ГЕОГРАФИЯ (гео... және графия) - табиғи және өндірістік территориялық комплекстерді, олардың компоненттерін зерттейтін жаратылыс тану және қоғамдық ғылымдар жүйесі. Оның басты салалары: жаратылыс немесе физгеографиялық ғылымдар (физикалық география, жалпы жер тану, ландшафт тану, палеогеография, геоморфология, климатология, құрлық бетінің гидрологиясы, океанография, гляциология, геокриология, топырақ географиясы және биогеография), қоғамдық географиялық ғылымдар (жалпы және аймақтық экономикалық география, өнеркәсіп географиясы, ауыл шаруашылық географиясы, транспорт географиясы, халықтар географиясы, саяси география), картография. Географияға ел тану, медицина геогрфия мен әскери география да кіреді. Бұлардың мақсаты мен міндеті ортақ болғанмен, әрқайсысының өз объектісі мен өз зерттеу тәсілі, өз теорпясы бар. Географиялық зерттеулердің міндеті - табиғат жағдайлары мен ресурстарын жан-жақты және тиімді пайдаланудың, өндіргіш күштерді орналастыру мен дамытудың, табиғатты қорғаудың, өзгертудіңжәне қалпына келтірудің ғылми негіздерін жасау.
Географияның негізгі даму кезеңдері. География - ежелгі ғылымдардың бірі. Алғашқы географиялық мағлұматтар құл иеленуші Шығыстың жазба деректерінде кездеседі. Теңізде жүзу мен сауданы дамыту б. з. б. құрлық беті мен теңіз жағасын сипаттап жазуды керек етті. Б. з. б. 6 ғасырда Географияда екі бағыт - жалпы жер тану (негізін Аристотель қалады) және ел тану (Геродот) бағыттары айқындала бастады. Эллиндік дәуірде (б. з. б. 3-2 ғ.) Эратосфен өзінің «География» атты еңбегінде барлық бағыттарды біріктірмек болды. Б. з. 1-2 ғасырлардағы күрделі географиялық еңбектерге Страбонның «Географиясы» (ел тану), Птолемейдің «География жөніндегі нұсқауы» (географиялық координаталары көрсетілген елді мекендер тізімі) жатады. Орта ғасырдың алғашқы кезеңінде География феодалдық Шығыс елдерінде (Қытай, Персия, Орта Азия және араб мемлекеттері) едәуір жақсы дамыды.
Географиялық ұлы ашулардан (15-16 ғ.) кейін География білімнің аса маңызды салаларының біріне айналды. Географиялық ұлы ашулардың ғылми қорытындылары Б. Варенпустың «География генералис» атты еңбегінде (1650) жинақталды. 17-18 ғасырларда түрлі елдердің табиғат жағдайларын зерттеуге және Жердің табиғаты мен ондағы процестерді түсіндіруге көңіл бөлу күшейді (Г. Лейбниц, Ж. Бюффон, М. В. Ломоносов). Россияда экономикалық географияның қалыптасуына И. К. Кирилов, В. Н. Татищев, М. В. Ломоносов зор үлес қосты. Жаратылыс тану ғылымының 18 ғасыр мен 19 ғасырдың 1-жартысындагы аса көрнекті жетістіктері бұрынғы натурфилософиялық жорамалдардан бас тартуға, табиғаттағы процестердің бәрінің өзіне тән себептері бар деген ғылми тұжырым жасауға мүмкіндік берді. Бұл кезеңде География жөнінде екі түрлі пікір туды:
А.Гумбольдтше география жаратылыс тану ғылымы, К. Риттерше география гуманитарлық ел тану ғылымы. А. Гумбольдт өзінің «Космос» (1845-1862) атты еңбегінде физикалық географияның міндеті табиғат құбылыстарының жалпы заңдарын және олардың ішкі өзара байланысын зерттеу десе, К. Риттер (1822-1859) атты еңбегінде Географияның басты міндеті табиғаттың адамға тигізетін әсерін зерттеу ғана деп түсіндірді. 18 ғасырда Географиядан геология бөлініп шықты. 19 ғасырдың 1-жартысында Россияда экономикалық (алғашқыда «статистика» аталды) және физикалық географиялар бір-бірінен толық ажырады; климатология, фитогеография (геоботаниканың бөлімі), океанография қалыптаса бастады. 19 ғасырдың аяғында РоссиядаВ. Докучаев комплексті физгеографиялық зерттеулердің негізін қалап, бұл зерттеулердің міндетін халық шаруашылық проблемаларын шешумен байланыстырды. Географиялық өзара байланыстылықты тануға А. И. Воейков зор үлес қосты. 20 ғасырдың басында Л. С. Бергтің, А. А. Борзовтың т. б. еңбектерінде ландшафт туралы ұғым қалыптастырылды. Географиялық ғылыми зерттеулердің дамуына Орыс географиялық қоғамы (1845) үлкен еңбек сіңірді. 19 ғасырдағы және 20 ғасырдың басындағы экспедициялар Азияның бұрыннан беймәлім ішкі аймақтарын (П. П. Семенов-Тян-Шанский, Н. М. Пржевальский, Г. Н. Потанин), Жаңа Гвинеяны (Н. Н. Миклухо-Маклай) зерттеді, Антарктиданы (Ф. Ф. Беллинсгаузен, М. П. Лазарев) ашты.
Советтік географияның дамуы және қазіргі жағдайы. Ұлы социалистік революциясы географияның дамуына кең жол ашты. Еліміздің өндіргіш күштерін зерттеу мақсатымен 20-30 жылдары СССР ҒА-сы ірі комплексті экспедициялар ұйымдастырды; географияның жеке салаларына қатысты теориялық проблемаларды шешумен қатар, комплексті физгеографиялық және экономгеографиялықпроблемаларға, оның ішінде аудандау проблемасына үлкен мән берілді. Физикалық географиядағы теориялық зерттеулер шалпы жер тану (А. А. Григорьевтің географиялық қабық, физгеографиялық процестер туралы еңбектері) және ландшафт тану, оның ішінде морфология, динамика, ландшафты жүйелеу, физгеографиялық аудандау (Л. С. Бергтің, С. В. Калесниктің, Н. А. Солнцевтің зерттеулері) бағытында жүргізілді.
Экономикалық географиялық методология негіздері К. Маркс пен Ф. Энгельстің классикалық еңбектерінде қаланған болатын. Советгеографияның дамуы үшін В. И. Лениннің шығармаларында «Россияда капитализмнің дамуы», «Егіншілікте капитализмнің даму заңдары туралы жаңа мәліметтер», «Империализм - капитализмнің жоғарғы сатысы» атты еңбектерінің аса зор маңызы болды. Экономикалық география мамандары Мемлекеттік жоспарлау комитетінің елдегі экономикалық аудандарды белгілеу жөніндегі жұмысына қатысты. Бірақ СССР-де экономикалықгеографияның маркстік-лениндік теориясы бірден қалыптасқан жоқ. 20-30 жылдардың аралығында географиядағы салалық-статистикалық және «аудандық» бағыттар арасында методологиялық талас болды; мұның нәтижесінде маркстік бағыт жөңді, салалық бағытты аудандық бағытқа қарсы қоюға, экономикалық географияны физикалық географиядан бөліп тастауға тырысқан солшыл тенденциялардың мүлдем терістігі дәлелденді.
Совет өкіметі тұсында радиациялық және жылу балансын (М. И. Будыко), ауа массаларының жалпы циркуляциясын(Б. П. Алисов, С. П. Хромов),атмосферадаты ылтал алмасуын (О. А. Дроздов),ылталдың планеталық айналымын (Г. П. Калинин, М. И. Львович), атмосфера - құрлық - мұхит жүйесіндегі жылу алмасуын (В.В.Шулейкин) зерттеуде т. б. салаларда зор табыстарға қол жетті. Физикалық географияның жалпы теориясы үшін, оның ішінде әсіресе географиялық зоналылық туралы ілім үшін, Жердің географиялық қабығының құрылымы мен динамикасын білу үшін бұл зерттеулердің маңызы зор. Құрлық бетін талдап зерттеу (И. П. Герасимов, К. К. Марков, И. С. Щукин), мүхит түбін, мүхит пен теңіздің жағалық бөлігін зерттеу (В. П. Зенкович), генезис, топырақ классификациясы және оны картаға түсіру (И. П. Герасимов, В. А. Ковда т. б.) жөніндегі зерттеу жұмыстарының да айтарлықтай маңызы болды.
Табиғат құбылыстарын талдап, терең зерттеудің нәтижесінде физикалық география табиғи географиялық комплекстер (геожүйелері) туралы ғылым болып қалыптасты; ол екі тармаққа бөлінеді: жалпы физикалық география немесе жалпы жер тану (географиялық қабықтың жалпы даму заңдылықтарын зерттейді; бұл саладағы көрнекті ғалымдар - А. А. Григорьев, С. В. Калесник, К. К. Марков) және ландшафт тану (географиялық қабықтың территориялық дифференциациясы мен әр түрлі географиялық комплекстердің орналасу заңдылығын зерттейді; бұл саладағы көрнекті ғалымдар - Д. Л. Арманд, Н. А. Гвоздецкий, А. Г. Исаченко, Ф. Н. Мильков, Н. А. Солнцев, В. Б. Сочава т. б.).
Қоғамдық географиялық ғылымдар әлеуметтік-экономикалық ғылымдардың заңдылықтарына сүйенеді. Совет экономикалық географияда зерттеудің үш бағыты бар: а) экономикалық географияның жалпы теориясы, оның ішінде интегралдық экономикалық аудандарды қалыптастыру мәселелері (Н. Н. Баранский, П. М. Алампиев, В. Ф. Васютин, Н. Н. Колосовский, О. А. Константинов, Ю. Г. Саушкин т. б.);ә) әрбір аудан бойынша бірнеше сипаттама-монография жасауға бағытталған аймақтық зерттеулер (М. И. Помус, С. Н. Рязанцев, И. В. Комар т. б.); б) өнеркәсіп (А. Е. Пробст, П. Н. Степанов), ауыл шаруашылығы (А. Н. Ғакитников), транспорт (И. В. Никольский), халық және қалалар проблемасы (Ғ. М. Кабо, Н. И. Ляликов, В. В. Покшишевский) туралы салалық зерттеулер. Табиғат жағдайлары мен табиғи ресурстарды шаруашылық түрғысынан бағалау, экономикалық географиялық проблемаларды зерттеуде математикалық тәсілдерді қолдану кең орын алып келеді (И. В. Комар, А. А. Минц т. б.).
«Солтүстік полюс» ықпалы станцияларының жүргізген зерттеулері нәтижесінде Орталық Арктика толық зерттелді. Антарктиданың толық картасы жасалды. СССР-дің географтары Халықаралық геофизикалық жыл (1957-1959) программасын іске асыруға белсене қатысты. География әрқашан картографиямен тығыз байланысты. Бірсыпыра ірі комплексті атластар (Дүние жузінің физика-географиялық атласы, 1964; Антарктиканың атласы, 1966; одақтас және автономмиялық республикалардың, өлкелердің, облыстардың атластары) шықты.
Совет географияның дамуында арнаулы географиялық мекемелердің ролі зор; оларғылми зерттеулер жүргізеді, география мамандарын даярлайды, СССР Географиялық қоғамының және оның бөлімшелерінің журналдары мен жинақтарын шығарады. Ол мекемелер: СССР География қоғамы және оның жергілікті жерлердегі бөлімдері мен бөлімшелері, СССР ҒА-сының География институты, СССР ҒА-сының Сібір бөлімшесіне қарасты Сібір және Қиыр Шығыс география институты, одақтас республикалар ҒА-ларының география институттары, бөлімдері, секторлары, университеттер мен педагогтық институттардың географиялық факультеттері. Совет географтары әр 4 жыл сайын халықаралық география конгресін еткізетін Халықаралық география одағыныңжұмысына қатысады.
Қазақстанда геоғрафияның дамуы. 1917 жылға дейін Қазақстан мен Орта Азияда географиялық зерттеулерді Орыс географиялық қоғамы жүргізді. Іле өлкесін зерттеуде П. П. Семенов-Тян-Шанскийдің сіңірген еңбегі ете зор. 1856-1858 жылдар Шоқан Уәлиханов Жоңғария мен Іле өлкесіне бірнеше рет саяхат жасап, осы аймақтардың табиғаты, шаруашылығы мен халқының тұрмысы жайында көптеген деректерді алғаш рет жинады. Іле Алатауын, Ішкі Тянь-Шаньды, Арал теңізін зерттеуде Н. А. Северцовтың (1857-1867), Орта Азия мен Қазақстан тауларының пайда болуына вулкан процестерінің тигізген әсерін зерттеуде И. В. Мушкетовтың (1875-1880), Арал теңізін зерттеуде Л. С. Бергтің (1899-1900), Алтай, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шаньды зерттеуде В. В. Сапожниковтың еңбектері ғылымға қосылған үлкен үлес болды. 20 ғасырдың басында Қазақстанның едәуір бөлігінің геоботаникалық және топырақ карталары жасалды, бұл жұмысқа топырақ зерттеуші және ботаник ғалымдар С. С. Неуструев, Л. И. Прасолов, А. И. Безсонов т. б. қатысты. Қазақстанда Орыс географиялық қоғамының Түркістан және Батыс Сібір бөлімдері, Семей бөлімшесі болды.
Совет өкіметінің алғашқы жылдарында Өлке тану қоғамы мен География қоғамының Жетісу бөлімі құрылды; өлке тану қоғамы негізінен Қазақстанның солтүстік және орталық бөлігін, екіншісі республиканың оңтүстік бөлігін зерттеумен шұғылданды. 20 жылдарда республиканың табиғат жағдайын жан-жақты зерттеуде СССР ҒА-сының, Орта Азия мемлекеттік университетінің, Геологиялық комитеттің, Орта Азия гидрометеорологиялық институтының экспедициялары зор роль атқарды; олардың жұмысына Д. В. Наливкин, С. В. Калесник, Н. Г. Кассин, И. П. Герасимов, Қ. И. Сәтбаев т. б. қатысты.
Қазақстанда географияның дамыған салаларының бірі - гляциология. Мұздықтарды зерттеу Халықаралық геофизикалық жылға (1957-1959) байланысты кең өрістетілді. Іле Алатауының орталық бөлігінде жөне Жоңғар Алатауының солтүстік беткейінде ертеден болған мұз басу және Іле Алатауындағы осы заманғымұз басу (мұны зерттеген Н. Н. Пальгов) зерттелді. Жоңғар Алатауындағы соңғы мұз басудың (голоцендік) ірі масштабты геоморфолошялық картасы жасалды. Мұздық түрлерін классификациялау және өзендердің қоректенуі үшін олардың атқаратын ролін зерттеу жөнінде көлемді жұмыстар істелді. Мұздықтардың гидрогеологиялық және температуралық режимін; мұздықтың құрамындағы заттар балансын және жылу балансын, фирндегі қар жамылғысын, өзендердің қоректенуі үшін мұздықтардың маңызын зерттеуде елеулі табыстарға қол жетті. Бірнеше монография дүние жүзілік гляциологиялық ғылым қорына қосылды. Қазақстандагы мұздықтардың толық катологы жасалды.
1921 жылы Алматыда болған сел тасқынынан кейін географтар табиғаттың осы құбылысын зерттеуді қолға алды. Қазір таудағы сел тасқынын зерттеу жоғары дәрежеге жеткен; ғалымдардың ұсынысы бойынша Кіші Алматы өзенінен жарылыс әдісімен орасан зор бөгет жасалды.
Республиканың, оның жеке аудандарының табиғат жағдайларына сипаттама беру үшін Қазақстанның Гидрометеорологиялық қызмет басқармасының, Геодезия қызметі басқармасының, Қазақ ССР ҒА-ның топырақ тану, ботаника, зоология институттарының, физикалық география секторының экспедициялары көп деректер жинады. 30 жылдардың өзінде әр түрлі климат белдеулеріндегі ауа райының түрлері туралы алғашқы жалпы ұғымдар тұжырымдалды. Қазақстан мен Орта Азиядағы атмосфераның жалпы циркуляциясы, климатты қалыптастыратын факторларға талдау жасау, синоптикалық процестер, Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы климатының сипаттамалары т. б. туралы еңбектер жазылды; олардың ішінен маңыздылары - П. И. Колосковтың «Қазақстанды агроклиматологиялық аудандау» монографиясы, А. С. Утешевтің редакциясымен шыққан «Қазақстан климаты» кітабы, М. X. Вайдалдық«Қазақстанда ауа райын болжау және климаттың ауытқуы» атты еңбегі.
Қазақстан өзендері мен көлдері жөнінде жазылған елеулі ғылыми еңбектердің ішінде П.С.Кузиннің Солтүстік Қазақстан мен Сарыарқаның өзендері туралы еңбектері, Н. С. Калачёв пен Л. Д. Лаврентьеваның «Қазақ ССР өзендерінің су-энергетикалық кадастры» монографиясы, Г. Г. Муравлевтың «Солтүстік Қазақстаннық көлдері» кітабы назар аударарлықтай. Арал теңізі, Балқаш, Алакөл көлдері зерттелді. Қазақ ССР ҒА-сының география секторының 1960-1963 жылдардағы экспедицияларының істеген жұмысы нәтижесінде «Алакөл ойысы және оның көлдері» атты құнды еңбек жазылды. Республиканың кейбір аудандарындағы ағын суды зерттеудің нәтижесінде Қазақстан жер беті сулары ресурсының 1: 250 000 масштабты картасы жасалды (П. Ф. Лаврентьев). «СССР-дің жер беті суларының ресурстары» жинағына енгізілген Қазақстан ғалымдарының еңбектерінде су шаруашылығының перспективтік балансын жасау, ағын суды ұзақ мерзімге реттеуді есептеудің тәсілі секілді бірсыпыра гидрологиялық проблемалар баяндалған.
1954-1955 жылдар СССР ҒА-сының В. Д. Кисляков бастаған комплексті экспедициясы Қазақстанның солтүстік бөлігін зерттеп, оның табиғатына сипаттама берді, облыстарды табиғи аудандарға бөлді. Бетпақ даладағы, Балқаш маңы құмындағы, Арал маңы Қарақұмындағы, Қызылқұмдағы, Мойынқұмдағы жайылымдарды жан-жақты сипаттайтын еңбектер шықты. Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Маңқыстаудың, Көкшетау қыратының ландшафтына толық сипаттама берілді, физгеографиялық аудандауға, ландшафтыларды классификациялауға, жүйеге келтіруге және оларды картаға түсіруге, ландшафтының жеке түрлерін зерттеуге көп көңіл бөлінді. Геоморфология саласындағы елеулі зерттеулерге М. Ж. Жандаевтың Іле Алатауының, Қызылқұмның геоморфологиясы, А. С. Сәрсековтың Солтүстік Балқаш маңының, Ш. З. Құламбаевтың Қарқаралы ұсақ шоқылы өңірінің геоморфологиясы жайында жазған еңбектерін қосуға болады.
Қазақстанда экономикалық география саласында да айтарлықтай табыстарға қол жетті. Өндіргіш күштерді орналастырудың, экономикалық аудандарды мамандандырудың және оларды комплексті дамытудың, территориялық-өндірістік комплекстердің құрылуының теориялық проблемалары (В.А.Адамчук, Б.Я.Двоскин «СССР-дегі өнеркәсіп тораптарының даму проблемалары» Қазақстан материалында жазылды, 1968) және республиканың жеке облыстары мен аудандары (Е. М. Конобрицкая, М. И. Семенова, Е. Н. Гладышева, И. М. Назаренко) зерттелуде. «Қазақ ССР» (редакциясын Н. Н. Баранский басқарған), «Қазақстан» («Совет Одағы» сериясынан) кітаптары - осы саладағы елеулі еқбектер. Қазақстанның экономикалық географиясынан жоғары оқу орындарына, орта мектептерге арналған оқулықтар және мұғалімдер үшін көмекші құралдар (М. М. Өтемағамбетов, П. Д. Устименко, Ғ. Қ. Қоңқашпаев, М.Ш. Ярмухамедов, Б. Я. Двоскин) жазылды. Медициналық география қалыптасып, дамып келеді. Медицина-географиялық зерттеулердің басты бағыттары мыналар: жұқпалы және жұқпайтын аурулардың, биохимиялық эндемийлердің, залалды ісіктердің, жүрек-қан тамыры ауруларының таралу ерекшеліктерін, табиғи ортаның адамның денсаулығына тигізетін әсерін, курорттарды пайдалану мәселелерін зерттеу. Бұл проблемалар жайында Н. И. Кереевтің, Ю. И. Ключниковтың, К. В. Кочетовтың, Ш.Ш.Сексенованың еңбектерінде баяндалған. Комплексті карта жасаудан бірсыпыра тәжірибежинақталды. Москваның М. В. Ломоносов атындағы мемлекеттік университеті Қостанай облысы (1963) мен бүкіл Солтүстік Қазақстанның (1970) атластарын, Қазақ ССР ҒА-сының география секторы Қарағанды облысының географиялық комплексті атласын шыгарды (1969). Қазақ ССР-інің атласы (К. Б. Ахметова, М. И. Семенова, З. И. Кулешова т. б.) баспаға даярлануда.
Қазақстанда географиялықғылымның дамуына СССР ҒА-сының Қазақ филиалында 1939 жылы физикалық география секторының құрылуы (қазір Қаз. ССР ҒА-сының география секторы) зор ықпал тигізді. Ол Алматы облысының аудандарын комплексті зерттеді, Қазақстан табиғаты туралы жиынтық монографиялар шығарды, жайылымдық мал шаруашылығы проблемаларын зерттеді, Іле Алатауындағы мұздықтарға алғашқы экспедицияларды ұйымдастырды.
Ұлы Отан соғысынан кейін СССР Географиялық қоғамының БатысҚазақстан бөлімі, 1952 жылыҚазақ филиалы ұйымдастырылды, ол 1970 жылы Қазақ ССР Географиялық қоғамы болып қайта құрылды; оның жұмысы физикалық, экономикалық, медициналық географияның аса маңызды проблемаларын шешуге, табиғи ресурстарды одан әрі зерттеуге, табиғаттың қолайсыз құбылыстарымен күресу және табиғатты қорғау шараларын белгілеуге бағытталған. Қазақ ССР ҒА-сының география секторы және Қазақ ССР Географиялық қоғамы «Қазақстан географиясы мәселелері» (жыл сайын), «Қазақстанда география ғылымының дамуы» (1967 жылдан), «Қазақстанның таулы және шөлді аймақтарын игерудің географиялық проблемалары» (1965 жылдан), «Қазақстанның физикалық, экономикалық және медициналық географиясының проблемалары» (1967 жылдан), «Қазақстандағы географиялық зерттеулер» (1968 жылдан), «Қазақстандағы гляциологиялық зерттеулер» (1961 жылдан) жинақтарын шығарады.
Географияның проблемалық мәселелерін талқылауға арналған ғылыми конференциялар мен кеңестер үнемі өткізіліп тұрады: гляциология, гадрология, метеорология және ландшафт тану жөніндегі ғылыми конференция (1961), ландшафт тану мәселелері жөніндегі Бүкіл одақтық кеңес (1963), шөлді және таулы аймақтардың табиғи ресурстарын комплексті игеру перспективасына байланысты оларды зерттеу жөніндегі ғылыми конференция (1965), Ұлы социалистік революциясының 50 жылдығына арналған Қазақстан географтарыныңғылыми сессиясы (1967), география мәселелері жөніндегі республикалың ғылыми-методикалық конференциясы (1969), Қазақстан медициналық географиясының проблемалары жөніндегі конференция (1963, 1965) өтті.
Қазақстанда география ғылымын одан әрі дамытудың басты міндеттері КПСС 24-съезі мен СССР Географиялық қоғамының 5-съезінің шешімдерінен туады. Бұл міндеттердің аса маңыздылары: ландшафтылық картаға түсіру арқылы республика жерін жоспарлы түрде комплексті зерттеу; өндіргіш күштерді тиімді орналастырудың және халық шаруашылық жоспарлаудың негізі ретінде табиғат кадастрларын жасау және жеке аймақтардың табиғат жағдайлары мен ресурстарын экономикалық географиялық тұрғыдан бағалау; аудандаудың және ландшафтылық карта жасаудың теориясы мен методикасын жасау; кейбір өңірлердің табиғат жағдайын өзгертуге бағытталған шараларды іске асыру (Арал теңізі және Сырдария проблемасы, Сібір өзендерін Қазақстанға бұру, Маңқыстау түбегін игеру т. б.), Қазақстан су балансын жақсартудың географиялық негізін жасау т. б.
География ғылымының шетелдердегі жайы. 2-дуние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін социалистік системаның құрылуы нәтижесінде социалистік елдерде географиялықғылымының дамуына қолайлы жағдай туды; географтар социалистік құрылысқа тікелей қатысты күрделі проблемаларды (физико-географиялық және экономикалық аудандау, табиғи ресурстарға өндірістік баға беру, комплексті ұлттық атластар жасау) шешуге араласады; экономика-географиялық проблемаларды марксизм негізінде баяндап берген еңбектер жазылды. Даму жолына түскен елдерде, оның ішінде Үндістанда, Бразилияда, Мексикада ұлттық географиялық мектептер қалыптаса бастады. Дамыған капиталистік елдерде (АҚШ, Ұлыбритания, ГФР, Жапония, Канада) географиялықғылымының практикадағы атқаратын роліне көбірек маңыз берілетін болды. Қалалардың қаулай өсуі, жеке аудандардың экономикалық дамуындағы диспропорцияның күшеюі, бірқатар табиғи ресурстардың сарқыла бастауы, өндіріс қалдықтарының табиғи ортаны ластауы өкімет органдары мен монополияларды экономикалық дамудың және жер пайдаланудың стихиялық процестеріне араласуға мәжбүр етуде. Үкімет мекемелері мен жеке меншікті фирмалар қала құрылысының жобаларын, рыноктарды зерттеуді т. б. ғылыми негіздеуге географтарды қатыстырады.
Әдеб.: Ленин В. И. Россияда капитализмнің дамуы. Шығ., 3-т.; Ленин В. И. Империализм - капитализмнің жоғарғы сатысы. Шығ., 22-т.; Алампиев П. М. Әкономическое районирование СССР.кн. 1-2, М., 1959-1963; Американская география. Современное состояние и перепективы. пер. с англ., М.. 1957; Баранский Н. Н. Экономическая география. Экономическая картография. 2 изд., М., 1960; Берг Л. С. Ландшафтно-географические зоны Советского Союза.т. 1-2, М.-Л., 1947-1952; Герасимов И. П. Преобразование природы и развитие географической науки в СССР. М., 1967; Григорьев А. А. Закономерности строения и развития географической среды. М., 1966; Калесник С.В. Общие географические закономерности Земли. М., 1970; Колосовский Н. Н. Основы экономического районирования. М., 1953; Краткая географическая энциклопедия.т. 1-5, М., 1960-1966; Отечественные физико-географы и путешественники. М., 1959; Саушкин Ю. Г. Введение в экономическую географию. 2 изд., М., 1970; Советская география. Итоги и задачи. М., 1960; Советская география в период строительства коммунизма. М., 1963; Физико-географическое районирование СССР. М., 1968; Экономическая география в СССР.М., 1965; Развитие географических наук в Казахстане. А.-А., 1967; Географические исследования в Казахстане. А.-А., 1968.
Жарияланған-2021-08-09 13:34:16 Қаралды-8923
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина