БИРУНИ Әбу Райхан Мұхаммед ибн Ахмед (4. 10. 973-1050) - Орта Азияның даңқты ғалымы, астроном, математик, географ, геолог, философ, филолог, тарихшы, этнограф, дәрігер және ақын. Ол ежелгі Хорезмнің астанасы - Қият қаласының іргесіндегі ауылда туған. Қазір Қият жұртында Бируни қаласы бар, ол - Қарақалпаққа қарайтын аудан орталығы. Бируни Ғазна қаласында (Ауғанстан) қайтыс болған. Араб тіліндегі «әл-Бируни» ныспысы «бирун» сөзінен шыққан, оның хорезмше мағынасы - «қала сыртындағы ауыл».
Жасынан дарынды болып өскен Әбу Райхан ауыл арасында сауатын ашып, өз бетімен Хорезми, Әбу Наср әл-Фараби, Жауһари, Фертани сияқты озық ойлы ғақли адамдардың кітаптарын оқиды. Ескілікті аңыздар мен жырларды тыңдайды. Керуеншілерге «бақыршы бала» болып ілесіп, Орта Азия мен Иранның әр түрлі қалаларына барады. Кейінірек Әбу Наср Мансур ибн Ирак (1020 ж. ө.) деген ғалыммен кездесіп, екі жылдай содан оқиды. Ибн Ирак - грек тіліндегі бірталай кітаптарды араб тіліне аударған математик. 22 жасында Бируни әйгілі ғалым ретінде танылған, ол парсы, араб, грек, үнді (санскрит) тілдерін еркін меңгерген. Ол кезде көптеген адамдар ислам дінін тұтып, намаз оқығандарымен, дінге онша сенбейтін. Осындай адамдарды қолдағаны үшін қугынға ұшырап, Бируни Хорезмнен кетуге мәжбүр болған. 995-1010 жылдар Иранда тұрады. 1000 жылы орта ғасыр ғылымының энциклопедиясы атанған «Әл-асар у-л-Бақия ан әл-цурун әл-һалия» атты әйгілі еңбегін жазған 1010 жылы Хорезмнің әкімі Мамун ибн Мамун Үргенішті астана етіп (қазіргі «Көне Үргеніш»), онда академия іспетті ғылыми мекеме ұйымдастырған. Оны Бируни басқарған, ибн Сина, Әбу Саһл Массих, Әбу-л-Хасан ибн Хаммар, ибн Мискуайх, Әбу Наср ибн Ирак т. б. көрнекті ғалымдар Бирунидің басшылығымен Үргеніште ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастаған. Алайда «Үргеніш академиясының» өмірі қысқа болған. 1017 жылы Хорезмді Ғазна сұлтаны Махмұд ибн Сәбіктегінің (998-1030) әскерлері басып алып, осы соғыста Бируни, әл-Хуммар және ибн Ирак жау қолына түсіп, соғыс тұтқындары ретінде Ғазнаға айдалып апарылған. Басқа ғалымдар қашып құтылған. Атақты парсы ақыны «Шаһнаманың» авторы Әбу-л-Қасым Фирдауси да осы кезде бермеген. Өзінің «атын» шығаратын кітап жаздыртуды көздеп, оған сыйлық ұсынған. Ғалым оларын алмаған. Махмұд жөнінде кітап жазбаған. Жазған шығармаларында сұлтанның саясатын, шапқыншылық әрекеттерін іштей сөгіп, айыптап отырған. Рұқсат алып, біраз уақыт Үндістанның Ғазнаға қараған аудандарына барып тұрған.
Бирунидің ғылыми мұрасы ұшан-теңіз. Олардың бірсыпырасы бізге жетпеген, сақталып қалған шығармаларының көпшілігі толық жиналып жарияланбаған. Жалпы алғанда ол 150 кітап жазған, бұлардың 45-сі астрономия мен математикаға арналған. Бируни еңбектерінің кейбіреулері өткен ғасырда ағылшын, неміс, француз тілдеріне аударылған. Қазір орыс тіліне аударылуда. Астрономиялық шығармаларында Бируни дүниенің гелиоцентрлік жүйесін (Коперниктен 500 жыл бұрын), денелердің жерге қарай тартылуын (Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын) айтқан. Сол кездегі ірі қалалардың координаталарын көрсеткен, жер мөлшерін т. б. анықтаған. Арал теңізінің жағасында, Үндістанда, Ауғанстанда астрономиялық бақылау жұмыстарын жүргізген. Математикадан көбінесе геометрия мен тригонометрия мәселелерімен шұғылданған. Бирунидің географиясында сол кездегі белгілі жерлердің бәрі айтылған, материктердің өзара орналасуы, бір-бірінің жалғасу реті картаға салып көрсетілген. Мұхит, теңіз, тау, өзен, көл, шөл, мемлекеттер мен халықтардың аттары толық келтірілген. Бирунидің картасы Ұлы мұхиттан Атлантикаға, Үнді мұхитынан Солтүстік мұз мұхитына дейінгі жерлерді қамтыған. Бирунидің географиясы, геологиямен, минералогиямен, экономикамен, халықтардың мәдениетімен тығыз байланысты бәяндалған. Бируни биологиялық мәселелерімен де шұғылданған. Әр түрлі өсімдіктерді, дәрілік шөптерді, сан алуан жануарлар тіршілігін зерттеген. Баланың қолсыз немесе аяқсыз дімкәс болып туу себептерін түсіндірген. Ол өз еңбектерінде ғылми терминдерді бес-алты тілде келтіріп, мағынасын түсіндіріп отырған. Мәселен, меруерт асыл тасының атауы араб, парсы, үнді, сирия, грек, латын тілдерінде келтірілген.
Бируни шығармаларының ец көлемділері: «Үндістан», «Өткен буындардың ескерткіштері», «Асыл тастар», «Масъуд таблицалары». Бұлардың алдынғы үшеуі ағылшын, неміс, орыс, парсы тілдеріне аударылған. «Үндістанның» (1031) көл. 60 баспа табақтай. 80 тарауға бөлінген, оның 40 тарауында үнділердің астрономиялық және математикалық білімдері талданған, үнді ғалымдарының табыстарымен қатар «ақылға сыймайтын» қателіктері көрсетілген, қалған 40 тарауында Үндістан жерінің шекаралары, ауа райы, таулары мен өзендері, өзендерінің тасу және қайту мезгілдері, үнділердің тілі, мәдениеті, әдет-гұрыптары, діні, кәсібі т. б. айтылған. «Үндістан» - ғылымдар тарихында аты өшпес, аса маңызды еңбек.
«Асыл тастар» (1048) екі бөлімнен құралған. 1-бөлімде (36 тарау) лағыл, меруерт, ақық, маржан, кәраба, алмас, шыны, «жылан тасы» т. б. баяндалған. 2-бөлімі (12 тарау) алтын, күміс, сынап, мыс, темір, қорғасын, қалайы т. б. металдар мен солардың қоспаларын сипаттауға арналған. Автор асыл тастар мен металдарды өзара салыстыра отырып, олардың шығатын жерлерін, өндіріс технологиясын, өңдеу жолдарын, құнын, физикалық және оптикалық қасиеттерін келтірген. «Масъуд таблицалары» (1030) 11 бөлімнен кұралған. Қолжазбасы Дели, Лондон, Оксфорд, Берлин қалаларының ғылыми кітапханаларында сақталған. Бұл еңбекте астрономия, геометрия, география, тригонометрия, космологияның аса маңызды мәселелері айтылған.
Табиғат тану мәселелерінде Бируни - табанды материалист. Ол дүниенің негізі - материя үнемі қозғалыста және өзгерісте болады деп ашық айткан. «Материя, - дейді ол, - нақтылық шапанын киеді де, әр түрлі заттар түрінде көрінеді». Дүниені шариғат арқылы түсіндіруге қарсы шықкан, байсалды дәлелдер келтіре отырып, дін атаулының жалғандығын әшкерелеген. Мыс., «Адам атаның жаралған» уақытын Құран бір түрде, Тәурат екінші түрде, Інжіл үшінші түрде айтса, Бируни бұлардың бәрін бекерге шығарған, өйткені «шындық бір-ақ түрлі болуы керек». Топан суы, Нұх кемесі дегендерді де осылай баяндаған. Бирунише табиғат заңдарын шариғаттан шығаруға болмайды, олар тәжірибеге, бақылауға және логикалық пайымдауларға негізделген болуы керек. Бируни - бейбітшілікті, бостандықты, халықтар достығын жақтаған ғалым. Бейбіт халықтардың шырқын бұзған, соғысқұмар патшаларды ол қатал айыптаған. «Гүлденіп тұрған елді Махмұд күл қылып, ұшырып жіберді» - дейді автор «Үндістанда». Бирунидің пікірінше тілдерді «жақсы тіл», жаман тіл» деп болуге болмайды. Әрбір халық, - дейді ғалым, - өз тілін әдемі деп есептейді, өйткені ол соған дағдыланып кеткен, өз тілін өз кажетіне жаратады». Бұдан тілдердің бірінен-бірінің артықшылығы жоқ, сондықтан халықтардың да бір-бірінен артықшылығы жоқ, адам баласының бәрі бірдей деген қорытынды шығады.
Бируни - өз Отанын шексіз сүйген азамат, жалынды патриот. Оның өшпес енбектері дүние жүзілік ғылым мен әлеуметтік ой-пікірдің дамуына зор әсер еткен.
Әдеб.: Қазақстан мен Орта Азияның ұлы ғалымдары, Маң. жин., А., 1964; Бируни - великий узбекский ученый средневековья, [Сб. ст.], Таш., 1950; Великие ученые Средней Азии и Казахстана, Сб. ст . А., 1965.
Жарияланған-2021-06-14 15:46:04 Қаралды-863
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина