КӨКӨНІС ДАҚЫЛДАРЫНЫҢ ЕГІСТІГІН КҮТІП-БАПТАУ
1. Топырақты егуден кейінгі өңдеу.
2. Өскіндерді сирету.
3. Көкөніс дақылдарын күтіп-баптау.
4. Сабақтарды ұнтақтау және көму.
5. Суару.
6. Арамшөптермен, зиянкестер және аурулармен күрес.
Көкөніс дақылдары суға, топырақ құнарлылығына және жылуға жоғары талап қояды. Міне, сондықтан, суландыруды дұрыс ұйымдастыру үшін көкөністерге үлескіні су көздерінен - өзендерден, тұщы сулы көлдерден немесе ірі су құбырларынан, сондай-ақ, ылғалы молырақ және жел әсері азырақ, өзен алқаптарынан алыс емес жерлерден таңдау керек. Жер бедерінде ойлы-қырлы бөліктері болмауы керек, жердің сәл еңсілігі кедергі болмайды. Көкөніс дақылдары үшін ең қолайлы жылу режимі оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс беткейде қалыптасады.
Көкөніс дақылдарын өсіруге кәдімгі қара және оңтүстік қара-қоңыр, жайылмалық топырықтар, механикалық құрамы бойынша құмдау, жеңіл және орташа құмбалшықты топырақтар жарамды. Қарашірікке бай құмайт, құмдау топырақтарда жоғары өнімді бақша дақылдары сондай-ақ сәбіз, қызылша, қызанақ, пияз береді.
Көкөніс дақылдарын күтудің тәсілдері әр түрлі және ол өсімдіктің биологиялық ерекшеліктерімен және өсіру тәсілдерімен анықталады. Бірақ барлық дақылдар үшін көптеген тәсілдері ұқсас. Егістік күтімін уақытында жүргізсе молырақ өнім жинауға жағдай жасалынады.
1. Топырақты егуден кейінгі өңдеу.
Тұқымды сепкеннен немесе өсімдікті отырғызғаннан кейін көп ұзамай қабыршықты үгіту үшін, өскін пайда болғанша және ол пайда болғаннан кейін торлы (БС-2, БСО-4А), айналмалы (ротациялы БРУ-0,7, МВН-2,8М) тырмаларымен жаппай жүргізеді.
Өскіндер пайда болғаннан және көшеттерді отырғызғаннан кейін қатараралықтарды культиваторлармен өңдейді. Қорғаулы жерде топырақты қол шотымен өңдейді. Бұл үшін еңбек өнімі 3-4 есе жоғары ЭМ-12А - электр шоты бар. Қатараралықты өңдеу топырақтың борпаңдығын арттырады және аэрацияны жақсартады, дымқыл күйінде сақтайды және арамшөптерді жояды. Қопсыту саны топырақтың физикалық күйі мен құнарлылығына байланысты. Қатараралықты өңдеуді қатарлар арасы түйіскен кезде доғарады.
Қопсыту тереңдігі тығыздалған қабаттың, көлеміне және өсімдіктің биологиялық ерекшелігіне байланысты. Өсімдіктердің қатаралықтарын бірінші өңдеу, өскіндер зақымдалынбауы және топырақпен көміліп қалмауы үшін саяз жүргізіледі. Тұқыммен себілген егістіктің бірінші рет өңдеу тереңдігі 4-6 см, екінші және одан кейінгілер 6-8 см болады. Көшетпен отырғызылған өсімдіктердің қатараралығын 8-12 см тереңдікке өңдейді. Құрғақ ауа райында саяз, жаңбырдан және суландырудана кейін тереңірек және жиірек жүргізеді, мұндайда өсімдіктің тамыры шырпылғаннан кейін тез қайта жанданып, шашақты тармақшалар қалыптастырады.
2. Өскіндерді сирету.
Әлсіз, артық өскіндерді аластатып, қалған өсімдіктерге оңтайлы қоректену алаңын беру үшін жүргізіледі. Мерзімінен кеш сирету өнім беретін мүшелердің көлемінің (тамыр жемісі, жуашық) кішіреюіне және қожырауына (пішіні булінеді), соңында жалпы түсімнің кемуіне әсер етеді.
Өсімдікті тамырымен жұлып сиретуді әдетте 1-2 рет суландырғаннан кейін жүргізеді. Арамшөбі аз жерлерді сиретуді бір рет жүргізеді. Арамшөбі көп жерлерде сиретуді екі рет жүргізген дұрыс, бірінші рет сиреткенде өсімдік санын қажет мөлшерінен екі есе артық қалдырады. Егер екінші рет сиреткенде жұлынып алынған өсімдіктерді бір байлам өнім ретінде пайдаланғысы келсе онда екінші сиретуді қашан ақжелкен тамыр жемісінің диаметрі 0,5 см, сәбіздікі - 1,5, қызылшанікі 3-4 см, ал пияздың 4-5 жапырағы болғанша соза түседі. Көшіріп отырғызуға жеңіл бейімделгіш дақылдарды (қызанак, қырыкқабат, қызылша) сиреткенде жұлынып алынған өсімдіктерін солып қалғандарының орнына отырғызуға пайдаланады.
Қызылша мен қиярды бірінші рет сиретуді дән жарнағы немесе алғашқы жапырағы пайда болғанның басында жүргізеді; ал басқа дақылдарды - 1-2 жапырағы пайда болған кезде.
Өскіндерді сиретуді бір айға кешігу, айтайық қызылша өнімін 30% және одан да көбірек кемітеді.
Сирету - көп еңбек тілейтін жұмыс, кейде ұзаққа созылады. Сәбіздің қою өскен 1 га егістігін сиретуге 20-30 адам-күн еңбек жасау керек. Қол еңбегін азайту үшін егістіктерге трактор культиваторларын көлденең жіберіп сиретеді (шоқтайды). Культиватордың табандары өсімдіктердің біразын кесіп, белгіленген қашықтықта өсімдіктер тобын (шоғын) калдырады. Шоқтағы өсімдіктерді кажет болса кейіннен қолмен сиретеді. Шоқтау сиретуге қажет қол еңбегін 8-10 есе кемітеді.
Қалыптастыру - қолмен атқарылатын еңбекті көп қажет ететін процесс. Ашық жерде оны әуесқой - көкөнісшілер ғана қолданады. Қорғаулы жерде қияр мен қызанақты калыптастыру міндетті түрде жүргізіледі.
3. Көкөніс дақылдарын күтіп-баптау.
Бұршақ соғудың зардабымен күресу. Жазда көкөніс дақылдары кейде бұршақтан зардап шегеді. Пияз, сәбіз, сонымен бірге қаудан байланғаннан кейін қырыққабат зақымданудан тез оңалады; бақшалық және алқалар тұқымдастарының дақылдары бұршақтан көбірек зақым шегеді. Бұршақ соғудың зардабынан тезірек оңалу үшін зардап шеккен өсімдіктерді тез әсер ететін азотты тыңайтқыштармен үстеп мол мөлшерде қоректендіреді, өсімдіктің төңірегін қопсытады және суландырады.
Көкөніс дақылдарына әсер етудің оташылық (хирургиялық) шаралары. Оларға ассимиляциялық аппарат пен тамыр жүйесінің өнім беретін мүшелердің сандары мен көлемдерінің арасындағы қолайлы қатысын жасауға, сондай-ак, көкөніс дақылдарының жеміс салуын мөлшерлеу үшін өсімдіктің жекелеген мүшелерін толығымен немесе жартылай алып тастау жатады.
Гүлді қырыққабат жапырағын кесу; көшетін көшіріп отырғызу, бүйірлік немесе негізгі сабақты жұлу, олардың ұштарын немесе өнім беретін мүшелерінің артық жатынын алып тастау хирургиялық күту тәсіліне жатады.
Қызанақты, сәбізді, қырыққабатты тұқымға өсіргенде өсімдіктің негізгі сабағының бүйірінен, жапырақ қолтығынан өсіп шыққан өгей бұтақтарды қырқу жиі қолданады. Бұл әдіс қоректік заттардың жемістерге, тұқымдарға көптеп келуін қамтамасыз етеді және өнімнің тауарлық сапасын көтереді. Өгей бұтақтың өсуі және дамуы сортқа, өсіру тәсіліне және ауа райына байланысты. Уақытында және тұрақты түрде өгей бұтақтарды қырқу, өсімдіктің өсіп-жетілуі баяу генеративтік мүшелері мен өркендеріне қоректік заттардың келуін күшейтеді. Қызанақтың өгей бұтағын, оның ұзындығы 5-10 см артпағанда қырқады. Қызанақты қорғаулы жерде өсіргенде өгей бұтақты жүйелі түрде қырқу керек. Биік өсетін сорттарда бір сабақ, аласа өсетіндерде - 2-3 сабақ қалдырады.
Тұқымдық қырыққабатта вегетативтік өскіндері мен екінші гүлденген өркендерін кеседі.
Тұқымдық сәбіздің тамыз айының басында 2-3 қабаттағы гүлдеген шатыршаларын жұлады.
Қиярдың, баклажанның, брюссель қырыққабатының биік сабақты сорттарын өсіргенде сабағын шырпиды (ұшын қырқу) - тек жоғары өсу нүктесінің ұшын қырқып, жемістерінің ірі және тез пісуіне жағдай жасайды.
Өсімдіктегі жемістің санын мөлшерлеу де қолданылады. Асқабақты, қарбызды, қауынды өсіргенде жемістерінің біразын немесе тұқымдық бүйірлік өркендерін жұлады, сонда қалған жемістер ірі және тез пісуі мүмкін. Қиярдың, кәдінің, үрме бұршақтың, ас бұршақтың толық піспеген жемістерін жинау өсімдіктің жеміс салу мерзімін ұзартады және өнімін көбейтеді. Өсімдіктерде жемісті қалдырса ол, оның тез қартаюына әкеледі.
Қырқудан, шырпудан және өсімдіктің жекелеген бөліктерін жұлып тастаудан тұратын хирургиялық тәсілдер жүйесін қалыптастыру дейді. Өсімдіктердің әр түрлерінің қалыптастыру мақсаты мен биологиялық негізі бірдей емес. Қызанақ үшін қалыптастырудың негізгі мақсаты - өсімдіктің бұтақтануын және вегетативті өсуін шектеу, ол үшін тұрақты түрде өгей бұтақтарды жұлады және соңғы өнімді жинаудан бір ай бұрын бүкіл өсу конустарын (нуктелерін) шырпиды.
Қиярді және асқабақтар тұқымдастарының өсімдіктерін қалыптастырудың негізгі мақсаты - аналық гүлдердің ертерек пайда болуын және олардың гүлденуін қарқындату. Осы тұқымдастардың өсімдіктерінде аталық және аналық гүлдері біркелкі таралмаған. Сабақтын бұтақтану реті артқан сайын аналық гүлдердің саны көбейе түседі. Негізгі сабақтың (желі), ұшын, сондай-ак, екінші реттегі өркенді шырпыса, өсімдік жоғары реттегі өркендерден қалыптасады да, олардың дерлік бүкіл жапырақтарының қолтығында аналық гүлдер болады. Қалыптастыру тәсілдері сорттың биологиялық ерекшеліктеріне тәуелді.
Түптеу - қатараралықтағы топырақты өңдейтін тәсіл. Мұнда борпаң топырақты өсімдік сабағына қарай жабады, сонда ол топырақпен қорғау алаңындағы арамшөп өскіндері көміледі, косалқы тамырлардың өсуіне жақсы жағдай жасалынады; өсімдік күшті желге қарсы тура алады, өнім артады. Түптегіш өткеннен кейін топырақ бетінде жал пайда болады; ол жақсы қызады да қызанақтың, қиярдың және басқа да жылу сүйгіш өсімдіктердің өсуі мен дамуына, онтайлы әсерін тигізеді.
Түптеуді жаңбырдан немесе суарудаң кейін 1-2 рет жүргізеді. Түптеу жалыңың биіктігі 10-15 см. Солтүстік Қазақстанда түптеуді суландырусыз жүргізбейді, себебі ол топырақтан ылғалдың көптеп жоғалуына әкеледіжәне өсімдікке жойкын әсер етеді.
Түптеу кезінде, топырақтың қарықтан жалдың жоғарғы бөлігіне дейін жетуі және сабақтар жақсы жабылуы үшін, түптегіштің аударғышын мұқият орналастырады. Түптеу кезінде қатараралықтарда тығыз табан қалыптасады: оны қопсыту үшін түптегіштің артынан культиватор табанын кояды.
Түптеуден кейін шоттың көмегімен өсімдіктерді түзетіп жөндейді. Мұндайда топырақпен басылып қалған өсімдіктерді топырақтан аршиды, ал толық түптенбегендеріне қажет биіктікке дейін топырақ ысырады.
Жабындау - көкөніс дақылдарын өсіргенде қолданатын агротехникалық тәсіл. Өсімдік сабағын айналдыра немесе қатараралығын әр түрлі жадығаттармен - сабанмен, жапырақтармен, қарашірікпен, қимен т. б. жабу, бүркеп қою.
Жабындау өсімдіктің өсуіне оң әсерін тигізеді. Бұл тәсіл топырақ бетінен ылғалдың ұшып кетуін әжептәуір әлсіретеді де оны жоғары дамқыл күйде ұстауға ықпал жасайды, топырақтағы тәулік бойғы температураның өзгеру шегін азайтады (ақ жабынды төмендетеді, қара - күндіз қыздыруды кушейтеді); топырақ бетін шайылудан қорғайды, құрылымын сақтайды және оның жақсаруына ықпал жасайды; топырақтағы биохимиялық үдірістерді күшейтудің нәтижесінде өсімдіктің қоректенуі жақсарады; топырақ қабыршығын болдырмайды; арамшөптердің өсуіне кері әсер жасайды.
4. Суару.
Көкөніс дақылдары ылғалмен қамтамасыз етілуіне жоғары талап қояды. Қырыққабат, қияр, пияз, шалғам, ақ сүттіген ылғал сүйгіштерге жатады. Қызанақ, сәбіз, қызылша, бұршақ тұқымдастар, асқабақ, қауын ылғалға аса жоғары талап қоймайды. Ылғал жетіспесе қиярдың, қызанақтың, бұрыштың, баклажанның жатыны түсіп қалады: қырыққабаттың қауданы ұсақ, жетілмеген болады немесе байланбайды да. Тамыржемістілер, пияз су жетіспесе өнімін күрт төмендетеді. Көкөніс дақылдарын суарудың бірнеше тәсілі бар: қарықпен, жолақпен, жаңбырлатып және топырақ астымен. Ең кең тарағандары жаңбырлатып және қарықпен суландыру. Көкөніс дақылдарының үлескісі теп-тегіс болуы керек, әсіресе қарықпен және жолақпен суарғанда. Негізгі тегістеуді суару жүйесін салғанда, ағымдағысын - жылма-жыл өз уақытында, топырақ өңдегенде немесе суару кезінде бірге жүргізеді.
Қарықпен суаруды топырақ беті тегіс және еңістігі шамалы (0,003-тең 0,01-ге дейін), беті тегістелген үлескілерде жүргізуге болады. Қарықпен суарудың бірнеше түршесі бар: ағып өтетін қарықпен, тұйықталған қарықпен және саңылаулы қарықпен. Ағын өтетін қарықпен суарғанда жер бедеріне, еңіске және топырақ сипатына байланысты ұзындығы 200-400 м, тереңдігі 15-18 см бір-бірінең қашықтығы 70 см қарықтар қазылады. Су қарықпен баяу ағып бірте-бірте сіңе береді.
Тұйық қарықпен сауарғанда сәл еңістеу жерлердегі қарық сумен толтырылады да олар сонда тұрып бірте-бірте сіңеді. Қарықты атыз жасағыш культиватормен жасайды.
Саңлаулы қарықпен суару кәдімгі қарықпен суарғандай жағдайда жүргізіледі. Қарық - саңлауды саңлаулағыштармен жасайды. Ондайда қарықтың түбінде ені 3-4 см, тереңдігі 15-20 см жалпы жиынтық тереңдігі 30-40 см саңлау жасалынады. Мұндай қарықтар суару ағымын арттырады және топырақтың сумен жақсы қанығуына мүмкіншілік жасайды. Бұл ылғал жинау және отырғызу алдындағы суаруда тиімді. Суды қарықтарға таратқыш каналдан диаметрі 3-5-см қисық түтіктің немесе суландырғыш құбырдың көмегімен алады. Судың ағымын түтікшелерді ию арқылы реттейді. Бір мезгілде 10-12 қарық толтырылады. Қарыктарды жалы құрғақ болатындай етіп тереңдігінің 2/3 бөлігін толтырады. Топырақты трактор культиваторымен өңдейді. Кезекті суландыру алдында трактор түптегіштерімен қарықтар тілінеді.
Жолақтармен суландыру тек мұқият тегістелінген үлескілерде ғана тиімді. Жолақтарды риджермен немесе жол жасағыштармен ені жолдың ортасынан алғанда 0,8-1,0 м етіп жасайды. Суландыру жолақпен суды жайылтып беру арқылы жүреді. Егер жолақ тегіс болмай су бір жағына жиналатын болса, арнаулы тақтайлармен суды қырлау жағынан итеріп жаяды. Жолақтарда егу және топырақты өңдеу жұмыстарын машиналармен жүргізеді, ал жолақтардағы арамшөптерді қолмен жұлады.
Жолақтармен суарудың елеулі кемшіліктері бар: көп су буланып кетеді, топырақ қатты тығыздалады және оның құрылымы бұзылады, суландырудан кейін қалың қабыршық пайда болады.
Жаңбырлатқыш қондырғымен суландыру кең қолданыс табуда. Бұл тәсілмен суландырғанда көп шығын тілейтін үлескіні тегістеудің және суландырғыш атыздарды тілудің қажеттілігі болмайды, судың тиімсіз шығыны азаяды. Жұмыс күні азырақ қажет болады.
Көкөніс шаруашылығында ДД-70, ДДА-100М, «Фрегат» жаңбырлатқыштары жиі қолданылады.
ДДН-70 жаңбырлатқышы суды суландыру жармасынан алып шеңбер және сектор бойынша мөлшерлеп жаңбырлатады. Су шығыны секундына 70 л, алымы 70 м, жармалардың ара қашықтығы 90м, жұмысты бір механизатор аткарады. Маусымдық жүктеме 60-70 га. Жел екпіні секундына 2 м кем болса жұмысты шеңбер бойымен, ал 6 м/с болса онда сектор бойымен жүргізеді. Желді күндері суландыруды түнде жүргізген қолайлы, себебі желдің күші әлсіздеу болады.
Үстеп қоректендіргенде баққа тыңайтқыштың есептелінген мөлшері салынады (шеңбер бойымен бір бағытында 0,5 га жер суландырылады). Егер тыңайтқышты топыраққа тереңірек сіңіру қажет болса, оны суландырудың басында, ал саяздау енгізгісі келсе суландырудың соңына қарай енгізеді.
ДДА-100М жақынға шашушы жаңбырлатқыш екі шығынқы ұшты (екі қанатты) қондырғы, ДТ-54А тракторына ілінеді. Трактор жылжу жылдамдығын 400 м/сағ. дейін баяулататын, арнаулы жылдамдық қорабымен жабдықталады. Тек жылжыған кезде ғана суландырады. Жармаларды әрбір 115 м кейін тіледі. Бір қондырғыға жүктеме 80-100 га.
Үстеп қоректендіргенде қоректендіргішке бір мезгілде 150 кг дейін тыңайтқыш салады. Тыңайтқышты терең сіңіргенде оны қондырғының бірінші рет өтуінде, ал саязда - екінші өткенінде салады.
«Фрегат» жаңбырлатқыш қондырғы - шеңбер бойымен қозғалатын өзгермелі диаметрлі (178 және 152 мм) А тәрізді жылжымалы - тірегіштегі су құбыры. Су қысым күшімен (46-66 м) жабық суландыру желісінің гидрантынан келеді. Осы қысымның әсерінен арнаулы механизмдер жылжымалы-тірегіштерді қозғайды. Жылжымалы тірегіштердің саны 7-20, су құбырының ұзындығы - 199-572 м, су шығыны секундына 20 л, жаңбыр тамшысының орташа қарқындылығы - 0,17-0,31 мм/мин. Суару мөлшерін (100-1200 м3/га, одан да жоғары) толық айналым уақытын өзгертіп реттейді.
Тамшылы суару, сондай-ақ ағыстық суару, микро суару немесе жергілікті суару ретінде белгілі, өсімдіктің тамырына қарай немесе жердің үстіңгі бөлігіне немесе тікелей тамырлық зонасына қақпақшалардың торы, құбырлар, түтіктер, эмиттер арқылы суды баяу тамшылатып суару кезінде су және тыңайтқыштарды үнемдейтін суару түрі. Ол өсімдіктің негізіне су тасымалдайтын жіңішке құбырлар арқылы жасалады.
Суландыру және суару мөлшері. Суару мөлшерін есептеу үшін танаптың су сыйымдылығының шегін, топырақтың көлемдік массасын және танаптың ылғалдылығын білу керек. Суару мөлшерін (га/м3) мына формула бойынша есептейді: М=100хНхАх(В-В1). Мұнда Н - ылғалданатын қабаттың тереңдігі, м; А - көлемдік масса, т/м3; В - топырақтың су сыйымдылық шегі, %; В1 - суару алдындағы ылғалдылық, %.
Көкөніс дақылдары үшін суару алдында топырақтың ылғалдылығын төменгі 70-80% шегіне дейін құрғауына болады. Бірақ жазда, өсімдіктің өнімді бөлігіне қор жиналған кезде суаруды топырақтың су сыйымдылығының жоғары шегінде жүргізген дұрыс, себебі дымқыл топырақта су тезірек жылжиды және өсімдік жеңіл сіңіре алады. Ылғалдандыру қабатының тереңдігі тамыр жүйесінің таралуына байланысты. Тамырлары терең бойламаған көшеттері жас өсімдіктер және жапырақты дақылдарға, 25 см топырақ қабатын сулау үшін, суару мөлшері әдетте - 200-250 м3/га. Суаруды жиі жүргізеді. Өсімдік өсейген сайын суару мөлшерін бірте-бірте көбейте береді де өнімді мүшелері қалыптасканда оны 450-500 м3/га жеткізеді, тек суару аралығы алшақтай түседі.
Ауыр саздық топырақтарда суару мөлшері көбірек, бірақ сирек жүргізіледі. Жеңіл құмайт топырақтарда суару мөлшерін азайтады, бірақ суару санын көбейтеді, ол өз кезегімен өсімдіктің тіршілік кезеңінің ұзақтығымен және ауа райына байланысты болады. Суару мөлшері мен оның саны суландыру мөлшерін анықтайды. Әр түрлі дақылдар үшін ол 3000 нан 5500 м3/га болып өзгереді.
Суару өздерінің мақсаты бойынша отырғызу алдындағы, отырғызу кезіндегі, өршіткіш, вегетациялық, салқындатқыш, ылғал жинау үшін және үсікке қарсы суару болып бөлінеді.
Отырғызу алдындағы суаруды топырақ құрғақ болғанда және суарылмай тұқымның өнбейтіні немесе сирек өніс беретіні белгілі болғанда жүргізеді. Оны көшетті отырғызу алдында да қолданып топырақ кесектерін уақтайды және көшетті отырғызу жеңілдейді. Суаруды егуден немесе отырғызудан 10-15 сағат бұрын гектарына 450-500 м3 су шығарып жүргізеді.
Өршіткіш суаруды арамшөбі көп танаптарда кеш себілетін дақылдарды себерден 2 апта бұрын жүргізеді, сосын шыққан арамшөптерді себу алдындағы культивациямен жояды.
Отырғызу кезіндегі суаруды көшетті отырғызғанда (көшетті суарусыз жаңбырлы күнде отырғызады) қолданады. Суару мөлшері - 250-300 м3/га.
Вегетациялық суару өсімдіктің өсу және жеміс салу кезеңдерінде топырақтың оңтайлы су режимін қалыптастыру үшін қолданылады. Оны су тапшылығы байқалмайтындай мерзімде және өсімдіктің өсіп-дамуын тежемейтіндей кезеңде қайталайды. Суарумен бірге өсімдіктің өсу-даму кезеңіне байланысты көкөніс дақылдарын үстеп қоректендіреді.
Салқындатқыш (сергілту) суаруды құрғақ ыстық ауа райында және негізгі суарудың арасында жүргізеді. Ол ауа дымқылдығын көтеріп, оның температурасын төмендетеді, соның нәтижесінде көкөніс дақылдарының тіршілік жағдайы жақсарады.
Мұндай суару көкөністің әсіресе қырыққабат пен қиярдың өнімділігін арттырады. Бір суаруға 15-30 м3/га су шығады.
Ылғал жинау үшін суару көктемде ерте себілетін дақылдар себіледі-ау деген танаптарда күзде судігер жыртқаннан кейін жүргізіледі. Күзде суару топырақта тұқымның жаппай өнуін және өсімдіктің алғашкы кезде бір қалыпты өсуін камтамасыз ететін су қорын жасайды. Мұндайда судың гектарлық мөлшері 1000 м3 дейін болуы мүмкін.
Үсікке қарсы суаруды көктемгі және күзгі үсік болады-ау деген күннен бір күн бұрын және үстік болған түні жүргізеді. Мұндай суару үсіктің әсерін әлсіретеді немесе болдырмайды. Суару мөлшері 50-100 м3/га.
6. Арамшөптермен, зиянкестер және аурулармен күрес.
Көкөніс дақылдарының өнімділігінің төмендігі және өзіндік құнының жоғарылығы - егістіктің арамшөптермен қатты ластануының нәтижесі.
Арамшөптерден, әсіресе әлсіз өсетін және баяу дамитын өсімдіктер (пияз, тамыржемістілер) зардап шегеді, уақытында оталмаған егістіктің өнімділігі күрт төмендейді, тіпті өскіндер толығымен жойылуы де мүмкін.
Агротехникалық шаралар кешенінің негізінде - жұмысты уақытында және жоғары сапада орындау, сонымен бірге ауыспалы егісті бұзбау. Арамшөптермен күресте қарқынды технологияның астрахандық вариантында ППР-5,4 айлабұйымын қолдану жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Ол егістіктің күтім жұмысын 90-95% механикаландыруға мүмкіндік береді.
Астрахан технологиясы үшін ең басты агротәсіл - кейіннен жүргізілетін бүкіл технологиялық операцияларды орындағанда ауыл шаруашылық машиналарының түзу жүруін қамтамасыз ететін топырақтағы бағыттағыш саңлауды міндетті түрде тілу болып табылады. Саңлауды кронштейннен, түреннен және ауыспалы пышақтан тұратын бағыттағыш-саңлаулағышпен жасайды. Оларды культиваторларға міндетті түрде екеуден іледі. Алғашқыда ені 2,5-3 см саңлауды өңдеу қабатының тереңдігіне жасайды да бірте-бірте тереңдетіп 30-35 см жеткізеді. Саңлаумен агрегат бір ізбен түзу жүреді, бұл трактордың жылдамдығын сағатына 10 шақырымға дейін жеткізуге, корғау алаңын 3-5 см дейін азайтуға, сонымен бірге көшетсіз дақылдардың өскіндері пайда болғанша қатараралықты өңдеуге мүмкіншілік береді.
Қатараралықтардағы арамшөптер культивациялау кезінде оталады; ал қатардағы өсімдіктердің жанындағылары және қорғау аймағындағылары қолмен жұлынады және шоттау мен түптегенде аластатылынады.
Отағанда арамшөптер тамырымен жұлынады, көкөніс дақылдары жарақаттанбауы керек. Отағаннан кейін жұлынған арамшөптер қайтадан тамырланып кетпеуі үшін танапты 5-7 тәулік бойы суландырмайды. Танаппен іргелес жол бойындағы, бос жерлердегі арамшөптерді олар гүлденгенше жояды. Көкөніс дақылдарының танабына арамшөп тұкымы сумен келеді. Сондықтан суландыру желісін уақытында арамшөптерден тазалауға көңіл бөлу керек.
Қолмен отау, әсіресе тамыржемістілер егістігін, көп еңбек шығынын (1 га бір рет отауға 30-40 адам-күн) талап етеді. Арамшөптерді ПАУ-4 коңдырғысымен отау қол еңбегін кемітеді. Оны КРСШ-2,8 культиваторымен бірге Т-16М өзі қозғалатын шассиге орнатады, сонда культиватордың табандары қатараралықтарды өңдейді, ал ПАУ-4 секциялары қатар бойындағы және қорғау алаңындағы арамшөптерді жойып, топыракты қопсытады.
Көкөніс дақылдары өсіру кезеңінде және сақтағанда, оларға үлкен шығын келтіретін әр түрлі зиянкестермен және аурулармен зақымдалады. Мысалы, сақтау кезінде сәбіз шығыны мен тұқымдықтың танапта құрғақ шіріктен және басқа да аурулардан опат болуы 30-40% жетеді. Қырыққабаттың зиянкестермен және аурулармен зақымдануының нәтижесінде өнімі 25-30% кемиді.
Өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан корғау - ұйымдастыру, алдын алу, агротехникалық және жойғыш шаралардың күрделі кешені.
Ұйымдастыру шараларының ішінде маңызды мәнге карантин пайда болғанын байқау, аурулар мен зиянкестердің таралуын және болатындығын болжау, уақытында улы химикаттармен және құрылғылармен қамтамасыз етілуін ұйымдастыру, қызметшілеріне жою әдістерін үйрету, улы химикаттармен жұмыс істегенде алдын алу және кауіпсіздік ережелері қызметтері ие.
Алдын алу шаралары зиянкестер мен аурулардың жаппай көбеюі жөнінде хабарлайды. Олар агротехникалық шаралармен тығыз байланыста болады. Агротехникалық шаралар - ауруларға төзімді сорттарды таңдап алу, дақылдардың дұрыс ауысып отыруы, тұқымды дәрілеу, кінаратсыз аналықтарды таңдап алу және оларды уақытында отырғызу, егістіктегі және көшеттіктегі кінаратты өсімдіктерді уақытында аластату, екі жылдықтардың және пияздың кінаратсыз аналықтарын сақтауға таңдап алу, жиын-теріннің қалдықтарын жою, сүдігерді терең жырту, көкөніс дақылдарының қоймаларын, жылыжайларды және булы жайларды зарарсыздандыру, булы жайлар мен жылыжайлардың топырақтарын ауыстыру немесе зарарсыздандыру, танаптағы арамшөптерді уақытында жою үшін, кінаратсыз өсімдіктер өсіруге ықпал жасайтын жоғары агротехника жатады.
Қарықтардың арасын, жол шетін жырту, ол жерлерде өскен арамшөптерді өртеу, гербицидтермен өңдеу немесе ору өте маңызды, себебі оларда ауру қоздырғыштар мен зиянкестер сақталады және көбейеді.
Зиянкестермен және ауру қоздырғыштармен күресте аса маңызды рөл жойқын шараларына тиеді. Оларға механикалық, физикалық, химиялық және биологиялык шаралар жатады. Қырыққабат ақ көбелегінің жұмыртқасы мен жұлдызқұртын қолмен жинау механикалық тәсілге жатады. Күндіз ескі жапырақ астына жасырынған ұлуларды да қолмен жинайды. Физикалық тәсілде зиянкестер мен ауру қоздырғыштарды жою үшін жарық торларын қолданады.
Химиялық тәсілде зиянкестер мен аурулар пайда болысымен улы химикаттармен бүркеді және тозаңдатып шашады; қажет болса бірнеше рет қайталайды. Өңдеу жұмыстары басталғанша машиналар (бүріккіштер ОН-400, ОВТ-1, АВ/ОШУ-50А, ОЗГ-120, АГЯ-УД-2 және т. б.), ерітінділер мен ұнтақтардың белгіленген шығын мөлшерін реттелініп тұруы; улы заттарды жұмыс күйіне жеткізетін және машиналарға құятын орын дайын болуы керек. Қазіргі кезде химиялық препараттар кеңінен ресейлік «Август», шетелдік «Syngenta», «Байер» және басқа фирмалар таратуда.
Өсімдіктерді улы заттармен өңдегенде бірнеше жағдайларды ескереді. Тозаңдатушы - насекомдарды уландырып алмау үшін, өсімдіктерді гүлдеу кезінде улы химикаттармен өңдемейді. Жиын-терін жұмыстарынан бір ай бұрын, ал қырыққабаттың қауданы қалыптаса бастағанда улы химикаттармен егістікті өңдеуді токтатады. Өңдеудің ең оңтайлы кезі - таң сәрі, кешқұрым немесе түнгі мезгіл, себебі күндізгі ыстықта өсімдіктер күюі мүмкін. Өсімдіктерді желді күндері және жаңбыр жауар алдында өңдеуге болмайды. Өсімдіктерге бүркілетін құрам жаңа дайындалған болуы керек және белгіленген концентрацияда, мөлшерде және қауіпсіздік ережелері сақталынып қолданылуы қажет.
Зиянкестермен күресте биологиялық әдіс кеңінен қолданыс табуда: ол көкөніс шаруашылығының өнімін және төңіректі ластанудан сақтайды, пайдалы флора мен фаунаны жоймайды, адам үшін қауіпсіз. Жыртқыш және тоғышар насекомдарды (трихограммалар) қолданады, әсіресе микробиологиялық әдістің болашағы зор - энтобактерин және боварин препараттарын қолдану. Қорғаулы жерде қиярдың зиянкесі кәдімгі өрмекші кенемен күресу үшін жыртқыш кене фитосейлюсты көбейтеді, сосын жібереді. Тығыздағыш - өсімдіктерді таңдап алуда зиянкестермен күресудің биологиялық әдісіне жатады. Айтайык пияз бен сәбіз бірігіп өздерін сәбіз және пияз шыбыны мен күйе көбелектен қорғайды; қырыққабаттың биті мен ақ көбелегі қызанақтың иісіне, қырыққабат бүргесі - сарымсақтың, қызанақтың иістеріне, қырыққабат шыбыны - балдыркөктің иісіне шыдамайды. Қырыққабат отырғызылған жерге қырыққабат битін жоятын энтомофагтарды тарту үшін аскөк себіледі.
Жарияланған-2022-02-10 13:25:54 Қаралды-1410
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина