БАТЫС СІБІР ЖАЗЫҒЫ
Қазақстанның азғана қиыр солтүстік бөлігін Батыс Сібір жазығы алып жатыр. Ол оңтүстігінде көтеріңкі Сарыарқа жазығымен шектескен. Батысы Орал сырты үстіртіне дейін, шығысы Алтай тауына дейін ені 200-250 км, Ертіс бойында 300 км-ге дейін, 1400 км ұзындықта жіңішке белдеу түрінде созылып жатыр. Территория батысында Орал тауы, шығысында Алтай тауымен қоршалып, солтүстіктен оңтүстікке қарай ашық болуы оның климатының, табиғат кешенінің ерекшелігін анықтайды.
Батыс Сібір жазығының орманды дала және дала зоналары түгелдей дерлік Қазақстан жерінде жатыр.
ЖЕР БЕДЕРІ, ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРЫ
Қазақстан жеріндегі Батыс Сібір жазығының жер бедері біркелкі. Онда биік төбелер мен қыраттар кездеспейді. Жазықтың абсолюттік биіктігі оңтүстігінде 180 м-ден солтүстігінде 120 м дейін аласарады. Тек кей жерде солтүстік-шығыс бағытта аласа жалдар немесе жондар бар. Олардың арасындағы жайпақ ойыстарда ұсақ көлдер тізбегі байқалады.
Жер бедерінің түзілуіне негізінен эрозиялық, денудациялық және суффозиялық-карстық процестер әсер етеді. Тереңдік эрозия онша қарқынды болмағанмен өзен аңғарлары едәуір терең (10-20 м) және кең. Мысалы, Ертіс аңғарында тек жайылманың ені бірнеше километрге жетеді. Ағыс бойымен төмен қарай өзен аңғарлары таязданып, жайылма да тарыла бастайды. Есіл өңірінде, әсіресе, Құлынды мен Ертіс өңірінде солтүстік-шығыстан оңтүстік-батыс бағытта созылып жатқан жалды-қолатты түрлері кең тараған. Жалдардың ұзындығы бірнеше жүздеген метрден 20-25 км дейін созылады, ал ені кей жерлерінде 1-1,5 км, биіктігі 10-15 м-ге дейін көтеріліп, өзінше жалды-қолатты ландшафт түзеді. Жалдар палеоген және неоген шөгінділерін жауып жатқан саздақ және құмайтты төрттік жыныстардан түзілген. Жалдардың тегі төрттік мұздықтардың еріген суы әрекетімен байланысты.
Мұнда суффозиялық-карстық процеспен байлйнысты тереңдігі 30-60 м, ені 10 км-дей ұзынша тұйық ойыстар, тереңдігі 10-20 м, ені 5-7 км ағынсыз қазаншұңқырлар және әр түрлі мөлшерде табақша тәрізді ойпаңдар көптеп кездеседі. Олар өзенаралық жазықтарда және өзен террасаларында орналасқан. Көлдердің жиі кездесуі де жер бедерінің осы түрлерімен байланысты. Табақша тәрізді ойпаңдардағы көлдер жазға қарай суалып, сорға айналады.
Батыс Сібір жазығы мезозой мен кайнозойда шөгу-көтерілу процесінде эпигерциндік плита үстінде қалыптасқан монолиттік құрылым болып есептеледі. Қазақстан жерінде эпигерциндік плита әр түрлі тереңдікте жатыр. Егер Торғай маңында ол шамамен 300 м тереңдікте болса, Петропавл қаласының маңында 700 м-ге дейін төмендейді. Негізі юра, бор және палеоген саз, құм шөгінділерінен түзілген. Неогеннің ортасынан бері қарай Батыс Сібірдің оңтүстігі көтеріле бастайды. Сол кездің өзінде теңіз суы қайтып, Қазақстан жеріндегі Батыс Сібір континенттік жағдайда дами бастайды да, қазіргі табиғат кешендерінің қалыптасуына негіз болады.
Батыс Сібір жазығының Қазақстан жерінде рудалы, рудасыз және құрылыс материалдары баршылық.
Республикада барланған темір қорының 85%-тен астамы Торғай темір рудалы бассейнінде. Бұлар - карбонның вулканогендік шөгінді жыныстары және жоғары палеозойдың гранодиорит-диорит интрузияларының жапсарында орналасқан Соколов-Сарыбай, Қашар кеніштері. Бұл рудада тек темір емес, күкірт, фосфор, сондай-ақ титан, марганец, ванадий, мыс, мырыш, кобальт және басқа бөліп алуға жарамды элементтер бар. Платформаның теңіздік және континенттік шөгінділерінде Әйет, Лисаков қоңыр көмір, тас кендері жатады. Әсіресе жоғарғы бор шөгінділеріндегі Әйет темір кенінің қоры орасан мол. Мезокайнозой шөгінділерімен байланысты хромит, боксит, никель, кобальт және басқа кендер де бар. Әр түрлі құнды құрылыс материалдары да көптеп кездеседі.
Климаты. Қазақстан жерінде Батыс Сібір климаты шұғыл континенттігімен көзге түседі. Ол географиялық орнымен және жер бедерімен байланысты. Қыста солтүстіктен арктикалық ауа массасының, ал жазда Орта Азиядан келетін құрғақ континенттік ауа массасының еркін енуімен анықталады. Сол сияқты қыста Сібір антициклонының әсері күшті байқалады. Сондықтан атмосфералық жауын-шашынның (350 мм шамасында) 60%-ке жуығы жаз айларында түседі.
Жазы біршама ыстық, шілденің орташа температурасы 4-18-20° аралығында байқалады. Ал қыс едәуір суық және созылмалы, қалың қарлы болып келеді. Қаңтардың орташа температурасы -17°-19° шамасында. Бірақ, -30°-35° аязды күндер жиі болады. Қыста континенттік арктикалық ауаның енуімен байланысты аязды күндер әдетте үскірікті және бұрқасынды болып келеді. Ал жазда Орта Азиядан келетін ыстық, әрі құрғақ ауа атмосфералық қуаңшылықтың орнауына себеп болады.
Температура амплитудасының көптігіне қарамастан, жылу мен ылғалдың мөлшері жағынан бұл өңір дәнді және кейбір техникалық дақылдарды өндіруге қолайлы. Мұнда 10°-тан жоғары температура жиынтығы 1900-2100°-қа жетеді, ал өсіп-өну маусымы 160-170 күнге дейін созылады.
Өзендері мен көлдері. Батыс Сібірдің Қазақстан жеріндегі өзен торабынан Тобыл мен Есіл ағып шығады және Ертіс өзені ағып өтеді. Бұлардан басқа тұйық көлдерге құятын немесе сағасыз, жазға қарай өз араналарында тартылып қалатын Шағалалы, Сілеті, Шідерті тағы сол сияқты бір қатар ұсақ өзендер кездеседі. Бұлардың барлығы дерлік (Ертістен басқасы) қар суынан қоректенетіндіктен (90%), көктемде тасиды. Мысалы, Есіл өзені тасыған кезде оның деңгейі 5 м-ден 10 м-ге дейін көтеріліп, 8-10 километрлік жайылмасы су астында қалады. Судың арнасынан шығып кетуі де болып тұрады. Мұнда көлдер де көп. Олардың ішіндегі ірілері Құсмұрын, Шағалалытеңіз, Сілетітеңіз, Теке және Қызылқан. Бұлардың ішінде Шағалалатеңізден басқасы және толып жатқан ұсақ көлдердің көбісі ащы болып саналады. Жер асты суының қоры да мол. Судың қай түрінің болмасын қолданылуы нашар. Келешекте егістікті және көкөністі жерлерді суландыру мақсатымен Есіл өзенінің бойында бірнеше бөгендер тұрғызу көзделіп отыр.
Табиғат зоналарының кешендері. Батыс Сібір жазығында орманды дала және далалық зона табиғат кешендері қалыптасқан. Қазақстанның орманды дала зонасы Қостанай, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тараған. Орыс жазығына қарағанда мұнда орманды дала солтүстікке ығысқан. Жер бедері тегіс жазық. Көбісі көлге айналған қазан- шұңқырлар мен ойпаңдар көптеп кездеседі. Олар бұл өңірде суффозиялық-карстық процесс кезінде күшті болған. Жер бедерінің жалды-қолатты эрозиялық түрлері де кең тараған. Жер бетінің шамалы тілімденуімен байланысты түрлі химиялық құрамды және жоғары минералданған жер асты суы онша терең орналаспаған. Тұзданған палеоген-неоген шөгінділері де жер бетіне жақын жатыр. Тұзданған топырақ түзуші жыныстар мен грунт суы мұнда сор, сораңды, қара топырақтың, кәдімгі орманды дала топырағының қалыптасуына себеп болды.
Орманды дала зонасының өсімдік жамылғысы, Қазақстан жерінде өз ерекшеліктерімен сипатталады. Мұнда орман шоқтарының ауданы кішілеу, далалық түрлері басым. Сондықтан құрғаққа төзімді түрлі шөптесін өсімдіктер нашар қордаланған қара топырақта дамыған. Далалық өсімдіктерден кең тарағандары қызғылт сабақты боз, жұмыр түпті бетеге, бұралған жер сабақты бидайық және т. б. Шалғын қарабас пен қылтықсыз арпабас та кең тараған. Бұлармен аралас ашық-жасыл шатыр гүлді сәбізшөп және басқа жұпар иісті гүлдер өседі. Сары гүлді беде мен көк түсті бұршақ тұқымдастары кездеседі. Орман шоқтары негізінен қайың мен көктеректен түзілген. Жалпы Қазақстан жеріндегі орман шоқтары қайың ағаштарының басымдылығымен ерекшеленеді.
Табиғатының қолайлы болуына байланысты орман ағаштары өзен аңғарларының бойымен оңтүстікке қарай созыла таралған. Тобыл және басқа өзендерінің аңғарларынан шоқ-шоқ қарағай аралас қайың орманды кездестіруге болады. Жазықтағы көлдерді қоршаған орман ағаштары табиғат көріністерін ерекше бейнелейді. Табиғаты сымбатты әрі көркем аудандарда санаторийлер мен демалыс үйлері бар. Орманды дала аралық (өтпе) зона болғандықтан, орман шоқтары далалық алаңдар және ащы көлдермен кезектесіп отыратындықтан, мұнда орман мен дала зонасы жануарларының өкілдері мекендейді. Мұнда тундра жануарларының түрлері де кездеседі. Мысалы, тундра ақ кекілігін тек орманды далада емес, Қазақстан жерінде 51° с. е. дейін дала зонасынан кездестіруге болады. Сол сияқты таймырлық тундраға тән өгіз шағала да кездеседі.
Сүтқоректілерден кемірушілер кең тараған. Атап айтқанда, сұртышқан, дала ала қоржыны, жер қояны (қосаяқтардың ішіндегі ең ірісі), жоңғар аламаны, қызыл жақ сарышұнақ сияқты тұрақты жануарлары бар. Жыртқыштардан кең тарағаны қасқыр, түлкі және дала күзені. Бұл жерден тайганың байырғы түрлері сасық күзен мен ақ тышқандарды да кездестіруге болады.
Батыс Сібір орманды дала және дала зонасының жануарлар дүниесі құрамының шығыс европалық орманды дала және дала жануарлар дүниесімен ұқсастықтарын байқауға болады. Дегенмен, Батыс Сібір жануарлар дүниесінің жағдайларымен байданысты өзгешелілігі де бар.
Егер өткен ғасырларда Тобыл, Есіл және Ертіс өзендері аңғарларында құндыз кеңінен мекендесе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Көкшетау облыстары жерінен аюды кездестіру мүмкін болса, қазіргі кезде олар жоқ. Соңғы жылдары солтүстік орманнан бұландар мен Сібір еліктерінің мекен ауыстырғандығы байқалады. Өзен аңғарларында және көл маңдарында Америкадан алып келген ондатра жақсы жерсініп, қазіргі кезде кең тарап, кәсіптік маңызға ие болып отыр. Орманды дала құстарының ішінде кәдімгі сары торғай, мысық торғай, шұбар шымшық сияқты европалық түрлер де кездеседі. Қайыңды орман шоқтарында ақ құр, сұр құр, ақ тұмсық қарға, тоқылдақ, сұңқар, күйкентай және басқалары ұялайды. Ашық жерлер мен орман шеттерінде бұлдырық, шәукілдек, бөдене, безгелдек пен дуадақ, сымбатты тырна мен бүркіт мекендейді. Қысқа қарай құр, сұр және ақ кекіліктер көптеп кездеседі. Көл жағалауларындағы көптеген шөптесін өсімдіктер мен аралас қалың нулары суда жүзетін құстар үшін ерекше экологиялық жағдай туғызады. Ірілі-ұсақты көлдерде шағалалар, түрлі аққулар, үйректер кездеседі. Ал төмпешіктер мен қияқ арасында кезқұйрық тәріздес сұр тырналар, қамыс құладыны мекендейді.
Батыс Сібірдің далалық зонасы Сарыарқаның солтүстік етегімен шектесіп, Торғайдан Семейге дейін созылып жатыр. Жер бедері тегіс, кей жерлерінде белесті, үлкенді-кішілі ойысты ойпаңдар. Палеоген және неоген шөгінділері лёсс тәрізді саздақ алювийлік және көлдік неоген шөгінділерімен көмкерілген. Шығыс бөлігінде жалды-қолатты формалар тараған. Өзен торы сирек, өзен аңғарлары да онша терең емес. Қолаттардың кейбіреулері тізбекті көлдерге айналған. Кішкене өзендер мен ұсак, көлдердің көбісінің жазға қарай деңгейлері күрт төмендейді, тіпті кейбіреулері суалып қалады.
Топырақ жамылғысында оңтүстік қара топырақ пен лёсс тәріздес саздық үстінде дамыған қоңыр күрең топырақ басым. Өсімдік жамылғысы түрлі шөптесінді-бозды және боздыбетегелі топтардан түзілген. Өзен аңғарларындағы аллювийлі сор және сортаң топырақта сор шөп, ылғал қалағыш түрлі шөптесін аралас қалың қамыс өседі. Қолаттар бойымен және қырқа арасындағы ойпаңдарда қарағай шоқтары, кей жерлерінде қайың және тал аралас қарағайлы ормандар кездеседі.
Орманды даланың жарамды жерлері мен дала зонасы түгелдей дерлік егістікке пайдаланылады.
Табиғат ресурстары. Қазақстан жерінде Батыс Сібір жазығы табиғат ресурстарына бай. Жоғарыда көрсетілген темір, түсті металл және көмір сияқты басқа да табиғат ресурстары баршылық. Ағаш ресурстары да кездеседі. Құнарлы топырағы мол астық алуға мүмкіндік береді. Көптеген көлдер балық шаруашылығын дамытумен бірге құс шаруашылығын ұйымдастырып, мол өнім алуға қолайлы жағдай жасайды.
Наурызым қорығы 1931 жылы Қостанай облысының Наурызым ауданында ұйымдастырылған. Ол 100 мың га жерді алып жатыр. Жер бедері ойпатты, абсолюттік биіктігі 150-100 м аралығында. Мұнда жағалаулары қарағай шоқтарымен көмкерілген көлдер көп-ақ. Наурызым қарағай шоғы да осы қорықтың ішінде.
Қорық негізінен құс мекені болып есептеледі. Мұнда тіркелген құстардың түрлері 150-ден асады, олардың негізгілері бірқазан, шағала және т. б. Көктемде жыл құстарының қай- тып оралуы қорықты әсем табиғат көркіне айналдырады.
Жарияланған-2021-04-22 16:02:32 Қаралды-15901
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина