Суқойма мен еменді ормандардың биогеоценоз үлгісі екені
Тұщы суқойма биогеоценозы. Кез келген табиғи суқойма, мысалы көл немесе тоған, ондағы өсімдік және жануарлармен қоса өзінше жеке биогеоценоз құрады. Бұл табиғи жүйенің басқа биогеоценоздар тәрізді өздігінен реттелу және ұдайы жаңадан пайда болу қабілеттілігі бар.
Суқоймада тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлар біркелкі таралмаған. Әр түр өздері көбірек бейімделген жерлерде тіршілік етеді. Су жағалауындағы аймақтарда тіршілік етуге түрлі және қолайлы жағдайлар бар. Мұнда су жылырақ, оны күн сәулесі жылытады. Онда оттегі де көбірек болады. Су түбіне дейін жететін күн сәулесі көптеген жоғары сатыдағы өсімдіктердің өсуіне жағдай туғызады. Мұнда ұсақ балдырлар да өте көп. Су жағалауындағы аймақта көптеген жануарлар мекен етеді. Бұлардың кейбіреулері су өсімдіктерінде тіршілік етуге бейімделген, екінші біреулері (балықтар, жыртқыш жүзгіш қоңыздар және су қандалалары) - су ішінде еркін жүзіп жүреді. Көптеген организмдер інжуір, айқұлақ, кейбір бунақденелілер - құндақтылардың инеліктердің, біркүндіктердің личинкалары, бірқатар құрттар және т. б. су түбінде мекендейді. Судың жұқа беткі қабатының өзінде арнайы бейімделген түрлер тіршілік етеді. Баяу ағатын су иірімдерінен су бетінде жүгірігі жүретін жыртқыш, су қандалалары - суаршындарды және тез жүзетін айналма қоңыздарды көруге болады. Қоректің молдығы және басқа да қолайлы жағдайлар су жағалауы аймағына балықтарды үйір етеді.
Суқойманың күн сәулесі нашар өтетін терең учаскелерінде тіршілік аз және біркелкі болады. Мұнда фотосинтез жүретін өсімдіктер тіршілік ете алмайды. Судың төменгі қабаты баяу араласатындықтан, салқын болып келеді.. Мұнда оттегі аз болады.
Суқойманың ашық учаскесіндегі су қабаттарында ерекше жағдай туады. Мұнда көптеген ұсақ өсімдіктер мен жануарлартіршілік етеді, олар көбінесе судың жақсы жылынатын, жарық мол түсетін беткі қабатында кездеседі. Мұнда әртүрлі ұсақ балдырлар өседі, балдырлар мен бактерияларды көптеген қарапайымдар - инфузориялар, зымырақтар мен шаянтәрізділер қорек етеді. Осындай өте ұсақ, суда баяу қозғалып жүретін организмдер жиынтығы планктон деп аталады. Суқойманың зат айналымында және ондағы тіршілікте планктонның маңызы зор.
Қоректік байланыстар тоған биогеоценозының тұрақтылығы. Суқойма организмдері ненің есебінен тіршілік ететінін және ол жүйе қалай сақталатынын қарастыралық. Қоректену тізбегі бірнеше жүйелі буыннан құралған. Мысалы, өсімдік қалдықтары және сол қалдықтарда дамитын бактериялар, қарапайымдарға жем болады, ал оларды ұсақ су шаяндары жейді. Ұсақ су шаяндарын балықтар қорек етеді, ал оларды жыртқыш балықтардың жеуі мүмкін. Түрлердің барлығы дерлік қоректің бір ғана түрімен қоректенбей, әртүрлі қорек заттарын пайдаланады. Қоректік тізбек өте күрделі араласқан. Бұдан мынадай маңызды қорытынды шығаруға болады: егер биогеоценоздың әлдебір мүшесі болмай қалса, жүйе бұзылмайды, өйткені қоректің басқа көзі пайдаланылады. Неғұрлым түрлер алуан түрлі болса, ол соғұрлым тұрақты болады.
Экологиялық жүйенің көпшілігіндегідей, су биогеоңенозында бастапқы энергия көзі - күн сәулесі, соның есебінен өсімдік органикалық заттарды синтездейді. Суқоймада тіршілік ететін барлық жануарлар биомассасы, сірә түгелдей дерлік өсімдіктердің биологиялық өнімділігіне байланысты болса керек.
Табиғи суқойма өнімділігінің аз болуының бір себебі - автотрофты өсімдіктердің өсуіне қажетті минералды заттардың (әсіресе, азот пен фосфордың) жетіспеуі немесе судағы қышқылдық ортаның қолайсыздығы. Минералды тыңайтқыштарды шашу, орта қышқыл болса, суқойманы әктеу арқылы балықтардың азығы болатын жануарлар қорегі - өсімдіктер планктонын көбейтуге болады. Осындай жолмен балық шаруашылығы тоғанының өнімділігін тез арттыруға болады.
Жалпақ жапырақты орман биогеоценозы. Құрлық биогеоценоздарының ішіндегі ең күрделілерінің бірі - жалпақ жапырақты орман, мысалы, еменді орман болып табылады. Еменді орман - сыртқы орта жағдайы өзгермесе, ғасырлар бойы өзгеріссіз қала беретін өте жақсы қалыптасқан және тұрақты экологиялық жүйе. Еменді орман биогеоценозында жүзден артық өсімдік және бірнеше мыңдаған жануарлар түрлері болады.
Еменді орман өсімдіктері құрлық биогеоценозында негізгі биологиялық өнімдерді жоғары сатыдағы өсімдіктер түзеді. Орманда олар негізінен көпжылдық ағаш тұқымдарынан құралады.
Жапырақты орманға тән белгі - өсімдіктер түрлерінің алуан түрлілігі. Орманда өсімдіктер арасында негізгі тіршілік жағдайлары: кеңістік, жарық, еріген минералды тұздары бар су үшін күшті бәсеке туады. Ұзаққа созылған табиғи сұрыпталудың нәтижесінде еменді орман өсімдіктерінде бірнеше түрлердің бірігіп тіршілік етуіне мүмкіндік беретін бейімділік қалыптаскан. Бұл еменді орман өсімдіктерінің ярусты болып өсуінен айқын көрінеді.
Неғұрлым жарық қалайтын ағаштар - емен, шаған, жөке жоғары ярусты түзеді. Бұдан төмен, жоғарыда аталған ағаштармен бірге өсетін, оларға қарағанда жарықты онша қаламайтын - үйеңкі, алма, алмұрт және т. б. ағаштар өседі. Одан да төмен орманжаңғақ, бересклет, жестер, шәңгіш секілді әртүрлі бұталардан тұратын шілікті ярус өседі. Ең соңында жер бетінде шөптесін өсімдіктер ярусы өседі. Ярус неғұрлым төмен болған сайын, оны түзетін өсімдіктер соғұрлым көлеңкеге төзімді келеді.
Тамыр жүйелерінің орналасуында да ярустылық байқалады. Жоғары ярус ағаштарының тамырлары өте тереңге кетеді және топырақтың терең қабатындағы су мен минералды заттарды пайдалана алады.
Еменді орманның биологиялық өнімділігі жоғары. Ол күрделі көпярусты болғандықтан, оның әрбір гектарында өсетін өсімдіктер жапырақтарының жалпы ауданы 4-6 гектарға жетеді. Осындай қуатты фотосинтездік аппарат бір жыл ішінде келіп түскен күн радиациясының 1%-ке жуығын өзіне сіңіріп, пайда болған органикалық заттың потенциалдық энергиясынаайналдырады. Күн радиациясы орта ендіктерде гектарына 3,8Х107 кДж шамасында болады. Синтезделген заттың жартысына жуығын өсімдіктер тынысалу кезінде пайдаланады. Өсімдіктердің жер үстіндегі бөліктерінде органикалық зат ретінде жиналған таза өнімнің жылдық мөлшері гектарына 5-6 т-ға жетеді. Бұған өсімдіктің жер астындағы бөліктерінің қосымша түсімі жыл сайын 3-4 т шамасында болатынын да қосу керек.
Еменді орманның қоректену тізбегі. Қорек ретінде пайдаланылатын орасан көп мөлшерде органикалық заттар түзетін өсімдіктер әлемінің түр байлығы мен көптігі еменді ормандарда оларды қорек етуші қарапайым жәндіктерден бастап, жоғары сатыдағы омыртқалыларға дейінгі жануарлар -құстар мен сүткоректілердің өсіп дамуына себепші болады.
Сүтқоректілердің ішінен қоректік тізбекті өсімдікқоректі тышқантәрізді кемірушілер мен қояндар, сол сияқты тұяқтылар құраса, олардың өздерін аққалақ, ақкіс, сусар, түлкі, қасқыр сияқты жыртқыштар қорек етеді. Омыртқалылардың барлық түрлері де әртүрлі сыртқы паразиттер, негізінен бунақденелілер мен кенелер, сол сияқты ішкі паразиттер - жалпақ және жұмыр құрттар, қарапайымдар, бактериялардың мекен ортасы және қорек көзі болып есептеледі.
Ормандағы қоректік тізбектер күрделі қоректену торымен шырмалып жатады, сондықтан да жануарлардың қандай да болмасын бір түрінің жойылып кетуінен бүкіл жүйе айтарлықтай бұзыла қоймайды. Биогеоценоздағы жануарлар топтарының әр түрінің маңызы бірдей емес. Мысалы, біздің еменді ормандарымыздың көпшілігінде зубр, бұғы, елік, бұлан сияқты барлық ірі өсімдік қоректі тұяқтылардың жойылып кетуі жалпы экологиялық жүйеге онша әсер еткен жоқ, өйткені олардың саны, қала берді, биомассасы еш уақытта да көп болған емес және жалпы зат айналымында айтарлықтай роль атқарған жоқ. Ал егер өсімдікпен қоректенетін бунақденелілерді құртып жіберсек, одан келетін зиян көп болар еді, өйткені биогеоценозда бунақденелілер тозаңдандырғыш ретінде көп қызмет атқарады, олар түскен жапырақтар мен басқа да қалдықтарды шірітуге қатысады және қоректік тізбектердің кейінгі көптеген буындарының тіршілік етуіне негіз болады.
Орман биогеоценозындағы өздігінен реттелу. Еменді ормандағы өздігінен реттелу процесінің мәні мынада: орманның алуан түрлі мекендеушілері бірін-бірі толық жоймай, тек түрлердің әрқайсысындағы особьтар санын белгілі деңгейде шектеп қана бірлесіп тіршілік етеді. Орман тіршілігіндегі осындай реттелудің қаншалықты маңызды екенін төменгі мысалдан көруге болады. Емен жапырағын бунақденелілердің жүздеген түрлері қорек етеді, бірақ әдеттегі жағдайда әрбір түрге жататын особьтар санының аздығы сондай, олардың бәрі біріксе де ағаш пен орманға айтарлықтай зиян келтіре алмайды. Сонымен қатар барлық бунақденелілер өте өсімтал келеді. Бір ұрғашыбунақденелілердің 100-ден кем жұмыртка салуы өте сирек кездеседі. Олардың көптеген түрлері бір жазда 2-3 рет ұрпақ бере алады. Демек, шектеуші факторлар болмаған жағдайда бунакденелілердің кез келген түрінің саны өте тез өсе отырып, экологиялык жүйені бұзуға әкеліп соғар еді.
Бакылау нәтижелеріне карағанда ұрпақтардың біразы ауа райының кейбір қолайсыз жағдайлары салдарынан қырылады екен. Бірақ олардың көпшілігін биогеоценоздың басқа мүшелері: жыртқыштар және паразит бунақденелілер, құстар, ауру тудыратын микроорганизмдер жойып жібереді.
Ортаның қолайлы факторларының үйлесіп келуіне байланысты экологиялық жүйенің шектеуші әсері қайткенмен де жеке түрлердің жаппай дамып жетілуін толық тежей алмайды. Дегенмен, осындай жаппай қарқынды көбеюдің соңынан реттеуші факторлар (паразиттер, ауру тудыратын бактериялар және т. б.) күшті біліне бастайды да зиянкестердің санын орта нормаға дейін төмеңдетеді.
Органикалык, калдықтардың минералдануы. Ормандағы түскен жапырақтар, ағаш сүрегі мен жануарлар өлекселерінің жәнеолардың тіршілік әрекетінен пайда болған өнімдердің шіріп, минералдануының маңызы өте зор. Өсімдіктердің жер бетіндегі бөлімдері биомассасының жыл сайын әр гектарға есептегенде – 3-4 тоннасы түсіп, қурайды да орман төсенішін кұрайды. Өсімдіктердін, жер астындағы қураған бөлімдері де едәуір масса түзеді. Түскен қалдықтармен бірге өсімдіктердің қабылдаған минералды заты мен азоттың көп бөлігі топыраққа қайта оралады.
Сурет - Құрлық және су биогеценозы жалпы құрылымын салыстыру:
I - органикалық зат өндіретін өсімдіктер: а - жоғары сатылы өсімдіктер, б - балдырлар, 11 - органикалық зат пайдаланатын жануарлар; а - өсімдік қоректілер, б - етқоректілер, в - аралас азықпен қоректенетіндер.
Жануарлардың қалдықтарын өлексе жегіш қоңыздар, тері жегіштер, өлексежегіш шыбындардың личинкалары мен басқа да бунақденелілер, сондай-ақ шіріткіш бактериялар да тез жойып жібереді. Клетчатка және басқа да өсімдік қалдықтарының едәуір бөлігін құрайтын мықты заттардың шіруі қиынырақ. Бірақ бұлар да арнаулы ферменттері бар саңырауқұлақтар мен бактерияларға, сондай-ақ бірқатар организмдерге қорек болады.
Өсімдік тіршілігін жоя салысымен оның затын бүлдірушілер толық пайдаланады. Биомассаның едәуір бөлігін топырақтағы органикалық заттарды шірітіп, алмастыруда орасан еңбек ететін жауынқұрттар құрайды. Бунақденелілер, сауытты кенелер, құрттар және басқа да омыртқасыздар особьтарының жалпы саны гектарға есептегенде ондаған, тіпті жүздеген милллионға жетеді. Өсімдік қалдықтарын шірітуде бактериялар мен төменгі сатыдағы, сапрофитті саңырауқұлақтардың маңызы зор.
Орман биогеоценозында зат айналымы мен энергия қозғалысы айқын байқалады.
Күн энергиясын пайдаланушы орман биогеоценозы, жалпы алғанда, органикалық шикізаттардың сарқылмас көзі. Сондықтан да орманға деген көп ықылас, оны қорғау, қалпына келтіру және орынды пайдалану сияқты жұмыстардың жүргізілуі өзінен-өзі түсінікті. Орман шаруашылығын экологиялық жүйе ретіндегі ерекшелігін ескере отырып, дұрыс ұйымдастырса, орман массивтерін жоймай, ұзақ уақыт пайдалануға, оның шаруашылыққа бағалы өнімдерін арттыруға мүмкіндік береді.
Жарияланған-2020-11-05 17:39:13 Қаралды-2395
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Қазақстан тарихы
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Тіл ғылымы, Филология
- Философия
- Физика, Химия
- Стандарттау және сертификаттау
- Спорт
- Автоматтандыру
- Аудит
- Ауыл шаруашылығы
- Биотехнология
- Бухгалтерлік есеп
- Журналистика
- Кедендік іс
- Құқық, Қоғам, Криминалистика
- Менеджмент, Маркетинг, Мемлекетті басқару
- Өндіріс, Өнеркәсіп, Құрылыс, Мұнай-газ, Электротехника
- Туризм
- Халықаралық қатынастар
- Экономика, макроэкономика, микроэкономика
- шет тілі
- Ауыл шаруашылық
- Медицина