өледі немесе ақырындап жазыла бастайды.
Қоздырғышы -мал қанының қызыл түйіршіктерінде (эритроциттерде) мекендейтін кабалли пироплазмозы деген бір клеткалы қарапайым организмдер (дөңгелек, сопақ, сақина, алмұрт, алма тәрізді болып келеді). Ол қызыл қан түйіршіктері ішінде бір-бірден немесе жұпталып ортасына орналасады. Паразиттің үлкендігі 2-6 мкм.
Аурудың қоздырғышы Дермацентр туысына жататын жайылым кенелерінің сілекейімен келіп түседі. Бұл кене көбінссе жылқыға жабысып, басқа малға жабыса қоймайды. Қанның қызыл түйіршіктеріне енген паразиттер екіге бөлініп, үздіксіз көбейе береді.
Эпизоотологиясы. Жылқының пироплазмоз ауруы Шымкент, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облысының оңтүстік аудандарында көктем айларында кездеседі.
Аурудың белгілері. Бұл ауырған малдың 50-60 процентін өлімге шалдықтырып, жылқы шаруашылығына зор зардабын тигізетін ауру. Аурудың жасырын кезеңі 9-11 күнге созылады. Жылқы пироплазмозы жіті өтетін ауру. Жылқы денесінің ыстығы 40-41 градусқа дейін көтеріледі. Ауру жылқы басын салбыратып, аяқтарын алшақтатып тұрып алады, жүргенде тәлтіректейді. Ауыздың, танаудың кілегей қабықтары сарғыш тартады. Жылқының іші кеуіп, тыныс алуы мен жүрек соғуы шапшаңдайды. Дер кезінде емделмеген буаз биелердің іш тастауы мүмкін, ал сауын малы мүлде суалады. Жылқының жүні үрпиіп, танауынан су ағып, көз жанары сөнеді. Малдың қызуы көтерілгеннен кейін 2-3 күн өткен соң малдың зәріне қай араласады. Қанның қызыл түйіршіктері, гемоглобин мөлшері 2-3 есе азаяды. Сондықтан ауру жылқы анемияға ұшырап, организмге оттегі жетіспейді. Ұлы заттар бауырдың жұмысып нашарлатып, билирубин пигменті жиналады, сондықтан да тканьдер сары түске боялады. Егер малдың қызуы қалыпта ғыдан төмендесе, жылқы орнынан тұра алмай, жатып қалады.
Өлекседегі өзгерістер. Бұл аурудан өлген мал арық, өлексенің аузынан, танауларынан көпіршіген экссудат ағып, денесі былқылдап, буындары қатпайтын болады. Малдың терісін сыпырып қарағанда, денесінің сарғайғандығы байқалады. Бауыр мен талақ үлкейіп, тіліп жіберсе қара қошқыл қан ағады.
Ауруды анықтау. Бұл ауруды анықтау қиынға соқпайды, себебі сыртқы кілегей қабықтардың сарғаюы, 2-3 күннен кейін несебіне қан араласуы, жем-судан қалуы, терлеп, қиналуы аурудың айқын дәлелі бола алады. Сонымен қатар ауруды анықтағанда жыл мезгілін ескерген де жөн. Ауру көктем айларында кездеседі. Дегенмен қызыл қан түйіршіктерінен паразиттерді табу өте қажет.
Емі. Ауру малды көлеңкелі жерде ұстап, күтімін жақсарту керек. Көк шөп, салқын су, аурудың беті қайтқан соң жем беруге болады. Жүрек қызметін жақсарту үшін кофеин, камфора, ал асқазанға сульфаниламид препараттары және энтересептол сияқты дәрілер беріледі.
Малдың әрбір килограмм тірілей салмағына 3,5 мг мөлшерінде азидиннің 7 проценттік ерітіндісі беріледі.
Аурудан сақтандыру шаралары. Біріншіден, жайылымдағы кенелердің түрлерін анықтап, сол кенелерге қарсы нақты шаралар белгілеу керек. Егер сырттан келген асыл тұқымды жылқылардың денесінен пироплазмозды тасымалдайтын кенелер табылса, ондай малды термометриядан өткізу керек. Егер жылқы қызуының көтерілгені байқалса, онда осы үйірдегі малдың бәріне азидин егіледі. Ауру белгілері байқалғанда жылқыларға қайталап азидин егу керек. Мал денесіндегі кенелерді жою үшін бүріккен аспаптармен көктем маусымында 5-6 күнде бір рет 1 проценттік хлорофос ерітіндісін бүрку қажет.
ЖЫЛҚЫ НУТТАЛИОЗЫ
Бұл жылқының, есектің және қашардың инвазиялық ауруы.
Қоздырғышы -нутталия екви паразиті.
Аурудың белгілері. Ауырған жылқы денесінің қызуы көтеріледі, қаны азаяды, сары ауруға шалдығады, кейбір тканьдері қанталайды. Орталық нерв жүйесінің, жүрек-қан тамыр және асқазан жүйелерінің қызметі бұзылады. Пироплазмозға қарағанда нутталиоз ауруы азырақ өріс алып, оған қарағанда жеңілірек өтеді, өлім-жітімі де аз болады. Ауру паразиті қанда өсіп-өніп, төртке бөлініп көбейеді. Сондықтан қанда олардың крест тәрізді (мальта кресі) түрлері пайда болады. Ол нутталиоз ауруына өте тән.
Нутталиоз ауруының қоздырғышын Дермацентор, Гиаломма плюмбеум, Риписефалос бурса кенелері тасымалдайды. Кене мал денесіне жабысып, өзінің сілекейімен нутталияларды жылқы денесіне енгізеді. Содан соң олар лимфа тамырлары арқылы қанға өтіп, қанның қызыл түйіршектерін мекендейді. Қызыл қан түйіршіктеріне енген паразиттер даму циклын жалғастырып, жедел төртке бөлініп көбейе береді.
Эпизоотологиясы. Жылқының нутталиоз ауруы Қазақстанның оңтүстік облыстарында көбінесе пироплазмозбен аралас кездеседі. Бұл аурумен жылқының барлық тұқымы (әсіресе, басқа жақтан әкелінген асыл тұқымды жылқылар) шалдыққыш келеді. Аурудың іштегі құлынға да жұғуы мүмкін. Жергілікті байырғы жылқылар ауруға төзімді келеді. Себебі олар жылда кенеге таланады да, табиғи түрде иммунитет пайда болады.
Аурудың белгілері. Аурудың жасырын кезеңі 10-14 күн. Кейде ол 21 күнге дейін созылады. Ауырған мал денесінің қызуы 41°, тіпті одан да жоғары көтеріледі, тамыры жиі соғып, ентігеді. Денесінің қызуы тұрақты болмайды, яғни бірде көтеріледі, бірде төмендейді. Қаны азайып, сары ауруға шалдығады, көздің кілегей қабықтары қанталайды. Ішек-қарын қызметі бұзылады, азықтан қалып, жылқы арықтайды. Малдың іші кебеді, аяғына сарысу жиналады. Нутталиозбен ауырып жазылған жылқылардың қайта ауыруы да мүмкін.
Өлекседегі өзгерістер. Өлген мал өлексесіндегі өзгерістер біршама айқындау болады. Сойып қарағанда органдар мен тканьдер сарғайып, бауыр мен талақ ұлғаяды. Қан сұйылып, ұю қасиетін жоғалтады. Осы өзгерістер пироплазмоз ауруында да кездеседі. Бұл аурудың пироплазмозбен салыстырғандағы ерекшелігі органдар мен тканьдердің қанталауы.
Ауруды анықтау. Нутталиоз ауруын анықтағанда оның эпизоотологиялық деректерін, клиникалық белгілерін, өлекседегі өзгерістерді және микроскоппен зерттеу нәтижелерін ескеру керек. Бұл ауруды дәл анықтау үшін жылқының қаны тексеріледі. Ауру малдың құлағынан бір тамшы қан алынып, препарат дайындалады. Оны Романовский-Гимза әдісімен бояп, микроскоппен қарау керек. Нутталиоз ауруының созылмалы түрінде - қанда паразиттің ұсақ түрлері және «мальта крестері» кездеседі.
Емі. Ауырған жылқыны емдеу үшін малдың 1 кг тірілей салмағына 0,0035 грамм мөлшерінде беренил (азидин) препараттарының 7 проценттік ерітіңдісі, сульфантролдың 4 проценттік ерітіндісі, 0,003-0,004 грамм флавакридин 100-120 мл физиологиялық ерітіндіге езіліп, күре тамырға құйылады. Бұл препараттармен бірге кофеин немесе камфора майы да қолданылады.
Соңғы кездерде антибиотиктерден тетрациклин (5-10 мг/кг мөлшерінде) жақсы нәтиже беріп жүр. Оны 0,5-1 проценттік новокаин ерітіндісіне езеді де, бұлшық етке күніне бір рет егеді. Емдеу жұмысы 4-5 күн жүргізіледі.
Аурудан сақтандыру шаралары. Жаз айларында үйірдегі жылқылардың қанын мезгіл-мезгіл тексеріп тұру қажет.
Ауру тасымалдайтын кенелерге қарсы күрес ұйымдастыру шарт. Сау жылқыларды аурудан сақтандыру үшін әлгі препараттардың емдік мөлшерінің тек жартысы ғана қолданылуы тиіс.
ҚОЙ-ЕШКІ ПИРОПЛАЗМОЗЫ
Ауру көбінесе бабезиоз және франсанеллоз ауруларымен бірге кездеседі. Жіті түрінде өтіп, асқынып өршитін ауру. Ауру Қазақстанның оңтүстік облыстары шаруашылықтарында жиі кездеседі.
Қоздырғышы -Пиропласма овис, Гемофизалис отофила кенелері. Бұл ауруға көбіне жас қой мен ешкі шалдығады. Ауру маусым-шілде айларында жиі кездеседі.
Аурудың белгілері. Жасырын кезеңі – 3-10 күн. Алдымен қой (ешкі) денесінің қызуы көтеріледі (41-42°), жалпы күйі нашарлайды, азыққа қарамайды, немесе азықтан қалады. Тынысы жиілейді, тамыры да жиі соғады. Мал арықтап, әлсірейді де жата береді. Кілегей қабықтары алғаш бозғылттанып, кейін сарғаяды. Ауру өте жіті және жіті түрінде өтіп, 3-5 күнге созылады.
Ауруды анықтау. Осы мақсатпен эпизоотологиялық деректерді, өлекседегі өзгерістерді, ауру белгілерін ескере отырып, микроскоппен зерттеу жүргізу керек. Малдың құлағынан бір тамшы қан алынып, таза шыныға жағылады, содан соң оны Романовский-Гимза тәсілімен бояп, микроскоппен қарау керек. Бұл ауруларды басқа осы тәрізді аурулардан ажырата білу қажет. Себебі бұл басқа аурулармен қабаттаса жүреді.
Емі. Ауырған малдың азығы мен күтімі жақсартылады, өздері оқшауланады, көлеңке жерге қамалып, содан кейін түрлі дәрілер беріп емдейді.
Аурудың қоздырғыштарына қарсы бұлшық етке малдың әрбір килограмм тірілей салмағына 3,5 мг мөлшерде 7 проценттік азидин егіледі. Жүрек қызметін жақсарту үшін тері астына кофеин енгізеді. Күре тамырға ас тұзының 10 проценттік ерітіндісін (50-75 мл) құйған жөн. Сонымен қатар ауру малға іш жүргізгіш дәрі ішкізеді, клизма жасайды.
Кокцидиоз - табиғатта өте кең тараған аурулардың бірі.
Қоздырғышы бір клеткалы қарапайымдылар тобына жататын паразиттер. Бұл аурумен үй жануарларымен қатар жабайы аңдар да, тіпті адам да ауырады. Паразит мал ішегінің эпителий клеткаларында өніп-өсе отырып, ішектің кілегей қабатының қабынуына әкеліп соқтырады. Осыған байланысты ауырған малдың іші өтіп (көбінесе қан аралас), тез арада күйі төмендейді. Ауру қоян, бұзау, қозы, шошқа мен құс арасында тез тарап, шаруашылықтарға үлкен зиянын тигізеді. Кокцидиоздан қозылар шығыны 90 процент, қояндар арасында 85 процент және тауық балапандары арасында 100 процентке дейін жетеді. Ірі малдың күйі төмендеп сүт, ет және жүн өнімі едәуір төмендейді.
Биологиясы. Еймерия тобындағы паразиттер үш сатыда өсіп-жетіледі. Шизогония мен гаметогония түрінде өсу ішектің эпителий клеткаларында өтсе (эндогендік өсу), спорогония сатысы - сыртқы жағдайда өтеді (экзогендік өсу).
Шизогония кезеңінде жетілген ооцистер сумен немесе жем-шөппен малдың ішкі құрылысына келіп түседі де, оны қабындырады. Бірте-бірте шизонттар бөлініп, ішектің қілегей қабатындағы эпителий клеткаларын ыдыратады.
Гаметогония - жыныстық процесс. Мұнда шизонттың соңғы генерациясынан макрогаметоцидтер мен микрогаметоциттер деп аталатын гамонттар пайда болады. Олар біріне-бірі еніп (ұрықтанып), жаңа клетка құрады. Бұл клеткалардың сыртқы қабыршақ қабаттары пайда болған соң дөңгелек, жұмыртқа, алмұрт немесе эллипс сияқтанған ооцисттер түзеді. Олар мал нәжісі арқылы сыртқа тарайды.
Сыртқы жағдайда спорогония сатысы басталады. Мал денесінен шыққан ооцисттердің цитоплазмасы тығыздалып, қажетті жағдай туған шақта (жылылық, керекті ылғалдылық) жетіле бастайды.
Эпизоотологиясы. Эймериоз дүние жүзінің барлық елдерінде кездеседі. Ол Қазақстанда да кең тараған. Ауру негізінен жауынды-шашынды, жылы маусымдарда, әсіресе көктем, күз айларында көптеп шығады, қозылақ, бұзаулар арасында өлім-жітім байқалады.
Ауруды бұрын осы кеселге шалдыққан қой, сиырлар таратады. Ауру малға эймериа ооцисттерімен ластанған жемшөп, ақыр-науа, су арқылы жұғады. Жетілген эймериа ооцисттері сыртқы орта жағдайында 2 айдан бес айға дейін тіршілігін сақтайды. Қой құмаллағында ооцисттер 4 айға дейін өлмейді.
Аурудың белгілері. Аурудың инкубациялық, яғни жасырын өршу кезеңі 1-3 апта аралығында өтеді. Бастапқы кезеңде ауру мал шөп жемей, шабан қимылдап, жата беруі мүмкін. 3-4 күн өткен соң нәжісі сұйылып, тышқаққа айналады. Жаңа туған жас бұзаулар арасында ауру небары 3-4 күнге, кей кезде 10 күнге дейін созылады. Көбінесе қозылар ауруға 1-3 айлығында шалдығады. Жас қозылар мен бұзаулардың тоңғағынан ішек қыртысының үзінділерін, қан түйіршіктерін байқауға болады. Жас төлдер әлсіреп, арып азады. Кейде олардың денелерінің қызуы 41 градусқа дейін көтеріледі, қатты шөліркейді. Орталық ми, нерв жүйесі қызметінің де бұзылуы мүмкін. Мұндай жағдайда мал тез арада арып, өлім-жітімге ұшырайды. Қозылардың сүтке жарымауы салдарынан және оларға қосымша жемшөп, минералды заттардың берілмеуінен ауру өрши түседі. Сақа қойлар мен сиырларда эймериоздың айта қоярлықтай белгілері болмайды. Тек мал арықтап, әлсірейді. Ооцисттердің аз ғана мөлшерімен залалданған жас малда аурудың нақты белгілері байқалмайды.
Ауруды анықтау. Бұзау, козы кокцидиозын аурудың белгілеріне қарап және өлекседегі өзгерістер мен эпизоотологиялық мәліметтерге сүйеніп анықтайды. Ішектің әр жерінен алған қырындыны мнкроскопиялық әдіспен зерттейді. Қокцидиоздың созылмалы түрінде ауру эпизоотологиясымен қоса, оның сыртқы белгілері және мал нәжісін Дарлинг немесе Фюллеборн әдістерімен зерттеп, одан ооцисттерді іздестіреді.
Өлекседегі өзгерістер кокцидиоздан өлген малдың ащы және тоқ ішектерінің кілегей қабықшаларының ісініп, қабынғанын көруге болады. Олардың әр жеріне қан құйылғанын және ақ түсті түйіндер бар екені байқалады. Бұл түйіндерді микроскоппен зерттегенде кокцидийдің әр түрлі өршу сатыларын көруге болады. Ішек бездері ісініп, көлемі өседі.
Емі. Эймериозға қарсы малдың тірілей салмағының әрбір килограмына 20-30 кг мөлшерінде кокцидиовит, 15-20 мг шамасында клопидол және химкокцид-7, 20 мг мөлшерінде хлортетрациклин (биомицин), қосымша норсульфазоль, сульфадемизин, сульфадиметоксин (25 мг/кг), фталазол дәрілерін қолданады. Аталған дәрілерді сүтке араластырып қатарынан 4-6 күн ішкізеді де, араға 4-5 күн салып емдеу курсын қайта жалғастырады. Қажет болған жағдайда жүрек және ас қорыту жүйесі қызметін реттейтін дәрілер де пайдаланылады.
Аурудан сақтандыру шаралары. Жаңа туған бұзауларды аурудан сақтандыру үшін профилакторийлерде ұстаған жөн. Жас төлдерді біршама өскен соң бір жасқа дейін жеке клеткаларда ұстайды. Клеткалардың астын күніне 2 рет тазалап, құрғатып отырады. Сонымен қатар қора, ақырнауа тазалығына ерекше көңіл бөледі. Олардың айналасы құрғақ және таза болуы керек. Қозылар арасынан кокцидиоз шыққан отарларды басқа малмен араластырмай бөлек бағады. Ауырған қозыларды емдеп, нәжістерін жерге көміп, немесе жеке жинап, биотермиялық жолмен зарарсыздандырады. Дезинфекция ретінде 0,5 проценттік крезол ерітіндісін, 1,25 проценттік натрдың гипохлорид ерітіндісін немесе 0,25 проценттік формалин ерітінділерін пайдалануға болады.
Аурудан сақтандыру үшін қозыларға 50-70 күн бойы, бұзауларға 4 айға дейін кокцидиовит, кокцидин, биомицин беріп отыру қажет. Бұл дәрілерді жеммен қосып беруге де болады (бір кг жемге 200 мг есебімен). Сульфадемизин, норсульфазол дәрілерін қосып берсе артық болмайды.
ТОКСОПЛАЗМОЗ
Токсоплазмоз барлық жануарлар мен адамның кең тараған ауруы.
Қоздырғышы клетка ішінде өсіп-жетілетін қарапайымдылар тобына жататын бір клеткалы паразит - токсоплазма. Паразит трофозойттарының алдыңғы жағы үшкірленген, ал арты томпақтанып алмұрт немесе банан тәріздес болып келеді. Трофозоиттар мидан бастап, эндотелий клеткаларынан, лейкоциттерден, бауыр, көк бауыр, өкпе, жүрек, бұлшық еттер клеткаларында және қанда кездеседі.
Паразиттің мысықтар денесінде жыныстық жолмен өсіп-жетілуін 1969, 1970 жылдары Френкель, Хьютчисондар ашты.
Биологиясы. Зақымданған ет арқылы токсоплазмдар мысық денесіне келіп түседі. Мысық ішінде жалған цисттерден цистозоиттар шығып кілегей қабатындағы эндотелий клеткаларына енеді. Айұнда алдымен шизогониялық, соңынан гематогониялық өршу кезеңі басталып, ақырында ооцисттерге (зигоцист) айналады. Мысықтың нәжісімен ооцисттер сыртқа тарайды.
Мал, жануарларға ауру қоздырғышы жем, су арқылы жұғады. Денеге дарыған соң зигоцисттен спорозоиттар шығып, малдың немесе адамның әр түрлі органдарына қоныстайды. Сонымен мысықтар паразиттің өршуіндегі негізгі иесі болып саналса, басқа мал, жануарлар, адамдар қосымша, аралық иесі болып табылады.
Токсоплазманың ооцистері үй жылылығында 12 айға дейін тіршілігін сақтайды. Өлген мал денесінде 20° жылылықта 3 күнге дейін ауру қоздыратын қабілетін жоғалтпайды. Кәдімгі дезинфекциялық заттардың белгілі ерітінділері токсоплазмаларды тез өлтіреді. Токсоплазмалар Г. Т. Акиншинаның хабарына қарағанда қолдан өсірілген клеткаларда жақсы көбейеді.
Эпизоотологиясы. Ауру дүние жүзінің барлық елінде де кездеседі. Ауруды таратушы - мысықтар. Жануарларға мысықтан шыққан ооцисттер жемшөп, су арқылы жұғады. Қой, шошқа және тышқандарда ауру жатыр арқылы іштегі төліне жұғуы мүмкін. Адамда да іштегі нәрестеге жұғып, ауруға шалдықтыруы мүмкін. Мысықтар мен иттерге токсоплазмамен ауырған тышқан немесе ауырған мал етін жегенде жұғады. Адамдар токсоплазмозбен дұрыс піспеген ет жегенде ауырады.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Токсоплазмдар клеткаға енгеннен соң көбейе бастайды, соның арқасында клеткаларды ыдыратып, оларды қабындырады.
Буаз мал ішіндегі төлдің мидағы қан тамырларының эндотелий клеткаларына еніп қан айналу жүйесін бұзады. Соның әсерінен малдың төлін өлі тууы немесе іш тастауы мүмкін.
Ауру көбінесе белгісіз түрде өтеді. Ит, бұзау, шошқа, қой токсоплазмдармен қолдан жұқтырғанда ғана денесінің қызуы 42 градусқа дейін көтеріліп, жөтеледі, көзінен, мұрнынан жас ағады, іші өтеді. Кейде малдың артқы аяқтары жансызданып, баса алмай қалады. Буаз мал іш тастап, 2-10 аптаның арасында шығынға ұшырайды.
Ауруды анықтау үшін комплемент байланыстыру (РСК), Себин-Фельдман және иммунофлуоресценттік реакциялар қолданылады. Реакцияларға антигенді токсоплазмның РН штамымен қолдан жұқтырғыш тышқандардың іш суынан, қоянның миынан және қолдан өсірілген клеткалардан дайындайды. Әсіресе комплемент байланыстыру (РСҚ) реакциясы үшін Қазақ мал дәрігерлігі ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері (Омаров Ж. Қ., Красов В. М.) дайындаған антиген пайдаланудың практикалық маңызы зор.
Сонымен қатар токсоплазмды микроскоппен қарап, іш, жүрек қабы, жұлын суларынан және қақырықтан табуға болады. Токсоплазм зоиттарын саркоцист және безноитий зоиттарынан ажырата білу қажет. Саркоцист зоиттары орақ тәріздес болып келсе, безноитий зоиттары токсоплазмдардан 2 есе үлкен. Сонымен қатар саркоцистер қалың ет аралығында, ал безноитийлер теріде, тері астында, сіңірлерде, көз қабыршағында цистер түзеді.
Ауруды дәл анықтау үшін ақ тышқандарға ауру жұқтыру әдісі қолданылады. Бұл үшін өлген малдың миынан, жұлынынан, көк бауырынан және басқа да ішкі органдарынан алып, ұсақтайды. Содан соң ас тұзының физиологиялық ерітіндісіне қосып тышқанға егеді. Егер мал токсоплазмозбен ауырып жүрсе, онда 5-6 күннен соң тышқандар өледі. Олардың ішіндегі сұйықтан токсоплазмдар табылады. Тышқандарды бірінші рет жұқтырғанда токсоплазмдардың табылмауы мүмкін. Мұндай жағдайда тышқанның ішкі органдар сұйығымен таза тышқандарға 5-10 рет қайта жұқтырады.
Токсоплазмоз ауруын легітоспироздан, ит обасынан, Ауески ауруынан және басқа да жұқпалы аурулардан микробиологиялық немесе вирусологиялық зерттеулер арқылы ажыратады.
Емі. Әлі табылмаған. Кейбір зерттеушілер малдың 1 кг тірілей салмағына 24 мг мөлшерде үш күн қатарынан химкокцид беруді ұсынады.
Аурудан сақтандыру шаралары. Мысық пен итке піспеген ет, тағы басқа шикі тамақ бермеу керек. Мал қораларына дератизациялық шараларды дер кезінде қолданған жөн. Жем-шөпті де малға арнайы таза ақырға салып беру керек. Етті бөлшектеу кәсібімен шұғылданатын адамдардың қолында жарақат болса оны йод жағып, коллоидпен қатырып тастаған дұрыс. Абзалы - резина қолғаппен жұмыс істеу. Ауру шыққан шаруашылықтарда мысықтарға, қояндарға, иттерге және терісі бағалы аңдарға әрбір кг тірілей салмағына 12 мг мөлшерде жеті күн қатарынан химкокцид береді. Токсоплазмозбен ауырған немесе күдік туғызған малды дереу оқшаулау керек. Токсоплазмоздан өлген малдың өлексесін көміп тастауға болмайды, оларды өртейді. Түсік тастаған жағдайда ондай төлді шуымен қосып тез арада өртеп, орнын дезинфекциялайды.
САРКОЦИСТОЗ
Саркоцистоз үй жануарларынан шошқа, қой, ірі қара, жылқы және түйе арасында кездесіп, көбінесе белгісіз түрде өтетін инвазиялық ауру. Әдетте ол мал сойғаннан кейін немесе мал өлексесін зерттегенде ғана анықталады.
Қоздырғышы -саркоцистер тұқымына жататын саркоспоридий деп аталатын бір клеткалы паразит.
Биологиясы. Қазіргі кезде саркоспоридийлердің токсоплазм тәріздес кокцидийлер екені толық дәлелденді. Саркоспоридийлердің өсіп-өну жолдары кокцидийлерге ұқсас. Саркоцистер ұзынша түтік тәріздес болып келеді, көбінесе ет талшықтарының арасына орналасады. Саркоцистердің іші цистозоиттармен толған.
Жетілген саркоцистер ит пен мысық тұқымдастарының ішіне мал етімен түскен соң, сыртқы қабығы қорытылып, іштегі мерозоиттер ащы ішек пен тоқ ішектің кілегей қабатына енеді. Басқа кокцидийлерден бұл паразиттің ерекшелігі - олар ит организмінде тек жыныстық жолмен ғана көбейе алады.
Саркоцистердің спороцист түрлері жемшөппен, сумең малдың ас қорыту органдарына түскен соң, онан қан тамырларына өтіп, бүкіл организмге тарайды. Бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек, көк бауыр және қалың ет қан тамырларынан эндотелий клеткаларына еніп, дөңгелек секілді көп ядролы шизонттарға айналады. Шизонттар жетілген соң мерозоиттар, содан кейін қан тамырлары арқылы ет талшықтарының арасынан саркоцистер түзеді.
Эпизоотологиясы. Ауру жер шарына кең тараған. Совет Одағында қой, шошқа және ірі қара ауырады. Н.Г.Левченко және басқалардың (1982) зерттеулеріне қарағанда Қазақстанда саркоцистоз ауруы ірі қара арасынан табылған.
Ауру иттің, қасқырдың, мысықтың және солар тұқымдастардың нәжісімең былғанған жемшөп, су арқылы жұғады.
Аурудың оршуі және оның белгілері. Саркоцистердің ірі қара, қой, шошқа және басқа мал денесінде бөлініп көбею кезеңдерінде (шизогония) олардың ішкі құрылысын қабындырады. Қан тамырларының қанаты жұмсарып тканьдеріне қан құйылады. Миға қан құйылғандықтан нерв жүйесінің қызметі бұзылады. Бүйректің қызметі өзгеріп, зәр аз бөлінеді. Жүректің ет талшықтары еріп өліеттенеді де, қызметі нашарлайды. Мұндай аурудың өте жіті түрімен мал тек оған паразиттің көп мөлшерімен қолдан жұқтырғанда ғана ауырады. Паразиттердің аз мөлшерімен жұқтырғанда мал денесіне өзгерістер болғанымен ет талшықтарының арасына цистер түзумен аяқталады.
Ит пеи мысық ішектерініц кілегей қабаты қабынып, ас қорыту жүйесі бұзылады.
Ауру белгілері толық зерттелмеген. Ауруды паразиттің көп мөлшерімен қолдан жұқтырғанда ғана мал денесінің қызуы көтеріліп, әлсірейді, сүт шықпай 3-4 күннен соң шығынға ұшырайды. Табиғатта ауру белгісіз түрде өтеді.
Мал ауруға қатты шалдыққанда ғана арықтайды, қозылар әлсіреп, ақыры шығынға ұшырайды.
Ауруды анықтау. Бұл тұрғыда Қазақ мал дәрігерлігі ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ академиясының зоология институты ғалымдарының соңғы жылдары ұсынған флуоресценттік антитела реакциясының маңызы зор. Өлген малдың өңешінен, жүрек етінен немесе бұлшық ет арасынан микроскоп арқылы паразиттердің цисталарын табуға болады. Негізінде ауруды малдың тірі кезінде серологиялық әдіспен анықтайды.
Емі. Кейінгі кездерде химкокцидтің, делагил және хлоридин дәрілерінің емдік қасиеті бары анықталуда.
Аурудан сақтандыру шаралары. Итпен мысыққа піспеген ет және мал өлексесін бермеу керек. Сондай-ақ мысық пен итті мал қора маңынан аулақ жерде ұстаған дұрыс. Аурудан аулақ болу үшін оларға тек піскен тамақ беру қажет.
ТҮЙЕНІҢ ЖӘНЕ БАСҚА МАЛДЫҢ СУ АУРУЫ(трипаносомоз)
Су ауру - түйе мен жылқының созылмалы түрде өтетін қан паразитті ауруы. Ауырғаи мал денесінің қызуы жиі-жиі көтеріліп, бездері ісінеді. Мал азғындап, қатып-семіп қалады. Сол себептен де бұл ауруды халықта «қатпа» деп те атайды. Су аурумен ит, есек, қасқыр және басқа да лабораториялық ұсақ жануарлар ауырады.
Қоздырғышы -трипоносома тұқымына жататын бір тал қылшығы бар трипаносома деп аталатын бір клеткалы, жылан тәрізді паразит. Қылшығы арқылы ирелеңдеп, тез қимылдайды. Трипаносомдар қанда бір клетканың екіге бөлінуі арқылы көбейеді. Паразит өлген малдың өлексесінде 1-2 тәулікке дейін тіршілігін жоғалтпайды. Сұйық азотта (196°С) трипаносомдарды ұзақ уақыт сақтауға болады.
Эпизоотологиясы. Су ауру әдетте Орта Азия мен Қазақстанның жылы аудандарында кездеседі. Бұл ауру Индияда және Африка елдерінде де «сурра» деген атпен кең тараған. Қазақстанда ауру Шымкент, Гурьев, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында түйе шаруашылығының өркендеуіне залалын тигізуде. Ауру үлкен өзендер жағасында, маса-сонасы көп көлшіктер төңірегінде жиі кездеседі. Індетті таратушы қан сорғыш маса-соналар. Ит пен қаскырға ауру өлген мал өлексесінен жұғады.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Трипаносомдардың өсіп-өну кезеңдерінде денеге трипанотоксин деген улы зат бөлініп шығады. Ол қан арқылы тарай отырып, зат алмасу процесінің, нерв жүйесінің жұмысын бұзады. Қанның қызыл түйіршіктері азайып, су тәріздес сұйыққа айналады. Дене мүшелеріне қан құйылып, олардың да қызметі бұзылады. Ауырған мал бірте-бірте азып кетеді.
Түйе мен жылқының су ауруының инкубациялық кезеңі – 1-3 апта. Ауру көбінесе созылмалы түрде өтеді. Қанда паразиттің көбеюіне байланысты дене қызуы оқтын-оқтын көтеріледі. Жұмыс малы тез әлсіреп, болдырғыш келеді. Ауырған малдың көзі жасаурап, тыныс мүшелері, жақ асты, төстің айналасы ісінеді. Сыртқы бездері де үлкейеді. Нерв жүйесінің қабынуына байланысты малдың жүріс-тұрысы өзгереді. Мал артқы аяғын баса алмай, сүйретіп қалады. Жүрек соғуы жиілеп, алқына береді. Аталған белгілер бірнеше айға созылуы мүмкін. Бірте-бірте мал қатты азып, қатпаға айналады.
Өлекседегі өзгерістер. Өлексе арық болады. Жүрек еті өзгерген. Бездері ісініп, үлкейген. Көк бауыр онша үлкеймесе де, ұстасаң езіліп тұрады. Қаны су тәріздес сұйық, жөнді ұйымайды. Ерні, қабағы және жыныс мүшелері ісінген.
Ауруды анықтау. Ауруды анықтау үшін клиникалық, эпизоотологиялық көрсеткіштеріне жүгінеді. Негізінен ауруды микроскоппен тексеру және серологиялық зерттеулер арқылы анықтайды. Микроскоппен Романовский-Гимза әдісімен боялған қан жұғындысынан трипаносомдар іздеп табуға болады. Ескерте кететін бір жайт, паразиттер ауырған малдың бәрінен бірдей табыла бермейді. Ауруды анықтау үшін формалин реакциясын пайдаланады. Ауырған малдың 1 мл қан сарысуына 2 тамшы формалин тамызады. Бір тәулік ішінде қан сарысуы қатып қалса, онда малдың су ауруымен ауырғаны деп есептелінеді. Бірақ бұл реакция онша құнды емес. Себебі басқа жұқпалы ауруларда да формалин реакциясы су ауру белгілерін жалған көрсете береді.
Жылқының су ауруын анықтауға комплементті байланыстыру реакциясын пайдаланады. Бірақ бұл реакция да ауру малды толық ажыратпайды. Ауруды анықтауда соңғы жылдары ұсынған люминесценттік жарықтандыру реакциясының маңызы зор. Су ауруды биосынақ, яғни биопроба жасау әдісімен де анықтайды. Ол үшін тексеретін малдан 3-5 мл қан алып, ұйымас үшін оған 1-2 тамшы гепарин немесе 2 проценттік натрий цитратын қосады. Алған қанды әрқайсысына 1 миллилетрден келетіндей етіп, 4-5 ақ тышқанның тері астына жібереді. Үш-төрт күн өткен соң тышқандардың құйрығынан 1 тамшы қан алып микроскоппен қарау әдісімен күнделікті тексере бастайды. Егер тышқандар қанынан бір ай мерзім ішінде трипансомдар табылса, онда малды ауру деп есептеу керек. Биопроба жасауға ақ тышқандармен қатар, ит, үй қояны, теңіз шошқаларын да пайдалануға болады.
Емі. Су аурумен ауырған малдың күре тамырына оның тірілей салмағының әрбір килограмына 0,01-0,015 есебімен наганиннің 10 проценттік ерітіндісін құяды. Оншақты күн өткен соң наганинді осы мөлшерде тағы бір қайталау керек. Наганиннің мал организміне улы екенін дәрігердің үнемі есте ұстағаны жөн. Бұл дәрінің шаруашылықтарда ұзақ жылдар қолданылуына байланысты, көптеген жерлерден, әсіресе Гурьев, Шымкент облыстарында ауру қоздырғышының наганинге төзімді штаммдары пайда болды. Аталған облыстардың шаруашылықтарында су ауруды наганинмен емдеудің пайдасы жоқтың қасы. Кейінгі жылдары су ауруды емдеу үшін азидин дәрісін пайдалануға болатындығы дәлелденді. Азидин түйелердің қалың етіне, оның тірілей салмағының әрбір килограмына 3,5 мг есебімен егіледі. Бір тәуліктен соң осы процесс, дәл осы мөлшерде тағы бір рет қайталанады. Ал жылқыларға бұл дәріні оның 1 кг тірілей салмағына 5 мг мөлшерде қолданады. Ол үшін азидинді биологиялық тұз ерітіндісіне ерітіп, 10 проценттік концентрацияда сан етіне егеді. Бұл мөлшерді малға қайта қолданудың қажеті жоқ.
Ауырған малды емдегеннен кейін олар 6-10 ай бойы мал дәрігерінің бақылауында болуы керек. Егер ауру қайта шықса наганин және азидин дәрілерімен кезек-кезек емдейді.
Аурудан сақтандыру шаралары. Ауру шыққан шаруашылықтарда түйе, жылқы малын өзен, көл, маңынан аулақ, маса-сонасы жоқ жерлерде ұстаған жөн. Егер мұндай жайылым болмаған жағдайда, малды су аурудан алдын ала сақтау үшін нұсқау бойынша наганин немесе азидин дәрілерін пайдаланады. Ауру шығады-ау деп қауіп туғызған шаруашылықтарда да осындай жұмыстар жүргізіледі. Ауру шыққан шаруашылықтарда малды жылына 3 рет тексеріп, ауырғандарын бөліп емдейді. Өлген малдың өлексесін ит, қасқыр жей алмайтындай етіп өртеп жіберу керек.
ҚИЕҢКІ(трипаносомоз)
Киеңкі (трипаносомоз, қарақаптал) - жылқының созылмалы түрде өтіп, жыныс мүшелерін зақымдандыратын жұқпалы ауру. Ауру күйек кезінде тарайды. Аурудың белгілеріне қарай, оны кейде шыжың, қарақаптал деп те атай береді. Киеңкімен жылкыдан баска есек, қашырлар да ауырады.
Қоздырғышы трипаносом туыстасына жататын қарапайым паразит трипаносомдар деп аталынады. Трипаносомдар жылқының жыныс мүшелерінің кілегейлі қабатында өсіп-жетіледі. Олар екіге және көп бөлшектерге бөліну арқылы көбейеді. Паразиттің морфологиялық құрылысы, су аурудың қоздырғышынан айнымайды. Бірақ су ауру трипаносомдарынан айырмашылығы - ақ тышқан, ит, теңіз шошқасы, тағы басқа да лабораториялық жануарларға жұқпайды. Бұл трипаносомдарды тек үй қоянының ұрық безіне егіп қана көбейтуге болады.
Эпизоотологиясы. Қиеңкі бұрын еліміздің барлық аудандарында кездесетін. Әсіресе 1920-1930 жылдары Орта Азия мен Қазақстанда өте кең тараған. Совет ғалымдары 1930-1935 жылдары киеңкіні егжей-тегжейлі зерттеп, онымен күресу жолдарын ұсынды. Сөйтіп жүргізілген шаралар арқасында 1940 жылдары ауру біржола жойылды. Бірақ кейінгі жылдары Қазақстан мен Қырғызстаннан киеңкі шығып, жылқы шаруашылықтарында зиян келтіруде.
Ауруды бұрын ауырған айғырлар мен биелер таратады. Індет күйек кезінде айғырлардан, сау малға ауру малдан жұғады. Құлындарға ауру биенің сүтінен де жұғуы мүмкін.
Қиеңкінің зерттеу құралдарынан да тарауы ықтимал. Бұл аурудың жалпы жылқы шаруашылығына, әсіресе асыл тұқымды малға, заводтар мен фермаларға аса қауіпті екенін ескерген жөн. Ауру салдарынан буаз мал іш тастайды, кейбір биелер ұрықтанбайды, айғыр жарамды ұрық бермейді және қүйі төмендеп биеге шаппайды, яғни айғыр да, бие де біртіндеп тұқымдық қасиетін жоғалтып, өнімсіз қысыраққа айналады.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Күйек кезінде жылқының жыныс мүшелеріне келіп түскен трипаносомдардың өсіп-жетілуіне байланысты олардың кілегейлі қабаты қабынады. Қілегейлі қабатындағы қан тамырлары зақымданып, зат алмасу процесі бұзылады. Паразиттердің көбеюі кезеңінде трипанотоксин деп аталатын улы зат бөлініп шығып, мал организмін уландырады және аллергиялық реакциялар туғызады. Паразиттер лимфа сұйығы арқылы организмге тарап, омыртқа жұлынын, тіпті миды да зақымдауы мүмкін. Соның әсерінен ауырған мал сал болып, артқы аяқтарын жинай алмай отырып қалады.
Аурудың алғашқы белгісі паразит жұққаннан кейін 3-4жетіден 2-3 ай арасында пайда болады. Айғырлардың ұмасы меп қасасы, яғни тқамшысы ісініп, салбырап түсіп кетеді. Биелердің де сыртқы жыныс мүшелері ісінеді. Ісік тараған мүшелердің терісінде кішкене жарақаттар пайда болып, кейін жазылған соң орны ақтаңдақтанады.
Аурудың екінші кезеңінде жемшөпті жақсы жегеніне қарамастан, мал аза бастайды. Буаз биелер іш тастап, қысырлары айғырға тоқтамайды. Мал терісінің әр тұсына кейін тез жоғалып кететін домалақ-домалақ ісіктер пайда болуы мүмкін.
Аурудың үшінші кезеңінде нерв жүйелерінің зақымдануына байланысты, бір жақ құлағы мен ерні қисайып, салбырайды. Мал екі артқы аяғын баса алмай сал болып, шоқиып қалады. Мұндай мал ақыры өлім-жітімге ұшырайды. Аурудың айтылған белгілерінің ауырған малда түгелдей кездесе бермейтінін ескерген жөн. Тебінді жылқы шаруашылығы жағдайында қиеңкі әсіресе жергілікті мал арасында, көбінесе жасырын өтеді және ұзақ уақыт нақты сыртқы белгілері байқалмайды. Бірақ шаруашылықтардың құлың алудағы көрсеткіші төмендеп кетеді. Ал асыл тұқымды мал жергілікті жылқы тұқымына қарағанда катты ауырады.
Өлекседегі өзгерістер. Қиеңкіден өлген малдың жыныс мүшелерінде ісік бары байқалады. Жыныс мүшесі терісінің сырты ақтаңдақтанған. Бұлардың айналасындағы бездер ісінген. Сан еттері өзгеріп, тарғылданып көрінеді. Көк бауыры әдеттегіден әжептәуір үлкейген.
Ауруды анықтау үшін аурудың белгілерін толық зерттейді. Мұнда малдың қоңына, аурудың белгілеріне көңіл аудару қажет. Бір жақ құлағы мен ерні салбырап кету, шоқиып отырып қалу тек киеңкіде ғана кездеседі. Жыныс мүшелерінің ісінуі де осы ауруға ғана тән. Сонымен қатар микроскоппен қарау да құнды деректер береді. Бұл жолмен зерттеу үшін, жыныс мүшелерінің кілеғейлі қабатының қырындысынан арнайы әйнекке жағынды жасап, Романовский-Гимза әдісімен бояйды. Жағындыдан трипаносом табылса, аурудың киеңкі екеніне еш күмән келтіруге болмайды. Алайда, малдан паразит табу оңайға түспейді. Ауру қоздырғышы жыныс мүшелерінен үнемі табылмай, тек ауық-ауық қана шығып отырады. Жылқыларды жалпылама тексеруден өткізгенде комплементті байланыстыру реакциясын пайдаланады. Ол үшін киеңкіге шалдықты-ау деген күдігі бар малдан түгелдей қан алып, мал дәрігерлігі лабораториясына жібертіп тексертеді. Бірақ бұл реакцияныц ауырған малды түгелдей анықтай алмайтынын ескерген жөн. Ауруды анықтау жөнінде кейінгі жылдары зерттеуден өткен иммундік флуоресценттік реакцияның көмегі зор. Бұл реакция комплементті байланыстыру реакциясына қарағанда ауруды 2-3 есе артық анықтай алады.
Емі. Қиеңкімен ауырған және солармен шағылысқа түскен малды оқшаулап, наганинмен немесе азидин дәрілермен емдейді. Наганинді 10 проценттік концентрациядан ас тұзының 0,85 проценттік ерітіндісіне ерітіп, малдың 1 кг тірілей салмағына 0,015 есебімен күре тамырға құяды. Оншақты күн өткен соң наганинмен қайта емдейді. Бір ескертетін жайт наганин құйған соң малды тұрғызбай, 1-2 сағат кездірген жөн. Өйткені, наганин өте улы дәрі, денеге сіңген соң әр түрлі жағымсыз реакциялар береді. Мал ауырсынып, әр жері ісініп, ақсап, жатып қалады.
Қиеңкіні азидинмен емдеген өте тиімді. Біріншіден, азидинниң емдік қасиеті, наганинге қарағанда едәуір жоғары және емдеу де жеңіл. Екіншіден, бұл дәрімен ауырған малды бір-ақ рет емдейді. Дәріні 10 проценттік концентрацияда, 0,85 проценттік ас тұзының ерітіндісіне ерітіп, 1 кг тірілей салмағына 5 мг есебімен артқы санның қалың етіне егеді. Наганинді де, азидинді де малды емдер алдында ғана еріткен жөн. Дәрілер ерітіндісін келесі күнге қалдырмай, сол күні пайдалану керек.
Аурудан сақтандыру шаралары. Жылқы киеңкісі бірен-саран шығып жүрген шаруашылықтарда ауру кеңінен тарамас үшін, күйек басталмай тұрып бүкіл жылқыны 3 рет қатарынан киеңкіден тексерген жөн. Ауырғандарын оқшаулап, емдейді. Ал, күйек алдында барлық айғырларды бөліп, 1 кг тірілей салмағына 0,01 г мөлшерде наганин егеді. Бұл дәрімен асыл тұқымды биелерді де еккен жөн. Егер күйек бір айдан астам уақытқа созылса, онда сол мерзім өткен соң наганинді қайталап егеді. Тұқымдық құны жоқ айғырлар мен сәуріктерді жылқыдан оқшаулап, піштіріп не тарттырып отыру керек. Жылқы тебініне дербес шаруашылық малын қоспаған дұрыс. Өйткені, ондай жылқылар жылда әр түрлі тебінде болады. Соған орай ауру таратуы мүмкін. Жылқы заводтарында малды қолдан ұрықтандырудың да осы аурудан аулақ болудағы маңызы зор.
ІРІ ҚАРАНЫҢ ТРИХОМОНОЗ АУРУЫ
Трихомоноз - созылмалы түрде өтетін, бір клеткалы қарапайымдылар туғызатын ірі қараның жыныстық ауруы. Ауырған сиырлар іш тастап, қысыр қалады және сүті кеміп, жыныс жолдарының кілегей қабаты қабынады. Бұқалардың белі кетеді яғни тұқым беру қабілеті нашарлайды.
Ірі қарадан басқа тур да, қодас та ауырады. Тіпті қой, ешкі, қоян, теңіз шошқасы мен ақ тышқандардың да ауыруы мүмкін.
Қоздырғышы трихомонадтар деп аталынады. Олар жыныс жолдарының кілегейлі қабатында өсіп-өнеді. Паразитті жатырдың сілекей қабатынан, қағанағынан, іштегі бұзау организмінен де табуға болады. Паразиттің мөлшері 12-17 х3-10 мкм, дөңгелек алмұрт, жұмыртқа тәріздес болып келеді. Алдыңғы жағында үш, артында бір тал ұзынша қылшығы болады. Осы қылшықтары арқылы паразит қозғалысы қамтамасыз етіледі.
Паразитке ыңғайсыз жағдайда қылшықтары мен тербелткіш қабыршағы жоғалып, дөңгелек цист пайда болады.
Биологиясы. Трихомонадтар екіге, кейде одан да көп бөлшектерге бөліну арқылы көбейеді. Қолдан жасалған қоректік заттарда да өсіп-өне береді.
Эпизоотологиясы. Ауру дүние жүзінің көптеген жерлерінде кездеседі. Қазақстанда да кең тараған. Ауруды трихомонозбен ауырған мал күйек кезінде таратады. Негізгі таратушылар - бұқалар. Аурудың жөнді дезинфекциядан өтпеген құралдар арқылы жұғуы мүмкін.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Қүйек кезінде сиыр немесе бұқа жыныс жолының кілегейлі қабатына түскен трихомонадтар тез көбейіп 1-3 күн ішінде оны қабындырады. Соңынан жыныстың қабынуы одан әрі жетіліп, жатырға өтеді де, іштегі төлді зақымдайды. Жыныс жолдарындағы физикалық және химиялық өзгерістерге байланысты іштегі бұзау өлгеннен соң мал іш тастайды (1-3 айлығында). Көптеген сиырлардың қайта күйіті келу мерзімі өзгеріп, көбінесе қысыр қалады. Бұқалар шыбығының кілегей қабаты қабынып, ұрықтандыру қабілетінен айырылады.
Ауру жұққан соң бірнеше сағаттан соң-ақ малдың мазасы кетіп, жан-жағына қарап, құйрығын шүйіре бастайды. 1-2 күннен соң мал қынабының кілегейлі қабаты қызарып, ісінеді. Малдың жыныс жолынан аздаған мөлшерде жылбысқы сұйық шығып тұрады. Кейіннен қынаптың жатырға дейінгі кілегей қабаты күлдіреп, тары дәніндей бүршіктер пайда болады. Бүршіктердің іші мөлдір немесе сарғыштау сұйыққа толы болады. Бұл айтылған белгілер аурудың алғашқы 3-6 аптасында кездеседі. Соңынан ауру созылмалы тұрге ауысады.
Мал іш тастағаннан соң жатыр ішіне іріңді сұйық жиналады. Бұл сұйық мал тұрып-жатқан мезеттерде аз-аздан сыртқа ағып тұрады. Жұмыртқа түтігі мен безі паразиттермен зақымдалған жағдайда мал күйтінің келуі өзгеріп, сиыр бұқадан тоқтамай қысыр қалады.
Бұқалар шыбығының кілегей қабаты ісініп, соңынан тары дәніндей түйіндер пайда болады. Сол түйіндер бірте-бірте жарылып, орнында жара қалады. Бұл кездерде бұқалар сиырға артылудан қашқақтайды, жай тұрғанның өзінде ауырсынады. 2-3 жеті өткен соң аурудың осы белгілері жойылып, күйекке түсу қабілеті қайта қалыптасады. Бірақ бұқалар паразит таратушы болып қала береді.
Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық, микроскопиялық зерттеулермен қатар оның белгілерін де білген жөн. Малды алдымен гинекологиялық тексеруден өткізеді. Сиырлардың қысыр қалу себептерін анықтап, жыныс мүшелерінің зақымдалғанын ажырату керек. Микроскопиялық зерттеу жүргізу үшін сиыр қынабынан, бұқа шыбығынан шыққан жылбысқы сұйықты, түсіктің шуынан алғаң және түсіктің кеуде, іш қуысындағы сұйықты 0,85 проценттік хлорлы натрий ерітіндісіне араластырады да, екі шынының арасына тамызып, микроскоптың үлкейткішімен қарайды. Сондай-ақ бұқалар шыбығының кілегейлі қабатындағы қырынды тексеріледі. Әдетте микроскоппен қарағанда трихомонадтар үнемі қозғалыс үстінде болады. Егер паразиттер көрінбесе, онда әлгі сұйықтарды В. В. Петровский әдісі бойынша қолдан жасалған қоректік заттарға қосып өсіру әдісін қолданады. Мал ауру болған жағдайда қоректік затта трихомонадтар өсіп, көбейеді. Бұқаларды әлгі әдістермен күйекке дейін, ал сиырларды күйек кезінде тексерген жөн.
Емі. Шаруашылықтарда трихомоноз ауруы барын анықтаған соң клиникалық белгілері байқалған барлық малды (сиыр, бұқа, құнажын, тайыншаларды) тегіс емдейді. Сиырларға жатырын жиырып-жазатын дәрілер қолданады. Ол үшін прозериннің 0,5% ерітіндісін, карбохолиннің 0,1 проценттік немесе фуромон дәрісінің 1 проценттік ерітіндісін 2 мл мөлшерінде күніне 3 рет қолданады. Алты күн өткен соң емдеуді тағы бір қайталаған жөн. Жатырды ихтиолдың 8-10 проценттік ерітіндісімен, 0,1 проценттік йод, флавокридин ерітінділерімен немесе нитрофуран қоспасының ерітіндісімен тазалап жуады. Жатырды жуар алдында дәрі ерітінділерінің жылылығын 37-40°С-ге жеткізеді. Малдың жатыры іріңдеген жағдайда күніне 3 жерден синестролдың 1 проценттік ерітіндісін пайдалану керек. 7-10 күн өткен соң сиырды лабораториялық әдіспен қайта тексереді. Паразит табылған жағдайда сиырларды емдеу одан әрі жалғастырылады. Ал табылмаса оншақты күннен соң қайта тексереді.
Бұқалардың шыбығын 8-10 проценттік ихтиол, 0,1 проценттік флавокридин ерітінділерімен жуады. Қалың етіне 10 проценттік фурозолидон ерітіндісін 4 рет егеді.
Осы емдеу әдістерін бекітілген нұсқау бойынша жүргізеді. Бұқаның трихомоноз ауруын тері астына емдеу үшін малдың тірілей салмағының әр килограмына 50 мг мөлшерде тері астына, 10 мг мөлшерде бұлшық етке метранидозол (трихопол) дәрісін енгізеді. Ауру мал тұрған қоралар хлорлы әк ерітіндісімен, 2 проценттік ысытылған сілтілік натрий немесе 5 проценттік креолин ерітіндісімен дезинфекциялайды.
Аурудан сақтандыру шаралары. Барлық мал әрбір үш айда тексеріліп отыру керек. Мал тұрған орынды таза ұстайды. Басқа шаруашылықтардан келген ірі қараның міндетті түрде трихомоноз ауруынан тексерілуі керек. Мал арасынан ерте іш тастау білінген жағдайда түскен түсік бруцеллезден, трихомоноздан тексерілу үшін мал дәрігерлік лабораторияға жіберіледі.
ІРІ ҚАРА БЕЗНОИТИОЗЫ
Безноитиоз - ірі қараның созылмалы түрде өтетін ауруы. Ауырған малдардың терісі және тері асты шелі зақымданады. Алғашқы рет бұл ауруды Қазақстанда 1959 жылы Б. П. Всеволодов тапты.
Қоздырғышы -Безнонти безноити деп аталатын бір клеткалы қарапайымдылар.
Паразиттіф биологиясы. Кейбір ғалымдардың мәліметтеріне қарағанда паразит мал денесіне енген соң, қанның ақ түйіршік клеткаларында көбейе бастайды. Соңынан кан айналысы арқылы мал денесіне тарап, цист түзеді. Цистадағы паразиттер мал денесінде бірнеше жыл тіршілігін сақтайды. Кейін цистадағы трофозоиттар ауырған малдың еті арқылы мысық тұқымдастардың денесіне еніп, сонда жыныстық жағынан көбею процесі басталады. Бірнеше күннен соң мысықтың нәжісі арқылы сыртқа зигоцисталар (ооцист) бөліне бастайды. Ірі қараға ауру осы зигоцисталар арқылы жұғады.
Эпизоотологиясы. Қазақстанда безноитиоз ауруы - Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шымкент облыстарында кездеседі. Кейбір шаруашылықтарда мал басының 20-25 процентіне дейін ауырады. Аурудың кең тараған жерлері - Іле, Сырдария, Арыс өзендерінің бойы. Ауруға ірі қараның барлық тұқымы және жас жағынан да әр түрлі мал бейім келеді. Мұның мысықтар арқылы немесе қан сорғыш шыбын-шіркейлер арқылы да жұғуы мүмкін.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Безноитилердің қан және лимфа тамырлары жолында көбейіп мал денесіне тарауы мүмкін. Паразиттің зат алмасу процесінде улы заттар бөлініп, мал денесін уландырады. Соның әсерінен нерв, қан айналу, зат алмасу жуйелерінің қызметі бұзылады. Кейіннен жұтқыншақ, кеңірдек, көз және тыныс алу жүйелерінің кілегейлі қабатында трофозоиттар цист түзеді. Аталған мүшелердің қабынуы басталады. Мұнан кейін цисталар бездерде, теріде, тері асты шелінде пайда болады. Тері қалыңдап, жүні түсіп, ақтаңдақтанады. Оның жылу өткізу қабілеті бұзылып, мал ыстыққа шыдамайтын болады.
Ауру жұққаннан кейін 6-30 күн аралығында пайда болады. Алғашқы кезде мал денесінің қызуы көтеріліп (41°С), жарыққа қарай алмайды. Терінің әр жері ісініп, қолға жылы және жұмсақ болып сезіледі. Қан тамырының соғуы мен тыныс алуы жиілеп, күйіс қайыруы нашарлайды. Қей кезде іші өтеді. Буаз малдың іш тастауы да ғажап емес. Көзі қанталап, жас ағады. Осы кездерде мұрынның, көздің кілегейлі қабатынан ақшыл, түйіншек цисталарды көруге болады. 5-10 күн өткен соң ауырған малдың терісі қалыңдап, сыртқы жүні түсіп қалады. Тері ақтаңдақтанып жарылады. Кейіннен ісігі азайып, тері жиырылады. Мал азып, көбінесе жата береді. Аурудың жеңіл түрінде айтылған белгілердің болмауы да мүмкін, бірақ көз ішінен цисталар табуға болады.
Өлекседегі өзгерістер. Өлген малды сойған кезде тері асты шелінің ісінгенін байқауға болады. Тері шелінен, көзден, жұтқыншақтың, кеңірдектің кілегейлі қабатынан және сіңірлерден тарыдай ақ түсті цисталар көрінеді. Бездері ісініп, бауыры үлкейеді, оның түсі өзгеріп сарғыш тартады, сыртқы қабағының астына қан құйылады. Бұқалардың ені ісініп, үлкейеді.
Ауруды анықтау үшін оның белгілері мен эпизоотологиясына сүйенеді. Микроскоппен цисталар ішінен паразиттің трифозонттарын көруге болады. Ауру комплементті байланыстыру немесе люминесценттік микроскоппен антителаны жарықтандыру реакцияларымен де анықталады.
Емі әлі жоқ.
Аурудан сақтандыру шаралары. Ауру шыққан шаруашылықтардан ірі қараны басқа шаруашылықтарға ауыстыруға жол бермеу керек. Әр ай сайын ірі қараны безноитиоздан тексеріп, ауырған малды оқшаулайды. Сөйтіп оларды бордақылап, етке өткізіп отыру қажет.
ІРІ ҚАРА ЖӘНЕ ҚОЙ АНАПЛАЗМОЗЫ
Ірі қара мен қой анаплазмозы - көбінесе жылы маусымда шығатын созылмалы ауру. Ауырған малдың қаны азайып, арықтайды. Қой мен сиырдан басқа қодас та, бұғы да, арқар мен киік те ауырады.
Қоздырғышы -анаплазма деп аталатын рикетсийлерге ұқсас паразит. Олар қанның қызыл түйіршіктерінде өсіп-көбейеді. Романовский әдісімен боялған қан жұғындысында паразит ұсақ нүкте секілді көрінеді. Көлемі 0,2-1,2 мкм.
Биологиясы. Анаплазмдар екіге немесе бірнеше бөлікке бөліну арқылы көбейеді. Алғашқы кезде паразитпен зақымдалған қанның қызыл түйіршіктері аз болса, кейіннен көбейіп 30-80 процентке дейін жетеді. Соңынан паразиттер азайып, ауру созылмалы түрге айналады.
Эпизоотологиясы. Ауру барлық жерде кездеседі. Қазақстанда да кең тараған. Ал сау малға ауру малдан кене, сона, маса арқылы жұғады. Малды егу кезінде тазаланбаған ине арқылы да жұғуы мүмкін. Анаплазмоз кене мен маса, соналардың шығуына байланысты маусымдық ауру болып саналады.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Паразиттердің қанның қызыл түйіршіктерінде өсіп, көбеюіне байланысты қанның азаюына әкеліп соғады. Соның әсерінен дене клеткалары оттегімен толық қамтамасыз етілмей, зат алмасу қызметі бұзылады. Белоктардың толық бөлінбеуі салдарынан мал денесі уланып, оның күйі төмендейді. Денесінің қызуы көтеріліп, органдарына қан құйылады, жүрек-тамыр жүйелерінің қызметі нашарлайды.
Анаплазмоздың ірі қара мен қойда жіті немесе созылмалы түрінде өтуі ықтимал. Жазылған малдың қайта ауруы да ғажап емес. Ауру жұққан соң әдетте 2-3 жетіден кейін, үш ай ішінде анаплазмоздың алғашқы белгілері пайда болады. Денесінің қызуы қайта-қайта көтеріліп, жемшөпке қарамайды. Сауын сиырлардың сүті кемиді, 4-6 күн өткен соң ас қорыту жүйелерінің жұмысы бұзылып, күйіс қайыруы нашарлайды. Қозылар жөнді жетілмей қалады. Малдың басы салбырап, тез арада азып-тозады. Қан құрамы өзгеріп, қызыл түйіршіктер саны мен гемоглобин азаяды да қанның ақ түйіршіктері көбейіп кетеді. Малдың небары 15-30 күн ішінде шығынға ұшырауы мүмкін. Ал аурудың созылмалы түрінде айтылған ауру белгілері аздап қана білінеді. Әдетте ауырған мал бірте- бірте айығып кетеді.
Өлекседегі өзгерістер. Өлген малдың өлексесі азғындаған. Көзге көрінетін мүшелеріндегі кілегейлі қабаты ақшылдау болып келеді. Жүрек, бауыр, өкпе қабыршақтарының астына қан құйылғанын байқау қиын емес. Жүрек қабы кеңіп, бауыры іседі, түсі өзгеріп, сарғыш тартады. Көк бауыры 2-3 есе, ал бездері аздап қана үлкейеді. Қуығы кеңіп, зәрге толған.
Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық және клиникалық көрсеткіштерін есепке алған жөн. Негізінен ауру боялған қан жұғындысын микроскоппен қарау арқылы анықталады. Мұнда қан қызыл түйіршігінен анаплазмоздарды көруге болады. Ауруды комплемент байланыстыру реакциясы (РСҚ) арқылы да анықтауға мүмкіндік бар. Люминесенттік әдіспен жарықтандыру реакциясының да маңызы зор. Кейде бұл ауруды даулы, белгісіз жағдайда, малдың көк бауырын хирургтік әдіспен алып тастау арқылы-ақ анықтауға болады. Мұндай жағдайда мал қайта ауырып, қандағы паразит саны көбейеді.
Емі. Бірден-бір емдік қасиеті бары - тетрациклин қатарындағы антибиотиктер болып саналады. Тетрациклин, окситетрациклин және омоморфоциклин дәрілерінің 0,5-0,1 проценттік ерітіндісі малдың әр кг тірілей салмағына 5-10 мың ЕД мөлшерде 4-5 рет бұлшық етке құйылады. Бұл дәрілердің алғашқы екеуін 3 проценттік ерітінді түрінде глюкозамен қосып қан тамырына бірден құюға да болады. Сондай-ақ мал салмағының 1 килограмына 10 мг мөлшерінде хлортетрациклин және 30-40 мг мөлшерінде биовитин ішкізу керек. Малдың тірілей салмағының 1 килограмына 2-3 мг есеппен қолданса имидокарбтың да емдік қасиеті бар. Бұлармен қоса ауырған малдың жүрек жұмысын жақсартатын дәрілер беріледі. Витаминдер (В1, В2, В12) мен микроэлементтердің де артықшылығы жоқ.
Аурудан сақтандыру шаралары. Ауырған малды оқшаулап, жеке емдейді. Аурудан сау қой отарларына ауырған мал қосуға болмайды. Кене, маса, соналарға қарсы күресті күшейтеді.
Мал аурулары (Құратсырған З.Қ. Қожабеков). -Алматы: 1989. -Б.247-272.
Жарияланған-2023-12-01 12:23:58 Қаралды-358
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина