ТҰРАН ЖАЗЫҒЫ
Геологиялық құрылысы мен жер бедері ерекшеліктері. Тұран жазығының негізі Орал-Тянь-Шань геосинклинальдық белдеуімен жалғасқан. Ол эпигерциндік кезеңде плиталы платформалық жазыққа айналған. Оның батысындағы шеткі аймағында Маңғыстау үстірті жатыр. Маңғыстаудың орталық бөлігі пермь, триас және юра кезеңдерінің жыныстарынан түзілген де, антиклинальды құрылым құрап қатпарланған. Осылай Ақтау мен Қаратау сілемдері мезозой эрасының киммериялық орогенезі нәтижесінде көтерілген. Маңғыстау үстіртінің шетінде Қарақия (-132 м), Қауынды (-57 м), Қарынжарық (-70 м) сияқты құрғақ ойыстар тараған. Маңғыстаудан Арал теңізіне дейін, абсолют биіктігі 200-300 м Үстірт қыратты жазығы орналасқан. Ол неоген дәуірінің әктастарынан түзілген, жер бетін жел әрекетінен пайда болған сазбалшықты жамылғылар басып жатыр.
Тұран плитасының солтүстік шетінде Торғай үстірті жатыр. Ол палеоген мен неоген дәуірлерінің сазбалшықты, сазды және құмды жыныстарынан түзілген. Торғай үстіртін Торғай қолаты екіге бөліп жатыр. Арал теңізі мен оның маңында Тұран плитасының ойпатты бөлігі орналасқан. Ол теңіз трансгрессияларына бірнеше рет ұшырайды. Тұран ойпатындағы теңіз табанды шөгінділер мен континентті жыныс қабаттарынан түзілген жамылғының қалыңдығы 5000-5500 м-ге дейін жетеді. Мұнда қазіргі жер бедері мен топырақ жамылғысын саздақты және құмды жыныстар құрайды. Саздақты жерлерде шақатты сорлар жиі кездеседі. Әсіресе Арал теңізі деңгейінің тартылуына байланысты көтерілген ақшаңдақ сорлар экологиялық апаттың кіндігіне айналып отыр. Тұран ойпаты жан-жағынан түгелдей құмды шөлдермен көмкерілген. Оларды атап, картадан көрсетіңдер. Тұран плитасының шығысындағы шеткі аймақтарында Бетпақдала мен оңтүстік Балқаш маңы жазығы орналасқан. Бетпақдаланың батысы саздан түзілген, ал шығысы тасты болып келеді. Оңтүстік Балқаш маңында Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерінің сағалары орналасқан. Олар құмды шағылдардың тізбектерінен тұрады.
Тұран жазығы қазба байлықтарға өте бай. Олардың жаратылысы, кеніштерінің орналасуы территорияның геологиялық құрылысымен тығыз байланысты. Юра, бор дәуірлерінің шөгінділерінен мұнай мен газ табылған. Мұнай, газ өндіретін кеніштері Маңғыстауда, Қызылорданың солтүстігінде орналасқан. Іле атырауынан қоры мол қоңыр көмір бассейні табылып отыр. Темір, мыс, фосфорит, марганец кендері де баршылық. Тұз кенінде шек жоқ. Құрылысқа жарамды саз балшық, құм, құм тас көптеп кездеседі. Маңғыстаудың ұлутасы ғимараттық орындарды сыртынан қаптап мәнерлеуде теңдесі жоқ арзан бағалы материалдың бірінен саналады. Кескін картаға пайдалы қазбалардың кеніштерін белгілеңдер.
Климаты. Тұран жазығында құрғақ континентті шөлдік климат қалыптасқан. Оның қалыптасуында күн радиациясының алатын орны ерекше болғанымен ылғалдану коэффициенті өте төмен, 0,2-ден артпайды. Қысы суық, қаңтардың орташа температурасы солтүстігінде -18°, оңтүстігінде -5°. Территорияға арктикалық суық ауа мен Сібір антициклоны жиі-жиі қайталағанда ауа температурасы -40°-қа дейін төмендеп кетеді. Жазы құрғақ, ыстық, шілденің орташа температурасы солтүстігінде 22°, оңтүстігінде 29°, ауа райы тропиктік континентті ауа массасының әрекетіне байланысты қалыптасады. Аңызақ желдердің соғуы жиілейді. Көктем мен күз ылғалдырақ болып келеді. Ылғал атланттық батыс желдермен, Қара теңіз және Каспий теңізінен келетін циклондармен тасымалданады. Көктем мен күзде жиі күн суытып, үсік жүреді.
Климаттың қуаңшылығы ауыл шаруашылығын тежеуші факторлардың бірі болып саналады.
Өзендері, көлдері және жер асты суы. Тұран жазығында өзен торы өте нашар дамыған. Әмудария, Сырдария және Жетісу өзендері - Памир, Алтай, Тянь-Шань тауларынан бастау алатын транзитті немесе тыстан келетін өзендер. Олар мұнда суға толыспайды, керісінше, тау алды жазықтарда егістік жерлер ауқымының кеңеюіне байланысты жылдық ағыны 10 еседен артық кемиді. Мысалы, 50-жылдары Әмудария мен Сырдария Арал теңізіне жыл сайын 100 км3 су құйса, ал 1989 жылғы ағыны 9 км3-ге дейін азайды. Жетісу өзендерінің гидрологиялық режимдері де мәз емес.
Өзен суының тартылуы Арал, Балқаш көлдерінің проблемаларын шиеленістіруде. Арал теңізі орны толмайтын дәрежеден асты. Теңізде тіршілік ететін балықтар жойылып, кемелер құм мен сор басқан жағалауларда қайраңдап қалды. Дәл осындай жағдай Балқашта да қайталанбақ.
Тұранда су проблемасын құрлық беті суының шешпейтіндігінде талас жоқ. Осы жер асты суын пайдалану арқылы біршама жеңілдетуге болады. Мұнда еспе су 20-50 м тереңдікте орналасқан, ал артезиаң суы одан да терең жыныс қабаттарында жатыр. Олар негізінен ауыз су ретінде пайдаланылады.
Табиғат зоналары. Тұран жазығының солтүстігінде ғана, атап айтқанда, Торғай үстіртінде, құрғақ далалы және шөлейтті ландшафтар тараған, ал қалған бөлігінің барлығынди да шөл зоналы ландшафтар орналасқан.
Торғай даласы Оңтүстік Орал тауларының қалқасында жатыр. Сондықтан оның климатына батыстан келетін ылғалды ауаға қарағанда оңтүстігі мен солтүстігінен келетін құрғақ континентті ауа массалары басымырақ әсер етеді. Жылына 210-260 мм ғана жауын-шашын түседі. Мұнда қошқыл түсті қызыл күрең топыраққа бітетін бетегелі селеу өседі, көптеген жері егістік үшін пайдаланылады. Құмды шағылдары мен Торғай қолатында жайылымдар, шалғынды шабындықтар бар.
Торғай даласы 51° солтүстік ендіктен оңтүстікке қарай шөлейт зонасымен алмасады. Топырағы ашық түсті қызыл күрең топырақпен ауысады, сортаң жерлердің ауқымы артады. Дала өсімдіктері жусанды, изенді өсімдік топтарынан тұрады. Шөлейттің 20-25% жері ғана егістікке жарамды. Торғай үстіртінің дала ландшафтында, шөлейтінде де егістіктерді ұдайы мелиорациялау керек. Тұран жазығында шөлдердің солтүстік және оңтүстік типтері тараған.
Шөлдердің солтүстік типі Солтүстік Арал маңында, Бетпақдалада, Мойынқұмда, Балқаш-Алакөл ойысында дамыған. Бұлардың саздақты жерлерінде қоңыр және сұрғылт қоңыр топырақта өсетін жусан мен сораң шөпті өсімдік жамылғылары қалыптасқан. Саздақты шөлдердің сорлары мен тақырларында топырақ-өсімдік жамылғылары нашар. Тұранның саздақты шөлдерін ақ бөкен мекендейді. Үстіртте қара құйрық пен үстірт қойы (муфлон) тіршілік етеді. Саздақты шөлдерге қарағанда құмды шағылдарда өсімдік жамылғысы, жануарлар дүниесі жақсы. Мұнда еркекшөп, құмаршық, селеу, қияқ, шағыр, жүзгін, жыңғыл өседі. Олар Бетпақдаланың шығысында ғана кездеседі. Тасты шөлдерде топырақ-өсімдік жамылғылары өте нашар дамыған. Олар халық шаруашылығына жарамсыз жерлер болып саналады. Жалпы Тұран шөлдері жайылым үшін пайдаланылады.
Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету мал басын көбейтумен тығыз байланысты. Ол үшін жайылымдықтардың ауқымын кеңейтіп, құнарын арттыру керек.
Шөлдердің оңтүстік типі Маңғыстау мен Сыр бойында, мұнда сұр топырақты жерлерде өсетін эфемерлер мен жусан және сораң шөптер кездеседі. Маңғыстау шөлдері су қорының жетімсіздігіне байланысты жайылым ретінде ғана пайдаланылады. Ал, Сыр бойында жайылыммен бірге суармалы егістіктер де орналасқан. Оларға күріш, екпе шөп, көкөніс егіледі. Соңғы жылдары Сыр суы жоғары бөлігінде шамадан тыс пайдаланып, Тұран жазығындағы егістіктерге жетпейтін болды. Сырдың жоғарғы бөлігіндегі егістіктерден шайылған минеральдық, пестицидтік заттар оны ауыз суға жарамсыз етіп жіберді. Осылай Сыр бойының суармалы егістіктері, шабындықтары, табиғи жайылымдары жылдан-жылға экологиялық жағдайды нашарлатуда. Бұл проблема республикамызда, тіпті елімізде тұратын барлық халықтардың көңілін алаңдатып отыр. Сыр бойының, Арал маңының проблемаларын шешу жөнінде көптеген ауқымды шаралар белгіленді.
Қорықтары. Тұран жазығының табиғаты шөлді болып келгендіктен экологиялық жағдайлары тұрақсыз. Мұнда жердің шаңын аспанға көтеретін аңызақ желдер жиі соғып тұрады. Суармалы егістіктерін пайдалану режимі бұзылған жерде топырақ астындағы тұз капиллярлық жолдармен жер бетіне көтеріледі. Жердің сортаңдануын Арал теңізі табанынан көтерілген ақшаңдақ тұздар ұлғайта түсуде. Топырақ жамылғысының жел эрозиясына ұшырап, түрліше жолдармен сортаңдануы табиғат кешенінің тізбекті байланыс заңдылығы бойынша өсімдіктер және жануарлар дүниелерінің жойылып кету қаупін туғызуда. Мысалы, 1988 жылы Оңтүстік Торғайдамыңдаған ақ бөкендер қырылып қалған. Осы сияқты Барсакелместегі құландардың, Үстірттегі қарақұйрықтардың шығындары да байқалып жүр. Мұндай жағдайларды болдырмай, табиғат кешендерінің экологиялық жағдайы тепе-теңдігін сақтау мақсатымен қорықтар ұйымдастырылуда. Ертеректе ұйымдастырылған қорықтардың бірі - Барсакелмес қорығы. Ол 1939 жылы құлан, ақ бөкен, т. б. ежелгі жануарлардың кейбір түрлерін сақтау және олардың қазіргі табиғатқа бейімделуін зерттеу мақсатымен құрылған. Мұнда өсімдіктердің 165 түрі бар.
Қазір Аралдың суалуына байланысты табиғаты азып, жануарлары мекендерінен жеріп, қоныс аудара бастады, Екінші бір қорық Үстіртте, онда қарақұйрық, муфлон т. б. шөл зонасының жануарлары қорғалады.
Арал теңізінің экологиялық дағдарысы. Арал маңындағы экологиялық жағдайдың нашарлауы Әмудария, Сырдария өзендері ағып өтетін егеменді республикаларда мақта егістіктерінің ұлғаюымен тығыз байланысты. Ғасырлар бойы осы қос өзен Арал теңізіне жыл сайын 100 км астам су құйып келсе, ал қазіргі олардың жеткізетін суы 9 км-ге жетпейді. Оның өзі мақта егістігінен ағып шыққан минералды, пестицидті шайындылар. Аралға жеткілікті мөлшерде су құйылмайтын болғандықтан, оның деңгейі 14 м-ге дейін төмендеді, жағалық сызығы 50-80, кейбір жерлерінде 100 км кейін шегінді. Арал теңізі маңынан 25 мың км2 жаңа шөл қалыптасты. Жер асты суының деңгейі төмендеді. Арал көліндегі судың тұздылығы 28-30%-ке дейін артты. Арал маңында соғатын аңызақ желдер жиіледі. Көл табанынан ұшқан ақ шаңдақ тұз, су қорының жетімсіздігі, суармалы егістіктердің тарылуы, жайылымдықтардың құнарсыздануы т. б. Арал маңында тұратын халықтың тұрмыс жағдайларьін нашарлатып, күйзелтіп, экологиялық дағдарысқа ұшыратты. Қазір Аралды арашалауға бағытталған шаралар қоғамдық, мемлекеттік, халықаралық дәрежеде іске асырыла бастады.
Әдебиет: Қазақстанның физикалық географиясы. -Алматы, 1985. -185-193 б.
Жарияланған-2021-05-04 13:50:27 Қаралды-18020
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина