И.В.МИЧУРИННІҢ ЕҢБЕКТЕРІ. ӨСІМДІКТЕР СЕЛЕКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ
И. В. Мичурин және оның еңбектері. Аса көрнекті орыс ғалымы және селекционері Иван Владимирович Мичурин жеміс ағаштары мен басқа да мәдени өсімдіктердің жаңа сорттарын шығару ісіне 60 жыл қажырлы еңбек сіңірді. Алғашқы жұмысын ол өткен ғасырдың 70-жылдарында бұрынғы Тамбов губерниясына қарасты Козлов (қазіргі Мичуринск) қаласының шағын тәлімбағында бастаған еді.
И.В. Мичурин мұндай үлкен табыстар жеткізген әдістер мен көзқарастарға бірден келген жоқ. Өз жұмысының бастапқы кезеңінде ол оңтүстік сорттарын қысы суық, қатаң болып келетін Тамбов губерниясының климатына жерсіндіруге арналған тәжірибелерге көп күш жұмсады. Бірақ оның бұл әрекеттері сәтсіз болып шықты. Оңтүстіктен әкелінген сорттар қыста үсіп кетті. Қарапайым жерсіндіру әдісінің нәтижесіздігіне көзі жеткен И. В. Мичурин енді селекцияның жаңа әдістерін жасауға кірісті.
И. В. Мичурин еңбектерінің негізінде үш әдістің: гибридтендіру, сұрыптау және дамып келе жатқан гибридтерге (оларды қажетті бағытта «тәрбиелеу») орта жағдайларымен әсер етудің жиынтығы жатады.
И. В. Мичурин гибридтендіру үшін ата-енелік формаларды таңдап алу мәселесіне көп көңіл бөлді. Ол аязға төзімді жергілікті сорттарды оңтүстіктен әкелінген ең жақсы сорттармен будандастырды; шыққан екпе көшетті мұқият сұрыптап, оларды құнарлы топыраққа отырғызбай, мейлінше қатаң жағдайда ұстады. И. В. Мичурин гибридтердің даму кезінде доминантты белгілерді басқаруға болатынын көрсетті. Сыртқы факторлардың доминанттауға әсер етуі гибрид дамуының бастапқы кезеңдерінде ғана тиімді болады. Осы әдістермен алынған сорттардың қатарына, мысалы, Антоновка мен Ананас ранетінің оңтүстік сорттарын гибридтендіру нәтижесінде алынған Славянка алма ағашы жатады.
И. В. Мичурин гибридтендіру жүргізілетін жерде өспейтін, географиялық жағынан бір-бірінен шалғай жатқан формаларды будандастыруда ерекше назар аударған. Осы жолмен И. В. Мичурин жеміс ағаштарының бірқатар сорттарын шығарды. Бұлардың қатарына сібірлік қытай алма ағашы мен америкалық сары Бельфлер сорттарын гибридтендіру арқылы алынған Бельфлер-китайка алма ағашы жатады. Қытай алмасы суыққа төзімді, дертке шалдықпайды, ал Бельфлердің жемісі өте дәмді болып келеді. Көпшілікке әйгілі сорт Мичурин қыстық Бере алмұрты жабайы Уссурий алмұрты мен Оңтүстік Францияның Бере рояль сортын гибридтендіру арқылы алынған.
И. В. Мичурин жасап шығарған «тәрбиелеу» методтарының ішіндегі ментор әдісін атап өткен жөн. Оның мәні - телінуші мен телітушінің әсерінен дамып келе жатқан гибридтің қасиеттері өзгеріп отырады. Мичурин бұл әдісті екі нұсқада қолданды. Біріншісінде гибридтік сеппе көшет телінуші ретінде жеміс беріп тұрған өсімдікке (телітушіге) ұластырылды, мұндағы мақсат - гибридтің қасиетін қажетті бағытта өзгерту еді. Екінші жағдайда телітуші ретінде алынған жас гибрид көшеттің бөрікбасына қажетті қасиеттерін бермек болған сорттың қалемшесін әкеліп ұластырады.
Мысалы, ментор әдісін И. В. Мичурин алма ағашының Бельфлер-китайка деген сортын шығаруда қолданды. Гибридтің бірінші жылғы жемістері ұсақ, қышқыл болып шыққан. Гибридтің дамуын қажетті бағытта өзгерту үшін, жас ағаштардың бөрікбасына Бельфлердің қалемшелері ұластырылды. Осының әсерінен бұдан былай гибридте Бельфлер дәмінің жақсы қасиеттері қалыптаса бастады. Ментордың тигізетін әсерін гибридтің даму процесіндегі доминантты қасиеттердің өзгеруі ретінде қарастырған жөн. Бұл жағдайда ментор Бельфлер сортынан алынған гендердің фенотиптік өзгеруіне (доминанттығына) себепші болды, ол мұнда гибридтің генотипін өзгерткен жоқ.
И. В. Мичурин өз еңбектерінде әріден гибридтеуді - әр түрге тіпті әр туыстарға жататын особьтарды будандастыра отырып, қарабүлдірген мен таңқурайдың, алхоры мен шомырттың, шетен мен сібір доланасының және басқа да өсімдіктердің гибридтерін алуды қолданды.
И. В. Мичурин шығарған сорттардың көпшілігі күрделі гетерозиготалар болып саналады. Сорттардың сапаларын сақтап қалу үшін оларды сұлатпа өркен, ұластыру, т. с. с. вегетативтік жолмен көбейтеді.
Совет селекциясының соңғы жылдардағы жетістіктері. Селекциялық жұмыстың халық шаруашылығында маңызы орасан зор. Аз өнім беретін сортты мол өнім беретін селекциялық сорттармен алмастыру түсімділікті молайтудың негізгі жолы болып есептеледі. Қазіргі кезде елімізде және шетелдерде селекциялық-генетикалық жұмыстар қарқынды дамудың арқасында тамаша нәтижеге жетуде. Былайша айтқанда «жасыл революция» жүргізілуде.
Негізгі ауылшаруашылық дақылдары селекциясының соңғы жылдарда жеткен жетістіктерінің бірнеше мысалдарымен танысып көрелік.
Бидай Совет Одағы үшін негізгі дәнді дақыл болып табылады. Академик П. П. Лукьяненко СССР мен басқа елдердің миллиондаған гектар жерін алып жатқан жоғары түсімді күздік бидайдың бірқатар сорттарын шығарды. Олардың ішінде 1 га жерден 50 ц-ге дейін түсім беретін Безостая 1 сорты ерекше әйгілі. Бидай селекциясы саласындағы жұмыс одан әрі жүргізілуде, түсімділігі 1 га-дан 100 ц-ге жуық болатын (Аврора, Кавказ) жаңа сорттар шығарылды. Түсімі жоғары сорт шығаруда академик В. В. Ремесло да біраз табыстарға жетті, мысалы оның Мироновская 264, Мироновская 808 және т. б. сорттары белгілі.
Соңғы 30 жыл ішінде күздік бидай сорттарының түсімділігі 1 га-дан 25 ц-ден 65 ц-ге дейін, яғни 2,5 есеге дейін артты. Миронов селекциялық тәжірибе станциясында шығарылған Ильичевка деп аталатын жоғары түсімді күздік бидай сортын атауға болады. Бұл сорт 1974 жылы Украинаның 15 облысына аудандастырылды. Жоғары агротехниканы қолданып, суаруда ол 1 га-дан 100 ц-ге түсім береді.
Мироновская 808 сортын өсірудің арқасында тоғызыншы бесжылдықта құны 800 млн. сомға жеткен 10,3 млн. т. қосымша астық алынғаны есептеп шығарылды. Міне, мол түсімді жаңа сорттардың халық шаруашылығында берер межесі осы!
Академик Н. В. Цициннің басшылығымен бидай мен бидайықты түраралық гибридтендіру жұмысының негізінде шығарылған бидайдың көпжылдық сорттарының келешегі өте зор. Олар - мол түсімді, құрғақшылыққа төзімді, -35°С-ге дейінгі аязға шыдайды.
Жаздық бидай сорттарын шығару саласында да зор табыстар бар. Әсіресе А. П. Шехурдин мен В. Н. Мамонтованың шығарған түсімі жоғары, әрі сапалы ұн беретін Саратовская 29 сорты ерекше бағаланады. Күнбағыс селекциясы жөнінде академик В. С. Пустовойт тамаша табыстарға жетті. Күнбағыстың ең жақсы деген сорттарының майлылығы осыдан 20-25 жыл бұрын 32-33%-тен аспаушы еді. Қазіргі кезде күнбағыс дәндерінің орташа майлылығы 49-50%-ке дейін жетті. Бұл СССР көлемінде қосымша мыңдаған тонна өсімдік майын алуға мүмкіндік берді.
Совет селекционерлерінің басқа да ауылшаруашылық дақылдарын шығару саласында қол жеткен табыстары орасан зор. Соңғы жылдарда қант қызылшасының қанттылығы мен түсімділігі күрт артты. Бұл дақылдың селекциясында полиплоидия (А. Н. Лутков пен В. П. Зосимовичтің еңбектері) басты роль атқарды. Өздігінен тозаңданатын гомозиготалы линияны одан әрі гибридтендіру (М. И. Хаджинов) нәтижесінде жүгері селекциясында да едәуір табыстарға қол жетті. Жеміс-жидек дақылдары жөнінде едәуір селекциялық жұмыстар атқарылуда.
Украинада (суармалы егіншілік Институтында) жоңышқаның мол түсімді сорты шығарылды. Ол бір вегетациялық маусымда 7-8 рет шабылу арқылы көк балаусадан мол түсім береді.
Әртүрлі техникалық дақылдар селекциясында маңызды нәтижелерге қол жетті. Мәселен, Өзбекстанда шығарылған мақтаның АН-402 деген жіңішке талшықты сортының түсімі жоғары, саңырауқұлақ туғызатын ауруларға, сондай-ақ ылғал тапшылығына төзімді.
Генетика мен селекция мәдени өсімдіктер түсімділігін арттыру мүмкіндігін әлі де толық пайдалана алған жоқ. Бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізілуде және таяу жылдарда одан зор табыстар күтуге болады.
Әдебиет: Жалпы биология. Алматы, 1991. -Б.36-38.
Жарияланған-2020-11-12 17:44:03 Қаралды-1520
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина