ШОШҚА АУРУЛАРЫ
ОБА
Бұл - жұқпалы індет. Жіті түрінде қанталайды немесе дене мүшелеріне қан құйылады. Жітілеу және созылмалы түрде өткенде өкпе мен тоқ ішек қабынады.
Шошқа обасы алғаш рет 1903 жылы Швейниц жк Дорсет оба қоздырғышының тегі вирус екендігін анықтады. АҚШ-та (1936) Мак-Брейд, СССР-де (1939) И. И. Кулеско кристалл виолетвакцина жасап шығарды. 50-ші жылдардан бастап оба вирусының әлсіздендірілген штаммдарынан алынған (Ровак, 8ҒА Гудзон және Қ.) құрғақ вирус вакциналар қолданыла бастады.
Қоздырғышы - РНҚ-лы вирус. Вирустың серологиялық А және В группасы бар. А группасымен шошқалар барлық жаста ауыра береді. В группасы торайлар үшін қатерлі және табында аурудың белгісіз және созылмалы түрін қоздырады. Оба вирусы ірі қара диареясы вирусымен антигенді туыстас. 60 градус ыстықта вирус 10 минутта өледі.
Тоңазытылған етте вирус бірнеше жыл сақталады. Бірақ кида, өлекселерде 3-5 күннен кейін өліп қалады. Зарарсыздандыруға қолданылатын заттардың ішіндегі ең тиімдісі - натрий сілтісінің 2-3 проценттік ерітіндісі, 2,5 проценттік формальдегидтің және 15-20 проценттік хлорлы әктің судағы тұнбасы.
Эпизоотологиясы. Табиғи жағдайда обамен үй шошқалары мен жабайы шошқалар ауырады. Бұл ауруға асыл тұқымды шошқалар өте бейім келеді. Жабайы шошқалар ауруға онша көп шалдыға қоймайды. Аурудың көзі - вирус таратушы. Ал вирус тарататындар - ауру және аурудан айыққан үй шошқалары мен жабайы шошқалар.
Вирус ауру шошқа денесінен сыртқы ортаға оның зәрі, нәжісі, танаудан аққан маңқасы және көзінен аққан жасымен таралады. Ет комбинаттарында, мал соятын қасапханаларда т. б. жерлерде зарарсыздандырылмаған қалдықтар, сойыс өнімдері, өлекселер, малдың қиы, төсеніші, азығы, суы арқылы да ауру тарала береді. Сөйтіп, қоздырғыштар ас қорыту, тыныс алу органдары, шырышты қабаттар және зақымданған тері арқылы организмге өтеді.
Шошқа обасы жылдың кез келген мезгілінде пайда бола береді. Бірақ күз айларында өте жиі байқалады. Әдетте ауру мал дәрігерлік шаралар деңгейі төмен шаруашылықтарда жиі шығады.
Егер мал бұрын егілмеген болса аурудың кең етек алып кетуі мүмкін. Вирус ауру таратқыштар арқылы жұқса алғашында бірлі-жарым шошқа, 10-14 күннен соң бүкіл табын, ал азық арқылы жұққанда 2-3 күн ішінде мал түгел ауырады. Ауру бүкіл табынның 95-100 процентіне жайылады. Ауырған мал түгел өледі.
Вирустың сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталуы аурудың тұрақты ошақтарының пайда болуына байланысты. Мұндай ошақта аурудан айыққан жануарда иммунитет пайда болады, әрі ауру қайта өршігенде баяу, созылмалы түрде өтеді. Торайлар өспей қалып, күннен-күнге арықтай береді. Азығы да, күтімі де нашар болғанда обамен бірге басқа аурулар (пастереллез, сальмонеллез, колибактериоз т. с.) да қосарлана өтеді.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Оба вирусы денеге енісімен лимфа тканьдерінде көбейеді де 6 сағаттан соң тері астындағы лимфа түйіндеріне өтеді. Бір тәуліктен кейін қанға жетіп, организмге түгел жайылады, бірақ негізінде талақта, лимфа түйіндерінде, жілік майында, бауырда жинақталады.
Вирус енгең қан тамырларының эндотелий қабаттары зақымданады. Олар жарылып кетеді де жаппай қан құйылу басталады. Соның салдарынан қан айналу жүйесі бұзылады да лимфа түйіндерінде, ішекте және басқа да органдарда некроз, ал талақта инфаркт пайда болады.
Қан түзілу органдарының зақымдануына байланысты иммунды жүйенің қызметі бұзылады. Ми тканьдері қабынып, қозу, тырыспа, қояншық т. б. белгілері пайда болады.
Жасырын кезеңі 5-8 күнге созылады. Кейде 3 күнде өтіп, ал кейде 2-3 аптаға да созылуы мүмкін. Аурудың өтуі әдетте жіті, жітілеу, созылмалы болып келеді. Қенеттен ұстайтын түрінде, кейде мал денесінің қызуы көтеріліп, 41 градустан асады, тыныс алуы мен тамыр соғуы жиілейді, терісінде ашық қызыл түсті дақтар пайда болады. Ауырған мал құса-құса әбден әлсірейді. Ақырында 1-2 күн ішінде өледі. Аурудың бұл түрімен әдетте жас шошқалар ауырады.
Ал енді жіті түрі кезінде мал денесінің қызуы үнемі 40-41°С-қа дейін көтеріледі, құсады, жалпы күйі төмендеп әбден әлсірейді, іші қатады, кейде нәжісіне қан араласады, көздің дәнекер қабығы қабынады (коньюнктивит). Буаз мегежіндер іш тастайды, тәлтіректеп жүреді, жотасы бүкірейіп, бүкшиіп қалады, шөлдей береді. Санның ішкі жағының терісі, бауыры, мойыны мен құлақ түбі сары суға толып күлдіреп кетеді. Артынан кан құйылудың салдарынан денеге қызыл қоңыр дақтар қаптап, қолмен уқаласа да кете қоймайды. Біртіндеп тұмсығы, құлағы, бауыры, сирақ терісі көгеріп кетеді. Қайта-қайта талмасы ұстаған малдың 7-10 күннің ішінде өлуі мүмкін.
Обанын, жітілеу түрі 2-3 жетіге созылады. Негізінен тыныс алу мүшелері (кеуделік формасы) және ішек-қарын (ішектік формасы) зақымданады. Егер өкпе зақымданса күшті жөтел пайда болады, тыныс алуы қиындайды, кеуде сүйектері ауырады, ішекті жайлайтын түрінде тоқ ішектің шырышты қабаты асқынып қабынады, іші қатады. Қейіннен іші өте бастайды. Мал арықтап, әлсірейді, бір орында жата береді. Ақыры өледі.
Аурудың созылмалы түрі екі айға, кейде одан да көпке созылады. Малдың оқтын-оқтын іші өтеді, кейде безгек ұстап, кейде ұстамайды, азықтан қалады, жөтеледі, бірте-бірте арықтап, терісі қабыршақтанып түлейді. Егер бұл аурудың жітілеу және созылмалы түріне басқа індет қосарланса ауру белгілерінің өзгеруі мүмкін. Бірақ қалай болғанда да ауру шошқалардың бойы өспей қалады.
Өлекседегі өзгерістер. Сойып қарағанда дене мүшелеріндегі өзгерістер аурудың өту түріне, асқыну дәрежесіне және шошқаның жасына қарай әр түрлі болады.
Аурудың өзіне тән өзгерістерін анықтау үшін бірнеше өлексе сойып көру қажет. Аурудың жіті түрінен өлген сақа шошқаның терісіне, шырышты және ұйыма қабаттарына, әсіресе ас қорыту жүйесіндегі паренхиматозды дене мүшелеріне, көмекей үстінің, қуықтың шырышты қабатына, өкпе капсуласы мен плеврасы астына, бүйрек қуысына қан құйылады. Бүйрегі бозғылт тартады, талақ онша үлкеймейді, бірақ 35-60% жағдайда оның айналасында қышқыл қызыл түсті бөртпелер пайда болады. Аурудың жітілеу және созылмалы түрінде өзгерістердің көпшілігі негізінен тыныс алу және ас қорыту жүйелерінде байқалады. Кеуделік форма кезінде өкпеде әр түрлі қабынулар өршиді. Өкпесі тесіледі. Жітілеу түрдегі ішектік формасында асқазанда ірінді сарысу жиналып, ішек қабынады. Ал аурудың созылмалы түрінде крупозды және дифтериялы жара болып зақымданады. Аурудың осы түріне әсіресе тоқ ішек бөлімі қатты шалдығады. Оның қабатын кебек тәрізді кабыршақ жауып кетеді, ішек қабырғасы қалыңдайды, көлденеңінен бүрмеленіп қатпарланады.
Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық деректер мен клиникалық белгілерге сүйену керек. Сондай-ақ бактериологиялық зерттеу арқылы малдың бактериялы аурулардан сау екендігін анықтап алған жөн.
Жыл маусымының ауысу жағдайларына қарамастан обаға барлық жастағы шошқа шалдығады. Бұл ауру өте тез тарайды. Тоқ ішектің дифтериялы зақымдануы мен өкпенің қабынуы да осының айғағы. Түсініксіз жағдайларда сау торайларға жұқтыру (биопроба) арқылы көз жеткізуге болады.
Африкандық оба, тілме, пастереллез, сальмонеллез, Ауески ауруы, дизентерия, вирусты гастроэнтерит, энзоотикалы өкпе ауруы (пневмония), улану сияқты індеттердеи ажырата білу қажет.
Емі әлі анықталмаған. Ауырған шошқалар дереу сойылады.
Иммунитеті. Аурудан айыққан шошқалардың денесінде тұрақты иммунитет пайда болады. Қазіргі уақытта алдын алу шарасы ретінде қоян денесінде немесе клеткалар культурасында өсіріліп, әлсіретілген оба вирусының штаммдарынан алынған құрғақ вирусвакцина қолданылады. СССР-де қоян денесінде өсірілген штаммынан алынған вирусвакцина кең қолдау тапты. Шошқа эмбрионының бүйрек клеткаларына (Н. Қ. Мишенко) және қошқарлар клеткасына өсіріліп (В. И. Попов) алынған 2 түрлі культуралы вирусвакцина да қолданылып жүр. Вакциналарды аэрозольды тозаңдату және азыққа, суға қосып берудің аса тиімді екендігі анықталған. Шошқаның ең қауіпті індеттері - обаға, тілмеге, Ауески ауруына, пастереллезге және сальмонеллезге қарсы бір мезгілде егу шараларының да пайдасы зор.
Аурудан сақтандыру шаралары. Сақтандырудың басты мақсаты шаруашылыққа (фермаға) оба вирусының тарауынан қорғау. Ол үшін басқа шаруашылықтан әкелінген мал 30 күндік қатаң карантиннен өтуге тиіс. Азықтың тазалығы мен зарарсыздығын бақылап отыру керек. Әрбір шошқа фермасы қақпалар.ының кіре берісі мал дәрігерлік-санитарлық өткізгіштермен жабдықталуы қажет.
Міндетті түрде барлық шошқалар обаға қарсы егілуге тиіс. Оба белгісі білінсе бір табыннан екінші табынға мал ауыстыру дереу тоқтатылады да ауру шошқалар оқшауланады. Шошқа тұрған қора-қашалар натрий сілтісінің 2-3 проценттік ерітіндісімен зарарсыздандырылады. Егер оба бар екені расталса шаруашылыққа (фермаға) карантин қойылады. Мұндайда бордақыдағы, қосалқы және асхана маңындағы шаруашылықтардың шошқасы түгел сойылады. Асыл тұқымды шошқа шаруашылықтары мен товарлы шаруашылықтарда ауру және ауру-ау деген күдік туғызған мал сойылып, қалғандары дереу егіледі.
Жаңа туған торайларға суға қосылып вакцина беріледі, немесе оны қалың етіне егеді. Өлекселер өртеледі. Шошқалар тек арнайы орындарда ғана сойылады. Аурудың таралуын тоқтату үшін шошқа сойғанда терісін сыпырмай, үйітеді де, жақсылап ыстық сумен жуады.
Барлық бөлме мен аула ауру шыққан әрбір жағдайдан соң тазаланып, зарарсыздандырылады. Бұл жұмыс карантин ашылғанша араға бес күн салып қайталанып отырады. Қи биотермиялық әдіспен залалсыздандырылады. Қажеті жоқ бұйымдар өртеледі.
Оба шыққан шаруашылықтан осы аурумен ауырған ең соңғы шошқа өлген не сойылғаннан кейін, сондай-ақ қора-қопсы дезинфекцияланып, кемірушілерге қарсы күрес жүргізіліп, қи залалсыздандырылғаннан кейін 40 күн өткенде карантин ашылады. Шаруашылыққа қойылған шек карантин ашылғаннан кейін 12 айдан соң жойылады.
ТІЛМЕ
Шошқа тілмесі жіті түрінде өткенде малды септицемияға ұшырататын, терісін қызартып, теңбілдендіретін, созылмалы түрінде жүрегі мен буындарын қабындыратын жұқпалы ауру.
Қоздырғышы - барлық жерде кездесетін, микроорганизмдер қатарына жататын бактериялар.
Мекендеу жағдайына байланысты олардың морфологиялық, вируленттік, антигендік және иммуногендік қасиеттері әр түрлі болады. Микроб қоректік ортаны талғамайды. Ауалы және ауасыз жағдайда МПБ, Хоттингер қоректік ортасында жақсы өсе береді. Қозғалмайды, спора және капсула түзбейді. Грам бойынша оң және негізгі анилин бояуларымен боялады.
Тілме бактериясы қолайсьіз жағдайларға төзімді. Суда, топырақта, садырада, өлекселерде көптеген айлар бойы сақталады. Тұздалған және кептірілген тағамдарда өлмейді. Бактериялар ыстықтау жерде, кейбір антибиотиктерден, залалсыздандырушы заттардан (натрий сілтісі, формалин, хлор, әк т. б.) қырылып қалады.
Эпизоотологиясы. Тілме - дүние жүзінде, соның ішінде СССР-де және Қазақстанның барлық аймақтарында кең тараған жұқпалы ауру.
3-12 айлық торайлар жиі ауырады. Жаңа туған торайлар 40 күнге дейін енесінің сүтінен баратын иммунитетіне байланысты ауырмаса, сақа шошқалар табиғи төзімділігінен, бұл аурудың жасырын формасымен ауырып жазылғандықтан ауырмайды.
Тілмемен кейде үй шошқасынан басқа жабайы шошқалар, тағы басқа сүт қоректі үй жануарлары мен құстар да ауырады. Тілменің қозылар, күрке тауықтар, үйректер, кемірушілер арасында едәуір дәрежеде етек алып, қайта өршуі байқалады. Қөптеген жануарлар қоздырғыш таратушы болып табылады. 'Гілме бактерияларын теңіз бен өзен балықтарынан, шыбын-шіркейлер мен бунақ аяқтылар денелерінен көптеп табуға болады. Тілмемен адам да ауырады.
Тілме қоздырғышының өте төзімділігі мен кең тарағандығы-ақ оның таусылмас көзін туғызады. Сол себептен тілмені табиғи тұйықталған ауруларға жатқызады.
Ауру қоздырғышы ауру шошқалардың нәжісі, несебі, ал сау шошқалардың көмекей және ішек бездері арқылы тарайды. Бұлар қалыпты тіршілік жағдайы кенеттен өзгергенде аурудьщ сырттан өнбей-ақ өршуіне себепші болады.
Әдетте ауру кең таралмайды. Онымен малдың 20-30 проценті ғана ауырады. Бірақ сол ауырған малдың 55-80 проценті өлім-жітімге ұшырайды.
Ауру көбінесе көктем мен жазда шығады.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Тілме бактерияларына мал денесінің төзімділігі мықты болса ауру жергілікті түрде өтеді. Егер мал арықтап, әлсіресе қоздырушылар ақыры дененің төзімділігін жеңіп, қанға, қан шығару жүйелеріне толық тарайды.
Індет асқынса тромбоз, ісік, ішкі дене мүшелері мен теріде кан іркілу, зат алмасудың бұзылуы сияқты құбылыстарды өршітеді. Ауру жіті өткенде септицемияның ауыр белгілері айқын білініп (гипертермия, жүрек қызметінің әлсіздігі, өкпенің ісінуі), ақыры мал өлімімен бітеді. Жануарлар бойында ауруға қарсы тұрарлық төзімділік қалса және залалдылығы әлсіз қоздырғыштар енгенде ауру жеңіл өтеді де, жітілеу немесе созылмалы түрі өршиді. Мал денесі бір қызып, бір суиды, терісі қанталап, әр жеріне қып-қызыл тілме дақтары түседі. Жүректің ішкі қабаты мен аяқ буындары қабынады.
Ауру денеде 2-5 күндей, кейде бұдан да ұзақ болады. Өйткені қоздырғыштың саны, залалдау қабілеті, мал денесінің қорғану қуаты, сондай-ақ сыртқы ортаның әсерінен тілме кенеттен өте жіті, жіті және созылмалы түрде өтеді. Сонымен қатар теріні ұсақ-ұсақ қанталатып, жасырын түрге көшуі де мүмкін.
Аурудың кенеттен болатын түрі көбінесе бордақылауда тұрған 7-10 айлық торайлар арасында, әсіресе қора лас, мал күтімі нашар болғанда байқалады. Торайлардың кенеттен жалпы күйі төмендейді, жүрек қызметі бірте-бірте әлсіреп, бірнеше сағаттан соң өледі. Аурудың өте жіті түрінде тілме бүкіл қанды жайлайды. Малдың жалпы күйі төмендеп, денесінің қызуы аяқ астынан 42 градусқа дейін, кейде одан да жоғары көтеріліп кетеді. Ауру мал жата береді, азық-судан қалады, жүрсе аяқтары ағаштай сіресіп, ерік бермейді, денесі қалтырайды, жүрек қызметі әлсірейді, соның салдарынан өкпесі ісініп, тыныс алуы қиындайды, бауырының, мойнының және жақ асты терісі көгеріп кетеді. Ауруға шалдыққан алғашқы 1-2 күнде кейбір жануарлар денелерінің әр жерінде қызғылт дақтар пайда болады да олар біртіндеп қызыл қоңыр түске ауысады. Ауырған малға ем жасалмаса 2-4 күннен кейін өледі. Жіті тілме жеңілдеу, терілік түрде өтеді. Мал денесінің қызуы 41°С-қа дейін, кейде одан да астам көтеріледі. Азыққа қарамай, шөлдей береді. 1-2 күннен кейін басының, денесінің терісінде үш бұрышты, төрт бұрышты, дөңгелек, тығыз қабынған ісіктер пайда болады. Аурудың бұл түрі көбінесе зарарсыз болып өтеді. Ауру салдарынан шыққан дақтар бірте-бірте ағарады, содан соң мүлде жоғалып кетеді, кейде олардың орны өліеттеніп, тыртыққа айналып жазылады. Дер кезінде ем жасалса мал айығады.
Аурудын, созылмалы түрі көп жағдайда жіті немесе қанды жайлайтын түрінің жалғасындай болып өтеді. Оған некроз, веррукоз, эндокардит, дене мүшелерінің және басқа созылмалы қабынуы қабаттасады. Некроздар кейде дененің көп жеріне жайылып, қатты қабыршаққа айналады. Бұл бірнеше айға созылады. Жүрек қабынған кезде демікпе, анемия, ісік пайда болады, мегежіндердің күші кетіп, қатты арықтайды. Аяқ буындары, ең алдымен ортан жілік және тірсек буындары, кейде тұсамыс және бақай буындары ісінеді. Мегежіндер ақсап, әрең-әрең жүреді. Аурудан айыққан малда ауруға қарсы тұрақты төзімділік пайда болады.
Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық деректер, сойып қарағандағы клиникалық өзгерістер, бактериологиялық зерттеулер ескеріледі. Өлексені сойып қарағанда аурудың өте жіті түрімен ауырып өлген мал өлексесінде төс, шап терілерінің көгергенін, жіті түрімен ауырып өлген мал жотасының, бүйірінің қызыл қоңыр дақтарын көруге болады. Дене бездері ұлғайып, қанталайды, өкпесі ісініп, кей жерлері қабынады, жүрек еттері босайды. Талақ, бауыр, бүйрек қанталап, қанға толып кетеді. Жүрек қабынғанда қан өтетін клапандарда фибринді теңбіл түзілістер пайда болады. Буындар қабынып, ісінеді.
Тілмені обадан, пастереллезден, қылаудан, листериоздан, топалаңнан тағы басқалардан ажырата білу керек.
Тілменің созылмалы түрін созылмалы обадан, ликоплазмозды полисерозиттен, полиартриттен, стрептококктан және корннебактерия індеттерінен, рахит пен остеомаляциядан ажырата білмей болмайды.
Емі. Тілмеге қарсы қан сарысуымен антибнотиктер қолдану тәсілі өзін-өзі жақсы ақтап жүр. Қан сарысуы малдың тері астына немесе қылау етіне тірілей салмағының әрбір килограмына 1-1,5 мл мөлшерде жіберіледі. Антибиотиктердің ең тиімдісі пенициллин, ол малдың тірілей салмағының әрбір килограмына 2-3 мың ЕД мөлшерінде әрбір 6-8 сағат сайын егіледі. Пенициллин қан сарысуына ерітіледі. Малға әл, күш-қуат беретін дәрілер қолданған да дұрыс.
Аурудан сақтандыру шаралары. Бұған ең алдымен зоотехникалық-мал дәрігерлік, санитарлық ережелерді, бағып-күту және азықтандыру талаптарын қатаң ұстау жатады.
Арнайы сақтандыру шаралары ретінде вакциналар, әсіресе БР-2 румын штаммынан және депозиттелген Д. Ф. Конев штаммынан алынған тірі вакциналарды пайдалану керек. Сондай-ақ қойылтылған гидроасқын аллюминий формалвакцинасының пайдасы зор.
Вакцина жоспар бойынша 2 айлық торайдан бастап, қоғам және дербес шаруашылық малына түгел егілуге тиіс.
Тілмеге қарсы вакцина оба, Ауески, қылау, пастереллез ауруларына қарсы қолданылатын вакциналармен комплексті түрде егіледі. Бұл ауру пайда болған шаруашылықтан мал алуға, зарарсыздандырылмаған ет, тағы басқа өнімдер алуға тыйым салынады. Қоралар жақсылап тазартылып, дезинфекцияланады. Ауру мал оқшауланып, емделеді. Амалсыз сойылған малдың еті міндетті түрде қайнатылады.
Барлық малға вакцина егіліп, қоралар, қоршау-шарбақтар, мал күтіміне керекті құрал-саймандар тазаланып, зарарсыздандырылғаннан кейін, ең соңғы ауырған мал шығын болып немесе жазылған соң 14 күн өткенде шаруашылыққа қойылған шек алынады.
АТРОФИЯЛЫ РИНИТ (ИАР)
Шошқалардың, әсіресе торайлардың танау қуысын зақымдайтын танаудың сілекей қабатын іріңдетіп, қабындыратын және жақ сүйектерін өзгертіп жіберетін жұқпалы ауру.
Қоздырғышы. Қөптеген шет ел және совет ғалымдарының зерттеулері бойынша, аурудың қоздырғышы бардетелла бронклисептика және пастерелла мултокида. Танаудан алынған маңқаны суыққа 4 ай бойы қатырғанда ауру қоздырғышы өлмейді. Натрий сілтісінің 3% ыстық ерітіндісі, 1% формальдегид ерітіндісі және 20% жаңа сөндірілген әк қоздырғыштары 3 сағаттан соң өлтіреді.
Эпизоотологиясы. Індет қоздырғышының көзі пысқырғанда, жөтелгенде, танаудан аққан маңқадан сыртқы ортаға қоздырғыш шашатын ринитпен ауырып жүрген шошқалар болып табылады. Ауру қоздырғышы негізінен ауа арқылы жұғады. Себебі ИАР - кәдімгі тыныс алу жүйелерінің індеті.
Қоздырғыштар сырттан әкелінген ауру шошқалардан да жұғады. Көбінесе ауруға 1-3 күндік торайлар шалдығады. Марқайған торайлар мен сақа шошқалар риниттің асқынған түрімен, мегежіндер жасырын түрімен ауырады.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Бұл ауру өте баяу өршиді. Ол тек 3-4-ші жылы ғана асқынып, етек алады. Шошқа дұрыс күтіп-бағылмаса, дұрыс азықтандырылмаса шаруашылықтың аурудан айықпауы мүмкін. Сауықтыру шаралары дер кезінде жүргізілмесе қосарлы індеттер пайда болып, ауру бұрынғыдан да асқынады. Торайлардың 50-80 проценті ауруға шалдығады, өспей қалады, өкпе ауруына шалдығуына байланысты шаруашылық орасаң зор экономикалық зиян шегеді.
Мегежіндерді азықтандыру сапасы нашар болса іштегі торайлардың зат алмасуы бұзылады. Торай денесінде фосфоркальций алмасуының өзгеруінен жаңа туған торайлардың тыныс алу жолдарының жоғары бөлігінің шырышты қабаты нашар жетіліп, мүжіледі. Осы өзгерістердің әсерінен торайлардың танау қуысындағы ауру туғызуға мүмкіншілігі бар әр түрлі микробтардьің қабілеті артады да, ауруды ушықтырады.
Әдетте, ауруға тән өзгерістерге танау шеміршегі мен шырышты қабаттың ішкі бөліктері және малдың жақ сүйектері ұшырайды. Танау қуысы қабаттарының кеміп, тарылуы ұлғайғанда дененің газ алмасуы бұзылады да, өкпе қабынады.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Жасырын кезеңі 3-15 күн. Ауру созылмалы және жітілеу түрде өтеді. Торайларға тіршілігінің алғашқы күні жұғады. Ауруға шалдыққан торайлар түшкіреді, тұмсығымен айналасындағы заттарды түрткілей береді, танауынан қою маңқа ағады да, біртіндеп ірің араласады. Ауру асқынса танауынан қан кетуі мүмкін. Көзінен үнемі жас ағып тұрады да ішкі бұрыштарында қара дақтар пайда болып, қабақтары ісініп кетеді. Осы кезеңде кейбір торайлардың өкпесі қабынады, іші өтеді. Ауруға шалдыққан торайлардың көпшілігінің танау терісі жнырылып, астыңғы еріні алға қарай шығып кетеді, сөйтіп шөп жей алмай қалады. Танауының екі қуысы да қабынса, ол бітеледі. Ал егер бір жақ танауы ғана қабынса онда үстіңгі иегі оңға немесе солға қарай қисайып кетеді. Ауырған 3-4 айлық торайлардың 15-50 проценті осындай өзгерістерге ұшырайды.
Ауру созылмалы түрде өткенде танауынан үнемі ірің аралас маңқа ағады, тынысы тарылып, қырылдайды. Көбінесе түшкірік пен жөтел пайда болып, кейде олар малды тұншықтыра жаздайды. Ауру торайлар сау торайға қарағанда салмақ қоса алмай, бойы өспей қалады.
Ауруды анықтау үшін клиникалық белгілерімен сойып қарағандағы өзгерістеріне және эпизоотологиялық зерттеулер негізіне сүйену керек.
Әсіресе аурудың клиникалық белгілері айқын байқалса (аузы қисайып, тұмсығы бітелсе) оны анықтау қиын емес.
Сырттан әкелінген мегежіндер торайларының кейбіреуі түшкірсе, көзінің алдына қара дақ түссе, танауынан маңқа ағып, жағы қисайса осы ауруға тән өзгерістер деп есептеп, түпкілікті анықтау үшін өлген 3-4 торайды (бас сүйегін маңдайдан күрек тістері арасына дейін тура тіліп) сойып көреді.
Емі. Арнайы емі жоқ. Антибиотиктер мен сульфаниламид препараттары қолданылады. Бордетелла микробтары, әсіресе сульфанетазин мен сульфатиазолға сезімтал келеді. Әрбір кг тірілей салмағына 30 миллиграмнан трибиссен, триметоприм және сульфадиазин қолданса торайлардың індетке деген төзімділігі артады.
Ауырып, артынан жазылған торайлардың індет қоздырғыштарын таратушыға айналуы мүмкін. Сондықтан оларды одан әрі өсіруге қалдыруға болмайды. Оларды семіртіп ет комбинатына өткізеді.
Аурудан сақтандыру шаралары. Шошқаның атрофиялық ринитін жою және сақтандыру үшін малды дұрыс сұрыптау, мегежіндерді сапалы азықтандыру қажет, мал дәрігерлік-санитарлық шараларды, шошқаларды өсіру мен семіртудің, төл алудың зоотехникалық ережелерін қатаң сақтау керек. Сырттан әкелінген асыл тұқымды шошқаларды әбден тексеріп, карантинге қояды. Алынған төлдің денсаулығын қадағалап, бақылау қойылады. Тәжірибеге қарағанда тек мал дәрігерлік-санитарлық шараларды орындау және атрофиялы ринитпен ауырған шошқаларды жалпы топтан оқшаулау арқылы шаруашылықты сауықтыру мүмкін емес.
Шартты түрде сау шошқалар торайларының ішінен атрофиялы ринит індетімен ауырған бір торай табылса, мегежіндерді барлық торайымен қоса оқшаулап, бордақылайды да етке өткізеді.
Егер ауру кеңінен жайылып, табынның 50 процентінен астамы ауырса, дереу барлық шошқа семіртуге қойылады.
Ферма территориясы мен шошқа тұрған жерлерді тазартып, натрий сілтісінің ерітіндісімен, креолинмен, коилонафтпен, формальдегидпен, жаңа сөндірілген әкпен зарарсыздайды.
Егер жыл бойы ауру шықпаса және негізгі межегіндер соңғы екі төлдегенде де сау торайлар туса шаруашылықты шошқаның атрофиялық ринитінен аман деп есептейді.
АУЕСКИ АУРУЫ (жалған құтырма)
Ауески ауруы жіті түрде өтетін вирусты жұқпалы ауру. Ауру шошқалардың, әсіресе тыныс алу жүйелері зақымданып, безгек ұстаса, жас торайлардың орталық ми жүйелері қабынады. Жылдың төрт маусымында да шыға береді.
Қоздырғышы - ДНҚ құрамдас герпес вирусы. Антигені біртекті. Оны қанның құрамынан, ішкі органдардан, мидан және жұлыннан, без түйіндерінен, бұлшық еттер мен теріден табуға болады. Сондай-ақ шошқаның көмекей безінде, тамақтың шырышты қабатында және тыныс жолдарында да орналасады. Тауық жұмыртқасы мен пробиркадағы ткань клеткаларында өсіруге болады.
Вирус малдың қиы жиналғаң үйіндіде 8-15 күн, шөп пен сабанда 40 күн, тышқан өлекселерінде 185 күн сақталады. Ыстыққа (70°С-та 15 минуттың ішінде өледі), қышқылдар мен сілтілерге де төзімсіз.
Эпизоотологиясы. Ауески ауруының вирусына сүт қоректі жабайы және үй жануарларының барлығы бейім келеді. Шошқаларда вирустың табиғаттағы негізгі қоры жинақталғандықтан олар осы ауруға жиі шалдығады.
Ауески ауруының вирусы төлден сақа малға дейін жұға береді. Шошқалар кез келген жасында шалдығады. Бұл ауру мегежіндерде ғана. залалсыз өтеді, ал жаңа туған торайларды 100% өлім-жітімге ұшыратса, 2 айлық торайлардың 40 проценті, 3-5 айлық торайлардың 3-5 проценті шығын болады.
Індеттің негізгі көзі - ауру мал. Олар маңқасы, зәрі, сүті және тыныс жолдарынан аққан шырыш арқылы сыртқы ортаға вирус шығарады. Әсіресе мұрыннан аққан маңқасы өте қауіпті. Вирус маңқадан аурудың жасырын кезеңінде де бөлінеді. Вирус мегежіндердің сүтінен ауру жұққаннан кейін 6-7 күн өтісімен-ақ 3-5 күнге дейін бөліне береді. Ауру таратуда ауырған малмен бірге аурудан жазылған мал да аса қауіпті.
Кеміргіштер мен жабайы ет қоректілердің эпизоотологиялық маңызы өте жоғары. Олар індет қоздырғышының табиғи қоры болып табылады. Шошқалардың кейде кеміргіштердің өлекселерін жеп қоятыны белгілі.
Бұл ауру шаруашылыққа сырттан әкелінген вирус таратқыш шошқалар, сондай-ақ осы аурумен залалданған көрші пункттен мекен ауыстырған кеміргіштер арқылы шығады.
Табиғи жағдайда сау шошқаларға ауру залалданған жемшөп пен судан жұғады. Жас торайлар арасында ауру енелерінің сүті арқылы тарайды. Вирус ауру шошқадан сау шошқаға танау мен көздің шырышты қабаты, жарақаттанған тері арқылы, бір-бірімен араласып, тікелей жанасса да жұға береді. Қабандарға аурудан жазылған мегежіндермен шағылысқан кезінде жұғады. Індеттің ауамен де таралуы мүмкін.
Шошқа өсіретін шаруашылықтарда Ауески ауруы өте тез тарайды. Бұған шошқалардың бір жерде өте көп шоғырлануы себеп болады. Азықтың сапасыздығы, мал күтімінің нашарлығы шошқалардың жұқпалы індетке қарсы табиғи төзімділігін төмендетеді. Арықтап, әлсіреген шошқаларда қай ауру болса да өте ауыр өтеді.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Алдымен вирус денеге енген жерінде өршиді, содан қанға, лимфаға өтіп көбейеді де бүкіл денеге тарайды. Ауру күшейген сайын вирустың қандағы қоюлығы үнемі арта береді. Соның әсерінен малдың безгегі ұстайды, жалпы күйі төмендейді. Сыртқы орта әсерлерін сезбейді.
Вирус тіршілігіне сәйкес бөлінген улы заттар қан тамырларын бұзады. Соның салдарынан ісік, геморрагнялық диатез кұбылыстары пайда болады. Вирус ми және жұлынға өтіп, қозу және тежелу заңдылығының қалыпты қатынасын бүлдіреді.
Көптеген жануарлар қышымаға шалдығады. Оны терінің кенеттен тітіркенуіне байланысты ацетилхолин және гистамин алмасуының бұзылуынан деп түсіндіруге болады.
Аурудың жасырың кезеңі 5-10 күн. Ауру жіті түрде өтеді. Кейбір жануарлар секілді бұл аурумен ауырған шошқа қышынып, қасынбайды. Әсіресе 10 күндік торайлар қатты ауырады, жұтқыншағы түйіліп, ықылық атады, сілекей аға бастайды. Ми жүйесі бұзылып, зақымдалады. Соған орай денесі бүктетіліп тырысады, ақыры салға айналады. Мал бірнеше сағатта немесе бір тәулікке жетпей өледі. 10 күннен 4 айға дейінгі торайлар септицемия мен менингоэнцефалиттің белгілері бар аурудың аралас формасына шалдығады. Алғашында олардың денелерінің қызуы 41 градусқа көтеріледі, кейде тіпті одан да асып кетеді. Сөйтіп, әлсірейді, ұйқы басады, құсады, ауық-ауық шөлдей береді. Содан соң орталық ми жүйесінің зақымдану белгілері өршиді. Аурудың эпилепті түрі (қозу көрінісі) немесе жөтелу түрі (тұншықпа түрі) болады.
Эпилепті түрінде торайлар қозу кезінде қабырғаны жағалап жүгіре береді, бір-біріне соғылып, құлайды, денесіне бір нәрсе тисе болды шыңғырады. Құлаған торай бір бүйіріне жатқан қалпында сирақтары дірілдеп, тарпына береді, басы желкесіне қарай қайрылып кетеді, дене қызуы бұл кезде көп ретте қалпына түседі.
Ауру асқынған сайын эпилепті қалшыл жиі-жиі қайталанып, бүкіл денені қалтыратады.
Тұншықпа түрінде торайлар ұзақ уақыт басын төмен салып тұрып алады, жалпы күйі төмендеп қабырғаға сүйене береді. Бұлшық еттері салданып торай жүре алмай қалады.
Марқа торайлар ауруының ұзақтығы орталық нерв жүйесінің зақымдануының дәрежесіне байланысты 12-24 сағаттан 4-7 күнге дейін, кейде 10-14 күнге созылады. Ауырған торайдың 80 процентке дейіні өлім-жітімге ұшырайды.
2 айлық торайларда бұл ауру инфлюенца ауруы тәрізді өтеді. Қиналып, денесінің қызуы 42 градусқа дейін көтеріледі. Тыныс алуы ауырлап, жөтеледі. Орталық ми жүйесінің зақымдануы сирек кездеседі. Кейде ауру созылып кетеді. Өкпесі қабынып, ол асқынады. Буаз мегежіндер іш тастайды немесе тіршілікке бейімі аз торайлар туады. Ауырған малдың 3 процентінен 10 процентіне дейін өлім-жітімге ұшырайды.
Ауруды анықтау үшін эпизоотологиялық деректеріне, клиникалық белгілері мен лабораториялық зерттеулер қорытындысына сүйену керек. Лабораторияға торайлардың өлекселері, сақа шошқалардың миы, талағы, өкпесі, бауыры, без түйіндері жіберіледі. Алынған материалдан ерітінді жасап, мысықтар мен қояндардың тері астына немесе қалың етіне егу арқылы биологиялық үлгі жасалады. Зерттеліп отырған материалда Ауески ауруының вирусы болса, егілген жануарларда 3-5 күннен кейін Ауески ауруының қозу, қышыну, т. б. секілді клиникалық белгілері байқалады.
Ауески ауруын анықтағанда құтырудан, мал обасынан, сальмонеллезден, яғни қылаудан, ісік ауруынан, листериоздан, Тешен ауруынан, пастереллезден, яғни қарасаннан ас тұзынан уланудан, авитаминоздан, менингиттен және әр түрлі энцефаломиэлиттерден ажырата білу қажет.
Емі. Арнайы емдік дәрілер жоқ. Дегенмен аурудың алғашқы кезеңінде гипериммунды қан сарысуы және арнайы гемоглобиндер пайдаланған тиімді.
Ауески ауруының вирусы антибиотиктер әсеріне төзімді. Сонда да болса пенициллин, стрептомицин, тетрациклин және басқа антибиотиктерді пайдалану нәтижесі де жаман емес. Себебі өкпенің қабынуы сияқты қосарлы індеттерді өршітпейді.
Аурудан сақтандыру шаралары. Мал организмінің ауруға қарсыласу мүмкіндігін көтеру үшін құрғақ вирус вакцина қолданылады. Ол үшін ауру шыққан шаруашылықтарда 2 күндік торайлардан бастап барлық шошқаны араға 20-25 күн салып, екі рет егеді. Алғашқы егуден кейін 5-7 күнңен соң иммунитет пайда болып, ол 1,5 жылға созылады.
Ауру анықталған шаруашылықтарға карантин қойылады. Мал айырбастау, бір орыннан екінші орынға ауыстыру сияқты жағдайлар бірден тоқтатылады. Қора-жайларды тазалап, зарарсыздандырады.
ДИЗЕНТЕРИЯ
Мал тоқ ішегін қабындырып, тұла бойын қанталатып жіберетін шошқаның жұқпалы ауруы.
Қоздырғышы. Негізгі қоздырғыштардың бірі спирохеталар (трипонема) болып табылады. Оның ұзындығы 6-9 мкм, жуандығы 0,3-0,4 мкм. Міндетті түрде ауасыз ортада өсетін болғандықтан қоздырғыштар денеден сыртқары жағдайға аса төзімді емес. Ауасыз ортаға жағдай туатын қи арасында қоздырғыштар ұзақ уақыт сақталып қана қоймай, әрі қарай өсіп, көбейе береді.
Эпизоотологиясы. Табиғи жағдайда сау шошқаға ауырып жүрген немесе ауырып жазылған шощқалардан, сондай-ақ тышқақ індетіне шалдыққан шошқалар қамалған қашарлар жаксы тазаланбаса және зарарсыздандырылмаса да жұғады.
Дизентерия ауру малдың жас, кәрісіне қарамайды. Соған орай оған барлық шошқа тұқымдары бейім келеді. Әсіресе 1 айдан 6 айға дейінгі торайлар жиі ауырады. Ауырып жүрген, не ауырып жазылған, сондай-ақ қайталап ауырған шошқалар дизентерия қоздырғышының негізгі көзі болып табылады. Аурудың күрт өршіп кең етек алуы мүмкін.
Дизентерияның таралуы, өту барысы және өлім-жітімі көп жағдайда азықтың сапасына, күтіп-бағу дәрежесіне, шошқаның күйіне байланысты.
Ауру жылдың кез келген маусымында шыға береді. Әсіресе, күз-қыс-көктем айларында ол тез өршиді. Өйткені осы кезеңде шошқалардың күтімі мен азықтың сапасы нашарлайды да, шошқа организмінің осы ауруға дегең төзімділігі төмендейді.
Дизентерия таралған шаруашылықтарда сау шошқалардың өзінің 30-50 проценті спирохет қоздырғышын тасиды.
Сауықтыру шаралары нашар жүргізілген жағдайда дизентерияны жою ұзақ уақытқа созылады, аурудың белгілері араға 3-4 жеті салып тағы қайталанады.
Аурудың өршуі және оның белгілері. Қоздырғыштар тоқ ішектің шырышты қабаты мен оның астыңғы қабаттарына өтіп, көбейеді. Микробтардың жинақталуынан бөлінген улы заттардың салдарынан ішектің құрылысы және табиғи жұмысы бұзылады да, диобактериоз өршиді. Дизентерияның асқынуы тоқ ішектің қай дәрежеде зақымдануына және қан арқылы паренхиматозды органдарға өтіп, оларда листорофиялы өзгерістер туғызатын зат алмасудың улы қалдықтарының мөлшеріне байланысты мәселе.
Аурудың жасырын кезеңі ол организмнің ауруға табиғи қарсы тұру қабілетіне және қолайсыз жағдайлардың әсеріне байланысты 7-20 күнге созылады.
Дизентерияға тән негізгі белгілердің бірі - шырыш және қан аралас іш өту. Бұл ауруға шалдыққан торайлар тез арада арықтап, салмақ қоса алмайды.
Ауру өте жіті, жіті және созылмалы түрде өтеді. Аурудың жіті түрінде шошқалар азықтан қалады. Қейбіреуі құсады, шөлі қанбайды, қуаты қашып, жүріс-тұрысы бұзылады. Денесінің қызуы 41 ғрадусқа дейін көтеріліп, 2-3 күнге дейін төмендемей қояды. Жаңа туған торайлар қатты ауырады, ішінің қан аралас өтпеуі де мүмкін. Көп жағдайда өлім-жітімге ұшырайды. Ауру 5-7 күнге созылады. Жас торайлардың 100 проценті, ал марқаларының 50 проценті өледі.
Жіті түрінде ауру белгілері бұған қарағанда бәсеңірек өтеді. Ұзақ уақыт тышқақтау әсерінен шошқалар тез арықтап, әлсірей бастайды, көбінесе бір жерде жата береді. Ауырған шошқалар 12-15 күнде, әсіресе басқа аурулар қосарланса, өліп қалады. Бұдан айығатындары тым аз.
Дизентерияның созылмалы түрінде іш өту мен іш қату кезектесіп отырады. Малдың күйі төмендейді. Қейде сауыққан шошқалар кенеттен қайта ауырады. Бұл көбінесе індеттің өршуі мен шошқаны азықтандыру дәрежесіне тікелей байланысты нәрсе.
Ауруды анықтау үшін клиникалық белгілеріне, пайда болу, таралу деректеріне, және сойып қарағандағы өзгерістердің қорытындысына сүйену керек. Дизентерияға тән тоқ ішектегі өзгерістерге канталау мен днфтерия түріндегі ісіктер жатады. Тоқ ішектің қабырғасы, шарбысы және шарбы бездері ісінеді. Сондай-ақ іші қара қошқыл, немесе қызыл түсті қан аралас сұйықтыққа толып кетеді. Аурудың тоқ ішек пен кейінгі соқыр ішектің шырышты қабатың жұқа фибринозды экссудат жауып кетеді. Дифтериялы қабынудың салдарынан біртіндеп үстіңгі қабаттардың да некрозы басталады.
Нәжістен немесе тоқ ішсктің шырышты қабатынан жасалған жұғындыны микроскоппен қарап, ауруды анықтау барысын толықтырады.
Емі. Қажетті кезеңде осарсал, фуразолндон, синтомицин, ветлипосфен, нифуллин, тилан, фармазин және трихопол қолданылады. Дизентерия кезінде препараттар колдануды шошқалардың күтімі мен азықтандырылу жағдайын жақсартумен ұштастыру қажет.
Аурудан сақтандыру шаралары. Дизентериядан сауыққан шошқаларда иммунитет түзілмейді. Шошқа дизентериясы пайда болысымен шаруашылыққа карантин жариялайды. Қан аралас іші өткен шошқаларды союға жібереді. Ауырған торайлар енелерімен қоса оқшауланады. Ауру шыққан қоралар тазаланып зарарсыздандырылады.
Ауру-ау деп күдік туғызған шошқаларға аурудың алдын алу және емдеу шаралары қолданылады. Қоралар күн сайын тазаланып, зарарсыздандырылады. Шаруашылықты дизентериямен ауырған ең соңғы шошқа оқшауланғаннан кейін 3 ай өткен соң аурудан сауықты деп жариялайды.
Жарияланған-2022-04-07 15:30:41 Қаралды-1731
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану